ӘЛ-ФАРАБИ ТАҒЫЛЫМЫ ӘЛ-ФАРАБИ ТАҒЫЛЫМЫ
Бекжан БЕЙСЕНБАЙ, жазушы, Шерәлі БІЛӘЛ, профессор Соңынан бастайық. «Рухани жаңғыру» дегеніміз, жан дүниені тазарту деген сөз. Тазарту ғана емес, оны асыл да дана ұлттық... ӘЛ-ФАРАБИ ТАҒЫЛЫМЫ

Бекжан БЕЙСЕНБАЙ, жазушы,
Шерәлі БІЛӘЛ, профессор

Соңынан бастайық. «Рухани жаңғыру» дегеніміз, жан дүниені тазарту деген сөз. Тазарту ғана емес, оны асыл да дана ұлттық құндылықтармен толықтыру, сонда біз ұлы Абай айтқан «Толық адам» қалпына келеміз. Яғни, «рухани жаңғыру» идеясы данышпан Абай атамыздың даналық пәлсапасымен үндесіп, сабақтасып жатыр екен.
Бұл бері жағы ғана. Сәл арырақ барар болсақ, рухани жаңғыру бастауында ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби жұлдызы жарқырап, әлемді нұрға бөлеп тұр. Соның нәрін бойымызға сіңіру арқылы рухани жаңғыруымыз өз арнасына түспек. Біз ұлы Абайды біршама танып-білдік десек-те, әлі толық таныдық деп айта алмаймыз. Бірақ, ұлы данышпан Әбу Насыр әл-Фараби бабамызға қарағанда, ол кісімен салыстырғанда, жақсырақ, әрине. Ал енді асқар ұлы бабамызға дәлірек келер болсақ, яғни таным сапасын саралар болсақ, біздің білім деңгейіміз төменгі сатыда. Бұл пікірмен көпшілік ғалымдар келіспес, әрине.
Бірақ, шындық осылай. Қараңыз: Біз осы уақытқа дейін Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз білімді өз елінді емес, шетелде, Арабстанда алды деп келіппіз. Жастайынан сонда барып әлемге танымал, білікті ұстаздардан білім алды дедік. Бұл пікіріміз қате екен. 2014-ші жылы Астанада Foliant баспасынан жарық көрген «Атланттар туралы аңыз бен ақиқат» атты жазушы Бекжан Бейсенбай кітабында келтірілген дәлелдемелерден бұл пікірдін қате екендігіне көз жеткіземіз.
Сонымен, рухани жаңғыру бағдар-ламасына сәйкес, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы тойының шымылдығы ашылып та кетті. Осыған орай, біз осы мақаламызда әл-Фараби бабамыздың өмірбаянын қайта пайымдап, бұрынғы олқылықтардың орнын толтыруды мақсат еттік. Соның ішінде, әсіресе, әл-Фараби бабамыздың өміріндегі Отырар қаласы мен Ұлы Отырар кітапханасының маңызы ерекше екен.
Қазірге белгілі болған мәлімет-терден, әл-Фараби бабамыздың заманында түркі ғылымы мен мәдениетінің өте жоғары болғанын, бабамыздың осындай терең білімді араб елдерінде емес, өз елімізде, Отырарда алғанын көреміз. Осы жерде, әл-Фараби бабамыздың мына сөзі түсінген адамға нақты бағдар десе болады: Бір кісі Әбу Насыр әл-Фарабиге тамаша болып толыса піскен алманы көрсетіп: «Осы алманың бітім-болмысындағы жақсы қасиет не? Түсі ме, шырыны ма, дәмі ме, әлде бітімі ме?» деп сауал қойыпты. Сонда әл-Фараби: Бәрінен де оның ұрығы тамаша. Өйткені, осы алманың өзі сол ұрықтан өсіп шыққан және одан бүкіл бақ пайда болды ғой! – деп жауап берген екен.
Осы тамаша сипаттаудағы Ұрық – Түрік нәсілі десек, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз Білім алған бақ – Ұлы Отырар кітапханасы. Осы бақтан өсіп шыққан ғұламалардың қазіргі біз білетіндерінің саны 33 болды, кейбір деректер 410 болған дейді, тіпті мыңнан асады деп жүргендер де бар. Бағдат халифінің сарайында негізгі уәзірлер қызметін атқарған бізге аты белгісіз Отырарлық кеңесшілерді, 32 діннің негіздерін білген Арыстанбаб сияқты өз жерімізде қызмет атқарып, бірақ моңғол шапқыншылығынан кейін ұмытылған ғұламаларды ескерсек, Отырардан шыққан ғұламалардың өте көп болғанын, Орта ғасырларда Отырар ғылымының өте жоғары деңгейде болғанын байқаймыз.
Фарабитанудың негізін қалаған ғалым Ақжан Машанов ағамыз да өзінің еңбегінде …әл-Фарабидің ғылы-ми өмірбаяны әлі жазылған жоқ – деп көрсетеді. Әл-Фарабидің өмірбаяны барлық мәдениетті елдердің энциклопедиясында бар. Ол қазақша энциклопедияға да енді. Біз сол өмірбаянды қаз қалпында көшіруді пайдасыз көрдік. Сонымен қатар ол кісінің кейінгі кезде мирастары зерттелумен қатар бұрынғы түсініктердің ескіргені бар, көп жаңалықтар бар, көп түзетулер қажет – деп жазады [1,47б.].
Ақжан ағамыз бұл сөздерді өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жазған. Одан бері біздің тарихымызға қатысты қаншама жаңалықтар ашылды. Ертеде түріктердің өркениеті өте жоғары болғаны, тек Еуропалықтар ғана емес, Еуропалықтарға ғылымды үйретті деп жүрген арабтардан да түрік өркениеті әлдеқайда жоғары болғаны қазір мойындалған шындық. Сол шындыққа біздер, әл-Фараби бабаның ұрпақтары, әлі күнге көз жеткізе алмай келе жатқан сыңайлымыз. Сондықтан да түп-төркінімізді, шыққан тегімізді, ұлы бабаларымызды тану, оны ұлықтау мақсатында әл-Фараби бабамыздың еңбектерін зерттеуді қарқынды іске асыруымыз қажет. Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылып жатыр, әрине.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде әл-Фараби бабамыздың еңбектерін, мұра-сын оқу бағдарламаларына енгізіп, оқу құралы ретінде пайда-лануға арналған ғылыми-әдістемелік зерттеулер мен шаралар жүргізілді. Атап айтар болсақ, «әл-Фарабидің математикалық мұралары заманауи білім беру жағдайында» атты ғылыми жоба іске асырылды.
Жоба барасында ғылыми-әдістемелік зерттеу жүргізіліп, педагогикалық мамандықтар студенттеріне және мектеп оқушыларына арналған әл-Фарабидің бір оқу құралы тәржімеленіп құрастырылды, үш оқу-әдістемелік құрал шығарылып, бір авторлық куәлік алынды [7, 8]. Зерттеу нәтижелері халықаралық және республикалық конференция материалдарында, журналдарда 43 мақала, соның ішінде үшеуі Scopus базасындағы журналдарда жарық көрді.
Сонымен қатар, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ-ситетінің ректоры Т.Балықбаевтың №-446-ж/қ 03.06.2019 ж. бұйрығымен Математика, физика және информатика институтының жанынан Әл-Фараби білім беру орталығы ашылды. Ол мына: әл-Фарабидің математикалық мұраларын дәріптеу, ғылыми мұрағаттарының ішіндегі математикалық трактаттарын заманауи негіздеп, оны ақпараттық коммуникациялық технологиялар негі-зінде мектептегі математика және информатика пәндерімен сабақтастыра оқу мазмұнына енгізу, оқу-ғылыми, халықаралық жоба жұмыстарын оңтайландырып, тиімділігін арттыру бағытында жұмыс атқаруда. Осы үлкен істің басында ардақты ағамыз профессор Көбесов тұрғанын ескеруіміз керек [9].

Әбу Насыр әл-Фарабидің шынайы өмірбаяны

Ұлы Ғұлама 870 жылы Отырар өлкесіндегі Уәсидж (Весидж – қазіргі атауы Оқсыз) шаһарында дүниеге келген. Әкесі Мұхаммед әскер қолбасшысы болатын. Атасының аты Тархан, бабасы Ұзлақ түрік текті әулеттен еді. Оған азан шақырып Мұхаммед деп ат қойды.
…Көне дәуірден қалған бір деректерге қарағанда Мауреннахрда балаларды түрлі қолөнері мен ғылымға үйрету, баулу, оқыту олардың бес жасар кезінен басталатын болған [2.2б.].
Мұхаммед жас кезінен зерек, алғыр, білімқұмар, дарынды бала болып өсті. Сонымен қатар, түріктердің «әрбір ер азамат – жауынгер» деген өмір салты бойынша, әрі әкесі Мұхаммедтің тәрбиесімен әскери өнерге де жаттықты. «Ер қаруы – бес қаруды» жақсы меңгерді, атқан оғын нысанаға дәл тигізетін.
Оқсыз қаласына жақын, дарияның қарсы бетінде жатқан Отырар қаласы ол кезде ғылым-білімі, өркениеті жоғары дамыған, әлемге әйгілі кітапханасы бар әлемнің түкпір-түкпірінен ғұлама, даналар жиналатын орталық болатын. Ұлы Жібек жолы бойымен ары-бері өтіп жатқан сауда керуендерінің арқасында қаланың табысы артып, халқының тұрмысы бақуатты болатын. Қалада қаншама керуен сарайлар, базарлар, қолөнер шеберханаларымен қатар оқу орындары да жоғары білімді ұстаздарымен аты шыққан ғылым ордасы болатын. Отырар оқу орындарынан білім алған мамандар көптеген елдердің орталықтарында қызмет етті. Сондай Отырарлық мамандар Бағдат халифының сарайында да үлкен қызметтер (уәзірлік) атқаратын. Осы Отырардың оқу орнын тауысқан дарынды жас Мұхаммедті қадилік (заңгер) қызметке тағайындайды. Бұл қызметті заң ережелерін терең талдай алатын, терең білімді, ары таза азамат қана атқаратыны түсінікті.
Әбу Насырдың қадилік (заңгер) билігінің әділдігі сонша, кесіміне мойын ұсынбайтын кісі болған емес. Ол нені айтса да анық, дәл білетін қырынан көрінеді [2.15б.] (Ибн Әби Усайбиға).
Парсы ғылымы Деххуда өзінің Ғибрат-нама атты еңбегінде: Жақын туыстарының бірі Фарабиге сақтай тұру үшін көп кітап қалдырып кетеді, соның ішінде Аристотельдің де трактаттары бар екен. Фараби қолы бос кезінде әлгі кітаптарды оқи келе оған беріліп кеткені сондай, өзінің қадилік қызметін тастайды. Осы бір кездейсоқ оқиға оның тағдырына шешуші әсер етті, соның нәтижесінде ол ұлы ғалым атанды – деп жазады [6].
Білімқұмар Мұхаммедтің ендігі өмірі Отырардың Ұлы Кітапханасында жалғасты. Осында көптеген ғұламалармен танысып, білімін дамыта берді. Жан жақтан осы кітапханаға жиналатын ғұламалардың арқасында көптеген тілдерді үйренді. Осында түрлі ғылым саласының ұстаздарынан дәріс алып, ғылымның әртүрлі салаларын меңгерді. Ол кезде Отырарда философия, астрономия, математика, жаратылыстану, музыка, медицина және т.б. ғылымдар саласы өте жоғары деңгейде дамыған болатын.
Әл-Фараби бала кезінен-ақ музыкалық аспаптарда ойнап, өлең айтатын. Отырар тұрғындарының музыкалық қабылеті ертеректен әлемге әйгілі еді. Отырар кітапханасында музыка саласында түркі тілінде терең жазылған еңбектер болатын. Бала Мұхаммедтің музыкаға деген құмарлығы оны осы кітапханадағы музыка жайлы терең жазылған кітаптарды толық оқып шығуға итермеледі. Ол музыканың теориялық жағын терең игерді және ол білімін іс жүзінде пайдаланып, ән салып, музыкалық аспаптарда шебер ойнауды үйренді.
Жас дарын сол сияқты жаратылыстану ғылымдары саласын да терең оқып игерді. Медицина, математика, астрономия, физика салаларында да оқып, үйреніп, білімділігімен көзге түсті. Ол арабшаға аударылған Аристотельдің «Метафизикасымен» танысып, оған түсіндірме жазды. Осы сияқты трактаттары ғалымдардың жақсы бағасын алып, аты кеңге таныла бастады.
Ибн Халликанның Ұлы адамдардың қазасы және заманының ұлдары жайлы мағлұматтар атты еңбегінде: Әбу Насыр Мұхаммед бин Тархан бин Узлаг әл-Фараби, түрік текті, көрнекті ойшыл (ал-Хаким) еді, ол өз елінде туып, өз елінде өсті… Ал әл-Фараби ныспысы Фараб шаһарына байланысты алынған, қазір Отырар деп аталады. Бұл қала Шаш шаһарының арғы жағында, Баласағұнға таяу жерде. Тұрғындарының барлығы имам Ағзам мазһабын ұстанады. Алла тағала оған риза болсын. Бұл өзі – түркілердің астана қалаларының бірі – деп жазылған [2.22б.].
Көне заман тарихшылары Истархи, ибн Хаукал, Мағдиси, Табари, Масуди, ибн Хордабек халифаттың діни және әскери ең шеткі нүктесі ретінде Отырар қаласына Мамун халифтің ерекше көңіл аударғанын жазады. Араб ғылымы мен мәдениетінің ең озық үлгілері мен ғұламаларын, сақабаларын Отырарға аттандырды, кітапханалар мен мектептер, медреселер мен мешіттер салдырды. Сондай «Даналық үйінен» Әбу Нәсір әл-Фараби де дәріс алды.
Жоғарыда аттары аталған авторлардың еңбектерінде айтылады: Әбу Насырды мәшһүр еткен алғашқы еңбектерінің бірі – «Ихса ал-улум уа-т тағриф би аградаһа» (Ғылымды жіктеу және мақсатты айқындау) деген туындысы. Өйткені оған дейін осындай тақырыпта кітап жазған ешкім болмаған. Ғылыммен әуестенгендер осы кітапты басшылыққа алмай, бұл кітапқа соқпай өте алмаушы еді. Оның Платон мен Аристотель сынды фәлсапашылардың мақсаты жайлы атты кітабы бар. Бұл еңбегімен ол өзінің фәлсапа ілімін қаншалықты жетік меңгергендігін дәлелдеп берді. Осылай ол ғылым құпияларын аша берді, ғылымның пайдасын түсіндірді. …Өзінің осындай түсіндірмелерден тұратын кітаптарының жалғасын (Аристотельдің) Жаратылыстану ғы-лымы атты еңбегіне түсіндірме жазумен аяқтады. Ол кезде Орта Азия мен Қазақстанда Самани нәсілдері билеген. Саманилер үкіметінің негізін Әмір Исмаил ибн Ахмет (874-907 жж.) қалады. Бұхара әмірі Нұх Самани әл-Фарабиді шақыртып алып жалпы ғылымдардың негіздері жөнінде кітап жазып бер деп өтінеді. Оның себебі сол кезде шын ғылым мен жалған ғылымдар арасын айыру қиын болып, елді алдаушы азғырушылар, жалған әулие сәуегейлер, өтірік балгер, жұлдызшылар, алхимиктер көбейіп кеткен-ді. Әл-Фараби сонда «Екінш оқулық (Тағлим әл-Сани) атты еңбек жазып, Нұхқа сыйлайды. Фарабидің Мұғалли әс-Сәни, яғни (екінші ұстаз) атануы дәл осы жағдаймен байланыстырылады. Әт-Тағлим әс-Сани кітабы Исфаһанның Сиуан әл-Хикма кітапханасында сақталған екен. Ибн Сина философия мәселелерін осы кітаптан оқыған, содан тағлым алған.
Фарабитанушы Әнел Әзімхан деген ғалым Ибн Синаның Арылу кітабы (Книга исцеления) (Китаб аль-Шифа) әл-Фарабидің осы «Екінші ілім» деген энциклопедиялық еңбегінің қыс-қартылып, өңделген нұсқасы болып табылады — дейді. Әл-Фарабидің сол кітабы талай ғалымдардың көзін ашса керек. Осы кітап біздің қолымызға әлі түскен жоқ. Оның дүниеде бар-жоғы да белгісіз – деп өкінішпен жазады А.Машанов ағамыз [1].
Әл-Фараби бабамыз Отырарда жүр-генде үйленіп, отбасылы болғанын, оның бір ұлының аты – Насыр болғанын білеміз. Содан бастап, Әбу Насыр атанады.
М.Хайруллаев бастаған өзбек ғалым-дары Орта Азиядан кетпей тұрғанда, әл-Фараби Шаш пен Самарқанға соғып, біраз уақыт Бұхарада оқып, жұмыс істегені туралы әдебиетте деректер бар. Ол Бағдатқа барар жолда Иранның көптеген қалаларында: Исфахан, Хамадан, Рей (Тегеран) және т.б.болады. Фарабидің саяхатқа шығып, Бағдатқа келген уақыты белгісіз. Кейбір деректерде ол, Бағдатқа Халиф әл-Мұхтадирдің тұсында (908-932ж) (шамамен 920 жылдары) келгені туралы айтылады – дейді.
Осы сапары кезінде әл-Фараби бабамыз Соғд қаласында Самарқандық сағди, Хуләйс ибн Ауас есемді адамман танысып, ол жасаған Шаһруд аспабында ойнауды игереді. Ол туралы былай дейді: …араб империясында кеңінен таралған аспап – шаһруд. Ол біздің заманымызда жасалып, бұрын танымал болмаған. Мұны бірінші болып тауып жасаған Самарқандық сағди, Хуләйс ибн Ауас есімді адам болған. Ол бұл аспапты хижра жылымен 306 ж (918-919ж ж) тау бөктеріндегі әл-Мах елінде жасаған. Кейін ол оны Соғд қаласына алып келеді. Соғд қаласының шығысы мен батысында орналасқан ел тұрғындарының ешқайсысына Шаһруд аспабы жат болмай, Месопотамияға алып келінді. Бұл кезде елдерді арабтардың ұлы басшылары басқаратын еді. Сосын Бағдатқа келді. Бұл қала да оның дыбысын естіді, кейін Египет пен көрші елдерге өтті. Алжир мен Сирияға жетті. Бұл аспапта осы алуан түрлі елдерде өмір сүрген халықтардың жаңа-ескі әуендері сылдырлап, аспап дыбыстарының ешбірі олардың құлақтарына жат келмеді.

шахруд

Шаһруд атты музыка аспабының суреті [3.82-83 бб.]

Бір деректерде Әбу Насыр бабамызды цитраға ұқсас құрал шығарған, үстіне интервал бөлімдерін өлшеп, әуендердің кемел түрін анықтайтын кескіндері бар сызғыш қойған музыкалық аспапты ойлап тапқаны туралы жазады. Ол аспап осы Шаһруд аспабы болуы керек.
«Түріктің кім білмейді музыкасын,
Фараби тоғыз шекті домбырасын» – деп жырлаған Мағжан Жұмабаев та осы аспапты меңзеген болуы керек. Түріктің кім білмейді музыкасын деген сөйлем түріктердің музыкасы қашаннан әлемге әйгілі болғанын білдіріп тұр.
Бағдат халифі Жафар әль-Мұхтадир шыққан тегі түрік, данышпан ойшыл Әбу Насыр Мұхаммедті өзінің досы деп атады.
Замандастарының қалдырған дерегі бойынша: Әл-Фарабидің бойы орташадан төмен, ылғи да түркі киім киіп жүреді екен. Ол мықты, күшті және ержүрек болған. Ол жебені жақсы тартқан, атқан оғы нысанаға дәл тиетін – деседі.

фараби

Ақжан Машанов тапқан Әбу Насыр Әл-Фарабидің өз замандасы
салған сурет

Бағдатқа келген алғашқы кезде әл-Фараби өзін ақын, әнші-күйші, музыкант ретінде танытқан. Бағдатта оның достары, шәкірттері көп болды. Оның музыкалық мектебі бүкіл араб еліне әйгілі болды [1.53-54 бб.].
Әл-Фарабидің музыкалық қабілеті туралы арабтар неше түрлі аңыз таратады. Бір аңыз бойынша «әл-Фараби бір күйді орындаса – арабтарды жылатып, екінші күйді орындағана арабтарды күлдіреді екен дейді. Былайша айтқанда, музыкасымен адамдардың көңіл күйін жаулап алады» – дейді.
Бір мәліметтерде Әл-Фарабидің 70 тіл білетіндігі айтылады. Ал нақтысы, Ұлы Ғұлама өте сирек қолданылатын, кейде тіпті құпиялық үшін қолданатын тілдерді де өте жақсы білген. Араб жеріне келгеннен кейінгі отыз жыл ішінде 164 трактат жазып қалдырған. Ұлы Ғұламаның жазып қалдырған еңбектерін Әбу Әли ибн Сина ( Авиценна), Абу Райхан Бируни, Әбу әл –Уаха, ибн Бадж, ибн Туфайл, ибн Рушд, Омар Хайам сияқты шығыс ғұламаларымен қатар Роджер, Бекон, Леонардо да Винчи және т.б. Еуропа ғалымдары да көп пайдаланған.
Немістің белгілі тарихшы ғалымы Ф.Даннеман өзінің Табиғаттану тарихы атты еңбегінде «…Ал Европаға кең тараған астрономия-астрология ғылымы, алхимия салалары тікелей әл-Фарабиден алынғаны» жайлы жазған [1.48 б.]
Әл-Фарабидің ашқан кейбір жаңалықтары Еуропа ғылымына XVII-ғасырда ғана мәлім болған. Және ең негізгісі Ұлы Ғұлама бұл еңбектерінің барлығын тек араб тілінде жазған. Себебі араб халифаты бұл кезде Азия, Африка, Еуропаның өте көп жерін алып жатқан. Араб тілі көп қолданылатын тіл болатын.
Әл-Фараби Бағдатқа келген соң дәріс алған деп үш ғалымның ғана аты аталады.
1. Қарт христиан дәрігері, логиканың білгірі Әбу Бишр Матта ибн Юнустан логикадан дәріс алады, кейін ұстазынан асып түседі.
2. Лингвистикалық ғылымдарды жетік меңгеруді қалаған әл-Фараби грамматика саласының маманы Әбу Бәкір ибн әс Сирадждан грамматикадан дәріс алады.
3. Әли Юхан ибн Хайланнан да логика саласынан дәріс алады. Әл-Фараби «Дәлелдеме» кітабымен осы Хайлан үйінде танысқанын айтқан.
Әл-Фарабидің бұл ұстаздары Иса пағамбарды «құдайдың баласы» демей, «пайғамбар» деп таныған несториандық христиандар болған. Олардың ата-бабалары Византиядан қудаланған соң Таяу Шығыс пен Орта Азияны паналаған. Араб елі бұларға зор құрмет көрсетіп, ғылым жасауға пайдаланған. Ежелгі грек ғылымы мен араб ғылымының арасын қосқан осылар еді.
Әл-Фараби бабамыз осы грек ғалым-дарынан көне грек тілінің логикасы мен грамматикасынан дәріс алған соң көне грек ғұламаларының еңбектерін зерттеуге ден қойды. Әл-Фараби шамамен Аристотельдің бар-лық кітаптарына түсініктеме берген. Ол Птоломейдің «Алмагесіне» және Порфирийдің «Эйсогесіне» түсініктеме жазды. Эвклидтің геометрия жайындағы кітаптарын терең зерттеп, Платонның күллі кітаптарын оқиды. Бұған қоса әл-Фарабидің логика, философия және т.б салаларға қатысты жазған өзінің еңбектері де көп.
Бағдатта оның достары, шәкірттері көп болды. …Бағдатта атақты ғалым-астраном әл-Баттаниға еріп астрономия обсерваториясында көп істеген. Сол астрономия ғылымына байланысты және соны қолдану үшін әл-Фараби тағы бірнеше ғылымдар саласына ат салысады.
Алдымен ол астрономиялық аспаптар жасауға кіріседі: астролобияны қайта жасайды. Екінші жағынан ол оптикалық аспаптар жасайды, – ойыс – парабола айна жасайды. Көптеген бақылаулар жүргізеді; уақыт өлшеу үшін күн сағатын жасайды. Осылардың теориясын беру үшін ол математикалық әдіске көшіп, сфералық – тригонометрия негізін жазды. Оптика заңдарын геометриялық әдіспен дәлелдеудің шебер әдістерін ойлап шығарады, яғни геометриялық оптика негізін береді. Сонымен байланысты архитектуралық құрылыстарға негіз салады. Астрономия – архитектура – музыка – осы үш саланы бірдей, бір әдіспен зерттеу негізін қалайды… Осылармен қатар ол табиғаттану саласында көп еңбек етеді. Соның ішінде алхимия, физика, медицина салаларында зерттеулер жүргізді [1.54 б.].
Әл-Фарабидің еңбектері артып, танымал болған шағында әмірші Сәйф әд-Дәулә оны Дамаск шаһарына шақыртып, құрмет көрсетеді. Оған өзінің сарайынан қызмет береді. …Әл-Фараби Египеттен 337 хижра жылында (948 ж) кетіп, кейін Дамаскіге оралған [3.26-27бб.]. «Мысырдан қайтып оралған бетінде әл-Фараби Сайф ад-Даула өзінің нөкерлерімен мәжіліс құрып отырған үстіне кіріп келгенде, Сайф ад-Даула оған «Отыр» деп әмір етеді. Әл-Фараби: «Қай жерге отырайын, сіз отырған жерге ме, жоқ әлде өзім тұрған жерге ме?» – дейді. Сонда Сайф ад-Даула: «Өзіңе қай жер лайық деп тапсаң, сол жерге отыр», – дейді. Әл-Фараби Сайф ад-Дауланың қасына келіп, оны ығыстырыңқырап қасына жайғасады.
Әмірші өзі және бірнеше нөкері ғана білетін құпия сарай тілімен оларға: «Мен мына кісіге қазір бірер сұрақ қоямын, егер ол лайықты жауап бере алмаса жазалаңдар», – дейді. Сонда әл-Фараби іле-шала Сайф ад-Дауланың өзі жаңа ғана сөйлеген құпия тілмен: «О, әміршім, сәл сабыр ет. Әр істің артын баққан жөн болар!» – деген кезде, ол қайран қалып: «Апырай, сіз бұл тілді қайдан білесіз?» – дейді.
Сонда әл-Фараби: «Иә, мен жетпіс-ке жуық тіл білемін» – деген екен. Бұдан кейін әл-Фараби Сайф ад-Дауламен оның сарайындағы әнші, ақын, ғалымдармен өнер жөнінде сұхбаттасады. Сайф ад-Даула «сарайға әуезшілер келсін» деп бұйырады. Олар аспаптарында ойнаған кезде әл-Фараби әуезшілерді тоқтатып, ескерту, түзетулер жасап отырады.
Сонда Сайф ад-Даула: «Сіз бұл өнерді жақсы білетін бе едіңіз?» деп сұрайды. Ол: «Иә» деп жауап береді. Сөйтеді де, беліндегі сахтиан кісесін шығарып, ішін ашады, одан жіңішке аспапты алып, құлақ күйін келтіріп, ойнауға кіріседі. Жан рақат саз шығып, отырғандар жадырай бастайды. Әл-Фараби енді аспаптың құлақ күйін басқаша келтіріп, тағы да ойнауға кіріседі. Аса мұңлы саз құйылып отырғандар егіліп жылай бастайды. Ақырында ол аспаптың құлақ күйін тағы да басқаша келтіріп, ойнауға кіріседі, сонда баршасы, тіпті әмірдің нөкерлеріне дейін мүлгіп ұйықтап кетіпті. Оларды сол ұйықтаған қалпында қалдырып, ол сарайдан шығып кетеді» [2.4.] (Ибн Халликан. Китаб уафайат).
Осыдан кейін, Әбу Жағфар уәзір ғұламаның музыкадан өте жоғары білімі бар екенін түсініп, арабтардың пайдалануына ыңғайлап бір музыка туралы кітап жазып беруін өтінеді. Әл-Фараби бабамыз «бұл еңбекті тез жазып бітемін» деп есептеген. Және қазір бәрі мойындағанындай, өте тамаша жазып шыққан. Бұл кітап Китаб аль-Музыка аль-Кабир (Музыка туралы үлкен кітап) деп аталады.
Ақжан аға [3.56б.] еңбегінде Ұлы Ғұламаның «Музыка туралы үлкен кітап» атты еңбегінен мынандай дерек келтіреді: «Сен маған музыка жөнінде қолдануға жарарлық бір кітап құрастыруды тапсырған едің. Мен оны тез-ақ орындармын деп ойлағанмын. Ондағы ойым музыка жөніндегі бұрынғылардың жазғандары бар ғой, соларды жөндеп, құрастырып, сол жазғандардың атын сақтап, сонымен орындармын деген едім, ол ойым болмай шықты, өйткені музыка жөніндегі жазылған арабша еңбектердің дәрежесі өте төмен болды. Ерте замандарда, әлбетте, музыка жөніндегі ірі еңбектер болған ғой. Бірақ арабша аудармалар нашар ма, немесе ертедегі еңбектер бізге жетпей жоғалған ба, әйтеуір, сенің тапсырмаңа жарарлық ештеңе таба алмадым. Сол себептен бұл мәселені тыңнан жазуға тура келді. Сенің тапсырмаңды көп кешіктіріп орындаған себебім осы».
Ұлы Ұстаздың аталған кітаптағы: «Ерте замандарда, әлбетте, музыка жөніндегі ірі еңбектер болған ғой» деген сөзі ерекше ойландырады. Сонда ол еңбектер қайда болған? Бағдат халифатына қарасты араб елдерінде болмағаны даусыз. Оны өзі де айтып тұр ғой.
Ол кезде «араб халифаты» Алдыңғы және Кіші Азияны, Солтүстік Африканы, батыс Еуропаны (Испания жеріндегі Кордова халифаты) қамтитын. Еуропада да жоқ екені айтпаса да белгілі. Европаның өркениеті ол кезде арабтардан да төмен деңгейде болатын. Ал Америка құрлығы мен Австралия ол кезде әлі ашылмаған болатын. Сонда қалатыны Түріктер мекені – Ұлы Дала мен Орта Азия және Қытай елі.
Әл-Фарабидан мың жыл бұрын Қаңлы елінің (астанасы Кангу Тарбан-қазіргіше Отырар) музыканттары, әншілері мен бишілері қытайларды таң қалдырғаны туралы дерек қытай шежірелерінде жазылған.
Музыка жөнінде осындай ірі еңбектер болғанын Ұлы Ұстаз біл-геніне қарағанда ондай еңбектер Отырарда болған. Әл-Фараби бабамыз ол еңбектермен Отырардан таныс болған. Арабтар оның музыкалық шығармаларын күні бүгінге дейін пайдалануда. Даусыз, әл-Фараби музыка өнерінің қолданбалы саласының жетік білгірі, әрі осы өнердің теориялық негіздерінің барлық мәліметтерін білген. «Оның осы ғылымдағы кітабы үлкен салмаққа ие болды, себебі ислам әлемі орнағалы бері араб дүниесінде мұндай орасан еңбек бұрын да, кейін де жазылмаған» деп мойындайды еуропа ғалымдары да. Расында да музыка саласында әл-Фарабиге теңдес адам бұрын да, онан кейін де болмаса керек (Фрацуз бароны Барон де Ерланже).
Араб музыкасының жалпы тарихын жазған белгілі ғалым Г.Фармер былай дейді: «Барлық ғылымдар саласында әл-Фараби «Екінші Ұстаз». Ал музыка саласын алатын болсақ, ол әл-Фараби бір өзі ғана бас король болып табылады. Басқаша айтқанда музыка саласында әл-Фарабиге үлгі боларлық, бірінші ұстаз боларлық адам болмаған».
Әл-Фараби өмірінің соңғы жылдарын Шамның Халаб қаласында өткізді. Осы Халабтың билеушісі Сайф ад-Дауланың сарайында күн кешкен. Бірақ ұзақ тұрмаған. Сайф ад-Даула өз сарайына сол замандағы аса дарындыларды жинаған еді.
1944 жылы Каирде әдебиетші ғалым Аббас Махмұд әл-Аккадтың (1889-1964) «Әл-Фарабиани» атты зерттеуі жарық көрді. Автор онда жерлесіміздің пәлсапалық толғаулары туралы айта келіп, ұлағатты ұстаздың поэзиямен де айналысқанына баса назар аударады. «Сайф ад-Дауланың сарайына жиналған даңқойлар мен ақындар аптаның әр күні әдемі, әуезді, бұлбұлды баққа барып, мүшәйраға түсетін. Әбу Насыр әл-Фараби де оған қатысатын. Ол өзгелердей емес Сайф ад-Дауланың өзімен келіп, әмірдің жанына отыратын. Білімпаз әмірші әл-Фарабидің пәлсапалық тұжырымдарын да, өлеңдерін де ұнататын, тыңдайтын. Мұндай санаткерлік сынға араб-парсы ақындарының сайыпқырандары ғана қатысатын» дей келе, Отырардан шыққан ойшылдың бірер өлең жолдарын келтіреді:
Қайтейін мен көкжиек көңілімді,
Келер күнге үмітпен жол ашамын,
Қос шөлмекпен өткіздім өмірімді,
Сенім артып тұр соған болашағым.
Бір шөлмекте көк сия толып тұрса,
Екіншіде шарап бар жәйі мәлім.
Даналықты сиямен молықтырсам,
Шараппенен шерімнен айығамын.
(Ауд. Аян Нысанәлин)

Аббас Махмұд оның өлеңді араб тілінен басқа парсыша да жазғанын айтады. Иә, сөйтіп ол тек ғұлама ғалымдығымен ғана емес, жыр пырағын ерттеп мінген ақындығымен де дараланған. Оның әдебиет пен тілдің өзекті мәселелеріне байланысты айтқан тұжырымдары топ жарған талай-талайларды тамсандырған.
Әбу Насырдың «Өлең туралы трактат» жазғаны белгілі. 948-ші жылы Сайф ад-Даула сарайына араб әдебиетінің классигі, жауынгер ақын Ахмед әл-Мүтәнабби келеді. Сарайдағы ақындар мен фәлсафашылардың ұстазы, әрі атақтысы да әл-Фараби болғандықтан, әл-Мүтәнабби оны өзіне ұстаз тұтады.
Арада көп уақыт өтпей-ақ олардың (әл-Фараби мен әл-Мүтәнаббидің) атағы алысқа кетеді. Сонымен қатар бақталастары да көбейе түседі. Осы бақталастардың өсегіне иланған Сайф ад-Даула бірте-бірте әл-Мүтәнаббиге қырын қабақ таныта бастайды.
Бірде әмірші алдында парсы текті әдебиетші Ибн Халауайх пен әл-Мүтәнабби жанжалдасып қалады. Ибн Халауайх ауыр кілтпен әл-Мүтәнаббидің басынан ұрады. Ал жанжалдың басы-қасында болған Сайф ад-Даула ләм деп аузын ашпайды. Әл-Фараби бұған қатты қапаланады. Әл-Мүтәнаббиге жасалған қиянат оны торықтырады. Ақыры әмірші сарайын тастап, Халабтан әл-Мүтәнабби секілді ол да кетіп қалады. Ақыры әмірші сарайынан кетіп қалған Әбу Насыр қай жерде болсын аса қанағатшыл болыпты. Оның артынан Сайф ад-Даула жіберіп тұрған төрт дирһемді ең зәру қажетіне жаратып, қалғанын жарлы-жақыбайларға үлестіріп отырған» [2, 4-5 бб.].
Ахмед ибн Халликан: «Шамға келген соң, ол бау ішіндегі бұлақ басында күн өткеріп, шығармаларын жаза берген. Ол дәптерге өте аз жазып, өз ойларын көбінесе жеке парақтарға түсіретін болған. Оның көптеген шығармаларының жоғалып кеткені осы бір жайтпен байланысты. Оның өз үйі болмаған, ол ешқашан да өз қамын ойламаған өте қарапайым жан еді» дейді [2.22 б.].
Ұлы Ғұлама …339 хижра жылы (950 ж) ережеп айында дүние салды… Фараби қазасы туралы екі дерек бар – дейді М.Хайруллаев, – біріншісінде ғалымдар оны Шамда қайтыс бол-ған десе, екіншісінде Әбу Насыр қа-сына бірнеше адам ертіп, Аскалан қаласына бара жатқанда, жол торыған қарақшылардың қолынан қаза тапқан. Сайф ад-Даула қарақшыларды тауып, дарға асқан. Бір таңқаларлығы, арада он бес жыл өткенде әл-Мүтәнабби де дәл осылай қайғылы қазаға ұшыраған [2.5 б.].
Ғалымның жаназасына, қасына он бес нөкерін ерткен Дамаск әміршісі Сәйф әд-Дәуләнің өзі қатысады [3.27б.].
Ұлы Ғұлама Дамаск шаһарындағы Баб ас-Сағир зиратына жерленген екен.
Баб ас-Сағир зираты белгілі адам-дарға арналған династиялық жай көрінеді. Онда тек патшалар, пайғамбар нәсілдері, халифа нәсілдері, әмірлер немесе солардың ұстазы болған ұлы ғұламалар ғана қойылады екен. Сирия әмірі Сайф ад-Даула әл-Фарабиді өзіне ұстаз тұтқан. Сол себепті ол кісі оны өз қолымен осы жерге қойдырған [1.39б.].
Сирия мен Мысырды билеген Бейбарыс бабамыз өзінің әлемге әйгілі ғұлама бабасы, жерлесі, бауыры Әбу Насыр әл-Фарабидің зираты жанына кесене-мешіт, кітапхана салдырып, өз өсиеті бойынша осында жерленген екен.

фараби-3
Ескі құлпытастағы жазуды араб ғалымдары көшіріп жаңа тақта орнатқан.

2006 жылы құрамында Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі, Отырар ауданының әкімі Әлімжан Құртаев және т.б. бар Қазақстандық делегация Ұлы Ғұламаның зиратына және сонда жерленген, Мысырды 17 жыл билеген қазақ жерінің тағы бір перзенті Сұлтан Бейбарыс зиратына туған жері Отырар топырағынан
бір уыс топырақ апарып салды.
фараби-2

Делегация Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз бен Сұлтан Бейбарыс бабаларымыздың зираттарынан топы-рақ алып әкеліп, Отырарға, Арыстанбаб кесенесі жанына рамзи кесенелер салынатын жайға Шам елінен әкелінген топырақты салды.

Отырар және Отырар кітапханасы туралы бірер сөз
Отырар-бір кездері атақты астана, толып жатқан керуен жолының торабы, әйгілі мәдениет, сауда орталығы… Х-ХV ғасыр Сырдария жағасында мұнан үлкен қала болмаған — дейді Әлкей Марғұлан.
Орта ғасырларда Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Отырар өлкесі Кавказдағы Дербент қақпасы, бұрынғы гректік Визянтиядағы, қазіргі Туркия жеріндегі Босфор бұғазы, Египет жеріндегі Азиядан Африкаға өтетін тар мойнақ сияқты өте маңызды орын болатын. Египеттегі мойнақ Африка мен Азия мемлекеттерін бір-бірімен жалғастыратын болса, Босфор Азия мен батыс Еуропаны бір бірімен байланыстырып, ал Дербент шығыс Еуропа елдері мен батыс Азияны, ал Отырар өлкесі Орталық және шығыс Азия мен батыс Азияны бір-бірімен байланыстыратын өлке болатын. Бұл батыс Азия мен Орталық және шығыс Азия арасын табиғи шекара Сырдария өзені бөліп жатты. Сондықтан да, осындай өте маңызды сауда жолдарының күре тамырында орналасқан қалалар Византиялық Константинополь-кейінгі Стамбұл, Египеттік Кайр мен Александрия қалалары ғылымы-білімі, өнері, байлығы өте қарыштап дамыған ірі қалаларға айналды. Солар сияқты Отырар қаласы да ежелгі және орта ғасырларда ғылым-білімі, өнері жоғары денгейде дамыған бай қалалардың бірі болды. Бұны мынадай мысалдармен дәлелдеуге болады:
1) Араб тарихшысы Табари Отырар патшасын әл-Мамун (813- 833) халифтің жауларының бірі — деп атапты. Жарты әлемді билеген халифтің жауы дегенге қарағанда Отырар 9-ғасырдың басында-ақ ірі қала болған.
2) Ең атақты араб географы Мухаммед ибн Ахмед әл-Макдисидің (немесе Мукаддаси) шамамен 985 ж. жазылған Ахсан ат-такасим фи-марифат ал-акалим атты шығармасында Фараб ірі қала, ол қажетті жағдайда 70 мыңдай әскер қоя алады, шахристанда жұма мешіті, негізгі базарлары рабадта, қалалық қорған ішінде дүкендер бар — деп жазыпты.
3) Тарихшылар 1219 жылы Отырар қаласының 150 мың халқы, 50 мың атты әскері болған деп жазып жүр. Ал сол кездегі Еуропаның ірі қалаларында қанша халық тұрған? Оны мына деректен көріңіз: Столице Золотой Орды – Сараю – всегда уделялось особое внимание. Одни его называли Сарай-Бату. Мусульмане, в честь построения в нем мечетей при Берке, называли Сарай – Берке. К концу правления Менгу-Тимура он без преувеличения стал один из крупнейших городов не только в Золотой Орде, но и во всей средневековой Европе. Для сравнения: Рим в XII в. имел 35 тысяч жителей, Париж в XV в. – 58 тысяч, а Сарай в начале того же XV столетия – более 100 тысяч [4].
Отырарға дейін де, одан кейін де қазақ жерінде кітапханалар болғандығы белгілі. Орыс патшасы Петр I ұйымдастырған экспедиция 3 ғасыр бұрын Семей қаласының маңынан сақтардың жазған кітаптарының 3000 данасын тапқандығы сөзімізге дәлел. Ол кітаптар көк қағазға ақ әріптермен жазылған екен. Кітаптар түптелген, сондықтан салмағы ауыр болғандықтан, үшеуін ғана алып кеткен екен, олардың көшірмесі Парижге жіберіліпті. Қалған 2997 кітаптың тағдыры белгісіз — дейді академик Еренғайып Омаров [5].
…Таразға 2000, Сайрамға 3000 жыл деп есептесек, Отырардың да жасы сол шамалас болар, яғни, кемі екі мың жыл. Себебі Отырар ең қолайлы жерде, Арыстың Сырдария өзеніне құяр жерінде орналасқан. Ол кітапхана сақталса, ондағы кітаптар – Вавилонның қыштан күйдірілген қыш кітаптарынан бастап, түрік, парсы және қытай тіліндегі кітаптар болуы мүмкін. Арабтар мұсылмандықпен қатар, араб тіліндегі кітаптарды ала келген. Қытай тіліндегі кітаптарды ғұндар оқи алған және ғұндардың өздері де ежелгі түрік, ғұндардың тілінде кітап жазып, географиялық карта сызған. Соңғы ғылыми жаңалықтарға сүйенсек, Отырарды астанасы етіп, жеке патшалық құрған қаңлылардың өз жазуы болған және алғашқыда олар да қышқа жазып күйдіріп сақтаған. Бұларға сақтарды қосыңыз, олар түрікше және парсыша білген — дейді академик Е. Омаров [5]. Бұндай көптеген кітаптарды орыстар Орал тауындағы үңгірден, қытайлар Тұрфаннан тапқаны қазір белгілі. Бұл жерлер бұрынғы түркілердің ата мекені. Бірақ бұл деректер өте құпия сақталады.
Ислам діні тарамай тұрған кезде, Отырар өлкесі, жалпы алғанда Тұранның, Сарматтың көне мәдениеті едәуір жоғары дәрежеде болған. Ертедегі мәліметтерде Отырар жоғары мәдениетті қала, оның кітапханасы дүние жүзіндегі кітапқа бай орын болып табылады: осы жағынан ол Александриядан кейінгі екінші орынды алады, деп жазған Александария ғалымы Птоломей (I ғасыр). Отырар сол Птоломей картасында бар» [1.53б.] – деп жазады Ақжан Машанов.
Шын мәнінде көне Отырар кітап-ханасы көшпелілер әлемінде «екінші даналық үйі» болғанына ертедегі қытай саяхатшысы Лу-Цзиннің: Отырардың даңқы шарапханасымен емес, мейманханасымен емес, әйгілі кітапханасымен шықты [6] – деген пікірі дәлел бола алады.
Шығыстық гүлдену дәуірі тұсында христиан уағызшылары мен тақуалары өртеген «Александрия кітапханасын» қайта түлету мақсатында араб халифтары Харун әл-Рашид (786-809) пен Мамун (813-833) «Даналық үйін» (Байт әл-Хикма) ашып, оны аса бай кітапханамен, обсерваториямен қамтамасыз етті. Дүние ықылымының барлық саласына арналған кітаптарды бір орталыққа шоғырландырып, ғылыми-зерттеу, аударма, кітап шығару жұмыстарымен белсене айналысты. Соның нәтижесінде Еуропаның гүлденуіне жол ашқан ұлы ілім иесі деңгейіне көтерілді. Бұл ислам ықпалына көшкен Орта Азиядағы Мары, Хорезм, Бұқара, Самарқан, Отырар шаһарына да тікелей әсерін тигізді. Халифтердің пәрменімен әр қаланың өз «Даналық үйі» дүниеге келді. «Жібек жолы» бойымен кіре тартқан көпестер ең құнды сыйлық ретінде Отырар әкіміне кітап сыйлауды дәстүрге айналдырды. Тіпті, бұл мемлекеттік рәсім ретінде қабылданып, ресми сипат алды. Бұқаралық ғұлама Рузбехан: Отырар кітапханасындағы қолжазба кітаптарды тек қала тұрғындары ғана емес, шалғайдағы Сығанақ қаласының тұрғындары да пайдаланып отырды [6] – деп жазады. Осы Отырар кітапханасының бар болғандығына және ондағы кітап қорының мол болғандығына мына бір мысал да дәлел болатын сияқты. Мақала авторының бірі, менің, Шерәлінің әкесі Біләл Отырарда үлкен де танымал діни ғұлама болған кісі еді. Ол кездерде Діни басқарма Ташкентте болатын. Бір күні сол басқарма басшылары біздің аулыға (Көксарайға) келіп, діни семинар өткізеді. Сонда біздің әкеміз өзінің үздік білімділігімен танылып, басшылардан арнайы қызметке ұсыныс – шақыру алыпты. Бірақ ол Ташкентке барудан бас тартқан. Әкеміз түркі, парсы, араб тілдерін жетік білуші еді. Ол мұндай жоғары білімді сол Отырар медреселерінің өзінен-ақ алған. Тағы да оның екі бірдей сандық тола кітаптары болушы еді, негізінен көбісі парсы, араб тіліндегі кітаптар. Ол кітаптарға өзінен басқалардың, молдамын дегендердің, тісі бата бермейтін. Ауылда қой бағып, егін егіп өскен, қала бетін көрмеген адамда осындай кітаптар қайдан болды?. Бұл сол, Отырар кітапханасының ұшығы ма деген ой келеді. Әкейдің білімділігі де Отырар ойшылдар қаласы дегенге саятын сыңайлы.
Сонымен, жоғарыда келтірілген ой-тұжырымдардан түйгеніміз, ұлы бабамыз әл-Фараби өзінің озық та ұланғайыр білімін туған жері Отырарда алғандығы, 50 жас шамасында Бағдатқа оның билеушісінің арнайы шақыруымен ғылым – білім үйрену үшін емес, үйрету үшін келгендігі. Сол кезде Отырарда мәдениет, ғылым – білім деңгейі өте жоғары болғандығы арқасында бабамыз осындай үлкен дәрежеге қол жеткізіп, ғылым шыңына көтеріле алды. Ол мұндай білімді Отырардың Ұлы кітапханасынан алды-ау деген ой, өйткені, жоғарыда айтылғандай, ол кезде Отырар кітапханасы байлығы, кітап қоры, жағынан дүниежүзінде Александрия кітапханасынан да озық, бірінші орында болатын.
Осы, Ұлы данышпан бабамыз туралы шынайы мәліметтер, тиісті ақпарат құралдарында орын тауып, насихатталып жатса құба-құп. Енді осы мақаламыз ғылыми ортада рухани леп, серпіліс тудырып жатса, әл-Фараби еңбектеріне деген қызығушылық танытып жатса, біздің мақсатымыздың орындалғаны, оған сенеміз де.

Пайдаланылған дерек көздері:
1. Ақжан Машанов. «Әл-Фараби және Абай», Алматы, Қазақстан, 1994
2. Әбсаттар қажы Дербісәлі. «Отырардың жарық жұлдызы» «Жалын» журналы №1,2,3 2016 жыл
3. Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап, Алматы, «Колор», 2008
4. Книга: «Великий хан Батый – основатель Российской государственности» Тюньдешев Геннадий http://e-reading.club/bookreader.php/1033008/Tyundeshev__Haramoos__G._-_Velikiy_han_Batyy_-_osnovatel_Rossiyskoy_gosudarstvennosti.html
5. Еренғайып Омаров «Отырар кітапханасын қашан табамыз?» (https://gu-gu.kz/m/15152 )
6. Тұрсын Жұртбай «Жібек жолының рухани бесігі»
7. Оқу құралы:
1 Көбесов А., Бидайбеков Е.Ы., Бостанов Б.Ғ., Біләл Ш., Үмбетбаев Қ.Ү. Геометриялық салу есептері (Геометриялық фигуралардың жұм-бақтары жайлы рухани айлалы тәсілдер мен табиғи сырлар кітабы) : Оқу құралы. — Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2015. – 156 б.
8. Оқу-әдістемелік құралы:
1 Әл Фарабидің геометриялық мұрасы заманауи білім беруде: Оқу-әдістемелік құрал / Бидайбеков Е.Ы., Камалова Г.Б., Бостанов Б.Ғ., т.б. — Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2015. – 215 б.
2 Әл-фарабидің тригонометриялық мұрасы : Оқу-әдістемелік құрал / Е.Ы. Бидайбеков, Г.Б. Камалова, Б.Ғ. Бостанов және т.б. Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2016. – 122 б.
3.Әл-Фарабидің арифметикасы, алгебрасы мен музыка теориясы қазіргі білім беру жағдайында :Оқу-әдістемелік құрал / Е.Ы. Бидайбеков, Г.Б. Камалова, Б.Ғ. Бостанов және т.б. Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2017. – 114 б.
9. Ауданбек Кубесов. Математические наследия аль-Фараби. Алма-Ата, Наука: 1974-247с.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *