«Шындық үшін  шыр-пыр болам…» «Шындық үшін  шыр-пыр болам…»
Құттыбек қажы Бөкенбайұлы:   «Сұхбаттасып отырған кісіңіз кім?» дейсіз бе? Оны шынымен білмейсіз бе? Иә, білмейсіз. Өйткені ол белгісіз ақын. Аты-жөні – Құттыбек Бөкенбайұлы.... «Шындық үшін  шыр-пыр болам…»

Құттыбек қажы Бөкенбайұлы:

 

«Сұхбаттасып отырған кісіңіз кім?» дейсіз бе? Оны шынымен білмейсіз бе? Иә, білмейсіз. Өйткені ол белгісіз ақын. Аты-жөні – Құттыбек Бөкенбайұлы. Мамандығы – құрылысшы. Сексенге таяғанша сезімі мен ішкі иірімдерін өлеңмен өрнектеп жинай берген. Он-он бес термелері ауыздан ауызға тарап айтылып жүргені де ақиқат. Бір қызығы сол – толғаулары мен топтама өлеңдерін жинақтап үш томдық кітап шығарған. Кім үшін? Кейінгі ұрпақ үшін. Кестеленген өлеңдерінің керегі қайсы, кебегі қайсы? Ендігі оқырман елеп-екшеп ала жатар. Ең бастысы –  ел деп соққан жүрегінің лүпілін сездім де, ақынжанды атамен сұхбаттасып, әңгіме өрбіткенді жөн көрдім. Неге? Шындық іздеп шыр-пыр болған мінезі мен тәлім беретіндей тәтті пайымдары бүгінгі жастарға ғибрат.

– Жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп, балалық шағыңыз Қызылқұм өңірінде өтті. Әке-шешеңіз ақ таяқ ұстап, ақтылы қой айдаған шопан болды. Табаныңызбен тікен теріп, қозы қайырған кезіңізде бала болып не қызық көрдіңіз?

– Балалық шақ адам баласының ең бір тәтті, алаңсыз, жер бетінде жамандық болады деп ойламайтын, жоқ пен бардың парқына бара бермейтін алғаусыз шақ. Ата-анаң маңдайыңнан сипаса, қарның тоқ болса, бар әлем тамаша, бәрі дос, бәрі жақын-туыс, таза-кіршіксіз көңілмен өтетін кезкең. Міне, қызық.
Біздер соғыс кезінде туған төлдерміз. Кішкентайымнан қауға түйеге міндім, қозы бақтым, анаммен бірге түнде қой күзеттім, арқасында жүріп ұйықтап қалсам астыма күпайкасын төсеп, үстіме орамалын жауып, айналамды ала арқанмен қоршап қоятын. Ондағысы – құрт-құмырсқа, жылан-шаян жоламасын деген сақтық. Арқан қойдың жүнінен, жылқының қылынан есіледі, өзінде ерекше иіс болады, сол иістен жәндіктер шошынады. Міне, қызық.
Анам жарықтық, маған қағанақ пісіріп беретін. Қой туғаннан кейін шуы түседі, артынан сол жерден қағанақ шығады. Ол өзі жұқа шар сияқты аппақ зат. Апам оны кесіп алып жаңа туған қойдың ащы уызын соған сауады. Ауызын байлап жанып жатқан оттың астына тығады. Екі-үш минутта піседі, оттан суырып алып, қағанақты жарып алдыма қояды. Дәмі тіл үйреді.
Міне, қызық.
Шағыл құмда селеу деген шөп өседі. Бір шоғын құшақтасаң құшағың толады. Тікені жоқ, жағымды иісі бар сұлу өсімдік. Сол сұлулықтан, сол иістен мен де иіс пен сұлулықты сезіндім. Ғұлама этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбектің атасы ұрпағына ол атты бекер қоймаса керек.
Міне, қызық.
Әкемнің өзі қатарлы шопан достарының ішінде Жұбандық деген жалғыз қызы бар кісі есімде. Өзі қобызбен ыстық шайды бір ұрттап қойып таң атқанша жыр айтатын. Сол кісінің аузынан Қобыланды батыр, Алпамыс батыр, Ертарғын, Мұңлық-Зарлық, Қыз Жібек дастандарын тыңдап отырып-ақ жаттап алдым, бес жасымнан мен де соларды айтуға жарап қалдым. Мені тыңдау үшін көрші құдықтағы шопандар үйге жиі келетін болды. Ештеңе ойымда жоқ, айт десе, саудыратып соғам да отырамын. Бір күні анам жарықтық: «Құтжан, енді сен жыр айтпайсың, тіл-көз деген болады. Мен сегіз перзентімді жерге берген анамын, сенен айрылып қалғым келмейді, енді тиыл балам» – деп қатты ескертті. Анамның көзіндегі жас-
ты көріп шошып кеттім, содан кейін жақ ашпайтын болдым.
Міне, қызық.
Бір күні апам екеуміз ферманың орталығына бардық. Жұмысы біткен соң біздің отарға баратын машинаға міндік. Бұрын машина көрмегенмін. Шанағына отырып жайғастық. Иір темірмен бір нәрсені бұрап жіберіп еді, машина селкілдеп оталды, дауы-
сы гүрілдеп зәрені ұшырды, қалай секіріп түскенімді білмеймін, өзі-міздің құдыққа қарай зытып бердім. Апам айқайлап машинаның үстінде қалды, мен артыма қараған жоқпын, жүгіргеннен жүгіріп он шақырымдай жерге екі өкпемді қолыма алып зорға жеттім.
Әжем алдымнан шығып, менің түрімді көріп шошып кетті: «Апаң қайда, неден қашып жүрсің?» – деп, мұздай су ішкізіп, таңдайымды басып, әбігерге түсті де қалды. Менің тек «машина» деуге ғана шамам жетті.
Міне, қызық.
Айта берсе қызық көп, замандас-тарымыздың балалық шағы қиын-дау болғанымен, қызық өмір еді, біздер табиғаттың төл баласындай барлығын қолымызбен ұстап, өзіміз істеп өстік.
Құмның өсімдіктері ерекше сұлу, сексеуіл деген ағаш өте қатты, балта кеспейді, тек ұрып сындырасың, қысы жазы көкпеңбек болып тұратын салмалары әсем көрінетін. Көктемде қоянсүйек гүлдегенде сырғасы ырғалған әсем келіншекке ұқсайтын. Жүзген гүлдегенде жаңа жылға сәндеген шыршадай сәнденіп, гүлдері әртүрлі майда шар сияқты желге тербеліп тұратын. Жабайы жануарлары ше?
Қазіргідей смартфон, планшет, компьютер, телевизор болған жоқ. Біздер есімізді білгеннен бас
тап еңбекке араластық. Еңбек біздерді адамгершілікке, тазалыққа, шыншылдыққа, қамқорлыққа, бас-қа түскен қандай қиындықты да еңбекпен жеңуге болатынын үйретті. Сол еңбек арқылы осындай дәрежеге жеттік.
Қызықтың үлкені осы.

– Аузы дуалы ата-бабалары-мыздың қисынына сүйенсек, тәлім-тәрбие бесік жырынан басталады дейді. Әсіресе, «Әлди-әлди ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем, қазір анаң келеді, ақ мәмесін береді, соны еміп тоясың, жылағанды қоясың» – деген Сарагүл әжеңіздің әлдиі, анаңыздың бесік жыры еміс-еміс есіңізде шығар? Қазіргі аналар бесік жырынан жырақтап бара жатқан жоқ па?

– Бесік жырын айтпаған бұрынғы кезде қазақта ана болмаған, тек баланы жұбату ұшін ғана емес, бесік жырын айта отырып ана өзінің басындағы мұң-шерін де, көңіл-күйін де сыртқа шығара білген. Бұл әлемде өзінің сүйеніші де, үміті де, жан тыныштығы да сол перзенті екендігін білдірген.
Екі анам болды, біреуі – туған анам, екіншісі – туған інісі қайтыс болған соң әмеңгерлік жолымен алған келіні. Үлкен анам он құрсақ көтерген, соның екеуі ғана тірі қалған. Үлкен анамды «әже» деп, кіші анамды «апа» деп өстім. Кіші анамыз құрсақ көтермеген кісі екен. Бір шал, екі кемпірдің арасында екі ғана бала болдық, мені шарана кезімнен апамның қойнына салған. Ержеткенше мені сол кісі туды деп сеніп жүрдім.
Ол кісі басымнан құс ұшырмай, көлеңке түсірмей еркелетіп өсірді. Мен үшін небір қиындықтарға шыдады. Түнде мені арқалап қой күзетуге шығатын. Сонда қойнына алып отырып көбіне мұңды әндер айтатын. Даусы да тәуір еді. Әрине, әлди емес. Сонда бұл кісі неге мұңды әндерді көп айтады деп ойланушы едім, оның мәнісін өскен соң түсіндім.
Дүниеде сұлу да, қызық нәрселер көп, бірақ мен үшін ең сұлу көрініс – бала емізіп, бесік тербетіп отырған ана. Әлемнің бар құдіреті, сұлулығы сол ананың сезімі мен әрекетінде жатса керек. Бала емізбеген, бесік тербетпеген әйел көкек ана секілді елестейді.
Сәбиді емізіп отырғанда ана көкірегінің жұпар иісі баланың тұла бойына тарайды. Ол иісті бала ешуақытта ұмытпайды, оған тең келетін иісте жоқ. Бесік әлдиі де тап солай, нәресте кезінен құлағына сіңген үн ержеткенде, қиналғанда, қуанғанда оған дем беріп, қолдап тұрады. Бесікке жатпаған, әлди үнін естімеген бала жартылай қазақ болып өседі. Біздің бала өсірудегі ұлттық дәстүріміз бесік жырынан басталады, өз дәстүрін айрылған ұлт дүбәра болып кетеді.

– Ғұламалардың пайымдауынша адам үш нәрседен қателеспеуі керек екен:
1. Мамандық таңдау.
2. Жар таңдау.
3. Жолдас таңдау.
Біздің білуімізше сіз осы үш мәселеде де жаңылмаған сияқтысыз. Қырық жылдан аса құрылыс саласында тынбай еңбек еттіңіз. Екі қолға бір күрек алып қатардағы жұмысшыдан трест басқарушысына дейін қыз-меттер атқардыңыз.
Теріңіз текке төгілмепті, ерен еңбектің игілігі болар Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшысы», Мақтарал ауда-нының «Құрметті азаматы» атақтарын алып, бірнеше медаль, төс белгілермен марапатталып зейнетке шықтыңыз. Әу бас-та, осы құрылысшы мамандығын таңдауға не нәрселер әсер етті?

– Адам баласы бар ғұмырын өлшеп-пішпек түгілі, ертең не боларын білмейді. Мектепте жақсы оқыдым, алтын медальмен бітірдім. Шымкент қаласына келіп, құжаттарымды Қазақ химико-технологиялық (КазХТИ) институтына тапсырдым. Оқуды бітіріп, инженер-құрылысшы мамандығына ие болдым.
Жұмысты Жетісай ауданынан бастадым: аға инженер, шебер, учаске бастығы, бас инженер, ЖМК бастығы, трест басқарушысы, үлкен компанияның бастығының орынбасары болып жүріп құрылыстағы еңбек жолым аяқталды.
Осы салада қырық жылдай еңбек еттім, жаман атым шыққан жоқ. Менің басқаруыммен салынған құрылыстар әлі мызғымастан тұр, қаншама мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер, басқа да құрылыс нысандары осы күнге дейін ел игілігінде.
Құрылысшы деген – Ұлы мамандық. Оның олай болатыны, біздер бүтін нәрсені бұзбаймыз, бұзылғанды орнына келтіреміз, жаңасын саламыз.
Құрылыс деген елдің келешегі, оның сәулеті. Құрылыс тоқтаса, елдің өсуі де тоқтайды. Құрылысшы болғаныма қуанамын, әрі мақ-тан етемін. Өйткені оңтүстік өңірінде менің өшпестей ізім мен қолтаңбаларым қалды.
Доссыз адам қанатсыз құспен тең.
Дәуренің жүріп тұрғанда дос та, жолдас та көп. Жасың ұлғайып, зейнетке шыққан соң, қолдан билік кеткесін жалған дос, есепті жолдастар өз-өзінен азаяды екен.
Шын досың: замандасың, мұңда-сың, сырласың, шер тарқатарың, қиналсаң жәрдемшің, қайғыны бөлісерің, қуансаң тілектесің. Дос болу да оңай емес, достан бір нәрсе дәметсең сенің достығың – өтірік.
Баяғыда екі дос жігіттің біреуі жау қолына түсіпті. Оны құтқаруға барған досына жаудың басшысы: «Сен досымнан ешнәрсемді аямаймын депсің, осы сөзің рас па? Рас болса екі көзіңді ойып аламын, осыған көнсең досыңды босатамын» депті. «Әрине, рас. Екі көзімді қазір ойып ал да, досымды босат» депті. Жау екі көзін ойып алып, досына апарыпты.
Досын құшақтап, екеуі мауқын басқан соң: «Ал, досым, енді елге қайтайық, мені жетектеп жүр» деп, екеуі елдеріне аман-есен жетіпті. Мұны көрген жаудың басшысы: «Бұл елді жаулап алуға болмайды екен, мұндай достаса білген азаматтары бар елдің іргесі берік, мызғымас қамал болса керек» деп, әскерін ертіп еліне қайтқан екен.
Менің де екі-үш досым бар.
Апталап көрмей қалсақ, бір-бірімізді сағынып, іздейміз, кездес-кенде жастық шақтарымыз еске түсіп әңгіменің тиегін ағытамыз, жасарып қалғандай күй кешеміз.
Өмірдегі ең қиын нәрсе – жалғыздық. Достарымның барлығына тәуба деймін.

– Жалыны лаулаған жастық шағыңызға оралайықшы. Орта мектепті тамамдағасын, жоғарғы оқу орнына түстіңіз. Әскери борышты да өтеп қайттыңыз. Зілі жоқ зіңгіттей жігіт болып келдіңіз, махаббаттың буына мас болдыңыз. «Бұрала өскен боз қайың, бір сырды саған қозғайын» – деп, саялы жылдарды сағынышпен еске аласыз. Біздің білуімізше сіз саябақтың ішіне фотограф іліп қойған топ қыздардың суретін көріп, соның ішінен біреуіне ғашық болыпсыз. Студенттердің жатақханаларын шарлап жүріп, сол сұлуды тауыпсыз. Бұл неғылған махаббат өмірде кездеспеген? Сұлудың бейнесі мен кескін-келбеті сіздің жүрегіңізді қалай жаулап алды?

– Мен Мәжнүн де, Онегин де емеспін. Сөзіне берік, ойлағанын орындайтын қазақтың қара баласымын. Паркке кіріп бара жатып стендтегі суретті көргенім рас, бірден ғашық болдым деп айта алмаймын. «Жұлдызы жарасты» деген сөз бекер болмаса керек, сурет жүрегіме жылылық ұялатты.
О, бастан Алла тағала біздерді бір-бірімізге серік болу үшін жаратқан шығар. Суретін қайта-қайта көріп жүріп, өзімен ойда жоқта кездестім. Театрға, киноға бардық. Қолтықтасып жүргеніміз жоқ.
Елден ерек сұлу да емес, қазақтың қарапайым, мінезі ұяңдау, көп сөйлемейтін, біртоға, ибалы бойжеткен еді. Оның мінезіне, жанының тазалығына, мейірімділігіне, ина-баттылығына, өз бағасын білетін-дігіне, ақ, адал көңіліне ғашық болдым. Бір сөйлескеннен-ақ осы қыз менің өмірлік серігім, жан аямас досым, бала-шағамның анасы болады деп шештім. Оның да кетары емесін сездім. Бір-бірімізді іштей ұғыстық.
Тағдыр қосып отау құрдық. Басында қиналыңқырадық, басымызда баспанамыз жоқ, ішер асқа кейде жарып, кейде жарымай өмір сүрдік. Бірақ мойымадық, сенімдерімізді жоғалтпадық, оның тұрақты мінезі, адалдығы, еңбекқорлығы талай қиындықтан алып шықты.
Балалар өмірге келе бастады, анамыз қолымызда, келініне бала тәрбиелеуге көп көмегі тиді. Ене мен келін өте тату болды, анам қартайған шағында келініне: «Сен үйден кетсең мені мына төрт қабырға басып қалатындай болып көрінеді. Сен келсең арқа-басым кеңіп, көңілім жайланады» – деп, отырушы еді.
Әкем жарықтық айтатын: «80-нен жасым асқанша әйелім жаман деген еркекті, күйеуім жаман деген әйелді көргенім жоқ» – деп. Тату тұрған отбасыда жаман еркек, жаман әйел болмайды. Әрине, жан жарыңды мақтай беруге болады. Көп сөйлемейтін, сөйлесе тауып айтатын әдетіне ризамын.
Шардарада тұрамыз, кешке жұмыстан келсем әйелімнің онша мазасы жоқ, бетіме жалтақтап қарай береді, «Не болды» десем, «біреу үйге телефон соқты, трубканы алсам, сенің күйеуің менің жүріп жүрген қызымды тартып алды» дейді. Аңырып қалдым. Сонан соң, «үйіңде әйелің бар ма деп сұрадым». Ол «бар» деді. «Олай болса әйеліңе егелік қыл, әйтпесе оны да тартып алады» – дедім, трубканы тастай салды. Мен де қысылыңқырап тұрып: «Ой, ақылдым» – деп, бетінен қалай сүйгенімді білмей қалдым. Басқа әйел болса үйде қырғын жанжал, айқай-шу болатын жағдай ғой.
Бір күні қолымызға келін боп түскен жақын қайнысының әйелі: «жеңеше, қайныңыз мені ұра береді, күн көрсетпейді, оны жөнге салмасаңыз болмайды» деп, арыз айтып келіпті. Оған жеңешесі: «әй, шырағым, бұл құйысқансыздардың бәрі шетінен жынды, шыдасаң қатын боласың, шыдамасаң кете бересің» депті. Сол келін шыдады, қазір үлкен отбасының иесі.
Жасы 63-ке келгенде, «Айғақ» телекомпаниясының тілшілері әйе-лімнен сұхбат алды: «Апай, сіз еркек пен әйелдің арақатынасы қандай деңгейде болуы керек?» деп, ойлайсыз деген сұрағына: «Шырағым, Алла тағаланың өзі адам баласын еркек пен әйел етіп жаратқан. Екеуіне де өз міндеттерін бөліп беріп қойған. Әйел еркек бола алмайды.
Әуелден еркектен бір саты төмен етіп жаратылғаны даусыз. Еркек боламын деп тыраштану ақымақтың ісі, қайта өзінің маңдайына жазылған әйелдік міндеттерін толығымен орындаса – сол әйел бақытқа бөленеді. Бесікке асылып бала емізіп отырған ананы көз алдыңа елестетші, одан өткен сұлулық, одан ғажап сурет бола ма? Немесе, сүйген жарың жұмыстан шаршап келгенде алдынан күлімдеп шығып, қолына баласын ұстатсаң, баласының тамағынан иіскелеп, емірене сүйген әкенің мейір-шапағаты ғажап емес пе?
Дастархан басында отырып өз қолыңмен шай бергенде күйеуіңнің түріне назар салсаң, көзінен саған деген өшпес сүйіспенешілік пен ризашылықты байқауға болады. Соларды сезіп, сондай жағдай жасай алған әйел өмірде бақытты. Әрине, оның бәрі оңай тірлік емес, ол үшін ақыл, сабырлылық пен төзім, сезімталдық керек. Қысқасы, әркім өз орнын білсе, соған ылайық жұмыс жасаса маңдайы жарқырайды.
«Еркек – әйелдің пірі» деген рас сөз. Өзің ұнатып етегінен ұстаған соң оны піріңдей сыйламасаң, ел қатарлы азамат болуына жағдай жасамасаң, оғаш қылықтары мен мінездерін кешіре білмесең, «менің сенімен құқығым бірдей» деп, шапылдап жағасына жармаса берсең, екеуінің отан болып кетуі екіталай. Әйел әрқашанда еріне қамқор болса, ол отбасыға тыныштық пен бейбітшілік орнайды.
Бар ғұмырың бірге өтетін болғандықтан, одан өткен бұл дүниеде жақының, жанашырың болмайды, ол жақсы болса сенің де жақсы болғаның.
Күйеуіңнің әке-шешесін сыйлау, құрметтеу, қартайса күтімге алу –сенің міндетің. Көңілінен шықсаң ақ батасын береді. Үлкеннің батасы-сенің өсіп-өнуіңе септігін тигізеді, мұратыңа жеткізеді. Келін болып түскелі бері ата мен екі енемді қолымнан шығарып салған кісімін. Барлығы да ризашылықпен баталарын беріп кеткен. Құдайға шүкір, қазір жаман емеспін ел қатарлы келін түсіріп, немере сүйіп, әже болып отырмын. Қысқасы, өмірді мәнді еткізіп сүру өз қолыңда» деп жауап берді.
Менің бұған алып-қосарым жоқ.

– Үйлендіңіз, үй болдыңыз. Отау тігіп, от жақтыңыз. Қазақ: «үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды» деп мәтелдейді. «Қызғанба, жаным, мені қызғанба, шүріппені бастың махаббат оты қызғанда» деп, бір өлеңіңізде өрнектепсіз. Мұхаммед (с.ғ.у) пайғамбарымыз:«қызғаныш адам баласына тән, хайуан ғана қызғанбайды» деп хадисінде тәпсірлегенін білесіз. Жалпы қыз-ғаныш деген не, жақсы көруі ме?

– Қызғаншақтық деген – ауру, оны жұқтырған адамның үйінде күніге жанжал, отбасының берекесі кетеді. Қызғаншақтықтың түр-түрі бар, біреу-біреудің бағын, біреу байлығын, әдемі түрін-келбетін, істеп жүрген қызметін, үйіндегі әйелін, қысқасы қызғанбайтын нәрсесі кем.
Сенің сұрағыңның түп-төркіні әйел туралы-ау, жауап беруге тырысайын.
Қызғаншақтық, ол да махаббаттың бір түрі, бірақ ең әлсіз түрі. Әйтсе де, әйеліңді қызғанбағаның оны жақсы көрмегенің, қызғанбасаң адам болмағаның.
Әйел – адалың, қанып ішер бұлағың, жұтатын жұпар ауаң, оны қалай қызғанбассың.Қызғаншақтықтың жалғыз емі – мықты сенім. Сенім- мызғымас қамалың.
Жұбайымыз екеуміздің арамызда бұл мәселе жөнінде кикілжің болған емес, бір-біріміздің арамызда сеніміміз мол. Соған шүкір дейміз, сілекейіміз сірне татумен келеді. Үйде ұсақ-түйек ұрыс-керіс қылаң бергенімен, қызғаншақтықтан жанжал болған емес.
Мінекей, жанжал-даусыз жарты ғасырдан аса бір жастықта қартайдық.

– Атақты ақын-жазушылардың өмірбаянына үңілер болсақ, әу бас-та таңдаған мамандықтары басқа. Мысалы, Ілияс Есенберлин – тау-кен инженері, Олжас Сүлейменов – геолог, Софы Сматаев – металлург. Олардың бәрі шығармаларын оқырмандарына ұсынып отырған. Сіз құрылысшысыз. Жазғандарыңызды жарияламай жинай бергенсіз. Пайғамбар жасынан асқанда «іштен шыққан шұбар жыландарыңызды» жинақтап үш томдық кітап шығардыңыз. Абай атам да «өлеңді ермек үшін жазбаған». Сіз де еріккеннен қолға қалам алмаған шығарсыз. Ақындық ата-бабадан дарыған қасиет пе?

– Бозбалалық шақтарда қыздарға өлең жаздық, бірақ алып бара жатқан талант болмағасын оның соңына түспедім. Кейде қуанғанда, сағынғанда, қапаланғанда, бір нәрсеге ынтыққанда өзінен-өзі бес-алты жол өлең, немесе сөз оралатыны бар, қолым тисе соны түртіп қойып жүрдім. Осы кезге дейін өзімді ақынмын немесе жазушымын есептемеймін. Бірақ жас ұлғайған соң артымдағы ұрпақтарыма естелік болсын деген оймен эсселер, өлеңдер жаздым. Жазушы ағам Айдархан Бибасарұлына жазғандарымды көрсеттім, ол кісі оқып болған соң: «Құрылысшымын деп қысылма. Жазу жүрекпен жазылады, ол мамандыққа қарамайды, мынауың әжептеуір дүние екен» деген сөздері маған қанат бітіргендей болды. Бұрынғы түрткендерімді жинақтап үш кітап шығардым, олардың бағасын оқырмандар берер, ал оқығандар «жақсы екен» дейді, соған да шүкір.

– Жарықтық, әкеңізді, азамат ретінде еске аласыз. Әйгілі Мәшһүр Жүсіп секілді өзінің өлерін алты ай бұрын айтқан әулиелігі де болған. «Дүние, дүние, дүниесің, несіне көңілім сүйінесің, жарықтың арты қараңғы, ақыры бір күн күйінесің» деген өлең шумақтары есіңізде қалыпты. Әйтсе де, әкеңіз айтқандай өкініш, күйінішіңіз бар ма?

– Әкем ортадан биіктеу, өте қарулы, артық салмағы жоқ, сыптай, ажарлы кісі еді. Жас кезінде Бөкенбай шабандоз деген аты шыққан. Жетімдікті де, революцияны да, ашаршылықты да, соғыс кезіндегі ауырпталықты да, сегіз перзентін жерге берген қайғыны да басынан өткерген, бірақ мойымаған. Көп сөйлемейтін, сөйлесе тауып айтатын, біреуді жамандамайтын, жүрген жерін сыйлай білетін, өзін сыйлата алатын. Кешегі соғыстың алды-артында 20 жылдай шопан болып істеді, абыройлы болды.
Қой жайып кетіп кешке келгенде шапанының қалтасынан екі кәмпит алып беретін. «Ата, мұны қайдан алдыңыз» десем, «е, бағана қой жайып жүрсем екі тышқан екі кәмпитті құйрықтарына қыстырып індеріне кіріп бара жатыр екен. Соларды қамшыммен тоқтатып, «сендер кәмпит жемейсіңдер ғой, маған беріңдер, мен сендерге арпа берейін деп, бір уыс арпаға ауыстырып алдым» дейтін. Мен оған сенетінмін. Апта өткен соң: «Ата бүгін тышқандар кездеспеді ме?» деп сұрайтынмын. « Жоқ, балам, бүгін кездеспеді, ендігі аптада кездесіп қалар» дейтін. Мен үшін ферманың орталығындағы дүкенге барып сатып әкелетінін кейін білдім. Бұл – әке мейірімі.
Біздерді дүниеден өткенінше «екі қозым» деп кетті. Шаршап келсе де басымыздан сипап, тізесіне отырғызатын. Кешке тамақтанып болған соң, біздерге қызық әңгіме айтатын. Ата-бабалар туралы, шыққан тегіміз жайлы, шешендік сөздерді де көп айтатын, сауатсыз болса да, көкірегі қазына. Әкем мен үшін асқар таудай көрінетін, жақсы көріп өстім, көздерінен төгілген жылылық пен мейірім шексіз. Бұл отбасылық мейірім.
Өкініш туралы айтатын болсам, сондай қамқор әкеге ешқандай жақсылық жасай алмаған сияқтымын. Енді ержетіп дүние таба бастағанымда өмірден өтті. Бұл қаза маған ауыр тиді, көпке дейін әкемнің жоқтығына сене алмадым. 83-ке келгенінде сатыдан құлап, жөнделе алмады, жатып қалды. Көңілің сұрап бір барғанымда: «Балам, мен енді осы кеселден дүниеден өтсем керек, қамыңды жей бер. Сен жасыма, азамат болдың, ешкім әке-шешесін жанына байлап жүрген жоқ, бұл тағдырдың ісі, мен ораза айттың бірінші күні дүниеден өтемін» деді. Айтқан мерзіміне тура алты ай уақыт бар болатын. Мен сенбедім, бірақ әкемнің айтқаны тура келді, ораза айтының бірінші күні бақилық болды.
Өкінбейтін адам-ойсыз адам, өткен бар, кеткен бар, басқа да жағдайлардың әттеген айы бар, оны тізбектей берсең таусылмайды. Қуанбайтын, өкінбейтін адам болмаса керек. Өмірімде өкінішімнен гөрі қуанышым көбірек сияқты, соған шүкір деймін.

– Жыр-термелеріңіздің сарынына қарағанда жаныңызды жегі құрттай жеген уайым бар сыяқты. «Егеменді елміз деп, көкіректі қағамыз, жылдар жылжып өтсе де жыртық қой әлі жағамыз, елге келген кірмеден артық емес бағамыз, арам пиғылды тимасақ, ел болып қалай қаламыз» деп, термелейсіз. Күйзелесіз, күңіренесіз. Елімізді етектен тартып тұрған ең басты бәле не нәрселер? Жіктеп, жіліктеп, таратып айтыңызшы?

– Айналдырған он миллионға жетер-жетпес қазақпыз. Алла берген ұлан байтақ жеріміз бар, оның асты-үсті толған қазба байлық. Егемендік алғанымызға 30 жыл. Үйсіз-күйсіз жүрген кім? Қазақ. Базарда арба сүйреп жүрген кім? Қазақ. Мешіттердің алдында қайыр сұрап тұрған кім? Қазақ. Біз неге мұндаймыз, үкіметтен, басшылардан кеткен қателіктер бар шығар, бірақ үлкен қателік өзімізде.
Біріншіден – жемқорлыққа үйірміз, кішкене таққа мінсек шіреніп шыға келеміз, біреу бірнәрсе бермесе ісін бітірмейміз.
Екіншіден – жалқаумыз. Оқығымыз келмейді, білімсіз дамымайтынымызды, озық елдерге жете алмайтынымызды түсінбейміз, баяғы кеңқолтық қазақтықтан арыла алмай келеміз.
Үшіншіден – алты қарыс алауызбыз. Бар бақыттың, байлықтың ынтымақта екенін, осыны үндеген ұлы бабалардың өсиеттерін естен шығарып барамыз.
Төртіншіден – ұятсыздыққа бет
алдық, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеуді ұмытқан сияқтымыз. Ең сорақысы, өз тілімізде сөйлеуге арланамыз, тілі жоғалған елдің өзі де жоғалатынын түсінбейміз. Ұлттық салт-дәстүрімізден ажыраудың алдында тұрмыз. Ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-сана-мыз ұлттың өзіндік болмысы, өзіндік ен-таңбасы, өзінше ел болудың түп-тамыры екенін білмесек, біз қалай қазақ болып қаламыз.
Бесіншіден – қыздарымыз көрін-геннің қолтығында кетіп жатыр, оң жақта отырып жүкті болса, балаларымыз шет елге сатылуда. Мұндай сұмдықтар қай заманда, қай қазақтың басынан өтіп еді? Қазақ-қазақ болғалы мұндай пәлекет болған емес, мұны тез тимасақ ата-бабалар рухының алдында күнәһармыз.
Жер бетіндегі ең қаны таза – қазақтар деп бүкіл әлем жар салса, біздер сол қанымызды ластап жатырмыз.
Алтыншыдан – бұрын қазақтарда жесір әйел, жетім бала, қарттар, балалар үйі деген болмаған. Қазір осының бәрі бар. Бұл азғындап бара жатқанымыздың белгісі.
Жетіншіден – біреуді мақтауға, мақ-тануға келгенде алдымызға жан салмаймыз. Бәріміз «патриотпыз», бірақ бітіріп жатқан түгіміз жоқ.
Сегізіншіден – намысымыздан айрылып барамыз. Әрбір қазақ ұл-қыздары өзінің қазақ болып туғанына мақтанбаса, өз еліне өзі еге екендігін түсінбесе, біздің болашағымыз бұлың-ғыр болмай қайтеді. Қазақ болып туған соң қазақ болып өлетіндер, ұғынатындар қанша? Аз-ау. Аз.
Алла берген тәуелсіздікті ой-лайсың, оның мәңгілігін тілейсің. Үміт жоқ емес, болашақта еліміздің гүлденетіне сенгің келеді. Ол үшін әрбір қазақ баласы бақ пен бақыттың кілті бірлікте, намыста, білімде екенін, қазақ дегеннің өз алдына, ешкімге ұқсамайтын, қаны таза – дара ұлт екендігін түсінсе, тілін, ділін, дінін, салт-дәстүрін сақтаса болашағымыздың жарқын болары сөзсіз.

– Жұмыр басты пенденің басым бөлігі жүрегінің ішімен емес, тілінің ұшымен сөйлейтініне қынжыламыз. «Жүрек – адам денесінің өмір берер патшасы, шыбын жанның тұрағы. Үлкеннен ұялып, кішіге рахым жасайтын, елжіреп-еритін, жамандықтан жеритін, әділет, нысап, ұят, рахым, мейірімнің отаны» – дейсіз. Әдемі сөз. Әділ сөз. Бүгінгі жастардың жүрек лүпілін қалай бағалайсыз?

– Жастардың бәрін жамандаудан аулақпын, олар артымыздан ерген болашағымыз, еліміздің тірегі, ізімізді жалғастырушылар, оларасыз өмір жоқ. Батыстың даңғазасына еліктеп, секектеп секіріп, еркегі де, ұрғашысы да жалаңаштануға әуес болып барады. Әсіресе, қыздардың тұрмыс-тіршіліктеріне қарным ашады. Біздің ұлтта қыз кезінен жыныстық қатынасқа түсіп, екіқабат болу бүкіл отбасына, ауылға, елге қара таңба басқанмен бірдей еді.
Қазір мектептегі 8-11 сыныптағы қыздардың 50 пайыздан артығының етегі ашылған, 20 пайыздайы түсік тастаған дегенді естіп денем түршігеді. Бұдан өткен сұмдық бар ма? Осыдан біраз бұрын мектепте мүше қап тарату керек дегенді айтып жүрді, сонда сол мәселені көтерген адамдардың нені мақсат еткенін түсінбедім, ашықтан-ашық оқу ордасында жезөкшелікті қолдағаны ма?
Қазақ деген халықтың қыздан ардақтысы болмаған, оның тәр-биесіне, киіміне қатты көңіл бөлген. Бүлдіршін, есейген, қалыңдыққа жараған қыз-дардың киімдерінің ерекшеліктері болған. Қызға дауыс көтермеген, оған қатты ұрыспаған, төрге шығарып, қолына жілік ұстатқан, үкілі тақия, камшат бөрік, қос етек көйлек кигізген.
Қай нәрсе ашық-шашық болса соған көз тез түседі, тез үйренеді, жабық болса аржағында не бар екен деп көруге ынтық болады, қыздың ар-ұяты да дәл сондай жабық болуы ләзім. Қазіргі қыздардың көбісі бұтын ашып, кіндігін көрсетіп, иығын жартылай жалаңаштап, омырауын көрсетіп киінеді, сонда ол қызда құпия не қалды? Қалай ана болады, бала туып, отбасын құрай ала ма? Әй, қайдам. Сол қыздардың ата-аналары «қызға қырық үйден тиым» дегенді неге естеріне алмайды?
Қазіргі айтылып жүрген әндердің басым бөлігі жүрек туралы, сорлы жүрекке тыным да, тыншу да жоқ. Түнімен селкілдеген, ашылмаған жері жоқ, онда қандай махаббат, қандай жүрек сезімі болуы мүмкін? Бұлардың айтып жүрген жүректері құр желеу.
Қазіргі жігіттер майдаланып, намыссызданып, әулекіленіп, қаті-гезденіп, ата-анаға мейірім, туған бауырға туысқандық сезім, елге құрмет ой-сансында азайып барады. Ақша табу үшін жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргісі келеді, соның салдарынан қылмыстарға барады. Біздің ата-бабаларымыз елге тіреу, жауға батыр, намысшыл, ата-анаға, туған-туысқандарына, отбасына қамқор болған. Қазіргі жігіттеріміз осыны тұла бойына тұндырып құюы керек. Осыны түсінген ұрпақ, өз ұлтын сақтап қалады, өсіп келе жатқан жеткіншектерге менің аманатым осы.

– Сіздің пайымдауыңызша: «Біреу бай, біреу кедей, біреу ауру, біреу сау, біреу есті, біреу есер, біреу жақсылыққа, біреу жамандыққа бейімдеу». Себебі не? Қаннан ба, әлде тәлім-тәрбиеден бе? Әр баланың әртүрлі болып жетілуінің түпкі сыры неде?

– «Бір анадан ала да туады-құла да туады» деген сөз бар. «Баланың өзін туғанмен, мінезін тумайсың» дегенді де халық айтады. Бұл бір жағынан дұрыс болғанымен, бұрыс жері де бар. Жас бала жаңа егілген жас ағаш сияқты, оны қалай баптасаң солай болып өседі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз де бар.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегенді ұлы Әуезов бекер айтпаған. Еңбекқор, тыныштық болған отбасында өскен ұл мен қыз шеттен шығып, кісәпір болмайды, жас өскін көргенін істейді. Адам баласын кедей, бай қылатын да еңбек. Әрине адал еңбек. Әлемдегі бар байлық еңбекпен жасалған. Ол қол еңбегі ме, жоқ ой-білім еңбегі ме бәрібір, еңбексіз ешнәрсе жоқ, бар болса ол – харам.
Ауру-сау болу да өз қолыңда, тұқым қуалайтын кеселден басқасын адам баласының өзі жасайды. Істейтінді істемей, ішпейтінді ішеді, жүретін жермен жүрмей, жүрмейтін жермен жүреді. Бұл, әрине, албырт жастықта болады. Оның дұрыс еместігін түсінген жан оңға бұрылады ал, түсінбегені солға бұрылады. Нақ осы жерде ата-ананың тәлім-тәрбиесі, жүрген ортасының ықпалы, мектептің берген білімі шешуші фактор болады. Өмір сүрудің ешқандай ережесі, рецебі жоқ, әр адамның өмірі өз қолында, адам баласын қоғам тәрбиелейді. Іштен ешкім есті, есер болып тумайды, бәрі тәрбие мен еңбекке, ата-анасының мінез-құлқына байланысты.

– Педагогика саласының үздігі боп, ұлағатты үстаз атанған Жақсыгүл әпкемізбен ғибратты ғұмыр кештіңіз. «Байлықтың ең асылы-сүйген жарың, артыңнан еріп жүрген ұрпақтарың» деп, жыр дестесін ұсындыңыз. Жездеміз болған соң, сізбен ойнаймыз, сіз айтпаған сөзді айтты деп қайнылық салтпен қалжыңдаймыз. Бір парасы былай, жездеміз Құтыекең құрылысқа бастық болғасын: «Пұл тап» дедің пұл таптым, менен қандай мін таптың»? депті. Сөйтсе әпкеміз жұлып алғадай: «Ұл тап» дедің, ұл таптым менен қандай мін таптың?» депті. Шүкір, жеті ұлдан өрбіген немере, шөберелеріңіздің маңдайынан иіскеп жүрсіз.
Сіздің заманыңызда жұрттың бәрі қанағатшыл сияқты көрінетін. Ет жесе «Тәуба» деп, қара шай ішсе «Шүкір» деп отыратын. Неге? Қара шайға жете алмай қанша адам қайтыс болып кетті. Міне, шүкіршілік деген осы. Сіз бір кітабыңыздың атын «Қанағат» қойыпсыз. «Кедей бай болсам деп, бай Құдай болсам» деп, өрекпігендерді кездіктей өткір тілмен кесіп айтыпсыз.

Білмеймін бе қадірін ештеңенің,
Байлық деген нәрседен сескенемін.
Жұрт таласып,
тармасып жатқан жерге,
Мен әйтеуір ерте емес, кеш келемін.

Бірақ, мен ешкімге де өшікпеймін,
Қанағатшыл жандарға
көшіп пейілім.
Қайрымдылық жасауға тура келсе,
Мен ол жерге ешқашан кешікпеймін.

Өмірдің өзекті мәселесін өрбіткен өлеңіздің соңын: «Қарын тояр адал ас жегізетін, жүректегі иманың мен қанағатың» деп түйіндепсіз. Осы төңіректе қомақты ой қозғаған он-он бес термелеріңізді Оңтүстіктің жыршы-термешілері бебеулетіп жүр. Қазіргі жастардың бойынан осы қанымызға сіңген қанағаттың қасиеті азайып бара жатқан жоқ па?

– Қанағат адам баласын бар бәледен сақтайтын күш, қанағатсыздықтан тумайтын жамандық жоқ.
Арсыздық – қанағатсыздықтың інісі, осы екеуінен сақ болған адамның өмірі мәнді. Жастарға бар жамандықты үйе бермей, өзіміз сияқты егделердің ішінде де қанағатсыздар толып жатыр. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба да сонда жүреді» дегенді мен айтқан жоқпын. Бірақ дұрыс сөз, рас сөз. Алдымен үлкендер жөнделсе, кішілер ешқайда кетпейді. Көпке топырақ шашуға болмайды, шашсаң көмусіз қаласың, сондықтан әр қазақ қанағаты мен иманына сүйенсе, қанеки.

– Қажы аға, әңгімегіңізге рақмет.

Сұхбаттасқан – Көпен ӘМІРБЕК,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

к-1

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *