АСҚАҚТЫҚТЫ АЛҒАНМЫН БИІК ШЫҢНАН АСҚАҚТЫҚТЫ АЛҒАНМЫН БИІК ШЫҢНАН
Әділет АХМЕТҰЛЫ,  1986 жылы Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қармағай ауылы, Таңбалы қыстағында туған. 2012 жылы Пекиндегі орталық ұлттар университетін Қазақ тілі... АСҚАҚТЫҚТЫ АЛҒАНМЫН БИІК ШЫҢНАН

Әділет АХМЕТҰЛЫ, 

1986 жылы Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қармағай ауылы, Таңбалы қыстағында туған.
2012 жылы Пекиндегі орталық ұлттар университетін Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тамамдап,

Шинжяңдағы «Мұра» журналында тілші және редактор болып қызмет атқарған. 2014 жылы атажұртқа оралған.
2019 жылы «Әділет» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрген.

Қазір А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер.

 

ҚАРАТАУ–ҚАЗАҚ

Алтайдан Ертіс бойлап Алаш ауды,
Еділге сол Алаштың баласы ауды.
Арқадағы ел жағалап Қаратауды,
Бетке алып көшетұғын Алатауды.

Анталап жау қысқанда қос өкпеден,
Ауды қазақ болжаммен, есеппенен.
«Елім-айлап» қанды жас құмға сіңіп,
Қаратауға бір соқпай көш өтпеген.

Қаратау құшағына ел енетін,
Қаратаудан бақытқа кенелетін.
Қайғы келсе басына мың сан Алаш,
Қаратауды бетке ала жөнелетін.

Қаратау қай кезде де құшақ ашып,
Қоныс сай құшағына қыса басып.
Ел өсер айнала алмай ат өлгенше,
Жүретін ас пен тойдан кісі адасып.

Шаршамайтын бұл халық ас пен тойдан,
Басына орнап қалған бақ пен сайран.
Келер жылы қоралы қой өретін,
Жетім қозы жұртта қап,
көшкен сайдан.

Төрт түлік алты өріске мыңғыратын,
Қара тауды жабатын кіл құба түн.
Шежірелеп шіренер шалдауыттар,
Насыбайын үшкіріп бір-бір атым.

Көңіл кейде қалатын насыбайдан,
Тосын сөз, тосын тұспал, тосын ойдан.
Қаратаудан көш келе жатар болса,
Еру ел ұсынатын қатық айран.

Қаратаудан ары асып көш кететін,
Қаратауға тағы бір көш жететін.
Қаратау қасиетін білмеу деген –
Ауыр қылмыс саналған бас кететін.

Тау теңеспес Алтайға – ағажайға,
Арқадай бауыры байтақ дала қайда?!
Көкшетау, Алтай, Боғда, Ұлытауға
Қаратау қарап тұрар анадайда.

Сол таулар Қаратауды сыйлайтұғын,
Сол қазақ Қаратауды қимайтұғын.
«Көшкен сайын бос келе
жатқан тайлақ»,
Қара жерді қатты бір қинайтұғын.

Ұлытау сұңқылдайтын ұлар ұшқан,
Ұзақ ойға ұрынып тым алыстан.
Ұлы-ұлы адамдар бар болатын,
Ұлылықтың алдында құрақ ұшқан.

Біздің ел Қаратауда Қазақ болған,
Қазақ болу, ой, шіркін ғажап талғам?!
Қаратауды жағалап жанын сақтап,
Қаратауға сүйеніп азат болған.

Бәріміз Қаратауға қарыздармыз,
Тұла бойым боз жусан, жаным жалбыз.
Жер әлемді кезсек те желе жортып,
Қаратаудың баурына дамылдармыз.

Шола қарап сол таудың шоқыларын,
Тізерлеп етегіне отыралық.
Бабам айтқан ант басы қалай еді?
Бізде айталық, уыстап топырағын!

Қаралтқым топырағын уыстайық,
Жүректің оттай қанын суытпайық…
Жоғалтып алдық нені?
Түгендейік,
Алыстап кетіппіз-ау, жуықтайық!!!

Ақсарбас айтып сойып, дұға тілеп,
Алдында серттесейік ұлы ақырет!
Қазақсың ба, кел, онда, Қаратауға,
Келмейсің бе?
Түсіндім, рахмет!

Замандар әдетінше жылжи білді,
Бозторғайды ұядан қырғи қуды.
Алып қара жер бізден күтіп жатыр,
Бірлесіп істейтұғын бір қимылды.

Жоғалтып бір ғасырда алдық нені,
Ұмытып ұлылықтан қалдық нені?!
Ұйықтап қалсаң қазақ боп оян дейді,
Осы ғой Қаратаудың бар күткені.

Қаратауда тоғыспау жақсы елге сын,
Қаратауды күллі Алаш қастерлесін!
Көшкен сайын бір тайлақ бос келмесін,
Қара көзден мөлдіреп жас келмесін!

Қабыл болсын, Илаһи осы дұға,
Сөзіме Қаратаудың тасы куә,
Жаныма Алатаудың басы куә.
Деп жаздым жарқылдаған ғасырыма,
Сен де жаз жалтылдаған ғасырыңа!
     ҚЫС САҒЫНЫШЫ

Алматыға әз жүрді ақпан тумай,
Уақыт қандай жүйрік аққан судай.
Құлағыма енеді еміс-еміс,
Қыс кешінде бір адам тартқан сырнай.

Алтайда сөгілмеген қыс көбесі,
Сағыныштың айналған құсқа елесі.
Ақпанда ақ қарда өскен бала едік біз,
Шығатын шексіз ғажап істен есі.

Ақпан еді сыйлайтын қыс мерейін,
Жанымыз да ақ шаңқан түске бейім.
Алтай қысын сағынған жүрегіммен,
Бүгін түнде бір ғажап түс көрейін.

Бұл аймаққа келеді көктем ерте,
Көктем, көктем мың болғыр,
неткен ерке?!
Өзенімді сағындым мұз құрсаған,
Өзегімді өртейді өскен өлке.

Сағыныштан сарқылып, сабыр бітіп,
Әздің әсем иісін, нәрін жұтып.
Тосқан қонақ тосыннан келіп қалса,
Тастайды екен адамды абыржытып.

Бала күндер, бал күндер барады үркіп,
Алақызып нетейін, алабұртып.
Кірпігіме мұз қатып сонау жылы,
Буырылдап қалатын бала мұртым.

Алты қарыс мұз жапқан Үліңгірім,
Нуын бүгін аңсадым, қырын бүгін.
Сүйемін ақпандағы шыңылтырын,
Сүйемін шілдедегі шіліңгірін.

Ақ бұрқағын, аязын, омбы қарын,
Қағазыма қайтып-ақ қондырамын.
Қарағанды, жыңғылды құмтөбеден,
Ысқыратын ішегі домбыраның.

Үйеңкінің қызғылтым жаңқасынан,
Өмір лаулап, күй толқып, ән тасыған.
Ұлы ғұмыр хабарын еститінбіз,
Отын жарған кісінің балтасынан.

Ойхой дүние, зулайды, ұзайды алға,
Алтай қысын сағынам мұңайғанда.
Тулайды менің мөлдір сағынышым,
Атылып шыққан судай мұз ойғанда.

Бітімі бөлек өскен терек-талдар,
Аспаннан есеп жазар зерек шалдар.
Мені саған тұрғаны-ай жақындатпай,
Түкке де татымайтын себеп-салдар…

Алматыға әз жүрді ақпан тумай,
Уақыт қандай жүйрік аққан судай.
Құлағыма енеді еміс-еміс,
Қыс кешінде қыр,
беткей тартқан сырнай.
СӘУІР ТАМШЫЛАРЫ

Алматыға түнімен жауды жауын,
Сәтке болса басылды қалжырауым.
Шіркін-ай, мынау ұлы табиғаттың,
Қарашы, қам-қайғысыз маужырауын!
Лаулаған жанның өртін түн басады,
Жүрегім ай-жұлдызбен мұңдасады.
Қызылтанау дүние ырықты алған,
Түтек сіңген түрі де тым қапалы.

Тым қапалы тіршілік ырықты алған,
Сәйгүліктей сап ойлар құрықталған.
Ақ сұңқар құс секілді арман қайда,
Абайсызда қанаты сынып қалған.

Жаңбырлы түн жаныма жақын менің,
Ақ жауыннан жаралған ақын ба едім?
Ақ жауын мен қара жер жырым болар,
Тоқтағанша бір күні ақыр демім.

Жауынды өмір айналған ән-жырыма,
Бала күнім тіл қатты жаңғырыға.
Әжем менің төбемді көп төсеткен,
Сәуірдің ақ сауындай жаңбырына.

Ақ жауынға төбемді көп төсегем,
Жасындай жарқ-жұрқ етіп от көсегем.
Алтайдың қою бұлты жомарт еді,
Содан болар көп жаздым өшпес өлең.

Мен даламның тазарғам жауынымен,
Мен даламның ширадым дауылымен.
Ойға түспей келемін желе-жортып,
Кілең биік шыңдардың бауырымен.

Асқақтықты алғанмын биік шыңнан,
Рухым мынау аспанға тиіп тұрған.
Дарқан ауыл, нулы өзен, тарпаң дала,
Бекзадалық болмысын жиі ұқтырған.

Жауа бер, Алматының ақ жауыны,
Сен ұлы, өлең ұлы, тулар ұлы.
Самалдықта тапжылмай күттім сені,
Сызылып көрінгенше таң бауыры.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *