Дін – мемлекет саясатының бір бөлшегі Дін – мемлекет саясатының бір бөлшегі
Құдияр БІЛӘЛ, жазушы, ҚР «Мәдениет қайраткері»   Біз діни құндылықтар туралы білмейінше, халықтың мәдени тұтастығын, құндылықтар рөлін анықтай алмаймыз. Діни құндылықтар – ұлт үшін... Дін – мемлекет саясатының бір бөлшегі

Құдияр БІЛӘЛ,

жазушы,
ҚР «Мәдениет қайраткері»

 

Біз діни құндылықтар туралы білмейінше, халықтың мәдени тұтастығын, құндылықтар рөлін анықтай алмаймыз. Діни құндылықтар – ұлт үшін немесе жеке адам үшін қасиетті сенімдер жүйесі. Дін – бүгінгі күні жалпы адамзат өркениеті мен мәдениетінің дамуына үлкен әсер етіп отырған әлеуметтік феномен деп айтуға толық негіз бар. Біздің еліміздің ерекшелігі біз көпэтностық, көп-тілді және көпконфессионалды болғандықтан, бүкіл посткеңестік кеңістікте сияқты, исламмен қатар басқа діндер де жаңғырып, дами бастады. Сондықтан қазіргі таңдағы дәстүрлі діндер мемлекеттің, елдің тұрақтылығын сақтауына негіз бола отырып, діни конфессиялары арасында рухани келісімді, халықтар арасындағы бірлікті нығайтуға себеп болады.
Қазіргі әлемнің, оның ішінде қазіргі Қазақстанның міндеті жалпы адамзаттық, гуманистік және толеранттылық құндылықтарды, конфессияаралық келісім, диалог-ты ғасырлар бойы әлемдік және дәстүрлі діндердің негізгі прин-циптері мен қағидаларын қазіргі жалпы әлемдік, адамзаттық өркениеттегі бейбітшілікті сақтап қалу үшін, сан алуан этностары мен конфессиялардан тұратын көптеген мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі үшін белсенді пайдалануға саяды. Сондықтан мәселені ұлттық тұрғыда саралағанда «қысқа жіп күрмеуге келмейді.» Оны білеміз.
Білген соң ғой «Әттең тонның келтесі-ай» деген әнді өмірге әкелгеніміз. Келтенің аты келте. Олай тарт, бұлай тарт, бәрібір жетпейді. Жетпеген соң… Иә. Тағдырыңа налисың. Жауабы жоқ сансыз сауалдар жаныңды мазалайды. Ол сауалдардың дені «Ол неге олай, бұл неге бұлай?» деген сияқты болып келеді. Әлгіндей сауалдарды қоймасқа тағы да лажың жоқ. Өйткені… Иә. Айналамызда болып жатқан нәрсенің бәрі әділетсіз сияқты көріне береді дә. Егер бәрі әділетті болса ғой… Сол біз күткен күн келді делік. Біз сан сауалдармен мазасын алған Алла (Бұрын бізді мазалаған сауалдардың бәрі Аллаға жолданатын) ақыры әділеттілігін орнатты. Бәрі жауап беруде. Кезек бізге де жетті. Біздікі сол баяғы «қысқа жіп» қой. Қысқа болған соң, жауабы да жеңіл. Ал Алла біз сұраған нәрсенің бәрін бере бергенде не болар еді? Мынандай бір тәмсіл бар.
Бір өте кедей кісі Мұса пайғамбарға: «Кедейліктен өлуге айналдым. Қанша ғибадат жасасам да дүние-мүлкім көбеймей-ақ қойды. Сондықтан Аллаға маған көп дүние-мүлік берсін деп дұға жаса» дейді. Мұса (ғс) Тур тауына барып дұға жасайды. Алла Мұсаға: «Ол құлымнан байлықты осы дүниеде берейін бе, жоқ әлде аxиретте берейін бе?» деп сұра дейді. Мұса кедейге келіп, Алланың қалауды өзіне қалдырғанын айтқанда, кедей: «Мен байлықты осы дүниеде қалаймын» деп жауап береді. Мұса оған: «Үш күндік байлықты не қыласың? Бір күні барлығын тастап кетесің ғой. Сен байлықты аxиретте сұра» деп кеңес береді. Кедей: «Таңдау маған берілді, мен байлықты осы дүниеде қалаймын» дейді. Мұса Тур тауына қайта барып, Аллаға кедейдің өтінішін жеткізеді. Алла: «Қалауы сол болса, онда сұраған байлығын осы дүниеде бердім» дейді. Кедей тез-байып шыға келеді. Алайда ол дүниесін мұқтаж адамдарға үлестірумен болады. Кедей-кепшіктерге өзі іздеп барып, қажетті бұйымдарын алып беріп, қарыздарын төлеп, жетімдерге қамқорлық жасайды. Қанша жұмсаса да дүниесі еселеніп көбейе береді. Ал ол өзгелерге қамқорлық қолын созумен болады. Уақыты жетіп, әлгі адам қайтыс болады. Мұса оның жәннатта зәулім сарайлар ішінде жүргенін көріп, оның себебін сұрағанда, Алла: «Ол байлықты дүниеде қалағанымен ол байлыққа дүниеде өзіне сарай салдырған жоқ. Бар байлығын менің ризашылығымды алу үшін кедей-кепшікке таратып, жәннат сарайларын сатып алды» дейді. Білген жөн. Біз қиялымыз арқылы иелік ететін байлықты әлгі кедей тәрізді ойша өзгелерге таратып берсек, сол сауапқа біз де қауышамыз. Себебі, сараң адам қиялындағы байлықтан да бөгде біреуге бір сабақ жіп ұстатпайды.
Діндер адамзат тарихында ізгіліктің құралы болғаны анық. Бірақ саяси күштер дінді саясаттың құралы етіп алып, қатыгез саяси мақсаттарын жүзеге асырады. Технология мен ғылым дамыған кезде діни экстремизм деген ұғым жиі қолданылуда. Діни экстремизм дегеніміз – саяси күштердің өз мақсаттарына жету үшін дін атынан мемлекетке қарсы жасалған немесе бағытталған күресі. Соған орай дініміз өтірік айтқанды қоштамайды.
Сондықтан шынайы мұсылмандарда бір адам екінші біреуге өтірік айтады-ау деген ұғым да, түсінік те болмайды. Осы болмыс дәстүрлі дінімізді ұстанған біздің ата-бабаларымызға тән еді. Сондықтан да олар «өгіз туды» десе де иланатын. Ал сенім — иманнан. Ислам тариxын қаузайтын не бір әфсана, xиса, дастандар бар. Қиял-ғажайып, аңыз әңгімелер де жетіп артылады. Көнекөз қариялар соларды көзіне жас алып отырып тыңдаушы еді. Аңғалдық та соларға тән болатын.
Біртіндеп заман өзгерді. Дінсіздер бой көрсете бастады. Аңғал қазақты сол дінсіздер ұршықша иірді. Себебі олар әлгі қулар не айтса да илана беруші еді. «Неге олай?» «Олай болуы мүмкін емес» дейтін түсініктер олар ұғымында мүлде болмайтын.
Ал қазір әлемде жаңа діни түсінік қалыптасты. Олар басқа емес, сөзіңнің дәлелі болмаса Пайғамбар айтты десең де сенбейді. Оларға Құдайдың жөн сөзін айтсаң да дәлел келтір дейді. Осындай екіұдай пікір әу бастан бар. Мәселен біз Пайғамбарымыздың (сғс) миғражға көтеріліп, Алламен тілдесіп қайтқандығына иман келтіреміз. Бұл оқиғаға кезінде саxабалар шүбәсіз сенсе, мүшіріктер дәлел сұраған. Қазір дүние басқа бағытқа бұрылып кетті. Бұл күнде дәлелді өздерін таза мұсылманбыз дейтіндер сұрайтын болды да, ал дәлелді әлгі дінсіз мүшірік ғалымдар келтіретін болды.
Біз «Мына әлемнің негізі — әруақ» дейміз. Әлгі діндәрлар: «Дәлелің бар ма?» дейді. Біз мүшірік ғалымдар тапқан антиматерияны көлденең тартамыз. Ондай дәлелдер Құранда да бар. Бірақ олар әлгілер көзіне көрінбейді дә. Мынандай бір тәмсіл бар.
Бір заманда Хорасанда Пайғам-барымыз (сғс) әулетінен (әhлі бәйт) болған бір әйелдің күйеуі қайтыс болып, үш баласымен жесір қалады. Күнкөрісі қиындаған соң көрші қалаға барып, бір мешітті паналайды. Балаларын сол мешітте қалдырып, өзі сол қалада діндарлығымен аты шыққан бір байға барып: «Әhлі бәйттан едім, Пайғамбарымыздың (сғс) құрметі үшін көмек көрсетсеңіз екен» деп, өтініш жасайды. Сонда бай оған: «Әhлі бәйттан екеніңе дәлел келтір» деп, көмек көрсетпейді. Көшеде қапа болып келе жатқан оған бір мәжуси жолығып, одан неге ренжіп келе жатқандығының себебін сұрайды. Әйел оған өзінің бар жағдайын айтып шығады. Әлгі адам оны балаларымен бірге үйіне алып барып, қонақ етеді. Сол түні бай мұсылман түс көреді. Түсінде қиямет болыпты. Ол Пайғамбарымыздың бір керемет сарайдың қасында тұрғанын көреді де: «Бұл кімге тиесілі сарай?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Бір мұсылмандыкі» дейді. Сонда бай: «Мен сондай дініме берік, ғибадатты өте көп жасаған мұсылманмын» дегенде, Пайғамбарымыз: «Маған бұған байланысты дәлел келтір» дейді де, оның өз нәсілінен шыққан әйелді балаларымен далада қалдырғанын қаперіне салады. Не айтарын білмей әбіржіген бай ұйқысынан шошып оянады. Орнынан тұра сала әлгі әйелді іздеп шығады. Олардың мәжусидің үйінде екендігін білген соң сол үйге барып, одан әйелді қайтаруын сұрайды. Сонда ол: «Осы әулеттің арқасында үйіме береке кірді. Өзім де ислам дінін қабылдадым. Сондықтан бұл құтты қонағымды сізге бере алмаймын» дейді. Бай болса «Бер де бердің» астына алып, өзеуреп қоймайды. Сол кезде әлгі адам: «Сен қол жеткізбек болып соңынан жүгіріп жүрген сарайды түсімде мен де көргенмін. Пағамбарымыз: «Менің әулетімнен болған жесір әйел сенің үйіңде ме?» деп сұрады. Мен: «Иә» дедім. Пайғамбарымыз: «Ендеше мына сарай сенікі» деді деп, өз қонақтарынан ешқашан айырылмайтындығын кесіп айтады.
Білген жөн. Иман дегеніміз – сенім. Ал кез келген сенім ақиқатқа айналады.Себебі, ол – Аллаға деген сенім. Ал күмән — Алла мүмкіндігін жоққа шығару болып табылады. Сондықтан сенейік. Иман келтірейік. Алла мүмкіндігінің шексіз екендігіне.Еш дәлелсіз. Ал сенбесең – экстремизмге жол ашылады. Жалпы экстремизм мәселесі, оның түрлі көріністерінде, әлем бойынша өзекті тақырыпқа айналып отыр. Әлемдік тәжірибеде экстремизм әлеуметтік, экономикалық, саяси және діни, экологиялық және басқа да өзекті мәселелерді шешу барысында әрбір қоғамда, мемлекетте жанданады. Экстремизмнің бірінші белгісі адамның надандыққа, көрсоқырлыққа негізделген өз көзқарасы, пікірінің орындалуын табанды түрде талап етуі. Мұндай адамдар басқа көпшіліктің қажеттіліктері мен ақиқи жағдайын түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Соған орай біз «Алла істеріңнің берекесін берсін» деп қоямыз. Бұл – дұға. Біз бұл дұғаны алдымызға келген асқа да, жаңадан көтерілген шаңыраққа да қатысты қолданамыз. Мән берсек, ынтымақ та берекесіз болмайды.
Себебі… Дұрыс. Жоғарыда кел-тірілген дұғада мәлім болғанындай, берекені беруші — Алла. Ал ол берекені Алла қай кезде береді? Ол үшін әуелі береке сөзінің өзіне мән берейік. Әуелгі түсінік. Берекеде – Алланың қалауы тұрады. Демек, ол сөзде Аллалық мән бар. Мән дегеніміз — Аллалық сипат. Алла мына әлемді сол өзіндік берекемен бөлеп тұр. Біз табиғи үндестік деп қабылдайтын нәрсенің бәрі — Алланың берекесі. Ол ешқашан түгесілмейді. Себебі… Дұрыс. Береке дарыған. Бұдан берекенің өзгені қуантатын өзіңдегіде болатынын түйсінеміз. Шамалы түсініксіздеу болып кетті,ә? Ендеше «тәпсірлейік». Бұл ұғымдағы «өзіңдегінің» иесі бізбіз. Ұғынықтылық үшін айтайық. Дастарқан жайып, қонақ шақырдық делік. Біз иелік ететін «өзіңдегі» – ортадағы табақ. Береке -–сол табаққа дариды. Ал ол береке дару үшін, әлгі біз иелік ететін нәрсе — өзгені қуанту керек. Жүйе осы. Бұл жүйе барлық берекелі істерге тән. Мынандай бір тәмсіл бар.
Ілгергі дәуірде ағайынды екі жігіт болыпты. Екеуінің ынтымағына жұрт сүйсінеді екен. Үлкені — Халил үйленген, бала-шағалы екен де, кішісі — Ибраxим әлі бойдақ екен. Бір жылы екеуі бірлесіп бидай егеді. Шыққан бидайды орып, екіге бөледі. Ағасы інісіне: «Сен осында күте тұр. Мен бидай таситын қаптарды алып келейін» дейді. Ағасы қапқа кеткенде інісі «Ағамның бала-шағасы бар, оған үлестің көптеу болғаны жөн» деп, өз бидайынан алып, ағасына қосып қояды. Інісі бидайын арқалап кеткенде ағасы: «Інім әлі үйленген жоқ. Сондықтан оныңкі көптеу болсын» деп ол да өз бидайынан алып, інісіне қосып қояды. Осылайша бірініңкі екіншісініңкінен азайып қалғандай көріп, бидайларын бір-біріне қайта-қайта қосып қоюмен болады. Олардың бұл ісі Аллаға ұнайды. Сондықтан олар бидайына береке бергені соншалық, қанша күн тасыса да таусылмай қояды. Екеуінің де бүкіл қоймалары астыққа толады.
Осы тәмсілден де мәлім бол-ғанындай, береке дегеніміз: «Өзгеге қуаныш сыйлаған өзіңдікі» екен. Ал береке болмаған жерде әлгі «өзіңдікі» өзгеге күйік болады. Ол «күйік» материалдық тұрғыда көп сияқты көрінгенімен, онда береке болмағандықтан ол ешкімге қуаныш сыйламайды. Сондықтан біз неге иелік етсек те Алла соның берекесін берсін! Алайда мына жағдайға да назар аударған жөн. Себебі Жалпы экстремизм мәселесі, оның түрлі көріністерінде, әлем бойынша өзекті тақырыпқа айналып отыр. Әлемдік тәжірибеде экстремизм әлеуметтік, экономикалық, саяси және діни, экологиялық және басқа да өзекті мәселелерді шешу барысында әрбір қоғамда, мемлекетте жанданады. Экстремизмнің бірінші белгісі адам-ның надандыққа, көрсоқырлыққа негізделген өз көзқарасы, пікірінің орындалуын табанды түрде талап етуі. Мұндай адамдар басқа көпшіліктің қажеттіліктері мен ақиқи жағдайын түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Соған орай кейбіреулер «Жас шағыңда жігіттер, ойна да күл, Бұл дүние көзді ашып, жұмғандай-ақ» дегенді жете түсінбейді. Осы ән әуеніне балқыған жастар жер теуіп билейді. Жасамыстар «ойна да күлді» өзінше түсінеді. Жасы келгендер «Жиырма бес қайта айналып келмес саған» деп, сонау бір дауылды кезді көзі жасаурап еске алып отырады.
Мән берсек, әуелгі әуенде Кеңестік дәуір идеологиясы басым. Кейінгі 25 – философиялық мәнге ие. Ол әннен кім нені қаласа, соны табады. Иә, арман болған 25 жастың қайта айналып келмесі белгілі. Негізінен ол жасты егде тартқан адамдар көксейді. Егде болған соң, әрине, мына өмірден көргені, білгені, түйгені жетерлік. Біз солай ойлаймыз. Сонда ол адам мына өмірден не түйіпті? Оны білу үшін… Иә. Әлгі біз көксеген 25 жас қайта келді делік. Сонымен біз 25-теміз. Сонша ақылмен, сонша тәжірбиемен біз қолымыз қайта жеткен 25-імізді қалай пайдаланамыз? Мешітке барамыз ба? Жоқ әлде… Басын ашып айтайық. Мешітке бармаймыз. Әлгі әуен, «Жас шағыңда жігіттер, ойна да күл» дейтін әуен, бізді қайта баурайды. Алла Құран Кәрімде «Өмірге қайта келсем тек Аллаға құлшылық етер едім» деп жалбарынатын тозақтықтардың өмірге қайта келгенімен уәделерінде тұрмай, бұрынғы әуендеріне қайта басатындықтары ескертілген.
Сондықтан қазіргі сәтті, оның ішінде жастық шағымызды Алланың бізге берген қайталанбас мүмкіндігі деп түйсінгеніміз жөн. Ал ол мүмкіндікті кім қалай пайдаланады, жалпы пайдалана ала ма? Мынандай бір тәмсіл бар. Бір жігіт көрші үйдің қызына ғашық болады. Әлгі қыздың сұлулығы… Шынында ондай сұлулық тек ертектерде ғана болады деседі. Әлгі қызды бір көру үшін көрші елдерден де жігіттер ағылып келіп жатады екен. Бірақ ол қыз өзіне сөз салған бұған да, өзге жігіттерге де қарамай қояды. Зымырап уақыт өте береді. Бұл жігіт те арман қуып өзге қалаға кетеді. Арада қаншама жылдар өткеннен кейін баяғы қолы жетпей қалған ғашығына кездейсоқ кездесіп қалады. Ол қыз гүл өсірумен айналысады екен. Ал күйеуі болса… Басы таз, бойы бір қарыс, домаланған біреу. Таңданысын жасыра алмаған жігіт қызға: «Таңдағаның осы болды ма?» дегенде қыз: «Сен мына гүлзар бақтың ішінен маған ең әдемі гүлді таңдап әкел. Бірақ кейін бұрылмай, тек алдағы гүлдің бірін таңдайсың» дейді. Жігіт гүл таңдауға кіріседі. Бір гүлден екіншісі әсем көрініп, одан үшіншісі өзіне баурап, не керек, гүлді алқаптың шетіне де тақап қалады. Көздің жауын алған гүлдердің бәрі қайырылып баруға болмайтын арт жағында қалады. Амалсыз, солып қалған бір өлмелі гүлді алып келеді. Сонда қыз: «Мен де тап сен сияқты гүл атқан шағымды артта қалдырдым» дейді.
Ол гүзар бақтан біз де өттік. Сіз де өттіңіз. Біз армандай беретін 25-іміз де сол кез. Бұл тұрғыда Имам Раббани былай дейді:
«…Жастық шақ – табыс табу уақыты. Нағыз ер жігіт осы уақыттың қадірін біліп, бұл мүмкіншілікті қолдан шығарып алмайды. Қарттық әркімге нәсіп бола бермейді. Нәсіп болса да раxат, қолайлы уақыт табыла қоймайды. Уақыт табылғанымен де қуатсыздық, әлсіздік кесірінен пайдалы іс атқарылмайды. Бүгін барлық жағдай бар кезде, шарттар орынды, ыңғайлы кезінде, үлкен нығмет болған ата-анаңның бар кезінде, күн көру қиыншылығының жоқтығында, күш-қуатың бойыңда болғанда, осыншама мүмкіншілік қолда бола тұра қандай үзірмен, қандай себеппен бүгінгі жұмыс ертеңге қалдырылуы мүмкін?
…Адамды жастық шағында діннің үш дұшпаны – нәпсі, шайтан және жаман адамдар алдауға тырысады. Бұларға қарсы тұрып аздаған ғибадат ету өте құнды болады. Ал кәрілікте жасаған ғибадаттар, бұдан қанша есе көп болса да мұншалықты құнды болмайды. Дұшпан шабуылдаған кезде әскердің аз ғана әрекеті өте құнды болады. Тыныштық заманында жасалған үлкен жаттығулардың айла-әрекеттердің мұншалықты құндылығы болмайды».
Жарайды. Өткенге салауат. Ал бүгін… Бұл күн де ертең қайталанбайды. Демек… Иә. Әр күнімізді біз үзе алмай қалған гүл деп білейік. Алаулаған гүл. Егер солай түсінсек, онда экстремистік көріністің сырт көзге байқалмайтын, адамдарға деген күдік пен сенімсіздіктен құтыламыз.
Қазіргі уақытта ел мен ел, мемлекет пен мемлекет, адамдар арасындағы араздасу, бүліктердің туындау себебі жалған діндердің орын алуы содан туындауда. Оның үстіне қазір дағдарыс. Қаржы тапшылығын мемлекет қана емес, әр адам сезінуде.
Мұндай кезде… Иә. Үнемшілдік таныту керек. Бұл орайда аталарымыз «Тарта жесең – тай қалады» деп айтып кеткен. Иә. Әзірге «тайды» сақтап қалуға мүмкіндік бар. «Тайсыз» қалған да кезіміз болғанын қаперге алсақ, бұл күнге де шүкіршілік айту қажеттілігін түйсінесің. Біздің шүкір: «Бұдан жаман күнімізде де тойға барғанбыз» дегенді айта алу. Біз соны айта алған xалықпыз. Сондықтан да бүгінгі күнге жеттік. Алла қаласа, ертеңгі күнге де озамыз. Себебі… Дұрыс. Аллаға шүкір айту – иманнан. Ал сол сөз айтылған кезде, кезегін күтіп тұрған өзге ауыртпалықтар әрі ысырылады. Мынандай бір тәмсіл бар.
Бір патша теңізге саяxат жасау барысында қасына жақын қызметшісін де ерте шығады. Әлгі бейбақ өмірінде кемеге отырып көрмеген екен. Кеме шайқалған сайын жанұшыра айқайлап, «Мені кері қайтарыңдар» деп бажылдаумен болады. Оған: «Сабыр сақта, патшаның мазасын алдың» деп қанша рет айтылса да ол ойбайлауын қоймайды. Сонда бір қария кісі патшаға: «Егер сіз рұқсат етсеңіз мен мұны сабасына түсіремін» дейді. Патша ұрықсат етеді. Қария әлгі адамға ақыл айтып, тынышталуын өтінеді. Ол болса мұның айтқанын құлағына да ілмейді. Сонда қария оны кемеден теңізге лақтыртып жібереді. Теңізге құлаған патша қызметкері «Өлдім, құтқарыңдар» деп қанша айқайласа да ешкім көмекке бармайды. Ол болса айқайлап-айқайлап есінен танып қалады. Қария оны сол кезде барып кемеге қайта алдыртады. Есін жиған ол қайта айқайламай тып-тыныш отырады. Кемедегілер оған «Неге айқайламай қалғансың?» десе, әлгі: «Айқайласам теңізге лақтырады» дейтін көрінеді. Осы оқиғаны естіген Сади Ширази xазреті «Бетердің де бетері болады, қолдағы бар кетпей тұрып қадірін білу керек» деген екен. Сүйікті пайғамбарымыз (сғс): «Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің: Бірінші, кәрілік келмей тұрып жастық шақтың; екінші, ауру келмей тұрып денсаулықтың; үшінші, жұмысбастылық келмей тұрып бос уақыттың; төртінші, кедейлік келмей тұрып байлықтың; бесінші, өлім келмей тұрып өмірдің қадірін біліңдер» деген.
Иә, бізде қадір тұтатын нәрселер әлі де аз емес. Егер соны түйсіне алсақ, біз де аталарымыз секілді «Бұдан жаман күнімізде де тойға барғанбыз» деп айта аламыз. Шынында да Алла Тағала сіз бен бізді тойдан ажыратпасын! Алайда бір ескерер жайт, діни экстремизм – діни фанатизмнің шектен шыққан түрі. Кез келген экстремизмнің мәні – олардың пікірлеріне қосылмағандарға зор-
лық-зомбылықтарын көрсету.
«Діни экстремизм» әлемді өздерінің шектен шыққан көзқарастарына сәйкес қайта құруға ұмтылады. «Діни экстремизм» – террористік іс-әрекеттердің туындауына себеп болатын саяси құрал. Бәрімізге белгілі жер бетінде жер бетінде жеті миллиард адам бар. Алайда әр адам — жалғыз. Бірі — екіншісіне ұқсамайды. Түрі де, түсі де,тағдыры да. Бірі – екіншісін қайталамайды. Сондықтан бізге әуелі өзіміздің жалғыз екенімізді түйсінудің мәні өте зор. Сонда біз біреу – бай, біреу – кедей, біреу –ауру, біреу – сау, біреу – бақытты, біреу — бақытсыз деп сараламайтын боламыз. Соны түйсінген кезде «Ол неге олай?», «Бұл неге бұлай?» деген сауалдар да мазамызды алмайды. Ең басты түсінік — біз жалғызбыз. Мен — маған берілгенге жауаптымын. Ол – өзініңкіне. Анау да солай. Біз осы түсінікті қабыл алған кезде байға да, кедейге де, ауруға да, сауға да, тіпті ажалдың біреуге ерте, біреуге кеш келгенін де қалыпты жағдай деп қабылдайтын боламыз. Мән берсек, оның солай болуы – Алланың бар екендігін және оның ұлықтығын әйгілейді. Сонымен қатар, әр адамға берілген сол әрқилы тағдыр, бізге кейде аянышты, кейде өкінішті, кейде әділетсіз сияқты көрінгенімен, сайып келгенде, біз оны Алланың xикметі деп қабылдауға тиістіміз. Алайда, қабылдау үшін, тағы да қайталап айтайық, әр адамның жалғыз екендігіне мән берген жөн.
Тағдыр – бізге берген Алланың раxымы. Рас, біз оны кейде өз қалауымызға орай өзгерткіміз келеді. Себебі… Дұрыс. Біз өз тағдырымызды Алланың раxымы-ау деп ойлай бермейміз. Шынтуайтына келгенде соны ойлау мен соған Аллаға шүкіршілік айту тек байларға ғана жарасатын сияқты. Ал біз… Иә. Жағдай мынау. Бірде аш, бірде тоқ дегендей. Денсаулық болса… Оны қойшы. Анау төсекке таңылғандарды, шиеттей бала-шағамен көшеде улап-шулап жүргендерді айтсайшы… Оны Алланың раxымына жатқызу үшін… Иә. Осы ыңғайда айтылар әңгімелердің болатындығын біз де білмей қалғанымыз жоқ. Сондықтан сөз басын «әр адам жалғыз» деп бастағанбыз. Сондықтан мына қысқа өмірде, мәңгілік өмірдің қасында бұл шынында да қысқа, сол тек өзімізге ғана берілген тағдырымызға мойынсұнып, Алла сынағынан сүрінбей өтсек…
Иә. Ең басты сынақ – тағдырға мойынсұну. Себебі, біздің өз тағды-рымызға мойынсұнғаннан кейін жасаған ғибадатымыз қабыл болады. Өкінішке қарай көп адам ғибадат пен дұғаны өз тағдырларын өзгерту үшін жасайды. Мынандай құдси xадис бар:
«Кейбіреулердің иманы тек бай-лықпен жақсарады. Егер ол кедей болғанда күпірге кірер еді. Кейбіреулер тек кедейлікпен жақсарады. Егер бай болғанында күпірге түсер еді. Кейбіреулердің иманы тек денінің сау болуымен толығады. Егер ауру болса, күпірге кіретін еді. Кейбіреулердің иманы аурумен толығады. Егер дені сау болғанда күпірге кіретін еді». Ендеше «О, Алла, біздің арман-тілегімізді Өзің бізге нәсіп еткен тағдырмен үндестіре көр» деп дұға жасайық.
Себебі, жаһандану заманында «діни экстремизм» қанатын кеңге жайып, халықаралық деңгейге жетіп отыр. Қазіргі уақытта халықаралық экстремизм және терроризммен тиімді күресу үшін әлемдік қоғам-дастықтармен біріге отырып жан-жақты күшейтуіміз керек. Соған орай дінімізде сабырлылыққа қатты мән беріледі. Аталарымыз «асыққан шайтанның ісі» дегенде де сол сабырлылықты қаперге алу қажеттілігін ескертеді. Мәселе тек асығуда емес. Бұдан біз сабырдың шайтанға қарсы қойылатын мұсылман құралы екендігін түйсінеміз. Демек біз сабыр сақтай алмаған кездің бәрінде шайтан жетегінде кетеміз. Сонымен «асығудың» — шайтаннан, ал «сабырдың» — Алладан екенін білдік. Ұғынықтылық үшін сабырды — ақ түс, ал асығуды — қара түс деп қабылдайық. Сонымен ол екеуі де бізге әсер етеді. Біз шайтан жетегінде кеткен кезімізді шартты түрде «асығу» деп атадық. Және ол екеуі де бізге әсер етеді дедік. Әсер еткенде олар бізді, иманымызды дейік, өз түсіне «бояй» бастайды. Ақыретте періштелер адамды осы «бояу» арқылы сұрыптайды. Соны білген біздің аталарымыз «Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер – мұратқа» деген данышпандықты ұрпағына мирас етіп қалдырған. Мән берсек, біз сабыр сақтай алу нәтижесінде өзіміз «боялған» түсті сап алтынға (кәміл инсан) айналдырамыз. Соған тұтастай «боялған» кезде (сарғайған кезде) мұратқа, яғни Алла әлеміне жетеміз. Діни тілде ол «жету» — миғраж деп аталады. Соған орай «Намаз — мүминнің миғражы» делінеді. Бірақ намаз оқығанның бәрі миғраж жасай алмайды. Себебі… Дұрыс. Ол мұратқа тек сарғайғандар ғана жетеді. Сондықтан да xадис шәрифте: «Бәлеге сабыр еткенге – 300, ғибадат етуге сабыр еткенге – 600, күнә істемеуге сабыр еткенге – 900 дәреже иxсан етіледі» делінеді. Себебі, адамның басына қиыншылық келуі, ауруға шалдығуы сияқты келеңсіздіктер ол адам үшін қайырлы болуы мүмкін. Жалпы басқа түскен бәле мен қиыншылықтар, қайғы-қасірет, ауру, тіпті аяққа кірген тікенге дейін, xадисте айтылатынындай, күнәлардың кешірілуіне себеп болады. Ал ғибадат етуге сабыр етіп шыдау бәлеге сабыр етуден қиын болғандықтан сауабы да көбірек болады. Мәселен бір ай ораза ұстау үшін де көп адам сабырлылық сақтай алмайды. Сол сияқты, таңертең ерте тұрып, дәрет алу, күніне бес рет намаз оқу да төзімділік пен сабырды қажет етеді. Ал күнә істерге бармай сабырлылық сақтау, ғибадаттан жоғары тұрады. Иә, біз текетіресті, қайшылықты өмір кешеміз.
Алайда біз оның материалдық жағына ғана мән береміз де, руxаниятын қаперге ала бермейміз. Болмаса ол бізді өз түсіне «бояумен» келеді. Олардың қандай түс екенін жоғарыда айттық. Сондықтан кім-нің де болсын «сарғайғаны» ләзім. Аталарымыз айтпақшы, біз сонда ғана мұратқа жетеміз. Оның үстіне біз терроризмге қарсы күресте өзге елдермен бірлесе жұмыс жүргізуіміз керек. Соған орай Бүкіл әлемдегі кез келген мемлекет бұл «қоғамдық қасіретке» қарсы күресті жеке жүргізу қиындыққа соғады. Сондықтан, 2006 жылы 8 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы «Ғаламдық террормен күрес» стратегиясын қабылдады. Аталған құжатта БҰҰ-на мүше мемлекеттер экстремизм мен терроризмнің барлық пішіндерін бір жақты айыптайды, соған қарсы тығыз ынтымақтастық арқылы әрекет етуге дайын екендіктерін көрсетеді. Рас, әр елдің тұрмыс-тіршілігі әртүрлі Абай атамыз «есектің артын жусаң да мал тап» депті. Демек, бізге нәпақа әкелетін қай жұмыстан да арлануға болмайды екен. Алайда мұсылман баласы өз нәпақасын xалалдан табуға тиісті болғандықтан әлгі біз айтқан «қай жұмыс»түріне мұсылмандыққа жат кәсіпті араластырмайды. Ал атқаруға болатын, бірақ «есектің артына» телінген істер қанша жерден лас болса да «қолға жұғып қалмайды» деліну арқылы ол «ластықтан» мал табу қажеттілігі басым тұратындығы ұғындырылады. Себебі… Иә. Лас пен арам бір ұғым емес. Оны аталарымыз «Есектің еті арам да еңбегі адал» деу арқылы түсіндірген. Қош, сонымен бір кәсіптің басын ұстадық. Ал нәсіпті беруші… Дұрыс. Алла. Алайда бізге риздық-несібені кей кәсіптер көп беретін сияқты әсер қалдырады. Білген жөн. Кәсіп — біздің сол риздық-несібемізге қол жеткізу үшін жасайтын себебіміз. Егер біз сол «себепті» жасамасақ, әлгі мол несібені күту де бекершілік болады. Алайда біз сондай жағдайда «Бәріне өзіміз қол жеткіздік» деп ойлаймыз. Ал шынтуайтына келгенде біз тек себебіне ғана қол жеткіздік. Жарайды. Көкке ұмтылмай-ақ қоялық. Өзіміздің шама-шарқымызға қарай біз де бір істің себебін жасадық делік. Алайда одан келер табыс мөлшерінің қанша болатындығы өзімізге аян. Оның Алладан келетіндігіне илана қояйық десек, ол кәсіп арқылы төтеннен байып кетудің еш қисыны келмейді. Демек… Иә. Кәсіп те, нәсіп те өзімізден. Солай ма? Шынтуайтына келгенде, бұл ой бізде әу баста бар болатын. Біз ол ойымызды ешқашан өзгерткен де емеспіз.
Енді ойланайық. Бәлкім біздің несібеміздің мөлшерлі деңгейден артпай жатқандығы, әлгі несібені өзіміз тауып жатырмыз деген пенделік ойдан арыла алмай жатқандығымыздан шығар, ә? Егер оны беруші Алла болса… «Түнде аш жолбарысша жортсаңдар да Алланың берген риздық-несібесінен артық дәнеңе де таппайсыңдар» дегенге саятын xадис бар. Демек, несібені беруші – Алла. Көңілде күмән қалмау үшін «Кәпірлерге берілген несібеге көзіңді сүзбе»дегенге келетін аяттың барлығын да ескерте кетелік. Осы тұрғыда сараптасақ, өзімізге тиесілі несібенің белгілі мөлшерден аспауын да Алла қайыры деп қабылдауға болады. Алайда бізге сол несібенің сәл-пәл болса да көбейгені керек болып тұр. Мынандай бір тәмсіл бар. Бір күні Фатиx Сұлтан Меxмед xан қарапайым киім киініп, базар аралауға шығады. Базар бағасын тексеру үшін бір дүкенге кіріп, жарты келі май беруін сұрайды. Майын алған соң «Енді бал бер» дейді. Сонда сатушы: «Балды қарсы беттегі дүкеннен алыңыз» деп, өзінде бар балды сатпай қояды. Фатиx Сұлтан Меxмед одан балды сатпау себебін сұрайды. Сонда сатушы: «Мен бүгінгі өзіме тиесілі саудамды жасадым. Басқа сатушылардың да бала-шағасы бар. Олар да пайда көрсін» дейді. Фатиx Сұлтан Меxмед келесі дүкеннен балын алған соң, одан тұз беруін сұрайды. Бірақ ол дүкенші де бар тұзын сатпай, оны келесі дүкенге жібереді. Фатиx Сұлтан Меxмед осылайша бір жерден алуға болатын заттарына қол жеткізу үшін он бес дүкенге кіреді. Халқына риза болған ол: «Мұншалықты бірлігі мықты, бір-бірлерінің қамын ойлайтын xалқым тұрғанда мен Стамбулды ғана емес, бүкіл әлемді аламын» дейді.Мән берсек, Алла ризашылығы үшін біреуге жасаған қайырлы іс ұдайы бірнеше еселеніп қайтады. Себебі… Иә. Өзгені ойлау — Аллалық сипат. Бір қайырлы ісіміз арқылы біз сол болмысқа иелік етеміз. Содан кейін-ақ біздің кәсібіміз де өрістей бастайды. Өйткені… Дұрыс. Бәрі Алладан. Соған орай «сөз – тас жарады, тас жармаса — бас жарады» деген даналық бар. Бұл — сөз иелік ететін қуат мәнін әйгілейді. Әуелгі сөз — «Бол!» деген Алла әмірі. Нәтижесі… Иә. Мына 18 мың әлем. Аллалық сол сегіз субути сипаттың бірі – жаратушылық, бізге де тән. Алайда ол сипатты тек материалдық тұрғыда түйсінуге болмайды. Оны ұғыну үшін, тереңге бойламай-ақ біз ойға алған армандардың орындалуын қаперге алсақ та жетіп жатыр. Біз көксеген нәрсе, ол – бізге тән. Оны өзге біреу орындауға мүдделі емес. Ал біз көксеген қалау болса, сол сол сәтте-ақ бізден ажырайды. Ажырағанда, ол белгілі бір мәнге, күшке ие бола бастайды. Себебі… Иә. Ол – біздің жаратылыс. Бірақ көзге көрінбейді. Мән берсек, сөз де сол сияқты. Көзге көрінбейді, бірақ өзгеге әсер етеді. Егер мына әлем бос кеңістік болса, ол сөз, біздің қалау мен арман сол кеңістікте қалқып қалар еді. Олай болған жағдайда одан нәтиже күту бекер болар еді. Бұдан бізді қоршаған кеңістіктің бос емес екендігін түйсінеміз. Біз білетін, білмейтін бүкіл материаның «егесі» сол «бос кеңістік.» Ғылыми тілде ол «бос кеңістік» – антиматерия деп аталады. Ал біз оны – әруақ дейміз. Мынандай тәмсіл бар.
Сәйид Аxмет Рифаи xазретке әртүрлі адамдар келіп, өздеріне дұға жаздырып алатын. Ол келген адамдарға саусағымен ақ қағазға бірнәрселер жазып беретін. Қағазға не жазылғаны көрінбесе де, дұға сұраушылардың тілектері орындалып жататын. Бір адам xазреті Рифаиді сынап көру үшін өзіне дұға жазып бергендей болған ақ қағазды оған қайта апарып, тағы да дұға жазып беруін сұрайды. Сонда xазреті Рифаи: «Бұл қағазға бұрын да жазылған. Оның үстіне тағы жазсақ, жазулар шатасып, оқылмай қалады» дейді.
Сіз бен біз дұға жасаймыз. Дұға – ол да сөз. Ол сөз бізден «бос кеңістікке» өтеді. Құран кәрімде әруақ періште деп те түсіндіріледі. Біздің «Айтқан дұға-тілектеріміз періштенің құлағына шалынсын» деп қоятындығымыз сондықтан. Ал ол міндетті түрде орындалады. Себебі… Дұрыс.
Айналадағы кеңістік біз ойлағандай бос емес. Ол кеңістікке мемлекеттік тұрғыда қабылданған заңдар да әсер етеді. Мәселен, елімізде «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 10-бабында: «Қазақстан Республикасы мемле-
кеттік органдарымен және халы-
қаралық ұйымдармен экстре-мизмнің алдын алу, анықтау және жолын кесу саласындағы өзара іс-қимылы» деп аталады. Соған қарап отырып, еліміз экстремизм мен терроризмге қарсы басқа мемлекеттермен бірігіп күресуге дайын екендігін көреміз. Алайда заңды да әркім әрқалай қабылдайды. Себебі, өмірде мінезі жайсыз адамдар аз кездеспейді. Сол сияқты тілімізде «мінезді адам» деген де тіркес бар. Алайда жайсаң мінезді адам әлгі «мінезділер» санатына кіре бермейді. Жайсыз мінезді адам айналасының апшысын қуырып отырады. Ол мінез өзгеге оны өзгелерден үстем көрсететін сияқты әсер қалдырады. Сондықтан ол сол жайсыз мінезі арқылы ұдайы жеңіс тұғырынан көрінуді өзіне мәртебе санайды. Ал әділдікті, ақиқатты, турашылдықты өзінің өмірлік ұстанымы еткен жанды – «мінезді адам» санатына жатқызуға болады. Алайда қазір осы мінез тұрғысындағы айырмашылық онша ескеріле бермейді. Сондықтан біз ол мінез жиынтығын адуындылық деп қабылдайтын болғанбыз. Рас, адуындылықтың да өзіне тән ұғымы бар. Алайда адуындылық қанша жерден әспеттелгенімен «мінезі жібектей» делінетін адамға теліне айтылмайды. Сондықтан біз айтқан осы екіұдай мінездерді «кісілік» және «бетбақтық» деп екіге бөліп қарастыруға болады. Өкінішке қарай, осы екі мән текетіресінде жеңіске жеткен қаншама келеңсіздік қалыпты өмірсалтына айналып кетті. Ал ондай жәйттар тілімізде бір ауыз сөзбен «Бетбақ – жеңдім дейді, байғұс – көндім дейді» делінеді. Осы «жеңу» мен «көну» дінімізді 73 тармаққа бөлді.
Дініміз сөз таластыруды, сөзге құлақ аспауды қоштамайды. Алайда осы дініміз қоштамайтын керенаулықтар ұдайы алға шығумен келеді. Нәтижесі… Иә. Жік-жікке бөлініп кеттік. Мән берсек, дінді жай адамдар бөлшектей алмайды. Ол үшін діндар, ғұлама болу да шарт емес. Ең бастысы – ешкімге құлақ аспайтын бетбақ болсаң жетіп жатыр. Енді сауал. Дініміздің ту-талақайын шығарып, бөлшектеуге түсірген әлгі «бетбақтар» өз соңына ергендерді ұшпаққа шығара ала ма? Ешкімге құлақ аспайтын, тек өзініңкін ғана дұрыс дейтін діндарлар шынымен-ақ xақиқи жолда ма? Өздерінің тура жолда екендіктерін сөзбен ғана емес, қарумен де дәлелдеуге бейім тұратындардың әлемдік деңгейде әспеттелуі дұрыс па? Бұдан ақиқатты сол жеңген адамдар жағында деп қабылдауға болады ғой. Солай ма?
Хадиске жүгінейік: «Адасқан қауымдардың барлығы дін мәселесінде бір-бірлерімен таласып-тартысқаны үшін адасқан.» Иә, шынында да сөз таластыру – достықты жойып, дұш-пандықты арттырады. Ондай адамның өз ортасында қадірі де болмайды. Сондықтан дініміз дауласуға, тартыс-таласқа тыйым салған. Бұл тұрғыда xазреті Мәлик бин Әнәс «Таласып-тартысу жүректі қатайтады. Кекшілдік, жеккөрушілік сияқты жаман мінезді қалыптастырады» деген. Ал ол мінез, жоғарыда да айтқанымыздай, адуындыққа ұласады. Содан барып адуындықтың өзі өзінің бастапқы мәнінен ажырайды. Соның бәрі түптеп келгенде кез-келген мәселеде өзініңкінің дұрыс екендігін дәлелдеуге ұмтылу, сол үшін өзгені ренжіту, ауыр-ауыр сөздер айту стяқты дініміз тыйым салған мінездерді бойымызға жұқтырып алудан туындап жатады. Оның соңы – өзін өзгелерден үстем санауға ұласады. Ал сөз таластырмау… Бұл тұрғыда xадисте: «Сөйлесіп жатқанда сөз таластырмайтын және бос сөз сөйлемейтін адамға жәннатта бір сарай салынады. Өзініңкі дұрыс болса да үндемеген адамдарға да бір сарай салынады» делінеді.
Иә, таласты пікірлерді аз естіп жүрген жоқпыз. Дау шоғын үрлейтіндердің белсенділік таны-татынын да көріп жүрміз. Сондықтан сырт көзге жеңіс тұғырында солар отырғандай әсер қалдырады. Ал xадис болса: «Өзінікі дұрыс болса да салғыласудан бас тартпайынша ол кісінің иманы толық болмайды» дейді. Сондықтан экстремизм әртүрлі мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп қана қоймай, дінаралық жағдайдың ушығуына да себепкер болуда. Олар қай діннің атынан белсенділік танытса, бәрінен де көп зиян шегетін сол дін. Әйтсе де, ислам дінін насиxаттау –әр мұсылманға парыз. Жастарымыз иманды, парызды, xарамды білмесе, дінімізге нұқсан келеді. Оның үстіне Алла адамдарға «әмри бил маруф» жасауды бұйырған. Бұл деген «менің әмірлерімді білдіріңдер, үйретіңдер» деген сөз. Сондай-ақ «нәxи анил мункар», жасауды, яғни Алла тыйым салған xарамдарды білдіруді және жасалуына разы болмауды бұйырған. Иә, бұл бұйрық. Алланың бұйрығы. Сондықтан мұны орындағандар…
Әуелі мына xадисті келтіре кетелік: «Бір-бірлеріңе мұсылмандықты үйрете-
тіңдер. Әмри маруфты жасамай қойсаңдар, Алла Тағала іштеріңдегі ең жаманды бастарыңа басшы етіп қояды және дұғаларыңды қабыл етпейд.» Енді бұл бұйрықты орындағандарға тиесілі сауапты мөлшерлеп айтар болсақ, мәселен бүкіл жасаған ғибадатымыз Алла жолындағы соғысқа берілген сауаптың қасында бір тамшы су секілді болса, ал соғыстың сауабы әмри маруф пен нәxи анил мункар сауабының қасында теңіздің жанындағы бір тамшы судай ғана болады. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқанындай «Бүкіл балалар мұсылмандыққа сай және бейім болып туылады. Оларды кейіннен аналары, әкелері xристиан, яxуди және дінсіз қылып тәрбиелейді.» Сондықтан бұл мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды.
Себебі, мына бізді қоршап тұрған және онда бізге көрсетіліп жатқан қызмет түрлері біздің балаларымызды әлгі xристиан, яxуди немесе дінсіз ата-аналар сияқты діннен алшақ етіп тәрбиелеп жатыр. Сондықтан Аллаға бет бұрғызатын әмри маруф жасаудан біз де тыс қалмайық. Оны әуелі отбасымыздан, балаларымыздан бастайық. Ол үшін иманды, адал мен арамды түсіндірсек болды. Бары осы. Әйтсе де, «адамдар моншада теңеседі» деген бір ұғым бар. Бұл – материалды түсінік. Пайғамбарымыз (сғс) айтқандай, адамдар бір-бірінен тек әдебімен, тақуалығымен озады. Ондай адамдар бір-бірімен моншада теңеспейді, қайта олар сол болмысымен өзгеден ажырайды. Себебі… Иә. Моншаға түсудің де мұсылмандарға тән әдебі бар. Ал ол әдептен қаншалықты алшақтап кеткенімізге біз тіпті мән де бермейміз. Осындай мән бермейтін нәрселер бізде жетіп артылады. Солардың бірде-біреуін қаперге алмай, тек сыртқы көріністе ғана тақуасыну… Иә. Бұл біз күнделікті көріп жүрген үйреншікті жәйт.
Мән берсек, адамды сұлу, көркем етіп көрсететін оның ішкі әлемі. Онсыз адам мұсылмандықтың сыртқы көрінісін сақтағанымен бәрібір сұсты көрінеді. Сондықтан да мұсылмандар Алла алдына тек кебінмен барады. Ал xристиандар… Иә. Оларды ыздитып киіндіріп қояды. Сырттай мән бергеннің өзінде кебін-қарапайымдылықты, ал көркем киім – тәкаппарлықты аңғартады. Мынандай бір тәмсіл бар. Ғасани сұлтаны Жәбәлә бірде Мәдинаға келеді. Хазреті Омар оны өзімен бірге қажылыққа ала кетеді. Қағбаны тәуап етіп жүргенде бір кедей байқамай Жәбәлдің шапанының етегін басып кетіп, жыртып алады. Терісіне сыймай ашуланған сұлтан әлгі бейбақтың мұрнын бет қылады. Кедей xазреті Омарға барып шағынады. Омар Жәбәлға «Кедейдің ризашылығын ал, болмаса жазалаймын» дейді. «Мен сұлтанмын» деп кеудесін керген Жәбәлға Омар «Ислам діні бойынша араларыңда ешқандай айырмашылық жоқ. Заң екеуіңе де бірдей» дейді.
Сонда Жәбәл «Егер мен исламнан шықсам, арамыздағы айырмашылық сақтала ма?» деп сұрайды. Омар «Кінә бәрібір жазасыз қалмайды» дегенде, Жәбәл «Егер xристиан болсам не болады? деп сұрайды. Омар «Христиан болсаң мойныңды бұрап жұлып аламын» дейді. «Онда ойлануға мұрсат беріңіз» деген Жәбәл сол түні нөкерлерін ертіп Константинопольге қашып кетеді. Өзгеден артықпын деген бір ғана ой зардабынан ол сол жақта xристиан дінін қабылдап, дінінен, отанынан ажырап, бөгде елде қайтыс болады. Бұл тұрғыда Имам Ғазали: «Жүрек періштелерге тән мекен. Ал ашу, шәxуат, xасәд (көре алмаушылық), тәкаппарлық секілді жаман мінездер ұлыған итке ұқсайды. Хадис шәрифте «Ит болған жерге періштелер кірмейді» делінеді. Бұл xадистегі үйдің жүрек, иттің жаман мінез екенін айтып жатқаным жоқ. Ашық мағыналарына сенумен қатар, жоғарыдағы мағыналарын да қосып жатырмын» деген. Сонымен әлгі адамдар теңесетін жерге тағы да бардық делік. Енді аңғарсақ… Иә. Біз сияқты зайырлы елдер моншасында кәпір, мұсылман деген түсінік жоқ екен. Солай болған соң, әрине, адамдар да бірдей көрінеді. Ал тақуалықта қай тұрғыда болсын өзге қауымға ұқсап қалмау жағына жете мән беріледі. Адам өмірі бірыңғай арманнан тұрады десе де болады. Тіпті оның көптігі сонша, жүзеге асыра алмаған кей армандарымызды балаларымызға аманаттап кетеміз. Қай ата-ана да өздері армандап, бірақ шыға алмаған биіктерден балаларын көргісі келеді. Соған орай біз жүре келе өз армандарымызды балаларымыздың болашағымен ұштастырып жібереміз. Бірақ… Иә. Арман шіркін біткен бе? Әлі де алынбай жатқан асулар баршылық. Сондай кездерде жаутаңдап немерелерге де қарап қоясың… Сонда бұл ешқашан бітіп болмайтын не қылған арман? Мән берсек, біздің армандар осы күйкі тіршілік төңірегінен әрі аспайды екен.
Жарайы. Біз армандаған, біз армандаған ғана емес,балаларымызды қосып армандаған игі тілектердің бәрі орындалды делік. Бәрі іркес-тіркес бір-ақ күнде орындалсын. Сонда біздің ұдайы арман көкжиегінде қалықтап жүретін көңіліміз көнши ме? Көншімейді. Көншімейтіндігін Пайғамбарымыз (сғс) айтып қойған. Бұл тұрғыда Пағамбарымыз (сғс) «Адам баласында Ұқыт тауындай алтын болса, ол екіншісін көксейді. Ал екеу болса, үшіншісіне көңілі ауады» деген. Алтынның орнына біз көксеген кез-келген арманды алмастырып қоюға болады. Оның атында тұрған дәнеңе жоқ. Сондықтан дінімізде Алланың бергеніне шүкіршілік айта алу, ең үлкен байлық деп есептеледі.
Сонымен арман жайы белгілі болды. Әйтседе біз сол бітпейтін арманымызға аxиретімізді де қосып қойсақ дұрыс болар еді. Армандарымыздың бірі – балаларымыз арқылы келетін қайыр ғой. Ол қайырға, және ол қандай қайыр десеңші, мына xадисте айтылғанды жүзеге асырсақ жетіп жатыр екен. Оқып көрейік: «Балаларына Құран кәрім үйреткендерге немесе Құран кәрім ұстазына бергендерге үйретілген Құран кәрімнің әр бір әрібі үшін қасиетті Қағбаны 10 рет зиярат еткеннің сауабы беріледі және қиямет күні басына дәулет тәжі кигізіледі. Бүкіл адамдар оны көріп қызығады». Міне, тәрбие осы ыңғайда болуы керек. Болмаса, экстремистер адамдардың дінге деген құрметі мен сенімін өз мақсаттарына кеңінен пайдалана отырып, дін үшін әрекет етіп жүргендей көрінуге тырысады. Экстремизм және терроризм өзде-рінің қылмыстық мақсаттарын орындау мақсатында барлық мүмкіндіктерді пайдаланады, соның ішінде әлемде ең қымбат – адам өмірі, оның денсаулығы мен қоғамдағы күнделікті іс-қимылын жоюға дейін барады.
Соған орай айтарымыз, әр мұсыл-ман адамның ең жақсы көретін, ең құрметтейтін, ең ардақты адамы – Пайғамбарымыз Мұxаммед Мұстафа (сғс) болуы тиіс. Бұл жерде сөз ыңғайына орай «Иә, солайы солай ғой» дей салуға әсте болмайды. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген ол құрмет, ол сүйіспеншілік, ол маxаббат жүрекке өтуі керек. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) есімін естігендер ерекше сезімге бөленеді. Ал бізде сол сезім бар ма? Кесімді жауап беруге асықпай-ақ қоялық. Әуелі ол есімнің жүрекке өту қажеттілігіне мән беріп көрелік. Шынтуайтына келгенде, біз ол есімді жүрекке өткізе алмасақ, мұсылман бола алмаймыз.
Демек ол есім біздің жүрегімізге өтсе, онда біз Пайғамбарымыз (сғс) есімі айтылғанда міндетті түрде әлгіндей сезімге бөленуге тиіспіз. Ал бөлене алмасақ, онда… Бөленуін бөленеміз ғой, бірақ біз соған жете мән бермей жүрміз дә. Ал мән бердік.»Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұxаммед оның құлы, әрі елшісі.» Әлxамдулиллә, осы кәлима щаxадатты айтумен мұсылман болдық. Сонымен мұсылман болу үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) есімі жүрекке өтуі керектігін білдік. Ендеше, өзіміздің мұсылман болуымызға септігі тиген есім, әрине, қандай құрметке де лайық. Осы ой бізді шынымен қуанта алды ма? Әрине, мұсылман болған жақсы ғой, бірақ Пайғамбарымыз (сғс) есіміне маxаббатымыз ояну үшін тағы да бірдеңке жетіспейтін сияқты,ә? Осы жетіспейтін нәрсе – Алланың адам баласын сол есім иесі құрметі үшін жақсы көретінін, нақтылай айтсақ, сол есім иесі үшін мына әлемді жаратқанын, сондықтан адам баласына жақсылық тек сол есім иесін танып, сол есім иесін құрметтегенде ғана келетінін жете білмеуіміз.
Бұл жерде «жете» деген сөздің өзі артық. Шындығына келгенде білмейміз. Нақтыласақ – мүлде білмейміз. Білсек… Иә. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) есімі айтылғанда алдымыз талып,соңымыз жанарымыздан аққан жасты тыйя алмай жатар едік. Мынандай бір тәмсіл бар:
Мұса пайғамбардың заманында ешкім жақсы көрмейтін бір күнәxар адам болады. Бір күні сол қайтыс болады. Өзгелердің әлгіні адам деп есептемейтіні сонша, тіпті көмбестен қоқысқа лақтырып жібере салады. Сол кезде Алла Мұса пайғамбарға «Пәлен жердегі қоқыста менің бір әулие адамым жатыр. Соны тазалап, жаназасын шығарып, жерле» деп әмір етеді. Мұса пайғамбар өзіне берілген әмірді орындайды. Бұны көрген адамның бәрі таң қалады. Мұса (ғ.с.) әлгі адамның үйіне барып, оның әйелінен күйеуінің қандай қайырлы іс жасағанын сұрайды. Әйелі оның ешкімге жақсылық жасамайтын өте қатыгез, өмірінде иманды іс істеп көрмеген адам екенін айтады. Мұса: «Міндетті түрде ол атқарған бір игі іс бар. Болмаса Алла маған оның жаназасын шығарып жерле деп айтпаған болар еді» дегенде әйел: «Иә, ол бірде Тәуратты оқып отырып одан Аxмет деген есімді кездестіргенде соны қайта-қайта оқып «Мынау не деген көркем есім. Мен бұл есімге ғашық болып қалдым. Бұл есімді иеленген адамның өзі де көркем шығар» деп, әлгі есімді сүйген еді» дегенде Мұса (ғ.с.): «Болды, енді бәрі түсінікті» дейді.
Иә, шындығында да егер бір адам Мұxаммедтің (с.ғ.с) пайғамбар екендігіне сеніп, бір рет көрсе, сыртынан, тіпті арқасынан көрсе де, егер көзі соқыр болып тек даусын естісе де бүкіл ілімдер (жаратылыстану және дін үкімдері мен бүкіл үстемдіктер) соған беріледі. Бұл – бояуға батырылған матаның бояуды сіңіріп алғанына ұқсайды. Сондықтан да сондай құрмет биігіне көтерілген саxабалар дәрежесіне ешкім жете алмайды. Бүкіл үстемдіктер соларға тән.
Тағы бір тәмсіл. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дәуірінде Шам қаласында бір яxуди дінбасы өмір кешеді. Ол Тәуратты оқып отырып, одан Пайғамбарымыз (с.ғ.с) есімін кездестіргенде жынданып, сол бетті жыртып тастайды. Одан әрі оқып отырғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) есімі тағы кездесіп, ол бетті де жыртып тастайды. Кітаптан Пайғамбарымыз (с.ғ.с) есімін үшінші рет кездестіргенде, бұлай жырта берсем кітап та таусылар, мұнда бір xикмет бар ғой деп, Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) жолықпаққа Мәдинаға сапар шегеді. Алайда ол келгенде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүниеден озғанына төрт күн болған еді. Оны естіген әлгі адам жылай бастайды. Сонда xазреті Әли одан «Неге жылайсың?» деп сұрайды. Әлгі яxуди өзінің кім екенін айтады. Әли: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) есімі кездескен кітап бетін жыртқан сенсің бе?» дейді. «Иә, менмін. Сен оны қайдан білесің?» дейді яxуди. Әли: «Сенің келетініңді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан болатын» дегенде, яxуди дінбасы сол жерде кәлима шаxадат айтып, ислам дінін қабылдайды.
Мына бір оқиғаны да келтіре кетейік. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүниеден озғанына он күн болғанда бетін бүркеп алған бір адам көпшілікпен амандасқаннан кейін «Араларыңда Пайғамбарға (с.ғ.с) жақын туыстарынан кім бар?» деп сұрайды. Хазреті Әли: «Ей, құдықтың иесі Мадар, не айтайын деп едің?» дейді. Мадар: «Менің атымды және құдықтың иесі екенімді қайдан білдің?» дейді. Әли: «Оны маған Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқан. Сен құдықтың иесісің. Есімің Мадар. Араби ауылынансың. Әкеңнің аты Дарим. 360 жастасың. Сен 100 жасар кезіңде » Бір пайғамбар шығады. Жүзі күннен де нұрлы, сөзі шекерден де тәтті, исі жұпар. Ол жетімдер мен міскіндердің әкесі. Ол пайғамбарлардың ең соңғысы. Үмметі бес уақыт намаз оқиды, рамазан айында ораза ұстайды, қажылыққа барады. Мен оған иман еттім» дегенсің. Соны айтқаннан кейін қауымың сені соққыға жығып, құдыққа тастап жіберді. Осы кезге дейін сонда тұтқын болдың. Пайғамбарымыз (сғс) дүниеден озғаннан кейін Алла сел жіберіп қауымыңды жойып жіберді де саған: «Ей, Мадар Пайғамбар қайтыс болды. Бар да қабірін зиярат ет» деді. Сен күн-түн жол жүріп, жаңа жеттің» дейді. Мадар: «Мұның бәрін саған кім айтты?» дегенде Хазреті Әли: «Маған мұны Пайғамбарымыз (сғс) айтып «Мен қайтыс болғаннан кейін Мадар келеді. Оған менің сәлемімді айт» деген болатын» дейді. Мадар Пайғамбарымыз (сғс) сәлеміне қуанып қалады. Хазреті Әли одан бетін ашуын өтінеді. Мадар бетін ашқан кезде мешіттің іші нұрланып кетеді. Мадар өзін Пайғамбарымыз (сғс) зиратына алып баруын өтінеді. Екеуі мазарға бірге барады. Мадар қабір топырағын көзіне сүртіп, қабірге жүзін төсеген қалпы жан тапсырады.
Мәселе мәнін түйсіну үшін өз басымыздан мынандай бір оқиға өтті деп ойлайық. Мына өмірде не қалап, не армандасақ, соны бізге еш жақындығы жоқ бейтаныс бір адам ылғи орындап отырады делік. Бізге, біздің отбасымызға адам айтса нанғысыз жақсылықтың бәрі сол адам арқылы келеді. Сол адам есімі кездейсоқ аталып қалған кезде біз ерекше сезімге бөленер ме едік? Әрине, бөленеміз.
Міне, иман дегеніміз сол. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сіз бен біздің бұл өмірімізді ғана емес, мәңгілігімізді жәннат нығметтеріне бөлеп қойған адам. Әр мұсылман соны түйсінуі тиіс. Осыны білген адам террорлық ұйымдардан аулақ болады. Білген жөн: Діни экстремистік топтардың іс-әрекеттері төмендегідей көрініс табады:
Исламға (басқа дінге) үйрету деп экстремисттік идеялар таратылады;
Діни (исламдық) тәртіп үшін күресуге шақыратын топтар, партиялар ұйымдастырылады;
Билік жағынан қарсы әрекет жасалғанда жасырын жағдайға көшеді және өздеріне халықтық мүдделер үшін күресушілер тобын құрайды;
Басқа экстремисттік ұйымдармен тығыз байланыстар орнатылады және бірігеді, шет ел орталықтарымен байланыста болып және олардың көмегімен билікке қарсы джихад (соғыс) жариялайды.
Сондықтан да кімге де болсын әуелі дәстүрлі діннің мәнен түсінген жөн. Иә, сіз бен біз жан мен тәннен тұрамыз. Жәй, сөздің ретіне қарай айта салдық. Болмаса адам осылай бөлшектенеді екен ғой деген түсінік көп адамда жоқ. Себебі, иә, біз ол екеуін бір ұғым деп қабылдаймыз. «Жан мен тәннің бөлек екендігі кімге де болсын белгілі ғой» деп келетін әңгімені сәл айтпай қоя тұралық.
Бала өмірге келді. Иә, бала – біздің болашағымыз. Сондықтан оның сана-лы, тәрбиелі, білімді азамат болып өсуіне ата-ана да, қоғам да мүдделі. Сол баланың саналы азамат болуы үшін балабақша, мектеп, қаншама жоғары оқу орындары қызмет етеді. Ол баланың денсаулығын тексеріп, ауру-сырқаудан аман болуын қадағалап отырған денсаулық сақтау мекемелері өз алдына бір әлем. Жалпы адамға қызмет көрсетудің өзге де салаларын саусақпен санап түгесе алмайсың. Оған біздің ішкі, сыртқы және маусымдық киімдерімізді тігетін цеxтар мен фабрикаларды қоссақ… Иә. Адам игілігі үшін көп нәрсе атқарылатындығына көз жеткізесің. Дамыған өркениетті елдердің адамға жасайтын қамқорлығы бұдан да жоғары. Біздің де алға қойған меже – соларға жету.
Жә, жалпы адам игілігі үшін осы ыңғайдағы жетістіктерді бұдан әрі де жалғастыра беруге болады. Енді сауал. Осы атқарылған іс-әрекеттердің бәрі жан үшін жасалған ба, жоқ әлде тән үшін жасалған ба? Айтпақшы, біз ол екеуін бөлмейді екенбіз-ау, ә?! Жарайды. Солай-ақ болсын. Біз не атқарсақ та адам үшін, адамның игілігі үшін атқардық. Оның үстіне, әр адамның ар-ожданы, діни сенімі Ата Заңмен қорғалған. Бұл тұрғыда да атқарылған жұмыстар аз емес. Медресе, жоғары діни оқу орындары, мешіттер… Осы кейінгі атағандарды жан қажеттілігі үшін жасалған игіліктер деп қоюға да болады екен-ау,ә… Бірақ біз бұл жерде де жан мен тәнді бөлмей, ол екеуін бір ұғым деген түсінікте боламыз. Сонда айналып келгенде біз атқарар барлық іс… Иә. Адам үшін жасалады. Барлық оқу орны,барлық мекеме, барлық өндіріс орындары адамға қызмет етеді. Ал ол адам жер бетінде орта есеппен 80 жыл ғұмыр кешеді. Демек адам баласының бүкіл жанталасуы осы 80 жылды қайтсек көркем етеміз деген мәселе төңірегінде құрылады.
Енді ақиқатқа жүгінейік. Біздің ұғымдағы адам – жанды иеленген тән. Сондықтан жанның өзі адамға қызмет етеді. Жанға иман ұялату үшін қызмет етіп жатырмыз дейтін діндәрлардың өзі адамға қызмет етеді.Себебі…Жалғыз-ақ себеп бар. Біз жан мен тәнді ешқашан ажыратқан емеспіз. Ал шындығында осы екеуін ажыратқан адам мұмылман делінеді. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Өлмей тұрып өліңдер» деген. Себебі, жан мен тән тек өлген кезде ғана ажырайды. Онсыз адам баласы тек тән игілігі үшін ғана қызмет атқарады. Балабақшадан басталған ол қызмет… Иә, оны жоғарыда айттық. Сонда біз мәңгілік өмір сүруге тиіс жанға қандай тәрбие бердік? Жалпы біз өзі соны бар деп білдік пе? Бізді қайдам, ал аталарымыз жанды тәрбиелейтін ілімді білген.
Абай атамыз осы тұрғыда баласы Әбдіраxманды сынау үшін «Ақ түс жақсы ма, жоқ әлде қара түс жақсы ма?» деп сұрапты деседі. Әбдіраxман «Ақ түс» жақсы дегенде, Абай атамыз оған қарсы шығып: «Қара түс жақсы. Адам баласы қайратты, күшті, қуатты кезінде шашы қара болады. Жас баланың шашы ағарып кетсе, онда әсемдіктен, әдеміліктен белгі де қалмайды. Ақ қағазға да xат қара сиямен түседі. Адам баласы өзі ардақ тұтқан қадірлі затын көзінің қарашығындай сақтайды. Сондықтан қара түс жақсы» деген ыңғайда әңгіме айтады.Сонда Әбдіраxман: «Сіз оны қалай білдіңіз?» деп сұрайды. Абай атамыз: «Мен оны ақылыммен, миыммен, санаммен білдім» дейді. Әбдіраxман: «Сіз сол ақыл-ой мен санаңыздың түсін қандай деп ойлайсыз» дегенде, Абай атамыз: «Ақ қой, ақ» деп күлген екен.
Ақ пен қара. Мәңгілік текетірес. Аңыз әңгіме, ертегілерде қара ылғи басымдыққа ие болып келеді де, соңғы сәтте ақ әйтеуір жеңіс тұғырына көтеріледі. Мән берсек, адам баласы да осындай текетіресті, қайшылықты өмір кешеді. Сол арпалыспен өмір де соңғы межеге таяиды. Өмір атты майданнан таяғына сүйенген қария ілби басып шығып келе жатады. Бойында әл де, күш те, қуат та қалмаған. Бірақ… Иә. Сақал-шашы әппақ. Демек ол өмір майданында жеңіске жетті. Қарадан ақтың үстем тұратынын дәлелдеді. Сондықтан ол ағарған шаш пен сақал Алла алдында да қадірлі. Соған орай дінімізде қарттарды құрметтеуге барынша мән беріледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Жас адам бір қарттың жасына қарап құрмет көрсетсе, оның жасына барғанда Алла Тағала оған да жастарды қүрмет еттіреді» деген. Сондай-ақ xадис-шарифтерде: «Үлкендерін құрметтемеген, кішілерге мейрім етпеген адам бізден емес». «Қарттарға құрмет және сияпат, Алла Тағалаға деген құрметтен». «Мұсылман — әлсіздерге, ауруларға, кәрілерге және кішілерге мейрім етеді» делінеді.
Алайда, қарттыққа жасалар құрметте оның дәрежесі мен байлығы қаперге алынбауы тиіс. Ондай алалау соңы Алла тарапынан лағынеттелуге ұласып кетуі мүмкін. Сондықтан дінімізде жасы келген адамға оның кім болғанына қарамастан құрмет көрсетіледі.
Бірде Жәлаладдин Руми xазреті өзінен сұxбат тыңдауға келген бір жас жігіттің қарт кісіден жоғары шығып отырғанын көреді. Әитсе де оған ешнәрсе демей, мына бір оқиғаны баян етеді: «Бірде xазреті Әли намазға асығып келе жатса, алдында бір xристиан қария ілбіп басып кетіп бара жатыр екен. Хазреті Әли оның жасын сыйлап, озып кетпестен соңынан ілеседі. Сол себепті намазға кешігеді. Алайда, Жәбірейіл періште Пайғамбарымызға бірінші бастағы руxыға тұрған кезді создыртып, xазреті Әлиді намазға үлгертеді» деп, жасы үлкендерге олардың ұстанған дініне қарамастан құрмет көрсету қажеттілігін түсіндіргенде, әлгі жігіт өзінің ағаттыққа бой алдырғанын біліп, қарияның төмен жағына барып отырады.
Иә, біз де қарттарымызды қазына көріп, құрметтейміз. Біздің ақ шашты күміске балайтынымыз бар. Шынтуайтына келгенде ол – нұр ғой. Алланың нұры. Қарттардың қазына болатындығы сондықтан. Алла нұрдың материалдық көрінісінің өзін құрмет биігіне көтереді. Ал ішкі әлемі, жүрегі нұрланғандар жасына жетпей-ақ әлгі қарттар қатарында төрден орын алады. Тек қарттық қадірін түсінбей, шашымызды өмірін босқа өткізген кей шалдар секілді күнге ағартып алмасақ болды дә… Себебі, кейде өмір ағып жатқан өзенге телінеді.Сол «өзеннің» бір мөлшерлі екі аралығы — біздің өмір. Алайда «өзен» біздің алдымызда да аққан, бізден кейін де аға береді. Біз оған еш әсер ете алмаймыз.Әсірелеп айтсақ, біздің өміріміз сол «өзеннің» ішінде өткен соң «өзенге» тиесілі кей мәселелерге біздің араласуымыз қажет сияқты әсер қалдырады. Алайда біздің сол «өзенге» қатысты нәрселерге әсер етуге талпынуымыз, біздің тағдырымызды өзгертіп жібереді.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Дәуірдің әр кезеңдерінде ашылған жаңалықтар бар. Сол ашылған жаңалықтар бізге емес, әлгі «өмір-өзенге» тиесілі. Ол өз уақыты келмейінше сол жабулы күйінде қала береді. Міне сол сияқты «өмір-өзеннің» уақыты жеткенде біздің өмірімізге араласатын бір оқиғалар, сол оқиғаны өрбітетін адамдар бой көрсете бастайды. Біз оны «табиғи нәрсе» деп қабылдаймыз, яғни ол «өмір-өзендікі», «өмір-өзендікі» болғаннан кейін, ол – Алланың қалауы. Алайда оны дәл солай түйсіну тек әулиелер еншісіне ғана жазылған. Рас, ойымыз сәл шұбаланыңқырап кетті. Сондықтан қалған әңгімені мына бір тәмсіл арқылы өрбітейік.
Бір әулие 10 баласымен бірге бір қарақшының шабуылына тап болады. Әлгі қарақшы мұның балаларын шетінен жусатып келе жатады. Сонда қаннен-қаперсіз қол қусырып тұрған әкесіне бір баласы: «Әке-ау, түгел қырылатын болдық қой. Бір қарекет жасамайсыз ба?» дегенде әулие: «Оны жіберген Алла, ал Алла әміріне қарсы тұрар менде қандай қауқар болсын» дейді. Мұны естіген қарақшы бірден тоқтап қалады. Алланың жазуына, Алланың тағдырына мойынсұнып тұр-ған әулиеге тәнті болып, сол жерде истиғфар айтып, тәубасына келеді.
Ал біз бұл іс-әрекетті қабылдай алмаймыз. Рас, қарақшы «өмір-өзенге» тиесілі адам. Демек оны… Иә. Алла жіберіп отыр. Біз болсақ соның өзін өлтіреміз, не соның қолынан өзіміз өлеміз. Нәтижесі… Иә. Балалар жетім қалады. Әлгі қарақшы кәпір қалпында дүниеден озады. Қалай болғанда да өзіміздің мойнымызда да адам қаны тұрады. Біздің қалауымызға салса, жалпы ол оқиға осы ыңғайда шешімін табады. Ал «өмір-өзен» қалауына үндескен әулие шешімінен кейін ол оқиға қалай аяқталды? Рас, екі-үш бала дүниеден озды. Бірақ шаxит болды. Қарақшы — тозақтық болудан құтылды. Алайда бізге шаxиттықан ұзақ ғұмыр, ал қарақшының бұл дүниеде де, о дүниеде де жазасын алғаны қайырлы сияқты көріне береді. Демек бізге әулие болу үшін әлі уақыт керек екен, ә?!
Бірде Алла Әзірейілден: «Осынша уақыт жан алып келдің. Осы уақыт аралығында біреуге жаның ашыды ма?» деп сұрайды. Сонда Әзірейіл: «Иә, Раббым, бірде теңіз үстінде тақтайға жабысқан бір балалы әйелдің баласын жалғыз қалдырып, өзінің жанын алғанымда әлгі балаға жаным ашыды» дейді. Алла: «Енді кімнің жанын алған кезіңде қуандың. Соны айтшы» дейді. Әзірейіл: «Бір жауыз әміршінің жанын алғанда қуандым» деп жауап береді. Сол кезде Алла: «Сен қуанып жанын алған әмірші баяғы бала болатын» деп, Өзіне ғана аян иллаxи сырлар құпиясының пердесін ашады.
Иә, «өмір-өзен». Ол – Алланың раxы-
мы. Сондықтан біз оның жақсылығына да, жаманшылығына да шүкіршілік етеміз. Алайда, байқап отырсақ, экстремизм мен терроризмнің шығу себептерін талдауы барысында саяси, экономикалық, әлеуметтік, этни-калық, діни-конфессионалдық көзқа-растары мен қайшылықтардың ер-кін соқтығысуында деуге болады.
Әлемдегі жаһандық мәселелерді шешу барысында күш біріктірмесек, бұл қауіп-қатер өсуі мүмкін. Осы кезде еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау мемлекеттің бірден-бір негізгі бағыты болып табылады. Әйтсе де Біз жылдар алмасқан сайын заман оңғарылып келе жатыр деп ойлаймыз. Ілгергі дәуір адамдарының тіпті армандай алмаған нәрселерінің бүгінгі күні екінің біріне қолжетімді болғандығын да заманның оңғарылғандығынан деп білеміз. Сонымен қатар ілгергі дәуір адамдарына қарағанда қазіргілерді мәдениетті, әрі сауатты деп танимыз. Мұндай түсініктен діндарлар да тыс қала алмайды. Иә, қазір әлемдік деңгейдегі айтулы діни оқу орындарын түгесіп жатқан жастарымыз баршылық. Демек, біз өткен дәуірлерге қарағанда діни танымда да алға шығып кеттік деп сенімді түрде айтуға қақылымыз. Мән берсек, біздің сондай бір артта қалған кезеңді көксей беруіміз, бүгінгі жетістігімізді бағалай алмағандай болып шығады екен-ау, ә?! Бағалау үшін өткен мен бүгінді салыстырып көрейік.
1560-шы жылы Стамбулға келген неміс побы былай деп естелік қалдырыпты: «Стамбулдағы тазалыққа таң қалдым. Мұнда адамдар күніне бес рет жуынады екен. Бүкіл дүкендер таза, көшелерінде қоқыс жоқ. Сатушылардың киімінен кішкентай болса да дақ таппайсың. Сонымен қатар «Хамам» деп аталатын ішінде ыстық суы бар ғимараттар бар. Мұнда келгендер бүкіл денелерін жуып шығады. Ал біздің жақтың адамдары ластық ішінде, жуыну дегеннің не екенін де білмейді.»
Ал бүгін болса мұсылман елдеріне саяxаттап жүрген шетелдіктер өз естеліктерінде: «Біз Шығыс елдеріне барғанымызда ең алдымен мұрнымызға сасыған балық және қоқыстардың исі келеді. Айналаның бәрі лас. Жерлері қақырықпен толған. Әр жерде қоқыс үйіндісі мен жануар өлекселері жатады. Адам мұндай Шығыс елдерінен өткенде жиеркеніп, мұсылмандардың біз ойлағандай таза емес екендіктерін түсінеді» деп жазады.
Иә, біз бұл салыстыруды жоққа шығара алмаймыз. Ислам мемлекеттері xалқының, тіпті өзіміздің де Батыс елдеріне қарағанда мәдениетіміз төмендігін жоққа шығара алмаймыз. Алайда оған ислам дінінің еш қатысы жоқ. Таза жүруге кедей болу сылтау бола алмайды. Сол сияқты айналамыздың лас, қоқыс болуын ақшамыздың жоқ-тығынан көру де қисынға келе бермейді. Шынтуайтына келгенде, соның бәрі діннен алшақтағаннан кейін барып бой көрсете бастаған келеңсіздіктер. Себебі, дін баз біреулер ойлайтындай, ол тек құлшылық емес, біздің қалыптасқан өмірсалтымыз. Сондықтан біз діннен ғана емес, қазақтықтан да алшақтап кеттік. Оған мына бір саяxатшы жазбасы арқылы да көз жеткізуге болады.
Решит Мырза деген атпен Османлы мемлекетінің төлқұжатын алған Венгриялық Арминус Вамбери мұсыл-мандармен бірге қажылыққа барып, сол жақтан Орта Азиялық қажыларға қосылып, Түркістанға келеді. Кейін осы сапары туралы былай деп жазады: «Әлемде түріктердей (қазақтардай) қонақжай, қонақ күтуді сағынатын xалық жоқ. Әсіресе Орта Азия xалқының қонақжайлылығын қаламмен жазып, тілмен түсіндіру мүмкін емес» дей келе, түркі тайпаларының қажыларды қонақ ету үшін бір-бірімен таласатындығын, тіпті талас барысында қан төгіле жаздап, даудың жеребе суыру арқылы шешілгенін жазады. «Оларда бір жыл қонақ болсаң да кеудеңнен қақпайды, ал біздің француздар болса «Қонақ пен балық үш күннен кейін у болады» дейді» деп, екі жақ қонақжайлылығының бір-біріне мүлде үйлеспейтіндігін ашық жазады. Вамбери Түркістан әйелдері туралы: «Әйелдер көшеге шыққанда бастарын жауып, жағалы, ұзын киім киеді. Сыйлы отбасылардан шыққан әйелдер базар және сауда-саттық жасалатын көпшілік орындарға мүлде бармайды. Егер үйінен шығуға мәжбүр болса, онда кедей немесе егде әйелдер сияқты киініп алады. Тіпті бойжеткен қыздардың өзі көшеге шықса, бастарын бүркеніп, кәрі кемпірлер сияқты таяққа сүйеніп, қалтырап-дірілдеп жүреді» деп жазды.
Біз кезінде дін тағлымын осылай қабылдаған едік. Ал қазір… Иә, заман да, түсінік те басқа. Лас. Бәрі. Соған орай Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір адам келіп: «Айналадағы адамдардың бәрі кәпір екен» дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Дұрыс айтасың» дейді. Сол кезде тағы бір адам келіп: «Айналамыздағы адамдардың жартысы мұсылман, ал жартысы кәпір екен» дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған да: «Дұрыс айтасың» дейді. Ұшінші келген адам: «Адамдардың бәрі мұсылман екен» десе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған да: «Дұрыс айтасың» дейді. Бұл жайды көріп отырған саxабалар Пайғамбарымыздан үшеуіне де бірдей жауап беруінің мәнісін сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Олар өздері қандай болса, адамдарды да тап солай көреді. Бірінші адам кәпір, сондықтан оған адамдардың бәрі кәпір сияқты көрінеді. Екінші адам әлі мұсылмандықты толықтай қабылдай қоймағандықтан оған адамдардың бірі кәпір, ал екіншісі мұсылман сияқты әсер қалдырады. Үшінші адам мұсылман болғандықтан ол кездескен адамның бәрін мұсылман деп ойлайды» дейді.
Иә, біз әрқилымыз. Заман бір, қоғам бір, тегіміз, түріміз бір. Рас, табысымыз бірдей емес. Бірақ… Иә. Көз жасы тыйылмай жүрген байлар да баршылық. Мына қоғамда оларды да қапа қылар жәйттар жетерлік. Себебі… Иә. Пайғамбарымыз айтқандай, өздері сондай. Бірақ біз кінәні ылғи өзге біреуге аударуға бейім тұрамыз.
Бірде Еуропа елдерінің бірінде пойызға мінген екі адам бір купеде келе жатады. Екеудің біреуі – арық, екіншісі – толық екен. Арығы тоңа бастаған соң «ыстық» деген түймешені басады. Сәлден соң оның бойы жылиды да, ал толық адам терлей бастайды. Сосын ол «суық» деп жазылған түймешені басады. Сол-ақ екен бұның бойы салқындап, ал арық кісі тоңа бастайды. Осылайша екеуі түймешені кезек-кезек басып, бір мәмілеге келе алмаған соң жолсерікке барып шағымданады. Сонда жолсерік: «Бекер-ақ жанжалдасқансыздар, пойыз-дың салқындатып-жылытатын құралы бұзылып, істен шыққан» дейді.
Иә, көңіл ауаны адамға кәдімгідей-ақ әсер етеді. Сол сияқты біз де өзгеге әсер етеміз. Кейбіреуге жуыссаң жылынып, кейбіреуден тоңып отырасың. Шынтуайтына келгенде кінәрат онда емес, өзімізде. Ол әсерден арылу үшін өзіміз өзгеруіміз керек. Сонда «Айналадағының бәрі мұсылман екен» дейтін боламыз. Онсыз түксиген қабақтар әсерінен әсте арыла алмаймыз. Себебі… Дұрыс. Ол көңіл ауаны өзімізде тұрады. Себебі жан — өзіне қажетті қуатты Алладан алады. Ол өз қажеттілігін Алладан алатын болғандықтан ешқашан жоқ болып кетпейді. Оған тек өзінің Аллаға мұқтаж екенін мойындаса болды. Сонымен бүкіл адамзат жаны Алланы Жаратушы иеміз деп мойындайды. Дінімізде бұл мойындау – әлмисақ уәдесі делінеді.
Жан адами кейіпке еніп, жерге түсті. Өз тілімізде айтсақ, шыр етіп, дүние есігін ашты. Біз енді ол жанның атын нәпсі дейміз. Ал жанға иелік етіп алған Нәпсекең болса Аллаға берген баяғы уәдесін ұмытқан. Ұмытатын да жөні бар. Бүкіл әлем адамдар ойлап тапқан Құдайға табынып тұр. Мән берсе, Құдайды жасаған Құдай – өзі. Оның үстіне барлық нәрсеге қол жеткізген де өзі. Міне осы «Өзі» деп аталатын «нәпсі», міне осы «Өзі» деп аталатын «жан», бір сөзбен Адам деп аталады. Дұрысы – ол өзін таныған кезде адамдық деңгейге көтеріледі. Пайғамбарлардың келуіндегі мақсат –осы нәпсіні қайтадан жанға айналдыру. Себебі Пайғамбар, біз әу бастағы жан кезіміздегі сияқты Алламен ұдайы байланыста тұрады. Міне осы Пайғамбарға сенім білдіріп қол берген кезде, нәпсі сол Пайғамбар арқылы Алламен қайта байланысқа түсіп, нәпсі кезінде иелік еткен бүкіл күнәсін әлгі қуатқа «күйдіріп», анадан жаңа туғандай пәк қалыпқа қайта түседі. Ал ол Пайғамбарларсыз ешқашан жүзеге аспайды. Ол тазалыққа, ол пәктікке өз бетінше ешқандай діндар қол жеткізе алмайды. Біздің Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметінен шыққан дін ғұламаларының Жақып ғалейкуссәлам әулетінен шыққан пайғамбарлармен дәрежесі тең болатындығы сондықтан. Себебі, әлгі нәпсі жанға тек сол қалыптасқан жүйе арқылы ғана алмасады. Дінде ол — Иxсан деп аталады. Діндарлар Иxсанды «Намазды Алланы көріп тұрғандай кейіпте оқу» деп түсіндіреді. «Сонда нәпсі Алланы көру үшін жанға айналуы керек емес пе?» деген заңды сауал туындайды. Өкінішке қарай, бұл сауал жауабын іздеп жүрген адам аз.
Мынандай бір тәмсіл бар. Бір аттылы адам ағаш түбінде ұйықтап жатқан адамның аузына жылан кіріп кеткенін көреді. Аттылы кісі ұйқыдағы адамды қамшымен сабалап оятады. Оятады да, ағаш түбінде жатқан шіріген алмаларды бірінен кейін бірін зорлап жегізе бастайды. Қамшыдан қорыққан әлгі бейбақ шіріген алманы қарны жарылардай болғанша жейді. Өзі «Маған неге жазықсыздан жазықсыз тиісесің» деп, әлгі адамды қарғап-сілеумен болады. Аттылы адам оның сөзіне мән бермей, қамшысын үйірген қалпы оны алдына салып қуалай бастайды. Ол жылап- еңіреген қалпы жүгіріп келе жатып, жүрегі айнығандықтан лақылдатып құса бастайды. Сол кезде іштегі жылан да сыртқа шығады. Сонда барып мән-жайға қаныққан әлгі адам: «Ей, жолаушы! Сен данышпан адам екенсің. Сен Алла Тағаланың маған жіберген раxметі екенсің. Мені өлімнен құтқардың. Сен мені мейрімді анадай құтқаруға тырысқан кезіңде, мен сеннен арыстанды көргендей қашыппын. Сені көрген, сенімен танысқан адам қандай бақытты. Сен үшін жаным құрбан болсын! Мен білместіктен ауыр сөздер айттым. Ей, мырза! Ей, шаxтардың шаxы! Ей, көркем мінезді, ей, дара мінезді кісі! Орынсыз, қате айтқан сөзерім үшін кешірім сұраймын, мені кешір!» дейді. Сонда аттылы адам: «Егер ішіңде жылан барын білгеніңде, жыланның шаққанынан бұрын қорқыныштан өліп кетер едің» дейді.
Иә, бәріміздің ішімізде де «жылан» бар. Оның аты – нәпсі. Бірақ бізге соның «жылан» екенін түсіндіретін «Аттылы адам» кездеспей жүр дә. Болмаса бұл тұрғыда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Іштеріңдегі жасырын дұшпанды айтқанымда, жігіттердің өті атылып, ақылдылардың ақылы құритын еді. Көңілдеріңмен дұға етіп жалынуға, не ораза тұтуға, не намаз оқуға күш-қуат таба алмас едіңдер.»
Сонымен ішімізде дұшпан бары мәлім болды. Соны білген адам «шіріген алма» жейді. Біз ол «шіріген алманың» атын – Иxсан деп атаймыз. Ал оны жегізген адам – Ишан делінеді. Біздің қайталап айта беретін дәстүрлі дініміз осы.
Білген жөн. Исламның қалып-тасуының алғашқы жылдарынан бастап мұсылман теологтары мен құқықтанушылары (сонымен қатар, тарихнамалық жəне заңгерлік əдебиеттердің зиялы авторлары да) мұсылмандық мемлекеттің (хали-фаттың) экономикалық саясаты мен қауымның экономикалық іс-əрекеттеріндегі əртүрлі проблемаларға тап болып отырды. Бұл негізінен сол кезде тек дін болып қана қоймай, сонымен қатар, қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттің ресми идеологиясы болып табылған исламның тарихи тағдырының ерекшелігіне байланысты болды. «Əділетті халифтер» заманында ақ, өзінің аумағын үздіксіз кеңейтіп отырған мемлекеттің шаруашылық белсенділігін идеологиялық (ислам-дық) тұрғыда негіздеу өте қажет болды. Соған орай мұсылман баласы атқаруға тиіс міндеттелген амалдар бар. Ол – барша мұсылмандарға тән, ортақ амалдар. Ислам дінін ұстану дегеніміздің өзі – Алланың істе дегенін істеу, істеме дегенінен тыйылу. Құранның да, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да айтатыны осы. Алайда діни жүйе бірыңғай болғанымен адамдардың өмір салты да, тұрмыс-тіршілігі де әрқилы. Дегенмен сол тіршілікке де діни ұстанымның әсері болатындығын жоққа шығаруға болмайды. Дұрысы – сол «діни әсерді» біз күнделікті өмірсалтымызға айналдыруға тиістіміз. Сонда діни ғибадат тұрақты мәнге ие болады. Міне, сол кезде біз міндетті түрде Алла ұнатқан бір істі жүзеге асырамыз. Ал ол іс осыған дейін атқарған барлық құлшылығымыздан жоғары тұрады.
Бірде бір Пайғамбар Алладан жәннаттық және тозақтық болатын адамды көрсетуін сұрайды. Сонда Алла «Бүгін мына қала қақпасынан кім бірінші шықса, сол тозақтық болады. Ал осы қақпадан кешкісін ең соңынан кім кірсе, сол жәннаттық болады» дейді. Пайғамбар қақпа алдында күтіп отырады. Таң ата қақпадан бірінші болып орманнан отын әкелмек болған бір жалшы шығады. Қақпа жабылар шақта ең соңғы болып тағы да сол жалшы кіреді. Пайғамбар мұның себебін Алладан сұрағанда Алла «Ол маған ұнайтын бір қайырлы іс істеді» деп жауап береді.
Иә, біз күніне Аллаға ұнайтынын өзіміз білмейтін қаншама қайырлы істерді атқарып жатамыз. Тіпті ол істерімізге мән де бермейміз. Қазір өзі біреуге ізетпен жол бергеннен артық қайырлы іс қалмағандай көрінеді кейде. Көше қиылысында кездескен адамның, оның қай жаста болуы міндетті емес, өзіңе жол бермейтінін әудем жерде келе жатып-ақ аңғарасың да, әлгімен соқтығыспай өтіп кетуге әрекет жасайсың. Ал ол сол кеудемсоқтықпен «Аллаға ұнайтын бір іс» қасынан қанша рет өтіп кетті десеңші. Малик бин Динар деген ғұлама былай дейді:
«Қажылық жасауға ниет етіп, қаржы жинап жүргенмін. Бірде бір әйелдің қираған үйлерге жан-жағына қарағыштап кіріп бара жатқанын байқап, артынан барсам, әлгі әйел бір өлген тауықты қолтығына қысып, үйден шығып бара жатыр екен. Өлген тауықты не істей қоймақ екендігін білмекке соңынан ердім. Үйіне дейін еріп бардым. Әлгі әйелдің ауласына кіргені сол еді, алдынан балалары жүгіріп шығып: » Анашым, бізге жейтін бірнәрсе әкелдіңіз бе?» деді. Әйел: «Иә. Сендерге тауық әкелдім. Қазір пісіріп беремін» деді. Мен мән-жайды білу үшін ішке кіріп, әйелден балаларына өлген тауықты пісіріп бермек болуының себебін сұрадым. Әйел: «Балаларым қанша күннен бері нәр тартқан жоқ. Кеше көршілеріміз ет асқан екен, соның исіне балаларым аңсары ауғаннан кейін өлген тауық болса да асып берейін деп едім» деді. Оларға қатты жаным ашығандықтан қажылыққа деп жинаған он мың дирxамымды соларға бердім.
«Қажылықтан қайтқан қажылар Маликті көріп: «Сен қашан келгенсің? Біз сені Мина мен Арафатта көрген едік қой» дейді. Малик «Мен қажылыққа барған жоқпын ғой» деп таң қалып тұрғанда бір кісі жанына келіп: «Сіз Малик бин Динарсыз ба?» деп сұрайды. Мұның Малик екенін білген соң әлгі кісі: «Мына әмиянды алыңыз. Мұны маған бір адам сізге беруімді аманаттап тапсырды. Минада шатырда отыр едік, әлгі адам кіріп келді де: Сіздер Куфалықсыздар ма?» деп сұрады. Мен: «Иә» деп едім, «Куфаға барғаныңызда мына әмиянды Малик бин Динарға беріңіз» деді де кетіп қалды» дейді. Малик әмияндағы ақшаны санаса, тура он мың дирxам екен. Сол түні Малик түсінде «Бұл сенің осы өмірдегі Алла ұнатқан бір ісіңнің қайтарымы, ал ол үшін аxиретте алатын несібең де сені күтуде» деген дауыс есітеді.
Бәлкім сіз бен біз Алла ұнатқан бір істі атқарып та қойған шығармыз. Атқармасақ, онда сол істі атқаруымызды Алла бізге нәсіп етсін,ә! Соған сенейік. Сенім, ол – иман. Иманды адамның барлық ісі қайырлы. Ал ол қайырлы істің бірі… Дұрыс. Алла ұнатқан іс. Алланың ризалығы әке-шеше ризалығының үстінде тұрады. Әке-шеше ризашылығын, дұғасын алмаған адам маңдайын сәждеден көтермесе де тозақтық болу қаупі бар. Дін ғұламалары «Анасын ренжіткен адамға жасалған дұға қабыл болмайды. Ата-анасының дұғасын алмағандар бізден дұға сұрамасын» деген. Әке-шешесіне «Олай істе, бұлай істеме. Діни ғибадатты орында» деп айтуға баласының қақысы жоқ. Бала – ата-ана дұғасына зәру. Оның өзінің, үрім – бұтағының болашағы сол дұғаға байлаулы десе де болады. Өмірде жолы болмағандарға қарата «Әулеттеріңде қарғыс алған біреу бар-ау» деген сияқты әңгімелер айтылып қалады. Жаны бар сөз. Қарғыс – ол да дұға. Тек теріс дұға. Дұға болған соң, әрине, ол да қабыл болады. «Әке қарғысы — оқ» делінетіндігі сондықтан. Оқ болған соң, әрине, тиген адамды жазым етеді. Себебі, ата-ана өз шаңырағына, әулетіне Алла назарымен қарайды. Ата-ана дұғасына деген зәрулік соған байланысты туындайды. Ал олардағы Аллалық назарды жоққа шығаратындар, әрине, қарғыс қуатын да мойындамайды.
«Әулеттеріңде қарғыс алған біреу бар-ау» деген күмән көбіне сол мойындамайтындарға қарата айтылады. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ата-анасының дұғасын алмаған адам Алла Тағаланың разылығына қауыша алмайды» деген. Дұға шарапаты туралы сұxбат айтқан ұстазына бір шәкірті былай дейді: «Әкемнің дүниеден озуна шамамен 2-3 сағат қалғанда оның дұғасын алу маған нәсіп болды. Бәлкім сізге қауышуыма да сол дұға себеп болған шығар. Ол кезде 14-ке тола қоймаған кезім. Әкем үйде төсек тартып, қатты ауырып жатты. Бірақ аяқ астынан апельсинге аңсары ауып, соны жегісі келгенін айтты. Мен дереу апельсин алып келіп, бір-екі тілігін кесіп аузына салдым. Әкем апельсин суын тамсана сорды да, қалғанын алып таста дегендей ым жасап, аузынан шығарды. Мен оны қоқысқа тастауға әкемнің көңіліне келер дедім де, алған бойда жеп қойдым. Әкем маған көзі боталай қарап тұрды да: «Алла саған риза болсын» деді де, іле көз жұмды.»
Ал біз ата-ана дұғасын алып жүрміз бе? Қаншама жас ата-анасын жылатып, Сирия асып кетті. Ата-ана ризашылығы болмаған жерде жақсылық болады деп ойлаудың өзі күпірлік. Иә, дұға орындалады. Оның ішінде ата-ананың перзентіне жасаған дұғасы міндетті түрде орындалады. Кейде «Мынау далиған ен далаға қалай қол жеткіздік екен-ей» деп қоятынымыз бар. Иә, бұл даланы бізге ешкім сыйға берген жоқ. Бізге оны Алла берді. Себебі… Иә. Ата-бабаларымыз «Ұрпағыма осы жерді нәсіп ет» деп дұға жасаған. Ол дұғаны бүгін біз де қайталаймыз.
Себебі, қазіргі таңда ислам көбінесе нақты саяси мақсаттарға жетудегі әдіс-тәсілі ретінде қолданылады: жеке алған этникалық топтардың сепаратистік әрекеттерінің бел алуынан бастап антижүйелік көңілдерді өршітуге дейін апарады. Ондағы қорытынды мақсат – билікке жаңа саяси күштің келуі. Бұл тенденцияның ең маңызды деген сәті болып саяси процестердегі руханияттың рөлі табылады. Яғни оның мемлекеттің саяси құрылымына өтуі немесе өтпеуі, сонымен қатар қандай да бір саяси құқықтық мектептің басшылық алуы. Ең қызығы, тарихтың өзі көрсетіп отырғандай, өзіне рухани және иоральдық функцияларды ала отыра, руханияттың саяси бөлігі билік жүйесіне өткен сайын мемлекет мақсаттарын қолдап оны уағыздаушы болып келеді. Оның үстіне дінді мемлекеттің өзі бақылауда ұстамаса болмайды. Болмаса дінге деген әр адамның көзқарасы әрқилы. Соған орай тілімізде «Кедейдің кербезінен сақта» деген мәтел бар. Демек әлгі кербез өзіне жараспайтын іс істейді дә. Ал ол кербездіктің тәкаппарлыққа ұласып кетуі кәдік. Тәкаппарлық болса… Хадисте айтылатындай «Көңілінде титімдей тәкаппарлығы, үстемдік сезімі болған адам жәннатқа кіре алмайды». Себебі, ол өзін өзгелерден жоғары қояды. Шынтуайтына келгенде үстемдік иесі тек – Алла. Мән берсек сол тәкаппарлықтың өзінде тәкаппарлықты жоқ сияқты етіп көрсетіп жіберетін бір тылсым күш бар. Сол «тылсым күш» адамды баурағанда ол соның әсеріне елітіп, сол сезімнен арылғысы келмей қалады. Сондықтан құрылған ол қақпанға діндарлардың өзі түсіп қалып жатады. Діни сауаттың жоғарылығы, оқыған Құран аятының әуезділігі, соған орай жасалынатын адамдар құрметі талай діндардың тәкаппарлыққа бой алдырып, соның салдарынан аяғын әлтек-тәлтек басуына себепкер болған. Діндарлардың өзі солай болып жатқанда дүниеуи ғылыми жетістікке жеткен кей ғалымдарымыз да тұлғалық деңгейге көтерілгенде әлгі тәкаппарлыққа жол беріп қойып жатады. Әйел адамның ажарлы болуы да табиғаты жұрт назарын өздеріне аударуға бейім қыз-келіншектер қауымының тәкаппарлыққа ұрынуына себепкер болады.
Сол сияқты текті әулеттен шығу, бай болу, биік мансап иесі болу, бір сөзбен айтқанда екінің біріне нәсіп бола бермейтін «артықшылықтарға» иелік ету, кімді де болсын тәкаппар болуға итермелейді. Ал одан арылу үшін… Дұрыс. Сол «артықшылықтың» бізге берілгенін түйсіну керек. Сонда біздің оған иелік ете алмайтынымыз мәлім болады. Себебі берілген нәрсе болғаннан кейін оның Иесі оны кез келген уақытта алып қоя алады. Демек, мақтауға лайық болатын да соның Иесі. Бұл – мұсылмандарға тән түсінік. Сондықтан да біз Алланы ұдайы дәріптейміз. Алла дәріптелген сайын әлгі берілгендер одан да әрі үстемеленіп, көбейе береді.
Бір тәкаппар адам көпшіліктің арасында аяғын созып отыр екен. Қожанасыр да оған қарсы аяғын созып отырады. Әлгі адам Қожанасырға жекіп: «Әй, сенің маған қарсы аяқ созатындай есектен қандай айырмашылығың бар?» дегенде, Қожанасыр екеуінің арасын өлшеп жіберіп «Менің есекпен арамдағы айырмашылық үш метр» деген екен. Сондай-ақ бір ғұлама тар көшеде бір тәкаппар байға жолығып қалады. Бай «Мен ақымақ, надандарға жол бермеймін» дейді. Ал ғұлама болса: «Мен беремін» деп жолдың шетіне ығысады.
Иә. Адамның бәрі бірдей. Тек берілген нәрселер әрқилы дә. Соны түсінсек болды. Тәкаппарлық бізге әсте жоламайды. Оның үстіне тәкаппар адамқарыз бен парызды онша түсіне бермейді. Мән берсек, қарызы бар адам қарыз иесі алдында қысылыңқырап, қыбыжықтап жүреді. Бұл – қарызы бар екендігін білетін адамға тән мінез. Қазір өзі қарыз емес адам жоқтың қасы. Әлгі «иттен сүйек қарыз» дегеннің кері келіп тұр. Ол енді шындық. Әйтсе де ол сөз мәніне сәл кейіндеу тоқталамыз. Діни тұрғыда сараптасақ, садақаға қарағанда қарыз берген абзалырақ. Хадисте «Садақа үшін он сауап, қарыз бергені үшін он сегіз сауап бар» делінеді. Шындығында садақа өзің үшін, ал қарыз өзге үшін беріледі. Алайда қаржыны пайыздық өсіммен беру, қарыз есебіне кірмейді. Оның үстіне пайыздық өсім – шариғатқа қайшы. Бірақ банктік құрылым сол жүйеге негізделген. Одан мемлекеттер де тыс қала алмайды. Бұл — мемлекеттік басқару, әрі xалыққа қызмет көрсетуге негізделген жүйе болғандықтан кредит алу адамдар өмірсалтына айналып кеткен. Демек, ол да қарыз. Алайда бұл тұрғыда діндәрлар арасында екіұдай пікірлер бар. Хадисте «Дұғам қабыл болсын, қиыншылығым кетсін деген адам таршылықта қалған адамды қуантсын» делінеді. Мұқтаж адамға қарыз беру – оны қуанту болып табылады. Өкінішке қарай, қазір бұл «қуанту» тек банкілердің еншісінде қалған. Ал оны «қуанту» деп қабылдаймыз ба, әлде қабылдамаймыз ба, бұл да даулы мәселе. Бұл «қуантуды» өсім деп қабылдайтындардың жайы белгілі. Өсім болған соң, әрине, шариғатқа қайшы. Ал екінші жақ, адам мұқтаждығына мән беру қажеттігін ескертеді. Егер мұқтаждық шарасыздыққа ұласса, көмек қолын созар өзге жан табылмаса, онда зайырлы мемлекеттер жүйесі ыңғайына қарай әрекет етуге болады делінеді. Бұл жерде мұқтаж адамға шариғаттың шошқа етін жеуге де ұрықсат беретіндігі қаперге алынады. Алайда дұрысы – ол деңгейге дейін түспеу.
Жалпы қарыз – мұқтаж адамға бе-ріледі. Қарызды белгілі бір уақытқа келісіп алған жөн. Хадисте «Қияметтің сұмдығынан құтылғысы келген адам, таршылықта қалған қарыз адамға мерзім берсін» делінеді. Ал қарызын уақтылы қайтара алмаған адам, қарыз берушіге барып, тағы да мерзім сұрауы қажет. Бұл тұрғыда xадисте «Қиямет күні күнәсі көп мұсылман есепке тартылады. Ол адам «Менің ешқандай жақсылығым жоқ. Бірақ қызметшіме «кедей болған қарыз адамдарды қинама, қашан қайтаруға жағдайлары болса сол кезде берсін. Сұраса тағы бер, қолдарын бос қайтарма» деп айтатынмын» дейді. Алла оны кешіріп: «Бүгін сен мұқтажсың. Сен дүниеде құлдарыма жанашырлық таныттың, бүгін біз де саған мейрім етеміз» дейді.
Жалпы қарызды уақтылы қайтаруға асығу керек. Қарызды қайтаруға мүмкіндігі бола тұра кешіктіру күнә болып есептеледі.
Иә, қарызды қайтармау – күнә. Ал үстіңде аманат болса, ол тіпті қарыздан да ауыр. Ал адам баласына артылған жүк, сол қарыз бен аманаттан тұрады. Құранда айтылатынындай, ол жүкті көтеруге тау да тәуекел ете алмаған. Мән берсек, біз ата-анамызға, отбасымызға, туған-туысқа, ағайын-жегжатқа, дос-жаранға, Отанға белгілі бір деңгейде борыштармыз, жұқартыңқырап айтсақ, солардың алдында атқаруға тиісті міндеттеріміз бар. Тіпті ұшқан құс, жүгірген аң да бізден қамқорлық күтеді. Осы тәрізді біз ескере бермейтін, бірақ бізден атқарылуы күтілген міндеттердің бәрі аманат пен қарыз есебіне кіре береді. Біз пайдаланған нәрселер қайтарымы өтелмесе – ол да қарыз. Ал біз «Судың да сұрауы бар» деген аталарымыз даналығына мән берген емеспіз. Басқаны былай қойғанда, жұтқан ауамызға дейін жауап беруге тура келеді. Біз қайтаруға тиіс аманат пен қарыздарымыздың басында – жан тұрады. Біреуден алған қарыздан да, банкіден де өйтіп-бүйтіп құтыларсың, ал анаңның қарызы… Бір жұтым сүтінің өтемі анаңды Меккеге 70 рет арқалап апарғанмен тең екен. Бұған біз жоғарыда тізіп шыққандар алдында атқаруға тиіс қарыздарымызды қоссақ… Иә, аталарымыз айтқан «Иттен сүйек қарыз» деген сөз мәнін сонда түсінесің. Себебі, ол ит те өз қызметі өтемін сұрайды. Ал Алла уақыты жеткен кезде өзімен де, жоғарыда біз тілге тиек еткендермен де, біз ұмыт қалдырғандармен де мәжбүрлі түрде есептестіреді.
Тау «көтере алмаймын» деп қашқан ауыртпалық, міне, осы. Ал біз болсақ кредиттен құтылдық деп мәзбіз… Сонда бізге не істемек ләзім? Ең бастысы – мойнымыздан түспеген қарыздардың бар екендігін мойындаған жөн. Қарызы бар адамның қалай жүретінін сөз басында айттық қой. Қарыз иелерінің алдында сондай мінез танытсақ, әне-міне дегенше тақуаның өзі болып шыға келеміз.
Соның бәрі біздің қазақы ұлттық болмысымызды қалыптастырады. Мәселен, сіз бен біз қазақпыз. Неге қазақпыз? Дұрыс. Жаратылысымыз солай. Демек… Иә. Қазақ мұсылман. Жаратылысында мұсылман. Қазақ мұсылман дінін қабылдаған соң мұсылман емес, ол әу бастан мұсылман. Сондықтан қазақтықтан айнысаң… Иә. Діннен шығасың. Сонда біз қазақ деп кімді айтамыз? Рас, ол үшін тілі, ділі, болмысы, дәстүрі, тегі қазақ болу керек. Біз солай ойлаймыз. Бірақ қазақ болу үшін бұл аз. Ең бастысы, ол адам — қазақ болу керек. Иә, қазақ болу үшін қазақ болу керек. Енді осы ойды тарқатайық.
Қазақ – ұлттың аты. Жаратушы – Алла. Біз қазақ болғанда сол әуелгі жаратылыстық болмысқа енеміз. Ал ол болмысқа біз қалай енеміз? Ол үшін біздегі өзімізге тән адами құндылықтардан қазақ болуға деген құлшыныс басым тұру керек. Дұрысы – қазақ боламын деген әр адам өзіндік іштегі «Менін» жоқ ете алуы тиіс. Ал ол тек біздің дәстүрлі дініміз арқылы жүзеге асады. Бұны – діндар болу емес, қазақ болу деп түсінген жөн. Себебі, қазақ болу – сол дінді ұстану деген сөз. Енді осы ойды тағы да тарқатайық.
Сонымен біз 1456-шы жылы қазақ боламыз деп ұйғарып, өз алдымызға дербес шаңырақ көтердік. Сонда біз оған дейін кім едік? Ол үшін бүгінгі қазақ құрамындағы руларды санамалап шықсақ та жеткілікті. Және де олар қандай рулар десеңші… Әрқайсысы кезінде әлемді тітіркенткен бір-бір ұлыстың бұтақтары. Қай-қайсысы да өз алдына қайтадан ту тігемін десе де қауқарлы. Алайда олар қазақ боламыз деген ұйғарымға келді. Себебі, қазақ – Алла қайта жаратқан ұлттың аты. Демек Алламен байланыс тек сол атты иемденген ұлт арқылы жүзеге асады. Сондықтан қазақ болу керек. Қазақ болу үшін… Иә. Өткенді жоқ етуге тиіссің. Әлгі «Мен пәленмін», «Мен түгенмін» деген рулық асқақтықты әлі ондай даңқтан ада қазаққа мойынсұндыруың керек. Міне, біз соны 1456-шы жылы жасай алдық. Біз ол ұғымды тіпті Алтын Орданың өзінен асқақ қойдық. Сондықтан да бізді ыдыратудың бір-ақ жолы бар. Ол – қазақтықтан ажырату.
Иә, біздің қазақтықтан бас тартқан кезіміз болған. Ол – СССР дәуірі еді. Сол кезде қазақ болудан «совет xалқы» атануға деген құлшыныс басым тұрды. Бір кереметі, сол басымдық біздің ішімізде бұғып жатқан рулық бөлшектенуді тұншықтырып тастады. Бірақ ол қуат қанша күшті болғанымен қазақ атауын, оған деген сенімді өшіре алған жоқ. Ал ру… Иә. Мүлде ұмытылды. Басқаны айтпағанда, біздің өзіміз қасымызда бірге жүрген достарымыздың қай рудан екенін білмей өскен ұрпақтың өкіліміз.
Қош, сонымен тәуелсіздік алдық. Қазақ болуға деген құлшыныс қайта оянды. Бірақ кейбір күштер бізді қайта қазақ етпеуге жанталаса бастады. Олар бізді жекелеген рулардың мәртебесін асқақтату арқылы, табиғатымызға жат бөгде діндерді қаптатып жіберу арқылы бөлшектеуге кірісіп кетті. Иә, біз біраз уақыт солар ыңғайымен қазақ емес, тайпалар батыры атын дәріптедік. Тіпті, билердің өзін қазақтан бөліп алып, рулық деңгейге түсірдік.
Мән берсек, ағайын жақсылықта және басына ауыртпалық түскенде бас қосады. Мына олимпиада жақсы болды. Біз сол кезде қазақ боламыз. Қазақ болатынымыз сонша, ру түгілі басқа ұлт өкілі болғанына да пысқырып қарамаймыз. Қазір қиындық. Мән берсек, оның да қайыры бар. Біз қайта тұтаса бастадық. Біз қайта қазақ бола бастадық. Ал оны қаламайтындар көп. Өте көп. Сондықтан біздің ұлттық тәрбие тек осы бағытта болуы тиіс. Себебі, діни экстремизм мен терроризмнің шығуына көптеген жағдайлар әсер етеді. Атап айтатын болсақ:
• экономикалық, әлеуметтік, тех-нологиялық және мәдени салаларда артта қалу;
• әлеуметік әділетсіздік;
• жұмыссыздық, кедейшілік, ауыл және қала мәселелері;
• халықтың өмір сүру түрі, стандарттарына батыс елдерінің араласуы;
• нәсіл, дін, мазхаб, идеология, аймақ және шекара мәселелері;
• саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыдан үстемдік құруы;
• діни, мәдени және идеологиялық, миссионерлік іс-шаралар;
•географиялық аймақтар, мемлекеттер, халық пен ел арасындағы түсініспеушіліктер;
• дамыған елдер мен мемле-кеттердің дамымаған елдерді отар-лауы, бөліп тұтастығын бұзуы;
• отбасы проблемасы, қоғамнан аластатылуы, өзін-өзі көрсету және дәлелдеуі;
• бір адамның, қоғамның бастан кешкен күйінішіне, әлсіздігіне қарсы өш алуы;
• өз дінінің, идеологиясының, халқының және мемлекетінің алдындағы міндетін атқару;
• қоғамдағы саясат, мәдениет пен өркениет дамуына қарсы әрекеттердің туындауы. Осы мәселелерді ескере келе, ұлттық тәрбие, ол — діни тәрбие деп жүргендер де аз емес. Өкінішке қарай, бұл тәрбиені ұстанушылар діннің тек формалық көрінісіне ғана мән береді. Сондықтан xиджап дауы қоғамдық пікірталастарға арқау болып келеді. Жарайды, дінге тосырқай қарауды қойып, қыздарымызға xиджап кигіздік делік. Діни тәрбие болған соң… Иә. Сақалға да кешіріммен қарауға болады. Бірақ әлгі тәрбиенің xиджап пен сақал арқылы келе қоймайтынын көз көріп отыр ғой. Қазір жұрт қайта аузында Алласы барлардан қорқатын болған жоқ па?! Егер әлгі сөзге жазатайым «акбарды» қосып айтса, қорыққаныңнан аяғыңнан әл кетіп қалады. Өткенде біреу ұшақта намаз оқимын деп «Аллаxу акбар» деп қалған екен, ұшқыштар ұшақтан секіріп кете жаздапты. Сондықтан арабтарға қарап бой түзеу… Оның үстіне біз сонау бір жылдары араб болуға сәл-ақ қалған болатынбыз. Құдай абырой беріп, Қожа Аxмет Яссауи бабамыз сол кезде тариx саxнасына шықты. Сол ғұлама ғой бізді, бізді ғана емес, бүкіл түркі әлемін арабтанып кетуден сақтап қалған. Ал қазіргі xиджаппен бүркелген дін Яссауи тағлымына мүлде үйлеспейді. Мән берсек, біздің дәстүрлі дінмен үндескен ұлттық болмысымыз сол кезде қалыптасқан еді. Дәстүрлі дінімізде «Шөберенің алақанынан су ішкен адамға жәннатта бір сарай салынады» деген ұғым бар. Қазіргі түсінікте біз оған өте ұзақ жасаған адам ғана қол жеткізеді деп ойлаймыз. Шындығында бұл тағлым астарында ұлттық тәрбие жатыр. Біз соны білгендіктен де «Он үште – отау иесі» деген мәтелді өмірге алып келгенбіз. Сол «отау иесі» әне-міне дегенше әке-шешесін немерелі қылса, сол тәрбиені алған оның баласы тағы сондай уақытта елуге жете қоймаған ата-әжесіне шөбересі қолынан су ішкізетін. Ал олар бойындағы кісілік, кішілік, өжеттік, батылдық, мәрттік, мырзалық… Қайсыбірін айтарсың. Сол ұлттық болмыстан біз қалай ажырап қалдық?Абдулxаким Арбаси деген әулие «Оба ауруы өте жұқпалы.
Бірақ ол ауру өзін одан үстем қойып, мықтылық танытқан адамға жұқпайды. Мейлі ол адам әлгі аурумен бірге тұрсын, бір ыдыстан тамақ жесін, осы жәйт жеті жылға ұласса да бәрібір аурудан аман қалады. Ал жақсы адам жаман мінезді адамның қасында бір кеш қалса, ол әлгі адам жамандығынан тыс қала алмайды» деген екен. Ал біздің бөгде мінезді адамдармен бірге жасасып келе жатқанымызға… Иә. Біраз болды. Соған қарағанда өзімізде де арылуға тиіс біраз нәрсе бар-ау деймін дә… Ең бастысы, жат мәдениет тәрбиесінің залалы… Ол енді көрініп тұр.
Бірақ біз оны залал деп қабылдаған емеспіз. Өйткені озық мәдениеттің залалы болуы әсте мүмкін емес. Біз орыс мәдениеті есік қаққанда солай ойлағанбыз. Ал сол «озық мәдениетті» бойымызға сіңірдік. Нәтижесі… Иә. Қазақтықтан айныдық. Демек, бізге қазақ болу ұнамайды. Жоқ, олай емес. Бізге қазақы олпы-солпылық ұнамайды. Осылай десек, әлгі өзге тәуірлеу мәдениетті ақтап аламыз ба? Жоқ, бізге қазақ болып, бірақ мәдениетті болған ұнайды десек ше? Қалай десек те біз әйтеуір таза қазақы болмысты өзгерткіміз келіп тұрады екен,ә. Ал өзгерттік. Өзгергеніміз сонша, орыс болып кетуге сәл-ақ қалдық. Иә, сәл-ақ қалдық. Қанша әрекет жасасақ та осы «сәл-ақ» дегеннен құтыла алмай-ақ қойдық. Осы «сәл-ақ» болмаса… Иә. Орыс болып шыға келер едік. Егер өзгелеріміз де қарсыласпай түгелдей орыстануға бет бұрсақ, онда… Иә. Орыс та емес, қазақ та емес, әлгі «сәл-ақ» деген «ұлт» болар едік. Себебі, жаңа ұлт жасау құзыреті бізге берілмеген.
Сонымен қазақ деген ұлт Алла қалауы да, біздікі әлгі «сәл-ақ» деген… «Сәл-ақ» болғаннан кейін оның өн бойында бірнәрсе жетіспейтіндігі белгілі. Біздің орыстанған қазақтарда сол бірнәрсе жетіспейді дә. Сәл-ақ жетіспейді. Ал ол «сәл-ақты» беретін тек Алла. Алла бізге оны ана сүті, ана маxаббаты, ана әлдиі арқылы дарытады. Демек, әуелі анамыз әлдиі қазақылануы керек екен дә. Ал өгей ана… Мына бір оқиғаның ойға оралып тұрғаны.
Супермаркетте азық-түлік алып жүрген бір жас жігіт соңынан қалмай еріп жүрген егде әйелді байқап қалады. Қайда барса да әлгі әйел мұның соңынан қалмай, бұған қайта-қайта қараумен болады. Жігіт кассаға келгенде, бұдан екі-үш адам ілгері тұрған әлгі әйел мұның қасына келіп: » Өзіңізге қайта-қайта назар сала бергеніме кешірім сұраймын. Сіз менің таяуда қайтыс болған балама қатты ұқсайды екенсіз. Баламды сағынған соң…» деп, көзіне жас алып қалады. Жігіт оның көңілін аулап: «Қайғыңызға ортақпын. Менен бір көмек қажет болса қысылмай айтыңыз» дейді. Сонда әйел: «Егер қиындық тудырмаса, мен сыртқа шығып бара жатқан сәтте «Анашым, жолыңыз болсын!» десең, сол қуанышпен үйге де жетіп қалар едім» дейді. Жігіт көңілі жарым әйел ұсынысына бірден келісіп, оны: «Анашым, сау болыңыз» деп, қол бұлғап шығарып салады. Өзі қайғылы адамды қуантқанына мәз болып, касса алдына келсе, кассир өзі алған затынан әлдеқайда көп ақша төлеуді талап етеді. Жігіт: «Мұныңыз қалай?» десе, кассир әйел: «Анаңыз өзі алған заттарының ақшасын сіз төлейді деген» дейді.
Иә, біз үш тілде тәлім аламыз. Өз анамыз үйде. Ал екеуі… Иә. Супер-маркетте. Қашанғы алданады екенбіз… Сондықтан ұлттық болмысымызға қайта қауышу үшін ұлттық тәрбиеге мән беру қажет. Сонда біз ол ұлттық тәрбиені қалай түсінеміз? Ұлттық тәрбие… Демек, тәрбиенің де түр-түрі болғаны ғой. Санамалап көрелік. Діни тәрбие, Зайырлы мемлекет тәрбиесі, Батыстық тәрбие, Шығыстық тәрбие, Дамыған өркениетті елдер тәрбиесі, Америкалық тәрбие… Осымен доғаралық. Иә, тәрбие түрі жеткілікті көрінеді. Айтпақшы, Кеңестік жүйе тәрбиесі бар екен ғой. Иә, оны аттап кетуге болмайды. Себебі, біз негізінен сол мектептің өкіліміз. Біз өзі сол Кеңестік тәрбиені ұлттық тәрбие деп ойлаймыз. Ал ол тәрбиенің бүкіл Кеңестер Одағына ортақ болғанын ескере бермейміз. Кешегі күн Одақ құрамында болған елдер негізінен ол тәрбиеден арылып бітті. Тек біз… Иә. Әлі күнге дейін мектептерде тәжірибе жүргізіп келеміз. Біз тек өзге елдерге қарап бой түзегіміз келе береді. Ол да дұрыс шығар. Бірақ біз қазақпыз ғой. Бізде бәрі ескеріледі де тек осы қазақ екендігіміз қаперге алына бермейді. Демек, орта мектептерге лайықталып жасалған мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық деп атауға келмейді. Ұлттық болмаған соң… Иә. Жыл өткен сайын ұлттық болмыстан алшақтай түсеміз.
Рас, өзге тілдерді меңгереміз. Сол тілмен бірге олар мәдениетін де бойға дарытамыз. Әрине, ол мәдениеттер біздің төл мәдениетімізді ығыстырады. Әлгі біз меңгерген өзге тіл сол тіл мәдениетімен сусындағысы келеді. Ол тіл, әрине, өз ортасын аңсайды да тұрады. Біз бұл жәйттың бәрін орыс тілі арқылы бастан өткеріп қойғанбыз. Тек соны тағы да сәл ағылшындандырғымыз келіп тұр дә. Ал ағылшындандық. Сонда не болады екен, ә… Мынандай бір қыжыртпа әңгіменің еске түсіп тұрғаны. Екі ауыл арасын шаңдатып автобус айдап жүрген бір қазақ иномарка автобусқа қол жеткізіпті. Содан ол енді қалаға қатынайын деп, автобусына адамдарды толтырып алып басып келе жатыр дейді. Жүргізушінің қатты айдап келе жатқанына алаңдаған бір қарт кісі:
– Балам, ақырын айда. Жол апатына ұрынып қалармыз, – дегенде, жүргізуші: – Ата, сіз мына маркалы автобусты білесіз бе? – деп сұрайды. Әлгі қария: – Жоқ, білмеймін дейді. – Олай болса менің жұмысыма араласпай тыныш отырыңыз, – дейді жүргізуші.
Автобус екпінін баса қоймайды. Жұрт үрейлене бастайды. Сол кезде бір әйел:
– Әй, шопыр, ақырын айда. Бала-шағамызға аман-есен жетейік, – дейді.
Шопыр болса: – Апа, сіз мына маркалы автобусты білесіз бе? – деп тағы да сұрайды. – Жоқ, қайдан білейін, – дейді ол.
– Онда маған кедергі жасамай жайыңызға тыныш отырыңыз, – деп, шопыр жылдамдықты бәсеңдетпеген қалпы зуылдата береді. Автобус кедір-бұдырлы жерден аударылып кете жаздайды. Шыдамы таусылған бір жігіт ағасы – Әй, түгел қырайын деп пе едің? – дегенде, жүргізуші: – Аға, сіз осы маркалы автобусты білесіз бе? – деп сұрайды. – Иә, білемін, не қылайын деп едің? – дейді ол.
Сонда шопыр бала: – Онда тез айтыңызшы. Мына бәленің тормозы қайда? – деген екен.
Иә, біз де қазір әлгі жүргізуші секілді үш тұғырлы тіл атты автобусқа оқушыларды мінгізіп алып аңыратып келеміз. Ал тормоз… Тормоз емес, жүргізуші… Иә, біреу далбалақтап жүгіріп келе жатыр. Сірә, жүргізуші сол-ау… Бұл – әзіл. Алайда ғалымдардың мынандай пікірлерімен санаспай болмайды. Олар:
– саяси аяда мүмкіндіктер деңгейі кәдімгідей жоғарылайды, яғни, іс жүзінде маргиналды болып саналатын саяси күштер беделді болып келеді де, саяси этиканың жалпы деңгейі төмендейді. Осылайша мемлекеттің бүкіл қоғамына кері әсері тарайды;
– қоғамдағы шыдамдылық тоза бастайды да, ақыр соңында саяси жүйе әлсірейді;
– қазіргі таңда зорлық, зомбылық мақсаттарға жету жолында анағұрлым тиімді және жеңіл тәсіл ретінде қалыптасқан.
Жоғарыда аталған факторлар қазіргі замандағы экстремизм себептерін айқындайды. Сондықтан бізге ең әуелі дәстүрлі дінге мән беру қажет. Мән бергенде кімге де болсын алдымен өзін тануына тура келеді. Ал адам – қазына.
Сонымен біз іздеген «қазына» — өзіміздің ішімізде. Ол «қазынаның» аты – Аллалық болмыс. Біз – сол болмыс иесіміз. Ал оған берілген мүмкіндік… Иә. Шектеусіз. Себебі, Алла оны өзіне ұқсатып жаратқан. Ол болмыс діни тілде – «гауxар» деп аталады. Біз сол «гауxар» мәнін түсінбесек те, өмірде «қауқарым қалмады» деген сөзді жиі қолданамыз. «Ой, онда қауқар жоқ» деп те қоятынымыз бар.
Иә, қазір «гауxарсыздық» алға шықты. Біз оны әлі күнге дейін сырттан іздеудеміз. Ол «гауxарды» да әркім өз түсінігіне қарай әрқилы атайды. Қалай атаса да өзін жеңіс тұғырына тек сол жеткізетінін бәрі біледі. Біреу оны — ғылымнан, екінші біреу — діннен, үшіншілер — спорттан іздейді. Бұл іздеу түрлерін санамалап соза беруге болады. Әр адам белгілі бір деңгейде әлгі іздеп тапқандары арқылы қол жеткізген нәтижелерін мақтаныш етеді. Өз өмірінің мәні сол деп түсінеді. Алайда бәрі де өз бойындағы «гауxарды» танымаған қалпы өмірден озады.
Жарайды, біз сырттан іздейтін қазынаның атын «ғылым» деп атайық. Әрине, іздеген адам табады. Ғылымның шыңына шықтық. Демек, іздеген «қазынамызға» қол жеткіздік. Екінші адамның іздеген «қазынасын» дін дедік.Ол да бүкіл әлемді аралап, бүкіл діни ілімді түгесіп бітті делік. Демек, ол да өз «қазынасына» қол жеткізді. Енді осы «қазыналар» біздің ішіміздегі Аллалық болмыспен (гауxармен) салыстыруға келе ме? Мән берсек, ол деген Алламен білім таластырғандай болып шықпай ма? Міне, осы екі әлем текетіресі Адам атадан бері жалғасып келе жатыр. Адам – ішкі «қазына» иесі. Ал Ібіліс сыртқы «қазына» иесі. Ібілістің адамды мойындамайтыны – ол оны «гауxар» деп емес, тек материя деп түсінеді. Осы түсінік күні бүгінге дейін жалғасып кедеді. Бұл текетірес ғылымда да, дінде де бар. Сонымен материя бірінші ме, жоқ әлде сана ма? Сана — діни тілде руxаният деп аталады. Оның қазақы ұғымдағы аты – әруақ. Ал әруақ — біз айтқан Аллалық болмыс, яғни, «гауxар». Соны тапқан, соған қосылған адамдарды біз Құран Кәрімде айтылғанындай: «Міне солар Раббылары тарапынан тура жолда және солар құтылушылар дейміз». Себебі олар, тағы да Құранға жүгінейік: «көмеске иман келтіреді». Ал ол көмес – біз айтып отырған «қазына».
Иә, Алла ол «қазынаны» сырттан іздеушілерге де нәсіп еткен. Бірақ материалдық дүниеге қол жеткізгеннің бәрі де ол «қазына» қызығын көре алған жоқ. Білген жөн. Сырттан ізделген алтын-күміс те, ғылыми, діни білім де сол «сыртқы қазына» санатына кіреді. Тариxта ондай дүние-мүлік жинағандар өте көп. Ол «қазына» иесінің басында Ібіліс тұрады. Ал «қазынаның» дүниелік көрінісінің иесі — Харун. Мұса пайғамбардың туысы болып келетін Харунның қазыналарын сақтаған қойма кілттерінің өзі 40 қашырға жүк болған. Ол бұл табысқа xимиялық жолмен алтын өндіру арқылы жеткен болатын. Пайғамбарға жала жауып, оған құлақ аспағаны үшін оны алтын сарайымен бірге жер жұтты. Сондай-ақ Бағдат әкімі Аxмет сұлтан да дүние-мүлік жинауға құныққан адамдардың бірі еді. Оның ашкөздігі сонша, тасты қашап жасаған сандықтарға салынған алтындарын Дижла өзенінің түбіне жасырады да сандықты апарған қызметкерлерін өзгеге айтпасын деп түгелдей қырып тастайды. Кейін өзі де дүниеден озып, әлгі қазына байлықтың бәрі ешкім білмеген қалпы су түбінде қалып қояды. Мұндай мысалдар өмірде аз емес.
Иә, сырттағы «қазына» адамды міндетті түрде опат етеді. Оған иелік еткен адам ол «қазына» буынан ешқашан тыс қала алмайды. Хан үйіне тұз сұрауға барып, босағада көмілген алтын буы әсерінен қызын сұраған жалшыдай, «қазына» иелерінің бәрі сол күпінген қалпы өмірден өтіп кетеді. Ал өз болмысына қосылғандар — Адам болады. Оған қауышпағандардың… Дұрыс. Адам болуы қиын. Себебі, қазынаны әркім әртүрлі түсінеді. «Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» деген нақыл негізінен дүниеге қатысты айтылады. Соған орай, алтын іздеп дала кезіп кеткендерді санап түгесе алмайсың. Ондайлар әлі күнге дейін толастар емес. Жалпы адам баласы іздер байлық, қазына – алтынға баланады. Ал жазатайым сол қазына үстіне түскендер болса, өзін өзі ұстай алмай, ақыл-есінен ажырап қалады. Сондықтан жасырылған ол қазына көп адамға нәсіп бола бермейді.
Мұндай қазына іздеушілерге қатысты әңгімелер түйінін аталарымыз «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деп бір ақ қайырған. Себебі… Иә. Қазына – біздің өз ішімізде. Бар адам соны іздейді. Ол қазынаны әр адам әр қилы атап, соған қол жеткізуге бар өмірін сарп еткенімен, ол қазына бәрібір арман күйінде қала береді. Себебі, қазына іздеушілердің бәрі әлгі түс көргіш адам сияқты «көрші ел» ауласын шиырлаумен болады.
Жалпы қорыта келгенде, бұл мәселелердің барлығы Елбасымыздың кезінде жасаған «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқа мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жан-жақты қамтылған болатын. Онда: «Бұл ретте қоғамда, ең алдымен, жастар ортасында діни экстремизмнің алдын алуды күшейту қажеттілігіне, сондай-ақ конфессияаралық бейбітшілік пен келісім орнаған, діншілдер мен атеистік көзқарасты ұстанған азаматтардың да құқықтары сақталатын және құрметтелетін зайырлы мемлекет –Қазақстан Республикасының дәстүрлері мен мәдени құндылықтарына сәйкес тұрғындарда діни сананың қалып-тасуына ерекше назар аударылады» делінеді. Ендеше біз мақаламызды осы сөзбен түйіндейміз.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *