БРАКОНЬЕРЛЕРМЕН КҮРЕС – ЖАҢА СЕРПІН АЛУДА БРАКОНЬЕРЛЕРМЕН КҮРЕС – ЖАҢА СЕРПІН АЛУДА
Жанна ИМАНҚҰЛ «Жалын» журналының қызметкері, «Ақпарат саласының үздігі»     Табиғаттың қандай қоры болсын адамзаттың игілігіне арналған, сан алуан қажетін қамтамасыз етеді. Табиғат бізді... БРАКОНЬЕРЛЕРМЕН КҮРЕС – ЖАҢА СЕРПІН АЛУДА

Жанна ИМАНҚҰЛ
«Жалын» журналының қызметкері,
«Ақпарат саласының үздігі»

    Табиғаттың қандай қоры болсын адамзаттың игілігіне арналған, сан алуан қажетін қамтамасыз етеді. Табиғат бізді айналада қоршап тұрған барлық нәрсе: ауа, су, топырақ, тау, орман, қазба байлықтары, өсімдіктер әлемі, жануарлар дүниесі, т.б. Сан мыңдаған жылдар бабалар мұра етіп қалдырған табиғат пен оның шексіз байлығын қорғау, оларды тиімді пайдалану мәселесі бұл күндері дүниежүзілік аса маңызды мәселелердің біріне айналды. Адамзат қалауынша пайдаланып келе жатқан барлық табиғи қорлар сарқылмайтын және сарқылатындар екі топқа бөлінеді. Сарқылатын қорлар қайта қалпына келмейтіндер және қалпына келетіндер деп бөлінеді.
Сарқылмайтын қорларға: Күн энергиясы, атмосфера ауасы, теңіздер мен мұхиттардың сулары, жер, т.б. жатады. Бұлардың кейбіреулері адам-ның теріс іс-әрекетінен бүлініп немесе ластанып, сарқылатын қорларға айналып кетуі мүмкін. Мысалы, Арал теңізін алайық. Теңіздің тартылып, тұзы аспанға көтеріліп, климат өзгеріп, экологиялық аймаққа айналуы – тікелей адам баласының әсерінен орын алды.
Сарқылатын қорларға таза ауа, таза су, құнарлы топырақ, өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі, қазба байлықтар, т.б. жатады.
Табиғат қорларының кейбіреулеріне тоқталып өтейік. Судың негізгі қорын Дүниежүзілік мұхиттар мен теңіздер құрап, айналымы заңдылығы бойынша құрлықтағы өзендер мен көлдер үнемі қоректеніп отыратындықтан, су сарқылмайтын қорға жатады. Арал теңізінің тартылуы сияқты басқа да өзендер мен көлдердің құрғауы, тікелей адамның әрекетінен болған және сол аймаққа ғана тән құбылыс болып табылады.
Ауа құрамы мен сапасы да улы газдар мен түтіндер өзгерген. Ауаны лас-тайтын – миллиондаған автокөліктер, ұшақтар, өнеркәсіп, зауыт, жылу стансалары, полигондар, зымырандар т.б. Ауыр өнеркәсіп шоғырланған қалалар мен елдімекендер халқының денсаулығы да төмендеген. Өскемен, Риддер, Зырян, Қарағанды, Екібастұз сынды қалалар маңындағы ауа сапасы талай айтылып келе жатқан мәселе.
Еліміздің топырақ қорлары да жылдан-жылға сапасы төмендеп немесе құнарсызданып барады. Соңғы деректер республика жерінің 60 пайызы жарамсыз жерлерге немесе шөлге айналып кеткен. Солтүстік облыстарда тың игеру науқанына байланысты топырақ қарашірігінің 25-30 пайызын жоғалтқан.
Еліміздің батыс өңірінде мұнай-газ игеру қарқынды дамуы есебінен топырақ қорлары ластанып, бүлініп жатыр. Топырақтың мұнаймен ластануы, топырақтың техногендік бүлінуі 2,5 млн. га жер аумаққа жайылған. Сұмдық көрсеткіш! Сондай-ақ жайылым қоры да бұл аймақта жарамсызданып барады. Азғыр, Тайсойған сынақ полигондарының салдарынан 1,4 млн га жер бүлінген.
Республиканың өзге аймақта-рындағы жер қорларының да күйі мәз емес. Егін егіп, көкөніс отырғызып, тез өнім ала салу үшін тыңайтқыштарды мөлшерден артық қосу топырақтың ластауына, тозуына әкелген. Адамның қамқорлығы азайған сайын, табиғаттың «өзді-гінен қалпына келу» құбылысы жүріп жатыр.
Ұшы-қиыры жоқ даланың қойнауы қазба байлықтарының барлық дерлік түріне бай. Өкініштісі, байлық жеке компаниялар арқылы шет елдерге ағылып жатыр. Әлі күнге қазба байлықтарды игеру ысырыапшылдық, пайдақұмарлық есебінен, жоспарсыз жүргізілуде. Қазбаларды елімізде өңдеу технологияларын жабдықтай алмай, есепсіз шетке айдап, қазір сарқылтуға жақын қалдық.
Табиғаттың өкпесі орман қоры елімізде тек 21,8 млн га жер қамтиды. Бұл өлкеміздің барлық жерінің 3,35 пайызын ғана құрайтын, өте аз көрсеткіш. Осы аз қордың өзі жыл сайын азайып жатыр.
Басты себеп – қаскерлік жолмен орман ағаштарын отау, орманға демалысқа шығып, өрт шығару, жалынды дер кезінде тоқтата алмау, зиянды заттармен ластау, қоқыс тастау т.б.
Орман – ауа сүзгісі, ауа жаңартқыш, дәрілік өсімдіктердің сан түрі өсетін асыл қойма, аң мен құстың мекені. Орманға қаскерлік – тіршілік тынысына қаскерлік болып табылады. Орманды қорғау әркімге міндет.
Көшеттерді қала маңындағы елді мекендерге, қала саябақтарына, гүл-зарларына отырғызып, игі істер де атқарылып жатыр. Республикамызда өсімдіктердің 6 мыңға жуық түрі бар екен, Олардың 50 пайызы тікелей адамның қамқорлығын қажет етеді.
Халқымыз ежелден-ақ мал шаруа-шылығымен айналысқан, табиғаттың төл баласы. Төрт түлік малдан бөлек жортқан жабайы аңдардың әрбірін халқымыз ерекше бағалаған. Сондықтан түз тағыларының өсіп-өнуі, сақталуы тоқталмаған. Сүтқоректілердің – 155, құстардың – 481, бауырымен жорғалаушылардың – 48, қосмекенділердің – 33, балықтардың – 140 түрі тіршілік етеді. Өкінішке орай, қаскерлік пен пайдақұмарлық осы ен байлықтың басты жауы болып отыр. Сәкен Сейфуллиннің «Киікті қазақ және дейді бөкен, мың-мыңдап баяғыда жүрген екен» деп сайын далада еркін жүрген бөкендерді суреттеген керемет жыры бары. Ақбөкендер, қарақұйрықтар, арқарлар, тау ешкілері, жолбарыстар, қабыландар мен құландар қатары қазір сиреп кеткен. Ал дала сұсы жолбарыстар біржола құрып кетті. Іле бойындағы соңғы жолбарысты 1947 жылы атылған деген дерек бар.
Шексіз кеңістікте үздіксіз айналған алып ғаламшарлардың көпшілігінен кішкене болғанымен, жұмыр жеріміз де қайнаған тіршілікке толы алып шар. Бірақ адам баласының қарқынды өсуі мен, ғылым прогресі, жылдам көлік түрлері адам аяғы баспаған жер қалдырмады. Ауа, су, топырақ ластанып, өсімдік пен жануарлар дүниесі дабыл қаға бастады.
ХХ ғасырдың бас кезінде жануарларды қорғау мәселелері туралы сөз қозғала бастайды. 1902 жылы Париж қаласында алғаш Құстарды қорғаудың Халықаралық Конвенциясына қол қойылды. 1948 жылы БҰҰ-ның білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) Халықаралық табиғат қорғау одағын (IUCN) ұйымдастыру туралы арнайы шешім қабылдады.
Бұдан жарты ғасыр уақыт бұрын, дәлірек 54 жыл бұрын, ғылымда «Қызыл кітап» деген ұғым қалыптасты. Кітаптың қызыл сөзімен тіркесі, кез-келген ұлт пен мемлекет үшін түсінікті еді. Қызыл – қауіп, ескерту, қан, соғыс сынды түсініктерді астарлап тұратын түс екені айтпаса да ұғынықты. Бұл кітапты шығару туралы пікірді алғаш рет ұсынған ағылшын ғалымы – Питер Скотт. «Қызыл кітаптарға» жер бетінде жойылу қаупі бар және бұрыннан өте аз кездесетін өсімдіктер мен жануарлардың түрлері тіркеледі. Оларды сақтап қалудың және қорғаудың қажеттігі айқындалып жазылады. Әр мемлекеттің «Қызыл кітабы» мемлекеттік заңдық күші бар құжат болып саналады.
Халықаралық «Қызыл кітап» (Red Data Book) – Халықаралық Табиғат Қорғау Одағының (ХТҚО-МСОП-IUCN) – халықаралық деңгейдегі құжаты болып саналады.
«Қызыл кітапқа» жойылып кету қаупі төнген, сирек кездесетін, ғылыми тұрғыдан әлі толық зерттелмеген, жылдан-жылға саны күрт азайып бара жатқан, қорғауды қажет ететін өсімдіктер мен жануарлардың түрлері тіркеледі. Қазіргі уақытта «Қызыл кітаптардың» түрлі нұсқалары бар: Халықаралық Табиғат Қорғау Одағының (IUCN) Қызыл кітабы, әр мемлекеттің (республикалық) «Қызыл кітаптары», аймақтың (облыстық) «Қызыл кітаптары» деп аталады. Жалпы ережеге сәйкес мемлекеттік «Қызыл кітаптар» әрбір 10 жылда өзгертіліп әрі толықтырылып отырылуы қажет.
Қазақстанда алғашқы «Қызыл кітап» Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1978 жылғы 16 қаңтардағы №20 арнайы қаулысына сәйкес жарық көре бастады. Қазақстанда шыққан алғашқы «Қызыл кітаптың» 1-бөлімі омыртқалы жануарларға арналды және оған 87 түр (балықтардың – 4, қосмекенділердің – 1, жорғалаушылардың – 8, құстардың – 43 және сүтқоректілердің – 31 түрі) тіркелді. Өсімдіктерге арналған «Қызыл кітап» 1981 жылы жарық көріп, ондағы түрлер 1-ші жойылып кету қаупі төнген түрлер болса, 2-шісі сирек кездесетін түрлер.
Қазақстанның өсімдіктерге арналған «Қызыл кітабына» (1981) еліміздің аумағында өсетін 307 түрі тіркелген. Онда жабық тұқымдылардың (гүлді өсімдіктердің) – 288 түрі, ашықтұқымдылардың – 2 түрі, қырықжапырақтардың – 3 түрі, саңырауқұлақтардың – 10 түрі және қыналардың – 1 түрі тіркелді.
Олардың 20 түріне жойылып кету қаупі төнген, ал 287 түрі сирек кездесетін түрлерге жатады. Жоғарыда айтып өткендей, Қазақстанның омыртқалы жануарларға арналған «Қызыл кітаптары» (1978, 1991, 1996, 2010), омыртқасыз жануарларға арналған «Қызыл кітабы» (2006) және өсімдіктерге арналған «Қызыл кітабы» (1981) жарық көрді. Алматы облысының «Қызыл кітабы» 2006 жылы жарияланды. Бұл кітаптар – ел аумағында жоғалу қаупі жоғары табиғат байлықтарын сақтау мен қорғауға негіз болатын құжаттар. Қазақстанның омыртқасыз жануарларына арналған «Қызыл кітабын» даярлау өте қиынға соқты.
Себебі, елімізде кездесетін омыртқасыз жануарлардың түрлерінің саны және олардың биологиялық әрі экологиялық ерекшеліктері толық зерттелмеген. Сондықтан да омыртқасыз жануарларға арналған Қазақстанның «Қызыл кітабының» алғашқы 1 және 2-басылымдарына тіркелген түрлер мұқият талдап саралауды қажет етті. Сонымен, 2006 жылы Қазақстанның омыртқасыз жануарларға арналған «Қызыл кітабының» нақтыланған 3-басылымы жарық көрді. Бұл басылымға омыртқасыз жануарлардың 96 түрі тіркелді. Олардың ішінде буылтық құрттардың – 2, ұлулардың (моллюскалар) – 6, шаянтектестердің – 1, өрмекшітектестердің – 2 және жәндіктердің – 85 түрі тіркелді.
Қазақстанның омыртқалы жануарларға арналған «Қызыл кітабының» толықтырылған және өңделген 4-басылымы 2010 жылы жарық көрді. Онда омыртқалы жануарлардың 128 түрі тіркелген. Олардың бір түрі – дөңгелекауыздыларға, 17 түрі – сүйекті балықтарға, 3 түрі – қосмекенділерге, 10 түрі – жорғалаушыларға, 57 түрі – құстарға және 40 түрі – сүтқоректілерге жатады. Бұл «Қызыл кітапта» Халықаралық табиғат қорғау одағының (IUCN) «Қызыл кітабына» тіркелген 20 түр бар. Мұндай түрлерді сақтап қалу үшін Қазақстан бүкіл адамзат алдында аса зор жауапкершілікті сезінуі тиіс.
Кітапқа тіркелген түрлердің таби-ғатта сақталу деңгейіне сәйкес 5 санатқа бөлініп берілген:
1.Жойылып кету қаупі төнген түрлер. Мұндай түрлерді сақтап қалу үшін міндетті түрде арнайы шаралар (табиғи қорықтар, ұлттық табиғи саябақтар, табиғи резерваттар және т.б.) ұйымдастыру қажет.
2. Саны күрт азайып бара жатқан түрлер. Ондай түрлердің саны әзірше мол, бірақ қарқынды түрде азаюына жол берілмеуі қажет.
3. Сирек кездесетін түрлер. Ондай түрлердің санының азаюын қадағалап отыру қажет.
4. Толық зерттелмеген түрлер. Ондай түрлер туралы ғылыми-зерттеу жұмыстары мұқият түрде жүргізілуі қажет
5. Қалпына келтірілген түрлер.
Табиғатты қорғаудың басты шарты – оның ресурстарын тиімді пайдалану және сақтау. Жабайы жануардың біраз бөлігінің жер бетінен жойылып кету қаупі бар екенін ескертіп, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтап қалу үшін қанша дабыл қағылып, айтылып жатса да, жойылып кету қауіпі бар жабайы аңдарды қаскерлік жолмен аулау әрекеті тоқталар емес.
Мемлекет тарапынан қаскерлікке тоқтау салу үшін әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. 2004 жылы 9-шы шілдеде «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану» туралы заң қабылданды. Осы заң киік аңын 2020 жылға дейін аулауға қатаң тиым салған.
Аң аулауға қатысты талаптар мен ережелер жаңадан бекітілді. Бірақ бұған қарамастан қаскөйлер броконьерлікті жалғастыруда. Сол себепті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жануарлар дүниесін қорғау, сақтау, пайдалану, өсімін молайту және саласына келтірілген зиянды әрекеттің орнын толтыру мөлшерін бекіту туралы бұйрықтар мен заңдық күшке ие шешімдерді де шығарып, іске асырып жатыр. Маңғыстау өңірінің табиғатты қорғау инспекторы С.Байталасов: «Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтіре кетейік. Жабайы аңдардың басым бөлігі қорық аумағы не ерекше қорғалатын аумақта болатындығын ескеріп, заңсыз аң аулау фактісі аталған аймақтардың бірінде болса деп алайық. 1 (бас арқар) х2405х1500 х1,5х3х3=48 701 250 теңге. 1 (бас қарақұйрық)х2405х400х1,5х3х3=12 987 000 теңге. 1 (бас қоян) х 2405х5 х1,5 х3 =54 112 теңге. 1 (бас үйрек) х2405 х5 х1,5 х 3 = 54 112 теңге. 1 (бас киік) х 2405 х500 х1,5 х3 х3= 16 233 750 теңге. Шығын мөлшерінің есептелуіне түсінік бере кетейік, 2405 (АЕК) айлық есептік көрсеткіш, 1,5 заңсыз ауланған аңға қосылатын коэффицент, 3 ерекше қорғалатын аймақта болған үшін қосылатын коэффицент, 3 жойылып кету қаупі бар не «Қызыл кітапқа» енген аң үшін қосылатын коэффицент. 1500, 400, 5, 500 сандары – әрбір дараққа АЕК ретінде салынатын шығын мөлшерінің сандық көрсеткіші.
Мүмкін осыншама шығын мөлшерін халық арасында екінің-бірі біле бермеуі мүмкін. Жоғарыда көрсетілген қыруар соманы төлеу кез-келген адам қолынан келе бермейтіні белгілі, мүмкін қаскерлер осыдан сескеніп, қылмыстан аяғын тартар ма екен деген ойдамыз» деп, халықтың табиғатқа келтірілген зиян үшін қанша айыппұл салынатынын нақты сандар мөлшерімен таныстырып өткен. Естіген, оқыған жан тым болмаса, осындай көп мөлшердегі айыппұлдан сескенер.

АҚБӨКЕН – ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ СӘНІ

       Ақбөкен, киік – жезкиік деп халқымыз қадір тұтатын даланың иесіне, символына айналған киелі аң. Тамғалы жартасындағы киіктің суреттері біздің эрамызға дейінгі VІІ-V ғасырларда қашалып салынған екен. ХІV-XVІ ғасырлардан бері ауыздан-ауызға тарап келе жатқан халық эпостарында қазақ жеріндегі сансыз көп ақбөкендер туралы айтылады. Ақбөкендердің басына қаншама зобалаң заман туғанмен, миллиондаған жылдар бойы тұқымын сақтап қала алды. Бірақ қазіргі таңда табиғат қорғаушы қоғамдық ұйымдар заңсыз аңшылықтың салдарынан әлемде тек Қазақстанның шөлейт аймақтары мен қалмақ даласында ғана кездесетін киіктер жойылып кету алдында тұрғанын айтады.
Оның мүйізінен пантокрин дәрісі алынады, тұяғын күйдіріп, одан алынған күлді денедегі теміреткіге жағады, сусамыр ауруына шалдыққандарды емдеу үшін пайдаланады. Ел арасында оларды атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім бар.
Ақбөкен, киік (лат. Saiga tatarica) – жұп тұяқтылар отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайыратын түз жануары.
Ақбөкеннің қазба қалдықтары плейстоцен қабатынан Батыс Англиядан Шығыс Аляскаға дейінгі аралықтан табылған. Ақбөкендер Моңғолияда, Қалмақ даласы мен Қазақстанда ғана сақталған. Республикамызда Ақбөкендердің бір-бірінен жеке дара бөлінген Бетпақдала-Арыс, Үстірт және Еділ-Жайық деген топтары мекендейді. Текелерінің дене тұрқы 126-150 см, салм. 37-49 кг, ал ешкілері кішірек, дене тұрқы 109 -127 см, салм. 22-37 кг-дай болады.
Ақбөкендер шөл, шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етуге бейімделген. Олардың қоныс өзгертуі ауа райына, Ақбөкен жұп тұяқты жануарлардың ішіндегі ең өсімталы, жылына бір рет төлдейді. Жаппай төлдеуі мамырдың 1-жартысында өтеді. Бұл кезде күн салқындап, жауын-шашын көп болады да, оны қазақ халқы «Құралайдың салқыны» деп атайды. Алдын ала шыбын-шіркей болмайтын, үнемі жел есіп тұратын беткейді таңдап алып, лақтарын түрегеп тұрып туады. Құралайдың енесі басқа жануарлар сияқты лағының шаранасын жалап аршымайды, шарана жауынның суымен шайылып кетеді немесе жел қағып, кеуіп барып түседі. Жаңа туған лақтар жарты сағаттан кейін енесін еміп, екі-үш сағаттан соң аяқтанып кетеді, ал туғанына екі күн болған құралайды машинамен қуып жете алмайсыз. Көбіне егізден, кейде 3 лақ та туады. Ақбөкендер өсімдіктердің 80-нен астам түрімен қоректенеді. Олардың басты жауы – қасқыр, ал жас төлдеріне бүркіт, дала қыраны мен қарақұстар да шабуыл жасайды. Ақбөкен аусыл, пастереллез ауруларымен ауырады. Ақбөкен – дәмді еті, құнды мүйізі мен тұяғы, әдемі терісі үшін ауланатын кәсіптік маңызы бар жануар.
Браконьерлердің киікті мүйізі үшін аулайтыны белгілі. Олар көбінесе мүйізі шаңырақтай киік текесін нысанаға алады. Даланы қызыл қанға бояған қатыгездер көбіне киіктің басын ғана кесіп алып, денесін лақтырып кетеді.
Бейресми деректерге жүгінсек, аңшылар киік мүйізін 35-40 мың теңгеге сатады. Алматыда бұл одан да жоғары бағаланады екен. Онда мүйіздің келісі 200 мың теңгеден асып жығылса, Қытайда 4 мың доллардың төңірегінде. Қытайда дәстүрлі медицина үшін киіктің мүйізіне дәрілік шикізат ретінде сұраныс мықты. Қытай медицина индустриясының мүйізге деген сұранысы жыл сайын 8 тоннаға дейін барады екен. Қазір көрші мемлекеттегі жинақталған қор 80 тонна көрінеді. Қаскөй браконьерлердің бөкендерді не үшін баудай түсіретінін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Ақшаға құныққандар киіктің киесін ойлап жатқан жоқ.
Ауылшаруашылық министрлігінің орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің өкілдері осылай деп отыр. Мұны зертхана қорытындысы көрсетіпті. Естеріңізге сала кетейін, Батыс Қазақстанда ақбөкен басы өсіп келеді деп ауыз жиып үлгермедік. Былтыр ғана саны 26 мыңға жеткен киіктер осы айдың ортасынан бастап түсініксіз себептермен қырылып жатыр. Соңғы есеп бойынша, 3 мың екі жүзден астам өлексе табылған. Қазір қынадай қырылған Ақбөкендердің мәйіттері жиналып, аумақ залалсыздандырылып жатқан көрінеді. Ал, жұқпалы аурудың жаппай таралуы мен одан келген зиянды анықтап, дертті жоюмен министрлік жанынан құрылған арнайы комиссия айналысатын болады. Ол үшін біздің жағдайдағы ең қолайлы шара – киіктер келгенше олар жейтін қауіпті аймақтағы шөпті орып тастау керек.
«Қазақ жеріндегі киіктерге сан жетпейді. Оралдың төменгі ағысына келіп, теңізге құлаған ақбөкендерден өзен суы көрінбей қалды» деген жолдарды Ресейден келген саяхатшы-өлкетанушы П.Рычков 1734 жылдары жазып қалдырған екен. Ресей зерттеушілері ағылып келе бастаған уақытта, қазақ халқы қастерлеп, киесінен қорқып, жаппай қырмай, емге, қатты ашыққанда ғана жеген киікке аңшылық жасау көбейе бастайды.
Қазақстанда 1921 жылдан бастап Ақбөкенді аулауға тыйым салынған.1957-58 ж. олардың жалпы саны 2 млн-нан асқаннан кейін, кәсіптік жолмен аулауға рұқсат берілді.
Мамандардың есебінше, «Қа-зақстан тәуелсіздік алғалы елдегі миллионға жуық бөкендерден тек 30 мың бас қалған. Табиғатта аязды қыстарда және эпидемия кезінде бөкендердің 100 мыңдап қырылып қалатын оқиғаларын еске түсірсек, онда олардың жуық арада мүлде жойылып кету қаупі тұрғандығын байқаймыз», дейді табиғат қор-ғаушылар.

ҚАР БАРЫСЫНА ДА ҚАУІП ТӨНГЕН…

      Қар барысы жойылып кетудің алдында тұрған аң ретінде Қызыл кітапқа енген. «Қазақстан – 2030» ұзақ мерзімді даму стратегиясында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев үшін тектілік пен мықтылықтың символы саналатын қар барысына айрықша сипат береді.
«…2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия Барысына айналады және өзге дамушы елдер үшін үлгі болады деп сенемін. Бізде Жолбарыстар жоқ, ал тауларымызда тіршілік ететін Қар Барысы дүниежүзілік қоғамдастыққа онша таныс емес. Жануарлар әлемінде Жолбарыс туыстас болғанымен, Барыстың өзіндік ерекшеліктері де бар. Бұл – өзіне тән тектілігімен, бұлалығымен, алғырлығымен, жасқануды білмейтін тәкаппарлығымен, батылдығымен, айлалығымен дараланатын Барыс болмақ. Ол ешкімге бірінші болып шабуыл жасамайды әрі тікелей соқтығыстардан бойын тартатын болады. Бірақ егер өзінің еркіндігі мен тұрағына, ұрпағына қатер төнген жағдайда, ол бұларды басын тігіп, бойындағы барын салып қорғайтын болады. Ол сыптай да серпінді болуға және семіздік пен жалқаулыққа бой алдырмауға тиіс: әйтпеген күнде ол қатаң табиғи ортада өмір сүре алмайды. Ол жаңа асулар мен шыңдарды бағындыруда, мақсатына жетелейтін елеусіз, бірақ сенімді соқпақтарды іздестіруде табанды да бірбеткей болуға тиіс. Қауіп-қатерден қаймықпауға, тоқшылықтан босаңсымауға тиіс.
Ол өз ұрпағын баулыған кезде: оны баса-көктей келген қонақтардан қорғай отырып, аузындағы дәмдісін соның аузына тосуға, оның саулығына, өресі мен пайымына нәр беруге тиіс, сөйтіп кез келген ортадағы қатаң бәсекелестік жағдайында ерте сақайып, өз бетінше дербес өмір сүруге жетелеп, көрегендік танытады. Ендеше қазақстандық Барыстың бойына дамудың алдыңғы қатарлы үздік деңгейіне үстелген батыстың талғампаздығы да, шығыстың кемең-герлігі мен төзімділігі де тән болуға тиіс», – деп Елбасымыз Н.Назарбаев еліміздің бағытын айқындап берген болатын.
Стратегиялық бағдарламада елі-міздің символы ретінде барыстың не үшін таңдалғаны туралы жазушы Әбіш Кекілбаев сол уақытта былайша түсіндірген еді: «Президент Барыстың бейнесін кездейсоқ алып отырған жоқ. Жұлындай жұтынған ортаазиялық Барыс… Оның гносеологиялық тұрғыдағы арғы тегі біздің баба-ларымыздың дүниетанымына, адам-гершілік мұраттарына барып ұласады.
Барыс – сыры жұмбақ жануар. Ол өзіне өзгелердің назарын еріксіз аудартады. Барынша жіті көз тігуге мәжбүр етеді. Өзінше дербес, тәкаппар, топтанып жүруді ұнатпайтын, мейлінше сақ, бірақ қорқақ емес, барынша батыл, бірақ өзгелерге қиянат жасап, біреудің мекені мен жеміне көзін алартпайтын, басқаларға жоқтан өзгеге бола азу көрсетіп, тырнақ батыруды білмейтін, бірақ өзінің есесін ешкімге де жібермейтін, айнала төңірегіндегілерді ақырып-бақырмай-ақ, айрықша шалымдылығымен өзін сыйлата алатын текті жануар. Ешқашан қапия қалмайтын аса сезімтал, айбынды қасиетке ие…
Бұл метафора біздің мемлекет ретінде қандай қасиеттерді қалайтынымызды көрсетеді. Біздің қазіргі дүниеде өзімізбен-өзіміз томаға-тұйық болуға да, сондай-ақ өзгелерге ұқсаймыз деп өзіндік қадір-қасиетінен жұрдай айырылып қалуға да тырыспайтынымызды, жан-жағымызбен жарастықты қарым-қатынаста өмір сүргіміз келетіндігін айқын көрсетеді.
Күшімізге кәміл сене отырып, өзгелерге ұстамды бола алу саяси мінез-құлқымыздың мақсаты мен мәні болмақшы. Ондай байсалдылық бізді өзгелердің алдында құрдай жорғалаудан да, кеудемсоқтық, даңғазалықтан да сақтай алады. Сондай-ақ өзімізге-өзіміз тамсанатын немесе жоқтан өзгеге бола өзімізді-өзіміз жерден алып, жерге салатын ерсі қылықтарға да ұрындырмайды».
Орталық Азия таулы массивін мекендейтін мысық тұқымдас сүтқоректіге жататын қар барысы (немесе ирбис, латын тілінде «Pantera unicum»). Тувада бұл аңды «ирбиш», Жетісуда «ильберс», Қытаймен шектесетін Алматының шығыс жағында «ирвиз» деп атайды. Ілбіс – түркі тілінен аударғанда «қар мысығы» деген мағынаны береді.Осы сөз кейін орыс тіліне еніп, соңғы «з» әрпі, қатаң дыбысты «с» әрпіне айналды. Ал қазақтар олардың өмір сүру жағдайына қарап, «қар барысы немесе тау барысы» деп атайды.
Қар барысы – әлі толық зерттелмеген, сыры жұмбақ аң. Себебі олардың мекендейтін ортасына жету қиын болғандықтан, кез келген зерттеуді қиындатады. Сыртқы түр келбеті жағынан қар қабыланына (леопард) ұқсағанымен, «туыстығы» шамалы, әрі қар барысының түрі одан әлдеқайда кіші. Қар барысы немесе ирбистің бас сүйегі гепардқа, дене тұрқы тау арыстанына (пума) көбірек ұқсайды.
Қар барысы Қазақстанда Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы жоталарында, Үлкен Алматы шатқалында, Тарбағатайда, Оңтүстік Алтайда, Күршім жотасында, Бұқтырма өзенінің бастауында, Марқакөл өзенінің атырабында кездеседі.
Қар барыстары 6 метрге дейінгі ұзындыққа және 3 метр биікке секіре алады. Қар барыстарының табаны – қысқа әрі бұлшықетті, ал құйрығы – ерекше ұзын. Ол қатты жүгірген немесе секірген кезде құйрығын «тізгін» ретінде пайдаланады. Ілбістердің ұзындығы 2 метрге дейін жетеді (құйрығымен қоса есептегенде).
Қар барысы немесе ілбіс жалғыз жүргенді ұнатады. Өзі тұйық, дыбыс шығармайды. Қар барыстары көмейінің ерекшелігіне байланысты ырылдап, мияулап, ұли алмайды. Кей жағдайда ғана жыртқышқа тән ырылын естуге болады. Сондай-ақ барыстың көру және есту қабілеттері ерекше дамыған. Барлық мысық тұқымдастар секілді ол, әсіресе, түнде жақсы көреді.
Қар барысы өте сақ. Көбіне түнде жортуылдайды. Ымырт түсе бастағанда қорегін іздеуге шығады. Барыстардың күнделікті қайтып келетін тұрағы жоқ. Тек аналықтары – таутандар кішкентай аландарын (қар барысының баласы) аяққа тұрғызғанша 1,5-2 айға дейін уақытша үңгірлерді мекендейді. Таутандар жылына екі рет төлдейді. Аландар балалар сияқты биік төбешіктерден сырғанағанды жақсы көреді.
Барыстар ақпан-сәуір айларында көбеюге жұп іздейді, ал таутандардың жүктілік мерзімі 98-103 күнге созылады, көп жағдайда таутандар мамыр айында төлдейді.
Оның негізгі қорегі: ешкі, арқар, қабан, марал, елік, қоян, кекілік пен ұлар.Барыстардың еркіндікте қанша өмір сүретіні белгісіз. Ал зообақтарда олар 20-25 жылдай өмір сүреді екен. Олардың бақталасы әрі жауы — қасқыр. Барыстар қояншық ауруымен ауырады, басқа аурулары зерттелмеген.
Қазір әлем бойынша қар барысының азайып кету қаупі бар. Олар Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына және Қазақстанның Қызыл кітабына енді. Барыстарды аулауға немесе атуға тыйым салынған.
Кеңес Одағында 1936 жылдан 1970 жылдарға дейін ел зообақтарына түр жинау мен экспортқа шығару үшін 400-ге жуық барыс ауланған. Қар барысы қолға үйретуге келмейді. Әлемнің 70-80 зообағында ғана қар барысы бар, Қазақстан зообағында жоқ.
XIX ғасырдың орта тұсында барыс сирек кездесетін аңдар қатарына қосылмады, керісінше, зиянды жыртқыш ретінде оны жыл бойына аулауға рұқсат етілді, тіпті атуға қызықтырды. Бұл аңның терісінен тігілген тон мен ішік, бас киімді тек дәулетті адамдар ғана киетін. Ал барыс терісінен тігілген малақай аңшының шеберлігін әрі ержүректілігін көрсететін болған.
Қазір де билік пен байлықтың нышаны саналатын барыстың бағалы терісі шамамен 4 мың долларға бағаланады. Сирек кездесетін жыртқышты өлтір-гендер әр елде түрліше жазаланады, айыппұлдан бастап, 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айырылады.
Соңғы 10 жылда республика аумағында қар барысын ұстау дерегі тіркелмеген. Қар барысының санын анықтау, тіршілігін зерттеу үшін таулардың биігіне фототұзақтар қойылып жатыр екен. Зерттеулер бойынша мамандар қазір Қазақстанда шамамен 138 қар барысы бар деген болжам жасап отыр.

АРҚАР АУМАСЫН ДЕСЕК…

     Адамдар тек бір сәттік қызық қуғандарына мәз болып, сайын дала мен асқар тауларды қанға бояп, жазықсыз жануарларды шетінен қырып, қиқу салып, табиғат анаға қаншама зиян келтірді. Арқарлардың азайып кетуіне бұлақтар көзінің азаюы, жайылымдық жерлердің тарылуы, жыртқыш аңдардың көбеюі де әсер етеді. Одан бөлек адамдардың есепсіз мылтықпен қыруы тау мен тастың сәні болған арқарлардың азаюына алып келді.
«Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» деген сөз бекер шықпаған ғой. Жабайы жануарлар әлеміне адам баласы шын қамқорлық танытса, олар өздері үйренген аумақта өсіп-өне беретін еді. Қазақ арқарды әдетте таудың рухы деп санайды. Арқар сонау сақ заманынан бері ерекше символдық мәнге ие болған жануар. Оған дәлел көне дәуірден жеткен ескерткіштерге бедерленген арқар бейнелері. Мысалы, Алтын адамның бас киімінің жоғары бөлігіндегі алтыннан құйылған арқар мүсіні бар. Тастар мен жартастардың бетінде арқарлардың петроглифтері бейнеленген. суреттер өте көп кездеседі. Арқар мүйіз, қошқар мүйіз ою-өрнектердің сан түрі бұл жануарға деген құрметтен туындаса керек.
Ендеше, жақпар тастың өркешіне құламай секіретін, қия құздың өр төсіне оп-оңай орғып шығатын арқар туралы сөз етсек… Арқардың аталығын – құлжа, қозысын – қозықа деп атайды. Оның еркегінде де, ұрғашысында да мүйізі болады. Құлжасының мүйізі ірі, бұралып иілген, айшықты болып келеді. Ал, аналығының мүйізі нәзік, өте қысқа, бозғылт қоңыр түсті. Олардың жасын мүйізіндегі сақинаға қарап анықтауға болады. 2,5 жаста жыныстық жағынан жетіледі. Қазан-қарашада күйлеп, 6 айдан соң аналығы, көбіне жалғыз қозы табады. Жазда көбейеді, жазда көбіне егіз туады, табиғи жағдайда 12-14 жыл тіршілік етеді. Қазақстанның таулы жерлерін (Жоңғар Алатауын, Тарбағатайды, Алтайды, Сарыарқаны, Қаратауды, Қызылқұм шөлін) мекендейді.
Республикада арқардың 6 түрі бар: Алтай арқары, Қызылқұм арқары, Қазақстан арқары, Тянь-Шань арқары, Қаратау арқары, Үстірт арқары.
2019 жылдың ортасында «Қазақ туризм» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының кеңесшісі Батыр Сейкенов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатта «Ел аумағында 16 мыңнан астам арқар қалғанын» мәлімдеген. «Бұл сандық біз қайдан алдық? Әрине, әрбір арқарды басынан нұқып санаған жоқпыз. ол мүмкін емес. Әр жерде кездескен арқар санын таралу арелына көбейте отырып, осындай сан шығардық. бұл бұрынғы жылдарға қарағанда аз. Демек, арқар санының кемуі бар. Оған барконьерлік те, түрлі аурулар да себеп болуы мүмкін», – дейді ол. Қазір арқарларға да белгі тағылып жатыр екен. Осы арқылы қартайған, ауырған арқарларды оңай анықтауға болады.

ҚАСКЕРЛЕРДІҢ ҚОЛЫНАН ҚАЗА ТАПҚАН ҚОРЫҚШЫЛАР

     Өткен 2019 жылдың 13 қаңтарында Қарағанды облысының Нұра ауданында сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген жабайы аңдар мен ақбөкендерді қорғау кезінде «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК екі инспекторы мен браконьерлер арасында қақтығыс болғанын бүгінде жалпы жұртшылық жақсы біледі. Браконьерлермен күрескен қорықшы-инспектор Ерлан Нұрғалиев қаза тапты. Астана қалалық №1 ауруханасының дәрігерлері оның өмірі үшін күрескен еді. Өкінішке орай, жарақатының ауырлығына байланысты аман алып қалу мүмкін болмады.
Бұл туралы ең алғаш АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет фейсбуктегі парақшасында: «Бүгін таңертең «Охотзоопром» инспекторы Ерлан Нұрғалиев өмірден озды. Ол 13 қаңтар күні Қорғалжың даласында айуандық танытқан 3 браконьермен айқастан кейін өмірі үшін соңына дейін күресті. Қаза тапқан азаматтың отбасына қайғыра көңіл айтамын. Ол өмірінің соңына дейін Қазақ даласының символына айналған киіктерді қорғау жолындағы борышын адал атқарды. Ерлан Нұрғалиев сынды инспекторлардың күш-жігерінің арқасында 2015 жылы жаппай қырылған киік саны 215 мың басқа дейін көбейді», – деп жазған еді.
Ерлан Нұрғалиев 1966 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Білімі – дене шынықтыру және әскери дайындық оқытушысы. 53 жастағы 2012 жылдың наурызынан бастап «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Қарағанды тірек пунктінде Орталық аймақтық филиалдың инспекторы қызметін атқарды.
Осы атышулы іске қатысты сот 2019 жылдың тамыз айында өтті. Сот шешімімен Ерлан Нұрғалиевті өлтірген, Петр Ницыкты өлтіруге тырысқан Берік Ахметов, Қайрат Ақшанов және Нұрлан Шүкілдіков өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Бұл іске қатысты қалған 4 адам – Берден Базаров, Батырбек Қайырбеков, Жарасхан Мырзабаев және Айдос Әкімов, заңсыз аң аулағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, 17 ақбөкенді өлтіргені үшін өтемақы ретінде 89 миллионнан астам теңгені мемлекет қазынасына өндіріп алуға қаулы шығарды.
Петр Ницыкты өлтіруге тырысқаны үшін 500 мың теңге материалды, 6 миллион теңге моральды зиян келтіргені үшін, Нұрғалиевтің ағасына – 500 мың теңге материалды, 9 миллион теңге моральды зиян келтіргені үшін, Нұрғалиевтің ұлына 1 миллион 890 500 теңге материалды, 15 миллион теңге моральды зиян келтіргені үшін өтемақы жасау туралы шешім шығарылды.
Ерлан Нұрғалиевтің өлімі туралы ақпарат қоғамға өте тез тарап, резонанс тудырды. Әлеуметтік желілердегі халық пікірі ең жоғары жазаны тағайындауды да сұрады. Нұрсұлтан Назарбаев «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Ерлан Нұрғалиевті қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградтады.
Өкінішке орай, заңсыз ау аулау мен қорықшыларға шабуыл мұнымен тоқтамады. Осы жылдың (2019) 23 шілде күні Ақмола облысы Жарқайың ауданы Бірсуат ауылы маңында «ПО Охотзоопром» бірлестігінің екі қорықшысы бөкендердің заңсыз аулаған екі қаскөйді ұстамақ болады.
Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспанов екеуі де оқ жарақатын алады. Бірақ Қаныш Нұртазиновты ажалдан алып қалу мүмкін болмады. Артында бес бірдей баласы қалған Қаныш Нұртазинов «Айбы-І» орденімен, Самат Оспанов «Айбын-ІІ» орденімен марапатталды. Қылмыскерлер Қос-танай облысынан ұсталған. Осы өңірдің жергілікті тұрғындары 45 және 20 жастағы – әкесі мен ұлы болып шығады.

ҚАСКЕРЛІККЕ – ҚАТАҢ ЗАҢ КЕРЕК

     Заңсыз аң аулау, жоғалып кету қаупі бар жануарларды қасақана өлтірумен қатар оларға күтім жасап, қорғап жүрген адамдарды қоса өлтіру – нағыз қаскөйлік әрекет. Соңғы 3 жылда елімізде браконьерлікке қатысты қозғалған 10 істің біреуінде ғана, киікке емес, кісіге қару жұмсаған дала қарақшылары сотталып, ал қалған істің бәрінде браконьерлер жеңіл жазамен құтылыпты. Сондықтан, қаскерлікті Қазақстанда ауыр қылмыстардың санатына қосатын заң тармақтарын әзірлеу жоспарлануда.
Сондай-ақ, қорықшылардың өзін-өзі қорғау мақсатында қару қолдану туралы заңды қайта қарап, қорықшылардың мүддесіне қарай қару қолдану тәртібін кеңейтіп беру туралы да ұсыныстар айтылып жатыр. Сондай пікірлердің бірін «Охотзоопром» РМК бас директоры Ерзат Әлзақов: «Заң талабында біздің инспекторларға қару қолдануға құқығы бар. Бірақ көп инспектор соны қолдануға қорқады. Себебі, Прокуратура бір жағдай бола қалса, қару қолданғанды жазалайды. Көп жағдайда біздің инспекторларды кінәлі деп табады.
Осы жағдайды заң жағынан қайта қаралып, инспекторлардың қару қолдану құқығын көбейту керек деймін. Заңға өзгеріс енгізіліп, құқықтық мәртебелері қайта қаралғанша инспекторлар бұрынғы талап бойынша жұмыс істей бермек» деп, жаңа заң жобасын күтіп жүргендерін ашына айтқан еді.
2020 жылдың 6 қаңтары мен 5 ақпаны арасында Түркістан об-лысының полиция қызметкерлері «Браконьер» деген атаумен шұғыл шаралар ұйымдастырды. Бұл шараның басты мақсаты табиғатты қорғау заңының аясында қаскерлік әрекеттерді анықтау, заңсыз балық аулау, ағаш отау, жабайы жануарларды ату т.б. сынды қылмыстармен күресу, санақ, күзет қызметін күшейту болып табылды.
Осы бір ай шамасына созылған шара барысында полиция қызметкерлері – 11 экологиялық қылмыс, оның ішінде заңсыз балық аулау – 4 факта, заңсыз ау аулау – 2 , пайдалы қазбаларды өз бетінше алу – 2, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрін пайдаға асыру – 2 факт.
Арыс ауданы табиғатты қорғау полицейлері рейд шаралары кезінде Көксарай суқоймасында жиілеп кеткен аумен көп мөлшерде заңсыз балық аулағандарды ұстады. Мысалы, бір ғана Сарыағаш тұрғыны аудың көмегімен 300 кг балық ұстаған.
Түркістан облысы Түлкібас ауданында жабайы жануарлардың аулау кезінде жергілікті тұрғын ұсталды. Одан атылған қабан еті мен мылтық тәркіленген. качестве вещественных доказательств изъяты туша кабана и охотничье ружье.
«Браконьер» шұғыл шарасы барысында табиғатты қорғау заңына қайшы 253 азаматтық заң бұзушылық тіркелді. Құқық қорғау қызметкерлері қаскерлерден 9 тіркелмеген аңшы мылтығын, 750 кг. астам заңсыз ауланған балық, 3 атылған жабайы жануар, 4 қайық, 500 метрден аса балық аулауға арналған ау тапты. Заң бұзған азаматтарға жалпы сомасы 1,3 миллиона теңге айыппұл салынып, соның 950 тысяч теңгесі қысқа уақытта мемлекет қазынасына құйылды.
Табиғатты қорғауға бағытталған шара барысында полиция қыз-меткерлері жергілікті тұрғындар арасында табиғатқорғау заңына қарсы әрекеттердің барлығы қылмыс саналып, ауыр жазаға тартылатыны туралы ескертулер айтып, заң тармақтарымен таныстыру шараларын жүргізді.
Сырдария-Түркістан мемлекеттік аймақтық аймақтық табиғи бақтың мемлекеттік инспекторы Қайрат Кәрібаев Түркістан облысы мен Шымкент өңірінің тұрғындары мен қонақтарына ескертпе-үндеу жолдады.      «Аз уақыттан соң сирек кездесетін және «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктер соның ішінде қызғалдақтар гүлдей бастайды. Өсімдіктерді жұлмай тұрып, Қазақстан республикасының Қылмыстық кодексінің 339 статьясын оқуға кеңес беремін» деп, жұртшылықты қылмыстық кодекс негізінде өсімдіктерді жұлған, шетелдерге сатқан, жануарларды атқан адамдар бас бостандығынан айырылып, жеке мүлкі тәркіленіп, үлкен сомалы айыппұлдар төлейтінін түсіндірген болатын.
Елімізде жабайы аңдар мен жануарлармен қатар өсімдіктер әлемі де қатаң қорғауға алынған. Өсімдіктерді есепсіз жұлып, тұқымын құртып жіберуге дейінгі әрекеттерге берілетін жазаның жануарларға жасалған қастандықтардан еш айырмасы жоқ екенін көп адамдар әлі күнге білмей жатыр. Дәл осындай үндеу-ескертпелердің табиғат қорғау ісіне қосар үлесі зор.
Тіпті мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман қызметкерлері арнайы дайындалған қағидалар бойынша ғана ағаштарды кесе алады. Орман кодексінің (бұдан әрi – Орман кодексі) 13-бабы 1-тармағының 18-20) тармақшасы негізінде «Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ағаш кесу қағидалары» жасалған. Амалмыш қағидаларға сәйкес: «Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесуді жүргізу тәртібі, мерзімі мен тәсілдері орманның өсу жағдайларына, тұқымдылар құрамына және мемлекеттiк орман қорының санатына байланысты.
Мемлекеттiк орман қоры учас-келерiнде сүрек дайындау мынадай ағаш кесу түрлерін жүргізу тәртібімен жүзеге асырылады:
1) пiсiп-жетiлген және қураған сүрекдiңдерде жүргізiлетін басты мақсатта пайдалану;
2) аралық мақсатта пайдалану (орманды күтiп-баптау мақсатында кесу, iрiктеп санитариялық мақсатта кесу және құндылығы аз орман екпелерiн, сондай-ақ қорғаныштық, су қорғау және басқа да функцияларынан айырыла бастаған екпелердi қайта жаңғыртуға байланысты кесу, балауса талдар iшiндегi бiрлi-жарым ағаштарды кесу);
3) өзге де мақсаттарда кесу (жаппай санитариялық мақсатта кесу; су тораптарын, өткiзгiш құбырларды, жолдарды салуға байланысты; орман соқпақтарын және өртке қарсы жыраларды тазарту; өтiмдi қоқырсуды жинау; өзге де мақсаттарда кесу).
Ағаш кесудің жыл сайынғы мөлшері және оны жоспарлау бұдан кейінгі өзгерістерді ескере отырып орман орналастыру материалдары бойынша айқындалады. Орман учаскелерiн кесуге тұрған күйінде алдын ала iрiктеудi орманшы күтуші жүргiзедi.
Әрбір кеспеағашқа дайындық жұмыстары жүргізiліп, оны тұрғаны орнына қарай бөлгенге дейiн технологиялық карта жасалады, онда ағаш кесу және сүректi сүйретiп тасу, ағашы кесiлген жерлердi кесу қалдықтарынан тазарту тәсiлдерi, орманды молықтыру әдiсi; ағаш тасу жолдарын, оны сүйретіп шығаратын қиғаш жолдарды, соқпақтарды, тиеу алаңдарын орналастыру схемасы, қоймалар, механизмдер тұрақтары және жұмысшыларға қызмет көрсету объектiлерi орналасқан орындар; кесуге жатпайтын өскiндер мен жас шыбықтар сақталуға тиiс алаңдар, күзет аймақтарына алынған ағаштар, құмырсқа илеулері; топырақты эрозиядан қорғау және сүрекдіңнің қалған бөлiгiн сақтау жөнiндегi талаптар көрсетiледi.
Күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудiң жекелеген түрлерiнiң мақсаты мыналар болып табылады:
-жарықтандыру – аралас балауса ағаштарда құрамын күтiп-баптау және жиiлiгiн реттеу. Тазарту жасында күтiп-баптаудың осы түрi негiзiнен басты тұқымдардың алқаағаштар құрамына қажеттi мөлшерде қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған;
-тазарту – алқаағаштар құрамы мен пiшiнiн күтiп-баптау, сондай-ақ оның жиiлiгiн реттеу;
-сирету – алқаағашатардың сапасы мен құрылымын жақсарту үшiн дiң мен ұшарбастың пiшiнiн күтiп-баптау;
-өтпелi ағаш кесу – таңдаулы ағаштарда өскiндi көбейту, техникалық тұрғыдан толысқан сүректiң сапасын бiр мезгiлде арттыра отырып, оны өсiру мерзiмiн қысқарту және алқағаштарды басты ағаш кесулерге дайындау мақсатында алқаағаштарды баптап-күту.
Күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу екпелердiң селекциялық-генетикалық қасиеттерi мен биологиялық орнықтылығын төмендетпей, орманды одан әрi кезең-кезеңмен пайдалану ескерiле отырып жүзеге асырылады. Күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудi жүргiзу кезiнде ағаштарды жiктеу жүргiзiледi, барлық ағаштар шаруашылық және биологиялық белгiлерi бойынша үш санатқа: I – таңдаулылар, II – қосалқылар, III – аластауға тиiстiлер деп бөлiнетiн биотоптар бөлiп алынады:
1) таңдаулыларға – биiктеп жақ-сы өскен, зақымданбаған түзу, толық сүректi және бұтақтарынан жақсы тазартылған діңі бар, терең тамырланған, қылқан жапырақтары (жапырақтары) қалыпты өскен, бiркелкi дамыған, жiңiшке бұтақты, жіңішке үшкір ұшарбасы бар басты тұқымның сау ағаштары жатады.
Жапырақты алқаағаштарда тұ-қымдық ағаштарға және шiрiкке төзiмдi ағаштардың нысандарына артықшылық беру керек. Таңдаулы ағаштар негізiнен осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес I, II және III өсу сыныптарының ағаштарынан олардың өсу орнының жағдайларын ескере отырып, алқаағаштағы ағаштардың өсу сыныптары бойынша жіктелуіне орай iрiктеп алынады. Күрделi алқаағаштарда мұндай ағаштар бiрiншi қабаттан да, екiншi дәрежелi қабаттардан да iрiктеп алынады.
Екпелердiң жекелеген топтарында I санаттағы ағаштар болмаған жағдайда өсiп тұрғандарының салыстырмалы түрде таңдаулылары қалдырылады.
Күтiп-баптау кезiнде таңдаулы ағаштар iшiнен пiсiп-жетілу жасына дейiн қалдырылатын мақсатты ағаштар бөлiп алынады. Бұл ағаштар сирету жасынан бастап бөлiнедi;
2) қосалқыларға – таңдаулы ағаштардың бұтақтарынан тазаруына, олардың дiңдерi мен ұшарбастарының қалыптасуына ықпал ететiн, топырақ қорғау және топырақ жақсарту функцияларын орындайтын негiзiнен шымылдықтың төменгi бөлiгiндегi немесе екiншi қабатты құрайтын ағаштар жатады.
Оларға сондай-ақ егер олар алаңқайлар мен орман шетінде орналасқан болса, таңдаулылар санатына енбеген жоғарғы шымылдықтың бiрлi-жарым ағаштары, сондай-ақ егер олар басты тұқымның өскiнiне кедергi жасамаса, аласа ағаш нысанындағы бұталар мен ағаштар жатады;
3) аластауға жататын ағаштарға:
-кеуiп қалған, дауыл әсерiнен құлаған, қураған, өсуiн тоқтату дәрежесiне дейiн саңырауқұлақ ауруларынан және зиянкестерден зақымданған;
-егер бұл ағаштар алқаағаштарда пайдалы рөл атқармаса, күтiп-баптау мақсатында ағаш кесуден кейiн оңала алмаса (тегіс, шар тәрiздi және үрмелi ұшарбасы бар) және оларды кесу үлкен ашық алаңқайлар құрамаса, қисайған, қос тармақты, жоғарғы басы жоқ, iрi-iрi өгей бұтақшалары бар, қатты өсiп, ұшарбасы тым төмен иiлген және қатты сүйiрленген, көп күйзелiс көрген;
-iрiктеп алынған таңдаулы және қосалқы ағаштардың өсуiне және ұшарбастарының қалыптасуына бөгет жасайтын (сабалайтын, көлеңкелеген, қысатын және тағы да басқалар) ағаштар, егер оларды кесу алқаағаштардың бүлiнуiне душар етсе, iлеспе тұқымдылар мен басты тұқымдының өкiлдерi;
— олар өте қалың шоғырлар құраса, жекелеген қалыпты дамыған және күйзелмеген ағаштар жатады.
-Егер олар оқшауланып өссе және кеуiп қалмаған болса, қуыстар мен құс ұялары бар, дiңдерiнiң техникалық қасиеттерi нашар ағаштар кесуге тағайындалмайды».
Біз бұл жерде бекітілген қағидалардың тек бір бөлігін ғана мысал ретінде алып отырмыз. Тек орман ағаштары үшін осыншама тексеріс жасап, талдап, талаптар бекітіп отырған мемлекеттік деңгейде жасалған үлкен жұмыстарға құрмет көрсетпеуге болмас.
Ұрпақ өсіру, үй салу және ағаш отырғызу – осы үшеуін тірісінде жасаған адам, өзінің табиғат алдындағы парызын өтеген адам деген түсінік қалыптасқан. Яғни, ағаштың адам баласы үшін маңыздылығы осы бір ауыз сөзге сиып тұрған жоқ па?
Ағашты отырғызып, өзі өсе береді деген ойдан аулақ болған жөн. Ағаш көшеттері де бөлме өсімдіктері тәрізді күтім мен бапты қажет етеді. Ағаш отырғызбас бұрын адам оны не үшін отырғызғысы келетінін шешіп алуы тиіс. Терезе түбіне микробтарды жойып, ауаны тазартатын ағаштар отырғызған жақсы. Мысалы, арша мен боз арша тәрізді қылқан жапырақтылар шыбындар мен масаларды үркітеді.
Көшеттің бойларында өз топы-рақтары барын алу керек. Ықыласпен, таза тілекпен отырғызған көшет тез өседі. Суарып, түбін қопсытқан кезде оларға сөйлеп, сипап, көңіл бөлудің де маңызы зор. Өзіне бөлінген көңіл мен жылы сөз, құнарлы топырақ, жеткілікті су болса жер алмайтын көшет болмас. Бірінен соң бірі бой алып кетеді.
Терек ағашы ауыр металдардан шығатын уларды, радиациялық зиянды жұтып азайтады. Әсіресе қазір телефонға байланған уақытта әр үйде бір-бір терек ағашы өскен жақсы екен. Терек мамығына аллергиясы барлар, мамығы жоқ түрін таңдауына болады.
Көшеттерді сатып алу кезінде оның тірі екендігін анықтап алмасақ болмайды. Шыбығы жасылдау, бүршіктері быртық, тамыры тармақталған, жабысқан топырағымен болғаны жақсы. Көшет отырғызатын шұңқырдағы топыраққа алғашында тыңайтқыш қосуға мүлде болмайды. Химиялық заттар тамырды күйдіріп жібереді. Есесіне 3-5 жылдық қаратопырақ, қарашірік қосу керек. Отырғызу маусымы сәуірдің басынан аяғына дейін созылады. Күзде де отырғызуға болады. Көшеттің бойы биіктігіне қызықпаған жөн, биіктер қиын жерсінеді, көбірек ауырады. 1,5 метрден аспайтынын таңдап алған дұрыс.
Осыншама күтім мен бап кететін бір ағашты өсіру үшін қаншама еңбек қажет? Сондықтан ауа тазалықшысы, жасыл желектерді күтімге алу, қорғаудың қаншалықты маңызды екенін түйсіне білейік. Табиғат қорларының біріне жататын өсімдіктер әлемін тиімді пайдалану – оны зерттеу, қорғау, игеру және қайта түлетуден тұрады. Осы ұстанымдарды сақтаған жағдайда туған өлкеміздің жасыл желек қорын сақтап, болашақ ұрпақтарға жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар.

ҚАСКЕРЛІК КАРАНТИН УАҚЫТЫНДА ДА ТОҚТАМАҒАН

       Карантин кезінде де қаскерлік әрекеттері тоқталмай жатқанына қайран қаласың. 2020 жылдың 27 наурызы күні Қостанай облысына қарайтын Сопылы елдімекенінде «Нива» автокөлігімен келе жатқан екі адамды полиция қызметкерлері тоқтатады. Олардан тіркелмеген екі аңшы мылтығы, екі бөкен мүйізі табылған. Олардың жүрген ізіне түскен құқық қызметкерлері өлтірілген үш бөкенді табады.
Сәуір айының басында Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ақтоған және Шелек елдімекендерінің арасында «Ниссан» автокөлігін мінген үшеуді полиция қызметкерлері тоқтатқан. Тексеру нәтижесінде жүзу кастюмі, гарпун – су аңшылық мылтығы, қайық, 140 кг-нан аса әртүрлі балық тәркіленген.
Ал 15 сәуір күні Атырау маңында Жайық өзенінің жағасында қаскерлермен қорғаушылар ара-сындағы видео әлеуметтік желіде лезде таралды. Шашылған балық пен жанған мотоцикл жанында төбелескен, қашып бара жатқан заң бұзушылардың да кім екені анықталды.
Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Төретам елдімекенінде де «Land Cruiser 80» автокөлігімен келе жатқан қаскерлер қолға түседі. Олардан да мылтық және 4 бөкен табылған.
Ұсталған қаскерлердің көпшілігі қымбат, сапалы көліктермен аң-шылыққа шығады екен. Бұл олардың тұрмыс-жағдайлары жақсы екенінен хабар береді. Десе де, олардың қорықшылар ұстап, құқық қорғау өкілдеріне өткізгеннен кейін, тамыр-таныстықтары, қаржылары арқылы жазадан құтылып кететіндері де кездесіп жатады.
Соңғы уақытта қолға түскен қаскерлердің ұсталғанда өзімен бірге болған бар дүниесі тәркіленіп, мемлекет есебіне алынатын заң нормалары толықтырылған. Атыраудан түсірілген видеода мотоциклын өртеп жіберген қаскердің әрекетін анық түсінуге болады. Өзінен алынып қоятын болған соң, өзіне де, өзгеге де бұйырмасын деген далбаса ойдың көрініс беруі деп топшылауға болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйегінде жасаған мәлімдемесінде браконьерлік туралы кеңінен тоқталып: «Соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар ұйымдасқан қылмыстың тағы бір түрі – браконьерлік проблемасының бетпердесін ашты. Бүгінде браконьерлер сақадай-сай жабдықталып, қаруланған және өздерінің жазалана қоймайтынына сенімді. Биылдың өзінде жануарлар әлемін қорғап жүрген екі инспектор браконьерлердің қолынан қаза тапты. Жақында Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлінде браконьерлердің қылмыстық тобы ұсталды.
Бұл тек бір ғана мысал, алайда браконьерліктің тамыры тереңге жайылған, соның ішінде бұл құқық қорғау органдарының салғырттығынан болып отыр. Браконьерлер ұлттық байлығымыз – табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтіруде.
Үкіметке екі ай ішінде тиісті заңнаманы қатайту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын» деген болатын.
Өткен 2019 жылғы деректерге үңілсек, 3 698 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Бұл туралы Экология, геология және табиғат ресурстары министрлігінің вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеген болатын. 2019 жыл бойына министрлі тарапынан 3969 кешенді рейдтер мен 403 тексеру ұйымдастырылған. Осы тексерулер барысында табиғатқа нұқсан келтірілген 4673 оқиға тіркелген. Оның ішінде: аңшылық – 347, орман ағаштарын кесу – 593, балық аулау – 3733. Әкімшілік жазаға 3698 адам тартылса, қылмыстық жазаға 34 браконьер кесілген. Жалпы сомасы 57,165 млн теңге, айыппұл салынып, оның 49,062 млн. теңгесі мемлекет қорына жіберілген.
Былтырғы қоғамды дүр сілкіндірген қорықшы-инспекторлардың өлімі бұл саладағы қордаланған мәселелердің бетін ашты. Қорықшылардың мінген көлігі, қару-жарағы, радио-телефондары – ескі, өмірлері, денсаулықтары – сақтандырылмаған, айлық жала-қылары – 45-60 мың аралығында өте төмен екендігі сияқты маңызды жайттар да көтерілді.
Адамдар мыңдаған жылдар бойы өсімдіктер мен жануарлар дүниесін пайдаланып келді және де өзінің жан-жақты тіршілігінде жануарлар мен өсімдіктердің пайдалы қорын қолданып ғана қойған жоқ, сонымен бірге табиғатты өзгерту арқылы көптеген түрлердің өмір сүру жағдайларына әсер етті.
Ал, халқымыз бағзы заманнан табиғаттың әр жаратылысымен үйлесімде өмір сүрді. Аңшылық жасап, ауыл-аймағын аштықтан сақтап қалу деректері батырлар жырында да, ертегілерде де сақталған. Аңшылықпен ел асырау, саят құрып ит жіберіп, құс салудың терең астары мен қалыптасқан мәдениеті болған. Туған жерінің әр тасын қадірлеген халық, жүгірген аң, ұшқан құс, судағы тіршілік иелеріне қауіп келмейтіндей, ойланып әрекет еткен. Аңшылықты қазіргідей жүйткіген көлікпен баса көктеп, тасырлатып мылтықпен ата бермеген. Табиғатқа қатыгездік жасалмау үшін, әр жануардың киесі мен иесі бар деген наным түсінік қалыптасқан. Жылдың қай мезгілінде қай аңды, жануарды аулауға болатыны зерделеніп, сол дала кестесі бойынша аңшылық жасалған. Түлкі, қоян, қарсақ т.б. аңдарды жылы киім үшін бірді-екі ұстаған. Оның өзінде тағыларды тікелей адам өзі ұстамай, бүркіт баптап, тазы салу арқылы қолға түсірген. Туған топырақтағы әрбір тал өсімдік пен жыбырлаған тірі мақұлықтың өсіп-өнуіне, барынша қамқорлық жасайтын.
Қазіргі уақытта табиғатқа антропогенді ықпал етудің әсерінен жер бетінде өсімдіктер мен жануарлардың кейбір түрлерінің жойылу процесі басталды. Ғылыми-техникалық прогресс нәтижесінде адам қолына табиғат әлеміне бұрынғыдан да зор күшпен әсер ете бастады. Құралдар қаншалықты пайдалы болса, соншалықты зиянды тұстары да қатар орын алып жатыр.
Адам баласы табиғаттағы барлық құбылысқа, тіршілік иелеріне, мыңдаған нығметтерге қарыздар әрі жауапты екенін ұмытпауы керек. Айналада басы артық, қажетсіз жаралған бірде бір мақұлық жоқ. Олардың барлығы адамзаттың мейірімі мен қамқорлығына мұқтаж екенін естен шығармайық.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *