ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛ ЕМЕС… ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛ ЕМЕС…
– Медет Дүйсенбекұлы, Райымбек ауданының бөлініп, орталығы – Нарынқол елдімекені болып бекітілгеніне бір жылдың жүзі болды. Аудан әкімдігі мен ауыл әкімдігінің арасындағы байланыс қандай?... ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛ ЕМЕС…

– Медет Дүйсенбекұлы, Райымбек ауданының бөлініп, орталығы – Нарынқол елдімекені болып бекітілгеніне бір жылдың жүзі болды. Аудан әкімдігі мен ауыл әкімдігінің арасындағы байланыс қандай?

– Аудан әкімі – Жолан Ыбрайахынұлы жерді игеру, дұрыс пайдалану, күтім жасау, өнім алу сынды бағыттарда ұзақ жылдар еңбек еткен маман. Райымбек ауданының басты экономикалық табыс көзі ауылшаруашылығы болғандықтан, ол кісінің ауданымызға басшылық етуі арқасында өңіріміз қарқынды дамитыны сөзсіз. Райымбек ауданының орталығы Нарынқолдан бастап, ауданға қарасты барлық ауылдық округтердің экономикалық-материалдық жағдайын жақсарту ол кісінің жіті назарында. Жолан Ыбрайахынұлына Сарыжаз ауылына ерекше көңіл бөліп, жасаған сұраныстарымызға қолдау білдіріп, түйткілді мәселелердің шешімін тауып жатқанына ауылдың халқының атынан алғысымызды білдіреміз.
Үстіміздегі 2019 жылы көптеген мақсаттарды қойып, оны аудан әкімінің қолдауымен жүзеге асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Солардың кейбіреуіне тоқталып өтсем, мысалы:
1. Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге;
2. 140 орындық балабалабақшаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге;
3. Учаскелік полиция пункті мен біріктірілген полиция үйін салуға;
4. Сарыжаз ауылындағы 10 көшеге асфальт төсеу жұмыстарын жүргізуге қаржы көздері қарастырылуда.
5. Ақбейіт ауылы мен Сарыжаз ауылының арасына, Әбдразақ көшесінің күншығыс жағы жанармай құю бекетіне дейін, Зиядос көшесіне, Жапар көшесіне көше шамдарын орнатуға қаржы бөлініп, тиісті құжаттары жасалуда.
6. Ақбейіт ауылы мен Сарыжаз ауылының аралығында орналасқан тұрғын үй құрылысы үшін салынған құрылымдағы жерлерге үй салу үшін ауыл тұрғындарына және «Кар-тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне «Билайн» антенна-мачталық құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін беруді жоспарлап отырмыз.
7. Ауыл сыртындағы күл-қоқыс тастайтын орын қазып, қоршау және мал базарын ашу жұмыстарын ұйымдастыру.
Міне, осындай халық тұрмысын жақсарту үшін маңызды нысандарды жоспарға алып отырмыз. Жауапкершілік жүгі жеңіл емес, дегенмен бір жұдырық болып жұмылып алға қойған міндеттер мен жоспарларды жүзеге асыратындығымызға сенімдімін.

– Өзіңіз басшылық етіп отырған ауылдық округтің орналасқан жері, құрамы, халық саны туралы мәлімет бере кетсеңіз?

– Ауылдық округтің жер көлемі 72101 гектар жерге орналасқан, құрамына 3 елдімекен: Сарыжаз, Көмірші, Ақбейіт ауылдары кіреді. Халық саны – 5078 адам. Отбасы саны – 824. 25 тыл ардагері, 490 зейнеткер, 101 мүмкіндігі шектеулі жан, 6 тұлдыр жетім бала, 155 Алтын алқа және Күміс алқалы аналар, 25 аз қамтылған отбасы тұрады. Округ аумағында 2 орта мектеп, 1 бастауыш, 1 кәсіптік-техникалық колледж — барлығы 4 білім мекемесі, 1 дәрігерлік емхана, 1 фельдшерлік амбулаториялық пункт, 1 байланыс бөлімі, 1 мәдениет үйі, 1 кітапхана, 2 мешіт, 32 сауда орны, 1- техника жөндеу орны, 3- шаштараз, 2 той залы, 1 жанармай құю бекеті, 1 орталық монша халыққа сан – салалы қызмет түрлерін көрсетіп, жұмыс істеп жатыр.
Қазақстан Республикасынын «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 Заңын басшылыққа ала отырып, округте жергілікті қоғамдастық жиынының мүшелері сайланған. Осы жергілікті қоғамдастық мүшелері арқылы жергілікті мәні бар аса маңызды мәселелерді шешуге тікелей қатысуға құқықтарыңыз бар. Қазіргі уақытта қоғамдық ұйымдардың белсене жұмыс істейтін уақыты келді, қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс істесек ауылымыздың ажары артып, тәртіп түзеліп үлгілі ауылдар қатарында боларына сенімдімін.

– Халықтың негізгі табыс көзі, маңызды өндірісі ауылшаруашылығы туралы тоқталып өтсеңіз.

– Иә, дұрыс айтып отырсыз. Округтің экономикалық даму бағыты егін және мал шаруашылығы салаларына негізделген. Барлық ауыл шаруашылық жер көлемі 72101 га, егістік жер – 4937 га, шабындық – 1080 га, жайылымдық – 21036 га жерді құрап, 249 шаруа қожалықтары игеріп, жұмыстар жүргізіп келеді.
Есепті мерзім кезінде барлығы 3961 га егістік жер игеріліп, 200 га күздік бидай, 600 га жерге арпа себілді. Сонымен қатар 2636 га жерге көпжылдық шөп егілді. 500 га картоп, 25 га жерге көкөніс себілді. Ауыл шаруашылығы жұмыстарына екі К –700, бір ДТ–75, он алты дана доңғалақты тракторлар, оның ішінде (МТЗ, ЮМЗ, Т- 40, Т – 25) және 2 тұқым сепкіш, 14 ауыл шаруашылық техникасы қолданыста.
«Қабанды» ішкі каналынын жасауға жобалық сметалық құжаттарын дайындауға қаражат бөлініп құжаттары жасалуда.
Ауыл шаруашылығын дамытуда егін егіп, жоғарғы көрсеткіштерге жеткен «Самат» шаруа қожалығының төрағасы – Мүсірбаев Сартаубай, «Әміржан» ш/қ төрағасы –Нұрмұханбетов Бақытжан, «Олжас» ш/қ төрағасы – Сейдалимов Нуртәліп, «Байсерке» ш/қ төрағасы – Жүнісбеков Ержан сынды азаматтарды айрықша атап өткім келеді.
Мал шаруашылығы бойынша жеке аулалар мен шаруа қожалықтарында – 6650 бас ірі қара малы , аналығы 3490 бас, жылқы – 3919 бас, аналығы 1391 бас, қой – ешкі барлығы 29900 бас, аналығы 14244 бас бағылып, өсірілуде. Қазіргі кезде 67 қыстақта малшылар отыр. Барлық малшы отарлары мал азықтарымен толық қамтылған. 19008 тонна мал азығы дайындалды. Жыл бойы мал бастарын дәрігерлік егу және профилактикалық шаралар талапқа сай жүргізіліп келді.
Тұқымды түрлендіру бойынша «Расылбай», «Әміржан», «Байсерке» шаруақожалықтары асылдандыру жұмыстарын жүргізуде. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Расылбай Ғалым есімді азамат 73 млн. теңге несие алып, Ресейден 235 бас аналық ірі қара малын әкелді, 12 млн. теңгеге ауыл шаруашылық техникаларын сатып алып, қарқынды жұмыс жүргізуде.

– «Бірінші – байлық денсаулық» дегендей, ауыл халқы қаралатын, дәрігерлік көмекке жүгінетін медицина мамандары жеткілікті ме?

– Сарыжаз дәрігерлік амбулаториясы 1924 жылы ашылған.1935-1993 жж аралығында Сарыжаз ауылдық ауруханасы болып жұмыс жасаған. 1993 жылы Сарыжаз дәрігерлік амбулаториясы болып қайта құрылды. Халыққа медициналық көмекті Сарыжаз дәрігерлік амбулаториясына қарасты Көмірші МАП, Ақбейіт МП медициналық көмек көрсетеді.Сарыжаз Дәрігерлік Емханасын алғашқы басқарған 1950-1970 жылдар аралығында Долматов Жорабек қызмет атқарған.1975-1980 жыл аралығында Дүйсенов Төкен Дүйсенұлы, 1980-1983 жылы аралығында Алимов Сабиғат Әлімұлы, 1983-2018 жыл аралығында Спатаева Сәулехан Мәженқызы қызмет атқарды.
2019 жылдың қаңтар айынан бастап Абдуллаева Ләйлә Жұмабекқызы меңгерушілік жұмыс жасайды. 2009 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Сарыжаз дәрігерлік амбулоториясына терапевт дәрігер болып орналасқан маман халыққа қызмет атқаруда.
Медицина саласында қызмет атқарып өмірден озған дәрігерлер: Сейдахметова Қорлан, Айдарова Сәуле, стоматолог дәрігері Қойайдаров Мүтай. Көп жылдан бері осы салада қызмет атқарып, зейнеткерлік демалысқа шыққандар: Шыныбекова Базархан, Байбосынова Нұрбәтіш, Тышқанбаева Мәкен, Абуханова Бақыт, Рыскулова Гүлсім, Сәрсенбаева Дәметхан, Кунтубаева Тұрымқан, Егізбаева Беделхан, Бейсенбекова Захан, Жантөреева Қанымхан, Шәдібекова Тұрлыхан, Байжұмаева Нұрипа, Әшімахынова Жібек, Байсеркеева Кеуер, Бейсебаева Мираш, Қасымжанова Шекін, Асанбекова Кеуер, Берікбаева Күләш, Әлімжанова Рыскүл, Суюнбаева Шәден, Ботамолда Рысхан.
Өңір бойынша 5 жоғарғы білімді дәрігер (оның ішінде 3 жалпы тәжірбиелік дәрігер, 1 акушер-гинеколог, 1 стоматолог), 20 орта буын медбикелер халыққа медициналық көмек көрсетеді. Сарыжаз дәрігерлік амбулоториясында 5 ауру қабылдайтын стационар, терапия бөлімі, балалар бөлімі, клиникалық лаборатория, әйелдер бөлмесі, физиокабинет, егу бөлмесі, жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған стоматологиялық, ЭКГ кабинеттері жұмыс істейді. Сарыжаз Дәрігерлік Емханасында жаңа туған балаларға алдын ала үйден бақылау, ересектерге скринингтен өту, вакцинасия, ауруларды алдын алу жұмыстары, салауатты өмір салтын сақтау жұмыстары жүргізіледі.
Дәрігерлік амбулаторияда 6 кісілік күндізгі емдеу жұмыс істейді. Есепте тұрған ауыратын адамдар алдын ала тексеруден өткізіліп, тиісті дәрі-дәрмектерін алып отырады. Ауыл тұрғындарына жыл сайын жылжымалы рентген-флюрография келеді. Ауыл тұрғындарын скрининг бағдарламасы бойынша тексеруден өткізу жұмыстары жүргізіліп отырады. Демографиялық өсім де жыл сайын ұлғаю үстінде. 2017 жылы 58 сәби дүниеге келсе, 2018 жылы 63 сәби дүниеге келді.
– Елбасымыздың «Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет» деген тұжырымын өзіңіз де білесіз. Ауылдық округтің түлектерінің білім сапасы қандай деңгейде?

– Алдымен статистика мәлі-меттеріне тоқтала кетейін. Сарыжаз орта мектебінде 535 оқушы, Көмірші орта мектебінде 132 оқушы, Ақбейіт бастауыш мектебінде 12 оқушы, Сарыжаз кәсіптік техникалық колледжінде 150 студент білім алуда. Сарыжазда – 85, Көміршіде 23, Ақбейітте -5, Кәсіптік техникалық колледжде — 30 ұстаз еңбек етеді. Сарыжаз, Көмірші орта мектептерінің жанындағы мектепке дейінгі шағын орталықта – 80 бала тәрбиеленуде.
Сарыжаз орта мектебіне Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ардагер ұстаз Усенов Жұман Робототехника кабинетін ашып берді. Мектеп ұжымы, оқушылар арасында ашық сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер, танымдық сағаттар, кештер ұйымдастырылады.
Енді білім сапасына тоқталар болсақ, 2018 жылы ҰБТ қорытындысы бойынша Сарыжаз орта мектебінің ортақ баллы – 92,4, Көмірші орта мектебінің ортақ баллы – 103-ке жетіп аудан бойынша жоғары көрсеткішке жетті. Мектеп бітіруші түлектерден 25 түлек мемлекеттік грантпен жоғарғы оқу орнына және колледждерге оқуға түсті. Бұл көрсеткіштер біздің ұстаздарымыздың біліктілігі мен оқушыларымыздың білімге құштарлығының айқын белгісі деп бағалаймын.

– Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы қабылданған мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыс жүргізе алдыңыздар ма?

– Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жұмыспен қамту жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» арқылы 2018 жылы жұмыспен қамту бөліміне жұмыссыз ретінде тіркелген 62 адам шаруа қожалықтарына маусымдық жұмыстарға, 20 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 4 адам, жастар тәжірибесі бойынша 2 адам жұмысқа тартылды.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша 3 азамат оқып Турбеков Досан – 1,7 млн теңге, Тұрсынбайұлы Нұрболат — 4 млн. теңге, Қасымов Ернат — 1,2 млн. теңге мал шаруашылығын дамытуға несие алып жұмыстарын бастады.
Борибаев Ибрайм «Іскер» бағдарламасы бойынша 2 млн 300 мың теңге несие алып, орталық монша салып халыққа қызмет көрсетуде.
Ауылдық әкімшілік тарапынан 2 әлеуметтік қызметкер 10 жалғыз басты қарттар мен 1 мүмкіндігі шектеулі баламен жұмыстар жасап, көмектер көрсетіп отыр.
4 дүкенге келісіммен әлеуметтік бұрыш ұйымдастырылып, 21 отбасыға арзан бағамен азық-түлік сатылады. Ауыл жастарының көмегімен мектеп жасындағы 11 бала киім, мектеп формасымен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді.

аксакалдар кенеси атбеги ауыл активтери Ерлік Маратұлы кокпар мадениет уй директор Медет+ ауыл адамдары мектеп директоры сарыжаз орман Сарыжаз--акимшилик тазалык тазалык-2 шабандоздар
– Қазіргі адамзат қоғамы технократтық және гуманитарлық қақтығыстардың ортасында қалып, «мәдениет мәселесі» деген ұғым пайда болды. Бұл мәселені тек мәдениет үйлерін ашып қойып, техниканың, компьютердің көмегімен ән айтып, өзгеге еліктеп би билеумен шеше алмасымыз анық. Ұлттық даралықты сақтап отырған талбесік – ауыл екеніне тағы таласымыз жоқ. Ауылдағы мәдени-рухани іс-шаралар туралы тоқталып өтсеңіз?

– Ауылымызда мәдениет үйі жұмыс істейді. Мәдениет үйінде «Әжелер ансамблі» жұмыс істейді. Мемлекетіміздің арнайы белгіленген мерекелі даталы күндерін атап өту үшін, мерекелік шараларды өткізудің жұмыс жоспары жасалып, халықтың жақсы демалып, мереке күндерін атап өтуіне, мерекелік шаралар, концерттер ұйымдастырылып, түрлі спорттық шаралар өткізілді.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жерге туыңды тік» жобасымен мектепті 1997 жылы бітірген түлектер ашық сахна салып берді. Мерекелік шараларды өткізу кезінде ауыл азаматтары мен кәсіпкерлері үнемі қаржылай көмектер көрсетіп отырады. Ауылымыздың азаматы Нұрқабеков Бағдат өз қаражатына арка орнатып халықтың алғысын алды. Округте мектеп қабырғасында білім алған азаматтарымыз 5,10,20,40 жылдық кездесулерін ұйымдастыру кезінде түрлі спорттық шаралар ұйымдастырып, жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен марапаттап, аз қамтылған отасыларына ақшалай және азық түлікпен қамтамасыз етуді дәстүрге айналдырды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында өткізілген аудандық «Ауыл алтын бесігім» атты І спартакиададан Сарыжаз ауылдық округ командасы І орын иеленді.
Сарыжаз ауылдық округі аумағында 1 мешіт халыққа қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта Сарыжаз ауылындағы мешітте имам қызметін Біләл Мейірлан атқарады.
Ауыл жастарының, мектеп оқушыларының түрлі діни ағымдарға еніп кетуінің алдын алу үшін мектептерде дін өкілдерімен кездесулер, семинарлар өткізіліп тұрады. Кездесу барысында дін, діни ұстаным, дін түрлері жайында толық мағлұматтар, сұрақтарға жауап беріледі.
– Мәдениет үйінде «Әжелер ансамблі» жұмыс жасайды дедіңіз. Осы туралы тереңірек білгіміз келіп отыр. Өйткені сіздің бұрын Алматы қаласы Алатау ауданы ақсақалдар кеңесінің жанынан құрылған көркемөнерпаздар ансамбліне қолдау білдіргеніңізді, мәдени-іс-шаралардың бел ортасында жүріп, халыққа етене жақын болғаныңызды білеміз. Өнерпаз ата-әжелеріміздің Алматыдан Сарыжазға бірі қалмай келуі – сізге деген, сіздің – өнерге, қарттарға деген шексіз құрметтеріңіздің белгісі екенін байқап отырмыз.

– Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет деген тәрбиемен өскен қазақтың баласымыз. Бұндай тәрбие алған адам әрқашан қарттарын қазына санап, қарт жүрген жер – береке деп таниды. Әке-шешеміз сіңірген тәлім-тәрбие бізден өтіп, бала, немерелерімізге жалғасты болса дейміз. Қарттарға құрмет көрсету, олардың жүріп өткен өмір жолынан өнеге алу ұрпақтың парызы. Осындай ізгі мақсатпен Алматы қаласы Алатау ауданында қызмет етіп жүрген кезімде аталар мен әжелерден құралған ансамбль құруға атсалыстым. Кейін ол кісілердің еңбекқорлығы мен табандылығы, ұйымшылдығы арқасында ансамбль көптеген ауданаралық, облыстық жарыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болды. Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде өткен мәдени іс-шараларға қатысып, ықыласқа бөленді. Ансамбль өз өнерлерін жанды дауыста көрсететіндігімен ерекшеленді. Бара-бара репертуарларын кеңейтті. Тіпті «Біржан-Сара» операсынан үзінді орындап, көпшілікті таң қалдырып келеді.
Кейінгі ұрпақ шетелдің даңғаза әуені мен елірген биіне, ғаламторға жұтылмауы үшін қарттарымыз осылайша өз үлестерін қосып жатыр деп ойлаймын. Ол кісілердің сағаттап дайындалып, сахнаға шығып, өздерін ұстауы, ұлттық өнерді, киімді дәріптеуі, тіліміздегі ең шұрайлы сөздермен сөйлеуі – өнегенің үздік үлгісі деп білемін.
Осы игілікті іс жалғасын тапсын деген мақсатпен Сарыжаз ауылында бастаған қызметімнің алғашқы жобаларының бірі етіп, Райымбек ауданы бойынша тұңғыш «Әжелер ансамблін» құрдым. «Әжелеріміз» аз уақытта аудан халқының шынайы сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді. Олардың қатарына аталарымыз да қосылып ақыл-парасаттарымен қоса өнерлерін де ұрпақтарына көрсетсе деген ниеттеміз. Алатау ауданының өнерпаздарын әдейі шақыртуымыз – ауыл халқы концерт көріп демалып қалсын, екіншіден – ауылымыздан құрылып жатқан ансамбльге үлгі болып, жол көрсетсін деген себептен туған ой еді. «Тұрғындар түгел хабарлансын» деген мақсатта әкімдіктің алдына Алатау ауданының өнерпаздарының үлкен баннерін бірнеше күн бұрын іліп қойдым. Өздеріңіз куә болғандай зал лық толып, халық ерекше риза болып тарқады.

– Көп ұзамай Сарыжаз ауылының ата-әжелері де аудандарды, облыстарды аралап, өз өнерлерін көрсетіп, ақыл-ойдың кені, пайым-парасаттың үлгісі болып, аман-сау жүре берсін! Сонымен қатар ауылдарыңызды ұлттық спорт түрлерін дәріптеу дәстүрі қалыптасқан екен. Сол жайында білгіміз келіп отыр.

– Біздің ауылымыздың әр жылғы түлектері жыл сайын өздерінің мектеп бітірулерінің түрлі мерейтойларын атап өту салты қалыптасқан. Осындай естелікке толы қызықты мереке барысында олар ауылға түрлі сый-сияпат жасап, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек қолдарын созады. Ал бұдан бөлек ұлттық ат спортының ішіндегі ерекше мықты рух қалыптастыратын көкпар ойынын өткізуді дәстүрге айналдырды. Көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалып алынады. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім Көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста екі топ сынға түседі. Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Соңғы уақытта еліміз бойынша ұлттық спортқа ерекше көңіл бөлініп келеді. Төл ойынымызды ұлықтауға біздің ауыл да осылай өз үлесін қосып жатыр.

– Ауылдық округтің әкімі ретінде алға қойып отырған барлық міндеттеріңіз бен жоспарларыңыз сәтімен орындалсын.
Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан –
Жанна ИМАНҚҰЛ
«Жалын» журналының қызметкері,
«Ақпарат саласының үздігі»

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *