Павлодар қаласы  Ы.Алтынсарин атындағы облыстық мектеп-гимназия  оқушыларының туындылары Павлодар қаласы  Ы.Алтынсарин атындағы облыстық мектеп-гимназия  оқушыларының туындылары
Өнерлі ұрпақ – ел болашағы: БАЛАЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ О, ТУҒАН ЖЕР, КЕРЕКУ-КИЕЛІ АЙМАҚ! О, туған жер, Кереку-киелі аймақ! Перзентің ем төсіңнен сыр ұғынған, Тұшынып түлеп... Павлодар қаласы  Ы.Алтынсарин атындағы облыстық мектеп-гимназия  оқушыларының туындылары

Өнерлі ұрпақ – ел болашағы:

БАЛАЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

О, ТУҒАН ЖЕР,
КЕРЕКУ-КИЕЛІ АЙМАҚ!

О, туған жер, Кереку-киелі аймақ!
Перзентің ем төсіңнен сыр ұғынған,
Тұшынып түлеп өстім тұнығыңнан.
Құшағыңда жүргенмен қорқам кейде
Қадіріңді білмеген қылығыммен.

О, туған жер, Кереку-киелі аймақ,
Алла нұры аспаннан сүйеді ойнап.
Аңсаған сендей асыл ата-жұртым
Менің жаным қандасты күйеді ойлап.

Көз сүрінер көшемнің көркіне анық,
Өткеннің де қояды өрті қарып.
Туған жердің тарихын теңдеп алып
Қара Ертістің барады толқыны ағып.

Далаңда өтсе де ұрыс кескілескен,
Бүгінгі күйің басқа көшке ілескен.
Отаным деп кеудесін оққа тосқан
Оғландарын шығармас ешкім естен.

Тәуелсізбіз. Халықпыз Егеменді,
Туған жерге тер төгу керек енді.
Танымал тұлғаларға тұғыр болып
Кереку кеңейте бер керегеңді!

Гүлнар ЖАНБОЛАТ,
10 «Б» сынып оқушысы
ТӘУЕЛСІЗДІК

Түскен кезде құрбандары есіме,
Тәубе қылып жыр жазамын көсіле.
Тәуелсіз боп қатарына елдердің,
Қосылайық дамып жатқан көшіне.

Көк күлімдеп келген кезде азат күн,
Кеудемдегі қайғы-мұңды тазарттың.
Еркіндіктің естен кетпес үні боп.
Бақ кетпесін бастарынан қазақтың.

Қайсылардан дәрежеміз кем болдық,
Басқалармен тереземіз тең болдық.
Талай жылдар тер төгудің арқасы,
Міне енді біз тәуелсіз ел болдық.

Азаттықтың көптен шықпас сыры тың,
Бабам күтті туады деп ұлы күн.
Мына бізге сеніп кеткен нұр болар,
Ақтай алсақ сол жастардың үмітін.

Көкті тіреп,елім өсер алға асып,
Кешегі мен бүгінгі өмір жалғасып.
Мәңгілік ел ұрпақтары келеді,
Ұлылардың шежіресі жалғасып.

Аманбол СЕЙЛХАН
10 «Б» сынып оқушысы
Бабаларымның
үмітін ақтар серкемін!

Бабаларымның үмітін ақтар серкемін,
Бостандық туын желбірететін еркемін.
Талай тарландар өмірдің түсіп торына,
Күрескен еді арманға алып ертеңін.

Ерттеген ермен күні бойына ат үстін,
Ажалдан қалған ортасына түсіп атыстың.
Махамбет пенен Исатай туған ел үшін,
Басымды иемін сұңқарларына батыстың.

Тәуелсіздіктің байрағын желпу бар мәні,
Тәуелсіздік туы астында жүру арманы.
Кене ханыма кенелген батыл қайсарлық,
Тірегі елімнің болса да, соңғы арланы.

Тағылмау керек қайтсе мынау жырға мін,
Аллаға шүкір азаттық деген шыңдамын.
Тұсау тақса да ойнайды
оттай тұлпарлар,
Ұлтының ойлап кіл қамын!

Архат ӘЛБЕК,
9 «А» сынып оқушысы
ТӘУЕЛСІЗДІК – ТҰҒЫРЫМ!

Қазақстанға бүгінде көптеген елдер қызыға қарайды. Қарыштап дамып келе жатқан қазақ елі кімге болса да таңдай қақтыратыны рас.
Өркениетке апарар сара жолға Қазақстан небір қиындықтарды бастан кешіре жүріп жетті. Тәуелсіз ел атанған алғашқы жылдары сабыр мен төзімді серік қылған қазақ елі жолында кездескен қиындықтар атаулыны еңсерді. “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала бола, ауыздағы кетеді ” деген аталы сөзге тоқтай білді. Қазақтың бойына біткен төзімділік пен шыдамдылық, қайрат пен жігерлілік көне дәуірден желісі үзілмей келе жатқан жыраулық өнер мен халықтың тәсілі – тәрбиеден басталса керек.
Тәуелсіздікке жеткізген күреске толы ұлы жолда шамшырақ болып жанған ерлеріміз бен ел бастаған көсемдеріміздің істерін ілтипатпен еске аламыз. Қазақ көшін алға сүйреп, бар күш-жігерін сарп қылық келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевты әлем мойындады. Ұлы жолдың бастауында көшбасшылық тек қазаққа ғана емес, түркі халықтарының мақтанымына айналады. Тәуелсіз ел атанып, аяғымызды апыл-тапыл баса бастаған қиын кездерінің өзін де бұрын-соңды болып көрмеген аламан істер атқарылды. Ата-анамыз қазақтың маңдайына біткен марқасқалары бейнеленген төл теңгемңздң қолдарына ұстаған сәттегі толқыныстарын әлі күнге жыр қылып айтады. Ұлттық теғгеде бейнеленген Абай, әл-Фараби сияқты алыптарымыздың нақылдарынан нәр алған халқымыз одан кейін де небір тарихи істердің куәсі болады.
Сарыарқаның төсінде жаңа өркениетке апарар Астанамыз, бірлікті ту еткен халқымыз, болашаққа сеніммен қарайтын жастарымыз, өнегелі қарттарымыз бар Қазақстан әлі де талай таңғажайыптарды дүниеге әкелері сөзсіз.

Ақерке ИЛИМХАН,
9 «Б» сынып оқушысы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ

Тіл – ұлттың жаны. Дүниежүзінде жетпіс мыңнан астам тіл бар. Олардың кейбірі күннен-күнге дамып, өркен жайып жатса, кейбірі жойылып кетіп жатыр. Тіл – әрбір егемен мемлекеттің тәуелсіздігінің нышаны.
Тілі жойылған жұрттың күні қараң. Оны Елбасымыздың мына сөзінен көремін: «Толыққанды тілсіз толыққанды ұлт болуы мүмкін емес. Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл».
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ
берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін, – деп жерлесіміз, асқақ ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров жырына қосқан, анамның ақ сүтімен бойыма дарыған қадірлі ана тілім қазақ тілінен асқан дүниенің бар байлығы жетпейтін қымбат қазына жоқ шығар. Себебі, қазақ тілі – біздің жан дүниеміз, бүкіл болмысымыз.
Тіл – халықтың өткені, бүгіні мен болашағы. Сан ғасырлық тарихы бар қазақ елі нелерді көрмеді, нелерді басынан өткермеді десеңізші?! Халқымыз 1932 жылғы нәубет аштықты да, жарты миллион халқымыздан айырған екінші дүниежүзілік соғысты да көрді. Еліміз бастан кешірген бұл ауыртпашылықтар тілімізге де өз зардабын тигізді. 1924 жылы революционер ақынымыз Сәкен Сейфуллин «Қазақ тілін мекемелерде жүргізу туралы» Қазақстанның Губерниялық әм уездік совет комитеттерінің төрағаларына ашық хат жазған екен. Бірақ түрлі сылтаулармен бұл іс қолға алынбады. Мен осыған қынжыламын. Егер бұл алапат жылдар болмағанда, қазіргі таңда қазақ тілі әлемдік алты елдің қатарында болар ма еді деген ой келеді.
Бүгінде Қазақстан күллі әлем таныған ұлы державаға айналды. Биыл тәуелсіздігімізге 24 жыл, ал Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толып отыр. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін тіліміздің мәртебесі биіктеді. 1989 жылы 22 қыркүйекте «ҚР тілдер туралы» Заңы қабылданып, қазақ тіліне «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» мәртебесі берілді. Ал 1997 жылы 11 шілдеде бұл Заң қайта талқыланып, ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілді. Бұл Заң бойынша, қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ халқының ұлттық тілі болып есептеледі. Бұған қоса, биылғы жылы еліміздің басты төлқұжаты – Ата Заңымызға 20 жыл толды.
Қазақ елі – көпұлтты мемлекет. Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасындағы ұлан-ғайыр ұлы даланы мекен еткен, берекесі мен бірлігі жарасқан, жері шұрайлы, суы мөлдір, табиғаты әсем қазақ жерінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Сондай-ақ, бұл жыл – Қазақстан Халықтарының Ассамблеясы жылы. Осыдан «Дос болғанға құшағы ашық туыспыз» деген Абылай бабамның асыл сөздерін көруге болады. Қазақ тілі – осы ұлт өкілдерінің де тілі.
XXI ғасыр – бәсекелестік заманы. Бұл заманда білімді жастар ауадай қажет. Қазір Елбасымыз үш тілді қатар білуді міндеттеп отыр. Өз тілімен қатар өзге тілді жетік меңгерген адам рухани бай адам деп ойлаймын. Өйткені, ол сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін үйренеді, танымы кеңейеді.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте! – деп Қадыр Мырзалиев жырлағандай, ең бастысы – өзге тілді біле отырып, ана тілімізді қастер тұту.
Қазақ тілі – өте бай тіл. Ол – ұлы Абайдың, Жамбылдың, Ғабиттің, Мағжанның, тау суындай сарқылмайтын, тасқа қашап жазылған таңбадай өшпейтін бай ауыз әдебиетінің тілі. Көркем сөздің зергері Ғабит Мүсірепов: «Қазақ тілі – бай тіл, оралымды, ырғақты, теңеу бейнелері ерте туған тіл»– деген екен. Қазақ тілі – ата-бабаларымыздың бізге қалдырған аманаты. Демек, әрбір адам өз тілін көзінің қарашығындай қорғауға тиіс. Амал не, туған тілімізді шұбарлап сөйлейтіндерді, қазақ тілінде сөйлеуге ұялатындарды көргенде, К.Г.Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» деген сөзі есіме еріксіз оралады. Тіпті, біздің мемлекетімізде өкінішке орай өз тілін білмейтіндердің және білем деп талпынбайтындардың бар екені ащы да болсын шындық.
Ана тілін білмеген –
Ақылы жоқ желікбас.
Ана тілін сүймеген –
Халқын сүйіп жарытпас,–
деп Б.Сарноғаев жырлағандай, өз ана тілін білмеген адам сол тілді көркейте алмайды.
Халық қаһармандары, жазушылар, зиялы қауым ҚР Преиденті Н.Ә.Назарбаевтың (25.05 №22 (807) 2006 жыл) «Ана тілі» газетіне басылған «Қазақстаның болашағы – қазақ тілінде» атты Халыққа Жолдауын басшылыққа алып, халықпен жұмыс істеуде. Елбасымыз «100 мектеп, 100 аурухана» , «Балапан» бағдарламалары бойынша әр облыстарда мектеп, аурухана, балабақшаларды көптеп салуды өкіметке тапсырды. Бұдан ұғатыным бізге жағдай жасалуда. Менің ойымша, біз өз тілімізді көркейтіп, өз тілімізбен мақтануымыз керек. Себебі, мына тұрған ғимараттардың, материалдық байлықтардың қасында қазақ тілі мың есе қымбат. Олай болса, осы қазынамыздың айбынын жоғары ұстап, мәртебесін асқақтата берейік!

Аида ШАРАПИДЕН,
9 «Б» сынып оқушысы
АНАШЫМНЫҢ
АҚ СҮТІНЕН ДАРЫҒАН…

Анашымның ақ сүтінен дарыған
бұл қасиет,
Ана тілімнің алдында талай уақыт бас иеді.
Қазақ тілін құрметтеңдер,
әрқашан да дәріптеп,
Осы бабамның сөздері емес қой құр өсиет.

Ана тілсіз бұл фәниде адамдар
жан еместей,
Шөл даладағы мөлдір
судың сағымы елестей.
О, адамзат, ана тіліңнің барына шүкір ет,
Кей пендеге ана тілің
биік таудай, белестей.

Ана тілім, махаббатым,
Құдайымның бергені,
Әрқашанда құрметтейді, аялайды ел сені.
Бір өзіңе көк тер болып,
аңсап жеттік, шөлдеп біз,
Сенен кейін, рәміздерді,
алдық алтын теңгені.

Мұның бәрі ана тілдің
күшіменен болғандай,
Ана тілдің арқасында бақыт
құсы қонғандай.
Болашаққа қадам басып,
қол жеткіздік елдікке,
Ана тілдің арқасында
қазақ жолы оңғандай!
ТӘЖ БЕН ТАҚТЫ БАЛҚЫТҚАН…

Сәуле іспеттес шапағаты төгіле,
Бақ боп енді тәуелсіздік төріме.
Бостандықтың таңы қызара атып,
Желбіреді туым қазақ көгіне.

Сені аңсаумен өтті елдің уақыты,
Елдігіне бұрды арналсын бағыты.
Міне, бүгін аспанымда шарықтар,
Жылдар бойы күткен Алаш бақыты.

Тәуелсіздік – халқымыздың жеңісі,
Сан азапқа толы ед оның келісі.
Егемендік – бостандыққа ұмтылған,
Арман менен қайсар рухтың жемісі,

Тәуелсіздік – бітпес қазақ дастаны,
Тәуелсіздік – бәрі , тіпті тас – тауы.
Елдіктің, көңілге мұң қалдырған,
Гүл солдырған желтоқсан ед бастауы.

Еркіндікті қалайды аң сұсты бір,
Көкке ұшқанды ұнатады құс түгіл.
Тәуелсіздік–шынжырларды балқытып,
Тәж бен тақты күйрететін күшті нұр.

Бостандығың саған байлық жамағат,
Елдігің де күшке ие ғаламат.
Келген елге ақ найзаның ұшымен,
Тәуелсіздік біздерге ұрпақ аманат.

Ердаулет АБДИРАИМОВ,
9 «Б» сынып оқушысы
ӨМІРГЕ АЛҒЫС

Менің мына өмірде
көрмегенім көп әлі,
Бұл ғаламның ішінде білмегенім бар әлі.
Білімдінің басында таудай
талап, бар бағы,
Білгенімді қағазға түсіремін мен-дағы.

Арқа сүйер әр адам,
жаныңдағы әз анаң,
Тамсанатын ұрпағы, қорған болған өз әкең.
Осыларың еңбегі арқасында бар панаң,
Құйып берген тәрбие жемісі
ол, мол санаң.

Өзімді мен алдыңғы доңғалағы сезінем,
Арттан ерген інілер, үлгі болу, мен білем.
Өсіп келед ханшайым
«Еңлік» атты үйімнен,
Қорған болам мәуелі,
үйіп-төгем біліммен.

Туысқанды сыйла әр кез,
туғандарды қорға,
Деген сөзі анамның әрқашанда ойда.
Ізетті бол иманды, жаман бала болма,
Деп айтатын аяулы, әжем менің жанымда.

Сансыз шүкір Аллаһ Тағала жаратушы,
Бар өнер-білімді санаға дарытушы.
Бақыттырақ біреу бар ма айтыңдаршы,
Мен ризамын өмірге, бәріне айт хабаршы!

Қызжібек ҚАДЫР,
10 «Б» сынып оқушысы
АЗАТ ЕЛДІҢ АРМАНЫ

Байтақ жерге бөтендер кеп жармасты,
Шалқып жатқан шалқар елді шаң басты…
Сейіліп бұлт, азаттықтың жаңғырған,
Жастар соқты қоңырауын алғашқы.

Келер күнге күмәнданбай сенсе шын,
Жеңер енді қайсарлықпен келсе сын.
Қайраттылар, айбаттылар оятты,
Еңгезердей еркін елдің еңсесін.

Жасап енді жаңа өмірге қадамын,
Емін тапты жазылмаған жараның.
Бейбітшілік белең алып өлкеде,
Арамыздан алшақтады қара мұң.

Санамызда сайрап сансыз, көп ілім,
Ұрпақ өсер, желкілдетіп кекілін.
Шартарапқа тарап үні елімнің,
Келешекке берер нақты кепілін.

Бұл арқылы жер мен көкке тиіп тұр,
Тату елміз, бірлгі асып ұйып тұр.
Кене ханым айтқанындай, қазағым,
Басқалардан найза бойлы биік тұр.

Азаттықтың ақ арманын қиялап,
Көркем болып, өркендесін ұя-бақ.
Қасық қанын бізге аямай тапсырған,
Аманатқа жасамайық қиянат!

АНА ТІЛІМ

Ана тілім – асқар тауым, айдыным,
Сенсің менің ар ұятым, айбыным!
Сен болмасаң надан болып өтер ем,
Сенсіз менің өтер ме еді күндерім .

Ана тілім – асқар тауым, айдыным,
Тіршілігім, барымсың сен, ай күнім.
Ана тілім сен болмасаң не етер ем,
Теңеспейді саған басқа байлығым.

Көркейткен де кеңіткен сен санамды,
Көтерген сен беделімді, бағамды.
Елдігімді, ерлігімді таныттың,
Жұбатқан да, жазған да сен жарамды.

Тілім десем басымды алар кім менің,
Бұрынғымен араласты мұң-кегім.
Әттеген-ай, бабалардың соңынан,
Аманатын ақтай алмай жүргенім
О, ТУҒАН ЖЕР

О, туған жер, маған жарық cыйлаған,
Тауым, тасым, ну орманым, ми далам.
Қалықтайын қыраның боп қияда,
Тұғырыма құздың басын қимаған.

О, туған жер, жазар жырым бар әнім,
Бабамыздан мирас мұрам бағалым.

Күлігіңе айналайын көсіліп,
Есші кәне сар даламның самалын.
О, туған жер, шалғай шықсам шамалы,
Сағыныштың сары уайымы қамады.

Бола тұра сені қимайды екенмін,
Қасиетті топырағыңның қонағы.

Бабамыздың тері тамған кер далам,
Қазағым бар қазығыңдай орнаған.
Жеріңді де жатқа бермес бір сүйем,
Батыр елдің барыс ұлы мен болам!
Марғұлан ЖАНБАУ,
10 «Б» сынып оқушысы
***

Мен жақтамай,
Ел тағдырын кім жақтасын
Біз сақтамай,
Тіл мұратын кім сақтасын.
Сақтап жүрген тарихта таңба салып
Алып жүрмек
Жылжытып тіл тақтасын.

Түртіп жүр,
Орысың да өз білмесін.
Шұбар сөйлеп,
Шұбыртып жүр аз білгесін.
Құмырсқадай жұмылып еңбек қылсақ,
Орыс емес, немісің де,
Қосатұғын өзінше тілге үлесін.

Қазақ тілі
Мейлі басқа түсінбесін
Қазақ қана
Ұлтым, рухым, тілім десін
Ал керсінше таптап, тастап, талап жүрсек
Сырттан аңдыр жадыгөз жат күлмесін.

Тіл – ұлағат,
Жоғалмас біз жүргесін.
Жеттік халге үйретуге дым білмесін
Баяғы сақ пен ғұнның ұрпағына.
Тфәй-тфәй қазаққа тіл тимесін!

Темірлан ҚАНИЯТ,
11 «Б» сынып оқушысы
МЕН ҚАЗАҚПЫН

Мен қазақпен қазақ тілін білетін,
Тек бір ғана сара жолмен жүретін.
Өз тілімнің қасиетін құрметтеп,
Өз елімнің намысы үшін күйетін.

Мен қазақпын, қазақ тілін сыйлайтын,
Тілім дархан кең арнаға сыймайтын.
Ата-баба мұрасындай ақ маржан,
Ескірмейтін асыл сөзді жинайтын.

Мен қазақпын, қадірлейтін өз тілімді
Құрметтеп өтетін де, өзге тілді.
Тілім менің шежіре, бір үлкен тарих,
Тұнғиық тереңдігі бір ғажайып.

Толғанай ХАЙРАТ,
9 «Б» сынып оқушысы
АНА ДЕГЕН…

Ана деген — асыл жан ғой, ардақты,
Ана деген — үш-ақ қана әріпті.
Алтын сырға құлағына ананың,
Ана деген — тербететін өмірді.

Тұмсықтыға шоқыттырмаған ана ғой,
Қанаттыға қақтырмаған ана ғой.
Айналайын анашыма мың алғыс,
Еркелетіп өсіретін ана ғой.
ТІЛ ЖАНЫ

Тіл дегенде бәрі болар момақан,
Тілге құрмет керек деп те қақсаған.
Енді келіп, сыртқа шыға бергенде,
Шүлдірлетіп, өзге тілде сайраған.

Дұрыс – дұрыс, дұрыс болар бәрі де,
Өзге тілді білу керек әрине.
Бір-бірімен басқа тілде сөйлессе,
Қиналғандай жаным ашиды менің де.

Қане енді, тілім менің, сөйлеші,
Ұяламын, қысыламын демеші.
Тілге қарсы шығамын деген адамдар,
Бұл жаһанда арам болар келесі.

Эльвира БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
7 «Ә» сынып оқушысы
ТУҒАН ТІЛІМ – ТҰҒЫРЫМ

Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай келбеті, ұлттық болмысы. Әр халықтың өзінің ана тілі бар. Ол біздің бойымызға ана сүтімен дарып, сіңеді.
Халқымыздың аса бай рухани қазынасы – қазақ тілі. Қазақ тілі қасиетті қазақ домбырасының үнімен үндесіп жатыр.
«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте» – деп ақын ағамыз Қадыр Мырза Әли жырлағандай, өз ана тілімізді құрметтейік .
Тіл – халықтың жан дүниесі. Шынымен айтсақ, қазақ халқының басынан талай қиын-қыстау кездер өтті. Соған қарамастан, біз өз тілімізді, өз дәстүрімізді бір сәт те жадымыздан шығармадық.
Қазіргі тәуелсіз әрі бейбіт заманда қазақ тілі – дамыған, жетілген, бай, икемді тілдің бірі. Бұл пікіріміздің растығын кезінде кемеңгер Абай Құнанбаев атамыз дәлелдеген болатын. Ол Пушкин, Лермонтов, Крыловтардың шығармаларын аударып бір дәлелдесе, солардай етіп сөздің майын тамыза жазу арқылы екінші рет дәлелдеді. Дәл осы Абай атамыз қазақ тілін мәдениеттің биік сатысына шығарып кеткен.
Қазақ тілінің байлығы – қазақ халқының, қазақ ұлтының байлығы. Осы байлықты бағалай білуіміз керек. Сонда ғана біздің Қазақстан кез келген жұртпен иық теңестіре алатын іргелі ел бола алады.
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Тілсіз ұлт болмайды. Өз тілімізді сақтау, өз тілімізді құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етеді әрі ата-баба алдындағы ұлы парызымыз да…» – деп Елбасымыз Н.Назарбаев атап көрсеткендей, болашаққа кемелденген тілімізбен, рухани, мәдени байлығымызбен нық басайық!

Лаура ТОКИБАЕВА,
8 «Б» сынып оқушысы
ОЙ ТҮБІНДЕ ЖАТҚАН СӨЗ

Мен қазақ тілі мен әдебиеті сабағын жанымдай жақсы көремін, сабаққа бар ынтаммен, қызығушылықпен қатысамын. Әр сабақ маған жан ләззатын сыйлайды, себебі мен сабаққа үнемі дайындалып келемін. Сондай бір сабақтан алған әсерімді қағаз бетіне түсіріп, оқушылармен ой бөліскім келеді. Жалпы әр пән – ғылым. Сол ғылымды меңгеру – біздің міндетіміз. Ал ғылымды мойындау үшін көп ізденіс, жүрекпен қабылдау, сабаққа ынтамен беріліп тыңдау, пәнді сүю, қиыншылыққа мойымау, жеңу, жеңіске ұжыммен, ұстазбен бірге жету дер едім. О, туған жер! О, қасиетті атамекен!
(Қ.Жұмаділовтің «Қаздар қайтып барады» әңгімесінің желісі бойынша)
Уа, туған жер, топырағыңнан жаралдым,
Алабыңнан арманыма нәр алдым.
Тұнығыңнан жүзіп іштім сендегі
Алтын арай таңғы жұпар самалдың.
Ә.Сәрсенбаев «Туған жер».
Туған жер… Туған жер дегенде ең алдымен кіндік қанымыз тамып, туып-өскен жеріміз ойымызға келеді. Менің туған жерім, тал бесігім – Жаңатап ауылы. Онда үркер жұлдызындай шоқталып, қызыл жақұттай жарқыраған бүлдірген, балдай тәтті жидектер, ботаның көзіндей мөлдір қарақаттар өседі. Оның аралас өскен тоғайы жасыл желек киіп, жапырақтары сыңғырлап күй тартқандай болып тұрады. Жаңатаптың жуасының өзі мен үшін тәтті. Себебі, ол – менің барлық балалық шағымның куәсі. Оның теңселген талы, күміс қабықты қайыңы, қалайы қабықты терегі, кірпі түкті тікені – бәрі-бәрі көз алдымнан кетпейді.
Шәлкөде, ыстықсың сен маған,
Жайнай бер жазира, кең далам.
Кетсем де бел асып алысқа,
Шәлкөде, мен сенің бел балаң — деп, Мұқағали атамыз бар-жоғы төрт тармақ арқылы туған жері Шәлкөдеге деген ыстық махаббатын көрсете білген. Асан қайғы нулы өлке, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоныс іздеумен өмір бойы Желмаясымен желіп өткен. Менің ойымша әркімнің туған жері – жерұйық.
Мен ақын да, жазушы да емеспін. Сол себепті, мен Жаңатабыма деген махаббатымды жеткізе алмаймын. Бірақ ақын-жазушылардың туған жер жайлы шығармаларын оқи отыра менің туған жеріме деген махаббатым арта түседі. Қабдеш Жұмаділовтің «Қаздар қайтып барады» әңгімесінде қырық жыл бұрын жат өлкеге аттанған қарттың туған жеріне қайта оралуы баяндалады. «Аққу көлін аңсайды, адам туған жерін аңсайды» демекші, әңгіменің «Қаздар қайтып барады» деп аталуының себебі, адамзат баласының туып-өскен ортасына оралуын құстардың жылы жаққа ұшып кетуімен салыстырып алған. Қаусаған қарттың тау асып, тас асып, көп қиыншылықпен шекарадан өтуінен, әккі көкжалды жеңуінен оның ержүректілігін, төзімділігін көруге болады.
Ойлап қарасам, Байтас қарт сияқты шекарадан өтіп, басымды қауіпке тігіп, сонау шетелден туған жерге оралу менің қолымнан келмейтін сияқты. Бірақ Байтас қарттың жасаған әрекеттерінен үлгі алуға тырысамын. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, қарттың туған жеріне аяқ баса сала, ең алдымен зират жаққа барып, аруақтарға құран бағыштауынан оның аруақтарға деген сый-құрметін көруге болады. Қарттың барқыттан тігілген, ішінде бір уыс қиыршық топырағы бар тұмарды әлі күнге дейін сақтап жүргеніне қарағанда, оның туған еліне, жеріне деген адалдығын көреміз. Туған жерінің топырағын аттаған сәтте қарттың қуанышында шек болмайды. «О, туған жер! О, қасиетті атамекен! Торқадай топырағыңды қия гөр адасқан ұлыңа. Ел шетіне бір жеткізсең, екі дүниеде арманым жоқ деген сертім бар еді. О, Алла, аманат, жанымды бүгін алсаң да разымын» — деп тәңірге деген ризашылығын, атамекенге деген сағынышын, қуанышын білдіреді. Қарттың табанынан топырағы өткен жерін жат елде бір сәт ұмыталмауы менің жанымды толқытады. Осындай шығармаларды оқи отыра менің туған жеріме деген махаббатым арта түседі. Қарттың туған еліне оралып келе жатқанда көрген қиыншылықтарын көзге елестетудің өзі мүмкін емес. Себебі, мұндай батылдық көбінің қолынан келе бермейді. Мен қарттың бойындағы қасиеттерден үлгі аламын.
Қазақ халқының тарихындағы ащы қасырет – Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама. 1723 жылдың көктемінде жайлауға көшуге қомданған бейқам қазақ еліне жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуыл жасайды. Олар Қазақстанның оңтүстік аудандарындағы бейбіт елді аяусыз қырғынға ұшыратады. Тірі қалғандар атамекенін тастап, шет елдерге қашады. Шұбырған халықтың басым көпшілігі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлады. Осы тұста халықтың жүрегінде мәңгі сақталған ащы зар ауыр мұңға толы «Елім-ай» әні дүниеге келеді. «Елім-ай» әнін тыңдаған кезде еріксіз көзімізге жас аламыз. 1931-1932 жылдары ашаршылық кезінде Қытайға, Жоңғарияға және басқа да елдерге шұбырып көшіп кеткен отандастарымыз аз емес. Көптеген қырғи қабақ шайқастардың азабынан шаршаған қазақ халқы Ресейдің қол астына кіре бастады. Ресей өкіметі қазақтың құнарлы жерін тартып алып, отар-отар мал айдап, орыстандыру саясатын жүргізді. Қазақ деген ұлтты мүлде жойып жібергісі келді. Осы кезде Исатай, Махамбет, Сырым, Кенесары сияқты бабаларымыз патша өкіметіне қарсы көтеріліске шығады. Кейіннен 1941 жылы Гитлердің нұсқауымен неміс халқы жерімізге соғыс ашты. Осышайқаста Бауыржан Момышұлы, Баубек Бұлқышев және шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүк сынды апа-ағаларымыз ерлік көрсетті. Кешегі қанды желтоқсанда Қайрат Рысқұлбеков, Ляззат Асанова, Ербол Спатаев сынды жас студенттер туған жер үшін, ел үшін, тіл үшін, келешек ұрпақтың, яғни біздің болашағымыз үшін бастарын өлімге тікті. Ата-бабаларымыздың байтақ жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғауының нәтижесінде егемен ел болдық. Олардың есімдері тарихта алтын әріптермен жазылып қалмақ. Ендігі менің парызым – сабағымды жақсы оқу, ата-бабаларымыз сыйлаған тәуелсіздікті, туған жерімді көзімнің қарашығындай сақтау, ата-бабаларымыздың үкілі үмітін ақтау.

Аида ШАРАПИДЕН,
8 «Б» сынып оқушысы
ТІЛ — ҰЛТТЫҚ ҚАЗЫНА

…Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз үшін парыз. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуде.Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Ана сүті сіңбеген, бесік жырынан нәр алмаған ұлттық қасиет тана сүтімен кірмейді. Тілі мен дінінен айырылған ондай жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, көлденең көк аттының қолжаулығына айналады. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл тәуелсіздігін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс соның айғағы.
Қазақ тілі өзінің даласындай бай. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап, еркін есіп тұрады. Қазақ тілі қасиетті қазақ домбырасының үнімен үндесіп жатады. Ана тілі – бұл әкенің тілі, туған халықтың тілі. Туған тілдің абыройын асқақтату — әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт -санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Егеменді ел болып, ес жиып, етек жия бастаған бұл күндері осындай ойға қонбайтын, солақай сорақыларды көбен көріп, қолмен ұстай отырып қазақ тілі мәселесі жөнінде толғанбай тұра алмаймыз.
Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге міндеттісің. Қазақ тілі — өте бай тіл. Ол шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші пәрменді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің құралы, қуатты қаруы.
Амал не, осындай әдемі туған тіліміз бола тұра өзге тілде сөйлейтіндерде көп болды. Тіпті туған тілден безетін сорақыларды да көргеніміз бар. Төл тілде сөйлеуден безу ақ сүт беріп, асыраған анаңды ұмытумен бірдей. Осы кезде Паустовскийдің: «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік,” – деп, ашына айтқаны ойға келеді.
Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де болашағынан да қол үзеді. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау.
Ұлттың, мәдениеттің гүлденуімен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы ана тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюімен тығыз байланысты. Сондықтан туған тілге деген сүйіспеншілік бала кезеңнен басталуы тиіс. Айналаңды танып білу, туған тіліңді білуден басталады.

Толқын АДАМОВА,
11 «А» сынып оқушысы

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

СЫҢАР СЫРҒА

СЫҢАР СЫРҒА

Желтоқсан 4, 2019 0 314