Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі   Қарт Қаратау қалғиды жым-жырттана, Баурайында жатыр бір жұмбақ қала. Бұл шаһарды бар халық Құмкент...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстанның құрметті журналисі

%d1%81%d0%b0%d0%b1%d1%8b%d1%80%d0%b1%d0%b5%d0%ba01

 

Қарт Қаратау қалғиды жым-жырттана,
Баурайында жатыр бір жұмбақ қала.
Бұл шаһарды бар халық Құмкент дейді,
Ал, тарихы тереңде, тыңдап қара.

Көне кент талайларға болған мекен,
Іші-сырты гүлзарға толған екен.
Сауда-саттық дамыған, егін салған,
Айналасы жау өтпес қорған екен.

Қаланы Құттықия басқарыпты,
Таңбалап салған дейді тасқа әріпті.
Атақты Әмір-Темір досы болған,
Атынан хас дұшпаны жасқаныпты.

Шөжетай Көкордада шалқып жатты,
Екпіні жауды үгіп, жар құлатты.
Жалған дүние кімдерге опа берген,
Ханға да қарттық жетіп, қалжыратты.

Хан өлді. Орынына ұлы келді,
Бұл халық қайдан тапсын ұлыны енді?
Ұрыс ханның түсіне Сарай кіріп,
Бойына желік бітіп бүлінеді.

Жүрекке шайтан кіріп жайлағасын,
Жайпағысы келеді айналасын.
Арбасы амалсыздың қайдан жүрсін,
Ойпаңнан қырға қарай айдағасың?
Артыңнан қуып жетсе бір сұр мерген,
Қалмайды домаланып қайда басың?

Кер кезең қарамайды ұлысына,
Баһадүр батырсың ба, құлысың ба?
Алтын Орда билігі Бату ханның,
Тұр еді ұрпағының уысында!

Ұрыс ханның жоқ бұдан дерегі де,
Білмейді көңіліне керегі не?
Есірік атқан сайын сене түсті,
Қолына алған бұл істің өнеріне!

Ұрыс хан ат шаптырды төңірекке,
Сор арман тұнды-дағы көкірекке.
Қолына оңай билік тигеннен соң,
Алжасып өз-өзінен есірет те!

Ұрыс хан масаттанып, талтаңдады,
Тайқожа ханды барып, талқандады.
Тоқтамыс ұлы еді, қашып кетті,
Қарсы тұра алмады қалқандары.

Зұлым хан Құмкентті бетке алады,
Билікке деген іште дерт жанады.
Бейбіт жатқан халықты у-шу етіп,
Қаланы қиратты да, өртке орады.

Қартты да, баланы да дүрелетті,
Нар жігітті алдында жүрелетті.
Мұндай сұмдық болмаған бұрын-соңды,
Бар сымбатын даланың түре кетті.

Құттықия сол жолда қаза болды,
Тұрғындардың тартқаны жаза болды.
Құтырынған әскерлер қырып жатыр,
Таппайсың арасынан таза қолды.

Зорлық көріп қыз-келіншек еңіреді,
Айуандықтар осыдан көрінеді.
Осы тұста жауыздар Ұрыс ханға,
Әкелді кісен салып Едігені.

Жауыз жұртқа батпайды ешбір сындар,
Аямаса баланы қандай құн бар?
— Өлтір,- деді,- тұяғын ата жаудың,
Дарға асыңдар, қылышты қор қылмаңдар!

Мұны естіген Есе би шыдамады,
Екі ауыз сөз сондағы құрағаны:
— Ей, Ұрыс хан, қорықсаңшы әруақтан,
Дар ағашы алдыңнан шығады әлі!

Сол кезде өкінерсің, зарланарсың!
Талайдың жұлып алдың алма басың!
Баласы Баба Түкті Шашты Әзиздің,
Тектіні қалай ғана дарға асасың?

Осы сөз шіренгенді шідерледі,
Әйтпесе мойнын оның үзер ме еді?
— Жас екен, қидым саған,- деді Ұрыс хан,
Аман жүрсін әулиенің жүгермегі.

Жабырқап тұрған шақта сана қатты,
Есе би Едігені паналатты.
Қылышынан дұшпанның аман қалған,
Қос мұңлық қырдан асып бара жатты.

Бір үміт оянады санада енді,
Жүректе сәулелі ой жана берді.
Қолынан не келеді тұрғындардың,
Жаудырып ақ батасын қала берді.

Зорлықшыл есігіңнен сығаласа,
Бақ қонбас еш уақытта оған да аса.
Бұл кезде әдеп қашар түңлігіңнен,
Байлық пен бақытың да қоғамдаса.

Есе би елін ойлап торығады,
Ұрыс ханның кім түсер торына әлі.
Қынадай қара жұртты қырған ханның,
Анық-ты бір зауалға жолығары.

Қасірет демейді ме мың қабатты,
Сан бұлақ Қаратаудан тулап ақты.
Ұрыс ханның қисапсыз зорлығынан
Қанға бөгіп қарт Құмкент мұңға батты.

Есін жимай бейбіт ел жатыр әлі,
Күрсініп қарт Қаратау қақырады.
Баба Түкті Шашты Әзиз әруағы
Сабылғанды сабырға шақырады.

Соққан соң замананың өктем лебі,
Арман да аласарып көктемеді.
Тағаты таусылады Едігенің,
Ағасы Ұлытауға кеткен еді.

Балташық әкесінің інісі еді,
(Өзі де адамзаттың ірісі еді)
Әке өліп, өзі зорға құтылған соң,
Едігенің ендігі тынысы еді.

Қайын жұртта күнде думан, ырғын ән,
Еліктірді жас батырды жыр-қырман.
Ер Балташық армансыз-ақ тынықты,
Хабарсыз-ды Құмкенттегі қырғыннан.

Батаны да, сыбағаны мол алып,
Келе жатты туған жерге оралып.
Қаратаудың қылаңдады жотасы,
Сағынышқа толып екі аралық.

Аңсар жырға жас кеудесі тұнады,
Қарсы алады қыз бұрымды бұлағы.
Әлденені сезе қалған сәйгүлік,
Кенет, кенет, қайшыланды құлағы.

Барады жер дөңгелеп жұмарланып,
Келеді сұлулыққа құмар қанып.
Арада біршама уақыт өткен кезде,
Көрінді көне шаһар мұнарланып.

Бұлбұл құс «хош келдің» деп ән салуда,
Балташық туған жерге тамсануда.

Ата-ана, бауырларын сағынған-ау,
Келеді бір топ мұны қарсы алуға.

Қарсы алды күтуші топ думандатып,
Бір қу жүр улы тілін сумаңдатып.
Алыстан сусап келген қас батырға,
Ұсынды қымыз емес, су мен қатық.

Тіксінді мұны көріп Балташық ер,
Мұндайда ағайынмен қастасып көр.
Зұлымдар білдірмейді ішкі есебін,
— Жүрейік бір-бірімізге жақтасып,- дер.

Батыр аңғал келеді, жүрегі кең,
Демейді басқаларға «ірі едім мен».
Қарсы алушы қандастар қуанышты,
Сезілмейді ешнәрсе іреңінен.

– Ән саламыз бүгінгі тойында,- деп,
Сыр шертілді туған жер жайында көп.
Бір кезде апыр-топыр бола қалды,
Қыл арқан оралғанда мойынға кеп.

Тұл тағдыр тізерлеткен батырды да,
Балташық арыстандай ақырды да,
Қынынан алмас қылыш суыра алмай,
Өкінді бармақ тістеп, аһ ұрды да.

«Қашады ер басынан мақсат та ұлып,
Жаратпадың неге Аллам ақсақ қылып,
Сонда өкініш азаяр ед» деді батыр,
Ұрыс хан тұрды алдында сақ-сақ күліп.

– Батыр ең жолбарыстан қаймықпаған,
Адал ең қулықпенен жанды ұтпаған.
Алладан бұйрық келіп шідерлесе,
Ерлерді тағдыр қайда қаңғыртпаған?

Деп күлді: «Осы болды бар шарамыз,
Өзіңді Көк Ордаға ап барамыз,
Өзгеден бағаң артық батырсың ғой,
Мойыңа жібек арқан сап барамыз.
Өр мінезің тапталып қара жерде,
Шығады күні ертең масқараңыз».

Зұлым хан осылай деп күліп кетті,
Жүрегі хас батырдың іріп кетті.
Әзірге шыбын жаны кеудесінде,
Осы жай Балташықты үмітті етті.
Темір кісен аяғын кескіледі,
Найза намыс жүрегін тескіледі.
Налыды қайран батыр «күш сынаспай,
Жұртыма қашан менің ес кіреді?».

Ауыр-ау, қиын-ақ сын садағы,
Өкшені күйдіреді құм шағалы.
Әлден соң күн де батып ұясына,
Қараңғылық жанарды тұмшалады.

Не болар деп ертеңім батыр күпті,
Артыпты оған тауға татыр жүкті.
Қас қарая хан көшті кідіртті де,
Айдалаға сарбаздар шатыр тікті.

Бақытын залым ұрлап тысқырғалы,
Батырдың естілмеді ышқынғаны.
Таңға жуық тоңазып жатыр екен,
Естілді әлдененің ысқырғаны.

Дауыс жаққа екі-үш қадам аттады,
Тастамапты зәлім ханды бақ таңы.
Бір сұр жылан Ұрыс ханның үстінен,
Салбырап тұр өңешінен шаққалы.

Шақса жылан оны ажал құштырады,
Сондықтан батыр жылдам ышқынады.
Қалайша көзі қияр сұм ажалға,
Батырға тән сол кезде іс қылады.

Жылан басын қақшитты шағайын деп,
Батыр оның сұм басын қағайын деп,
Қанжарды көздеп атып жібергенде,
Ойламады жауына жағайын деп.

Артта қалып барлық зәрі ылаңның,
Шорт кесілді сонда басы жыланның.
Ал құйрығы хан бетіне сарт етті,
Қатты тиді тұяғындай құланның.

Хан шошына орынынан тұрды атып,
Ауызынан қанша боқтық бұрқыратып.
Аяғының астында кереқарыс
Жылан жатты көздерін жылтыратып.

Несіне кісімсініп паңданады,
Оққағар ұйқылы-ояу шамданады.
Кесілген бас, қасында қанжар жатыр,
Соны көріп Ұрыс хан таңданады.
– Жаныңды қыл арқанға қашатыпсың,
Азаппен қолдарыңды босатыпсың.
Мынаны өлтірген сен бе едің?
Хас шебері екенсің тас атыстың,–

Деді Хан тұтқынға қарап тұрып,
Жасамады батыр да ағат қылық.
– Хан ием, мен едім өлтірген, – деп,
Балташық танытты тағаттылық.

– Батыр ұл, тартынбағын, тіл қат маған,
Ұнамайды ынжық ез сырғақтаған.
Мүмкіндігін боп тұрып өлтірмедің,
Бұл мәрттігің, ерлігің жұмбақ маған.

Басылғандай көңілдің аптығы ақыр,
Жауыздығым арқаңа батты ма бір?
Бар қалаңды өртке орап, ойран қылған,
Жауды неге қорғадың, айтшы батыр?

Деді Ұлыс хан батырға көзін қадап,
Өзі қылыш болғанда, сөзі-садақ.
Дала заңы – достық пен бауырластық,
Балташыққа қажет пе тегі мадақ?

– Бұл халықта қорлық көрген жан аз ба?
Бірін-бірі қырып жатқан хан аз ба?
Тағы бір хан жыланға жем болса егер,
Мұндайлардың осы өлкеде саны аз ба?

Кетіскенмен кектенген жаман екен,
Тек жүргеннің басы әркез аман екен.
Адамдық намыс қайда? Рух қайда?
Басқасы дәні жоқ құр сабан екен.

Сені әуелі Жаратқан жазалаған,
Бір зәлім ой кеудеңді мазалаған.
Ішің қуыс болған соң ісің-мүрдем,
Ал, кеңдікті үйретті Дала маған!

Асыл басым боп тұрса дауға құрбан,
Батырлықты қайтемін жауға қылған.
Салған кісен, арқанға мойымайтын,
Биіктікті алғанмын Тауларымнан!-

Деп Балташық орынынан тұра берді,
Тымырсық ой тұншықты жырада енді.
– Бостандық, бостандық, – деп шат күлкімен,
Бір құдірет жаңғыртты құба белді.
Бәсі бөлек әрқашан сыйлы адамның,
Және абырой қасықтап жинағанның.
Жазаламақ болғанды кеңесші етті,
Ісін жасап жаманға қимағанның.

Ұрыс ханда кеңесші жеткілікті,
«Мұнысы не?» деп олар да көп күліпті.
Атасын сұрамаған нағыз ердің,
Бағала Дала Заңы – Тектілікті!

Содан бері қаншама уақыт көшкен,
Ерлік жыры, сірә да шығар ма естен.
Құмкенттің хикаясы таусылмайды,
Көне кент сан тағдырды бастан кешкен.

Сол қалаңыз бүгін үнсіз мүлгиді,
Қалың ойдың тереңіне сүңгиді.
Құпиясын қашан ашар бұл шаһар,
Деген сұрақ жүрегімді үңгиді.

Уақыт келсе құлар бір күн емен де,
Жарлы жүрек жаратарсың нені емге?
Шайтанарба мініп алған балалар,
Құмтөбеден зуылдайды төменге.

Жұмбақ қала сырын айтпас ашып тым,
Әнін айтпас ынтық жүрек ғашықтың.
Тілемейді тыныштықтан басқаны,
Бекер, шырақ, тас қорғанды басыпсың.

Қанша сәтің қалды мына қақпада,
Айтшы Уақыт, қайда әсем бақ қала?
Талай арман көмілген қыр мүлгиді,
Құс ұшып жүр баяғыдай топтана…

Бір шоқ қалған, соны үрле, жас ұлан!
Бар сырыңды шертші, Уақыт жасырған.
Құмкенттөбе – әруақтар мекені,
Маған ыстық анашымдай осы маң.

Көрінгенде Құмкенттейін шер қала,
Бағыштап өт Құраныңды қасынан!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *