«АРАБ ӨРКЕНИЕТІНІҢ»  ҚАЛЫПТАСУЫНА  ОТЫРАРЛЫҚТАРДЫҢ  ҚОСҚАН ҮЛЕСІ «АРАБ ӨРКЕНИЕТІНІҢ»  ҚАЛЫПТАСУЫНА  ОТЫРАРЛЫҚТАРДЫҢ  ҚОСҚАН ҮЛЕСІ
Бекжан БЕЙСЕНБАЙ   ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі Бекболат Тасболатұлы «Отырар б.з.б. I ғасырда Қаңлы мем-лекетінің үшінші астанасы болды. Отырардың жасын белгілі отырартанушы ғалым... «АРАБ ӨРКЕНИЕТІНІҢ»  ҚАЛЫПТАСУЫНА  ОТЫРАРЛЫҚТАРДЫҢ  ҚОСҚАН ҮЛЕСІ

Бекжан БЕЙСЕНБАЙ

 

ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі Бекболат Тасболатұлы «Отырар б.з.б. I ғасырда Қаңлы мем-лекетінің үшінші астанасы болды. Отырардың жасын белгілі отырартанушы ғалым Бейсенбай Бекжан 2500 жылдан асқан деп (7) ғылыми негізге сүйеніп дәлелдеп отыр. Оны сол жерден табылған археологиялық қазба жүмыстары кезінде табылған заттар да дәлелдей түседі» деп жазады «Қаңлы мемлекеті – қазақ мемлекеттілігінің негізі» (4) атты еңбегінде.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік пединститутының профессоры .Н.По-
душкин бастаған археологтар тобы Түркістан облысы, Арыс-Бадам өзендері аймағында жиырма жылдай қазба жұмыстарын жүргізген. Олар жасы б.д.д. 4 ғасырға дейін жететін 98 елді мекен, 28 ірі қала, 120-дан аса мазарларды ашқан. Олар керемет жаңалықтар ашып, документті фильмдер де шығарып үлгерді. Қаңлылардың сол ерте дәуірде-ақ метал өңдеу, қол өнерде керемет жетістікке жетіп, өз жазуы болғанына айғақтар тапқан (5).
Бұл жазуларды Кляшторный, Аманжоловтар оқи алмапты. Тек 16 жылдан кейін 2006 жылы Ұлыбритания ғалымы Николас Симс-Уильямс оқыды. Жазулар оңнан солға қарай жазылған.
Еуропалық ғалымдар алғашқыда бұл жазуларды арамей жазуы деп шешеді. Көне соғды тілінде жазылған деп есептейді. Бұл жазулар б.д.д. 3 ғасырда жазылған екен. А.Н.Подушкин бұл жазулардың қаңлы жазуы екенін, көне қаңлы тілінде жазылғанын дәлелдеп шық-қан (6).
Әлкей Марғұлан мен Ермахан Бекмахановтар «қаңлы ханының сарайында «Қаңлылардың заңдар ережесі» («Кодекс законов») ілулі тұратын болған» деп жазып кеткен (6).
А.Н.Подушкин бастаған архео-логтардың Арыс-Бадам өзендері аймағында ашқан жаңалықтары қаңлы мемлекетіне тиесілі болғандықтан, қаңлы мемлекетінің астанасы Отырар аймағына да осы жетістіктер ортақ деп санауға болады.
Бұдан шығатын қорытынды б.д.д. III ғасырда Отырардың өркениеті жоғары, өздерінің төл жазуы – қаңлы жазуы болды деген сөз.
Сыр бойында сақтардан кейінгі өз бірлестігін құрған Қаңлы мемлекеті туралы деректер б.д. д ІІ ғ. Қытай деректерінде айтылады. Қаңлы ханының ордасы Отырар (ол кезде Кангу Тарбан деп аталған) қаласында орналасқан.
Б.д.д. 138 жылы Қытай императоры У Ди әскери қызметкері Чжан Цяньды Батыс өлкеге ғұндарға қарсы одақтас табу үшін елшілікке аттандырды. Ол көптеген елдерді аралап, Қаңлы елінде болып, б.д.д. 125 жылы Қытайға қайтып оралды (5). Чжан Цянь астанасы Кангу Тарбан аталатын Қаңлы елі туралы былай дейді: «Бұл ел Кангюй деп аталады. Басқа халықтар шабуыл жасамас үшін аса қолайлы, жан-жағынан биік таулармен, шөл далалармен қор-шалған. Біраз жылдардан бері соғыстың ауыртпашылығын сезбей бейбітшілікте, бақытты өмір сүруде.
Бұл жұрт мамыражай «көк елінен» (Қытайдан) батыс теңізге (Жерорта теңізі) апаратын үлкен жолдың бойында. Осы елдің үстімен жан-жаққа тынымсыз ағылып жатқан әртүрлі зат артылған небір керуендерге қарауға көз тоймайды.
Тұрғындары бойшаң. Қолөнерде де, көркем өнерде де асқан шебер. Жібектен, жай матадан, жүннен тоқылған, теріден тігілген киімдер киеді. Сауда жасағанды жақсы көреді. Тұрғындардың жартысы диханшылықпен, жартысы саудамен айналысады. Жылқының да өте жақсы тұқымын өсіреді. Олардың ішіндегі ең сұлуы қанды тер шығаратын «көк» тұлпарлары.
Абыздары мен ақсүйектері оқып-жаза алады. Олардың шығармалары әрқайсысы әр затты білдіретін, әр қатарға қойылатын 25 белгінің көмегімен жазылады. Кітаптары иленген сиыр терілеріне оңнан солға қарай көшірілген.
Мерекелерде халық бағзы заманалар жайлы ән салуды ұнатады. Өте ұзақ жырларда өмірдің ұлағатты заңдылықтары мен ата бабаларының ерлік істері жайлы тәптіштеп айтылады.
Ұзақ жылдар бойғы бейбіт өмір Кангюйдің халқын аса байытқан, олардың үйлерінде басқа елдерден әкелінген қымбат дүние-жиһаз тіреліп тұр. Осы байлыққа көңілдері көтеріліп шалқыған олар өз елдерін «Бақытты Кангюй» деп атайды».
«Ислам діні тарамай тұрған кезде, Отырар өлкесі, жалпы алғанда Тұранның, Сарматтың көне мәдениеті жоғары дәрежеде болған. Ертедегі мәліметтерде Отырар жоғары мәдениетті қала, оның кітапханасы дүние жүзіндегі кітапқа бай орын болып табылады: осы жағынан ол Александриядан кейінгі екінші орынды алады», деп жазған Александария ғалымы Птоломей (I ғ). Отырар сол Птоломей картасында бар» – деп жазады Ақжан Машанов (1).
«Шын мәнінде көне Отырар кітапханасы көшпелілер әлемінде «екінші даналық үйі» болғанына ертедегі қытай саяхатшысы Лу-Цзиннің: «Отырардың даңқы шарапханасымен емес, мейманханасымен емес, әйгілі кітапханасымен шықты», – деген пікірі дәлел бола алады.»

«ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ
РУХАНИ БЕСІГІ»

«Жібек жолы» бойымен кіре тартқан көпестер ең құнды сыйлық ретінде Отырар әкіміне кітап сыйлауды дәстүрге айналдырды. Тіпті, бұл мемлекеттік рәсім ретінде қабылданып, ресми сипат алды. Бұқаралық ғұлама Рузбехан: «Отырар кітапханасындағы қолжазба кітаптарды тек қала тұрғындары ғана емес, шалғайдағы Сығанақ қаласының тұрғындары да пайдаланып отырды», – деп жазады Жұртбай Тұрсын (3).
1) Араб тарихшысы Табари «Отырар патшасын әл-Мамун (813- 833) халифтің жауларының бірі» деп атапты. Жарты әлемді билеген халифтің жауы дегенге қарағанда Отырар 9-ғасырдың басында-ақ ірі қала болған.
2) Ең атақты араб географы Мухаммед ибн Ахмед әл-Макдисидің (немесе Мукаддаси) шамамен 985 ж. жазылған «Ахсан ат-такасим фи-марифат ал-акалим» атты шығармасында «Фараб ірі қала, ол қажетті жағдайда 70 мыңдай әскер қоя алады, шахристанда жұма мешіті, негізгі базарлары рабадта, қалалық қорған ішінде дүкендер бар» деп жазыпты.
Көне аңыздар Отырардан 411 ғұлама ғалым шыққан дейді. Тіпті мыңнан асады деп жүргендер де бар. Өкінішке орай осы Отырар ғылымының көрнекті өкілдері туралы деректер мен атақты Отырар кітапханасы моңғол шапқыншылығы кезінде жойылып, Орталық Азия аймағында ешқандай дерек қалмаған. Қазір біз Отырардың ғылымы мен өркениеті туралы деректерді археологтардың зерттеулері мен алыс жатқан Қытай, Египет, Араб елдерінен іздеуге мәжбүрміз.
Осы жүздеген Отырарлық ғұла-малардан Ақсақ Темірдің арқасында ғана аты сақталып қалған Қожа Ахмет Ясауи мен оның ұстазы – 32 діннің негіздерін білген Арыстанбаб ғұлама сияқты бірлі-жарымын ғана білеміз. Оның өзінде де Арыстанбабты шыққан тегі араб, Мұхаммед пайғамбардың сақабасы деп шатасып жүргендер де бар. Бірақ, бұл жай ғана аңыз.
Мұхаммед пайғамбарға дейін араб халқының өркениеті өте төмен болғандығы, тіпті жаңа туған қыз баланы тірідей жерге көметін анайылық та қылмыс болып саналмағанын қа-зіргі жұрт біле бермейді. Мұхаммед пайғамбардың жанында Арыстанбаб ғұлама сияқты ірі ғалым түгілі, 23 жыл бойы (610-632ж.ж.) Мұхаммед пайғамбарға көктен түскен Қасиетті Құран Кәрімнің сүрелерін жазып алатын сауатты адам да болмапты. (Мұхаммед пайғамбардың өзі де са-уатсыз болған.)
Құран Кәрімнің сүре-аяттары Мұхаммед пайғамбар өмірден өткеннен кейін барып, бірінші әділ халиф Әбу Бәкірдің тұсында жинақтала бастап, үшінші әділ халиф Османның тұсында толық жинақталып, кітап болып шыққан.
Қазір ғылымда қолданылып жүрген «Араб өркениеті» деген түсінік кейіннен 24-ші халиф, аты халықтың аузында аңызға айналып, «Мың бір түннің» кейіпкеріне айналған Һарун әр-Рашидтен бас-талып, әл-Мамун халифтің кезінде қалыптаса бастады.
«Шығыстық гүлдену дәуірі» тұсында христиан уағызшылар мен тақуалары өртеген «Александрия кітапханасын» қайта түлету мақсатында араб халифтары Харун әл-Рашид (786-809) пен Мамун (813-833) «Даналық үйін» («Байт әл-Хикма») ашып, оны аса бай кітапханамен, обсерваториямен қамтамасыз етті. Дүние ықылымының барлық саласына арналған кітаптарды бір орталыққа шоғырландырып, ғылыми-зерттеу, аударма, кітап шығару жұмыстарымен белсене айналысты» (3).
Халифатты 23 жыл басқарған 24-ші халиф Һарун әр-Рашидтің тұсында (786-809 ж.ж.) Аббасилердің билігі шарықтау шыңына жеттіі. Ғылым-білім және әдебиет биік шыңдарды бағындырды.
Халифатты 20 жыл басқарған 26-шы халиф әл-Мамунның (813-833ж.ж.) кезеңі ғылым-білімнің алтын ғасыры болып саналады. Ол ел басқару ісіне ғалымдарды тартып, Бағдат қаласында «Даналық үйін» ашты. Ол аударма ісін өркендетті. 829 жылы Бағдадта астрономиялық обсерватория салдырды. Ол Бағдадта кітапхана жинақтатып, кезбе ға-лымдарға арнап жай салдырды.
Осы Бағдат халифатында ғылым-білімнің өркендеп, «Араб өркениеті» деген түсініктің қалыптасуына түркі ғалымдарының қосқан үлесі өте зор болды. Бағдаттағы «Даналық үйін» алғаш басқарған Орта Азиялық түркі текті Ұлы ғалым -математик, астроном, тарихшы Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми болды.
Осы араб өркениетінің өркен жаюы-на Отырарлық қаншама ғұламалар да ат салысқан. Әбу Насыр әл-Фарабидің кезінде Бағдат халифінің көптеген уәзірлері Отырарлық ғалымдар болған. Ел басқару ісіне ғалымдарды тарту халиф әл-Мамуннан (813-833ж.ж.) басталады. Әбу Насыр әл-Фараби де халифтың арнайы шақыртуымен Бағдатқа келген.
Қазір біз Отырардан 411 ғұлама шыққан дегенімізбен, солардан аты белгілілері отыздың айналасында ғана. Олардың өзі араб елдерінде қызмет етіп, аттары сақталып қалғандары ғана. Ал Орталық және Орта Азия аймағында болған ғұламалар жайлы ешқандай дерек қалмай, моңғол билігі кезінде жойылып кеткен.
Осы Таяу Шығыс елдерінен табылған Отырарлық отыздан аса ғұламалардың алғашқылары IX ғасырда өмір сүрсе, соңы XIV ғасырға жатады. Бұл Отырардың ғылымы IX ғасырдан бастап өр-кендеді дегенді білдірмейді. Отырадың Ұлы Кітапханасы Египетке I-II ғасырларда-ақ белгілі болған. Сол дәуірдің өзінде осы кітапхананы жинақтаған, осында ғылыммен айналысқан қаншама ғалымдардың болғаны даусыз. Тек ол ғұламалар туралы деректер мен олардың жазған еңбектері және Ұлы Отырар кітапханасы моңғол шапқыншылығы кезінде жойылып кетті. Бізге араб елдері арқылы аты мәлім болып отырған ғұламалар Бағдат халифатында ғылымға жағдай жасалып, Отырарлық ғұламаларды халифатқа жұмысқа тартқан кезден, халиф әл-Мамунның (813-833ж.ж.) кезінен бас-
талады.

1. АББАС ӘЛ-ЖАУҺАРИ

1) Осы араб елдерінен табыл-ған отызға жуық Отырарлық ғұламалардың ішіндегі ең алғашқысы – Аббас әл-Жауһари. ( IX ғ.)
«Аббас әл-Жауһаридің Отырар қаласынан шыққандығын көрсететін мағлұматтар бар. Отырар алқабындағы бір қалашықтың орнындағы төбе күні бүгінге дейін «Жауһар ана» немесе «Гауһар ана» деп аталады.
Аббас әл-Жауһари ІХ ғасырда құрылған Бағдад мектебінің өкілі, жерлестері Хорезми, Ферғани, Мервазимен бірігіп Бағдад обсерваториясы мен «Даналық» үйінің негізін қалаушылардың бірі. Ол осы жерлестерімен бірге 829-830 жылдары Бағдадта және 832-833 жылдары Дамаскіде жүргізілген астрономиялық бақылауларға қатысады. Бұл бақылаулар негізінде «Мамунның астрономиялық таблицалары» деп аталатын еңбек жазылады. Бұл еңбекке Әбу Насыр әл-Фараби үлкен мән берген.
Аббас әл-Жауһари математикамен де шұғылданған. Мәселен, ол «Евклидтің «Негіздерін» кемел-ден-діру» деп аталатын трактат жазған» (2).
2. ӘБУ НАСЫР МҰХАММЕД ӘЛ-ФАРАБИ

Осы отызға жуық ғұламалардың ішіндегі екіншісі әрі ең танымалы Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби. Ол 870 жылы Отырардың жанындағы Оқсыз қаласында дүниеге келіп, 950 жылы Шам қаласында дүниеден өткен. Ол алғашқыда Отырарда қади (сот) болып қызмет істейді. Кейін ғылыммен айналысып, білімділігімен аты шығады. Сол кездегі Орта Азияның Саманидтік билеушісі Мансур ибн Нухтың тапсырмасымен «Әт тағлим әс сани» – «Екінші ілім» деген еңбек жазады. Осы еңбегінің арқасында «Екінші ұстаз» деген атқа ие болады. Елу жастар шамасында Бағдат халифының шақыртуымен Бағдатқа келіп, түрлі салада ұстаздық етеді. Оның Бағдат қаласындағы музыкалық мектебі бүткіл ислам әлеміне әйгілі болды. Бүткіл Бағдат медиктері оны өздерінің ұстазы деп санады. Кейін Мысыр, Алжир елдеріне саяхат жасайды. Өмірінің соңғы кезінде Халабтың билеушісі Сайф ад Дауланың шақыртуымен Сирияға келеді.
Ол араб өркениетінің дамуына өлшеусіз зор еңбек сіңірген Ұлы ғұлама. Ол араб елдерінде жүргенде 164 трактат (200 дейтіндер де бар) жазған.
1) Ол – араб және Еуропа ға-лымдары мойындаған музыканың атасы.
2) Ол – араб ғалымдары мойын-даған шығыс философиясының атасы.
3) Ол – алғаш рет ғылымды жіктеген энциклопедист ғалым.
4) Ол — замандас Бағдат медицина мамандары мойындаған ұстаз әрі қазір медицинаның атасы саналатын Ибн Сина мойындаған ұстаз.
5) Ол – математика саласында көптеген үлкен жаңалықтар ашқан, астрономия саласында құнды еңбектер жазған, физика, химия, минералогия салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған еңбектер жазған ғалым
6) Ол – поэзия туралы еңбек жазған ақын.
7) Әбу Насыр бабамыздың Отырарда, Орта Азияда жүргенде жазған еңбектері сақталмаған. «Әт-Тағлим әс-Сани» атты еңбегі де бізге жетпеген. Қазір араб елдерінде жүргенде 164 трактат жазғаны белгілі.
8) Әбу Насыр әл-Фарабиді кей-бір ғалымдар Бірінші Ұстаз деп атайды.
Әбу Насыр әл-Фараби ғұлама араб елдерінде көне грек ғалымдарының ойларын тереңірек түсіну үшін грек ғалымдарынан грек тілінің логикасы мен грамматикасын үйренгенінен басқа барлық білімді Отырарда, Орта Азияда алған (8).

3. ӘБУ ИБРАҺИМ ИСХАҚ ӘЛ-ФАРАБИ

Атақты неміс шығыстанушысы Карл Брокельманның (1868–1956) «Араб әдебиетінің тарихы» атты еңбегінде: «Әбу Ибраһим Исхақ бин Ибраһим әл-Фараби Түркістан өлкесіндегі Фараб қаласында туылған. Біраз уақыт Забидте тұрды. Сонда жүріп ол біздің заманымызға жеткен негізгі еңбегін жазды. Кейінірек туған қаласында(Отырарда Б.Б.) ұстаздық етті де, соңыра 350/961 жылы осында дүниеден өтті», – дейді.
Оның атақты туындысы «Диуан әл-адаб» («Әдеби жинақ») деп аталады.
«Диуанды» баспаға әзірлеген профессор, доктор Ахмед Мухтар Умар. Көрсеткіштерді дайындаған араб тілі академиясының мүшесі доктор Ибраһим Анис.Алғысөздегі тағы бір төрт беттік мақаланы доктор Ахмед Мухтар Умар жазыпты. Ол Отырар перзенті шығармасының араб филологиясы үшін теңдесі жоқ дүние екенін қадала айтады ол.
Отырар ғалымының аталған «Жинағын» Каирде төрт том етіп (1-том – 481 бет, 1974 жылы шыққан; 2 том 501 бет, 1975 ж; 3 том 470 бет, 1976 ж; 4 том 259 бет, 1978 ж.) бастырып шығарды. Соңғы кітапқа қосымша ретінде 1979 жылы 705 беттен тұратын тағы бір том жарияланған (2).

4) ИСМАИЛ ӘЛ-ЖАУҺАРИ ӘЛ-ФАРАБИ (т.ж.б.- 1008)

Ливандық әдебиетші Ханна әл-Фахури оны араб тілінің лексикография саласының білгірі ретінде таныса, ортағасырлық оқымысты Әбу Мансур ас-Сағалиби (961–1038): «Түркі шаһарларының бірі Фарабтан шыққан Әбу Насыр тамаша да ғажайып адам, араб тілінің нағыз білімпазы еді… » деп жазған.
Ас-Сағалиби әл-Жауһариді тек тілші ғалым ғана емес, сонымен қатар ақын да болған дейді. Шынында да, ол өзінің ең алғашқы ғылыми еңбегі «Китаб әл-арудта» («Өлең өлшемі жайлы кітап») араб поэзиясын терең зерделеп, өзіндік теория жасауға тырысқан. әл-Жауһаридің бұл дүниесінің өзі тұстас ғалымдардың осы тақырыптағы туындыларынан мазмұны жағынан асып түспесе кем соқпайтынын айтады.
…Араб тілі мен әдебиеті, тарихы мен жағрафиясының білгірлері өз туындыларында Отырар азаматы тілдің кейбір мәселелерін сөз ететін «Китаб әл-мұқаддима фин-н-наһу» («Грамматикаға кіріспе кітап») деп аталатын сүбелі еңбек жазған дейді.
Әл-Жауһари өмір сүрген тұс араб тіл білімі саласында көптеген еңбектер жазылып, аталған тілдің сан қырының белгісіз жақтары ашыла бастаған кез. Сондықтан да Отырар перзенті араб тілінің лексикография саласын зерттеумен тереңдей айналысады. Соңыра ол жоғарыда айтылғандай «Тадж әл-луға уа сихах әл-арабийа» («Тіл тәжі және дұрыс» араб тілі) атты, бірақ ғалымдар арасында қысқартылып «ас-Сихах» («ақиқат», «дұрыс») деп аталып кеткен атақты еңбегін жазған. Бұл еңбекті ол бәдәуи тайпалары арасында тұрған кезде бастаған сияқты, өйткені оған өзі жинаған қырық мыңға жуық сөз кіргізген.
…»Әбу Мухаммад ан-Найсабури (орта ғасырлық оқымыстылардың бірі – Ә. Д.) ғұзырындағы кітапханада: «ас-Сихах» – адаб жайлы өзіне дейін жазылған дүниелердің мырзасы. Ол адабтың барлық түрлерін қамтып, басқа кітаптарға шашырап кеткенінің бәрін бір жерге жинап, топтастырған» деп ескерткен. Соған қарағанда әл-Жауһари өз дүниесін жазу үстінде шынында да өзіне дейін жазылған еңбектердің бәрін қарап, араб тілі сөздіктерін жасау жұмыстарының тәжірибесін ғылыми тұрғыдан қорытындылап, ешкімді қайталамай, ештеңені де ұмыт қалдырмауға тырысқан (2).

5. ӘЛАМ АД-ДИН ӘЛ-ЖАУҺАРИ (ӘЛ-ФАРАБИ)

Ол жоғарыда сөз болған әл-Жауһаридің баласы. Ұлы жерлесіміз баласының «Әлам ад-Дин әл-Бағдади» деген тағы бір ныспысына қарап оны Бағдадта туылған деп ойлаймыз.
Г.Зутер де Әбу-л Хасан Әлиді «Математика саласындағы аса күрделі еңбектері мен астрономиялық аспаптар жасауда және пайдалануда асқан шеберлігімен танымал ғалым, оның тамаша шығармалары кең таралған» деп жоғары бағалаған.
Әлам ад-Дин жайлы деректі жоғарыда аталған XІІІ ғасырдың орта кезінде өмір сүрген Ибн Сайд әл-Қифти еңбегінен ғана ұшыраттық. «Ибн Исмаил Әбу-л Хасан әл-Жауһари әл-манғұт Әлам ад-Дин әл-Бағдади деген ныспысымен белгілі. Ол «белгілі әскербасы», ғалым , Бағдадтың даналары мен тамаша ойшылдары арасында геометрия мен математика саласында алғыр ақыл иесі, өте зерек еді» деп жоғары бағалаған.
Әлам ад-Дин негізінен астрономия, геометрия, математика, филология секілді ғылым салаларына қатысты еңбектер жазған (2).
Осы отыздан аса Фарабтық-Отырарлық ғалымдар түрлі салада: математика, астрономия, тарих, филология, діни (хадисші, фикх) және поэзия-ақындық өнерлерімен тарихта аттары қалыпты. Олар өз еңбектерімен араб өркениетінің қалыптасуын өлшеусіз қызмет етті.
Мысалы: 1) Аббас әл-Жауһари түркі текті Орта Азиялық ғалымдар Хорезми, Ферғани, Мервазимен бірігіп Бағдат обсерваториясы мен «Даналық» үйінің негізін қалаушылардың бірі болса;
2) Әбу Насыр әл-Фараби көптеген салаларда: музыка, Шығыс философиясы, медицина, ғылымдарды жіктеу, астрономия салаларында теңдесі жоқ ұстаз болды;
3) Ал Әбу Ибраһим Исхақ Әл-Фараби жазған атақты туындысы «Диуаин әл-адаб» («Әдеби жинақ») араб филологиясы үшін теңдесі жоқ дүние екенін зерттеушілер жазып кеткен.
4)Исмаил Әл-Жауһари Әл-Фараби туралы Ливандық әдебиетші Ханна әл-Фахури оны «араб тілінің лексикография саласының білгірі» деп атаса, оның ғалымдар арасында қысқартылып «ас-Сихах» «ақиқат»аталған еңбегі туралы «Әбу Мухаммад ан-Найсабури «ас-Сихах» – адаб жайлы өзіне дейін жазылған дүниелердің мырзасы. Ол адабтың барлық түрлерін қамтып, басқа кітаптарға шашырап кеткенінің бәрін бір жерге жинап, топтастырған» депжазып кетіпті.
Ғылым-білім мен өркениеттің дамуы үшін мемлекеттің күш-қуаты мен мемлекетті басқару ісі де өте маңызды екені айтпаса да түсінікті. Осы жағынан алып қарасақ, араб халифатының әскери күш-қуаты мен ислам дінінің әлемге кең таралуына түркі текті әскерилердің (салжұқтар, мамлюктер, оғыздар, қыпшақтар, османлылар және т.б.) қосқан үлесі өте зор.
Осы салада Отырардан шыққан тұлғалардан: 1) Әбу Насыр әл-Фарабидің кезінде Бағдат халифіне уәзір болған аты белгісіз (сақталмаған) Отырарлық кеңесшілерді; 2) моңғол шапқыншыларынан ислам дінін қорғап қалуда өлшеусіз еңбек сіңірген Отырарлық әл-Мұзафар Сайф ад-дин Құттызды ерекше атап кетуге болады.
«Құттыз қыпшақтың текті әулетінен шыққан. Бала кезінде Отырар маңында моңғолдардың қолына тұтқынға түсіп, Сирияда египет әмірі Айбекке сатылады. 1250 жылы Мысырдың сұлтаны болған Айбек 1253 жылы Құттызды көмекшісі етіп тағайындайды. 1257 жылы Айбек қайтыс болған соң Мысыр билігі Айбектің ұлы жас әл-Мансур Әлидің қолына көшеді. Осы кезде моңғолдар Бағдадты құлатып, Сирияға шабуылын бастап, бүткіл ислам әлеміне қауіп төнеді.
Осындай бүкіл мұсылман әлемі үшін қауіпті кезеңде жас Әли тақтан түсіріліп, 1259 жылы Құттыз Мысыр сұлтанының тағына отырады. Ол таққа отыра салысымен моңғолдарға қарсы одақтастар іздейді. Ол дөрекі моңғолдардан ығыр болған Палестиналық крест жорықшыларымен келісімге келіп, өзінің бұрынғы досы, кейінгі қарсыласына айналған Бейбарыспен бірігіп моңғолдарға қарсы шығады. Моңғол ханы Хулағудың сөзсіз бас ию туралы талап етіп жіберген елшілерін қырып салып, моңғолдарға қарсы соғысты өзі бастайды. 1260 жылдың 3 қыркүйек күні Сирияның Айн-Жалуд деген жерінде моңғолдарға күйрете соққы береді. Бұл жеңістің арқасында моңғолдардың беті қайтарылып, Сирия мамлюктердің қолына көшеді.
Бұған дейін ешкімнен беті қайтып көрмеген моңғолдарға алғаш болып қарсы шығып, алғаш рет моңғолдарды жеңген билеуші осы Отырардан шыққан Египет сұлтаны Құттыз болды.
Өкінішке қарай, «екі қошқардың басы бір қазанға симайды» деп қазақ тегін айтпаған ғой. Ер Түріктің түбіне жеткен билікке талас Бейбарыс пен Құттызды да айналып өтпепті.
Мысырға қайтар жолда Құттызға бұрыннан кегі бар Бейбарыс мамлюк әмірлерімен бірігіп, 30 қазан 1260 жылы аң аулап жүргенде Құттызды қастандықпен өлтіреді.
Ислам дінін христиандар ұйымдастырған крест жо-рықшыларымен бірігіп жер бетінен жоймақ болған моңғол шап-қыншыларынан қорғауды алғаш ұйымдастырып, үлкен жеңіске жеткен Отырарлық батыр, осы жеңісінің қызығын аз да болса көре алмай, осылайша өз бауырларының қолынан қаза тапты. Кейін Бибарыс та осындай сатқындықпен өзі тәрбиелеген көмекшісі Қалауынның қолынан ажал құшты.
Бұл кезінде әлемді билеген Ер Түріктің ұрпақтарын іштен мүжіп, ақырында түбіне жеткен індет – «билікке талас» ақырында XVIII ғасырда түркілерді бұрынғы өз бодандарына тәуелді етіп тынды.»
Осы мысалдардан көрініп тұрғанындай Отырарлықтар мемле-кетті басқару ісі мен Араб ғылымының негізін қалаудан бастап, тіпті араб тілі мен филологиясының ғылыми негізде қалыптасуына да зор еңбек сіңірген.
Араб елдерінде аты сақталып қалған әрбір Отырарлық тұлғалардың Араб өркениетінің қалыптасуына белгілі бір мөлшерде өз үлесін қосқаны даусыз!

Пайдаланылған дереккөздері:

1) Ақжан Машанов. «Әл-Фараби және Абай». (Алматы. Қазақстан 1994)
2) Әбсаттар қажы Дербісәлі. «IX-XV ғасырлардағы Отырар және отырарлық ғалымдар»
3) Жұртбай Тұрсын. «Жібек жолының рухани бесігі» https://melimde.com/danali-mejegi-jibek-jolini-ruhani-besigi.html
4) Бекболат Тасболатұлы.«Қаңлы мемлекеті – қазақ мемлекеттілігінің негізі» (http://kangly.kz/tarikhtanderek-
ter/325-a-ly-memleketi-aza-memlekettiligini- negizi)
5) А.Н.Подушкин. Тайны государства Кангюй. Дорога Людей.https://www.youtube.com/watch?v=UMbyX_iRA0U
6) А.Н.Подушкин. На каком языке писали 2 тысячи лет назад в Казахстане? Дорога Людей.https://www.youtube.com/watch?v=s1agTIUAn_Q&t=8s
7)Бекжан Бейсенбай. Оты-рардың іргесі қашан қаланды? https://alashainasy.kz/kazak_tarihy/otyirardyin-rges-kashan-kalandyi-63582/
8) Бекжан Бейсенбай. «Ұлы Ғұ-
ламаның шынайы өмірбаяны» https://egemen.kz/article/233348-uly-ghulamanynh-shynayy-omirbayany

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *