CЕРПІЛІС ТУДЫРҒАН  CЕРПІН БАҒДАРЛАМАСЫ CЕРПІЛІС ТУДЫРҒАН  CЕРПІН БАҒДАРЛАМАСЫ
Жанна ИМАНҚҰЛ, «Жалын» журналының қызметкері, «Ақпарат саласының үздігі» марапатының иегері Мемлекеттік деңгейде жасалатын Ұлттық бағдарламалар – бұл мемлекеттің қаражаттарын, ресурстарын тиімді пайдалануды, оң нәтижеге... CЕРПІЛІС ТУДЫРҒАН  CЕРПІН БАҒДАРЛАМАСЫ

Жанна ИМАНҚҰЛ,
«Жалын» журналының қызметкері,
«Ақпарат саласының үздігі»
марапатының иегері

Мемлекеттік деңгейде жасалатын Ұлттық бағдарламалар – бұл мемлекеттің қаражаттарын, ресурстарын тиімді пайдалануды, оң нәтижеге жетуді қамтамасыз ететін ұтымды, жылдам құралдар. Бұндай бағдарламалар негізінде мемлекеттік жүйелер тізбегі арқылы белгілі нысаналы бағытта кешенді, сапалы жұмыстар тізбегі жүреді.
Қазақстан Республикасы Үкiме-тiнiң 2013 жылғы 27 ақпандағы № 191 қаулысымен мақұлданған «Қазақстан-2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жас ұрпақтың ойдағыдай әлеуметтенуі мемлекет назарында болды және қала береді.
1994 жылы Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады. Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 28 тамыздағы өкімімен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы мақұлданды. Кейіннен аталған құжатты Үкімет қабылдаған соң 2001 жылдан бастап бірқатар бағдарламалар, оның ішінде «Қазақстан жастары», «Жастар саясатының 2003-2004 жылдарға арналған бағдарламасы», «Жастар саясатының 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы», сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарын патриоттық тәрбиелеудің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылды.
Қазіргі статистикалық деректер бойынша еліміздің жастары 5 миллион. шамасында, яғни барлық республика халқының 27 пайызын құрайды.
Жоғарыда аталған бағдарламалардың бәрі осы 5 миллион сандық көрсеткішті құрап отырған ел аумағындағы жастардың білім, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендіру және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшін жағдай жасауға бағытталған.
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануы жастар саясатын одан әрі іске асырудың институционалдық негізіне айналды. 2010 жылдан бастап жастар саясаты Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде іске асырылуда.
2008 жылы «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясының «Жас Отан» Жастар қанаты I съезінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Жастар саясаты жөніндегі Кеңес құрылды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жастар ұйымдарының бастамаларын қолдау мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады.
ХХІ ғасырда және одан ары қарай да адам капиталының бәсекесі жоғары деңгейде жүретіні айқындалған уақыттан бастап жаңа ұрпақтың толыққанды қалыптасуын қамтамасыз ететін бағдарламалар тоқтаған емес. Осындай кезегімен үзіліссіз жүріп жатқан бағдарламалардың бірі – «Серпін» жобасы. Бұл экономикалық мәселемен қатар, демографияны, кадр тапшылығын шешу үшін бағытталғандығымен ерекшеленетін маңызды, мәні терең бағдарлама.

«Серпін» қалай туындады?

Жоғарыда атап өткен 2013 жылғы «Қазақстан-2020: болашаққа жол» жастар бағдарламасынан соң 2014 жылы Елбасының тапсырмасымен «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы жасалып, жұмыс басталады. Бағдарламаның іске қосылған бірінші жылы 7 жоғары оқу орны мен 25 колледжде жұмыс жасалады. Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары қатысқан бағдарламаға жоғары оқу орындарына 1050, колледждерге 1000 грант бөлінеді. Бірақ, насихаттау жұмыстары мен бағдарлама мәнін, маңызын жете ұғынбау салдарынан бар болғаны 30 өтініш қана келіп түскен екен.
Бұл олқылықтардың алдын алу үшін жиналған еріктілер мүмкіндігі мол, бірақ нәтиже беруден алыс жобаны қоғамдық бастама ретінде жүзеге асырудың жолын қарастырады. Осы 2014 жылдың соңына қарай «Серпін» жалпыұлттық, қоғамдық жобасының негізі қаланады. Жастарға жобаны тек түсіндіру аздық етіп, оларды қызықтыратын құндылықтарды ашып көрсету, насихаттау қажеттілігі туындады.
Жобаның маңыздылығы мен болашаққа жасалып отырған үлкен жоспар екендігін нақтылау үшін қоғамдық зерттеу жұмыстары да жүргізілді. Солтүстік өңірлердегі білікті мамандардың тапшылығы, сонымен қатар оқу орындарында студенттердің жетіспеушілігі, жұмыс күшінің тапшылығы, экономикалық белсенділігі төмен, жұмыс орындары мен аумақ бюджеттерінің қысқартылуы байқалатын облыстар мен аудандарға кері жағдай орын алған яғни, білікті мамандардың жұмыссыздығы, балабақшалар мен оқу орындарындарының жетіспеушілігі, туу көрсеткіші жоғары т.б. облыстардың арасын жалғау, бір деңгейдегі дамуға көшіру үшін жасалған бұл жоба бағамдай білсек, өте мықты бастама.
Жоба негізінде ішкі көші-қон, жолаушылар тасымалы дамып, мұнымен бірге осы саладағы қызмет көрсететін кәсіпкерлер мен мекемелер арасында бәсеке туындап, қызмет сапасы жақсарады.
Халықтың экономикалық белсен-ділігі артады. Яғни, экономикалық белсенді халық – халықтың жұмыспен қамтылған бөлігі (жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатындарды қоса), еңбекке қабілетті адамдардың басым көпшілігі. «Экономикалық белсенді халықтың» санының молдығы елдің экономикалық дамуында адам ресурстарының рөлін кешенді талдауда маңызды орын алады.
«Экономикалық белсенді халық» термині ұғымдардың халықаралық стандарттық жүйесінде қолданылады. БҰҰ-ның ұсынысы бойынша экономикалық белсенді халыққа тек жұмысшылар, қызметшілер және кәсіпкерлер ғана емес, олармен бірге ақылы жұмыс іздеуші жұмыссыздар да жатқызылады.
Қазақстанда Экономикалық бел-сенді халыққа:
1) жұмыс жасындағы бүкіл еңбекке қабілетті адамдар;
2) жұмыс жасынан тыс, бірақ қоғамдық өндірісте жұмыспен қамтылған адамдар;
3) жеке қосалқы ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдар жатады.
«Серпін» бағдарламасы әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін көтеру үшін ашық әрі айқын жүргізілсе, халықтың экономикалық мәселелерін толық шешуге қабілетті.
«Серпін» Оңтүстік үшін – өз аймағында жастардың мемлекеттік гранттар негізінде тегін, сапалы білім алуы.
Серпін «Солтүстік үшін – гранттардың бос қалмауы, өңірдегі адам санының жастармен толығуы. Жаңа мамандар жаңа еңбек ресурсы, экономикалық белсенділік, ЖОО мен колледждердің студенттерге толығуы, бала туу көрсеткішінің дамуын жүзеге асырады.

Әлемде 9-шы орын алатын мемлекетімізге ішкі
көші-қон өте қажет

Қазақстан республикасы Еуразия құрлығының орталық бөлігінде орналасқан. Республиканың жерінің ауданы – 2724,9 мың км². Жер шарының халық мекендеген кұрлық бөлігінің 2%-ы және Еуразия ауданының 5%-ы елдің үлесіне тиеді. Аумағының өлшемі жөнінен ол әлем елдерінің алғашқы ондығына кіреді және ішкі құрлықтық мемлекеттердің ең ірісі болып саналады. Жерінің көлемі жөнінен дүние жүзінде 9-шы орын алады. Жалпы аумағы бүкіл жер шары көлемінің 2%-ын, Азияның 6,1%-ын құрайды. Еуразия құрлығында Ресей,Үндістан, Қытайдан кейін төртінші орында, ал ТМД елдерінің ішінде Ресейден кейін екінші орында тұр.
Еліміздің аумағынан үлкенді-кішілі 8,5 мың өзен ағып өтеді. Олардың ішіндегі ең ұзыны – Ертіс (республика шегіндегі ұзындығы – 1 698 км), Есіл (1 400 км), Жайық (10 082 км), Сырдария (1 400 км) өзендері болып табылады.
Қазақстанда үлкенді-кішілі 48 000 көл бар. Олардың ішінде ең үлкендері – Арал теңізі, Балқаш, Зайсан, Алакөл, Теңіз, Селетеңіз. Қазақстанға Каспий теңізінің солтүстік жағалауының басым бөлігі және шығыс жағалауының жартысы тиесілі. Каспий теңізінің қазақстандық жағалауының ұзындығы 2 340 км құрайды.
Қазақстанның батысында Еділдің төменгі ағысы, Каспий маңы мен Тұран ойпаты, шығысында Алтай таулары, солтүстігінде Батыс Сібір жазығы, ал оңтүстігінде Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шань тау жүйесі орналасқан. Батысынан шығысына дейін — 3000 км, солтүстіктен оңтүстікке дейін – 1600 км.
Республиканың халқы 18,3 млн. адамнан асады. Қала халқының үлесі 56%-ды құрайды. Қазақстан халқының орналасу тығыздығы 1 шаршы километр жерге 6,6 адамнан келеді.
Міне, мемлекетіміздің шексіз байлығы – жері туралы ашық «Википедия» энциклопедиядан алынған нақты мәліметтер осындай.
Ұшқан құстың қанатын, тұлпардың тұяғын талдыратын ұшы-қиыры шексіз ұлан даланың иесі, мираскері – Қазақстан мемлекеті. Жеріміздің кеңдігі мен табиғи ресурстардың, қазба мен байлықтардың молдығы, сан алуандығы дәл қазіргі аға ұрпақ пен жас ұрпаққа болашақ ұрпақ үшін үлкен жауапкершілік жүктейді.
Бұл жауапкершілік алдымен экономикалық мәселелерді шешіп, дамудың даңғыл жолына түсуді талап етеді. Қазақстан әлемнің тиімді дамып келе жатқан елдерінің қатарына өз азаматтары үшін өмір сүрудің жоғары стандарттарын жасай отырып қосылуды мақсат етіп ұстанған ел. Қатарға қосылып, өзге елдерді өзімізбен санастыратын деңгейге біз елдегі адам капиталы мен экономикамыз бәсекеге қабілетті болған жағдайда ғана жете аламыз.
Қазақстан Президентінің әр Жолдауының өзегінде мемлекеттік стратегиялық міндет – бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан лайықты орын алу тұрады. Сондықтан да мемлекеттік жүйеге, мемлекеттік бағдарламаларға, мемлекеттік реформаларға жеке адамдар сенім білдіре алатындай, өзара тиімділік үшін бірлесе әрекет ете алатындай байланыс жолға қойылу керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында байланыс пен сенім орнататындай экономикалық жетістік, әлеуметтік-тұрмыстық қамту бола қоймағанмен, соңғы 10 жылдағы бағдарламалардың барлығы дерлік өнімді, оң нәтиже беріп келеді.

Солтүстіктегі демография дағдарысы «Серпін»
арқылы шешілмек

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетіне қарасты Stat.gov.kz сайтынан алынған мәлімет бойынша 2018 жылы 11 қыркүйекте Қазақстан халқының саны 18 321 606 адамға жетті. Жыл соңына дейін 18 608 079 адам болып көбейеді, табиғи өсім 249 393 адам болады деп күтілуде. Бір жылда 411 929 бала туылып, өлім-жітім саны – 162 536 деген болжам жасалған.
Осы арада демографиялық ста-тистикаларға зерттеу жүргізіп жүрген танымал сарапшы Мақсат Имандосовтың e-history.kz сайтында Арман Сүлейменовке берген сұхбатындағы мынадай пікірлерін келтіре кетелік:
«…Еліміздегі демографияның жалпы жағдайы, ол қалай дамуда, тәуелсіздік алғаннан бастап осы күнге дейін Қазақстанның демографиясы қалай өзгерді, орташа мерзімді және ұзақ мерзімді келешекке көз салып көру. Біздің өңірлердегі демографиялық ахуалға да көз жүгірту қызықты. Айталық, біздің батыс өңірлер бір бағытта, солтүстік, шығыс, орталық өңірлер мүлдем басқа бағытта, ал оңтүстік өңірлер үшінші бағытта дамуда. Яғни бізде демографиялық контраст.
…Ішкі көші-қонға келер болса, еліміздің оңтүстік өңірлерінен адамдар көптеп көшуде. Бұл – Түркістан облысы, Шымкент. Әсіресе, Жамбыл облысы, Тараз және Алматы облысынан, бірақ, соңғысынан Алматыға көшеді. Оңтүстік өңірлер – біздің екі астанамыздың басты донорлары. Ал, эмиграцияға келер болсақ, көбіне орыс халқы немесе орыстілді халықтар тұратын өңірлер мен облыстардан шетелдерге қоныс аударып жатқаны белгілі, бұның еш құпиясы жоқ. Оларға украиндықтар, немістер және басқа да еуропалық халықтар жатады. Бұл еліміздің солтүстігі, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстары. Статагенттіктің есептеріне қарасақ, соңғы уақытта еліміздің осы өңірлерінен шетелге ең көп көшкен. Ішкі миграция барлық елде де болады. Бұл да сыртқы миграция сияқты қалыпты жай. Қазақстан бұл жағынан алғанда бірегей ел емес. Бұндай үдеріс бүкіл әлемде болады. Ең бастысы, бұл, әсіресе эмиграция қауіпті қарқынға айналмаса болды. Өйткені елден кету – бұл «ақыл-ойдың» кетуі. Мемлекет болашақта осы адамдар мемлекетке пайдасын тигізеді деп оларға, олардың білім алуына қаражат жұмсайды.»
Қазақстанда бала туу саны жағынан рекордтық көрсеткіш 1987 жылы болған екен. Бұл жылы 417 мың бала туған. Тәуелсіздіктен бергі уақытқа көз жүгіртсек, 2016 жылы 400 мың сәби өмірге келген. жылы республикамызда 390 мың сәби дүниеге келсе, биыл осы мезгілде 395 мың бала туылған. Соңғы екі жылда 390-395 мың аралығында сәби туған. (Диаграмманы қараңыз).
Бірден байқалып тұрғандай солтүстік өңірлерде демографиялық көрсеткіш пайызы нөлге тең. Бұл мәселені шешудің маңызды құралы «Серпін» жобасы болмақ. Қазақстан үшін өңірлердің бір-бірімен тығыз байланысы, жақындасуы дамудың алғышарты болып саналады. Жастар бір өңірден екінші өңірге қоныс аудара отырып, әлеуметтік, тілдік, аймақтық, экономикалық, әлеуметтік, мәдени интеграцияны дамыта алады.
Қоғамда көрініс бере бастаған мәселелерді мемлекеттік деңгейде шешуге мүмкіндікке ие «Серпін» бағдарламасының мәні терең, атқарып жатқан жұмысы әралуан екендігі, ондай жобаның тоқтамай жұмыс жасап жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Жас түлектерді жіберуші аймақ пен қабылдаушы аймақтың арасында қарым-қатынастың, білім мен бизнестің, мәдени, рухани іс-шаралардың алмасуы қанатын кеңге жая алады.
«Серпін» қоғамдық жобасын кең аудиторияға таралуына ең алдымен әлеуметтік желілер арқылы жасалған жарнаманың рөлі өте күшті болған. Бұл жетістікке ұйымдастырушылардың өзі таң қалған. Жарнама, насихат жасалған бірінші жылы құжат тапсырушылар арасындағы талас 1 орынға 5 адамнан болады. Екінші жыл өтініш тапсырушылардың саны 3 есе артып, 6200 орынға, яғни бір орынға 7 адамнан өтініш берді. Бұл кезде «Серпін» бағдарламасына 19 жоғары оқу орны мен 45 колледж жұмылдырылған болатын. Үшінші жылы қалалы жерлер бағдарламадан алынып, аудан-ауыл арасынан бөлінген 4300 орынға талас жүрген.
Яғни, бұл көрсеткіштерді елімізде, әсіресе жастар арасында мемлекеттік деңгейде бекітіліп, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бағдарламалар халықтың жіті назарында, қызу талқысында екендігінің көрсеткіші деп қабылдауымызға болады.
«Серпін» жобасында әрбір қызығушылық танытқан жаспен жеке жұмыс жүргізіледі. Олар өздерін нағыз «серпіндіктер» ретінде санауы үшін, ортақ идеология мен ортақ мәдениетке, ортақ құндылықтарға тәрбиеленеді.
Алғашында жастарды теріскейге оқуға шақыру, мемлекеттік гранттардың бос қалмауы болған еді. Алдыңғы легі дипломдарын алып, маман атанған уақытта жастарды жұмысқа орналастыру да еш кедергісіз жүзеге асып жатыр. Бұдан бөлек жастар тек маман болып қана қоймай, өздерін жеке тұлға ретінде жан-жақты дамыту, рухани құндылықтарға үлес қосу, кәсіп ашып, жеке кәсіпкер болу жолдарын үйрету міндеті көрініс беріп жатыр.
«Нәтижелі жұмыспен қамту жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» т.б. секілді мемлекеттік бағдарламалар жасап, жүзеге асыруға тапсырма беріп отырған Елбасы Н.Назарбаев бастаған ҚР Үкіметі мен заман ағымын, бизнес тамырын баса білетін жастардың арман-мақсаттарының бр арнаға тоғысып, үйлесім табуы көрініс бере бастады.
Сөзіміз дәлелді болу үшін «Серпіннің» бүгіні мен ертеңі…” деген serpin.kz сайтындағы мақаладан үзінді келтіре кетелік. «Осы жылы төртінші рет таңдау жүргізіледі. Алғашқы жылы 25 түлектен ешқайсысы жұмысқа орналаса алмады, екінші жылы 140 адамнан 70 жұмысқа орналасты, ал үшінші жылы бізде 700 бала оқу орнын бітіреді. Сұрақ та көп, шешу керек мәселе де көп. Бүгінгі күні бұл жобаның дамуына кейбір аймақтардан қатысуға қарсылық білдірулері кедергі жасап жатқанын да айта кету керек. Президенттің өзі бұл жобаны қолдап, нақты тапсырмалар беріп жатқанда, біздің ауыз бірігіп,қолдау көрсетпеуіміз, осындай мықты жобаларды әспеттемеуіміз, Еліміздің болашағына деген жанашырлықтың жоқтығын көрсетеді.
«Серпін» жобасы бұл білім беру жобасы емес, бұл құндылықтардың жобасы, бұл ең бірінші кәсіпкерлік рухты насихаттап, кәсіпкерлік білімнің кеңінен тарауына әрекет ететін жоба. Іскерліктің, еңбекқорлықтың, өзіне сенудің жобасы. Сол себептен, біздің ең бірінші мақсатымыз оқушыларды ақпараттандырып, мамандық бойынша насихаттау жұмыстарын жүргізіп, яғни бала қай мамандықты таңдаса, жұмысқа орналасып, өзінің рухани, кәсіби өсуіне жол аша алатынын, кай өңірде қандай экономикалық қажеттілік туындап, дамып жатқандығынан ақпараттандыру. Балаларға мамандық таңдауға мүмкіншілік беру.
Екінші, оқуға тусуге жағдай жасау. Үшінші, сапалы оқу мен оқу кезіндегі тарбие жұмыстары арқылы, балаларды жан-жақты дамыту.
Төртінші, тәжірибеден өту арқылы, жастардың жумыс орнын табуы. Оларды бизнеске үйрету, яғни оқып жүрген кезде студенттерге жұмыс жасауға мүмкіндік беру.
Бүгінгі күні «Серпін» жобасының өнімі ретінде бірнеше мысалдарды айта кетпеске болмас. Мысалы Солтүстік Қазақстанда оқып жүрген балаларымыз монша сыпырғыштарын жасап, Оңтүстікке апарып кәсіп жасап жүр. Дәл сол өңірде жастарымыз жерді жалға алып, картоп егіп, шағын бизнестерін дөгелетіп жүр. Одан бөлек балалар, электронды билет сатумен, кептірілген жеміс-жидектермен айналысып, кейбіреулері өздерінің дүкендері мен тігін шеберханаларын, кафелерін ашып, бала бағушы, бармен, шаштараз, аспаз болып жұмыс жасап, сауда-саттықтың айналысуға болатын барлық түрлерімен екі қолға бір күрек алып, балалар үлкен өмірге білім ордасынан бастап өз жағдайларын жасауда.
Әрі қарай біздің мақсат «Серпін Іскерлері» жобасын жүзеге асырып, қалың бұқараны толықтай кәсіпкерлікке тарту. Біздің тараптан, кәсіпті дөңгелетуге көмектесетін барлық құндылықтарды дамытуға, және жұмыс орындарының пайда болуына көмектесу. Қазіргі уақыттағы жұмысымыз мектеп көлемінде агетация жасап, мамандықты түсіндіріп, экономика саласы бойынша түсіндірме жұмыстарын жасап, кәсіпкерлік дағдыларын үйретіп, «Серпін» жобасының аясында «Іскерменді» іске қосу.
ЖОО мен колледждерде оқу барысында, біз Аламандар өткіземіз, студенттердің шығармашылық қасиеттерін дамытамыз, оларға бизнеспен айналысуды үйретеміз, сол уақытта студенттер біздің «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына қатысты кәсіпорындарда практикадан өтіп, жұмыс орындарын тауып беру – бұл негізгі мақсат.
Үшіншіден оқуды бітірген соң, жастар бірден жұмыс бастап кетіп, жатақхана алу мүмкіндігін жасау, толықтай бизнеспен айналысуларына, жұмыс орындарының пайда болуына мүмкіндік жасау.
Жобаның жемісі, бітірушілердің Іскермен атанып, өзінен кейінгілерге үлгі болып, бір-біріне қолдау көрсету болып табылады. Бұл біздің шағын мемлекет, бұл біздің шағын отбасы. «Тәрбие отбасыдан басталады», сол себепті осындай іргесі биік, керегесі кең отбасылар, кеңінен қолдау тауып, шаңырақтарын көтере берсе екен дейміз!»

«Серпін» – жастар жұмыссыздығын шешетін бағдарлама

Елбасы еліміздегі барлық салада тепе-теңдіктің сақталуы мақсатында солтүстікке көш басын бұрып отыр. Халықтың тығыз орналасуынан оңтүстік өңірлерде әсіресе, жастарға оқу бітіре салып, жұмыс табу қиынға соғып отыр. Ал солтүстік өңірлердегі өндіріс орындары мен шаруа қожалықтарында жұмыс күші мен білікті мамандар тапшы. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да бұл мәселеге жан-жақты тоқталған. Ұлт жоспарында айқындалған тапсырмаларға сәйкес Қостанай, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары оңтүстік тұрғындарын «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында оңтүстік жастарын жұмысқа шақырып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов бастаған топ таяуда оңтүстікке келіп, солтүстікке көшуге ниетті азаматтармен кездесу жасаған. Түркістан, Солтүстік Қазақстан облысы және Шымкент қаласы бірлесіп өткізген кездесуге басқарма басшылары мен облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері қатысты. Басқосу барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өзі басшылық етіп отырған өңірдің артықшылықтарын айта келе, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосқысы келетін азаматтарға жер, техника беріліп, түрлі жеңілдіктер жасалатынын баса айтқан.
«Солтүстік Қазақстан облысының жері кең әрі құнарлы. Еліміздегі май дақылдарының басым бөлігі бізде өсіріледі. Жылына 5 миллион гектарға егін егеміз. Оның ішінде бір миллионнан астамы май дақылдары. Әр гектардан орта есеппен 18 центнерден өнім аламыз. Одан бөлек, бізде 700 мың гектар орман бар. Яғни орман шаруашылығы бойынша да жұмысты өркендетуге болады. Тек тұрғындар саны айтарлықтай аз болғандықтан жұмыс күші жетіспейді. Сол себепті Елбасымыз Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» бағдарламасында айтылғандай, кең-байтақ жерімізді игеру үшін халқы тығыз орналасқан өңірлерден ішкі миграция арқылы теңестіруіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның қай түкпірі болсын біздің Отанымыз. Оның гүлденуіне, өркендеуіне бәріміз бірдей атсалысайық. Жер игергісі, мал шаруашылығын қолға алғысы немесе кәсіпкерлікті дамытқысы келетін азаматтар болса, біз қолдаймыз», – деді жиын барысында Құмар Іргебайұлы. Сондай-ақ, кәсіпкерлікпен айналысуға мүдделі жандарға жеңілдетілген несие берілетінін де тілге тиек етті. «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып, жұмыс істеп, отау құратын жастарға, тіпті, пәтер берілетінін баса айтып өтті.
Ал Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев: «Бағдарлама қолға алынғалы бері біздің өңірге Солтүстік Қазақстан облысынан 8 топ 151 мүшесімен үгіт-насихат жұмысын жүргізу үшін келді. Нәтижесінде биылдың өзінде 270 адам қоныс аударды. Ел ішінде осы мәселеге байланысты білгісі келетіндер, барып көруге ниеттілер көп. Екі облыс арасындағы барыс-келісті күшейту үшін арнайы автобус қатынатсақ, талай түйінді тарқатар едік» деп бұл бағдарламаны жандандырудың шарттарын талқыға салды.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков көшіп барғандарға жеңілдетілген несие беруді жолға қоюды сұраса, Дулат Әбіш қоныс аударған озық ойлы, қабілетті жастарды жоғары қызметтерге тағайындау туралы өз ойын білдірген.
Бұған жауап ретінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов Мағжан Жұмабаев атындағы ауданға оңтүстіктен барған азамат әкім болып халыққа қызмет етіп жатқанын айтты.
Көп мәселе маман тапшылығына тіреліп тұрған еліміздің солтүстік өңірінің экономикасын көтеріп, сауда-саттықты да дамытуға мүмкіндік жетіп артылады. Солтүстік Қазақстан облысының Ресей Федерациясының Қорған, Түмен, Омбы облыстарымен шекараласатыны екі ел арасында кәсіп дөңгелетуге аса қолайлы.
Осы уақытқа дейін Солтүстік Қазақстан облысына әр өңірден 2700 адам қоныс аударған болса, олардың көп үлесі оңтүстік облыстарға тиесілі.
Осыдан төрт жыл бұрын оңтүстікте туған жастар мемлекеттік «Серпін» бағдарламасы бойынша солтүстік өңірлердегі жоғары оқу орындарында оқи бастады. Алғашқы барған жастардың алды биыл дипломдарын қолға алмақ. Түркістан облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың бас маманы Раушан Аманованың олардың саны 500-ден асатынын мәлімдеді.
«Серпін» бағдарламасына респуб-ликамыздағы бала туу көрсеткіші жылдан-жылға жоғарылап, мектеп бітіруші түлектердің жергілікті жердегі оқу орындарына түсуі және мамандық алғаннан кейін жұмысқа орналасуы қиындық тудырып отырған бес облыс қана қатыстырылған. Атап айтсақ, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Маңғыстау облыстары. Мемлекет тарапынан мұндай өңірлердегі жастарды жұмыс күші аз аймақтарда оқытуға грант бөлініп, оларды сол жерде қоныстап қалған жағдайда тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндіктер қарастырылды.
Мысалы, Түркістан облысында жыл сайын мектепті 35 мыңға жуық оқушы бітіреді. Өңірдегі 12 жоғары оқу орнына бәсеке жоғары болғандықтан бәрі бірдей оқуға түсе алмайды. Жастар мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен мүмкіндікті пайдаланып, болашақтары жарқын болуы үшін дұрыс шешім жасай алуылары керек.
Жастарды оқыту, жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікпен айналысуға ашық алаң ұйымдастырып отырған жобаға оңтүстік өңірінің жастары жақсы атсалысып жатыр. Бұған дәлел ретінде соңғы уақытта жыл сайын 10 мыңнан астам талапкер «Серпін» бағдарламасымен оқуға түсуге құжат тапсырған. 2017 жылы 23-31 шілде аралығында өткен құжат қабылдау күндерінде 7429 талапкерден құжат қабылданған.
Талапкерлерді қабылдау Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Ақтау облыстарындағы жоғары оқу орындарына міндеттелген.

Солтүстік Қазақстан облысы
туралы мәлімет

Облыс 1936 жылдың 29 шілдесінде құрылды, бүгінгі шекарасы 1999 жылдың 8 сәуірінде бекітілді. Облыстың ауданы 97, 99 мың шаршы км. тең және республика аумағының 3, 6% құрайды.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы – Петропавл қаласы, 1752 жылы негізі қаланды.
Облыста 13 әкімшілік аудан бар; 5 қала –Петропавл, Булаев, Мамлют, Тайынша, Сергеев; 4 қала типтес кенттер – Смирново, Талшық, Еңбек, Кішкенекөл.
Облыс аумағы Қазақстанның Қостанай және Ақмола облыстарымен және Ресей Федерациясының Қорған, Түмен, Омбы облыстарымен шекараласады.
Облыста алуан түрлі дәрежедегі пайдалы қазбалар шығарылған және зерттелген. 286 шыққан жері барланған. Олардың ішінде 34-металлды, 2-металлды емес, 217-құрылыс және технологиялық шикізат пен 33- жер асты сулары, оның 6-уы минералды. Облыс аумағы Солтүстік Қазақстанның уранды-кенді, алмазды және сирек маталлды қалайылы түкпірі болып саналады. Онда минералды шикізаттың маңызды бөліктері табылған, олар Қазақстан Республикасының балансын құрайды: қалайы бойынша -65%, цирконийға -36,6%, уранға -19%, титанға -5%, вольфрамға -1,1%. Минералды — шикізат базасының кең өсуі, әсіресе, оңтүстік-батыс облысында қаралған. Бұнда маңызды алтынның шыққан жері мен пайда болуы, күмістің, техникалық және зергерлік алмаздардың, қалайының, титанның, түрлі-түсті және сирек металлдардың, бұрғыланған көмірлердің тізімі бар. Иеленуге дайын болып Грачевское, Косачинское, Семизбайское уранының шыққан жері саналады. Кеспелтек — титан — цирконий кендерi, Сырымбет — қалайы, алтынның шыққан жерi — Солтүстiк Батыстысы және Домбыралы – 2 шыққан жеріне өндірістік өңдеу жүргізіліп жатыр. Пайдалануда тек кейбір құрылыс тастары мен құмдарының шыққан жерлері бар. Теке өзені мен Жақсытұз көлінің шыққан жерінде қайнатылған тұзға зерттеу жүргізіліп, қазба шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұздың қорлары мемлекеттiк балансқа алынған. Есіл және Айыртау аудандарында алтын мен күмістің шыққан жеріне өндірістік баға беру мақсатында геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тұрғындар саны 2018 жылғы 1 қаңтарға 558,6 мың адамды немесе республика тұрғындарының жалпы санынан 3,1 пайыз құрайды. Қала тұрғындарының саны 250,9 мың адамды немесе 44,9 пайызды құрайды, ауылдық — 307,7 мың адамды немесе 55,1 пайызды құрайды.

Шығыс Қазақстан облысы
туралы мәлімет

Қазақстан Республикасының сол-түстік-шығысындағы әкімшілік-ау-мақтық бөлігі. Облыс1932 жылы 10 наурызда құрылған. 1997 жылғы 23 мамырдағы №3528 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен облыс құрамына таратылған Семей облысының территориясы қосылды. Облыс орталығы — 1720 жылы негізі қаланған Өскемен қаласы. Жер аумағы — 283 300 км2. Халқының саны (2006) — 1 430 000 адам.
Әкімшілік-аумақтық құрылысы 10 қала, 15 аудан (Абай ауданы (Шығыс Қазақстан облысы), Аягөз ауданы, Бесқарағай ауданы, Бородулиха ауданы, Глубокое ауданы, Жарма ауданы, Зайсан ауданы, Зырян ауданы, Катонқарағай ауданы, Көкпекті ауданы, Күршім ауданы, Тарбағатай ауданы, Ұлан ауданы, Үржар ауданы, Шемонаиха ауданы), 24 кент, 826 ауылдан тұрады.
Ұлттық құрамы: қазақтар — 61% астам, орыстар — 35% астам, басқа ұлттар — шамамен 4%.
Экономикасы. Шығыс Қазақстан облысы Қазақстанның ең ірі индустриялды-аграрлық аймағы саналады. Шаруашылығының басты саласы – өнеркәсіп. Оның құрамында кен өндіру, түсті металлургия, энергетика, машина жасау, құрылыс материалдар өнеркәсібі, ағаш өңдеу, тамақ және жеңіл өнеркәсіптері дамыған. 2006 ж. облыс өнеркәсібінің барлық салалары 399,1 млрд теңге көлемінде өнім өндірді, бұл бүкіл ел өнеркәсібі өндірісінің 6,2%-на тең.
Пайдалы қазбалары. Шығыс Қазақстан облысының жер қойнауы кен байлықтарына бай. Мұнда мырыш, қорғасын, мыс, күміс, алтын, кадмий, сүрме, күшәла, темір, күкірт, висмут, индий, галий, селен, теллур, сынап, қалайы, тантал, ниобий, молибден, вольфрам, титан, никель, кобальт, көмір, жанғыш тақтатас, сондай-ақ әр түрлі химиялық шикізаттар мен құрылыс материалдарының кен орындары бар.
Кен өндіру өнеркәсібі. Облыс өнеркәсібінің негізін кен өндіру өнеркәсібі құрайды. Бұл салада 197 нысан жұмыс істейді (2006). Негізгі өндірілетін өнімдері – түсті металл(мыс, мырыш, күміс), алтын, титан, көмір. 2005 ж. облыс бойынша 10,8 млн тонна түсті металл кентасы өндірілді. Кентасты негізінен Риддер және Зырянов полиметалл кен аудандарындағы “Қазақмырыш” АҚ-на қарасты кеніштер, Ертіс маңы полиметалл кенді ауданындағы “Қазақмыс корпорациясына” қарасты кәсіпорындар өндіреді.
Асыл металл өндіру саласы бойынша Шығыс Қазақстан облысында 27 кәсіпорын бар. Оларда 3,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді, 17,3 т алтын өндіріледі. Негізгі алтын өндірушілерге “Бақыршық” кен кәсіпорны, “ФИК”, “Алел”, “Алтынтөбе” АҚ-ның, “Андас Алтын”, “Даңқ”, “Жерек”, “Іnter Gold Capital” ЖШС-терінің кеніштері жатады. 2006 ж. Өскеменнің титан-магний комбинатын жергілікті шикізатпен қамтамасыз ететін (Көкпекті ауданында) Сәтбаев атындағы ильменит құмының кен орны іске қосылды.
Ол жылына 15,0 мың т ильменит концентратын береді. Облыстағы көмір өндіру 6 нысан бойынша жүзеге асырылады. Ол негізінен “Қаражыра ЛТД” ЖШС-не қарасты Қаражыра, Кендірлік және Алакөл кенорындары. Облыс өнеркәсібінің басты өзегі – түсті металлургиясы “Қазмырыш”, “Өскемен титан-магний комбинаты”, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-дары, «Қазақмыс корпорациясы” АҚ-ның “Шығыс Қазмыс” бөлімшесін, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкісінің РМК “Қазақстан монета сарайы”, “Қазниобий Ертіс химия-металлургия зауыты”, “Ертіс сирек элементті компаниясы”, “Қазмырыштех” ЖШС-терін қамтиды. Бұл кәсіпорындар өздерінің шығарған сан алуан, бағалы өнімдері бойынша дүние жүзіне белгілі.
Электр энергетикалық кешені. Облыстың электр энергетикалық кешенінің құрамында Ертіс өзеніндегі Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі СЭС-тері, Үлбі мен Громотуха өзендері бойындағы Риддер СЭС каскадтары, Өскемен, Риддер, Семей ЖЭС-тері, т.б. кәсіпорындар бар.
Машина жасау және металл өңдеу өнеркәсіп орындары. Семейдегі автобус жинайтын цех. Облыстың машина жасау және металл өңдеу өнеркәсіп кешені 18 ірі және қуаты орташа кәсіпорындарын біріктіреді де, мұнай кәсіпшілік және металлургия өнеркәсібі жабдықтарын, тұрмыстық электр қозғалтқыш пен сорғыларды, конденсаторлар, техникалық жә-не кабельдік өнімдер, металл бұйымдарын пісіретін электродтар, т.б. көптеген өнімдер жасап шығарады. Мысалы, 2006 жылы бұл саланың кәсіпорындары 26,8 млрд теңге өнеркәсіп өнімдерін өндірді. Кейінгі жылдары облыстың машина жасау өнеркәсібі жаңа кәсіпорындармен толықты. 2003 жылы Өскемен “Бипэк-Авто” компаниясы АвтоВАЗ компаниясымен бірлесіп жеңіл автомобиль зауытын іске қосты.
2005-2006 жылдары “Шкода” жеңіл автомобильдерін құрастыру жөніндегі линиялар, “Семей машина зауыты” АҚ-ның негізінде автомобиль агрегаттары мен түйіндерін шығаратын желі іске қосылды. Болашақта Өскемен, Семей қалаларында, т.б. жаңа машина жасау кәсіпорындарын орналастыру көзделген.
Ағаш өңдеу өнеркәсібі. Шығыс Қазақстан облысының ағаш өңдеу өнеркәсібі негізінен “Ертістрансойл”, “Жаңасемейшпалзауыты”, “Өскемен Иннотекс”, «Өскемен жиһаз комбинаты» сияқты құрамында бірнеше нысандары бар 4 ірі және орташа қуатты кәсіпорындарды қамтитын ЖШС-терден тұрады. Олар кесілген ағаш материалдарын, дайындамалар, үй салуға қажет бөренелер, терезе мен есік жақтауларын жасауға маманданған. Жиїаз жасау өнеркәсібінің құрамында 119 кәсіпорын бар, олардың алтауы ірі және орта қуатты. Жылына 30 мың м3 фанера, жиһаздық тақта, ДСП шығаратын өндіріс Бородулиха ауданында іске қосылды.

Батыс Қазақстан облысы
туралы мәлімет

Қазақстан Республикасының сол-түстік-батысындағы әкімшілік-аумақ-тық бөлік. Шығысында Ақтөбе, оңтүстігінде Атырау облыстарымен, батысында Ресейдің Астрахан, Волгоград, солтүстік-батысында Саратов, Самара, солтүстігінде Орынбор облыстарымен шектеседі.
Облыс 1932 ж. 10 наурызда Орал облысы болып құрылған. 1996 жылдан Батыс Қазақстан облысы болып аталады. Жерінің аумағы 151,3 мың км², тұрғындары 646 828 адам (2018 жылғы санақ). Әкімшілік жағынан Батыс Қазақстан облысы 12 ауданға: (Ақжайық ауданы, Бөкей ордасы ауданы, Бөрлі ауданы, Жаңақала ауданы, Жәнібек ауданы, Зеленов ауданы, Казталов ауданы, Қаратөбе ауданы, Сырым ауданы, Тасқала ауданы, Теректі ауданы,Шыңғырлау ауданы) , 2 қалалық әкімшілік ауданға, олар 4 кенттік және 155 ауылдық әкімшілік округтерге бөлінген. Орталығы – Орал қаласы. Облыстағы 539 елді мекеннің тұрғындары біркелкі орналаспаған. Халықтың орташа тығыздығы 1 км²-ге 4,0 адамнан келеді (1999). Солтүстік аудандарда және Жайық өзенінің аңғарында халық жиі қоныстанған (1 км²-ге 9-12 адам). Қала халқы бүкіл халықтың 49,1% құрайды. Қалалары: Орал, Ақсай; ірі кенттері: Бөрілі, Дерқұл, Зашаған, Круглоозерное, Чапаев, Тасқала, Шыңғырлау.

Жастарды шақырған үш өңір

«Серпін» жобасы бойынша басымдық беріліп отырған облыстарға қатысты мәліметтерді саралай келе, олардың барлығы өнеркәсіп пен индустрияның орталықтары екеніне көз жеткіземіз. Мемлекет экономикасын жаңа бағытта, үлкен серпінмен дамыта алу мүмкіндіктеріне орай бұл өңірлердің таңдап алу мақсаты түсініледі.
Қазба байлықтар мен табиғи ресурстарды сатып қана экономика мен даму жолына ілесу мүмкін емес. Сол сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерімен ғана үлкен бәсекеге тойтарыс беру мүмкін емес. Халықаралық, әлемдік додаға кіру үшін өнеркәсіп саласына бет бұрып, оны дамудағы жетекші салаға айналдыруды дұрыс көрді. Бұл қадам ел өндірісіне нәр беріп, экономиканы алға жетеледі. Нақты алғанда, жеңіл, ауыр өнеркәсіппен қатар, жоғары технологиялық электрониканы дамытуға ден қойылу шарт. Бұл шарттардың үддесіне шығуға атап өткен өңірлер мүмкіндігі жетіп артылады.
Жыл сайын гранттар көбеюде

2014 жылы қабылданған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға” атты мемлекеттік бағдарламаманың мақсат-міндеттері туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынып, «Елімізде жұмыс орындарын құрудамыз, жаңа өндірістер салудамыз. Сондықтан, жұмыс бар жерге бару керек» – атап өткен болатын.
«Мәңгілік Ел Жастары – индустрияға» жастарды жұмыспен қамтитын, жаңа ашылған жұмыс орындарын мамандармен қамтитын бірден бір бағдарлама екенін аз уақыт ішінде дәлелдеп жатыр.
Бала туу деңгейі жоғары көрсеткішке ие Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында жұмыс-сыздық мәселесі ширығып тұрғаны жасырын емес. Бұдан басқа халықтың тұрмыстық-әлеуметтік мәселелері де шешіле қойған жоқ. Яғни, балаларды балабақшамен, мектеп, жоғары оқу орындарымен қамтамасыз ету жағы кемшін. Өйткені, орын жетіспейді. Балабақша кезегіне тұрғанмен, кезегі жетпей бірден мектепке баратын балалар саны қаншама? Мектепте де үш ауысыммен оқу оқушылар білімінің сапасына әсер етпей қоймайды. Мектеп түлектері өздері қалаған жоғары оқу орындарына, колледждерге түсе алмай тағы қиналады.
Бұл жағдай керісінше көрініс тапқан яғни, кадр тапшылығы, демография, бала туу деңгейі төмендеген, бос игерілмей қалып жатқан гранттар бар өңірлерге жастарды тарта білу өте өзекті болып тұр.
Жоғарыда тоқталып өткен Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарындағы өндіріс орындарының еңбек күші жетіспеушілігінен өз мүмкіндігін іске асыра алмай, экономикалық тығырықтарға тірелуде.
Жаңаша ойлайтын, түрлі идеялармен жұмыс істеуге, тәуекелге бара алатын зерделі жастардың мемлекеттік индустриялық-инно-вациялық бағдарламаны жүзеге асыра алатындықтарына сенім білдіре отырып, мүмкіндік беретін «Серпін» бағдарламасынан күтілетін нәтиже көп.
Көп нәтиже күтілетін жобаға «Серпін-2050» бағдарламасы аясында жыл сайын бөлінетін грант саны да, сол гранттарды игерем деушілердің саны артып келе жатқаны да көңілге демеу болады.
Бағдарлама бойынша оқуға қабылданған түлектер шәкіртақымен, өңірлерге бір рет барып қайту жолақысы және жатақханамен, жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Колледждерге түскен жастар 3 мезгіл тамақпен және мамандығына қажетті оқу киімдерімен қамтамасыз етілген.
Бұл гранттарға ие болу мүмкіндігі еліміздегі бес өңірдің жастарына арналған. Сондай-ақ, мектеп түлектеріне өмірдің өзегі тек жоғары оқу орнына түсіп, бітіру емес екенін түсіндіру керек. Бұл орайда, жастар арасындағы жоғары оқу орнына түсе алмай қалу салдарынан орын алған, суицидке апарған жайттарды мысалға келтіруге болады. Мемлекет үшін оның ішінде білім берген, денсаулығын қалыптастырған, еңбекке қабілетті жастағы бір адамнан айрылып қалудың өзі үлкен, орны толмас жағдай. Әрбір жас еңбек ету арқылы бүтін елінің экономикалық, мәдени, рухани, саяси дамуына ықпал ететінін есте ұстауы керек.
Ең соңғы үлгідегі сандық технологиялармен жабдықталған өндірістерде жоғары білімді мамандарға сұраныс 15%-са, 85%-ға орта техникалық білімі бар мамандар қажет. Сұраныс туындап жатқан мамандардың барлығын кәсіптік-техникалық колледждер дайындайды. Байланыс саласы, қарым-қатынас, көлік, тау-кен өңдеу, көлік құрастыру, тұрмыстық бұйымдар жасау т.б. толып жатқан мамандықтарға сұраныс уақытша нәрсе емес. Бұл адамзаттың қажеттілігін өтейтін салалар болғандықтан, үздіксіз. «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» Мемлекеттік бағдарламасы – Қазақстан жастарының кәсіптік-техникалық білім алуына, индустрияландыру бағытына шынайы үлес қосып, түрлі мәселелермен бетпе-бет келіп, шешім қабылдауға, еңбекке бейімделуге, төселуге, шыңдалуға жасалған алғашқы қадам.
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша 2018-2019 оқу жылында жалпы саны 4513 грант бөлінген. Жоғары оқу орындарына бөлінген грант саны – 3793 (оның ішінде білім – 1550, техника ғылымдары және технологиялар – 1898, ауыл шаруашылығы ғылымдары, ветеринария бағыттары бойынша – 345); кәсіптік-техникалық колледждерге 720 грант бөлінген.

«Мәңгілік ел жастары-индустрияға!» -«Серпін» әлеуметтік жобасына қатысушы жоғары оқу орындарының тізімі:

1. Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті;
2. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті;
3. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе уни-верситеті;
4. Қазақ-орыс халықаралық уни-верситеті;
5. Атырау мұнай және газ университеті;
6. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті;
7. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университеті;
8. Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті;
9. Ө.А.Байқоңыров атындағы Жез-қазған университеті;
10. Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті;
11. Қарағанды мемлекеттік техни-калық университеті;
12. Қарағанды мемлекеттік индус-триалдық университеті;
13. А.Байтұрсынов атындағы Қоста-най мемлекеттік университеті;
14. Қостанай мемлекеттік педаго-гикалық университеті;
15. Рудный Индустриялық Институты;
16. Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты;
17. Павлодар мемлекеттік педагоги-калық университеті;
18. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті;
19. Инновациялық Евразия уни-верситеті;
20. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті;
21. Семей қ.,Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті;
22. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті;
23. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті;
24. Семей қалалық Казақ инновациялық гуманитарлық-заң уни-верситеті.
25. Семей қалалық медициналық университеті
26. Қарағанды мемлекеттік медицина университеті.
Жарқын болашақ жобасына айналып үлгерген «Серпін» жастардың мұқалмауына, арман-мақсаттарының орындалуына үлкен қолдау білдіріп жатыр. «Серпін-2050» жобасын жүзеге асырушы ЖОО ретінде белгіленген аталған әр университте 2015 жылдан бастап, 15-20 мамандық бағыты бойынша, 500-1000 аралығында жастар білім алуда.
Осы оқу жылында да «Серпін» жобасына Маңғыстау, Қызылорда, ОҚО, Жамбыл, Алматы облыстары жастарының ғана қатысуына мүмкіндік берілген.

«Серпін» бағдарламасы бойынша түлектер қабылдаған колледждер
(Кестеде көрсетілген)
Кәсіптік-техникалық білім беретін колледж түлектерінің оқуды бітірген соң, табысты болу мүмкіндіктеріне жоғарыда да тоқталып өттік. Кәсіптік-техникалық білім беретін колледждердің артық-шылықтарына тоқталсақ, жастардың жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғарылап, теория мен тәжірибені қатар меңгерген түлек дайын маман болып, оқу бітіре салысымен еңбекке араласа алады. Білім беру барысында қазіргі заман сұранысына сай маман дайындалады. Жастар жұмыссыздығының басты себебі – оқу орындары еңбек нарығының талабына сай маман даярлай алмауы, мамандар даярлайтын қажетті инфрақұрылымдардың болмауы, жұмыс берушілердің жас – мамандарды бірден қабылдай қоймайтыны.
«Серпін» жобасы осы олқы-лықтардың алдын алу мақсатында жұмыс жасауға бағытталған. 2018-2019 жылы мектеп бітіретін түлектер бағдарлама негізінде бақ сынау үшін дайындықты осы кезден бастап кетсе құба құп.
Осы мақсатта биылғы жылы 720 жас түлекті қабылдап, біліммен қатар кәсіпті практикалық жақтан меңгертуге басымдық беріп жатқан колледждер тізімін ұсынып отырмыз.

Керекуге келсең – өкінбейсің

Жақында Түркістан облысы Жетісай аудандық әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» бағдарламалары аясында еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аударуға ниетті азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Павлодар облысынан келген делегациямен кездесу өтті.
Оған қала және ауылдық округтер әкімдері, мекеме басшылары Жетісай медицина колледжінің, Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің, «Сырдария» университетінің бітіруші студенттері, жастар, көшуге ниет еткен жергілікті тұрғындар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков сөйлеп ашып, және жүргізіп отырды. Ол делегация құрамын көпшілікке таныстырды. Павлодар облысы, Железин аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қайрат Ибрагимов, Алакөл ауылдық округінің әкімі Нұрболат Ыдырысов, Абай атындағы мектептің директоры Құралай Мұхамеджанова және Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аударуды ниет еткендерге ол жақтағы жағдайлар жөнінде айтты. Көпшілік өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Қазір біздің облыста 43 мың жұмыссыз бар екен. Халық саны да артып келеді. Облыс халқының саны 2-млн-ға жуықтаған. Биыл қоныс аударуға ниет еткендерге 1700-ден астам квота бөлінген. 263 отбасы қоныс аударған.
Нұрболат Ыдырысов қоныс аударып барған отбасылардың әрқайсысына 1 миллион теңгеден берілетінін, 5 тонна көмір мен ағаш отынымен тегін қамтамасыз етілетінін, басқа жеңілдіктер жасалатынын айтты.
Алакөлде үйдің бағасы 300 мың теңгеден басталып, 1 млн. теңгеге дейін екен. Ал, үй саламын деушілерге участок беріледі.
Диқаншылықпен айналысамын деушілерге қалағанынша жер беріледі. Қазіргі таңда игерілмей жатқан құнарлы 6500 гектар жер бар. екен. Ағын су жеткілікті, қара топырақты жер құнарлы. Бидай, арпа, сәбіз, картоп егуге өте қолайлы.
Құралай Мұхамеджанова Железин ауданында 30 мектеп бар екенін, бірақ халық санының азайып бара жатқанының себебінен оқушы санының аздығын, әр сыныпта 10-15 оқушыдан аспайтынын жеткізді. Жас мамандарға 3 жылға көтерме қаражат беріледі екен. Ақ қайыңды ауыл табиғатының ерекшелігін, мал ұстауға қолайлығынан хабардар етті.
Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов осы делегациямен 4-5 азамат бірге барып, ол жақтағы жағдаймен танысып қайтпақшы болып отырғанын жеткізді. Ол жақта барлық салада жұмыс табылатынын баяндады.
Жиынға қатысушылар түрлі сұрақтарға жауап алды. «Жұмыс жоқ» деп бекер сенделіп жүргенше, Керекуге барған пайдалы емес пе? Қолайлы сәтті тиімді пайдалана білгендер ұтады. Осындай кездесулер Жаңа ауыл ауылдық округінде және Асықата кентінде де өткен.

Жезқазғандағы
түркістандықтар

Солтүстік облыстарда мемлекеттік бағдарлама бойынша білім алып жүрген студент жастар көп. Солардың бір тобы – Жезқазған қаласында Өмірхан Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде «Серпін» бағдарламасымен білім алып жүрген түркістандық жастар.
Университетте Сарыағаш ауданынан Жұмағали Сарықұл, Ақмарал Ортай, Созақ ауданынан Ақсұңқар Арын, Данияр Жүрсінбай, Арыс қаласынан Тоғжан Жақыпова, Қарахан Тәукехан, Шардарадан Орынша Хаштаева, Мәди Бесбай, Жетісай ауданынан Мәди Қуаш, Қазығұрт ауданынан Ержан Құрбанбай т.б. студенттер білім алуда. «Рухани Жаңыру» орталығының жетекшісі Арман Кенжебеков осы студенттермен үнемі кездесіп тұрады екен.
Университет ректорының тәрбие ісі жөніндегі Гүлжазира Ақубаева «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқан студенттердің жігерлі, кәсіби маман болып шығуына байланысты атқарлып жатқан іс-шараларды айтып берді.
Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің 4-курс студенті Қуаныш Маратұлы Құттыбай арнайы сұхбат берді. Түркістан облысына қарайтын «Айғақ» телеарнасының түсірілім тобы Жезқазғанда білім алып жүрген жерлестерінің арасындағы белсенді студенттерін «Маэстро» мейрамханасына шақырып, дастархан жайып, пікір алмасты. Олар Төлеби ауданы Кемеқалған ауыл округі Абай ауылының тумасы – Қуаныш Құттыбай және Созақ ауданы Сызған ауылының түлегі – Інкәр Арын.
Жалпы, бұл кездесудегі басты мақсат Түркістандық жастардың басын қосып, бірлікте болуға шақыру еді. Болашаққа нық қадам басуға қол ұшын созу еді.
«Серпіндіктер» мәдени-рухани
іс-шаралардан тыс қалмайды

Алғашқы қадамына әлі 5 жыл тола қоймаған «Серпін» бағдарламасының жастары өз мамандықтары негізінде білім алумен қатар рухани, мәдени іс-шаралардан да тыс қалмайды. Мысалы, Атырау қаласында Атырау мұнай және газ университетінде білім алып жатқан оқып жатқан «серпіндіктер» «Серпін атауымен жайдарман тобын құрған. Университет қабырғасындағы «Жастар саясаты орталығы» аясында өнерлі жастар бірлесіп, «Үміт» атты қойырымдылық тобын құрып, жетім балалар үйімен қарым-қатынас орнатып, мерекелер кезінде түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастыруды әдетке айналдырған.

«Серпіндіктер» үндеуі

Осы жылдың мамыр айында жоғары оқу орнында оқитын «серпіндіктердің» диплом алатын алғашқы легімен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қызылжар өңірінде арнайы кездесу өткізген болатын.
Жиын барысында сөз алған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің ректоры: Серік Өмірбаев:
— Білім басқармасы және СҚО аудан әкімдерімен кадр дайындау, оларды жұмысқа орналастыру мәселелерін қамтитын ынтымақтастық және әлеуметтік әріптестік туралы меморандум жасалды. Екіншіден, Петропавл қаласы мен облыстың білім беру ұйымдарының бос орындар базасы құрылды.
Бүгінде облыс бойынша білім беру ұйымдарында 442 бос жұмыс орны бар. Ол орындарға университеттің 175 түлегі орналаспақ. Айта кету керек, бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де 862 студент білім алуда және биыл 10 мамандық бойынша 127 студент жас маман атанады, – деп, жас мамандардың жұмыссыз қалмайтындығын нақты статистикамен мәлімдеген болатын.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі – Құмар Ақсақалов жастар үшін аса қуанышты жаңалықпен бөлісті:
— Шілде айына қарай, көп созбай, біраз кәсіпкерлермен, біраз жұмыс берушілермен мемарандум арқылы жұмыс іздеп, 100 пайызға тез арада бітіру керек. Аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына осыны тапсырамын, – дей келе, – Осы «Серпін» бағдарламасы арқылы оқып жатқан балалар осы жерде қалып, отбасы құрып, балалы болса, міндетті түрде жаңағы үйлеріңізді біз өзіміз салып беретін боламыз, тегін. Жақсы ма, солай келісейік, – деп, отбасы құрған жастарға мемлекет тарапынан тегін үй салынатынына уәде берді.
Өңір басшысының бұл мәселеге ерекше назар аударып отырғанының себебі де жоқ емес. Жоғары оқу орыындарында білім алған 4 жылдың ішінде бірін-бірі ұнатып, отау тіккен жастардың қатары арта түскен. Биылғы 2018 жылы бітірген түлектердің арасында 14-і жеке отбасы болып, балалары өмірге келіп жатыр.
Студенттермен кездесуге жұмыс беруші кәсіпорындардың, білім беру мекемелерінің басшылары да қатысты. Жиын «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түсіп, ерікті түре туған жерінен алыста білім алып, тәуекелге барып отырған жастардың жағдайы мемлекет қамқорлығында болатынын тағы бір мәрте дәлелдегендей болды.
Жиын барысында Петропавл құрылыс-экономика колледжін техник-технолог мамандығы бойынша аяқтайтын Нұрбике Уайда серпіндік студенттер ұсынған «серпіндіктер» үндеуін көпшілікке оқып берді.
«Ел артқан, Елбасы сенген зор үмітті ақтап, алдағы уақытта ел экономикасы мен әлеуетінің қарқынды дамуына үлес қосатын білікті маман болу үшін талпынып жатырмыз. «Серпін» жобасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арасындағы серіктестік бизнеспен айналысуға да мүмкіндік беретіндігін, оқу орны деңгейінде аудан әкімдерімен жасалып жатқан ынтымақтастық туралы меморандум тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге жағдай жасайтындығын сезініп отырмыз. Сонымен бірге «Серпін-2050» бағдарламасы аясында білім алып жатқан жастарды Ерікті көшіру бағдарламасының қатысушылары қатарына қосу мәселесі Білім және ғылым, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінде қаралып жатқанынан да хабардармыз. Аталмыш мәселе оңтайлы шешілсе, серпіндіктер оқу орындарын аяқтағаннан кейін өздері мамандық алған өңірде баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етілулеріне, әлеуметтік қолдау иеленулеріне кепілдік берілетін болады.
Осының бәрі — мемлекет тарапынан өскелең ұрпақ үшін жасалып жатқан зор қолдау. Соның үдесінен шығу — бізге сын. Ендеше теріскейде білім алып жатқан бес облыстың арманы асқақ жастарын «Серпін» жобасының басты мақсатын, атап айтқанда білім алумен қатар оқыған жерде тұрақтану, мамандығы бойынша жұмысқа орналасу міндетін, нақтырақ айтқанда «тұрған жерің — туған жермен бірдей» идеясын абыроймен жүзеге асыруға шақырамыз».

Елбасы бағдарламасынан
бастау алған «Серпін»

«Серпін» жобасы сөз етілген сәтте ең алдымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылы бұл жобаға негіз болған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасындағы: «Мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бастадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп болып табылады! Қанша жыл өтсе де, бұл еңбек мектебін ұмыту мүмкін емес» дей келе, «Жаңа жұмыс орындары құрылуда. Бірақ біз жұмыссыздардың барлығы бірдей жұмыс істеуге ұмтылмайтындығын да көріп отырмыз. Өкінішке қарай, адамдар арасында жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «такси» қызметін атқаруды қалайтын психология сақталып отыр. Егер біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, бұл психологиядан арылу қажет! Жаңа біліктілікті меңгеру және зауытқа, өндіріске бару керек. Жас та және ересек те қазақстандық бос отырып, бәрін де сынай бермей жұмыс бар жерге, нәпақа табатын жерге қарай ұмтылулары керек!» деген бастамашыл сөздері жатқанын жадымызда ұстауымыз керек.
Мемлекет басшысының осы идеяларының негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметі жастар мәселесіне арнап арнайы «Мәңгілік Ел Жастары – индустрияға» Мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, жастарға қолдау көрсету жолдарын сараптады. Осы Елбасы бастамасы мен Үкімет бағдарламасы тоғыса келіп, сәтті, ауқымды, өміршең «Серпін» бағдарламасын туындатты.
Жастар саясаты, жастардың білім алуы мен кәсіп тауып, еңбекке араласауы сынды маңызды мәселе әрқашан Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмай, жіті бақылауында келеді. Бұның тағы бір дәлелі биылғы 2018-2019 оқу жылында мектеп бітірген түлектерге әдеттегі бөлініп келген гранттарға қосымша 20 мың грант бөлінгенін атап өту керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 5 наурызындағы жиында бұл жұмысты ҚР парламенті палаталарының бірлескен отырысында: ««Бүгінгі таңда еліміздегі ЖОО-ларда 530 мыңға жуық жас өрен білім алып жатыр. Олардың ішіндегі 30 пайызы мемлекет бөлген грант бойынша оқуда. Жоғары білім беруді қолжетімді әрі сапалы ету үшін келесі шараларды ұсынамыз. 2018-2019 оқу жылында жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша тағы 20 мың грант бөлгелі отырмыз. Ол гранттардың ішіндегі 11 мыңын, мүмкіндік болса одан да көбін сұраныс бар техникалық мамандықтар бойынша бакалаврға бөлу жоспарлануда. Бұл қадам Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жаңа экономикада сұранысқа ие болатын мыңдаған мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Бұл жерде инженерлер, ақпараттық технологиялар саласы мен робототехника, нанотехнология саласындағы мамандар туралы айтып отырмын. Бұл да мемлекеттің жастарға қолдауы болып табылады.
…Бұл шаралар жоғары білім берумен орта мектептердің оқушыларын көбірек қамтуға жол ашады. Бұл – адами капиталға, демек білімге салынған салым. Екінші жағынан, әлемдік стандарттар бойынша білім жүйесін жасай отырып, студенттердің өмір сүруі жағдайына баса маңыз беруіміз керек. Қалалық емес жастардың бір парасы қала шетінен баспана жалдауға мәжбүр екенін білесіздер. Ондай жағдайда сапалы білім жайлы қалай айтуға болады. Бүгінгі таңда ЖОО-лар мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамту мәселесі өткір болып отыр. Осы мәселені шешу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жатақхана тұрғызу қолға алынады. Мемлекет өз тарапынан БҒМ (ҚР білім және ғылым министрлігі) арқылы инвестициялардың бір бөлігін жатақхана құрылысына жұмсауға кепілдік береді. 2022 жылға дейін 25 мың орындық студенттік жатақхана салуды тапсырамын», – деп, жастардың жатақханамен де қамтамасыз ету туралы тапсырма берген Елбасы, барлық ЖОО-ларда техникалық, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша жаңа гранттар бөлу «белгіленген бес әлеуметтік бастаманың бірі» деп, басымдық берген болатын.
Одан соң, әрине «Серпін» бағдарламасының үйлестірушісі, дамытушысы дегенде Мұрат Абдуламитұлы Әбеновтің атқарған істерін айналып өте алмаймыз.
Бұл жоба тек бөлінген гранттар мен жұмысқа орналастырумен шектелмейді. Ең бастысы, оқыған, білімді жастардың əлеуметтік экономикалық белсенділігін арттыруға, жол ашып беруге бағытталған жоба. Оңтүстік өңірлердегі көпбалалы отбасылардан шыққан жастарға әлеуметтік көмек, дербес өмір сүру дағдыларын қалыптастырып, сапалы білім мен табысты жұмыс қамтамасыз ету арқылы мемлекет дамуына, дамыған елдер қатарына адам капиталымен қосылуға жетелейтін үлкен мақсатты көздейтін жоба. «Серпін» республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы – Мұрат Әбенов: «Серпін-2050» жобасына тәуекелшіл, өзгерістерден жасқанбайтын, белсенді, өнерлі, білімге құмар, өзге өңірлерде оқып, қажет болса сол өңірлерде қалып, еліміздің жарқын болашағына жұмыс істеуге бел байлаған жастардың қатысуын құп көреміз» деген сөздерді бекер айтқан жоқ.
Өйткені «Серпін» жобасымен грантқа оқуға түскен жастардың кейбірі туған жерлеріне қайтуға, Алматы, Астана қалаларында тұрақтануды мақсат еткен. Бұған әртүрлі жағдайлар әсер етіп отырғаны анық. Климаттық өзгерістерге бейімделе алмау, туған-туыстан алыста болу, жол қатынасының алыстығы, денсаулық жағдайлары т.б. болып көрініс тауып жатыр. Дегенмен, мемлекет болашағын, дамуын алдыңғы орынға қоя отырып, өзінің жеке дамуын да осы жолмен байланыстырып, істің аяғына дейін бара алатын ерік-жігерді жанитын жастар «нағыз серпіндіктер» қатарына қосылса, бағдарлама жемісті болар еді.
Тағы бір мәселе – мемлекет ұсынған барлық әлеуметтік көмек пен тегін грант негізінде білім алған жас мамандар туған өңірлеріне қайтудан бұрын кепілді уақытта 3-4 жыл уақыт еңбек етулері міндеттелуі керектігі де туралы айтыла бастады.
Қазіргі уақытта «Серпін» бағ-дарламасы бойынша 15 мыңнан астам студент оқуда. Оның жартысы Түркістан облысынан барған жастар. Ал, 30 кәсіптік колледжде 4 мыңға жуық студент студент білім алса, олардың 1\3 де осы өңірден шыққан түлектер. Бұл көрсеткіштер жобаны игеріп жатқандардың басым бөлігі Түркістан облысының жастары екенін көруге болады.
Еңбек ресурстарының теңсіздігі, артықтығы орын алып отырған Алматы, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының жастары жоба арқасында қосалқы, қарапайым жұмыстардың қатарында қалып қоймай, жұмыссыздардың қатарына қосылмай, заманауи ақпараттық технология, инженерлік-техникалық мамандар, ауылшаруашылығы мен оны өңдеу, ветеринар сияқты қажет әрі тапшы мамандардың қатарын толқтыратыны мемлекет халқының сапасын жоғарылатары анық. Қазіргі жас буынның соңына келесі жас буын ілескенде «Серпін» жобасының нағыз жемісті, нәтижелі кезеңі туатыны анық.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Серпін» кең тынысты бағдарламасы оң нәтижесін бере бастады. Осы жобаның негізгі өзегі жастар саясаты, жастардың қоғамдық ортаға бейімделуіне арналған. Бұл негізде оларға керегі заманауи білім, шет тілдерін игеру, жылдамдық. Жастарға осындай маңызды талаптар қойылып, талаптан шығудың жолы «Серпін» бағдарламасы жасалды. Жастарды жұмыссыздықтан, одан туатын күйзелістерден алып шығатын, қоғам дамуын жылдамдататын кәсіптік-техникалық білім алудың артықшылығын нақтылайтын бағдарлама Қазақстанда индустриалды-инновациялық даму үдерісіне өз үлесін қосады деп сенім білдіреміз.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *