Т. Сабыржанова Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Соңғы кезде әлемнің көптеген елдері үшін терроризммен күрес мәселесі аса өзекті болып отыр. Шындығында, дін зайырлы қоғамымыздың ажырамас...

Т. Сабыржанова
Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды университеті

Соңғы кезде әлемнің көптеген елдері үшін терроризммен күрес мәселесі аса өзекті болып отыр. Шындығында, дін зайырлы қоғамымыздың ажырамас бөлігі болып табылады, сондықтан құзырлы мемлекеттік мекемелер еліміздегі діни қатынастарды одан әрі дамытуға әрқашанда мүдделік танытады.
Халықаралық терроризм, сепа-ратизм, экстремизм, оның ішінде діни экстремизм халықаралық қауымдастыққа және жалпы адамзатқа қауіп төндіріп отырған келеңсіз құбылыстар болып табылады. Олар құқық тұрғысынан қылмыстар деп дәрежеленеді. Аталған қылмыстар халықаралық сипаттағы қылмыстар болып табылады. Әмбебаптық, аймақтық, екіжақты мемле-кеттераралық шарттарда қылмыстар болып танылып, мойындалады.
Халықаралық қылмыскерлікпен күресу мәселелері халықаралық қылмыстық құқық ғылымы бойынша зерттеледі. Терроризм, сепаратизм және діни экстремизм құбылыстары халықаралық құқық жүйесінде қалыптасуы мен дамуының тарихи негіздері әр қилы, бір жағынан бір-біріне біршама ұқсас деуге болады. Көптеген тарихи, ғылыми, сонымен бірге қасиетті жазба кітаптардың мәтіндерін зерттегенде, жоғарыда аталған терминдердің тікелей айтылмаса да, аталмыш құбылыстардың өз уақыттарында белгілі бір тарихи үрдістерде қалыптасып әрі дамып келгендігі анық.
Ең әуелі терроризм, сепаратизм және діни экстремизм ұғымдарын қазіргі уақытта халықаралық шарттардағы құқықтық анықтамалары контексінде талдау қажет. БҰҰ аясында қабылданған әмбебаптық халықаралық құқықтық актілердің ешқайсысында, әсіресе терроризмге қатысты конвенцияларда, халықаралық терроризмнің құқықтық анықтамасы көрсетілмеген.
Тек халықаралық терроризмнің әр түрі бойынша арнайы конвенциялар қабылданған. БҰҰ Бас Ассамблеясы 1994 жылдың 9 желтоқсанында 49/60 резолюцияны қабылдады. Халықаралық терроризмді жою туралы Декларация атты факультативтік актінің кіріспесінде халықаралық терроризмнің барлық түрлері мен құбылыстары, тікелей немесе жанама тұрғыдан мемлекеттердің қатысуымен, терроризмнің іс-әрекеттері ешқандай жазығы жоқ адамдардың өміріне қауіп төндіруде немесе оларды өлімге ұшыратуда, халықаралық қатынастарға қатерлі салдары болуда, мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төндіруде, сонымен қатар көптеген аймақтарда террористік актілер шыдамсыздық немесе экстремизм негізінде жүзеге асуда деп көрсетілген.
2000 жылы 28 тамызда БҰҰ Бас Ассамблеяның 55-інші сессиясында, БҰҰ Бас Ассамблеясының алтыншы комитетінің ұсынысы бойынша, 166 п. күн тәртібінде «Халықаралық терроризмді жоюдың шаралары» атты жоба қарастырылды. Бұл жобада халықаралық терроризммен күресуді жалпы қамтитын арнайы халықаралық шартты дайындау туралы ұсыныс жасалған болатын. Алайда осы күнге дейін бұл шарттың мәтіні расталғанмен, оған мемлекеттердің ресми өкілдері арқылы қол қойылған жоқ. Бірақ бұл шарт жобасының назар аударуға тұрарлық тұстары жоқ емес. Олай деп тұжырымдама жасауымыздың себебі, тұңғыш рет осы жоба негізінде халықаралық келісім тәжірибесінде терроризмнің құқықтық анықтамасы берілген. Сондай-ақ осы конвенцияның кіріспесінде үш бірдей қысқаша анықтамалар көрсетілген. Мысалы, солардың бірі мына мазмұнда жазылған: «…терроризм актілері әлемдегі барлық оның белгілі түрлерінде …еш кінәсізадамдардың өміріне қауіп төндіреді немесе олардың өліміне әкеліп соғады, негізгі құқықтарға қауіп тудырады және адами тұлғаның абыройына шындығында қауіп келтіреді».
Сонымен, әмбебап шарттардың (бұл, дәлелдеп айтқан кезде 13 конвенция және қосымша 3 хаттама) ешқайсысында терроризмнің толық-қанды құқықтық анықтамасы жоқтың қасы деуге болады. Тек соңғы талданған жобада ғана оның жан-жақты қамтылған анықтамасы болмаса да, ішінара түпнұсқасы берілген.
К.З. Алимов терроризмді анықтаудың қиындығы мына негізгі төрт мәселеге байланысты деп есептейді. Біріншіден, уақыт өткен сайын терроризмнің анықтамалары өзгеруде, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін терроризмнің «жаңа» формалары мен түрлері туындады және осы күнге дейін жалғасуда. Екіншіден, «террорист» термині келеңсіз ярлык болып табылады және оны қолдану – бұл саяси акт, сондықтан оның қауіпті салдары бар.
Үшіншіден, терроризм әртүрлі мемлекеттік шенеуніктер, жазу-шылармен, журналистермен «анық-талады», өйткені олардың мәселенің күрделігін түсінуге мүмкіншілігі немесе қалауы жоқ. Төртіншіден, көптеген қарама-қайшы тарихи, саяси, әлеуметтік, философиялық және құқықтық анықтамалар баршылық.
Осының барлығы аталған терминнің дәл мәнін және оның қолдану жолын қиындатады [1, б. 303].
Осы аталған автор, өзінің пікірі бойынша, терроризм анықтамаларын мына төмендегі топтарға жіктейді: кейбір авторлар терроризмді анықтауда пәндік ауқымды қолданады (саяси, құқықтық), басқалар – логикалық процедураны (анализ, синтез), үшіншілер – терроризмді ұйымдастыру мен таратудағы мемлекеттердің рөлін (мемлекеттік, мемлекеттің қолдауымен), төртіншілер – саяси және құқықтық ауқымын және оның әлемдік қауымдастыққа әсері, ал бесіншілер жинақталған ұғымы жағынан жүйеленеді [1, б. 306].
Біріккен Ұлттар Ұйымы мен осы ұйымның Бас Ассамблеясының құзыреті шеңберінде қабылданған халықаралық әмбебаптық және факультативтік актілерде, Еуропалық Одақ пен Еуропа Кеңесі ұйымдары аясында қабылданған халықаралық құқықтық актілер, сонымен қатар ТМД, ШЫҰ және басқа да халықаралық аймақтық ұйымдар қарамағында қабылданған халықаралық құқықтық актілерде «халықаралық терроризм» терминіне қатысты толыққанды құқықтық анықтама әлі де жасалынған жоқ. Бұған қарамастан, «халықаралық терроризм», «терроризм», «сепа-ратизм» және «экстремизм» деп аталынған барлық құбылыстарды, оның ішінде «діни экстремизм» терминдеріне қатысты құқықтық анықтамаларды беруші ғалымдардың ой-пікірлері мен тұжырымдарына талдау жасаған дұрыс деп санаймыз.
Әрине, «терроризм» термині жөніндегі анықтамаларды бірыңғай танылған жүйеге келтірудің қиын-дығын ескеріп, жоғарыда атап өткен зерттеушілердің тұжырымдамаларына талдау жасай отырып, оған өзіндік түсінігімізді мынадай кең мазмұндағы анықтамада білдіреміз: «Терроризм – қоғам немесе ха-лықаралық қауымдастықтың өмі-рінде халықаралық құқықтық категориялық құбылыс ретінде, радикализм мен экстремизм құбылыстарының салдарынан, бір террористік ұйымның немесе бірнеше террористік ұйымдардың террористік идеологиялық мотивацияланған базасында немесе тікелей немесе жанама түрде мемлекеттердің қолдауымен немесе халықаралық қылмыстық ұйымдардың ынты-мақтастығы арқылы құрылған, ең шеткі террористік көзқарастар мен іс-әрекеттердің жақтаушылары болып табылатын, халықаралық шарттар мен ұлттық заңнамалардың талаптарына немесе басқа да негіздердің қағидаларына қасақана яки қайшы мотивациялық ниет пен мақсатты ұстанатын, өзіндік мүдделі күресті жүргізетін, өзіндік тактикалық және стратегиялық мақсаттарына жетуі үшін, әртүрлі әдістермен және қылмыстық тәсілдер мен құралдар арқылы, белгілі бір мемлекеттің азаматтарына немесе шетел азаматтарының өміріне, заңды құқықтары мен бостандықтарына, тарихи қалыптасқан қоғамдар мен ұлттардың құндылықтарына, ұлттық мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға, қылмыстық зардап келтіруге, қорқытып үрейлендіруге және тиісті жағдайды жасауға немесе мәжбүрлеуге бағытталған, халықаралық, аймақтық және ұлттық немесе арнайы құрылған соттардың үкімімен террористік ұйымдар деп танылған, мемлекеттердің не террористік ұйымдардың немесе жеке тұлғалардың халықаралық қауымдастыққа, мемлекеттерге және қоғамдарға аса қауіпті іс-әрекеттері».
Мұндай әмбебаптық сипатқа ие анықтаманы беруіміздің негізгі себебі, терроризмді тек ғылыми, құқықтық тұрғыдан ғана емес, тәжірибелік көзқарас тұрғысынан да жүйелеп қарастыруымызда болып отыр.
Жоғарыда «терроризм» мен «діни терроризм» терминдеріне құқықтықанықтамалар берілді. Енді осы терминдерінің өзара қатынасы, құқықтық ерекшеліктері мен айырмашылықтарына жеке тоқталайық. Терроризм – бұл кешенді құбылысты айқындайтын, кеңейтілген ұғым. Террористік актілер мен іс-әрекеттер қорқыту мен үркіту арқылы белгілі тактикалық және стратегиялық мақсаттарға жету үшін жүзеге асырылады.
Яғни, осындай нақты зорлық әрекеттері арқылы саяси, діни террористік, әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға жетуге өзіндік террористік іс-әрекеттерді жүзеге асыруға бағытталады. «Терроризм» терминіне құқықтық анықтама кешенді аспектілер тұрғысынан беріледі. Өйткені терроризм бірнеше құбылысты түрлерден тұрады. Яғни, олар саяси терроризм, діни терроризм, этникалық негіздегі терроризм және басқа да түрлері. Саяси терроризмнің діни терроризмнен негізгі айырмашылығы мынада: біріншінің ең басты мақсаты — саяси билікке қол жеткізу, ал діни терроризмнің ең басты мақсаты – саяси билікке жету арқылы тек діни террористік идеологияға негізделген мемлекетті құру. Этникалық негіздегі терроризмнің ең басты мақсаты – өзіңе жақын орналасқан «этникалық негізі туыс» мемлекетке қосылу. Бұл дегеніміз – құр халықтың қосылуы ғана емес, мүмкіншілігі болса жерімен қоса бірігу. Діни экстремизм – діни терроризм құбылысына ұласуға және оның туындауына серіппе беретін саты.
Ол өзіндік діни террористік мақсаттарына жету жолындағы шешуші саты рөлін атқарады. Діни радикализм өздерінің діни сипаттағы радикалды мақсаттарына жетелеп апаратын ең алғашқы сатысы болып есептелінеді. Бұған мынадай нақты тәжірибелік дәлелді келтіруге болады. Мысалы, «Хизбут-тахрир» партиясы өздерінің ең басты мақсаты ретінде халифаттық мемлекет құруды жасырмайды. Бұл партия өздерінің ең басты мақсаттарына жету мақсатында үш саты бойынша іс-әрекет етеді. Партияның ең бастапқы сатысы және ісәрекеттерінің негізгі әдісі – мәдени-білім беру («ан-нахийату сақафийа»). Бұл бағыт бойынша қойылған тапсырма — мұсылмандардың, тіпті мұсылман еместердің дұрыс саяси санасын қалыптастыру [2, б. 4]. Бұл жоғарыда тұжырымдалған діни радикализмнің сатысы. Екінші мақсаты – «қоғамға саяси және мәдени кіргізу» арқылы жүзеге асып аяқталатын ойлау революциясы. Бұл кезең діни экстремизмнің сатысына жатады. Үшінші кезең немесе саты — өкіметті басып алу [2, б. 5]. Бұл діни терроризмнің негізгі шешуші сатысы болып табылады. Осыған ұқсас діни террористік ұйымдардың қатарына Жапониядағы «Аум Синрике», Израильдегі «Кох» және басқа да ұйымдарды жатқызуға болады.
Саяси террористік ұйымдар мына эволюциялық тізбекпен қалыптасып, дамиды: саяси радикализм – саяси экстремизм – саяси терроризм. Саяси террористік ұйымдар қатарына «Аль-Каида» ұйымы және тағы басқа ұйымдар жатқызылады. Ал этникалық негіздегі террористік ұйымдар мынандай эволюциялық тізбек бойынша қалыптасып дамиды: этноцентризм (этносепаратизм, ирредентизм) – этникалық экстремизм – этникалық негіздегі терроризм. Этникалық негіздегі ұйымдар қатарына Испаниядағы «БАСК» ұйымы және тағы басқа да ұйымдарды жатқызуға болады. Бұл жерде ең маңызды ескерілетін мына жайт бар. Діни террористік ұйымның ең басты идеологиялық базасы ретінде діни террористік идеология болып қолданылады.
Ал саяси террористік ұйым мен этникалық негіздегі террористік ұйым діни террористік идеологияны қосымша құрал ретінде пайдаланады. Сол сияқты діни террористік ұйымдар да діни-саяси аралас террористік идеологияны қосымша құрал ретінде ұстанады.
Бұл арнайы террористік ұйымдардың ұйымдық құрылымдары әртүрлі ерекшеліктермен айқыш-талады. Мысалы, «Хизбут-тахрир» діни террористік ұйымының құрылымы пирамидалық қағидаға сай функционалдық ұяшықтарды қолданумен құрылады. Бұл ұйымдық құрылым жеті сатыдан тұрады. Саяси террористік ұйымдарда да осындай негізге ұқсас өзіндік құрылымдық жүйелер құрылады. Олар сияқты сепаратистік және этникалық негіздегі террористік ұйымдарда өзгеше ұйымдық құрылым көзделген. Діни террористік немесе діни экстремистік ұйымдардың басқа арнайы террористік ұйымдардан ең басты ерекшеліктері мынада: олар қандай бір халықпен және географиялық аумақпен шектелмейді және олардың жаһандық мақсаттары бар [2, б. 4].
Түйіндей келе айтар ойымыз, терроризмнің бір түрі болып табылатын діни терроризм мен діни экстремизм құқықтық ассоциациялық қатынаста және эволюциялық қатынаста болады, ал этникалық негіздегі терроризм сепаратизммен өзара ықпалдастық пен жақындауға «мүдделік». Діниэкстремизм мен діни терроризм терроризммен тығыз қатынаста болса, ал сепаратизм, этникалық негіздегі терроризм және саяси терроризмдермен саяси қолдау немесе саяси ықпалдастық сияқты тұстарымен байланысып жатады.
Әзірше ғылыми ортада «халықаралық терроризм» ұғымына қатысты жалпы мақұлданған анықтама болмаса да, бұл тұрғыда кейбір анықтамаға талдау жасап, өз көзқарасымызға сәйкес осы күрделі құбылысты түсіндіруге талпынамыз.
«Халықаралық терроризм» терми-нінің халықаралық құқықтық актілерде қолданылуының себебін оның халықаралық сипат алуы мен іс-әрекеттері ауқымының кеңейгендігімен түсіндіруге болады. Бұл қылмыстың квалификациялануы, яғни аталмыш тұрғыда дәрежеленуі жөнінде әдебиеттерде көптеген төмендегі ғалымдар өз пікірлерін айтты: олардың қатарына Ю.М.Антонянды, И.И.Лукашукты, А.В.Наумовты, Е.Г.Ляховты, Л.А.Моджорянды, А.И.Зябкийді, Н.И.Костенконы, В.П. Емельяновты, К.В. Жариновты, М.А.Раджабованы, У.Убайдуллаевты, К.З.Алимовты және тағы басқаларын жатқызуға болады.
Мысалы, Е.Г. Ляхов «Халықаралық қылмыс (халықаралық терроризм) мына төрт жағынан квалификациялануы қажет деп есептейді: субъект, субъективтік жағы (кінә), объект, объективтік жағы (әрекет, әрекетсіздік, құқыққа қайшылық, себептік-салдарлық байланыс)» [1, б. 312]. Бұл пікір келісуге тұрарлық, бірақ бұл жөнінде халықаралық құқықтық актілерде толыққанды әрі нақты ұғымда бекітілген норма жоқ. Яғни, қарастырылып отырған қылмысқа қатысты құқықтық анықтаманы жобалап, қабылдау қажет.
Ю.М. Антонян «халықаралық терроризмнің ұлттық терроризмнен айырмашылығы жоқ, оның ішінде әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан еш айырмашылығы жоқ екендігін алға тартады және де ол бір мемлекеттің құруымен басқа мемлекетке қарсы әрекет етуші террористік топтар, өзөздігінен құрылғандарға қарағанда, психологиялық тұрғыдан ерекшеленеді» деген ой-пікірді айтады [1, б. 312].
Бұл тұрғыда айтатынымыз, әлбетте өзөздігінен құрылған топтар мен ұйымдардың мемлекеттің тікелей немесе жанама қолдауымен құрылған топтар мен ұйымдардан психологиялық ерекшеліктерінен басқа және идеологиялық мотивация тұрғысынан да ерекшеліктері бар. Өз-өздігінен, яғни жеке бір адамның немесе адамдар тобының бастамасымен құрылатын кейбір топтар немесе ұйымдардың ісәрекеттері де халықаралық сипат ала бастады.
Ал А.И. Зябкий болса, халықаралық терроризмнің квалификациясын құ-қықтық бұзушылықтың квалифи-кациясы есебінен нақты әрекеттің тәуелдігіне байланыстырып келтіруге болады дейді [1, б. 312]. Халықаралық құқық бұзушылықтың қылмыстық зардабына сараптама жасау арқылы халықаралық терроризмнің квалификациясын жасауға әрине әбден болады.
Бірақ бұл жерде террористік актілердің қандай әдістермен жасал-ғандығын немесе қандай формада жүзеге асырылатындығын ескеру керек.
В.П. Пановтың пікірінше «өзіндік құқықтық табиғаты бойынша халықаралық терроризмді шетелдік элементі бар жалпықылмыстық қылмыстарға жатқызу керек» [1, б. 313]. Біздің ойымызша халықаралық терроризмді шетелдік элементі бар жалпықылмыстық қылмыстарға жатқызуға да, жатқызбауға да болады. Өйткені, ең алдымен халықаралық терроризм халықаралық сипаттағы қылмыс болып табылады. Бұл дегеніміз терроризм бағытталған объектісі жағынан және оны жүзеге асырған субъектісі жағынан бір мемлекеттің аумағынан тыс шығады. Субъектілер шетел азаматтары болып табылып немесе қылмыс жасалған аумақ тұрғысынан сол мемлекеттердің азаматтары болып өзге мемлекеттерде жүруі мүмкін. Оларды тиісті қылмыстық жауапкершілікке тарту сол мемлекеттердің заңдары бойынша жалпықылмыстық си-паты бар заңсыз әрекеттерге дәрежеленіп, азаматтылығын иеленген мемлекеттердің өзіңе қайтарып беру мәселесі де туындайды.
Қосымша немесе арнайы халықаралық шарттарда да бұл процедураны іс жүзінде қолдану егжей-тегжейлі қарастырылып жатады. Тоқсан ойдың тобықтай түйіні, көптеген конвенцияларда аталған терминді осы тұрғыдағы орнымен қолдану террористік іс-әрекеттердің ауқымының кеңейгендігімен түсін-діріледі.
Ал терроризм жалпықылмыстық сипаттағы қылмыс емес деп қарамақарсы ой айту мына төмендегідей тұжырымдамамен дәйектеленеді. Терроризм кейде көптеген халықаралық әмбебаптық актілерде халықаралық қылмыс болып аталып өтілді, яғни оның объектісі – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік немесе халықаралық құқықтық тәртіп, ал тікелей субъектісі – халықаралық қауымдастық болып жалпы немесе жанама түрде ескеріледі. Осы орайда В.П. Пановтың пікірімен келіспеуге болады. Алайда терроризм халықаралық сипатта қарастырылғанмен, оның нақты осы қылмыс түрі екендігі бірыңғай түрде әлі де таныла қойған жоқ. Кейбір халықаралық құжаттар (қараңыз: Кодекс преступлений против мира безопасности человечества 1990 г., Статут Международного Уголовного Суда 1998 г. и др.) терроризмді халықаралық қылмыс деп таниды. Яғни, ішінара демесек те, терроризм біртебірте агрессия сияқты бей-бітшілікке қарсы жасалған, т.б. қылмыстар қатарына өтіп келе жатыр. Бірақ та бұл үрдіс әлі толық түрде кодификацияланған жоқ.
Сондықтан біз де әзірше В.П. Пановтың ойымен келісеміз. Н.С. Беглова: «Халықаралық терроризм – бұл терроризмнің қандай да бір ерекше түрі емес, тек оның сол немесе басқа да мемлекеттің шекарасынан тыс, ішкі терроризмнің жалғасы», — деген ой-пікірді ұстанады [1, б. 312]. Бұл ой- пікірмен ішінара келісуге болады. Яғни, тек ішкі терроризмнің халықаралық терроризмге ұласуы мүмкіндігі бар екендігін ескерсек ғана. Ал халықаралық терроризм терроризмнің қандай да бір ерекше түрі емес деген оймен келіспеуге де болады. Терроризм кейбір жағдайларда ішкімемлекеттік сипаттан дами келе
халықаралық сипатқа айналады. Әуелі басқа мемлекетте құрылған түрлі террористік ұйымдар басқа мемлекеттерде терроризмді туындатуға септік болып жатады. Бұл тұрғыда халықаралық терроризм де ішкімемлекеттік терроризмнің туындауына ықпал жасайды деп тұжырым жасауға болады. Қазіргі уақытта осындай сипаттағы халықаралық террористік ұйымдар әлемде баршылық. Мысалы, ең әуелі Палестинада құрылған «Хизбут-тахрир» партиясы кейін келе, әлемде қырықтан астам мемлекетте әртүрлі деңгейде ісәрекеттер жасайтын халықаралық террористік ұйымға айналды. Сол сияқты Жапонияда құрылған «Аум Синрике» және басқа да халықаралық террористік ұйымдарды айтуға болады.
Ресей ғалымы И.М.Ильинскийдің пікірінше, террор – бұл өкіметтің (күштің), яғни азшылықтың көпшіліктен артықшылығы, ол «жоғарыдан төменге қарай» жүзеге асады. «Халықаралық терроризм» – бұл «күштілердің» халықаралық террорына қарсы «әлсіздердің» жауапты реакциясы. Террор және терроризм – «айна тәріздес» құбылыс, бірі басқасын анықтайды. Террор бар жерде, әлбетте терроризм туындайды. Керісінше де солай. Бұл ғалымның еңбегінде «халықаралық терроризмге» мынадай мазмұнда анықтама беріледі:
«Халықаралық терроризм – бұл белгілі бір идеологиялық, діни, ұлттық, экономикалық, саяси немесе әлеуметтік нәтижелерді өздерінің пайдасына шешуге, бір немесе бірнеше мемлекеттердің өкілдерімен басқа немесе басқа мемлекеттерге қарсы, ең әуелі жекелеген тұлғаларды, адамдар тобын немесе барлық тұрғылықты халықтарды қорқыту мақсатында, мотивацияланған заңсыз жауапты зорлықты іс-әрекеттері (олардың ұйымы немесе оларға әрекеттесуі, сонымен қатар қаржылық немесе кадрлік қолдауы)» [3, С. 242].
Бұл анықтама жалпы геосаяси тұрғыдан берілген. Сол себептен де халықаралық терроризм тек мемлекеттер арасында ғана болады деген түсінікті білдіреді. Сондықтан бұл анықтама осы күрделі құбылыстың құқықтық табиғатын еш ашпайды. Тек оның бір ғана қырын көрсетеді. Сонымен, мақалада қарастырылған ғылыми тұжырымдамалардың, ойпікірлердің және анықтамалардың негізгі элементтерін ескере отырып, «халықаралық терроризм» ұғымына кең мағыналы түрде құқықтық анықтаманы мына редакцияда береміз.
Халықаралық терроризм – халы-қаралық қауымдастық шеңберінде халықаралық сипаттағы құқықтық категориялық құбылыс ретінде, барлық терроризм түрлерінің салдарынан, бір халықаралық террористік ұйымның немесе бірнеше халықаралық террористік ұйымдардың әртүрлі террористік идеологиялық мотивацияланған базасында немесе мемлекеттердің тікелей немесе жанама қолдауымен немесе халықаралық қылмыстық ұйымдардың ынтымақтастығы арқылы құрылған, ең шеткі түрлі террористік көзқарастар мен іс-әрекеттердің жақтаушылары болып табылатын, халықаралық шарттар мен ұлттық заңнамалардың талаптарына немесе басқа да негіздердің қағидаларына заңсыз қасақана мотивациялық ниет пен мақсатты ұстанатын, өзіндік мүдделі халықаралық сипаттағы күресті жүргізетін, өзіндік халықаралық тактикалық және стратегиялық мақсаттарына жетуі үшін, әртүрлі идеологиялық-психологиялық күштеу мен әдістермен және қылмыстық тәсілдер мен құралдар арқылы, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қауіп төндіруге, белгілі бір мемлекеттің немесе басқа да мемлекеттердің жалпы мақұлданған құқықтары мен заңды мүдделерін, кез келген мемлекеттердің азаматтары мен адамдарының өміріне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделеріне, тарихи қалыптасқан қоғамдар мен ұлттар, халықтар және этникалық тайпалар мен топтардың ұлттық, этникалық, мәдени, діни, рухани құндылықтарын, халықаралық, аумақтық және басқа да арнайы құрылған халықаралық ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға, қылмыстық зардаптар келтіруге, қорқытып үрейлендіруге және тиісті жағдайды жасауға немесе мәжбүрлеуге бағытталған, халықаралық, аймақтық, арнайы құрылған және ұлттық соттардың үкімімен халықаралық террористік ұйымдар деп танылған, мемлекеттің немесе мемлекеттердің не барлық халықаралық террористік ұйымдардың негізгі немесе жалдамалы мүшелерінің халықаралық қауымдастыққа, мемле-кеттерге және қоғамдарға халықаралық сипаттағы аса қауіпті іс-әрекеттері болып табылады.
Әлбетте, арнайы халықаралық шарттарда бұл анықтаманы жалпы-мақұлданған, әмбебаптық жүйеге келтірілген, бірыңғай қолданылатын және құқықтық тұрғыда нақтылай мазмұнда қарастырылып, талқыланатын түпкілікті шешім деп айта алмаймыз.
Алайда әртүрлі, саналуан, қарама-қайшы ғылыми көзқарастар мен өзге де белгілі құқықтық анықтамаларды салыстыра келе, сондай-ақ тәжірибелік маңызды ескере отырып осындай кешендік сипаты бар анықтаманы тұжырымдау сөзсіз қажет деп санаймыз. Анықтаманың ғылыми тұрғыдан алып қарағандағы құндылығы мен пәні де осында.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Алимов К.З. Теория между-народных отношений и меж-дународного права, На-циональный Университет Узбекистана. — Ташкент: ООО «АЛ-ФАБАСЕРВИС», 2007. – С.512
2. Вершинин М. Методы вербовки и идеологической работы террористических религиозных движений в Повольже, на примере «Хизб-утТахрир», — С. 4 ///lib/vershinin5.htm. 2008.
3. Ильинский И.М. О терроре и терроризме // Между будущим и
прошлым. — М., 2006. — С. 666.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *