ҚОҢЫЗ ҚОҢЫЗ

ҚОҢЫЗ

01.05.2020 0 55

Ырысбек ДӘБЕЙ 1979 жылы Алтай аймағында туған. «Шық тұнған жолдар» атты өлеңдер, «Әкелеріміз айтатын әңгіме» атты эсселер, «Мөлтіл» атты әңгімелер мен хикаялар жинағының, «Жылқы... ҚОҢЫЗ

Ырысбек ДӘБЕЙ

1979 жылы Алтай аймағында туған. «Шық тұнған жолдар» атты өлеңдер, «Әкелеріміз айтатын әңгіме» атты эсселер, «Мөлтіл» атты әңгімелер мен хикаялар жинағының, «Жылқы атылған жаз» романының авторы. «Жалын», «Жұлдыздар отбасы», «Ақ желкен» журналдарында, «Қазақ әдебиеті», «Астана ақшамы»
газеттерінде жұмыс істеген.

Жалғасы. Басы өткен сандарда

Жетінші тарау

1

Қызыл-жасыл кежім жапқан жылқылар мініп, алаң сахнасына қарай беттеген жас жігіттер қолдарына жалау ұстап алыпты. Соңынан шулап мектеп оқушылары еріп келеді. Бес-алты атты ереуілде тұрған мұнайшылардың ортасын қақ жарып, салтанатты шеруді бастап келеді.
– Кет деймін-ей!
– Жүрмеңдер бұл жерден!
– Адамды басып-жаншып қайда барады-ей, мыналар?!
– Осының бәрін әдейі жасап отыр!
Салтанатты шеруге шыққандарды қаумалап қоршап жан-жақтан айқайлаған мұнайшылар оларды қоршап, жолын кес-кестеді. Су жаңа қызыл арнайы киім киген бірнеше адам балаларды итеріп, аттың тізгініне жармасты. Парадқа кедергі жасап, бөгет болғандарды полицейлер жұлқылап, жол ашып жүр.
– Балаларда нелерің бар, тимеңдер!
Мұрат өзін сыртынан камераға түсірген ұзын бойлы ер адамның су жаңа қызыл киім киген алпамсадай жігіттерге кішкентай аппаратын тақап, айқайлағанын естіді. «Плюс» арнасының операторы да камера қосып, жан-жағын түсіріп жүр. Парадқа жол ашқан оншақты полиция адамдарды жұлқылап, итерген сайын айқай-шу үдей түсті. Сахна жақтан оқушылар парады жайлы жарыса хабарлап жатқан концерт жүргізушілердің дауысы естіледі.
– Мұрат!
Ол артына бұрылды. Сонадайдан атын атап, айқайлаған Саламатты көрді.
– Қайда кетіп қалдыңыз, Сәке?! – деп дауыстай сөйлеген Мұрат Саламаттың жанына жетті.
– Не бардак мынау! – деп өңі түтігіп, бозарған Саламат екі қолын сілкілей берді. – Не бардак!
Қолын сермеп тұрған оны еңгезердей полиция қызметкері итеріп қалды. Дедектеп барып бойын түзеп алған ол:
– Ептбайурод! Неге адам итересің?! – деп оған тұра ұмтылды.
Мұрат оны артынан шап беріп құшақтай алды.
– Жіберші, Мұрат! Мына сука неге жайында тұрған адамды итереді! Бұларға керегі бүлік! Көрсетейін бүлікті! – деп Саламат қанша бұлқынса да, Мұрат оны босатпады.
– Не болды?! Сабыр етсейші, бауырым!
Камераға түсіріп жүрген ұзынтұра бұлардың желке тұсына төніп кеп сөйледі.
– Не болғанын ана иттеріңнен сұра-саңшы! Адамды басып-жаншып не болды сонша!
– Аузыңды жапсайшы, блйа!
Саламатты оқты көзімен атып, боқтай сөйлеген ұзынтұра камерасын көтерген күйі сахна жаққа беттеген аттылардың соңынан жүгірді. Төңіректі ысқырған, айқайлаған дауыстар кернеді. Жаңа жылдық шыршаның тұсына жетіп қалған аттылардың артынан еріп, шулаған адамдар ұйлығып тұрып қалды.
– Босат, жібер деймін!
Мұрат төрт-бес полицияның Сейсен-бектің қолын қайырып, сүйрелеп жүргенін көрді. Оларды қоршап, ашуға басқан мұнайшылар Сейсенбекті босатып алды. Жүгіріп жеткен Мұрат ортаға кірді.
– Не, төбелес шығарайын дедің бе?! – деді камераға түсіріп тұрған ұзынтұра.
– Төбелесті өздерің шығаратын секіл-дісіңдер! Неге мыналар жазықсыз адамның қолын қайырып, сүйрелеп жүр?!
– Мереке тойлауға кім кедергі жасаса, сол жазаланады! – деді полицияның бірі. – Парадтың жолын тоспаңдар!
– Парадтарың біздің үстімізден жүре ме! Анау кең жақпен неге жүргізбейсіңдер?! – деп Мұрат алаң шетін нұсқады.
Қаумалаған жұрт ысқырып, айқайлап салтанатты шеру соңынан ерді. Жалау ұстап, атқа мінгендер қаз-қатар тізілген полицейлерден өтіп, сахнаны қоршаған темір қоршауды айналып, жайына кетті. Қалың нөпір теңіздей толқыды. Алдыңғы легі жағаны ұрған толқындай сахнаны қоршай тізілген полицейлерге бетпе-бет келіп тоқтады. Мұрат қолына рация ұстаған полицияға келіп соғылды. Сұр жағалы, сұр бас киім киген ол:
– Көзіңе қара! Қайда барасың?! – деп айқайлады.
Мұрат оның суық сорған қызғылт сары жүзіне қарады. Бас киімінің маңдайында елтаңба жарқырайды.
– Артқы жақтағылар итеріп келе жатса, не істеймін! – деп Мұрат өзін қайта-қайта камераға түсіріп жүрген ұзын бойлы ер адамға қарап қойды.
– Әділет қайда? Заң қайда?!
Желке тұсынан айқайлаған әлдекімнің дауысы Мұраттың құлағын жарып жібере жаздады. Ол бұрылып, артына қарады. Қара шапкасын милықтата киген, кең жауы-
рынды қапсағай жігіт тағы айқайлады.
– Әділет қайда? Заң қайда?!
– Сендердің әділеттерің қайда? Мере-кенің шырқын бұзып не болды сонша?! – деп камераға түсіріп жүрген ұзынтұра бір қолындағы телефонын құлағына тосты. – Заңғар, срочно камераңмен мұнда жет! Сен де түсір, шу болып жатыр мұнда! Тез жет!
Телефонын қалтасына салып, Мұратқа жақын келген ол:
– Кішкентай балаларда не шаруаларың бар-ей, Мұрат?! – деп камерасын оған туралады.
Үстіне арнайы киім, басына құндыз бөрік киген толық әйел көзі шатынап:
– Балаларды әдейі әкеліп, тұрған орнымызды бұзып, бүлік бастаған сендер! – деді.
Қатар тұрған екі полиция қызметкерінің ортасына келіп асыла кеткен ол қолын ербеңдетіп, сахна жаққа қарап, бар дауысымен айқайлады.
– Кет! Тараңдар, мұндай концерттің бізге қажеті жоқ!
Камерасын көтерген күйі әйелдің қасына жетіп барған ұзынтұра оны кеудесінен итеріп:
– Бар әрі, орныңа тұр! – деді.
– Кеудеден итеретін кімсің сен?! – деп толық әйел долдана бақырды.
– Маған айқайлайтын сен кімсің, нах?! Пидараз сучка блйа! – деп ұзынтұра екілене боқтады.
– Неге боқтайсың?! Камераңа түсірме мені! – деп толық әйел ұзынтұраның алдына тебітіп жетіп барды.
– Құры, кет әрмен! – деп ұзынтұра бұрылып кетті де, полицияның өзіне зірк ете қалды. – Несіне қорқасыңдар, бұларды бір қадам алға жібермеңдер!
Күмбірлеген күй дауысын азан-қазан айқай басып барып, сәл саябырлады. Мұрат қу ағашын құшақтап, сахна жаққа мұңая қарап тұрған жыршыны көрді. Анда-санда майланған шапанының жеңімен көзін сүртіп, ескі құлақшынын төбесінен басып-басып қояды. Мұрат боқтық естіп, жаны күйген толық қара әйелдің көзінен аққан жасты көрді. Қажыған әйелдің түрі екі-үш ай бұрынғы оқиғаларды есіне салды.

2

Күн құрық бойы көтерілді. Бір қолына пакет, бір қолына дауыс зорайтқыш ұстаған толық қара әйел топтың алдына шықты.
– «Сумұнайгазға» барып, директормен сөйлесейік. Міне, сентябрьдің ортасы болды. Мәселенің шешілетін түрі жоқ. Ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болды. Осында тұрған еркектердің бәрінің әйелдері бар ғой, шақырыңдар! Келсін осында, қатындар барайық! Бұл не деген сұмдық! Осында күнге күйіп тұрғалы қанша уақыт өтті! Әйелдердің бәрі келсін, барайық! – деді ол.
– Дұрыс, дұрыс!
Алаңда тұрғандар әйелдің сөзін құптап шулап, айқайласып кетті. Басына ақсұр шляпа киіп, қара көзілдірік таққан еркек жүгіріп келіп, әйелдің қолындағы дауыс зорайтқышты алды.
– Жігіттер, естідіңдер ғой! Үйдегі жеңгелерді, апалардың бәріне звондап осында шақырыңдар. Барсын. Осыдан оларға біреудің саусағының ұшы тиіп көрсін, әңгіме содан кейін болады, – деп шляпа киген еркек қасына келген Раушанға дауыс зорайтқышты берді.
Ереуіл басталғалы аштық жариялап, неше рет ауруханаға түскен Раушан басына ақ жаулық орап, көзіне қара көзілдірік тағыпты. Оң қолына ұстаған дауыс зорайтқышын аузына тақаған ол:
– Азаматтар, мынау болып жатқан сұмдықтан жан түршігіп, жүрек сыздап бітті. Не үшін? Ұрыссыз, соғыссыз азаматтар шетінен қырылып жатыр. Өткенде аштықта жатқан адамдарды таңғы төртте келіп ұрып-соғып таратты. Ешқандай шамасы жоқ, әлсіреп жатқан адамдарға солай күш көрсету жауыздық емей, не?! Аз күн бұрын ғана жөндеудің екі баласы өртеніп кетті. Оны біздің әкім «техникалық ақаулардан болған жағдай» деп ұялмай-қызармай сұхбат беретін жердің бәріне берді. Одан қалса шындықты айтқаны үшін құртақандай бала жұмыс орнында жауыздықпен өлтірілді. Кеше он алты жасар қызды айуандықпен зорлап, қаланың сыртана апарып қорлап өлтірген қаніпезер, қарақшылардың тірлігі анау! Мұның бәрін жасап отырған кім?! – деп ашына сөйледі.
– Бізді осында тұрғызып қойған жауыздардың істегені!– деп әлдекім айқай салды.
Раушан басын ораған ақ жаулығын бір қолымен басып-басып қойды да, әрі қарай сөзін жалғады.
– Оған прокуратура, ГУВД-ы, әкім аппараты кінәлі. Жағдайдың осынша ушығуы солардың жауапсыздығынан!
– Дұрыс!
Раушанды қолдаған жұрттың айқайы алаңды жаңғыртты.
– Әлі күнге түрлі айып тағылып, қамалып, сотталып жатқан жұмысшының, қарапайым халықтың бір ісі ақталған жоқ! Естіп келе жатқанымыз тек «дұрыс емес. Заңсыз, заңсыз!» деген сөз ғана. Соттағыш соттар жұмыс берушінің, байлардың сөзін сөйлейді. Олай болса олардыкі де заңсыз! Мұнда келмейді екен, барайық ана «Сумұнайгаздың» бастығына! Неге митингіге шыққан мұнайшыларды жұмыстан шығарып, заңды белінен басып отыр?! Жауап берсін! – деп Раушан қолындағы дауыс зорайтқышын қасындағы шляпа киген жігітке берді.
Мұраттың жанында тұрған мұнайшы қолына телефонын алып:
– Әйелдеріңді, аналарыңды да түгел шақырыңдар! – деп айқайлады.
Жұрт алдына шығып сөйлегендерді «Panasonic» маркалы кішкентай видеокамерасына түсіріп жүрген Дарын жағалап Мұраттың қасына келді де:
– Інім, көмегің керек. Қазір менімен бірге жүрші, әйелдермен бірге барайық. Мына нәрселерді көтеріспесең, қолды талдырды, – деп қолындағы штативын, иығындағы сөмкесін алып жерге қойды.
– Иә, барайық, – деді Мұрат.
Қыркүйек айының ортасы болса да, күн ыстық. Мұрат тершіген маңдайын сүртіп, төңіректі шолды. Әріректе қу ағашын құшақтап, ескі кенептің үстінде жыршы үн-түнсіз отыр. Әкімшілік ғимараты жақтағы биік бағана басындағы ту баяу желбірейді. Бағанамен қатар тұрған темір мұнараның ұшар басы бұлдырап көрінеді. Алаң шетіндегі аласа ағаштар сарғая бастапты. Асфальт жолда әрі-бері зулаған машиналар тынбайды.
Қырық-елу минутта алаңдағы әйелдердің қарасы көбейді. Бір-біріне есе бермей, дабырласқан олар көп бөгелмей, көшені кесіп өтіп, «Сумұнайгаздың» ғимаратына қарай тартты. Мұрат пен Дарын олардың соңынан ерді.
Әйелдер алаңға жақын орналасқан төрт қабат «Сумұнайгаз» ғимараты алдына келіп тоқтады. Екі әйел ғимарат ішіне кіріп кетті. Мұрат ғимаратқа жақын жол жиегінде ілулі тұрған билбордқа қарады.
Билбордтан мемлекет басшысы күлімсірей қарайды. Суреттің үстіңгі оң жақ шетіне көк фонға «Жарқын болашаққа мемлекет басшысымен бірге» деген сары жазулар жазылыпты. Астыңғы жақ бұрышында «СақМұнайГаз» ұлттық компаниясының эмблемасы тұр.
Ішке кіріп кеткен екі әйелді итеріп сыртқа шығарған күзетші жігіт:
– Бастық жоқ дедім ғой сендерге, бастық жоқ! Айтқан сөзді түсінбейсіңдер ме?! – деп айқайлады.
– Не қылған бастық орнында отырмайтын! Бізді қабылдамаса, сыртқа шықсын! Үлкен-үлкен кісілер кеп тұр! Анадан тумап па, сөйлессін мына кісілермен! – деп ішке кірген әйелдің бірі күзетшінің қолын сілкіп, кеудесінен итеріп қалды.
– Мен сіздерді алдап тұрғам жоқ, шын айтам. Бастық жоқ! – деп күзетші жігіт сабасына түсті.
Кішкентай камерасын қосып, есікке жақындаған Дарынның қасына келген Мұрат ғимараттың темір қоршауының сыртында келе жатқан директорды көрді. Қара папка көтерген еңгезердей жігіт соңынан еріп келеді.
– Бөкенбай әне келе жатыр!
Жұрттың бәрі Мұрат нұсқаған жаққа жапырыла қарап, солай жүгірді. Директорды қаумалап, қоршап алған әйелдер шулап кетті.
–Неге күйеуімізді жұмыстан шығарасың?!
–Неге мәселені ушықтырмай, шеш-пейсің?
– Бір үстелдің басына отырып, неге мұнайшылармен сөйлеспейсің?!
– Ана бұқаларың табалдырықтан аттатпайды! Адам емес, қақпа күзеткен ит секілді. Қашан келсең ішке кіргізбей, арсылдап тұрады!
Басына ақ кепка киген компания директоры таққан қара көзілдірігін қолына алып, жан-жағына сығырайып, жақтырмай қарады.
– Шуламай, сөз тыңдаңдар! Маған қойған сауалдарыңды ана заңгер әйелге барып қойыңдар! Сол ғой күйеулеріңнің артына су бүркіп, дүрліктірген! Мен ешкімге «ереуілге шығып, алаңда тұр» деген жоқпын! Бастаған адамдар жауап берсін! – деді директор.
– Біз неше ай бойы алаңда не үшін тұрмыз?! Сенің түк қатысың жоқ па сонда?! – деді әйелдердің бірі.
– Не үшін тұрғанын жолдасыңнан барып сұра!
– Жолдасым емес, мен тұрмын. Мен де мұнайшымын! – деді әлгі әйел.
– Өзің не үшін тұрдың?
– Табан ет, маңдай терімізді жеген сендер емес пе?! Сол үшін тұрдым! – деп әйел долданып, айқайлап кетті.
– Менің жеке қабылдауыма келіп тұрған жоқсың, айқайлай берме сен! Басқа да адамдар тұр мұнда! – деп директор ызбарлана сөйлеп, кепкасын көзіне қарай түсіріп қойды. – Су бар ма? Мына кісіге су беріңдерші, өз-өзіне келсін.
Долдана айқайлаған әйелді екі жағынан келіп сүйеген екі келіншек қолтықтап, шетке шығарды. Пакет ұстаған толық қара әйел директордың алдына жақын келіп:
– Өзің көріп, біліп отырсың. Бұл тартыстың шешілетін бір жөні бар ма?! 1,8 төлене ме?! Соған нақты жауап берші! Айқайласпай, аптықпай сөйлесейік! – деді.
– Біріншіден, 1,8 туралы әңгіме болмасын.
– Неге? Не үшін?!
Директорды қаумалаған әйелдер шу ете қалды.
– Шуламай, тоқтай тұрыңдар! Сендер сұрап тұрсыңдар, мен жауап берейін. 1,8 туралы мәселе шешілген. Газетке де шықты, соттың шешімі де бар. Баяғы болмайтын нәрсені күні бүгін даулап, мұнайшылар босқа арамтер болды. Заңгер әйелдің айтағына еріп, арандап қалды. Мойындауымыз керек оны. Өздерің айтып тұрған осынша уақыт өтсе де мына жерде мыңға жуық адам жұмысқа шықпай, ереуілде тұр! – деп директор оң қолын көтеріп, алаң жақты нұсқады.
– Жұмыстан шығарып жіберсеңдер, қалай жұмысқа шығады? – деді толық әйел.
– Жоқ, бәрі жұмыстан шығарылған жоқ. Жұмыстан босатылғаны соның ішіндегі төрт жүзі.
Әйелдер тағы шулай жөнелді.
– Не үшін іріктеп, өздеріңе жақ-паған белсенділерді ғана жұмыстан шығардыңдар?!
– Ешкімді біз іріктеп жатқан жоқпыз. Мекеме басшылары тізімді әкеледі, сол бойынша қараймыз. Біздің қызметкерлер үйлеріңе дейін барып «жұмыстан шығып кетесіңдер, жұмысқа шығыңдар, айналайын» дегеннен басқа, артық әңгіме айтып жатқан жоқ! Ешкімді ешкім қорқытқан жоқ.
– Бөкенбай, қоя қойшы! Қорқытқан жоқ дейді, қорқытпақ түгілі ереуіл басталғалы қанша адам өлді?! Ұят жоқ екен сенде! – деді қара торы, арық әйел.
Оның сөзін қостаған өзгелері де айқайлап, жан-жақтан ербеңдеген қолдар көтерілді. Шеткерек тұрған Мұраттың бойын ашу-ыза кернеді. Ол видеокамераға түсіріп жүрген Дарынға бір, «Сумұнайгаздың» ғимаратына бір қарап, орнында тыпыршып, тұра алмай кетті. Ғимараттың төбесіне тақау жерде көк фонға жазылған «мемлекеттік тіл енді ұлттық саясаттың діңгегі болуы тиіс» деген ақ жазуды мағынасыз шолып өтті. Мұрат көпшіліктің арасынан шығып, директорға жақын келген кемпірді көрді. Шыт көйлек, қоңыр камзол киген, ақ жаулық тартқан кәрі кісі:
– Ей, құлдығым-ей! Қарағым, құлдығым! Құртақандай, баламдай баласың. Бері қара. Жүрегімнің ұстамасы ұстайын деп тұр. Бір жөнге келетін кез болды ғой, құлдығым! Осы алақандай Жаңасудың адамдарымыз, тілегіміз бір емес пе?! Бәрінің бала-шағасы, біз құсаған кәрі шешелері бар. Келісімге келсейші, құлдығым! – деді.
– Шешем жоқ деп шіренбе! Шешеден тумағыр! – деді бір әйел.
– Аузыңды жап! Өлген шешеме тіл тигізбе! – деп директор жан-жағына алақ-жұлақ қарады.
– Бос әңгіме айтпаңдар, – деп кемпір қаумалап тұрғандарға бұрылып қарап қойды. – Бір шешімге келсейші, қазақпыз ғой. Қазағымыз қазаққа жау болмасын, құлдығым. Осылардың тілін тауып, үйлеріне жіберсейші! Жұмысына шықсын. Сөйлегенде сөз бермейсің. Құлдығым-ау, құлдығым! Ақылың бар, оқыған жігіт емессің бе!
– Апа, мен жауап берейінші! Сіз сияқты бәрінің де анасы бар. Жаңасу кішкентай, бұ халық менікі екенін де білем. Бірақ бұлар мені тыңдамай, қайдағы бір заңгер әйелдің сөзіне ерсе, мен қайтем?! Не істеймін бұ халыққа!
Шу ете қалған жұрт директордың сөзін үзіп жіберді.
– Бет жоқ екен!
– Ұялмай айтып тұрған сөзін!
– Төрт жүз мұнайшыны жұмыстан шығарып жіберіп, менің халқым дейді!
– Бір қатын лаң салса, шешпейсіңдер ме еркек бастарыңмен!
– Елдің арасына іріткі салып, бір отбасын бір-біріне айдап салған сендер емей, кім сонда?!
– Бас-басыңа шуламай, біреуің сөй-леңдер, – деді кәрі кісі.
Топ ішінен жұлқынып алға шыққан жас келіншек директордың алдына келді.
– Мұнайшылар жатыр анда. Төрт жүз адамды жұмыстан қуып жібердіңіз. Ол адамдар енді не істеу керек? – деді ол.
– Төрт жүз адамға жауап берейін. Облыс әкімі…
– Тұра тұрыңыз, айтарымды айтып алайын! – деп жас келіншек директордың сөзін бөлді.
– Жақсы, айт! – деді ол.
– Төрт жүз адамды сіз жұмыстан шығарып тастадыңыз. Менің күйеуім забастовкаға шыққан соң екі күн өтпей жұмыстан шыққаны туралы қағаз келді. Заңгер әйел дейсіз, не қылық бұл?! Кредитіміз бар, үй залогта тұр. Төртінші балама жүкті едім, соның кесірінен түсік боп түсіп қалды! Үйде инвалид қызым бар. Не істейміз енді?!
– Мен жауап берейінші, тоқтай тұрыңыз! – деп директор шыжақ қақты.
– Ал, айт! – деді келіншек.
– Сенің күйеуің секілді мұнайшыларға «жұмысқа шығыңдар» деп қанша ескерттік.
– Ешқандай ескерту болған жоқ, өтірік сөйлемеңіз! Болары болып, бояуы сіңген соң үгіт-насихат жүргізген болып, жұртты алдайсыңдар!
– Айтты ғой, әкім барып айтты, – деп директор ақтала сөйледі.
Жиналған қауым қайта шулап, директорды таптап өтердей ентелей түсті.
– Сендерді тыңдадым, мені тыңда-саңдаршы енді! – деп директор жан-жағына жалтақтап, кепкасын бір алып, бір киді.
– Шеф, жүріңіз енді. Офиста күтіп отырғандар қайта-қайта звондап жатыр. Маңызды жұмысы бар екен, – деді бір шетте тұрған директордың көмекшісі.
– Әрі тұршы-ей! Не бар саған қатындардың арасында! Біздікінен маңызды шаруа бар ма бұ қалада?! – деп әйелдің бірі көмекшіге зекіп тастады.
– Қазір, қазір! – деп директор көмек-шісіне қолын көтеріп, басын изеп қойды. – Облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімінің тапсырмасымен облыста біздің барлығымызға жиналыс жасады. «Жаңасу кішкентай, халқыңыз біреудің жетегінде кеткен шығар. Бірақ тентекті түзету біздің міндетіміз. Жұмыстан шығарылғандардың ішінде арандап қалғаны бар шығар, Бөкенбай» деді ол маған. Мен мұнайшылардың біреуі емес, бәрі арандап қалғанын жеткіздім.
– Бөкенбай, өтірігіңді соқпашы! Өткен-де тоғыз қатынды ұрып-соғып, иттеріңе талатқаныңды неге айтпадың әкіміңе! Облысқа барсаңдар өтірік жанашыр болып, мүсіркей қалады екенсіңдер! – деді толық әйел.
– Шеф!
Директордың көмекшісі тағы айқай-лады.
– Сендермен сөйлесіп бекер, сөз тыңда-майсыңдар! – деп директор қаумалаған әйелдерден сытылып шығып, тез-тез басып, ғимаратқа қарай кетті.
– Кеудеңді топырақ бассын!
– Жегенің желкеңнен шықсын!
– Кебініңді жалмағыр!
Әр тұстан қарғанып-сіленген әйелдердің ащы айқайы естілді. Мұрат ғимараттың кіреберіс маңдайшалығына «Сумұнайгаз» деп алтын түстес реңмен әсемдеп жазылған жазуға бір қарап қойды. Әйнек есік ашылып, көмекшісін ерткен директор ішке енді.
Қазан айының соңында қара суық күшейді. Ай сайын ит арқасы қияннан неше рет келіп, кететін Дарын палас үстінде газет оқып отыр. Оның алдында шашылып жатқан газеттердің бірін қолына алған Мұрат:
– Не жазып жатыр екен бұлар? – деп газетті ақтара бастады.
– Көрмей, білмей ұра береді, әйеуір. Жаз бойы «төрт жүз мың жалақы алады» деп жазып еді, енді «мұнайшылар мәселесі толық қанды шешілді. Ереуілде отыз-қырық мұнайшы ғана қалды» дейтін болыпты, – деп Дарын көзілдірігін сұқ саусағымен көтеріп қойды.
– Қайсысы жазыпты?
– «Ел», «Қанық» дейсің бе, бәрі солай жазып жатыр. Кешкі жаңалықтарды мүмкіндігінше қараймын, ол да солай сарнайды. Ақпараттық ресурстарды пайдаланып, халықтың үнін тұншықтырғысы келеді. Мұның ауыр зардабынан басқа, бір тиын пайдасы болмайды. Көр де тұр.
– Отыз-қырық дей ме?
– Иә.
Дарын басын изеген күйі газеттен көзін алмады.
– Күн суытты. Күндіз бес-алты жүз, түнде екі-үш жүзіміз кезекпен осында шығамыз. Көздеріне сол аз көрініп жүрген шығар, – деп күлді Мұрат.
– Қиын. Менің «YouTube»-тағы кана-лымның көрермені күн санап артып келеді. Аз да болса, біраз адам содан анық ақпарат алып отыр. Тағы «Плюс» спутниктік телеарнасы бар. «Алаш» газеті де аянып жатқан жоқ. Мына нөмірдегі сараптамалық мақаласы жақсы екен. Біраз жайттың бетін ашыпты, – деп Дарын қолындағы газетін Мұратқа ұсынды.
Мұрат газеттің бірінші бетіндегі коллажға тесіле қарады. Скважина. Скважина маңында тыртиған, арық мұнайшыны жұмыс істеп жүр. Оның маңдайынан саулап аққан тер көл болып, тобығынан асады. Боғағы салбырап, қолына қамшы ұстаған қарны қабақтай еркек, айбаттана ақырып тұр. Мұрат газеттің келесі бетіне өтті. Құлағына жыршының зарлы мақамы жетті.

Көз алдымнан кетпейді,
Абақтының алдында,
Арба сүйреп баратып,
Арса-арса көкмойын,
Оқыранып қараған.
–Ер салдырмас сен бе деп,
Көк биені сабаған,
Ит секілді қабаған
Бағанағы қара адам.

– Кейде осы жігіт екі қолы ербеңдеп, қиқулап жылқы жайып жүргендей жүреді. Неге өйтеді екен? Мұны да талай камераға түсірдім, – деді Дарын.
– Қамбар атаны көрген дейді ғой, со кісі бұған бізге көрінбейтін жылқы беріп кеткен шығар, – деп күлді Мұрат.
– Мақамы керемет, – деп Дарын басын шайқады.
Алаңдағы мұнайшылар қалың спецодежда киіп, әр жер-әр жерде ұйлығып отыр. Әрі-бері сабылып жүргендер де бар. Сұр шұлан бұлт басқан аспан тұнжырап, суық жел еседі. Мұрат «Алаш» газетін бүктеп палас үстіне қойды да, «Қанық» газетін қолына алды. Газетті шолып шыққан ол басын шайқап:
– Біз бір әкесі тастап кеткен жетім бала сияқтымыз, – деді күрсініп.
Дарын оған көзінің астымен қарады да қойды.
– Ойларына не келсе, соны жазады. Біздікі тек қана еңбек талабы, еңбек дауы. Қайдағыны қайдан тауып алады өздері? Сағымызды сындырып, далаға лақтырып тастағысы келеді. Жазда билігі ме, жұмыс берушісі ме базарға жігіттер жіберіп, сауда істеп тұрған адамдарды сабатып еді ғой. Соны сіз «YouTube-қа» салдыңыз, әйтпесе жұрт шатасар еді, – деді Мұрат.
– Ой, сол батырдың бірін біздің жігіттер ұстап алып, сазайын бермесе, шынын айтпас еді. «Мұнайшылар алаңда жатса, неге қолдау көрсетіп, алаңға бармайсыңдар? Түк болмағандай отырсыңдар мұнда» деп қиратып жүрген жерінен Жәкен бір ұрып құлатып, осында алып келді емес пе! – деді отырған мұнайшының бірі.
– Камераның алдында жақсы сөйледі сол жігіт, шешен екен, – деп күлді Мұрат.
– Біз күйіп кетейік деп тұрық қой. Жәкеннің жуан жұдырығы желкесінен төніп тұрса, сайрамағанда қайтсін, – деді әлгі мұнайшы.
– Қаланың өзге халқына бізді жау қылып көрсетіп, сондай тірлік жасаған бұлардан бірдеңе күту де артық шығар. Өзіміздікілер солай жасағанда бұлардан не күтеміз?! – деп Мұрат газетті тастай салды.

3

Жан-жақтан ысқырып, боқтанған айқай-шу естіледі. Мұрат концерт жүргізуші жігіттің:
– Қала тұрғындары мен қонақтары, оқушылар мен студентері шеруі мерекенің сәнін келтіріп, той-думанымыздың айбынын асырды, – деп хабарлап жатқанын естіді.
– Әділет қайда, заң қайда?! Орнымыз-
ды неге бұзасыңдар?!
Кең жауырынды, қара шапка киген ірі жігіт тағы айқайлады. Қаз-қатар тұрған полицияларға тақалып, қолын сермеп тұрған оны камераға түсірген ұзынтұра:
– Кетші нах! Бақыра бермей! – деп бір боқтады.
Мұрат топырлаған мұнайшылар арасынан өтіп, өзін қыр соңынан қалмай, камераға алып жүрген ұзынтұрадан алысырақ кетті. Алаңды жаңғыртып, күй күмбірлейді. Анда-санда тізілген полицияларға бетпе-бет келіп тоқтаған топ ішінен:
– Ей, кетің, тарап кетің! – деп айқайлаған дауыстар естіледі.
Күй тынды. Мұрат концерт жүргізуші жігіттің:
– Бақыт құсы әр адамға қонып бір,
О, Тәңірім! Бізді баққа жолықтыр.
Бүгін, міне, тәуелсіздік, қалайық,
Әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр! – деп оқыған өлеңін естіді.
Шулап, айқайлаған дауыстар оған өлеңнің соңғы шумағын естіртпеді.
– Кет, тарап кет!
– Ән, «Бас қала», – деп хабарлады концерт жүргізуші.
Жұртты мерекесімен құттықтап, тербеліп, теңселген әнші қызды Мұрат алыстан көрді. Ысқырық пен айқай үдей түсті. Аяғынан өткен ызғар тұла бойын қалтыратып, мұздай бастаған оның ыстық шай ішкісі келді. Толқыған адамдар қозғалысы Мұратты алдыға қайта шығарды, полициямен бет-бет келді.
– Тыныш тұрсаңдаршы! Халықтың бәрі тойлап жатыр, сендер тәртіп бұзып тұрған, нах!
Ұзынтұраның қасына қашан келіп алғанын Мұрат аңғармай да қалды. Боқтанып, камера көтерген оған Мұрат бұрылып қарап қойды. Ол да жүзі сұрланып, сұқтана қарады.
– Ақсақал, кетіп қалыңыз былай қарай! Ана шетке қарай шығып кетіңіз, бұлардың ішіне кірмеңіз! Тойыңызды тойлап, ана жақта жүріңіз! – деп ұзынтұра мұнайшылардың ішінде жүрген қарияға жөн сілтей сөйледі.
– Қандай той бұл?! Той емес, садақа! – деп қария қыржың етіп, қолын бір сілтеді.
– Садақа шақырмаңыз, жаман болады! – деді ұзынтұра.
Толқыған халық тізілген полицейлермен соқтығысып, әредік әр тұстан айқай-шу естіледі. Мұратты арт жағынан итерген күш қарсында тұрған полицияға әкеліп бір-ақ жапсырды. Көзі шатынап, ашуланған ол Мұраттың жағасына жармаса кетті. Полицеймен жағаласа кеткен оған ұзынтұра:
– Мұрат, кетсейші енді! Кете қойсашы әрі қарай! Сабыр сақтап тұрсаңдаршы! Неужели түсінбейсіңдер, блять!
Ұзынтұра боқтана сөйлеп, мойны қылқыңдап, жан-жағын аппаратқа алып әлек.
– Мен саған қатаң ескертем, сен қоғамдық тәртіпті бұздың! – деді полиция Мұратқа.
– Мен бе тәртіп бұзған?!
– Иә, сен! – деп ол сұқ саусағын шошаңдатты.
– Көзіңді ашып қарасаңшы! Арт жақ-тағылар итерсе, саған соғылмай, қайтем?!
– Жабыспай, әрі тұр онда! Неге қайта-қайта алдыға шығып аласың?! – деді полицей ызбарланып.
– Сабыр, сабыр! Болды, айқайласпаңдар! – деп ұзынтұра араға түсті.
Концерт жүргізуші әнші қыздың «Қазақ елі» әнін орындайтынын хабарлады.
– Кетің, тарап кетің!
Мұнайшылар жан-жақтан айқайлады. Осы сәтте су жаңа қызыл спецодежда киген жігіттер қолдасып, қаз-қатар тұрған полиция қызметкерлерінің шебін бұзып өте шықты. Толқып тұрған жұрт ағын судай атылды. Сахнаны айналдыра қоршаған темір қоршауларды құлатып, таптап өткен халықты тоса алмай, полицейлер жан-жаққа қашты. Асау толқында қалықтаған қауырсындай болып, сахнаға жақын келіп қалған Мұрат күрсілдеп, тарсылдаған да-уысты естіді. Сахнаға көтерілген жеті-сегіз жігіт үлкен-үлкен колонкаларды жерге құлатып, қирата бастады. Жүгіріп сахнаға шыққан полицияны екі жігіт желкесінен итеріп, жерге қуып түсірді. Сәнді киінген әйел колонкаларды құлатып, қиратып жүрген жігіттерге ұрсып, бақырып-шақырды. Мұраттың мұрнына түтін иісі келді. «Тәуелсіздік-20» деген әлем-жәлем жазулар жазылған билборд лаулап жана бастапты. Ол сахнаны айналып өтті. Құлағына:
– Какой празник, не празник мынау! – деп айқайлаған әйелдің ащы айқайы естілді.
Адамдардың айқай-шуы мен полиция көлігінің сигналы құлақ тұндырады. Ағаш, темір таяқпен қаруланған бір топ жас жігіт жарқылдатып маягін қосып, айналып жүрген полиция көлігін соңынан қуып жүріп, алаңнан шығарып жіберді. Сахнаны таптап өткен халықтың қалың қарасы «Сумұнайгаз» ғимаратына қарай лап қойды.
– Ей, қайтың! Алаңнан шықпаңдар! – деп айқайлады әлдекім.
Мұрат жол шетіне келіп тоқтады. Ол жолдан кесіп өтіп, «Сумұнайгаз» ғимаратына басып кірген жұрттың соңынан қарап тұрып қалды. Терезе әйнектерінің сынған дауысы естілді.
– Мұрат, мынау не жағдай боп кетті?!
Ол жалт қарады. Өңі бозарып, қасына келген Саламат жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды.
– Әне, әкімшілік үйін де шағып, қирата бастады, – деді ол.
– Мына талпаны енді ешкім тоқта алмайды. Ойлағандары осы еді, жетті мақсаттарына, – деді Мұрат.
– Әне, өрт шықты!
«Сумұнайгаз» ғимараты лаулап жана бастады. Терезелерден түтін шығып, жалаңдаған өрт үдей түсті. Мұраттың есіне қараша айының соңында осы ғимараттың кең залында болған оқиға оралды.
– Біздің талап өзгермейді. Қырқына шыдаған екенбіз, қырық біріне де шыдаймыз, – деді Мұрат үлкен дөңгелек үстелді айнала отырғандарға жағалай көз тастап.
– Ендеше қыртқан әңгімелеріңді басқа жаққа барып айтып, боқтарыңды езіп тұра беріңдер сол жерде! – деп «Сумұнайгаз» директоры тістене сөйледі.
Үстел басына жиналып, бір сағат бойы сөйлескен екі тараптың әңгімесі көңілсіз аяқталды. Талап-тілегін айтып, жұмыс берушімен келісе алмаған бір топ беленді дүр етіп, сыртқа шыға жөнелді.
– «Бара жер, басар тауы жоқ. Неше ай бойы шаршады, енді біздің айтқанымыз болады» деп ойлайды өздерінше. Армандапты! – деді мұнайшының бірі.
– Баяғыдан ойлағандары осы. Жұмыстан шығарып, сөйлеспей, бізді титықтатып, өз еркімізбен тарап кетуімізді күтіп жүр, – деп Мұрат жол шетіне тоқтай қалды. – Тоқтай тұрыңыз, машина өтіп кетсін.
Ол буырқанып сөйлеп, қатарында келе жатқан мұнайшының білегінен ұстай алды. Асфальт жолдан зу етіп, машина өтті. Жолдан кесіп өткен бір тобы алаңда тұрған мұнайшыларға қарай беттеді.
– Әй, әлгі Жетідәулеттегі көріпкел бала-ның «Жаңасудың үстінен қалықтаған қара түтін көрдім, қан көрдім. Елге бір зобалаң төніп тұр» дегені рас болмасын. Түбі жақсы болмайды-ау, мыналардың түрі жаман, – деді әлгі мұнайшы.
– Ереуіл басталғалы осы ғой, – деді Мұрат.
Төңірек у-шу, азан-қазан айқай. Әкім-шілік ғимараты да өртке оранды. Аспанды қара қошқыл түтін басып, маңайды күйік иісі кернеді. Түтінге қарап, үн-түнсіз тұрған Мұратқа:
– Көріпкел баланың айтқаны айнымай келді. Не істейміз енді?! – деді Саламат.
– Ештеңе, ештеңе де істей алмаймыз! Орнымызға барайық.
Бес-алты жас жігіт жол шетінде ілінген билбордқа кірпіш сынықтарын лақтырып, айқайлап тұр. Мемлекет басшысының суреті шұрық-шұрық тесіліпті. Мұрат пен Саламат апыр-топыры шыққан алаңға келді. Жаңа жылдық зәулім шырша құлаған орнында бықсып жанып жатыр. Асығыс киіз үйлерін жығып, жүк буған адамдар абыр-сабыр. Мұрат:
– Алаң бізге қалды! Алаңнан шық-паңдар! – деп айқайлаған жас жігіттің дауысын естіді.
Жан-жаққа бытырап, қарасы азайған мұнайшылар әр тұстан жинала бастады.
– Не болды мынау?!
– Ештеңе болмайтынына уәде берген әкім қайда жүр?! Тауып алу керек еді!
Әр жер-әр жерден айқай естіледі. Алаң шетіндегі ашық жерде қираған полиция автобусы қызыл жалынға оранып, лаулап жанып жатыр. Бықсып жанған сахна маңында төрт-бес жігіт сахнаға ілінген жазуларды жыртып, отқа тастап, арасында ысқырып, айқайлап қояды.
Киіз үй қасында тұрған водавоздан аққан су жайылып, маңайы шылқып кетіпті. Үлкен шаңырақ көтерген екі әйел, бір ер адам жайылған суды шылпылдатып басып өте шықты. «Плюс» телеарнасының операторы камерасын жан-жаққа бұрып, торғай-тозым, әлемтапырығы шыққан алаңды түсіріп әлек. Ол камерасын шаңырақ көтеріп бара жатқан үшеуіне бұра қойды. Шаңырақтың бір шетін көтерген ер адам:
– Бізде үкімет жоқ! – деп ашына айқай салды.
Шетте бәрін бағып, қарап тұрған Мұрат басын шайқап, күрсініп қойды. Басын қалың ақ орамалмен орап, жолақ-жолақ ұзын қоңыр шуба киген кейуана қолын көкке жайып, зарлаған күйі алдынан өтті.
– Ойбай, қасқа! Не қып тұрсыңдар, ойбай! Не қызық көріп тұрсыңдар?! Балам қайда, балам?!
Қолын ербеңдетіп, зарлап, әрі-бері жүгірген кейуананы егде ер кісі басу айтып, қапсыра құшақтап, шетке қарай шығарды. Бірнеше жас жігіт киіз үй жанында төңкеріліп жатқан «Audi» автокөлігін қолдарындағы темір, ағаш таяқтарымен қирата соққылап, даурыға айқайлайды. Төңкерілген автокөліктің сынған терезесінен ішке енген біреуінің әлдебір затқа қолы жетпеген сыңайлы. Сыртта қалған жарты денесі керіліп-созылып, жыбыр-жыбыр етеді. Алаңды түтін басып, өртенген ғимараттар көрінбей қалды. Жан-жақтан жиналып, орындарына оралған мұнайшылар абыр-сабыр.
– Ана сауда орталығын да қиратып, шағып, бұлап-талап жатыр! Адам қаптап кетті, бір жақтан әкелген бе?! – деді мұнайшының бірі.
– Қонақүй де өртеніп жатыр! – деді тағы бір мұнайшы.
Мұрат алаңға жақын қабат үйлердің маңына, жолдың шетіне жиналған нөпір халықты айнала шолып өтті. Бес-алты бала бықсып жанған жаңа жылдық шыршаны айналып, қызықтап жүр. Кенет ағаш-темірмен қаруланған төрт жігіт камера көтерген «Плюс» арнасының операторына тап берді. Камерасын қорғаштап, бұғып отыра қалған оны қаумалаған жігіттер сартылдатып сабай жөнелді.
– Ей, тарт қолдарыңды! Кімсіңдер өзі?!
Мұрат айқайлап, жүгіріп жеткенше төртеуі қашқан күйі жолдан өтіп, түтінге сіңіп, көрінбей кетті. Денесі ауырсынып орнынан тұрған оператор:
– Сука, блять! – деді тістеніп.
– Жараланып қалмадың ба? – деді Мұрат.
– Бәрі дұрыс, – деп оператор иығын қозғап-қозғап қойып жердегі камерасын қолына алды. – Арандатушылар ғой, оңбағандар!
Мұраттың қолтелефоны шырылдап қоя берді.
– Алло! Қайдасың?! – деп Дина телефонда алқына сөйледі.
– Алаңда. Өзің қайдасың?
– Үйде.
– Кетіп қалдың ба?
– Иә, бағана айқай-шу басталғанда-ақ кетіп қалғам. Сұмдық боп жатыр екен ғой, өзің де тез қайтсаңшы.
– Қайтамыз.
– Бірдеңеге ұрынып қалма. Ініңді ертіп, қайт тез!
– Ол үйге бармады ма?
– Жоқ, келмеді.
– Жақсы, қайтамыз, – деп Мұрат телефон тұтқасын қойды.
Оператор камерасын көтеріп, төңіректі қайта түсіре бастады. Мұрат жан-жағын шолып, бақырып-шақырып сабылып жүрген жас жігіттерді көзімен тінтіп, інісін іздеді. Өрт шыққан аумақтан асығыс, алқын-жұлқын келе жатқан жыршыны көрді. Ол мұнайшыларға таяп келіп, жалп етіп отыра кетті де, құшақтаған қу ағашын қағып-қағып жіберіп, боздай жөнелді.

Самның орғыл құмында
Біздің Адай қырылды.
Ақырын берсе салауат.
Сұлап жатқан көп өлік
Бұйрат құмды жағалап.
Түлкі сарып сырыққа,
Қарға қонды құрыққа,
Қара шыбын балалап.
Қырылып жатқан халықтың
Көзін ғана ойып жеп,
Құзғын ұшты табалап…

Оқ атылды. Мұрат тарс-тұрс дауыс шыққан жаққа жалт қарады. Асфальт жолда тізіліп, мұздай қаруланған жасақты көргенде тіксініп қалды. Мұнайшылардың бірі:
– Әй, мыналарың алаңды тастап, қашып кеткен полициялар емес пе?! Холостой оқ атып жатыр, – деді.
– Холостой оқ емес, кәдімгі Калашников автоматынан атылған оқ мынау! – деді Саламат. – Армияда болдық, білеміз.
– Ойбай, рас атып жатыр! Адамдар құлап жатыр, әне!
Мұрат автоматтан оқ жаудырып өртеніп жатқан «Сумұнайгаз» ғимаратының тұсына келген жүзге жуық қарулы жасаққа қарап, қатты да қалды. Алаңға, үйлердің арасына дүркіреп қашқандардың кейбіріне оқ тиіп, кескен теректей құлап жатыр. Ойбайлап, шырқыраған дауыс, тарс-тұрс атылған оқ. Ыңырсып, құлап жатқан жаралыларды дубинкамен ұрып, таптап өткен қарулы жасақ алаңға жете бере мұнайшылар бытырап, жан-жаққа қашты.
– Үйірді атпаңдар, үйірді!..
Мұрат екі қолын көкке жайып, қарулы жасаққа қарсы жүгірген жыршының құлап түскенін көрді. Киіз үй жығып, жүк буған адамдар арасынан:
– Ойбай, өлтірді-ау, өлтірді! Біреудің жалғызын ертіп нем бар еді, Құдай! Өлтірді-ау! Әдірам қалғыр, жендеттер! – деп ашынған әйелдің ащы айқайы естілді.
Жүгіріп алаңның сахнаға қарсы бетіндегі аласа ағаштар өскен алаңқайға жеткен Мұрат аңқиып, жан-жағына қарап тұрған інісін көрді.
– Мұнда не істеп жүрсің?! Қаш, оқ тиеді! – деп ол інісін қолынан ұстай алып, жетектей жүгірді.
– Рас атып жатыр ма не?!
Мұрат дедектеп қатарында келе жатқан інісіне:
– Бытырлатып атып жатқан дауысты естімедің бе? – деді.
– Мен салют атып жатыр екен деп қалдым.
– Ойбай, аяғым!
Мұрат артына жалт қарады. Сейсенбек жер сүзе құлапты.
– Ойбай, аяғым!
Мұрат жан дауысы шыға бақырған Сейсенбектің жанына жетіп барды. Екпеттей құлаған оның оң жақ етігінің тұмсығы астына қарап, аяғы бөлініп қалғандай көрінді. Етіктің ернеуінен аққан қан жайыла бастады. Мұрат қолдарына қоңыз қабыршағы секілді қалқан ұстап, каска киіп, өздеріне таяп келіп қалған бір топ қарулы жасақты көрді. Қапталында пистолет ұстаған офицер бұйрық беріп келеді. Офицер анда-санда тоқтай қалып, бытырап қашқан адамдарды көздеп пистолет атса, қарулы жасақ та автоматтан оқ жаудырады.
– Тез, әкетейік! – деп Мұрат жинала қалған бес-алты мұнайшыға бұйыра сөйледі. – Шыдаңыз, аға! Қазір скорый шақырамыз!
Бес-алтауы Сейсенбекті жан-жағынан көтеріп, тұра жөнелді. Тарс-тұрс атылған оқ, бақырған, ойбайлаған дауыстан құлақ тұнады. Жаралы Сейсенбекті көтерген бір тобы жолға жете бере қалт тоқтады. Жерде сұлап жатқан ер адамның жанында ақсары әйел отыр. Мұрат:
– Оқ тиген бе? – деп әйелдің жанына жетіп барды.
– Иә.
– Сендер жүре беріңдер, мен мына кісіге көмектесейін. Інімді бір үйге кіргізіп жіберіңіздерші! – деп айқай салды Мұрат.
Қинала ыңырсыған Сейсенбекті көтергендер жүгіріп, жолдан өтіп кетті.
– Кіміңіз болады? – деп Мұрат әйелдің жанына жүрелеп отыра кетті.
– Ешкімім емес, жап-жас жігіт екен, – деп ақсары әйел көзінен аққан жасын сүртті.
Мұрат шалқасынан жатқан жас жігіттің жүзіне үңіліп, бетіне саусақтарын тигізді. Сұлу жүзін суық өлім суытыпты. Маңдайында қара дақ бар. Көксұр кепкасы төңкеріліп, аулақта жатыр. Ақсары әйел орнынан тұрып, кепканы алып келді. Ол жас жігіттің кепкасын кигізбекші болып, бір қолын оның шүйдесіне жүгіртті де, қолын оқыс тартып алды.
– Жауыздар! – деп ақсары әйел қанға боялған саусақтарына қарап, өңі бозарып, дір-дір етті. – Басынан атыпты, шүйдесі шашылып кетіпті.
– Снайпердің оғы шыққан жерін талқандап кетеді дейтін, снайпермен атқан екен жендеттер! – деп Мұрат төңіректегі қабат үйлердің төбесін шолды.
Сөмкесінен орамал алып, жас жігіттің басын таңған ақсары әйел:
– Ананы қара! – деп айқай салды.
Қарулы жасақтар ақ жалау көтерген ер адамды дубинкамен төпелеп, тепкінің астына алды. Басын құшақтап, ойбайлаған ол құлап түсті. Мұрат орынан тұра беріп жүгіріп келе жатқан інісі мен Саламатты көрді.
– Әй, мынау не істеп жүр, үйге қайтпай?! – деп айтып үлгергенше жолдан өтіп, жағалай жүгірген екеуі екі жаққа қалпақша ұшты…

Жалғасы бар…

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *