ӨМІРДАСТАН ӨМІРДАСТАН

ӨМІРДАСТАН

18.03.2021 0 1 532

Байзақ Нысаналиев 1953 жылы қазіргі Түркістан облысының Түлкібас ауданына қарасты Жиынбай ауылында дүниеге келіп, бар саналы ғүмырын осы аудан өңірінде өткізген Байзақ Нысаналиевтың отты... ӨМІРДАСТАН

Байзақ Нысаналиев

1953 жылы қазіргі Түркістан облысының Түлкібас ауданына қарасты Жиынбай ауылында дүниеге келіп, бар саналы ғүмырын осы аудан өңірінде өткізген Байзақ Нысаналиевтың отты жырлары ол дүниеден озғанымен түлкібастықтардың жүрегінен мәңгіге орын алған. Рас, талантты ақын кезінде отбасылық жағдайына байланысты өзі туған ауылдан ұзап кете алмады. Әйтсе де аудандық газетте қызмет атқарып, журналистік қырынан да танылды. Бас редактордың орынбасары қызметін де абыроймен атқарды. Алайда ауылдастары Байзақ Ілиясұлын ақын ретінде таныды. Солай бола тұра өмірден ерте озуына байланысты көп арманы жүзеге аспай қалды. Тіпті «Мәңгілік махаббат» атты жыр жинағы да шәкірті – ақын, әрі діни қызметкер Мұхтар Абсаматовтың құрастыруымен өткен жылы ғана жарық көрді. Біз бүгін талантты ақынның бұрын жарық көрмеген бір топ өлеңдерін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Ұсына отырып: «Ақынның екінші жыр ғұмыры ұзағынан болсын!», — деген тілек қосамыз.

 

МЕН БАҒЫНАМ БАҒЫНСАМ
АР ЗАҢЫНА!

Шөлім қанбай өмірдің бальзамына,
Көз жібердім көңілдің аржағына.
Жақсылықтың жалауын желбіретіп,
Мен бағынам, бағынсам Ар Заңына!

Пасық ойын жасырып, тіл қатпаған,
Жасықтарды, жаным-ау, кім мақтаған?
Керек емес мансаптың орынтағы,
Адалдықтың тұғыры қымбат маған.

Домбыраңның бұзып ап құлақ күйін,
Бір сүрінсең түзелу тым-ақ қиын.
Тірлігіңде татымды іс қылмасаң,
Байлығыңның бағасы бір-ақ тиын.
Алысқа ұзап балалық, бозбала күн,
Біз есейдік арман-сыр қозғап әркім.
Жүйріктігін кім байқар шаршы топта,
Мыңнан дара бөлініп, озбағанның.

Кейбіреулер сезбейді нарқын әннің,
Шарқ ұрармын, от болып шарпылармын.
Боркемік боп босаңдау жаралғам жоқ,
Бермегенін тағдырдың тартып алдым.

Шөлім қанбай өмірдің бальзамына,
Көз жібердім көңілдің ар жағына.
Жүрегімнен жанартау от лаулатып,
Мен бағынам, бағынсам Ар Заңына!

ӨЗІМ ТУРАЛЫ

Жыр-өзенге қосылып, аққан арнам,
Ақын болу мен үшін тәтті-ақ арман.
Бала кезден өлеңді жолдас еттім,
«Абаймын» деп бірақ та мақтана алман.

Ұлы өнердің есігін айқара ашып,
Топты жардым талаймен тайталасып.
Жастығым ба білмеймін, жығылсам да,
Тұрып кеттім аяқты қайта басып.

Жасықпын ба, жоқ әлде асылмын ба,
Төлегенмін, болмаса Қасыммын ба?…
Жұрт берер деп бағасын өлеңімнің,
Жолға шықтым семсер-сөз асындым да.

Ермек қуып, ерігіп босқа алданбай,
Керуен ізбен келемін көштен қалмай.
Ұйқас іздеп ұйқысыз таң аттырсам,
Қамқоршым боп қарсы алар
достар қандай?

Алдымда тұр шығатын мәре-шыңым,
Бұл көңілдің қойсаңшы дәмешілін?!
Кітабы жоқ ақынмын, ал әзірге,
Белгісіздеу сондықтан әлі есімім.

ӨМІР ДАСТАН

Өтіпті-ау қарап тұрсам не күн бастан,
Қашанда ән менен жыр көңілді ашқан.
Баласы Ілиястың, Мен – Байзақпын,
Жазайын өлеңменен өмір-дастан.

Дүние-ай, қу түлкідей бұлданасың,
Жастық шақ еске түссе нұрланасың.
Айтайын кеудемдегі қайғы-мұңды,
Жазайын жүрегімнің мұң-наласын.

Жанады жалын орап арман, іште от,
Артымда атқарылмай қалған іс көп.
Сәби боп дүниеге келген екем,
Бір үйге ең кішкентай алданыш боп.

Алдымда бір ұл менен бір қыз бар-ды,
Солармен мұрат тауын тұрғызғам-ды.
Алайда, жеті жаста шешем өліп,
Жазылмай, жанарымда мұңды із қалды.

Қапыда қайтыс болдың, қайран анам,
Ажалға таба алмады айла балаң.
Отыз жыл іздеп жүрмін өзіңді мен,
Білмеймін қайда барып, қайда қалам?

Болған соң жетімдіктің үйі мекен,
Анасыз сәбилерге қиын екен.
Мен сенің ұмытылмас нұр бейнеңді,
Кеудемде өле-өлгенше түйіп өтем.
Жасымнан бойды билеп, ән-күй ерек,
Өнердің құдіреті алды иелеп.
Қолынан келгенінше жаман-жақсы,
Өсірді әкем байғұс тәрбиелеп.

Жан әке, жүректегі толғанысым,
Өзің ең арқа сүйер қорғанышым.
Қабірде күңіреніп жатырсың ба,
Балаңның табансыздау болғаны үшін.

Арқалап жүрмесе де әкені ешкім,
Мен сенің ұрпағыңмын, жат емеспін.
Қайтейін, перзентіңе кешірім ет,
Өзіңсіз жол таба алмай қателестім.

Балалық балғын кезім, базарым-ай,
Гүл дәурен он сегізім, ажарым-ай!
Атанып ақын бала он төртімде,
Іліндім көпшіліктің назарына-ай.

Соңынан қудым өнер, тәтті елестің,
Сыртымнан сөз қылмады даттап ешкім.
Жамбылдың жырларынан бастау алып,
Абайдың өлеңдерін жаттап өстім.
БАЛА АҚЫН

(Жас өрен, айтыс ақыны, інім –
Мұхтар Абсаматовқа арнаймын!)

Армысың, бала қыран – бала ақыным,
Шашақтап, шаршы топқа салатыным!
Өзіңді өнерге алғаш баптаған ем,
Ағаңның аздап енді ал ақылын.

Сыртыңнан естіп жүрмін дабысыңды,
Өнерде ер жігіттің бағы-сынды.
«Намысын қалың елдің қорғасын» – деп,
Туған жер бір түлегін тағы ұшырды.

Мұхтаржан, саған берер, міне батам,
Ақылшың Сардарбектей ғұлама атаң.
Өңірі Майлыкенттің болған емес,
Айтыскер ақындардан құр алақан.

Достық пен адалдықты дастан еткен,
Белгібай, Қазақбай мен Тастан өткен.
«Ел іші – алтын кеніш» дегендейін,
От ауыз, орақ тілді басқа да өткен.
Солардың салған ізін жалғастырғын,
Қадірін қара өлеңнің алға астырғын.
Биікке мәртебесін көтере біл,
Халықтың қазынасы – ән дәстүрдің.

Бүгінде кешегінің бәрі аңыздай,
Жырыңа арқау болсын даламыз бай.
Алдыңнан түзу, сара жол ашылсын,
Айтыста Біржан сал мен Сара қыздай!

Шабытың шарықтасын тау құйын боп,
Өлеңмен жүректерге ал құйыл кеп.
«Жігітке жеті өнер де аз» – демей ме?
Мен саған бақ тілеймін “Әумин” деп.
ӨМІР – ТЕҢІЗ БАСҚАРАМ
ӨЗ КЕМЕМДІ

Өмір – теңіз, басқарам өз кемемді,
Талай жақсы, жаманды көз де көрді.
Таудай-таудай толқынға қарсы жүздім,
Қайталауға қақым жоқ өзгелерді.

Жайлауынан жастықтың көріп бір ән,
Кем-кетігін өмірдің толықтырам.
Биігінде өнердің ешкім емес,
Байзақ Нысаналиев болып тұрам!

Алыстарға бастаса, арман-арым,
Жетегіне ермеуге бар ма амалым.
Қыран-дала баулыған ақ-сұңқар ем,
Жапалақ боп қалуға арланамын.

Жыр жарыста жүрмеспін көш кейінде,
Бақ тілесе ризамын, дос пейілге.
Жүректерді жұбатып, өлеңіммен,
Туған жердің жатайын төскейінде.
ЖЕР ЖҰМАҒЫ ТҮЛКІБАС

Түлкібастың даласын айт, даласын,
Келбетіне таба алмайсың таласым.
Тамылжыған табиғаттың көркіне,
Қарайсың да, таңдай қағып қаласың.

Түлкібастың белесін айт, белесін,
Беткейінен қырмызы гүл тересің.
Таза ауасын тұла бойға сіңіріп,
Бір ғажайып сұлулыққа енесің.

Түлкібастың алмасын айт, алмасын,
Тілді үйірер бал дәміне бар ма сын?
Алма баққа бөгеп қойған сияқты,
Бұл өмірдің бақыт дейтін арнасын.

Түлкібастың қыздарын айт, қыздарын,
Еңбек етіп, шырқатады түзде әнін.
Ей, жігітім, жасқанбастан жақын кел,
Жар іздесең жарасатын тұз-дәмің.

Түлкібастың жастарын айт, жастарын,
Арман еткен биіктіктің асқарын.
Ер азамат деген атты тік ұстап,
Көтеріп тұр туған жердің аспанын.

Күй кернеген кеудеме орнап бақ-тасқын,
Осы арадан мұраттарға қақпа аштым.
Мына әлемді түгел шарлап шықсам да,
Түлкібастай жер жұмағын таппаспын!
ӨЛЕҢДЕРІМ ӨШІРМЕС
ЕСІМІМДІ

Қателестім, ия, рас, жасырмаймын,
Бақытым боп алдымнан ашылды айдын.
Бір сөз түгіл, сыртымнан мың сөз айтсын,
Күншілдерге бәрібір бас ұрмаймын.

Керек емес атағың, мансабың да,
Жеңілдікті өмірден аңсадым ба?!
Мұқағали сияқты мұқалмастан,
Өмір – өзен, жүземін қарсы ағынға.

Адалдықпен жасаған тойым – бақыт,
Ізгіліктен өзге жоқ ойымда түк.
Байлығына мастанған талайларға,
Өлеңімді жүремін мойындатып.

Өлеңім бар – артымда мұрагерім,
Туған жердің жырлаймын құла белін.
Шаршы топты қақ жарып шыға келсем,
«Перзентім», – деп сүйсініп тұрар елім.

Қызыл тілім қайтпайтын, бәлкім, алмас,
Шаттық болмай, шабыт та қарқын алмас.
Биігімде өзімнің қаламын мен,
Талантымды ешкім де тартып алмас.

Есітсе де өсекшіл кесір үнді,
Ақын жаны шыдайды, кешірімді.
… Мезгі жетпей көз жұмып кетсем егер,
Өлеңдерім өшірмес есімімді.
МЕН БІРГЕМІН ТУҒАН
ЖЕРМЕН ҚАШАН ДА

Мұңданам ба, қуаныштан тасам ба,
Сүрінем бе, сан белестен асам ба?
Кіндігімнің қаны тамған төсінде,
Мен біргемін туған жермен қашан да.

Бұл сөзіме мейлі түсін, түсінбе,
( Ашылмаған сырларым көп ішімде ).
Туған жерге қарыздармын әрдайым,
Азамат боп жүргендігім үшін де.

Өмір шіркін, барады өтіп беу, демде,
Жат әдет жоқ, өштім-біттім деу менде.
Қайда жүрсем демеушім боп өйткені
Туған жерім, сен тұрасың кеудемде.

Туған жерім, туған өлкем – тірегім
Ұланыңның, қыраныңның бірі едім.
Өртің болып, көркің болып өтейін,
Өзіңменен бірге соқсын жүрегім.

Туған жерім, туған далам – тынысым,
Кеңдігіңе теңеу жетпес Ұлысың.
…Бірлігім де, тірлігім де өзіңде,
Туған жерсіз өткен күнім құрысын!

Туған жерім, құт мекенім, мерейлім,
Сені асқар биігіме теңеймін.
Сенің отты құшағыңда жүргенде,
Мен өзімді бақытсызбын демеймін.

Не қылайын таңың болып атпасам,
Бәйгеңе де қосылайын, баптасаң.
Туған жерім, өліп кетсем арман жоқ,
Егер сендік борышымды ақтасам!
МӘҢГІ ӨЗІҢНІҢ ҚАСЫҢДА
БОЛСАМ ДЕЙМІН

Өкіндіріп, өксітіп өткендерім,
Көзден ұшты көгілдір көктемдерім.
Алғаш рет ғашықтың күйін кешіп,
Алғаш рет думаншыл көпке ермедім.
Көңіл-бақта бос қиял түнеп қызық,
Жүрген едім өмірді құр өткізіп,
Сен ғайыптан жолықтың маған еркем,
Тыныш жатқан жүректі дір еткізіп.

Есер ойлар билеп ап ырқымды ерен,
Шараптан да тым шәркез іркілмеп ем.
Енді өзіңсіз ештеңе қажет емес,
Ойын-тойға бармаймын бұл күнде мен.

Көкірекке сыр-сезім тұнып, құрбым,
Сенен бақыт табуға үміт қылдым.
Оңашада өзіңді аңсай берем,
Сен өзгенің бәрін де ұмыттырдың.

От боп жанып көздегі ұшқындарым,
Қиял-орман ішіне түстім қалың.
Білесің бе апырмай, мына менде,
Сүю деген сарқылмас күштің барын!

Арманымның қанаты талмау үшін,
Өкініште тағы да қалмау үшін.
Мәңгі өзіңнің қасыңда болсам деймін,
Еркем сені жоғалтып алмау үшін.
***

Көкейімде халқымның тұрмыс-хәлі,
Ұмтыламын биікке күн құшқалы.
Қалам-найза қолымда жүріп келем,
Бойды кернеп өнердің бір мысқалы.

Жүректерді өлеңмен жаулап алып,
Туған жердің төсіне аунап алып,
Кетсем егер шарықтап шың басына,
Қолтығымнан көтерер таулар анық.

Тау самалы соққанда көкіректен,
Кеудемнің де басайын отын еппен.
Ту төменде күншілдер күңкілдейді,
«Ақын шығар деймісің жетімектен».

Сондықтан да алдымда жыр тұр елес,
Өмір деген бір күн жай, бір күн егес.
Күншілдердің күңкілін басу үшін,
Менің ақын болмауым мүмкін емес.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *