МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ – ӨМІР ТАЛАБЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ – ӨМІР ТАЛАБЫ
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, С.Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жаһандану үдерісі үдеген сайын әлем халық-тарының арасындағы түрлі қарым-қатынастардағы тілдің рөлі де арта... МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ – ӨМІР ТАЛАБЫ

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,
С.Демирел атындағы университет
ректорының кеңесшісі,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Жаһандану үдерісі үдеген сайын әлем халық-тарының арасындағы түрлі қарым-қатынастардағы тілдің рөлі де арта түседі. Құрлық пен құрлықтардың, ұлт пен ұлттардың, мемлекет пен мемлекеттердің арасындағы байланыстардың күшейе түсуі шекара-ларды бұзып, өзіндік ерекшеліктерді азайта береді. Еркін аралас-құраластықтың барысында Батыс пен Шығыс, өркениет пен өркениет, мәдениет пен мәдениет, мемлекет пен мемлекет, ұлт пен ұлт, тіл мен тіл бәсекеге түседі.
Адамзат қоғамының жүріп өткен жолдарына көз жіберсек, бүкіл тарихтан не өмір, не өлім үшін болған ұлы күрестердің жалғасын көреміз. Қоғамдық өмірдің барысында болып жатқан осындай үдерістердің нәтижесінде рулық, тайпалық құрылымдар ыдырап, қауымдасудың, қарым-қатынастардың түрлері де жетіле түсті. Сол ұлы майдандарда қаншама ұлттар, сол ұлттар құрған мемлекеттер, империялар құрдымға кетті десеңізші. Адамзат қоғамының негізгі даму заңы саналатын осы бір үдеріс күні бүгін басқаша сипатта жалғасуда.
Өмірде жүріп жатқан осындай өзгерістер адамдардың күнделікті тіршілігіндегі бір-бірімен сөйлесу, тіл қатысу жақтарына да әсер етіп, шағын тілдердің өзімен туыстас тілдермен ұштасу процесі қатар жүрді. Сонымен бірге, тілдің өткеніне көз салсақ, бір-біріне қарама-қарсы екі түрлі үдерістің қатар жүріп отырғанын байқаймыз. Оның бірі – біз жоғарыда айтып өткен тілдердің туыстас тілдерді өзіне қосып алып, іріленуі, күшейе түсуі болса, екінші жағынан, өсіп-өнген тілдің ыдырап, жаңа тілдердің пайда болуы дер едік. Бұған түркі тілдерін мысалға келтіруге болады.
Бір кездерде бір тілде сөйлеген түркі халықтары бүгінгі күндері өз тілдерінде ойларын білдіреді. Туыстас тілдердің өсіп-өніп, жетіліп, жеке тіл болып, көбейіп жатуы, әрине, жақсы құбылыс. Десек те, қазақта «бөлінгенді бөрі жейді» деген сөз бар. Түрлі себептермен қоғамдық дамудың барысында туыстас ұлыстарынан бөлініп қалған аз ұлттарды жан-жағын жайпап келе жатқан «жалмауыз ұлттар» ай-шайға қарамай, жұтып жатыр. Қазіргі тіл майданы барынша қарқынмен жүріп жатқан заманда бөлінгеннен гөрі бірігіп, жұмған жұдырықтай біртұтас болып, өзгелердің өктемдігіне көнбеу өміршеңдіктің бірден бір белгісіне айналып отыр.
Сонымен, осы үдеріс бүгінгі күндері де жалғасып жатыр. Бір жағынан, жаһандану арқылы адамзат қоғамы біртұтас дүниеге айналып жатса, екінші жағынан, осы бағытта жүріп жатқан ұлттар мен мемлекеттердің іштей генеологиялық, идеологиялық жақтарынан бірігіп, топ, аймақ, одақтар құрып жатуы да заңдылық танытуда. Осындай жағдайларда тілдер бұрындары бір ұлтқа, немесе мемлекетке қызмет етіп келсе, енді бірнеше ұлттар мен мемлекеттер деңгейінде қолданылатын аймақтық, ұлтаралық қарым-қатынас тілдері пайда болды. Мысалы, қазір Тәуелсіз елдер достастығында (ТМД) – орыс, Латын Америкасында – испан, Үндістан түбегінде – хинди, Шығыс Африкада – суахили тілдері аймақтық қарым-қатынас тілі болып отыр. Ал ағылшын тілі әсіресе білім-ғылым, экономика, саясат салаларында басымдық танытып, халықаралық тілге айналды. Сондай-ақ ағылшын, қытай, неміс, орыс, француз Біріккен Ұлттар ұйымының ресми жұмыс тілдері мәртебесіне ие.
Осы жерде мына бір жағдайға да тоқтала кеткен жөн. Қазір әлемде өмір сүріп жатқан мемлекеттер бір ұлтты және көпұлтты болып келеді. Бір этностан тұратын елдерде сол ұлттың тілі сол мемлекеттің ресми тілі болатындықтан бұл мәселенің төңірегінде дау жоқ деуге болады. Ал осында тұрып жатқан жергілікті емес диаспоралардың ресми тілде сөйлеуге қарсылығы болмайды. Мұндай мемлекеттерде өмір сүріп жатқан аз ұлттардың түптің түбінде тілдерін жоғалтып, негізгі ұлттың құрамына сіңіп кету қаупі күшті.
О баста мемлекеттер ұлттардың өзін-өзі қорғау, сақтау мақсатымен бір ұлтты болып құрылғанымен, кейіннен, күшейе келе өз ықпалын кеңейту үшін жүргізілген басқын-шылықтардың барысында көпұлтты мемлекеттерге, империяларға айнал-ған. Мысалға, кезінде әлемнің үштен біріне жуығын өзіне қаратқан КСРО-да қолданылған ұлтаралық қарым-қатынас тілі орыс тілі болды. Орыс тілі күні бүгінге дейін Ресей Федерациясында өмір сүріп жатқан жүзден астам ұлт пен ұлыстардың, сонымен бірге өткен ғасырдың соңында осы елден тәуелсіздігін алған мемлекеттердің арасындағы өзара қарым-қатынас тілі болып отыр. Қытай тілі де – осында тұрып жатқан ондаған халықтардың ортақ тілі.
Көпұлтты мемлекеттердің идея-лық-саяси негіздері де түрліше. Солардың ішінде бұрыннан келе жатқаны, күні бүгінге дейін күн тәртібінен түспегені – түбі бір туысқан ұлттардың бірігіп, үлкен ұлт жасау мәселесі.
Кезінде панславяншылдық, пангер-маншылдық, панираншылдық, пан-моңғолшылдық, панүндішілдік, пантүркішілдік секілді қозғалыстар тілі туыстас халықтардың басын қосып, бәсекеге қабілетті, жан-жақты жетілген ұлт жасауды мақсат тұтты. Мұндай ағымдардың тууының негізгі қайнар көзі – олардың бір этникалық топқа жататын түбі бір туысқандығы мен тілдерінің жақындығынан бір-бірін еркін түсінетіндігі, сол тілде ерте кездерде жасалынған рухани құндылықтардың ортақтығы, ұлттық болмыстарының ұқсастығы сияқты көптеген факторлар.
Екінші дүниежүзілік соғыстан соң, екіге бөлініп қалған немістер осындай идеяны көтеріп, біртұтас үлкен мемлекет құруға қолдары жетті. Екі Вьетнам да осылайша бірікті. Қазір «бір ұлт, бір мемлекет» идеясы Оңтүстік Корея, Солтүстік Корея болып бөлініп кеткен корейліктердің алдында тұр. Жеке-жеке мемлекеттері бар бола тұра өздерін туысқан, бір ұлт санайтын румындар мен молдавандар бірігу мәселесін көтеріп жатыр.
Этникалық жағынан туыстас ұлттардан құралған мемлекеттерде тіл мәселесі көбіне табиғи түрде шешіледі. Әртүрлі ұлыстардың тілдерінде жергілікті ерекшеліктердің салдарынан азын-аулақ түсінбестіктер туындап жатса, бұлар араласа келе біртіндеп жойылатын болады. Әдетте мұндай жағдайда үлкен этностың тілі ресми тіл рөлін атқарады.
Қытай Халық Республикасындағы қытайлар тілдері түрліше бірнеше этностардан құралған. Қазіргі қытай тілі сол этностардың тілі болып саналатын Солтүстік, У, Сян, Ган, Хакка, Юэ, Минь секілді ірі және одан ары қарай тарамданып кететін барлығы 36 диалектіден тұрады. Бұлардың ішіндегі халықтың көшілігі сөйлейтін негізгілері – пекин, чжэцзян, кантон, фуцзян диалектілері. Бір қызығы – кейбір этностардың тілдері бір-бірімен сөйлескенде, түсінісе алмайтындай дәрежеде болғанымен, жазуы – бір. Сонда тілдерінің айырмашылығы соншалықты – қазақ, қырғыз, түрік тілдері секілді жеке тілдердегі этностардың басын құрап, бір ұлтқа айналдырып жіберген жазу, нақтырақ айтсақ, иероглиф болып отыр.
Қытай ұлтының әдеби тілінің негізіне пекин диалектісі алынған. Бүкіл Қытайда мемлекеттік, әдеби тіл осы диалектіде қалыптасып, жергілікті жерлерде сол өлкенің өзіндік тілдері қатар жүреді. Бұл дегеніміз – бүкіл Қытайда барлық этностар үшін жазу ортақ та, жер-жерлерде сол ортақ иероглифтерді өздерінше оқып, өздерінше сөйлейді деген сөз. Сонда қытай иероглифтері туыстас әр түрлі тілдерде (диа-лектілерде) сөйлейтін жеке ұлт дерлік көптеген этностардың басын біріктіріп, ұлт құраушылық аса маңызды факторға айналып, ұйымдастырушылық рөл атқарып отыр. Бұл мысалдан шығатын қорытынды: түркі тектес елдерге де осындай ортақ жазу, яғни әліпби қабылдау, сол әліпби арқылы ортақ тілді қалыптастырып, сол ортақ тілде ғасырлар бойы бірге жасаған ортақ құндылықтарын қайтадан іске қосу, енгізу арқылы түркі әлемін мәдени жағынан жақындата түсуге болар еді.
Туыстық негізде өмірге келген түркішілдік идеясы ХХ ғасырдың басынан бері барынша көтеріліп келе жатқанымен де түрлі себептермен жүзеге аспай келеді. Дүние жүзі халықтарының әлемдік бірыңғайлануы күшейген қазіргі таңда бұл мәселе күн тәртібіне тағы да барынша өткір қойылып отыр. Біздің осы еңбегіміздің мақсаты да осы бір күрмеуі қиын мәселені жүзеге асырудың мүмкіндіктеріне көз салу болып табылады.
Ал көп ұлттар тұратын саяси құрылымдардың екінші бір түрі – федеративті, конфедеративті мемлекеттер. Бұған Үндістан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Швейцария конфедерациясы секілді елдер жатады. Бұл мемлекеттерде өмір сүріп жатқан ұлттар белгілі бір деңгейдегі саяси мәртебелерді пайдаланады.
Мысалы, Ресей Федерациясындағы татарлардың,башқұрттардың, сахалардың, шуваштардың, Қы-тай Халық Республикасында ұйғырлардың автономиялық респуб-лика, гагауыздардың Ресейде автономиялық округ мәртебелері бар. Мұндай мемлекеттерде тұрып жатқан ұлттардың тілдері саяси мәртебелеріне орай автономиялық республика, облыс, аудан, округ аумағында ғана сол мемлекетті құрып отырған ұлттың ресми тілімен қатар қолданылады.
Десек те мұндай мемлекеттерде қанша дегенмен де аз ұлттардың ұлттық жолмен дамуына мүм-кіндіктердің шектеулі екендігі дау тудырмайды. Бұл дегеніміз – үлкен мемлекеттерде өмір сүріп жатқан аз ұлтты тілдердің де аяғы тұсаулы деген сөз.
Көпұлтты мемлекеттердегі тіл мәселесі – барынша күрделі. Бұларда аз ұлттардың құқықтары заң жүзінде қорғалғанымен де іс жүзінде теперіш көруде. Бүкіл іс қағаздары мемлекеттік ресми тілде жүргендіктен жергілікті жердегі автономдық мәртебедегі тілдердің өрісі тарылып бара жатыр. Ұлтаралық қарым-қатынастардың, аралас-құраластықтың ұлғайып, миграцияның күшейіп, автономды территорияларда тұрып жатқан жергілікті этнос өкілдерінің азшылыққа ұшырауы да бұл үдерісті жылдамдата түсуде.
Қазіргі заманда таза бір ұлттан тұратын мемлекетті кездестіру қиын. Әдетте халқының 70 пайыздан астамын бір ұлт құраса, мұндай мемлекет моноұлтты мемлекет болып саналады. Әлемдегі мемлекеттердің көпшілігі осы бірұлтты мемлекетке жатады. Бір ұлттан тұратын мемлекетте сол ұлттың мүддесі қорғалып, тілі, рухани құндылықтары үстемдік құрады.
Аралас-құраластық күшейіп, бірыңғайлану барынша өріс алған Батыстың моноұлтты мемле-кеттерінде көпұлттану үдерісі қарқынмен жүріп жатыр. Мұндай мемлекеттерде тіл мәселесі түрліше шешімін тапқан. Жергілікті ұлттар тұтас отырған Швейцария конфедерациясында олар автономия құқықтарын пайдаланады. Германия мен Францияда тұрып жатқан түріктер мен арабтар сан жағынан біршама болуына қарамастан бұл елдерде олардың тілдеріне ешқандай саяси мәртебе берілмеген. Мысалы, Францияда тұратын арабтарды араб деп атамай, француз дейді.
Бұл жерде мынадай бір мәселе бар. Қазақтың «ұлт» сөзі қазір халықаралық қолданыстарда екі түрлі мағынада қолданылып жүр. Біріншісі – біздегідей, этностық ұлт мағынасында да, екіншісі – нақтылы бір мемлекеттің азаматы дегенді. Сонда Франция, Түркия сияқты елдерде сол мемлекеттің азаматы болса, оны ұлтына қарамастан, француз, түрік деп атайды.
Ал Америка Құрама Штат-тарындағы жағдай мүлдем басқаша. Өткен ғасырларда байлық, бақыт іздеп, Еуропа, Азия, Африка елдерінен келген келімсектерден құралған Американың ұлттық құрамы – сан-сапалақ. Сан ұлттардың мидай араласуы салдарынан араларындағы ұлттық ерекшеліктері жойылып кеткен адамдардың басын қосып, ұйыстыратын – тек мемлекет, мемлекет болғанда да Америка Құрама Штаттары аталатын мемлекет. Сондықтан да олар өздерін американдық санайды.
Сонда американдық дегеніміз не? Бір адамның қандай мемлекетте тұратындығын анықтайтын азамат-тық па, болмаса, көптеген ұлттардың қосындысынан пайда болған ұлттық дамудың ең жоғары сатысында тұрған жаңа супер ұлт па, болмаса, түрлі этностардан құралған адамзат қауымдастығының жаңа үлгісі ме? Бұған жауапты философтар мен саясаткерлер бере жатар. Бізді қызықтыратыны – осы елде тіл мәселесінің қалайша шешім тауып жатқандығы.
Сонымен, жан-жақтан жиналып, жаңа жерге қоныстанған халықтың алғашқы кездегі өмірлері онша жайлы бола қойған жоқ. Бір жағынан, осы құрлықта бұрыннан тұрып жатқан жергілікті үндістерді қырып, жерін тартып алу жүріп жатса, екінші жағынан әр елден келген этностық топтар арасында ықпалын күшейту, үлесті көбірек қамтып қалу мақсаттарында өзара қырқыс басталды. Мұның аяғы Оңтүстік пен Солтүстіктің азамат соғысына ұласты. Жекелеген этностардың, әлеуметтік топтардың арасында туындаған осы сияқты көптеген қақтығыстарды басынан өткерген ел түрлі ұлттар мен нәсілдердің қатар өмір сүруіне мүмкіндіктер беретін қоғамдық құрылыстың үлгісін тапқандай болды. Ол адамзат баласының осы күнге дейін жасаған демократиялық құндылықтарына негізделген барлық адамдардың тең құқылылығын жариялаған қоғам еді.
Адам құқықтарының теңдігіне негізделген Америка Құрама Штатарында ұлт, тіл мәселесі жоқ десе де болады. Өйткені, бұл елде нәсіліне, ұлтына қарамастан, барлық адамдардың құқықтары бірдей, теңестірілген. Сонда ұлт мәселесі, оның тілі деген сияқты әлемді дүрліктіріп жатқан күрделі мәселелер бұл елде өзінен өзі күн тәртібінен түсіп қалған.
АҚШ қоғамында адамдар арасындағы тең құқылы қарым-қатынастарды орнату тіл мәселелерін реттеумен қатар жүрді. Алғашында мемлекттік тілге халықтың көпшілігі сөйлейтін ағылшын тілі ұсынылды. Бұған француз, және де басқа тілдегілер қарсы шықты. Сол кезде бұл ұсынысты алып тастап, тілдерді еркін бәсекелестікке жіберді. Мәселені әділ сыншы – уақыт шешті. Біраз уақыт өткен соң, ағылшын тілі өміршеңдігін танытып, қоғам көпшілігінің қолданысына қол жеткізіп, бәсекелесі француз тілін ұлтаралық қатынастардан ығыстыра бастады. Сөйтіп, ағылшын тілі сандаған нәсілдер мен ұлттардан құралған Америка Құрама Штаттары секілді алпауыт мемлекеттің этносаралық, мемлекеттік тіліне айналды. Күнделікті қым-қиғаш тіршіліктің барысында ұлтаралық қатынастардың арасында туын-дайтын не бір қиындықтарынан өткен ағылшын тілінің енді әлемдік тілге айналу шеруі жүріп жатыр.
Қазіргі әлем тілдерінің жай-күйіне көз жібергенде, тіл мәселесін шешудің бірнеше үлгілерін байқадық. Ең бастысы – ұлт тәуелсіз болмай, тіл тәуелсіз болмайды екен. Мұндай бақыт тілдердің барлығының басына қона бермеген. Әлемде 6 мыңдай тіл бар болса, тәуелсіз мемлекеттердің саны 200-дей ғана. Сонда қалғандарының барлығы дерлік кіріптарлық халде деуге болады. Осы тілдердің барлығының да өмір сүргісі келеді. Ұлтының, тілінің болашағы үшін күресіп жатқан халықтар да, сонымен бірге тағдырдың дегеніне көніп, әйтеуір өлместің күнін көріп жүргендер де бар.
Ұлтаралық қақтығыстардың көпшілігі осы тіл мәселесінің, осыдан туындайтын ұлтаралық қатынастардың дұрыс шешілмеуінен туындап жатады. Сонда барлық тілдердің, ұлттардың мүдделері, құқықтары ескерілетін әділ шешім бар ма? Міне, әлем ғалымдарын толғандыратын негізгі мәселенің бірі – осы. Бұл саладағы тәжірибелер мен жетістіктердің кейбіреулеріне жоғарыда тоқталып та өттік. Ізденістер жалғасуда.
Қазір әлемдік деңгейде халы-қаралық қатынастар күшейген сайын ортақ тіл мәселесі күн тәртібіне өткір қойылуда. Мемлектаралық деңгейде бұл міндетті ЮНЕСКО-ның ресми тілдері ағылшын, қытай, неміс, орыс, француз тілдері атқарып жүр. Бұлар мемлекетаралық деңгейде шешімін тапқан. Ал ұлтаралық қарым-қатынастарда қалай болмақ? Мәселе осылай қойылғанда, қым-қиғаш проблемалар қаптап кетеді. Бар бәле ұлтаралық қарым-қатынас тілі болуға ұмтылған тілдің аз санды тілге тізесінің батуынан шығады, немесе бірнеше тілдің осы рөлді атқаруға қатар ұмтылысы барысындағы бәсекелестіктен туындайды.
Осы мәселені әділ шешу мақсатымен ғалымдар барлық халықтарға ортақ эсперанто тілін жасады. ХІХ ғасырдың соңында эсперанто тілін поляк дәрігері Л.Заменгоф роман, герман, славян тілдерінің көпшілікке кеңінен тараған сөздерінен грамматикасын оңай қылып жасап, қолдануға шығарды. Алғашында жұртшылықтың зор ықыласын тудырып, ХХ ғасырдың басында халықаралық деңгейге дейін көтерілген бұл жасанды тіл соңынан ойлағандай болмай, үмітті ақтамады.
Эсперанто тілін 5 миллиондай адам қолданып, қоғамдық өмірдің түрлі салалары бойынша жүздей журнал шығарып, оларда 100 мыңнан аса ғылыми мақала жарияланғанымен де жасанды тіл жасандылығын жасап, қалың көпшіліктің қолданыс тіліне айнала алмады.
Жоғарыда әр жерлерде аймақтық ұлтаралық тілдердің пайда бола бастағанын айтып өттік. Бұл жерлерде де тіл бәсекелестігі күшті. Кезінде ағылшындар Үндістаннан кеткен кезде, осы елдің ұлтаралық қатынас тіліне халқының саны жағынан көп хинди ұсынылған. Бірақ бұл бастама басқа тілдер тарапынан қолдау таппай, қарсылыққа ұшыраған соң, ұлтаралық қарым-қатынас тілі рөліне ағылшын тілін қолдануға, яғни мемлекеттік тіл ретінде жариялап, мойындауға тура келді. Қазір үнділер мемлекетінде екі тіл, яғни, хинди тілі мен ағылшын тілі ресми түрде қатар қолданылады.
Түркі тектес халықтар бір кездерде Алтай өңірінде өсіп-өніп, бір тілде сөйлегенімен де кейіннен Еуразияның шығысынан батысына дейінгі ұланғайыр аймаққа жайыла жайғасып, тіршілік жасауына тура келді. Әртүрлі географиялық орта, кәсіп, көршілерімен қарым-қатынастар олардың тілдеріне де әсер етіп, ондаған тілдерге бөліне бастады. Оңтүстік түркілеріне араб, парсы тілдерінің, батыстағы түркілерге еуропалық тілдердің ықпалы күшті болып, олардың аралары айтарлықтай алшақтай түсті. Сөйтіп, бір-бірінен жырақта қалған түркілердің өзара түсінісуі қиындай түсті.
Бұл мысалдардан ұғатынымыз, өзінің тәуелсіздігін еш уақытта жоғалтпаған түрік тілінің өзінде де шет сөздердің көптігі, көп болғанда да жат сөздері көбейіп кетті деп, мазасызданып жүрген қазақ тілімізге қарағанда да көбірек көрінеді. Осы жерде назар аударатын негізгі бір мәселе; орыс, түрік тілдеріндегі бірдей терминдер күні кешеге дейін бізде де сондай болатын. Біз оларды тәуелсіздік алғаннан кейін қазақшаладық. Сонда осы жағдайға байланысты біздің халықаралық атауларды қазақ тіліне аударғанымыз дұрыс па? Жат сөздер қаптап, өкпесі қысылып тұрған қазақ тіліне жан кіргіземіз деп, жүріп, түрік бауырларымыздан, әлемдік ғылыми қалыптардан алыстап бара жатқан жоқпыз ба? «Былай жүрсең, арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледінің» кері. Сонда қалай, не істеуіміз керек? Міне, бүгінгі түркітануда көп болып, мамандар бас қосып, ақылдасып шешетін осы сияқты өмірдің өзі ұсынып отырған өзекті мәселелер баршылық. Негізгі мақсат алдағы уақыттарда осы сияқты алшақтықтарды жойып, түркілік бағытта бір-бірімізге жақындай түсуге ұмтылған абзал.
Тілді орынды-орынсыз кіріп кеткен жат сөздерден тазартуда қазақ тілшілерінің біршама жұмыстар атқарғанын айта кеткен жөн. Әйтпесе, бұрын жоғарыда келтірілген мысалдардағы қазақ терминдерінің көпшілігі орыс, түрік тілдеріндегідей нұсқада болатын. Бұл терминдердің қазақша сөйлеп тұруы іздене білсе, халықаралық деп жүрген терминдердің көпшілігінің қазақша, не басқа түркі тілдерінде баламасы бар екендігіне, болмаса, оларды қазақшалауға, не түркілендіруге болатындығына көз жеткізеді. Бұл мақсатқа бірлесіп, ойласып жұмыс істеу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Біздіңше, мысалда келтірілген қазақша терминдердің көпшілігі түркі тілдерінің ортақ термині ретінде қолданылуға сұранып тұр.
Түркі бірлігінің түп қазығы түркі тілдерінде жасалған түркі халықтарының ортақ рухани құндылықтары болатындығында еш-қандай талас жоқ. Ал сол ортақ рухани құндылықтарды әр тілде сөйлейтін халықтарға жеткізетін түркіаралық қарым-қатынас тілі қай тіл болмақ деген мәселенің төңірегінде түрліше пікірлер бой көтерді. Түріктер сан жағынан көп, әрі тілі халықаралық қарым-қатынастарда басқа тілдерге қарағанда, біршама тәжірибесі бар екендігін алға тартып, түрік тілін түркіаралық ресми тіл ретінде көргісі келетіндіктерін білдірді. Мұны әсіресе әзірбайжандар қатты қолдап, латын жазуына көшкенде, әліпбилерін түрік орфографиясына барынша жақындатты. Өзбектер Орта Азиядағы саны көп әрі түркі әлемінің орталығында жатқан халықпыз дегендей сыңай танытты. Түркіаралық халықаралық тіл түрік те, өзбек те болмайды, ол жаңадан түркілік негізде жасалынған тіл болады деген пікір де көрінді. Сонымен бірге түркі әлемінің көшбасшысы болғысы келетін түркілік мемлекет басшыларының жеке бастық пендешілік амбициялары тағы бар.
Әрине, бұған жеке ел болып, тәуелсіздіктің дәмін татып қалған басқа ұлттардың көнгісі келмейтіні – заңды. Өйткені халқының санына қарамастан, тілдердің барлығы да – бірдей, ұлы, тең құқылы. Міне, осы сияқты көптеген обьективті, субьективті жағдайлар бір-бірімен шырмала келіп, түркі бірлігін жүзеге асыруға айтарлықтай қиындықтар туғызып отыр.
Әр ұлттың өз тілін түркіаралық ресми тіл болғанын қалауы түсінікті болса керек. Осы бір өте нәзік мәселені барынша әділ шешуге ұмтылыс барысында түркі тілдерінің ішіндегі ең аз санды, жаһандануға жұтылып бара жатқан ұлттың тілін түркіаралық қарым-қатынас тілі қылайық, сонда біз бір жағынан, бір ұлтты жойылудан сақтап қалсақ, екінші жағынан, қанша дегенмен де өз ішімізде бір тілдің өктемдігі жойылып, тілдер теңдігі сақталып, әділдік салтанат құрады деген де пікір айтылды.
Қазір түркіаралық қарым-қатынас тілі ретінде ортатүрік тілінің алғашқы үлгісі жасалып, қолданыла бастады. Тегі қазақ қырым татары Вадим Алданұлы Миреев пен татар Ильнар Валеев бірлесіп түркі сөздерінің негізінде жасаған ортатүрік тілі жуырда өткен Түркі халықтарының Дүниежүзілік Ассамблеясының құрылтайында негізгі баяндаманың тіліне айналып, жан-жақтан келген қонақтардың бір-бірімен сөйлесу, түсінісу құралы ретінде алғаш рет қолданылды. Жиынға қатысушылар ортатүрік тілін алдағы уақыттарда да түрлі түркіаралық жиындарда ортақ қарым-қатынас құралы ретінде қолдана беруді, Молдавиядағы Комрат гагауыз университетінде оқыта бастауды, сондай-ақ түркі әлемінің жаңалықтарына арналған интернет-газет шығарып тұруды ұсынған шешім қабылдады. Сөйтіп, ортатүрік тілін тәжірибеде батыл қолданып, жетілдіре беруге шақырды.
Латын графикасындағы ортатүрік тілі арнайы жасалынған әдістемемен компъютерлік бағдарлама арқылы барлық түркі тілдерінен сөздерді іріктеп, сұрыптап алу арқылы жасалынған. Ғалымдардың пікірінше, бұл тілдің болашағы зор. Өйткені, бұл тіл ешқандай тілге артықшылық, не қысым көрсетпейді. Керісінше, лексикалық қоры бір болғандықтан да барлық түркі тілдерінің жандана түсіп, дамуына жолдар ашады. Соңғы жылдары Тәшкендегі Ортатүрік тілі халықаралық ғылыми-зерттеу институтының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор, өзбек ғалымы академик Бақтияр Кәрімов те ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, түркіаралық қарым-қатынас тілі ретінде ортатүрік тілін қолдануды ұсынады. Ал ортатүрік тілі қолдан жасалынған жасанды тіл емес, түркі халықтарының бәріне бірдей ортақ түркілік түбірлі сөздерден тұрмақ.
Ғалымның ойынша, бейтарап тіл ретінде танылып, ұлтаралық қарым-қатынас құралы, жалпы-түріктік, жалпы адамзаттық маңы-зы бар ақпараттарды жинақтау қызметтерін атқаратын орта түрік тілін жасау түркі халықтарының арасын-дағы өзара түсіністік пен тең құқылы байланыстардың арта түсуіне, сондай-ақ түркі әлемі одан қалды, жалпы адамзат қоғамындағы жекелеген адамдар мен әлеуметтік топтардың әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық,ақпараттық-коммуникативтік, кәсіптік-білік-тілік, рухани-интеллектуальдық жағы-нан дами түсуіне барлық қолайлы жағдайлар туғызатын болады («Создание усредненнего языка ортатюрк, выступающего в функциях добровольно признанного языка межнационального обще-ния, накопления информации общетюркской и общечеловеческой значимости способствоволо бы развитию взаимопонимания и равноправного сотруд-ничества между тюркскими народами, социально-экономическому, поли-тико-правовому, информацион-но-коммуникативному, профес-сионально-квалификационному, духовно-интел-лектуальному развитию личностей и социальных групп, как тюркского мира, так и всего человечества»).
Б.Кәрімов түркі тілдерін ма-тематикалық әдіспен зерттеу барысында түркі тілдерінің ішінде өзінің түркілік түбірін көбірек сақтаған тіл қазақ тілі (60 пайыз) екендігін анықтап, оны ортатүрік тілінің негізі ретінде қолдануды ұсынады; бір сөзбен айтқанда, ортатүрік тіліне қазақ тілі алынып, қолданылғаны жөн деп біледі. Бұл ұсыныстың қолдаушыларымен бірге қарсыластары да болатындығы анық.
Бақтияр Каримов орта түрік тілін жасаудың төмендегідей оң факторларын атайды:
«1)Создание среднетюркского языка ортатюрк (анатюрк) методом усреднения норм тюр-кских языков, признание его в качестве языка межтюркского межнационального общения, язы-ка информацииимеющей обще-тюркское и мировое значение и достижение признания его в качестве одного из языков ООН. Это обеспечивает равноправие всехтюркских языков между собой, каждый из тюркских народов имеет право использовать свой тюркский язык как государственный язык в своем национальном государстве и развивать его в меру своих возможностей. Механизм усреднения при создании норм языка «ортатюрк» дает близость к языку предков современных тюркских народов и внесение в язык ортатюрк основной части своеге языкового наследия каждой из тюркских наций;
2) Создание системы усредненных языков для родственных языков;
3) Создание всемирного общече-ловеческого языка на основе всех языков мира посредством системы усредненных языков;
4) Поддержка концепции государ-ственного статуса национальных язы-ков;
5) Поддержка концепции «понят-ных» языков. Близкородственные языки могут официально быть признанными в качестве «понятных» языков на территориях других го-сударств;
6) Создание координированной системы алфавитов национальных тюркских языков ;
7) Создание координированной системы терминов тюркских языков;
8) Поддержка концепции межя-зыковой толерантности;
9) Поддержка концепции куль-турногоразно-образия и защиты на-циональных языков;
10) Целесообразно каждый год 21 февраля отмечать в тюркском мире «День родного языка», солидаризуясь в этом процессе с решениями ЮНЕСКО» (Б.Р.Каримов. Наследие и перспективы тюркской цивилизаации и путь инновационного повышения статуса казахского языка. «Мәдени ықпалдастық және өркениеттер бірлігі» атты 5 Халықаралық түркология конгресі. Түркістан, 19-20 сәуір, 2013, 41-бет).
Өзбек ғалымдары аймақтарда қолданылатын ұлтаралық қарым-қатынас тілдерін жасаудың өзіндік үлгісін ұсынады (Б.Р.Каримов, Ш.Ш.Муталов. Усредненные языки: попытка решения мировой языковой проблемы. Ташкент, Издательство «Фан» Академии наук Республики Узбекистон, 2008). Бұл үлгі бойынша, ол тіл жергілікті жерлердегі туыстас тілдердің барлығына бірдей ортақ болып келетін лексикалық қордан жасалады да бір де бір тілдің мүддесіне қайшы келмейді. Керісінше, туыстас тілдер бір біріне жақындай түсіп, бір бағытта, бірінде барын екіншілері пайдаланып, байып, бір арнада дами түсетін болады.
Мысалы, Б.Каримов қазір түркі халықтарының ұлтаралық қарым-қатынас жасауы ортақ түркі (ортатүрік) тілі арқылы болуы тиіс деп санайды. Бұл үлгі бойынша, ол түркі халықтарының жарымына жуығы сөйлейтін түрік, немесе басқа тілдерді ұсына салмайды. Ғалым бұл тілдің өзегіне түркілік түбірлі сөздерді алып, соны бүгінгі күннің талаптарына сай қолдануды ұсынады. Ал қандай тілдегі қандай сөзді алу мәселесі ғылыми тұрғыдан арнаулы әдістеме арқылы шешіледі. Білікті маман ғалымдардың қатысуымен арнайы жасалынған компьютерлік бағдарламаның көме-гімен жүзеге асатын бұл тәсілде тілдерге деген бейтараптық барынша сақталынатын болады.
Қазақтар самолет сөзінің орнына түріктің ұшақ сөзін алды. Басқа да түркі тектес тілдер де осылай жасаса, бір сөздің мағынасы туыстас тілдердің барлығына бірдей түсінікті болады. Сол сияқты түркі тілдерінің көпшілігі компьютер сөзін қолданса, ал анадолы түріктері мұны білгісары деп алған. Басқа түркітектес халықтар білгісарының не екенін түсінбеуі мүмкін. Сондықтан да бұл сөздің түркітектестердің барлығында да түсінікті болуы үшін лексиалық жағынан бірыңғайландырған абзал. Сонда жаңа заманға, ғылымға байланысты жекелеген атауларды түрліше алудың барысында бір бірінен алшақтап кеткен түркі халықтары осы процесті кері бұрып, яғни дұрыс табиғи жолда жүруін реттеп отыру арқылы бір бірімен жақындаса түсіп, бәсекеге қабілетті күшті ортақ тілінің арқасында әлемдік өркениеттегі өзіне лайықты орнын иемденетін болады.
Өзбек ғалымының пайымдауынша, орта түркі тілінің мынадай артықшылықтары бар:
1. Ортақтық этникалық тілдердің базасында жүзеге асатындықтан да оны арнайы үйреніп жатудың қажеттілігі жоқ; ол туыстас тілдегілердің барлығына да түсінікті.
2. Ортақ тіл этникалық тілдердің ешқайсысына жатпайтындықтан да олардың ешқайсысына да басымдық бермей, тіл саясатынан туындайтын ұлтаралық алауыздықтардың жолын кеседі.
3. Ортақ тіл мемлекеттік тілге жергілікті тілдердің бірі ұсынылғанда кездесетін мәжбүрлеу әрекеттерін жояды.
4. Ортақ тіл бұрынғы отар-шылдардың тілін мемлекеттік рес-ми тіл болып қалу мүмкіндігінен айырып, рухани саладағы олардың ықпалын әлсіретеді.
5. Шекаралармен бөлінген туысқан халықтардың арасындағы қарым-қатынастардың жақсара түсуіне қызмет ететін болады (Б.Р. Каримов, Ш.Ш.Муталов. Усредненные языки: попытка решения мировой языковой проблемы. Ташкент, Издательство «Фан» Академии наук Республики Узбекистон, 2008, 13-14 беттер).
Идея – жақсы. Бірақ оны жүзе-ге асыруға келгенде, күтпеген кедергілердің қаптап кететіні тағы бар. Бар мәселе осы бір жақсы идеяны қалай жүзеге асыруда жатыр. Ниет дұрыс болса, алынбайтын қамал жоқ. Іс басталса, қалғаны біртіндеп жөнге келеді. Тағы да бұл істің тар ұлттық шеңберде ғана емес, кең түркілік ауқымдағы сана-сезімді қажет ететіні тағы да анық.
Профессор С.Бизақов түркі халықтарының ортақ тілі 30-40 жылда қалыптасуы мүмкін деді. Ол «Түрікшіл идеяны, түрік әлемінің бірлестігін насихаттап, елдіктің қамын көп болып жұмыла ойласып, бір түбірден тараған туыс халықтардың тілінің, ділінің, рухани бітім-болмысының, мәдениет пен өнерінің ортақтығын, тұтастығын сездіріп, қайта қауыштыру – олардың ынтымағын күшейту бағытындағы баға жетпес игілікті іс» (С.Бизақов, «Түбі бір түркіге ортақ тіл», «Түркістан», 2013, желтоқсан) – санайды.
Түрік халқынан А.Дағдұран: «Әрине, біз бірігейік-бірігейік деген-нен ештеңе шықпайды. Халықтардың басын қосатын – ортақ тіл. Түркі халықтарының өкілдері жиналған жиындарда орыс тілінде сөйлесуіміз – өзімізді-өзіміз сыйламағандығымыз. Сондықтан түркілерге ортақ бай-ланыс тілі қажет. Барлық түркі тілдерінде 30 пайыз араб, парсы, орыс сөздері бар. Біз түркі халықтары барлығымыз бірігіп, кірме сөздерді қолданыстан шығарып, оның орнына ортақ түркі сөздерімен алмастырсақ болады» – дейді.
Қазақ жазушысы Д.Амантай «Түркі халықтарына ортақ жасанды тіл жасаудың ешқандай қажеті жоқ. Қазіргі таңда түркі тектес халықтар бас қосқанда, бір-бірімен орыс тілінде сөйлеспесін деп, ортақ тілді қолдан жасаудан ештеңе шықпайды. Өйткені, бірте-бірте Ресейдің бізге деген ықпалы азаяды. Сондықтан орыс тілін ығыстыру үшін біз, ең алдымен, қазақ тілін дамытуымыз керек. Жалпы, әлемдегі және Қазақстандағы кез-келген мәселені біз қазақтың ұлттық мүддесі тұрғысынан қарағанымыз жөн. Егер, бүкіл түркі тілдеріне ортақ тілді іздейтін болсақ, онда ол – қазақ тілі. Көк түркінің көне шаңырағы – Алтай тауының аймағы, яғни Қазақстан. Демек, қазақ жері – кез-келген түркі халқының өсіп-өнген алтын бесігі. Көне түркіден тарағандардың барлығы да батыс пен шығысқа, оңтүстік пен солтүстікке осы ата-қоныстары қазақ жерінен кеткен. Қазіргі таңда Қазақстаннан бастап, Қазақстанды мекен ететін барлық ұлт өкілдерінің тілі де, барша түркілердің халықаралық тілі де қазақ тілі болуы керек» – деп, өзге ұлт өкілдерінің біріне ұнап, екіншісінің көңілінен онша шыға бермейтін ой тастапты.
Ал түрік журналисі Жүсіп Пилтан: «Меніңше, түркілердің ортақ тілін қалыптастыру төңірегіндегі мәселе бүгін-ертең шешілмейтін секілді. Себебі – түркіге ортақ тіл тұрмақ, ана тіліміздің тағдырын шеше алмай, мәртебесін көтере алмай отырғанда, әзірге бұл мәселе тек әңгіме жүзінде қала бермек. Кезінде түркіге ортақ қайраткер Мұстафа Шоқай барша түркі халқының ортақ тілі ретінде қарақалпақ тілін ұсынған болатын. Бұл идея белгілі себептермен жүзеге аспады. Одан кейін «саны ең аз түркі халықтарының тілін түркіге ортақ тіл етіп алайық» деген де пікірлер болған. Енді міне, түркі жұртына ортақ сөздердің сөздігін жасап, ортақ тілді қолдан жасап, алайық деген де ұсыныстар айтылып жүр. Қалай десек те бұл мәселені уақыттың еншісіне қалдырып, әзірге қазақтарды қазақша сөйлетіп алсақ дұрыс болар еді» – деп, ащы шындықты жайып салды.
Түркі халықтарына ортақ әліпбиге, ортақ тілге көшуге біз өзіміздің ішкі рухани жағдайымызды, ең алдымен, ана тіліміздің қоғамдық-рухани өмірімізде алатын орнын жөндеп алып барып кірісуіміз керек. Өйтпесек, «әліне қарамай, әулиеге қоныптының» кебін киеміз. Қалай десек те, жаһандану дәуірінде түркі халықтарын тозып кетуден сақтайтын бірден-бір жол ортақ тіл негізіндегі түркілік бірлік бағытында жатыр. Түркі әлемінің болашағы осы бірлік арқылы ғана жарқырай түспек.
ХХ ғасырдың басында түркі әлеміне төніп келе жатқан саяси-әлеуметтік, мәдени қауіп-қатерді алғашқылардың бірі болып, жан-жүрегімен сезінген, одан сақтанудың бірден бір жолы түрік бірлігі деп, осы бағытта күреске шығып, ұрандатқан Ысмайыл Ғаспыралы барлық түркі тектес халықтарға ортақ грамматика жасамақ болған.
«Біздің түрік тілі әуелде бір тіл болып, сонан соң, ел бұтақтап өскенде, тіл де бұтақталған. Түбірі бір болса да, түрі басқаланып, түрік тілінің арасына тарау-тарау жік түскен… Тілдің басқалануына себеп болған әр түрлі бөтен жұртпен сыбайлас болып, араласқандықтан…
Егер де Гаспринскийдің сөзін тірілтеміз десек, ұлы іс үшін ұсақ намысты қойып, түріктің тұнық тілін, түзу емлесін алу керек» («Тіл тағлымы», Алматы, 1992, 395-бет) – деген екен кезінде ұлы қазақ Ахмет Байтұрсынов.
Демек, осыдан бір ғасыр бұрын күн тәртібіне қойылған түркілік ауқымдағы аса маңызды проблема күні бүгінге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Қазір әлемде, түркі қауымдастығының өз ішінде қалыптасып отырған саяси, мәде-ни жағдайлар бұл мәселені жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер туғызумен бірге оны шешу жақтарын да өткір алға қойып отыр.
Бұрындары барлық мәселе әскери қарудың күшімен шешілетін. Қазіргі заманның өзіндік ерекшелігі алдыңғы қатарға әскери қарудан гөрі, идеологиялық майдан шықты. Кімнің тілі мықты, сол тілде жасаған руханияты күшті болса, сол рухани құндылықтарды базасы мығым ақпараттық құралдармен тарату, насихаттау арқылы іске көшті.
Нақтылай айтатын болсақ, үстіміздегі ғасырда өркениеттердің, мәдениеттердің, тілдердің басқын-шылық шабуылдары жүріп жатыр. Осы бір басқыншылықтардан аман қалуымыз үшін шашырап кеткен түркітектес халықтар ортақ түркі тілінің, ортақ түркілік рухани құндылықтардың төңірегіне топтаса түсуімізді өмірдің өзі талап етіп отыр.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *