ӨМІРІМ ЖАЙЛЫ ӨМІРІМ ЖАЙЛЫ

ӨМІРІМ ЖАЙЛЫ

06.06.2019 0 2 277

Дандай Ысқақұлы С. Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор     Мен, Дандай Ысқақұлы 1946 жылы мамыр айының 27-ші жұлдызында Түркістан... ӨМІРІМ ЖАЙЛЫ

Дандай Ысқақұлы

С. Демирел атындағы университет
ректорының кеңесшісі,
филология ғылымдарының докторы,
профессор

 

 

Мен, Дандай Ысқақұлы 1946 жылы мамыр айының 27-ші жұлдызында Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) облысы Отырар ауданының Қоғам аулында дүниеге келіппін. Отырар кезінде ислам мәдениетінің ірі орталығы болған, үлкендігі жағынан әлемдегі екінші орындағы (Александриядан кейінгі) кітапхана орналасқан, Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанған ұлы ғұлама Әл-Фараби туылған тарихи өңір ретінде белгілі. Қоғам — Арыс өзенінің Сырға құя берісіндегі ежелгі Отырар қаласындағы Арыстанбап кесенесіне жақын жерде отызыншы жылдары ұжымшар болып ұйысқан, 1957 жылы кеңшар болып, қайта құрылған таза қазақы ауыл.
Анамның айтуынша, наурыз көже пісіріп жатқан кез болса керек. Атымды Дандай деп, әкемнің өзі қойыпты. Оның мәні біз тұрған ауылда Қоңыраттың бір атасы Дандай маңғытайлардың ұрпақтары тұратын. Маған дейінгі балалары тұрмаған әкем менің атымды Дандай атаның ұрпақтары секілді өсіп-өнсін деп, ырымдап қойған екен.
Осы жерде тағы да мынадай бір қызық жағдайды айта кетпесем болмас: сол біздің ауылдағы Дандай маңғытайдың келіндерінен бастап, кемпірлеріне дейін бірде біреуі менің атымды атамыздың аты деп, атамаушы еді. Ауылдың сол кемпірлері есіме түскенде, басынан бақайшығына дейін ұлттың болмысынан жаралып, дәстүрімен өмір сүріп, соны ұрпақтарына жалғастырған «қайран қазақтың аналары-ай» деген бір тіркес ойыма орала береді.
Тілеп жүріп көрген перзент болған соң болу керек, маған көз тимесін деп, төбеме тұлым өсіріп, құлағыма сырға тағыпты. Мектепке барғанымда, құлағымда сырға жоқ еді, бірақ басымда желбіреген шашым бар-тұғын. Осы шаш үшін менің көрмеген қорлығым жоқ; сынып оқытушысынан бастап, мектеп директорына дейін қаншама рет «алдырып таста» деп, ұрсып, талай рет жиналыстарға салды; кейбір пысықай балалар сәл себеп болса болды «қызтеке» деп, мазақтайтын. Талай рет үйге жылап келетінмін. Бірақ әкем «былқ етпей», айтқанынан қайтпады. Мектепке талай рет барып, басшылармен сөйлесіп, олармен не келісетінін білмеймін, әйтеуір, маған «бәрі дұрыс» дегендей ыңғайда тыныш жүре бер дейтін. Сонымен не керек, сол шашты бесінші сыныпта, яғни он үшке, қазақтың жыл санауы бойынша, бір мүшелге толғанымда барып, мал сойып, бір қазан палау бастырып, ауылды түгел шақырып, құран оқытып барып, алдырды ғой, әйтеуір.
Өте ырымшыл әкемнің балаларына ат қоюы да қызық еді. Менен кейін туылған қызға Серік деп, ат қойды. Серік ұлдың аты ғой, қыздың атын қойсайшы дегендерге «маған баламның артынан серік болып еріп жүрсе болды» деп, ешкімді тыңдамапты. Сол қарындасым балалық шағында Серік болып жүрді де есейген соң барып, оған «қызды» қосып, Серікқыз атанды. Одан кейінгі қызға Ділла, Ділда деген ат берді. Ол кейін Ділдагүл болды. Ініме бұрындары өткен бір жақсы Ақмолда деген кісінің есімін берді. Ал одан кейін өмірге келген ұлды Ақмолдаш дей салды. «Ақмолда» да «Ақмолдаш» та бір ат қой десек те тыңдамады. Кейін әйтеуір, жабылып жүріп, Ақмолдашты Молдашқа өзгерттік. Ең кішіміздің атын Кенжегүл қойды.
Әкемнің әкесі атам Төребек ауқатты адам болғандықтан да жиырмасыншы жылдардың соңындағы байларды тәргілеуге ұшырап, одан қалған малдарынан отызыншы жылдардың басындағы аштықта айрылып, күн көру қамымен атамекені Қаратаудың теріскейіндегі Жартытөбе жерінен Сыр бойына көшіп келген екен. Соңғы деректер бойынша, арғы аталарымыз кезінде Шыңғысханның қасында жүрген белгілі адамдар болыпты. Оның басты себебі Шыңғысханның нағашы, қайын жұрты қоңырат болғандығынан болса керек. Қытай жазбаларында кездесетін Сенгле (Саңғыл) би Шыңғысханның бәйбішесі Бөртенің жақын інілерінің бірі екен. Кейін Темучинді Шыңғыстауда хан көтергенде, ұлы жүздің биі Майқы мен орта жүздің биі Сенгле (Саңғыл) билер екі жағынан қолтықтап, таққа отырғызыпты деген де сөз бар.
Майқы би қартайған соң, Шыңғысханға «жасым келді, енді қалған өмірімді тыныш өткізейін» деп, рұқсат сұрапты дейді. Хан рұхсатын беріп, тұруға «қай жерді қалайсың?» дегенде, би Жетісуды қалапты. Содан бері Жетісу ұлы жүздің жері саналып келеді.
Жаугершілік заманда ылғи да ханның қасында жүрген Сенгле (Саңғыл) би де қартая бастағанда, енді демалуға рұхсат сұрап, Шыңғысханның алдына келіпті. Оған да қай жерде тұрғың келеді дегенде, ол Түркістанды сұрапты дейді. Түркістан содан бері орта жүздің орталығы болып келеді дейді бізге жеткен аңыздарда.
Кейін қазақ хандығы құрылғанда, қазақ хандарын қазақ елінің, күллі түркі әлемінің орталығына айналған қасиетті Түркістанға жерлеу дәстүрге айналды. Ал кезінде елін киелі Түркістанға бастап келген Саңғыл (Сенгле) бидің жатқан жері белгісіз. Оның ұрпақтары Қаратаудың теріскейіндегі Қозмалдақ-Сызған жерінде Саңғыл бидің атындағы үлкен мешіт тұрғызды. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпіріне тарап кеткен Саңғыл бидің ұрпақтары жиылып, бабаларына арнап, ас береді; осы өңірдің, елдің игі жақсылары бас қосып, бүгінгі өміріміздің маңызды мәселелері жөнінде алқалы кеңес өтеді.
Әкем Төребекұлы Ысқақ ағайынды үш ұл, үш қыздың ең үлкені болыпты. Әкемнің Өтеген, Рахметолла атты інілерін мен көрмедім. Анамның айтуынша, екеуі де қарулы, ескіше хат танитын, жарамды жігіттер болған. Отызыншы жылдардың басында ұжымшарға ұйысу кезінде ұжымшардың орталығын салу үшін оның әрбір мүшесіне күніне 1000 кесектен құюды міндеттеген. Сонда ағайынды үш жігіт күніне 3000-нан құйып тұрыпты. Кейде норманы күндіз үлгере алмай, қалғанын түнде айдың жарығымен орындапты.
Жоспарды орындай алмаса, ұжымшардан шығарып тастайды екен. Бұл дегеніңіз — күн сайын ұжымшар мүшелеріне еңбекақы ретінде беріліп тұратын ас-ауқаттан айрылу. Сондықтан да аш қалмау үшін өледі-тіріледі, тиісті кесек санын орындамай жатпайды. Әкемнің екі інісі қазіргі Қоғам аулының іргетасын қалаған үйлерді салу барысында ауыр еңбектен зорығып, өкпе ауруына шалдығып, бұл өмірмен жастай қоштасыпты.
Ал қарындастары — Күлсін, Бейсенай, Ұлтайлар өсіп-өніп, ұзақ жасап, бертінде қайтыс болды. Бейсенай апам 100-ден асып, өмір сүрді. Жиендер Отырарда, Түркістанда, Алматыда қызмет жасап, ұл-қыз өсіріп, тіршіліктерін жасап жатыр.
Әкем 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, елге мүгедек болып оралып, қара жұмысқа жарамай, ұзақ жылдар ұжымшардың егістігіне қарауыл болып жұмыс жасады. Әкеміз соғыстан қайтып келе жатып, Сарытау (Саратов) қаласынан кейінгі бір стансада пойыздан тісіп, нан-пан алып жатқан кезде бір жас балдар келіп, қолында ұстап тұрған ақшасын ішіндегі бар құжатымен түйіншегін қоса жұлып алып, қашып, жеткізбей кетеді. Содан бір жағынан, елге аман-есен оралғанына шүкіршілік етіп, екінші жағынан, күйбең тіршіліктен қолы босамай, оның үстіне жазу-сызу білмейтіндіктен де құжаттарына іздеу сала алмауы салдарынан өмір бойы мүгедектігі жайлы жәрдемақы алмай өтті.
Бес уақыт намазын қаза қылмайтын әкеміз мінезі шапшаң, намысқой, өжет кісі еді. Бір қызығы сыртта ешкімге көкірегін бермейтін, басын имейтін, топ ішінде ешкімге сөз бермей, бір өзі сөйлеп отыратын көкем үйде көп сөйлемейтін, бір-ақ айтатын өте қатал болды. Анамыз да, біз де бір ауыз қарсы сөз айтпайтынбыз. Біз әкенің қасы-қабағына қарап, әкенің айтқаны, әке сөзі заң болып, өстік. Әкеміз отырғанда, сөйлемейтінбіз. Әкеміз келе жатқаннан үйде тыныштық орнайтын. Дастархан басында әкеміз бастамайынша, дәмге қол созбайтынбыз. Анамыздың бірде «тамақ ішіп отырғанда, қолдарыңды сумаңдата бермей, тыныш отырыңдар; алдымен тамақты әкелерің бастайды, содан кейін ішіңдер; сендер әкелеріңнің жасына жеткенше, әлі талай-талай мұнан да жақсы тамақ ішетін боласыңдар» дегені есімде қалып қойыпты. Қанша «тәртіп сақтап», тыныш отырғанымызбен де әкеміз дастарқанға қойылған азын-аулақ «жылы-жұмсақты» балаларына бөліп беріп, таратып отыратын еді. Көкемнің тағы бір қасиеті: бізді дастархан басында ұзақ отыртпайтын; «тамақтарыңды ішіп болсаңдар, керіліп-созылмай, жұмыстарыңды істеңдер» деп, отыратын.
Әкеміз бізді жастайымыздан еңбекке тәрбиеледі. Қозы-лақ бағудан басталған «еңбек жолымыз» кейіннен ауылдың малын кезектесіп бағуға, ауыл сыртынадағы егіндіктің арасына егілетін қауын-қарбыз, жүгеріні егіп, шабығын шауып, суғарып дегендей, бірінің соңынан бірі келіп отыратын бітпейтіндей көрінетін баптау жұмыстарына ұласатын. Бұл жұмыстарды аз десеңіз, күннің ыстығы 40 дәрежеге дейін көтерілетін оңтүстіктің аптап ыстығында ауылдан 5-6 шақырым жердегі бидайын орып алған аңыздың масағын теруге барушы едік. Бидайын жинап алғанына қарамастан, әр жерде бір масағы қалған аңыз қорылатын. Біз ауылдың балалары қарауылдың қолына түсіп қалмау үшін адам түгіл қыбырлағанның бәрі көлеңкеге кіріп, паналайтын, демалатын, күн барынша қайнайтын шаңқай түсте кейбіріміздің аяғымызда сүйретпеміз де жоқ, әрқайсымыз бір-бір есекке мініп алып, ауылдан 5-6 шақырымдай жердегі Арыс өзенінің Сырға құяр тұсындағы егіндік аңызына бет алатынбыз. Әр жерде қалған бір масақты жүгіре жүріп теруші едік. Түс қайта, аптаптың беті ептеп қайта бастаған кезде томпая бастаған дорба-қапшықтарымызды алдымызға өңгеріп алып, жаудың бетін қайтарып, үлкен бір істі бітіргендей мәз болып, ауылға қайтатынбыз…
Ауылдың балалары бірге ойнаған «дос» болғанымызбен де кейде келісе алмай, шекісіп қалатын кездеріміз де болмай қалмайтын. Сондай бір «есеп айырысудың» барысында жазықсыздан таяқ жеп қалғанымды айтып, жылап келгенімде, әкем маған жақтаспақ түгілі, менің жылап келгеніме намыстанып, «таяқ жегенше, қолында өліп қалмайсың ба, әлің жетпесе, тыныш жүр» деп, өзіме ұрсып, қамшымен тартып-тартып жіберді. Содан кейін әкеме «арыз» сияқты сөздерді айтпайтын болдым.
«Қамшы» демекші, ылғи да атқа мініп жүретіндіктен де болса керек, әкемнің қолынан қамшысы түспейтін. Тіпті, тамақ ішіп отырғанда да қамшысы қасында жататын. Қамшы жатқан жерде қамшының тәртібі орнайтын. Біздің үйде көбіне әкем емес, қамшы «сөйлейтін». Алғаш рет балалық қызығушылықпен алма ұрлап көргенімізде, «мықты кісілерге» еліктеп, темекі тартқанымызда, қауын ұрлағанымызда, сол қамшы «сөйлеп», тәртіпке шақырған. Ұзын сөздің қысқасы, ауылдың балалары қызығушылықтың, еліктеушіліктің әсерімен көп ойлана бермей баратын осындай «дәстүр» боп кеткен жаман, теріс қылықтардан бізді сақтап, тура жолға салған әкемнің осы бір қазақы қамшысы болды десем артық айтқандық емес. Күні бүгін маған осы бір қазақтың қарапайым шалдарының қолында жүрген қамшы нағыз қазақы тәрбиенің, ұлттық дәстүрдің қорғаушысындай, жоқтаушысындай, символындай, ол ілулі тұрған жерде ұлттың рухы да аңқып тұратындай көрінеді де тұрады.
Әкем менің есім кіргелі ауылдың сыртындағы мақталықтың, кейін жүгеріліктің қарауылы болды. Мен де қашан атқа мініп, әкем сияқты жүрер екенбіз деп, қызығатынбыз. Көкем бір күні жұмысынан ертелеу келді. Әдеттегідей, қарсы алып, «атқа бір мініп көрер ме еді» деп, іштей ынтығып тұрғанда, атынан түсіп жатып, мені қасына шақырды да бірден көтеріп, ерге мінгізе салды. Мұны күтпеген мен ердің басынан ұстап, қатып қалыппын. Анадай жерде күбі пісіп жатқан анам «құлап қаласың, мықтап ұста» деп, шыр-пыр етеді. Мен де аттан құлап қалмайын деп, іштей қорқып тұрмын. Оған қарайтын көкем жоқ.
Бәрі керісінше болды. Көкем мені аттан түсірмек түгілі, тізгінінен ұстап тұрған атын босатып жібере салды. Жуас ат орнынан қозғалмай тұра беріп еді; «чу-чулеген» әкем аттың сауырынан қамшымен тартып-тартып жіберді. Мұндайды күтпеген ат тұрған орнынан бірден ытқып кетті. Мұны күтпеген мен құлап қала жаздап барып, ердің басына жабысып қалыппын. Бірден ытқып кеткен ат сәлден соң, жүрісін баяулата түсті. Ердің басынан ұстап, жабысып қалған маған «бір қолыңмен тізгінді ұста» деп, айқайлады. Бір қолымды ердің басынан босатсам, құлап қалатындай көрінген мен айтқанды орындай қоймап едім, ашуланған әкем «жүгенді ұста» деп, қатты ұрсып айқайлап жібергенде, сол қолыммен аттың тізгінін қалай ұстағанымды өзім де білмей қалдым. Жүгенге үйренген жуас ат менің тізгінді тартқаныма қарай жүре берді… Бұл менің алғаш рет атқа мініп, тізгінін өзім ұстауым еді.
Ауыл малының өріске шығар, өрістен қайтар кезіндегі қарауылдың жұмысы қауырт болатын. Жаздыгүні оңтүстікте күн ұзақ, әрі аптап ыстық. Жұмысының ыңғайына қарай, ерте тұрып, кеш жататын көкем шаңқай түс кезінде көз шырымын алып, бір мезгіл демалатын. Күн ыстық болғанымен, ауылдың қозы-лағы жатпайтын. Міне, осы кезде көкемнің атына мініп, қарауылдыққа үйдің үлкені мен шығатын едім. Егінге түскен малды қуамын деп, талай рет аттан құлап, талай рет жарақаттанып, бет-аузым жара-жара болып жүретін едім.
Әкем атқа құмар кісі еді. Сексен жасына дейін өзінің қарагер атымен оңтүстікте көктем-күз маусымдарында жиі өтетін той-томалақтарда міндетті түрде берілетін көкпарлардан қалмайтын. Көкпар шабамын деп, талай рет аттан құлап, өліп қала жаздаған кездері де болды. Ол 80 жасында да көкпарға барып, көкпар шауып жүрді. Осылайша, атқа мініп, көкпар шауып жүрген әкем бір жылдай науқастанып, 1981 жылы жаман аурудан 81 жасында қайтыс болды.
Анам Рсалды Шерімбетқызыңың өсіп өнген әулеті де кеңес өкіметінің зобалаңына көп ұшырапты. Теріскейдің Үштөбесін малы ен жайлаған Шерімбет те бір жағынан, тар заманның қыспағы, екінші жағынан, табиғаттың күтпеген дүлей мінезінен мал-мүлкінен жұрдай болып, Сыр бойына қарай ойысыпты.
Анамның сол бір ауыр күндер туралы айтқан мына бір әңгімесі есімде қалыпты: «Қай жылы екені есімде жоқ, жұрт «ақ боран» атаған жылы қыс қатты болды да көктем кешігіңкіреп шықты… Мамыр айындағы теріскей өңірінің көктемі керемет қой. Қаратаудың сілемденген құба жондары, таудан арқаға қарай созыла түскен сайын дала көк майсаға оранып, қызғалдақтармен көмкеріліп, қарасаң көзің тоймайтын бір тамаша кез еді. Қыстан қысылып шыққан мал көкке тойынып, ауылдың балдары жуа қазып, қызғалдақ терген, ертеден кешке дейін ойынға бір қанбай, қызығына тоймай, үй бетін көрмей жүрген бір қызық уақыт-тұғын. Жалаң аяқ, жалаң бас шапқылап жүрген осындай бір күні табан астынан ауа райы бұзылды; алдымен, аспанды қара бұлт тұмшалап алды да жауындатып, дауылдатып, құйып-құйып жіберді. Жауынның арты қарға ұласып, онан соң қатты боран соқты. Малды суықтан паналатуға жер жоқ болғандықтан, түйелерді айналдыра шөктіріп, қора жасап, бар малды соның ішіне қамадық; жаңа туған төлдерді енесімен бірге киіз үйдің ішіне кіргіздік. Сол қарлы боран үш күн, үш түн соқты. Біз сол үш күн, үш түнді киіз үйдің ішінде қозы-лақ, бұзаулармен бірге қой-ешкі, сиырлардың арасында өткіздік.
Үш күн бір тынбастан ұрып соққан боран бірден басылып, жарқырап күннің көзі шықты. Көктемнің ыстық жылуы қойсын ба, жер-көкті басып қалған қар бірден еріп, сай-саланың бәрін топан су қаптап кетті. Қар басып қалған біздің «түйе қораның» ішіндегі малдың аман қалғаны жоқ болып шықты; бәрінің өкпесіне суық өтіп кетіпті; ал «қора» болған түйелер тірі болғанымен де орындарынан тұра алмай, жатқан жерлерінде өлді. Осы қырғыннан киіз үйдің ішіне кіргізген жаңа туған малдар мен олардың төлдері ғана аман қалды.
Күннің бірден жылып кетуінің әбігері аз болмады. Қырылып жатқан малға қарамақ түгілі, енді қаптаған топан судан адамдарды, үйлерді, аман қалған бірлі-жарым малдарды сақтап қалудың өзі оңайға түспеді.
Әлі есімде, бір кезде аттан салған, «құтқар» деген дауыс қаптап кетті. Өз қарақан басының қамымен әбігер болып жатқан жұрт жүгірген жаққа біз де жетіп барсақ, о тоба, өз көзімізге өзіміз сенбедік: сарқырап аққан топан сумен бірге бесік ағып барады; бесіктің ішінде бір бала жылап бара жатыр… Адамдар бесіктегіні құтқарып қаламыз деп, жапа-тармағай солай қарай ұмтылды; бірақ топан су ағынының күштілігі соншалық, бір де бір адам жете алмады; тіпті атпен қуды, олар да жете алмады…
Су бетінде толқын ұрып, ағып бара жатқан бесік, оның ішінде шыңғырып жылап бара жатқан баланың даусы көпке дейін түсіме кіріп, шошып оянып жүрдім. Сол бір көрініс көкірегімде сурет болып, мәңгілікке қалып қойды». Анам айтқан осы бір әңгіме менің де есімде сақталып қалыпты.
Анамызды әкемізге он үш жасында ата-аналары құда түсіп, қосыпты. Ауқатты әке-шешесінің алдында ер бала сияқты ерке өскен жалғыз қызы бір үйдің тұңғышына тұрмысқа шыққан соң, бірден есейіп кеттік; өсіп-өнген шаңырақтың үй шаруашылығы, ас-ауқатының өзінен-ақ ертеден кешке дейін бір тынбайтынбыз дейтін. Ал қызын құтты ұясына қондырған әке-шешесі жоқшылықтың, тіршіліктің қамымен Тәшкен жаққа кетіп, он шақты жылдан соң, елге оралады.
Осы оқиғаға байланысты анам айтқан тағы бір оқиға ойға оралады. Теріскейдегі жұттан бар малынан айрылған Шерімбет аман қалған жеті түйесіне тек қана алтын-күмістен жасалынған бағалы заттарын артып, Сыр бойына келген ғой. Жаңа қонысқа келгенде де алтын-күмістің ешбір құны болмаған; қанша алтын берсең де тамаққа талғажу боларлық ештеңе сатып ала алмаған екен. «Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екендігіне» сонда көзіміз жетті дейтін.
Тәшкен жаққа қоныс аударар алдында нағашы атамыз сол алтын-күмістерді «кейін келіп аламыз» деп, ауылдың сыртындағы тоғайдың шетіндегі қалың тоғай болып өскен топ талдың жанындағы сайды белгілеп, айдың жарығымен түн ішінде көмген. Он жылдан кейін келіп, тығып кеткен қазынасын іздесе, таба алмайды; сөйтсе, баяғы ауыл да, ел де жоқ; тоғай да, сай да жоқ; ел ауып кеткен; қалың тоғайдың ағаштары кесіліп, одан қалғандары құрғақшылықтан қурап, айнала тап-тақырға айналыпты.
Әкеміздің мінезі кейде шарт-пұрт болып қалатын болса, анамыз өте салмақты кісі еді. Көкем кейде болмашы нәрсеге күйіп-пісіп, ұрсып жатқанда, анам бір ауыз сөз қарсылық білдірмейтін; ашуы басылған соң барып, не болғанын түсіндіретін. Жалпы біз әке-шешеміздің бір нәрсені түсінісе алмай, сөзге келіп жатқанын естіген де, көрген де емеспіз. Біздер үшін әкеміздің айтқаны заң болатын. Десек те үй-ішінің бар мәселесін анамыздың өзі шешіп, өзі атқаратын. Әкеміз балаларына қатал қарап, қатал тәртіпке үйретсе, анамыз еш уақытта дауыс көтеріп ұрсып көрген емес; барлық уақытта да жүзі нұрланып, мейірімін шашып, қамқор болып жүретін. Көкем өзінің қаталдығымен өмірдің алда кездесетін не бір қиындықтарынан қайыспай өтуге тәрбиелесе, анамыз аналық мейірімін бойымызға сіңіріп, мейірімді болып өсуге баулыды.
Анамыз 12 құрсақ көтеріпті. Ол кезде жаңадан құрылған ұжымшарларда баланы бағатын балабақша, қарайтын дәрігер дегендер ойға түгілі, түске де кірмейді екен. Кейде бір үзім нанға зар болатын халықтың жоқшылықтағы тұрмысы, таңның атысы күннің батысына дейінгі бір тыным таптырмайтын мақтаның шабығы, терімі деген сияқты бітпейтін ауыр еңбек жас баланы дұрыстап бағуға мүмкіндік бере бермейді. Жас босанған әйелдер емшектегі балаларын 3-4, кейде 4-5 шақырым жердегі мақталыққа арқалап барып, баласын емізіп болған соң, не қасына қамзолына орап, ұйықтатып тастайтын, не еңбектегі баланың беліне жіп байлап, қағылған қазыққа байлап қоятын болған. Анасының бір көзі баласында, оған қарап қойып шабығын шаба беретін. Баласын қасына жатқызып, не ойнатып қойып, шабық шауып жүрген аналар қайтарында тамақ пісіруге деп, бір-бір арқа жалпылдақ отын дайындап, үстіне балаларын ыңғайлап отырғызған отын арқалап, балаларымен қосыла өлең айтып, у-шу болып, қас қарая ауылға келеді екен.
Болашақ ұрпақтары үшін адам сенбестей осындай еңбек еткен, ерліктер жасаған аналарымыздың алдында біз — мәңгілік қарыздармыз. Бұл жағдайларды мен менің анам осындай болған деп, мақтану үшін емес, ұрпақтары біз үшін, біздің болашағымыз үшін аналарымыздың сол бір қиын-қыстау қиын кездерде қайыспай, басына түскен ауыртпалықтарды көтере білгендігін кейінгі ұрпақ біле жүрсе, олардың өмірдегі ерліктері кейінгілерге үлгі, сабақ, мақтаныш болса екен деген игі ниетпен айтып отырмын.
Балалық шағымыз соғыстан кейінгі қиын жылдарда өткен біздің өстіп аман-есен, деніміздің сау болып жүріп жатқанымыз сол бір кемпір мен шалдың бейбіт күндегі ерен еңбегінің арқасы ғой деп ойлаймын. Бойымызда қандай да бір қасиет болса, сол ақ жаулықты анамыздың ақ сүтімен келген, солардың сөзімен де, ісімен де көрсеткен өнегесінің арқасы деп, білемін. Біз сол ата-анамыздың бізге деген аяулы алақанының арқасында ғана жетіліп, өмірдегі өзімізге лайықты орынды алдық. Осы күндері мен біздің амандығымыз үшін қолынан бар келгенін, тіпті кей жағдайларда қолынан келмейтіндерін де келтірген ата-аналарымыздың үмітін ақтай алып жүрміз бе, тіпті солар істеген істерді істей аламыз ба деген сауалдар төңірегінде көбірек ойланатын болып жүрмін. Ойланған сайын олардың адами болмысы биіктей түсуде…
Мен үшін мына жалғанда өзімнің әкемнен, анамнан мықты Адам жоқ сияқты. Мен әкеме еліктеп, анамның ғибратты сөздерін құлағыма құйып өстім. Адамдықты да, адалдықты да, имандылықты да бойымызға сіңірген, жалпы, адам боп таза өмір сүрудің тура жолына түсірген де — мыжырайған сол бір қара шал мен қара кемпір, яғни менің Әкем мен Анам. Өмірдің түрлі қиындықтары кездескенде, осындай кездерде әкем не істер еді, анам не дер еді деп, ойша сырласамын; сол кезде бәрі де орын орнына келе беретіндей…

***

Біздің ауыл ежелгі Отырар қаласының аумағындағы қару-жарақ жасайтын ұстаханасы орналасқан, қазір орны төбе болып қалғандықтан Пышақшы аталған төбенің маңында еді. Есіміз кіре бастағанда, алғаш көргенімізден есте қалғандары осы Пышақшы төбе, құшханасы болған Құйрық төбе, зергерлік бұйым ұстаханалары орналасқан Алтын төбелер болды.
Жаздың күні ауылдың жас балдары біздің ауылға жақын Пышақшы төбенің маңына қозы-лақтарымызды жаятын едік. Әр бала үйінен қарны ашқанда, ішіп-жейтін нан-пан дегендей, бірдеңе-шірдеңелерін түйіп ала шығатын. Күн түске таяу қозы-лақтарымыз тойынған соң, оларды көлеңкеге иіріп жатқызып, өзіміз биік өскен жантақтардың көлеңкесінде ойынға кірісетінбіз. Сол жердегі жантақтың биік өсетіндігі сондай, 4-6 жасар баланың бойындай биік өскендіктен көлеңкесінде еркін ойнайтынбыз. Кейін талай жерді аралап жүріп те ондай биік өскен жантақты кездестіре қоймадым. Арамызда бізден сәл үлкендеу қыздар-балалар бар, солар бәріміз «үйшік» ойнап, той жасап, әкелгендерімізді ортаға салып, ішіп-жеп, ойнымыз қанып, кешке ауылға әбден тойған қозы-лақтарымызды айдап, мәз болып қайтушы едік.
Әкем бірінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысып, 1945-жылдың мамырында елге оралыпты. 1941-жылы әскерге кеткенде, бір үйдегі бір қазаннан әке-шешесі бар, барлығы 12 жан ас ішіпті. Бес жылдан соң, соғыс бітіп, елге оралғанда, сол 12-ден екі-ақ адам — менің анам мен әкемнің ең кіші кенже қарындасы Ұлтай апа ғана қалыпты. Сонда соғыс кезіндегі ауыртпалықтардан 5 жылда бір шаңырақтан 10 адам түрлі жағдайлармен о дүниелік болып кеткен ғой. Марқұм анам «сол кезде бойжетіп отырған Ұлтай апамыз сөз айтып келген, алып қашпақшы болған талай жігітті қайтарып, «кәрі қыз» атанып еді; сондағы бар ойы — қара шаңырақты құлатпау, әскерге кеткен ағасын күтіп, шаңырағын иесіне тапсыру болатын. Сөйтіп, Ұлтай апаң екеуміз осы шаңырақты сақтап қалып едік» дейтін. Ұлтай апамыз ағасы әскерден келген соң барып, тұрмысқа шығып, ұл өсіріп, қыз өсіріп, шөбере сүйіп дегендей, өсіп-өніп, ұзақ өмір сүріп, бертінде ғана қайтыс болды. Ұл-қыздары бұл күндері Алматыда, Отырарда тұрып жатыр.
Әкеміз соғыстан оң иығы жарақаттанып қайтыпты. Құжаттарын әскерден келе жатып, жолда ұрлатып алғандықтан да мүгедектігі жайлы жәрдемақы алмай өтті. Қара жұмысқа жарамай, ауылдың егістігіне қарайтын қарауыл болып, жұмыс атқарды. Біз ес біле бастағанымызда, көкем де анам да ертеден кешке дейін колхоздың жұмысында жүретін. Ал үлкені мен ауылдың естияр болып қалған балдарымен бірге қозы-лақ бағуға кетеді екенбіз. Сөйтіп, жүріп, әке-шешеміз мал жинап, қоңдана бастапты. Осылайша есін жиған әкеміз соғыс кезінде қайтыс болған әке-шешесіне, басқа да бауырларына арнап ас берді. Бұл кезде менің де есім кіріп қалған-тұғын: дәу қазанға пісірілген палауды ауылдың бар адамдары келіп, үйге, есіктің алдына төселген алаша, текеметтің үстіне жайылған көрпешелердің үстінде отырып жегені, соңынан молдалардың құран оқығаны — бәрі-бәрі есімде қалып қойыпты.
1953 жылы ауылдағы Қоғам жетіжылдық мектебінің 1-ші сыныбына оқуға бардым. Оқуға әрең қабылдандым десе де болғандай. Ол былай болған еді. Сол жылы біздің үй де жұртпен бірге Арыстың Сырға құя берісіндегі тың жерге қауын-қарбыз, жүгері, тары екті. Қауын-қарбыз уақтылы пісіп, дер кезінде жиын-терімін жасап алдық та, ал тарыға келгенде, жағдай басқаша болды: кештеу егілген тары кеш пісті. Қыркүйек, қазан айларында мен мектепке оқуға барудың орнына күзде топтанған торғайлардан тары қорыдым. Кеш піскен тарыны жиып-теріп, мектепке барамын дегенше, қарашаның ортасы болып қалды.
Сонымен, бір тоқсан оқу өтіп кетті деп, мені оқуға қабылдамай қойды. Әкем қайта-қайта барып, мектеп директорымен келісіп жүріп, әйтеуір, әрең дегенде, бірінші сыныпқа келіп отырдым. Онда да шартты түрде: мені оқушылардың тізіміне кіргізбейді; екінші тоқсанның соңында бірінші тоқсан мен екінші тоқсанның сабақтарын үлгерсем ғана үшінші тоқсаннан бастап, заңды түрде оқушы боламын. Мені көмектессін деп, сыныптағы ең жақсы оқитын Айтбаева (атын ұмыттым) деген қыздың қасына отырғызды. Ол қыз маған көмектеспек түгілі, екеуміздің «тіл табысуымыз» қиын боп кетті. Оның себебі: оның дәуіттегі алтын сиясы болатын.
Ол кезде әр оқушы ішінде сиясы бар дәуіт ұстайтын. Балдардың жасаған сиясы іріп кете беретін де, қыздар ірімейтін, «алтын сия» жасап алатын. Менің де дәуіттегі сиям бір оңбай-ақ қойды. Сыныпта жазу жазғанда, сиямыз жарамай қалатындықтан да қыздардан сиясынан сұққызуға рұқсат сұрайтынбыз; біздің қаламсабымыздың перосына жұққан жаман сия олардың сия сауттарындағы алтын сияны ірітіп жіберетіндіктен де олар көнбейтін; оңтайлы сәттерді бағып отырып, біз сұғып алуға тырысатынбыз. Не керек, аяғы менің қасымда отырған қыз маған сабақ оқуға көмектеспек түгілі, сөйлеспейтін, дәуітін қолына ұстап, теріс қарап отыратынды шығарды…
Сонымен, жатпай-тұрмай дегендей, сабаққа барынша дайындалып, жаңа жылдан кейін басталатын 3-ші тоқсаннан бастап, толық мағынасындағы оқушы атандым.
Бізді 1-ші сыныпта Ахмет Бимырзаев ағай оқытты. Ұзын бойлы, мінезі біртоға ересек кісі болатын. Бастауыш сыныптарында мұғалімдеріміз жыл сайын дерлік, жиі ауысты. Ахмет ағайдан кейін Ұлжан Ерданова, Апажан Сәдуақасова, Қалжан Мырзалиева апайлар сабақ беріп, сыныпқа жетекшілік жасады. Бұлардың ішінде Қалжан апайдан басқаларының барлығы осы ауылдан еді.
Ол кездерде мектеп ауылдағы ең бір қасиетті шаңырақ саналатын. Сабаққа келе жатқанда, мектептің табалдырығынан аттап, ішіне кірген кезімізде бойымызды ерекше бір сезім билейтін. Ал мұғалімдерімізді «құдайдай» санайтынбыз. Сол кезде біз оқыған Қоғам жетіжылдық мектебінің директоры Ұлы Отан соғысының мүгедегі, екі көзі көрмейтін Айдарша Оспанов болды. Бізге соғысқа қатысқан Мәжит Өскенбаев неміс тілінен (бұл тілді ол соғыс кезінде немістердің тұтқынында болған кезінде үйреніпті), Күлсінбай Наурызбаев қазақ әдебиетінен сабақ берді. Мәжит ағаның неміс тілін жақсы оқытқаны соншалық, біз осы тілде тілдесе алатын, өлең айта алатын жағдайға жетіп едік. Ал Күлсінбай ағаның сабақ беруі менің әдебиет мамандығын таңдауыма себепкер болды.
1957 жылы оқып жүрген мектебіміздің бір сыныбының төбесі құлап қалды. Оқу жылының аяғы, мамыр айының арайлап күн шығып келе жатқан бір әдемі күні еді. Сабақты біз түстен кейін оқитынбыз. Ертеңгісін көшеде біреулердің айғайлаған дауыстарын естіп, далаға шықсақ, қолдарына айыр, күрек, кетпен ұстап, жүгіріп бара жатқан адамдарды көрдік. Солардың артынан біз де келсек, мектебіміздің айналасы қарақұрым адам, опыр-топыр, айғай-шу. Сөйтсек, ереректеу салынған мектептің бір бөлмесінің төбесі ойылып, ортасына түсіпті. Адамдар жабылып, құлаған үйіндіні қазып жатты. Бір кезде үйіндінің астынан үсті-басы шаң-шаң, тек жылтыраған көзі ғана көрінген бір баланы көтеріп алып шықты. Сөйтсе, ол партаның астындағы қуыстан айқайлап жатыпты. Құтқарушылар жатқан жерін дәл қазып, дер кезінде шығарып алған. Ал дәл соның қасында жатқан бір бала мен бір қызды құтқарып үлгере алмады…
Шығын бұдан да көп болуы мүмкін екен. Абырой болғанда, оқиға сабақ басталмай тұрғанда болыпты. Мектепте қалыптасқан тәртіп бойынша, оқушылар ерте келіп, сөмкелерін отыратын партасына қойып, сыртқа шығып, жарты сағаттай спорт алаңында футбол ойнайтын. Сабақ басталғанша оқушыларды мектепке кіргізбейтін. Апат болған кезде іште тек кезекшілер ғана болған.
Төніп келген ажалдан аман қалған бұл баланың аты-жөні Жақсылық Әбуев еді. Бұл жігіт кейін жоғары оқу орнын бітіріп, өңірге танымал әнші, сазгер болды; ауданның мәдениет бөлімінде ұзақ уақыт қызмет атқарып, халыққа қызмет етті.
Осы оқыс қайғылы оқиғадан кейін А. Оспановты қызметінен босатып, орнына майдангер К. Наурызбаевты мектеп директоры етіп тағайындады. Ал оқушылар болса, сабақ оқитын жері болмаған соң, ауылдың әр жеріндегі ыңғайына қарай табылған киіз үйлерде оқып, оқу жылын аяқтадық. Жазда бүкіл ауыл болып, әр үй, әр оқушы дегендей, 1000-нан кірпіш құйып, жаңа мектеп салуға ат салыстық. Күзгі оқу жылы басталғанға дейін мектебіміз бітпеді. Біз оқу жылын тағы да киіз үйлерде, бір екі сынып иелері босатып берген қоржын тамның бір бөлмелерінде бастадық. Сабақ оқитын жерімізде ештеңе жоқ, бос бөлме болатын. Тіпті, отыратын кішкентай орындығымызға дейін үйден әкелуші едік. Кейін сөмкемізге қоса салмақ қылып, арқалап жүрмей, сонда тастап кететін болдық…
Мектеп директоры К.Наурызбаев ағамызды ҚазМУ-дың (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) түлегі Бейсенбай Әшіров ағайымыз ауыстырды. Күлсінбай ағаның қатал тәртібіне үйреніп қалған біз жаңа басшылықтың кезінде еркіндеу жүретін болдық. Директор ағайымыз бізге тарих пәнінен, К. Наурызбаев пен Ә. Тұрабаев қазақ тілі мен әдебиетінен, Тұрабаева (Әбділда ағайымыздың жұбайы, есімін ұмыттым) орыс тілінен, М. Өскенбаев неміс тілінен, Ш. Шорабеков химиядан, Ә. Әбдірайымов ботаника, адам анатомиясы, зоологиядан сабақ берді. Әбділда Тұрабаев ағайымыз кейіннен Шәуілдір аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып қызмет атқарды.
Үйге берілген сабақ тапсырмаларын орындауға біз әдетте кешке малды қораға қамап, жайғастырған соң, кешкі шәйімізді ішкеннен кейін барып, кірісетінбіз. Ол кезде үйімізде сабаққа отырып дайындалатын стол, орындық дегендер атымен жоқ-тұғын. Төселген текеметтің үстіне етпеттеп жата қалып, көзіміз ұйқыға кеткенше, үй жұмыстарын орындаушы едік. Күні бойы бір тынбағандықтан да кітап оқып, жазу жазып жатқан күйі сол орнымызда ұйықтап қалатын кездеріміз де аз болмайтын.
Үй тапсырмаларын түнде жатар алдында орындап, көркем әдебиеттерді күндіз қозы-лақ, малды кезекпен бағып жүріп, басқа да түрлі жұмыстардың арасында уақыт тауып оқитынбыз. Қыс болса, етігімнің қонышында, жаз болса, қойнымда кітап жүретін. Кейде кітаптың қызығына түсіп кетіп, бағып жүрген малымыздан көз жазып қалып, әкемнен талай таяқ жеген кездерім де болды. Өстіп жүріп, мектеп кітапханасындағы кітаптарды түгелдей оқып тауыстым. Сол кезде қазақтың атақты жазушыларының әсіресе балаларға арнап жазған шығармаларын көбірек оқыппын. Сондай ақ, орыс, әлем әдебиетінің үздік туындыларымен де таныса бастадық. Солардың ішінде көбірек әсер етіп, есімде қалыңқырағаны Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», Жюль Верннің «Су астындағы он сегіз мың шақырым», орыс әдебиетінен авторларын ұмыттым, «Чукчалар», «Аласталған Алитет» сияқты кітаптар болды.
Бесінші сыныптан бастап, газет оқи бастадым. Мектеп кітапханасына аудандық, облыстық, республикалық, оның ішінде балаларға арналған газет-журналдар аптасына бір рет келіп тұратын. Соларды оқып қызыққаным соншалық, кейін іздеп жүріп оқитынмын. Тіпті, кейде шыдай алмай, поштаға барып, сұрап алып оқитынмын. Онда газеттер кейде болып, кейде болмайтын. Сөйтсем, ауданнан хат-хабар, газет-журналдар аптасына бір рет, онда да соңғы күндерінде ғана келеді екен. Ауылға келетін поштаны аптасына бір рет атпен азанда шығып, түс қайтқан соң, әкеліп тұратын Майлыбай атты кісі болды. Мұны біліп алған мен ол кісінің қайтарын оңтүстіктің аптап ыстығына қарамастан, қара жолдың бойында күтіп жүретінмін. Бір кезде аудан жақтан қарайып аттылы кісі көрінгенде, қуанғаннан жүрегім лүпілдеп кететін. Менің осындай тағатсыздана күтіп жүретінімді түсінетін пошталон атам «ассалаума-алейкум» деп, алдынан шыққанымда, қолымды құр қалдырмай, бірнеше газет, кейде журнал қалдырып кетуші еді. Ол күні мен өзімді сондай бақытты сезініп, сол газеттерді оқып біткенше бір тыным таппайтынмын…
Мектепте түрлі пәндік үйірмелер жұмыс істейтін. Мен әдебиет пен жас натуралистер үйірмесіне қатыстым. Әдебиет үйірмесінде ұстазымыз әдебиет, ақын-жазушылар жайлы небір қызық әңгімелер айтып беретін; ай сайын оқушылардың күшімен қабырға газетін шығаратынбыз. Сонда қабырға газетіне шыққан бір өлеңнің алғашқы екі жолы есімде қалып қойыпты:
«Сералы мен Базатқан,
Мылтығымен қаз атқан…».
Қабырға газетінде мектептегі жақсы істер насихатталып, кемшіліктер сыналып отыратын. Өлеңде аттары аталған екі дос — Сералы мен Базатқан мектеп оқушысы жас болғандықтарына қарамастан, мылтық ұстап, аң аулайтындықтары жайлы мектеп мұғалімдері есітіп, оларды оқушылар комитетінің жиналысына салған болатын. Жоғарыдағы екі жол соларды сынап жазған сатиралық өлеңнің басы болатын.
Мектебіміздің жанында үлкен бау-бақша болды. Мұнда жеміс ағаштары, бақша дақылдарының не бір түрлері өсетін. Биология пәнінен сабақ беретін Әкімқұл Әбдірайымов ағайымыз біраз сабақтарын осында өткізетін. Әр оқушы күтіп баптайтын, уақтылы суғарып тұратын жеміс ағаштары, бақша дақылдары болатын. Сабақтан бос уақытымызда, демалыс кездерінде осында келіп, сыныпта алған білімдерімізді нақтылы тәжірибелермен толықтырып, баптау жұмыстарымен айналысатынбыз.
Ол кездерде негізінен қауын-қарбыз егетін үй жанында шарбақтар болғанымен де оларда өсіп тұрған жеміс ағаштары бола бермейтін. Ағайымыз мектепте оқып, үйренгендеріңді үйлеріңде де жалғастырыңдар деп отыратын. Алғашында біздің үйдің шарбағы болмады. Кейін жаңадан үй салып, айналасын қоршап, үлкен шарбақ жасадық. Көргенімізді істеп, соның ішіне алма, алмұрт, өрік, шие, қараша өрік, жүзім, шабдалы сияқты неше түрлі жеміс ағаштарын отырғыздық. Анамнан бастап, барлығымыз сол ағаштарды баптадық. Сонан сол ағаштардың барлығы өсіп-өніп жеміс беріп тұрды.
Бұл 1962-жыл болатын. Қазір бұған да жарты ғасырдан астам уақыт өтіп кетіпті. Бұл күндері сол ағаштардың көпшілігі тозған. Олардың орнына жаңа көшеттер отырғызылған. Бұрынғылардан бір алмұрт пен қураған ағаштың тамырынан шыққан бірнеше өрік күні бүгінге дейін жеміс беріп тұр…
Сол жылдары біздің мектептің биология пәнін өмірмен байланыстырып оқыту тәжірибелері кеңінен тарап, республика, одақ көлемінде аты шыға бастады. Белгілі журналист Сапар Байжанов 1959-жылы біздің мектепке арнайы келіп, оқу орнында жүріп жатқан жақсы іс-шаралар туралы «Қазақстан пионері» газетіне мақала жариялады. Мектептің көрнекі жеріне ілініп қойылған осы газеттің айқара бетінде «Жайқалған жасыл бау» тақырыбымен берілген көлемді мақаланың қақ ортасында берілген үш оқушының (Омарбеков Құрман, 7-кл., Өтебекова Рысты, 6 кл. және 5-кл. оқушысы мен) бірі болып шыққан суретімді көргенде, төбем көкке жеткендей болған.
С. С. Байжановтың мұғаліміміз Ә. Әбдірайымов жайлы жазған «Әкімқұл және оның келіншегі» атты көлемді материалы сол кезде көп тиражбен шығып тұрған «Мәдениет және тұрмыс» журналының бірнеше нөмірінде жарияланды. Кейін журналист-жазушы С. Байжанов біздің мектептің балаларының өмірінен «Ақ маржан» атты көркем повесть жазды…
Мектебіміздің озық тәжірибесі Мәскеудегі ВДНХ-ның (ХШЖК — Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесі) назарына ілігіп, оған жыл сайын қатысып тұратын болды. Бір жылы осы үйірменің озық мүшелері Ұлтаман Шотыбаева, келесіде Омарбеков Құрман жазғы демалыс кездерінде Мәскеуге барып, көрмені көріп қайтты. Келесі боп, мен баратын болдым. Бірақ мені әкем жібермеді. Оған себеп ертіп жүретін адамның жоқтығы, Мәскеу үлкен қала, жөн сұрап, жол тауып жүруге орысша білмейсің болды. Оның үстіне бір жыл бұрын Мәскеуге барып келген Құрманның үлкен қалада адасып кетіп, біраз қиындықтар көргенін естігеніміз бар.
Ол кездерде ауыл шаруашылығы жұмыстарының ауқымдылығы соншалық — жұмысшы күштері жетіспейтін. Сол жетіспейтін жерлерді жеткізетін ылғи да мектеп оқушылары болатын. Оның үстіне біздің ұжымшар қанша жұмыс істесең де бір бітпейтін мақта өсірумен айналысатын. Ерте көктемде мақталыққа тыңайтқыш ретінде көң төгуден, пәленнен көшет өсіріп, оны отырғызудан басталып, қайнаған жаз бойы арамшөптерден тазартатын шабыққа жалғасып, күзде 3-4 рет жүретін мақта терімге ұласып, қара суық басталатын қара күздегі көсек терумен аяқталатын бірінен соң бірі келіп бітпейтін жұмыстардың барлығында да мектеп оқушылары белсенділік танытатын. Түске дейін сабақ оқып, түстен кейін мақта теруге шығатын оқушылар мектептегі біліммен бірге еңбек тәрбиесін де алып, еңбекке барынша шынығып шығатын.
1957 жылы біздің ұжымшарымыз егістік жерінің суды көп қолдануы салдарынан сорланып кетуіне байланысты мақта егуді тоқтатып, оның орнына жүгері еге бастады. Осы кезден бастап, оқушылар тек күзде бір ай ғана собық теруге шығатын болды. Шындығын айтқанда, мақта терім, собық жинау барысында оқушыларға аздап ақы да төленетін.
Ауылдағы мектеп жеті жылдық болғандықтан да сегізінші сыныпты аудан орталығы Шәуілдірдегі Жамбыл атындағы орта мектепте жалғастыруға тура келді. Ол кезде біздің Шәуілдір ауданында барлығы үш-ақ орта мектеп болды. Оның бірі біздің мектеп болса, екіншісі Сырдың арғы бетіндегі Шәуілдір кеңшарында орналасқан негізінен, малшылардың балалары жатып оқитын М. Әуезов атындағы мектеп-интернат болды да, үшінші мектеп Темір стансасында орналасқан еді. Аудан орталығындағы біз оқитын мектептің үйі қашықта тұратын оқушыларға арналған интернаты болды да біз соған жайғастық.
Аудан орталығындағы біз оқыған мектепті отызыншы жылдары Өзбекстанның Қазақстанға достық көмегі ретінде сол кездегі Өзбекстан басшыларының бірі Ахунбабаевтың бастамасымен салынған екен. Мектепке сол уақытта аты дүрілдеп шыға бастаған Жамбыл Жабаевтың есімі беріліпті. Қызыл кірпіштен салынған екі қабатты үйді бұрын аудан орталығына жол түскенде, сыртынан талай рет көріп, «шіркін, осында оқысам, есігінен кіріп, екінші қабатына көтеріліп (ол кезде біздің өңірде екі қабаттан тұратын бір де бір жай жоқ болатын), оқып жүрсем, арманым болмас еді» деп, ойлаған сәттерім де болған.
Біздің мектептен Жамбыл атындағы орта мектепте Шотыбаев Тоқтасын, Керімшеева Жібек, Қайназарова Гүлшаһар, Дүйсенбиев Сәрсенбай және мен, көрші Талапты аулынан Оразгелдиев Құрманбай, Омаров Жолдыбай, Пазылбеков Жанәділ, Тұрлыбеков Құрманәлілер оқуымызды жалғастырдық. Көпшілігіміз интернатқа, бірлі-жарымдар туыстарының үйлеріне жайғасты.
Интернатта тәрбиеші болып, Махатов Қалжан, Қылышбаев Әлімқұл, т. б. ағайларымыз жұмыс істеді. Тәрбиешілеріміз күндіз мектепте сабақ беріп, жатақханада көбіне кешке қарай сағат онға дейін болып, оқушыларды жатқызып барып, үйлеріне қайтатын. Сырт қарағанда, бәрі дұрыс көрінгенімен де интернаттағы өмірдің де өзгелерге онша байқала бермейтін өзіндік өмір ағысы бар-тұғын. Тәрбиешілер ұйқыға жатқызып кеткенімен де түнгі интернаттың тіршілігі бұрқ-сарқ қайнап кететін кездері аз болмайтын.
Интернаттағы оқушылық өмірдің өзгеше өрнектерінен ойға оралған бір-екі жағдайды айта кетейін. Әр аптаның соңғы-сенбі күндері сабақтың соңы біткесін, кейде бітпестен ертелеу интернатта жататындар ауылға қарай тартатынбыз. Мектептің жоғары сыныптары түстен кейін оқыды да алты сабақтан кешкі алты жарымда шығатынбыз. Ол кезде қазіргідей автобус, асфальт жол, машина дегендер атымен жоқ. Сонымен, күн батып кеткен қыстың қараңғы кездерінде бір топ балалар сегіз-он шақырым жердегі ауылға қарай жаяулап шығамыз. Әсіресе көктем, қыс, күз кездерінде жер лайсаң, қараңғыда кейде байқамай су кешіп, батпаққа түсіп кетесің дегендей, жаяу жол жүру өте қиын болатын.
Бірде мынадай оқиға болды. Алты сабақтан кештеу шыққан 5-6 бала қараңғы түсіп кеткеніне қарамастан, ауыл қайдасың деп, тартып кеткенбіз. Алғашқы қар жауып, шылқылдап еріп жатқан қара күздің соңы, қыстың басы ыбыт-сыбыт кез. Қараңғы түнде, қара керзі етікпен қара жолдың қара лайын кешіп келеміз. Ынталы аулының тұсына жете бергенімізде, артымыздан артында тіркелген тележкасы бар бір жыланбауыр ДТ тракторы қуып жетті. Қуанып кеткен біз жапатармағай қол көтеріп, шулап жүріп әлгіні тоқтаттық. Біздің ауылдың тракторы екен. Кабинада орын болмады. Жалынып жүріп, әйтеуір бәріміз артындағы тіркемеге міндік. Үсті лас тележкада отыра алмай, бәріміз тіркеменің жақтауларынан ұстап, тұрып тұрдық. Барынша парылдаған трактор түн тыныштығын бұзып, қара батпақты қақ жарып, тартып келеді. Бар ойымыз қайтсек құлап қалмаймыз деп, тележканың жақтауына жабысып, қатып ұстап келеміз. Бір кезде тіркеменің бір жағы көтеріле түсті де дөңгелектері аспанға шыққан күйі тоқтамай, тарта берді. Үстіндегілер қисайып кеткен тележкадан сусып түсіп, біз де ми батпаққа құлап түстік. Трактор тоқтамай, тартып барады. Тележканың үстіңгі бортынан тас қып ұстаған бір баламыз үстінде салбырап кете барды. Қанша айқайлағанымызбен тракторшы естімей, топырлап құлаған балаларды, бір жағына қисайып, сүйретіліп бара жатқан тележканы түн қараңғысында көрмей, тоқтамады. Біраз жерге дейін барған үстіндегі бала да тележка бір солқ ете қалғанда, сусып түсіп қалды. Иә, сөйтіп, түннің бір уақытында үстіміз батпаққа малшынып, үйге шаршап-шалдығып әрең жеткеніміз бар.
Мұндай жағдай қыс кезінде ауылға қайтар кезде жолда көретін көп «қызықтарымыздың» бірі болса, жаз кезі романтикаға толы болатын. Мектептен күн батпай шығып, қас қарая жолдағы Арыс өзенінің бойында бір демалып алып, қайта жолға шыққан біз айлы түнде әзілдесіп, өлең айтып дегендей, ауылға шаршамай қалай жетіп қалғанымызды да байқамай қалатынбыз. Жауын-шашын басылып, жер құрғаған кездерде велосипедпен қатынайтынбыз. Ауылдан ертеңгісін оқуға қарай велосипедпен шыққандар аудан орталығындағы мектепке шейін жарысып барушы едік; қайтарда да солай болатын. Бір жылы интернатымыз жабылып қалып, сол кезде көбіне мектепке ауылдан велосипедпен қатынадық. Тек велосипед жүре алмайтын жер батпақ, қар, күн суық кезде ғана Сәрсенбек көкемнің үйінде жатып оқыдым.
Дүйсенбі күні интернаттың балалары тамақ ішетін аудандық асхана жұмыс істемейтін. Ауылдан ертеңгісін сабаққа келетін жатақханада тұратындар сол күні ішетін тамақтарын және де басқа күндері де қарындары ашқан кезде керек болар деп, ауылдан түрлі тамақтар ала келетін. Көпшілігіміз ауылдан әкелгендерімізді ортаға салып, бірге ішетінбіз; ішімізде бұған қосылмайтындар да бар болатын.
Бірде жатақханада мынадай бір қызық болды. Күнде әдеттегідей дүйсенбі күні ауылдан келіп, кешке ауылдықтарымызды ортаға алып, шәй-пәйімізді ішіп дегендей, әжік-күжік болатынбыз. Содан бір бала бізден бөлініп, қосылмайтын болды. Ішіміздегі «пысығымыз» Молдалы бәрін реттеп, жүретін. Сол Молдалы ана баланы түнде не істейді екен, ауылдан әкелген тамағын қай кезде жеп, қай жерге тығып жүр екен деп, аңдиды ғой, баяғы. Оның түн жарымында басқалар ұйықтап қалғанда тұрып, ауылдан әкелген жылы-жұмсақтарын жегенін көреді де ертеңіне оны қатырмақ болады. Бірақ қанша іздегенімен, оның тығып жүретін тамағын таба алмайды. Сонымен, бұл бірнеше күнге созылып, қанша іздесе де таптырмайды. Сөйтіп жүріп, ақырында тауып алады. Сөйтсе, жер лайсаң батпақ кездерде киетін етігінің ішінде ескі шуаш-шуаш шұлғауға орап, тығып қойған екен…
Бізбен бірге интернатта Мақтарал жақта орыс мектебін бітірген, бірақ өзі біздің ауылдың баласы Манап Ерданов жатып оқыды. Әрі жерлес, әрі бір бөлмеде жатып, әрі бір сыныпта оқығандықтан да болса керек, ылғи да бірге жүретін жақын болып кеттік.
Бірде жатақханадағы бөлмеміздің лампочкасы күйіп кетіп, бірнеше күн қараңғыда тұрдық. Асханаға баратын, қайтатын жол аудандық жазғы парк ішінде орналасқан тақтаймен қоршала салған жазғы клубтың жанынан өтетін. Сол ашық-шашық жатқан клубтың жанынан өтіп бара жатқанымызда, клубтың ішінде бос тұрған лампочканы көрді де «мынаны қазір алып кетіп, күйген лампочканың орнына қоямыз» деп, қуанып кетті.
Маған «сен, тізерлеп отыр» деді де иығыма шығып, клубтың ішіне секіріп түсті. Лампочканы бұрап алып, енді іштен шыға бергенде, қайдан келіп қалғанын байқамай қалыппыз, клубтың меңгерушісі келіп қалыпты. Манапты шап беріп ұстап алған ол екеумізді де мектепт директорының алдына бір-ақ әкелді. Мектеп басшылығы Манапты интернаттан шығарып, маған қатаң сөгіс берді. Басқа жататын жері жоқ Манап, жатақханадан шыққан соң, оқуын жалғастыра алмады да ауылға келіп, трактор айдап, еңбекке араласып кетті.
Осы бір оқиға мені бір жыл бойы мазалады. «Манап қаншалықты кінәлі болса, мен де соншалықты кінәлі едім ғой» деп, оның оқудан шығып қалуына өзімді де кінәлідей сезіндім. Ал еңбекке белсене араласып кеткен Манап болса, жақсы істерімен аты шыға бастады. Досымның осындай жақсы істерін тілге тиек етіп, «Озат тракторист» деген мақала жазып, оным аудандық «Социалистік Шәуілдір» газетінде жарық көргенде, досымның алдындағы бар күнәмді жуғандай, үстімнен бір ауыр жүк түскендей күй кештім. Бұл бір жағы болса, екінші жағынан бұл жай ғана корреспонденция баспасөз бетіне шыққан менің алғашқы туындым да болды. Осы кезден бастап, жазу менің өмірлік мақсаттарымның біріне айналды.
Мектебіміздің директоры Күләйхан Шәріпова болды. Бұл кісі кезінде ұзақ жылдар мектепте ұстаздық еткен, аудандық партия комитетінің хатшысы болған, өмірлік тәжірибесі мол беделді кісі еді. Бұл кісінің күйеуі Махатов Қалжан ағамыз интернатта бізге тәрбиеші бола жүріп, математикадан сабақ берді. Сабақ үстінде ағайымыз «алдымен, өзімнің бақбандыларымнан сұрайын» деп, өткен тапсырмаларды сұрауды интернатта жататындардан бастайтын. Мұны білген біз ағайымыздың сабағына ылғи да дайындалып келуге тырысатынбыз.
Сондай-ақ бізге Құрманбек Абдуллаев (тарих), Әлшері Құрманбеков (тарих), Аймахан Жанатаев (математика), Бекболат Нәдіров (қазақ әдебиеті), Көмекбай Мұсаев (қазақ әдебиеті), Тінейбек Әметов (қазақ әдебиеті), Сичасова (орыс тілі), Әли Шәймерденов (орыс тілі), Файзулла Сүгірбаев (орыс тілі), Тұрлыбаев (қазақ әдебиеті), Келдібек Жабатаев (химия, биология), Ескендір Пернеев (химия), Шүкіртай Халилаев (денешынықтыру), Сұлтан Барлыбаев (денешынықтыру), Өсербай Мәмесеріков (география), Гүлжамал Қуатбекова (география), Құрманбай Әлшериев (физика), Жарылқасын Дербісов (машинатану), т. б. аудан көлемінде танымал тәжірибелі ұстаздар сабақ берді.
Осы ағайларымыздың әрқайсысы азамат ұстаз ретінде сабақ берумен ғана шектелмей, адами өзіндік болмыстарымен де есте қалып, арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де санамызда жаңғырып тұр. Солардың кейбіреулерін еске ала кетейік. Тарихтан сабақ берген Құрманбек ағамыз «мәжбүр етті» деген тіркесті жиі қолданатын. Математикадан оқытқан Аймахан ағамыздың ашуланған кезі есімде жоқ. Бекболат ағайымыздың сабағы оқушылардың қай рудан екенін білуден басталып, олардың ата-бабаларының кім болғанын айтып отыратын Шәуілдір өңірінің шежірешісіндей есімізде қалып қойды. Шүкіртай ағайымыз жақсы нәрсенің барлығына «шикарно» деп, риза болып жүретін. Келдібек ағайымыз өзінің сабағын қатты әзілдесетін құрдасының бір қылығын күлкілі етіп айтып, жұртты сергітіп отырушы еді.
Жарылқасын ағайымыз ашулана да, ұрса да алмайтын; қанша ашуланайын десе де ашуланып келе жатып, күліп жіберетін. Көмекбай ағайымыз сегізінші сыныпта өткен алғашқы сабағында «Біз бүгін мына тақырыпты өтеміз»-деп, бүкіл тақтаға ірі әріптермен «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» деп, жазып қойды. Жазудың барынша ірі, каллиграфиялық жағынан көркем жазылғаны соншалық, оқушылар әсем де көркем жазудан көзін ала алмай тып-тыныш тына қалып еді. Әншейін ғана бүкіл тақтаға айшықты ою сияқты салына салынған сол бір өрнекті жазу күні бүгінге дейін көз алдымда сурет болып тұрып қалды.
Біздің сыныпқа алғашында Е.Пернеев, одан кейін Ө. Мамасеріков ағайларымыз жетекшілік етті. Ескендір ағайымыздың құлағы сәл ауырлау, сабақ үстінде болып тұратын кейбір анау-пынауларды байқай бермей, оқушыларды да көп ұрса бермей, бір тоға қалыппен жүретін жуас кісі еді. Ол кісінің бір рет бірінші мамыр мейрамынан кейін сынып жиналысында бір қызымыздың тәртібін жиналысқа салып, қатты ашуланып, ұрысқаны есте қалыпты. Ал Өсербай ағайымыздың мінезі оған қарама-қарсы еді. Ақкөңіл мінезді аңқылдап қалған ағайымыз тәрбие сағаттарымен бірге бізге өтетін сабағы барысында да тәртіп мәселесін бір минутқа да есінен шығармайтын. Әңгімешіл кісі еді. Осындай қасиеттерімен кез-келген оқушымен тез тіл табысатын.
Біз мектепте оқыған сол бір елуінші жылдардың соңы, алпысыншы жылдардың басында Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны барынша қарқын алып, жалпы ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен бір бетбұрыс жасалынып жатты. Мектеп бітіріп жатқан түлектерді ауылда жұмысқа шақырып, оларды екі жылдық жұмыс өтілімен жоғары оқу орындарына жеңілдікпен қабылдайтын.
Осыған дейін үш жылдық болып келген орта білім беру енді төрт жылға созылып, мектеп түлектері ауыл шаруашылығының («механизатор полевод»), мал шаруашылығының («механизатор животновод») механизаторы мамандықтарын қоса алып шығатын. Сол себепті де жазғы демалыс кезінде бір айдай трактор айдап, егіндікті баптау, мал қырқу секілді науқанды жұмыстарға қатысатынбыз.
Кеңес өкіметінің негізін қалап, алға коммунизм орнату мақсатын қойған пролетариат көсемі В. И. Ленин оның міндеттерін «Коммунизм дегеніміз — бүкіл КСРО-ны электрлендіру»-деп, айқындаса, енді алпысыншы жылдардың басында «Коммунизм дегеніміз — бүкіл КСРО-ны электрлендіру, плюс химияландыру»-деп, ары қарай дами түсті. Мұның өзі бүкіл елімізде алдымен, химия өндірісін дамыта түсуді көздесе, сонымен бірге бүкіл халық шаруашылығын дамыту, соған мамандар дайындау жағын да орайластырып жатты.
Сол кездерде Семей облысындағы Шұбартау орта мектебін бітіріп жатқан жастары түгелімен ауылда жұмысқа қалып, бүкіл республикадағы өз әріптестерін өздерінің бұл бастамаларын қолдауға шақырды. Бүкіл ақпарат құралдары компартияның осы саясатын насихаттап жатты. Бірақ мұғалімдеріміз қанша үгіттегенімен де бізді сынып болып, ауыл шаруашылығында жұмыс жасауға көндіре алмады. Мектеп түлектерін ауылда жұмыс істеуге үгіттеу жұмыстары бітіріп жатқан біздің мамандықты дұрыс таңдауымызға айтарлықтай қиындықтар туғызды. Бұрын әдебиетші боламын деп жүрген мен де оқу бітірер алдында толқи бастадым. Сол кездегі кез келген газетті оқысаңыз, кез келген радиохабарларын тыңдасаңыз, химия мамандығына жететіндей мамандық жоқтай көрінетін.
Сонымен, 1964-жылы мектеп бітірдік. Бірлі-жарымымыз партия шақыруын қолдап, ауылда екі жыл жұмыс істеуге қалды. Мен қатты ойландым. Соңында мен де оқуға екі жыл жұмыс істеп барып түсемін деген шешімге келдім. Өйткені, мен шиеттей бала-шаға өсіріп отырған кемпір мен шалдың осы ертерек есейсе екен деп, үміт күтіп отырған үлкені едім. Оның үстіне жоғары оқу орнына түсу өте қиын болатын. Ал екі жылдық жұмыс өтілі барлар конкурстан тыс, жеңілдікпен қабылданатын.
Шілде айынан бастап, мектеп бітіргендер оқу іздеп, Алматы, Шымкент қайдасың деп, жан-жаққа аттана бастағаны жайлы хабарлар гуілдей бастады. Осындай әңгімелерді естіген сайын әке-шешем жастау болғанда, немесе алдымда ағам болғанда мен де солар сияқты білім жолына түсіп, бақытымды сынар едім, әсем Алматының көшесінде жүрер едім ғой деген сияқты ойлар мазалай берді.
Ол кезде жоғары оқу орындарында құжаттар қабылдау шілде, ал емтихан тапсыру тамыз айларында өтетін. Мен оқуға бармайтын болып бекініп, шілде айының соңғы онкүндігі өте бастады. Бір күні әкемнің күтпеген жерден «жинал, оқуыңа бар; қатарыңнан қалма» дегені. Мен «келесі жылы…» дей беріп едім, сөзімді аяқтатпай, «сенсіз де күнімізді көргенбіз»-деп, әңгімені доғарып тастады. Келесі базарға апарып, мал сатып, қалтама қаржы салып берді. Сонымен, күтпеген жерден кешігіп қалмайын деп, асығыс «Алматы қайдасың»-деп, тарттым да кеттім.
Мен ауылдан оқу іздеп, жолға жүрерде сол кездегі саясаттың әсерімен партия шақыруына үн қосып, әрі қосымша орын беріп, қабылдайтын студенттер санын көбейтіп жатқандықтан да түсуі оңайырақ болады-ау деп, химия мамандығын көздеп шыққан болатынмын. Алматыға келген соң, бұл ойдан айни бастадым. Ең соңында әбден ойланып барып, құжатарымды қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына тапсырдым. Журналистика мамандығына тапсырмақшы болып едім, оған екі жыл жұмыс істемегендерді алмайды екен. Сонымен не керек, қабылдау емтихандарына қойып кеттім. Әр емтиханды тапсырудың өзі — бір бір хикая. Қазақ тілі мен әдебиетінен шығармадан 3, ауызшадан 4, КСРО тарихынан 5 деген бағалар алып, 12 балмен оқуға қабылданатын 50 баланың ең соңғысы болып, оқуға іліндім…

***

«Уақыт – көк дөнен, біз асыққанмен ол асықпайды». Иә, сен қанша асыққаныңмен, жылдам жетуге ұмтылғаныңмен де уақыт өтпей қоятыны бар; уақытын өткізе алмай жүргендер де қаншама?! Сол сияқты, уақыт жеткізе алмай жүргендер де жеткілікті. Десек те, ең жылдам уақыт сияқты. Оған жететін жүйрік бұл тіршілікте жоқтай көрінеді маған. Бұл сөздерді мен өз басымнан өткеріп, бүкіл жан-дүниеммен сезініп, айтып отырмын…
Біздің мектеп бітіріп, қолымызға аттестатымызды алып, бақыт қуып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен арман қала Алматыға келіп, сол кездегі қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы саналатын С. М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетіне оқуға түсікенімізге елу бес жыл, мұнда бес жыл бойы «білім кеміріп», қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын меңгеріп, дипломды қолымызға алып, еліміздің түкпір-түкпіріне еңбек етуге аттанғанымызға да елу жыл болып қалыпты. Елу жыл дегеніміз – жарты ғасыр. «Елу жылда – ел жаңа». Десек те, осыншама уақыттың «Атқан оқтай, шапқан аттай» (Ақселеу) зымырап қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппыз. Көзді ашып жұмғанша дерлік. Сенгің келмейді. Сенсең де – сол, сенбесең де – сол. Мойындауға мәжбүрсің. Сонымен, біздің университет бітіріп, таңдаған мамандығымызды алып, еңбек жолына түскенімізге 50 жыл толыпты.
Иә, бәрін ретімен баяндайын. Біз, Қазақстанның түкпір-түкпірінен білім қуып келген 50 жас 1964 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға қабылдандық. Елудің тең жарымының еңбек өтілі бар да қалғандары мектепті жаңа ғана бітіргендер болатын. Екі оқу тобы құрылды. Негізін, Оразхан Хасенов, Әуелхан Оразалин, Қаршыға Бүркітбаев, Тілеш Балмағамбетов, Ғайни Бекжанова, Амангелді Керімтаев, Мұрат Аташев, Шашубай Досмайылов, Кама Ғабдуллина, Әлима Ғабдуллина, Сәбізгүл Кебісбаева, Бейсенкүл Құлманова, Айтмұхамед Оразалин, Айтжан Сұлтанов, Амангелді Тайпозов, Молдасан Шәпиев, Ұлданай Оспанова құраған бұл топтың старостасы әскерден старшина болып оралған Амантай Сәтбеков болды да; мектепті енді бітірген, сондай-ақ еңбек өтілдері аз Қайсар Жорабеков, Алашыбай Есмағамбетов, Майра Әбішева, Едіге Әбдірахимов, Мақсұт Әндіжанов, Мархабат Байғұтов, Жарылқап Бейсенбаев, Фарзана Жүнісова, Мастура Жүгінісова, Бұлыш Құдайбергенова, Сайын Кереев, Шахан Князханов, Алдан Мұсабекова, Сәуле Өтегенова, Теңізбай Рахымжанов, Ақбілек Тұрова, Лира Сапабекова, Бикамал Тоғжанова, Бердібай Шалабаев, Зылиқа Ыбыраева, Бегімхан Жұманов, Дандай Ысқақовтардың старосталығына Райхан Есенбекова тағайындалды.
Кейіннен курстастарымыздың қатарын әскер қатарынан оралған, сондай-ақ басқа бөлімдерден ауысқан Әбіш Аязбеков, Мұрат Әміренов, Әділ Дүйсенбеков, Марат Отаралиев, Дүйсен Жүнісов, Әміролла Сарымов, Төрехан Тасболатов, Тәжім Тұрмаханов, Дүйсен Шегебаев, Ғалым Құрашевтар толықтырды. Бірнеше студентіміз түрлі жағдайлармен сыртқы бөлімге, басқа оқу орындарына ауысты.
Ол кезде университет қазақ білімі мен ғылымының ірі орталығы болғандықтан, елге танымал атақты ғалымдардың дені осында шоғырланған еді. Бізге қазақ әдебиеттану ғылымының түрлі пәндері бойынша осы саладан оқулық жазған атақты ғалымдар Б. Кенжебаев, М. Ғабдуллин, М. Қаратаев, Х. Сүйіншәлиев, Б. Шалабаев, Т. Нұртазин, З. Қабдолов, Т. Кәкішев, Т. Қожакеев, С. Садырбаев, Р. Нұрғалиев, Н. Қарбанова; тіл білімінен, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, О. Төлегенов, Ә. Нұрмаханова, Ы. Маманов, К. Аханов, Қ. Жолымбетов, М. Томанов, Х. Кәрімов, А. Дәулетова, Б. Манасбаев; орыс әдебиетінен Ш.Кереева-Қанафиева, М. Бағызбаева, М. Фролова, Л. Камбарбаева; орыс тілінен Х. Сайкиев, Г. Шынтаева; араб тілінен М. Мәженова, Л. Рүстемов; түрлі қоғамдық пәндерден Қ. Бисембиев, Ж. Қарағұсов (қазіргі қазіргі ҚР мәжілісінің депутаты Г. Қарағұсованың әкесі), Ә. Тұрғынбаев, М. Қойбағаров секілді республикаға танымал ғалым ұстаздар дәріс оқыды.
Біз оқуға түскен жылы филология факультетінің деканы профессор Тауман Амандосов болды. Ол кісі бір аяғын сылтып басып, коридармен келе жатқанда, дуылдап қайнап жататын шуыл бірден басылып, шыбынның ызыңы білінерліктей, тыныштық орнайтын. Жан-жағына бұрылмай, ешкіммен тілдеспей, жұмыс кабинетіне тіке өтіп кететін. Қызметте принципшіл декан барлық мәселені әділ шешетін қаталдығымен ерекшеленетін еді.
Ол кезде қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика мамандықтары бір факультет болатын. Екі мамандық та сөз өнеріне жататындықтан да оқылатын пәндер бір болып, лекциялардың көбі бірге өтетін. Кейін журналистика жеке факультет болып бөлініп шықты да, Т. Амандосов жаңадан ашылған факульетке басшы болып кетті.
Бізге орыс тілінің маманы профессор Х. М. Сайкиев декан болды. Деканымыз өз мамандығын жетік білуімен бірге өте сыпайы, дауыс көтеріп сөйлемейтін, мәдениетті кісі болатын. Бес жыл оқу барысында бізге үш декан басшылық жасады. Бізге «Тіл біліміне кіріспеден» сабақ берген филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Аханов көп сөйлемейтін нақтылылығымен, турашылдығымен ерекшеленетін. Кәкен ағайдың лекциясының әрбір сөзі осы пәннен жазған оқулықтағы мәтінмен бірдей шығып отыратын. Сонда өзі жазған бір кітаптың бір сөзін өзгертпей жатқа айтатын ұстазымыздың есте сақтау қабілетіне таң қалатынбыз.
Әр ұстазымыздың сабақ өтуі бір-біріне мүлдем ұқсамайтын. Әр қайсысы өзіндік ерекшелігімен өзіне тартатын. Кеңес Одағының Батыры, кезінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ректоры болған, КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі М. Ғабдуллиннің әңгіме-лекция түрінде өтетін әр сабағы қызғылықты өтетін. Батыр ағамыздың соғыстан кейін Лондон қаласында өткен әлем жастарының Бірінші фестиваліне қатысу үшін қандай дайындықтар жасағандығы, сынақтарды қалай тапсырғаны, дүниежүзілік жастар форумының қалай өткендігі жайлы әңгіме арасында айтып берген естелігі есімізде қалып қойыпты.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінен лекция оқыған профессор Б. Кенжебаев аудиторияда өтетін сабақтарында өзі жазған оқулығынан ұзап кетпейтін. Білгіміз келетін сол кезге «томпақтау» мәселелерге жауапты көбіне аудиториядан тыс жерде ғана еститінбіз. Мысалы, ғалымның сол кездері саяси тұрғыдан жабық болғанына қарамастан, Нәзір Төреқұлов туралы «Тоғыз тіл білген өте терең білімді адам» деген сөзін естіген едік. Бейсекеңнің мұншама сақ болуының себебін кейін білдік: бұл әдет әдебиеттің тарихына қатысты «ұлтшылдық «пікірлері үшін көп теперіш көрген ғалымның өзін-өзі сақтау бағытындағы көп шараларының бірі екен.
Қазақ әдебиетінің тарихынан дәріс оқыған профессор Ханғали Сүйіншәлиев ағайымыздың алды кең болатын. Аяғын сылтып басып, аудиторияға асықпай кіріп келе жататын ағайымыз қашан көрсең де жайдары қалпынан айнымайтын. Студенттер түгел ме, аудитория тыңдап отыр ма, тыңдамай отыр ма, тыныш отыр ма, шулап отыр ма – ол кісі мұның біріне де назар аудармай, бір қалыпты қоңыр даусымен лекциясын оқи беретін. «Керей, қайда барасың? Сырдың бойын жағалап» дегендей, ақын-жыраулардың өлең-жырларынан мысалдарды жатқа айтатын. Курстасымыз Алашыбай Ханғали ағайымыздың лекция оқығандағы дауыс мәнерін айнытпай салатын.
Қазақ әдебиеті хақындағы ұлт-шылдық пікірлері үшін елуінші жылдары «отырып келген» Т. Нұртазиннің лекциясы ұлттық әдебиеттің бір мәселесінен бастау алып, қыза келе орыс, одан қалды әлем әдебиетіне шарықтап шығып кететін. 90 минуттық дәрістің барысында әлем әдебиетін еркін шарлап жүзетін профессор соңына қарай қазақ әдебиетіне қайта оралып, сабақты түйіндейтін.
Париж университеті француз филологиясы факультетінің түлегі М. Фролованың сабақтары да есте қалып қойыпты. Жасы егде тартып, даусы баяулай бастаған апайымыз жазып алған лекциясын отырып алып жай оқитындықтан да аудиторияға онша естіле бермейтін. Әсіресе Еуропа әдебиетін жетік білетін ұстаздың лекциясына құмартатын студенттер лектордың қарсы алдына жақын отырып алып, әр сөзін жібермей тыңдайтын. Әсіресе Ш. Досмайылов бұл ретте белсенділік танытатын.
Бізге «КПСС тарихынан» Ж.Қарағұсов ағайымыз сабақ берді. Ол кез КСРО-да билік басындағы коммунистік партияның барынша салтанат құрып тұрған тұсы болатын. Оның тарихы барлық жоғары оқу орындарында оқылатын. Осы пәннен дәріс беретін Жанпейіс ағайымыз дайындап келген лекция мәтінін бір сөзін қалдырмай, оған берілетін уақыт – 90 минутта түгел оқып бітетін еді. Уақытынан ерте, не уақыттың жетпей қалуы деген болған емес.
Осындай атақты ұстаздардың алдынан біліммен сусындаған шәкірттердің көпшілігі әдебиетке бейім еді. Ішімізде өлең жазатындардың қарасы басымдау болатын. Жұмат, Молдасан, Тілеш, Теңізбай, Бегімхан, Алдан, Мақсұт, Лира, Сайын сияқты «жас пері» ақындарымыз курстың түрлі жиындарында өлеңнің көрігін қыздыратын. Кейде бұларға бізге оқуға түсемін деп, конкурстан өте алмай қалған Кеңшілік Мырзабеков қосылып кеткенде, ақындарымыз дүрілдеген бір қауым болатын. Жалпы, кейін қазақтың айтулы ақындарының бірі болған Кеңшілік Мырзабеков көбіне біздің курстың, факультеттің жас ақындарымен бірге жүрді де кейбір қалалық поэзиялық кештерде ҚазМУ-дың атынан да шығып, кеңінен таныла түсті.
Қазақтың дарынды ақыны, өмірден ерте кетіп қалған Марат Отаралиев те бір аз уақыт бізбен бірге оқыды. Бізге дейін оқуға түскеннен кейін әскерге кеткен Марат бізге бірінші курстың екінші семестрінде келіп қосылды. Үш жыл Отан алдындағы борышын атқарып, өмірдің қиын мектебінен өтіп, әбден ысылған Марат келе сала өзі сияқты әскерден, ауылда еңбек етіп келген сақа жігіттермен тез араласып кетті. Бойында ақындық шабыты лапылдаған Мараттың аты тез тарады.
Емтихан кезі болатын. Бір ұстазымыз Маратқа «Осы сені ақын дейді. Шын ақын болсаң, тап қазір мені мақтап, бір шумақ өлең шығаршы» дейді. Сонда Марат табан астында кідірместен:
«О, менің ішкіш досым, …………ов!
Отырмыз міне, бүгін арақ ішіп.
Сен болсаң, арақтағы кәрі тарлан
Мен едім, саған ерген бала күшік», – деп, суырып салған ғой. Мұндайды күтпеген ұстазымыз «мұны ешкім естімесін, саған керегі емтихан ғой», – деп, жақсы бағасын қойып берген екен. Кейін осы өлең студенттер арасына кеңінен тарап кетті.
Өзі де, өлеңі де ешкімге ұқсамай, өмірден ерте озған Марат Отаралиев өткен ғасырдың 60-70-жылдарындағы қазақ поэзиясының талантты өкілдерінің бірі еді. Өкінішке қарай, ақын мұрасы оның көзі кеткеніне жарты ғасырдан астам уақыт болса да толық жиналып, баспа бетін көрген жоқ.
Жұрт алдында айғайлап өлең оқып, таныла бастаған ақындарымызбен бірге прозашыларымыз да салмақты еді. Әділ Дүйсенбеков, Шашубай Досмайылов, Айтмұхамед Оразалин, Алашыбай Есмағамбетов, Мархабат Байғұтовтар сол кездің өзінде-ақ әңгімелер жазып, повестерін бастап жүрді. Осылардың ішінде Айтмұхамед Оразалин оқуға түскенде, бір повестің авторы еді. Алашыбай шағын сатиралық жанрларда көріне бастап, кейін кәнігі сатирикке айналды. Шашубай сол кездің өзінде-ақ шығармашылық толғаныс үстінде жүретін. Әділ Дүйсенбек кейін елімізге елеулі қаламгер болды. Ал Мархабат Байғұтов болса, тәуелсіз Қазақстанның танымал жазушысына айналды.
Біздің курстастардың арасынан қазақ журналистикасында елеулі із қалдырған бірнеше журналист шықты. Әділ Дүйсенбек университет бітірген соң, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне келіп, осы жерде табан аудармай ұзақ жылдар жұмыс істеді. Курсымыздың тағы бір ақсақалы Мұрат Әміренов көп уақыт бойы Шығыс Қазақстан облыстық газетінде істеп, осы жерден зейнеткерлікке шықты. Төрехан Тасболатов та бір жерде ғана – Қазақ радиосында зейнеткерлікке шыққанша қызметте болып, жай қатардағы журналистен қоғамдық-саяси редакцияның басшысына дейін көтерілді. «Егемен Қазақстанда» жұмыс жасаған Ғалым Құрашев қазір құрметті демалыста. Алашыбай Есмағамбетов сол кезде ең тиражы көп газет «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас алаш») фототілші болып, оның Қазақстанның түкпір-түкпірінен түсірген маңызды суреттері күн сайын жарияланып тұруымен бірге, осы басылым бетінде басылған сатиралық әңгімелері арқылы жазушы ретінде де таныла түсті.
Жарылқап Бейсенбаев студент кездің өзінде-ақ «Лениншіл жаста» жарық көрген материалдарымен көзге түсті де, бесінші курстан сонда қызметке қалды. Жастар газеті «Лениншіл жас» ол кезде қазақ журналистикасының шеберлік мектебі еді. Осы мектептен өткен Жарылқап кейіннен ұлтымыздың, ана тіліміздің жоғын жоқтайтын «Ана тілі» газетін шығарып, қазақ руханиятының жаңа беттерін жазысты. Кейін мемлекеттік «ҚазАқпарат» агенттігінің бас редакторы, «Мәдени мұра» журналының бас редакторы лауазымдық қызметтерін атқарды. Оның Ш. Уәлиханов жайлы жазған журналистік шоғыр мақалалары кейін ғылыми ізденістерге ұласып, қазақтың ұлы ғалымы жайлы кандидаттық диссертация қорғады. Жарылқаптың Шоқан туралы роман-эссесі, арғы түрктердің (прототүрктердің) ежелгі тарихы жайлы шыққан ғылыми кітаптары оны қазақтың белгілі деректі прозашысы, түпкі тарихымыздың білімдар зерттеушісі ретінде танытты.
Қазақ филологиясының алыптарынан дәріс алған жастардың арасынан төрт ғылым докторы, екі ғылым кандидаты шықты. Бұлардың ішінде Ж. Тілепов, Т. Рақымжанов және мен әдебиеттану ғылымынан, Б. Шалабаев қазақ тіл білімінен докторлық, Ж. Бейсенбайұлы шоқантанудан, А. Мұсабекова тіл білімінен кандидаттық диссертациялар қорғады.
Курстастар арасынан Қайсар Жорабеков сынды белгілі жазушы-аудармашының шыққаны да — біз үшін мақтаныш. Жазушылар одағында ұзақ жылдар еңбек еткен Қайсар орыс тілінен көптеген жазушылардың (Бунин, Гранин, Поволяев т.б.) шығармаларын аударды. Он бестен астам кинофильм мен бес пьеса тәржімалады. Ә. Ыдырысовтың «Таңшолпан» романын қазақшадан орыс тіліне аударуға араласты. М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының жаңа аудармасын жасау қолға алынғанда, оның орыс тіліндегі жолма-жол нұсқасын дайындауға бастан-аяқ атсалысты.
Бірге бітіргендеріміздің көпшілігі алған мамандықтары бойынша мектептерге, жоғары оқу орындарына барды. Университетте алған білімдерін жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге жұмсады. Жастардың бойына білім-ғылымның шырағын жағып, сана-сезімін, дүниетанымын ұлттық рухта тәрбиелеу сияқты аса мәртебелі мамандықтың құлағын ұстаған біздің курстастар қатардағы мұғалімнен бастап, мектептің, оқу бөлімінің басшысы деңгейіне дейін көтерілді. Бұл ретте түрлі оқу орындарында басшылық қызметтер атқарған Амантай Сәтбеков, Әбіш Аязбеков, Райхан Есенбекова, Шашубай Досмайылов, Молдасан Шәпиев, Бұлыш Құдайбергенова, Зылиха Ыбыраева, Фарзана Жүнісова, Шахан Князханов секілді курстастарымызды мақтан тұтамыз. Бейсенкүл Құлманова, Жұмат Тілепов, Теңізбай Рақымжанов, Дандай Ысқақұлы, Дүйсен Жүнісов, Бердібай Шалабаев, Алдан Мұсабекова сияқты ғалымдарымыз жоғары оқу орындарында жемісті еңбек етті, әлі де қол үзбей келеді.
Кезінде қызметін мектепте мұғалімдіктен бастап, мектеп директоры, Аягөз аудандық партия комитетінің хатшысы, атқару комитетінің төрағасы, Семей облыстық кеңесі төрағасының орынбасары, аудан әкімі, қызметтерін атқарған Амангелді Керімтаев елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткеріне айналды. Өмірдің не бір «тар жол, тайғақ кешулерінен» сүрінбей өткен Амангелді қазір көңілге түйген тағлымдық ойларын ақ қағазға түсіріп, қазіргі заманның ақпарат құралдарында ұдайы жариялап келеді. Көбіне қысқа да нұсқа түрінде келетін жазушы Керімтаевтың туындылары ой сонылығымен, ғибраттылығымен есте қалады.
Иә, өткен ғасырдың 69-шы жылында университет бітірген 50 жастың оқу бітіргеннен кейінгі 50 жылда атқарған жұмыстары мен жеткен жетістіктерін айтып тауыса алмайсыз. Әсем Алматыда білім алумен бірге сол кезде дүркіреп шығып, бүкіл қазаққа ән салдырған Шәмшінің әнін шырқап, вальсінің ырғағымен би билеген, бір-біріне ғашық болып, өздерін ерекше бақытты сезінген алпысыншы жылдардың студенттері бұл күндері өмір атты тіршілік жолының жетпіс асуынан асып, сексеннің сеңгіріне жақындап қалған, ұл-қыз өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, немере, алды шөбере сүйген бақытты кемпір-шалдарға айналған. Адам – ұрпағымен бақытты. Осы кітаптағы бала-шағаларының ортасында отырған кемпір-шалдарды көргенде, курстастарымның бақытты сәттерін сезінгендей болдым. Әрине, бұл жерде «кемпір-шал» деген қос сөзді айтуға мәжбүр болып отырғаным түсінікті болар. Өмірдің ащы шындығы – осылай. Десек те, мұның өзі де бақыт екен. Бұған жете алмай кеткендер де қаншама.
Тіршіліктің жолы – ауыр жол. Өмір бар жерде өлім де бар. Елу жыл жасымызға жас қосумен бірге қатарымызды селдіретіп те кетіпті. Бүгінгі күндері құрметке бөленіп, төрде отыруға тиіс Амантай Сәтбеков, Айтмұхамед Оразалин, Айтжан Сұлтанов, Алашыбай Есмағамбетов, Ақбілек Тұрова, Едіге Әбдірахимов, Қайсар Жорабековтар… арамызда жоқ. Олардың өмірін ұрпақтары жалғастырып жатыр. Бақилықтарды еске ала отырып, өмірдің қатал заңына еріксіз бағына түскендей боласыз…
Иә, осыдан жарты ғасыр бұрын Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде қанаттанып, алдарына ұлы мақсаттар қойып, соны орындау үшін қазақ елінің түкпір-түкпіріне аттанған елу жас бұл күндері ұлт абыздарына айналған. Халқының бақытты болуы үшін аянбай тер төккен олар егеменді елінің ертеңіне үлкен үмітпен қарайды.
Бәрі кеше ғана болған сияқты еді, көзді ашып-жұмғанша, міне, жарты ғасыр уақыттың «ескен желдей, аққан селдей», «атқан оқтай, шапқан аттай», зымырап, қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппыз…

***

Біздің университет бітірген кезімізде КСРО мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың барынша ушығып тұрған кезі еді. Осы жағдайға байланысты оқу орнының бұрындары жабылып қалған алғашқы әскери дайындық кафедрасы қайта ашылып, біз өз сабағымызға қосымша аптасына бір күн әскери білімдер алдық. Оқуды бітірген кезде мамандығымызбен бірге кіші лейтенант дәрежесін қоса алып шыққан бізді бірден әскери қызметке жіберді. Сонымен, 1969-жылдың тамыз айында Забайкалье әскери округіне қарасты Чита облысының Шерловая гора аталатын стансасында орналасқан әскери бөлімнен бір-ақ шықтым.
Мына қызықты қараңыз: осында мен орта мектепті бірге бітірген, бес жыл университетте бірге оқыған Жарылғап Бейсенбаевты кездестіріп, таң қалғанымнан «есім шығып» кете жаздады. Сөйтсем, Алматыдағы әскери комиссариат оны да Забайкалье әскери округіне, мұндағылар мен келген Шерловая горадағы әскери гарнизонға жіберіпті. Сөйтіп, мектепте де, университетте де бірге оқыған Жарылғаппен әскерде де екі жыл бір жерде, бір батольонда взвод командирі болып, қатар қызмет атқардық.
Алты ай қыс болып, үздіксіз боран соғып тұратын, оның үстіне отыз пайыз оттегі жетіспейтін, суында да отыз пайыздай темір бар адам тіршілік етуге өте қолайсыз болғандықтан да халық сиректеу қоныстанған жердегі әскери қызметіміз әрине, оңай өткен жоқ. Мен үшін әскери өмір нағыз өмір мектебі болды десем де болады. «Адам тозаққа да үйренеді» дегендей, кейде қырық дәрежеден асып кететін қарлы боран қатал қысына да үйреніп кеттік.
Ең қиыны адамдармен жұмыс істеу ғой. Қасыңда көмек берер не бір жанашырың, не бір жерлесің жоқ, өкіметтің бар-жоғы білінбейтін айдаладағы «жунгли заңымен» өмір сүріп жатқан гарнизонда көпшілігі мектеп бітірмеген сауатсыз солдаттармен жалғыз өзің жұмыс істеу өте қиынға түсті. Екі жыл бойы әскери дайындықтармен бірге жаз болса, Совет-Қытай шекарасындағы елсіз жерлерде аптап ыстықтарға қарамастан, әскери бекіністер салумен айналысып, не бір қиындықтарды бастан өткеруге тура келді; бәріне шыдай білдік. Еңбек өз жемісін берді. Еңбегім еленіп, партия қатарына қабылдандым; взводым бір жарым жыл бойы әскери дайындықтар бойынша полкта үздік атанып, суретім құрмет тақтасына ілінді…
Бітпестей көрінген екі жыл да зымырап өте шықты. Алматыға оралып, әрең дегенде, «Жетісу» газетіне меншікті тілші болып, қабылдандым. Бір жағынан, газетте жұмыс істей жүріп, жүрек түкпірінде сақтап жүрген арманым — аспирантураға емтихандар тапсырдым. Сөйтіп, 1972-жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, Қазақ ССР Ғылым Академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының үш жылдық аспирантурасына түстім. Аспирантураны ойдағыдай бітіріп, 1975 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Рахманқұл Бердібайдың басшылығымен «Отызыншы жылдардағы қазақ әдеби сыны» тақырыбында кандидаттық, 1994-жылы «Қазақ әдеби сынының ғылыми негіздері» бойынша докторлық диссертациялар қорғадым.
ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында кіші ғылыми қызметкер (1975-1977), Әл — Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика, филология факультеттерінде аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі (1977-2000), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінде профессор (2000-2004) қызметтерін атқардым. 2004 жылдан С.Демирел атындағы университеттің проректоры, ректор кеңесшісі, Түркітану ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор қызметтерін атқарып келемін. Ғылыми жетекшілігіммен он шақты кандидаттық диссертация қорғалды.

***
Қазақ әдебиеті мен өнерінің түрлі мәселелеріне арналған жеті жүздей мақаланың, үлкенді-кішілі 27 кітаптың авторымын. Он екі томдық «Қазақ Совет Энциклопедиясы» (II-XII томдар), төрт томдық «Қазақ ССР. Қысқаша Энциклопедия» (IVтом), «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» (I-VI томдар), Мәскеуде шыққан тоғыз томдық «Қысқаша әдеби энциклопедия» (орыс тілінде, IX том), «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», «Абай», «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы», «Сұлтанмахмұт Торайғыров» энциклопедиялары, академиялық «Стиль сыры» (1977), «Дәстүр және жаңашылдық» (1980), «Көкейкесті әдебиеттану» (2001, 2002, 2004), «Қазақ әдебиеті тарихының қысқаша курсы» (2002), «Әдебиет теориясы» (2003), көптомдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» (VII том, 2004; XI том, 2007 ), екі томдық «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» (2008), «Қазақтың жүз романы», т.б. сияқты іргелі еңбектерді жазуға қатыстым.
Ғылыми ізденістерім негізінен, қазақ әдеби сынының теориясы мен тарихына, XX ғасырдағы, жаһандану дәуіріндегі қазақ әдебиетінің проблемалары бағытында. «Әдеби көркем сын» (1987), «Сын шын болсын» (1993), «Сын жанрлары» (1999), «Сын өнері» (2001) сияқты еңбектерде әдеби сынның теориялық мәселелері қазақ әдебиеттануында алғаш рет арнайы зерттелініп, жеке ғылым саласы ретінде негізі салынды.
«Сынсонар» (1993), «Сын сымбаты» (2000), «Сынталқы» (2005), «Қазақ әдеби сынының тарихы» (екі томдық, 2011), «Әдеби сынның тарихы» (2012) атты іргелі зерттеу еңбектерінде қазақ әдеби сынының сан ғасырлық жүріп өткен жолдары, даму проблемалары ғылыми тұрғыдан сараланды.
«Әдебиет айдынында» (2009), «Әдебиет өрнектері» (1996), «Әдебиет алыптары» (2004) секілді кітаптарда қазақ әдебиетіне, оның сыны мен ғылымына елеулі үлес қосқан Нәзір Төреқұлов, Мағжан Жұмабаев, Қажым Жұмалиев, Темірбек Қожекеев, Рахманқұл Бердібай, Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметовтардың ұлттық руханиятқа сіңірген еңбектері жан-жақты сараланды; осы кездерде өмір сүріп, әдебиет әлемінде өзіндік ерекшеліктермен жарқырай көрінген алыптарымыздың өмірі мен шығармашылық жолдарына жаңаша көзқараспен шолу жасалынды; Шортанбай жырларындағы әлеуметтік сарынға, Абайдың аудармаларына, Сұлтанмахмұттың әде-би ой-толғамдарына, Мағжантану жүріп өткен жолдарға, Жүсіпбектің жазушылық шеберлігіне, Мұхтардың орыс әдебиетіне байланысына, тіл туралы толғаныстарына, Ғабиттің ана тілі жайлы пікірлеріне назар аударылды.
Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдері М.Жұмабаев («Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған», 2004), М.Әуезов («М. Әуезов. Талант пен тағдыр»,1997), С.Мұқанов («Парасат пайымдары», 2000), Ғ.Мүсірепов («Сырбаз суреткер», 2002), М. Ж. Көпеев («Мәшһүр Жүсіптің ой өрімі», 2010. Б. Ысқақпен бірге) жайлы жеке кітаптарым шықты.
2014 жылы «Мәңгілік майдан, немесе тілдер тоғысындағы түркі әлемі» және «Түркілік ортақ термин негіздері» аталған қос бірдей монографиям жарық көрді. Бұларда жаһандану дәуіріндегі әлемнің тілдік бейнесі, түркі әлемі, қазақ тілінің жай-күйі, түркілік ортақ әліпби, ортақ тіл, ортақ рухани құндылықтар сияқты бүгінгі түркітанудың аса маңызды мәселелері жан-жақты қарастырылды.
«Қазақ әдебиеттанушылары» (2014) атты энциклопедиялық анықтамалықта ұлттық әдебиетімізді зерттеген екі жүзден астам ғалымның шығармашылық жолдары, зерттеулері хақында сыпаттамалар берілді. «Арман қуған 50 жыл» (2014) атты эсселер кітабым жарық көрді. «Рухани толғамдарда» (2015) қазақ әдебиеті мен түркілік әдеби құндылықтарды игеру мәселелері ғылыми тұрғыдан жан-жақты қарастырылды. Сондай-ақ қазіргі заманғы рухани өмірдің өзекті өңірлері хақында толғамды пікірлер айтылған.
Еуропаның «Ламберт» баспасынан (Берлин) «Тілдер тоғысындағы түркі әлемі» (2018) атты көлемді кітабым жарық көрді. 620 беттік монографияда жаһандану дәуіріндегі түркі әлемінің тілдік, әдеби, мәдени, рухани мәселелері, жалпы ұлттық даму болашағы жан-жақты сараланды
Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесімін; Халықаралық Айтматов академиясының, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының толық мүшесімін.
С.Демирел атындағы уни-верситеттің ғылыми журналы «СДУ хабаршысының» бас редакторы, «Қазақ және әлем әдебиеті», «Тұрмағамбет» журналдарының және Халықаралық қазақ тілі қоғамының алқа мүшесімін.
Еңбегім елеусіз қалған жоқ: «Құрмет» орденінің иегерімін (2017); «еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі және оқу әдебиеттерін жазудағы көпжылдық нәтижелі еңбегі үшін» А. Байтұрсынов атындағы алтын медальмен (2016), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен (2016), түркі әлемін зерттеуге сіңірген еңбегім үшін ТҮРКСОЙ-дың Мақтымқұлы медалімен, әдебиеттану ғылымындағы жетістіктерім үшін Мәшһүр Жүсіп атындағы және Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы алтын медальдармен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дамуына қосқан үлесім үшін «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталдым; «түркология саласындағы аса зор жетістіктері үшін» Күлтегін атындағы сыйлығын алдым (2018); Іле педагогикалық университетінің құрметті профессорымын (Қытай, 2016), Түркістан облысы Отырар ауданының құрметті азаматымын.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *