Ізгілікті сана:  Конституцияны құрметтеу — өзімізді құрметтеу Ізгілікті сана:  Конституцияны құрметтеу — өзімізді құрметтеу
Нақыпбек Сәдуақасов 1947 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Ақтоғай селосында туған. Қазақ Мемлекеттік Университетінің заң факультетін бітірген. ҚазССР Ғылым академиясының философия жəне құқық институтында... Ізгілікті сана:  Конституцияны құрметтеу — өзімізді құрметтеу

Нақыпбек Сәдуақасов

1947 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Ақтоғай селосында туған. Қазақ Мемлекеттік Университетінің заң факультетін бітірген. ҚазССР Ғылым академиясының философия жəне құқық институтында ғылыми қызметкер, ҚР Юстиция министрлігінде бас кеңесші, ҚР Жоғарғы Кеңесінде құқықтық ақпарат тобының жетекшісі, «Туранбанк» заң департаменті директоры қызметтерін атқарған.
Жүзден аса публицистика жəне құқықтық ғылыми еңбектердің, бірнеше заң жобаларының бірлескен авторы.

 

Қазіргі таңда намысы кернеп жүрген ұлтжанды азаматтарды «қазақ мүддесі -оның біртұтас ұйысқан ұлт болып қалыптасу келешегі, қазіргі жағдайдағы олпы-солпы ана тілі күйініші, елең-алаң жағдайдағы Ел тағдыры, қатуланбаған қазақи рух» өзекті мәселелері қабырғалрын қайыстырып, жүректерін сыздатып жүргені аян. Бұл мәселелер жұрт арасында толқу тудырып, сан мәрте әр түрлі талқылау аясында екені белгілі. Осыған орай, қалың елдің, үміт күтер келешегіміз — жастардың, қазіргі жағдайдағы көлемді дүниетанымды қамтып қарағанда қалыптасқан жалпылама түсінігі, ой өрісі қандай дәрежеде?
Тәуелсіздігіміздің бір де бір тірегі – қазақстандық патриотизм мен ұлтжандылық деңгейі ұшқыр заман ағысындағы бет алысы қандай? Ана тілді құрметтеу деңгейі, қолдану тәжрибесі ойдағыдай ма? Осы тақырыптың басты мәселелеріне зейін қою аясында «ой, сана, аброй» сөздерінің мәндік шеңберін философиялық тәсілдермен зерделеп, болашаққа тигізер ықпалды маңызын айқындағанды Ел келе-шегіне, жастар болашағына тиімді болар деген ойдамын. Әралуан ғаламат құбылыстарға көл-көсір табиғи жаратылыстың адамға ғана тән ой-сана төңірегіндегі проблемалар қазіргі замандағы философия мен бірқатар ғылым салаларының да аса бір күрделі күнтақырыбы болып саналады.
Ғалымдар ой-сананы дүниедегі аса бір ғажайып құбылыс деп есептейтіні орынды. Өйткені ой-сана жаратылыс әлемінде тек адамға ғана тән ерекшелік — «аспанға ұмтыла жыпырлап ұшқан құс, кең далада тыпырлап жүгірген аң, көк тұңғиықта бытырап жүзіген мыңдаған балық түрлерінің» ешбіріне де берілген қасиет емес. Адам баласы осы ұшқан құс, жүгірген аң, жүзіген балықтармен физикалық тұрғыда сайысқа түсе алмайды. Олардың басым көпшілігі осы үш кеңістікте одан оңай озып кетеді. Ал адамның олардан озатын өзгеше айрықша қасиеті — озық ой, пайымды сана. Хайуанаттардың болмысын тек инстинкт билейді. Ой-сана жаратқанның тек адам баласана ғана еншілеткен бағасы шексіз аса құнды қасиеті. Бұл қасиет арқылы тірі пенде атаулы сан алуан құбылыстарға толы дүние болмысы жайлы мол тәжрибе жинақтап, өзгеріске толы жаратылыс заңдылығына икемденіп, оны өзі де өз мүддесіне қарай мейлінше өзгертеді, барынша түрлендіреді. Ой-сананың өз мүддесін алға тартып келешекті болжау, алдағы болар оқиғаларға көз жүгіртіп, оларды өзінің талабы мен рухани керегіне жаратумен қоса табиғат пен қоғамды, олардың заңдылықтарын ескере отырып, өзгертуі де айырықша ерекшеленеді.
Адам өзінің ой-санасына сай мақсатты іс-әрекеттері арқылы қоршаған орта мен қоғамды жарамды етуді көздеп, оған қол жеткізуге тырысады. Адамзаттың 20-шы, әсіресе біз куә болып отырған 21 ғасыр бойы таңқаларлық техникалық жетістіктері осының көзге қанық дәлелі. Тіпті осыдан 15 шақты жыл бұрын, телефон түгір, теледидарды қалтаңызға салып жүретін кез келеді дегенге ешкім сенбес еді. Қазіргі әркімнің қолындағы «смартфондар» адам ой-санасы арқылы таңқаларлық жетістікке жеткендігінің айғағы.
Ғалымдардың топшылауы бойынша, егер де адамның жадына сіңген ой-санасын әеуметтік-психологиялық тұрғыдан зерделесе, оның үш түрлі бағыттағы мазмұны айқындалады. Біріншісі, дүниетану -әлем жаратылысына саналы түрде қарау. Дүниетану оқу мен тәрбие, немесе әлеуметтік ортада қалыптасады. Екіншісі, адамның санасындағы идеология. Бұған адамның қоғами байланыс пен қатынастарға көңіл бөліп саналы түрде қарауы саналады. Сонымен адамның санасының үшінші бағыты -оның өз жан дүниесіне үңілуі мен өзінің мүмкіндіктерін бағдарлауы, немесе бұл «өзін-өзі тану сана-сезімі» болып есептеледі. Нақты осы жайт адамды қоршаған ортадан баса ерекшелендіріп бөліп тұрады. Тек сана-сезімді арқау ете, адамдар өздеріне әлемді, табиғатты және қоғамды өзгерту жауапкершілігін мойнына алады. Әрине, бүкіл әлемдегі жағдайларды елестетсек, бұл өзгертушілік нышаны әр жерде әр санатта жүзеге асырылып жатқаны шындық: бір тұста гүлдеп, бір тұста күйреп жатыр.
Сана-сезім адамның өмірін түсінікті және мақсатты етеді. Сонымен қоса ол өзі зейін қойып қабылдаған кең ауқымды ақпаратты сақтау мен қоса сұрыптап, ойлау қаблетіне сүйене оны творчестволық өзгертіп мейлінше жетілдіреді. Адам өзіне жеткен жан-жақты ақпаратты сыни көзбен бағалап, өзінің мүддесіне пайдалану үшін жіктеп іріктейді. Ақыры, жинақталған мәлімет-тәжрибені ақылға салады. Осы орайда, ұлы ғұлама ғалым-философ Әбу Нәсір әл-Фараби: «Ақыл-парасат – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнердің қыр-сырын ұғуына, жақсы қылық пен жаман қылықтың ара жігін ашуына көмектесетін күш» деген екен. Бұл ойы терең, өрісі биік ғибратты нақыл.
Әлбетте, нәресте ой-санасы толық қалыптасып тумайды, сәби тек жан-жақты жетілген адам қатарына қосылуға үміткер ғана болады. Ол уақтылы қалыптасатын адами қаситеттерді тілі шығып ұштала келе қоғам мүшелерімен араласып, хат танып, бай рухани мәдениетті меңгере отырып, есін әрдайым әрқилы мәлмет-деректермен толықтыра отыра дамытады. Былайша айтқанда, қазіргі адамның табиғаты мен ішкі жан дүниесін қоғами қатынастардың, сондағы үстем алған ой-сананың тікелей де жан-жақты ықпалының нәтижесі десе де болады.
Сонымен қатар, аталған негізді факторлармен байланысты адамның толысып дамитын ой-санасы оның жеке дара тұлға екендігін танып-түсінуі, мүмкіндіктерін болжауы арқылы дүниеге қатысты белсенді бағыт-бағдар ұстанатындай жеке дара «өзін-өзі ұғыну сана-сезімі» қалыптасады. Сонымен қатар адам табиғатының осы феномені әр дәрежедегі денгейде болғанымен, өзіне баға беру мен өзін-өзі бақылап ұстаумен тікелей байланысты. Тақырыбымызды талдап келе, басты өзекті ойы, осы «өзін-өзі ұғыну сана-сезімі» арқылы адам салыстырмалы тәсілмен өзінің болмысына, тірлігіне, ой өрісіне қанағаттана ма яки қанағаттанбай ма, соны шешуге талпыныс жасайды.
Әркімнің қадір-қасиеті өзін-өзі бағалауымен ғана емес, сонымен қатар әр пенденің қоғамдағы абырой-беделін сипаттайтын қасиеттерінің бойында бар-жоқтығымен, қоғам мүшелерінің жүйелеуімен айқындалады. Адамның қадір-қасиеті деген түсінік әлеуметтік маңызы бар жағымды әрекеттерді жасауға байланысты әдептілік ұғымдар негізінде қалыптасады.
Сол талпыныстардың мақсатты жасампаздыққа бағытталған ба, немесе кертартпалыққа бағынған ба? Елге, қоғамға қандай пайдалы да жағымды белсенділік көрсету керек? Ойымызды осы бағыттарға қарай өрбітіп талдағанды отаншылдық талаптарына пайдалы да ұтымды болар деп пайымдаймын.
Сонымен, осы орайда, сөздің басын Ата Заңымыз – Қазақстан Рес-публикасының Конституциясының қағидаттарынан қозғайық. Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің Негізі Заңы ретінде жарияланғаннан бастап аса маңызды құқықтық акті болып есептеледі. Ол Қазақстан Республикасының бүкіл нормативтік құқықтық ак-тілерінің санаттарында ең жоғарғы тұғырын иеленеді. Оның себебі, ол республикалық құрылыстың бұлжымас негізін, мемлекеттік билік жүйесін, мемлекет пен оның азаматтарының арақатынасын белгілейді. Сон-дықтан Негізгі Заңның 4 бабының 2 тармағында: «Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады» – деп атап көрсетілген. Егер Елімізде қандайда болмасын заңдар мен олардың нормалары Конституцияның қағидаттарына қайшы келсе, олардың заңдық күші сол бойда түпкілікті жойылуға жатады. Конституцияның кіріспесі мен баптарында қоғам мен мемлекет өмірінің басты мәртебесі мен қоса түбегейлі құқықтық қағидаттар белгіленген.
Бұл, мысалы, Ата Заңымыздың 1-бабында мынадай қағидаттармен айқындалған: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Елімізде құрып жатқан құқықтық мемлекет ұғымын адам құқығы мен еркіндігін қамтамасыз ету бағытында дамитын биліктің негізгі нысаны екендігін түсініп, ой түю керек.
Құқықтық мемлекет барлық іс-шараларын тек заңдылыққа бағындырады. Ол қандай да болмасын мәселесін іске асырған шақта, үстемділікті құқық иеленеді. Қазақстан Республикасы өзін зиялы мемлекет ретінде орнықтырғандықтан дін мемлекеттен бөлінген. Негізгі Заңға сәйкес, Еліміздің барлық азаматтарының ар-ождан бостандығына құқығы бар, яғни дін ұстану еркі мен діни рәсімдерді орындауға өз еріктеріне берілген. Ата Заңда ең жоғары құндылық ретінде «адам, оның өмірі, құқығы мен еркіндігі» қарастырылған.
Бұл нормада адам құқығы мен еркіндігі жариялануымен бірге, қоғам мүшелеріне экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени жағдай жасауды мемлекет өзінің басты міндеттері қатарына койып, қабылдаған. Осыған сай мемлекет адам құқығы мен еркіндігін қамтамасыз ету мен осы құқықтарға нұқсан келтірмеуді өзіне басты мақсат еткен.
Негізгі Заңның 34-бабында: «Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті» деп атап көрсетілген.
Еліміздің азаматтары Қазақстан Республикасының Конституциясы мен барлық заңнамасыдағы талаптарды сақтауға аса көңіл бөлуге тиіс. Басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеу әрбір адамның міндеті болып табылады. Осыған сай, құқық тәртібінің, заңдылықтың, адам құқықтары мен бостандықтары жүзеге асырылуының, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім орнығуы, еліміздің барлық азаматтарының, лауазымды тұлғаларының және қоғамдық бірлестіктерінің Ата заңымыздың қағидаттарын шынайы қолдауы, нормаларын дұрыс түсіне қолдануы – Қазақстанның одан әрі нығайып қалыптасуының маңызды шарты болып табылады. Осы қағидаттарды санаға салу және осыған сай өмір салтанатын орнықтыру өте маңызды екені айқын.
Қоғам мүшелерінің ортақ жоғары саяси мәдениеті демократиялық құқықтық мемлекет құрудың елеулі негізі болып табалады. Халық мәдениетінің жоғары деңгейі білім жүйесі мен тәрбие, ғылым мен өнер, көркем шығармашылықты дамытумен тікелей байланысты.
Сонымен, оған адамдардың зиялылығы, ізгілігі, рухани жан дүниесінің жан-жақты дамуы кіреді. Адам бас қасиеті ұғымы адамгершілік түсініктердің негізінде және әлеуметтік маңызды және құқықтық мәні бар әділетті іс-әрекеттерді қолдаумен байланысты қалыптасады. Осымен адамның рухани және әлеуметтік қасиеттерінің қоғамдық бағасы айқындалады. Адамның қадір-қасиеті оның мәнінің негізі және өзін-өзі танудың өлшемі.
Әрбір қоғами жеке тұлға өзінің құқықтары мен бостандықтарын іске асыру кезінде басқа тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарына кедергі жасамауы міндетті. Қазақстанда құрып жатқан құқықтық мемлекет ұғымын адам құқығы мен еркіндігін қамтамасыз ету аясында әрекет ету деп түсіну керек.
Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық қағидаларын орнықтыру аясында қазақстандық патриотизм ерекше орын алады. Қазақстандық патриотизм қоғамдық және мемлекеттік өмірдің барлық саласында ортақ мүдделерді ақылға түю мен оларды қоғами өмірде басшылыққа алу негізінде жүзеге асырылады. Ата Заңымызда еліміздің азаматтары тарихи және мәдени мұраны сақтауға қамқорлық жасауға, тарих және мәдениет ескерткіштерін, табиғи құндылықтарды қастерлеуге, мәдениетті, мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді, қазақ халқының және этностық диаспоралардың әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін құрметтеуге міндетті деп атап өтілген.
Заң шеңберінде қамтылған талаптарды құрметтеу мен орындау жеке тұлғаның құқықтық мәдениетінің айнымас сипаты болып табылады.
Қазақстан Республикасының әр азаматы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті. Қазақстан Республикасы Конституциясының 9-бабына сәйкес Қазақстан Респуб-ликасының Мемлекеттік Туы, Қазақстан Республикасының Мем-лекеттік Елтаңбасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері болып табылады. Айырықша айтар болсақ, бұл рәміздер мемлекетіміздің анық тәуелсіздігінің, бұлтарыссыз еркіндігінің, әлем мемлекеттерімен терезесі тең екендігінің айқын бейнесі болып танылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін ресми пайдаланудың заңнамалық тәртібі осы рәміздерге құрметті қарым-қатынасты қалыптастыруға, қазақстандық патриотизм сезімін көтеруге көзделген. Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеу міндеті еліміздің әрбір азаматына қойылатын талап.
Сонымен, Қазақстан Респуб-ликасының Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын және Гимнін қорлаған кінәлі адамдар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 372-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Елжандылық санасы төмен кейбір азаматтардың Атабайрағымызды қорлаған келеңсіз жайттары орын алғаны туралы теледидардан өкінішке орай бірнеше мәрте көрдік.
Арнайы, айтар тілек. Қа-зақстандықтардың барлығы дерлік Қазақстан Гимнінің мәтінін жатқа біліп қоймай, сөздерінің ой-түсінігінің тереңдігіне жіті көңіл бөліп, қашанда жадында сақтап, үлкенді-кішілі салтанатты шаралар барысында дауыстай қосылып, шынайы ынтасымен айтуы үлкен парыз.
Бұл нақты патриотизмнің көрнекті сипаты. Әнұранымыздың әр шумағы, әр сөзі терең ұғымдарға толы, ал әуені – жанымызды сергітіп, көңіл-күйімізді шалқытады. Ол әркез айтылғанда –ішіміз қуаныш пен мақтанышқа толады, оның әр шумақтары үлкен де ізгілі жасампаз істерге жол сілтейтіні анық. Кейде салтанатты іс-шаралар барысында теледидардан Үкімет басынағы кейбір шенділер, министрлер, лауазымды қызметкерлер, атақты спортшылар Әнұранымыздың мәтінін білмей, ауыздарын жыбырлатып қосылған болады, бірақ әрекеттерінің жасанды екендіктері көрініп тұрады: халықты көпе-көрінеу алдау жараспайды. Қандайда болмасын жағдайда жасандылықтың қайыры бомайды.
Тарихи мысал ретінде есімнен щықпас оқиға: 1985 жылы М.Горбачев КСРО-ының билігіне келіп, КОКП ОК-нің Бас хатшылығына сайланып, Съездер сарайында аса салтанатты өтетін коммунистер съезінде айтылатын коммунистер гимні «Интернационалды» айырықша құл-шыныс пен өзінше шынайылылық білдіргенсіп, шімірікпестен аузын кереқарыс ашып-жапқан болды.
Бірақ ол, осының алдында 30 жылдан аса коммунист болғанымен, гимнің сөзін білмейтіні айқын көрініп тұрды. Мен секем алдым. Көзбояушылық пен алдампаздық әсте жақсылыққа апармайды. Көп ұзамай М.Горбачев КСРО-ның құлауына бірінші себепкер болып, ал миллиондаған коммунистер далада қалғанын көзімізбен көрдік емес пе?!
Ат төбеліндей ұлтжанды қазақ қоғамы мүшелерін аса алаңдатып жүрген мәселе – ана тіліміз тағдыры. Халқымыздың 90 пайызы орысша сөйлегенді қалайды. Ал қазақша сөйлейтіндері екі сөздің бірін орысша айтады.
Ойшыл-ғалым Ахмет Байтұр-сынұлы жүрегі қанталап, ашына мына жанды сөздерді бекер айтпаған: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі». Жіті терең ойлап, келешекке қырағы көз жүгіртсек: әлем халықтарының арасында халық болып қалуға келешегіміз бар ма, немесе тілден айырылып басқа халықтардың арасына із-түзсіз сіңіп, ғайып болып кетеміз бе?
Қауіптен арылу тетіктерінің ең қуаттысы Ата Заңда қамтылған. Оның 7 бабының 1 тармағында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп атап көрсетілген. Қазқастан Республиксының Конституциясының барлық қағидаттарын құрметтеу, қастерлеу және міндетті түрде орындау құқықтық мемлекеттің міндеті және қоғам мүшелерінің басты парызы екенін түбегейлі талдап келіп, Ел азаматтарының барлығы дерлік аталған бапқа құрмет көрсетпеу, талаптарын орындамау қолданыстағы заңнамаға кереғар және жалпы адами санаға әсте сиғылықты болып саналмайды. Осыны ой-санаға салыңыз, азамат!
Сонымен, түйінді ойымыз, ҚР Конституциясы мен оның қағидаттарына сай қабылданған заңдарға құрмет ету, оның ережелерін орындау әр азаматтың асыл парызы болуы тиіс. Негізгі Заң өзіне тиесілі мәртебелі болуы үшін, оның қағидаттарын әрдайым басшылыққа алып, бұлжытпай орындау абзал. Мемлекетімізде құқық бұзушылық, қылмыс жасау, сыбайлас жемқорлық орын алып келеді. Бұның бәрі еліміздің дамуына кедергі келтіретіні аян. Заңды бұзушылармен, осындай келеңсіз жайттармен ымырасыз күесу – әрбір азаматтың парызы.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *