Исламтанушы  Әшірбек Муминовтың  ғылыми биографиясы Исламтанушы  Әшірбек Муминовтың  ғылыми биографиясы
Зікірия Жандарбек тарих ғылымдарының кандидаты Адам баласы дүние есігін ашып, бұл дүниеге келген соң әркім өз хал-қадарынша әрекетін жасап, ғұмырын кешеді. Біреулері күн көрістің... Исламтанушы  Әшірбек Муминовтың  ғылыми биографиясы

Зікірия Жандарбек
тарих ғылымдарының кандидаты

Адам баласы дүние есігін ашып, бұл дүниеге келген соң әркім өз хал-қадарынша әрекетін жасап, ғұмырын кешеді. Біреулері күн көрістің қамын жасап, бар ынта-жігерін материалдық байлық жолына арнап, сол жолда өмірін сарып қылады. Екінші бірі – тек өзінің емес, елі мен жерінің өткені мен болашағына көз жүгіртіп, еліме, жеріме қайтсем пайдамды тигіземін, қайтсем жыртығын жамаймын деген ниетпен жанталаса әрекет етіп, қызметін жасайды. Сондай, қара басы үшін емес, елінің болашағы үшін тынбай әрекет етіп жүрген азаматтың бірі – Әшірбек Муминов.
Әшірбекпен алғашқы таныстығымыз сонау 1991 жылы Түркістанда алғаш Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің ашылу кезеңінен басталды. Жаңа құрылған университеттің іргетасын қалап, іргелі оқу орнына айналдырамыз, қазақтың әлсіреген рухын қайта қалпына келтіреміз деген ниетпен келген ғалымдардың арасында Әшірбек те бар еді. Университет басшылығы өзінің құрылған алғашқы күнінен бастап, Қожа Ахмет Йасауи туралы зерттеуді қолға алды десек артық айтқандық емес. Университет басшылығы тарихта алғаш рет 1991 жылдың күзінде «Ясауитану» ғылыми-зерттеу лабораториясын ашты. Лабораторияның басшылығына белгілі ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметов тағайындалды. Мекемтас аға қолынан келгенінше Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың рухани мұрасын зерттеуге бағытталған зерттеушілер тобын білікті мамандардан жасақтауға күш салды. Осы кезеңнен бастап, Қазақстанда «Исламтану» ғылымы жеке сала ретінде дүниеге келді деп айтса болады. Ал, орталықтың ислам діні бойынша бас маманы Әшірбек болатын. Ленинградтық Шығыстану мектебінің тәжірибесін меңгерген, ұстазы С.М.Прозоровтай ғалымның тағлымынан жинақтаған тәжірибесін еліміздегі ислам дінінің қазақ жеріндегі роліне талдау жасаудан бастады десек артық айтқандық емес. Әшірбек екеуміздің ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесе бастауымыз да осы кезден басталды. Менің қожалар әулетінің шежіресі болып табылатын «Насаб-нама» нұсқаларын жинап, алғашқы зерттеу мақалаларды жариялай бастаған кезім болатын. Әшірбек «Насаб-намаға» үлкен қызығушылық танытып, ондағы деректердің тарихи құндылығы жоғары екендігіне көңіл аударды. Әшірбек жас та, болса тәжірибелі екендігін танытып, мені көне деректерді зерттеу және сыныптау мәселесінде маған көп жәрдем беріп, көп нәрсені үйретті. Алғашқы бірлескен жұмысымыз 1992 жылдың соңында «Маулана Сафи ад-дин Оруң-қойлақының «Насаб-намасы»» кітабын жариялауымыз еді. Бұл кітапта Маулана Сафи ад-дин Орұң-қойлақидың «Насаб-намасының» факсимилесі мен транскрипциясы, аудармасы жарияланған болатын. Бұл кітаптың көлемі шағын болғанымен ғылыми құндылығы зор болды. Шетелдік ислам дінін зерттеу орталықтарының назарына ілігіп, Түркістан университеті жаңа ғылыми орталық ретінде таныла бастауының басы осы «Насаб-наманың» жариялануынан басталды десек артық айтқандық емес. Осы кезең арасында Әшірбектің «Насаб-нама» нұсқаларындағы деректерді негізге алған ислам дінінің Түркістан жеріне таралу тарихына қатысты алғашқы мақалалары жарық көре бастады. «Раннее исламское религиозно-политическое движение в Туркестане» түрік тілінде «Yedi İklim» журналында жарияланған, және «Yeseviyye Tarikatının Doğuşu hakkında», «Новые направления в изучении истории братства йасавийа», т.б. жарияланған болатын. Сондай мақалалардың бірі — «Научная биография Абу Насра ал-Фараби» аталатын мақаласы. Бұл мақалада Түркістан жеріне ислам дінінің алғашқы таралу кезеңі мен бағыттарына талдау жасап, оның Түркістан жеріндегі алғашғы ғылыми мектептердің қалыптасуына қатысты жасаған тұжырымдары әлі күнге өзінің маңызын жойған жоқ деп айтса болады.
1993 жылдың күзінде Әшірбек қайтадан Ташкентке оралды. Бірақ, Түркістаннан қол үзген жоқ. Бірлесе ғылыми-зерттеу жұмыстанын жүргізу жалғасын тапты. Сол аралықта ол тағы қанша ғылыми мақалалар жариялады. Әшірбектің осы кезеңдегі сүбелі еңбегі «Әзірет Сұлтан қорық-музейі» қорында сақтаулы қолжазбалар мен көне кітаптардың «Каталогын» жасауы болды. Сонымен бірге, Қожа Ахмет Йасауиге қатысты зерттеу жұмыстарына өзбекстандық ғалымдарды да тарта бастады. Солардың ішіндегі бірі және бірегейі Бахтийар Бабаджанов болатын. Оның 1996 жылы жарияланған «Ясауи тағылымы» атты жинақта жарияланған «Ясавийа и накшбандийа в Мавераннахре: из истории взаимоотношениий (середина XV-XVI вв.)» атты мақаласы Орталық Азиядағы екі үлкен тариқаттың арасындағы бәсекелестіктің туу себептерін түсінуге мүмкіндік берді.
1990 жылдардың ортасына қарай Әшірбектің тынбай еткен еңбегінің арқасында «Насаб-нама» нұсқаларын зерттеу халықаралық сипат ала бастады. «Насаб-нама» нұсқаларымен бұрыннан таныс американдық Девин ДиУис «Насаб-нама» нұсқаларын зерттеуге ден қойды. Француз ғалымы Тьерри Заркон болса, Қожа Ахмет Йасауидің рухани мұрасына қатысты әулиелі жерлерге қызығушылық танытты. Бұл ізденістердің соңы 2000 жылы Швейцария мемлекетінің Сыртқы істер министрлігі тарапынан арнайы екі жылға жоспарланған гранттық жобаның қабылдануымен аяқталды. Бұл жобаға Швейцария мемлекеті тарапынан проф. Анке фон Кюгельген, Германиядан Михаэль Кемпер, АҚШ-тан Девин ДиУис, Өзбекстаннан Әшірбек Муминов, Бахтийар Бабаджанов, Шавосил Зиядов, Дүрбек Рахимджанов, Қазақстан тарапынан мен қатыстым. Бұл жұмыстың нәтижесінде «Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии» атты екі томдық кітап жарияланды.
Әшірбек Муминовтың бұл жылдардағы ғылыми ізденістері жалғыз «Насаб-намамен» шектеліп қалған жоқ. Петербургте ұстазы С.М. Прозоровтың бастауымен қолға алынған «Ислам на территории бывшей Российской» империи» атты қаншама томдық энциклопедиялық сөздіктің белсенді авторларының бірі болды. Қаншама халықаралық жобаларға қатысты. 1999 жылы «Александр-фон-Хумбольдт» қорының лауреаты атағын жеңіп алып, 1999-2001 жылдар аралығында Германияның Рур университетінде «Среда богословов в средневековых городах Бухаре и Самарканде» атты тақырыпта зерттеу жұмыстарын жүргізді. 2003 жылы Мауараннахрдағы Ханафи мазхабы тарихынан докторлық диссертациясын қорғады. Осы кезеңнің өзінде Қазақстанның киелі жерлеріне қатысты зерттеу жұмыстарын жалғастырумен болды. Әшірбектің шетелдік ғалымдармен бірлесе жүргізген зерттеу жұмыстарының қаржылық жағын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Мысалы, Ферғана аңғарындағы киелі жерлерге қатысты зерттеу жұмыстарына (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан) Жапон мемлекетідегі қорлардың қаржылық көмегі арқасында жүзеге асты.
Әшірбектің зерттеу жұмыстары ислам дінінің ортағасырлық тарихымен шектеліп қалған жоқ. Қазіргі кезеңдегі діни ахуалды сараптау мәселесіне де белсене араласты. Орталық Азияда уаххабилік-салафилік ағым ықпалының артуына қатысты жүргізген зерттеу жұмыстары, бұл ағымның Мауараннахрда жылдам таралуына ықпал еткен негізгі факторды анықтауға мүмкіндік берді. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Кеңес өкіметінің Ахл ал-хадис өкілі Шами-дамулланы Ташкенттегі жергілікті діндарларға қарсы қалай пайдаланғанын, Орта Азия республикаларында уаххабиліктің дәні қалай егілгенін, Кеңес өкіметі дәуірінде бұл бағытты халықтың дәстүрлі діни танымына қарсы қалай пайдаланғанын талдап берді. Бұл жұмыс «Орталық Азиядағы діни пікірталастар (Религиозные диспуты в Центральной Азии)» Халықаралық ғылыми жоба негізінде іске асқан болатын. Осы тақырыпта «Религиозные диспуты в Центральной Азии» жинақта жарияланды. Осы жұмыс негізінде ОБСЕ-нің Бішкектегі Академиясында «Орталық Азияда діннің радикалдануы», «Орталық Азиядағы аумақтық қауіпсіздік мәселелері» атты тақырыптарда 2004, 2006 жылдары екі рет 16 сағаттық лекциялар курсын оқыды. Бұл ғалым еңбегінің халықаралық деңгейде мойындалуы еді.
2005 жылы Әшірбек Муминов Қазақстанға түбегейлі көшіп келіп, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында қызметін жалғастырды. Әшірбек Муминовтың Қазақстанға келуімен қазақстандық исламтану ғылымының жаңа сатыға көтерілу кезеңін басынан кешірді десек артық айтқандық емес. Жас мамандарды тәрбиелеу, оларды ислам дінінің сан-салалы қырларына бағыттау жұмыстарын қолға алған Әшірбек болатын. 2006-2008 жылдар арасында «Орталық Азия мен Шығыс елдерінің интеграциялық үдерістеріндегі Қазақстан: тарих және қазіргі кезең» атты Іргелі зерттеулер Бағдарламасы шеңберінде іске асырылған «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі тұжырымдамасы шеңберіндегі Орталық Азиядағы саяси исламның ерекшеліктері» атты ғылыми-зерттеу жобасының жетекшісі болып, сол кезеңдегі саяси исламның мемлекеттің болашағына ықпал ету траекторияларын айқындауға ғылыми тұжырымдалған болжамдар жасады. 2007-2009 жылдарға аралығында осы жобамен сабақтас «Мемлекеттің Ұлттық қауіпсіздігі мен тұрақтылығы шеңберінде Қазақстандағы діни ахуалды зерттеу» атты жобаның де жетекшісі болып, сол кезеңдегі елімізде қалыптасқан діни-рухани ахуалға талдау жасап, оның ықимал өрбу бағыттарын айқындап берді. Осылай Әшірбек Муминовтың елімізге келуімен исламтану ғылымы тек іргелі зерттеулер санатында қалмай, қолданбалы ғылымдар саласына да енді.
Осы кезеңде Әшірбек Муминов бастаған ғылыми топ қанаты қатайып, түрлі бағыттағы исламға қатысты зерттеулер жүргізіуге шамасы жететін ұжым болып қалыптасты десек, артық айтқандық емес. Ең бастысы бұл жерде топ басшысының Орта Азиядағы Ислам мен Қазақ даласындағы Исламның ерекшеліктерін айқындауы, бұл жердегі зерттеулердің бағыт-бағдарын ескеріп, зерттеу тәсіліне өзгертулер енгізуге мүмкіндік берді. Осы ерекшеліктерді ескере отырып жасалған ғылыми жобалары қазақ халқының дәстүрлі діни таным негіздерін тереңінен тануға мүмкіндік берді. Оның басшылығымен жүргізілген «Қазақ халқының рухани құндылықтары мен дәстүрлі мәдениетін сақтауда киелі орындардың маңызы» атты ғылыми жобаға жетекшілік жасауы қазақы исламның негізгі ұстындарын тануға мүмкіндік берген ғылыми жоба болды деп айтуға болады. Бұдан басқа осы бағыттағы қаншама жобаларға қатысып, киелі орындардың маңызын, олардағы сақталған эпиграфиялық жазба ескерткіштердің діни, тарихи маңызын анықтау жолында еңбек етті.
Мұның барлығы Әшірбек Муминовтың Қазақстанның исламтану ғылымының қалыптасуына сіңірген еңбегі деп бағаласақ болады. Алайда, Әшірбек онымен шектеліп қалып жатқан жоқ. Қазақ даласында жазылып, тарихи мәні бар діни бағыттағы шығармаларды жарнамалап, шетелдіктерге де таныстырып жүрген жайы бар. Мысалы, Сәдуақас Ғылманидың «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихы» атты шығармасын американдық әріптесі Аллен Франкпен бірге ағылшын тіліне аудартып, бастырып шығаруы соның айқын дәлелі.
Әшірбектің исламтанушы-ғалым ретінде жүріп өткен жолына қысқаша жасаған осы шолуымыздың өзі оның ғылым үшін жасаған еңбегінің орасан зор екеніне көз жеткізуге мүмкіндік береді. Алайда, біз оның бар өмірінің мәні болған Абу Ханифа Нұғман ибн Сабит мазхабы туралы жазған ғылыми монографиялық еңбегіне талдау жасағанымыз жоқ. Ол еңбектің бір өзі мына біз сөз еткен еңбектерінен салмағы басым екендігіне дау жоқ. Әшірбектің тек зерттеуші емес, ұстаз болып қаншама шәкірт тәрбиелеп шығарғанын да білеміз. Ол туралы Әшірбектің Л.Н. Гумилов атындағы университетте бірге қызметтес болған әріптестері жазады деген ойдамыз.
Ғалым-исламтанушы Әшірбек Муминов бүгін алпыс жасқа толып отыр. Біз ғалымды алпыс жылдық мерей тойымен құттықтай отырып, ғалымға тың ізденістер мен жаңалықтар ашуды нәсіп етсін деген тілекпен, жас та болса, ұстаз бола білген әріптесіме табыстар тілеймін.

Зікірия Жандарбек
тарих ғылымдарының кандидаты

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *