СУРЕТКЕРЛІК  ДҮНИЕТАНЫМ  ӨРНЕКТЕРІ СУРЕТКЕРЛІК  ДҮНИЕТАНЫМ  ӨРНЕКТЕРІ
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі, Түркі Әлемі Халықаралық «Қызыл Алма» сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» сыйлығының лауреаты МОЛДАХМЕТ... СУРЕТКЕРЛІК  ДҮНИЕТАНЫМ  ӨРНЕКТЕРІ

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор,
ҚР Гуманитарлық ғылымдар
Академиясының академигі,
Түркі Әлемі Халықаралық «Қызыл Алма»
сыйлығының лауреаты,
Халықаралық «Бейбітшілік әлемі»
сыйлығының лауреаты

молдахмет қаназ

МОЛДАХМЕТ ҚАНАЗ

 

Суреткерлік – әлем өркениеті тари-хындағы көркемөнер салаларындағы халық ықыласына ие болған туындылар жасаушылардың бағалану көрсеткіші. Адамзат тарихындағы рухани құнды-
лықтар Жер планетасындағы мил-лиондаған, миллиардтаған адамдар бағалауларына ие болғаннан кейін кейінгі ғасырлардағы ұрпақтардың жаңа көзқарастары аясындағы эсте-тикалық қызметімен алдағы мәңгілік қозғалыстағы тіршілік әлемімен бірге жасайды.
Әлем өркениетінің тарихындағы көркемөнер туындыларының ғасыр-лар бойы әрбір жаңа буын ұрпақтың қабылдау ықыласына ие болып, халықтың рухани сұранысына орай өзіндік мәртебелі көркемдік ықпа-лымен ерекшеленетіні анық.
Бұл орайда, қазақ әдебиетінің тарихына XIX ғасырдың 70-шы жылдары жасөспірімдер мен балаларға арналған үздік шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде “Үпка – Дабылдың баласы», «Жер кіндігі» повестерімен жүлдегер атанып әдебиет әлемінде жарқ еткен суреткерлік талантымен танылған көрнекті жазушы Молдахмет Қаназ шығармашылығын даралап айтамыз.
Танымал қаламгердің тіршілік қозғалысындағы үндестіктер мен
қайшылықтарға, түсінісулер мен
қақтығысуларға толы өмір шынды-ғын өрнектеген шығармалары жария-ланған, жарық көрген кітаптары («Сонар», 1973; «Жер кіндігі», 1975; «Арна»,1975; «Ақтайлағым-ай»,1984; «Құм қойнау», 1984; «Армандай алыс жағалау», 1988; «Жаңбырлы жаз», 1991; «Қияндағы күн нұры», 1993; «Жанқожа», 2001; «Упка – Дабылдың баласы», 2002; «Шығармалары. Екі томдық. Т. I. Ескі қыстау. Әңгімелері; Т.2. Кек: Тарихи драма және хикаяттар», 2009) – жазушының суреткерлік дүниетанымын миллиондаған оқыр-
мандарына танытты.
Балалар әдебиетінің әлемдік классикалық дәстүрі бойынша жазған («Чика – Дабылдың баласы», «Ақтайлағым-ай», «Қияндағы күн нұры», «Арғы ауыл мен бергі ауылдың балалары» повестерінде қазақ ауылдарындағы балалардың тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастар жүйесіндегі әрекеттері реалистікпен суреттелген.
Повестердегі кейіпкерлер әлемдегі барлық халықтардың тіршілігіндегі психологиясы үндес балалар. «Чика-Дабылдың баласы» повесінде екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ата-анасы өлген жетімді (Бақытжан-Чика) бауырына басқан, сол ісімен соғыс қасіретін жеңген, адамзат қауымына ортақ адамгершілік-имандылық ұялаған қазақ ауылының гуманистік болмысы дараланған.
«Ақтайлағым-ай» повесінде төрт түліктің төлдерін аялап өсірген қазақ ауылы ұрпақтарының мейірімге, ізгілікке толы жан ділі әлемінің айрықша сезімтал, нәзік болмысын бала кейіпкердің түйенің ақ-тайлағының сойылуынан шошынған психологиялық хал-ахуалын сурет-теумен ұғындырады.
Соғыс жылдарында ер-азаматтар әскерге кеткен кездегі қазақ ауы-лының бас көтерерлері болып қалған ана-әжелердің немерелеріне, жасөспірімдерге, қыз-келіншектерге бас-көз болғандығы, мектеп ғимараты болмаса да ауыл адамдарының үйлерін сабақ оқытуға арнаған мұғалімдер қызметі, жүдеп-жадап отырған ауыл адамдарының қорадағы малын ұрлаған қаныпезерлік, жоғалып кеткен малды иесіне қайтаратын адал пейілділік,т.б. – қазақ ауылындағы тіршілік тынысы. «Қияндағы күн нұры» повесіндегі бала кейіпкер Ералының баяндауымен суреттелген.
Қазақ ауылдарының XX ғасырдың 40-50-жылдарындағы тұрмысы, он-дағы ересектердің де, балалардың да өзара қарым-қатынастары мәде-
ниетінің өзіндік сипаты, көршілес ауыл балаларының біресе татулық-пен, біресе қақтығысумен өтетін өмір шындығы, т.б. – бәрі де «Арғы ауыл мен бергі ауылдың балалары» повесінде реалистікпен суреттелген. Бала кейіпкерлердің (Қожаберген, Шәкет, Тымақбай, Бөлеген тапқыш, Ерболат, жалқау Жанғазы, Ботабай, Нұрғали, Әзен,т.б.) бал дәурен балалық шақ кезеңіне тән бір-бірімен алысатын, жұлысатын, жасырынатын, т.б. ойындары да тартымды баяндалған. Балалардың саналуан ойындары ортасында олардың иттері (Алыпсоқ, Майлыаяқ), т.б. – қайталанбас қызықты сипаттарымен суреттелген.
Әдеби ертегілер – әлем әдебие-тіндегі классикалық дәстүрлі туындылар. Жазушының балаларға арналған әдеби ертегілеріне («Аққанат» ертегі-новелла», «Жайлауы келісіп бейқам жатқан бала батыр Бидастың Майбасар, Майтабан қолбасшы бастаған сарбаздармен Асаталасат атты күлегеш аждаһаға не себептен аттанғаны жайлы: ертегі-повесть») табиғаттағы тіршілік иелерінің (адамдардың,құстардың, аңдардың, түліктердің, т.б.), жәндіктердің – бәрінің де өзара сабақтас, тағдырлас өмір болатын философиясы арқау етілген. Ертегі-новелланың кейіп-керлері Жаужұмыр аңшымен, әйелі, олардың Аққанат ару қызы мен оның жары Сусамыр азаматтық шынайы махаббаты. Аққанаттың аялауымен тіршілік қозғалысындағы мөлдір бұлақтың ағуы, Қызылнар, бұлдырықтар, сауысқандар, қызғыш құс , қаздар, т.б. – бәрі де адамның аялы қолымен ғана қозғалыста болатын шындығымен танылады.
Әңгіме-новелла кейіпкері Аққанатқа қызыққан, бірақ қолы жетпеген қызғаншақ, сұрқия жемқордың қарақұртқа айналып, шағып Аққанатты өлтіргені, жарының өліміне қайғырған Сусамырдың сағыныштан аққуға айналып кеткені туындының көркемдік түйініндей сезіледі. Көлдің ортасында «Ақ қа-на-тым, Ақ-қа-на-тым!» деп күні-түні сұңқылдап жүретін де қоятын болады. Жазда да, қыста да сол көлден шықпады. Қасына ешкімді жолатпайды, жылы жаққа – өзінің ата-анасына ұшып та кетпейді» (Қаназ Ш. Үпка – Дабылдың баласы: Повестер, ертегілер. – Алматы: Жазушы, 2003. -240б.; 187-б).
Әңгімені баяндаушы бала кейіпкердің Қарақұмның алыс бір қойнауындағы шағын ақ шаңдақ сордың жиегінде күздеуде отырғанда сұңқылдаған аққудың дауысының мәнісін түсіндірген әжесінің әңгімесі сипатымен жазылған бұл ертегі – новелланың көркемдік түйіні – тіршілік сұлулығына, жаратылыс үйлесіміне мәңгі қарсы қастандық, зұлымдық атаулыны айыптау.
Жазушы – адамдардың арман-дарының қиялдаумен өрістеуін негіз-ге ала отырып, өмірдің шындық оқиғаларынан көркемдік ойлаудың көріністерін жинақтап түйіндейтін суреткер. Молдахмет Қаназдың бала батыр Бидас, оған өтініш айтқан, тапсырма берген анасы Әлима, қасқыр, түлкі, қария тасбақа әже Жайбасар Майтабан бастаған сарбаздардың (сұңқар,бозторғай, құмырсқа, суыр, трактор), бірлескен іс-әрекеттерімен теңізді, бұлтты, т.б. – бәрін жалмап жұтқан аждаһа Асаталаттан есе қайтарылады. Ертегі-повестің идеялық-композициялық желісінде табиғаттағы адамдардың, аңдардың, жәндіктердің, өсімдіктердің (сексеуіл, дүзген,т.б.), таулардың, даланың, бұлттардың, ғарыштық-ғаламдық кеңістіктегі жанды денелердің және заттардың бәрінің де бірімен-бірі сабақтасқан, бір-біріне нәр беретін үйлесімді тіршілік қозғалысының бұзылуының зардаптары айыпталады.
Ертегі-повестің басты кейіпкерлері бала батыр Бидас – қазіргі заманғы табиғаттың экологиялық апаттарына, дағдарыстарына қарсы күресуші жаңа буын өкілдерінің көркем жинақталған бейнесі. Ал Асаталасат – адамзат өркениетінің бұрынғы-соңғы жетістіктерінің бәрін жалмап жатқан қазіргі заманғы аждаһа-ғаламдастыру экологиялық апатының жинақталған бейнесі. Ертегі-повестері жеті көзді аждаһа Асаталастың өзендерді (Қоғалы өзені, Дархан дария, Мұңбұлақ), Көкшулан теңізі сіміріп салғаны, аспандағы бұлт атаулыны жұтқаны – бәрі де бүкіл табиғатты құрсаулап қамтыған қазіргі заманғы экологиялық дағдарыс әлемінің көрінісі.
Ертегі-повесте Бетпақдалаға алдымен темір адамдардың, одан кейін Асаталасаттың келуі – қақтығыстардың шиеленісті сәті. «Жалғыз Құралай» тарауындағы дарқан далада ғасырлар бойы емін-еркін тіршілік еткен кейіпкердің қырғынға ұшыраған аянышты тағдырларын Жезкиік кейіпкердің ойланысымен суреттеген:
«Осылай мамыражай ғұмыр кешіп жүрген кездерінде темір мылтығы, темір доңғалақты машиналары, темір жүректері бар темір адамдар келіп, ой, айтары жоқ, бұларды алағай да бұлағай қуғын-сүргінге салған. Бетпақдаланың ақ шаңдағын шығарып, олай да қуған, бұлай да қуған. Темір адамдар көзге түрткісіз тастай қараңғы түн ортасында бұлар өмір-бақи көрмеген де білмеген жарқыраған от шашып, көздерін сол жарыққа шағылыстырып алдаған. Сол темір кісілер бұның жарақаттанып қалған апа, сіңлісі, балалары, балаларының әкесі, ағайын-тума, ағайын-жекжаттарын темір машинаның жәшігіне салып, жезкиіктің аяғы жетпейтін бір жаққа алып кеткен еді.
…Содан Жезкиік болса салдыраған ылғи темір пәлелерден қашып, бетінің ауған жағына – Бетпақдаланың бір түкпіріне лағып кеткен болатын» (Қаназ М. («Чика – Дабылдың баласы» …189- б.).
Ертегі-повестегі сатқын пенделер-дің (ала сауысқан), екіжүзділердің (қызыл түлкі) бейнеленуі – өмір шындығын танытудың нақты көрсеткіші. Ертегі-повестің көркемдік түйіні – Жаратушы Алла негіздеген ғарыштық-ғаламдық кеңістіктегі, Жердегі бүкіл тіршіліктің табиғи заңдылықпен даму қозғалысын сақтау.
Жазушының повестері – дәстүрлі прозаның көркемдік талаптары аясында жазылғандығымен ерекшеленеді. Повестердің тақырыптық арқауы – қазақ ауылының тұрмысы. «Құмқойнау» повесінің басты кейіпкерлерінің (Тоғанас қария, Құланбай, Саба-лақ, Тайқара, ферма бастығы Мұхаметшәріп, ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Тортай,т.б.) — тіршілік қозғалысындағы қазақтың ата-бабалық жолын ұстанудағы ұстанымдары мал баққан кәсіби іс-әрекеттері – бәрі де әрі қайшылықты, әрі үндес өмір шындығының күрделі болмысы сипатымен бейнеленген. Повестің композициясындағы әлеуметтік психологиялық желі – адамдар қарым-қатынастарындағы жақсылық пен жамандық тартысының реалистік шындығы. Повесть құрылысындағы қойшылардың (шопан
дардың) бейнеленуінен жылдың барлық мезгілдерінде де көшумен жүретіні, жазғы аптапта да, қысқы аязда да малдың амандығын, өсіп-өнуін қамтамасыз ететін бейнетті еңбек сипатын көреміз. Повесть кейіпкері Тоғанас қария – малын жақсы бағуы арқылы еңбек абыройы биіктігіне көтерілген халықтық тұлға.Оның қара жорғасын баптап, бәйгеде жүлдегер болғаны, сол жорғаны еркіндігіне бос жіберіп алып, ақырында жоғалтып, ең соңында сол атты иеленіп, машиналарына тиеп алғандардан өз малын өзі танып ала алмағаны нанымды. Боранда машинасы бұзылып далада қалған ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Тортайды, оның жүргізушісін үйіне әкеліп сауықтыруы, артынан бұған дейін үйіне қонақ боп келгенде нәпсіқұмарлығы жирендірген Тортайға кешіріммен қараған Тоғанас мінезінің қазақы ірілігі аңғарылады.
Повесть кейіпкерлері Мұхаметшәріп те, аудан басшыларының бірі Тортай да, совхоз директоры да – барлық абыройды да, атақты да жыл он екі ай уақытын малды бағумен өткізгендер шопандар арқылы көрінетіні – тіршіліктегі соған ұқсас адамдарға тән сипат. Повестегі реализм – кеңес кезеңіндегі шопандар тұрмысының суреткерлікпен бейнелене баяндалуы:
«…Арық-тұрықтарды баптау – өз алдына бөлек бейнет. …Кемпірі арық-тұрыққа су жылытады, екі үйге бірдей от жағады, мерзімінен бұрын қалдырмай тамақтарын дайындайды. …Қараңғы түскенде барып кірпіктері қимылдап келіп сүріне құлайды. …Аяғынан жайылмаған малды тойындырудан асар тозақ жоқ. …Жапыра жеген соң мардымсыз шөп те ойсыраған. Тым болмағанда әзір талғау етерліктей шөп жеткізіп, қораның айналасынан, ауыл маңынан шағын да болса өріс ашып алатын бульдозер жіберетіні, жем үстемелейтіні, қосымша көмекші беретіні бар еді. Қазір өзегі үзілейін деп тұрған дер кезінде солардың бірде-бірі жоқ…» (Қаназ. М. Шығармалары. Екі томдық. – Астана: Фолиант, 2009. Т.2. Кек: тарихи драма және хикаяттар. -424б.; 220-221-бб).
Повестің көркемдік түйіні – фәни дүниедегі саналы ақыл-ой иесі адамдардың бәрінің де өздерімен аралас-құралас жүрген адамдардың қитұрқы қылықтарына да, тұтқиыл келген ажал құрығына да төзімділікпен шыдас беретін психологиялық хал-ахуалын оқырманға сезіндіру. Повестің басталуындағы Ақауыз ана-бүркіттің көкті шарлауы, «…әлдеқандай беймаза күйге түскен» (101-б) «ақ кірпіктері толық сары шал…» Құланбайды барлауы табиғат кеңістігіндегі бірін-бірі танығысы, білгісі келетін тіршілік иелеріне ортақ дүниетаным тұтастығын дәлелдейді. Тамағынан ас жүрмейтін науқасқа ұшыраған Құланбайдың көңіл-күйі («Жетпіс жылғы арпалыс, қуаныш-сүйініш, бейнет, кек, үміт – бәрі де сарқылды деген – сөз», (05-б) де повестің идеялық-көркемдік желілерін айғақтай түседі: «Өз қолымен жинаған малын қимайды, соңғы рет қарап келмекші, асықпай түгендей көріп, көзімен ішіп-жеп, біржола қоштасып қайтпақшы» (Қаназ. М. Шығармалары.Екі томдық.Т.2. …105-б). Повестегі Құланбай мен Тоғанастың үндес көзқарастары арқылы тұрмысы малмен сабақтасқан халқымыздың қимасындай болған түліктерінен амалсыз ажырайтын пұ-
шайман хал-ахуалын байқатады. Адам атаулының өз жан ділінен берік орын алған қимасынан амалсыз ажырайтын мүшкіл хал-ахуалын жазушы психологиялық шынайылығымен се-зіндіреді.
«Жер кіндігі» повесінде қазақ ауылындағы орта мектептің мұғалімдері ұжымының педа-гогикалық-психологиялық жағдайы сыншыл реализм сарынымен өрнек-телген. Повестің басты кейіпкері Таңат Есіркегенов – Көркемсурет училищесін бітіріп, туған ауылындағы мектепке қызметке орналасқан жас педагог маман.Өзі он жыл бойы білім алған мектебіне қайта оралып мұғалім болып орналасқан Таңат өзінің ұнамды кескін-келбетімен де, мінез-құлқымен де оқушыларға айрықша әсер етеді. Сурет сабақтарында суретші мұғалімнің бормен тақтаға жануарлардың су-реттерін, ауылдың көріністерін салғаны, табиғатты тамашалатып саяхатқа шығарғаны, сегізінші сыныптан кейін әкесі оқудан шығарып алып, теміржолдың қараушысы болып жұмыс істеп жүрген Ерғазының бұған суреттерін көрсеткені, т.б. – бәрі де кейіпкер Таңаттың ауыл мектебі балаларының шығармашылық ізденістеріне ықпал етеді.
Повесть сюжетінің шиеленіскен жері – бозбала Ерғазының оқушы бойжеткен Мархабаттың суретін салғаны, оған ғашықтық хатын жазғаны. Мектептегі жоғары сыныпта оқитын оқушы қыз және ер балалар арасында болуы табиғи осы жағдайды арнайы педагогикалық кеңеске салып талқылаған мектеп директоры Тілеумұраттың, қужақ атанған пәлеқор Ырзалы мұғалімінің іс-әрекеттеріне жас мұғалім Таңат қарсы болады. Мархабатқа Ерғазының сүйіспеншілік хат жазғанын қыздың әкесі Бимырза да орынсыз санамайды, қайта мақұлдайды.
Сюжеттік шарықтау шегінде әкесі Өсердің қырсық мінезіне күйінген Ерғазы пойызға жаншылып өледі, ал баласының өнерін қуаттаған, арманын мақұлдаған Таңатты айыптап, оны соққыға жығады.
Повестің көркемдік түйіні – әрбір қазақтың ұлттық жан діліне тән өзінің ата-бабаларының, ата-анасының, өзі-нің кіндік қаны тамған туған жерін, атамекенін кіндігі санайтынын бағалау. Туған ауылындағы жақсылыққа, шынайы өмір сұлулығына жаны қас, әпербақан, көркеуде пасықтардың қырсықтарын басып-жаншып қарсы тұратын адал, ақкөңіл, қайырымды, жаны сұлу, дархан адамдардың мол екендігі де шығарманың поэтикалық мағыналы астарларымен сезіледі.
Жазушы Молдахмет – адамдардың саналуан қуанышқа да, қасіретке де толы тағдырларының әлеуметтік болмысын психологиялық сипатымен бейнелеген суреткер жазушы. Жан дүние әлеміндегі асыл қасиеттер (мейірім, қайырым, жомарт, мәрт, кешірім, еңбексүйгіш,т.б.) және жексұрын сұрқиялықты (екіжүзді, қызғаншақ, күншіл, сатқын, мәңгүрт-көзқаман, мансапқор, пайдакүнем, тұрлаусыз,т.б.) көркем шындық поэтикасымен бейнелеудегі суреткерлік-ойшылдық, қайраткерлік-сыншылдық шеберлігі көркем прозалық әңгімелерінен, повестерінен байқалады. Жазушының әңгімелеріндегі жаратылыс кеңіс-тігіндегі барлық тіршілік иелерінің әрқайсысына тән өзіндік тағдыры, түйсік, ұстаным болатыны дәлелденеді.
Енесінен туғаннан оның сүті-нен, жарық дүниедегі сан алуан көріністерден, дыбыстардан, адамдардың өзін иеленуінен тірші-лікпен қоян-қолтық өмір сүрген Теңбілкөктің көкпар сайысындағы үздіктігі, індікешке омақаса құлаудан иесінің опат болғанына күйзеліп жылағаны, алысқа әкетілсе де өзінің Көкқабақтағы өз үйіріне келгенмен үйірдің қазіргі айғыры Құлажиреннің қанды шабуылына, жаңа иесінің ұрып-солғуына ұшырағанына қорланып айдалаға қашып жалғыз жүретін саяққа айналғаны «Саяқ» әңгімесінде суреттелген.
Саяқ жүрген сәтте Теңбілкөкті қуғыншының мылтықпен атып жаралағаны, ақырында өзін аңдыған, қуалаған арлан мен қаншық қасқырл-арға қанша қарсыласып беріспесе де, ақыры солардың талауынан өліп бара жатқан сәті – фәни дүниенің арпалыспен өтіп, ақырында асыл жаратылыс иелерін қомағай қу құлқын жыртқыштарының қапысын тауып мерт қылатынының өмірнамалық көрсеткіші. Әңгіме құрылысындағы Теңбілкөк жоқта үйірін иеленген Құлажиреннің шабуылы да, саяқ жүргенде қара бұжыр қуғыншының қуалап, атқылап жаралағаны да, қаша жүріп тепкілесе де, аузымен тістесе де өшіге-өршелене қуалап, жабысып, ақыры бөксесіне, алқымына жабысып жыққан арлан, қаншық қасқырлар да – бәрі де асыл тектілерге қастық-қысастық, жауыздық жасаушылардың көркем жинақталған бейнелерінің көрсеткіштері.
Жазушының «Ескі қыстау» әңгі-месіндегі Төрткөз қаншық туған топырағынан ешқашан ажырағысы келмейтін тіршілік иелеріне тән қасиет иесі. Бопыр қоралы ескі қыстаудан қалаға қоныс аударғанда Төрткөз өзі туып өскен қонысты аңсаумен болды. Үй иелері Бәлдір бала мен оның әкесі жаңа қоныста – қалада Төрткөздің көп иттермен таласуынан кейін шынжырлап тастады, бір сәт босанғанын пайдаланып Төрткөздің үшкүншілік жердегі (қала – Үкілісай-бекет, Кеткенсу-Үйректі-Тайпақ фер-ма-ескі қыстау) ескі қонысына оралуы – шығарма сюжетінің дамуы мен шиеленісуі тоғысуы. Себебі, ескі қыстаудағы бұрынғы иелерінің бірі Ернияз қария қуанғанмен ол паналап отырған осы қоныс иесі Қалыш кемпір мен оның қамытаяқ қарабұжыр тапал байы Төрткөздің өзін де жақтырмайды, Бөрібасар екеуінің достығынан пайда болған жеті күшікті шұңқырға көміп өлтіреді. Мейірім иесі кейіпкер Ернияз қарияның осы сәттегі көңіл-күйі («қап-қара болып түтігіп, көзі алашапыраштанып үлкен сойқанды бастауға үйге қарай аяқтарын аннан-саннан бір басып адымдай жөнелді» (81-б.) де, «Алпыстан асқан шал, мүгедек Ернияздың ет жақын туысы жоқ», (82-б.) жетім екендігін жазушы оқырманға баяндай келе, жеңгесімен ұрысқаннан кейін «тарлан ұрыскер» Қалыштың оның жалғыздығын, қаңғымалылығын қазбалай қамтып, шалдың жалғыз жастығын, көрпесін көр-жерін бұрқылдатып бетіне шашады. Күшіктерді тірідей жерге көмдірген өзін әбден сөгіп, қорлап қуып шыққан Қалыш жеңгесіне ашуланған Ернияз шал басқа ауылға аттанады, Төрткөзді ертіп алады. Әңгіме сюжетінің шарықтау шегінде Ерниязға ергісі келмей ескі қыстауға қайынқаптал иттің қайта кетіп бара жатқаны арқылы туған топырағынан ұзағысы келмейтін, қорлық-азар, қасірет көрсе де бейтаныс өлкеге барғысы келмейтін тіршілік иелеріне ортақ көңіл қалауының құдіреті дәлелденген.
Әлем әдебиетіндегі анималистік тақырыптағы туындылар дәстүрімен жазған жазушының «Ит өлім» әңгімесінде иесі Антонина Григорьевна кемпірдің сүйікті қандені Димкасының иесі өлгеннен кейінгі тұрмысқа еш көндіге алмай, сол бұрынғы үйінің алдында суықта иесін күте-күте қатып өлгенін оқимыз.
Әңгіменің түйіні – «Итті иесімен қинасын» атты қазақ мақалының шындығын дәлелдеу. Әңгіменің идеялық-композициялық бөліктерінен туған анасы Антонина Григоревьнаны жалғыз қалдырып, өздерімен-өздері ғана болып жүрген балалары – екінші «Орбитада» тұратын үлкен қызы Ольга Григорьевна Калашникова, Новосібір жақтағы подполковник оташы ұлы, Душанбедегі есепші қызы – бәрі де аналарын жалғыз қалдыратын қазіргі заман адамдарының басым бөлігін құрайтын қатыгез перзенттердің көркем жинақталған бейнелері. Кейіпкер-жазушы мен әйелі Бағдат арқылы Алматыда пәтерден-пәтерге көшіп өмір сүрген қазақ қаламгерлеріне ортақ тағдыр келбеті де айқын көрінеді. Қазақ «Ит – жеті қазынаның бірі» деп бағалаған. Ал,әлем өркениеті тарихында құстарға, хайуанаттарға орнатылған ескерткіштер де мол.
Мысалы, Өзбекстанда Шыршық қаласында ақын Р.Ғамзатовтың өлеңі бойынша орнатылған «Тырналар», Хибиндегі Мончегорск қаласындағы бұланға, румын қаласы Сынджорджул – де Муреште жылына сегіз мың литр сүт берген сиыр-рекордшы жанындағы бұзауы бірге тұрған ескерткіші орнатылған. Ал, адамзаттың алғашқы қауымдық құрылыс кезінде тамағы, кейіннен күзетшісі, аңшылықтағы көмекшісі, кейіннен әскери қызметтегі, ғарышты игерудегі, қазіргі дәуірде қылмыстық істерді ашудағы тапқырлығы, ғылыми тәжірибелер жасаудағы пайдаланылуы – бәрі де иттің өркениеттегі маңызды орнын танытып отыр.
1935 жылы әйгілі физиолог И.П. Павловтың ұсынысымен Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербургтегі) экспериментальдық медицина институтының физиологиялық бөлімінің жанындағы Лопухиндік көшедегі 12 үйдің (қазір академик Павлов көшесі бағында орнатылды. (Самин Д.К. 100 великих памятников.-М.: Вече, 2009.-432с.; с.359-362)
Жазушы Молдахмет Қаназдың ит туралы көркем әңгімелерін оқып отырып, қаламгердің өмір, тұрмыс қозғалысындағы адам мен оны қоршаған тіршілік иелері тағдырларын қақтығыстарымен, қайшылықтарымен сабақтастыра өрнектеген суреткерлік ұстанымын сезінеміз.
Қазақ – ел тарихындағы дерек-ті оқиғаларда, олардағы тарихи тұлғалардың нақтылығын, шынайылығын жадына сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген халық. Әлем өркениеті тарихында «Бабалар сөзі» атты жүз, «Маржан сөз» атты он томдықтарды және т.б. ондаған антологиялық жинақтардағы фольклор мен ауызша әдебиет мұраларын жадқа сақтап жеткізу қасиетінің де дара иесі – қазақ халқы. Жазушының «Бұру жол» атты әңгімесіндегі сюжетінің арқауына алынған мәселе – қазақтың елішілік жер дауы кезіндегі Жанқожа батырға байланысты айтылып жүрген қаңқу әңгіменің жалған екендігін әшкерелеу, аруақты әулие батырдың дара тұлғасын пендешілік жаладан аршып алу. Әңгіме кейіпкері «Ат жақты, шоқша жирен сақалды, шүңірек көзді, осы өңірде бірде «қыңыр», «қияс», енді бірде «шатақ» деп аталатын арық шал Пірімбет» (105-б.) – бұл атақтардың тек ғана тура сөзді, шыншыл мінезі үшін алған адам. Бұл осы әңгімедегі кейіпкер Оқастың («Оқас тығыршықтай мығым, елуді енді ғана алқымдайды, айналаға сыйлы, шашырап асып-тасу жоқ, шаруасына мықты, пысықай. Ферма бастықтықты да айналдырғанына он шақты жылдан әрі аунады. Әлі біреуге беретін сыңайы жоқ, ауданға да, елге де майлы қасықтай» (108-б.) ел аузында айтылып жүрген Жанқожа батырға Тайлақ атты кісінің тоқалынан туған Ізбасар деген баласының найза салғанын, бірақ сол Ізбасардың батыр қарғысынан күл шығып өлгенін баяндауынан туындайды.
Жалған сөз – бұру жолдың баламасы. Оқас баяндаған жалған оқиғаны әшкерелеу үшін жолсапардан мүлде алыс жердегі ел тарихының шындығын білетін Сатыбалды ауылына («Сатыбалды – осы маңдағы сөз ұстаған көнекөз қария. Аяқ жетер жерде оған тұрмайтын адам табыла қоймас. Қалпалы жоқ қара қылды қақ жарған дерлік бір сөзді»(116-б) қарай қиыс, бұру жолмен барып, шыншыл ақсақалдың төрелік сөзін тыңдайды. Әңгіменің көркемдік түйіні арқылы Сатыбалды ақсақалдың деректі – төрелік әңгімесі мен кейіпкер қария Пірімбеттің шыншылдық ұстанымы арқылы бұру жолда дақпырт, жалған әңгімеге үйір Оқас сияқты халық тарихын, асыл тұлғаларды қаралаушылар айыпталған.
Жазушының барлық әңгімелерінде де жеке адамдардың тұрмыстық-әлеуметтік ортадағы өзіндік мінез-құлық психологиясының дара-
лана мінезделуі айрықша назарға алынады. Әңгімелердегі кейіпкерлердің адамгершілік-имандылық қасиеттерінің тұрмыстық қарым-қатынастар жүйесіндегі танылуы, өзара қақтығыстары, үндестіңктері өмір сүру философиясы заңдылықтары аясында суреттелген.
Жазушының «Кек» атты тарихи драмасының тақырыптық арқауында XIX ғасырдың 1845-1865 жылдарында Сырдария өзенінің төменгі ағысы жағалау атыраптарындағы Қазалы бекінісі мен Қызылқұм өңіріндегі Қазақ халқының ұлттық-азаттық көтерілісі оқиғалары алынған. Әрқайсысы жеті көріністен тұратын екі актілі тарихи драманың сахналық қойылымға лайықталған құрылымындағы негізгі тартыс-қақтығыс – Ресейдің отаршыл билеушілері мен батыр, би Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған ұлттық-азаттық көтерілісшілері арасындағы оқиғалар негізінде суреттелген. Тарихи драма сюжетіндегі негізгі байланыс – батыр, би Жанқожаның Сырдария өзені төменгі ағысы жағалау атыраптарын солтүстіктегі Ресейдің отаршылдық құрсауынан, ал оңтүстіктегі Қоқан, Хиуа хандықтарының шапқыншылық-басқыншылық, тонаушылық әрекет-терінен қорғап, азат ету жолындағы жанкешті күрескерлік-қайраткерлік іс-әрекеттері, ойлары. Жанқожа батырдың маңындағы сенімді серіктерінің (Бекмырза – жас жігіт, жүзбасы, би, пысық; Итжемес – Жанқожаның үлкен ұлы; Шағырай – Жанқожаның атқосшысы, ширақ кісі; Сәйеке – Мүсірәлінің шөбересі, Жанқожаның бір етіп ұстап отырған адамы, т.б.) және маңына ұйысқан қалың жұртшылықтың қоолдауымен басқыншыларға да, отаршылдарға да ырық бермеген, жеңісті, жемісті күрес қимылдары пьесаның сахналық баян-
даулары (монологтар, диалогтар), көріністері арқылы дәлелденген. Тарихи драманың бас кейіпкері Жанқожа батырдың екінші көріністегі монологы күрескер түптұлға батырдың драмалық кейіпкер тұғырындағы азаматтық-отаншылдық рухты психологиялық ойлау ұстанымын көрерменнің санасына танытатындай әсермен берілген:
«…қырға шықса, көп темір құрсанған, қаптаған кәуір. Сырға түссе, қылышы жалаңдаған Қоқан мен Хиуа. Қайда барсаң Қорқыттың көрі боп шықты. Сонда бұл қазақ шыбын жанын қай жерге барып сақтамақ? Жан қысылғанда торғайдың да паналарлық бұтасы болушы еді, жұртым енді кімді пір тұтпақ? Қай бұтаның көлеңкесіне барып бас сауғаламақ? Есесі кеткен қазақтың үлесін алып бере ме деп дәме етіп жүрген қаптаған қиқым төрең мынау, тамақтары қай жерде тойса, соның босағасын күзетіп, бірімен-бірі қырықпышақ боп, бақ таластырғансып шілдің боғындай тозып жүрген. Сөйтіп, хандықтың да берекесін алып тынды. Бауырластар болса, екі дайып, Бірінің көңілі – кәуірде, енді бірінің құбыласы – Хиуа. Бірлігі кеткен берекесіз бейбақтың басына әркім әңгіртаяқ орнатпай қайтушы еді? Қыспақ екі өкпеден бірдей түсті-ау. Жұртым-ай, қайсысының елшілігіне жүгіреріңді білмей бозөкпе боп сорласаң нетті? (Қаназ М. Шығармалары. Т.2. …15-б).
Жазушының осы «Кек» тарихи драмасы – Қазақ хандығының азып-тозып, ақырында XIX ғасырда Ресей патшалығы отарлық құрсауының біртіндеп күшейіп, сол отаршыл зымиян саясатқа көнбеген халық қарсылығын танытатын туынды. Пьесаның бас кейіпкері Жанқожа орыс отаршылдарына, Қоқан озбырларына, жергілікті опасыздарға (В.И. Перовский – Орынбор генерал-губернаторы; В.В. Беглов – Ырғыз бекінісінің бастығы, полковник. Орыс отаршылдары, итаршылары-көзқамандар, сатқындар: Елікей – старшын, орыс армиясының полковнигі, Бабажан сарт, Жанғазы сұлтан, Дәрімбет би, Сейіл, Мұхамедхасан – Мұхамед-шафих Ахмерұлы – Орынбор шекаралық комиссиясының кіші тілмашы) қарсы халық қозғалысын бастап, талай рет шеуші шайқастарда жеңіске жеткендігі пьеса көріністерімен дәйектелген. Тарихи драма сюжетінің шарықтау шегінде Жанқожа батырдың орыс отаршылдарының аярлықпен ұсынған сыйлықтарынан, атақтарынан бас тартқаны, отаршылдармен ауыз жалас-
қан елішілік арамойлыларға ырық бермегені сахналық көріністер оқиғаларымен танылады.
Пьеса сюжетінің шиеленісті сәті – Елікей сұлтанның айтақтауымен Сейіл Байқадам баласы бастап келген бұзақы қарақшылардың қолынан Жанқожа батырдың қапыда қаз табатыны. Жанқожаның: «…осыдан аттай бес жыл бұрын Ырғызда Арыстан төренің алдында әлім мен табын алыс-берістеріңді есептесіп, екі жақ бітісіп баталаспақ па едіңдер? Бата Құдай сөзі емес пе? Батадан соң бітіп болмайтын бұл қай құн?» (89-б.) деген уәжді сөзін тыңдамай, қапылыста қоршаған көзқаман-сатқын қазақтар өз батырын өздері атып өлтіреді.
Тарихи драманың көркемдік-идеялық түйіні – би, батыр Жанқожа бастаған халық ерлері рухының мәңгілік сақталатынын дәлелдеу. Пьеса соңындағы тұлпар Көкешкіні іздеген Жанқожаның, оған жауап ретінде тұлпарының кісінеген дауыстарының қосыла өріле естілуі арқылы жазушы мәңгілік Тәуелсіздік, еркіндік іздеген Ұлы Дала Еліне тән асқақ романтикалық қаһармандық рух сарынын сезіндіреді.
Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ әдебиетіне өзінің көркем прозадағы әңгімелерімен, повестерімен, «Кек» тарихи драмасымен ұлттық рухани құндылық қазынамызға мол үлес қосқан көрнекті жазушы-суреткер Молдахмет Қаназ шығармашылығы қазіргі және болашақ оқырмандарының эстетикалық дүниетанымын терең-деткен тағылымымен болашақ ұрпақтарға да рухани қызмет ете береді.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *