Ұлттық сипатта  оқулық жазған жазушы Ұлттық сипатта  оқулық жазған жазушы
  Еркінбек Тұрғынов, Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың иегері Б.Майлиннің туғанына –125 жыл     ХХ ғасырдың басында қазақ даласына ерекше серпін тудырған зиялылар шоғырының бірегейі,... Ұлттық сипатта  оқулық жазған жазушы

 

Еркінбек Тұрғынов,
Ғ.Мүсірепов атындағы
сыйлықтың иегері

Б.Майлиннің туғанына –125 жыл

 

 

ХХ ғасырдың басында қазақ даласына ерекше серпін тудырған зиялылар шоғырының бірегейі, қазақ баспасөзінің негізін салушы, қысқа әңгіме жанрының майталманы Бейімбет Майлин халқына өлшеусіз еңбек сіңірді.   Биыл туғанына 125 жыл толып отырған ұлт зиялысының мол мұрасы кеңінен насихатталып жатыр. Мақалада қалың жұртшылыққа жазушы ретінде ғана таныс Бейімбет Жармұхамбетұлының ұстаз, әдіскер-ғалым ретінде сауатсыздықты жою мәселесіне қатысты жазған оқу құралдары сөз болады. 

 

Қазақ ұрпақтарының әлем өркениеті кеңістігіндегі озық жетістіктерді игеруін жүзеге асырудың педагогикалық-психологиялық негізі – мектептегі оқыту жүйесі. Оқыту үшін басты мәселе – балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқу құралдарын жазып, оқу үдерісінде қолдануын жүзеге асыру. Ағартушы Ы.Алтынсаринннің қазақ өркениеті тарихындағы биік мәртебелі ісі – қазақ балаларының ұлттық болмысына лайықты әлемдік дәстүрмен деңгейлес тұңғыш оқу құралын жазғандығы. «Қазақ хрестоматиясы» оқу құралының «Сөз басы» бастауындағы ағартушының өзекті пікірі айрықша маңыздылығымен байқалады: «Осы уақытқа дейін Қазақ халқының таза қазақ тілінде басылған бірде-бір кітабы болған жоқ. Сондықтан, оқу орындарының мұғалімдері қазақ балаларын оқытқанда амалсыздан қазақ тілінің орнына татар тілін пайдаланып жүр, сол себепті шәкірттерге ана тілін тастап, татар тілін үйренуге тура келеді. Екінші жағынан татардың кітап тілі бұл тілді татарлардан шыққан оқымыстылардың өздері де менсінбегендіктен араб, парсы сөздеріне лық толған, қазақтарға түсініксіз, осылармен қатар бір ескерілетін нәрсе, қазақ халқы азбаған, табиғаты таза халық. Оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сия алмайды. Ой-пікірі еркін, оның келешегі үшін оған тек сана-сезім жағынан жалпы біліммен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр. Ал осы айтылған мақсаттарға жету жолында мен білсем осы күнге дейін ешқандай жетекші құрал болған жоқ.» [1, 66 б].
Қазақ өркениетінің тарихында әлемдік оқу-ағарту, білім беру бағдарламалары аясында ағартушы Ы.Алтынсариннің осы тұңғыш оқу құралының педагогикалық-психологиялық бағдарлы оқу құралының құрылымдық жүйесі – бұдан кейінгі осы тектес кітаптардың негізі. Ы.Алтынсариннің осы «Қазақ хрестоматиясы» (Киргизская хрестоматия) оқу құралының 4 тарауының әрқайсында Алаш ағартушыларының кітаптарына да, қазіргі заманғы кітаптарға да үлгі көрсеткіш бола алады. Атап айтқанда:
1.«…Балалар өмірінен алынған әңгімелер»; «…Мысалдар мен халық әдебиеті»; «…Балалардың туғандарына жазған хаттары»;
2. Әр түрлі жастардағы адамдардың өмірінен алынған әңгімелер;
3. Ең жақсы қазақ ақындарының өлең-жырларынан үзінділер;
4. Қазақтың мақал-мәтелдері; [1, 7 б].
Ағартушының қазақ мектептеріне арналған осы тұңғыш оқу құралының үлгі дәстүрі 20 ғасырдың 10-30 жылдары Алаш оқымыстыларының, ақын-жазушыларының шығармашылық еңбектерімен жалғасты. Алаштың оқымысты зиялыларының қазақ ұлтын әлем өркениеті жетістіктерімен хабардар ету, жаратылыстану, қоғамдық-гуманитарлық ғылым салалары бойынша бастауыш, орталау, орта жоғары білім беру жүйесін қалыптастыру, дамыту мұратында кешенді ғылыми әлеуметтік психологиялық кешенді ұстаным мұратымен еңбек еткен қайраткерлік көзқарастарын танимыз. Сондықтан, олар жазып қолданысқа ұсынған оқу құралдарының білім алудың барлық деңгейлеріне пайдалы екендігі байқалады. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының оқулықтары (Оқу құралы 1912ж., Тіл құралы 1914ж., Әліпби 1914ж., Жаңа әліппе 1926-1928; Әдебиет танытқыш 1926., Баяншы 1926ж. Оқу құралы (Т.Шонанұлымен бірге 1926-27жж. Т.б.) – Қазақ ұлттық оқу-ағарту жүйесін қалыптасуындағы тұңғыш кітаптар болуымен құнды. Ы.Алтынсариннің, А.Байтұрсынұлының ұлттық оқу-ағарту жүйесін дамытуға арналған оқулықтар, оқу құралдарын жазу дәстүрін жалғастырғандардың бастама кітаптары да, отандық педагогикалық, психологиялық ғылым-дар аясында қарастырылатын оқу-әдістемелік көрнекті еңбектер қатарын құрайды. Бұл орайда, Міржақып Дулатовтың «Қирағат кітабы» 1916ж., Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» 1928ж., Мағжан Жұмабеавтың «Педагогика» 1927ж., Мұхтар Әуезовтың «Новый ауыл», «Русский букварь для казахских детей» 1929ж; Ә.Ермековтің Қазақтың тұңғыш «Есеп» оқулығын Ж.Ақбаевтың құқық саласына арналған тұңғыш ғылыми басылымдар жазғанын олар жарық көргеннен кейін қолданысқа түскендері мәлім.
Алаш зиялы оқымыстыларының осы дәстүрі ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстан автономиялы одақтас республика болу кезеңдерінде оқулықтар, оқу құралдарын жазу дәстүрімен жалғасты. М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» 1927ж., С.Сейфуллинннің «Қазақ әдебиеті» 1932 ж. т.б. Бұл орайда, осындай сүбелі еңбектерді бағалап саралаған әдебиеттанушы ғалым А.Смақова «Алаш әдебиеттануы» зерттеу кітабында сөз арқауында Алаш зиялыларының, оқымыстыларының ақын-жазушыларының оқу-ағарту, білім беру арқылы қазақ ұрпақтарын рухани жетілдіру мұратындағы белсенді жұмыстарын жоғары бағалайды. Сонымен бірге, ағартушы ұлт ұстаздары Ы.Алтынсариннің, А.Байтұрсынұлының аталған кітаптарына дейін де қазақ балаларын орысша оқытуға арналған оқу құралдары болғанын атап көрсеткен: «…жазуға үйреткен кінеге» Букварь для киргиз Қазан қаласы, 1892-1894жж. 1908 ж. қайта басылған. «Қазақша букварь» Нұрбаев Уфа 1916ж., «Әліппе яки төте оқу» (И.Арабаев, Қ.Сәрсекеев Уфа 1911ж.,) Қ.Қожықов «Әліппе», М.Кәшімов «Ақыл кітабы», «Әдеп», «Үгіт» 1907ж. М.Бибердиев Қазақша оқу кітабы 1902 ж. Т.Жомартбаев «Балаларға жеміс»1912ж. С.Көбеев «Үлгілі бала» 1912 ж. «Қазақша ең жаңа әліппе» Малдыбаев 1910 ж. «Қазақ баласына жәрдем» қазақша әліппе кітабы Сырғалин 1913 ж. «Үлкендер үшін әліппе» жинаушылар: Ш.Сарыбаев, Е.Қожантаев Ташкент 1921 ж. Европалықтар үшін екі жылдық оқу құралы Қ.Кемеңгеров Қызылорда 1929 ж. [2, 92 б].
Қазақ өркениетінің тарихындағы ағартушылық-демоктариялық жаңа жазба әдебиет дәстүрінің қалыптасуындағы һәкім Абай Құнанбайұлы, Ы.Алтынсариннің дәстүрін дамыта жалғастырған Алаш қайраткерлерінің бірегейі ұлттық әдебиет алыптарының бірі Бейімбет Майлин (1894-1938жж.) шығармашылығын айтамыз.
Бейімбет Майлин өзі арнайы мектеп ашпаса да қазақ жеріндегі қабырғасы қаланған білім ошақтарының маңызы мен мәнін керемет суреттеген қаламгер һәм қайраткер. Оның сауатсыздықты жоюға сауатсыздардың білім алуы үшін жазған төрт оқу құралының авторы екені көпшілікке беймәлім болып келді. Атап айтсақ: Бейімбет Майлиннің «Шала сауаттылар үшін оқу кітабы (Сауаттылығы төмендерге арналған оқу кітабы)» (1929ж.), «Күш» сауаттылығы төмендерге арналған оқулық (1930ж.), «Жаңаша оқы және жаз» оқу құралын (1931ж.), және Ғабит Мүсірепов А.Ситдықовпен бірлесіп «Сауатсыздарға арналған әліппе» (1935-36жж.) еңбектерінің әдіснамалық негіздері атты төрт оқулық жазғаны мүлдем назардан тыс қалып келген-ді [3, 334-347 бб.]. Осыған қарап-ақ Б.Майлинді жазушы әрі публицист ретінде дәріптеумен қатар оны ұстаз әрі мықты әдіскер-ғалым ретінде де алға шығаратын уақыт жетті.
Ол өзінің «Шала сауаттылар үшін оқу кітабы» деген оқулығында оқу, білімге қатысты мынадай мәлімет келтірген: «Оқу жұмысына үкімет көмегі» тақырыбы бойынша: «Соңғы үш жылдың ішінде Қазақстанда оқу жұмысына ілгері бастыру үшін үкімет қазынасынан 43 миллион 700 мың сом жұмсалған. 1915 жылы патша үкіметі кезінде қазақ балаларына арналған бірінші басқыш мектептердің саны 500 еді. Онда оқитын балалардың саны 13 мыңға зорға жететін.
Қазірде қазақ балаларына арналған бірінші басқыш мектептердің саны 1680 мүнда оқушы қазақ балаларының саны 69869.» – деп оқырманға сол кездегі үкіметтің көмегін жеткізе келіп, оқу құралының әдет дағдысынан айнымай жалпы сұрақ қояды. Онда: «Сұрау: ауылдарыңда мектеп бар ма? Қанша бала оқиды? Мектеп салынды ма? Үкімет орнының оқу жөнінде тағы қандай көмегі болды?» [4, 3-4 б.].
Майлиннің қалың жұртшылыққа белгісіз қырының бірінің – әдіскерлігі. Ол: «Жаңаша оқы, жаз!» 1931 жылы Алматы қаласы Қазақстан баспасынан басылған. Бұл көмекші әдістемілк құралдың шымылдығы қазақ жерінде қолданылып келген төте жазудағы әріп үлгілерін Латын әліпбиіндегі баламасын кесте тұрінде көрсетумен бастайды. Аталған құралда: «Қазақстанда кен байлықтары.» деген тақырыпты мысалға келтірейік. Тақырыпта нүктенің болуы ол уақытта заңды болған секілді. Себебі Б.Майлин жазған оқу құралдарының (1929-1936жж. аралығында) бәрінде де тақырыптан кейін нүкте бар. Енді әлгі тақырыптың мәтіні төмендегідей: Кеңес одағындағы кен байлығы мол ауданның бірі – Қазақстан. Тас көмір, мұнай, жанар тас, темір, мыс, түрлі метал, тағы сондай қымбатты кендердің әр түрі де Қазақстан жерінен табылады. Қазақстан әсіресе мыс кәсібінің ең іргелі ауданы болып табылып отыр.
Бұдан басқа Қазақстанда толып жатқан қымбат өсімдіктер өседі. Бір-екі жылдан бері Тау саңыз өсімдігі қолға алынды, бұпан (бұдан – Т.Е.) қаушық (коучик – Т.Е.) өндіріледі.Коучикті бұрын шет мемлекеттен алушы едік, енді Қазақстан өндіріп беретін болды. 31 жылы 15606 гектар коучик қолдан егілмек.
А.Көшімбаевтың пікірі бойынша 1932 жылға дейін әдебиеттің арнаулы бағдарламасы да, оқулығы да болмаған. Тек 1932 жылы қазақ әдебиеті жеке пән ретінде мектептің оқу жоспарына еніп, оның тұңғыш бағдарламасы жасалып, жарық көрген. Ал 1934 жылы қазақ әдебиетінің жеті жылдық мектепке арналған жаңа бағдарламасы шыққан. Мұның 1932 жылғы бағдарламадан айырмашылығы – әдеби шығармаларды қоғамдық-саяси тақырыптардың төңірегінде шоғырландыра беруді қалдырып, әдебиеттік оқу, тарихи-әдебиеттік курс ретімен оқытуға бейімделгені болды [5, 32 б.].
«Сауат үшін» (Сауаттандыру мектептеріне арналған әліппе құралы) 1933ж. Алматы қаласы Қазақстан баспасынан басылған. Ғ.Мүсіреповпен бірлесіп жазған. Бұл еңбек өте тез уақытта басылып шыққанын авторлардың кітаптағы «ескертпесінен» анығында аңдатпасынан (аннотация) білуге болады. Онда: «Оқытушыларға. Сауат үшін – әліппе емес, әліппе орнына беріліп отырған құрал. Мұның ішінде берілмегендер мыналар: 1. Әріптің жазба түрі берілмеді. Оны беретін болсақ әліппе тез арада басылатын болмады. 2. Оқытуды оңайлататын суреттер бермедік. Оны күтсек басылу айдан артық кешігетін болды. 3. Жаттығу материалдары аз берілді. Оқытушы әріптің жазба түрін өзі көрсетіп, қосалқы материалдарды өзі толықтыру керек. Бұл есте болсын. Құраштырушылар.» [6, Аннотация беті].
Бұл құралдың ең негізгі мақсаты оқу, білімге аяқ басқан оқушылардың әріп танытушы нұсқаулық ретінде шығарылған.
Сауаттандырғыш Сауатсыздар әліппесі (1934, 1935, 1936 жылдары жалпы үш рет басылған.) Авторлары: Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, Ә.Сыдықов.
1935 жылы жарық көрген бұл кітаптың мазмұнына да назар аударайық. 3 бөлімнің атаулары: 1.Әліппе бөлімі, 2.Оқу материалдары. 3. Арифметика. Ондағы тақырыптар төмендегідей: Ескі өмір, Ұлы еңбек, Мұқатай, Қоңыр сиыр, Әйімкүл – тергеуші, Айтсам ба екен? Бай құлақтың тұқымы, Тап жауын есіңнен шығарма, Астық совхозы, Быладыймир Елиа ұлы Ленин: 1. Лениннен үйрендік, 2. Жеңіс, 3. Ленин қайтқаннан кейін, Ыиосип Бессарыжан ұлы Сталин, Мәшине тирактор стансалары (МТС), Жиылыс, Егіс жаулары, Еңбегіміз жанды, Мәгнитогор, Қарағанды алыбы, Қарсақпай, Кеңес, Кеңес одағы – еңбекшілердің отаны, Бес жылдықтың күзетінде, Ұшырасу, Капитал елінде. Ал, арифметика бөліміндегі тақырыптар мыныдай: Сипырларды (Цифр – Е.Т.) оқу, Қосу, Алу, Жазуша қосу, Жазып шегеру, Сом мен тиын аралас сандар, Көбейту, 6 мен 8 ді көбейту, Рим сипырлары, Ірірек сандарды көбейту, Бірден жазып көбейту, Бөлу, Бөлудің ең оңай түрлері, Ірі сандар, Пурсент [7, 79-80 бб.].
Арифметика бөліміне біраз тоқталып өтсек. Бөлім толықтай арифметикалық, математикалық амал-тәсілдерге құрыл-ған. Сол бөлімнен: Сом мен тиын аралас сандар. Жұмысшының негізгі еңбек ақысы 75сом 48 тиын. Қосымша артық жұмыс істегені үшін тағы 14 сом 31 тиын алды. Барлығы қанша алды.
Тиынды тиынға қосыңдар да, жүз тиындарын сомға ауыстырыңдар. Сомдарды жай сан сықылды қосыңдар [7, 64 б.].
Аталған оқулық құралында қалып-тасқан сөздерді қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне қарай «сындырып» жазылған. Мәселен, «Пурсент» сөзі – процент. Жалпы осы пурсент яғни, пайызды жан-жақты ұғындыру үшін төмендегідей мәтін мысалға берілген: Пурсент – нәрсе санын 100 ге бөлгендегі бір бөлігі. Пурсент таңбасы – %. 100% – толық мөлшері. 50% – толық мөлшердің тең жартысы. 10% – он бөліктің бір бөлігі.
Оқыңдар: Жоспар 100% орындалды. Жоспар артығымен 120% орындалды. Жоспардың жартысы – 50% орындалды. Сақтық кәссесі(кассасы – Е.Т.) 10% өсім береді. Нәрсе бағасы 20% арзандады [7, 78 б.].
Бейімбет Жармұхаметұлы жазған не төлавтор болған оқу құралдары тек бір саладан хабар бермейді. Адам өміріне қажетті барлық бағыт бойынша қоғам өмірінен ақпар қамтып отырады. Оқулық негізінде білім нәрімен сусындаған оқушы жан-жақты мағлұмат алады. Бұл біздің заманымызда көтеріліп жүрген функционалдық сауаттылық. Адамның жан-жақты сауатты болуы қай кезде де өзекті мәселе. Сол үшін де оқулық тек бір пәнге арналмаған. Бұл тұрғыда Профессор Ә.Қоңыратбаев пікірі өте орынды. Ол қазақ әдебиеті пәнін арнайы бағдармен оқыту әдістемесінің қалыптасуы кезеңдерін төмендегідей жіктейді: Революциядан кейінгі әдебиет пәні методикасының үш түрлі кезеңі болды:
•1917-1927 жылдар арасында жік қойылмай, «қоғам тану» түріндегі оқу болды;
•928-1938 жылдардағы оқу мектептің типіне негізделмеген тарихи-әдеби курс болып өтті;
•Бастауыш оқу, әдебиеттік оқу мен тарихи курс бағдарламасы
Осы кезеңдердің өздеріне лайық бағдарламалары, әдістемелік жүйелері болды… бірақ олардың мақсаты мен міндет бөлісіп, жоғарыда айтылған үш жүйе түрінде қалыптасты. [5, 33 б.].
Ал, 1930 жылы жарық көрген «Күш» шала сауаттылар үшін оқу кітабындағы» «Күліп шықты» аталатын әдеби-мәтінге назар аударалық: …Жәмила Ауылнайдың үйіне кіріп келді. Жүзінде ашу-кейістік бар. Жасырапжатқан көзін жаулығының ұшы мен сүртті.
−Ауылнай қайным, мына бәледен мені құтқар! – деді.
−Қайдағы бәле, Жәмила-ау!
−Ерігіп жүрген адам бар дейсің бе, қол бос болса тағы бір сәрі, шаршап үйге келсең, оңдап тұрған жүрміз: кіріңді жуарсың ба, балаңды бағасың ба, малыңды қарарсың ба? — қайсысын істерсің?! Оқу дегенді шығарып алыпты, мен енді бара алмаймын, аналарыңа айт!
−Ойбай-ау, мектеп туралы ма еді?!
−Енді не деп едің…
−Жәмила, ашуынды бас, жөнге кел, тыңда, түсіндірейін, — деді, — елдегі есті әйел дегеннің бірі сенсін, сенің оқымаймын дегенің мүлде ұят, оқу оқып, білім алсаң өзіңе пайда, өзіңнен асса, бала-шаға, үй ішіңе пайда. Қазір кеңес заманы. Кеңес заманында әйелдің еркекпен дәрежесі тең. Үкімет ішіне жұртшылық жұмысына еркекпен бірге әйелдердің де қатынасуы керек. Оның үшін әйелдердің хат танитын болуы керек. Мектептерің жақсы, екі-үш ай оқу болады. Өзіндей Мағрипа осы күні қол қоятын болып қалды…
Жәмила жұлып алғандай болып:
−Е, оның несі бар дейсің, қол қоюды мен Мағрипадан да әдемі білем деді.
−Ендеше ашуыңа жол болсын!
−Әлгі, Абдолла қағынғыр: «қатындарды оқытып, қалаға жұмыс істетуге алады екен» деген соң қорқып едім…
Ауылнай күліп жіберді:
−Өй, тәңір алсын, ойнап айтқанға нанғаның ба?.. үкіметтің мақсұлы (мақсаты Е.Т.) сендерді оқытып адам қылу. Сендер оқып хат таңысандар, еркектермен бірге жұмысқа аралассаңдар, жұртшылық жұмысы сонда көркееді… оқыңдар, адам боласыңдар, басқаларға үлгі болуға тырысындар!..
Жәмила ашуланып кірсе де, ауылнайдың сөзін есітіп жібіді. Үйден шығарында күлімсіреп:
−Оқысам оқиын! – деді.
Сұрау: Сауат ашқыш мектебінде қанша әйел оқып жүр? Әлеумет ісіне араласып жүрген әйелдерің тегіс сауатты ма? [8, 4-5 бб.].
Б.Майлин қай салада (көсемсөз, әдебиет, ұстаз-әдіскер) жүрсе де сауатсыздықты жою мен қазақ даласына біртіндеп еніп жатқан білім беру мәселесін назардан тыс қалдырмаған. Оның дәлелі жоғарыда аталған оқу құралында: «Жалпы міндетті оқу» аталатын тапсырмасында келесідей мәтін береді: «Қазақстан өлкесі ежелден мәдениеттен кенже қалған елдің бірі. Европалықтардан жүзден 44 проценті сауатты болып отырғанда, қазақ еңбекшілерінің жүзден 10 проценті ғана сауатты болып отыр. Мұның себебі-қазақ елінде мектептердің бұрын болмағандығы, қазақ елінің бытараңқылағы, көшпелілігі.
Ел сауатсыз болса социалдық құрылысында кемшілік келмекші, Қазақстан үкіметі осы жақын ескеріп, жалпы міндетті оқуды тез қолға алынсын деп отыр. Бұл жұмыс биылдан бастап қолға алынып, 5-6 жылдың ішінде орындалып шықпақшы.
Жалпы міндетті оқуға кіріскенде кездескелі тұрған кедергілер көп: мектеп жеткіліксіз, мұғалім аз, ел бытыраңқы, бірақ үкімет болып, ел болып белсеніп кіріссе, бұл қиындықтардың бәрін де жоюға болады.» Бұдан кейін қалыпты Сұрау. Онда: «Қазақ елінің неше проценті сауатты? Сауатсыздыөтың көп болуы себебі неден? Жалпы міндетті оқуға кіріскенде ел еңбекшілері не істеуі керек?» [8, 6 б.]. Оқушының жан-жақты сауатын ашып, ой-өрісін кеңейтуге арнайы әдістемелік технология қолданады.
Ғалым С.Ордалиев Қостанай өңірін аралаған бір жылы төмендегідей деректерді жазып алған екен: «Бейімбет 1920 жылдың басында біраз уақыт сол кездегі губерниялық оқу бөлімінің Дамбар болысы бойынша инспекторы қызметін атқарған. 1920 жылдың жазында Дамбар болысынның сайлауы жүргізіледі. Болыстыққа жастардан Сапар Баймұқамбетов сайланады да, Бейімбет оқу бөлімінің меңгерушісі болады.» [9, 21 б.]. Міне, осы кезден бастап Б.Майлиннің оқу-ағарту ісіне шындап кіріскені байқалады. Сонымен қатар, әрбір әңгімесінде сауатсыздықтың кесірінен өз орнын таба алмай, малы мен байлығына сеніп, адамшылықтан айырылған байлардың есігінде ғұмырын өткізген адамның қорлығын жеткізеді. Бұл болмысты Майлыұлы Жармұхабеттің баласы өз басынан кешіргеннен кейін кереметтей суреттеп отырады. Бір уақ Бейімбет (Бимұхабет) Жармұхамедұлының өмірдерегіне зер салалық: «Сонымен, Б.Майлин көршілес ауылдағы Арғынбай қажының медресесінде 1911-1912 жылдары оқиды. Онда 15-16 жас шамасында, ересек болып қалған. Медреседе басқалардан озық оқыса да, тастап кетуге туралы келеді. Оған себеп – Арғынбай қажыны, басқа да байларды жер-көкке сыйғызбай мақтайтын Әржікей деген ақынсымақ молдамен айтысып, оны өлтіре сынып, жеңіп шығуы. Сонда Бейімбет он алтыда екен. Бейімбеттің осы қылығын ұнатпаған қажы мен оның баласы Әбдірахман оқудың бітуіне бір ай қалғанда, оны медреседен шығарып жібереді.» [9, 11 б.]. Осыдан-ақ, Бейімбеттің білім алу жолында бала жасынан қиындықпен бетпе-бет келгенін аңғарамыз.
Оқу, білімнің адам үшін аса қажетті құндылық екенін дәріптеп отырады. «Ауылдағы балалардың бірі бос емес, бәріміз де оқудамыз, молдамыз – байдың үйінің ұстаған молдасы.» Бұл мәтін жазушының «Түйебай» аталатын әңгімесінен. Ары қарай: Менің алғаш оқыған жылым ғой, молданың қандайының жақсы, қандайы жаман екенін мен қайдан білейін: менен басқа бұрыннан мектеп көрген балалар өзара: «Өте қатаң молда», – деп сөз қылысады [10, 4 б.]. Әңгіменің бас кейіпкері Түйебай оқу, білім талабына, молданың қатал тәртібіне мойын ұсына алмай, оқуды бір жола тастап кетуі соның кесірінен байдың қойын бағып, оны тастап кете алмай, шерменде күйге түскенін суреттейді. Әңгіме мынадай үлкен ойлы әсерде аяқталады: «Молданың ұрып жәбірлегені секілді байдың да ат бермей, жәбірлегені көрінді. Бірақ «шоқынып кетсем де, молданың алдын көрмеймін», – деп айтқаны секілді, «аштан өлсем де, байдың қойын бақпаймын», – деп сол сағатында Түйебай айта алмады. Оны айтатын өзінде құдірет жоқ секілденді.» [10, 10 б.]. Жалпы бұл ғибратты әңгімеден түйіні, сабақ алу мен үйренудің қиындығына мойымай көтере білу керек. Оқыған кісінің тәртібі мен талабын қабылдамасаң, ой-өресі тар, надан кісінің қорлығына тап келесің деген кесек ой сәулеленеді.
Әдеби шығармаларының көпшілігінде Б.Майлин қазақ жастарының оқуға құрам, қоғамдағы өзгерістер үдерісі барысындағы кең етек алған надандықты жеңудің, әділеттікке жетудің жалғыз жолы білім үйрену екенін көрсетіп отырады. Әңгіме жанрының іргетасы саналатын Б.Майлин әңгімелері жылдар өткен сайын қоғам кескінін суреттеуде көркемделе түскен. Жас ғалым Е.Әдбімомыновтың пікірі сөзімізді тереңдете түседі: Осы шағын жанрға қалам тарту жолы жазушының шығармашылық эволюциядан өтіп, қаламгер ретінде сатыдан сатыға көшуі мен суреткерлік сапарының әр адымында соны сырлар ашылып классикалық деңгейге жетуіне себеп болды. Қаламгердің қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы тұрмыс тіршілігі мен қоғамдық өзгерістерді қысқаша суреттеулер арқылы жазған әңгімелерінің мазмұны уақыт өткен сайын тереңдей түскен [11, 140 б.].
«Алғашқы сабақ» әңгімесінде: «Мінайдар жатқан күйі терезеге қол созып, көк тысты бір кітапты қолына алды. Бұл – «Бірінші кластың оқу құралы» еді. Сауатсыздарды оқыту үшін ауданнан мұғалім келіп, мектепті осы ауылдан ашқан. Хат танымайтындар жазылғанда, соның бірі болып Мінайдарда кірген. Жасы отыз төрт те. Күре тісінің екеуі қатарынан түсіп, сөйлегенде тілі жылмаңдап көрініп тұрады. Мінайдар оқуға жазылғанда заман құрбылары қалжыңдап:
−Нағыз оқитын кезің, тісің жаңа түсіп жүр ғой, – деп тәлкектеп еді.
Мінайдар олардың тәлкегін елеген жоқ. Маржангүлдің қарсылығын да жойып келеді.» [12, 302 б.].
Түннің едәуір уақыты өткен. Ауылдың бәрі де шамдарын сөндіріп, қалың ұйқыға кіріп жатыр. Жалғыз-ақ Мінайдардың үйінің шамы сөнген жоқ. Маржангүл екеуі көк кітап пен қарындашты кезек ұстап, бір әріп болса да танығанша құмар болып жатыр. Көк кітаптың ішіндегі баданадай әріптер қазақ елінің қараңғы түкпірінен оқушы тапқанына мәз болып жымыңдап күліп тұрған секілді… [12, 304 б.]. Міне, қазақ даласындағы оқу, білім үйрену осылай болғаны қызық. Жазушысының көркем тілді суреттеуі тіптен керемет.
Бейімбет Жармұхамедұлының шоқтығы биік шығармаларының бірі «Шұғаның белгісі» әңгімесінде «Әбдірахман» атты кедей шаруа баласының қалай ел қатарына қосылуы білімнің, ізденістің, талаптың керек екені туралы айтылады. Әңгімеден үзінді келтірелік: «…Әбдірахман деген болды. Жасында болыстың үйінде бұзау бағып өсіпті. Ол уақытта болыстың үйінде ауылнай учитель болатын. Балалармен араласып жүріп учительден оқып, төрт жылдан соң, мектепті бітіріп шығыпты. Әбдірахман өзі айтатын: күндіз қозы мен бұзау бағам, кешке келгенімде, учитель бір шын мұсылман жігіт еді, «байлардың балаларынан да маған сенің оқығаның керек қой» деп түннің бір талайына дейін оқытушы еді. Ақырында сол учительдің тырысуының арқасында мектепті бітірдім…
Әбдірахманның әкесі өте кедей болған адам. Ауылнай школынан шыққан соң да, Әбдірахман малайлықтын құтыла алмады. Ақырында, он екі – он үштегі шамасын болса керек, тұрған байынан қашып дуанға барып, бір ноғайға жаз қызметке тұрып, қыс оқуға кірді. Берірек келген соң жаз байларда орысша бала оқытты. Ақырында әйтеуір мектепті бітіріп шықты.
Әбдірахман мектепті бітіргенде дабысы(дауысы, атағы – Е.Т.) жер жарды.» [12, 9 б.].
Бұл әңгіме кедей болса да білімімен өзіне шын сенімді Әбдірахман деген жігіттің байдың Шұға есімді қызына ғашықтығы әңгіме болады. Қыз әкесінің Әбдірахманның әлеуметтік-тұрмыстың жағдайын жақсы білгендіктен менсінбей, қызын бермей, екі жастың бір болуына кедергі келтіреді. Әңгімеде Шұға арнайы мектеп тауыспасада қазақтың қызына тән қарапайымдылық пен зеректік, тәрбие мен инабаттылықтың бар екені айтылады. Осыған қатысты әңгімеде былай дейді: «Осы күнгілердің бір тапқаны қызды оқыту керек, дейді. Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді. Айнала айтқанда құдай сана берсін десейші…» деп қыздың білім алуын ерсі көрген қоғамның бір қырын айтып өтеді. Сондай-ақ, тек қыз баласын емес жалпы оқыту, ағартуды шоқыну ретінде қабылдауы жатыр.
Медреседегі оқуы сәтсіз аяқталғанмен, Бейімбет қол үзгісі келмейді. Шамалы уақыт орыс мектебінде оқиды. Оған көңілі толмайды.
− Егер шама болса, ішкі қалаларға барып оқыса ғой, шіркін! – дейді Бейімбет бір реті келгенде әжесіне, ағаларына көз тастап.
− Е…е, құлыным-ау, сенен немізді аяймыз, күйзеп отырған менде не бар дейсің, ағаларың, тартынған жоқ, әлі де сені оқытуға шама-шарқын салар, – деді әжесі амандарға барлап қарап.
− Оқимын деген талабыңды кеспейміз, тапқан-таянғанымызды аузымыздан жырып берсек те, оқытайық сені, – деді Аман. [9, 11 б.].
Бейімбет Майлиннің қарапайым кедей отбасыңдағы ізеттілік пен ағаларының қамқорлығының арқасында Жармұхамедтің баласы алғашында Троицкідегі «Уазифа» кейіннен Уфадағы «Ғалия» медресесіне оқуға түседі. Бейімбеттің бойындағы білімге деген құштарлық пен ізденімпаздық оны ауылда қалдырмады. Қалаға барып білімін шыңдайды, өзін-өзі жан-жақты жетілдірді.
Кез-келген ата-ана ұрпағының сауатты жақсы адам, азамат болғанын қалайды. Ауылда қалып қоймай, әке-шешесінің қолдауымен қалаға үлкен білім ошағына барып, терең білім алуының арқасында ел ісіне араласуға жарайтын адам болып қалыптасуды өзіне міндет етеді.
Бейімбет Байлиннің «Азамат Азаматыч» деп аталатын повестінде: Онда аты-жөні «Азамат Азаматыч» емес, «Қожалақ Күркілдеков» еді. Қожалақ оқуға аттанарды әкесі Күркілдектің ашамай белді шолақ торысы, бір мүйзі сынық қара сиыры, торғай қамасаң тұрмайтын қырық жасау қараша үйі бар еді… Көрінгеннің кірін жуып жүретін қатпар бетті қара кемпір – Өлімсек дейтін шешесі бар еді. Қожалақ оқуға жүрерде шешесі мойнына асылып, бетінен иіскеп сүйіп тұрып:
−Қалқам, ұмытпа! – деп еді Қожалаққа.
Әкесі Күркілдек торы атқа төрт аяқ арбаны жегіп, Қожалақты станцияға әкеліп салып, баласының бетіне бажырая қарап тұрып еді.
−Оқы, қарағым, адам бол! – деп, бір күрсініп, ышқырынан түйіншек шүберекті шығарып, термен жібесіпмылжаланған ескі червон ақшаны ұстатып тұрып:
−Ел іші ғой, өлмеспіз. Мынаны жолыңа ал, тағы да жіберіп тұрамын, – деп еді. Қожалақ осылай оқуға аттанып еді…» ауылдан қожалақ болып кеткен ұл мектеп оқып, азамат болуы ел ісіне араласуы, ата-ана үмітін ақтауына білімнің тікелей септігі болғаны баяндалады. Сондай-ақ, повестте үнемі кітап оқуға құмартқан Азаматтың ойын-сауыққа аса құлықты еместігі де суреттеледі.
Осындай шығармалар арқылы оқырманды сол кездегі білімге құштарлықтың қалай болғанын жеткізген. Келешек жастардың білімге деген ынтасы мен жігерін жани түседі. Оқыған адам қай кезде де көзі ашық, көкірегі ояу жан-жағына сәуле шашып тұрады.
Бейімбет Майлиннің өмір жолына тағы бір үңілсек оның «Ғалия» медресесін де бітіре алмағанына көз жеткіземіз. «…Өкініштісі сол, ол бала кезінен көрген көп бейнеттің салдарынан, қаржы-қаражаттың жетіспеушілігінен аш құрсақ оқып жүргенде, денсаулығы төмендегендіктен, оқуын үзіп, «Ға-лияны» бітірмей кетуге мәжбүр болды. Үш жылдық жоғары сыныптың жартысын бітіріп, мол білім алып, татар, орыс жазушыларының тәжірибесінен үйреніп, қаламын ұштаңқырап алған ол, 1916 жылдың ақпан-наурыз айлары шамасында кетеді. Троицк қаласындағы Бәкір Алдияров деген дәрігерден ем алып жүреді». [9, 18-19б].
Дегенмен, Бейімбет Майлин әрдайым халық өмірін әдеби шығармалар арқылы суреттеп, оқу-ағарту жұмысынан еш қол үзбеген. Заман тепершігі мен тұрмыс тауқыметін тартқан халықтың болашаққа деген үмітін оятумен үздіксіз айналысқан-ды. Келе-келе халық есесі кеткен еңбегінің ақысы мен жан жылуын оқыған азаматтар арқылы қайтарып отырғандығын жеткізеді. Осындай жағдайды арқау еткен «Шапайдың хаты» әңгімесінде: «Көрші ауылда мектеп бар еді, сондағы комсомолдар малайларға болысадымыс деген хабарды есіткен соң бір күні салып ұрып соған бардым. Сүйесін деген мұғалім бар екен. Жас баланың оңдысында соны көрдім. «Атекелеп» іш-бауырымнан өтті. Мұнымды бастан-аяқ айтқызып отырып жазып алды.
−Сіз, жүре беріңіз, сотқа да берем, газетке де берем, – деп өз үстіне алды. Бірер айдан кейін мен туралы газет шықты деп естідім, бірақ сот жағынан әлі билік алған емеспін.» [12, 298 б.]. Жоғарыдағы әңгімеде шолақ белсенділердің озбыр әрекетінен құтылған ауыл адамының да жарқырайтыны күні болатынына сендіреді. Ол үшін білімді болу керектігін насихаттайды.
Халық арасында қашанда ортақ іске ұйытқы болатын, өз мүддесінен ел игілігін жоғары қоятын азаматтарды қашанда үлгі тұту дәстүрі бар. «Бекберген мектебі» аталатын әңгімесінде: «Ауылдың қотанындағы дөңеске ұзыншалау салынған ағаш үй бірден көзге түседі. Ағашы жаңа. Төрт терезесі бар. Маңында қоқсыған қарап-қопсы жоқ, сайдың… Бірақ, бала көп: бықып жатыр, қайнап жатыр; біреу кіріп, біреу шығап жатыр. Мәз-майрам боп ойнап жатыр; өздерінше қуанышты, шаттық тойын тойлап жатыр…
−Бұл не қылған үй? – деп сұрасаң сельвосет мүшесі Қали, желбейін көтере түсіп, көкірегін жоғары көтеріп:
−Бұл «Бекберген мектебі!» – дейді.
−Қалиды жаныңа ертіп, қатарласа отырып мектепке барсаң жас балалар ойнын тоқтатып, алдыңнан шығады.
… – Жаса, балалар, жаса! – дейсің.
Мектепке кіріп келсең алдында қатарлаған парта тұр. Мұғалімнің столы тұр. Үйдің керегесін қарап қара тақта тұр. [12, 323 б.].
−Мектептің тұрған жері дұрыс. Басқа жерден аша алмаймыз, мектепке беретін үйіміз жоқ, – деді.
Бекбергеннің мүлде күйіп кеткені ғой:
−Оңбайсың, кедей, осынын сөздеп айтып тұрсыңдар ма? Бізді адам қылып жүрген бай ма екен? Байсыз біз өле ме екеміз?.. Сөз емес. Үй керек болса, өз үйімді тегін берем, әйда, қаулыңды істе, көшір мектепті! – деді… Мектеп жайы, артель-коллектив жайы, партия, кеңес комсмол жұмысы бірінен соң, бірі айтылып, еске салынып жатыр. Отырғандардың көбі партия мүшесі. Өздерінше айтса, Бекбергеннің шәкірті! Бекберген өлген. Бекбергенге ескерткіш қылып, мектепті соның атына атапты. [13, 229-330 бб]. Мектеп үшін үйін берген адамдар аз болмаған. Оны жазушының «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» әңгімесінен де аңғарамыз: «Жұрт жиналды. Мектептің кішкене бөлмесіне сығылыса толды. Орын таба алмағандар балалар оқитын партаның үстіне шығып кетті. Мектепке үйін жалдаған кісі:
–Партаның үстіне отыра көрмеңіздер, сындырасыңдар, – деп безілдеп жүр.
– Сынса сен төлемейсің ғой, айына алатын ақшаңды білсейші, – дейді біреулер.
−Олай деме, мектеп көптің мүлкі, сынбасын! – дейді екінші біреуі.» [14, 192 б.], – деп мектептің халық игілігі үшін алқалы жиын өткізетін, ауыл тұрғындарының жиналыс өткізетін зиялы орын, болашақ тағдырларын талқылайтын мәдени жер екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, осы мәтінде қазақ жеріндегі мектеп мәні мен қасиеті әлі де толық маңызын толық иеленгенін байқаймыз. «Мектеп көптің мүлкі, сынбасын!» – деген сөз қай заманда болсын оқырманды бей-жай қалдырмай қоймайды.
Жас ұлан өнер-біліммен қаруланғанда ғана іскер азамат бола алады, аға буынның үмітін ақтайтын болып өседі. Білім мен өнер шыңына өрлеу үшін, зор ынта, сөнбес жігер, толассыз еңбек қажет.
Мұндай сапалар мектеп табал-дырығын алғаш аттаған күннен-ақ жас балаға серік болса, қандай ғанибет. «Оқиды ұлан» өлеңінде автор талапкер шәкіртті сипаттайды. Білімге құмартқан балаға күннің суықтығы да, мектебінің қашықтығы да кедергі бола алмайды. Ақын сабаққа ынталы оқушыға сүйсіне де таңдана қарайды.
Төне түсіп жарыққа,
Жайып салып кітабы,
Үй іші тегіс ұйқыда
Ой бөлетін жоқ ың-жың.
Оқыды ұлан, оқыды,
Әзірледі сабағын.
Тинақымдан болып ап,
Білімге қара талабын.
Табиғат сырын білу, оны адамға бағындыру, батпан байлығын ел игілігіне молынан жарату – қашан да өзекті мәселе, сондықтан да бұл тақырыптың иірімі көп. Бейімбет те бұл тақырыпқа қызыққан. Ақынның «Су – оқу» деген өлеңін алатын болсақ, Сыр бойындағы қуаңшылыққа, табиғат жұтаңдығына кездесіп, тіршіліқ қамын ойлап тарыққан диханшыны көреміз. Шөл өлкеге жан бітіретін нәрлі су керек. Табиғаттың бермесін алуға он үш жасар бала бел буады:
Су тетігі алдада емес,
Өнер білсе жауады.
Өнер елге ырыс, бақыт
Көшкен елдей ауады.
Сырдың құмын өнер тапсам,
Бұлақ қылып тастырам,
Сырдың бойын жұмақ қылып,
Басқа елдерге бас қылам, — деп мелиоратор болып шығуға құлшынған жас талап ағасынан өзін тез оқуға жіберуін сұранады. Автор бұл өлеңді романтикалық лепте жазады, негізгі кейіпкерін өр талапты, жалынды жас етіп алады.
Қорыта айтқанда, жас ұрпақты оқыту білім, ғылым негіздерін меңгерту сол арқылы қазақ қазақ елін дамыған мемлекетте тұғырына жеткізу Алаш ағартушыларының азаматтық, қайраткерлік мұраты. Бейімбет Майлиннің өмірі мен қоғамдық саяси және шығармашылығына үңілген қаламгер аз болмаған.
Оның қазақ көсемсөзінің көсемі екенін, ұлт әдебиетіндегі әңгіме және баян(повесть) жанрының хас шебері екенін айқындаған. Зерттеу жүргізіп, лайықты бағасын берген. Оқытудың жаңа технологиялары мен соны бағыттары біздің Бейімбет Жармұхамбетұлы шығармашылығын қайта парақтауға әкелді. Оның педагогикалық көз-қарасы оқытудың үлгілерін (әсіресе әдебиет) жасақтап, арнайы оқулықта шығарғануын зерттеу келер күннің еншісінде. Алаш қозғалысы құрамында өзінің ағартушылық мұратын көркем шығармалары арқылы жүзеге асыруға үлес қосқан классик қаламгер Бейімбет Майлиннің мұрасы қазіргі – Тәуелсіз Қазақстанның Рухани жаңғыру бағдарында дамуы үдерісінде жаңаша бағаланады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1 Алтынсарин Ы. Қазақ хрестоматиясы (Киргизская хрестоматия). – Алматы: Білім, 2003. – 112 б.
2 Ісмақова А. Алаш әдебиеттануы. – Алматы: Мектеп, 2009. – 560 б.
3 Тұрғынов Е. Абай ат. ҚазҰПУ 90 жылдық мерейтойына арналған «Алаш зиялыларының ғылыми-әдістемелік мұралары: Дәстүр мен жаңашылдық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары 2018ж. Ақпан.
4 Майлин Б. «Шала сауаттылар үшін оқу кітабы». – Мәскеу: Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасы, 1929.
5 Сманов Б.«Көркем шығарманы талдау негіздері» (Монография). – Алматы, Абай ат.ҚазҰПУ, «Ұлағат» баспасы, 2016. – 366 б.
6 Майлин Б., Мүсірепов Ғ. «Сауат үшін» Сауаттандыру мектептеріне арналған әліппе құралы. – Алматы: Қазақстан баспасы, 1933.
7 Майлин Б., Мүсірепов Ғ., Сыдықов Ә. Сауаттандырғыш Сауатсыздар әліппесі. – Алматы: Қазақстан баспасы, 1935.
8 Майлин Б. «Күш» шала сауаттылар үшін оқу кітабы. – Алматы: Қазақстан баспасы, 1930.
9 Бейісқұлов Т. «Бейімбетті атқан кім?» Деректі эссе-толғау. – Алматы: «Толғанай Т» баспасы, 2000.
10 Майлин Б.Түйебай (әңгімелер). – Алматы: «Жалын» баспасы, 1985.
11 Сманов Б.У., Әбдімомынов Е.Б. Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы No1(63) 2018ж.
12 Бейімбет Майлин. Шығармалар. Үшінші том. Қазақтың мемлекеттік Көркем әдебиет Баспасы. – Алматы, 1962.
13 Бейімбет Майлин. Шығармалар. Төртінші том. Қазақтың мемлекеттік Көркем әдебиет Баспасы. – Алматы, 1962.
14 Бейісқұлов Т. Бейімбет Майлин публицистикасындағы сын белгілері //Жұлдыз. – 2011. – №11. – 169 б.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *