Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары инфляциядан  сенімді қорғалған Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары инфляциядан  сенімді қорғалған
Сәуле Егеубаева «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары: Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі, зейнетақы активтерінің инвестициялануы және зейнетақы жинақтарының сақталуына... Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары инфляциядан  сенімді қорғалған

Сәуле Егеубаева
«БЖЗҚ» АҚ Басқарма
төрайымының орынбасары:

Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі, зейнетақы активтерінің инвестициялануы және зейнетақы жинақтарының сақталуына қатысты мемлекеттік кепілдік бойынша өтемақы төлеу мәселесі жиі көтеріліп жатыр. Таяуда осы тақырыптар аясында Қор баспасөз брифингін өткізіп, журналистердің көкейкесті сұрақтарына жауап берді. «Жалын» журналы да осыған байланысты оқырмандарына толыққанды ақпарат беру мақсатында «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Егеубаева Сәуле Асқарқызын әңгімеге тартқан болатын.

– Сәуле Асқарқызы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылу тарихы мен атқаратын қызметтеріне қысқаша тоқтала кетсеңіз?

– Бірыңғай жинақтаушы зейне-тақы қоры 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» Жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы негізінде құрылды және коммерциялық емес ұйым болып табылады. Қордың құрылтайшысы және жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі.
2013 жылдың күзі мен 2014 жылдың көктемі аралығында жеке жинақтаушы зейнетақы қор-ларындағы зейнетақы активтері осы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына шоғырландырылып, салымшалар мен алушылардың бірыңғай базасы жасалды. Бұл үдеріс зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне кері әсерін тигізген жоқ. Керісінше зейнетақы активтерін тиімді және қауіпсіз түрде инвестициялауға мүмкіндік берді. Қордың зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес Қор міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алады және атына жеке зейнетақы шоты ашылған жеке тұлғаға зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты тегін береді.
Бүгінде Қор өз қызметінде ашықтық, шынайылық қағидасын берік ұстанады және отандық жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық қаржылық және ақпараттық ағындарының сенімді бірыңғай басқарушысы және операторы болып табылады.
Былтырғы жылы Қордың 2017-2021 жылдарға арналған Корпоративтік даму стратегиясы бекітілді. Қазір Қор осы стратегия аясында үздік әлемдік стандарттарға сәйкес сапалы қызмет көрсету, тұрғындар арасында зейнетақы жинақтарын жоспарлау мәдениетін дамыту және зейнетақы заңнамаларын жүзеге асыру міндеттерін орындап жатыр.

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры инфляцияға байланысты салымшылар мен алушыларға 150 000 теңгеден төлеп жатыр деген ақпараттың халық арасында кеңінен тарап кеткені белгілі. Бұл ақпарат қаншалықты рас немесе өтірік екендігін ашып айтып берсеңіз.

– «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылар мен алушыларға инфляцияға байланысты 150 000 теңгеден өтемақы төлеп жатыр-мыс» деген – ақпарат WhatsApp жүйесі арқылы таралғаны мәлім. Бұл әсте шындыққа жанаспайтын ақпарат. Қасақана қолдан жасалып жатқан қауесет. Ол туралы Қор бұған дейін бірнеше рет ресми ақпарат таратқан. Тағы да ескертеміз, күмәнді ақпарат көздерінен келіп жатқан ақпараттарға сенбеңіздер. Барлық салымшылар мен алушыларды бейресми дереккөздерден таратылған ақпараттарға сенбеу керектігін және көпе-көрінеу жалған ақпаратты таратқан адамның заң бойынша жауапқа тартылатындығын ескертеміз.
Еске саламыз, мемлекеттік кепілдік бойынша біржолғы айырма төлемі барлық алушылар үшін бірдей көлемде болмайды. Өйткені ол инфляцияны ескере отырып, әрбір алушының зейнетақы жинақтарының сомасына және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай дербес есептеледі.
– Сәуле Асқарқызы, осы жағдайға байланысты мемлекеттік кепілдік бойынша төлем алу ережесін тағы да түсіндіре кетсеңіз.

– «Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мемлекет алушының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, оның атына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген сомасында сақталуына кепiлдiк бередi.
Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемі – инфляцияның деңгейін ескере отырып, жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасы мен сол шотқа нақты енгізілген жарналардың сомасы арасындағы айырма ретінде айқындалған, мемлекеттік бюджет есебінен берілетін біржолғы төлем.
Оны алу құқығына салымшылар зейнеткерлік жасқа толған кезде ие болады. Олардан басқа, І және ІІ топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен айырма төлемін алуға құқылы. Сондай-ақ мемлекет кепілдігі бойынша төлем алуға құқылы азамат қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері де айырма төлемін алу мүмкіндігіне ие.
Зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде алушының зейнетақы жинақтарының сомасы оның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляцияны ескере отырып есеп-теледі және енгізілген зейнетақы жарналарының сомасымен салыстырылады. Егер жарналардың міндетті түрлері мен инвестициялық табыс есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының сомасы енгізілген жарналардың сомасына тең немесе одан жоғары болса айырма сомасы төленбейді. Ал егер жинақтардың табыстылығы инфляциядан төмен болса, мемлекет айырма сомасын өтейді. Яғни, қаржы нарықтары мен инвестициялық табысқа қатысты қандай жағдай орын алмасын, салымшылардың жинақтары сенімді қорғалған.

– 2018 жылдың 1 қазанына қарай «БЖЗҚ» АҚ негізгі көрсеткіштері қандай? Өсім бар ма?

– 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 8,9 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен бері 1,4 трлн теңгеге артты. Бір жыл ішіндегі өсім – 18 пайыз болды. Ал 2018 жылдың басынан бері өсім – 1,1 трлн теңгені немесе 14 пайызды құрады.
2018 жылдың 9 айы ішінде салымшылар мен алушылардың жаңадан 338,3 мың жеке зейнетақы шоты ашылды. Ағымдағы жылдың 1 қазанына қарай шарттардың барлық түрі бойынша ЖЗШ жалпы саны 10,3 млн бірлікті құрады.
Бұл ретте зейнетақы жинақ-тарының басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқандығын айта кеткен жөн. Олардың сомасы 8,7 трлн теңгеге жетті. Ай сайынғы жарнаның орташа сомасы 15,6 мың теңге. Бұл ретте 2018 жылдың 9 айы ішінде түсімдердің жалпы сомасы 617 млрд теңгені құрады. Салыстырып қарайтын болсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде зейнетақы жарналары 553 млрд теңгені құрады. Бір жыл ішіндегі өсім 12 пайызды көрсетті.
2018 жылдың 9 айы ішінде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерінің сомасы 130,9 млрд теңге болды. Олардың ішінде зейнеткерлік жасқа толу бойынша төлемдер – 70,7 млрд теңгені (немесе 54%), сақтандыру ұйымдарына аударылған зейнетақы жинақтарының сомасы – 15,5 млрд теңге (немесе 12%), ҚР аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 24,6 млрд теңгені (немесе 19%) және басқалай біржолғы төлемдер (жерлеуге және мұрагерлерге берілген) – 20,1 млрд теңгені (немесе 15%) құрады.
Кесте бойынша ай сайынғы ең төменгі зейнетақы төлемі (2018 жылы зейнеткерлік жасқа толуға байланысты) – 15 273 теңге, орташа ай сайынғы төлем – 20 179 теңге және ай сайынғы ең жоғары төлем – 337 059 теңгені құрап отыр.
Қор салымшыларының жеке шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы жыл басынан бері 623,6 млрд теңгеге жетті. 2018 жылдың 9 айы ішінде зейнетақы активтерінің табыстылығы 7,75 пайыз болды. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 3,3 пайызды құрады. Яғни, осы кезеңде зейнетақы активтері бойынша нақты табыстылық – 4,45 пайызға жетті. Жылдық тұрғыдан алып қарағанда Қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 2017 жылдың 1 қазаны мен 2018 жылдың 1 қазаны аралығында 9,0 пайызды құрады. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 6,1 пайызды көрсетті. Осылайша, екі кезеңде де табыстылық инфляция деңгейінен жоғары болғанына көз жеткізуге болады.

– Биылғы жылы қазан айында зейнетақы төлемдерін алу құқығына ие болған азаматтар үшін «Бір терезе» қағидаты қолданыла бастағаны белгілі. Осы қызмет жайында ашып айтып берсеңіз.

– Зейнетақы төлемдерін «Бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асыруға байланысты әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру мақсатында биылғы жылдың 11 қазанынан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде бірыңғай өтініш беру бойынша Композиттік қызмет іске қосылды.
Соған сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 9 қазандағы № 624-ші қаулысы негізінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларын және зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 1042-ші қаулысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бекітілді.
Бұл өзгерістер зейнеткерлік жасқа толуға байланысты зейнетақы төлемдерін алушылардың мүдделері үшін енгізіліп отыр.
Бұған дейін зейнет жасына толған азаматтар мемлекеттік бюджет есебінен берілетін ортақ зейнетақы мен базалық зейнетақыны рәсімдеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне, ал зейнетақы жинақ-тары есебінен қалыптасқан төлем-дерді алу үшін Қорға жүгінетін. Енді «Бір терезе» қағидаты бойынша енгізілген Композиттік қызмет аясында зейнет жасына толған азаматтар бірыңғай (бір) өтінішті және құжаттарды тек бір жерге – осы мемлекеттік корпорацияға тапсырады. Яғни, енді бұрынғыдай екі мекемеге жүгінудің қажеті жоқ.
Айта кету керек, Қор төлемдері алушының банк шотына оның өтініші мемлекеттік корпорацияға тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде немесе Қордан зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Әрі қарай Қор төлемдері мен мемлекеттік зейнетақылар мемлекеттік корпорацияның кестесі бойынша ай сайын алушының өтінішінде көрсетілген банк шотына бір мезгілде аударылып отырады. Бұл ретте Қорда зейнетақы жинақтары бар, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар үшін Қордан зейнетақы төлемдерін алу тәртібі өзгеріссіз қалады.
Яғни, олар жеке куәлігі және банк шоты туралы мәліметтермен Қорға жүгінулері тиіс.
Бұл ретте зейнетақы төлемдерін алушы өтініш беру тәсіліне қарай тиісті құжаттарды ұсынады. Егер алушы Қорға өзі келіп өтініш жасайтын болса, жеке басын куәландыратын құжат пен оның көшірмесін, банк шоты туралы мәліметтерді ұсынады. Сонымен қатар құжаттарды сенім білдірілген тұлға арқылы және пошта байланысы арқылы жіберуге болады.
Одан басқа, бұл тұлғалар зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін онлайн тәртібінде өтініш бере алады. Бұл электрондық қызмет Қор сайтының «Электрондық қызмет көрсету» бөлімінде қолжетімді. Бірақ бұл үшін алушыда электрондық цифрлық қолтаңбаның өзекті кілті болуы керек. Ал оны Халыққа қызмет көрсету орталығы береді.

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылар және алушылармен тиімді байланыс орнату мәселелеріне қаншалықты көңіл аударады?

– Қор өз қызметінде барынша ашықтыққа қол жеткізу, салымшылар және алушылармен арада тиімді коммуникациялық байланыс орнату мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. 2017 жылдың басынан бастап халық арасында ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын күшейту және БЖЗҚ қызметінің барынша ашықтығын қамтамасыз ету шаралары мықтап қолға алынды. Сол жылы сәуір айында Қордың ресми сайтында «Қоғамдық қабылдау» және «Басқарма Төрайымының блогы» қызметі іске қосылып, тұрғындар тікелей Қор басшылығына сұрақ қойып, жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
Қазіргі уақытта журналистер үшін ай сайын брифинг, ал баспасөз мәслихаты және салымшылар мен алушылар үшін Ашық есік күні шарасы үш ай сайын өткізіліп тұрады.
2018 жылдың 9 айы ішінде 9 БЖЗҚ бастамасы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында 20 мыңнан астам материал жарық көрді. Өсім былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 80 пайызға жетті. Сонымен қатар кәсіпорындар мен ұйымдарда 18 мыңнан астам таныстырылымдық шаралар өткізіліп, оларға 580 мыңнан астам адам қатысты. Салыстырып қарасақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде шамамен 13 мың таныстырылым өткізілді. Өсім – 46 пайызды құрады.
Қор бұдан кейін де ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жалғастыра беретін болады.

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры таяуда 2019 жылға арналған комиссиялық сыйақысының азайғандығы туралы хабарлады. Жалпы, Қор құрылғаннан бері комиссиялық сыйақы қанша пайызға азайтылды?

– Бірыңғай жинақтаушы зейне-тақы қорын құрудағы ең басты жетістіктердің бірі – комиссиялық сыйақыны азайту болды. Ол бірден екі есеге дейін қысқартылды.
Сөйтіп, 2014 жылы:
1) инвестициялық табыс сома-сының 7,5 пайызы;
2) зейнетақы активтерінің айына 0,025 пайызы көлемінде бекітілді.
Бұдан кейінгі жылдары да комиссиялық сыйақы бірнеше рет азайтылды. Осылайша, инвестициялық табыс сомасынан алынатын комиссиялық сыйақы 33 пайызға дейін қысқартылып, 2019 жылдан бастап 5,0 пайыз мөлшерінде, ал зейнетақы активтерінен алынатын комиссиялық сыйақы 2014 жылдан бері 40 пайызға қысқартылып, 2019 жылдан бастап айына 0,015 пайыз мөлшерінде бекітілді.
Мұның барлығы елдің зейнетақы жүйесіне оң әсер етті. Бұған Қордың бизнес-үдерістерін оңтайландыру, тиімсіз шығындарды қысқарту, көрсетілетін қызметтердің барлық дерлік түрін электрондық форматқа ауыстыру, көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі ішінде олардың үлесін арттырудың арқасында қол жеткізілді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – Берік Ағыбаев

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *