БАЛАЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ БАЛАЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты оқушыларының шығармашылық жұмыстары Ақжігіт Абзалбекұлы 2002 жылы ШҚО, Тарбағатай... БАЛАЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты оқушыларының шығармашылық жұмыстары

Ақжігіт Абзалбекұлы

2002 жылы ШҚО, Тарбағатай ауданы Үштөбе ауылында туған. 2017 жылы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектепке ақындық таланты мен үздік оқуына байланысты конкурстық негізде қабылданды. Республикалық әдеби оқулар, «Жарқын болашақ» олимпиадасының жүлдегері. Қазір 11-сыныпта оқиды.

Туған жер

Өлкесі өнетіндей жігіттердің,
Атырап тарататын үміттердің.
Біз сияқты бала боп жүргендер жоқ,
Сондықтан ертеңіңе күдіктендім.

Туған жер — асыл мекен түлік өрген,
Шабатын шаңы шығып күлік ермен.
Жайлау, той, саба қымыз сапырылған,
Текті өлке өзім үшін құның ерен.

Сағынам кең далам мен қырат бетін ,
Келмейді ешқашанда сынап кеткім.
Жөні бөлек тағдырға аттандырып ,
Өмірде адаспайтын тұрақты еттің.

Күншығыстан арайлайтын мекенім,
Сені ойласам, тағат таппай кетемін.
Асқар шыңға қармақ қолды сермесем,
Туған жерім, сені үлгі етемін.
Тілім деп өткен тұлғалар барда,
Біз мәңгі болмай, кім мәңгі!?

Алатаудың ақиығы, мұзбалағы қазақтың,
Алтын айға жанарыңды жалаттың.
Сұңқар өлең қалықтатып қазаққа,
Дүйім жұртты қаламыңа қараттың.

Өлеңдерің қалатындай есте шын,
Алатындай алып жерден кестесін.
Қыран елдің қырағысы атанып,
Жидың бойға ақыл-ойдың дестесін.

Қарасаздай қайратты елдің тумасы,
Өлеңімен биік тұрған тұлғасы.
Бар қазақты сүйетұғын мен үшін,
Өзіңменен басталардай жыр басы.

Өлеңдерің – сарқылмайтын бұлағың,
Толқындай болып, ағып та жатыр жыр-әнің.
Ұрпақтарыңа өшпес мұра қалдырып,
Қырық бесте сөніп кетті шырағың.

Заманыңа өкпең де көп білемін,
Қалам, қағаз болып еді жыр емің.
Соқпақтар да қазағым деп соғып ед,
Мұз жамылып, жыр жастанған жүрегің.

Жатқандаймын бір өзіңнен сыр ұғып,
Ақын кеуде жаңғырады ұлылық.
Қара қазақ жігітінен дос қалмай,
Тапқан еді-ау Фаризадан жылылық.

Ақиқық деп ұлтың берен дара шың,
Жүректердің орнынан төр аласың.
Қадірлеумен өнегелі жолыңды,
Ұлықтаумен өтер мәңгі Алашың!

Шытырман талай шырғалдаңдарда,
Бабамнан өшпес жыр қалды.
Тілім өткен тұлғалар барда,
Біз мәңгі болмай, кім мәңгі!?
Ендігі өмір бастайды шың басына

Ендігі өмір бастайды шың басына,
Айналдырар ерікті сырласына.
Жаманның алшақтатып ауласынан,
Жақсының айналдырар құрдасына.

Ей, өмір-ай, жылжыған зымыраған,
Деймін-ау менде бір күн тыным алам.
Тыным таппай жүргенде өтіп кетер,
Ұға алмай да қалады сырын адам.

Сабындай ұзын қысқа тобылғының,
Өте шығар қас-қағым өрімді күн.
Талайлар сезе алмапты тәттілігін,
Табамыз деп жүргенде өмір гүлін.

Айтпағым емес еді бөтен ойлар,
Бұрыс ойлар, біреулер дұрыс ойлар.
Желкенді өмір түрулі айлағында,
Тағдырың бар әлі де тыныс бойлар.

Жетелейді таңдар да арайлана,
Кесіңістікте арман бар шарайлана.
Аңсары ауып тұрса жүрегімнің,
Толғанып жыр жазбайын қалай ғана.

Жақсы мен әсте қаралар алыс қалған ба?
Білікті білім таланттар ғана талғамда.
Ақтарып жазған ақ үнім еді бауырлар,
Сыйласайық бес күндік мына жалғанда.

Қиялын арқалап ап тың қасына,
Кім кепіл бағың баста тұрмасына,
Арманын мақсат еткен арғымақтар,
Ендігі өмір бастайды шың басына.

Қасиет

Өрнектелер десте болып ойларым,
Мақсат еді арман қылып қойғаным.
Тамырында ағатұғын халықтың,
Қасиет бар ерлік керген бойларын.

Тектілік бар таралатын қазақтан,
Аман қалған не бір түрлі азаптан.
Бақыт іздеп жүрсең егер бауырым,
Қасиет ал Алаш деген алаптан.

Жаратқан, сақта елімді, жұртымды аман,
Адалдық бар бойында сарқылмаған.
Құдірет қонған қазақ — туыс, бауыр,
Сондықтан жақынсыздар жалпың маған.

Құлмыз ғой бір Аллаға бас ұратын,
Дін жолында жалындап тасынатын.
Азанның дыбысымен таң атырып,
Намазда көзімізге жас тұнатын.

Өлеңіммен жүрегімді емдегем,
Жас қылышпен өз тілімді тең көрем.
Қасиетің не деп біреу сұраса,
Қазақ деген Алаш деген ел дер ем.
Хақ жолынан аттап тұрса надандар,
Қасиетті сөздеріңді құртпаңдар…

Адамдар бар өмірде жеріп жүрген,
Қуанышы өтірік семіп күлген.
Адамдар бар өмірде жантақ болып,
Төренің жетегіне еріп жүрген.

Ислам мен парасатқа шаламыз,
Білімсіз деп білгіш болған қаламыз.
Маңдайларын тасқа емес сәждеге
Қойып өткен қандай еді бабамыз!
Қазір бәрі телефонға телмірген,
Көздер де жоқ шұрқырасып кең күлген.
Жастарымның улап қойған санасын
Оқ бойымен от жанарын сөндірген.

Ей, бауырым, саған айтар ақылым,
Торламасын санаңды кеп жат ұғым.
Бір-біріңді жүндей түтіп жесеңдер,
Әр қазақтан бар ма саған жақының.

Пейілдері көп жандардың өзгерді,
Атам соны әу бастан-ақ сезген-ді.
Құдай ұрған санасыздар көбейіп,
Көр қазуға ақша сұрар кез келді.

Қара бұлт кеп аспаныңды жапқаны,
Түйіседі азғындықтың шатқалы.
Ата-ананың үзілмеген пәк қызын
Зорлайтындар, оңбайтындар қаптады.

Біздің қоғам неге мұнша бүлінді,
Бейбіт елде қандай қадам сүрінді?
Жесірлерін жылатпайтын қазағым,
Жетімдерге шашып жатыр жуынды.

Қалай сонша ластанды санамыз,
Назды жұртқа енді қалай жағамыз?
Ұлықтарына байтақ мекенді қорғаған,
Ұрпақтары бүлінсін деп пе ед бабамыз.

Зұлымдық көрсем ішімнен тынып өкінем,
Пәкпін демеймін былшылдап сөйлеп көкіп ем.
Жалған өмірдің сауабын жинап өткенге,
Иманы бар жан намаз оқыңдар өтінем.
Астана

Бас қаласы Алашымның Астана,
Көтеретін асыл текті басыма.
Қазағымды танытатын әлемге,
Сарарқаның символысың , Астана.

Елордам ортаймайтын дара тыныс,
Ұрпаққа өшпейтұғын қалатын із.
Сенің далаң жаңғырып өрлікпенен,
Көгінде қыран ұшар жаратылыс.

Алматыдан көшірілген алмасым,
Әніміздің асқақ рухы талмасын.
Көрігіңе көз тоймайтын жас қала,
Аспаныңда самұрығың самғасын.

Асқақ қалам ер – елдікті бастаған,
Болашақтың өрімін тік тастаған.
Алдыңда көп алар асу, белесің,
Алдыңда әлі бағындырар асқарың.

Айбыныңмен артық тұрсын ғажабың,
Бас қалаға таусылмайды жазарың.
Дәл өзіңдей құндылықты қорғауға,
Барын төгіп жанын салар қазағым..

Бәйтеректің биігінде тұра бер,
Азаттыққа енді біздер мұрагер.
Жалауыңды құлатпайтын асылым,
Арқасына күн қондырған қыран ел!
Түндегі ой

Наурызға қараған түн — қамалуда ойларға,
Ұйқы қашты ұлыс күні той барда.
Мерекеге мен ғана екем қуанған.
Ал өзгелер тойлауды да қойған ба?

Берекемен келетін ырыс күні,
Сақталар көже, қатық, барлық сүрі.
Пайғамбардың кемесі тоқтаған күн,
Теңеледі айлы түн тыныштығы.

Түркінің сақтап жүрген салт-санасын.
Ұлықтап дара батыр әз данасын.
Бір күндік мерекені көреміз деп,
Жайнатады тігілген мәз қаласын.

Тарқамай салтанат пен берекесі,
Дестеленіп тігілер керегесі.
Ренжісіп қалатын ағайынның,
Табысумен тарқайды ерегесі.

Ой шығады осындайда шала бір,
Қыдыр ата дарытсын деп жаңа нұр.
Құмай жылы құт дарытып қазаққа,
Жаңа бақыт алып келсін жаңа жыл.

Т__рсынбек Диана

Диана Тұрсынбек

2001 жылы Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында туған. 2017 жылдан бастап Абай атындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен əдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепте оқиды.
Аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық ақындар айтысына, жыр мүшәйраларына қатысып жүлделі орындарды иеленіп, айтыстың қарлығашы ретінде таныла бастады.
Арманы – журналист болу.

Жас жұбайлар қосылды махаббатпен,
Лүпіл қақты қос жүрек шапағатпен.
Бір балаға зар болды сол екеуі,
Бұл тағдырдың жарлығы қатал əттең.

Аралады əулие -əмбиені,
Бала еді Құдайдан тілегені.
Қартайғанда қызығын көретұғын,
Бір балам болса деді тілегені.

Айлар өтті, күн өтті, жылдар өтті ,
Əке жүрек , ана жаны жылап өтті.
Бірін -бірі сонда да тастамады ,
Қиындықты көп көрді , бірге өтті.

Құдайдың құдіретінің жоқ қой шегі ,
Тілегін қабыл етті Құдай енді.
Тоғыз ай , тоғыз күнде қолына алды ,
Жұмақ иісі аңқыған нəрестені.

Бақытының сол сəтте бар ма шегі,
Бір батыр туылды деп қуанды елі.
Қанша жылдық қиындық, зарлы жылды,
Бірін бірі қолдаумен бірге жеңді.

Балаларын өсірді еркелетіп ,
Еркелетіп өсірді, тентек етіп.
Кем қылмады ешкімнен, ештеңеден,
Жүрегіне «нұр» гүлін тең гүлдетіп.

Ұлы ер жетті қыздардың арманы боп ,
Баласының ешкімнен қалғаны жоқ.
Ата-ана кем қылмады ештеңеден ,
Тар болмады ұлының арманы жоқ.

Күймей-сүймей жастар жаны тұра алған ба,
Махаббатсыз бұл өмір құралған ба?
Он сегізге толғанда жігіт болған,
Жанымен ғашық болды бір адамға.

Келін етіп үйіне əкеледі,
Жан жарым деп шын сүйді, мəпеледі.
Ұлан -асыр той жасап берді оған,
Қуана анасы мен əкелері.

Күн айлар өтіп жатты зырлап, ағып,
Қартайды ата-анасы діріл қағып.
Келіні шығарды ғой бір күн қылық,
Шаршадым деп екеуін əбден бағып.

Үйлерінен береке, ырыс кетті,
Күнде жанжал, келіні əнді үдетті.
Ата -анасы кінəлады өз-өздерін,
Балалары екеуін алып кетті.

Зырлады көлікпенен тартқан күйі,
Баласының осы ма баққан сыйы.
Тоқтатты да көлікті келдік деді,
Алдында тұрды сонда Қарттар үйі.

Ұлы бұлай жасарлық не ғып еді,
Кімдердің сөздеріне еріп еді.
Азғырған шайтан ба еді, пері ме еді,
Сол пері үйіндегі келіні еді.
Ана жүрек бұл қорлыққа шыдамапты,
Жүректі ұстап еденде құлап жатты.
Жанында «ояншы» деп əке отыр,
Ағыл-тегіл, көл-көсір жылап жатты.
Бір балаға зар болып жүргенде де,
Əке жаны дəл бұлай жыламапты.

Бұрылмастан артына кетті ұлы,
Солғаны ма жүректегі нұрлы гүлі.
Сонда да бақ тіледі əкесі оған,
«Бақытты болшы» деді, өтті мұңы.

Қарт жүрді, айлар, жылдар зырлап өтті.
Жай өтпеді зымырап , жылдам өтті.
Ұлынан ешбір белгі болмағалы,
Хабарсыз кеткеніне жылдар өтті.

Қарт барады сүйеніп таяғына,
Дес берместен ауырған аяғына.
Жолын күтіп біреуге қарайлайды,
Қарайлайды, əрине, баяғы ұлға.

Үміт үзіп, сөгіліп керегесі ,
Жеңіліп өмірменен ерегесі.
Қария кетіп бара жатыр еді ,
«Ата» деді артынан немересі…

Не айтқым келді менің оқырманға,
Ой түйсінші бұл жырды оқығанда.
Ата-ананың қадірін біліңдерші,
Жүректе иман, кеудеңде отың барда!
«Дара жолдың» жаршысы

Дана апай – дара жолдың жаршысы,
Бүкіл қазақ таныр, тіпті, аң-құсы.
Кездесу де өзіңізбен бұйырды,
Асығымның түсіп бүгін алшысы.

Дана апай, сұлу, сырлы, қылықтым,
Өнеріңе жан- тəніммен құнықтым.
«Дара жолдан » өзіңізді күтем де,
Бір дем менен көріп шығам тынып тым.

Мен де сіздей болсам деймін дарынды,
Еңбек етсем еліме шын қарымды .
Көк жəшік те тұрар сіздей еркелеп,
Күн де туар Аллам ашса бағымды.

Талаптанам, ұмтыламын, талпынам,
Алғыс алам өзіңіздей халқымнан.
Шын жүректен алғысымды білдірем,
Уақытыңды қиған қымбат алтыннан.

Жүрегіңіз соға берсін халықпен,
Жұмысыңыз жалғассын тек шабытпен.
Еңбегіңіз жемісті боп тарихта,
Есіміңіз қалсын алтын əріппен.

Жансая Равкат

Жансая Равкат

2001 жылы 20 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. Бірінші сыныптан жетінші сыныпқа дейін №192 мектепте білім алып, 8-сыныпты 2015 жылдан бастап Алматы қаласындағы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен əдебиетін тереңдетіп оқытатын орта мектеп — интернатында оқиды. Мектепшілік олимпиадада қазақ тілі пәнінен 2013 жылы ІІ орын алып , 2014 жылы І орын иемденіп, аудандық олимпиадаға қатысты.   2014 жылы аудандық  шығарма жазу бойынша жарысқа қатысып,  ІІІ орын иемденді.  2017 жылы 1-ші Республикалық Әбіш Кекілбаев оқуларына қатысып, арнайы қаржылы сыйлыққа ие болды. Таңдау пәні — қазақ тілі мен әдебиеті. Болашаққа  арманы – журналист болу.  

Дананың дара жолы

Алматы. 31 қазан. Халықаралық Ақпараттық Техналогиялық Университеті. «Дананың дара жолы» атты бағдарламаның белгілі жүргізушісі Дана Нұржігітпен кездесу кеші өтті. Кездесуге университеттің журналистика факультетінің студеттері мен Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды бала-ларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының оқушылары қатысқан болатын. Сонымен қатар, униферситеттің журналистика фа-культетінің ұстаздары, мектеп-интернатымыздың басшылары қатысты.
Аса құрметті қонағымыз Дана Нұржігіт оқушыларды жеке өзі күтіп алды. Кездесу басталғанға дейін оқушыларға экскурсия жасалды және журналистика факультеті кеңінен таныстырылды.
«Дара жол» бағдарламасымен көрермен жүрегінен орын алған Дана ханым қазақ журналистикасына қаршадай бала боп кіріп, бүгінде, міне, қара шаңырақтың төрінде отыратын беделді азаматшаға айналды,-деп ұйымдастырушылар іс-шараны бастады. Осыдан кейін сөз алған Дана ханым барша келіп отырған ағайын-жұртқа алғыс білдіріп, Атыраудан келген қонақтарға, барша көрермендерге алғыс айтып өтті. Көрермендер арасынан түрлі сұрақтар қойылды. Енді сол сұрақтарға тоқталып өтейін.

-Дана ханым! Сіздің тамаша журналист екеніңізді жақсы білеміз. Ал жалпы осы салаға қалай аяқ бастыңыз?

-Менің арманым негізінен мұғалім болу еді. Бірақ ата-анам өнер адамдары болғандықтан, сол саланы таңдағанымды қалаған болатын. Сөйтіп мен фортепиано оқуын оқып жүрген кезімде, қазіргі Абай атындағы Ұлттық университетінің алдында ілініп тұрған «Радио жүргізуші керек!» деген хабарландыруды көрдім. Сөйтіп, бағымды сынамақшы болып сол жерге бардым.
Бір кісі келді де ауа райы жазылған орысша мәтінді қолыма ұстатты, оны бар ынтамды салып оқып бердім. Менің бетіме қарап тұрып:
-Осыны қазақшаға аудара аласың ба?- деді.
Мен де саспай «әрине» деп жауап қаттым.
-Қай мектепте оқып едің?
-Қазақ мектебінде, — дегенді ести сала:
-Онда осыны қазақшаға дәл қазір, дәл бүгін аударып бер, — деді. Аударып, бірден сол жерде оқып бердім. Менің дауыс ырғағым ұнаған болар, маған:
-Екі тілде де өзің жүргізесің, қасыңа көмекші қосып береміз,- деп мені жұмысқа қабылдады. Мүмкін, бұл менің құдай берген бағым болар. Себебі ол кезде ғаламтор деген нәрсе жоқ, халыққа таралмай тұрып сол жұмысқа іліктім.
Сөйтіп сол жақта жұмыс істеп жүріп, жақсы жалақыға ие болдым. Тіпті ол кезде ешкім көрмеген долларды да алдым. Сөйтіп қалтам толып қалды. Дәл сол кезеңде алдымнан қиын сынақ келе жатыр еді. Яғни, сол кездегі ойым сондай болды.
«Диплом алуым керек, диссертацияма дайындалуым керек»деген оймен жұмыстан шығып кеттім. Диссертациямды жақсы қорғап, дипломымды қолыма алдым. Сөйтіп не керек, журналистика деген аурумен ауыра бастадым. Осы салада жұмыс іздедім. Менің қатарластарым жақсы біледі, сол жылдары өте көп кішкентай жарнама жасайтын арналар қаптап кетті. Әйтеуір бір жұмысқа кірдім. 8 ай қиын, ауыр жұмыстарын жасадым. Бірақ, соған қарамастан, көгілдір экран алдына да шықпадым, жалақы да алмадым. Сол 1-2 жыл мен үшін, отбасым үшін әрі анам үшін өте қиын кезең болды. Бар уақытым айлықсыз жұмысқа кетті. Қара нанға да қолым жетпей қалған кездер өте көп болды. Бірақ соған қарамастан, бір қуанарым осы жерде істеп жүрген жақсы журналистермен таныстым. Кейін сол жердегі бір кісі хабарласты.
-Дана, осындай жерде жұмыс істеп жүргенімізге 8 ай болды. Қашанға жүреміз осылай. Дана-ау, ана хабар деген арнада журналистерді жұмысқа алып жатыр екен, — деп, хабар айтты .
-Шынымен жұмыс керек па, кел, істе, бірақ оңай болмайды, — деді.
Шынымен өте қиын болды. Тіпті мені алып келген кісі де шыдамай жұмыстан шығып кетті. Негізі журналист болу үшін аузың бітеулі, тек айтқандарын істеп жүру керексің. Ал қазіргі жастар келе сала, көгілдір экран алдына шыққылары келеді, — деп, журналистика факультетінің І курс студентіне жауап қатты Дана ханым.
-Сәлеметсіз бе, Дана ханым! Қазіргі кезде журналистика майдаланып кетті дегенді жиі естиміз. Осыған өз ойыңызды айтып өтсеңіз.
-Бұл қай ғасырда болсын айтылатын сөз. Бізге дейін де айтылған, бізден кейін де айтылатын дүние. Өз басым бұл сөзбен келіспеймін. Себебі, журналист қай жерде болмасын журналист. Менің Ғалия атты журналист танысым бар. Әпкемдей болып кеткен. Ол кісі өзі Павлодар тумасы. Бір жылдары анасы қатты ауы-рып қалып, қолындағы екі баласын арқалап ауылға кетеді. Ол анасын, ауру қызын, кішкене баласын бағады. Соған қарамастан, сол ауылда қазақ балабақшасының жоқ екенін естіп, ана есіктің табалдырығын бір тоздырып, мына есіктің табалдырығын бір тоздырып ақырында қазақ балабақшасын аштырды. Ұлын сол жақа береді. Бірақ өмір болған соң анасы да, қызы да қайтыс болады. Оларды сол жаққа жерлеп, өзі баласын алып жұмысына, қалаға қайтып оралады. Бірақ артынан ауылда қазақ балабақшасы қалды. Міне, журналист қай жерде болмасын журналист!-деген Дана ханымның жауабы аудитория көңілінен шықты.
Осылайша болашақ журналистер өз көкейлеріндегі сұрақтарына жауап тапты. Дана ханым көп ақыл-кеңестер беріп, көп мәліметтер айтты. «Дара жол» бағдарламасының тарихымен, осы кезге дейін 200-ден астам қонақ келгенін айтып өтті.
Кеш соңында мектеп-интернатымыздың 11-сынып оқушы-лары: жас айтыскер ақын Базарбек Бекжан домбырамен жыр жолдарын арнаса, айтыскер ақын Тұрсынбек Диана, жас ақын Абзалбек Ақжігіт арнауларын оқыды.
Бұл кештен өте жақсы әсер алдым. Дана ханымның қарбаласқа толы өмірі, оның жұмысына деген сүйіспеншілігі менің журналист боламын деген арманыма қанат бітірді.
Сонымен қатар журналистика мамандығы ел ойлағандай оңай емес екенін түсіндім. Өзіме деген жауапкершілікті сезіндім.Сонымен қатар, осы кездесуге баруға мүмкіндік тудырған мектебіміздің басшысы Р.Е.Сексенова апай, бізді алып барған тәрбие ісінің меңгерушісі А.П.Нұрабаева апай, психолог апай Г.А.Бектаеваға өз алғысымызды білдіреміз.

Аяулым Абаева,
9-сынып оқушысы

Ақын мұңы

Жаратушы жалғыз ием жаратыпты ақынды,
Кім түсінер, кім түсінер ақын деген халықты?!
Ақындағы шырақ оты ешқашан да сөнбейді.
Оятам деп қараңғыда қалғып жатқан қазақты,
Ал қазаққа әрқашанда, әрқашанда жан тәтті.

Көңілі таза, ұяң кісі ақын деген- жан бөлек,
Сол ақынға керек екен әр қазақтан бір көмек.
Кеше Абай «Мыңмен жалғыз алыстым» деп жырлады,
Абайлардай ұлы ақындар енді бізде қалмады.

Абайдың да, Мағжанның да жырлағаны бір еді,
Қайран жұрты қалың елін ойлап жылы жүрегі.
Жыр арнады жігерлі, отты, жалынды,
Өйткені олар артта қалған ұрпағына сенеді.

Ардақты асыл әжем

Бала едім ауылды сағынатын,
Барған сайын әжеме асығатын.
Асыр сап ойнаушы едім әжемменен,
Кетпейтін әжем менің көңілімнен.

Қалаға барғаным бір уақыт еді,
Күндерім өтті әжемді сағынумен.
Хабар келді қалада жүргенімде
Ешкімге айтылмаған сыр ішімде.

«Аяулым, оқуға түстің» деген сөзді
Төбем көкке жеткендей естігенде.
Қуандым жерге түсіп жеген тамақ,
Естігеніме сене алмай судан ішіп.

Түні бойы сене алмай бұл сөздерге,
Кеттім мен өзге ойға тағы көшіп.
Осылай, Алматыға дайындалдым,
Үйді уайыммен тағы да ойға алдым.

Күндер өтіп, осылайша уақыт келіп
Жай-жаймен орындалды армандарым.
Алматыға жеттім әне-міне дегенше
Алматыда көңіл-күйім өзгеше.

Оқуым басталып кетті қыркүйекте,
Қараша келіп жетті «ә» дегенше.
Күндердің бірі еді қарапайым,
Ауылды ойлайтын ем мен әрдайым.

Анаммен сөйлесіп жатқам күндегіше,
Естідім жүруге ауылға олар дайын.
Себебі неде екенін білесіз бе?
Білмесеңіз айтайын өз кезінде.

Ауырып, жүрегі қысылып жатыр екен,
Әжемнің, ауылымның бір шетінде.
Ойладым әжем менің мықты адам,
Жазылып, қайта басар жерге қадам,
Алайда бұл ойым қате екен,
Уақытынан бұрын кетер кейде бір жан.

Отбасым жолда екен ауылымның,
Көңілі алаңдаулы бауырымның,
Ауылға барған кезде ата-анам,
Әжем менің жан тапсырған дәл осы күн.

Оны менен жасырыпты ата-анам,
«Сабағын оқысыншы» деп ойлаған.
Мектепте отырғанда сол бір күні,
Осындай жағымсыз хабарды айтты маған.

Жүрегім қарс айрылды естігенде,
Неше түрлі ойлар келді көңіліме.
Кеше ғана жүрген асыл әжем
Өтіп кетті дәл осы күн дүниеден.

Көзімнен мөлдіреген жас ағады,
Әжемнің асыл мінезін еске алғалы.
Қазір де жылаудамын қамығумен,
Әжемнің ыстық құшағын сағынғаным.

Көзіме елестейді өткен күндер,
Есіме түссе көзімде жас мөлдірер.
Әжемнен айырылған жүрегімнің,
Бір бөлшегі опырылып түскендей.

Әжем-ау жүрегімде орның бөлек,
Есің де ме, сатып әпердің бірде көйлек
Сол көйлекті тоздырмай сақтап жүрмін,
Асыл әжем, жатқан жерің жайлы болсын,
О дүние мен бұ дүние нұрға толсын.

Істеген жақсылығың көптің көбі,
Сондықтан орның жұмақ төрі болсын.
Әжем менің, ардақты асыл әжем,
Жазылды саған арнап осы өлең.

Кішкене көңілімнің бір бөлшегінен
Мәңгі өлмейсің ойым мен жүрегімнен.
Тілім – алтын қазынам!

Ана тілім бозаң тартқан азаптан,
Жер бетінде асқан ұлт жоқ қазақтан.
Жігеріңді бойыңа ұстап, алмас қыл,
Қазақ үшін атар әлі ғажап таң.

Қай халықты алсақ-дағы мысалға,
Қай жерге мейлі, қай елге барсақ та,
Тұғырын өз тіліңнің сен жоғалтпа
Жүрсең-дағы қаншалықты алшақта.

Елім мен жерімнің байлығы,
Ерлік пен елдіктің айбыны.

Өмірді өзіңмен танығам,
Билігің кетпесін тағыңнан.

Тілімнің тамыры әу бастан
Анаңның сүтімен дарыған.
Қазақ тілі — жетілген тіл дамыған,
Абай атам өз өмірін арнаған.

Ғұмыр бойы ана тілімен мақтанып,
Тарихқа мәңгі өз есімін қалдырған.
Сен де бір күн таныларсың әлемге,
Мен тіліммен мақтанғанмын жасымнан.

Абылай Дәуренбекұлы,
9-сынып оқушысы

ЕЛ ҚОРҒАҒАН БАТЫРЛАР

Ел едік қазақ деген көшіп жүрген,
Төбеден төнген бұлтқа шошып жүрген.
Ту етіп намыс пенен адалдықты,
Алладан мол бақытты тосып жүрген.

Басқа қонған бақытты Алатаудай,
Арманы асқақ, қаһары Қаратаудай.
Өзге елдің нұрына сұқтанбайды,
Тәубе етеді бағына алақандай.

Көкке самғап бақыттың құсыменен,
Елді қорғап білектің күшіменен.
Артық демі қалғанша тайталасқан,
Жерді сақтап найзаның ұшыменен.

Шүкір деген тағдырдың тартуына,
Мойын ұсынбай қиындық артуына.
Намысын ешқашанда таптатпаған,
Найза кеп тірелсе де алқымына.

Жетім менен жесірін жылатпаған,
Төресін тақтан тайдырмаған, құлатпаған.
Адалдықтың тізгінін тіке ұстап,
Адамдық алауынан жырақтаған.

Тәуке хан, Әбілхайыр, Абылайлар,
Нағыз ер халқының қамын ойлар.
Қазыбек, Төле би мен Әйтекелер,
Тек қана әділдіктің жолын қорғар.

Олар барда көк аспан күлімдеген,
Елді қорғап көздері ілінбеген.
Ел қорғаған батырлар ұлты үшін,
Тарихтың сахнасынан сүрінбеген.

Еркін Жантас

АҚЫН МЕН АЖАЛ

«Қош!» деді ақын,
«Қош, қош!» деді тамұқ мұң.
Нүктеге сіңіп барады нұры жарықтың,
Ажал нұрын алысқа алып барады,
Ғазал жырын қастерлі мынау халықтың.

Ажал айтты.
Артық сөзге көнбейді,
Ақын кетті.
Қайта айналып келмейді.
Естілмесе, естілмесін ендігі үн,
Шертілмесе, шертілмесін шер мейлі.

Баяғыдай құшақ жайса май лебі,
Жастық жырлар тербеткенде жай сені.
Тау самалын тауға жалғап қоятын,
Дариғаның бұлбұл әні қайда еді?!
О, сұмдық-ай!
Суық ажал жұтты ма?
(Мықты әркез жабысады мықтыға).
Қайғы алмаған қабағыңнан сескеніп,
Айбарланған жанарыңнан ықты ма?
Мен білмедім,
Ақын қайда, жыр қайда?
Өмір оты өлең шоқта тұрмай ма?

Әбдіраманхан Марат

АҚБЕРЕНІ ҚАЗАҚТЫҢ
(Махамбетке арнау)

Ер Махамбет,
Өр Махамбет кешегі,
Ер жастанып, тоқым болған төсегі.
Махамбеттей батыры бар қазақтың,
Маңдай бағы бес елі.

Асыл тегің,
Құлагерім,
Марқасқам.
Тел ұстаған домбыра мен алдаспан.
Батырлығы – хан Абылай қаһарман,
Ақындығы ер Ақтаннан жалғасқан.

Ержүрек ең,
Желбіреген
Байрағым.
Жалын жырың,
Өр намысқа айғақ үн.
Шалқар күймен дүбірлетіп даланы,
Ел жолында бәйгеге бас байладың.

Асыл ерім,
Қас ұл едің,
Жасын едің жайнаған.
Халқың үшін қайыспастан,
Қара қазанда қайнаған.
Cұм сұлтан мен озбыр ханның алдында
Қызыл тілі тайсалмастан сайраған.

Наркескенім,
Мәңгі естесің,
Арланым,
Еділ-Жайық ел қондыру,
Асқақ еді-ау арманың.
Халқың үшін қас жауыңды өлтірген,
Жас жаныңды қиып кетті қанжарың.

Алдаспанымсың,
Зор дастанымсың,
Қызғышым,
Өр намысыңа жете алмас ешкім,
Құзды шың.
Тарих жазды алтын әріппен атыңды,
Мәңгілік өшпес,
Ұмытылмайтын үлгісің!

Елназ Нұрбаева
9-сынып оқушысы

СЕЗІМ ТІЛЕГІ

Ғашық болу дейсіз бе?
Көрмейсіз бе?
Ғашықтықтан қорқатынын бұл жүректің,
Қабынуын сіз өзі емдейсіз бе?
Сезбейсіз бе?
Ұлы сезім оңайлықпен келмес бізге…

Көрмейсіз бе?
Қосыла алмай кеткен,
Жібек Төлегеннің
Көрдей жүректерін емдейсіз бе?
Шын ғашықтар қосылмақ болса тағы,
Жүректерін түнекке жерлейсіз бе?
Өмір мырза, сезбейсіз бе?
Білмейсіз бе?
Тартысудан шаршамаймыз біз де, сіз де,
Шын ғашықтың жолдарын екі бөлме,
Осы болсын өтініш бізден сізге!

Аружан Қайырғалиқызы
9-сынып оқушысы

ӨЛЕҢ АҢСАР

Көп болды сені осыдан көрмегелі,
Дүрсілдейді кеудеде әлсіз біреу.
Ол байғұстың сағынғаны, шөлдегені –
Шабыт қана… шырмаған тәнсіз тіреу.

Асу-асу жолдардың адасқаны,
Қанша көшке шұбырған жол ашпады.
Тіршіліктен өз-өзін қораштады,
Өмірмен де, өліммен де санаспады.

Махаббатты шығарды мүлде естен,
Жалаң талдар жылаған жапырағы.
Бұйра бұлттар мұңайып бірге көшкен,
Шың-құздардың иығында отыр әні.

О,бейшара!
Сорлапты сенім таппай,
Шеге алмаған шылымның шоғы сөніп.
Ажал жазған азалы «өлім» хаттай.
Маңдайына жалғыздықтың оғы төніп.

Осылайша…
Иә, иә, осылайша ол жалғады әнін,
Азабы боп Алматыдай паң қаланың.
Өлеңнен қашпақ болған мен өзімнің –
Жүрегіме таңғаламын…
Өлең, сені сағындым..!

ШЫҒАРМАЛАР

Жеңісова Аида

Мен елімді мақтан тұтамын

Райымбек даңғылының бойындағы ұзақ кептелісте тұрып көзім 5-6 жас шамасындағы ұл балаға түсті. Киімі әбден тозған, үстінде бір таза жері қалмапты. Маңдайынан аққан қара тер иығына, одан соң барып қолын жағалай жерге тамды. Бүлдіршіннің өзі де үлкен әлемнің үстінде тамшы тер сияқты ағып бара жатқандай.
Дәл тамшыдай шарасыз халде. Оның да жерге құлаш ұрып құлауына аз-ақ қалғандай. Бөбектің бұл күйін көріп жүрегім қан жылады. Қолын жайып әр адамға бір жәутеңдейді. Көзіндегі үміт, көңіліндегі күдік, жүрегіндегі шарасыздық сезімі – мұның барлығы мені қалың ойға батырып жіберді. Аңғарып қарасам, бала қазақтікі емес. Шамасы, сыған болуы керек деп жорамалдадым. Бір сәтке өзімді оның орнына қойып көріп едім, ернім өздігінен қыбырлап: «Шүкір» деді. Шүкір… Тәуелсіз еліміз бар, көш бастар көсеміміз бар, сөз бастар шешеніміз бар, бүгінде Қазақстан дейтін ғажап мекеніміз бар. Шүкір.
Қазақстан – тарихы тереңнен бастау алған текті ел. Ал біз, қазақстандықтар, батылмыз, бабаларға тартқан батырмыз, телегей-теңіз ақылмыз, жауға қату, досқа көлміз, мәрт елміз, жүрегінің түгі бар ерміз, әлсізге панамыз, аузына жұрт қараған данамыз. Біз, қазақ, бабам Қазыбек айтпақшы,
«Мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Жылқы қылын найзасына таққан елміз».
Дәл бүгінгі дәрежеге дейін жету мемлекетіміз үшін оңай болмағанын да жете түсінемін. Арман болған күндерде, жұлдыз аққан түндерде кімдер өтті десеңізші? Кімдер өтті, кімдер-ай, атамекен-ай! Бала кезімде әжем «Толағай» ертегісін көп оқып беретін. «Шіркін, алып-алып тастарды уысы қатты қара жерден қалай суырып алды екен?» деп ойланатынмын.
Тәуелсіздік үшін жанын қиған өр ұлдар мен нәзік қыздардың ерлігін ойлай отырып сол таудың елдің мұңы екендігін ұққандай болдым. Ал Толағай… Қазақтың маңдайына біткен Толағайлар кешегі Абылайлар мен Махамбеттер, Кенесары мен Амангелділер, Ахмет пен Міржақыптар, Бауыржан мен Қасымдар, бертін келе Қайрат пен Ләззаттар екендігіне көзім жетті. Олардың ерлігі мені еріксіз таңдандырады: бірі – елі үшін қолына қару алып соғысқа аттанса, енді бірі – қылышсыз жауға шапты. Тағылымды тарихы үшін мен елімді мақтан тұтамын!
«Менің елім,
Менің жерім,
Гүлің болып егілемін»…
Елімнің бүгіні – менің өмірім. Қоғамымызда орын алып жатқан әр оқиға елімнің тарихы. Демек, менің тарихым. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті»,-деген екен.
Шын мәнінде, даму үстіндегі мемлекеттің көштен қалмасы анық. Бүгін де менің Қазақстаным – әлем кеңістігіне нақты қадам басқан зайырлы мемлекет. Елімізде универсиада алауы кеше ғана жағылса да, міне, бүгін дарқан қазақ даласының төрінде Парижге – Эйфель мұнарасын, Лондонға – Хрусталь сарайын сыйлаған Экспо көрмесі өтті. Мұның өзі — елімнің әлемдік деңгейдегі беделінің жемісі. Бүгінгі Қазақстан – цифрлы мемлекет. Елімізде ғылым мен техника да жоғары дәрежеде дамыған. Оған қоса, білім беру сапасы да жоғарғы деңгейде. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекеге қабілетттілігімен айқындалады» деп, білім саласына ерекше мән берген.
Шын мәнінде, бүгінгінің басты қаруы – білім. Демек, қазақстандықтар мықты қаруланған мемлекет. Қарттары қазына, қыздары қылықты, ұлдары намысшыл, ерлері өр, келіндері ибалы елдің бүгіні, міне, осындай! Рас, бұл менің елім, менің жерім. Мен осы елдің егілген гүлімін, төгілген жырымын! Белді бүгіні үшін мен елімді мақтан тұтамын!
Уақыт – аңыз емес, ақиқат. Барлық нәрсе уақытқа тәуелді. Әсіресе, болашақ… Әр адамды өз болашағы қызықтырары анық. Мен елімнің болашағына көз тастау арқылы өз болашағымды көремін.
Кейде бір сәтке көзімді жұмып болашақты ой көзіммен шоламын. Осыдан он жыл өткен соң… Мен ұлттық журналистика әлемінде өз соқпағыммен жүріп келем. Әр қадамым нық. Халқыма сапалы ақпарат ұсыну арқылы елімді көркейтуге үлесімді қосып жүрмін. Ал менің Республикам дамыған 20 елдің қатарында. Көшеде қол жайып қайыр тілеген бір адам жоқ.
Күллі халық жұмыспен қамтылған. Анасыз бала, баласыз ана жоқ. Қарттар үйі де бос қалған. Көшеде адамдар бір-бірімен ана тілімізде сөйлесуде. Ауылдардың жағдайы әлдеқайда жақсарған: ауызсумен қамтылған, ғаламтор желісі қосулы, жол қатынасы реттелген. Айналам жап-жасыл! Сондай көркем. Міне, мен елімнің болашағын осылай елестетемін. Жарқын болашағы үшін мен елімді мақтан тұтамын!
Мен бақыттымын! Алла менің ұлтымды жаратты, оған тіл бітірді, ерекше сана берді, мені сол ұлттың бір тамшы қаны етті, сол ұлтқа деген махаббат сезімін дарытты. Мен бақыттымын! Тәуелсіз елдің көш бастар көсемі бар ғажап халықтың ұрпағы болғаныма. Мен бақыттымын! Дарқан даланың тұяғы тасты жарған тұлпары болғаныма. Уа, туған жер, өзіңде өлмес махаббатыммен, арманмен өмір сүргенім үшін шын бақыттымын! Мен сенімен қалай мақтансам, сен менімен әлі-ақ мақтанатын боласың! Себебі мен сенің топырағыңнан нәр алған перзентіңмін!

Еркежан Қалабек,
9-сынып оқушысы

МЕН БІР ҚАЙЫРШЫ АДАМДЫ КӨРДІМ…

–… Кешіріңіз, қандай көшеде махаббат, сенім, шынайылық орналасқан?
– Неге сұрадыңыз?
– Жай… Келгелі ұзақ уақыт болып қалып-ты…
Д.Рубина, «Қашан қар жауады?»

Мен қайыршы адамды көрдім… Үйімнің ауласынан… Менің үйім мына тұрған шағын ауданда орналасқан. Кеңес заманынан қалған биік, сәулетті үйлер көп онда. Сырт көзге қарағанда ұсқынсыз талдар көп өседі. Тек ол ғана емес, аядай қалашықтың ұсқынын кетіріп тұрған артық заттар онда жетерлік.
Бірақ мен бір-ақ ұсқынсыз дүниені көрдім. Ол – адам… Нашар адам… Ұсқынсыз адам…Қайыршы адам…
Күздің таңы… Дала күңгірттеніп, көңілге еріксіз мұң сыйлайды. Әсіресе, осынау көңілсіз шақтарда даланың мұңын көру – мен үшін азап. Дәл тереземнің алдындағы қоқыс жәшігін маңайлап бір адам жүр. Киімі тым жұпыны, беті кірден көрінбейді. Бейнесін күз тұманынан айыру қиын… Ол мысық тауып алды… Жо, жоқ, марғау тауып алды… Марғау да күйсіз… Екеуінің күйбең тіршілігі мен тағдыры ұқсас сияқты… Иә, тіпті аумайды..! Бірақ бір-біріне деген қамқорлығы өзгеше.
Адам оны бауырына тығып, бір өлімнен аман алып қалды. Ол өз қайыршылық тіршілігін былай қойып, марғауды мейіріміне бөледі… Қандай күш?! Оны мұндай әрекетке итерген қандай күш?! Түсінбедім…
Ертесін тағы бір адамды көрдім. Күйі жақсы… Өте жақсы… Астына мінген көлігінің түсі мен туфлиінің түсі жылтырап көз қызықтырады. Бірақ ол қыңсылап жүрген күшікті теуіп жіберді… Көңіл-күйі күпті… Не себепті?! Не үшін?! Түсінбедім…
Мен бір қайыршы адамды көрдім… Жо-жоқ, мейірімді адамды көрдім. Адам түгілі мысық баласы марғауды бауырына басқан жанашыр жан. Оған өмірден көп нәрсе керек емес сияқты. Не үшін екенін өзім де білмеймін. Ал, анау күйліге не жетпейді?.. Мұның да себебін түсіне алмадым… Алла Тағала: «Кімде-кім жақсылық жасаса, шүкіршілік етсе, барар жерінің бәріне оң аяқпен кіретін болады…», — деп еді ғой. Ендеше, бұлар қайда барады?! Мен қайда барамын?! Бізден Аллаға керегі не еді?.. Әрине, ештеңе керек емес еді. Ол тек бір-бірімізге мейірім төккенімізді қалайды. Бірақ оны біз қаламаймыз. Неге?.. Тағы да жа- уабы жоқ сұрақтар… Мен бір қайыршы адамды көрдім… Қоғаммен байланысы жоқ, тек өзімен-өзі қоқыс жәшіктерін аралаған бейбақ жан. Дәл бір қоғам оны ортадан қуып тастағандай.
Оның бейбақ күйіне қоғам кінәлі… Бәлкім, кінәлі емес шығар. Қоғамға кінә артсаң ол — менің әлсіздігім, менің жамандығым болады. Ал, менің ондай болғым болғым келмейді. Мен, тіпті, өзімнің ойлап отырған ойымнан қорқам. Себебі менің ойымның да қоғамға тиер зауалы көп қой…
Мен бір қайыршы адамды көрдім… Адам емес-ау, жай ғана қымбат көліктен түскен, қымбат костюм киген бір тіршілік иесі. Қарыны тоқ болса да, қанағаты жоқ, көлігі көп болса да, көңілі күпті. Ой-санасы аяғындағы тепкен күшіктен де төмен бір бос дене. Бір өкінерлік жайт, менің бұған қоярлық сұрағым жоқ еді. Шынымды айтсам, не деп қоярымды да білмеймін…
Мен бір қайыршы адамды көрдім… Қайыршы емес, қайырымды адамды көрдім. Досынан түңілгенімен, достығынан түңілмеген, малынан айрылғанымен, мейірімнен айрылмаған, жақыны жоқ болса да, жүрегінің жылуы көп. Мүмкін, бұл пікірім дұрыс емес те шығар, бірақ «қаншама адам көрдім, — киімі жоқ, қаншама киім көрдім, — адамы жоқ» (Руми). Мен осының екіншісі болмас үшін жақсылыққа талпынамын, ал сіз ше?.. Сіз менің соңғы сұрағыма жауап іздеу жолында күресесіз деп ойлаймын…
Мен бір қайыршы адамды көрдім…

Дәулетбек Думан,
8-сынып оқушысы

Оқушының бойына тәрбиені қалай сіңіруге болады?

«Тәрбие – тал бесіктен» дейді дана қазақ. Кішкене кезінен «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» тал шыбықтай жас бала бойына тәрбие сіңіріп өседі. Мен де оқушымын. Менің ойымша, балаға тәрбие беретін екі нәрсе бар: біріншісі – сөзі оқтай әкең, ал екіншісі – өскен ортаң.
«Әке көрген оқ жонар» дегендей, әке берген темір тәртіп баланы жаман іске жібермейді. Әр бала үшін ана мейірі қаншалықты қажет болса, әке тәрбиесі соншалықты маңызды. Тіпті, мектеп қабырғасында жүргенде әйел мұғалімнің алдында өзімізді барынша еркін ұстап, кейде еркелеп кететін болсақ, ер мұғалімнің алдында бойымызды жиып, артық сөйлеуден тиылып қалатынымыз рас. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, әкенің берген қатал тәрбиесі баланы түзу жолмен жүруге, қайсарлыққа жетелейді.
«Жігітті жолдасына қарап таны» деген сөз де қай заманда болмасын өз маңыздылығын жоймақ емес. Сенің ортаң жақсы болса, сен де жақсылыққа қарай бет бұрасың, ал ортаң жаман болса, сенің де сол теріс жолды таңдап кетуің ғажап емес.
Дос болам десең, досымды сыйла, қымбаттым,
Досыңа сонда досыммен ғана қымбатпын.
Дос болам десең, мендегі доспен достасқын,
Сендегі доспен дос болып сонда тұрмақпын, -деп Мұқағали Мақатаев айтқандай, дос таңдай білу, өз ортаңды қалыптастыра білу – өмірдегі басты мұрат.
Мен – арманы асқақ, мұраты биік оқушымын. Мен – болашақ үмітімін. Елімнің ертеңі үшін менің білімді болуым аздық етеді, сол білім мен күш-жігерімді жарқын жолға жұмсауым үшін тәрбие басты орында. Әкенің темірдей тәртібі мен дұрыс таңдалған орта, жақсы достар кез келген оқушының болашақтағы іргетасын қалайды.

Айым Мырзамұратова,
8-сынып оқушысы

«Күлтегін» жырындағы және қазіргі замандағы ел бірлігі мен патриотизм

Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік, құрмет – адамзаттың белгісі. Еліне деген сүйіспеншілік әр адам бойына бабасынан дариды. Бойында ұлттық намыс пен ұлттық мақтанышы бар адам өз еліне адал қызмет етіп, оның жарқын болашағына сенеді, көркейтуге тамшыдай болсын үлес қосады.
Күлтегін батырдың елі үшін жасаған ерен еңбегі мен даңқты ерлігі талай жырға арқау болды. Батырды тек түркі халқы емес, бүкіл дүние танып, құрметтейді. Оның мен үлгі тұтатын басты қасиеті – еліне, жеріне қауіп төнгенде бар күшімен қарсы тұрғаны. Еліне қолының ұшын тигізген жаудың терісін «қасқыр терісі секілді сыпырып салып отырған» деседі. Оны көрген қалың жау «оқ тиген мақұлықтай қашып, тау мен тасты асып, алды-артына қарамай жөнелген». Осындай жыр жолдарынан біз өз бабамыздың нағыз батыр, нағыз патриот болғанын көреміз.
Менің ойымша, «Күлтегін» жырындағы Күлтегін батырдың ерлігі мен қазіргі жастардың ерлігі жер мен көктей. Себебі, Күлтегін он жасында-ақ қолына найза ұстап, жері үшін кұрескен. Ал ХХІ ғасырдың он жасар баласын әлі буыны қатпаған сәби деуге болады. Күлтегіннің он жасында қолына найза ұстауы, ол – әкесінен, ағаларынан көрген тәрбие, ерлік. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Бұл тәрбие жалғастығы бүгінгі қоғам үшін аса маңызды деп ойлаймын. Сол себепті біз, жас буын, өзімізден кейінгі келер ұрпаққа мәнді тәрбие көрсетуге міндеттіміз. Ол үшін еліңнің қамын ойла, патриот бол, қоғамға тамшыдай болсын үлес қос.

Әшімбек Ұлтай,
9-сынып оқушысы

АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫ КӨТЕРГЕН ҰЛТТЫҚ ИДЕЯЛАРДЫҢ БҮГІНГІ КҮНІ ЖҮЗЕГЕ АСҚАНДЫҒЫНЫҢ ДӘЛЕЛІ

Түздің тағысы болған қыран даланың қайсар ұлдарына қанауда болған қара орман халықты бостандыққа жетелеу қашан да басты мақсат болды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтайын жұмылды. Менің ойымша, тәуелсіздік таңында көк туымыз желбіреп, әнұранымыздың асқақтай шырқалуы – бабалар көтерген ұлттық идеяның жүзеге асқандығының көрінісі.
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты, — деп жырлады Міржақып ақын. Текті елдің ұрпағы тектілігін танытып, шапса – ат тұяғы тозатын, ұшса – құс қанаты талатын кең-байтақ дархан даламызды азаттықтың әнімен әлдилеу қажеттігін ескертіп, халықты қалың ұйқыдан оятуға тырысты.
Сен неткен бақыттысың, келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап, – деп жырланды Қасымның отты жырлары. Нұрлы күннің шығарын, бостандықтың ақ таңы атарын сезгендей баба жүрегі. Дербес мемлекет болып, жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілет- ті ел болуымыз көз қуантарлық. Ұйқыдағы халыққа «Оян, қазақ» деп жар салса, Міржақыптай атасы, масадай ызыңдап оятпақшы еді Ахметтей асыл ұлы.
Осылайша халықтың көкірегіне білім нәрін құю болды арыстардың алғашқы мақсаты. Ал бүгінде санасы сергек тәуелсіздіктің ұрпағы біліммен еліміздің даңқын алысқа шарықтатуда. Оған дәлел – Мағжан сенім артқан, Қасым елесіне тамсанған бүгінгі жас ұрпақ түрлі додаларда жеңіс тұғырынан көрініп, көк байрақты биікте желбіретуде.
Сонымен қатар, «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», — деп шырылдап, ана тіліміздің болашағы үшін жан алысып, жан беріскен еді Ахмет Байтұрсынұлы атамыз. Қыспаққа алынған тіліміздің тәуелсіздіктің таңында тұғырына қонуы – ұлт зиялылары көтерген ұлттық идеялардың жемісі. Ал қысылтаяң заманда дініміз шырмау көрді. Мешіттер қоймаға айналып, имандар қудалауға ұшырады. Уақыт өте келе еркіндігіміз бұл олқылықты да түзеді. Ата дін азаттығын алып, зайырлы мемлекетке айналдық. Алаш ардақтылары аңсаған арманның жүзеге асқандығының тағы бір дәлелі осы деп білемін.
Ұлан-ғайыр жеріміз – ұлт құндылығы. Төсінде тұлпары ойнаған, көгінде қыраны самғаған ұлы дала – басты байлығымыз. «Қазақ жеріндегі кез келген байлық қазақтың шапанына түйме болып қадалсын», — деп Ахмет атам айтқандай, қазақтың жері қазаққа ғана тиесілі болмақ.
Қорытындылай келе, алыптардың арманы жүзеге асқан заманда артылған сенімге селкеу түсірмей, босағамызды берік ұстап, болашаққа нық қадам басу — біздің борышымыз. Қазақстан шаңырақ болса, әр өрен – қадалар уығы. Біліміміз мықты, білікті болып, өр рухты болсақ, уығымыз қашан да берік болады.

Ерғали Теміржан, 9-сынып оқушысы 

М.Шахановтың “Ғашықтық ғаламаты” өлеңін талдау

Махаббат – сегіз әріп, бір арман…. Мұхтар Шаханов атамыздың өзі айтып кеткендей, махаббат – кез келгеннің уысына түспейтін, кез келгеннің бақшасында біспейтін қол жетпес байлық. Расымен де, кім қай дәрәжеде түсінгеніне, қаншалықты қадіріне жеткеніне қарамастан, “махаббат” дегенде әркімнің де елең ететіні сөзсіз.
Өлең өлкесіне өзіндік із қалдырған Мұхтар Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» өлеңіне Естай мен Қорлан оқиғасын кірістіруі тегін емес. Мұнда астарлы оймен тереңнен толғаған автордың даналығы жатыр. Менің ойымша, автордың Естай мен Қорланды сюжетке кірістірудің себебі – махаббаттың ұлылығын көрсету деп ойлаймын. Өлеңде отбасылы әртіске әлпештеп өсірген жалғыз қызының ғашық болғандығына қайғырып келген ананың автордан көмек сұрағаны туралы айтылады:
Бар әйелі, баласы.
Үйленуге қайдан келсін шамасы?
Қызым соны білмейді ме?
Біледі!
Біле тұра селт етпейді жүрегі.
Небір жайсаң жігіттерді төредей,
Мазақ етіп кетпеді ме елемей?
Өкініштісі, жас қыз махаббат шырғалаңына түсіп, айналасын көрмей, жан анасын қайғыға салып, ауыр мұңға батырды. Ақыннан көмек сұраған қарт анаға ғазал жырдың ша-йыры:
Ғашық жүрек өз тағдырын
өзі ғана шешеді,
Жыға алмайды оны жұрттың өсегі.
Бұған дәлел – құдіретті
«Қорлан» әні кешегі, — деп жауап қатады. Ақын Естай мен Қорланның махаббатын көрсете отырып, олардың ғашықтық сезімін ерлікке теңейді. Қартайған шағына дейін Естай мен Қорланның бір-біріне деген сезімінің сөнбеуі арқылы махаббаттың олар үшін өмірге деген құштарлықты оятатын әрі нығайтатын ғажайып күшке айналғандығын түсіндіреді. Өлеңді оқи отырып, кей оқырман автордың өзіне қарсы келуі мүмкін. “Отбасылы ер адамға қыз баланың ғашық болуы жат нарсе” деп ай- туға да әбден құқылы. Бірақ ақын елу бір жыл ғашықтықтың азабын тартқан Естайды негізге ала отырып, махаббатқа адал бола отырып, арын таза қалпында сақтап қалу қажеттігін оқырманына жеткізеді.
Тіршілігінде қолы жетпеген ғашығына өмірдегі базары тарқар сәтінде де бір сәт есінен шығармай, соның естеліктерімен көз жұмудың өзі жұмыр басты пендеге ерлік, ерлік қана емес-ау мәртебе екенін жырлайды. Осылайша ақынның айтар ойы мен нақылы «Қорлан» әнімен бір арнаға тоғысады.
Қорытындылай келе, «Махаббат – дүниедегі барлық күштің көзі, барлық қуаттың бастауы» — деп, Әзілхан Нұршайықов айтып кеткендей, тағдыр өз ғашығына қосылуды жазбаса да, оған деген сезім алға жетелейді. Міне, М.Шаханов ғашықтық ғаламат сезім екенін дәріптеу үшін Естай махаббатын өлең жолдарына ұтымды кірістіре білді.
Осы арқылы бұл өлең менің жүрегімде мәңгіге орын тепті. Әр адамға қай жасында болмасын ғашық болу бақыты бұйырса екен деп тілеймін.

МАХАМБЕТ артқан міндеттер

Қара нар – ыстыққа да, суыққа да, шөлге де төзімді төрт түліктің бірі. Ал Махамбеттің «Қара нары» – қиындыққа бірге төзетін, қолдау беріп, ауыр жүкті бөлісетін жол серігі. Автор «Қас үлектен туған қатепті, қара нар керек біздің бұл іске» деп өз қолдаушыларына нардай сабырлы, төзімді, қара күш иесі болуды жүктейді. Менің ойымша, Махамбеттің «Қара нарға» артқан жүгіне қазіргі уақытта мен өз тарапымнан Абай үндеген адамгершілікті, Махамбет берген өр рухты, Ахмет дәріптеген ұлы білімді артар едім.
Адамгершілік – әр адамның бойынан табылуға тиіс ұлы қасиет. Адам бойындағы асыл мінездер мен қасиеттерді Абайдай жырлаған, Абайдай жеткізген, Абайдай үндеген жан жоқ, сірә. Абай «Бес нәрседен қашық болуға, бес нәрсеге асық болуға» шақырады, егер де адам болам десеңіз. Ал менің көшбасшым ұлы ақын айтқан бес асыл қасиеттен қашық болмай, асық болса екен.
Ұлы ойшыл айтқан бес жаман қасиетке асық болмай, қашық болса екен. Сонымен қатар, менің көшбасшымның бойында адамгершілікпен қатар өр рух та болуы қажет.
Рух – адам жаратылысы болмы-сының асылы болар. Хайуандарда бұл рух жоқ. Ал өр рухты, шаруалар көтерілісінің жалынды жыршысы Махамбет «Тар қамау» өлеңінде:
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға
Қас үлектен туған қатепті,
Қара нар керек біздің бұл іске, — деп кесіп айтады.
Махамбет өз заманының «Қара нарына» толарсақтан саз кешіп, қабырғасы қаусап, бір-біріндеп сөгілсе де қабағын шытпайтын өр рухты болуды жүктесе, мен өз «Қара нарыма» нәпсісімен күресіп, жанын тазартып, рухын кемелдендіру арқылы жаратылыстың хикметін тануды жүктер едім. Менің «Қара нарым» өр рухты болып қана қоймай, бәсекеге қабілеті жоғары білімді болуы да тиіс.
Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Осы қазынаның кілтін ұстаған қазақ елінің маңдайына біткен тарихи қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді» деген екен. «Білім» атты құралды дұрыс ұстап, жақсы жаққа сілтей білген ұста үлкен жетістікке жете алады. Менің де көшбасшым жақсы ұста бола білсе, Қара нар жүгін еш қиындықсыз арқалайтынына сенімдімін.
Қазіргі уақытта мен сенім артып отырған көшбасшым, Махамбет айтпақшы «Қара нарым» Абай үндеген адамгершілікті, Махамбет берген өр рухты, Ахмет дәріптеген ұлы білімді қатар көтеріп жүре алар ма екен?! Әрине, ол – талапты, еңберқор, терең ойлы, қанағатты, рақымды, сонымен қатар өр рухты, білім қазынасының кілтін ұстаған бәсекеге қабілетті ұлы көшбасшы. Міне, қазақ елі дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылып, ғұмырлы, тұғырлы ел болып қалыптасу жолында «қас үлектен туған катепті Қара нарым», яғни көшбасшым, менің артқан жүгімді абыроймен көтеретініне сенімім мол.

Мадина Еркебаева,
9-сынып оқушысы

Түс

(Абай Құнанбайұлының рухымен тілдесу)

Жасымас жігерің — от, намыс — жалын,
Белгілі мыңмен жалғыз алысқаның.
Қара қылды қақ жарып қайран ата
Ұрпаққа ұлы мұра табыстадың.

Жұртың үшін сен шыққан төбе құнды,
Ұлтың үшін көтердің беделіңді.
Жырға қуат жаныма азық етіп,
Санама серік қылдым өлеңіңді.

Абай ата сен менің киелімсің,
Құлай қалсам қолтықтан сүйерімсің.
Айналған өмірімнің өзегіне
Әрбір қара сөзіңді сүйемін шын.

Осылай терең ойда жатқанымда
Ұйқы қысып, көз ілдім қас қағымда.
Тілдестім мен өзіңнің рухыңменен,
Жол сілтеп, жөн көрсеттің
жас дарынға…

«Бүгін сен қара өлеңге қадам бастың,
Қара қылды қақ жарған ақ алмассың.
«Жүрегіңнің түбіне терең бойла»
Әйтпесе, тым әріге бара алмассың.

Шалқысаң, өз ұлтыңмен
шалқы дер ем,
Дәріптей біл дәстүрін салтыменен.
Еліңнің сүйіктісі болам десең,
Адамның баласы бол алдыменен».

Тәтті түс, мен дәміңді татып тұрдым,
Қалың ой орманына батып кірдім.
Абайдай тұлғалардың ұрпағымын,
О тоба, мен не деген бақытты ұлмын!
Ғажап түс, тағы бір сәт орал тегі,
Мұндай бақыт басқаға қонар ма еді?!
Жан дүнием жадырап, денем балқып,
Қара өлеңге ғашықпын содан бері.

Шалқып кірдім қара өлең базарына,
Жүрегім талай дастан жазады ма?
О, Тәңірім, қарызбыз біз өзіңе,
Абайдай тұлға берген қазағыма.

Түлеп ұштым Абай жыр мекенінен,
Өлеңмен елге қызмет етемін мен.
Даңғыл жолды бетке алып Абай салған,
Ұстадым қара өлеңнің жетегінен.

Бауыржан Молдашов,
9-сынып оқушысы

Желідегі ару

Мен өзің жайлы толғайын толық,
Сапарға шықтым жол дайын қорық.
VK-ға кіріп қараған сәтте
Отыр екенсің «онлайн» болып.

Өзіңе ғашық ғаріп жаным-ай,
Атқандай бейне жарық тан ұдай.
Сан сасқалақтан қалдым ғой тіпті,
Жазайын десем әріп танымай.

Сан соқты жүрек көзіңнен ағып,
Әлемді арбадың төзіммен жанып.
Лап етіп сөнген үмітті жарық
Ескермей кетсең мейлі тым бірақ,
Мен айттым «салем» сезіммен анық.

Ей,қатал тағдыр үйрет мені де,
Сезімім солай күйреткені ме?
«Профиль» басып жіберіп едім
Көздерім түсті суреттеріңе.

Қусаң да, мейлі, тұрамын кетпей,
Ежелеп жерді,сұрағың көктей.
Суреттеріңе құмарым қанбай
Қоңырау шалдым, шыдамым жетпей.
Сөйлеуге сөзім батпай,тоқырақтап,
Батылдық түсіп жатқан жапырақтап.
Ауа жетпей,еріксіз деміккенде,
Тарс қойдым телефонды апырақтап.

Қалқыған ойда сүйреген сезім жоқ түк те,
Ей,жүрегім тынышталшы өктікпе.
Сонымен бәрі соңына жетіп біткендей,
Ал қалғаны, ал қалғаны көп нүкте…

Айдана Тегисова,
9-сынып оқушысы

Астана – армандар мекені

2011 жыл. Мендік өмірге жадырай жеткен оныншы жаз. Бар бала асыға күтетін, сарыла жететін жазғы демалыс. Мен сол жылы кезекті жазғы демалысымның ерекше боларына нық сенімді болдым, себебі мен ерке Есілдің жағалауында орналасқан Астанамызбен көріспекпін.
Балдырған шағымда көгілдір экраннан көрген Астананы, асқақ армандарыма себепші болған арман қаланы, келбеті көзімде болмаса да, көңілімде құлпыра бастаған көркем шаһарды өз көзіммен көруге шындап құмартқаным есімде. Себебі менің бала жүрегім таныған Астана – жер бетіндегі ең əсем, теңдессіз алып шаһар еді. Мен ол кезде əлемнің басқа əйгілі қалаларын Астанама теңгермейтінмін. Бүгін пайымдасам, сол балалық түсінігім, сəбилік сезімдерім менің бойымда өлмес патриотизмді қалыптастырып, Отан сөзінің нағыз құдіреттілігін ұғындырғандай. Ал бүгінгі Астана , менің ойымша, жаңа мүмкіндіктер мен бейбітшіліктің символы .
Қазақстан – жасампаз əрі жас мемлекет. Ал жас мемлекетте жаңа мүмкіндіктердің көп болары даусыз. Міне, Астана сол жаңа мүмкіндіктердің жүзеге асырушысы болды. Тіпті, елімізге бақыт сыйлаған, бақ тұнған қала болды десем де артық емес. Оған дəлел əсем қаланың Елорда атана сала WEPSA халықаралық қауымдастығына мүше болып, ЮНЕСКО сынды беделді ұйымның назарына ілігуі. Сонымен қатар, қаламыз былтыр ғана жоғарғы деңгейде өткен ЕКСПО-2017 көрмесін санамағанда елордамыз көптеген маңызды саммиттер мен ассамблеялардың куəгері болды. Ел экономикасы үшін ғана емес, халық тұрмысы үшін де беделді қалаға айналды. Əрбір азаматына жаңа мүмкіндіктер мен сенім сыйлады. Содан болар, Астана тұрғындарының саны жыл сайын көбеюде. Болашағын Астанамен байланыстырған жандардың мақсаты межесіз қалмайтынына сенемін.
Сол жылғы Астанаға сапарымда мен бейбітшілік атты ұғымның түпкі мағынасын шын түсіндім. 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астанаға «Бейбітшілік қаласы» атағы берілгенін естіп, Бейбітшілік пен келісім сарайына кіріп, бейбіт елдің ғана бақытты ел болатынына көзім жетті. Өзімнің де бақытты ұрпақ екенімді сезініп, бойымда тұншығып жатқан талай армандарыма мен де бейбітшілік сыйладым. Бейбіт ұрпақтың арман-мақсаты да бостандықта болуы керек қой.

Астанам – асқарымдай көрінесің,
Өлең боп көкірегімнен өрілесің,
Бойыма рух беріп тұрғаннан соң,
Анық-ау ұтылмасым, жеңілмесім .
Астанамның əсем ажары менің күш-жігерімді осылай жаныды. Астана, расымен де, тауқымет-бейнетсіз бейбіт шақта көркейген, бейбіт халықтың ордасы болған нағыз бейбітшіліктің қаласы.
Қорытындылай келе, Астанада өткізген сол он күннің ішінде мен көп нәрсені түсіндім. Жиырма жылдан бері бостандығымыздың бойтұмарына айналған Астанамыздың барына мақтан еттім. Халқымыздың басына бақыт құсы болып қонып, елімізге жаңа мүмкіндіктер сыйлап, мəңгілік жолға бастап бара жатқанына қуанышты болдым. Сол жылы көктем кеш келсе де, əсемдік ерте орнайтын ару қаланың келбетін ұмытылмастай етіп жүрегіме сақтаған екенмін. Міне, бүгін мен де өз мүмкіндіктерімді Астанамен қатар елестетемін. Болашақта мен де Астананың тұрғыны болмақпын. Астанамен бірге өркендеп, Астанамыздың көркеюіне үлес қосып, аянбай еңбек ету — менің басты мақсатым. Себебі Астананың гүлденгені – Қазақстанның дамығаны. Ал Қазақстан – менің «гүл бағындай Отаным».

Ұлболсын Болат,
9-сынып оқушысы

Рухани жаңғыру

Менің қолымда Ербол Шаймерденұлы құрастырған «Қазақ афоризмдері» атты кітап тұр. Қолыма кітапты алғанда «рухани жаңғыру» деген сөздер көзіме оттай басылды. Қызық екен… Рухани жаңғыру деген не? Бұл сауалдың жауабын ғаламтордан іздей бастадым. Кейін Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқыдым. Мақаланы оқи отырып, Қазақстанды ешбір елден кем қылмай, тек ілгері жылжу мақсатында құрылған идея екенін түсіндім.
Менің ойымша, бұл бағдарламалық мақала арқылы біз ұлттық құндылықты сақтай отырып, білім арқылы бәсекелестікке қабілетті елге айналамыз.
Мемлекет басшымыздың мақа-ласында «ұлттық бірегейлікті сақтау» деген тармақ бар. Шерхан Мұртаза айтқандай: «Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды». Ал еліміздің мәдениеті, дәстүрі, сана-сезімі – рухани әлемнің өзі емес пе? Демек, Елбасымыз айтқан ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталып, көкжиегі кеңейген жағдайда ғана ұлтымыз табысты болмақ. Сол себептен болар бұл кітап «рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жарық көрді.
Шәкәрім атамыз «ақыл- өлшеусіз жарық нұр» деген екен. Бұл сөздің мағынасын терең ұғынған Көшбасшымыз мақаласында білімнің маңызын айқын дәлелдермен жазған. Білімді халық міндетті түрде бәсекеге қабілетті болады. Ал «болашақта ұлттың табысты болуы адамдардың бәсекелік қабілеттілігімен анықталады». Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Ғылым мен өнер көбейген сайын, бейнет кемиді», сондықтан да біз барынша білімді азамат болуымыз керек.
Қорытындылай келе, ел қамын өзінен де артық көрген Елбасымыз ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерге нық қадамдар жасау арқылы Қазақстан міндетті түрде дамыған 30 елдің қатарына кіреріне кәміл сенемін. Бұл бағдарламаны іске асыру жастардың қолында.
Сондықтан біз, қазақ елінің жастары, аянбай тер төгіп, еліміздің дамуына үлес қосуымыз керек.

Арайлым Торғауытова,
9-сынып оқушысы

СӨЗ АТАСЫ – МАҚАЛ

Мақал-мәтелді белгілі бір халықтың өмірде көрген-білгенінен жасаған қорытындысы, ақыл-ой түйіні деуге болады. Мақал мен мәтелдің өміршеңдігі – тілінің көркемдігі мен мазмұнының тереңдігінде, аз сөзбен көп мағына беретіндігінде, еске сақтауға қолайлығында.
Мақал-мәтел адам тұрмысындағы алуан түрлі оқиғаларды, қарым-қатынастарды қысқа, тұжырымды тілмен түсіндіреді, айтылмас ойды ажарлайды әрі анықтайды. Сондықтан да халық «Сөздің көркі — мақал» деп бағалаған.
Мақал-мәтелдердің күні бүгінге дейін құнын жоймаған «Ақыл-дария, көңіл-дүлдүл», «Тоты құс бойын көріп зорланады, аяғын көріп қорланады» сияқты сөздері біздің мәңгілік қазынамыз болып қала бермек. Мақал-мәтел көшпелі елдің тұрмысынан туып, сол халықтың өмірінің барлық саласын қамтитын, бейнелейтінін көрсете келіп, С.Сейфуллин жалпы ауыз әдебиетіне ортақ бір ой тастайды. «Ауыз әдебиетінің қай бөлімі болса да, – дейді ол, – сол заманның тұрмысының қандай болғанын, тұрмыстың әсерімен ол тұрмысқа ұқсап туған сана, қандай сөз, қандай әдебиет болғанын көрсетеді». Сонда «Заманына қарай күлкісі, тауына қарай түлкісі, сабанына қарай піспегі, мұртына қарай іскегі» деген ереже сөздер әр заманның тілі, көркем сөзі, әдебиеті сол заманның тұрмысына ұқсап туады дегенді білдіреді. Демек, әдеби мұра оны тудырған уақытпен, қоғам мүддесімен, мұратымен тығыз байланысты қаралып, бағалануы тиіс. Мақал-мәтелдердің мағынасына, құрамына, атқаратын қыз- метіне қарағанда өзіндік айырмашылықтары бар. Мақал аяқталған бір тиянақты ойды білдіреді, өз алдына бөлек тұрып та дербес мағына береді. Мысалы, «Толмасқа құйма, тоймасқа берме». Ал мәтел жеке тұрып тиянақты ойды білдіре алмайды, тек белгілі бір ойды, пікірді ажарлау, айқындау үшін қолданылады, эпитет, теңеу қызметтерін атқарады. Мысалы, «Ат қойып, айдар тағар», «Көргеннен көзі ақы алған» деген мәтелдер тиянақты ойды білдіріп тұрған жоқ.
Мақал-мәтелдерді көркейтетін бір ғана ұйқас емес, басқа да әдеби тәсілдер бар. Мақал-мәтелдерде тіл айшықтарының барлығы да кездеседі. Заттың немесе уақиғаның жайшылықта еленбейтін, көптің көзіне іліне бермейтін қасиетін, ерекшелігін баса көрсете отырып, оның ғибраттық күшін арттырады. Шешенің судай төгілген, Тыңдаушың бордай егілген, – дейтін жолдарда шешеннің сөзі аққан суға, тыңдаушының ықыласы үгілген борға ұқсатылған. Алыс жол – атқа сын, Ауыр жол – ерге сын, – деген мақалда ауыр жол да өз мағынасында емес, адам өмірі, өмір- де болатын қиын уақиғалар мағынасында қолданылған. Сондықтан да жол деген сөз ауыспалы мағынада өмірде кездесетін қиыншылық, ауыртпалықтарды елестеткендей әсер береді.
Мақал-мәтелдерді тартымды, ұтымды ететін мәнерлеу тәсіл- дерінің ендігі біреуі – антитеза. Бір нәрсенің қасиетін екінші нәрсенің қасиетімен қарама-қарсы қойып салыстыра қолдану – мақал-мәтел- дерде жиі қолданылатын тәсіл. Мәселен, «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады», «Көрдім» деген көп сөз, «көрмедім» деген бір сөз». Міне, мұнда дос пен дұшпанды және көрдім деген сөз бен көрмедім деген сөздерді қарсы қоя келіп, достық, жақсылық қасиетін, сөзге ұстамды болудың пайдасын айқындап айтқан. Мұндай тәсіл ғибратталған мақалдарда жиі ұшырасады. Қорыта айтқанда, мақал-мәтелдер – халық даналығы. Ғасырлар бойы жинақталған, сұрыпталған мақал-мәтелдер нұсқаларынан халықтың тіл байлығын, ақыл-ойын, қысқа, нұсқа сөйлеу мәнерін көруге болады. Туған жерімізді, тілімізді, елімізді сүюге, өнер-білімді үйренуге баулиды. Адамдықты, адалдықты насихаттайды, ақылды адамдарды жастарға үлгі ете отырып, надандықтан, талапсыздықтан және жағымсыз мінездерден жирендіреді.
Мақал-мәтелдер – халқымыздың асыл қазынасы. Осы асыл қазынаны алмастай жарқыратып, келешек ұрпаққа жеткізу – әр ұрпақтың басты борышы.

Аяулым Молдахмет,
9-сынып оқушысы

БҰҚАР ЖЫРАУДЫҢ ӨМІР,
ЗАМАН ТУРАЛЫ ТОЛҒАУЛАРЫ

Бұқарекең сөйлеген уақытындағы сөзі жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамыры ғана, бұл кісінің сөзін жазамын деушіге Нұхтың өмірі, Аюптың сабыры, Аплатонның ақылы керек.
Түп-тамыры қасиетті көкбөріден нәр алған, қайсар рухты қазақ халқы өз алдына дербес ел болып, шаңырағын биікке көтерген тұста, жас шаңырақтың құдіретті керегесіндей тіреуі болған, ел бастаған көсемнің көсегесін көгертер сөз бастаған шешені де болды. Ол – жыраулар. М.Әуезов:«Жырау – … заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді. Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйлейді. Сыртқы түрі құбажондатқан толғау, салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай, жағалатқан белгімен келеді… Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жәйі туралы: не көпке арнаған ақыл, өсиет есебінде айтылады», – дейді.
Ұлтының тамаша рухани-адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл алмас тілді, дуалы ауыз, кемеңгер атанған Бұқар жырау қазақ халқының жоңғар шапқынщылығы тұсында елдің келешегі қыл үстінде тұрған кезде өмір сүрді де, сол замандағы күрделі мәселелерді жырларымен шешіп отырды.
Халық өмірінің алмағайып-аласапыран, тарихта қалу-қалмауы екіталай кезеңінде тұрмыс кешкен «көмекей әулие» өз толғауларында сол тұстағы көкейтесті, күрделі мәселелерге жауап іздеп, соның бірден-бір жоқшы жыршысы бола білді. Жырау шығариаларында тарихпен тамырласқан алмағайып болашақ заман кейпі көрініс береді. Мысалы, «Қилы заман» атты толғауында:
Ел қамын айтқан жақсыны,
Сөйлетпей ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды,
Қағазға жазар малыңды, – деп «алашым» деп боздаған боздақтардың бауыздалмай ішілген қанын, жерінен, тілінен, дінінен, ділінен айырылған халықтың өлтірілмей алынған жанын бедерлеп береді. Бұл – бұлыңғыр болашақ. «Ай, заман-ай, заман-ай» толғауында:
Түсті мынау тұман-ай
Істің бәрі күмән-ай,
Баспақ тана жиылып,
Фәни болған заман-ай, – деген өлең жолдарынан өзі өмір сүрген, шамасы жеткен түлкі боп шалған тазы заманның бет-бейнесін көреміз. Абылайдың түсіне енген екі аждаһа – Ресей патшалығы мен Қытай империясының шырмауында қалған қазақ елінің өткені бұлдыр, қазіргісі тұман, болашағы тұлдыр болып қалу қауіпі туындаған заман еді. Бұқар айтқан күмәнді іс пен түскен тұманның мәнісі осы.
Бұқар жырау туған елінің өткені мен бүгінін, болжамды болашағын шендестіре отырып, өмірдің сәулелі нұрын құштарлықпен жырлайды. Оның ойы – аспаннан биік, сезімі – теңізден терең. Ол құйқылжыған, қайшылығы, қарсылық күресі, текетірес құбылысы көп дүниеден тиянақ табуға баулиды. Басу айтып, сабаңа түсіреді. Аласұрған көңіл, арпалысқан сезімді ауыздықтаудың сиқырын, сырын жеткізеді. Пенделіктен жоғары тұрар қасиеттерді сақта дейді. Бейбіт өмірдің, нұрлы заманның кілті – бірлікте дейді дана жырау. Себебі бірлігі жоқ елді жау да, дау да алары хақ. Бітімі бөлек, тумысы ерек Абылайдың да үш жүздің басын біріктіріп, бір тудың астына жиюында маңызды рөл атқарған Бұқардың ойы арыда жатса керек. Қазақты қазақ ететін тек бірлік пен теңдік екенін ұрпағына ұран еткісі келген болар, бәлкім?..
Кешегі шындық – бүгінгі тарих. Бабалар сөзі – бүгінгінің ұраны. Дәл осы екі құндылық жыраулар поэзиясында жымдаса тіршілік ететіні анық. Ендеше, Бұқар айтқан он тілекті біз де тілеп, баға жетпес құндылықтарымызды қастелей отырып, жарқын болашақтың шамын бірге жағайық.

Абылайхан Мәуленбай,
9-сынып оқушысы

ТӘУЕЛСІЗДІК — ҚАСИЕТ ТҰНҒАН ҰЛЫ ҰҒЫМ

Атыңнан айналайын қазақ деген
Қазағым, қайсарлығың ғажап дер ем!
Сақтапсың елдігіңді сағың сынбай,
Көрсең де көресіні азаппенен
А. Иманов

Қазақстан – бүкіл қазақ халқының атамекені, кіндік қаны тамған киелі жері. Қазақ халқы – «тар жол, тайғақ кешудің» сан ғасырларын басынан өткізген алмастай өткір, қайтпас қайсар, батыл ел. Ұлан-байтақ жері мал шаруашылығына қолайлы болғандықтан, төрт түлік малды бағып, соның өнімін қажетіне жаратып күн кешкен қарапайым халық. Миллиондаған малымен кең-байтақ далада емін-еркін көшіп жүргендіктен болар, қазақ халқы о бастан ақ пейіл, жомарт, дархан болды.
«Елдестірмек – елшіден» деген. Данышпан Қазыбек бабамыз жас кезінде қалмақ еліне барған сапарында:
Біз, қазақ деген – мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке
қашпасын деп,
Жерімізді ешбір жау баспасын деп,
Найзағай үкі таққан елміз, – деп, қазақ елінің бірлігін, тыныштығын сақтауды көздеген.
Даласын жауынан, ұлтын қан сасыған қақтығыстардан сақтап қалу үшін ата-бабамыз батыстан шығысқа, шығыстан батысқа үдере көшумен болды. Әріде Абылай, Қабанбай батырлар, бері де Исатай, Махамбеттер елін, жерін жаудан қорғау жолында «қара қазан, сары бала қамы үшін» толарсақтан саз кешіп жүріп, қасық қандарын қиса, бертінде алаш атын сақтап қалу үшін жұртына «Оян, қазақ!» деп ұран салып, маса боп ызыңдап, қараңғы халықтың санасын оятуды мақсат етіп, бебеу қаққан арыстарымыз М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаевтар арыстанша алысып жүріп өмірден өтті.
Тарих – өткеннің сабағы. Ата-бабамыз бізге бірліктің, тұтастықтың ұлы үлгісін көрсетіп, атының тұяғымен дүбірлетіп, атамекенін аманат етіп қалдырды.
Қазақстан ешкімге, еш уақытта тәуелді болуға тиісті емес екенін уақыт дәлелдеді. Ия, «тақымымызға бір тисе» деп арман еткен тұлпардың қолымызға ер-тұрмансыз, ноқта-жүгенсіз түсіп, жалаң қолмен жармасқанымызды ұмытпағанымыз жөн.
1986 жылғы желтоқсан оқиғасы шын мәнінде, қазақтың ұлт тәуелсіздігі жолындағы ең соңғы күресі еді. Дүниені дүр сілкіндірген бұл оқиға қазақ жастарының тәуелсіздікке, еркіндікке ұмтылысының беташары болды. Ұлан- байтақ жерімізді ат үстінен түспей жанқи- ярлықпен қорғаған ата-бабалардың ерлік-өнегесін, ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген алаш жастарының қайрат-жігерін желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың бойынан көруге болады.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдегі барлық елдерге түгел дерлік танылды. Еліміздің басшысы Н.Ә.Назарбаев – білімімен де, табиғат сыйлаған дарынымен де халық қалаулысы болып, бір ауыздан сайлаған алғашқы Президенті. Елбасының 2030 жылға дейінгі стратегиялық ұзақ мерзімді бағдарламасы – халықтың өркениеті елдер қатарына бастар ақ жолы. Осыдан он жыл ұрынғы халқына арнаған алғашқы Жолдауында: «Қазақстан 2030 жылы дамыған, өркениетті, гүлденген, жасыл желекті елге, Орта Азия Барысына айна- лады», – деп, қоғамымыздың келешектегі келбеті мен мақсат-мұратын баян еткен болатын. Бүгінгі таңда «жүзі басқа, жүрегі бір, тілі басқа, тілегі бір» бірнеше ұлтты бауырына басқан көпұлтты еліміз бақыт құшағында!
Ғұлама Ж.Баласағұнның «Құтты білік» шығармасындағы: «Ел басқаратын Елбасы әділ, ақыл-парасатты, ой-танымы кемел, өнер-білімге жетік, сөзі майда, мінезі жұмсақ, кісі алдында кішік, сабырлы, жаудан қайтпайтын қайсар, көзі мен көңілі тоқ, пейілі кең, дархан мінезді болуы керек, оның міндеті – халыққа құт, бақыт, дәулет әкелу, әділ заң орнату, кедей халықты бай ету, халық санын көбейту», – деген сөздері дәл Елбасына арнап айтылғандай. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұстанған сарабдал саясатының арқасында еліміз бүкіл дүниежүзіне танылып жатыр.
Бүгінгі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда аға ұрпақтың ерлік істерін жадымызда сақтап, «Отан» деген қасиетті мекенді, ата-бабамыздың қалдырған кең-байтақ жерін қастерлей білу – біздің перзенттік парызымыз. Қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілуі, еліміздің дамыған елдерімен терезесі тең болып қарыштап өркендеуі, Орта Азия Барысына айналуы – біздің, жас ұрпақтың қолында!

Аружан Қайырғалиқызы,
9-сынып оқушысы

Аңыз әңгімелердің танымдық-тәрбиелік мәні
(Асанқайғы, Қожанасыр, Алдаркөсе, т.б. туралы аңыз әңгімелерде халықтың арманы мен тілегінің көрініс табуы)

Талай ғасырлардан бері тарих қойнауында жатқан біздің ең асыл, ең көне мұраларымыздың бірі – аңыз. «Отыз тістен шыққан сөз, Отыз рулы елге тарайды» деп дана қазақ айтқандай, аңыз ауыздан-ауызға таралып, бізге жеткен асыл қазына. Аңыздарда көбіне әділетті жақтаған, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен шешен, билер сипатталады. Оларға Алдаркөсе, Қожанасыр, Асанқайғы секілді тарихи кейіпкерлерді жатқыза аламыз. Бұл кейіпкерлер аңызда көбіне қарапайым адам кейіпінде бейнеленеді. Дегенмен, аңызда сол қарапайым адам арқылы бізге тарихтан сыр шертіп, қазіргі заманның өзекті мәселелерін жеткізеді.
Осындай кейіпкерлердің бірі – өткір тілді қалжыңбас Қожанасыр. Қожанасыр – өзінің тапқырлығымен талай адамды сан соқтырып кеткен, ақылдылығымен өзгелерден оза шапқан, Сарыбайдың сараңдығын, Қарабайдың қаталдығын мойындатқан қарапайым халық өкілі. Қожанасыр жайындағы аңыздар тек қазақ халқының ғана емес,жалпы түркі тілдес ұлттардың көне заманнан бері келе жатқан мұрасы.Қожанасыр- қазақ,қырғыз,өзбек ауыз әдебиетіне ортақ кейіпкер.Ол-ауылы аралас,қойы қоралас,қыз алысып,қыз берісіп құда-жекжат болып кеткен көрші елдердің мәдени байланысының куәсі.
Ендігі кейіпкер – ақылды айлакер, зерделі қу Алдаркөсе. Ол-қапияда жол, қапылыста сөз табатын тапқыр кейіпкер. Алдаркөсе – тастан да қатты сараң, жұмыртқадан жүн алатын, өзі тойса да, көзі тоймайтын, кесіп алса қан шықпайтын, шық бермес Шығайбайдың өзінің аузын аңқитып, айласын асырып кеткен өте қу адам. Бұған дәлел ретінде «Алдаркөсе мен шық бермес Шығайбай» деген аңызды алсақ болады.
Жалпы бұл аңыз үйінің маңына адам көлеңкесін де жолатпайтын Шығайбайдың шаңырағына Алдардың келуімен басталып, бір ауыз сөзбен байдың бар асын ішуі, өзіне ғана тән тапқырлығымен байдың бір үйір жылқысын айдап кетуі, асқан айлакерлігімен байдың қызына құда түсіп, оны өзімен бірге алып кетуі сынды оқиғалармен суреттеледі. Міне, осы секілді аңыздар – Алдардың тапқырлығының айқын дәлелі.
Қорыта айтқанда, біз осы аңыздарда айтылған әрбір сөзді, қаралған әрбір мәселені ой елегінен өткізіп, тереңінен ұғына білуіміз керек. «Жақсыға жанас, жаманнан адас» деп айтқандай, аңызда суреттелген жамандықтан аулақ болып, жақсылықты бойымызға сіңіріп, оны күнделікті өмірде пайдалануымыз шарт. Не болмаса, Сарыбайдай сараң, Қарабайдай қатал адамдарды халық алдында тапқырлықпен жерге жығып беру – бізге жүктелген міндет.
Желмаяны серік етіп, Жерұйықты іздеген Асанқайғы, орынды қалжыңымен халықтың алды болған Қожанасыр, әр сөзге тапқырлықпен жауап қатқан Алдаркөсе сынды кейіпкерлердің бойында бар асыл қасиет біздің де бойымыздан табылуы тиіс. Сонымен қатар, осы айтқандарымды әрбір бала тереңінен ұғынып, оны өз пайдасына жұмсауы шарт!

Елназ Нұрбаева,
9-сынып оқушысы

Қазақ болып тумағанда не етер ем?

Қазақ деген – атақты алты алаштың жерін мекендеген, екі ішекті домбыраның құлағында ойнаған, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, қонақ келсе, қайтармай қойын сойған, қол жайып біреуден қайыр сұрамаған,
жеті атаны асырып қыз алмай, қанын да, арын да таза ұстаған. Қазақ деген – алаш деп ұрандап, иманы берік, бір Алладан қорыққан ел. Қазақ – ұрпағы үшін қан төгіп, шапқан жаудың тізесін дірілдеткен, көшпенді халық. Осындай ауыз толтыра айта алатын ұлттың перзенті болып тумағанда не етер ем?
Егер мен қазақ болып тумағанда көк аспанның иесі, көкте қалықтаған қыран бүркітті баптап, жеті қазынаның бірі – тазыны асырап, қансонардың қандай ләззәт беретінін сезіне алмас едім. «Қазақтар аң аулап қана қоймай, соның рахатын сезіне біледі» деген атақты италян саяхатшысы Марко Полоның бағасы менің ойымды қуаттай түседі.
Егер мен қазақ болып тумағанда «намыс»дегеннің не екенін білмей, бұл жалғаннан өтер едім. Хакім Абай атамыздың қарасөзінде қазақтың ең жақсы екі қасиетінің бірі намысшылдық екені, олардың ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға, өкпе араздыққа қарамайтындығы сөз болады. Сонымен қатар, қазақтар «Қоянды қамыс, жігітті намыс өлтіреді» деп те бекер айтпаған. Сондықтан да мен қазақ болып туғанымды мақтан тұтамын.
Қорытындылай келе, «Ай астында да, жер үстінде де қазақтың жанашыры – қазақ қана»деп Күләш Ахметова жырлағандай, қазақтың туысы қазақ қана. Сондықтан да мына қазақ елінің болашағы мен өткен тарихын сақтап қалу менің қолымда.

Еркежан Қалабек,
9-сынып оқушысы

Менің елім

Түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, образды тіл – қазақ тілі. Қазақ өз шешендігімен, әсем ауыз әдебиетімен ең даңқты.
С.Малов

Қазақ! Қазақ дейтін бауырмашыл, салмақты да, абыройлы ел. Олардың жүрегі «Әр қазағым – жалғызым» деп соғады. Қазақ дейтін төрт-түлік малын құрметтеп бағып, ешкімге тиіспей жай жатқан ел. Кең пейілді, өнерлі қазақ – менің қазағым!
Жаным қазақ! «Бәрі абыройлы, бәрі ғажап». Қазақ болып тумағанда не етер ем!? Домбыраның қоңыр үні мен салт-дәстүрімнен мақрұм қалар ма ем? Ұлы ақын Абайдың қара сөзінен тәлім алмай, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі бойыма сіңірмей бұл жалғаннан өтер ме едім? Абай атам қастерлеген «Өлең сөздің патшасы сөз сарасынан» сусындап өспес едім. Бес саусағы шыбықтай майысқан бишілері, таңдайынан бал тамған әншілер, екі ішекті домбыраның құлағында ойнай алған күйшілері бар өнерлі халық — менің қазағым. Домбыра демекші, домбыраның қоңыр сазды үнімен қазақтың қайғысын да, қуанышын да жеткізе алған. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» екенін білмей өтер ем.
Қазақ болып тумағанда жеті санының қандай құдіретті де қасиетті екенін, оның ішінде жеті қазына, жеті жарғы, жеті ата тек қазаққа тән ұғым екенін білмей өтер ме ем? Жеті атамды танымай, жетесіз боп кетер ме ем?
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ елінің болашағы біз, қазіргі жас ұрпақтың қолында. Ол жайында сырлы да, сыршыл ақын Мағжан атамыздың өзі:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Мен жастарға сенемін! – деп, бізге зор үмітпен сенім артқан. Демек, біз келешек ұрпаққа осынау баға жетпес аманатты қиянат қылмай, табыстауды басты мақсат етіп, сол мақсатқа жету жолында талмай еңбектенуіміз керек.

Ұлболсын Болат,
9-сынып оқушысы

Ертегі Ана жүрегі

Кішкентай Кәусар терезеге қарап, өріске шыққан әкесін ойлап, күтіп отыр. Ол әкесін жаурап қалады ғой деп алаңдайды. Артынан барайын десе, әкесінің «Үйден шықпа!» деген сөзін есіне алды. Сөйтіп отырғанда есік ашылды, әкесі келді, үстінен су сорғалап тұр, қатты тоңған секілді, бірақ көңілді. Иығында бірдеңкесі бар. Киіктің лағы екен.
— Әке мұны қайдан әкелдіңіз?-деп сұрады Кәусар.
-Қызым, киіктің лағы адасып қалыпты, мен үстінен түстім. Қасқырларға жем болмасын деп үйге алып келдім, — деді.
Сүп-сүйкімді екен. Адамға бір үлкен ерекше көзімен қарайды. Кәусар әлі аң-таң. Ең қызығы Құралайдың кішкентай қанаты бар екен. Бірақ ұша алмайды. Ертесі әкесі Құралайды қораға апарып қамады. Жем, шөбін берді.
-Қызым, қораның қақпасын ашушы болма, әйтпесе лақ шығып кетеді, — деді әкесі.
-Мақұл,- деді Кәусар. Қой біраз ұзады дегенде Кәусар қораға қайтып келеді. Құралай жылап тұр екен.
-Құралай, неге жылайсың?
-Сен менің атым Құралай екенін қайдан білесің?-деді лақ. Кәусар таңғалғаны сонша, аңырап тұрып қалды.
-Сен қалай…қалай…сөйлеп тұрсың?-деп сұрады одан.
-Мен періштелердің қасында қай тілде де сөйлесем болады,-деді лақ.
-Мен періштемін бе?-деді одан сайын таңданып.
-Иә,сен періштесің!-деді. — Бірақ мен анашымды сағындым. Мені босатшы, періштем!
— Әкем маңайда қасқыр көп деген
— Мені анам күтіп алады.
-Ол сенің мұнда екеніңді қайдан біледі?
-Біледі, ана жүрегі алдамайды. Ол осы маңда мені күтіп жүр! Әр бала анасының бауырына баруы тиіс!- деді.
-Кетпеші, Құралай өтінемін!
-Әне, қанатты ұшып жүрген дауысты естідің бе? Ол менің анам,- деді Құралай. Кәусар өзінің анасының ауруханада екенін есіне түсіреді. Әкесі оған «саған анаң бөпе алып келеді, сен оны бағасың, бесігін тербетесің» дегені есіне түсті.
— Ендеше анаңа бара ғой. Мені ұмытпа!
— Мен сені және әкеңді ешқашан ұмытпаймын! Ол өте жақсы адам. Қощ, Кәусар, қош! Тау бөктерінен бір киік ойнақтап ұшып келді. Киік-ана баласын мейірлене иіскеді. Сәлден соң Ана-бала екеуі қыр асып ұшып бара жатты. Мұңайып қалған Кәусар артынан көліктен түсіп келе жатқан әжесі мен анасын көреді. Анасы бөпе көтеріп алған екен. Кәусар қатты қуанды.
— Әже! Апа!-деп оларға қарай жүгіріп келе жатқанда құлағына «Ана жүрегі ешқашан алдамайды» деген Құралай сөзі жаңғырды.

Жанна Ринатова,
9-сынып оқушысы

Сөйлемдер патшалығы

Баяғы өткен заманда Сөйлем деген патшалық болыпты. Ол патшалықтың дәл ортасынан үлкен өзен бөліп тұрады екен. Ол өзеннің оң жақ жағалауында Жай сөйлем болса, сол жақ жағалауында Құрмалас сөйлем мекен етіпті. Күндердің бір күнінде бейбіт жатқан Құрмалас елінде үлкен дау шығады. Патшаның ұлдары мұрагер болып қалуға таласады екен. Сөйтіп әкесі Құрамалас Салалас, Сабақтас, Аралас атты ұлдарының бұл әрекеттеріне қынжылып, алыс бір аралда данышпаннан ақыл сұрап келуін, данышпан қалай шешсе, солай болатынын ескертіп, ұзақ сапарға аттандырады. Алты күн, алты түн жүре келе өздері іздеген данышпанға кезігеді. Ұлдардың үлкені Салалас мән-жайды түсіндіре келе, әкесінің аманатын жеткізеді. Сонда данышпан ұлдарға қарап тұрып:
— Салалас, сен бәрімен тең дәрежеде байланысасың және өте тиянақты екенсің. Ал, сен Сабақтас ағаңа қарсы шығып отыратынға ұқсайсың. Аралас болса, я үлкен ағасына, я кіші ағасына жақтасарын білмей екі ортада қалады екен. Сендердің тіл табыспауларыңның себебі осында. Екеуіңде менмендікке салынып, көп жайттың байыбына бара бермейді екенсіңдер, енді бұл мәселенің бір ғана жолы бар. Екеуің ауыл-аймақты аралап, ақылдарыңа ақыл қосып отыратын алты достан тауып алдыма келіңдер, оған дейін інілерің Аралас менің жанымда қалсын, — деп екі бауырды аттандырады.
Сабақтас өзінің ақыл- кеңес берер уәзірлерін таппай ұзақ сенделеді. Ал дәл осы уақытта Сабақтас Шартты атты жігітті кезіктіріп, өзіне адал дос болуын сұрайды. Жаңа жолдасы Сабақтасқа шарт қояды:
-Мен саған дос болсам, сен мені бас уәзір етіп алуың керек. Сабақтас келісімін береді.
Салалас болса, бұл кезде бір үйде қонақта еді. Ол үйдің иесінің екі ағайынды ұлдары бар екен. Үлкені – Ыңғайлас, кішісі – Кезектес. Оларды өзіне кеңесші қылып алып, сапарларын жалғастырады.
Осы уақытта Сабақтас бас уәзірмен бірге Үстеу патшамен рулас Қимыл-сын, Мақсат, Мезгіл атты үш досқа кезігеді. Олардың ақылдары бірінен-бірі асқандықтан ақылшы, кеңесші етіп алады. Барлығы ұзақ сапардан шаршап, шалдығып келе келе жатып, адасып кетеді. Бір кезде алдарынан екі жолаушы шығады. Танысқаннан кейін олардан жол көрсетуін сұрайды. Жасы үлкен Түсіндірмелі сөзін бастап:
-Сендердің адасқандарың сонша, бізбен бірге жүруге тура келеді. Ал кішісі Талғаулы болса:
-Иә, ағам дұрыс айтады. Не бізбен бірге жүріп жол табасыңдар, не өздерің жүріп адасасыңдар, — деп жалғастырады.
Сөйтіп Сабақтас жанына еріткен жолдастарымен келе жатқанда бауыры Салаласпен жолдары тоғысады. Жақын ауылда Қарсылықты деген бай мен Себеп-салдар деген жарлының үлкен ұлымен Салалас, кіші ұлымен Сабақтас достасып, мәре-сіре боп данышпанға келеді. Данышпан айтқанынан нәтиже шығарған қос бауырға ризашылықпен қарап тұрып:
– Мына кенже інілерің Араласқа қамқор болыңдар. Құрмалас патшаның мұрагері осы болмақ. Сендер өз еншілеріңді алып бөлек кетіп, шаңырағым деп ат басын бұрғанда екеуіңді тоғыстырып, байланыстырып тұратын осы інілерің. Қашанда шыңырақ – кіші ұлдікі. «Бірлік түбі – береке» дегендей, қашанда бірлесе жүріп, тату өмір сүріңдер, — деп әділ шешімін айтады.
Содан бастап Сөйлемдер патша-лығында ешқандай кикілжің болмай, барлығы бейбіт өмір сүріпті.

Ақерке Бейсенбекова,
9-сынып оқушысы

АРМАНЫМ АЛДАМАДЫ

Психолог мамандардың айтуынша, адамдардың тұрмысы мен денсаулығы, тіпті өмір жасының қаншалықты ұзақ болмағы адамның өзін-өзі бағалауына байланысты. Ал адамның өзіне қандай баға беретіні арманынан айқын көрінеді. Асқақ арманға жету үшін нақты мақсат қоя білу, осы мақсатты орындау жолында пенделік кертартпа дағдылардан арылып, төзімділікпен тер төгу өзін-өзі бағалай алатын қажырлы жандардың ғана қолынан келеді. Арманы асқақ, мақсаты биік жандар ғана өз өмірлерін өздері жақсартады десем артық болмас. М.Шахановша айтсақ, «Үлкен адам болу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға». Рас, армансыз адам болмайды. Әркімнің көкірегін өзіне сай арманы әлдилейді. Кез келгеннің арманы орындала бермейтіні тағы бар. Алайда, менің арманым орындалды.
Арман. Сенім. Үміт. Осы үш ұғым мені Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатына әкелді. Сол сәтте менің арманым орындалды.
Дарын мектебі туралы кішкентайымнан естігенмін. Содан бері интернатта тұрсам, дарынды бала атансам деген өмірлік мақсатқа айналған арманмен өмір сүрдім. Алғаш емтихан тапсыруға барғанда интернатым сұп-сұр, суық көрінді. Алғашында үйрене алмай жатырқап та жүрдім. Кейін үйренісе келе, барлығы ұнай бастады. Қазір интернатыма жетер жер жоқ.
Интернатта өскен бала өзгелерден ерек болары анық. Өмірге ерте бейімделген тұлға ретінде интернаттықтардың жөні бөлек. Ойлап қараңыздаршы, 13 жасымызда ата-анамыздан жырақта өз-өзімізбен қалдық. Әрине, кезінде қазақ «он үште отау иесі» деген. Алайда, заман өзгерді, заманмен қоса адам да басқа кейіпке енді. Егер біреу менен «Өмірдегі ең дұрыс шешімің қандай?» десе, ойланбастан осы интернатқа келуім дер едім. Бұл мектепті мен тек білім емес, өмір мектебі деп түсінемін. Сенен аларым әлі де көп, алтын ұя мектебім!

Раушан Бауыржанқызы,
9-сынып оқушысы

Өтірік өлеңдер

***
Мініп алып ала маса үстіне,
Қоңыр қоян арыстаннан күшті ме?
Ала бұлбұл су астында жүзіп ап,
Үлкен пілдің шығып апты үстіне.
***
Инелікке мініп ап айға ұштым,
Көп шыдамай секіріп жерге түстім.
Көп жылдар шегірткені азық қылдым,
Қоңыздың терісінен шекпен тіктім.

Айша Әріпбай,
9-сынып оқушысы

***
Теректің бұтағына секіріп міндім,
Тиынмен төбелесіп әрең жеңдім.
Қоянның құлағынан үрке қашып,
Алып таудай шыбынға сәлем бердім.

***
Жасадым жұмыртқадан алтын табақ,
Сүңгі мұзды боршалап еттім тамақ.
Шегірткенің сирағын қасық қылып,
Ертеден кешке дейін іштім шалап.

***
Жануарлар бақшаға
Жеміс жеуге келіпті.
Суда өскен жүзімді
Ит пен есек теріпті.

Еркежан Молдахан,
10-сынып оқушысы

ҚАРТҚОЖАДАЙ ЖАСТАР БАР МА ҚАЗАҚТА?

Мен болашағынан үміт күтетін жас шәкірт саналы азаматша ретінде өзімнің еліме қызмет ету үшін ақыл-ойым толысқан, өзіндік тұлға, жеке дара азамат болу керекпін деп ойлаймын. Ол үшін мек- теп білімінен бөлек өмір сүру үшін, қиындыққа тайсалмай үшін кітаптың тигізетін пайдасы зор. Кітап – адамның қуаттаушысы, ақылшысы, досы. Ал өз уақытында ақыл мен қуат алып тұрсаң оның артықшылығы жоқ.
Мен қазіргі таңда мәдениет пен білім ошағы Алматы қаласындағы талай білімді, елге танымал шәкірттерді ұшырған Абай атындағы Республикалық мектеп-интернатында оқығандықтан, сонау ауыз әдебиетінен бастап бүгінгі таңдағы ақын-жазушылардың да шығармашылығымен де таныспын. Оның ішінде, менің жаныма жақын, рухымды көтеріп, болашағыма деген сенімді арттырған туынды – Ж.Айтмауытовтың «Қартқожа» романы.
Қазақ жерінің солтүстігінің Баян өлкесінде қоныстанған Жұманның ұлы Қартқожа заманының қиын күндеріне мойынсұнбай білімге, оқуға ұмтылды. Белі бекімеген кезінен бастап қаладан оқып келген шәкірт Жүністен сауатын ашқан. Алайда, алға ұмтылған Қартқожаның тағдырына қарсы шыққан жайттар аз болған жоқ. Ақ тонын сүйреткен қаһарлы қыс әкесін алса, сұм соғыстың зардабынан ағасы Тұңғышбайдың жаны аман қалмады. «Қай істің де қайыры бар» демекші, соғысқа кеткен Қартқожа түрлі жаңа техникамен, ел саясатымен таныса бастады. Құдайдың өзі қолдаған Қартқожаға білім беру жолында Андрей, Қасен, Алпысбай сияқты жүректері мейірімге толы жандар көмек қолын созады. Қартқожа биік белес, аласармай- тын асудан өтіп, бойына білім шуағын ұялатады.
Оқыған адамда шыдамдылық, қайтпас қайсарлық, адамгершілік те болады. Сондықтан да «Қартқожа» романы маған нендей жағдай болса да, ізденістен тынбай, оқу оқығанның жөн екенін ұғындыра түскендей. Өмір болған соң кей жағдайда балақтан тартатын адамдар да болады. Оларды көңілге алмай, берілмеу керек. Менің ойымша, дәл осындай адамдарға риза болу керек. Себебі осы қиындықтар арқылы сен өсесің, дамисың, жігерленесің. Дәл осы адамдар арқылы сен, ең алдымен, өзіңе мықты екеніңді дәлелдейсің. Өзіңе дәлелдеген ақиқатты өзге адамның мойындамауы мүмкін емес.
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам.
Қараңғылықтың көгінде
Күн болмағанда кім болам?! – деп, С.Торайғыров айтқандай, жұртымыз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері қазақ жастарының көзі ашық, көкірегі ояу болып, талай жетістіктерге жетуде. Ғылым мен техникада жаңалықтар ашуда.
Егерде әрбір қазақ баласы көкке ұмтылған Қартқожа сияқты болса, еліміз бұдан 128 әрі дамып, алпауыт елдердің қатарында болатынымыз сөзсіз. Сондықтан да Қартқожа сияқты ұлтжанды, білімді, болашағынан үміт күттірер азаматтар мен азаматшалар көп деп ойлаймын.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *