БОЙТҰМАР БОЙТҰМАР

БОЙТҰМАР

21.10.2020 0 2 139

  Байахымет Жұмабайұлы, Әлем халықаралық жазушылар қоғамының мүшесі, Қытай мемлекетінің жазушылар, фольклор қоғамының мүшесі, этнограф. «Арыстың алыптары» «Күй аңыздары», «Өшпес есімдер», «Рухы асқақ Ер... БОЙТҰМАР

 

Байахымет Жұмабайұлы,
Әлем халықаралық жазушылар қоғамының мүшесі, Қытай мемлекетінің жазушылар, фольклор қоғамының мүшесі, этнограф. «Арыстың алыптары» «Күй аңыздары», «Өшпес есімдер», «Рухы асқақ Ер Зуха», «Қазақтың ою-өрнек мәдениеті», «Жартастар үн қатады», «Балбалдар мен кешендер» «Бұқарбай батыр» т.б. этнографиялық, фольклорлық, әдеби кітаптары жарық көрген.

 

Сіз қалай түсінер екенсіз?
Бала күнім еді. Балалық шақта адам нені сезеді,нені арман етеді? Сол тұста бәлкім, бұл бір шешілмес жұмбақ та болар…
Қараңызшы! Біздің алуан түрлі ойынымызда мынандай бір қиян-кескі күрес ойындары болды, айтпақшы, ойын деймін-ау! Ол жәндік болса да, жан түршігерлік күрестерді бас-тан өткізіп, өзін осындай азапқа душар етуші тәңіріне налитынын кім білсін? Сонда ол тағы мені қарғамас деймін. Әсте мені қарғамайды, өзінің бақытсыздығын тәңірінен көреді, егер ол осындай азапты өмірін менен көріп, мені қарғап-сілеген болса, ендігі мен соның қарғысының бодауына ұшырап, жазым болар едім ғой.
Тыңдаңыз, күн көзі жер әлемдегі өсімдік, жан-жануар, жәндік – бәрі-бәріне емірене иіп тұр. Бірақ, дәл әзір біз үшін күннің мейірі қайдан сезілсін?! Әйтеуір, жалаңаш та болса, салып ұрып жүре беруіме себеп біз үшін күн емес, жаз сынды. Сондықтан, «Жаз күні жақсы» дейтін түсінікпен дәлелдей саламыз да, көк қуған жас төлдей тастақтың бетіне қарай тімтіне жөнелеміз. Сонда біздің жүйке жүйеміз де тек қана қызыл құмырсқа мен қара құмырсқа болғандықтан, алдымызда алтын жатса да көреміз бе?
Ақыры өз сорына, біздің бағымызға жалғыз-жарым аңғалақтап жүрген қай түсті құмырсқа болса да қолды болып,топты құмырсқа арасына, иә болмаса, илеуіне апарылады. Дәл осы қолды болған жәндіктің өз қолыңда жанталасуын қайтесің, өз бойындағы бар құдіретімен әрекеттеніп, күнә-сіз бейнесінен ақталуға қанша тыр-мысқаныменен дойыр мақұлық оған мүмкіндік бермей, ақыры құжынаған құмырсқалар тобына апарылады.
Өз тіршілік күйбеңімен болып,сырт жаудан қаперсіз жүргені ме, әлде, әбден запы болғандығы ма? Ойда- жоқта илеуіне түскен бөгде жәндікке қалың құмырсқа жалма-жан қаптай жөнеледі. Иә, жәндіктер-ай, бәр-бәрі оның өз тұқымдасы екеніне қарамайды. Әйтеуір, «Тыныштыққа тудырған үрейі де жетерлік» дегендей, оған жан-жақтан соқтығып жатады. Көпке топырақ шашсын ба? Алғаш жанын қорғауға шамасынша тырмысып көреді, ақыры әр сирағынан созғылап, көзі-басың демей тістелеген мына тобыр мақұлық кейде оның жансыз денесін әулие патшаларына сүйрелей жөнелсе, кейде өз тұқымдастары екенін біле қойып,патшаның қаһарына қалмасын дегендей,жансыз денені өз бетіне тастайды да, бет-бетіне кете береді.
Дәл осы кезде жаны шығып, құрысып жатқан құмырсқаның болымсыз мөлдір көзінен күн нұрымен шағылысқан бозғылт сәуле байқалып қалады…
Иә, жаратқан-ай! Мен осылайша тәңір жаратқан он сегіз мың ғаламның біреуінің өміріне қаншалықты үрей әкелдім десеңші! Бірақ, дәл сол кезде соның бәрі маған үрей, уайым емес, қайта ұлы бір жеңістей, тіпті, тың бір жаңалық сезілетін-ді. Ол кездегі жасампаздықтың негізі де осы ойын түрі емес пе еді?!
Менімен үнемі бірге жүретін көршіміздің Қозыбай дейтін баласы болды. Мен оған осы бір жасампаздығымды кеше ғана тәжі-рибеден өткізіп көрсетіп жіберген едім. Бүгін ол дағы бір тапқырлық жасап келіп отырғанын байқадың ба?
Шешем баланы ұрып-соқпаса да қабағымен қайтарып отыратын. Сондықтан, мен емес-ау, өзімен бірге ойнайтын балалардың бәрі де әуелі менімен ойнау үшін шешемнің қаба-ғына қарайтын.
Бүгін шешем тым көңілді. Ол есіктен алқын-жұлқын еніп келген Қозыбайдың бас-аяғына көз салып, мырс етіп күліп алды да, қолындағы құмыраны көріп:
− Бұл құмыраң не, Қозы (оны осылай еркелетіп атайтын)? − деген еді, Қозыбай қолындағы құмыраны жалма-жан артына жасыра қалып:
− Бос, бос құмыра… Ойнайтын, − деді көзінің астымен апама жапақтап. Дәл осы кезде оның шегір көздері әдетте өзіміз ұстап алып сирағын жұлып, әкі етіп ойнайтын шегірткенің айғырының көзіндей мөлдірей қалды. Тіпті, оның ыңғайсызданғаны соншалық, егер апам орнынан тұрар болса, анау ытқи жөнелетін тәрізді. Менің көзіме оның бейнесі дәл сол қолды болған шегірткенің секіруге ыңғайланған бейнесіне ұқсап кеткендей болды.
− Өзің неге еліктің лағындай еді-реңдейсің, отырып ойнай ғой. Тоқайым (мені осылай еркелетіп атайтын) екеуің бір жылдың төлісің ғой, тату-тәтті ойнасаңдар болғаны…
Шешем ақылын айта жүріп, өз жұмысымен болып кетті. Қозыбай екеуміз сағынысып кезіккендей, шүйір-келесе қалдық:
− Сен көрдің бе? Мына екі құмырада екі бит бар. Бірі апамның биті, енді бірі өзімдікі.
Мен оның бұл сөзіне таңырқай отырып, ішек-сілем қатқанша күлдім.
− Сен күлме, мынаны көр! Кеше сен құмырсқаны айтпап па едің, анық төбелесті мыналардан көресің!
Ол сырмақтың шетін қайырып жіберіп, жерді алақанымен тақырлап сыпырды да, екі бөтелкені жерге сілкіп еді, бірінен барбиған қоңыр бит, енді бірінен шөлмектенген ұзынша ақ бит түсірді де, бірінің үстіне бірін тастай салды. Сол-ақ екен, бейне ертегілердегі жапанда кезіккен екі мақұлықтың алысы басталды да кетті.
− Мына қара битті көрдің бе? Оны шашынан ұрлап алған битім. Ал, мынаны өз ышқырымнан алдым.
Ғажап-ау деймін. Мүмкін екеуінің жасаған ортасының өзгешелігі ме, қоректену барысына қарай өң бітімі өзгеше биттер, әрі екеуі өздерінің шығу тегіне қарар емес. Мүмкін олардың өліспей беріспейтін күресі осы түсінің өзгешелігінен бе, әлде басқада ма?… Әйтеуір, алысып жатыр.
Қозыбай екеуміз етпеттеп жатып, олардың мына қиян-кескі «күресін» қызықтап жатырмыз, бірінің-бірі қашуына орай бермей жабысып жүргеніне мәз болып күлісеміз. Дәл қазір бұлардың бізге қандай жиренішті көзбен қарап жүргенін кім білсін, «Кемшілік-қателіксіз қандай тірі жан болсын, бар қателігіміз − осылардың сасық терілерінен туылып, денелерін ұялап, кірлерінен аздап қоректенгеніміз бе, егер өздерін таза ұстаған болса, біздің неміз бар оларда? Иә, қателік болсын-ақ, кешірім етуге болмас па еді, мынау қу жазық – тақыр топыраққа әкеліп тастауларын қарашы? Мұнда біз үшін титтей де жан бағудың орайы жоқ, бүйтіп қорлағанша бізді бағана қолды болған кезімізде-ақ өлтіре салса болмас па еді. Енді бізге тірліктің не сәні қалды? Бүйткенше өлейік! Қарашы екеуінің қарқ-қарқ күлуін, е… Бізге де қайыры болар бір жарылқаушы шығатын шығар, сонда сендерді де ырылдастырып, қарап отыратын күн туар» –деп жүрген де болар. Десе де, бұл екі биттің таласынан еш қиындық туатын емес, сәлден соң екеуі келісімге келгендей бет-беттеріне кете берді, мүмкін өз тектерін тектесіп, танысып алған да болар? Әйтеуір, ақыры екеуін өз қолымызбен өлтіруге мәжбүр болдық.
Қозыбай өз жасампаздығының сәтті болғанына қуанғандай орнынан шұнаңдай тұрғанша, қалтасын керегенің қатқан көгі іліп, жыртып кетті. Қарасам, Қозыбайдың көгілдір көзі жаспен шарбылана қалған екен. Оның бас-аяғына сонда ғана көз салыппын. Бағана апамның мырс еткен күлкісінің жайы да осы болар деймін. Қозыбай әкесінің төрт қалталы көнетоз шибарқыт шапанын кие салған екен. Жеңін түріп, өзіне шақтап алғандай болғанымен, екі иығы сымпиып тұр. Көз алдыма ініне су құйып жібергенде шыға келетін саршұнақтың бейнесі елестеп кетті. Қозыбайдың балтырына дейін салақтап тұрған шапанының тізесіне таяу екі қалтасына қолы жетпей тырмалай бергенін көргенімде, өзімнің айлы түндерде жортуылға шығып дөдегелер мен ұя қуыстарын тінтіп, жылы ұяда жатқан торғай балапандарын ұстап жерге тастағанымда, әлі жетілмеген қос қанатын сабалап барып жан үзетін бейнелері көз алдыма елестеді де, Қозыбайды аяп кеттім. Апам Қозыбайдың жыртылған өңірін жамап бергенде барып, көңілім орнығып, Қозыбайдың да қуаң тартқан жүзіне қан жүгіре қалды.
Иә… «Дариға-ай! Өмірдің өрі менен еңісі болады» деуші еді, бұл қандай таланттың талғамынан шыққан сөз екен деймін. Қарашы, сол түймедей ұрлығым түйедейге жеткендей, талай -талай жан-жануардың қанына ортақ болыппын-ау! Бірақ, сол жан иелерінің маған берген қарғысы мен алғысын кейін көрерсіз, оқырман!
Балалық дәуірде бастан өткен осы бір оқиғалардың бәрі қаперіме де кіріп-шықпаушы еді. Бұл күндерде ол істердің бәрі бейкүнә жаныма жазылмас жара салып кеткендей, «аһ» ұрғызатын болмады ма? Бұнымен қоймай, өмірдегі үйкелістен туған от сынды қайшылық деген пәле тіпті қиын болды, «Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қоздырады» дегендей, осы бір қат-қабат тіршілік қақтығыстары тіске түскен құрттай сай-сүйегіңді сырқыратады.
Мен мынандай бір хикметті баяндайын. Егер өз өмірінде бит екеш битті де өлтіріп көрмеген, тіпті, әрқандай жан-жануардың өлігін көрмеген бір адамды, сірә, бұл әлемнен тауып бере алар ма едіңіз? Мүмкін анау будданың тақырбас сопыларынан, христианның иба мен адамгершілікті дәріптейтін поптары, болмаса бес уақ намазын қаза жібермей бір ғана құдайына құлшылық ететін ислам тақуаларынан да ондай пәк жандар табыла қоймас. Бұл дүниеде қан, өлік атаулыны көрмеген жан бар болса, оның алдына әдетте өзіміздің сілекейімізді шұбыртатын, буы бұрқырап тұрған, көзі сығырайып, тістері ақсиған, кеше ғана өз бағымызда жүріп, бүгін алып ұрып бауыздап, үйтіп, пісіріп алып келген қойдың басын әкеліп тарта қойыңызшы! Онда әлгі түк көрмеген жанның сол арада бұл өмірмен қоштасып кетуі де ғажап емес. Бірақ, дәл қазір мұндай бастан, бас деймін-ау, бастан қорқа қоятын кім бар дейсің? Ешкім де жоқ!
О, жаратқан ием, күз күнінің жақындауымен ағын судың бетіне кілегей мұз қатып, ақыры жер беті мұз құрсанып қалатын табиғат заңдылығын көр де, жасың өсіп, көмбең таяп, әр істің қыры мен сырын білген сайын ішкі дүниеңде өкініш, мұң-зар, уайым-қайғы сол аязда су бетінде қатқан мұз секілді қабыршықтап қалыңдай береді екен ғой. Мұндай қабаты мол мұңға қандай көктемнің шуағы болса да әсері аз бола ма, қалай? Осы бір уайым-қайғы меңдете бастаған күндерімді сол кешегі құмырсқа, балапан, тышқандардың «Ә, батырым, кешегі мықтылығыңды көрсете қойшы, енді басыңа түскен мұң, қайғылы өміріңді баяғыдағы бізге баяндай пысықтығыңмен жоқтап, даулап алсаң қайда жүрсің?» – деп табалағандай сезінемін.
Рас, мықты болсам, мал-жан, дүниемен есептесіп жатпайтын, уайым-қайғы дегенді білмейтін, қарнының тойғанын, ойынға қанғанын ғана дәурен сезінетін қаннен-қаперсіз сол балалық бал дәуреннен айырылмауым керек еді ғой. Жә, жә, қоя ғой, маған ендігі керегі «Түстік ғұмырың болса, кештік мал жи!» делінетін тіршілік заңы ғана. «Бақыт пен рахат осы тірлікте ғана» деген осы бір мұраттың жетегінде, тәңірдің адамзатқа еншісі сынды көптеген тіршілік күйбеңінің ішінде басқалармен қақ-соғы аз, тек, кең сахарада көшіп-қонып жүретін «қой бағу» деген кәсіпті таңдап алдым. Қой деген қандай құтты мал десеңші осы бір кәсібімнің қалпағын алшита қойып шалқақтаймын — ау кеп! Өйткені, қойды өсіру, жеу − Алланың жазғаны, мұнда күнә жоқ, ана бейуаз аң-құсты қырғындайтын Қойлыбайдың аңшылық кәсібіне қарағанда, «қойшылық деген адал кәсіп емес пе» деп Қозыбайдың алдында марқаямын. Қозыбай менің бұл қылығымды жақтырмай:
− Барлық жан-жануарды құдай жа-
ратқаны рас екен, барлық жан- жануардың обалы, қарғысы болатыны да рас. Ендеше, аңда бар қарғыс қойда болмайды деп кім айтады, − деп, сық — сық күліп алады да, тағы, − Алла тағала өзі жаратқан аң-құсын, жан-жануарын «Тоқалдан, бәйбішеден туған тұңғышым не кенжем» деп бөлген жоқ, әйтеуір, жаратты да тірлігін өздерінің еркіне берді. Солай ма?… Онда барлық жан иесінің обал-қарғысы бірдей, − деп менімен ерегісетінін қайтерсің!
− Менде күнә жоқ емес, бар! Бұным әуелі тік шыққан шөпті жаншып басқаным болса, енді бірі − ызаланған кезімде еріп жүрген Ақтөске, сары тайлаққа, алдымда жайып жүрген қойларға, тіпті, құдайға да тілім тиіп кететін кезім болады. Иә, Алла бұнымды кешірер. Бірақ, қойды сойып жеуім тәңірдің бұйрығы, − десем, Қойлыбай ерегісе:
− Мен жаңа даланың тағы аңдарын атқанымды айтып отырмын ғой. Оларға дәл сенің қойың сияқты менің көзім үйір емес. Ажалы жеткені алдыма келеді. Ал, қолыңмен асырап, көзің үйренген малды қорқыратып бауыздап жегеннен өткен күнә бар ма, сірә?! − дейді.
− Қозын, бұлайша менің жүрегімді жаралай бермеші!
− Ендеше сен де маған төне берме!
− Әрі екеуміздікі де жазмышқа жарай тіршілігіміз үшін емес пе.
− Әлбетте, солай!
Біз осылайша үрей, уайымымыздың барлығын «Тіршілік заңдылығы»,, «Құдайдың рыздығы» деген тұжырымға тиянақтандырамыз да, өз — өзімізді жұбатып ақтала қаламыз.
Иә, оқырманым, айтпасам да болмас, қой бақтым дедім ғой. Қой бағудың рахаты − қимылыңның еркін-дігінде. Жапанда жалғыз өзіңмен-өзің болатындығыңда. Әйтсе де, осы момын хайуанның тіркшілігі кейде шыдамыңды тауысады. Ыстық күндері бұйығып жүрмей, боранда ығып беталды кетеді. Кейде тау-тасқа өріп, қайыру бермей зықыңды алып, ашуыңды келтіреді, ондайда саяқ қой, жүрдек серке қолыңа түссе, мойнын қайырып, бүйірін солқылдата тебесің, сонда көз оттары бірде жасыл, бірде көкшіл тартып ыңырсып жығылады — ау, шіркін. Оған да күш бермесе, сорының тіпті қайнағаны, онда аяғы сынып, көзі шығады.
Осындай ашудың зардабын кейі-
нірек байқадым. Бұрынғыдай емес, жоқтан өзгеге шамырқанып қоды-раңдайтын күйгелек болып, бетім мезгілсіз өрмекшінің торындай әжімге тұтасып шыға келді. Ал өзім баққан сол малдарды сойып жегенімде, қабырға, жамбас сүйектерінің сынып, шор болып біткенін көргенімде «Бейшара хайуандарға тәңір тіл бітірсе, менің үстімнен қаншама шер төгер еді» деп түршіге талай ойладым…
Адам өмірінің кешегі күні қандай мехнатпен өтіп жатса да уақыттың ұзаруымен сол бір күндер қандай ыстық сезіледі десеңізші, ол күннің азап-мазағы, бәр-бәрі есіңе күнде оралмайды. Тек, мың да бір кезігіп отыратын ләззатты күндер ғана есіңе мықтап орнайды да, сол күніңе құмарта бересің, аңсай бересің…
Менің мал бағу тарихым да жыл өткен сайын ұзарып келеді. Күн көзімен қара қайыс болып, дене бітімім де кешегі қалпымнан басқаша болып, бірге өскен Қозыбайдан өзгеше болып шыққанымды көрдің бе, бұның қажеті не? Мұндай ой тек басқаларды көргенде барып миыңды дүбірлетіп, ойыңды бұзбаса, жалғыз қой соңында жүргеніңде кәперіңе келмейді, кейде «Әкау, мен де осылардай бұтағын күзеген қайыңдай сыптай болып, ағым – ақ, қызылым – қызыл болып неге жүрмеймін?» деп, өзімді-өзім кінәламайды дейсің бе, әлбетте…
Иә, күндер өтіп жатыр. Бір саяхатшы жаһан кезіп жүріп, мен сияқты қойшының қыс бойы жейтін, ыс басып, қақпыш болған сүрі етін, тастай қатты құртын көріп, «Биыл қыстан қалмай мына малшылар өледі екен» депті ғой. Ол жазда қайта келген жолында айран, сүт, қымызын ішіп жатқан сол малшыларды тағы көріп, «Мыналар мәңгі өлмейтін халық көрінеді» деген екен. Сол тұрмыспен, міне, мен де әлі жасап келемін. Әйтеуір, жыл бойы ұжымшарға өткізген жүн мен етім ертеңгі күніме құлшындыра аттандырып тастайды.
Осы бір қой бағу тарихымда бойыма дарыған бір ерекшелігім: мал бағып жүрейін, немесе көші — қонда болсын, әйтеуір алдымнан өткел бермес су кезігіп қалмаса, әсте көлікке ау артып көрген жан емеспін. Әне, сол дағдымен екі күннен бері жоғалған үш қойымды іздеп, сары даланы тінте салып ұрып келемін, мұндай жоқ қарауда белгілі аңыс, белгіге қарай беттеп, дөңес, қыр — қырқаларды қуып, алысқа – төменге көз сала жүретінмін, міне, бұл жолы да сол әдетіммен барлық жон-қырқаларды қырқалап келемін. Қасымда ес болатын Ақтөс те «Қайда барамыз?» дегендей маған қиғаш қып-қызыл көздерін бір қадап алып, қара тұмсығын жерге тірей иіскелеп, жорта жөнеліп, алды — артымды ораса, енесінен жетім қалып, өзім емізікпен сүт беріп өсірген сары тайлағым да соңымнан қалмай тайраңдап еріп келеді. Ол кейде дәнді — құжыр шөптерге кезіге қалғанда соған айналып, ұзақтап қалып, әлден уақытта тайраңдай желіп жетеді де, желкемнен иіскелеп алып ере береді, біз осы бір жазықтан жосып өтіп, түйе қарын белеңдерге ілінгенімізде Ақтөс әлденеге көз тігіп елеңдеп тұра қалды. Оның қара тұмсығы жыбырлап, тік құлағын қалқитып, «гүр» ете қалды. Сары тайлақ та күйісін тоқтата қалып, Ақтөс қараған жаққа маңғаздана басын көтерді.
Мен де солай көз тігіп, анадайдағы аңғарда баяу соққан желмен әлдебір бұлдың желбірлеп жатқанын көрдім. Қадағалай көз салғанымда ұзыннан түсіп сұлап жатқан адамның сұлбасын байқадым да, жылдамдата басып солай беттедім. Ақтөс, сары тайлақ үшеуміз де солай қарай тез басып келеміз. «Ол кім, не қылған адам, әлде өліп қалған ба? Сайтан болады деуші еді, мүмкін сол болып жүрмесін, жо, жоқ, неде болса барып көрейін» деген қым-қуыт қиялмен жетіп те үлгердім. Алдымен Ақтөс жетіп, адамды бір айналып иіскелеп шықты да, қызыл тілін салақтатып, өзіме қарап шоқиып отыра қалды. Көк түсті гүлдібадам көйлек киген, ұйысқан шашында кір басқан қызыл лентасы, аяғында неше жерден жамау түскен көк шоқайы бар қызға сары тайлақ таяқ сілтем жерде осқырына қарап тұрып қалды. Мен еш әрі-сәрі болмастан өлі — тірісін білуге етпеттеп жатқан қызды таяғыммен шұқылаған едім, басынан аққан тері бетін айғыз-айғыз кірмен малмандаған жас қыз басын оқыс көтергенде, өзім ыңғайсызданып қалдым. Қыздың көз алды домбығып іскен екен де, жыртқыштың тұяғынан қалғандай бетінің әр жерінде қара қотырланған жарақаттар қалыпты. Мұндай жатысын мазалаған маған наразы болғандай жанарын күн көзінен жасқана ашып өзіме үрке, жатырқаңқы көзімен қарайды. Мен оның «айт» десе үрке жөнелетін қояндай түріне қарап, өзімнің ішкі жан-дүниемнің айнасы – жанарыммен оған деген жанашырлығымды аңғартуға тырысып, жүзімнен жылы шырай байқата қараған едім, шынында, адам көзінен аңғартқан мейір — шапағат сезімі кім — кім үшін де түсінікті, ұғынықты болса керек. Ол жаңағы үрейлі бейнеден тез өзгеріп, жанарынан бұршақтаған жасын төгіп жіберді. Сонда өз бойыма қандай өжеттілік пайда болғанын аңғармадым, батылдығым артып, қыздың көз жасын дойыр алақандарыммен сүртіп, өзін бауырыма тарттым.
Жаздың шуақты күні шүлен шуағын иіп тұр, мен ащты нұрын төгіп тұрған күн көзіне бір көзімді қыса қарап қойдым да, «Күн берген» қызды жетелеп үйге жеттім. Оның тілі жоқ, ымның иесі екенін білумен бірге, өз үйінен қашып шығып бақытыма ма, бақытына ма өзіме кезіккенін білдім, үш қойымның бодауына бола тағдырдың бір қыз бұйырғанына мен ғана емес, апам да ерек қуанып, қызға мейірлі құшағын ашты. Оның үстіндегі тозығы жеткен киімдерін сыпырып тастап, жаңалап киім кигізген едік, пай — пай құлпырып шыға келгені. Сол сәт өзімнің жолды жігіт болғаныма мақтанып, қуаныштан шалқақтап та қалдым.
Күндердің өтуімен қыздың ымына да көндіктік. Ол өгей шешенің қолынан құтылып, осы бір еркін дүниеге – мейрімді жандарға кез болғанына қуанышын аңғартып, енді осында болу талабын білдірді. Оның қолының істілігі мен аюдай қарулы, құмырсқадай еңбек қорлығы, биазы мінезі, әсіресе апама ұнап, ұзамай онымен үйленуге мәжбүр болдым. Қалыңсыз, татыр даладан тапқан бұл қызбен бұлайша үйленуімнің өзі «тағдырдың бұйрығы болар» деген оймен апамның талабын да жөн көргем. Қыз да бөтен көрмеді. Міне, біздің төсектес болуымызға көп болмай, бір күні шалғы мұртты, күйек сақал, сығыр көз адам аюша ақырып, мал қоралап жатқан кешкі мезгілде пайда бола кетпесі бар ма. Оның сұсты бейнесінен қонақ емес, қиқуға келген жан екенін атынан түсіп жатқанда аңғарған едік. Айтқандай, қорада жүрген әйелім ит көрген мысықтай, мына адамның өзінің әкесі екенін ымдап үйге зорға кірді.
Сол күні қонақ пен апам екеуі ұзақ сойлесті. Ол қызының аты Гүлгүл екенін айта келіп, «Иесіз адам демеңдер, әке деген, міне, мен, той жасап алмаған ағаттықтарыңа салауат айтсам да, қалың мал деген кәделі дәстүрден бұлтақтай алмайсыңдар» – деп кеңірдегін барынша созбасы бар ма!
Біздің үй жатаған қыраттың ете-гіндегі түңкелі шиде болатын. Біз таңнан тұрып сыйластықпен Гүлгүлдің әкесін қолда бар екі ат, он бес қой, шапан-шақпытымызбен жолға салмақшы болып едік, құданың қара сұры өңі қазанның түп күйесіндей түнеріп шыға келді де, тамырлары білеуленіп айғайға басып, қызын «алып кетемге» келіп сүйрей жөнелмесі бар ма! Апам байғұс бір кезде өзім балапанын ұясынан алып өлтіргенде шыр-шыр етіп жүретін торғай сынды, шыжақ қағып Гүлгүлдің әкесіне жалынып, аяғына жығылып жатыр. Ал, Гүлгүл біресе апама, біресе маған жаутаңдап, оғаштау бір дауыс шығарып жалбарына қарайды. Дойыр әке ақыры оны додаға салғандай үйден сүйрелей жөнелді, бағанадан қайын ата болған адамның ерсі қылығына ызалансам да, өзімді — өзім тежеп шыдап — ақ тұрған едім. Қой ішінен сойысқа ала жөнелген көк лақтай сүйретіліп бара жатқан Гүлгүлдің табалдырыққа аяғын тірей қалып, ең бір зарлы дауыспен өксік ата маған қол созғанын көріп, төзе алмадым. Орнымнан қарғып тұрып, Гүлгүлдің қолынан ұстай алдым да, өзіме қарай жұлқи тартқан едім, оның әкесі онан ары өлермендене күшке басып, оның қолынан сілки тартты. Менің қолымнан шығып кеткен Гүлгүл есік алдындағы топыраққа барып етпетінен түсті, ұмтылып барып, оны орнынан тұрғыза бергенімше, әбден долырып алған әке тағы да оның бір қолынан кеп ұстай алды. Екеуміз тағы да көкпар тартқандай Гүлгүлді кергілеп тұра қалдық. Дәл осы кезде үйдің шығысындағы дөңнен көтерілген күндей жанарымды жарқ еткізіп Қозыбайдың келмесі бар ма.
Дәл жанжалымыздың үстіне, ертегілердегі қас батырдай ат үстінде мылтығын серт ұстап жетіп келген Қозыбайды көргенде қуанғанымды айтпа.
− Қозын! − деп дауыстап жібердім.
Ауыр бөктеріншегінен титығы әбден құрығандай алабайрақ аты еңістен төрт аяқтап зорға түсті. Алабайрақтың артқы қапталы мен Қозының үсті сауыт қан — жын. Әлі өзіне таңырқай қарап тұрған бізге қаруын кезей аттан сұсты түсіп, аман-сәлемнің орнына айбарлана:
− Е… ей… Бейкүнә жандарды бе-беулетіп тұрған мықтым, аңшы деген кәсіпкерлерге қан деген ашасынан келмейді. Мына алабайрағымның қанжығадағы ауыр бөктеріншекпен көбігі шыққан екен, алдыңғы қанжығасына өзіңді байласам, көбігі емес, майы шығар, − деді мылтығының шақпағын шақыр-шақыр қайыра.
− Құдай сақтасын, мен бұрыннан айтушы едім ғой, «Мына Қозыбай асқан қанқұйлы» деп, ендігі атпағаны адам болғандай, көрдің бе, мынау рас атады! − деп мен өтірік ыржидым. Гүлгүлдің әкесі қызының қолын қоя берді. Байқасам, қорыққанынан оның көзі бақырайып шыға қалған екен. Шешемнің де тіпті зәресі қалмағандай. Осы орайда мен Қозыбайға ым қағып, көзімді қысып қойдым да, әдейі:
− Қозын, бұл кісі Гүлгүлдің әкесі! − деп шыжалақ қақтым.
Қозыбай ат үстінен аузын арандай ашып күлгенде мына жапан далаға жан бітіп, біздің бойымызға қан жүгіріп, жүйке талшықтарымыз енді оянғандай жадырай қалдық. Ол атын белдеуге байлап:
− Ей, талқанға өкпелеген баладай не болды. Қане, мұнда келіп аттың белін босатсаңдаршы! − деді. Мен ұмтылып барып оның бөктеріншегін түсіруге жәрдемдескен едім, онысы бұғы екен. Апам:
− Бәсе, жүрегім тас төбеме шықпады ма. Қозың ақылды ғой… Құданыкы айтқан ғой, баяғы… Жүр, балам, үйге кірейік, − деп сөйлей жүріп, Гүлгүлдің көз жасын сүрте үйге жетеледі.
Гүлгүлдің әкесі әлгіндегі өзіне кезелген қарудан үрейі қалмай қуарған өңіне қайта қан жүгіріп, зорлана ыржиып тұр.
− Ағасы, мен өз өмірімді аң-шылықпен өткіздім ғой. Осында кеп аңдардың әккілікпен өзімді жаңылдырып кеткені бар. Бірер жол секем алып, не шошынған аң тіпті секемшіл келеді. Дәрінің иісін қандай білгіш десеңші. Кейбірі төбенің басынан қылп беріп, өзіңді әуре — сарсаңға салып кететінін қайтесің, адам секілді аңның да әккілері болады, солай ма, Тоқай? − деді маған күле қарап.
Мен Қозының сөз төркінін түсініп тұрғанымен, дәл қазір көзге болса да, қайын атам жақта тұруым жөн екенін ойлап, сөздің бетін бұра:
− Ертеде, мен баққан көжекті бі-лесің ғой. Әсілі табиғатында ағаш кеміріп, шөп жеп дағдыланған еді. Ол қолда болғаннан кейін нан, қаспақ жеп, сүт ішпеді ме. Демек, ол оның өз табиғатындағы қоректену заңдылығын өзгерткені емес пе?! − деген едім, Қозы күліп:
− Е, жарайсың, сонда ол көжек ежелден нан, қаспақ жеп, сүт ішуді білмеуші еді дегенің ғой. Ақыры ол саған үйренген болды ғой? – деп, қарқылдап күлді.
− Ха, ха, ха… Сонда менің бұрынғы ниетімнен қайтып, андағы Әндірейдің қазынасынан олжа алып қайтуымды бөтен көрмейтін болдыңдар ғой, − деді, манадан үндемей бір шетте тұрған Гүлгүлдің әкесі. Қозыбай Гүлгүлдің әкесімен қоса мені де бір таспен ұрып жықпақ еді, мына кәрі тарланның өзін ұтып шыға келгенін көргенде амалсыз қипыжақтап барып:
− Көрдің бе, ана Ақтөстің көз қиығын, без тастасаң да меселесін қайтармассың! − деп Ақтөске қарап мырс етті.
− Бұғының мүйізі алтын ғой қазір, − деді Гүлгүлдің әкесі. Қозынның өзін балағаттап отырғанын аңғарса да елемегендей, өгіздей болып жатқан бұғының ол жақ-бұл жағына шығып, сонан соң, − Күйеу бала, жәркемдеп жібер! − деді күлміңдеп.
Осылайша кегімізден тез арылдық, бойдағы аласұрған қанның басытқысы сол он екі салалы бұғы мүйізі болды. Гүлгүлдің бағына, шаңырағымыздың бақытына қарай он екі салалы мүйіз Гүлгүлдің әкесінің қанжығасына байланып, екі ат жетектеп, он бес қой айдауға түсіп кете берді…
− Бақытты болыңдар, балам, аман болыңдар! − деп айғайлап батасын берген әке, «Әләуләйін» айтып ұзай берді…

***

Дариға-ай! Жақын мезгілден бері айналамда қырсық төңіректеп жүргенін байқадыңыз ба? Қырсық болғанда қандай, «Қырсық қырық сүрінеді, қырық сүрінсе, қызық сүрінеді» дегендей, хикмет болып тұр.
Малшы үшін ең жанға жайлы кездер жайлаудағы күндер ғой. Алғашында онда тиынға құнығып, талайын тұзақтап, қақпандап ұстаған едім.
Енді, міне, аюды алуға құлшы-нуымды көрдің бе!
Ит тұмсығы өтпейтін ну қарағай ішін аралап, еркін әндетіп жүргенге жетер рахат бар ма? Анау төскейден құлаған тас бұлақтарға бетіңді жуып, шымырлап шыққан көзінен сіміре жұтып, тұнық ауаны тыныстай жұтсаң, қандай желпінер едің, ә?
Бойым еңгезердей болған соң, күржиіп шығып тұратын жауырыныма қарап кейбіреулер мені «Күржік» деп атаушы еді, жылдардың өтуі ме, әлде мына кәсібімнің кереметі ме? Бұл күнде белім бүгіліп, аяғым талтайып барады, бірақ осы еркін тұрмысымды, әлі түсіне қоймаған еңсемді ғасырлар бойы кеудесін алшақ ұстайтын анау асқар тауға ұқсатамын.
Дүние, барлық адам дәл өзім көріп, жасап отырған ортадай еркін, бейбіт, тыныш өтіп жатқандай сезіледі де тұрады. Сондықтан қара күйе басқан шәугім толы шайымды терлеп — тепшіп ішіп алсам болғаны, өзім басып өткен ізім, татыр далам, таудың тұнық ауасы, суы, әрбір тал шөбіне дейін көзіме оттай басыла береді. Жанымды баурай береді. Сол үшін маған «Отан» да, «партия» да осы далам сынды ыстық болғандықтан, қойшылық кәсібім даңқ, қойларым мәңгі таусылмас ырысым секілді білінеді, менің қазір отырған осы жайлауым малымның құты, бұнда ата-бабамның ізі қалғандықтан, жат елдің ызыңдаған шыбынын да қондырғым келмейді, бірақ мына даланың тағы өскен қоңыр аңдарына қалай тектеу жасарсың? Жақыннан бері аю деген бір пәле зықымды алмады ма. Ол мына көп өңірі иен жатқан жайлауды қойып, қорадағы малыма сұғын қадағанын көрмеймісің! Таңды жастанып келген аю шабаланған Ақтөсті қуып үйге тығып, сары тайлақпен қосып қоралы қойды үркіткенде, олар қара қосымды жапырып кете жаздамады ма. Әйтеуір, бар даусыммен айғайлап, леген даңғырлатып, ұзын сырықтың басына қайыңтозынан алау жағып үлгергенімше аюдың қосқа қарай лақтырған шымы бас-көзіме тиіп, тысқа шығуыма әрең мұрша берді.
Өстіп, менің тәңір берген ұйқыма, тыныштығыма зобалаң әкелген рақымсыз аюға «қап» деп ыза болдым да, аю келетін өткелектің бәріне қақпан, тұзақ құрып тастадым. Әсіресе, қарағай басын иіп әкеліп құрған аспа тұзағыма аюдың көзі аларып, тістері ырсиып асылып тұруын тәңірден тілеп, күніне аңдуылдап жүрдім.
Міне, осы бір пәледен құтыла алмай жүргенімде, қырсық болғанында, қорама көкжал қасқыр шауып, бір қойымды тамақтап, екі қойымның таңын жұлып әкетті. Егер өзім қырағы, шапшаң болмасам, қорамды қызыл қырман етер еді. Бұл да құдайдың берген бағы болар, шалбарымның бауын шиелеп, дауыстап ұмтылған едім, сесім-айбарым тегін кетпеді. Көкжалдың мысы құрып, өз жайына кетті. Міне, адам өміріндегі тынышсыздық деген осылай арт-артынан туады екен. Енді міне, қорадағы қошқарлар да жақ — жақ болып неше күннен бері мүйіздерінен ұшқын бүркіп, милары шыққанша сүзіссе, бізден бұрын келіп қоныстанған ауылдардың иттері Ақтөске тыныштық бермей, талап кететін болды. Сүрепеті кетіп, жарақатын жалап, қиналып жатқан Ақтөсті көргенде, мына тіршіліктің мазасыз күйінен мезі болып тыжырынып кетемін де, ақыры айналып, тағы сол аю мен қасқырды алдымен құртуға бекініп, далаға безіп кетемін.
Биік шыңның басына шығып, сонау етекке көз саламын. Етекте арқыраған ақбурыл өзен тынымсыз жөңкіліп, ақжал толқындар бір — біріне ұласа жағадағы кемерлерді қаһарлана барып ұрғанда, көбік аралас мөлдір суды шыңның етегіне арт-артынан бүркіп жатады, арқыраған дауыс шатқалды басына көтереді. Таудың қоңыр желімен қарағай, қайыңдардың басы баяу тербеліп, аса бір қайғылы әуеннің сарынын аңғартып, ызың дауыс шығарады. Мүмкін ағаш та болса азынаған желдің жапырақ сынды көркінен жұрдай етіп жұлқылағанына мазасызданып, мұңая дауыстаса керек. Дәл осындай кезде қонағынан байыз таба алмаған түз құстары өз — өз алдына шуласып, дүр — дүр ұшып, шыңның қатпарына шашырай келіп қонады. Түздің тағы аңдары да өкіріп — бақырып, шыңғырып, орман ішін қоқынышты үрейлі дауысқа толтырып, өрлі — қырлы дүркіресіп, беймаза күйге түседі…
О, дариға-ай, мына тіршілік мекендеген дүние қандай күрделі еді?! Аң-құстардың да бір-бірінен жасқанар жауы бар. Бұлар да санасыз болса да, тірлік жолында жанталасып күрес жасап жатпай ма? Мұндай қырқысқан аңдар мен елсіз орман ішінде жүрген Қозыбайдың өмірі қаншалық жырғаған өмір дейсің?! Қарашы, барлық жан иелері күндік өмір тіршілігі үшін сүмең қағып босып жүр! Ал, олар да өледі, бірін-бірі өлтіреді. Тіршіліктің осындай қиян-кескі болуы ғажап — ақ! Осындай қым-қуыт қиял соңында отырғанымда «тарс» еткен ащты дауыс санамды сергітіп жіберді. Шошына орнымнан тұрсам, орман іші бейне қиян — кескі күрес майданына айналғандай, дүркірей көкке көтерілген құстар мен өрлі — қырлы шапқан аңдар қорым тастарды дүркіретіп, қарағай бұтақтарын бытырлата сындырып қашып барады. Жалғыз ғана «тарс» еткен ащты дауыс бүтін орман ішін тынышсыздыққа түсірді. Егер дәл осы кезде «топан су қаптады» десе, қайтер едім?! Нұхтың кемесі кезігер ме еді? Дәл осы кезде бірнеше шот тұмсық құстың ішінде бөктергінің орай аңдығандай биік аспанға шығып алып, топтанған құстарға қарай қанатымен жел жара зуылдап шүйіліп бара жатқанын көзім шалып қалды да, «О, байғұс-ай, енді қайтсін!» деп, еріксіз күліп жібердім.
Кенет аспаннан түскендей жал-қарағайдың тұмсығынан алабай-раққа мінген Қозыбай пайда бола кетті.
− Ой, Тоқай, жауар күндей отыры-сыңның нарқы не? Міне, әлгі жойт жауыңды жайратып, енді өзіңе тапсырайын деп келдім! − дейді.
Мен мына ортаға тынышсыздық әкелген әзірейілдің Қозыбай екенін, оның қансоқта етіп атып әкелген көкжалын көргенде барып білдім де қуанарымды да, жұбанарымды да білмей сәл тосылып қалдым. Десе де, осы бір көкжалдың бір рет қораға шапқанына бола жазым болғанына ішім ашып кетті. Менің үнсіз ойланып қалған жайымды байқаған Қозыбай атынан түсе көкжалды жерге былш еткізіп түсірді де, терісін сыдыруға қамданды.
Сәлден соң мен Қозыбайдың көкжалды өлтіргеніне реніш біл-дірмегеніме қуандым. Себебі оны жазғырғанда «сенің мына қалың қақпан мен тұзағың не?» десе, не дер едім? Әйтеуір, ендігі жерде өзімнің де ауқатымның жақсы екенін, Гүлгүлдің босанып алғанын айтып тайсақтай бердім. Ол баламның сүйіншісіне көкжалдың терісін атады да, талайдан сартөсек болып жатқан шешемнің жайын сұрады. Мен бұдан бірнеше күн бұрын екі дәруіштің келгендігін, олардың беліне шандиып байланған құрлары мен басындағы бөріктері өздерін басқа бір әлемнің адамындай байқатқандығын, судай сылдыраған сөздерімен шешемді сергітіп, қой ішінен бір қара қойды алдырып, үйдің оң жақ босағасынан енгізіп, сол жақ босағадан шығарып алып кеткенін, оларды «Үйге енген, апама ұялаған қара пәле, қара дерт, қара ұшық қара қоймен ілесіп шығып кетеді» деген пәтуалары екенін, содан бері апамның тәуір болып қалғанын айтқан едім, Қозыбай да қуанып қалды.
Біз әңгімелесе үйге де таяп үлгердік, анадай жерден үйімнің төңірегіне байланған көп ат, өгізді көріп үрейім қалмады. Біз аттан түспестен шуылдаған көріс есімнен айырды, апамнан айырылыппын, алданыш дүние апамды алып кетіпті. Мен әлден уақытта есімді жисам, Қозыбай басымды сүйеп отыр екен, Гүлгүл де есінен танып қалыпты. Ал, жалғыз ұлым «Ел неге жылайды» дегендей әркімнің құшағында шыр-шыр етеді.
Асқар тауым − апам өлгеніне түті-німіздің қайғысы зіл батпан болды. Осы қайғы-қасірет Гүлгүлдің белін бүгіп, жүрегін жаралап кетсе керек, талай күн төсектен басын көтере алмай қалды. Ал мен түтіні бар шаңырақты құлазытқым келмеді. Заңдылыққа мойын ұсынып, елдің ақылымен тағы тірлігіме кірістім. «Өлім бірінші күні – оқ, екінші күні − шоқ, үшінші күні − жоқ» деген сөз де рас екен. Байқап тұрсам, құмырсқаның илеуінің үстінен таяқты тығып жіберіп, бұлғап — бұлғап қалғанымда, құмырсқа біткен қарбаласқа түсіп, мына алапаттан құтылуға тырбынушы еді. Әзірейілдің шаңырағымызға қанды тұяғын салып жібергенде, апам құрбандыққа алдымен кеткендей болды. Сондықтан тәңіріме үш уақыт жалынып, енді әйелім мен ұрпағыма өмір, бақыт тілей бастаған едім.
Бірақ, әзірейілдің күші басым екенін қайдан білейін, ол шаңырағыма қара бұлтын тағы қаптатып, қанды тұяғын Гүлгүлге әкеліп салды. Жүрегің бөлек болған соң, оған да шыдайды екенсің, оған да көндім. Бірақ, ұлым Мирастың есеюі үшін демесем ендігі тірлігімнің мәні қалмаған сияқтанды. Аспанның нұры, күннің көзі берген Гүлгүлден айырылғанда төңірегім мен лашығым мұң-зарға толды, желкемнен мың батпан зіл басты да қалды. «А, қызылкөз тәңір, ендігі тілерім – мынау Мирасыма ғұмыр бер, ғұмыр!» − деп, зарландым да қалдым.
***

Күндер айды, айлар жылды, жылдар өмірді қылғып өтіп жатыр. Бұл заңдылыққа менің еш ренішім жоқ. Егер сіздер менің не істеп жатқанымды білгілеріңіз келсе, тақыр-тастақта жүретін кесірткені білесіздер ғой, соның тақыр даланың маусымдық өзгерісіне қарай құбылып отыратын ерекшелігіндей, мен де мал соңында бірде жаздың ыстығына күйіп қарайсам, күзде көбеңсіп, қыста қаңтардың аязында тоңсирақтап көгеріп-бозарып өмір кешіріп жүремін. Кесірткеден парықталатын ерекшелігім де осы. Кесірткі қыста ұзақ ұйқыға кетсе, менің ақ қар, көк мұз төсеніп, сауыт болып жүре беретін ерекшелігім бар.
Ал, енді бір қасиетім − алдыма мал салып, оларды басқарып, қажет етсем оларды сойып жей аламын. Ал, шешеден, құдай қосқан жұбайдан айырылған соң, қандай күйде өтіп жатқаным белгілі болған шығар! Мына ортада тұқымы аз көкек деген бір құс болады ғой, оның күні бойы «көкек» деп жағы сембей дыбыстайтынынан мезі болған адамдар, оны балағаттайды да отырады, ол бейшараның қашанда еңбегінің өнбей зар илейтінін қайдан білсін. Байғұс құс жаз бойы басқа құстың ұясына жұмыртқалаған жұмыртқасын іздеп, «көкек, көкек» деп сабылатыны бар ғой. Оның сол өксік атқан дауысымен тәңіріне зарлана шағынып жүретінін аңғарсаң, неге жаның ашымасын?!
Бірақ, табиғатында жасырыну дегенді білмейтін байғұс төңірегіндегі торғайларды көргенде, тағы да сол әуенінен жаңылмайтынын қайтерсің. Ал, анау түйе құсты білесің бе? Ол өзі сақтана білгені болмаса, ешкімге қастығы жоқ. Десе де, өзінен зор кезіккенде, немесе бір нәрседен секем алып сақтанғанда, ожаудай басын бұта-бүргендердің арасына жасыра қойғанымен, үлкен денесінің дөңкиіп көрініп жатқанын білмейді, сонда тәңірдің, осы аңқауларға түлкі сияқты, адам сияқты қуларға берген айласынан азырақ енші бермегеніне жаның ашиды.
Ал, анау саршұнақ пен шыбжық торғайдың тегі жағынан жақындығы болмаса да, тұрмыс-тіршілігінде бір — біріне сүйеніп күнелтетінін, саршұнақ қорек іздеп кеткенде шыбжықтың күзетте тұратынын, ал, шыбжық саршұнақтың інін пайдаланып, өзінің жауынан қорғанып, балапандарын апарып орналастыратынын көргеніңіз бар ма? «Шіркін — ау, осы береке барлық жандыларда болсашы!» деп тәңірден тіленесің.
Қозыбай менің мына тұжырым-дарымның бәріне басын шұлғып, құлақ салып отыр. Өйткені, мен бұл кездерде ешкіммен сырласпауға ант берген едім, бүгін Қозыбай «Жайың қалай?» деп келген соң, қанша айтқанмен көз көрген емес пе, көңілім босап, әңгімені осылай бастағанмын. Ол да басын шұлғып:
− Айтқаныңның бәрі жөн, Тоқай. Тіршілік заңдылығы деген адам ойымен сәйкесе бермейді ғой. Десе де, тілектің дұрыстығына не жетсін! − дейді. Рас-ау, өмірде менің тілегімнің бәрі болмасын дегенім жоқ еді. Бірақ, «Тәңір ол тілегіме қарады ма?» деген ой келгенде, жүйкем тағы кері тартып, әңгімені қысқарта бердім.
− Иә, Қозын, халымды сұрайсың ғой. Міне, Мирас 11-ге келді, мен Мирасқа мына қара шаңырақтың, мына бір табын малдың иесі өзі екенін, ал, менің әр жылы мал өніммен еттен міндетті асыра орындап марапатталып, табысты да көп тауып келе жатуымның өзі бір сол үшін екенін құлағына құйып, ажалдың айтып келмейтінін, егер өліп қалсам, мені өзімнің дәл осы қара қосым сияқты күмбез тұрғызып, осы туған мекеніме жерлеуді айтсам, мына Мирастың зәресі қалмайды, − десем, Қозыбай:
− Баланы бұлай үрейлендіргенің бол-мапты, Тоқай, − деді. Мен Мирас-ты шақырып, қасыма отырғыздым да, басынан сипай:
− Ештеңе етпейді, құлағы үйрене берсін. Біз бала күнімізде еш ақыл-кеңес алмай көп істі ағат баспадық па, мен мынаны ескертіп қойғым келеді. Әдетте мен қой сойғанда жануардың қос жанары теңіздің суындай көгеріп барып жаны шығатынын ойласам, денесіндегі бар қуаты көзіне жиналып, мына жарық дүниеге өлермендене қарайды екен — ау! Марқұм Гүлгүлдің айтар арманы ішінде кетті, жанарымен ғана түсіндіретіндей күн кешетінін сезінгенімде, әзірден бастап баламның құлағына айтарымды құя бергенім жөн сияқты, − дедім.
Екі иығын қомдана отырған Қозы-ның көз алдын жас шарбылай қалыпты. Өзіне жантайып көз жасын көл еткен Мирасты аяп, басынан сипап:
− Ей, Тоқай, бұның бәрін несіне қоқсыттың, артыңда түтін түтетерің бар, бақыттымын десеңші, міне, менің сопа басым. Тағдырдан қанша жылап ұрпақ тілегенмен шыр етпе көрмей, қу тіземді құшақтап кетіп барамын ғой, оған қарағанда…
Мен қоламтаны оқыс көсеп алғандай болғаныма абыржып қалдым.
− Қозын-ау, менің айтпағым мына Мирас шешесінен көзі жасты, көкірегі зарлы қалғанда, менен гөрі өздерің бауырларыңа басып, мәпелеп өсірмеген болсаңдар, мына менің күйгелек мінез, оғаш әрекетімнен қандай азапта қаларын ескергенім ғой.
Қозын менің бұлтаруымды аңғара қойды да:
− Айтқаның жөн, Тоқай, Мирас әрі екеуміздің баламыз ғой… Баяғыда қасқырдың күшігін асырағаның есіңнен кетпеген болар. Сонда таяқпен жасқап, оған азық бермесең, ол саған айбар шегетін. Ал, таяғыңды көргенде, құйрығын бұтына қысып, еркелейтін еді ғой, − деп күле берді.
− Әй, тарланым-ай, бәр-бәрін миыңда қалай сақтайсың, сенің көргеніңнен көмескі қуат алатын сұңғылалығыңа қол қоямын! Рақмет саған, ескі досым. Мына Мирасқа қашанда қамқор өзіңсің, − дедім тағы.
Мен Мирастың қасымда отырғанын есіме алып, Қозыға айтайын деген бір сөзімді доғара қойдым да, Мирасқа сыртқа шығып, ойнауға бұйырдым.
Мирас зерек еді. Ол орнынан ауыр көтеріліп, үйден шығып кетті.
− Иә, Қозын, құлағыңды сал! Қыс келеді. Ыстық үйектің құстары қайтқаны да жөн ғой, − деген едім, Қозын өзіме жақындай отырып:
− Саған не болған, Тоқай, бүгін нені айтып кеттің өзі, − деді үрейлене.
− Саған айтпай кімге айтам. Апам мен Гүлгүл шақырып жүр. Жақыннан бері арылмас дертке қалғанымды білдің бе?
Қозын менің мына сөзіме үріккен кейіпте текекөзденіп кетті:
− Олай деме, Тоқай, Мирас бар ғой…
− Жөн ғой, Қозын, менің бұл ортадан кетуімнің адамзатқа еш келіп-кетері жоқ. Ұқсас, тағы да ғашықтар өбісіп, дұшпандар күлісіп жүре береді, мен үшін Мирас, сен, Ақтөс, сары тайлақтардың ғана қабырғасы сөгілер…
Қозын менің сөзіме ботадай боздады. Менің арылмас ауруға душар болғанымды естігенде, енді арашалауға да болмасын сезді ме, әлде тәңірдің атқан оғының қалт кетпесін білді ме? Болбырай сөйледі:
− Байғұс Мирас сорлайды ғой… Болмаса мен де оның әкесімін ғой, Тоқайым-ай?..
− Мен алғаш осы ауруды сезгенде- ақ, өзімді өзім өлтірмек те арандамақ болған едім, бірақ, тағы да Мирас-ты ойлағам. Енді, міне, құдайдың алдына барғанда жасырмайтын күнәмді Қозының алдында жасырғым келмеді. «Асауға шалма түскен екен, құтылмасын сез», − деп ақтарыла сөй-леп кеттім.
− Иә, сексеуілдің бүріне тісі өтпей қалса да, сары тайлақ өзіме әлі сары тайлақ. Ол байғұс сары жазықта боздап жүр. Ал, анау Ақтөс те екі көзі іріңдеп, бар-бар еткен дауысымен анда-санда ит екенін аңғартқаны болмаса, ұйқыдан бас алмай жата береді. Ендеше, сары тайлаққа «Кешегі көтеретін жүгіңді көтеруден қалдың ғой» деп, Ақтөске «Түні бойы сембей үріп тұрғаныңды қойдың» деп қақпай көрсетсе жөн болмас. Ал, менің мына бірнеше сыйлық куәлігімнен басқа, көңілге тоқ нем бар?! Осыларды көргенде, «Мынау да не еңбекшіл, не көмпіс адам екен» деп, өмір іздерімді бағалайтын шығарсыңдар. Артымда орындалмай қалған істерімді енді, Қозын, өзің мен Мирасқа тапсырдым, қош болғайсыңдар, қош!..

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *