ҚҰНАНБАЙ ҰРПАҒЫ КӨРГЕН ҚЫСАСТЫҚТАР ҚҰНАНБАЙ ҰРПАҒЫ КӨРГЕН ҚЫСАСТЫҚТАР
Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі 2007 жылдың қыркүйек айында Шымкент қаласындағы Абай саябағы ішінде «Халықаралық Абай клубының» облыстық филиалы ашалды.... ҚҰНАНБАЙ ҰРПАҒЫ КӨРГЕН ҚЫСАСТЫҚТАР

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстанның құрметті журналисі

2007 жылдың қыркүйек айында Шымкент қаласындағы Абай саябағы ішінде «Халықаралық Абай клубының» облыстық филиалы ашалды. Филиал екі қабатты үйге орналасқан еді. Оның ашылу салтанатына сол кездегі облыс әкімі Нұрғали Әшімов пен Шымкент қаласының әкімі Анарбек Орман келді. Нұрғали Әшімов Абайдың бір өлеңін жатқа оқып, жиналғандарды риза етті. «Халықаралық Абай клубының» президенті, танымал жазушы Роллан Сейсенбаев сөйлеп, ақын мұралары мәңгілік екендігі туралы тұщымды ой-пікір айтты. Осы шаңырақта республикалық «Абай» ұлттық мәдени-әдеби апталығы дүниеге келді, ұлы ақынға арналған бөлме ашылды. Роллан Сейсенбаев ғимараттан сәл ілгері, күре жолдың бойына Тұрағұл Абайұлына арнап тұғыртас орнатты. Неге?
Міне, бұл сол кезде айтылған әңгіме. Тұрағұл Абайдың Әйгерімнен туған баласы. 1876 жылы дүниеге келген ол жас кезінде ауыл молдасынан оқып, сауатын ашады. Кейін әкесіне еліктеп, өлең жаза бастаған. Аудармамен айналысқан. Кейіннен өздігінен ізденіп, орысша, арабша оқып, білімін жетілдіре түседі. 1904 жылы Кішік-Тобықты еліне болыс болып сайланады.
Жастайынан әкесінің тәрбиесінде өскен ол Абай өлеңдерінің қай кезде, қандай жағдайда жазылғанын жақсы білген. 1909 жылы ағасы Кәкітай Ысқақұлымен бірге Абай өлеңдерін жинастырып, Санкт-Петербургте жеке кітап етіп бастырады. Ол сондай-ақ ақын шығармашылығының текстологиялық тұпнұсқасын қалпына келтіруге атсалысады. Мұхтар Әуезовтің өтініші бойынша «Әкем Абай туралы» деген естелік жазып береді. Мұның өзі ұлы жазушының ұлы еңбегінің жазылуына көмек болғаны анық.
Семей аспанын сұр бұлт торлап тұрған еді. 1922 жылы осында Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатов тұтқынға алынады. Олармен аралас-құраластығы бар Тұрағұл да төрт ай түрме дәмін татады. Бірақ, бұл дауыл алдындағы өлі тыныштық еді. 1927 жылы ол қайта тұтқындалып, 1928 жылдың көктеміне дейін сонда жатады. Түрмеден босатқанмен, империя шеңгелі оны уысында ұстаған еді. Тұлпардың тұяғын Шымкентке жер аударады. Жер аударылған жанның жетіскен жері жоқ. Аш-жалаңаш жүреді. 1933 жылы Мұхтар Әуезовпен ретін тауып кездесіп, жұмыс тауып беруін өтінген екен. Ол Совнарком бастығы Ораз Исаевқа жолықтырған. Алайда, алай-дүлей заманның қитұрқылары қалтарыстарында Исаев оған көмек көрсете алмаған. Шымкентке қайтып келген Тұрағұл 1934 жылғы 6 наурыз күні 59 жасында жамбасы жерге тиеді. Оны сол кездегі Шымкент қаласындағы мұсылмандар зиратына жерлейді. Өкініштісі сол, бұл жерге кейіннен зауыт (қазіргі «Санто» дәрі-дәрмек шығару кәсіпорны) салынып кеткен. Осылайша Тұрағұлдың ұлы Ақыш пен қызы Мәкен аңырап қала берген.
Сталиндік заманның зобалаңы мұны-мен де бітпейді. Тұрағұлдың Сақыпжамал деген әйелінен туған Жебрайыл (Жебеш) деген баласы әкесінің соңынан Шымкентке келеді. Ол Ташкентте оқитын еді. 1930 жылы ауыр науқастан қайтыс болады. Жебеш те сталиндік саяси науқанның құрбаны. Оны Тобықтының шолақ белсенділері Томск қаласында оқып жүрген жерінде үстінен арыз жазып, институттан шығартады.
Н.Ежов, Ф.Голощекин тобының теп-кісі мұнымен де тоқтамаған. Абайдың немересі Құзайыр Мекайылұлы бай тұқымы ретінде жер аударылып, Фрунзе қаласына жіберіледі. Мұнда ол қара жұмысқа жегіледі. Осы қаладан соғысқа алынып, майданда қаза табады. Інісі Қалышер (екеуінің де шешесі Дәмежан) де ағасының кебін киген. Сірә, екеуі де Бішкектен әскерге алынса керек. Тұрағұлдың Зұбайыр деген 1907 жылы туған ұлы да «бай-феодалдың» баласы ретінде отбасымен жер аударылады. Әуелі Жамбыл облысының Мерке ауданында, сосын Шымкентте тұрады. Ташкентке бас сауғалап барады. 1933 жылы күзде Бішкекте қайтыс болады.
Абайдың Ысқақ деген інісі болғаны белгілі. Сол Ысқақтың немересі Әрхам Кәкітайұлы да күншілдердің жаласымен қамалып, кейіннен Ташкент облысының «Қызыл партизан» колхозында жасы-рынып жүреді.
Абайдың немересі Әубәкір Ақылбайұлы да өнерден құралақан болмапты. Ол да өлең жазған, ән шығарған. Майдақоңыр дауысты әнші де екен. Әубәкірді Абайдың інісі Оспан тәрбиелеген. Ұлы ақын осы немересін ерекше жақсы көрген деседі. Немересіне бағыт-бағдар, жөн-жосықты көп үйретіпті. Әйткенмен, Тұрағұл қамалған соң Әубәкірдің де басына қара бұлт төнеді. Оқырманға Шәкәрімнің тағдыры белгілі. Оны қайталап жатқымыз жоқ. Бірақ оның баласы Ғафурды түрмеде біреулер бауыздап өлтіргені жүрек шаншытады. Тұрағұлдың інісі Мекайыл Семейде Түйемойнақ деген аралда атылған. Бағыфұр Әлімқұлұлы (Абайдың шөбересі) Жармада қамалады. Даниял Кәкітайұлы каторгаға айдалған. Ысқақтың немересі Мүбәрак Ахметбекұлы да қуғын-сүргіннен аман қалмапты. Оның інісі Медіғат он жылға айдалған. Ахметбектің өзі 1931 жылы түрмеге жабылып, хабар-ошарсыз кетеді.
Осынша азап пен қорлықты бастан кешірген Әубәкір ендігі жерде Семейде қала алмайтын еді. 1931 жыл Үржар ауданына барғанымен, онда тұрақтай алмаған. Сосын Тұрағұлдың соңынан Шымкентке келеді. Ол осында 1934 жылы 53 жасында қайтыс болады. Оның жұбайы Кәмәлия апа беріде, 90 жасында дүниеден қайтты. Тағы бір жүрек ауыртарлық жәйт, олардың Ғабдысәлам және Әлихан атты екі ұлы екінші дүниежүзілік соғыстан оралмады.
Міне, Құнанбай әулеті қызыл империядан осындай қысастықтар көрген.
Шымкент қаласындағы Абай саяба-ғында ұлы ақынға арналған музей бар. Шағын ғана. Осы музейді кеңейту керек-ақ. Өйткені, хакім Абайға арналған жәдігерлер тым тапшы. Бұдан біраз жыл бұрын саябақ ішіндегі дала сахнасында түрлі мәдени іс-шара өтіп тұратын. Ал, Абай саябағына кіреберістегі ұлы ақын ескерткішінің кемшіліктері жөнінде айтылып-ақ келеді. Қазақстан Суретшілер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Шилібаевтың сөзімен айтсақ, ескерткіш кезінде асығыс тұрғызылған. Абайдың отырған орындығы тым аласа. Содан да ұлы ақынның отырысы ебедейсіздеу. Төрағаның айтуынша, Шымкент қала-сының әкімдігі Абай ескерткішін жаңадан қоюға шешім қабылдаған екен. Конкурс жарияланған. Абай тойына дейін жаңа ескерткіш тұғырына қонса екен және ол мінсіз шықса деген де тілек бар. Қазір « Халықаралық Абай клубы» филиалының екі қабатты ғимараты да жоқ. Ал, музейдің маңында Роллан аға қойған тастұғыр елеусіз бір бұрышта тұр. Сол тастұғыр Құнанбай ұрпағына жасалған қысастықты айтып, мұң шағатындай…

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *