ЖОҒАЛТҚАНЫМ –  БАҚЫТЫМ ЖОҒАЛТҚАНЫМ –  БАҚЫТЫМ
Ганире ПАШАЕВА, 1975 жылы Әзірбайжан Республикасы Товуз ауданы Дюз Гырыглы ауылында туған. Әзірбайжанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Әзірбайжан Ұлт Парламентінің 3-ші, 4-ші шақырылымдарының... ЖОҒАЛТҚАНЫМ –  БАҚЫТЫМ

Ганире ПАШАЕВА,

1975 жылы Әзірбайжан Республикасы Товуз ауданы Дюз Гырыглы ауылында туған.

Әзірбайжанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері,

Әзірбайжан Ұлт Парламентінің 3-ші, 4-ші шақырылымдарының

депутаты, журналист, ақын, жазушы

 

Біз отырған қонақжайдың сән-салтанаты керемет… Жарығы да көз қарықтырады… Конверттер шетінен ашылып, жүлдегерлер сахнаны толтыра бастады… Айрықша бір марапаттау кеші… «Түрік әлеміне қызметі үшін» сыйлығы беріліп жатыр. Мен де шақырылғандардың, нақтырақ айтқанда сыйлық алушылардың қатарындамын. Бәрі де тәтті түс секілді…
Сахнада сыйлық алып тұрып, көз жетер аумаққа жәймен зер салып қарай бастадым. Ғажап бір көрініс. Адалдыққа толы кіршіксіз жанарлар жарқ-жұрқ еткен жарықпен үндесіп, бір-бірімен жарасып тұрғандай. Қаншама қуаныштар…
Марапаттау рәсімі бітер-бітпес бір журналист жаныма жақын келді де аңқылдаған қалыпта былай деп сауал қойды:
– Сіз бақыттысыз ба?
Жыландай жиырылып қалдым. Жүрегімнің түбіндегі ұзақ жылғы жараның аузын ашып жіберердей мұндай әсерлі сұрақ күтпеп едім. Сұрақты түсінбеген кейіп таныттым да «Не дедіңіз?» деп қарсы сұрақ қойдым.
– Сіз бақыттысыз ба?
Не де болса, сұрақты көңілсіз қайталаған журналист менің жауабымды күтпестен пікірін ортаға салды. Менің көңіл-күйімді аз да болса сезетін пиғыл танытып:
– Қараңызшы, сыйлық алғанның бәрі де қуанышты. Сіздің көңіл-күйіңіз қалай, қуанышыңызды бізбен бөлісе аласыз ба?
Ол кезде журналистке қалай жауап бергенім нақты есімде жоқ. Жан қысылғанда әңгіме болсын деп қолданатын «кезекші тіркестерді» тілім жеткенше пайдаландым. Негізінде журналистің сұрағы ақиқатқа жақын-ды. Сыйлық иелерінің жүздерінде жылылық лебі, қуаныш пен шаттық бар секілді… Жүрегімнің түбіне қанша бойласам да одан басқалардан ерек шаттық рухын асқақтатардай қуаныш иеленген сезім көріп тұрғаным жоқ. Сол сәтте тағдыр толғауы мені философиялық иірімдеріне тартқан бір алапат әлемге қарай сүйреп кетті. Бұл әлемнің алғашқы қадамы ерекше сұрақтан басталды. «Адамдар өз жүрегіндегі бақытын қалай сезінеді екен?» деген ой маза бермеді. Ойымды ешкіммен бөлісе алмай, жауабын да ешкімнен сұрай алмадым. Әлдекімнен бұл туралы сұрайтын болсам, «Мынаған не көрінген» деп таңырқаулары да ғажап емес. Әлгі бақытты адамдарға, жарқ-жұрқ еткен жарықтарға қайта қарадым. Жүрегімнің үнін тыңдауға, адами халімді бағамдауға тіпті күлімдеуге де тырысып бақтым… Алайда… Айрықша толғанысқа берілгеніммен жүрегім алай-дүлей еді. Қонақжайдағы үлде мен бүлдеге оранған мұншама адамның әлгіндей көңіл-күйі алдын-ала жасалғандай…
Қонақүйге жеткенімше қас қарайып қалды. Қонақүй бөлмелерінің есіктері адамдардың кембағал түсініктеріне көміліп әрқашан жабық тұрады. Құтды Нежип Фазыл Кысакүректің «Қонақүй бөлмелерінде» атты жыр жолдарындағы немесе біздің Халық жазушымыз Анардың «Қонақүй бөлмесі» деген романындағы кейіпкерлер сияқты…
Бір жағынан қараңғылық, бір жағынан суық қабырғалар, бір жағынан «Бақыт» мәселесі мені тынышымнан айырды. Ой құшағында жатып, өзіме сұрақтар қоя бастадым. Мені әлгінде сыйлық алып тұрғанда, жүрегімді басқаша қуаныш, өзгеше мақтаным сезімі неге тербетпеді? Бақыт мені неге журналист аңғаратындай көкке көтеріп әкетпеді? Мүмкін менің: адамдармен, жағдайлармен, яки «бақыт» атты сезімнің өзімен жұрт білмейтін қайғыларым бар… Мәселеге қатысты сұраулар мен түсініктердің бәрі жиылып кеп, айна бетінде жүз тоғыстырғанда быт-шыт болған айна бөлшектері жерде жатты. Бір жағынан қандай да бір сыйлық иеленумен бақытты болар ма едім, деп ойлана бастадым. Алған сыйлықтарды, қол жеткізген қуаныштарым, айтылған мақтаулар мен қолдап-қолпаштаған сөздерді қайтадан санамнан өткердім. Өткен күндерге жасаған қысқа саяхатымнан қолым, өкінішке қарай, бос қайтты. Жөні түзу жайт жадымда қалмапты. Өмірде қол жеткізген жетістіктерімді қатардағы қарапайым қуаныштардың бірі ретінде қабылдайды екенмін.
Иә, қатардағы қарапайым қуаныш қана…
Өз-өзіме келіп, терезеден қаланың әсемдігіне көз тастадым. Сол сәтте біреу қайтадан иіліп, құлағыма «бақытсызсың» деп сыбырлады. Селк ете айналама қарасам, ешкім де жоқ екен. Әлгі дауыс менің жүрегімнің үні болуы бек мүмкін. Мүмкін… Бәлкім мен ешуақытта бақытты бола алмаймын деп өзімді кәнілай бастадым. Сыйлық табыстау салтанат кеші есіме оралды… Журналисті де есіме алдым. Жанымды тәнімнен бөліп жіберердей болған сұрақ – «Сіз бақыттысыз ба?»
Негізінде ол күні жүрегімді тебі-ренткен сәттермен қайта-қайта бетпе-бет келдім. Жағдайлардың әсері мені ескі күннің естелігіне сүйреумен болды. Бұл түннің ұйқысыз өтетінін сездім. Отырған жерімде өмірімнің негізгі сәттеріне қайта оралып, өткен өмірімді қайта сүруге өз болмысымды басынан өлшеп-пішуге әрекеттендім. Ең алғаш есіме түскен бала кездегі досымның мына сөздері әлі де санамда жаңғырып тұр: Той-жиындарда билеуге неге соншалық құлықсызсың? Тойларда билегенде еркіңнен тыс, амалсыз басқа біреудің елесіндей жүресің. Кішкентай кезіңде мұндай емес, шаттыққа толы өмірі бар көңілді ақжарқын қыз едің, не болды, саған?
Мен: «Сенесің бе, билеуге, көңіл көтеруге әуесім де, ынтам да бар. Кейбір тойларда, отырыстарда таныстар менсінбеді демесін деп қолымды сермеймін, билегендей кейіп танытамын», – деп тіл қаттым.
Таңырқап қараған көздері менің жанарыммен түйісті де: «Сонда қалай? Ешқандай қызық емес пе?», – деді. «Жоқ. Қызық емес», – дедім мен.
Қонақүй бөлмесінен қалаға көз салып, өткен арпалысты өміріме ой жібердім. Ақынның жыр жолдарындағыдай «Өткеннің ізі санамда тұр жаңғырып…». Өмір жолым-ның кейбір сәттерінен қысқа метражды фильм көріп отырғандай болдым…
Он үшке дейін әр қадамым жеті еселенген бақытқа толы бала едім. Өмір менің сол бақытымнан мың бір түр алып, табиғат содан бөлініп шыққандай. Бір күні барлық жағдай өзгерді, барлық… Ол күні адамдардың бәрі әжемнің үйіне жиналғанын көрдім. Жылағандар да, жоқтағандар да жүр, сабырға шақырғандары да бар. Соның бәрі санама бір-бірлеп, мың-мыңдап жазылып жатты… «Үйіммммм», «жұртыммм» деп жылап-сықтаған әйелдер. Армениядан босқан отбасылар… Бірнеше жанұя әжемдікінен пана тапты. Олардың жан-жарасы әжемнің уайымын арттырып, көзін құрғатпады. Қайғысына ортақтасып, қасіреттерін сейілтіп, өз үйлеріндегідей сезінту үшін әжем бәрін істеп бақты. Қандай бір жер, мекен үлде мен бүлдеге орағаның өз үйіңдей бола алмайды. Мұны сол күні түсіндім…
Жылдар ағымы бір-біріне ынтыққан, алайда, қосылу бұйырмаған бейбақ ғашықтарға ұқсайды… Осылайша екі жыл өмірім артта қалып, он бес жасқа да келдім. Он бес жасым көңілсіз, қасіретке толы жыл болды. Өмірімдегі ең құрметті, өте жақсы көретін жан әкемнің бір кеште қалай қартайып кеткенін көрдім…
Қалай дейсіз бе? Айтайын. «20 қаңтар» оқиғасы. Кеңес әскері 20 қаңтарда Бакуде үлкен бір қырғын салды. Біз ол уақытта Товизде тұрамыз, алайда туысқандардың көбінің үй-жайы Бакуде болатын. Жағдайға байланысты сол уақытта Бакуден хабар алу, жақындардың жағдайларын білу мүлдем мүмкін емес еді. Естіп-білген хабарларымыз жантүршіктірерлік қорқынышқа толы. Бауырларым, көкелерім, жиендерім, әпкелерім, нағышыларым… Барлығы Бакуде, ал біз олардан бір хабар ала алмадық. Тек қана қаншама бейбіт тұрғындардың өлгені туралы хабарлар тарап жатты. Ертеңіне… Белгілі көріністер… Қанға толы, мәйітке толы алаңдар… Адамгершіліктен ада, зорлық-зомбылыққа куә көріністер. Жүрегімдегі үміт тамырлары бір-бірден үзіліп жатқандай. Тамырлар үзілген сайын, жүзімдегі күлкі, балалық, жастық атаулы жоғалып жатты.
Соңынан қасіреттің бәрі қабаттасып кетті. Біз тұратын Армениямен шекаралас аймақта әр түні әскери шабуыл, қақтығыс тоқтамады…
Адамдардың көбі киімдерімен ұйықтайтын. Біз жақтың қарусыз бейбіт тұрғындары, алдын ала астыртын мұздай қаруланған армяндықтармен бетпе-бет келген…
1991 жылы 16 жасымда Әзірбайжан Мемлекеттік университетінің Медицина факультетіне оқуға түстім. Ол кез біз үшін, біз сияқтылар үшін ауыр әрі азапты жылдар болды. Жетіспеушілік, кедейлік, тапшылық, соғыс, шабуыл, шиеленіс… Ал, негізгі мәселеміз бұл емес. Негізгі қайғымыз, негізгі дертіміз әрі терең, әрі ауыр…
Туған ел-жұртынан ажырап, машинаға тиелген жер аударылған адамдардың жылаған, боздаған дауыстары тірі жанның жүрегін қақ айырып жіберердей азалы. Мен жалға тұрып жатқан жердің айналасының бәрі босқындармен толық-ты, қай жер бос болса, сол жерге орналастырылды.
Босқындардан естіген әңгімем мен медицина факультетінің студенті ретінде жау қолында қалған аймақтардан әкелінген ауыр жаралы адамдарға қызмет көрсетіп жүрген кезімде ауруханада көз алдымда бақиға аттанғандарды көру мен үшін оңайға соқпады. Неше түрлі сұмдықтардың куәгерімін…
Он алты жасымда өлім атаулыны қатардағы бір жайттай қабылдайтын болдым. Ажал жап-жас баланың да, кіп-кішкентай нәрестенің де, қарттың да жанын алып жатты.
Жаңа аурухананың «Жедел жәрдем» қызметінде едік. Ауруханадағы жер аударылған жаралылардың ішінде бір жас келіншек өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан болатын. Оның тез арада сауығып кететінін, бәрінің де жақсы болатынын айтып, жанында сөз жәрдем беріп отырмын. Аурулар арасында бүрісіп жатқан әлгі келіншек көзіме тіке қарап:
– Ертең-ақ сауығып кетемін, солай емес пе? – деп тіл қатты.
– Әрине, міндетті түрде сауығып кетесің, – деп жауап қайырғанымда, жүзінде үміт оты ойнап, тіпті, күлімсірей бастады. Оның қуанышты сезімін арттыруға тырысып: «Мен медицина факультетінің студентімін, болашақта дәрігер боламын, сол себептен сенің халіңді бір дәрігердей жақсы білемін. Сен ертең – бұдан да жақсы боласың» деп оның көңілін аулап бақтым. Ол: – Менің ендігі өмірім кімге керек? Баламның жанын сақтап қала алмадым, – деп ары бұрылды да жас толы жанарын терезеге қадап, мелшиді де қалды. Ол түні еш ұйықтамадым. Жас келіншекті, оның жау қолынан қаза тапқан баласын ойлаумен болдым. Өз-өзіме: «Ертең ол келіншекке міндетті түрде тағы да барамын» деп сөз бердім. Ертеңіне әлгі жас келіншек жатқан бөлмеге кіріп келгенімде оның төсегінде басқа біреудің жатқанын көрдім. Одан бірден келіншектің қайда кеткенін сұрадым. Ол: «Кешегі түні мәңгілік мекеніне жол салды» деді. Ішім астаң-кестең, жүрек тамырларым үзіліп жатқандай… Қайғы, қасірет, көз жасы, мәйіттер, адам мүшелері… Жан баласын адамдықтан шығарардай көріністер. Оның үстіне дәрістеріміздің бір бөлігі бұрынғы Семашко ауруханасында өтетін. Аурухана моргіне әкеліп жатқан мәйіттерді көріп адам шошырлық жағдайға жиі-жиі куә болатынбыз.
Сондай күндердің бірінде моргке бір қария келді. Ол да баласын іздеп жүр екен. Қарияның зарлы дауысы әлі күнге құлағымнан кетпейді.
– Ей, Аллам! Маған бұл күнді неге көрсеттің? Өз баламды қалай жерлеймін? Мен енді кімге арқа сүйеймін? Жаратушы ием, маған көрсеткеніңді енді ешқандай ата-анаға көрсетпе, ұрпағының сүйегін көтеруді ешкімге нәсіп етпе! Қандай күнәм бар еді? Неге? Неге мен?
Қария жылап жатты. Жоқ, негізінде ол жыламады. Ол қаһарланып кетті. Оңтайлы сәтте оның жүзіне, көзіне қарадым. Көз алдымда тау тұлға аласұрып, өлгелі жатты… Мен де өзімнің ішкі сезімдеріме, булыққан көз жасыма ерік бердім, төгілді-ай, төгілді. Жылап тұрдым, ішімде бір нәрселер үзілді, сынды, бәрі-бәрі түгесіліп жатты…
Бажым Кемале ол жылдары аурушаң бір бала болатын… Тыным таппайтын ол анама:
– Анашым, сырттағы дауысты естисің бе? Бізді келіп өлтіретін болса, не істей аламыз? – деп сандырақтап жылай беретін. Анам болса, оны жұбатумен әлек:
– Кемале, қорықпа, жау жақындаса қашып құтыламыз дейтін…
– Киімдерімізді, заттарымызды тастап кетеміз бе? Мен аурумын, қаша алмаймын ғой…
Анам оны мейірімді көздерімен аймалап, тыныштандыруға, әр сөзімен бәрінің де жақсы болатынына сендіруге тырысып бағатын. Мен ол сәтте әпкемнің әрекеттерін сырттай бақылап тұрушы едім.
Кемале періште көзқарасымен үйіміздің бұрыш-бұрышын сүзіп шықты. Құдай-ау, бұны тоғыз жастағы баланың емес, елудегі толысқан бір әйелдің көзқарасы дерсің… Дәл сол сәтте…
– Үйіміз, үйіміздің халі не болады? – деген оның сауалына анам жауап таппады…
Ешқайсымыз бейшара Кемалені тыныштандыра алмадық… Жылауын тоқтатпады. Үйімізден айырылғандай болдық. Үйсіз қалудың қорлығын білгендіктен қорқыныш қамалына тұтылдым. Үйін тастап кеткен босқындар мен жер аударылғандарды көргендіктен үй мен баспана қасіреттерін өз жанымнан өткіздім. Әпкеме қосылып анам да жылады, мен де… Кемале жиі-жиі қайталап отыр:
– Біз кімге жамандық жасадық? Бізді не үшін өлтіреді? Мен өз үйімізден ешбір жерге барғым келмейді… Анашым, оларға қарсы бірнәрсе істеші, – деп жылауын тоқтатпады, менің жүрегім жылап жатты.
Әкем айтқанынан қайтпайтын қиқар адам, үйді тастап кету туралы ойдың өзіне нілдей бұзылады:
– Балам, мүрдеміз де, жанымыз да осында қалады. Түн қорқынышпен өтіп, ақ таңның шапағы көрінгенде:
– Шүкір, Тәубе бұл түн де тыныштығымен өтті дейтін.
Гөйшенің, Зенгезурдан кейін Ханкент тұрғындарын көшіру жұмыстары толық аяқталмаған-ды…
Босу… Көш… Босқын… Күн сайын Қарабақтан басқа отбасылар келіп жатты… Кейін қорқынышқа толы Қарабақ, Ағтабан ауылдарындағы қырғын… Одан кейінгі Хожалы геноциді, абдырап қалдық… Содан кейін Шиша қасіреті, Лашын, Келбежер, Ағдам, Зенгилан, Кудаблы, Жебраил, Физили!
Қасірет сайын, ішімде бір нәрселер үзіліп жатты, үзіліп жатты, тіпті үзілетін де ештеңе қалмауға айналды… Қасірет желіне шыдас бермеген сыныптастарым, достарым, таныстарым, күзгі жапырақтардай төгіліп түсіп жатты… Сыныптасым Елшен… Үйлеріміз қатар қонған, көрші едік… Күндердің күні оның шаһит болғанын естідім. Көз алдыма мектебіміз, сыныбымыз және Елшинге қатысты барлық естіліктер келді. Ішімде тағы да бір нәрселер үзіліп жатты, сынып жатты, құлап жатты…
Біраз уақыттан соң Нағы да шаһит болды… Онымен де бірге оқыған едік. Өте тәрбиелі, өте қайырымды, досқа адал жігіт еді… Ішімде тағы бір нәрселер сынып жатты, жүрегімнің нәзік жіптері тағы да үзіліп жатты. Сүйікті ұстаздарымның бірегейі Теймур ағайдың ұлы шаһит болды… Бірге оқитын едік… Жүрегім… Тағы да үзілді… Біраз уақыттан соң Шакирдің де шаһит болғанын естідік… Бәріміз оны өте қатты жақсы көретін едік.
Біраз уақыттан соң, Самир… Жанаяспас досым Самир! Көзім су қараңғы көрместей… Отансүйгіш, қайсар мінезді жігіт еді! Өте ақылды, оқуда озат, үлкен армандары бар еді. Өзі сызып жасаған картада Солтүстік пен Оңтүстік Әзірбайжанды біріктіретін. Бұл әрекетін келемеждейтіндерге: «Осыдан қараңдар, міндетті түрде болады. Міндетті түрде ол күн де келеді», – дейтін. Соншалықты үлкен армандары бар еді, соншалықты үлкен… Бәрі де жарты жолда қалды. Досым Самирден айрылып қалдым. Ішімде бір нәрсе үзіліп жатты. Бұдан кейін жыламайтын болдым, көз жасым да тартылып қалғандай.
Біраз уақыттан соң Азер шаһит болды. Азердің өмір жолы ауыр да, азапты еді… Отбасының бүкіл ауыртпашылығы соның мойнында болатын…
Достарымның бірінен соң бірінен айырылдым… Біршамасы сияқты…
Құдай-ау! Қандай жоспарларымыз бар еді. Оқушы кезімізде бәрін де мақсат еттік. Соңғы қоңырау күні арамызда қандай керемет әңгімелер айтылды десеңізші! Естелік альбомына қатысты әңгіме емес… Бұл күнде альбомды қолыма ала алмаймын, бұл күнде…
Бір күні «Әли шекарада қолынан айырылды» деген хабар келді. Сыныбымыздың ең сүйкімдісі Әли еді. Кеудесінде жаны бар құсқа да зиян келтірмейтін қызуқанды Әлиді бұл халде көру үшін өзімізді дайындауға әжептеуір уақыт кетті. Оның алдында жыламай өзімді бекем көрсетуім керек. Кездескенде көздеріміз тоғысты. Бір-бірімізге қараған күйі ұзақ уақыт үнсіз қалдық. Алайда ішімде бір нәрселер үзіліп жатты, сынып, төгіліп жатты. Ол сәтте екеуміз де жыламай айырылыстық, үйге келген соң, өзімді ұстай алмадым, ағыл-тегіл жыладым. Ішімнен бір нәрселер тағы да үзілді, сынды…
Арадан едәуір уақыт өтсе де, заман жараларымызды емдеуде дәрменсіз болды. Өмірімнің ащы жүзіне сол баяғы көңіл-күй, қасіретке толы көзқараспен тесіле қарадым. Күндердің бірінде сыныптасымның үйлену тойына барған кезімде мұндай көңіл-күй жүрегіме одан да қатты әсер етті. Тойда сыныптасым менің де билегенімді қалап, қол бұлғады. Қолымды жоғары көтеріп бұлғаңдатып билей бастағаным сол еді, шеттен бізге, басқа да сыныптастарымызға қарап тұрған Әлимен көзім түйісті. Әли менің ыңғайсыз жағдайда қалғанымды сезді де жалғыз қолын жоғары бұлғаңдатып, билеп жатқандай кейіп көрсете бізге күлімдей жақындады. Оның сол сәтте қандай сезімде болғанын мұндай қолайсыз көңіл-күйді басынан өткермеген адам да сезінгендей болды.
Тойды көз жасымның тамшыларымен тәрк еттім. Жүрегімде тағы бір нәрселер үзілді, сынды, түсті…
Дәл осылай қолдау көрсетіп, билеу қасіретін басқа тойда да басымнан өткердім. Шаһит болған бір сыныптасымның қара орамалды анасының маған көз тігіп отырғанын байқадым. Құдай-ау! Қадалған көзқараста не жоқ дерсің? Менен өз баласының сұлбасын көріп, өмір дәптерлерін парақтап, біраз дүниені еске алды-ау… «Ұлым тірі болғанда, осылардың қасында қатарымен қосыла той тойлап, би билеп жүрер еді» дейтіндей. Байқұс ананың көзқарасы жүрегіме таудай үлкен салмақ түсірді. Ішімнен бір нәрселер үзілді, сынды тағы да…
Аурухана жаралыларға толы болатын. Жақындарынан, жанұясынан айрылған адамдардың саны күн сайын артуда. Олардың арасында көз жанарынан айырылған бір жас қыз да бар… Бір күні оның көңілін сұрауға барып, қалауы мен арманына құлақ түрдім…
– Бар арманым, бар қалауым – көзімнің көруі, – деді… Жаратушым, өмірінің ең ғажап күндерін аладағы жылдарда сүруге тиіс бұл қызды қандай жағдайлар күтіп тұр?! Ішімде тоқтаусыз бір дүниелер сынып, бір нәрселер үзіліп жатты… Қарабақтық әлгі қыздың жанында отырғанымда оның су қараңғы өмірге біржола байланғандығы уайымымды күшейтіп жіберді. Жанына демеу болып, бір жәрдем жасағым келгенімен қолым байлаулы, бар көмегім жанында отырмын. Онымен ары-беріден әңгіме айтып, аз да болса, өмірдің мәнін жете ұғынуына көмектескім келді. Бір күні: – Мен бұл бөлмеден басқа жерге аттап баса алмаймын, – деді. Бұл сөздер үзіліп түскен соңғы тамшыдай болды. Қол қусырмай, бір нәрсе жасау керек-ті. Қызға ең құрығанда жасанды көз жасау үшін ақша жинауға кірісіп кеттік…
Журналист ретінде іске кірісер алдындағы алғашқы күндерімнің бірі болатын. Жұмыс бабымен босқындарға арналған шатырдың біріне бас сұқтым. Ол жердегі кең жүректі ақсақалмен болған әңгімені ешуақытта ұмытпаспын. Өзіне берілген тиісті керек-жарақты алудан бас тартыпты. Себебін сұрадым:
– Ата, көмек үлесініңізді не үшін алмайсыз?
– Қызым, біреуге қол жаймай, нанымызды адал еңбекпен тауып жегендіктен бұл әрекет ауыр тиді. Тиісті көмек үлесін алып, шатырына жеткіздім. Бұл жолы да ішімде бір нәрселер үзіліп жатты. Кешке үйге келгенімде әкемді көре-сала, әлгі ақсақал көз алдыма келді. Әкеме ақсақалдан естіген ғибратты сөздерді айтып бердім. Әкемнің жүрегін тебірентіп жіберсе керек, жылап жіберді, мен де көз жасымды тежей алмадым. Үздіксіз ішімде бір нәрселер үзіліп жатты.
Оккупацияланған ауданнан бас сауғалаған халықпен сөйлесуге келдік. Төбенің басында жасы келген кейуананы көрдім. Жанына жақын келіп, әңгіме бастаудың ретін таппай, бір уақ оны сырттай үнсіз бақыладым. Шыдамым таусыла қайда қарап отырғанын сұрадым.
– Қызым, ауылым мына тұста, бірақ бара алмаймыз, – деді. Кейуананың жанына жайғастым.
– Көз ұшындағы ана ауыл біздікі, – деді. Біреу жүрегімді жұлып алып, қолымен аяусыз қысып жатқандай…
– Балам, ол жердің суын, жерін, ауасын табиғатын ешбір жер алмастыра алмайды. Мұнда тұншығып отырмын. Қас қарайғанда үйіме тартып кеткім келеді де тұрады. Байқасаң, бар болғаны 5-6 шақырым ғана, бірақ бара алмаймын. Барып сол жерде өлсем, тынышталамын. Барлық туыстарымның мазары сол жерде. Бұл жасымда бөтен жерде өлгім келмейді. Бір мезгіл үнсіз қалды. Қайтадан көздеріме кіріп кетердей қарап тұрып:
– Сен журналистсің, білесің, біз үйімізге қашан қайта ораламыз? – деді.
– Құдай қаласа… – дедім, өксікке тұншыққан үнмен… Осылай деуге ғана шамам келді. Бұл фәниден көшті… Үйіне орала алмай… Кейуананың көзқарасы мен менен жауап күткен бейнесі көз алдымнан кетер емес… Ішімде бір нәрселер тоқтамай үзіліп жатты…
Өткен күн елесінен қайтып, қонақүй бөлмесіне келдім. Он үш жасымда басталған өмірімді отыз жеті жасыма дейін осылай сүзіп шықтым… Өткен естеліктер әсерінен түнді ұйқысыз өткіздім. Ол жылдар ағысы көз алдымда фильм таспасы сияқты айналып жатты…
Таң бозара кірпіктерімді ұйқы жеңіпті… Елшен күлімдеп келді де:
– Қара да тұр, әкең сені маған береді, – деді… Мен айқайға басып:
– Жоқ, атай көрме, сен жақсы жігіт емессің! Оның үстіне оқу үлгерімің де нашар, –дедім…
– Мен бәрінен де жақсымын. Байқа, жақсы екенімді саған дәлелдеймін…
– Жоқ.
Шошып ояндым. «Неге олай дедім, неге шаһитті қорладым» деп өксігімді баса алмай, қайта ұйықтауға әрекеттенсем де бұл әрекетімнен түк шықпады. Түсімнің жалғасын көргім келді, түсімде болса да оған:
– Сен шынымен нағыз қаһармансың, – деп көңілін аулағым келді…
Таңғы ас ішуге қонақүйдің мейрамханасына түстім. Қонақүй даяшысы: – Сізді теледидардан көрсетті, құттықтаймын, – деді. Айналадағы жұрт маған күлімдеп қарай бастады. Кейбіреулері даяшының айтқанын қайталап: «Құттықтаймын» деп жатты. Қуанышты сезіне алар емеспін. Ақыл-есім түнде көрген түсімде… Естеліктерге жетелеп, өткен-кеткен күндерге апарған кешегі журналистпен тағы да кездесуге келіскен едік… Оның сұрайтын сұрақтары мен қайыра беретін жауаптарым туралы ойлана бастадым…
Қалың ойдың ішінде отырып, кешегі журналистің жаныма қалай, қашан келгенін мүлдем аңғармаппын.
– Сіз кеше өте қуанышты және үлкен әсерде жүрген едіңіз. Сізге «бақыттысыз ба» деп сұрақ қойдым, алайда жауап болмады. Қазір әсеріңіз шамалы болса да тарқаған шығар, сұрақты қайта қойсам, Сіз бақыттысыз ба?
– …
Өзімді соншалықты бақытты көрсетуге тырыссам да ішімде бақыт желі соқпады. Ешқандай қуанышты сезіне алмаймын. Сол сәтте көп жәйтті түсіндім, әрдайым ішімде үзіліп, сынып жататын «бақыт» талшықтары екен. Ішімде бұл талшықтардан өте аз қалғандықтан олардың қозғалып, қуаныш пен шаттықты сезінуі үлкен мұң болатын. Бір нәрселерді жоғалтқанымды түсінетінмін. Негізгі жоғалтқаным – бақытым екен…

ӘҢГІМЕЛЕ!
ЖӘННАТТАН БІР ХАБАР БЕР БІЗГЕ

Әзірбайжанның Ұлт қаһарманы – Самир Хасиевке

Біз онымен жақын туысқан едік… Біздің арамыздағы жолдастықтан да биік, бір-бірімізді жіпсіз байлауда ұстаған баудың аты – Достық!

Құрметті Самир!
Сен менің балалық шақтан досым едің, бейнең санамда мәңгі солай сақталады. Арамызда екі жас айырмашылық болды. Менен үлкен едің… Тағдырға көз салсаң, қазір мен «үлкенмін». Сен мәңгілікке жас бейнеңде қалдың. Шашыңның ағарғанын көрмедік. Суреттерден әрқашан сымбатты, паң жас бізге қарап тұрады… Менің шашымды ақ шалды… Қандай қиындықтарды бастан өткердік десеңші… Есіңде ме? «Ешқашан жылама, сенің жылағаныңды көрген адам өзін қарадай кінәлі сезінеді» деген едің… Сенен айырылған соң, көз жасым тіптен жиіледі. Бұл халімді сездің бе? Білмеймін, досым. Бірақта, құрметті досым, әлі күнге ешбір сырласым сен сияқты жүректен сөз айтпады…
«Сен жылама!»
Кіп-кішкентай бала кезімізде ойын арасында құлап, тіземді жарақаттап алдым. Есіңде ме? Қан тоқтамады, мен жылап жаттым. «Жылама» дедің. Жүгіріп барып су әкелдің де, тіземе жаймен құя бастадың: «Қара, сәл шыдасаң, қан тоқтайды» деп жұбаттың. Одан кейін, «Мұны итеріп жіберген қайсысың?» деп даусың қатты шықты. Сол сәтте балаларды жазалауға тіпті, бәрін де ұруға дайын едің…
Жүрегің тек жақсылыққа толы еді, Самир! Жақсылар мына дүниеден неге сонша ерте кетеді? Осыны түсінуге басым жетпейді. Бұл сұраққа жауап таппадым, таба алмаймын.
Отан туралы сөз басталса, сен құйындай құдіретке енетін едің… Отан үшін шаһит болуды Жаратқанның сыйы деп білетінсің, солай қабылдайтынсың. Сенің шаһит болатыныңды бұрыннан білетіндей, қаралы хабарды күткендей едік… Сен отан үшін, шаһит болу үшін туғансың, Самир! Қысқа ғана өмір жолыңда қаншама арпалыстан өттің…
Есіңде ме? Әр жазғы демалыста ауылға келгенде сенімен болашақ армандарымызды бөлісетінбіз. Менің аузым жабылмай, сан түрлі армандарды жайып салатынмын… Бірақ та сен қысқа қайырушы едің. Арамыздан өте тез айырылып кетеріңді сезетін бе едің? Мәселен, кімге ғашық екеніңді мүлдем айтпай кеттің. Мүмкін бұл жалғанда мақсатыңның толық орындалмай қалатынын білдің-ау…
Сүріне-жығыла жүріп бойжеттім, достым! Өмір мені аямады, аяушылық та танытпады. Кең дүние жанып-күйіп, тар қапаста қалдым.
Эмтиханнан соншалықты қорқушы едік, есіңде ме? Себебі, «Өте жақсыға» тапсыруымыз керек, «Өте жақсы»! Ең үлкен мәселеміз, уайымымыз эмтиханнан «Өте жақсы» бағасын алу болатын. Негізгі эмтихан адамдық эмтиханы екен, досым… «Өмір» атты мұғалім өте қатал және аяушылықтың не екенін білмейді екен.
Әрқашанда қателік жасағанымызды күтіп тұратындай…
Ал, енді сен сөйле, бауырым, Жәннәтта нелер бар? Бұл өткінші дүниеде бір-бірімізді өлтіруге дайын болған нәрселер үшін таласамыз, соны көріп бізге күлесіңдер ме? Әйел болу оңай емес бұл жалғанда… Жасым қырыққа келсе де, әлі де «әйел болу оңай емес» деген пікірдемін… Әйел болу үлкен абырой… Шынтуайтына келгенде бұл дүниеде нағыз адам бола білу абырой… Бұл өмірде нағыз адам болудың үлкен мәні бар…
Ай, досым-ай! Саған не туралы, кім туралы айтайын?
Ауыр да азапты, қайғылы ғұмырымды көргенде баз кешер едің. Білсең ғой, досым, қандай қиындықтар өткердім. Тағдыр жолы күтпеген тосын сәттерге толы емес пе? Азаптар мен қиындықтар ерте есейтіп, жетілдірді бізді… Мені көрсең танымассың. Бұрынғы биязы қызға мүлдем ұқсамаймын, мүлдем! «Сен өте қайырымдысың» деп едің… Менде өзгермеген бір ғана нәрсе қалса, ол баяғы сезім… Жылаған жас нәрестені, тіпті жануардың қиналғанын көрсем болды, көңілім босайды. Сол сәтте осы жағдайыма тәубе жасаймын. Жанарымда адамдық үшін әлі де үзілер бірнеше тамшы жастың қалғанына шүкіршілік етемін.
Сен өте зерек және мейірімдінің өзі едің, Самир. Жәннәтта да сенің әңгімелеріңе назар қойып тыңдап жатқанына күмәнім жоқ. Шаһит болғаныңда азаптандың ба? Біз ол уақытта сенің жаныңда бола алмадық. Сен біздің көзімізден аққан көз жасқа төзе алмас едің. Сен шынында шаһитке лайықты кейіпте аттануың керек-ті.
Үлкен Әзірбайжан құруды армандаушы едің. Әзірбайжанның қазіргі жағдайын көрсең, өте қатты қуанатын едің… Онсыз да көрініп тұр! Мен неге айтып отырмын? Әрине, сен бәрін көріп тұрсың, рухың арамызда…
Сен шаһит болдың. Аллаға өте жақынсың. Арамыздан бар болғаны жыл өтті. Бізбен бірге болмағаныңа бірнеше күн өткендей көрінеді… Ақтық сөзіңді де ести алмадық… Негізінде соңғы сөздеріңді күн сайын естиміз… Қарабақ, Шуша, Хожалы… дейсің… естиміз… «Бейітіме себуге уәде еткен бір уыс Қарабақ топырағыңқ айда» деп жиі-жиі сұрайсың… Бұл сұраққа нақты жауап бере алмайтындықтан, үнсізбін, Самир… Алаңдама, ол сұраққа міндетті түрде жауап береміз! Сен ол сұрақтың жауабы болатынына, сен!
Біз арқалаған жүктің салмағы өте, өте ауыр, әзиз дос… Есіңде ме? Болашаққа армандар құрушы едік… Мен алдымен журналист, кейін дипломат болуды армандайтынмын… Біз жанаяспас дос ретінде бір-бірімізді еш ұмытпайтын, еш бөлінбейтін едік. Бір-бірімізді жақсылыққа сендірсек те, айырылдық…
Шындығында арамыз өте алыс және өте жақын. 20 жыл өткеннен соң саған хат жазсам, демек бір-бірімізді ұмытпадық, соншалықты алыстап кетпеппіз! Бар болғаны өзіңді біздің қаншалықты құрметтейтінімізді білдіру үшін ғана айырылдың бізден… Я болмаса бізге отанды қалай сүю керектігін көрсету үшін кеттің… Әр жаз ауылға келгенімде: «Сені өте қатты сағындым, достым» деп айтпас едім… Мен өзгеше жанмын. Сен оралар болсаң, ең қатты қуанатынның бірімін… Бірақ та, елеусіз қалып, бұл сөздерді айта алмас едім… Саған өте қатты ғашық екенімді сезетінсің… Себебі қандайда талқылау басталса, мен сенің қағидаңды қолдап шығатынмын…
40 жасқа толған күні де сені еске алдым, сен туралы әңгімеледім. Бізді тастап кеткен достарымызды да… «Бізді ұмытты» демесін деп те… Ұмытпадық. Еш уақытта ұмытпаймыз!
Әлі күнге дейін жаз демалысында жүргенде сен бір жерден шыға келетіндей болып тұрасың… Кел…
Келсеңші… Сені қатты сағындық, Досым!

Түрік және әзірбайжан
тілдерінен аударған –
Еркінбек Серікбай

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *