Рухани астананың жаңғыруы Рухани астананың жаңғыруы
Жанна Иманқұл, «Жалын» журналының тілшісі   Осыдан екі жыл уақыт бұрын, нақтылай айтсақ 2018 жылдың 19 маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының... Рухани астананың жаңғыруы

Жанна Иманқұл,
«Жалын» журналының тілшісі

 

Осыдан екі жыл уақыт бұрын, нақтылай айтсақ 2018 жылдың 19 маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» заңға қол қойды. «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың санатына жат-қызылсын.
2. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілсін.
3. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп қайта аталсын.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағы-натын және есеп беретін мемлекеттік органдармен бірлесіп:
бір ай мерзімде осы Жарлықты іске асыру жөнінде ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын (жол картасын) бекітсін;
2018 жылғы 1 қыркүйекке де-йін Қазақстан Республикасының заң-намалық актілерін осы Жарлыққа сәйкес келтіруді қамтамасыз ететін шаралар қабылдасын; осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдасын;
2) Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспарды әзірлеуге конкурс ұйымдастыру және өткізу жөніндегі комиссия құрсын.
5. Орталық мемлекеттік органдар және Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жергілікті мемлекеттік органдары тиісті жергілікті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың іркіліссіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдансын.
6. Түркістан облысының жергілікті өкілді және атқарушы органдары, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты меке-мелері Түркістан қаласына көшкенге дейін Шымкент қаласында орналасады деп белгіленсін.
7. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
8. Осы Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», – делінген Елбасы қол қойған қаулыда.
Киелі Түркістан қаласы тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл исі түркі жұрты үшін қастерлі мекен. Ал халқымыз үшін бұл өлкенің орны мен маңызын дәлелдеп жатудың өзі артық. Халықты біртұтас ел етіп ұстауда есімдері тарихта қалған хан мен билер, батырлар мен бектер мекені. Түркістанда тарихтың түрлі шырғалаңында ұлт тағдыры шешіліп, алдағы кезеңдерге жоспарлар құрылған.
Жоғарыдағы жарлыққа қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде Елбасы осы өзгеріс туралы: «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақ-тық құрылысы туралы» заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес бүгін мен қол қоятын жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі», – деген болатын.
Жарлық шыққан күннің ертесінде Жансейіт Түймебаев Түркістан облысының алғашқы әкімі болып қызметке кіріседі. Көп уақыт өтпей, 2019 жылдың ақпан айында оның орнына Өмірзақ Шөкеев әкім болып тағайындалды.
«Түркістан облысы – еліміздің оңтүстігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлік. 1932 жылы 10 наурызда құрыл-
ған. 1962 – 1992 жылы Шымкент облысы деп, 2018 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы деп аталды. 117,3 мың шаршы километр аумақты алып жатыр. Тұрғыны 2000000 адам (2018 ж). Солтүстігінде Қарағанды, шығысында Жамбыл, батысында Қызылорда облыстарымен, оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Облыс құрамында 11 әкімшілік аудан, 4 қалалық әкімдік, 7 қала (Шымкенттен басқа), 13 кент, 171 ауылдық округ, 932 ауыл бар. Қысы қысқа, жұмсақ, қар жамылғысы жұқа, тұрақсыз. Қаңтар айының жылдық орташа температурасы солтүстігінде –7–9°С, оңтүстігінде –4°С» деп жазылған екен википедияда. Иә, ауа-райы, климаты адам тұрмысына қолайлы өлкеде демографиялық көрсеткіштер де жақсы, кәсіптің де сан түрі қарқынды дамыған. Киелі мәнге ие өңірді Түркістан атауымен атап, орталығын       Түркістан қаласына көшірудің тарихи әрі әлеуметтік-экономикалық мәніне зор болатыны анық.
Бұл турасында Елбасы Н.Назарбаев: «Түркістанның халқымыз үшін айрықша маңызы бар. Бұл – Орталық Азиядағы ежелгі қалалардың бірі. 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өттік. Тарихымыздың қилы кезеңдерінде мұнда бүкіл ұлтымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданған. Түркістанда халқымыздың көптеген белгілі тұлғалары жерленген. Жалпы, қала тарихы – барша қазақтың тарихы» деп түйіндеген еді.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды облыс атауы, облыс орталығы деп қана қарамай, оған өте үлкен мән беру керектігін, яғни жалпы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөнінде тапсырма берген болатын.
Президент сайлауында жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымындағы алғашқы сапарын Түркістан өңіріне тәу етуден бастаған болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та осы киелі топыраққа жиі ат басын бұратынын білесіздер. Меніңше, мұның бірінші себебі – халқымыз үшін аса қастерлі саналатын мекенге тәу ету және ата-баба аруағына, аманатына деген құрмет болса, екінші себебі – Ұлы дала еліндегі кешегі, бүгінгі мемлекетшілдік дәстүрге, эволюциялық даму сабақтастығына деген адалдықта жатыр. Мұндай сакральды ұғым-түсінік пен дәстүрге адалдық тек өркениетті, өсіп-жетілген ұлттың ғана қолынан келеді деп ойлаймын. … Оның үстіне, оңтүстік өңір – еліміздегі тұрғындар саны ең көп аймақ. Осы өңірді ұлтымыздың «демографиялық алтын ді-гегі» десек те жарасады. Ал адам капиталы біз сияқты жері кең, елі шағын мемлекет үшін аса өзекті фактор екені айтпаса да түсінікті. Сапар барысында мен облыстың даму жоспарымен, жалпы жағдайымен мұқият таныстым. Алда атқарылатын шаруалар бастан асады. Ол шаруалардың барлығын асықпай-аптықпай, жүйелі, кешенді түрде атқаруымыз өте маңызды», – деген еді.
Бүкіл республика аумағында жүзеге асып жатқан кең тынысты мемлекеттік бағдарлама «Рухани жаңғырумен» қатар, Түркістан облысында өңірді тарихи өзегінен ажыратпай, жаңа сипатта дамыту жұмыстары атқарылып жатыр. Әрине, жұмыр жердегі адамзат баласына төнген індет – коронавирустың кесірінен жарияланған екі жарым айлық карантин шектеулері, одан соң маусымның екінші жартысы мен шілде айында пандемияның елімізде шарықтау шегіне жеткені, өлім көбейіп, дәрі тапшылығы туындауы т.б. қиындықтар – көптеген мақсатты шараларды кейінге ысырды. Адамзатқа жіберілген алапат сынақтан аман-есен құтылайық, бұрынғы қалыпты өмірімізге тезірек оралатынымызға нық сенімде болайық.
Індет салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан жоспар-ланған маңызды іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. 2020 жылы шілде айының басында Түркістан облысының Кентау қаласында 175 жылдығын ел болып атап өтіп жатқан халқымыздың дара перзенті – Ұлы Абайдың ескерткіші ашылды. Ескерткіш авторы танымал мүсінші Бауыржан Жалын өз еңбегі арқылы Абайдай данамызға деген шексіз құрметін білдіре отырып, ұрпақтар санасында ақын бейнесінің жатталып қалуына да өз үлесін қосып отыр. Тұғыры бес метр, биіктігі төрт жарым, жалпы тоғыз жарым метр болатын еңселі ескерткіш Абай көшесінің бойына қойылды. Сонымен қатар, «Ұстаздар» аллеясы да осы ескерткішпен қатар ашылған. Кітаппен басталған аллеяда, өшіргіш, сызғыш, бор секілді ұстаз бен оқушының басты құралдары аллея орындықтарының, шамдар қаламсап кескінінде жасалған. Еліміздегі осындай тың туынды алғаш ойлап тапқан сызу пәнінің мұғалімі Нұрлыхан Ахпамбетовтің еңбегі шынында да өте әсерлі, мәнді жоба болып саналады.
Түркістан облыс орталығы болып бекітілген уақыттан бастап халықтың әлеуметтік ахуалын, тұрмысын көтеру мақсатында қарқынды жұмыстар жасалған. Көпбалалы аналарға көмек мөлшері 40 пайызға артқан. Мыңнан аса көпбалалы отбасылар баспанамен қасматасыз етілген. Көпқабатты тұрғын үйлер салу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Оған дәлел жалпы саны 3 мыңға жуық пәтер пайдалануға беріліп отыр.
Түркістан қаласы қазақ жеріндегі көне, тарихи шаһарлардың бірі. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан сауда -саттығы, қолөнері, сәулет өнері, егін, мал шаруашылығы, өндірісі дамыған мәдени, рухани, туристік, діни орталық болып саналған ежелгі Түркістан бүгінде өзінің өркениетті өмірдегі алар орнын жоғалтпай, ерекше назарға алынып отырған қала.
Түркістан облысында аңызға айналған тарихи бар, қасиеті мен сырын бүккен киелі орындарды «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы тек насихаттап қоймай, нақты іс-шаралар қолған алынып келеді. Тарихи сакральды өлкелер өңірдің рухани байлығымен қатар туристік бағытта да экономикаға қомақты үлес қоса алатынына соңғы жылдарда анық көз жете бастады. Туризм облыс аумағында зор салалардың біріне айналуда. Мысалы, Түркістан қаласына ғана соңғы екі жылда екі миллионға жуық турист келген. Солардың 10 пайызға жуығы шетел азаматтары. Қуанарлық нәтиже, дегенмен толыққанды туристік аймаққа айналу үшін бұл көрсеткіштер аздық етеді. Осы бағытта жетістіктерге жету үшін Түркістан қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімінің ұйымдастыруымен «Тарихи туризм мекені – Түркістан» атты республикалық туристік форум дәстүрлі түрде өткізілуде.
Түркістан қаласында туризмнің басты нысаны «Мемлекеттік тарихи-мәдени Әзірет Сұлтан қорық музейі» орналасқан. Сауран, Үкаш ата, Гаухар ана кесенесіне және қаладан 100 шақырым жердегі Қаратаудағы Жылаған ата үңіріне қызығушы саяхатшылар саны да көп. Бұл жерге жыл сайын екі мыңнан астам адам зиярат етеді. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Қытай сынды көрші елдерден келетіндер бар. Алдағы уақытта Жылаған атаның бөктерінен туристік база ұйымдастыру жоспарға алынған. Туризмнің тағы бір бағыты – емдеу-сауықтыру бағытынына баса назар аударылып отыр.
Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Түркістан қаласының идеологиялық негізде-месін қалыптастыру бойынша, «Рухани жаңғыру» бағдарлама-сын тұғыр ете отырып 4 бағыт айқындалған болатын.
Олар: біріншіден, Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екінші, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы. Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. Міне, осы 4 бағыт бойынша рухани-идеологиялық жұмыстар да жүзеге асып жатыр.
Түркістан қаласын дамыту туралы жоспарға сәйкес көне шаһарда 26 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Олардың құрылысына өңірлер де көмек беріп, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері қатысуда.
Әкімшілік-іскерлік орталығында 16 нысанның құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімдігінің ғимараты (Түркістан обл.), басқармалар ғимараты (Түркістан обл.), департаменттер ғимараты (Түркістан обл.), конгресс орта-лығы (Самұрық-Қазына), медиа-орталығы (Алматы қаласы), Нұр-Сұлтан алаңы (Астана қаласы), оқушылар сарайы (Самұрық-Қазына), стадион (Самұрық-Қазына), музыкалық мектебі (Батыс Қазақстан облысы), цифрлық кеңсе (Самұрық-Қазына), бассейні бар спорт кешені (Petroleum Operating), смарт сити байланыс желілері (Самұрық-Қазына), олимпиадалық резервтегі спорт мектебі (Солтүстік Қазақстан облысы), қалалық саябақ (Алматы, Ақмола, Қарағанды), туризм бағытындағы колледж (Sembol Construction), халыққа қызмет көрсету орталығы (Павлодар облысы) сияқты бөліп алынып, қызу құрылыс жүріп жатыр.
Міне, осылайша тарихы мыңжылдықтарға жалғасатын көне қала заманауи құрылыстар мен техникалардың, маңызды нысандармен толықтырылып, рухани да, сәулеті жағынан да жаңғырған ерекше қалаға айналып келеді.
Түркістан күллі түркі жұртына басқа әулие, әнбиелерді айтпағанның өзінде орта ғасырда өмір сүрген Яссауи бабамыздың есімімен-ақ қасиетті, қастерлі мекенге айналған. Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың қабірінің басына тұрғызылған керемет ескерткіш 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді.
XVI ғасырдан кесенеде және оның төңірегінде қазақ халқының атақты адамдары (Жолбарыс хан, Есім хан, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр, т.б.) жерлене бастады. Халқымызды ұйыстырған, қорған болған жаужүрек тұлғаларымыз жатқан ескерткіш біз үшін баға жетпес байлық.
Кесененің композициялық ауқымдылығы, пропорциялық өлшемінің дәлдігі, үйлесімділігі, шешімінің ұтқырлығы, бұған қоса, өте көркем безендірілуі XIV ғасырдың аяғы мен XV ғасырдың басындағы еліміздің сәулет өнерінің қандай деңгейде болғанын танытады. Бұл ескерткіш Қазақстан мен Орта Азия сәулет өнері нде өзінен кейінгі қаншама құрылысқа үлгі болған. Осы ғажайып мұраның айналасына ғасырлар өтіп барып, салынып жатқан мәдени-рухани мұралардың барлығы уақыт өте маңызды тарихи құндылықтарға айналары сөзсіз.
Қазірдің өзінде көне шаһар өзгерген. Жәдігерлермен заманауи құрылыстар жаңаша үндестік тапқан. Қаланың бас жоспары түгел жүзеге асқан шақта Түркістанның шынымен Рухани Астанаға, түркі әлемінің мәдени рухани орталығына айналғанына куә боларымыз анық.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *