Өлең арман жеткізбей ынтығамын… Өлең арман жеткізбей ынтығамын…
Мұхит Махажанов 1965 жылы ОҚО Кентау қаласында туған. Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы кен байыту фабрикасында ұзақ жылдар еңбек еткен. 2005 жылы «Қаратау тәжі», 2010... Өлең арман жеткізбей ынтығамын…

Мұхит Махажанов

1965 жылы ОҚО Кентау қаласында туған. Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы кен байыту фабрикасында ұзақ жылдар еңбек еткен. 2005 жылы «Қаратау тәжі», 2010 жылы «Кентау маржандары» және «Кентау-Қаратау тәжі» атты ұжымдық кітаптарға бір топ әңгімелері мен өлеңдері енген. Бірнеше қалалық, облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

 

Ауылды аңсау

Төпей төгіп ақ жауын сәуірім кеп,
Тұрған болар ауылдың талы гүлдеп?!
Аман болар ақылман ағаларым,
Бойға құйған тәрбие, тәлімін көп?!

Көктемдегі науқанның жайын ойлап,
Жатқан болар қамданып ауыл-аймақ?!
«Жалқы жүр» – деп естіп ем бір құрдасты,
Атанған да болар-ау кәрі бойдақ.

Етегінде ауылдың біз дөңесте,
Ойнайтынбыз топ бала күнде кешке.
Шырын кездер екен-ау деп ойлаймын,
Түскен сайын шат көңіл күндер еске.

Бала көңіл құмартқан далаға шын,
Ат қып мініп кесіп ап тал ағашын.
Ететінбіз шапқылап азан-қазан,
Мына бас пен көшенің ана басын.

Күндіз жайып қозы-лақ қыр белеске,
Еретінбіз боз сағым түлкі елеске.
Күн суытса тазалап пеш мұржасын ,
Көмілген ек біз талай күл көмешке.

Сағынышым іштегі қозғап барды,
Ауыл жайлы шерімді толғап та алды.
Ізім қалған жолында бала күннің,
Алыс қалған аңсадым сол шақтарды.
Көрінеді күнгей беттен тау маған…

Терезеден күннің нұры саулаған,
Көрінеді күнгей беттен тау маған.
Түйе басты қос өркешті қожыр тас,
Шөгіп жатқан бура дерсің аумаған.

Түйе тастар тізе бүгіп шаңдаққа,
Қарайтындай ой жіберіп жан-жаққа.
Төбесіне қонақтады бұйра бұлт,
Жуындырып жауынымен алмақ па?!

Бастады ма екеуара кеңесті,
Сыбыр-сыбыр сол жақтан бір жел есті.
Мөлтілдеген жас тамызып бұлт кетті,
Кім білсін тау менен бұлт не десті?!
Шертетұғын бір-біріне мұң зарын,
Білмейміз-ау табиғатта тіл барын.
Сүлеймендей болғанымда сұңғыла,
Ұғар едім – деп ойладым сырларын.
Сағынамын мойыл көз ауыл түнін

Бір басылмас көрмесем жан ынтығым,
Сағынамын мойыл көз ауыл түнін.
Сағынамын құлпырған қызғалдағы,
Жылуы мол шуақты сәуір күнін.

Сағынамын анамның алақанын,
Ақ дидарлы арайлы дала таңын.
Аңсатады сыздаған сағынышпен,
Артта қалған арманшыл бала шағым.

Жаза басқан түзетіп тұстарымды,
Заңғар көкке тілеген ұшқанымды.
Сағынамын санама сәуле құйған,
Өнердегі тәлімгер ұстазымды.
Аңсау

Өтіп өмір жаз, күз, қыс, көктемі де,
Елден жырақ көп болды кеткеніме.
Әлі күнге бір хабар бермеді деп,
Ауылдағы ағайын өкпелі ме?!

Асық атып, асыр сап, тепкен ләңгі,
Ерке күндер шықпайды естен мәңгі.
Бозбала боп ауылдың бақшасында,
Тұратынмын қыз күтіп кеште айлы.

Балғын дәурен ұқсаған шырын гүлге.
Сағыныштың шертерсің сырын кімге?!
Өкше басқан інілер өсті қанша,
Бірін білсем, білмеймін бірін мүлде?!

Хабарыңды жылдарым есіттірмей,
Жаутаң қағам жайыңды жетік білмей.
Қайтайыншы бір барып ауылыма,
Жазармын-ақ жақсы жыр кешіктірмей…

Арманым

Үміттене иек артып таңдарыма,
Жете алмай келемін арманыма.
Күннен қашқан көрініп көлеңкедей,
Әлде мені құрғырың алдады ма?!

Көз арбаған көк елес сағым ба еді,
Қиял қуған әлде бұл шағым ба еді?!
Жырдың отын тұтатып жүрегімде,
Сезім желі іштегі тағы үрледі.

Құлап тұрып қайтадан ұмтыламын,
Өлең арман жеткізбей ынтығамын.
Алады да оятып ұйқымнан ол
Мазамды ап қоймайды шымшылауын.
Қанаттылар жарысы
(ел аузындағы аңыз бойынша)

Ақылмандар ой салар сөз тізіпті,
Аңыздардан естиміз көп қызықты.
Құстар тобы жиналып ақылдасып,
Ән айтудан бір жарыс өткізіпті.

Тыншу таппас мұндайда талаптылар,
Дүбір шықса қалайша қарап тұрар?!
Қатысуға жарысқа әншімін деп,
Келген екен көп жерден қанаттылар.

Баянсыз боп басынан бақ ұшқан ба,
Даусы дара шығатын жарысқанда?!
Бағаланбай бұлбұлдың әншілігі,
Бас жүлдені береді сауысқанға.

Кім көріпті дәл мұндай масқараны,
Айтыс-тартыс үлкен дау басталады.
Кейінірек қарт қыран айтты шынын,
Төрешілік етті деп «Тазқараны».

Күні бұрын білмедік мұны неге,
Өнер өлді, қайтадан тіріле ме?!
Құзғын етсе «қазылық» құстар айтты,
Зар болармыз бозторғай үніне деп…

Гүлді жұлды

Тәртібіміз төмендеп шын бұзылды,
Әйел адам көшеде гүлді жұлды.
Гүлде нең бар деп едім өсіп тұрған,
Әжуалап өзімді жынды қылды.

Қауыз ашар жүректің жылулығы,
Гүл емес пе даланың сұлулығы.
Танымының шеңбері тар әйелге,
Болған шығар қиындау ұғу мұны.

Гүл қасында жадырар дем алса адам,
Парықсызға айтқанда не марқадам?!
Бес тал гүлді жұлып ап кете барды,
Қарай бердім әйелге жеп арқадан.

Тіршілікті бола ма жұла берсе,
Үңілуі әйелдің сірә келте.
Гүл ғұмыры қысқа ғой онсыздағы,
Үзілгені обал да тым-ақ ерте.

Бола қоймас адамның бәрі бірдей.
Біреулерге жетпейді тағылым кей.
Гүлді жұлған сол әйел сұлулыққа,
Қиянатын жасар-ау тағы білмей…
Анама

Сіз болаcыз мен үшін құрметті адам,
Өлең арнау өзіңе міндет маған.
Ұзақ жылдар ұстаз боп еңбек еттің,
Өстім мен де саяңда гүлдеп санам.

Ел есінде сақталып қалмасаңда,
Маған ана қымбатсың әрқашанда!
Қиналғанда рухыңмен сүйеп мені,
Түсіме де кіресіз анда-санда.

Жатырсың-ау тас төсек қабіріңде,
«Жоқ» дегенге сенбеймін әлі күнге.
Ауырғанда дем беріп жылы сөзің,
Болмайтынды керегі дәрінің де.

Сұм тағдырым талай рет сүріндірді,
Дұшпандарым сөзге де іліндірді.
Кешір, ана, кеш жазсам жырымды мен,
Қадіріңді құлының бүгін білді!
Мұң

Сетінемей сары уайым қар мұңым,
Қажыттың-ау тас кедергі тағдырым.
Қиян асып келеді қаңғып кеткім,
Тәрк етіп-ақ тірлігімнің барлығын.

Оңашада көп мүжіп өз-өзімді,
Үңгіп жейді жебір ой өзегімді.
Сырласуға дос таппай жібі түзу,
Сан жұбатқан сүйемін өлеңімді.

Ұмыттырып жүректің лағыл әнін,
Қамап алды мінеки тағы да мұң.
Мұңнан ада қайғысыз балалығым,
Алаңы жоқ сол кезді сағынамын.
Болатынмын он сегізде

Жұлдыздардай қол жетпес ғарыштағы,
Ұзап кеткен жылдар ғой алыстағы.
Ұмытылмай алғашқы махаббаттың,
Қиын екен дерт болып жабысқаны.

Сағынышпен қарайлап өткен ізге,
Сүңгіп кетем мен жиі ой теңізге.
Бал еріннің шырынын татқанымда,
Болатынмын от жалын он сегізде.

Жұғысқанда жұтып ыстық демін мен,
Беймәлім күш тандырғанды есімнен.
Шәрбатына махаббаттың мас болып,
Кереметін тылсым күштің сезінгем.

Қызық шақтың болғаны әні қысқа,
Шара жоғы қиын-ақ жазмышқа.
Жылмаңдаған жылмақай жолын тауып,
Қағып кетті бағымды қапылыста.

Әттең-ай деп өкініп жан езілді,
Аңсағанда жүрегім сан егілді.
Махаббатым жазылмас жара салған,
Сағынамын әлі сол әдемімді.

Құшағында қызса да күйіп денем,
Қымбатына ол қыздың тиіспеп ем.
Ақылыма жеңдіріп сезімімді,
Тамағынан болғаны иіскегем…
Есімде, бәрі есімде

Есімде, бәрі есімде,
Жүздесіп қап гүл бақта.
Жаздың жылы кешінде,
Әзілдестік жұмбақтап.

Қалтарыс жер бар екен,
Біз жолыққан о маңда.
Әңгімеміз жарасып,
Тізе бүктік көгалға.

Шертіп сезім пернесін,
Құмар қанды сырласып.
Кеткен еді ол кезде,
Ұясына күн батып.

Аялап қана құшақтап,
Сүйгенімде ерніңнен.
Айырылғандай болып ем,
Бойым балқып еркімнен.

Сағыныш боп қалды ғой,
Сол бір кезең тосын жай.
Әттең қайтып не керек,
Жолымыз кетті қосылмай!
Жақын жүрер жақсылар ағайынға

Тәрбиеге үйренер бала бастан,
Опынады абайсыз жаза басқан.
Жатбауыр боп суынып кетпес үшін,
Жөн болады туысқа араласқан.

Шамы жанып ішкі жан сарайында,
Жақын жүрер жақсылар ағайынға.
Ел аузында сақталған бір аңызды,
Жеткізейін сөз жігін табайын да.
Білмегенге бұл аңыз мәлім болсын,
Кейбіреуге деген ой тәлім қонсын.
Бауыр жайлы сабақ ап біраз адам,
Жақындықтың толайым жағын көрсін.

Жаугершілік сонау бір заманында,
Жаудың қалған аз қазақ аранында.
Дұшпандарға күштері жетпеген соң,
Қазақ қашқан амалсыз аманында.

Қиын кезең қан төгіп сабаласқан,
Әйелі мен ұлына қарамастан.
Көп ішінде бір байқұс ебін тауып,
Қарындасын бір туған ала қашқан.

Былай шыға қазақ бас құраған да,
Жоғын жоқтап аманы жылаған да.
Қарындасын құтқарған батырдан да,
«Жарың, ұлың қайда» деп сұраған да?!

Жасадым ба білмеймін білмес қылық,
Шегіндік қой кейінге тым кешкіріп.
Жау қолында екеуі қалып қалды,
Қарындасты атыма мінгестіріп.

Әйел деген жетеді табылады,
Ұл да болар ашылса бағым әлі.
Әке-шешем қартайған білесіңдер,
Бауыр деген қиын деп аңырады!

Жүздерінен аңғартып жылымышты,
Жұрт әрине уәжді ұғынысты.
Қиын жерде жаныңды езіп кетер,
Бауыр деген түсінсең құбылысты!

Әзәзілді білмеймін неге тыңдар,
Өкпелесіп өзара төгетін зар?!
Бір-біріне туысты айдап салса,
Айтақтаған иттерге еретін бар!

Жырды жазам көбіне мен еңіреп,
Елге болар ақылдың керегі деп.
Артық болмас әйтеуір білгендері,
Бауыр жайын ұғынса тереңірек!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *