90 жылдық тарихы бар ауданның:  қазіргі тыныс-тіршілігі 90 жылдық тарихы бар ауданның:  қазіргі тыныс-тіршілігі
Бақытбек Танагөзов Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының әкімі Бәйдібек ауданы деген атаудың өзі тарихтан сыр шертеді. Олай дейтін себебіміз, дүйім жұртқа мәлім тарихи тұлға Бәйдібек... 90 жылдық тарихы бар ауданның:  қазіргі тыныс-тіршілігі

Бақытбек Танагөзов

Түркістан облысы,
Бәйдібек ауданының әкімі

Бәйдібек ауданы деген атаудың өзі тарихтан сыр шертеді. Олай дейтін себебіміз, дүйім жұртқа мәлім тарихи тұлға Бәйдібек бабаның, Домалақ ананың, Сыланды, Зеріп сынды Қос ана кесенелері, Қостұра, Ақтас, Шақпақ, Қазата, Қошқарата, Теректі әулиенің, Жеті отау, Ақмешіт үңгірінің осы аймақта орналасуы тектен-тек емес. Жеріміздің қасиетті екендігінің айғағы.
Биыл ауданға – 90 жыл толып отыр. Осы орайда, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім мен мәдениет саласындағы жетістіктері жайлы, алға қойылған жоспарлары туралы білу мақсатында аудан әкімі Бақытбек Төленұлы мырзамен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Армысыз, аға! Қазақ тарихынан ойып тұрып орын алатын киелі мекен, барша жұртқа тарихи тұлғалардың есімдерімен белгілі Бәйдібек ауданының әкімі болу бір жағынан бақыт болса, екінші жағынан жауапкершілігі жоғары іс. Әңгімені ауданның тарихи орындарынан бастасақ. Сонымен қатар, жәдігерлерімізді көруге келетін қонақтарға қаншалықты дәрежеде жағдайлар жасалуда?

– Ауданның тарихын тереңірек білгісі келген оқырманға жазушы Сәбит Жолдасовтың «Шежірелі Шаян өңірінің тарихы» мен осыдан 15 жыл бұрын жарық көрген «Екі ғасыр тынысы» атты кітапты оқуы керек дер едім. Міне, осы тойдың аясында «Нұрлы әлем» баспасынан жарыққа шыққан белгілі қаламгер, жазушы Бағдат Қалаубайдың «Түрленген өлке – Бәйдібек» атты кітабын да қарап шықса болады. Сол кітаптарды ақтарып, тарих беттерін парақтап отырсақ Шаянның өмірін, өңірін Қазақстандағы барша халықтың ғасыр жасаған тыныс-тіршілігінен бөліп қарауға болмайтынын аңғару қиын емес. Бұл аймақта да ел қорғаны болған батырлар мен білікті, білімді билері болған. Бірлікті ту еткен болыстар өмір сүрген. Қазан төңкерісін бастан өткерген. Төңкеріске дейінгі елдің жайы айтылған. Ауданның алғашқы құрылуы ашаршылық, репрессия жылдарының тауқыметі, Ұлы Отан соғысының қасіреті бәрі-бәрі баяндалған. Тәуелсіздікке дейінгі, тәуелсіздіктен кейінгі кезеңдер айтылған.
Бәйдібек ауданы аумағынан 5 туристік нысан тіркелген (Домалақ ана, Қос-ана, Бәйдібек ата кесенелері, Ақмешіт әулие үңгірі, Аппақ Ишан мұражайы). Оның ішінде облыстық туристік картаға аудан көлеміндегі екі тарихи нысан «Ақмешіт үңгірі» және «Домалақ ана» кесенесі енгізілген.
Өткен жылы «Домалақ ана» аумағынан демеушілер есебінен 20 адамдық қонақ жай пайдалануға берілді. «Бәйдібек ауданының 2018-2020 жылдарға арналған даму концепциясына» сәйкес, 2019 жылы жеке кәсіпкер өз қаржысы есебінен 75 млн.теңгеге «Ақмешіт үңгірі» аумағынан келетін туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қонақ жай салып, айналасын көркейту-көгалдандыру жұмыстары жоспарланса, Бәйдібек ата кесенесі жанынан жеке кәсіпкер Р. Омаров өз есебінен (жоба құны – 45 млн) қазіргі талаптарға сай қонақ үй құрылысын жүргізіп, 2018 жыл соңына пайдалануға беру жоспарлануда.
Одан бөлек жеке инвесторлар есебінен аудан аумағындағы «Кіші Бөген» өзені (жалпы құны – 20 млн)мен «Теректі» демалыс аймағынан(жалпы құны – 25 млн) туристерге арналған демалыс орындарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

– Аудан Қаратаудың етегінде болған соң мал және егін шаруашылықтарына қолайлы. Халықтың басым көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысатыны белгілі. Аталған шаруашылықтың даму қарқыны қалай? Алға қойған жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.

– Бірінші ауданымыздың геогра-фиялық жағдайына тоқтала кетейін. Қойнауы қазыналы, даласы жазиралы Түркістан облысы Бәйдібек ауданының аймағы қарт Қаратаудың бауырын бойлай орналасқан. Табиғаты тамылжыған Бәйдібек ауданы жерінің көлемі 7,2 мың шаршы киллометрді алып жатыр. Облыс аумағының 6,1 пайызын қамтиды. Тұрғындар саны 55 мыңға жуық. Аудан жерінде 52 елді мекен, 11 ауылдық округ бар. Орталығы Шаян ауылы.
Бәйдібек ауданының жері Қаратау жотасының Оңтүстік батыс беткейінде қырқалы жазықта жатыр. Оңтүстік шығысын Боралдай жотасы Үлкен Тұра тауы 1425 метрді алып жатыр. Аудан аумағынан Шаян, Арыстанды, Бөген, Боралдай, Бестоғай, Сасық өзендері және олардың салалары Үлкен Бөген, Қошқарата, Құтырған өзендері ағып өтеді. Аудан жерінде Арыстанды өзенінің бойымен Арыстанды Қарабас желі соғады.
Аудан халқы негізінен мал шаруашылығымен және егін шаруашылығымен айналысады. Әсіресе қой, жылқы, сиыр өсіреді. Мұндағы жұртшылық әр ауылдың маңайымен қырқалардан отар-отар қоймен үйір-үйір жылқы жайлып жатқанын көруге болады. Жер жағдайы да мал шаруашылығына ыңғайлы. Шөбі шүйкін, белестердің көрсе көз тартар сұлулығы тағы бар.
Қысы қатал болғанымен, пейілі дархан халқы бар аймақтың негізі басты саласы жоғарыда айтып өткендей – ауыл шаруашылығы. Егін және мал шаруашылығы қатар жүргізілетін өңірде 2018 жылдың жарты жылдығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 5893,2 млн. теңгені құрап, 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 112,5 пайызға артқан.
Оның ішінде мал шаруашылығының өнім көлемі 114,3 пайызды (5806,8 млн теңге) құраса, өсімдік шаруашылығының өнім көлемі 55,3 пайыз болды (86.4 млн теңге).
Ауыл шаруашылығы жұмыстарын жандандыру мақсатында 2017-2018 жылдары ауданда 25 кооператив құрылды. Оның ішінде «Арыстанды KZ» кооперативі мен «Құбылай» кооперативтері молдульді сүт қабылдау бекетін алып, жұмыс жүргізуде.
Аудандағымал саны және өндірілетін мал өнімдері 2017 жылғы есепті мерзіммен салыстырғанда біршама өскен.
Ауданда етті бағыттағы 3 қазақтың құйрықты қылшық жүнді қой шаруашылықтары («Ержан», «Бердібай», «Қуаныш» шаруа қожалықтары) мен асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылықтары («Байтах» өндірістік кооперативі, Жеке кәсіпкер «Алшынбаева», жеке кәсіпкер «М.Назарбаев», жеке кәсіпкер Н Сихимбаев) жұмыс жүргізуде. Биылдан бастап репродукторлық шаруашылықтар төлдерін сатуды бастайды.
«Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары бойынша тапсырмалар артығымен орындалды. «Алтын асық» бағдар-ламасы бойынша жылдық тапсырма 2736 бас алу болса, орындалуы 5318 бас алынып 3 есеге, «Сыбаға» бағдарламасы жылдық тапсырма 600 бас алу болса, орындалуы 924 бас алынып, 154 пайызды құрап отыр.
«Ауданның 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенін дамыту» бағдарламасына сәйкес ауданда егістік жерді игеру жоспары 91,7мың га болса, нақты 94,3 мың га (1102,8%) игерілген. Өткен 2017 жылы егістік жер көлемі 90,1 мың гектарды құраған болатын. 2017 жылғы есепті мерзіммен салыстырғанда үстіміздегі жылы егістік жердің көлемі 104,6 пайызға немесе 4,2 мың гектарға артық игерілді.
Биылғы жылы ауданға 40 га жерге таңқурай өсіру тапсырмасы берілген. Ауданның таулы аймақтарында жеке қосалқы шаруашылықтарда таңқурай өсіріліп, тапсырма толық орындалды.
Жылыжай құрылысы бойынша 2 га тапсырма берілсе, нақты 4,5 га орындалды.
Суармалы жер көлемін ұлғайту бойынша 150 га қосу керек болса, тапсырма 100 пайызға орындалды.
12 940 га алқапқа аудан агроқұрылымдары терең қопсыту технологиясын ендіріп, егіс еккен. Тапсырма 12 мың га болды, нақты 107,8 пайызға орындалды.
Шаян ауылында 10 га жүзім егілді (жоспар 10 га) 100 пайыз орындалды.
Ауданда жалпы жер көлемі 721 мың гектар, оның ішінде 112 мың гектар жер егістік, 11 700 гектар суармалы, 387 мың гектар жайылым. Жалпы 1015,64 гектар жерден жер иеленушілер өз еркімен бас тартып, мемлекеттің арнайы жер қорына қайтарылды.

– Шаруашылықтың дамуы халықтың әл-ауқатын арттыратыны сөзсіз. Өзіңізге белгілі қазір еліміздің барлық аймақтарында ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Сіз басқарып отырған ауданда аталған жұмыстар қалай іске асып жатыр? Осыған кеңінен тоқтала кетсеңіз.

– Ауданға алдымен Кеңестік кезең-де соғылған Қапшағай су қоймасынан ауыз су құбырлары тартылып, Шаян, Жамбыл елдің мекендерінің тұрғындары көл-көсір қуанышқа бөленген еді.
Аудан орталығы Шаян елді мекеніне 2016 жылдан бері табиғи газ үзіліссіз берілуде. Шалғай ауылдарды газдандыру мәселесі де Бәйдібек ауданында жүйелі атқарылуда. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің бесінші бастамасында «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» туралы тапсырмасына сәйкес Бәйдібек ауданындағы 8 елді мекенде табиғи газбен қамтамасыз ету құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек биыл 4 елді мекенде газ жүйесінің құрылыстары басталғалы отыр.
Аудандағы тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық саласындағы жұмыс-тарға да мән беріліп, елді мекендерді абаттандыру, жолдарды жөндеу, елді мекеннің бейнесін көркейту-көгалдандыру бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
11 шақырым құрайтын «Ақбастау-Тұрақты-Қаратас» автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2017 жылы облыстық бюджеттен 400,0 млн теңге қаржы қаралса, 2018 жылға 177,059 млн теңге қаржы қаралып, ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға беріледі.
Облыстық бюджеттен бөлінген жалпы құны 547,447 мың теңге қаржыға Ақжар елді мекеніне кіре беріс 10 шақырым автожолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Аталған нысан 2019 жылға өтпелі болып табылады.
Тасқұдық автомобиль жолының 8-ші шақырымындағы көпірге күрделі жөндеу (78 млн 251 мың теңге), Шақпақ автомобиль жолының 5-ші шақырымындағы көпірге күрделі жөндеу (93 млн 117 мың теңге), Шаян елді мекеніндегі Қадырбаев көшесіне дейінгі аралыққа көпір салу жұмыстарына (193 млн 41 мың теңге) жобалау сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық салалық басқармаға қаржыландыруға ұсынылды.
2018 жылы облыстық және аудандық бюджеттен қаралған жалпы құны 305 780,0 мың теңге қаржыға елді мекендердегі 14,5 шақырым құрайтын 9 көше жолдары орта жөндеуден өткізілу үстінде.
Ауылдың елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі.
Аудандағы 52 елді мекендердің 34 елді мекендерінде орталық-тандырылған ауыз су құбырлары жүргізілген (34 елді мекендердің халық саны – 45 796 адамды немесе 83,4 пайызды құрайды).
Ауыз су құбыры жоқ 18 елді мекендердің 12-інде (Алмалы, Жұлдыз, Алғабас, Жаңаталап, Талап, Ақжар, Қошқарата, Ақтас, Кеңсай, Екпінді, Бірлік) ауыз су құбырларының құрылысы ауданның 2017-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму концепциясына сәйкес, 2018-2020 жылдары аралығында жүргізіледі деп күтілуде. 2 елді мекенде (Ақбұлақ, Нұра) өзі шығып жатқан жерасты ұңғы суларын пайдаланады. Қалған 4 елді мекен (Үсіктас, Байжансай, Шұқыршақ, Қызылжар елді мекендері) ауданның шалғайда орналасқан жерлерінде орналасуына байланысты, ауыз су құбырларын тарту жұмыстары экономикалық жағынан тиімсіз болып саналады.
2018 жылы ауыз су құбыры бар 8 елді мекендегі (Жоғарғы Боралдай, Боралдай, Қосбұлақ, Бестоғай, Қазата, Ақбастау, Тасқұдық, Шыбыт елді мекендері) ауыз су жүйелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 30 141,0 мың теңге қаржы бөлініп, әзірленген сметалық құжаттамаға сәйкес «Бәйдібек Су» МКК-ның тарапынан ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
2017 жылы Жарықбас, Теректі, Қаратас, Боралдай елді мекенінің шығыс бөлігінің ауыз су құрылыстары пайдалануға берілсе, Өткен жылдан 2018 жылға өтпелі болып табылатын 1 «Ақтас-Қошқарата- Кеңсай» магистралды суаққы және 3 елді мекендегі (Ақтас, Қошқарата, Кеңсай) ауыз су құбыры құрылысына 403 000,0 мың теңге қаржы бөлініп, жұмыс кестесіне сәйкес межеленген жұмыстар жүргізілуде.
Осы жылы 3 елді мекендегі (Екпінді, Жиенқұм, Бірлік) ауыз су құбырының құрылысына бөлінген 400 000,0 мың теңге қаржыға мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз болып танылған құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемелермен келісім шарттар түзіліп, құрылыс жұмыстары мамыр айынан бастап жүргізілу үстінде. Ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Жиенқұм ауылында құрылысы жүргізілген ауыз су пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы 3 елді мекендегі (Алғабас, Алмалы, Талап) ауыз су құбырының құрылысына республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігер мекемені анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.
Сондай-ақ, Ақжар, Жаңаталап, Жұлдыз елді мекендеріндегі ауыз су құбырының құрылысын жүргізуге сәулеттік жоспарлау тапсырмалары (АПЗ) әзірленіп, облыстағы салалық басқармаға жобалау сметалық құжаттамасын қаржыландыруға ұсынылды.
Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап аудандық бюджеттен бөлінген 20 960,0 мың теңге қаржыға (Жалпы сметалық құны 34 834,0 мың теңге, конкурстық құны – 21 060,0 мың теңге, 2018 жылға 100,0 мың теңге қаржы қаралған, қалғаны – 20 960,0 мың теңге) Ағыбет елді мекеніндегі ауыз су жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары басталып, аудандық бюджеттен бөлінген 3 120,0 мың теңге қаржыға Сарқырама елді мекеніндегі ауыз су жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстарына жобалау сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Қалған елді мекендердің ауыз су құбырларының құрылысы ауданның әлеуметтік-экономикалық бағдарла-масына сәйкес, 2018-2020 жылдары аралығында жүргізіледі деп күтілуде.
Аудан көлеміндегі елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары 2 бағытта жүргізілетін болады.
І-ші бағыт: №18 Шалдар АГТС-нан 37 елді мекендер табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Атап айтқанда: (Шалдар, Бекбау, Екпінді, Жиенқұм, Сарқырама, Жамбыл, Жүзімдік, Қызылжар, Тасқұдық, Шыбыт, Шақпақ, Қазата, Таңатар, Ағыбет, Алғабас, Жаңаталап, Жұлдыз, Кеңестөбе, Бірлік, Ынтымық, Алмалы, Жарықбас, Бәйдібек ата, Ақбастау, Жолғабас, Кеңес, Тұрақты, Қаратас, Теректі, Мыңбұлақ, Ақбұлақ, Бестоғай, Қайнарбұлақ, Қосбұлақ, Мәдениет, Нұра, Шаян елді мекендері).
ІІ-ші бағыт: №20 Көмешбұлақ АГТС-нан 13 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету. Оның ішінде бірінші кезекте Боралдай елді мекені газдандырылады. Атап айтқанда: (Боралдай, Амансай, Жоғарғы-Боралдай, Жыланды, Ақжар, Сарыбұлақ, Тайманов, Талап, Түйетас, Ақтас, Кеңсай, Қошқарата, Шұқыршақ елді мекендері).
8 елді мекенді (Ақбастау, Боралдай, Екпінді, Шалдар-Бекбау, Сарқырама, Жамбыл, Тасқұдық, Шыбыт) табиғи газбен қамтамасыз етуге – 3 302 432 000 теңге қаржы бөлініп отыр (оның ішінде 2017 жылға 1 443 264,0 мың теңге бөлінген). Оның ішінде: Ақбастау, Боралдай, Шалдар-Бекбау, Жамбыл елді мекендерінде жүргізіліп отырған құрылыстар 2018 жылға ауыспалы болып, осы жылдың аяғына дейінпайдалануға берілетін болады.
14 елді мекенді (Ынтымақ, Жыланды, Түйетас, Амансай, Талап, Сарыбұлақ, Жиенқұм, Жүзімдік, Мыңбұлақ, Мәдениет, Қосбұлақ, Қайнарбұлақ, Бестоғай, Ақбұлақ) табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалау сметалық құжаттамаларын әзірлеуге облыстық бюджеттен бөлінген – 85 111 000 теңге қаржыға тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңға оның 7 елді мекеніне (Жүзімдік, Мыңбұлақ, Мәдениет, Қосбұлақ, Қайнарбұлақ, Бестоғай, Ақбұлақ) әзірленген ЖСҚ-ларға мемлекеттік сараптаның оң қорытындылары алынып, құрылыс жұмыстарын қаржыландыруға облыстық салалық басқармаға бюджеттік өтінімдері ұсынылды.
Нәтижесінде Жүзімдік, Мыңбұлақ, Қайнарбұлақ, Ақбұлақ елді мекендерін газдандыруға облыстық бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып отыр.
Сонымен қатар, 5 елді мекенді (Бірлік, Кенестөбе, Тұрақты, Кеңес, Жолғабас) табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша жобалау сметалық құжаттамаларын әзірлеуге қажетті қаржылары облыстық салалық басқармадан сұралуда.
«Шаян ауылының кәріз жүйелерінің құрылысы» жұмыс жобасы бойынша 2018 жылға облыстық бюджеттен бөлінген 300 000 мың теңге қаржыға мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме «Корпорация Атамекен» ЖШС-мен келісім шарт түзіліп, мамыр айынан бастап жұмыс кестесіне сәйкес межеленген жұмыстар атқарылуда.
2018 жылы Мыңбұлақ, Шақпақ, Жамбыл елді мекендерінің көшелеріне абаттандыру жұмыстарын жүргізуге жобалау сметалық құжаттамаларын әзірлеуге жергілікті бюджеттен 10 200,0 мың теңге қаржы бөлінеді деп күтілуде. Бүгінгі таңға аталған соманың 500,0 мың теңгесі бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз болып танылған мердігер мекеме тарапынан жұмыстар жасалуда.
Сондай-ақ, Жамбыл елді мекенінің жанында орналасқан «Қапшағай-2» су қоймасының аумағынан бөлінетін 68 га жер теліміне «Жасыл аймақ» құруға – 62 800,0 мың теңге қаржыны аудандық бюджеттен бөлу жоспарланып отыр.
2017 жылы Шаян елді мекеніндегі Абай (құны 58 671 мың теңге), Қадырбаев (құны 108 818 мың теңге) көшелеріне күрделі жөндеу (абаттандыру) жұмыстарына жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, 2018 жылға жоғарғы бюджетке қаржыландыруға ұсынылды.
Елді мекендердегі электр энергиясы мүлдем тартылмаған немесе электр энергиясы жетіспейтін көшелерге электр желілерін тарту, бағаналары мен комплектті тұтынушылар подстанцияларын орнату бойынша 20 көшеге 2018 жылға аудандық бюджеттен бөлінген 40 млн.теңге қаржыға мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз болып танылған мердігер мекеме тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Биылғы жылы Амансай, Бәйдібек ата, Жолғабас, Қайнар елді мекендерінің ішкі электр желілеріне, Шаян елді мекенінде ішінара, Шақпақ елді мекені толық жөндеуден өткізіледі. 5 трансформатор (Шаян (2), Кеңес, Жиенқұм, Кеңестөбе) ауыстырылатын болады.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашақ-қа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Ту-ған жер» бағдарламасының аясында, басқа қалада жүрсе де туған жерін ұмытпай, қамқорлық жасап, Борлысай ауылдық округінің әлеуетін көтеруге өз үлесін қосып отырғанжеке кәсіпкер-меценат, жерлесіміз Оралбек Ботбайдың демеушілігімен Борлысай ауылдық округінің елді мекендерінде (Ақтас, Қошқара ата, Кеңсай) және аудан орталығы Шаян ауылындағы М. Әуезов көшесін жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп пайдалануға берілді.

– Биылғы жылы бірнеше мектеп пайдалануға берілгенін білеміз. Басқа да нысандардың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын көріп жүрміз. Жалпы аудандағы құрылыс саласындағы жұмыс қарқыны қалай?

– Дамудың даңғыл жолына түскен Бәйдібек ауданы жылдан жылға көркейіп келеді. Барлық нысандарды қоса алғанда ауданымызда 2017-2018 жылдары аралығында 74 нысанның құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілуде.
2017 жылы Жиенқұм мен Ө.Жолдасбеков мектептері (625,8 млн теңге) мен Бәйдібек ата ауылынан мәдениет үйінің (құны – 127,2 млн теңге) құрылысы және Жамбыл мектебіндегі галерея құрылысы (19,6 млн теңге) пайдалануға берілді.
Өткен жылы құрылысы басталған Сарқырама елді мекеніндегі О.Орманов (366 млн теңге), Түйетас елді мекеніндегі Б. Момышұлы (413,1 млн теңге), Бәйдібек ата елді мекеніндегі Ақтау (400,5 млн теңге), Тұрақты елді мекеніндегі Ж.Жүнісбеков (397,4 млн теңге), Ынтымақ елді мекеніндегі С.Жиренов (305,1 млн теңге) мектептерінің жаңа ғимаратының құрылыстары ағымдағы жылдың жаңа оқу жылында пайдалануға берілсе, Жаңаталап елді мекеніндегі Жаңаталап (329,2 млн теңге) мектебінің құрылысы 2019 жылға өтпелі болып табылады.
Биылғы жылы Қосбұлақ, Досан мектептерінің құрылыстарының жобалық сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Ауданда жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға 1 353 азамат кезекке қойылған. Оның 984-і Шаян ауылында тіркелген. Осы кезекке қойылған азаматтардың санын азайту мақсатында 55 га жер теліміне инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымның өтпелі құрылысы(жалпы құны –677,5 млн теңге) аяқталып, 326 азамат жер телімімен қамтамасыз етілуде.
Ауданда тұрғын үйге мұқтаж 269 азамат кезекке алынған. Кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Шаян ауылынан бір пәтерлі 20 коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы (жалпы құны –324,8 млн теңге) биыл пайдалануға берілді. Сонымен қатар 2 қабатты 10 пәтерлі қызметтік тұрғын үйдің құрылысы Шаян, Боралдай, Мыңбұлақ ауылдарында басталды. Бұдан бөлек Шаян ауылынан 2 қабатты 16 пәтерлі 5 үйдің құрылысына жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Ағыбет ауылдық мәдениет үйінің құрылысы (122,3 млн теңге) биыл басталды. Сонымен қатар Ақтас, Амансай ауылдарынан мәдениет үйінің, Шаян ауылындағы мәдениет үйіне жапсарлас ғимараттың және 100 мың кітап қорына арналған орталық кітапхана құрылысына жобалық сметалық құжаттамалар әзірленіп, сараптамадан өткізілуде.
Инвесторлар есебінен Шаян ауылынан жалпы құны 1,3 млрд теңгеге спорттық нысандар салынды. Онда жабық жүзу бассейіні (478,6 млн теңге), жабық теннис корты (219,5 млн теңге) және бес спорттық алаңдар (270,4 млн теңге) бар. Аталған нысандар ағымдағы жылдың 01 қараша күні ауданның 90 жылдық мерейтойы күні пайдалануға берілді.
Одан бөлек Шалдар, Боралдай, Жамбыл ауылдарынан спорт зал құрылысына және Домалақ ана мектебіне жобалық сметалық құжаттар әзірленіп, мемле-кеттік сараптама қорытындысы алынды.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Қызылсай» каналының жобалық сметалық құжаттамасы мен«Сарқырама» суқоймасықұрылысына техникалық экономикалық негіздеме әзірленуде.
Сонымен қатар, Ағыбет ауылынан уақ малды шомылдыруға арналған тоғыту әуіті (жалпы құны 3,3 млн теңге) мен ветеринариялық бекет құрылыстарының (жалпы құны 30,2 млн теңге) пайдалануға берілсе, құрылысы жүргізіліп жатқан Ағыбет ауылдық мәдениет үйінің құрылысы жыл сонына дейін пайдалануға берілетін болады.

– Құрылыстағы оң өзгерістер көңіл қуантады. Жаңадан салынған мектеп оқушыларға жаңа мүмкіндік туғызары анық. Білімнің жай-күйі мен ауданның білімдегі жетістіктері жайлы айтып өтсеңіз.

– Біріншіден, ғалымдар, академик, профессорлардан да кенде емеспіз. Өмірбек Жолдасбеков, Нысанбек Төреқұлов, Марс Үркімбаев, Мәулен Құдайқұлов, ақын, жазушылар Еркінбек Тұрысов, Аян Нысаналин, Әдіһам Шілтерханов, Сәбит Жолдасов, Сәбит Жиренов, Жүніс Сахиев ары қарай тарата берсек осындай халыққа қалаулы, елге елеулі азаматтардың тек есімдерінің өзінен бірнеше том энциклопедиялық жинақтар шыққан болар еді. Білім туралы сөз бастағанда осы салаға еңбегі сіңген қайраткерлерді айтпай кетпеуге болмас.
Білімді көтеретін білікті ұстазар. Мектептің басшылығы білікті ұстазды тани білуі керек. Ол үшін мектептің директорлары өз кәсібінің маманы болуы шарт. Сонда ғана білімді көтереміз. Бүгінгі таңда бүкіл әлем білімнің дамуын бірінші орынға қойып отыр. Бұл дегеніміз білім арқылы ғана жетістікке жетеді деген сөз.
Енді тікелей сіздің сұрағыңызға жауап берер болсам, халықтың білім деңгейін көтеру әрқашанда мемлекет назарында. 2018 жылы білім саласын дамытуға 5 миллиард 815 миллион 673 мың теңге қаралып, бір оқушыға шаққанда кететін шығын (359 мың 194 теңгеге) 2017 жылмен (345 мың 992 теңгеге) салыстырғанда 10 пайызға артып отыр.
Аудандағы 12114 оқушы оқитын жалпы және негізгі білім беретін 49 мектептің 37-сі типтік жайда,12-сі (26,5,%) ыңғайластырылған жайда орналасқан.
Дегенмен, қазіргі таңда ыңғай-ластырылған жайда орналасқан білім мекемелерінің саны жылдан жылға қысқаруда. (2017 жылдан өтпелі (облыстық бюджеттен 150 орындық О.Орманов, Б.Момышұлы, «Ақтау», Ж.Жүнісбеков, жергілікті бюджеттен 100 – орындық С.Жиренов, «Жаңаталап“) білім мекемелерінің 5-еуі (О.Орманов, Б.Момышұлы, Ақтау, Ж.Жүнісбеков, С.Жиренов мектептері) жаңа оқу жылының қарсаңында берілді).
Білім мекемелерінде жергілікті бюджет есебінен қаралған 32 млн 370 мың теңгеге қажетті заттар) алынып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуді.
Сонымен қатар, Л. Өтешов (22 млн 811 мың 120 теңге) және Ақтас (22 млн 454 мың 683 теңге) мектептерінің сыртқы қабырғаларын жылу ұстағыш материалдармен қаптау және әрлеу жұмыстары жоспарланып, жеңімпаз болған «Анар-Әсем» ЖШС-і қазіргі таңға кестеге сәйкес жұмыстар атқаруда.
2018 жылға жергілікті бюджет есебінен 24 млн 304 мың теңгеге 49 мультимедиялық жабдықтар алу, 23 млн 798 мың теңгеге білім мекемелерін Wi-Fi құрылғыларымен толықтай қамтамасыз ету мақсатында конкурс өткізілетін болады.
Аудан оқушыларының білім сапасын арттыру мақсатындағы жүргізілген жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде 688 мектеп бітіруші түлектердің 452-і (65,6 %) тестілеуге қатысып, 86,2орталау балдық (2017 жылғы көрсеткіштен 16,04 балл жоғары)көрсеткішпен облыс көлемінде алдыңғы үштіктен көрінді.
Ұлттық бірыңғай тесттің қорытындысымен «Жиенқұм» (116,8 балл), Ө.Жолдасбеков (108,3 балл), Комсомол (108,3 балл), «Теректі» (98,7 балл), «Қайнар» (98,3 балл) мектептері жоғары көрсеткішке қол жеткізді. «Балапан» бағдарламасы бойынша мектепке дейінгі балабақшалар саны – 20-ға жетіп (15 – мемлекеттік, 5 – жекеменшік), мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 85,5 пайызды құрады.

– Дені сау ұрпақ ұлтымыздың болашағы. Халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында жаслып жатқан оң өзгерістер туралы білсек?

– Халық денсаулығын сақтау бойынша біршама жұмыстар атқарылуда. Ауданда 49 медициналық мекеме болса, оның 30-ы типтік жайда орналастырылған. 2017 жылдың соңында Бестоғай, Түйетас ауылдарындағы медициналық тіректер пайдалануға берілсе, Жаңаталап, Бірлік, Тасқұдық елді мекендерінен құрылысы жүргізілген модулді медициналық тіректер пайдалануға берілді.
2018 жылы 7 елді мекенде (Алмалы, Мәдениет, Талап, Қаратас, Жыланды, Кеңес, Алғабас елді мекендері) медициналық тіректердің құрылысы басталуда. 2019-2020 жылдар аралығында 4 елді мекенде медициналық тіректер, 2 елді мекенде дәрігерлік амбулатория құрылыстарын жүргізу жоспарлануда.

– Көк туымызды көкке көтеріп жүргендердің басым көпшілігі ауылдан шыққан қаракөздеріміз. Ауыл спортының хал-ахуалы қалай?
– Бәйдібек жері Азиядағы дзюдо федерациясының президенті Марат Мықтыбековтің, Бейжіңде өткен олимпиаданың қола медаль иегері Еркебұлан Шынәлиевтің, қазақша күрестен «Қазақстан Республикасының спорт шебері», әлемнің екі дүркін чемпионы Қасымхан Төленбайдың туған елі. Менің ойымша ұрпақ тәрбиесі елге еңбегі сіңген тұлғаларды дәріптеуден басталады.
Елдің мерейін халықаралық деңгейде көтеретін – спорт саласы. Аудан спортының түлектері Республикалық, облыстық деңгейлерде жоғарғы орындардан көрініп, аудан мәртебесін көтеруде. Өткен жылы аудан спортының түлегі Қасымхан Төленбай қазақ күресінен әлем чемпионы атанып, аудан мәртебесін көтерді.
Бәйдібек ауданында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды. Онда спорттың 10 түрінен волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, бокс, қазақ күресі, дзюдо, грек-рим, еркін күрес бөлімдері бар. Спорт мектебінде қазіргі таңда 84 жаттықтырушы 157 топта 1810 оқушылармен жаттығу жұмыстарын жүргізеді. 2018 жылдың бүгінгі күнге дейін 97 спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып оған 8699 аудан тұрғындары қатысты.
Ауданымыздың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында төл күресімізден «Бәйдібек барысы» өткізіліп, өткізілген халықаралық жарыста 40 палуанның ішінен 80 кг салмақта белдескен Бәйдібектік Қазыбек Рахышов бас жүлде автокөлікті иеленіп, «Бәйдібек барысы» атанды.
Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, сазгер, бірнеше әндердің авторы, жерлесіміз Заттыбек Көпбосынұлының демеушілігімен туған жеріне ат шаптырып, ұлттық спорттың ерекше түрі көкпар ойынын өткізді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық спортымыз тағы да бір жаңғырды. Шарада Заттыбек Көпбосынұлы аудандықаудандық жастар орталығына автокөлік сыйлады.
Бүгін міне ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына тарту ретінде жеке инвесторлардың демеушілігімен бой көтерген жабық тенис корты, жүзу бассейні мен ашық спорт алаңдары пайдалануға беріліп отыр. Мерейтойға тарту ретінде жаңадан ашылған спорттық кешендерде барлық жағдайлар жасалған. Алдағы уақытта бәйдібектік спортшыларымыз өздерінің жетістіктерімен қуантатын болады.

– Өнер мен мәдениеттің ордасы саналатын ауданнан республикаға танымал мәдениет қайраткерлері қанат қаққаны белгілі. Талантты һәм дарынды жастарға жол ашу мақсатында ұйымдастырылған шаралар мен мәдени ошақтардың жайы туралы тоқтала кетсеңіз?

– Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов — «Шаянға барғанда жақсы бір әуен естідім, керемет бір күйге бөлендім. Талмай, шаршамай еңбек еткен ел көрдім. Адамдардан қадір қасиет байқадым. Ән мен күйді айта жүріп, еңбек еткен көңілді халықты көрдім. Берекелі еңбектен тапқан бірлігі жарасқан, тірлігі бекем ел көрдім», — деп бұл аймақтың өнерлі, дарынды адамдарына қарап «Шаянға барсаң әншімін деме» – деп нақыл сөз айтқаны белгілі. Жез таңдай, күміс көмей әншілердің отанына айналған Берекелі Бәйдібек ауданының өнерпаздары облыс орталығында өткен «Туған жер-алтын бесігім» облыстық фестивалында өз өнерлерін көрсетіп, қатарынан екі жыл автокөлік иеленді.
Құрылғанына 90 жыл толған Бәйдібек ауданы әлеуметтік, экономикалық жағымен ғана емес руханияты мен мәде-ниеті арқылы да өз орнын ерекшеледі. Тарлан таланттар мен дара дана жолын жаңа буын да жалғастырарына сенім мол.
Бәйдібек ауданы тарихи құнды-лықтарымен ғана емес, атақты жерлестерімен де даңқты. Небір іскер басшылар, Қоғам, Мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, өнер иелері, майталман спортшылар мен бизнес өкілдері, ұлағатты ұстаздар мен қолы шипа дәрігерлері бар екендігімен мақтанады. Олардың әрқайсының туған өлкесі Бәйдібек ауданының дамуына сіңіріп отырған еңбектері ұшан теңіз.
Ауданымыздағы 11 ауылдық округтер орталықтарының 9-да типтік үлгідегі мәдениет үйлерімен қамтылған. Өткен жылы Бәйдібек ата елді мекенінен құрылысы жүргізілген мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ал, қалған ауылдық округтерде мәдениет үйін салу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы Ағыбет ауылдық мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Астананың 20 жылдығына, Бәйдібек ауданының 90 жылдығына, «Тауқұдырет» атанған ақынымыз Орынбай Таймановтың 150 жылдығына арналған ақындар айтысы өтіп, бас жүлде жеңіл автокөлігі жергілікті ақын Біржан Байтуовқа бұйырды. Сонымен қатар, «Тәуелсіздік» алаңында Бәйдібек бабаның тарихына негізделген «Бәйдібек би» 10 минуттық анимациялық мультфильмнің тұсаукесері өтті. Сондай ақ, облыс әкімдігінің 2018 жылғы 8 маусымдағы жоспар тапсырмасы мен облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 17 сәуірдегі «Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін облыстық, республикалық, халықаралық іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» №22/269-VІ шешімі негізінде «Қымызмұрындық» облыстық фестивалі Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылдық округіне қарасты «Үлкен Бөген» өзенінің жағалауында ұйымдастырылып өткізілді.

– Жоғарыда әрбір саланың дамуына жеке-жеке тоқталып, түсіндіріп өттіңіз. Бұлардың бәрі ертеңгі ұрпақ үшін жасалып жатқан дүниелер. Енді, ауданның ішкі саясаты мен жастар мәселесі жайлы айта кетсеңіз.

– «Күшті ұлт болу үшін, алдымен ішкі бірлік, ұйымшылдық пен татулық қажет» деген еді Елбасы. Бәйдібектің жұрты бастан өткерген барлық қиыншылықтарды ынтымақ бірлігінің, қайсарлығының арқасында жеңіп, бүгінгідей гүлденген, көркейген, түрленген күнге жетіп отыр.
Жалпы алғанда, қазіргі таңда аудан бойынша қоғамдық-саяси ахуал тұрақты жағдайда. Бүгінгі күнде ауданда есепке алынған «Ыстық нүктелер» жоқ.
Аудан өмірінде қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың қызметі белсенді түрде жүргізілуде. «Нұр Отан» партиясы мен аудандық ардагерлер ұйымы, билер алқасы, әйелдер және жастар ұйымдары түрлі мемлекеттік бағдарламаларды халыққа түсіндіру мен ел бірлігі мен жас ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлес қосуда.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел ішінде ерекше ықыласпен қабылданды. Осы бағдарламаны іске асырудың бір тармағы «Туған жер» деп аталады.
Ауданымыздан шыққан кәсіпкерлер мен белгілі азаматтардың демеушілігімен өткен жылы 2,027 млрд теңге тұратын 61 жоба қолға алынды.
Ауданда 14-29 жас аралығындағы14 350 жас бар.
2018 жылы жастар саясатын жүзеге асыруда аудан бойынша жастар арасында 80 түрлі іс — шаралар ұйымдастырылды.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, ауданда ауыл жастарын қолдауға бағытталған «Дипломмен ауылға» жобасы жүзеге асырылып келеді. 2017 жылы «Дипломмен ауылға бағдарламасы» бойынша 19 жас көтерме жәрдемақы алса, 43 жас тұрғын үй алуға несие алған.

– Сұхбат соңында аудан халқына тілегіңіз.

– Міне осы 90 жыл ішінде ауданымыздың жеткен жетістіктері мен атқарылған ауқымды жұмыстарын ауыз толтырып айтуға болады. Игілікті істің басында жүрген бірінші кезекте халық екені даусыз. Сонымен бірге, алдыңғы буын ағаларымыз бен ақ жаулықты аналарымызға, халық қалаулыларына, ұстаздарға, өнер иелеріне, қоғамдық ұйым өкілдері және кейінгі ұрпақ жастарымызға алғысым шексіз.
Бүгінгі әрбір жетістікке, жақсылыққа Бәйдібек ауданынан шыққан әрбір азаматтың орасан зор еңбектерінің арқасында жетіп отырық. Кезінде осы ауданда еңбек еткен аудан басшылары мен қызметкерлері осы елдің іргетасын қаласа, қазіргі ұрпақ ғимарат тұрғызуда деп білемін. Бәйдібек тұғырлы, айбатты, мағыналы аттар мен мейірімді аналардың мекені. Осы атқа лайық болу сіз бен бізге міндет.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан – Берік Ағыбаев

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *