«№1-ШІ»ҰРЫ  (әңгіме) «№1-ШІ»ҰРЫ  (әңгіме)
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, 1959 жылы Талас ауданы, Амангелді ауылында туған. Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Шеткері үйдің жарығы», «Күнге ғашық өлкеде», «Тараздан тәбәрік», «Аран»,... «№1-ШІ»ҰРЫ  (әңгіме)

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
1959 жылы Талас ауданы, Амангелді ауылында туған. Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
«Шеткері үйдің жарығы», «Күнге ғашық өлкеде», «Тараздан тәбәрік», «Аран», «Шың мен Шынар», «Хауа Ананың көз жасы», «Менің елім», «Шамаң келсе шындықты айт…», «Сумен жазылған өлең» т.б. кітаптарының авторы.

«Әрбір үлкен байлықтың артында – үлкен қылмыс бар».
Оноре де Бальзак

      Құрысқан жауырынын жазбаққа орындығынан көтеріліп, екі қолын екі жағына соза бергені сол, өзіне қадалып тұрған біреуді байқады. Жүрегінің дір ете түскенін сездірмей анықтап қарады. Қарсы алдындағы адам аты ауыл-аймаққа аңыз болған баяғы Ергештің дәл өзі. Ә дегенде санасына сақпандай сарт ете түскен сауал «иттің тұмсығы өтпейтін кеңсеме мына бәле қалай кіріп кетті?!» болды. Зеріккенде көңіл аулау үшін ғана үңілетін компьютеріндегі жаңа ғана ойнаған «покердің» қызығын да тарс ұмытқан. «Көктен түсті ме, жерден шықты ма?». «Сайтан ба, пері ме?!».
Әкімдіктің алып ғимаратының алды-артының бәріне бейнебақылау камералары қойылған. Ары-бері өткен көліктер мен келімді-кетімді адамдарды айтпағанда, ұшқан құс, жүгірген аңға дейін алақанында тұр десе де болғандай. Ол аздай ғимаратты айнала күзетіп он шақты полицей тағы жүр.
Ал мынау болса әкімдігіңнің темірдей тәртібіне де, жеті құлыптың ар жағына жасырынып отырған саған да «түкірдім» дегендей кіріп кеп тұр.
– Отыр, отыра бер…
Бұл орнынан тұрған күйі жайлы орындығына қайта жайғасарын, не алдындағы мынау ғайыптан пайда болған адаммен амандасарын білмей сілейіп қалған.
– Абыржыма, ешкім көрген жоқ.
Ол мұның «ұялған тек тұрмас» дегендей үнсіз ұсына берген қолын алды.
Өзіне-өзі әлі келе алмай тұр. Біріккен Араб Әмірлігінің қырық бес-елу градус ыстығына табан асты тап болғандай тұла бойы тершіп, тамағы құрғап, тілі таңдайына жабысып қалған. Орындығына отыруын отырса да көздері бағжиып алдында тұрған ағасына ыңғайсызданып қарай береді. Өзінің бір өңірдің білдей әкімі екенін тарс ұмытқан.
– Баяғы әңгіменің жалғасын айтайын деп келдім…
– Қы-қы, қай әңгімені айтасыз?
– Баяғы Айнабек құрдасым қарауыл болатын мектептің қасындағы жиде талдардың түбінде тұрып айтқаның ше?
– Жы-жы, жиде тал дейсіз бе?
– Иә, онда да осылай қорқып кеткенсің…

***
Есіне түсті.
Бұлар, бір топ бала ормандай боп өскен жиде талдардың арасына отырып ап өңкей «№1-ші»-лердің құлағын шулатқан. Ауылдағы «№1-ші» бай да, «№1-ші» үй де, «№1-ші» алаяқ та, «№1-ші» жағымпаз да, «№1-ші» сайқымазақ та, тіпті, «№1-ші» жалқау да… ешқайсысы қалмады. Дәл тапқан адамдарының бет-бейнесін, мінез-құлқын, сөзі мен ісін, жүріс-тұрысын көз алдарына елестетіп ап, ал кеп күлсін. Қысқасы, жазғы демалыстағы зеріккен балалардың зілі жоқ ермектерінің бірі. Осы «тойғандарымен» әне-міне тарап-ақ кетейін деп отырған, бірақ Жалпақбас-Жарас түлен түрткендей:
– Бәрін айттық, бірақ ауылдың «№1-ші» ұрысын айтпаптық қой? – демесі бар ма.
– Құлтай, — деді Аусар-Аңсар бірден.
— Оны қайдан білдің?
— Манатбек атамдар жайлауға көшіп кеткен кезінде ауылдағы үйінің есігін бұзып кіріп, барлық кілемдерін ұрлап, қаланың базарына апарып сатып жіберген деп отырады апам ылғи.
– Қозыке атамның баласы да ұры. Мына Аусардың үйінің сиырын бір түнде жоқ қып жіберді деп жүр жұрт.
–Тоқабайды айтасың ба?
– Иә.
– Жоқ, оларыңның бәрі ұры болса ұры шығар, бірақ «№1-ші» емес, — деді бұл. — Жеңгелерінің қайнап жатқан қазанынан бауыр ұрлап жеген қайныларының ойынындай майда-шүйде бірдеңе әшейін, ал нағыз «№1-ші» ұрыны білгілерің келсе, ол – Ергеш!
– Ергеш!
– Иә.
– Немен дәлелдейсің?
– Ол өзінің досы Айнабектің төрінде қонақ боп отырып-ақ үйін үптеп кеткен.
– Қонағы боп отырып дейсің бе?!
– Иә.
– Мәссаған!
– Неткен қатыгездік!
– Сатқындық десейші одан да…
– Сонда қалай болаған?
– Өзіне арнап сойған семіз ісектің етін жеп боған соң Ерекеңе қонақ бөлмеге төсек сап берген. Бірақ ұры ұйықтаушы ма еді, таң қараңғысында төсегінен тұрыпты да шифонерді ашып, досының су жаңа кәстөм-шалбарын, аппақ көйлегін, қоңыр шіләпісін, қап-қара галстугін, лак жағылған жып-жылтыр топылыйын, сосын өзіне арнап сойылған ісектің жаюлы тұрған жарты етін қапқа салып апты да, Айкеңнің шаң жуытпай жүрген жирен айғырымен қалаға қарай тартып отырған.
– Мә, мынауың шынында сұмдық екен.
– Ал Айекең болса азанда тұрған да, бәленің бәрі досынан келгенін біліп, санын соғып қала беріпті.
– Ешкімге айтпаған ба сонда?
–Не деп айтады? «Қой сойып, құдасындай күткен құрдасы сазға отырғызып кетіпті» деп, ел-жұрт Айнабектің өзіне күлмей ме? Сосын өкінсе де «Бала кезден бірге өсіп ем, бір базыналық жасаған шығар, мейлі» депті де қойыпты. Айтпақшы, Қаратұмақтың қорасынан бір түнде жоғалған сексен қойды да жұрт сол дуайпаттан көріп жүр.
Балалар үндемей қалды. Бұл ә дегенде олардың ауыздары аңқайып отырып қалғанын өзі айтқан әңгіменің әсеріне балаған. Жоқ, сөйтсе құрдастарының шарасынан шыққан жанарлары мұның желке тұсындағы жиде талдар жаққа қадалып қапты.
Бұл да бұрылып қараған, бірақ қарағаны бар болсын, зәресі зәр түбіне кетті. Өйткені талдың аржағында өзі жаңа ғана «№1-ші» ұры деген көкесі мұны отты көзімен жеп тұр екен. «Өлді деген осы» деп ойлады. Ергештің өңменінен өткен жанары өзіне жақындаған сайын бақырып жібермеу үшін астыңғы ернін тістеп алған.
– Жә, қорықпа, сенің еш кінәң жоқ. Сен естігеніңді ғана айттың, бірақ көргеніңді айтқан жоқсың. Ал көргеніңді айтпайтын себебің, сен әлі нағыз ұрлықты да, нағыз баукеспені де көрмеген бозөкпе баласың. Біле білсең, нағыз баукеспелердің заманы енді туып келе жатыр. Өйткені олар мен сияқты түн қатып, түс қашырмай-ақ, түйені түгімен, керуенді жүгімен жұтатын болады әлі…
Жаңа бұл сөйлегенде балалар жиде талдардың қалыңына жасырынып тұрған Ергешке қарап сілейіп қалса, ал ол сөйлеп тұрып шаруашылық басшысының барлық үйлерден шоқтығы биік ақ шатыры күнге шағылысқан «№1-ші» үйіне сығырайған көзін сыздана қадап тұрған болатын.
– Мені қойшы, жетім өсіп оқымай-тоқымай қалғандықтан, амал жоқ ұры атандым, ал болашақтың баукеспелері өте сыпайы боп келеді. Миллиардтаған ақшаны ұрлау үшін олар асу да асу бел аспақ тұрмақ, саусақтарын да қимылдатпайды. Мысалы, мен ең әуелі аяғым мен атымның тұяғына, етімнің тірілігі мен ептілігіме сенсем, ендігінің ұрылары қолындағы билігіне сүйенеді. Лауазымы неғұрлым жоғарылаған сайын, олардың ұрлап-жырлаған дүниесі де соғұрлым еселеніп, көбейе береді.
Ол «№1-ші» үйге әлі тесіле қарап тұр еді. Бірақ биік дуал мен зәулім шатыр оның қысық көзі қадалмақ тұрмақ, зеңбірек нысанаға алса да сезер емес.
— Сондықтан «№1-ші» ұры болашақта мына мектепті беске бітірген балалардың арасынан шықса түк те таңғалмаймын. Тіпті бар ғой, мені сөз қып отқан мынау Мүбәрәктің өзі де нағыз ұры боп қалуы мүмкін.
Ол осыны айтты да бірі қорық-қанынан, енді бірі таңғалғанынан есеңгіреп отырған балаларды одан бетер қайран қалдырып, табан астында көзден ғайып болған.

***

Содан кейін көріп отырғаны осы. «Ауылдағы бастықтың үйін тонағаны үшін сотталып кетіпті» деп баяғыда бір естіген. «Одан шығып келіпті» деді беріде біреулер. Кейін тағы бір дөкейдің келе-келе түйесін ұрлап істі болды десті.
Әйтеуір бұл институтты бітіріп, облыстағы қаржы басқармасында қызмет істеп жүрген кезінде де аты-шулы көкесінің хикаяларын оқтын-оқтын естіп, таңдай қағып жүретін. «Әй, анау көкең түрмеде жата-жата жамбасы шіритін болды ғой, балалары шешесімен бірге қала жақта тұрады деуші ед, көріп тұрасың ба бауырларыңды?» дейтін ауылға барғанда ағайындары. Ал енді біреулер «Ой, оны өлтірсе түрменің нәшәндіктерін жылқының етімен кім асырайды? Өткенде базардан көрдім, беті майлаған бидайдай жып-жылтыр, қырғыз асып барам деді. Ойы айыр қалпақты ағайындардың жылқыларына ауған-ау шамасы» деп, тағы бір әңгіме айтатын. Соның бәрінің жаны бар сияқты.
Көке бейнесінен сығырайған көздері ғана қапты. Ал баяғы әдемі ақсұр өңін қорқынышты қарабұжыр дақтар басқан. Өз тәнін өзі тіліп, тыртықтарын сән ретінде жария ғып жүретін жабайы адамдардың кейпі сияқты, ағасының жүзін де әлдекім өткір бәкімен тіліп-тіліп тастаған ба, жұмбақ әйтеуір…
Бұл өзіне-өзі келіп, орындығына түзеліп отырды да хатшы келіншекке қоңырау шалып, екі шыны шай алдырды. Алдына шай әкеп қойған келіншекті сығырайған көзімен есікке дейін шығарып салған көкесіне қарап іші қылп ете қалды. Шығысқа барса да, батысқа аттанса да ертіп алатын мықыны мінсіз сүйіктісі жақында ұлды болып, атын мұның құрметіне Мубар деп қойған. Аты аңызға айналған баукеспе ғана емес, жердегі иерелеңдеп бара жатқан жыланның еркек-ұрғашысын ажырата білем дейтін қазымыр көкесі мына екеуінің арасындағыны да біліп қойып, ұялта ма деп қысылып еді, абырой болғанда, о жағына бармады. Бірақ сұлуының қайқиған кірпігі мен көз арбаған бөксесінен тайқи берген жанарынан «сырларың белгілі болды» деген мысқыл жылт ете қалды.
– Ереке, ойда-жоқта кіріп кеп, талдырып түсіре жаздадыңыз. Жүрегім орнына енді түсті. «Болар іс болды, бояуы сіңді» дегендей, ақыры кеп қалған екенсіз, ендеше асықпай әңгімелесейік, шайдан ала отырыңыз.
– Айып етпе, өзің ғой кінәлі бұған.
–Қалайша мен кінәлі болам?
– Баяғыда көкеңді «№1-ші» ұры дегеніңді ұмытқан жоқсың ба?
Мұның бетіне ыстық қан лап көтеріліп, ақ қағаздай әдемі өңі алқызыл бояудай боп албырап кетті.
– Ә, анау ма, есімде, бірақ ол уақта мен ойын баласы емес пе ем…
– Сен сонда қателескен жоқсың. Шынында сол аймақтағы «№1-ші» баукеспе мен едім. Сонымды дәлелдейін деп қазір де қарулы күзетіңе де, тіпті, анау сұлу хатшыңа да білдірмей кіріп кеттім. Бірақ ол кезде өзімді сендер санамалап отырған кіл бір алаяқ, жағымпаз, қу, жексұрындарыңның қатарына қосқым келмеді.
Кеңкілдей күліп алған бұл да көкесінен қалысар емес.
– Неге, «№1-ші» бай да бар еді ғой біз «жасаған» тізімде.
– «№1-ші» байың сол кездегі шаруашылықты басқарған Қыдырәлі ме? Оның қалай байығаны саған жұмбақ болса да, маған бес саусағымдай белгілі. Шаруашылықтың үйір-үйір жылқысы мен отар-отар қойларын соның ақылымен базар асыратынбыз. Сырт көзге сыпайы көрінгенмен, нағыз қу түлкінің өзі еді сабаз.
– Ой, сұмдық-ай, не дейт? Қыдырәлі аға да сондай ма еді?
– Бастықтардың өңеші бітеу деп пе ең не? Бүгін сенің де «үш деңгейлі» коттеджіңді көріп кеп отырмын. Қаланың қақ ортасына сапсың. Көлемі мың шаршы метрден асады деді ме?
-Қойыңызшы, ұл-қыздарымның кәсіптері бар, солардың арқасы бәрі.
-Шетелдерде де дүниелерің көп екен. Сендерге қарағанда Қыдырәлінің баяғы байлығы жолда қалған жоқ па?!.
– Қайдағы шетел?
– Жә, қойыңдаршы сондай сөздеріңді. Жаңа Айнабектің баласының үйінен шықтым. Әкесіне құран бағыштайын деп барғам. Сөйтсем, астапыралла, баласы отырған үйдің іргетасына дейін мәрмәр тас қой, айналайын-ау. «Не жұмыс?» десем, «Тендермен айналысам» дейді, ернін сылп еткізіп. Міне, майшелпектің әдірісі! Айнабек байғұс ондай үйді өңі түгілі, түсінде де көре алмай кетті емес пе? Сондықтан ақталма, шырағым.
-Тағы да шай алдырайын ба? Әлде коньяк, виски…
–Коньяк, вискилеріңнің дәмін тендердің миллиардтарын бөліскен-деріңмен бірге көрерсің. Маған шай да жетеді. Қойғам бәрін…
– Оныңыз жөн екен. Көке, бағаналы бері сұрауға бата алмай отыр ем, бұрын бетіңізде мынандай қарабұжыр дақтар жоқ еді, түрменің сойқаны ма, не бәле бұл өзі?
– Е, бұл ұзақ әңгіме…
– Айтсаңызшы, құпия болмаса.
–Айтайын…

 

***

Бір жолы «Арқаның бір қазағы үйір-үйір жылқы айдап шықты. Мақсаты, қыл құйрықтарын мына Шымкенттің мал базарына әкеліп, еліне мол ақшамен, алтын-күміс әшекейлермен қайтпақ екен» деген хабар алдым. «Ол да көп адам боп шулап жүргенді жақтырмайтын кісікиік біреу. Сенің ыңғайыңа кеп тұр» деді, хабар жеткізгендер.
Қашан келеді деп қарап отырам ба, алдынан шығайын, түр-сипатын көрейін, күш-қуатын, әдіс-айласын байқайын деп жолға шықтым. Мал айдаушылардың жолы белгілі: суы, ықтасыны бар, ел қоныстанған, малдың қиы шашылған сүрлеуге таман жүреді. Сондай жолдардың бойындағы бір ауылға құдайы қонақ боп, бала-шағаға көз байлайтын өнерімнің бір-екеуін көрсетіп, демалып жатқанымда үйір-үйір жылқы айдаған батырым да көрінді. Жалғыз емес, қасында жылқы айдаған көмекшілері бар. Бірақ олардың сықпыттарын көріп онша алаңдай қоймадым. Ең басты жау – жылқының иесін алсам, қалғандарының тым-тырақай қаша жөнелетіндерден екенін байқадым.
Түсі суық екен найсаптың, басшыларын айтам да, ол аздай, көп сөйлемейді. Тамақты да сұғына жемейтін, артық еті жоқ, спортшыдай тіп-тік, қарағайдай қақайған біреу. Жылқыларына қарап ем, сұрыпталған кіл сәйгүлік, әрқайсысының құны мәшинеге пара-пар тұлпарлар.
Ертесіне ол жылқыларын өрістете айдап, қыр асып кеткен кезде мен де жайлауға су әкелген водовозға мінгесіп-ұшқасып аудан орталығына жеттім де, одан ары автобуспен Шымкентке келдім. Құдай қаласа, күткен адамым аман-есен болса, осы жексенбі қалайда базардың шетіне ілігуі керек.
Шарадай басымды шақшадай қылған әртүрлі ойлар қажытып жіберді. Шарт та шұрт шайқаса кетсем, әл бермейтіні анық. Бір жылқыны бір өзім құлатып, бір өзім жайғап тастайтын жырындылығым оған жүрмейтін сияқты. Енді не істеу керек? Ойланып-толғанып тапқаным, қулыққа басу болды. Менің бір әдетім ешқашан мылтық, тапанша дегендерге әуес емеспін. Содан ойланып-толғанып базардағы ер-тоқым, жүген, арқан, жіп сияқты ұсақ-түйек сататын жағына шығып ем, пышақтардың түр-түрі самсап тұр екен. Пұлдау үшін «арабтыкі», «түріктікі» деп қояды саудагерлер. Көзім қонышыма сап жүруге ыңғайлысына түсті де, сол жердегі қайрақшыға жүзін ұстарадай лыпытып алдым.
Жылқы саудасы қызып жатыр. Қазақтар, өзбектер, түріктердің тұлпарларды тұрқынан таныйтын небір атбегілері мен сыншылары сонда жүр. Менің қазағым әкелген жылқылардың айналасы да толған делдал, толған алымсақ… Жылқы қараған алыпсатар сияқты ары өтіп, бері өтіп жүріп байқағаным, қазағымның сөмкесі ақшаға толған. Маған жеткен хабар бойынша осы ақшаның біразын алтын мен күміс әшекейлерге айналдырады да, біраз бөлігіне азық-түлік, қымбат мата-сата, тағы басқа алады. Сөйтіп келген жолымен кері қайтады.
Маған керегі де осы, бір-екі қарбызды қоржыныма сап алдым да жолға шықтым. Бағытым өзім қонақ боп кеткен баяғы жайлау. Атын ұмытып отырғаным, көктемеде тасып, жазға салым сылдырап қана ағып жататын бір шағын өзеннің Қисықөткел деген жері бар, аттылы адамдар да, шаруашылықтың көліктері де сол арамен өтетін көрінеді. Сол тұстан тосуға бел байладым.
Бір күн өткенде күткен қонағымның қарасы да көрінді. Өзенді қиғаштай кесіп жағаға шыққан кезде, қарсы келе жатқан адам боп, алдынан шығып сәлем бердім. Темекі сұрап ем, үндемей шақшасын ұсынды. Рахметімді айтып, «аттан түсіп, бой жазыңыз, тұлпарыңыздың да белі талған шығар, тер үккендей уақыт суысын, оған дейін шөл басып алайық» деп, қабымдағы қарбыздың үлкенін шығарып, жалпақтап жатырмын.
Ол ұсынысымды қабыл алып, астындағы атынан түскенімен тізгінін білегіне қыстырып отырды. Қарулы білектің ырқына көнген аты тыпыр етпей тұр.
Ортасынан қақ бөлінген қарбыздың еті қып-қызыл шырын екен, қонағыма күдік алдырмау үшін, сүйсіне жеген боп отырмын. Ол да аптап ыстықтан шөліркеп қалған ба тартынған жоқ. Бірақ, бір қызығы, жеген қарбызының шопақтарының біреуін де жерге түсірмей қалтасына жинап отырды. Ә дегенде оның бұл әрекеті мені қатты таңғалдырды. Сосын күлкімді келтірді. «Арқаның қазағы ғой, бұған шопақ екеш, шопақ та таңсық. Үйіндегі балаларына апарып бергелі отырған шығар. Әлде тұқым ғып егем деп отыр ма екен, байғұс» деп, ішімнен мысқылдап қоям. Бірақ анау қарбыз жеп, шопақ жинаса да, бір қолының қарымен атының тізгінінен айырылар емес. Оның бұл әдеті бір жағынан маған ыңғайлы болды деп қуандым ішімнен. Өйткені ту сыртына шыға беріп, жаны шықпайтын жерден ауыр жарақат салсам қолындағы тізгініне оралып, бірден қолға түсетін сияқты. Бұл кезде қасына ерткен жігіттері қыр асып, көрінбей кеткен. Енді отыра беру кеш.
– Әбден шөлдеп қапсыз, оның үстіне мына қарбыз да тәтті екен. Бірақ мұның оғаш жері бірден қуыққа барды, мен түзге отырып келейін, — деп, орнымнан лып етіп көтеріліп сырт жағынан айнала бердім де қонышымдағы қанжарымды көз ілеспес жылдамдықпен суырып ап, қара санынан қадап кеп ұрдым.
Бірақ одан ары қарай не болғаны есімде жоқ, әлдене басыма сарт ете түскендей болды ма, әйтеуір бір кезде көзімді ашсам мойныма бағана білегінің қарына іліп отырған қайыс тізгінді қылқындыра орап ап, алдына өңгеріп келе жатыр екен. Ыңырсып, кірпігімді қимылдатып ем:
–Ей, сорлы, көзіңді аштың ба? – деді. – Сенің сорлы екеніңді менің жолымды аңдып, жайлауда жалтаң-жалтаң етіп жүргеніңнен-ақ білгем. Одан базарда көрдім тышқан құсап бұқпантайлап тұрғаныңды. Ал бүгін алдымнан шығып, кездейсоқ кездескен адамның түрін көрсеткеніңде, нағыз сорлы екеніңе біржола көзім жетті. Сенің діттегенің менің ақшам мен алтын, күмістерім, анау жігіттер алып бара жатқан дүние-мүлік екенін әуелден-ақ сезгем…
«Сорлы» деп сөйлейтін және сол «сорлы» деген сөзіне жандүниесіндегі бар жиреніші мен жеккөрінішін сыйдырып, аса зілдене айтатын жұмбақ адамға не дерімді білмей, кепкен ернімді тіліммен жалап:
– Су берші, — дедім.
– Зәріңді іш!
– Бір жолға кешірші… қаталап өліп барам.
–Ей, сорлы, саған ұрлық жақпайды, жақса осы уаққа дейін шекең шылқып отырар ең ғой бір жерде. Сен сорлы осы уаққа дейін соны неғып ұқпай жүрсің? Ұрлайсың да ұсталасың, ұсталасың да қамаласың, түрме мен соттың бастықтарына соғым, үйіне ақша керек болғанда қайта шығасың. Қайта ұсталасың, қайта қамаласың. Одан да ата-бабаңның кәсібімен айналыссаңшы…
Ата-бабам егін егіп, диірмен, ұстахана ұстаған деп еститінмін. «Сорлы» деген сөзі сүйектен өткен бәленің «ата-бабаңды, әке-шешеңді білесің бе?» деп, ағаштай қатып қалған білегімен мойнымды езіп кеп жібергенде көзімнен жас ыршып кетті.
– Иә, білем, бір жұтым су берші…
– Ей, сорлы, сенің жаныңды бір жолға қияйын. Бірақ еліңе барып, адал кәсіп ет енді. Тірідей жетім боп жүрген балаларыңды тауып ал. Егін ек, үй сал, бау-бақша өсір, ақ-адал жолға түс. Уәде ме?
– Уәде…
– Ей, сорлы, сен қазір босай сала ұмытасың ғой бұл уәдеңді. Соттың алдында да талай кешірім сұрап, ант-су ішпеп пе ең сен сорлы?!
– Жоқ, бұл жолғы сөзім шын.
– Мен саған сот та, прокурор да емеспін. Ныспым – Айсауыт, ат жалында өскен дала қазағының бірімін. Бірақ менімен кездескеніңді ұмытып кетпеуің үшін «мөр» басып жіберем. Кейін «мөрдің» жұмбағын сұраған адам болса, осы оқиға есіңе түсіп, тәубеңе кеп отырасың. Бірақ мұны – «мөр» емес, сенің тіршілігіңе наразы ата-бабаңның, тағдыр тәлкегіне тастап кеткен қатын-бала шағаңның қарғысы деп біл. Ей, сорлы, ұқтың ба?! — деді де, бағанағы қалтасына сап жинап алған шопақтардың біреуін тілімен дымдап алды да үшкір жағын бетіме тақап тұрып бас бармағымен бырт еткізіп басып кеп қалғанда, қарбыздың дәні ет пен терінің арасына жылп етіп кірді де кетті. Ауырсынсам да, намысқа тырысып, бақырған жоқпын. Бірақ діні қатты бәле екен бір-екі шопақпен тоқтар болмады. Қалтасын толтырып алған қарбыздың дәндерін бірінен кейін бірін бетіме тығумен болды. Есімді бір жиғанда екі бетімнің ауырлап кеткенін сездім. Бірақ енді өкін не, өкінбе не, бәрібір. Едәуір жүрген кезде екі бетімнің терісінің асты шопаққа түгел толып, маңдайымдағы ең соңғы сау жер біткен шақта, талай күн жолын аңдыған «қонағымның» қалтасындағы қарбыз шопақтары да таусылды.
– Бағың бар екен, сорлы…
«Қонағым» маған жиіркенішпен соңғы рет қарады да атынан аударып тастай салған кезде күміс шынжыры жылт-жылт еткен қалта сағатын сауағыммен іле кеттім де, тақыр жерге басымен қадалып, талып түскен адамның кейпіне еніп бүктетілдім де қалдым.
Міне, беттегі қарақотыр дақтардың хикаясы осы. Сен сұрадың, мен айттым, әкім мырза.

***

– Содан?
– Содан не боушы еді, әлгі жанкештілікпен жымқырып кеткен күміс сағаттың ақшасына емделдім. Дәрігерлер шопақтарды шұқылап жүріп тазалағанымен, орны көпке дейін жазылмай іріңдеп, екі бетім адам көргісіз жараға айналды. Бір жарым айдан кейін ол жараның орны қарақотырланды. Қазіргісін өзің көріп отырсың, бетім мен маңдайым түгел қара дақ.
– І… і… ім…
– Алпыстан асқанда бетімнен қыз-келіншек сүйеді деп пе ең, бәрінен де жүрекке түскен дақтың жарасы жаман болады екен. Осы өңірдегі «№1-ші» ұрымын деп дандайсып жүруші ем, әні, менен де зорына тап болдым. Әсіресе, «сорлы» деген сөзі мен өз қарбызымның шопақтарымен өзімді жазалап кеткенін ойласам, әлі күнге дейін намыстан өліп қалғым келеді. «Ей, сорлы, саған ұрлық жақпайды, жақса осы уаққа дейін шекең шылқып отырар ең ғой бір жерде. Сен сорлы осы уаққа дейін соны неғып ұқпай жүрсің? Ұрлайсың да ұсталасың, ұсталасың да қамаласың, түрме мен соттың бастықтарына соғым, үйіне ақша керек болғанда қайта шығасың. Қайта ұсталасың, қайта қамаласың. Одан да ата-бабаңның кәсібімен айналыссаңшы…» деген зілді сөзін қанша ұмытайын десем де ұмыта алмаймын. Мен баяғы сен айтқандай «№1-ші» ұры емес, «№1-ші» сорлы екем…
– ???
– Қазір жұрттың бәрі «Ергештің аты шықпай кетті, өліп қалған-ау байғұс» дейді екен. Бір жағынан олары да дұрыс шығар, өйткені тірі деген атым болмаса, сол оқиғадан кейін өлікке айналғам.
– Ал бұл жерге… маған… қалай кеп отсыз?
– Сені облысқа әкім болды деп естігесін, өліп қалмай тұрғанымда «Баяғы айтқаным айдай келді ме, жоқ па? Ал шыныңды айтшы, «№1-ші» ұры кім екен? Мен бе, әлде сен бе?» деп, өз аузыммен сұрайыншы деп келгем. Сөйтсем, ана қарауылдарың кіргізбейді, сосын «ал, әйтпесе онда» дедім де, баяғы көз байлайтын әдіс-тәсілімді амал жоқ қолдануға тура келді…
– Маған не айтпақсыз сонда?
– Қазір шенеуніктердің бәрі шетінен мәдениетті ұры-қарыға айналды. Қайсысының «нөмірі бірінші», қайсысының «нөмірі екінші» ұры екенін білмейсің. Бірақ бәрінің «бірінші» болудан үміттері бар. Бейнебір бәрі ұрлық жасаудан жарысқа түскендей жымқырып жатыр, жымқырып жатыр. Жымқырғандарын жат елге жытырып жатыр. Ол да бәсекеге айналған. Түрмеде жатқанымда бір дәрігер біздің нәшәндікті нұсқап «Адам «крутой» болған сайын, оның ауруы да «крутой» болады» деп күлдіретін. Сол айтқандай, бүгінде үлкен ұрлықты да үлкен лауазым иелері жасайтын болды. Осыны айтайын деп келдім, басқа не айтам саған.
– ???
-Ал облыстың «№1-ші» мырзасы, рұқсат етсең, мен бұл жерден қарамды батырайын.
– І… і… ім…
Бұл сөзін жұптап, ойланып-толғанғанша Ергеш жоқ болды. Жалма-жан бейнебақылауға қосылған мониторларға үңілген. Қабылдау бөлмесінде ернін бояп отырған хатшы Ергешке орнынан тұрып ізет көрсетсе, полицейлер қолдарын шекесіне апарып, қалшиды да қалды.
– Гүлім, кезекші полицияны қосшы.
Хатшы кезекшіні қосты.
– Менен қазір ғана шыққан кісі кім? Қолыңды шекеңе қойып неге құрмет көрсеттің?
– Ол ма? Ол… облыстық полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Қайыпберген Құлиев қой.
– Жақсы. Түсіндім…
Бұл телефонды орнына қойды да, көзін бір нүктеге қадап мелшиіп отырды да қалды. Беті қанталап, аттан құлап бара жатқан Ергеш көкесінің аянышты түрі көз алдына қайта-қайта келе берді. Жүзі шопаққа толғанша қыңқ етіп дыбыс шығармауға бола ма? Болса, не деген қайсарлық! Оның үстіне талмаусырап құлап бара жатып күміс сағатты саусағымен іле кету деген… сұмдық өлермендік қой!
Ол кезде күміс сағатты қолы жеткендер ғана тағушы еді. Ал кеше тендердің қыруар ақшасынан үміті бар бір мырза бұған «аванс» деп, құны елу миллион теңгедей болатын Rolex сағатын сыйлап кетті. Айтпақшы, онысы қайда? Білегі терлей берген соң шешіп, жазу үстеліндегі телефонының қасына қойып қоймаушы ма еді…

***

Ол сол күні түні бойы ұйықтай алмай, таң атқанша дөңбекшіп шықты. Жоғалған қымбат сағаттың өкініші дейін десе, түсіне қайта-қайта марқұм әкесі кіріп, біресе мұны қара айғырымен алдына сап өңгеріп келе жата ма, біресе бетіне қарбыздың шопақтарын бір-бірлеп шаншып жатқандай бола ма, әйтеуір жанұшыра айғайлап ояна берді. Сосын жынды адамша бетін сипалап, дақтардың орнын іздейді. Түсі екеніне көзі жетіп, оған кәдімгідей қуанғанымен, жансарайының бұлбұл құстары баяғыдай беймарал құйқылжымайтынын аңғарады.
Бұрын зәулім үйіне, ондағы жиһаздарына, жиған-терген дүние-леріне, алыс-жақындағы банктерден ашқан есепшоттарындағы миллиардтарына масаттанып, көңілі шалқып жүретін болса, Ергеш келіп, қап-қара боп кеткен бетіндегі дақтарының хикаясын айтып, «мен сен айтқандай «№1-ші ұры» емес, мен «№1-ші» сорлы екенмін» деп кеткелі ішкені іріңге, жегені желімге айналған.
Ергешті, анау айтпақшы, «сорлы» делік. Ал сонда мұның өзі кім?..

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *