Тәтті әуенге гүл  билер тамшы мұңмен… Тәтті әуенге гүл  билер тамшы мұңмен…
Дәурен Айманбетов, 1984 жылы туған. Мамандығы – экономист. Өлеңдері біраз ұжымдық жинақтарға енген. «Сары жапырақ – сарғайған жүрек», «Аяулы адам» атты жыр жинақтарының авторы.... Тәтті әуенге гүл  билер тамшы мұңмен…

Дәурен Айманбетов,

1984 жылы туған. Мамандығы – экономист. Өлеңдері біраз ұжымдық жинақтарға енген.

«Сары жапырақ – сарғайған жүрек», «Аяулы адам» атты жыр жинақтарының авторы.

Көптеген жыр додаларының жүлдегері. 2015 жылдың «ОҚО үздік ақыны»,

2016 жылдың республикалық «Алтын қалам» номинацияларының иегері.

Көксерек

Ақталатын көріп тұрғам жоқ себеп,
Түз тағысы, айналайын, Көксерек.
Қате ойлаған мына қоғам өзіңді:
«Шынжырдағы ит қызметін етсе» деп.

Түз тағысы, айналайын, Көксерек,
Мен де саған жетіп қалдым өкшелеп.
Мінезімді өзгерте алмай орта бұл:
«Алдарында кей мықтының шөксе» -деп.

Сен – даланың еркін кезген бөрісі,
Мен – қаланың өлең қуған серісі.
Қасқырларды сүймейтіндей ел іші,
Ақынды да жақтырмайды көбісі.

Ер азығы, бөрі азығы түзде еді,
Тіршілік бұл ұқсас екен біздегі.
Сұсты көзің керек еді, біразын,
Қалтыратар жапырақтай күздегі.

Сені алатын мылтық оғы – қорғасын,
Мені алатын – қаңқу сөздер. Сол басым.
Ит салады аңшы біткен өзіңе,
Итті сүймен, ит-адам көп болғасын.
Қақпан қапса, тастай салар аяғын,
Жігерлісің, ой, бекерге аядым.
Мен де өзіңдей шер тарқатар кезімде
Айға қарап, үнсіз ұлып қоямын.

Сені қамап, «ит қызметін етсе» деп,
Мені «мықты алдарында шөксе» деп,
Армандайды, утопия – ол деген,
Бас иейік, тек Аллаға, Көксерек!
Кім сарайдың ақыны,
кім халықтың…

Кім сарайдың ақыны, кім халықтың,
Білмей қалдық бүгінгі жырда алып кім.
Дөкейлерге арнауды қоя алмай жүр,
Ақындары бір кезгі «ұрда-жықтың».

Жек көремін жылаңқы өлеңдерді,
Кей жас ақын жырынан көрем көрді.
Жолы болмай махаббат сапарында,
Өлең емес, жазары – «өлем» болды.

Эврикашыл ақындар расында да,
Болды ма екен біздер жоқ ғасырда ана?
Өлеңшілер көбейді, туынды емес,
Ойлағаны жаңалық ашу ғана.

Халық едік талғампаз, жыр білгенге,
Шөңге де өлең, шөп те өлең бұл күндерде.
Ұйқасқанның бәрін де шедевр дер,
Тақпақшы да ақынмен тұр мінберде.

Авторлар бар тастайтын масайта бір,
Дүр-дүниелер алатын жасай тәуір.
Бірін-бірі бірақ-та оқымайтын,
Классиктер де жоқ емес, рас айтамын!

Мұның бәрін несіне тізбеледім,
Емес еді – бұзықтық іздегенім.
Ақын аға, аунатсам қабіріңде,
Сағындырды жұп-жұмыр бізді өлеңің.
Сауран

Құм астына тарихын көме салған,
Тек қиранды-ау бұл аумақ төбесі алуан.
Сəулетіңнің дəуірі түгесіліп,
Жатырмысың дамылдап, көне Сауран?

Далаңа ұлы, қазіргі заты гүлсіз,
Келіп тұрмын арнайы шақырусыз,
Жеті қабат қоршаған дуалыңды,
Жеті қат жер жұтып ап жатыр үнсіз.

Қадамыма əр гүл шаша иісі керім,
Қарсы алмады шайырды бишілерің.
Жар салмады «сері кеп қалды екен» -деп,
Шықпады алдан күлімдеп сыйшыл елің.

Қиқу-шиқу, базарлы көгіңдегі,
Əуелеген құстарың көрінбеді.
Көрінбеді қарасы малшылар мен,
Төрт түлігің мыңғырған дөңіңдегі.

Мақтан еткен дорбалы көп асығын,
Естілмеді даусы ойын баласының.
Басқа үн емес, əншейін құлағымды,
Ызыңы да шалмады қара шыбын.

Қырдан өзге жатқан паң дөңестене,
Қирандыдан басқа ешбір, жоқ ештеңе.
Салтанатты бір кезгі шаһар мына,
Көзге күңгірт, бұлыңғыр, көмескі, о, не?

Мəңгі не бар, төтесін кім дауылға,
Уақыты өте шөгеді шыңдарың да.
Сақтап қалсақ, Саураным, қалпыңды осы.
Ары қарай жұтылмай тұрғаныңда.

Бүтін жетпек боп бізге арман кештің,
Типыл етер, осы өмір, жалған бес күн.
Ойып алған тарихтан орның барда,
Оқығандар ұмытпас Сауранды ешкім!
Арыстан баб және Отырар қалашығы

Пəтуасына айналған, о, Тұранның,
Тақуасына айналған сопылардың,
Ассалаумағалейкум, бабтар бабы,
Арыстаны көнекөз Отырардың!

Маңғаз кейпі алыстан мұнарланып,
Күн көзіне кесенең тұр ауланып.
Қарақұрым қараша ел айналасы,
Бағыштаған өзіңе Құран барып.

Маң-маң басқан көліктер қос өркешті,
Қаз тізіліп барады көшеңде ескі.
«Арыстанды-Қарабас» желімен жай,
Ағаштарың иіліп есендесті.

Ер Тұранның иен дүз атырабы,
Қойнына алып өзіңді жатыр əні.
Мекке басып, болып сан шаһарларда,
Бұйырыпты Отырар топырағы.

Пір тұтарлар соншалық көп болғаны,
Шəкірт болуға əр ұлдың бопты арманы.
Құл Қожа Ахмет ұстазы, ардағы елдің,
Ассалаумағалейкум бабтар бабы!
Көне Сайрам

Толып жатқан дамылсыз іші егеске,
Өмір осы жүз жылдық түс емес пе?
Əулие-əнбие аралай қалсаң, алғаш
Сайрамдағы сансыз бап түседі еске.

Базар тарқай жинала жайма кеште,
Кетер хабар келгенде айлаң ешке.
Адам түгіл қираған нән шаһарлар,
Шаһар десе түседі Сайрам еске.

Керуендер – қажаған үлек жонын,
Саудагерлер – нан тапқан күреп жоғын.
Сайрам десе – түсірер есіңе ұлы-
Аты аңызға айналған Жібек жолын.

Исламнан шынайы дін бар ма екен,
Дінсіз пенде салтанат құрған ба екен.
Сайрам десе – Қарашаш ана əкелген,
Түседі еске Йассауи туған мекен.

Кейіндері семіп əз гүл-жанары,
Тиді жаудың Сайрамға мың залалы.
Сайрам десе – пəтуа байласқан сан,
Түседі еске үш жүздің мырзалары.

Бастан кешіп замандар кіл күресті,
Əзір тұман сейіліп, бұлты көшті.
Сайрам десе – көне сол қалашықтық,
Түседі еске байырғы жұртым ескі.
Созақ

Толық өтпей тарихтың мектебінен,
Бейхабармыз кей таулар шөккенінен.
Таң қалдырар сыр шерте абыздары,
Парақтаса созақтық өткенін ел.

Жайпақ таулар жайылған мекенді бұл,
Небір аңыз жайлаған екен бұрын.
Қарт Қаратау Созағына ақын біткен,
Арқаланып төкпеген бекер жырын!

Әр қазақтың төрінде күй құралы,
Қонақ болсаң кезекпен үй тұрады.
Бағзылардың иісі сіңген жұрты,
Қона қалсаң бір жеті сый қылады.

Тұнық келген халқының жан-жүйесі,
Сол мекеннің расында бар киесі.
Оған дәлел төсінде ғұмыр кешкен,
Қара бура, Шашты əзіз әулиесі.

Бірі болып таныған құдайды ерте,
Ақбөкені мыңғырған шырайлы өлке.
Балбалтасқа соғыла үн шығарар,
Сазды, назды самалы ұнайды ерке.

Бар тұсының ізі бар шақтың өткен,
Дүбірі бар жау қуған аттың өткен.
Осы жерде Оғыздар орда тігіп,
Массагеттік бір кезгі Сақ күнелткен.

Жартасында ескіше сөйлем өрген,
Салтыменен аң-құсы бейнеленген,
Неше дəуір өткерген екен шіркін,
Таңбаланған тастары кей көнерген.

Білуі абзал тарихты əр жатқа кісі,
Өткенінен бейхабар жоқ кəрісі.
Хандығымның ең тұңғыш астанасы,
Осы, Созақ – Қаратау мақтанышы!
Қаратау тақсыреті

Заманында басыңнан көш ағылған,
Қаратауым, мұңлы әлі неше әнің бар?
Таңдандырып барады бойыңдағы,
Қорғандарға айналған бос ауылдар.

Шөккен сонша обасы, моласы көп,
Сүйектерге шашылған қарашы кеп.
Үңгірлерің үрейді туғызады,
Жасырғаның, білмеймін, не қасірет.

Ақ тақияң қайда екен, тұрар қардан,
Аңың қайда, құлатар қыран жардан?
Әжімденген келбетің ойландырды,
Тұрушы еді биіктер шынарлардан.

Әзір өлмес, баба-тау, сертіңдесің,
Талай дәуір көшсе де кертілмесің.
Тастарыңа қарасақ таңбаланған,
Өткеніңнен тарихың шертуде сыр.

Қиял қуып, келе ме сөз бастағым,
Құзар шыңнан етекке көз тастадым…
Елестеттім, бас кесер жауларыңның,
Тастап кетіп жатқанын өз бастарын.

Елестеттім. Бейбіт ел тұрғындарын,
Батырларын, ерлікті ту қылғанын.
Алдыңғы өмірде осында сүргендейін,
Есіме сап, өткеннің тұрмын бәрін.

Есіме сап, өткеннің тұрмын бәрін,
Бір шайырдың қыздарды жыр қылғанын.
Естіп тұрмын сол кезгі жыландайын,
Иреленген өзендер сыңғырларын.

Сол дәуірге кеткендей қайта айналып,
Түсім емес, өңім-ау, байқайм анық.
Желің соғып оятты, қарт Қаратау,
Шыңда тұрған тәнімді шайқай қалып.
Ұмыттырмас белгілер заманды өткен,
Қаратауым, көп еді обаң неткен.
Тастарыңның таңбасы өшпесінші,
Тарих болып бүгінге аман жеткен.
Төлеген Айбергеновке

Сағыныштан жаралып көп өлеңің,
Бас идірдің отызда «Өлең» елін.
Бір заманда ұлы едің Айбергеннің,
Бар қазақтың бүгінде Төлегенім.

Еркелетіп қойды ма Өмір-Ана,
Отыздағылар қазір көбі – бала.
Не бітірдім, мысалы, отыз асып,
Соны ойласам түседі көңіл, Аға.

Көз алдыма өткізген бос күнім кеп,
Келе қалса жүректі жас тілімдеп…
Сен отызда елім деп, мен қыз қуып,
Ұяламын өзіңмен жастымын деп.

Əму дедің, Сыр дедің сағынғанда,
Сыр шертер-ең жыр арнап ағындарға.
Сағыныштан бара ма қазір сіңіп,
Қос Дарияң айналып сағымдарға.

Кітабыңмен пышақтың қырындайын,
Жадымызда жаңғырар жырың дəйім.
Том-том шығар Төлеген жайлы өлеңдер,
Сыйлық та бар атыңда, бір ымдайын.

Өсиетіне бабалар ел сенеді:
«Хаты өлмейді ақынның», сол себебі!
Жүз жылменен өлшенбес ғұмыры ақын,
Мəңгі өшпейтін атымен өлшенеді!

Сағыныштан жаралып көп өлеңің,
Бас идірдің отызда «Өлең» елін.
Бір заманда ұлы едің Айбергеннің,
Бар қазақтың бүгінде Төлегенім.
Шәмші әлемі

Əн сыйлаған Алашқа қанша əдемі,
Шәмші әнінсіз қай әнші ән сап еді?
Ғашықтарды толқындай тербететін,
Менің ғазиз әлемім – Шәмші әлемі.

Оңтүстікте өзен бар – Арыс деген,
Сол өзенде менімен танысты өлең.
Ол өлеңді жар етіп, Шәмші әнімен,
Шақырғанмын мәңгілік вальске мен.

Тірілерді сүйген бе ел жаны барда,
Ұлыларды ұлы деп таныған ба?
Көкірекке оң қолды қойдырды да,
Кетті Ол бүгін айналып әнұранға!

Ескерткішке айналар тірісінде,
Дарындар бар ерекше мың ішінде.
Керек емес оларға атақ, даңқ,
Жалатылған алтының, күмісің де.

Тәтті әуенге гүл билер тамшы мұңмен,
Заманында келмеппін Шәмшінің мен.
Қазір біраз сазгерлер ұры атанды,
Аузын ашқан бәрі де әнші жүрген.

«Шәмші қайда, құдай-ау, Шәмші қайда»,
Әншілерден Шәмші кеп, хал сұрай ма?
Әсем әуен бір төгіп, ғашық жанның,
Құлатар ма көзінен тамшы майда.

Əн сыйлаған Алашқа қанша əдемі,
Шәмші әнінсіз қай әнші ән сап еді?
Ән туғызар, сиқырлы саз туғызар,
Алты Алаштың Шәмшісін аңсады елі.
Бола ма?..

Ақты – қара, қараны – ақ деп тануға,
Бола ма екен аққа күйе жағуға?
Бола ма екен қараны ақтап алуға?
Болады екен.
Ар сондықтан налуда.

Қазiр менiң iшiм толы наз, өкпе,
Осы бiзге шындық заты қажет пе?
Өтiрiктi жұқтыртыпты кей арна,
Жұқтыртыпты анау тәуiр газет те.

Шындық шықса өтiрiктiң жағына,
Ақ, Қара ма, қалмайды ғой мағына.
Жұғып кетiп жүрмесе екен сол iндет,
Бiр күндерi менiң ғазиз жаныма!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *