Өмір саған құштармын… Өмір саған құштармын…
Өміртай ЕДІЛХАН 1990 жылы туған. Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының «Қазақ тілі – болашағым» номинациясының номинанты. Қ.Аманжоловтың 100 жылдығына арналған мүшәйрада 2-ші орын,... Өмір саған құштармын…

Өміртай ЕДІЛХАН

1990 жылы туған. Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының «Қазақ тілі – болашағым» номинациясының номинанты. Қ.Аманжоловтың 100 жылдығына арналған мүшәйрада 2-ші орын, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Қарағанды облыстық жыр бәйгесінің 3-ші орын жүлдегері. Халықаралық «Шалқар» және республикалық «Тұмар», «Үркер» т.б. басылым беттеріне және бірнеше республикалық кітаптарға өлеңдер топтамасы енген. 

***
Менде күлкі,
Мұң жоқ-тын.
Сенгіш едім балаша,
Құшағына еніп алып түнгі оттың,
Өртенуші ем, таң атқанша тамаша.

Менде шаттық,
Кек жоқ-тын.
Дос санағам барлығын,
Илеуіне араласпай көп боқтың.
Ізін баққам, үлгі қылып арлының,

О, тамаша сәттерім-ай ең ізгі.
Өтті, кетті қол бұлғап,
Тілектерін арнап кейде ел ізгі.
Бір кездері басыма да қонды бақ,

Шаттанғанмын, алшаң басып, айға ұлып,
Кеудем толы қуаныш.
Көрмегенмін еңсем түсіп, қайғырып,
Өкпелі жүз кейіппенен тым алыс.

Менде күлкі,
Мұң жоқ-тын.
Сенгіш едім балаша,
Құшағына еніп алып, түңгі оттың,
Өртенуші ем, таң атқанша тамаша.

***
Бізді күз күтіпті,
Сарғайған маужырап.
Санамыз күдікті,
Жеңе алмай қалжырап.

Қалыппыз дәрмен жоқ,
Ұмтылыс ұмыт боп, шегініп.
Жасаған кейіпте пәрмен көп,
Жүріппіз,
Кінәлай алмаймын сені кеп.

Сол мезгіл, сол сәттің бейнесін,
Сақтапты сол қалпы.
Сезімнің нәп-нәзік пернесін,
Дөп басып толғатты.

Күз келді, күз кетті,
Жаңарып тіршілік.
Ұмытқан боларсыз сіз тіпті,
Отырмын мен аздап күрсініп.
***
Әй, әй, қызық…
Өмір саған құштармын,
Ұшқым келді үнін естіп құстардың.
Бір қызығы өзгеріп те кетіпті,
Бала күнгі мендік біраз ұстаным.
Қалмағандай өткенімде сызат түк,
Қайрылмас күндерді де ұзаттық.
Сағыныш боп оралады кей кездер,
Бұрынғыдай бола алмайды бірақ түк.

Алқам-салқам балалық-ай арттағы,
Өткізетін еш алаңсыз аптаны.
Сол күнәсіз бейқам жатқан шақтарды,
Күндер аттап, жылдар келіп таптады.

Еміс, еміс естеліктер есімде,
Бала едік, ынтық едік өсуге.
Топ-топ болып жиналып ап ауылда,
Болған едік бізде бір кез есірме.

Әй, әй, қызық…
Өмір саған құштармын
Ұшқым келді үнін естіп құстардын
Қайта келіп балалығым қуантсаң,
«Кет» деп сені аластатып қыстар кім?

АУЫЛЫ ЖАНЫ
(триптих)

1
Дәл қазір ауыр ойым, ауыр денем,
Қасыңнан табылмай тұр бауыр деген.
Қазір тартып кетсем бе ауыл жаққа,
Шіркін-ай, керемет қой, ауыл деген!

Не білемін шынында, нені ұғамын?
Қаланың тірлігінен жалығамын.
Аңсаймын ауылымды сағынамын,
Тар көшеде тарылып не қыламын?

Не табамын қаладан неге жетем?
Көрмегенді бұл жерден көреді екем.
Төбемнен төмен қарай төксін алтын,
Бәрібір ұшқан ұя бөлек екен.

Жанымның шөлдегені, аңсағаны,
Алдымнан қоңыр дөңдер арсы алады.
Туысым – жатаған тау, досым – құмдар,
Естеліктер есімде жар салады!

Есіме бәрі, бәрі оралады,
Кеудемнен бар қасірет жоғалады.
Ауылдың жұтқан кезде саф ауасын,
Көзімнен ып-ыстық жас жаралады!

2
(Әжем ақиқатқа қайтқанда)

Сағынып жүрмін, егіліп ессіз ұзақ түн,
Көзімнен мұңды, кеудемнен қайғы ұзаттым.
Ауылға барсам, асқынған дертім басылар,
Апамдай күтіп алады мені бірақ кім?!

Баянсыз — бәрі, балбырап тағы батар күн,
Жамылып қайғы, жастанып уайым жатармын.
Ауыл-ай, ауыл, аларсың мені құшаққа,
Құшағындай болып апамның!

Болмысы оның – кеңдігі еді даланың,
Мейрімге толып, мөлдіреп кәрі жанары,
Қалаға қайтар мезетте қимай баласын,
Апамдай болып, кім мені жолға салады?

Ауыл дегенің – апамның аппақ тілегі,
Раушан гүлдей құлпырған нәзік жүрегі!
Ауыл десеңіз – анасын бәрі еске алар,
Ауыл дегенің – мейірімге толы КҮН ЕЛІ!

3

Байыбына бармаймыз ештеңенің,
Артық сөзден бауырым, сескенемін.
Бүгін тағы ауылым түсіме енді,
Бүгін тағы үйіме кеш келемін.

Апам кірді түсіме, ауылдамын,
Жарықтық: «Жылы киін ауырмағын,
қарайлап жүр артыңа, жаным, балам,
саған қарап өседі бауырларың…»

…Деді де ғайып болды, көз алдымда,
Жалғыз қалып, жылаймын өз алдымда.
Ояндым сора-сора көзім жасы,
Серт етіп өз-өзімнен сөз алдым да,

«Жырлаймын, ауылымды, жан апамды,
Жырлаймын, ең аялы алақынды…»
деп, жынды адамдардай күбірлеймін,
қарсы алып, жалғыз тағы ала таңды.

Өмір деген – сағыныш, расында,
Сағынышпен сынаса, сынасын да!
Ауыл деген – ол менің өмірім ғой,
Онсыз өмір сүре алман, ұғасың ба?!

Неге, неге ауылды сағынамын,
Бәрі таныс, құдай-оу, бәрі мәлім,
Ауыл жайлы бір сәтке ойлай қалсам,
Қайғымнан, қасіреттен арыламын!
Астанадағы қырғыз қызына

Тумай жүрген туындым-ай,
Бұрын соңды көрмеп ем сұлу мұндай.
Алатаудың бауырын еміп өскен,
Судан мөлдір тап-таза тұнығым-ай.

Қиялымды көмкеріп өзің жаққа,
Оранғаным анық ақ сезілді отқа.
Қарағаның қиылып күлімсіреп,
Көз алдымда тұрғандай өзің жоқта.

О, құдірет…
Бұл неткен әдемілік?!
Бара жатыр қараумен дәмем құрып,
Сенің сұлулығыңа үнсіз ғана.
Тамсанып тұрғандай ма әлем тынып?!

Тілім қалып күрмеліп, үнім шықпай,
Ғашық еткен өзіңе құлыншақты-ай.
Көрдім дағы өзіңді, жайып салдым,
Ішімдегі жүрген жырды бұрын шықпай.
Хат жаз!

Жасынды сүртші боздамай,
Онсызда ішім жылап тұр.
Өткенді қайтып қозғамай,
Өзіңді көрші сынап бір.

Қайтеміз босқа алысып,
Шыдайық үнсіз тынып тек.
Сәттерді жаным ал ыстық,
Айтпаймын қинап ұмыт деп.

Себебі жүрек сенікі,
Кеудеңнен ешкім ала алмас.
Бірақ та өткен он екі,
Ай қайтып бізге оралмас.

Жас алма мөлдір көзіңе,
Жүректе қалсын бар мұңың.
Сезіп те біліп өзің де,
Түйерсін іштей барлығын.

Тек мені қинай бермеші
Адал-ақ болғам сезімге
Шын сүйсен қане сөйлеші
Бар айып сенің өзінде

Сағынсаң егер өткенді,
Бұлайша қарап тұрмас ең.
Айтар ең келіп өкпеңді,
Жасырмай маған сонда сен.

P.S
Күрмеліп қалса қу тілің,
Хат жаз…
***

Дала аппақ, түн тыныш,
Ел ұйқыда тым тырыс.
Күбірлейді кеудемде,
Маған таныс бір дыбыс.

Сақшысы боп, ой, ардың,
Ұйқым қашып, ояумын.
Сөйлесетін болыппын,
Өз-өзіммен аяулым.

Ішкі дыбыс ентелеп,
Жаныма кеп еркелеп.
Дәл сен сынды сыбырлап,
Тұла бойды өртемек.

Жаным дел-сал, тәнім – мас,
Ешкімге де бағынбас.
Көрсең келіп айналып,
Күйде тұрмын танымас.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *