Мемлекет және Дін Мемлекет және Дін
Құдияр БІЛӘЛ жазушы, ҚР «Мәдениет қайраткері» Дін – мемлекеттің бір бөлшегі. Сондықтан да еліміздегі дін мәселесін мемлекетіміз ұдайы назарда ұстап келеді. Оның үстіне дін... Мемлекет және Дін

Құдияр БІЛӘЛ

жазушы, ҚР «Мәдениет қайраткері»

Дін – мемлекеттің бір бөлшегі. Сондықтан да еліміздегі дін мәселесін мемлекетіміз ұдайы назарда ұстап келеді. Оның үстіне дін әлемдік саясатта да басты рөл ойнайды. Бұл тұрғыда мемлекетіміз Президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен «Әлемдік және дәстүрлі діндер» сьезін үш жыл сайын Астанада өткізіп келеді. Ал ішкі саясатта дін мәселесіне орай «Қазақстан Республикасының Дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданған. Біз бүгінгі сараптау мақаламызда діннің ішкі мәні мен осы тұжырымдаманы басшылыққа алдық.

Діни экстремизм идеологтарының зайырлы мемлекеттің қағидаттары мен негіздерін, азаматтық бірегейлікті бұзу әрекеттері қоғамдағы шиеленістің өршуіне, радикалды діни ағым өкілдерінің, оның ішінде халықаралық террористік ұйымдардың қатарына қосылу үшін шет елге заңсыз шығуға тырысатындар санының артуына алып келуімен қауіпті.
Деструктивті діни ағымдардың радикалды ниеттегі өкілдері ұшқары әрекеттерге – азаматтарға, қоғам мен мемлекетке қарсы зорлық-зомбылық актілерін ұйымдастыру мен жүзеге асыруға дайын.
Радикалды діни ағымдар өкілдерінің қылмыстық іске баруы, олардың ұйымдасқан қылмыстық топтармен бірігу әрекеттері байқалады.
Жастардың деструктивті ағымдар идеологиясының алдындағы әл-сіздігі факторлары әлеуметтік-экономикалық проблемаларының болуы, әлеуметтік әділетсіздік сезімі, өмірлік тәжірибелерінің жоқтығы, сыни қабылдау қабілетінің төмендігі болып танылады.
«Алла бар, одан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның елшісі, әрі құлы» деп кәлима-шаһадат айтқан адамды біз мұсылман дейміз. Алайда сол мұсылманның, Пайғамбарымыз хадисінде айтылғанындай, 73 топқа бөлініп, соның тек біреуі ғана тура жол тауып, қалған 72-сінің тозаққа түсетіндігіне жете мән бере бермейміз. Болмаса сол 72 топтағылар да намаз оқып, ораза ұстап, зекетін беріп, қажылыққа барып бір Аллаға ғана сыйынып, құлшылық қылған кәнігі мұсылмандар. Оларды салафи, уахаби демей-ақ кәдімгі сіз бен біз сияқты мұсылмандар деп қабылдасақ, сонда оларда Аллаға жақпайтындай қандай кінәрат бар? Әлде мұсылман болудың бұдан басқа біз білмейтін жолы бар ма? Намаз оқығандар да, құран жаттағандар да, мешіттен шықпай, күндіз-түні ғибадат жасағандар да тозаққа баратын болса, онда тозаққа бармай қалмайтын адам болмайтын шығар, сірә. Сенбеуге… Пайғамбар хадисін жоққа шығарған ешкім жоқ әзірге. Сонда кәкір неде? Айтылар әңгімені осы сауал төңірегінде өрбітейік.
Әуелі кәлима-шаһадаттың алғашқы жолына мән берейік. Ол – Алла бар, одан басқа тәңір жоқ. Дұрыс. Алла бар. Бар екендігіне сендік. Бірақ көргеніміз жоқ. Бізге қарағанда білімді дін ғұламалары да Алланы көрмеген тәрізді. Солар айтқан соң, оның үстіне ата-бабамыз мұсылман болған соң біз де «Алланың бар екендігіне сендік» деп иман келтірген болып жатырмыз. Кейбіреулеріміз сол сеніммен намаз оқып, ораза тұтып, діни ғұрыпты кәдімгідей-ақ ұстана бастадық. Бір қызығы, дінге жақындай түскен сайын Алланы іздеуге онша құлық таныта қоймадық. Тіпті Алланың қай жерде екендігіне де бас қатырмайтын болдық. Оның үстіне Алланы іздегендердің, таптық дегендердің де жауабына көңіл көншімейді. Біреулер Алланы абстрактілі түрде түсіндіреді, екіншілері – ғарышта, үшіншілері – жүректе дегенді айтады. Ал қалың көпшілік қолдарын көкке қарап жаяды. Бұл – Алланы жоғарыда деген ұғымға жетелейді. «Алла бар ма, бар. Болды. Басқаға бас қатырма» дейтіндер де аз емес. Егер Алла туралы осындай түсінік-сенімді қанағат тұтсақ, сонда кәміл мұсылман боламыз ба? «Ия» дей салу оңай. Себебі, бізде бұдан басқа сенім де, ұғым да жоқ. Әйтсе де Алланың қайда екендігін таба қоймағандығымыз ешкімге де құпия емес. Ендеше барға қанағат деп, жоғарыда айтылған сенім мен ұғымды тарқатып көрелік.
Әуелгі айтпағымыз, мына бізді қоршап тұрған барша әлем Алланың бар екендігін айқындап тұр. Егер Алла болмаса… Осы жерден доғарайық. Дұрыс. Алла бар. Оны дәлелдеудің қажеті жоқ. Ендеше Алланың қайда екендігіне ойысайық. Алла – ғарышта. Көкте. Демек ғарыш, көк, мынау он сегіз мың ғалам, Алла болуы мүмкін біз атын білмейтін тағы бірдеңке, сол сияқты шексіздікке ие момынның жүрегі Алладан бұрын пайда болған ба? Егер солай десек, онда «Алла бар, одан басқа тәңір жоқ» деген куәлік сөзіміз қайда қалады?
Осы жерден шегініс жасап, әңгімемізді қайтадан басынан бастайық. Сонымен, Алла бар. Біз соған иланайық. Бұл иланудың бұрынғы иланудан өзгешелігі – біз санамызға «Алладан басқа ештеңе жоқ» деген ұғымды қалыптастырайық. Ұғынықтылық үшін «Бар» деген сөздің мәнін түсініп алайық. Мәселен бөлмеде ауа бар. Ауа бөлменің барлық жерінде бар. Енді біз ауаны темір сияқты тұтас зат деп қабылдайық. Демек ол бөлме бос емес. Онда «темір ауа» бар. Келесі түсінік. Бар нәрсе тек сол «темір ауа». Оның алды да, арты да, төбесі де, төменгі жағы да шексіз. Ол «темір ауаның» айналасында бос қалған қуыс та жоқ. Бар нәрсе тек «темір ауа» ғана. Міне, осы «барға» иненің ұшын батыра аламыз ба? Әрине, жоқ. Біз «бар» деп Алланы тап осылайша түсінеміз. Ол «барда» Алладан басқа ешнәрсе жоқ. Болуы мүмкін де емес. Себебі, басқа бос жер жоқ. Бар жердің бәрінде Алла бар. Алла кез келген нәрсе ішіне еніп кете беретін ауа тәрізді емес. Ол біз мысал үшін айтқан темірге де келмейді. Бірақ Алла заттық сипатқа ие. Ол «сипатта» жер элементтерінің бір де біреуі жоқ.
Сондықтан біз Оны бейнелей алмаймыз. Алайда біздің адамдық болмысымыз – Алланың есім сипаттарының «микрокөшірмесі». «Микрокөшірмесі» деген ұғымға да түсінік қажет. Ол туралы сәл кейіндеу тоқталамыз. Егер біз Алланың бар екендігін тап осылай қабылдай алсақ, онда мына әлемде Алланың жоқ екендігіне көзіміз жетеді.
Өйткені Алла бар болуы үшін өзге нәрселер жоқ болуы керек. Біз өзімізді, айналамыздағы бізге көрінетін, көрінбейтін заттарды жоқ деп қабылдағанның өзінде де ол жерде Алланың болуы мүмкін емес. Себебі, Алла – мекенсізде. Сондықтан Алла ана жерде, жоқ, мына жерде деп ойдан мекен жасаудың өзі күпірлік болады. Ал мына мекен… Ол енді жаратылыс. Біз де соның ішіндеміз. Гәп Алланың емес, біздің қайда екендігімізде. Сонымен біз қайдамыз?
Кәлима-шаһадаттың екінші жолына назар аударайық. Ол – Мұхаммед Оның елшісі, әрі құлы. Елшінің мәні – өкіл. Құл – қалтықсыз қызметкер. Демек Мұхаммед Алланың өкілі, әрі қалтықсыз қызметкері. Қалтықсыз қызмет дегеніміз біздің ұғымымыздағы табиғи заңдылық. Мына өмірде, табиғатта өзінен-өзі болып жатқан сияқты көрінетін іс-әрекеттің бәрі – сол құлдың қызметіне кіреді. Ал өкілдігіне келсек… Әруақ дегеніміз сол өкілдік. Енді осы айтқандарымызды тарқатайық.
Пайғамбарымыздың «Алла ең әуелі менің нұрымды жаратты» деген хадисі бар. Алладан «Бол!» деген әмір шықты. Өмірге Оның елшісі, әрі құлы келді. Ол – Нұрмұхаммед. Әруақ дегеніміз сол. Мына әлемді, біз білетін, білмейтін нәрселердің ендігі жаратушысы сол – әруақ. Бірақ ол жаратуларда да Алланың «Бол!» деген әмірі тұрады. Ол әмір бір-ақ рет, пайғамбарымыздың нұрына берілген. Сол әмір негізінде қалған кез-келген нәрсені сол нұр жаратады. Жаратып қана қоймайды, құлдың қызметін де қоса атқарады. Ең басты нәрсе, ол нұр, яғни мына әлем қайда жаратылған? Жауап айқын. Жоқтықта, Алланың қиялында жаратылған. Алланың ол әлемде болмайтындығы сондықтан. Мына жаратылған әлем екі нәрседен, «+» және «–» зарядтан тұрады. Оның бірі – Алланың әмірі, екіншісі – пайғамбарымыздың нұры. Алласыз қурайдың да сынбайтыны, онда да, яғни кез келген нәрсенің ішінде, Алланың әмірі тұрады. Алласыз біз кірпігімізді қағып, қасымызды кере де алмаймыз. Соны білген адамдарды мұсылман дейміз.
Адамның жаны да Нұрмұхаммедтен, яғни әруақтан жаратылған. Құран Кәрімде Алланың «Біз жараттық» деп көпше түрде айтатындығы сондықтан. Жанда Нұрмұхаммед, Нұрмұхаммедте Алланың есім сипаттары мен әмірі тұратындықтан Алла бізге күре тамырымыздан да жақын болады. «Адам Алланың есім сипаттарының микрокөшірмесі» деуіміз соған байланысты. Міне осы жаратылыс мәнін ұғу үшін қаншама ғұламалар жарты жолда қалып, қаншама ұлыстар діннен шыққан. Христиандар әруақты құдай деп қабылдады. Ислам дінінің кейбір ғұламалары да әруақ-жаратушыны Алла деп ұғынды. Әруақты мойындамайтындар Алланы мына әлемге араластырып жіберді. Бір қызығы, бүгінгі күннің заманауи ғалымдары да әруақты мойындап отыр. Бірақ олардың түсінігіндегі әруақ – антиматерия. Қазір олар сол «антиматерия – құдайдың» әлемді қалай жаратқандығына бас қатыруда. Ал біздің ата-бабаларымыз болса, әруақты «Құдай емес, бірақ құдайдан былай да емес» деп түсінді. Ақиқаты да осы түсінік.
Енді 73-ке бөлінген мұсыл-мандардың 72-сінің неліктен тозақтық болатындығына ойысайық. Ең басты кінәрат – әлгі 72-нің бәрі де мына өмірді шын, өзін бармын деп қабылдайды. Сондықтан «мен намаз оқыдым» деген адам әлгі 72-нің қатарына барып қосыла береді.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Сіз бен біз түс көреміз. Түсімізде намаз оқыдық делік. Сол намазға біз иелік ете аламыз ба? Сол түсімізде оқыған намазды малданып имандымыз деп айтуға құқылымыз ба? Егер оны түс десек, онда мына өмірді «бар» деп ойлағанымыз ғой. Не істемек ләзім?
Жауап айқын. Біз мына өмірге байланбаймыз. Мен-ді Ол-ға айналдырамыз. Мен – жоқтық, Ол – барлық. Демек, бар – тек Алла. Яғни намазды да біз емес, Ол оқиды. Ақыры солай екен, онда тіршілік етпеймін, өмір сүрмеймін десең, кәпір боласың. Өмірге шынайы аралассаң – 72-нің қатарына кіресің. Сондықтан біз мына өмірді жалған деп қабылдағандықтан, ішіне енбейміз. Мәселен өзіміз өмір сүріп жатқан өмірді кино делік. Кино көріп отырған адам сезімге беріліп, киноға еніп кеткені сондай, ондағы кейіпкерлердің біріне айналып кетеді. Біз жоғарыда тілге тиек еткен 72-нің бәрі сондай кейіпкерлер. Ал қоюшы оператор экранда не болып жатса да селт етпейді. Тура жол тапқан 73-ші – осы «қоюшы оператор».
Мына әлемге Алланың көзімен қарау керек дегенде, біз қаперге «операторды» алуымыз керек.
Біздің ата-бабаларымыз жаратылыс мәнін, яғни әруақты ұғынып, барлық іс Алла әмірімен болатындығын түйсінгендіктен, сөз басын «құдай қаласа» деп бастап, мына жалғанға көз сүзбеген қалыптарында өмірден өткен. Жалғыз тура жолды табушылар да солар. Ендеше біз де сол жіптен ажырамайық. Болмаса жалған уағызшылардың әлеуметтік желілерде онлайн уағыз айтуының кең ауқымда таралуынан тәуекел арта түсуде.
Діни әдебиеттердің осы мақсатқа белгіленген стационарлық үй-жайлардан тыс жерлерде таралу фактілерінің орын алуы жалғасуда.
Радикалды діни идеялардың таралуына төтеп бере алатын, әсіресе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жүйесінде білікті дін қызметкерлеріне деген қажеттілік артуда.
Қазақстандық қоғамның рухани дамуында дәстүрлі негіздерді сақтау, еліміздегі мемлекет құрылымының зайырлылық қағидаттарынан ауытқымау бойынша дін өкілдерінің азаматтық ұстанымын қолдау қажет.
Діндарларға этикалық мінез-құлық нормаларын сақтауға, қарапайымдылық таныту, діни төзімділік пен жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттерді көрсетуге қойылатын талаптарды күшейту,басқа дін ұстанушыларға лайықты үлгі болуы қажет.
Білім беру жүйесі жеке тұлға мен қоғамда қазақстандық патриотизмді, халықтың ұлттық және рухани дәстүрлеріне деген құрметті қалыптастыруда негізгі рөл атқарады. Атап айтқанда:
білім беру және тәрбие процесінде оқушыларға дін туралы тек ғылыми тұрғыдан білім беру;
оқыту кезінде қандай да бір діни бірлестікке кіруге немесе онда болуға мәжбүрлеуге жол бермеу;
діни себептерге байланысты оқушылардың оқу сабақтарына қатысудан бас тартуына жол бермеу;
білім беру ұйымдарында діни іс-шалар мен миссионерлік қызметті өткізуге жол бермеу;
Соған орай айтар ойымызды кванттық механикаға қатысты өрбітелік. Кванттық механика жаратылыстық болмыс мәнін түйсіне бастағаннан кейін ғылым да, діни түсінік те өзіндік даму биігіне көтеріліп, ақыры бір-бірімен беттесті. Нәтижесінде ғылым қаламаса да Алла алдында мінәжат етуге мәжбүр болды. Ал дін осы уақытқа дейін тоқтаусыз айтып келгендерінің шын мәнінде ақиқат екендігін сезініп, соған енді ғана мән бере бастады. Әйтсе де ғылым мен діндегі бұл ахуалды, көпшілік қауымды былай қойғанда, ғылым шыңына көтерілген академиктер мен (тіпті Эйнштейн де) ғұлама діндарлардың өзі түгелдей ұғына қойған жоқ. Себебі бұл «ахуал» осы уақытқа дейін бар құпиясын ішіне бүгумен келді. Сондықтан ғалымдар да, діндарлар да ол «ахуалдың» атын білгенімен мәнін түсінген жоқ. Біздің «ахуал» деп отырғанымыз, ғылыми тілдегі кванттық механика. Кванттық механиканың жай-жапсарын таратып айту ғалымдар еншісіндегі жайт. Біз сол мәселенің тек дінге қатысты жағын ғана қаузай кеткенді жөн көрдік. Сонымен…
Егер адам баласы көтеріліп отырған мәселе мәнін осыған дейін ұғына алғанда бүткіл өмірін басқаша құрған болар еді. Бұл – ақиқат мәнін өзіміз түсінгеннен кейінгі ой. Болмаса бұған дейін ештеңе болмағаны сияқты бұдан кейін де ештеңе өзгермейді. Адамдар өмірден сол бәз-баяғы бейғам қалыптарында жоқ нәрсенің соңына түсіп, соны қызықтап, соған алданып өтеді. Өкінішті. Бірақ ол өкініш адамға көз жұмғаннан кейін барып келеді. Ия, өмірден қалай өтеді, тура сол сәтте ақиқат айқындалады. Бұл жайт Құран аяттары арқылы бекітілген. Бірақ біз ол аяттың шынайы мәнін ұғына алғанымыз жоқ. Рас, өкініштің болатынын білдік. Алайда біз ол өкінішті Алланы танымағандықтан, ғибадат-құлшылықты жасай алмағандықтан болады деп білдік. Бұл – діни ұғымды қабылдай алған адамның түсінігі. Ал дінсізге… Ия, оларға бәрі бір. Жоқ. Бәрі бір емес. Енді бәрі бір емес. Кванттық механика атеистер түсінігінің де быт-шытын шығарды. Жә, ол бөлек әңгіме.
Сонымен өлген адамда өкініш болады дедік. Ол қандай өкініш? Мәселен біз өмірде ат басындай алтынға ие болдық делік. Сол ат басындай алтынға ие болғанымыз үшін біз құрмет биігіне көтерілдік. Жұрттың қызғанышын ояттық. Өзімізді мәртебелі жан сезіндік. Соған малдандық. Соның буына масаттанып, күпінумен өмірімізді өткіздік. Енді өмірден озғаннан кейінгі жайт. Бақсақ, тау да,тас та, тіпті айналамыздағы қолға ұстауға болатын нәрсенің бәрі алтын екен. Біз сол алтынның ортасында жүріп, қолымыздағы алтынды әлдеқандай көріппіз. Шынтуайтына келгенде оның көк тиындық құны жоқ екен. Өлгеннен кейінгі ақиқат бізге соны ұғындырды. Өкінішті ме? Әрине, өкінішті. Бұл – мәселенің бер жағы. Енді ат басындай алтынды образды түрде бағамдап көрейік. Өмірге келгеннен кейінгі атқарған іс-әрекетің, жеткен жетістігің, талпынған арманың, шыққан биігің, одан да басқа қол жеткізген жетістіктерің, бір сөзбен айтқанда барлық сүрген өмірің – әлгі ат басындай алтын сияқты ешқандай қадірі жоқ екенін білгенде бар ғой… Бұл енді шынайы өкініш. Жоқ, біз айқындалған ақиқатты әлі де дөп басып таныта алмай жатырмыз.
Басы ашық жайт. Өміріміз босқа өткен екен. Жарайды, көп нәрсені атқара алмаппыз. Алтын дегеніміз жез болып шықты. Бәлкім одан да құнсыз. Бірақ бұл соншалықты аһ ұратындай өкініш пе? Шынтуайтына келгенде өкініш – біз айтып отырған нәрселер емес. Ол – өзің, өмір бойы соңына түскен құндылықтың өзге емес, өзің екендігі. Өмірде сен нені армандадың, неге қол жеткізгің келді, сол – сенің өзің. Бұл – біз айта беретіндей, «Біздің ең басты құндылығымыз – адам» дейтін түсінік емес. Ұғынықтылық үшін әуелі бір ғана жайтты айтайық. Әлгі ат басындай алтынды көтеріп жүрген адам өзінің қолы тиген нәрсенің бәрі алтынға айналып кете беретінін білгенде қандай күй кешер еді?! Ақиқат айқындалғанда әлгі адам өзінің сондай қабілетке ие екендігін біледі. Өкінішке қарай бұл ақиқатты өлгеннен кейін барып айқындалады дедік. Сонымен ақиқат айқындалды. Біз өлген адам өкініште болады дегенде осы жайтты айтқымыз келді.
Енді осы айтқандарымызды тарқатайық. Ең бастысы – кванттық механика мен бүгінгі діни түсінік өлгеннен кейін айқындалатын әлгі ақиқатты өмір шындығына айналдырды. Кванттық механика алтын мен жай таста ешқандай айырмашылық жоқ екендігін ұғындыра алса, бүгінгі діни таным адам мүмкіндігінің шексіз екендігін әйгіледі. Шынтуайтына келгенде бұл ғалымдардың да, діндарлардың да жетістігі емес, уақыт жемісі. «Уақыт жемісі» деген қандай ұғым? Ол – қоғам мен заман талабы. Мәселен пайғамбарлардың өмірге келуін «уақыт жемісіне» жатқызуға болады. Дәуір, заман, қоғам сол сәтті күтеді. Соған орай осыған дейін бүркеліп келген көптеген сырлар ашылады. Қазір сондай кезең. Ғалымдардың пайымдауынша бұл кезең 1999 жылдан бастау алады. Рас, кванттық механиканың алғашқы нышаны 1900 жылдан бастап белгі берді. Сол сияқты дінде де бұл түсінік әу бастан бар болатын. Бірақ ол түсінік қойнауына ешкім терең бойлай алған жоқ.
Сонымен зат бөлшектенеді. Атом, нейтрон, протон… Осы бөлшектенудің ең соңғы шегін діни түсінікте монада дейміз. (Рас, монада туралы кезінде Пифагор, Диоген, Бруно, Лейбництер де әрқилы пікір айтқан). Ал монада өндірген зат – фрактал деп аталады. Біз білетін, білмейтін 18 мың ғалам осы монада мен фракталдан тұрады. Монада – барлық, фрактал – жоқтық. Ғылым кванттық механикаға дейін тек фракталды ғана зерттеп келді. Сөйтіп, ия, айдалаға лағып кетті. Соған орай бүкіл адамзат басқа жаққа бет бұрды. Олар фракталдың, яғни жоқтықтың, иллюзияның соңына түсті. Бір сөзбен айтқанда, адам баласы бос кеңістікте ауа қармап қалды.
Ал ақиқатты, яғни монаданы ешкім де бар деп білген жоқ. Ұғынықтылық үшін айтсақ, адамды, кез келген затты бар етіп тұрған – монада. Монада өлмейді, өшпейді, сондай-ақ жоқ болып та кетпейді. Ол – мәңгілік. Жоқ болатын соның өнімі, яғни фрактал. Мәселен шағын бір тасқа жіп байлап айналдырсақ, шеңбер пайда болады. Тасты алып қойсақ, шеңбер жоғалып кетеді. Егер біз тасты монада деп ұғынсақ, шеңбердің фрактал екендігін пайымдай аламыз. Шынтуайтына келгенде біз күнделікті бар деп қабылдап жүрген нәрсенің бәрі фрактал. Бұл тұрғыда пайғамбарымыз мына әлемді түс сияқты деген. Сонда түсте көрініс беріп жатқан нәрселердің бәрі фрактал болады да, ал түс көруші монадалық қызметті атқарады. Ең бастысы – фрактал монадасыз өздігінен бола алмайды. Бұл – атеистерге қарсы берілетін ең басты соққы. Өкінішке қарай біз өмір бойы фракталдық ұғым-түсінік аясынан шыға алмай келеміз.
Өзімізде бардың, дұрысы – өзіміздің, нақтыласақ – монаданың мүмкіндігін пайымдау үшін мына жайттарға назар аударайық. Монаданың, яғни әрі қарай бөлшектеуге келмейтін соңғы шектің материалдық көрінісі – Сүлеймен пайғамбардың жүзігі мен Мұса пайғамбардың аса таяғы. Сүлеймен пайғамбар жүзігі арқылы бұл әлемді де, жындар әлемін де басқарды. Жүзік – монада. Алла тағала екі әлем монадасын осы жүзікке бағындырған. Сондықтан алпамсадай жындар жүзікке жұтылып кетпес үшін Сүлеймен пайғамбарға қалтқысыз қызмет етуге мәжбүр болған. Мұса пайғамбардың аса таяғы да осы тәрізді. Суға қарық болған перғауын әскерлерін жұтқан монада – аса таяқ. Адам өлгенде әлгі шеңбер жасады делінген «тас», яғни монада алынады да, гәупиген дене, яғни фрактал біртіндеп жойылып кетеді. Монададан айырылған барлық зат дәл осылай жойылады. Соны, яғни фракталды зерттеп, сол зерттеуі арқылы ғылыми байлам жасаған ғалымдар о дүние жоқ деген ұйғарымға келген. Шындығына келгенде олардың айтып отырғаны дұрыс. Фрактал ешуақытта қайта тірілмейді. Ал монадаға бастапқы форманы қайта жасай салу түк те қиындық тудырмайды.
Фракталдың салтанат құратын жері – жаннат. Жаннат нығметтері бірыңғай фракталдан тұрады. Ал сол фракталды түзуші монада – жаннаттың иесі болып табылады. Бір адамға берілген жаннат өзге адамға қызмет етпейді. Себебі ондағы фрактал өзге монадаға тән емес. Әр жаннат – фрактал өз иесі – монадаға жайылып жастық, иіліп төсек болып, оны құрмет биігіне көтереді, шексіз нығметке бөлейді. Себебі адам жаннатты, яғни фракталды өзі жасайды. Рас, Алланың әмірінсіз қурай да сынбайды. Сондықтан айтылар ой шариғат қалыбына үйлесу үшін мына жайтқа мән берген жөн. Монада – Нұрмұхаммед. Пайғамбарымыз хадисінде айтылатынындай Алла ең әуелі пайғамбарымыздың нұрын, яғни Нұрмұхаммедті жаратқан. Ал Нұрмұхаммедке Алланың есім сипаттары тән. Сондықтан монада иелік ететін нәрсенің бәрін Алла жасады деп қабылдағанымыз жөн.
Дінде Алла 18 мың ғаламды тарының қауызына сыйғызып жібереді деген түсінік бар. Тарының қауызы деп отырғанымыз – монада. Әр монада өзінше бір әлем. Негізі бір болғандықтан олар тұтасып тұрады. Айтылған ойды кванттық механика арқылы сараласақ, Қазақстанда әңгімелесіп отырған екі адамның сөзін Америкадағы адам ешқандай аппаратсыз-ақ ести алады. Сондай-ақ ол адамның әлгілердің қасынан аяқ астынан шыға келуі де түк қиындық туғызбайды. Себебі ол монадалар үндестігі, яғни тұтасуы арқылы жүзеге асады. Негізінде ол өзі бір нәрсе. Ұғынықтылық үшін айтайық. Егер бұрын ешкім еш жерде шешпеген күрделі есепті Англиядағы ғалымдарға шығартсақ, олар оны ойланып-толғанып отырып бес сағатта шығарса, әлгі есеп шешімін тапқаннан кейін соны шешкен ғалымдарды ешкіммен байланыстырмай сол есепті Америкадағы ғалымдарға шығаруға берсек, олар оны үш сағатта шығара алады. Одан кейін оны қазақстандық ғалымдарға шығартсақ олар оны бір сағатта-ақ шығаруға қол жеткізеді. Осылай жалғастыра берсек әлгі есепті кез-келген математик әп-сәтте түк қиналмай-ақ шығара салатын болады. Себебі әуелгі ақпар, есептің англиялықтар тапқан шешімі монада арқылы әлемге тарап кетеді.
Біздегі ең басты кемшілік – өзімізді бағалай алмауымызда. Дұрысы – танымауымызда. Біздің түсінігіміздегі өзіміз – фрактал. Біз өзгені де сол фрактал арқылы бағалап, құрметтейміз. Бұл – жалған құрмет. Шынайы құрмет биігіне көтерілген адамдар ешқашан ұмытылмайды. Олар есімі ұдайы жаңғырып тұрады. Себебі, Алла адамды әу баста құрметті етіп, бүкіл жаратылыс, тіпті періштелерге дейін алдында бас иетін өзінің орынбасары, халифасы етіп жаратқан. Сондықтан да бүкіл жаратылыс: тау-тас, орман-тоғай, ұшқан құс, жүгірген аң, судағы балық барлығы түгелдей адам баласына тілеулес болып, тәкпір айтып, Алладан сол үшін жарылқау тілеп тұрады. Себебі, адам баласы болмаса, олардың өздері де болмас еді. Бұл тұрғыда Алла тағала тарапынан Пайғамбарымызға қарата айтылатын «Егер сен болмасаң, мына әлемді жаратпаған болар едім» делінетін хұтси-хадис бар. Мұндағы «Сен болмасаң» делініп отырған – Нұрмұхаммед. Нұрмұхаммед – әуелгі жаратылыс. Әрине, онсыз өзге ешнәрсе болмақ емес. Жаратылған өзге 18 мың ғаламның негізі – Нұрмұхаммед. Біздің монада деп отырғанымыз да – Сол. Біз де солмыз. Бүкіл жаратылыстың біздің мұңымызды мұңдап, жоғымызды жоқтап тұратындығы сондықтан.
Сонымен әуелгі жаратылыс – монада. Діни түсінікте «Әуелі ғарыш жаратылған, ғарыш судың үстінде болған» делінеді. Шынтуайтына келгенде ғарыш делініп отырғанның өзі – монада. Ал су – фрактал. Сондықтан да барлық жаратылыс, яғни фрактал, негізінен судан тұрады. Бұл – ғылыми дәлелденген жайт. Біздің айтпағымыз ол емес. Гәп – монада құндылығын түйсінуде.
Алла теңдессіз асыл зат жаратты. Ол «асыл затты» өзімізше әспеттеп «Алтынменен апталған, күміспенен күптелген» деп дәріптесек, мұнымыз ол «асыл затты» қорлағандық болып шығар еді. Себебі ол «асыл затқа» Алланың өзіндік сипаттары тән. Ол сондықтан да құрметті, сондықтан да ардақты. Өзінің сол ардақтысына Алла тағала періштелердің басын игізіп, сәжде жасатты. Тек Ібіліс қана әмірге бағынбады. Себебі ол монаданы, яғни «асыл затты» көре алған жоқ. Ібіліс адамды жай фрактал деп қана білді. Алла Ібіліске оның сұрауы бойынша адам баласын азғыруға мүмкіндік бергенде, оның «асыл затқа» түк те жасай алмайтынын білді. Шындығында шайтан тек фракталға ғана шайтандық жасайды. Ал ол – жоқ нәрсе. Сондықтан шайтан өзімен-өзі әуре болып жүреді.
Жоқ әлем деп отырғанымыз – фрактал. Мына әлемнің фрактал екенін түсіну үшін адам баласы қол жеткізген нәрселерге мән беріп көрейік. Мәселен, компьютер. Компьютерді қостық. Алдымыздан жаңа әлем ашылды. Ақыл-ойымызбен соның ішіне ендік. Компьютерді әркім әрқалай пайдаланады. Соған тәуелді болып, байланып, ішінен шыға алмай қалған адамдар да бар. Байыбына барсақ, біз тәуелді болған ол әлем мүлде жоқ. Алайда біз онсыз тіпті өмір сүре алмаймыз. Шындығына келгенде ол «барды» біз жасадық. Ол «бардың» материалдық көрінісін галлограмма арқылы бағамдауға болады. Мәселен компьютердің галлограммалық ауани (виртуальды) клавиатурасын басқан тәрізді болып, компьютерді іске қосуға болады. Сол сияқты осы ыңғайда жасалған арнайы көзілдірікті кию арқылы ауани (виртуальды) әлемге еніп, ондағы көріністерді бар деп қабылдап, сол әлемнің құрамдас бір бөлігіне айналып та кетесің. Мұндай ауани әлем түсінік арқылы қалыптасады. Мына біз тіршілік етіп жатқан әлем де сол сияқты. Біз көріп тұрған «бар әлемді» жасаған әуелгі жаратылыс – басты монада. Ал оған біз қалай қосыламыз?
Діни ғұламалар пайымдауынша біздің жаратылыстық болмысымыздың 72 пайызы пайғамбарымыздың руханиятынан, 24 пайызы өз руханиятымыздан, 4 пайызы материалдық әлемнен тұрады. Төрт пайыздық материалдық әлем деп отырғанымыз – фрактал. Егер біз шын мәнінде өзіміздің кім екендігімізді танысақ, онда 24 пайыздық рухани әлемге қосыламыз. Ол әлем пайғамбарымыздың руханиятымен үндесіп тұрады. Ал ол – басты монада. Өкінішке қарай осы «асыл затты» 4 пайыздық фрактал бүркеп алған.
Мынандай тәмсіл бар. Арыстан, қасқыр, түлкі үшеуі бірігіп, аңға шығады. Арыстан әп-сәтте бір бұғы, бір елік, бір қоянды ұстап алады да қасқырға: «Мына олжаны теңдей етіп бөл» дейді. Қасқыр: «Бұғы сізге, елік маған, қоян түлкіге лайық» деп олжаны өзінше бөліске салады. Бұл бөліске келіспеген арыстан қасқырды өлтіріп тастайды да, түлкіге «Енді сен бөл» дейді. Түлкі «Мына бұғыны қазір жеңіз. Елікті түсте жәукемдейсіз. Қоянды жатарда тіске басар қыларсыз» дейді. Бұл бөліске разы болған арыстан түлкіге «Өте дұрыс. Сен өзіңнің ойыңды емес, менің қалауымды айттың. Демек сен мен болдың. Маған ешнәрсенің керегі жоқ. Бәрі сенікі» дейді де, өз жөнімен кетеді.
Мұндағы арыстан деп отырғанымыз – 72 пайызды құрайтын басты монада, ал түлкі – рухани әлем. Қасқыр – 4 пайыздық материалдық әлем. Егер біз 4 пайыздық материалдық әлем тәуелділігінен, яғни фракталдан ажырай алсақ, онда рухани әлемге, яғни монадаға қосыламыз. Сонда жаратылыс әлемі (арыстан) бізді (түлкіні) өзіне баурап, фракталдың (қасқырдың) быт-шытын шығарады. Өйткені барлық нәрсені біз емес, соның өзі істейді. Бұл жерде «біз» деп отырғанымыз – фрактал. Ал «өзі» – монада. Шын мәнінде бұғыны да, елікті де, қоянды да аулаған Соның өзі ғой. Сол сияқты мына өмірде біз жасаған сияқты көрінетін нәрсенің бәрінің иесі – Сол. Өкінішке қарай соның бәрін «қасқыр» бауырына басып, өз меншігі етіп алған. Ол «қасқырда» «түлкі» мен «арыстан» туралы ұғым да, түсінік те жоқ. Фрактал ардақ тұтылған кезде ылғи осылай болады. Осы жерде «Онда мына өмірде қандай мән, қандай қажеттілік бар?» деген заңды сұрақ туындайды. Ғұламаларымыз айтқандай, бұл өмір – ақыреттің жемісі. Біздегі монада күнделікті атқарып жүрген амалдарымыз арқылы ақыреттегі мәңгілік мекенімізді безендіреді. Бұл өмірдің әр сәті баға жетпейтін құндылық. Діни амалдардан басқа бала-шаға қамы үшін атқарған іс-әрекеттер, жақсылық жасау ниетінде басылған әр қадам, тіпті сәлемдескеніміз де монада арқылы жаннат нығметтеріне айнала береді. Бұған күнделікті көріп, бірақ сабырлылық танытып жатқан бейнеттеріміз бен ауру-сырқау, өзге де ауыртпалықтарымызды қоссақ, мәңгілік мекеніміздің монада арқылы қаншалықты айшықтала түсетіндігін бағамдауға болады. Бұл тұрғыда бізге ата-бабаларымыздың өмір салты өнеге бола алады. Жер бетінде монаданы қазақ сияқты түсінген, қазақ сияқты бағалаған, қазақ сияқты құрметтеген ел жоқ. Қазақтың бүкіл өмір салты монаданы әспеттеуге құрылған. Себебі қазақ түсінігіндегі монада – әруақ. Шындығы да сол. Кейбіреулер қазақты заманауи өмір сүруге бейім емес деп күстаналағысы келеді. Ия, қазақ өмір сүруге бейім емес. Себебі, олар фракталды өмір деп қабылдамайды. Қазақы ұғымдағы фрактал – жалған. Сондықтан да біздің ата-бабаларымыз бес күндік фракталдық қызылды-жасылды әлемге алданбай, бар өмірін мәңгілігін безбендеуге арнаған.
Мынадай бір тәмсіл бар. Ескендір Зұлқарнайын түнгі жорықтан қайтып келе жатқан әскеріне «Аяқтарыңа тиген затты дорбаларыңа салып алыңдар» деп әмір беріпті. Біреу әмір болған соң аяққа оратылған заттан көптеу алса, шаршап-шалдыққан кейбіреулері аздау алып, ал жалқауланғандар мүлде алмай таңды атырыпты. Таң атқан соң байқаса, алғандарының бәрі алтын екен. Әскер түнде алтынды алқаптан өтіпті. Алғандар одан да көп алмағанына, алмағандар бос қалғанына өкініш білдірген екен. Сол сияқты біз де алтынды алқаптан өтіп барамыз. Бұл өмір – Алланың бізге берген шексіз нығметі. Тек соның қадіріне жете алмай жүргеніміз өкінішті.
Қорыта айтқанда, кванттық механика – алтын ғасырдың кілті. Алтын ғасырда ғылым мен дін тұтасады. Оған дейін… Ия, Мәді мен тажал бетпе-бет келеді. Мәді – монада, тажал – фрактал. Фракталға байланғандар тажалдың, монаданы қабылдағандар Мәдінің соңына ереді. Әзірге бұл екеуі ажырамай бірге тұр. Менде, сізде, бәрімізде. Бірақ процесс жүріп жатыр. Ажырау процесі. Біз тек соны көпшіліктің қаперіне салғымыз келді. Алайда бұл мәселені кезінде Абай атамыз да айтып кеткен. Ол кісі бар мәселені жүрек көзінің ашылуы арқылы түсіндірген. Бірақ мына мәселеге де мән берген жөн.

***
Қазақы болмыс. Бұл қай болмыс? Шынтуайтына келсек, гәп – болмыста емес. Болмыс − ол біздің ұлтқа тән жаратылыстық қалпымыз. Бастапқы негізіміз. Қазақы кейпіміз. Алайда сол болмыс өзіндік бастапқы мәнін тұтастай сақтап қала алған жоқ. Ол заңды да. Заңды нәрсеге талас жоқ.Уақыт өлшемі, қоғамдық, әлеуметтік, саяси өзгерістер адам болмысына да әсер ететіндігі күмәнсіз. Жарайды, біз бұларды бір сөзбен «заңды өзгерістер» санатына жатқызайық. Сонда болмыс өзгерісіне байланысты туындайтын кінәрәт неде?
Кінәрәт қолдан жасалған өзгерісте. Дұрысы – сол қолдан жасалған «өзгеріске» мойынсұнуда. Соған көндігуде. Сол «өзгерісті» өзіндік «Мен» деп қабылдауда. Ол «Мен» – бүгінгі қазақы болмыс. Енді сауалды төтесінен қояйық. Қазақы болмыс — қазақтың болмысы ма? Бұл жерде «жоқ» деу де, «иә» деу де кесімді байлам емес. Кесімді байлам болмайтыны, біз, негізінен, ұлтқа тән жаратылыстық қалпымызды қазақы мінезге телиміз. Байыбына барсақ, бұл – тұтас бір ұғымды мәннің бөлшектенуінің басы. Бұл бөлшектену бір күнде қалыптасқан жоқ. Алайда сол бөлшектену барысында бастапқы таза қазақы болмысқа (әу баста «қазақ» пен «қазақы» бір мәнге ие болатын) қазаққа телінетін келеңсіздіктердің бәрі кірігіп кетті де, «қазақы бала-бала емес» дегенге саятын жаңа ұғымды қалыптастырды. Бұл «жаңа ұғымды» біз жоғарыда айтқан «заңды өзгерістер» «кемелдендірді». Сол «кемелдендіру» нәтижесі бүгінгі сіз бен біз, яғни бүгінгі қазақ. Бір қызығы, осы «кемелдендіру» нәтижесінде «қазақ» пен «қазақы» ұғымдары қайта тұтасты. Содан барды да тұтастай бір ұлт бастапқы жаратылыстық болмысынан ажырап, Абай атамыз мансұқтайтын «қазаққа» айналып шыға келді. Шындығында бұл «қазақ», ол Қазақ емес. Сондықтан гәп қазақ болуда емес, қай қазақ болуда. Біздің кемшілігіміз, Ахмет Байтұрсынұлы кезінде басталған «қазақ болмау» процесін дұрыс түсінбеуімізде. Оның себебі – «қазақ болмау» процесінің өзі екі бағытта жүрді. Біріншісі – бастапқы текке ұмтылу; екіншісі – өзге ұлт құрамына ену. Жүре келе әлгі «заңды өзгерістер» нәтижесінде бірінші бағыт мүлде ұмыт қалды да, екінші бағыт тіптен белең алып кетті. Ал оларға қайтадан «қазақ» бол деу… Бұл енді қорлық. Сонда олар қайтадан қазақ болмай ма?
«Болады» деу үшін әуелі сол «болады» сөзіне мән берген жөн. Өкінішке қарай, қазіргі «боладының» анықтамасы – тек қана тіл. Сонда қалай, қазақ тілін білгеннің бәрі қазақ па? Егер әлгі басқа ұлтқа сіңген «қазақ» қазақ тілін өзге шет тілінің бірін меңгергені тәрізді үйреніп шықса қазақ бола ма? Болмайды. Бірақ тіл үйренуі қазақ болуға ұмсынудың басы екендігін жоққа шығармағанымыз ләзім. Алайда әу бастағы қазақы болмысымызбен қайта қауышу үшін бұл аз. Аз болатыны, оларды былай қойғанда, ана тіліне жатық біздің өзіміздің қазақ болып жарытып жатқанымыз шамалы. Егер шынайы қазақ болсақ, Абай атамыз бізден түңілмес еді. Байыбына барсақ, Абай атамыз санамалап берген кінәраттардың бәрінен арылмай тұрып, тіпті онымызды өзімізге мін санамай, сол кінәраттардан арылу үшін өзге ұлыс құрамына кіруге бел байлағандарды «қайтадан біз сияқты бол» деу әбестік емес пе?
Әбестік емес. Бұл әсіре ұлтшылдық емес, шындық. Себебі, өзге ұлт құрамына саналы түрде енген бөгде ұлт өкілі, қанша жерден әулие болғанымен түбінде жойылады. Өйткені ол жат топырақта тамыр жая алмайды. Қазақ тек қазақтың жерінде ғана өседі, өнеді, өркендейді. Біз әу бастағы болмысымыз өзгеріске түскенімен, өзімізді сақтап қалуымыздың басты себебі – сол топырақтан, жерден кіндігіміздің ажырамағандығынан. Ұғынықтылық үшін мына бір жәйттарды байыптап көрелік.
Мән берсек, қазақ жерінде өсіп-өнген өзге ұлт өкілінің өз ұлысына қайта сіңуі қиын. Тап осындай гәп біздің қандастарымызға да тән. Оны шет елден келіп жатқан оралмандардың рең-басынан да аңғару қиын емес. Кімнің қай жақтан келгендігін өздерінен сұрамай — ақ топшылауға болады. Алайда біздің қандастарымыздың бойында бір артықшылық бар.Ол – ұлттық мінездің сақталып қалуы. Өйткені олар әу бастағы қазақ жерінен, өздерінің ата қонысынан тамырын үзген емес. Дегенмен ол жерлерде де жаттану процесі жүріп жатқандығын жоққа шығаруға болмайды. Жер жаттанған соң… Иә. Адам да жат.
Ал біздер, біздер ғана емес, біздің өз қатарымыздан шеттей бастағандар, байырғы болмысын, ұлттық рухын қайта табуға пейілді ме? Пейілді. Оны біз жоғарыда айтқан екі бағыттың, екіншіден бірінші – өз тегіне ұмтылу бағытының алға шығуынан да аңғаруға болады. Біз ол бағытты – «қазақ болмау» процесі дедік. Себебі оның қай қазақ екендігін жоғарыда айттық білем. Бұлайша бұлталақтатпай-ақ «нағыз қазақ», болмаса, «бастапқы қазақ» деуге де болар еді, бірақ тағы да бөлшектенуден сақтағандықтан «қазақ» атауына шамалы философиялық мән бергенді жөн көрдік. Себебі бар кілтипан бір тұтас ұлттық ұғымға кезінде жете мән бермей бөлшектеуден бастау алған болатын. Ол – біз сөз басында айтқан «қазақ» пен «қазақы» ұғымдарының мәні. Енді сол негізгі айтпағымызға қайта ойысайық.
Қазақы қасиет – қазақтың қасиеті. Бұл – ұлттық өлшем. Мінез де сол сияқты. Осы тұтас ұғым – біздің рухымыз. Біз сол өршіл рухтан қалай ажырадық? Себебі, қазақ екіге жарылды. Екіге жарылған өзі емес, рухы. Бірі-«қазақта» қалды да, екіншісі-«қазақыға» ауды. «Қазақы» — формалық мәнге ие болмағандықтан, ол өзін сақтап қала алмады. Ал жалаң формаға ғана ие «қазақ» бар қасиетін жоғалтты. Осы жаңа формаға ғана ие «қазаққа» біз жоғарыда айтқан «заңды өзгерістер» жаңа мінезді, құлдық психологияны қалыптастырды. Со-ны өзім деп білген «қазақ» өзінің жаратылыстық болмысын, яғни әу бастағы қазақы мінезді ажуалай бастады. Оның бүгінгі көрінісін қала қазағының дала қазағын ажуалауынан да аңғаруға болады. Жүре келе қазақы мінезге телінген келеңсіздіктер жаңа мінезге ие «қазаққа» да тән болғандықтан олар қайтадан тұтасып кетті. Біз – солмыз. Қазақпыз. Ұялмай айттық. Қайтеміз енді. Басқа қазақ жоқ.
Қазақ – ар еді. Нар еді. Ірі еді. Сірі еді. …еді, …еді … еді. Бірақ біз сияқты емес еді. Оған кім сенеді. Сіз сенесіз бе? Сенсеңіз… Иә. Қазақсыз. Біздің іздегеніміз де сол. Ондай қазақ… Иә. «Жоқ» дегенді де айтушылар баршылық. Оны айтатындар біз жоғарыда айтқан қазаққа жаңа мінезді қалыптастырушылар. Кезінде «Қазақтар өз алдына дербес ел бола алмайды» деген пікірді қалыптастыруға жанталасқандар да солар болатын. Ол арандатушылықтарынан дәнеңе шықпаған соң, олар «Билікті орыс тілділер ұстап тұр» деп те байбалам салудан тайынған жоқ. Өкінішке қарай, мұндай пікірді қолдаушылар да аз емес. Олар санасына мемлекет тізгінін өз ұлтымыздың төл перзенті ұстауға қабілетті болғанда, өзге «майда – шүйде» шаруаларды атқаруға қазақ ұлтының өкілі неліктен қабілетсіз болуы керек деген ой әзірге кірер емес. Бұл да жалған мінезден әлі де толықтай арыла алмай жатқандығымыздың әсері. Алайда үміт басым. Ол үмітті қалыптастырған мемлекетіміздің бүгінгі даму деңгейі. Мемлекетіміздің жетістігі – біздің жетістігіміз. Қазақтың жетістігі.
***
Діннің ауқымы кең. Ол – саясат. Ол – дәстүр. Ол – ұлттық болмыс. Ол… Жә, осымен шектелейік. Әрі қарай да жіліктей беруге болар еді, бірақ мақсатымыз ол емес. Дегенмен дінді тілге тиек еткеннен-ақ оның тек сенім-наныммен шектелмейтіндігі мәлім болды. Солай бола тұра, діннің мәні мен қоғамға тигізер әсеріне көзжұмбай-лықпен қарап, оған тек сенім-наным құралы ретінде тар шеңберде қарау, оның қуаты мен мүмкіндігін бағаламау – бүгінгі күні қалыпты жайтқа айналды. Дінді мемлекет саясатынан тысқары қалдырған кеңестік идеология ұстанымы әлі күнге өзгере қойған жоқ. Шынтуайтына келгенде, кеңестік дәуір мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға болмайды. Гәп – тәуелсіз мемлекеттің оқшау саясат ұстану қажеттілігінде ғана емес. Өзгерісте. Түбегейлі, саналық өзгерісте. Сондықтан дінді жекелеген адамдар ғана емес, мемлекеттің қабылдағандығын жоққа шығаруға тырысу, әбестік. Әбестіктен бұрын, тұтастығына нұқсан. Бұл тұрғыда бізге кешегі КСРО үлгі бола алмайды. Себебі, оларда дін болған жоқ. Ал жоқ нәрсенің мемлекет саясатынан тысқары қалатыны – заңдылық. Демек… Иә. Мемлекеттің дінге деген көзқарасын түбегейлі өзгертетін уақыт жетті. Ең бастысы – Қазақстан өзінің ислам діні қағидаттарын ұстанатын мемлекет екендігін әйгілеуі тиіс. Сонымен қатар, өзіміздегілерге де, өзгелерге де Қазақстанды тек мұсылман адамның ғанабасқаруға құқылы екендігін сезіндіру қажет. Рас, бұл жерде демократия қағидаларының көлденең тартылатындығын жоққа шығаруға болмайды.Демократия… Демократияның атасы – АҚШ. Алайда бір мұсылман-ды АҚШ президенті орынтағына қонжия қалады деп ойлау… Иә. Күлкілі. Байыбына барсақ, діннің мемлекеттен оқшауланатын жері де осы ара. Ондай демократияның… Иә. Бізге қажеті жоқ.
Дін мемлекет саясатының құрамдас бір бөлігіне айналу үшін, ол жалаң қасаңдықтан арылып, ұлттық мүддемен үндесуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, жанды организмге айналуы тиіс. Жансыз нәрсе жандыны жетегіне ертпек түгілі, ол оған үлгі де бола алмайды. Ұғынықтылық үшін «жанды» мен «жансыз» мәнін байыптай кетелік. Дінде жан бар. Оның формалық көрінісі – адам. Адамның діни ғибадаттарды орындауы – оның «тірі» екендігін айғақтайды. Мемлекет те сол тәрізді. Мемлекеттік тұрғыда атқарылып жатқан мың сан шара – мемлекет өміршеңдігінің айғағы. Ол шаралардың қай-қайсысында да нәтиже бар. Демек, тірі. Ал дінге бұл қағида жүрмейді. Себебі… Дұрыс. Мемлекет діннен тысқары. Тысқары болатыны, жоғарыда айтқанымыздай, біреуі жоқ. Жоқ нәрсені бар деп саясат жүргізу, «жанды», «тірі» деген ұғымды былай қойғанда, жай ғана ауа қармау болып шығады. Мемлекеттік тұрғыда өткізіліп жатқан іс-шаралардың бізден тыс, бөгде жерде өтіп жатқандай әсер қалдыруының бір себебі сол.
Рас, Құрбан айт – мемлекеттік маңызы бар мерекелердің бірі. Бірақ бұл тұрғыда да мемлекет пен ұлт үндесе қойған жоқ. Себебі… Оны жоғарыда айттық. Бұл – мемлекет тұтастығына нұқсан. Мемлекеттік тұрғыда жүргізіліп жатқан діни іс-шаралардың мемлекет пен ұлтты тұтастырудың орнына кері әсер беруінің басты себебі – мемлекеттің дінді саяси құрал ретінде толық мәнінде қабылдамауында.
Бұл жерде қазіргі «қабылдаудың» атеист адамның иман болып тағайындалғанындай әсер қалдыратындығына мән берген жөн. Сондықтан іс нәтижелі болуы үшін мемлекеттің діни саясатын жүргізетін адамның, жалпы мемлекеттік діни идеологияның қай дінге басымдық беретіндігін, дұрысы – қай дінді мойындайтындығын жалпы жұртшылықтың біле жүргені теріс болмас еді. Бұл тұрғыда әзірге тек Елбасымыз ғана үлгі көрсетуде. Шынтуайтына келсек, ұлттың дінге деген көзқарасын мемлекетпен байланыстырып тұрған тек Президенттің ислам дініне деген ұстанымы. Осы үрдіс өзгелерге де өнеге болса, мемлекеттің діни бағытта жүргізіп отырған саясаты анағұрлым нәтижелі болар еді. Жалпы, билік тізгінін ұстағандардың қай дінді мойындайтындығын айғақтайтын уақыт жетті. Түптеп келгенде ол – мемлекеттің діни ұстанымының көрінісі. Ал оны байыптамай тұрып, дінді бақылауда ұстаймын деу, бекершілік. Дұрысы — күл болмаса бүл болсын дегенге саяды. Оған жол бермейміз десек, дінге шындап бет бұрған жөн.
Жарайды. Мынандай жағдайға да ой жіберіп көрелік. Сонымен, дін тек сенім-наным құралы. Дінді ұстай ма, ұстамай ма, мойындай ма, мойындамай ма, ол — әр адамның өзіндік құқы. Шынтуайтына келгенде, бұл – жеке адамның емес, қазіргі мемлекеттің ұстанымы. Мақұл. Әзірге біз оны жеке адамның ұстанымы деп қарастырып көре-лік. Сонымен біз, егер конституциялық құқығымызды пайдалансақ – дінсізбіз. Дұрысы – еріктіміз. Бірақ адам табиғаты ұдайы ерікті болып қалуға дәрменсіз. Оның қалай да бір дінге мойынсұнатындығы күмәнсіз. Оған әзірге тосқауыл болып тұр-ған кешегі кеңестік идеологияның санаға сіңген жаңғырықты әсері ғана. Күн өткен сайын ол «қуат» әлсірей түседі. Оның үстіне оған дем беруші идеологияның да күні өткен. Оны уағыздаушы коммунистер, шайтан болып кетпесе, ертең өледі. Сонымен, Аллаһу акбар. Айтпақшы, мемлекет те ол идеологияны терістей қойған жоқ. Жарайды. Еш дінді мойындамайтындар тағы да бірнеше жыл өмір сүрді делік. Әрине, мемлекеттің қолдауымен. Сонда қалай, осылай кете бере ме? Жоқ. Ол мүмкін емес. Оған адамзаттың даму тарихы куә. Адам адам болғалы діннен тысқары өмір сүрмеген. Гәп – қай дінді ұстануда емес. Басы ашық жайт – адам баласы бір дінге мойынсұнбайынша өмір сүре алмайды. Демек… Дұрыс. Ата-баба дініне ойысқан жөн. Осы жерде кілтипан бар.
Біз ата-бабаларымызды қай жерден бастап қайырғанымыз жөн. Ғұндарға барамыз ба, жоқ әлде сақтардан қайтамыз ба? Болмаса… Қайсысын атасақ та олардың ислам дінін ұстанбағандығы кәдік. Дегенмен олардың біздің арғы тегіміз екендігі күмәнсіз. Неге екенін қайдам, кейінгі кезде кейбіреулерді олардың қай дінді ұстанғандығы қатты мазалай бастағандығы аңғарылады. Ол мазаланушылар әлгі ата-бабаларымыз аруағына бағыштап құран оқудың қисынсыздығын көлденең тартып, дұрысы солар ұстанған дінді қайта қабылдаған жөн-ау деген ой ұштығын ортаға салып келеді. Біз ол ойға жете мән бермегендей кейіп аңғартып отырмыз. Болмаса, олар, дұрысы – тәңіршілдер қазір әжептеуір белең алып қалды. Дені – зиялылар. Иә. Кешегі коммунистер. Ол ойдан шіли секем алмай отырғандығымыз да сондықтан. Оларға әу бастан аты бар да заты жоқ, тек мына бос қалған кеңістік орнын толтыруға жарайтын идеология болса жетіп жатыр.
Жарайды. Олардың да айтқанына бас шұлғып көрелік. Тағы да кілтипан. Сонда қалай, мың жылдан бері ислам дінін ұстанған ата-бабаларымызды ұмыт қалдырамыз ба? Әлде оларды тікесінен тік отырғызып қайта жерлеп шығамыз ба? Мақұл. Олар солай қала берсін. Мына тәңіршілдерді қалай жерлейміз? Қай дәстүрді ұстанамыз? Көмеміз бе, жоқ әлде өртейміз бе? Сауал көп.
Құдайшылығына келсек, тәңір-шілдер ойын қуаттай қояйын деп отырған қазақ жоқ. Бірақ ол ойдың да тұтастығымызға нұқсан келтіретіндігін жоққа шығаруға болмайды. Ақыры айтқан соң тәңіршілдерге қарата айтылатын жауапты да нақтылай кетелік.
Тәңір – байырғы және қазаққа тән атау. Біз сол өзімізге тән атауды ислам діні арқылы, жарайды, арабтар арқылы-ақ дейікші, санаға сіңген Аллаға телідік. Тап осы сияқты парсылар да өздеріне тән Құдай атауын ислам діні арқылы санаға сіңген Аллаға теліді. Арабтар да солай. Оған көнбегендер өз діндерін, яғни өз құдайларын сақтап қалды. Тәңіризмнің көп құдайшылыққа бастайтын ішкі құрылымын тарқатып айтпай-ақ, негізгі аргумент ретінде көлденең тартылатын осы жағдаятқа-ақ мән беріп көрелікші. Қазақтың тәңірі қай тәңір? Оны Алладан басқа тәңір деп білсек, сонда біздің жаратушы иені әу бастан жалғыз деп білгеніміз жалған болып шықпай ма? Ал Тәңір мен Алланы қазір мойындап жүргеніміздей, бір ғана жаратушы деп танысақ, біздің Алланы арабтардан бұрын білгендігіміз мансұқтала ма? Байыбына барсақ, бар-жоғы белгісіз өзге күмәнді діндерді былай қойғанда, Алланы ислам діні келместен бұрын таныған христиандар мен иаһудилерге де ислам дінін мойындау қажеттілігі Құран кәрімде міндеттелген. Бұрынғының кейінгімен толықтырылуы және оның мойындалуы – Құран кәрімде нұрға нұр қосылғандай әспеттеледі. Сондықтан қазаққа қосылған нұрды артық көрудің қажеті жоқ. Тағы да кілтипан.
Шынтуайтына келгенде, бұл – кілтипан емес. Алайда бұл сауал да талайды мазалап жүргендіктен тарқата кетелік. Мақұл. Тәңір – қазақтыкі. Құдай – парсыныкі. Алла – арабтыкі. Алайда ақиқат – жалғыз. Ол – бір ғана Жаратушы иенің бар екендігі. Демек, жалғыздың аты да жалғыз. Ол… Оу, сонда Алланың 99 аты қайда қалады? Ол 99-ды атасақ, Алланың жалғыз екендігіне шүбә келтіргендей болмаймыз ба?
Бір нәрсе айқын. Біз өз істеген жақсылықтарымызбен де, жаман-дықтарымыз-бен де Аллаға қылаудай әсер ете алмаймыз. Алла оған мұқтаж емес. Оның үстіне «Қалай атасаңдар да ең көркем есім Аллаға тән» деген аят бар. Демек, Аллалық ұғымды бір ғана атау айшықтай алмайды. Бұл жерде Алланың өзіне тән сипаттары мен қасиеттеріне де мән берген жөн. Алланың бар болуы, бар болуының басы, не соңы болмау, көру, есту сияқты өзіне тән сегіз сипаты ислам дінінде айқындалған.
Жарайды. Бұл айтқандарымызды ислам дінін дәріптеуге жатқызалық. Бірақ дінсіз жүре берудің де соңы құрдым екендігін жоғарыда айттық. Тәңіризмді де тәркі еттік. Ендеше… Әлде қаптап жүрген секталарға кіре салған жөн бе? Сонда… Иә. Әлемдік және дәстүрлі діндердің келесі съезін өткізуге сырттан адам шақырып әуре болмаймыз. Жә, бұл да қыжыртпа сөз. Алайда шындыққа айналуы әп-сәтте. Сондықтан бұл жағдаятты да таразылай кеткен жөн тәрізді.
Секта – мойындалған дін емес. Ағым. Ондай ағымдар әлемдік діндерде де, дәстүрлі діндерде де баршылық. Ислам дінінде де аз емес. Гәп – сол ағымдарды ұстанып жүрген адамдарда емес, соны өмірге әкелген идеологтарда. Ол идеологтардың өзі белгілі бір мүдделі топқа қызмет етеді. Ал мүдделі топ – мемлекетке. Әрине, ол біздің мемлекет емес. Бұл – мәселенің саяси жағы. Ал салдары… Дұрыс. Бөлшектену. Діни бөлшектенудің залалды зардабы болатындығын күнделікті көріп жүрміз. Алайда Таяу Шығыс, Ирактағы жағдай секталық ағымдар күш алған кездегі туындар зардаптың қолына су құюға да жарамайды. Оның залалы… Құдай бетін аулақ қылсын. Дегенмен ол пәлекеттің де нышандық белгілері бізде көрініс таба бастағандығын жоққа шығаруға болмайды. Әртүрлі дінді ұстанған бір отбасындағы қайтыс болған адамды қандай діни ғұрыппен жерлеу қажет деген мәселенің күн тәртібіне қойыла бастауы да үйреншікті жайтқа айнала бастады. Діни ұстанымына үйлеспегендіктен жақынының жаназасына бармау, не болмаса сүйек шыққан үйден көңіл айтып келген адамдарға нәр татқызбау – дағдылы үрдіске айналуда. Демек, дін біз ойлағандай тек сенім-наным құралы ғана емес. Ол мемлекет ұдайы бақылауында ұстайтын маңызды мәселе. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасын әлеуетті құзырлы органға айналдыру қажет. Ондай қадам мемлекеттің де діни ұстанымын айқындайды. Сонда ғана өзге мемлекеттер қазақты мұсылман деп таниды. Жалпы Күнді қолмен көлегейлеуге болмайтынын ұғатын уақыт жетті.
Алғашқы сауал:
– Адам баласы ешқандай дінге мойынсұнбастан өмір сүре ала ма?
– Сүреді. Ол үшін арғы тарихты қаузаймай-ақ, кешегі КСРО-ны қаперге алсақ та жарайды. Рас, өмірі келте болды. Осы жерде, орайын келтіріп, «КСРО-ның түбіне жеткен – дінсіздігі», – деп те байлам жасауға болар еді, бірақ негізгі себеп ретінде көбіне өзге жайттар көлденең тартыла-тындықтан, әзірге үнсіз қалғанды жөн көрдік. Жарайды. КСРО-ның күйреуі… Оны білеміз. Айтпағымыз ол емес. Сонымен адамның дінсіз де өмір сүре алатындығын әйгіледік.
Келесі сауал:
– Адам баласы Алланы ауызға алмай өмір сүре ала ма?
Жалпы біз қойған екі сауалдың да мазмұны бір. Демек, жауап айқын. – Иә, сүреді.
Негізгі сауал:
– Онда адам баласы Аллаға неліктен мұқтаж? Дұрысы – мұқтаж ба?
– Егер адам баласы Аллаға шын мұқтаж екенін білсе, дінді де мойындар еді. Демек… Иә. Бар гәп – адам баласының Алла қамқорлығын сезіне алмауында. Дұрысы, сезіне алмауында емес, соны мойындамауында. Алланы емес, соның қамқорлығын. Әзірге қамқорлығын дейік. Алла қамқорлығын сезінген адам, Алланы да мойындайды. Бір дінге мойынсұнады. Ғибадат одан кейін барып жасалады. Ондай ғибадатта қайыр бар. «Қайыр» сөзінің мағынасы терең болған-дықтан, әзірге «жан рахаты бар» деген жөн тәрізді. Себебі, Алла өзіне мойынсұн-бағандарға да қайырлы. Алайда ол қайырдың өлшеулі шегі бар.
Сонымен, Алла – әділетті. Алла – шексіз қамқор иесі. Бір сөзбен айтқанда, мына әлем Алланың адам баласына деген қамқорлығының арқасында тұр. Солай ма? Солай. Бұл – иман. «Солай-ау» десек, бұл – күмән. Күмән – иманды ұйытпайды. Сондықтан олар діндарлығы мен жасаған ғибадаттары өзгені баурай алмайды. Баурағанды былай қойғанда, оларға бейшаралық, жолы болмағандық, надандық тән сияқты әсер қалдырады. Осы кінәрәт, өкінішке қарай, жеке адамдарға емес, дінге телініп жүр. Көпшіліктің, әсіресе зиялы қауымның дінге бет бұра алмай жатқандығының бір себебі сол. Ол – заңды да. Алланы танымаған, мың жерден ғибадат жасаса да, өзінің ұдайы Алла қамқорлығында екенін сезінбеген, сұраған нәрсесінің бәрін Алла ұдайы беріп келе жатқанын білмеген адамның соған өзгені иландырамын деуі, бекершілік. Ал иманды адам… Өкінішке қарай, ондай адам мүлдем аз. Дінге бет бұра алмай жатқандығымыздың тағы бір себебі осы.
Мешіт – Алланың үйі. Сондықтан онда Алланың нұры болуы – заңдылық. Ал оны сезіну, не сезінбеу – бөлек әңгіме. Мешіттің мәні – адам емес, иман. Мешіттің қадірі иманмен емес, адаммен өлшенгендіктен кетеді. Иман – лә илаһа илалла! Ілгері дәуірден келе жатқан мынандай бір бесік жыры бар:
Лә иллаһа илалла!
Илаллада пайда бар.
Білмеген құлға не айла бар.
Жатар жерің қараңғы,
Шамшырағың сайлап ал.
Осы бесік жырында айтылғандай, иман – қараңғы көрді жарық етер болса, ол иманның мешітті нұрға көмкеруі күмәнсіз емес пе? Оның үстіне … Иә. Онсыз да нұрлы. Бірақ олай емес. Бос кеңістік. Қаңыраған үй. Жарты сағаттық жұма намазына барғандардың өзі соңына дейін шыдас бермей, есікке қарай лап қойып жатады. Олар… Иә. Біздің мақтаныштарымыз. Имандыларымыз. Жарайды. Оған да құдайға шүкір. Бірақ… Иә. «Құдай тілегімді бермеді»,- деп осы жасаған ғибадаттарымызды да міндет қылатынымыз бар-ау… Оны қойшы. Әлгі жер, иә, мешіт, шынымен Алланың үйі болса, онда біз неге ол жерде байыз тауып отыра алмадық? Дұрысы – жанымыз неге ләззаттанбады? Кінәлі кім? Жауап айқын. Дұрыс. Бәріне кінәлі мешіт. Мешіт емес, сондағы молдалар.
Шынымен солай ма? Солай десек, өзіміздің иманымыздың кәміл екенін айғақтаймыз ба? Рас, мешітті күстаналайтындар аз емес. Олар кімдер? Егер адам дінге бет бұруға ниет етсе, онда шайтанның да бар екенін жоққа шығара алмайды. Тілімізде «шайтан араласты» деген тіркес бар. Сонымен шайтан адаманың қай кездегі іс-әрекетіне араласуы мүмкін? Дұрыс. Адамдық іс-әрекеттеріне. Шайтан шайтандық іс-әрекетке араласпайды. Өйткені… Иә. Оны жүзеге асырушының өзі де – сол. Бізді мешіттен жетелеп алып кеткен де – сол. Өз іс-әрекетімізді көзімізге әдемі көрсеткен де – сол. Содан да мешітке иман жолымен барып, шайтан жолымен шыққандығымызды аңғарған да жоқпыз. Әп-сәтте мешітті, оның имамдарын ғайбаттайтын шайтанның сарбазына айналып шыға келдік. Бірақ ол іс-әрекетімізді шайтан көзімізге әдемі көрсеткендіктен, өзімізді таза исламды жақтаушылар санатына жатқыздық. Және бізді бұл жолдан айныту мүмкін де емес. Тек… Иә. Алла жар болсын.
Енді негізгі айтпағымызға ойысайық. Ол – иман. Иманды адам өзінің ұдайы Алла қамқорлығында екенін біледі. Ғибадатты да білген соң жасайды. Рас, білмегендер де жасайды. Енді екеуінің айырмашылығын байыптап көрелік. Мәселен, бір пенде Алладан тілек тіледі делік. Тілек болғанда… Жарайды. «Қартайғанда көрген жалғыз балам еді, осы баламның жамандығын көрсетпе»,- деді делік. Алла тілегін қабыл етті. Өйткені ол барлық тілекті қабыл етуші ғой. Әлгі бейбақтың тілегі қабыл болып, жалғыз баласы өліп қалды. Иә, біз қателескен жоқпыз. Қайталайық. Тілегі қабыл болды. Сол сияқты сіз де Алладан тілек тілейсіз. Тілек болғанда… Иә. Мол байлық тіледіңіз. Сіздің де тілегіңіз қабыл болды. Қабыл болғанда, Алла сізге дәнеңе де берген жоқ. Бұрын кедей едіңіз, әлі де кедейсіз. Бірақ сіз үмітіңізді үзген жоқсыз. Ғибадатыңызды жасай бердіңіз. Біздің уағызымызша Алла сіздің тілегіңізді сұраған сайын берумен келеді. Дұрысы – байлықтан әлі хабар жоқ. Сіз шарт кеттіңіз. Шайтан араласты деудің реті жоқ. Бәрі – айқын. Ғибадаттан еш қайыр болмады. Солай ма? Солай дейін десек, әлгі біз иманы кәміл деп тапқан адам ғибадатын әлі жасаумен келеді. Тіпті жалғыз баласы өліп қалса да Құдайдан үмітін үзбейді. Сонда қалай, ол адам емес пе? Оны мұқалта алмаған қандай күш? Иман ба? Ұдайы қуат беріп отыратын қайыры жоқ ол қандай иман? Осы жерден сәл шегініс жасайық.
Сіз бен біз пендеміз. Пенде болғаннан кейін де Аллаға ғибадат жасап, тілек тілейміз. Бірақ сол сұраған нәрсеміздің өзімізге қаншалықты қайыр әкелетінін білеміз бе? Білмейміз. Рас, топшылаймыз. Өзімізше болжам жасаймыз. Иә, болжам жасаймыз. Алайда оның қалай болатындығын бір Алла біледі. Ендеше, біздің сол білмеген нәрсемізді біліп, бізге қайыр жасаған Алладан бас тартуға бола ма? Алла біздің сұрағанымызды сол сұраған қалпында бере берсе, біз алдағы өміріміздің жарқын болатындығына сенімдіміз бе? Мақұл. Сенімді-ақ болайық. Бірақ олай болмайтындығын Алла біліп тұрған жоқ па? Білгеннен кейін де… Жә, мұндай уағызға біз түгілі пайғамбарлар да бас шұлғи қоймаған. Құранда мынандай бір хикаяат бар.
Бірде Мұса пайғамбар Алла әмірімен Қызырға (ғ.с) жолығады. Қысқаша қайырып айтқанда, Қызыр (ғ.с). кедей балықшылардың қайығын тесіп, жарамсыз етіп тастайды. Ол аздай, бір қария адамның жалғыз баласын өлтіреді. Тағы бір жетім балаларға зәбір көрсетеді. Қызырдың (ғ.с) осы іс-әрекеттеріне Мұса пайғамбар шыдас бермей, мұның бәрін қайырсыз іс санатына жатқызады.
Енді байыптап көрелік. Шынымен солай ма? Балықшылар ертеңгі күні мол олжаға кенелуін Алладан тіледі делік. Алла тілектерін беріп, Қызыр (ғ.с) арқылы қайықтарын тестіріп тастады. Оны қойшы, ана балаға обал емес пе? Сонда қалай, Алла сол баланың әкесінің де тілегін берген бола ма?
Тап солай. Тап солай екендігін Қызыр (ғ.с) Мұса пайғамбарға былайша түсіндіреді: «Егер балықшылар балық аулауға шығар болса, әділетсіз патша әскеріне тап болып, қайықтарынан айрылар еді. Сол сияқты әлгі баланың әке-шешесі иманды адамдар болатын. Ана бала оларды діннен шығаратын еді. Алла оларға басқа иманды бала береді. Мен мұның бәрін Алла әмірімен жасадым», – дейді де қош айтысып, Мұсаны жөніне қалдырады.
Тағы бір тәмсіл. Мұса пайғамбар Аллаға ғибадат жасау мақсатында Тур тауына бара жатқан жолында бір кедейге жолығады. Әлгі кедей Мұсаға: «Оу, пайғамбар! Егер пайғамбар екенің рас болса, маған шапағатыңды тигіз. Мен өмірімде қарным тойып тамақ ішкен адам емеспін. Құдайыңнан сұра. Маған байлық берсін»,- дейді. Мұсаға әлгі бейбақтың өмір бойы асқа жарымағаны әділетсіздік болып көрінеді де, Аллаға дұға жасап, әлгіге байлық тілейді. Содан Тур тауында 40 күн мінәжәт жасап, қайтып келе жатқан кезінде жасауылдардың баяғы кедейді кісендеп алып бара жатқанын көреді.
Бақса, Алла мұның тілеуін беріп, әлгі кедей байыған екен. Алайда байлықты көтере алмай, шектен шығып, адам өлтіруге дейін барыпты. Мән-жайға қаныққан Мұса өзі білмейтін іске араласқаны үшін Аллаға жалбарынып, кешірім сұраған екен.
Осы тұрғыда айтылған мына бір тәмсілді де келтіре кетейік. Бірде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір топ сахабаларымен мешітке келе жатқан бетінде бір мүсәпір алдын кес-кестеп сәлем береді. Пайғамбар оның сәлемін алмай, қасынан өтіп кетеді. Қапа болғандықтан шөп сындырып, жер шұқылап отырып қалған әлгі мүсәпір, мешіттен қайтып келе жатқан Пайғамбарымыздың алдынан тағы да шығып, сәлем береді. Пайғамбарымыз оның сәлемін алады. Әлгі бейбақ өзінің және әйелі мен қызының өмір бойы асқа жарымағанын айтып, Пайғамбардан дұға жасауын сұрайды. Пайғамбарымыз дұға жасауға ниеттенгенде Жебірейіл (ғ.с) келіп: «Оның өзіне лайықты ризығы жерге шашылған»,- дейді. Пайғамбарымыз сонда да болса оны бос қайырғаным жарамас деген оймен оған: «Өзеннің жағасындағы жалғыз ағаштың қасына барып, суға түсіңдер.
Сүңгіген кезде тілектеріңді айтсаңдар, судан шыққанша үшеуіңнің де бір-бір тілектерің қабыл болады»,- дейді. Кедей жөніне кетеді. Сахабалар Пайғамбарымыздан әлгі бейбақтың әуелгі берген сәлемін неліктен алмағаныдығын сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Ол өмірінде шөп басын сындырмаған жалқау. Сәлемін сондықтан алмадым. Ал мешіттен шыққанда байқасам, шөптің басын сындырып отыр екен»,- дейді.
Қош, сонымен не керек, әлгі мүсәпір әйелі мен қызын ертіп, діттеген жерге де жетеді. Суға бірінші әйелі түседі. Ол: «Бай біреуге әйел болайын», – деп тілек тілейді. Айтқанынша, өзен жағасынан өтіп бара жатқан бір бай ат артына мінгестіріп алады. Әйелі күйеуінің: «Қазір мен де бай болам ғой»,- дегеніне құлақ аспайды. Ашуға булыққан кедей суға қойып кетеді де «Әйелім шошқа болсын»,- деп тілек тілейді. Ә дегенше-ақ әйелі шошқаға айналады. Шошынған жолаушы оны аттан аунатып түсіріп, өз жөнімен кетеді. Шешесінің сорлап қалғанын көрген қызы суға түсіп, оны қайтадан адам қалпына келтіреді. Сонымен тәмәм. Баяғы таз қалыптарына қайта түседі.
Ал не ұқтық? Мақұл, ертегі-ақ болсын. Демек, өтірік. Өтірік болған соң осыған дейін айтқандарымыздың бәрі бекер. Солай ма? Дегенмен тағы бір таразылап көрсек. Таразылағанда, «Әр адамның өзіне лайық ризық-несібесі бар» дегенге келіскен жөн тәрізді. Себебі, «Түнде аш жолбарысша жортқандарыңмен, Алланың бергенінен артық бір нәрсеге де қол жеткізе алмайсыңдар» дегенге саятын хадис бар. Жалпы, қай дәуірде де байларға қарағанда кедейлер басым болған. Бай мен кедейдің теңесетін жері – шүкіршілік. Тәуба. Нысап. Құдайдың бергеніне шүкіршілік еткен, тойса – тәубасын айтқан, нысап сайын берекеге кенелген адам – нағыз бай. Бұлар жоқ жерде кедей – бай болуды, бай – құдай болуды тілеуін қоймайды. Бар тілектің қабыл болмауы сондықтан. Дұрысы – қабыл болуы.
Айтпағымызды бала кезден санаға сіңген мына бір өлең жолдарымен түйіндейік.

Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған.
Күніне тоқсан түрлі көрсең бәле,
Сонда да күдер үзбе бір Алладан.

Республикада 13 конфессияның 531 миссионері тіркелген. Тіркелген миссионерлердің арасында саны жағынан РКШ өкілдері басым (257). Православиені 84 миссионер насихаттайды, оның басым көпшілігі Ресей Федерациясының азаматтары болып табылады.
Қазақстанда 15 діни білім беру ұйымы, мешіттер мен жексенбілік мектептер жанындағы 400 бастауыш курс, ғибадат үйінен тыс діни іс-шараларды өткізуге арналған 383 үй-жай, оның ішінде намазхана, ғибадат бөлмесі және шіркеулер бар.
Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға арналған 257 арнайы стационарлық үй-жай айқындалды.
Діни қатынастардың барлық тіркелген субъектілер өз қызметтерін Қазақстан Республикасының заңна-масына сәйкес жүзеге асырады, бейбітшілік пен келісім жолында, қоғамды дамыту, мемлекетті нығайту үшін қызмет етеді.
Соған орай бізге Абай тағылымы қымбат.
Жүректің көзі ашылса,
Хақтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі.
Осы бір шумақ өлең хакім Абай дінтанымының тобықтай түйіні. Егер біз хакім Абай сөзі мәніне бойлай алсақ, ислам қағидаттарын да танып білеміз. Жалпы, дінді хакім Абай сөзін танымай ұғыну мүмкін де емес. Рас, қасаң діни қағидаттар шырмауында шандылып қалған «діндарлар» аз емес. Өкінішке қарай, бұл күнде дін білгірлері санатына сол көргенінен жазбайтын, «соқыр» діндарлар қосылып жүр. Реті келіп тұрғанда айтпағымыздан озып «соқыр» мәнін аша кетсек, көру – Аллалық сипат. Біз өз көзімізбен көргенді Алланың көретініне телісек, онда Алла сипатының мәнін терең ұғына алмаймыз. Рас, адам жанары да біраз әлемді қамти алады. Бұл жерде «біраз» бен «тұтас» мәніне ой жіберген ләзім. «Біраз» — біз білетін әлемнің бір бөлшегі. Сол сияқты «тұтас» та толық мәнге ие емес. Біз сол толық мәнге ие емес «тұтастың» өзін бірден көруге қабілетсізбіз. Жалпы тұтас әлем – бір Аллаға ғана аян. Ал ол әлемнің Алла бақылауынан тыс қалуы мүмкін емес. Осыдан-ақ Алланың көру сипатын бағамдауға болады. Демек, көруді де екі сатыға бөліп қараған жөн. Бірінші – адами көру, екінші – Аллалық сипатпен көру. Біз Алланың сипатымен қай кезде көре аламыз? Дұрыс. Жүректің көзі ашылған кезде. Енді әңгіменің ашығына келейік. Біздің хакім Абай дінтанымын әлі күнге ұғына алмай келе жатқандығымыз сондықтан. Соқырлығымыздан. Гәп – келісу, келіспеуде емес. Шындықта. Ал ол қай шындық? Бұдан шындық та жалғыз емес екен-ау деген ойға ерік беруге болады. Асылы – шындық жалғыз. Гәп – сол шындықтың жалғыз екендігіне сенуде. Сенгендер – мұсылман.
Алла – жалғыз. Сендік. Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың елшісі. Сендік. Енді хакім Абайға жүгінелік «Жә, не бітті? Сен Алла Тағалаға Алла Тағала үшін иман келтіремісің я өзің үшін де иман келтіремісің?» Шындық жалғыз. Ол – Алладан басқа тәңір жоқ екендігін мойындау. Алайда Алла Тағала сенің мойындаған не мойындамағаныңа зәру емес. Демек, дұрысы — өзің үшін иман келтірген. Бірақ шындық Алланың бар екендігі емес пе? Шындығында қайсысы дұрыс? Сенің сенгеніңе Алланың сенгені ме, жоқ әлде өзіңнің сенгенің бе? Сол сияқты ғибадатты кім үшін жасаған дұрыс. Алла үшін бе, жоқ әлде өзің үшін бе? Міне, осы жерден бастап шындық екіге жарылады. Бірі – шынайы, екіншісі – алдамшы. Мәселен, Аллаға құлшылық етіп жатқан адамның ғибадаты шынайы ма, жоқ әлде алдамшы ма? Әрине, шынайы. Ешбір адам өз ғибадатының шынайылығына зәредей де күмән келтірмейді.
Демек, Аллаға ғибадат еткеннің бәрі – жаннаттық. Осы жерде кілтипан бар. Дұрысы – «Бәрін Алла біледі» деу. Демек, жасалған ғибадат шынайылығына деген күмәнді жоққа шығаруға болмайды. Сонымен шын – шын болмады. Бұл жерде әртүрлі теріс ағымдағы секталық дін жолын ұстанушылар қателігі емес, мәселенің бәрі таза исламдық діни ғибадаттың өзінен туындап жатқандығын ескерген жөн. Бірақ оны алдамшы деп те ешкім терістеген емес.
Бұл – біздің бірінші жеңілісіміз. Жеңіс – шындықтың өңін айналдырып, өз іс-әрекетімізді көзімізге әдемі көрсеткен шайтан еншісінде. Осы жерде «Алғашқы түймесін дұрыс қадамаған адам, қалған түймелерін де дұрыс қадай алмайды» деген Гете жарықтықтың сөзін қаперге алсақ, бар өмірін Аллаға деген ғибадатпен өткіздім деген адам баласының да тура жолдан мүлде қияс кеткенін түйсінуге болады. Біздің Алла жолындамыз дейтіндердің жүзінен иманы төгіліп тұрмауының бір себебі сол. Сонда кінәрат неде? Кінәрат кінәрат емес, дұрысы – надандық. Бұл – бүгінгі барша адамзат баласына тән надандық. Сондықтан оны надандық емес, соқырлық деген жөн тәрізді. Бұның қай соқырлық екендігін жоғарыда біршама айттық білем. Сонымен соқыр емес, көзі ашық, дұрысы – жүректің көзі ашылған адамның, жүректің көзі ашылған соң оған Хақтың сәулесі түсіп, ол сәуленің орнығуы үшін алдын-ала іштегі кірді қашырып, әу бастағы жаратылыстық қалпын қалыптастырған адамның ғана кеудесі хикмет. Сондай хикмет кеуде иесі ғана Аллалық сипатты сезіне алады. Ол соны сезінген соң да айналасындағылардың надан екендігін айғақтайды. Абай кінә артқан надан қазақ, тек қазақ қана емес, барша адамзат. Адамзат ол надандықтан әлі де арыла қойған жоқ. Арыла қоюы да неғайбыл. Неге?
Ең бастысы, дін қасаң қағидатқа айналды. Оның мәніне бойлап, ішіне ену, дін мен адамның тұтасуы, бағзылық үндестік сетінеді. Дін – адам болмысының нәрі, қуаты, мәңгілік аңсары болудан қала бастады. Надан кеуде қанша жерден діндар көрінуге тырысқанымен, оның жаны діннен ләззәттана алмады. Сондықтан олар балдың бал екенін білгенімен, оның дәмін ешқашан татып көргемегендіктен кие, қадір-қасиет деген ұғымдардан ажырай бастады. Ал оны бар деп білгендердің өзі жалаң форма, қасаң қағидаттардан әріге өре оздыра алған жоқ. Содан барып дін – шамшырақ, ғылым – білімнің қайнар бастауы болған кез біртін-біртін ұмытылды. Тіпті ислам өркениетті даму үрдісіне үйлеспейді деген ой да қылаң бере бастады. Оған керағар барлық лаңкестік пен дүрдараздықтар исламға телінді. Неге? Неге екенін жоғарыда айттық. Тағы да қайталайық. Ислам – таза дін. Аллаға бастайтын дін. Ғылым-білім діні. Осындай дінге надан адам бас сұға ала ма? Сұғады. Қай кезде? Дінді өз түсінік қалауымен бағамдап, өлшеген кезде. Ал надан адамның оны қалай бағымдайтыны айтпаса да түсінікті. Бүгінгі ислам туралы түсінік нобайы бір сөзбен айтқанда надандық ұғым мен надандық пайымға негізделген. Діннің өз мәнін жоғалта бастауы да сондықтан. Бізге ашылмауынан. Бар құндылығын ішіне бүккендіктен. Бәрінен бұрын сол құндылық мәніне бойлай алған жандар есімінің біздің жадымыздан өше бастауынан. Ал өшпегендері ой-пайымын біз түсінуден қала бастадық. Мәселен, біз бір ұлық адамның қабылдауына шақырылдық делік. Әрине, оған үсті-басымызды реттеп, өзімізше біршама дайындалатындығымыз кәміл. Ал егер бізді Алла өз алдына шақырса ше? Ең бастысы – сол шақыру мәнін сезіне алуда. Сезіндім деу жай сөз. Жай сөз болатыны, біз Алланың шақыруынан ұлықтың шақыруын әмәнда биік қоямыз.
Биік қоятынымызды қабылдауда болған кездегі жан-дүниеміздің қабылдаушыға деген көңіл ауанынан да аңғаруға болады.
Иә, ұлық алдынан көңіліміздің тасып шығатыны күмәнсіз. Ал, Алла алдынан ше? Бұл сауалға жауап бермес бұрын әуелі біз өзіміздің Алла алдында болғандығымызды сезіне алмағандығымызды мойындағанымыз ләзім. Демек… Иә. Ондай ғибадаттан қайыр жоқ. Егер әр адам өзінің намаз кезінде Алла алдында тұрғанын сезіне алса бар ғой… Біріншіден, оған барар алдындағы дайындықтың, яғни дәреттің мәнін ұғынар еді. Екіншіден, өзіндік менді өлтірер еді. «Мен» өлген соң өзінің, азат жан мүмкіндігінің шексіз екендігіне көз жеткізер еді. Ол сонда барып «Мені» мен «Менікінің» айрылғанын «Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес» деген Абай өлеңі мәнін түсінер еді. Бәрінен бұрын өмірінде бір рет қабылдаған ұлық алдында құрақ ұшқанына жер болып ұялып, күніне бес рет өз алдына шақыратын Алланың шексіз мархабат иесі екендігін ұғынар еді.
Діннің, жалпы діннің емес, соның бізге міндеттеген бес парызының бірі – намазды оқымаған, оқығанның өзінде оған бойлай алмаған адамның намаз үстіндегі кереметтерді ұғына қоюы неғайбыл. Біздің «Ілгергі заманның ғұламалары таңғы екі бас парыз намазды Меккеге барып оқып келеді екен» деген әңгімелерге бас шұлғи бермейтіндігіміз де сондықтан. Сенбегендіктен. Әлгі әңгімеге емес. Жалпы дінге. Ал сенбеген адамның ештеңені сезінбеуі – заңдылық. Мың жерден аққа оранып, намаз оқыса да.
Намаз – жаннаттың кілті. Алайда адам намазды жаннатқа ену үшін оқымайды. Ұғынықтылық үшін жаннатты Алланың дастарханы делік. Сонда адам ғибадатты дастархан мәзірі үшін жасай ма, жоқ әлде сол дастархан иесіне жасай ма? Әрине, құрмет иесіне лайық. Мәселе мәніне бойлай алсақ, тіпті дастарханды, яғни жаннатты қаперге алудың өзі ұят. Бірақ ол «ұят» туралы біз мүлде бас қатырмаймыз. Содан болар, жайнамаз үстінде алақан жайғанның бәрі Жаратушы иеден «Жаннаттыңды нәсіп ет» деуден танбай келеді.
Жалпы дінге бет бұру әуелі ниеттен басталады. Ниет – іштегі кірді қашырады. Егер шынайы болса. Адам ниетіне қарай діннен нені іздесе, соны табады. Бұл тұрғыда хакім Абай: «Истинжада (дәрет кезінде) к…іңізді жуасыз, сіздің к…іңіздің ешкімге керегі жоқ еді. Онымен сезімді тазалыққа кіргендігіңді, кәміл ыхласыңды көрсетіп, ішімнің сафлығының соңында халық көрер, сыртымды да пәк етемін һәм көзге көрінбейтін ағзаларымды да пәк етемін, бұл пәктіктің үстінде Аллаға дұға айтамын деп әзірленесіз»,- дейді. Алайда осы әзірлік қалыпты үрдіске айналып кетсе, қай адам да намаз кезінде Алла алдында тұрғандығын сезіне алмайды. Ондай намаздың ғибадат орнына жүре қоюы да неғайбыл. Өйткені ниеттің шынайы болмағы иманға байланысты. Ғибадат – сол иманның сөніп қалмауы, кемелденуі үшін жасалады. «Егер надандар ол ғибадаттың ішкі сырын ескермей қалса, соны қылып жүріп, иманы сөнер» дейді Абай атамыз.
Ұғынықтылық үшін ғибадат жасаушы адамды иман күзетшісі делік. Демек, ғибадат иман кемелдігі үшін жасалады. Дұрысы сол. Болмаса хакім Абай айтпақшы: «Күзетші күзеткен нәрсенің амандығын ойламай, бір ғана ояту тұрмағын қасд (ниет) қылса, ол не күзет? Күзеткен нәрсесі қайда кетеді? Мақсат күзетілген нәрсенің амандығы, тазалығы емес пе?»
Сонымен, түптеп келгенде, бар гәп күзетілетін нәрседен, яғни, иманнан бастау алады екен. Егер иман толық болса, ниет те, соған орай ғибадат та кәміл болмақ. Ендеше иман келтірейік. «Алладан басқа тәңір жоқ. Мұхаммед оның елшісі». Ал не өзгерді? Еш мәнсіз ауызекі айтыла салған осы бір ауыз сөз иман ба? Осы «иманмен» исламдық парыздарды орындай бастасақ, ол ғибадат орнына жүре ме? «Менің қаупім бар» дейді хакім Абай. Қаупі болса да көпшіліктің «Осы ғибадат екен, құдайдың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл болды деп ойлайды» дейді. Байыбына барсақ, бізді, бізді ғана емес, жалпы дінді, оны «ұстанып» жүрген баршаны жаңылыстырып жүрген осы ой. Сондықтан да хакім Абай иман келтіргенде Аллалық сипаттарды бойға сіңіру қажеттілігін айтады. Ол: «Өз пиғылдарыңды соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла Тағалаға ұқсай алам ба деп надандықбірлан ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ — дәл бірдейлік дағуасы бірлән емес, соның соңында болмақ» дейді.
Міне, осы «ұқсастық» жүрек көзінің ашылуына сеп болады. Иман келтірдік. Демек, Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне сендік. Мына әлемді – 18 мың ғаламды Алла бақылауында деп білдік. Жоқ. Білгеніміз жоқ. Соған сендік. Бұл – соқыр сенім емес пе? Иә, соқыр сенім. Себебі, біз әлі оны білмекке талаптанғанымыз жоқ. Рас, ниеттендік. Ниет – іштегі кірді қашырады. Оған дәлел, алғашқы ниет етудің өзі бізге қаншама ой салды. Ішке сәуле түсті. Иман – сол сәуле. Алайда оның сөніп қалмағы да бір пәс. Исламдағы парыз амалдар сол «сәуленің» қорғаны.
Алайда хакім Абай біз жоғарыда да келтіргеніміздей: «Егер надандар ол ғибадаттың ішкі сырын ескермей қалса, соны қылып жүріп, иманы сөнер», – дейді. Сөнбек үшін не істемек ләзім? Ең бастысы – әлгі иманның кәміл екендігін тексеріп қойған абзал. Оны қалай тексереміз? Хакім Абайға жүгінелік: «Кімде-кім ахиретте де, дүниеден де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы – олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. Олай болғанда, қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес».
Жөн делік. Демек, мал таппақ, тіршілік етпек бекершілік. Солай ма? Тағы да хакім Абайға жүгінелік: «Мал, мақтан, ғизат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды, һәм көрік болады. Егер де адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады».
Мәлім болды. Бар гәп – адамдықты сақтауда. Демек, иман – адамдықтың кепілі. Адам адам болып қалмағы үшін Аллаға иман келтіреді екен. Соған сенеді екен. Сенбегендер… Иә. Адам емес. Алла адамды жазаламайды. Жазаға ұшырайтындар… Иә, солар. Себебі… Дұрыс. Адам емес. Ал біз ше? Біз емес, әйтеуір бір қайыры болар деген дүдамал көңілмен ғибадат жасап жүргендер ше? Оларды хакім Абай кәміл, толық адам санатына қоспайды. Демек, адам сол адамдық атқа толықтай лайықты болмаған соң, әрине, соған орай жазасын тартатындығы күмәнсіз. Сонда бізді толық адам болудан тосатын нәрсе не? Жоғарыда айттық, ол – иманның кемдігі.
Алла Адамды әу баста иманды етіп жаратқан. Адамдықтан шығу – адам мен иманның ажырауы. Пайғамбарлардың міндеті – адам баласына сол иманды қайта орнықтыру. Сондықтан адам баласындағы ең басты міндет – иман кемелдігін қалыптастыру. Иман кемелденген кезде адамның өзі ғибадатқа айналады. Мәселен пайғамбарымызға ұқсап бағу, Пайғамбарымыздан қалған сүннет амалдарды ғибадат ретінде орындау соның айғағы. Құран Кәрімде айтылғанындай періштелер Адам атаға сәжде жасаған. Түсінгенге ол да ғибадат. Өкінішке қарай, қазіргі адамдар ондай түсініктен ада. Неге? Себебі – лайықсыз. Лайықсыз болатыны – кәміл адам емес. Кәміл емес адам қорқақ келеді. Олардың не болса соны тәңір тұтатыны сондықтан. Бір сөзбен айтқанда, Алланы бар деп жан дүниесімен илана алмаудан. Иланбаған адам өзін де танымайды. Өзін танымаған, өз бойындағы Аллалық сипаттарды бағамдай алмаған адам – адам мүмкіндігінің шексіздігін де сезіне алмайды.
Біз Алланың көру сипатын сөз басында айттық. Жалпы, Алланың бір сипатынан екіншісі басым болады деу әбестік. Сондықтан Адам Алланың бір сипатын өз бойына дарытуға қабілетті болса, қалған сипаттарын да сезіне алады. Мәселен, бар болу. Алла – бар. Бар болуының ақыры, соңы жоқ. Алла – мәңгілік. Сондай-ақ Алла барлық жерде. «Бір жапырақ үзіліп түссе де, Алла біледі» делінген Құран Кәрімде. Демек, өмірде кездейсоқ ешнәрсе болмайды.
Кездейсоқ бір нәрсе болады деу, Алла бақылауынан тысқары құбылыстар болады деген жалған сенімді ұялатады. Ол – иманды кемітеді. Реті келіп тұрған соң айта кетейік. Біз ұстанатын мәзһабтың негізін салушы Әбу Ханифа бала кезінде бір кәпір патшамен Алланың барлығы туралы сөз таластырыпты деген мынандай бір тәмсіл бар. Кездесетін жерге кешігіп келген Әбу Ханифадан патша кешігу себебін сұрайды. Сонда ол: «Жолдағы өзен тасып кеткендіктен өте алмай, бір ағашқа «қайық бол» деп бұйырып, ол ағаш қайық болып, содан өзеннен өтіп жеткенімше осы болды» дейді. Патша оған: «Сен де өтірікті қиыстырады екенсің. Ағаш қалайша өзінен-өзі қайық болады?» дейді. Сонда Әбу Ханифа: «Сіз мына әлемді өзінен-өзі бола салды дегенге сенгенде, ағаштың қайық болғандығына неге сенбейсіз?» дейді. Сөзден тосылған патша: «Онда сен маған Алланың бар екендігін және оның қайда екендігін дәлелде» дейді. Әбу Ханифа сөзге келмей бір тегене сүт алдырады да: «Осы сүттің ішінде май бар ма?» деп сұрайды. Патша: «Бар», – дейді. Әбу Ханифа: «Ол май бұл сүттің қай жерінде?»- дейді. Патша тағы да сөзден тосылады.
Алланың барлық жерде де бар екендігін айғақтайтын бұл тәмсілге біреу иланар, біреу иланбас. Алла Тағала Құран Кәрімде шыбын-шіркейді мысалға келтіргенде «Бұл мысалға талайлар рас деп иман келтірер, талайлар теріс деп діннен шығар» деген. Гәп – ниетте.
Енді өзімізше тағы бір таразылап көрелік. Сіз барсыз ба? «Бармын» десеңіз, ертеңгі күні өлетініңізді жоққа шығарасыз. Өлгеннен кейін тірілетінімізге илану үшін әуелі өзіміздің бар екенімізге көз жеткізіп алайық. Айнаға қарайық. Қайсысы сіз? Әрине, айнадағы жалған. Түс көрдіңіз. Түсіңізде өзіңізді көрдіңіз. Қайсысы сіз? Әрине, түс жалған. Енді ой жіберейік. Сіздің өзіңіз де жалған емессіз бе? Себебі сіз де өлгеннен кейін жоқ болып кетесіз ғой. Сонда сіз қайдасыз? Рас, барсыз. Бірақ жоқсыз. Осы жерде біз жоғарыда келтірген тәмсілдегі сүттегі майды қаперге алыңыз. Мақұл. Сүттен май шықты. Алайда өзгерген дәнеңе жоқ. Сіз бен біздегі мақсат – өзімізді табу. Бір сөзбен айтқанда, бар екендігімізге сену. Ол бар өліп қалатын жалған бар емес, мәңгілік бар болып қалуы тиіс.
Адамның кіндігі жерге байланған. Біз жерде тіршілік етіп, өмір сүреміз. Біз сол тіршілікті тәркі еткенде ғана өзіміздің бар екендігімізді сезіне бастаймыз. Бірақ ол тәркі ету – түңілу емес. Ұғынықтылық үшін айтайық. Тіршілік – жалған. Бізді жоқ етіп тұрған сол жалған нәрсеге байланған мүдделер. Шындығында, біз сол жалған мүдделерден ажырай алсақ қана бар боламыз. Ал ажырай алмасақ, хакім Абай айтқандай: «Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың». Жалпы, ондай ажырауға қарапайым адам тек ұйықтағанда ғана қол жеткізе алады. Көп адамның Аллалық сипатты сезіне алмайтындықтары сондықтан. Ал оны сезінбеген адамға хакім Абай да ашыла қоймайды.
Біз мақаламыздың өн бойында тілге тиек еткен «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру әртүрлі конфессия мен этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан зайырлы Қазақстан дамуының басым міндеттерін шешуге және ел болашағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ендеше дін жөнінде әңгіме өрбіткісі келгеннің бәрі сол тұжырымдаманы басшылыққа алуы тиіс.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *