ҚОҢЫЗ ҚОҢЫЗ

ҚОҢЫЗ

15.05.2020 0 1 961

Ырысбек ДӘБЕЙ, 1979 жылы Алтай аймағында туған. «Шық тұнған жолдар» атты өлеңдер, «Әкелеріміз айтатын әңгіме» атты эсселер, «Мөлтіл» атты әңгімелер мен хикаялар жинағының, «Жылқы... ҚОҢЫЗ

Ырысбек ДӘБЕЙ,

1979 жылы Алтай аймағында туған. «Шық тұнған жолдар» атты өлеңдер, «Әкелеріміз айтатын әңгіме» атты эсселер,

«Мөлтіл» атты әңгімелер мен хикаялар жинағының, «Жылқы атылған жаз» романының авторы. «Жалын»,

«Жұлдыздар отбасы», «Ақ желкен» журналдарында, «Қазақ әдебиеті», «Астана ақшамы»

газеттерінде жұмыс істеген.

ЖАЛҒАСЫ

Сегізінші тарау

1

Ыңырсыған, жылаған дауыс талып естілді. Саламат көзін әрең ашып, кеберсіген ернін жалады. Үстінен төне қарап тұрған үш адам жаңбыр тамшысы жосыла аққан терезе сыртында тұрғандай бұлдырап көрінді. Оның тісі тісіне тимей, қалшылдап кетті. Оң жақ иығының астына біреу найза сұғып алғандай шаншып ауырды.
– Уһ, жаным-ай, Алла! – деп ол жан дауысы шыға ойбайлады.
– Шыдаңыз, қазір скорый шақырамыз, – деп төне қарап тұрған жігіттің бірі тарсылдатып есік қақты.
Саламат өзін қаумалаған жігіттердің көп қабатты үйлердің бірінің подъезіне кіргізгенін аңдады. Жылаған бала, зарлаған әйел, ыңырсыған жаралылар дауысы анық естіле бастады. Подъез іші азан-қазан, у-шу. Әлгі жігіт есікті тарсылдатып, үдете ұрды. Сәлден кейін барып есіктің арғы жағынан:
– Кім бұл?! – деген әйелдің дауысы естілді.
– Есігіңізді ашыңызшы! Адамдарға оқ тиді!
– Қазір!
Есік ашқан үлкен кісі:
– Ойбай! – деп кері шегініп кетті.
– Апа, скорый келгенше екі адамды үйіңізге кіргізе тұрайықшы, жағдайы ауыр, – деді есік қаққан жігіт.
– Кіріңдер, кіріңдер! Қорқып, есік ашпай отыр едім. Айдың, күннің аманында не заман болды мынау!
Саламат арқасынан аққан жылымшы сұйықтықтың ышқырына толып, шылқып кеткенін сезді. Өзін ішке алып кіріп, еденге жатқызған жігіттердің бірі жедел жәрдемге телефон шалып, сөйлесіп жатты. Ол қасындағы жаралының біресе маңдайын, біресе қолын ұстап, қарысында отырған Мұратты көрді. Көзі мен көзі түйілісе қалды. Саламаттың үні көмейінде жұтылып:
– Інің бе? – деген сөзді әзер айтып, көзін жұмды.
Ол көзін ашқанда аузына су тамызып отырған бейтаныс әйелді көрді. Ернін жалап, әлсіз жұтынды. Таңдайы кермек татыды. Маңайында қараң-құраң адамдар жүр. Саламат қасындағы жаралыға бөгежектеп укол салып жатқан дәрігерге әлдекімнің:
– Сонша кешіккендерің не?! Адамдар қансырап өлетін болды! – деп зіркілдей сөйлегенін естіді.
– Үлгермей жатырмыз, жаралылар өте көп. Мына жігітті носилкаға салып, шығара беріңдер, – деді дәрігер.
Жанына зәмбіл әкеліп қойған жігіттер бас-аяғына шығып, көтеруге ыңғайланды.
– Абайлап көтеріңдер, – деді дәрігер.
Жерден жамбасы көтеріле бере Саламат бақырып жіберді. Иығының төменгі тұсы солқ етіп, шаншып ала жөнелді. Көз алды кіреукеленіп, қалқып ұшқан үлкенді-кішілі сансыз шеңберлер бір-бірімен матасып, қара ноқатқа айналып кетті.
Алыстан балалардың дауысы естілді. Бір ырғақпен:
– Ей, көп қоңыз, көп қоңыз,
Кебенегі көк қоңыз.
Желге мініп келдің бе?
Ей, сары қоңыз, сары қоңыз,
Кебін киген нар қоңыз,
Менен қашып көрдің бе? – деп өлеңдетеді.
Балалар бірте-бірте жақындай түсті. Бөгежектеп, жерден терген жәндіктерін дәу қапқа салып, мәз-мейрам. Шыт көйлегі желбіреп, айқайлап соңдарынан ерген балғын қызға ешқайсысы бұрылып қарамайды. Қыздың жылаған дауысы балалардың өлеңін естіртпей қалды. Сұңқылдаған дауыс Саламаттың құлақ түбінен естілді. Ол көзін ашты. Төбеден салбыраған электр шамының күші жарығы көзін қарықтырып жіберді.
– Құлыным-ай, Тәңірге не жазып едік сонша!
Ыңырсыған, ойбайлаған адамдар дауысы тынбайды.
– Болды, балаңызды көрдіңіз. Шығып кетіңіз енді! Ауыр жаралыларды Аққалаға жібереміз қазір.
– Жағдайы ауыр ма баламның?
– Иә. Шықсаңызшы, кедергі жасап тұрсыз!
– Шығайын, дәрігер! Аузын тезірек тігіңізші, сұрағаныңды берейін! Баламның ештеңеге қатысы жоқ, жай жездесінің машинасында кетіп бара жатқан.
Еркек зірк ете қалды.
– Сөз түсінбейсіз бе, шығыңыз! Мұн-
да сіздің балаңыз ғана жатқан жоқ, қолымыздан келгенді жасаймыз!
– Жақсы, жақсы!
Саламат ауруханада жатқанын аңдады. Екі қолтығының астын ақ дәкемен орап, шаңдып байлап тастапты. Ол төсектің темірі батып жатқан мойнын еппен бұрды. Қасында қақиып тұрған әйел көз жасын сүртіп, көзілдірігін тақты. Еденде жатқан жас жігіттің аузы ырсия жыртылып, езуі салбырап кетіпті. Астыңғы тістері ақсиып, қызыл иегі көрінеді.
– Шығыңыз деймін!
Қақиып тұрған әйел еңіреп жылап, еденді шылпылдата басып, тұтқасына дейін қызыл ала қанға боялған ақсұр есіктің алдына барып тоқтай қалды.
– Дәрігер!
– Барыңыз енді!
Әйел шығып кетті. Есікке қарама-қарсы жатқан Саламат еденде шылқып, ластанған шашылған су емес, төгілген қан екенін білді. Терең тыныс алып еді, басы зеңіп, көзі қарауытып кетті. Мұздаған бойы дір-дір етті. Сол қолымен маңайын сипалап, қарманды. Қолына төсектің суық темірінен басқа, ештеңе ілікпеді. Ол көзін жұмып, қинала ыңырсыды. Тасыр-тұсыр дауыс шықты. Саламат көзін сығырайта ашып, шалқасынан ашылған есікке қарады. Есік көзінде зембіл көтерген екі жедел жәрдем қызметкері тұр.
– Қайда әкеле жатсыңдар?! Өзі қуықтай бөлмеде он бес адам жатыр, мұнда орын жоқ! – деп айқайлады дәрігер.
Зембіл көтерген екеу шегініп шығып кетті. Есіктен ақ халатты, маска тартқан, қолында шприці бар жас қыз кірді.
– Найқалмай, тез болсаңшы! Наркозды ана аузы жырылған жігітке сал! – деп дауысын көтере сөйледі дәрігер.
Анестезиолог қыз тұсында жатқан жаралыға наркоз салды. Оның аузын тігіп, орнынан тұрған дәрігер Саламатқа бұрылып:
– Саған қазір тағы обезболивающий салады. Сені Аққалаға жөнелтеміз, – деді.
Көзі қып-қызыл болып қанталаған дәрігер масканың оң ілмегін қалқан құлағынан шығарды. Самайынан аққан тер мойнына құйылады. Ол ақ шала бастаған мұртын жеңінің сыртымен бір сүртіп, мұрнын тартты.
– Дәрігер, – деп қинала сөйледі Саламат. – Жағдайым ауыр ма?
– Іштегі оқты алу керек, көп қан жоғалтқансың, – деп дәрігер палатадан шығып кетті.
Іле-шала бос зембіл көтеріп, палатаға кірген ақ халатты аурухана қызметкерлері аузы жырылған жаралыны алып, палатадан шықты. Жылдам оралған екеуі Саламатты тік көтеріп, зембілге жатқызды.
– Уһ! – деп бір ышқынды Саламат.
Зембіл көтерген еңгезердей екі еркек коридорда ыңырсыған жаралыларды аттап-бұттап, шылп-шылп басып төменгі қабатқа түсті. Аурухана іші у-шу, азан-қазан. Саламат жаралы тәнін әлдекім бетонмен қатырып, азаптап жатқандай сіресіп, оң жақ қапталы аяғының ұшына дейін ұйып кетті.
– Ішке кіргізіңізші мені!
– Дәрі-укол әкеліп едім, жіберіңізші!
Саламат аурухананың сыртында ішке кіре алмай, есік алдында топырлаған адамдарды көрді. Әйелдердің кейбірі зар жылап, зембілді жанасалай еріп, бетіне үңіледі. Ол әйелін көріп қалардай бетіне үңілгендерге теселе қарап жатты. Бірақ ешкімінің түрін анық көре алмады. Көз алдынан алабажақ, бұлдыр-салдыр кескіндер өтті. Суық түнді түтін басып, күкірт иісі мүңкиді. Анда-санда атылған оқтың дауысы естіледі.
Саламатты көтеріп, жедел жәрдем көлігіне алып кірген екеу оны аузы жырылған жас жігіттің жанына жатқызды. Кептеліп, иығы иығына батқан оның денесі қалшылдап, дір-дір етеді. Көлікке кірген көзілдірікті әйел қоңыр пальтосын шешіп, қанға боялған футболкамен ғана жатқан жас жігіттің үстіне жапты да:
– Соңыңнан барам, құлыным! – деді.
Ол көзілдірігін алып, сорғалаған жасын сүртті.
– Апа, көліктен түсіңіз болды. Жаралыларды әкеле жатыр! – деп айқайлады әлдекім.
Көзілдірікті әйел қыстыға жылап, шегініп кетті. Жедел жәрдем қызметкерлері көлікке тағы екі жаралыны әкеліп, екі шетке отырғызды. Есігі тарс жабылған көлік орнынан қозғалды.
Жедел жәрдем көлігі кедір-бұдыр жолда тербеліп, теңселген сайын жара-лылардың азабы асқынып, іштегі ыңқыл-сыңқыл үдей түсті. Саламат қинала ыңырсып, кеберсіген ернін жалады. Құлағы тарс бітіп, көз алды күңгірт тартты. Ол бөгежектеп жәндік терген балалар сұлбасын көрді. Шыт көйлегі желбіреп, балалардың соңынан жүгірген балғын қыздың атын айтып, айқайлағысы келді. Бірақ жағы қарысып, тілі икемге келмеді.

2

– Ер азамат емес пе, аман болса келер. Денсаулығың да әлсіз, мына топалаңда, түн ішінде қайдан іздейсің? Таңға дейін күтейік, өзі де кеп қалар Жарығы құрғыр да өшіп қалды. Сағат қанша болды өзі? – деді енесі есік алдында тұрған Гүлназға.
– Оннан асты. Болмаса больница жақтан қарап келейін, жақын ғой. Алаңдап тұрмын, мама.
– Мейлі, барсаң барып кел. Абайлап жүр.
Киініп, дайын тұрған Гүлназ ұялы телефонының әлсіз жарығын жағып, есіктен шықты. Подъез іші қап-қараңғы. Ол ептеп басып, баспалдақпен төменге түсті. Сырт аяз, жел соғып тұр. Анда-санда тарс-тұрс атылған оқтың дауыс естіледі. Гүлназдың бойы қалтырап кетті. Ол күртесінің жағасын көтеріп, бас киімін төбесінен басып-басып қойды. Үйлердің арасымен келе жатқан оның алдынан тасыр-тұсыр жүгіріп, ызалана боқтанып бір топ адам өтті. Гүлназ қараңғы көшені бойлап, аурухананы бетке алды. Жарқылдаған көк маягі алыстан көрініп, өзіне қарсы келе жатқан полиция машинасы тұсына келіп, тоқтай қалды. Көліктен секіріп түскен еңгезердей екі ОМОН жасағы Гүлназды білегінен шап беріп, дедектетіп сүйрей жөнелді.
– Мародер сука!
– Жіберіңдер! – деп айқайлады Гүлназ.
Үрейі ұшып, әлсіз бұлқынған оны екі білегінен темірдей тегеурінмен қысып, дырылдатып сүйреген жасақтар ГАЗель автокөлігіне әкеліп тықты. Автокөлік жүріп кетті. Іште бір қыз, бір еркек отыр. Жас қыздың шашы дудырап, өңі бозарып кетіпті. Елу жас шамасындағы еркектің ерні дүрдиіп ісіп, бір көзі көгеріп, жұмылуға шақ қалыпты. Гүлназ ГАЗель-дің артқы жағында отырған екеуін көзімен шолып өтті де:
– Қайда апарасыңдар? Жіберіңдер мені! – деп есікке қарай ұмтылды.
Есік жақта отырған жасақтың бірі орнынан ұшып тұрып, дубинкамен оны басынан салып қалды. Гүлназдың таңдайы сүттің дәмі татыды. Құлағы шыңылдап, көзі бұлдырап, шалқалап барып, орындыққа сүйенді. Жағасына қылқындыра қысқан тегеурінді қол нығарлап, орындыққа отырғызды. Гүлназдың денесі еркіне көнбей дірілдеп, қалшылдап кетті. Үрейленіп, қыстыға жылады.
Шоқырақтап аз жүрген ГАЗель автокөлігі тоқтады. Сырғыма есік айқара ашылып, жасақтар секіріп-секіріп түсті. Іштегілерге:
– Шығыңдар! – деп айқайлады.
Гүлназ бір қолымен басын ұстап, ГАЗель-ден шықты. Көлік алдына келіп тоқтаған үш қабат, көксұр ғимараттың терезелері түгел жарқырап жанып тұр. Ғимараттан оза шыққан кішілеу кіре берістің маңдайшалығына көк фонға жазылған «полиция» деген ірі ақ жазу бірден көзге түседі.
Көлік жанына тағы бетін тұмшалаған бес-алты ОМОН жасағы жетіп келді. Олардың екеуі Гүлназды сүйреп ғимарат ішіне кірді. Іште ұсталғандарды желкелеп жұлқып, ары-бері қайшалысқан полициялар қаптап жүр. Бақырған, ойбайлаған дауыс естіледі. Жасақтар Гүлназды жер төлеге алып жүрді. Сұр баспалдақтар қызыл қанға боялыпты. Олар жертөледегі темір есіктің бірінің алдына келіп тоқтады.
– Сука!
Желкесінен қысқан темірдей қол Гүлназды ішке итерді. Ол дедектеп барып әлдекімге соғылып, бойын түзеп алды. Қарсы алдында шашы дудырап тұрған әйелге:
– Кешіріңіз! – деп имене сөйледі Гүлназ.
Ол қабырғаға барып сүйеніп, солқылдап ауырған басын ұстады. Күңгірт, тастай суық тар бөлменің бұрышында алты-жеті қыз-келіншек отыр. Кейбірі жалаңаш, қос қолдарымен төсін қысып, дір-дір етеді. Қабырға, еденге қан дақтары жұғыпты. Гүлназдың буыны құрып, сылқ етіп отыра кетті. Көзінен аққан жасты сүртіп, мұрнын қорс-қорс тартты.
Темір есік шақыр-шұқыр ашылды. Бөлмеге бетін тұмшалаған үш жасақ кірді. Бірінің қолында белбеу, екеуі дубинка ұстапты. Бұрышта ұйлығып отырғандар орындарынан ұшып-ұшып тұрды.
– Тұр орныңнан!
Бетін тұмшалағанның бірі Гүлназды қолтығының төменгі жағынан тепті. Ол домалап түсті. Тынысы тарылып, үні шықпай қалды. Қатты соққы өкпе-бауырын езіп жібергендей болды. Етпеттеген күйі қол-аяғын қозғап, ыңырси берді.
– Мародерлер, сука!
Жасақтар әйелдерді дубинка, белбеумен сатырлатып сабай жөнелді.
– Ешқандай ұры, қарақшы емеспіз! Ұрмаңдаршы!
Жалбарынған, бақырып, ойбайлаған дауыстар тас қабырғаны жаңғыртты. Гүлназ сүйретіліп орнынан тұрды. Екі жасақ екі қызды шашынан сүйреп, камерадан шығып кетті. Бүктеп ұстаған белбеуін алақанынан шартылдатып ұрып Гүлназдың жанына келген жасақ:
– Жаңа келген сен бе?! – деді.
– Иә, – деді Гүлназ оның қара бетпердеден жылтиып тұрған көзіне үрейлене қарап.
– Жүр!
Гүлназ жасаққа еріп қалшылдап, дірілдеп есіктен шықты. Жертөленің бірінен қыздардың шыңғырған дауысы шықты.
Гүлназ екінші қабатқа әзер көтерілді. Бүйірі шаншып ауырып, қолын қабырғаға тіреп, еңкейіп тұрып қалды. Қолының білезігінен шарт еткізіп белбеумен ұрған жасақ:
– Жүр! – деп зірк етті.
Коридордың түкпіріне келіп тоқтаған жасақ қоңыр есікті жұлқи тартып ашты.
– Кір!
Қарулы қол Гүлназды желкесінен қысып ұстап, ішке итерді. Ол бір-екі аттап барып, қолымен жер тірей жығылды. Үрейі ұшып, қалшылдап-дірілдеп орнынан тұрған оған:
– Ана жерге отыр, – деп төрде отырған полицей иегімен бос орындықты нұсқады.
Гүлназ орындыққа отырып, қарсында жазу жазып отырған полицейге қарап, жылап жіберді. Ол:
– Так! – деп қаламын үстелге тастап, орнынан тұрды. – Қиратып, шағуға қатыстың ба? Әлде бұлап-талауға ма?
– Еш жазығым жоқ, аға! Күйеуімді іздеп шығып ем, осында алып келді. Жазықсыз ұрып-соқты! – деп Гүлназ кемсеңдей сөйледі.
– Күйеуімді дейсің бе? Ол қайда кетіп еді? Түн ортасында үйіне қайтпай, не істеп жүр ол? Ереуілге қатысты ма? Мен тергеушімін, шыныңды айт!
– Жоқ, ешқандай ереуілге қатысы жоқ.
– Аты кім?
– Саламат.
– Саламат дейсің бе? – деп тергеуші ойланып қалды. – Аты таныс. Қай жерде тұрасыңдар?
– Төртінші микрорайон, – деді Гүлназ.
Ол лоқсып, құсып жібере жаздады.
– Өз аты-жөнің кім? – деп тергеуші орнына отырып, қолына қаламын алды.
– Гүлназ Қайнарбекова, – деп ол қайта лоқсыды. – Жіберіңізші, мен гемодиализбін.
– О не зат?
– Бүйрегім істемейді. Аппаратпен тазалайды. Ертең больницаға баратын күнім, – деп Гүлназ қинала сөйледі.
– Өтірік айтып отырған жоқсың ба? Алдаймын деме, ертең бәрібір тауып аламыз.
– Алдап қайтейін. Міне, аға, аппарат қойған жерлер, – деп Гүлназ білегін түріп, тергеушіге тыртықтарын көрсетті. – Жаңа бүйірімнен тепті, қатты қиналып отырмын. Жіберіңізші, аға!
Селдір мұртты, қарны қабақтай тергеуші қаламымен үстелді тақылдатып, үнсіз отырып қалды. Бөлмелердің бірінен жан дауысы шығып, бақырған ер адамның дауысы естілді. Гүлназ есікке бір, тергеушіге бір қарап:
– Жіберіңізші, – деп сыбырлай сөйледі. – Енді подвалға жібере көрмеңіз.
– Қалада коменданттық сағат, жіберсем, бәрібір алып келеді, – деп тергеуші орнынан тұрды. – Қазір.
Ол бөлмеден шығып кетті. Бөлменің есігі жартылай ашық қалды.
– Қолыңды қой!
– Қоймаймын!
– Қой деймін, блять!
– Жоқ!
Сатыр-сұтыр дауыс шықты. Қиналып ыңырсыған ер адамның үні өшті. Гүлназ есікке үрейлене қарады. Мазасы кетіп, ұйыған аяғын әрі-бері қозғады. Бүйірі шаншып, басы солқылдап ауырды. Жүрегі айнып, қайта-қайта құрғақ лоқсыды. Бес минуттан кейін қолында тілкемдей қағазы бар тергеуші қайтып келді.
– Мә! Мынаны ал да, жөнел. Алда-жалда ұсталып жатсаң, көрсетесің, – деп ол таңба басылған тілкемдей қағазды Гүлназдың қолына ұстатты.
– Рақмет, аға! Жақсылығыңызды ұмыт-паймын.
– Түнде албаты жүрмеңдер! – деп тергеуші қолын бір сілтеді.
Гүлназ полиция мекемесінен шықты. Мекеме алдындағы жолға борты бүркеулі әскери машиналар бірінің соңына бірі келіп тоқтады. Ол жолдың қарсы бетіне өтті. Машинадан дүрс-дүрс секіріп әскерилер түсті. Айқайлап, бұйрық берген дауыстар естілді. Гүлназ жан-жағына сақсына қарап, алға ілгерледі. Үскірік жел қойын-қонышын аралап, бойын мұздатты. Жүре-жүре көшенің бұрылысына келген ол дымы құрып, бүйірін таянып, алқынып тұрып қалды. Аз-кем аялдап, қайта жүрді. Мұрнына түтін иісі келді. Тынысы тарылып, адымы ауырлай түсті. Кенет қара күртесінің бір-екі жеріне қызыл ноқаттар пайда болды. Қызыл ноқаттың бірі бет-аузына түсіп, күшті сәуле көзін шағылыстырды. Ол алақанымен бетін бас-ты.
– Стойт!
Алысырақтан әлдекім айқай салды. Тасыр-тұсыр жүгірген аяқ дыбысы шықты. Гүлназ қалтасындағы тілкімдей қағазын қолына алды. Жүгіріп жеткен бір топ қарулы жасақ Гүлназды айнала қоршады.
– Мені қазір жіберді! Міне, көріңіздер!
Бетін тұмшалаған жасақтың бірі Гүлназдың қолындағы қағазды жұлып алып, қағаз бетіне прожектордың күшті жарығын түсірді. Ол қағазды Гүлназға беріп:
– Кет! – деп бақырды.
Гүлназ сүрініп, жығылып жүріп үйіне әзер жетті. Тарсылдатып есік қақты. Есік ашқан енесі:
– Ойбай! – деп шегініп кетті.
Оның қолындағы балауыз шамның жарығы теңселіп, әлсіреп барып қалпына келді.
– Қызым-ау! Түріңе не болған?!
– Жатайыншы, мама. Мені ұрды, – деді Гүлназ өксігін баса алмай.
– Ұрғаны несі? Кім ұрды?
– Көшеде жүргеннің бәрін полиция ұстап, подвалға тығып, ұрып-соғып, ойна келгенін істеп жатыр.
– Не дейді?! Не сұмдық мынау!
Гүлназ сырт киімін шешіп, төсегіне барып құлай кетті. Басы ине сұққандай шаншып ауырды. Лоқсыған сайын шекесі солқылдап, көзі бұлдырап кетті. Балауыз шам көтеріп, бас-аяғына шығып шыр-пыр болған енесінің сұлбасы бірте-бірте бұлыңғыр тартты. Балауыз шамның жарығы көбелекке айналып, қалықтап барып, терезеге қонды. Терезе жап-жарық болып кетті. Ол терезеге жабысып, өзіне қарап тұрған әкесінің түрін анық көрді. Қан саулаған білегін кеудесіне қойып, телміре қарайды. Анда-санда қолын бұлғап, шақырып қояды.
– Әке!
– Қызым-ау, не істейін енді! Көзіңді ашшы!
Гүлназ көзін сығырайта ашты. Енесі аузына су тамызып, басында отыр. Бөлменің іші бұлыңғыр. Ол терезеге үрейлене қарады.
– Мама, пердені жауып қойыңызшы. Мені алып кетпекші, – деп Гүлназ сыбырлай сөйледі.
– Құдай-ау, не дейді?! Кім әкетпекші! – деп енесі көзінің жасын сүртіп, терезе пердесін жауып келді. – Давлениең көтерілген секілді, дәрі бердім. Температура да бар. Скорыйына да, басқасына да хабарласа алмай қор болдым. Ешқайда телефон жалғанбайды. Шыда, қызым, таң атуға аз қалды.
Гүлназ алыста қалған ауылын, ішкілікке салынып, қапияда көз жұмған әкесін есіне түсірді.
Сол жылы он беске енді келген балау-са қыз едім. Екі інім кішкентай, бастауыш сыныпта оқиды. Шешем мектептің еденін жуып, азырақ тиын-тебен табады. Бір үйлі жан сол болмашы тиынмен күнелтеміз. Әкемнен қайыр жоқ. Күнде арақ ішіп, қайда болса, сонда түнейді. Кейде балшыққа аунап, жолда жатқанын көріп, біз – балалары қатты намыстанатынбыз. Шешем қанша көнбіс, шыдамды болса да ақыры жүйкесі сыр бере бастады. Әкемізді үйден қуып шықты. Ажырасуға арыз да беріп қойды. Біз шешемізге жалынып жүріп, райынан әзер қайтардық. Әкеміз үйге оралды. Арағын қойған жоқ, үдете ішті. Бір күні шешем екі інімді ертіп, көрші ауылға қыдырып кетті. Үйде жалғыз қалдым. Әкем күндегі әдетінше жай келеді, болмаса үйге келмейді. Есікті бекітпей, ашық қойдым. Өзім тоқыма тоқып түннің бір уағына дейін отырдым. Кенет есікті біреу жұлқып ашты. Әкем екен. Ішке кірмеді. Табалдырықта тұрып, ашық тұрған есікті тарсылдатып ұра берді.
– Ей, әнәс-с… Есікті аш! – деп айқайлады.
– Есік ашық тұр, – деп тоқымамды жерге қойып, орнымнан тұрдым.
– Аш деймін, сука!
Әкемнің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып табалдырықта тұрып алды. Барып кіреберістің жарығын қостым. Әкемнің үсті-басы шаң-тозаң. Әбден майланып, білтеленген бұйра шашы көзіне түсіп, есіктің тұтқасын ұстаған күйі теңселіп тұр. Қайта-қайта түкіріп, көпіршіген аузын сүртеді. Көздері қып-қызыл болып қанталап кетіпті.
– Есікті ашпайсың ба, блять! – деп теңселе басып, тұра ұмтылды.
Зәрем ұшып, тұра қаштым. Залға жете бергенімде иығымнан тартып қалды. Жұқа халатымның иығы жыртылып, төсім ашылып қалды. Қос қолыммен кеудемді басып тұрып қалдым. Әкем ту сыртымнан артыла кетті. Тізерлеп отыра кеттім. Ол да домалап құлады. Орнымнан ұшып түрегеліп, ас үйге жүгірдім. Бір қолыммен кеудемді басып, бір қолыма үстел үстінде тұрған дәу пышақты алдым. Теңселе басып, көзі қанталап ас үйге жеткен әкем:
– Бері кел, бері, сучка! – деп тап берді.
Пышақты сілтеп қалдым. Әкем білегімен тосып қалды. Бір-екі қадам артқа шегініп, пышақты кезеп ұстап:
– Кет! – деп айқайладым.
Әкем басын бір-екі шайқап, есін жиғандай болды. Азырақ қанаған білегін ұстап, ас үйден шығып кетті. Пышақты тастап, ботадай боздап, жүрелеп отыра кеттім. Көз жасым көкірегіме құйылды. Халатымның иығы жалбырап қанша отырғанымды білмеймін. Орнымнан тұрғанда көзім қарауытып, үстелге сүйеніп, тәлтіректеп тұрып қалдым. Әкемнен ешқандай дыбысы естілмейді. Желмен ашылып, жабылған сыртқы есік ғана дамылсыз шиқылдайды. Аяғымның ұшымен басып, ас үйден шықтым. Түпкі бөлменің бірінен қорылдаған дыбыс шықты. Әкемнің ұйықтап қалғанына қатты қуандым. Сыртқы есікті жауып келдім де халатымды ауыстырдым. Әкем жатқан бөлмеге кірдім. Екі қолы екі жаққа кетіп, кереуетте үйді басына көшіре қорылдап жатыр. Мен де бөлмеме барып жайғастым. Жаздың қысқа таңы атыпты, терезеден сырт ағарып көріне бастады.
Түсімнен шошып, селт етіп ояндым. Даладан сайраған құстың үні, анда-санда алыстан үрген иттің дауысы естіледі. Сәске түс болған тәрізді. Орнымнан тұрып, жүгіріп әкем жатқан бөлмеге бардым. Бардым да… Қорыққаным сонша, шыңғырып жібердім. Әкемнің салақтаған қолы қанға малынып, басы қылжиып жатыр. Аққан қан кіреуеттің астына, ескі кілемнің үстіне жайылып, ұйып қапты. Көл-көсір. Қасына баруға дәрменім жетпеді. Тапырақтап сыртқа жүгірдім. Көршілер жедел жәрдем шақырды. Полиция да келді. Тергеді. Іс жарты жыл қаралды. Ақыры ақталдым.
Қорғанам деп қолыма пышақ алғаным болмаса, ешқашан адам өлтіру ниетім болған емес. Сен өзің өлдің, әке! Содан бері қаншама жыл өтті, маған жаман аты қалды…
– Құдай-ау, бұл өкімет өз халқын өзі қыра ма?! Осы жасқа келгенде не масқара, не сұмдық көрдім, Құдай?! Өзі қолын өзі кескен деген осы шығар, жауыздар! Қарғыс атсын! Шыда, қызым, таң атып қалды, – деп енесі ебіл-дебіл жылап, есі шықты.
– Мама, қасымнан кетпеңізші, қорқам, – деп сыбырлай сөйледі Гүлназ.
– Қасыңдамын, қызым. Қорықпа.
Қалжырап, өң мен түстің арасында жатқан Гүлназ көзін ашты. Бөлме іші жап-жарық. Әлдеқашан күн шығыпты. Басында отырған дәрігер:
– Температурасы әлі түспей тұр, – деді.
– Тағы укол саласың ба, не істейсің? Жоқ, әлде алып кетесіңдер ме?! Аяқ-қолы да ісіп кетті, – деді есік жақта қабырғаға сүйеніп тұрған Гүлназдың енесі.
– Жаңа салдық, албаты укол сала беруге болмайды. Біз алып кеткенімізбен пайда жоқ.
– Неге?
– Бұл кісі өзі тіркеуде тұрған диализ центрге бармаса, бәрібір біздің қолымыздан ештеңе келмейді. Ісіктің бәрі сол, денеге жайылған жарақсыз заттар. Оның үстіне қатты соққы алған. Тез апару керек, – деді дәрігер. – Бірақ машина табылар ма екен? Ешкім жүріп жатқан жоқ.
– Сендер апармайсыңдар ма, өстіп өлтіресіңдер ме?!
– Машина іздеп көріңдер, – деді дәрігер.
Терезе буалдыр тартты. Көз алдында қалбаңдаған бейнелер бірте-бірте бұлыңғырланып, Гүлназ ештеңе көрмей қалды. Ұзаққа созылған ауыр азаптан кейін ол рахат күйге бөленді. Денесі үлпілдектей жеңілдеп, үнемі еңсесін басып тұратын зілдей салмақтан құлантаза арылды. Адымын жеңіл алып, әппақ дүниеге аяқ басты. Артына бұрылып қарағысы да келмеді.

3

Саламат әулие мазары жанындағы дәу ақ кесекке қарап, қимылсыз отырған қыздың ту сыртына келіп тоқтады. Шыт көйлек киген балғын қыз:
– Келдің бе? – деп Саламатқа бұрылды.
– А-а… Сен… Сен Гүлназсың ба?
– Иә. Сен кім екен деп қалдың?
– Мен бе? – деп Саламат сасқалақтап қалды.
– Мына тастың бетіне біреу сурет салған сияқты.
– Қане? – деп Саламат ақ кесектің бетіне қанша үңілсе де айқыш-ұйқыш сызықтардан басқа, ештеңе көре алмады.
Гүлназ үстін қағып, орнынан тұрды. Шетсіз, шексіз далаға мұңая қарады.
– Саламат, мен сенімен қоштасқалы келдім.
– Қоштасқалы?
– Иә. Кетіп бара жатырмын.
– Қайда?..
Алыстан тақпақ айтып, бүгежектеп қоңыз терген балалардың қарасы көрінді. Гүлназ қып-қызыл болып батып бара жатқан күнге қарай аяңдады.
– Гүлназ, кетпе!
Саламат жығылып-сүрініп Гүлназдың соңынан жүгірді.
– Гүлназ!..
Өз дауысы өзін оятқандай Саламат көзін ашты. Кеудесін зілдей қара тас басып, езіп жібергендей қиналды. Терең тыныс алды. Ол бөлменің ішін анық көре бастады. Дәрігер қарсысындағы науқасты қарап, бұған сыртын беріп тұр. Саламат:
– Дәрігер, – деп сыбырлады.
Саламаттың көмейінен тұншығып шыққан дауысын өзінен басқа ешкім естімеді. Төбеге тесілген күйі жатты да қойды. Палатаға әлдекім кірді.
– Сіз мұнда не қып жүрсіз? Кім кіргізді? Шығыңыз!
– Дәрігер, баламды көрсетіңізші. Жағдайы қалай? Көрем де шығам.
– Жағдайы өте ауыр. Оқ аузынан кіріп, жұлынында тұрып қалған. Көп қан құйдық. Енді бір литр спирт, бес литр су, арақ, мәрлі, оншақты шприц керек. Соны алып келіңіз.
– Жазып беріңіз, ештеңені есте сақтайтын күйім жоқ. Алып келейін.
Саламат мойнын есік жаққа бұрып, босағада тұрған көзілдірікті әйелді көрді. Аузы жырылған баланың өзімен бірге жатқанын білді. Дәрігер көзілдірікті әйелдің қолына тілкімдей қағазды ұстатып:
– Тез барып алып келіңіз, – деді.
Көзілдірікті әйел палатадан шығып кетті. Дәрігер медбикемен сыбырлап сөйлесті. Бар ыждағатымен дәрігердің сөзін тыңдап, басын изектеген медбике Саламаттан көзін алмады.
– Дәрігер, – деп Саламат барынша қатты сөйлеуге тырысты.
– Сізді шақырады, – деді медбике.
– Кім?
Медбике Саламатты саусағымен нұсқады.
– Не болды? – деп дәрігер Саламаттың жанына барды.
– Осында әйелім іздеп келді ме?
– Жоқ. Ешкім іздеп келген жоқ.
– Маған операция жасадыңыздар ма? – деп Саламат қинала сөйлеп, кезерген ернін жалады.
– Операция жасамасақ, арқаңа қадалған оқты қалай аламыз?! Көп қан құйдық, тағы да құю керек. Ақшасыз болмайды енді, қан жоқ. Не істейсің?
Саламаттың көзі қарауытып кетті. Ол көзін жұмып, терең тыныс алды. Медбике:
– Оны моргке жібереміз бе? – деді.
Саламат селк етіп көзін ашты. Дәрігер сұқ саусағын дүрдиген ерніне қойып, қабағын түйіп, басын шайқады.
– Не айтып тұрсың?! Моргке жібергені несі?! Операция жасаймыз, жұлынына қадалған оқты аламыз.
Медбике халатын түзеп, сасқалақтап ыңғайсыз күйге түсті. Дәрігер:
– Бар, жаңағы әйелді сырттан күтіп, заттарын өзің алып кел. Ішке ешкім кірмесін, есіктегілерге ескерт. Айтпақшы, қан құюға ақша керек, оған айта сал, – деді.
Медбике палатадан шығып кетті.
– Дәрігер.
– Иә.
– Операция жасап, оқты алдыңыз ғой, – деді Саламат.
– Алдық.
– Маған бересіз бе соны?
– Жоқ, бермейміз.
– Берсеңізші, ертең мені кім атқанын білейін.
– Жаныңның қалғанына тәубе қылсаңшы! – деп дәрігер теріс айналып, ыңырсып жатқан науқастың біріне кетті.
Есік шалқасынан ашылды. Қолына автомат ұстаған қара киімді, еңгезердей жасақ ішке кірді. Ол палатаның ішін көзімен тінтіп, босағада қақиып тұрды.

4

– Айналайындар-ау! Қазақтың баласы емессіңдер ме, үйді жықпаңдаршы! – деп көз жасы көл болған қартаң әйел үйдің туырлығын сыпырып, жығуға кіріскен төрт-бес қарулы жасақтың әрбірінің алдында барып жалынды.
Жасақтың бірі киіз үй жанында асулы тұрған қазанды төңкере салды. Бұрқ еткен түтін көтерілді де, от бықси бастады. Азын-аулақ ет, сүйек-саяқ күлге көмілді.
– Топтасып жиын өткізуге болмайды! Қалада тәртіп солай! – деді бет-аузын тұмшалаған жасақ.
– Жиын өткізейік деп жатқанымыз жоқ. Алдыңғы күні түс қайта келінім қайтыс болды, қазір жөнелтеміз. Айналайындар, үйді жықпаңдаршы! Мәйітке бола тігіп едік, – деп қартаң әйел басын ораған қалың жаулығының ұшымен көзін сүртті.
– Жарайды. Мыналар не істеп жүр?! – деп әлгі жасақ подъездің алдында ұйлығып тұрған жеті-сегіз адамға қарай кетті.
Шыр-пыр болған қартаң әйел жасақтың соңынан жүгірді. Жігіттердің жанына барған жасақ:
– Мыналарды алып жүріңдер! – деп серіктерін шақырды.
– Құлдығым-ей, құлдығым! Енді естіп жатырмыз. Бір ұлыма оқ тиіп, больницада жатыр. Бір ұлым хабар-ошарсыз кетті. Мына балама көмектесіп, қабір қазысып келген жігіттер еді. Тимеңдерші, құлдығым! Сендердің де мендей аналарың бар шығар, тимеңдерші! Мәйітті жерлеген соң мені де қоса алып кетіңдер! – деп қартаң әйел жасаққа жалынды.
– Болмайды. Бір-екеуін қалдырамыз, басқасын әкетеміз. Балаңыз қайсысы?
Қартаң әйел бетін аяз сорып, домбыққан, жабағы мұрты жалбыраған жігіт ағасын көрсетті.
– Мынау.
– Мына екеуі саған көмектеседі, – деп жасақ екі егде кісіні жабағы мұрттының жанына қосты. – Қалғандарын алып жүріңдер!
Топтасып тұрған жігіттердің бірі тапырлап, қаша жөнелді. Соңынан тұра қуған жасақ оны аяғынан шалып құлатып, бір-екі теуіп, қолын қайырып әкеліп ГАЗель автокөлігіне тықты. Жігіттерді машинаға топрырлатып басып, жасақтар ауладан қарасын батырды.
Жалаңаштанып, қаңқасы ғана қалған киіз үйге барып сүйенген қартаң әйел:
– Қарғыс атсын сендерді, қарғыс! Өңкей жауыз, қанішер жендеттер! Құдай жазаларыңды берсін! – деп еңіреп жылады.
Жұпыны, қалың киім киген екі келіншек подъезден шығып, қартаң әйелді екі жағынан сүйеді. Көп қабатты үйлердің терезелерінен сыртты бағып, сақсынып, ұрланып қараған адамдардың сұлбасы көрінеді.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *