Әке  арманы Әке  арманы

Әке арманы

16.10.2018 0 2 874

Күлия Айдарбекова, жазушы, журналист Қыстың аязды күнінің бірінде шаруаларымды бітіріп үйге ертерек келудің сәті түскен болатын. Әкем біздің үйге қыдырып келгенде жұмыстан үнемі ертерек... Әке  арманы

Күлия Айдарбекова,
жазушы, журналист

Қыстың аязды күнінің бірінде шаруаларымды бітіріп үйге ертерек келудің сәті түскен болатын. Әкем біздің үйге қыдырып келгенде жұмыстан үнемі ертерек келуге асығатынмын. Сырт киімімді ілгіште іліп тұрып үйдегілерден «Аталарың қалай?» «Көңіл-күйі жақсы ма?» «Тамағын ішті ма?» деп сұрақ жаудырып тұратын әдетім бар еді.
– Атам кешегіден жақсы. Көңіл-күйі көтеріңкі… Бізге көп бата берді. Жақсы әңгімелер айтты, — деп келінім күттірмей баяндайды ғой.
– Атам намаздан кейін кітап оқып отыр. Сізді келді деп айтайын ба? — деп Данашым тұр, қолында қуанышын күлкісімен білдіріп тұрған немерем бар.
– Аллаға шүкір, жақсы болсын, лайым жақсы болсын, деп алдымнан жүгіріп шыққан екінші немерелерімді бауырыма басып, бірін көтеріп, екіншісін жетелеп Атамыздың бөлмесіне келеміз. Атасы тағы да Абайды оқып отыр. Қаламмен сызып оқиды. Жатқа оқиды. Ақыл сөзді Абайдан табам дейді Әкем үнемі.
– Есте сақтау қабілетімді дамыту үшін, ұмытшақ дертке шалдықпаудың бірден-бір тексерілген тәсілі төрт шумақ өлеңді жаттап жүру. Өзім осыған әбден көз жеткіздім, тексердім. Абайды оқитын адам ақылынан адаспайды екен, анау-мынау қарттық дертке ұшырамайды. Бүкіл даналықты, имандылықты, адамгершілікті, әсемдікті ұлы Абайдан, оның шығармаларынан алып, бойға сіңіру қажет, — деп Әкем өз ойын қорытындылайды.
Бұрыннан келе жатқан әдеті, бір-екі өленін жатқа оқып, әрі қарай әнімен жалғастырады. Бұл көңіл-күйі бізге балалық шақтан таныс… Ең бақытты сәттерінде Әкешім Абайдың әндерін шырқайды. Ерекше нұрланады. Бүгін Атасына бізбен бірге шөберелері қол соғып тұр.
«Бақытты болу үшін адамға көп нәрсе керек емес екен. Сүйікті балалары, сендер сияқты қамқор болса және үйің жайлы әрі жылы болса, сол жеткілікті. Бақыт деген қарапайым дүние екен. Осыны бағалай білген абзал. Өз басым өмірге де, балаларыма да разымын. Мен бақытты адаммын, сол бақыт әр перзентімнің үйінде ұялап мәңгі қалса деп тілеймін». Әкешімнің баталы әңгімесімен үнсіз келісеміз. Ойланып тұрып қалыппын, кішкентайлар да тып-тыныш. Тыныштықты:
– Атамды шаршатып қоймаңыздар, қане, шәйға барайық деген келінімнің даусы бұзды.
Мәре-сәре болып бәріміз ас бөлмесіне беттедік. Дастарқан басында ұлағатты әңгіме айтылды, құран оқылды. Әкем өзінен кейін отырғандарға түгел құран оқытты. Он шақты сүрені жатқа оқыған шөберелеріне батасын берді. Соңында ақшалай сыйлық таратты.
– Әр жаттаған сүреге Алланың өзі беретін сыйлығы бар. Сол сыйлыққа жету үшін күнде ілімдеріңді жетілдіріп отыруды мақсат етіңдер. Ең күшті адамдар – білімді адамдар, ақылды адамдар, сабырлы адамдар, — деп шөберелеріне салмақты ойын жеткізді Әкешім.
– Адам кеудесінен жаны шыққанша жақсылыққа ұмтылу керек, ой мен сана таза болса бәрі дұрыс болады. Ал, енді, Төле бабаларыңның батасын тыңдаңдар…
– Біздің ата Төле биге шынымен-ақ ұқсайды екен, деп ұялы телефонынан Ұлы бабаның суретін көрсетті немерем. Жақында мектепте өткен іс-шарада Төле бидің образын сомдаған екен, сондағы жинаған бейнематериалын көрсетіп, өзіне-өзі риза болып отыр.
– Мен Абыз Бабаның батасын бердім, ал сен Дана бидің батасын бере ғой деп телефон шұқылаған немеремнің назарын өзіне аударды.
– Төле би тоғыз жасында көзге түскен, ел назарын өзіне аудартқан Дана, ал сен сол жастан асып барасын, кәнеки, балам, Алға деді Әкем…
Шөбересі мықты боп шықты, образға еніп, диалогін түгел оқып, соңында Бабаның батасын берді.
– Осы бала болмысынан ерекше. Есімі де үлкен жауапкершілікті талап етеді… Қаһан… Хандардың Ханы… деген сөз. Кең мағына, үлкен ұғым! Аллам өзі жар болсын дарынды балапанға. Елінің адал ұлы болсын! — деп Бабасы маңдайынан сүйіп, басындағы тақиясын кигізіп қойды.
– Атасының тақиясы бақ тақия болсын, атасының жақсы қасиеттері жұғысты болсын, даналығы мен парасаттылығы бойына дарысын! — деп мен жалғастырып қоямын.
Атасы-апасы бар үйдің дастарқаны, шіркін, берекелді ғой. Дастарқанның басындағы әңгіменің өзі өсиет пен өнеге. Ал көңіл-күйдің өзі мерекелік көңіл. Тағамдардың дәмі де керемет, әрі сіңімді. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» екенін енді ғана түсініп бағалап жүрміз. Бүгінде сол естеліктерді бағалап, жиналғанымызда бөлісіп отырамыз. Айта-айта жүретіндей қымбат естеліктер бар. Бірде Әкем:
– Менің бір арманым – көзімнің тірісінде сендердің әрбір мұсылманның парызы есептелетін қажылыққа барып-келгендеріңді көрсем деймін. Шетелге қыдырудың орнына Мекке-Мәдинаны ниет етсеңдер деп ойлаймын. Күш – қуат барда қаржыны игілікке бағыттасаңдар, парыздарыңды орындап, одан кейін қайта-қайта қажылыққа барсаңдар деп дұға жасап жүрмін деді.
– Қажылық біз үшін де үлкен арман. Алла нәсіп етсін деп тілейміз. Бірақ, әлі дайын емес сияқтымыз…
– Өздеріңді әлі жаспын деп жүрсіңдер ғой. Алла ұзақ өмір бергей, өніп – өсіңдер! Бірақ, бес парызды өтеуге асығу керек. Жердің астындағылардың бәрі бірдей қарт емес екенін ұмытпағайсын. Арғы дүниені күнделікті ойлау керек… Дайындық керек. Бес парыз адамға берілген міндет, шырағым. Жақсылыққа асығу керек. Алланың қадірлі қонағы болып Мекке –Мәдинаға бару бұл адамға берілген ерекше сый. Қасиетті мекеннен оралған соң адамның өмірінде оң өзгерістер басталады. Нұрға бөлену бақытын тек сол жерде сезінуге болады. Оның бәрін тілмен, сөзбен жеткізу әрине мүмкін емес, оны жүрекпен сезініп, көзбен көруге болады. Ол бір ғажап нұрлы әлем. Мәңгі сағыныш. Рухани байлық.
– Мен әлсіреген кезде, бойымда жігерім таусылды деп көзімді ашуға шамам келмей жатқанда Кағбаның иісін сезінем, зәм-зәм суды ішкенімді елестетіп, құлағыма сол жерде естіген Азан келгенде қайтадан бойыма күш-куат оралып орнымнан тұрам. Ал маңдайымды сәждеге тигізгенде қайтадан бақытты ғұмыр кеше бастаймын. Осының бәрі маған Меккеден дарыды, сол жерден бастау алды. Шынайы бақыт, мәңгілік ғұмырға жетелейтін сол бақытты сендерде сезінсе, ие болса деп дұға жасаумен келем.
Қажылық сапарды менің ұл-қыздарыма, бауырларыма, немере-шөбере-шөпшектеріме, барлық маған қатысы бар туған-туысыма нәсіп етсе деймін. Және олар қайта-қайта барса деп әр намазда Жаратушыдан сұрап отырамын. «Әр Қазақ баласына қажылық нәсіп етсін» деп Қағбаның есігінің алдында көз жасымды көл етіп тіледім, Қазақ елінің ақыретке дейін өркендеп көркейгенін, қазақтың көп болуын Алладан әр намазымда сұрадым. Алладан жалынып-жалбарынып елдің бірлігі мен ынтымағын, қазақтың көп болуын, мықты болуын, ішкі даудан, сыртқы жаудан сақтауын бес уакытты намазда тілеумен келем. Жеке басыма тілек тілейтін жастан өтіп кеткем, елдің тілеуін тілейтін абыздың жасына келген соң, тек еліммен, жұртыммен бақытты бола аламын. Осыны сезіндірген Аллама сансыз мадақ болсын – деді Әкешім.
– Ал сен, қызым, тұла бойы тұңғышым болған соң, кейде саған артық салмақ салатынымыз бар. Сен бастап Қажылыққа барсаң соңыңнан бауырларың да еретін еді – деді Әкем біртүрлі мұң басқан көңілмен.
– Онда дұға жасайық, осы еңбек демалысымда Алланың қалауымен қажылық сапарға баруыма. Сіздің қалауыңызды, Әкешім, Алланың қалауы деп түсінем, деп едім, Әкемнің қуаныштан төбесі көкке сәл-ақ жетпей, орнынан сергек тұрып, тіпті сүйеніп жүрген таяғын ұмытып кетіп, маңдайымнан сүйіп, қолымнан сүйіп, батасын берді.
Содан бір-екі ай әңгімеміз тек қажылықтың тақырыбында болды. Таусылмайтын тақырып. Ғажап күндер. Керемет әңгімелер. Құран жаттау. Бірге намаз оқу. Тілек тілеу. Дұғада болу.
Шіркін, бірге барар едік, сәл ертерек қамданғанда, сәл жасырақ болғанымда деген өкініш те кейде шығып қалатын. «Сендердің барғаның, менің барғаным» деп өзін-өзі жұбатып та қоятын.
Содан қажылыққа баратын құжаттарымды түгелдеп, болған соң, әкеме сүйіншілеп келейін. Әкемнің қуанышында шек болмады, маған бағыт-бағдар беріп, не істеу керек екенін айтудан жалықпады, мені қажылыққа жақсылап дайындады. Тағы да мықтылығын дәлелдеді. Әкешім менің өмірдегі ұстазым, ақылшым, адал досым, сырласым еді. Осындай сабақ алған менің қажылығым сәтті, әрі жеңіл болды, маңызды және әсерлі болды. Өкініштісі Әкем армандаған қажылыққа өзі шығарып салып, күтіп алмады… Жеті күндік асын өткізіп, елдің батасын алып жолға шықтым.
Жол бойы құлағыма «Қажылық – жүрегінде нұры бар адамның арманы… Қажылық парызын өтеуге келген әрбір адам Алланың қадірлі қонағы …» деген сөздері келіп тұрды. Алматыда «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясының президенті, Рухани білім жетілдіру институтының директоры, теолог, доцент, философия ғылымдарының кандидаты Аманкелді Еренғайыпұлы Әбдіхалық қажы қажылыққа еліміздің барлық өңірінен жиналған баршамызға сапарымыз туралы толық нұсқаулар беріп, ұшаққа отырдық. Жамағатпен алғашқы намаз оқылды… Алланың разылығы үшін деп жол бойы дұға оқып, Әкем мен анама іштей құран бағыштаумен болдым. Көз жасымды тоқтату мүмкін емес… Ұшақтың терезесінен бұлттарды тамашалап боп, көз жасымды тоқтатайын деп қаншама әрекеттенсем де, мүмкін емес екен. Өзімді тоқтатуға, жеңуге жігерім жетер емес. Іштей Әкем мен анаммен сырласып келем, өмірден өткен бауырларым Байжан мен Құрбанды, туған жеңгелерім Күләш пен Шарипаны, әпкелерім Айжамал мен Улманды, Қүлхатша мен Майра апаларымды бәрін көз алдымнан өткізіп келем, жарық бейнелері есімде жақсы сақталған. Әр қайсысына арнап дұға оқып келем.
Қасиетті Мәдина қаласына осылай жеттік. Нұрлы Мәдина Пайғамбарымыздың Мұхаммедтің (С.Ғ.С) қабірін зиярат ететін, мешітінде оқылған әр намаз мың намазға тең келетін, сауабы өте жоғары қасиетті жер. Пайғамбарымыз Мұхаммед (С.Ғ.С) Хадисінде: «Кімде-кім менің қабіріме зиярат етіп келсе, ол адамға менің шапағатым нәсіп болар» және екінші бір Хадисте «Мен дүние салған соң зиярат етіп келушіге, мені тірі кезімде зиярат еткендей болар» дегенін ұстаз Аманкелді қажы айтқаны бар. Жол бойы топ жетекшісі А. Әбдіхалық мырза Нұрлы Мәдинаның тарихын еске салып, пайғамбарымызға ( С.Ғ.С.) салауат айтып келді. Бір мезетте, түні бойы кірпік ілмеген мен бір сәтке ұйықтап кетіппін. Түсімде Әкем баяғы қажылық сапарындағы киімде, дәл үйде сақталған фотосуреттегідей, бірақ әлде қайда жас кейпінде ақ түйені жетектеп, арқасында ақ киім киген бір қауым ел еріп, таудан-тауға шығып барады. Ақ түйенің үстінде ақ киімде екі ұл бала отыр.
Менің періште бауырларым екенін танып тұрмын. Көш тауға тоқтамай, жан-жағына қарамай, арқасына бұрылмай, тек алға бағыт алып жүріп барады. Қол бұлғағанымды да көрмейді… Айқайлап шақырайын десем, даусым жетпейді, тіпті даусым шықпайды да. Өксік тамағыма тіреліп, көзім қайта жасқа толып оянсам, бар болғаны 3-4 минутқа көзім ілініп кетіпті. Сол түстің әсерімен ақырын Аманкелді ұстаздың отырған орнына жақындап келіп, көз жасымды орамалымның ұшымен сүртіп болған жағдайды баяндадым.
– Бұл қасиетті жерде, зиярат ету барысында аян беру, түс көру және басқа да түрлі жағдайлар кездейсоқ нәрсе емес, заңдылық деседе болады. Ал, мына түсіңіз, ИнШаАлла жақсылықтың белгісі… Қажылығымыз қабыл болады екен — деп қол жайып дұға жасады. Бір адамның қажылығы қабыл болса, баршамыздың ниетіміз қабыл деп қажы–ұстаз, бұл жолы өзінің өміріндегі 93-ші қажылық сапар екенін айтты. «Яссин» сүресін керемет даусымен оқи бастады. Ұстаздың ерекше оқуы, жағымды дауысы ешкімді де бей-жай қалдырмайды, көзге еріксіз жас келтіреді. Мұқият құранды тыңдап келе жатқан менің көзім терезенің арғы жағындағы тауларға түсті… Жаңа ғана көрген түсімдегі таулар. Дәл өзі. Сол түстегі таулар! Біздің тауларға мүлдем ұқсамайды. Ал енді тауларға қарап, түстегі керуенді іздейін. Алыстан көрмей қалам ба деп көзілдірігімді тақтым… Көрінбейді… Іздеп-таппаймын… Бірақ санамда, жүрегімде, көз алдымда елес болып сол таудан-тауға, биіктен-биікке шығып бара жатқан ақ керуен қалды. Әлі де сол керуен тоқтаусыз жүріп барады. Биікке! Лайым солай болғай! Жандары жәннәтта болғай!
Нұрлы Мәдинада қонақ үйге жайғасып болған соң Пайғам-барымыздың (С.Ғ.С.) мешітіне жүре-гіміз лүпілдеп, көргенше асығып бардық. Мешітке оң аяғымызбен аттап кіріп, сәлем намазын жамағатпен оқып, кереметтілігіне таң қалумен келеміз. Күн-түн демей әр адам дұғада, намазда. Бәрі сауап алғысы келеді. Бізде барлық уақытты сол қасиетті жерде өткізуге тырыстық. Жүрекке тыныштық пен қуаныш, сенім мен үміт ұялады. Тек намаз оқу, дұға да болудың өзі керемет, бұрын-соңды сезінбеген жағдай.
Екінші күні бізге Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (С.Ғ.С) қабірінің тұсына келіп, салауат айтып, сәлем беріп, жасыл кілемде намаз оқу бақыты бұйырды. Нұрлы Мәдинада көптеген тарихи жерлерді зиярат етіп, Меккеге жол жүрер алдында Пайғамбардың (С.Ғ.С.) мешітінде жамағатпен намаз оқып, Алладан осы қасиетті жерге қайта келуді нәсіп етуін сұрап, қимай-қимай қоштасып жолға шықтық.
Сапарымыз оң болып Меккеге жылдам жеттік. Бәріміздің арманымыз қағбаны тезірек көру, құлшылық жасау. Ұстаз Аманкелді қажы қағбаның тарихын жол бойы толық баяндап берді, жасалатын амалдарды тағы қайталап еске салды, тәртіпті сақтауды талап етті.
Қағбаның тарихын әрқайсымыз бір кісідей білеміз деп ойлаймыз, оқыдық, естідік. Ал Аманкелді қажыдан есту басқаша әсерлі. Ғалымның, нағыз маманның екі рет қағбаның ішінде болған адамның, жүзге жақын рет қажылықты өтеген азаматтың өз аузынан есту қайда әсерлі. Тыңдаған сайын тыңдай бергің келеді…
«Қажылық сапардың алғашқы күнінен бастап рухани байи бастайсын, ал елге оралған соң ырзық-несібең молайып, дәулетіңе дәулет қосыла бастағанын өзің-ақ көресін. Барлық байлыққа қол жеткізесің» деген Әкемнің сөздері есіме түсті. Осы мәселенің төңірегінде әңгімені Ұстаз-қажы да қозғап, дәлелелдермен айтып берді. Ең бастысы «қажылық жасаған адам анасынан жаңа туғандай болады, барлық күнәсі кешіріледі». «Шариғат жолымен жасаған қажылықтың сауабы – тек қана жәннат» деп ескертеді. «Шамасы келген кісілер Алла үшін қағбаны зиярат етіп, Хаж ету керек,»- деп атап көрсетеді Құран Кәрімде «Әли-Ғимран» сүресінің 96-шы аятында.
Қажылық жасаған адам осындай сауапқа кенеледі екен… Әкемнің арманын толық түсіну тек қажылық сапарда ғана мүмкін екен!
Хадисте «Умра және қажылық етіп жүрген қажылар – Алланың қонақтары. Олар Алладан дұға тілесе, Алла олардың күнәсін кешіреді» деген. Алланың құдіретін Алланың қонағы болу арқылы керемет сезініп, бір сәтке де ұмытпайтындай болады екенсіз, қайта одан сайын Раббымызға жақын бола береді екенсіз.
«Алланың бар екендігі мен даралығын біліп растау – ең үлкен парыз. Осыдан кейінгі парыздардың ең үлкені және ең маңыздысы – намаз. Намаз жүректің нұры, рухтың күші, мұсылманның кереметі» деп ұстаз Аманкелді қажы уағыздарын үнемі жалғастырып келеді.
«Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулі мен өлшеусізді білуге болмайды…». Әкемнің үнемі Абайды еске алып отыратын ұлағатты сөздері есіме түсіп кеткені. Қасиетті жерде ойыңа тек жақсы және маңызды ойлар келеді екен. Іштей таңданып қоямын.
Қазақ Атам «жақсы жерде ұйықтасаң жақсы түс көресің» деп бекер айтпаған ғой. Күйбең тіршілікте «намазды» толық түсінбей жүреді екенбіз. Ал сөздіктің өзінде «Намаз – жақсы дұға ету» деген мағынаны білдіреді. Қажылықты өтеу оңай нәрсе емес, нағыз сабырды талап етеді. Тек ойда бір өкініш тұрады, неге ертерек қамданбадым, ертерек келмедім, неге асықпадым қажылыққа деген? Одан кейін сана мен жүректе бір арман ұялайды екен. «Қажылықты бар қазаққа нәсіп етсе деген», «бала -шағаммен, туған туысқанмен, жора-жолдаспен қайта-қайта қажылыққа келсем деген»… Дәл Әкемнің арманындай! Лайым солай болғай!
Біз өз қажылығымызды бейсенбіден жұмаға қараған түнде өтедік. Қажылық парызымызды орындап бірінші жұма намазды Қағбаның есігінің алдында оқу бақыты бұйырды!
Сол ерекше әсерден нұрға бөленіп, түстен кейін өмірден озған жақын адамдарымыздың атынан ниет етіп, қажылығын өтеуге кірістік. Біреудің атынан жасалған қажылықты «Бәдәл қажы» деп атайды. Шариғатта оған рұқсат бар.
Бірінші бәдәл қажылықты әжем Назгул Биғашқызының, екінші қажылықты жан жарым Қиянтай Айтмырзаұлының атынан жасадым. Алладан қажылықты қабыл етуін көз жасымды төкпей сұрау мүмкін емес. Ал Тәлбия айтқандағы «Алла, сенің алдыңдамын… Сенің алдыңдамын» деп басталатын сөздер жүректен шығады, көзден жас болып төгіледі. Сондықтан Тәлбия айтудың сауабы өте жоғары. Қағбаны көрген уақытта Тәлбия тоқтатылады.
Содан тәуеп етіп Қағбаны 7 рет айналады. Әр айналған сайын айтатын өз дұғалары бар… Солардың ішінде «Тозақ азабынан, от азабынан құтқаруын сұрау… Жақсылардың қатарында бірге жәннатқа кіргізуін өтіну» Екінші тәуептің соңғы дұғалары «Ешқандай сұраусыз жәннатты нәсіп етуін» сұраумен аяқталады. Үшінші тәуепте «Қабір азабынан, тірілер мен өлілердің фитнасынан бір Аллаға сыйыну». Төртінші тәуепте «Раббының берген ризық-несібесіне қанағат етушіден және барлық нәрсені жақсылықпен орнын толтыруды «сұрау». Бесінші тәуеп «Алладан жәннатқа жақындататын сөздерді, істерді және амалдарды сұрау. Денсаулыққа пайдалы болған суатынан сусынымызды қандыру, ол суаттан су ішкеннен кейін ешқашан шөлдемейтін болуымызды сұрау». Алтыншы тәуеп «Ұлылық иесінің кешірімін сұрау, қайырымдылығы мен мейірімділігіне жалбарынып, сақтауын сұрау» Жетінші тәуеп «Алладан толық иман, шын сезім, кең ризық, қорқушы жүрек, Жаратушыны еске алатын тіл, адал несібе, өлер кезімізде жанымыздың жеңіл шығуын және өлгеннен соң кешірім мен мейірімін, есеп берер сәтте жарқылдап жәннатқа кіргізуін, тозақ отынан сақтауын мейіріміңмен сұраймыз»… «Ұлық Алладан ілімді арттырып және салауатты адамдармен бірге ет» деп жалынып сұрану амалдары.
Бәдәл қажылық жасаған жақын адамдарым үшін Алладан жәннаттың ең жоғарғы дәрежесін сұрадым. Қабірлерінің ішін нұрландыруын Раббымнан шын жүрегіммен тіледім.
Үшінші күні бәдәл қажылықты әкем Смаилхан Төртбайұлының, ал төртінші күні анам Қарлыға Мұстафақызының атынан жасадым. Сондай мүмкіндік берген Раббыма сансыз мадақ болсын! «Ия, Алла! Қағбаның Раббы! Бізді, әке – шешелерімізді, бауырларымызды, балаларымызды тозақ отынан босата гөр! Біздің барлық ісіміздің ақырын жақсы ет және ақыреттің азабынан сақта» деп Әкем сыйынғандай, сөз бе сөз қайталап жүргеніме өзімде таң қалдым. Алла барлық сөзді тіліме өзі салып тұрды. Әкемнің барлық тілегі мен батасы құлағыма сыбырмен келе берді. Әсіресе, жиі айтатын «Мәңгілік мейірім иесі Алла, біліп-білмей істеген күнәмді кешіруіңізді сұраймын, азабыңнан қорқамын, ауыртпалығымызды түсіруіңізді, жүрегімді тазалауыңды, қабірімнің ішін нұрландыруыңды сұраймын» деген сөздерін мен де қайталаумен болдым… Жарықтық Әкешім мені шын жүрегімен, ниетімен қажылық сапарға дайындаған екен. Жандарың жәннатта болғыр Әкем мен Анам! Алла сіздерге разы болсын!
Сафа мен Мәруа төбесі аралығында жеті реттен сағи жасалынды. Бұл да бір керемет жағдай, ұлылардың ұлысы Аллаға барлық мақтау айту. Алладан бізге береке, мейірімінмен, кеңшілігіңнен және ризығыңнан бер, тура жолға сал және тақуалықпен тазалауын, ісімізге жеңілдік беруін сұрадық. Шүкіршілікті қабыл етуші Раббым өзіңнен ғана пана сұрадық, қажылығымызды қабыл етуін өтіндік.
Ата – анама бәдәл қажылық жасап Қағбаны айналып жүре бастағанда екі көбелек екі жағымда ұшып жүре берді. Адамдар Қағбаға жақындаған сайын қысым да, көбейеді, сол кезде біреулер көбелектеріме абайсызда қиянат жасап қояма деген іштей үрей пайда бола бастады… Бар ойым соларға зияндық жасалып қоймаса деп алаңдаушылық және бір сәт көзімнен алыстатпай бақылап келем… Адамдар қысым жасай бастағанда олар биіктеу көтеріліп дәл төбемде ұшып келеді… Бір сәт мүмкіндік туындаса қайтадан жүрек пен бауыр тұсында ұша бастайды. Бұрын соңғы мұндай ақ маржандай әсем де сұлу көбелектерді мен көрмеппін. Кейде кідіріп қалған сәттімде оларда тоқтап күтіп тұрғандай болады. Неге екенін білмеймін, бірақ мен үнемі солардың көзіне көзім түскенін қалап келдім, еріксіз іздеумен болдым… Бір кезде Қағбаның айналасында Анам мен бауырларымды көргендей болдым. Мүмкін елес шығар. Бірақ күлімсіреп екі баланы жетектеп бара жатқан Анамның бейнесін еш уақытта шатастыруым мүмкін емес еді. Жалт қараған көздері, сабырлы жүрген жүрісі ол шынында да менің Анамның жүрісі еді. Адасып қалмайын деп кірпігімді қақпай солардың ізімен келем. Жеңіл кілем… Ұшып келем десем, артық кетпегенім. Жеті реттен қағбаны айналып тәуеп жасап, одан Сафа мен Мәруа аралығында жеті рет сағи жасап екі жағымда екі ақ көбелегім ұшып келе жатқанына өзімді ең бақытты сезініп, Аллаға шүкіршілік етіп аяғым жерге тимей мен де ұшып келем. Бір ғажап жағдай. Тек осы сәт аяқталмаса екен деп іштей тілеймін ғой. Көбелектерден айырылып қалсам қайтадан жаным жараланып, жүрегім ауыратын болды деген ой келсе, көзімнен жас тоқтамай ағады…
Барлық рәсімдерді орындап болған соң зәм-зәм суын – жәннат бұлақтарынан болған, жер бетіндегі бұлақтан жеткен суды ішуге бардық. Көбелектерім жанымда. «Зәм-зәм суын ішерде тілек айтып іш. Тілек міндетті түрде орындалады» деген Әкемнің сөзі есіме түсті және «зәм-зәм суын тойғанша іш, бойыңа күш-қуат береді» деген сөздері орындауға тиісті бұйрықтай әсер етті.
Сол кезде ұстаз Аманкелді қажы зәм-зәм суының ерекше қасиеттерін, оның шығу тарихын, бұл суды ішерде орындайтын әдептерін толық баяндап шықты. «Зәм-зәм суы барлық ауруларға ем, ал аш адамға – тамақ екен және бұл су ең жақсы сыйлық. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) алыстан келген адамдарға зәм-зәм суын сыйлайды екен…» Содан біздер үшін де ең жақсы сыйлық зәм-зәм суы!
Зәм-зәм суын тойып ішіп Қағбаның жанына екінті намазын оқуға жайғастық. Көбелектерім жанымда. Менің жүрегімде керемет тыныштық орнағанын енді сезіндім. Көздің жасымен барлық ауыртпалық шыққан екен. Жақсылықтың белгісі бар. Өзім де сезінемін. Рухани байыдым. Көп нәрсені ұқтым, білдім. Басқа ғажап әлемді көрдім. Осының бәрін көру, сезіну менің де бауырларыма, бала-шағама, ұрпақтарыма, туған-туысқа, жора-жолдасқа, Әкем айтпақшы әр қазаққа бұйырсын деп дұға жасап, Алладан қайта-қайта сұрадым. Дұғамды Раббым қабыл еткей!
Әл-Харам мешітінде оқылған бір намаз – 100 мың намазға тең болады деп айтылады. Сондықтан әр адам уақытты тиімді пайдаланып намазда өткізеді. Кешкі асқа қонақ үйге оралатын уақытымыз да болды. Бәрі уағдаласқан жерге жиналып жатыр, тек мен асығар емеспін.
Осы жерден кетсем ақ көбелектерімді енді кездестірмейтінімді сезіп тұрмын. Қимаймын. Кеткім келмейді. Бірақ жамағатты күттіріп қойған дұрыс емес қой. Түнді Қағбаның айналасында ақ көбелектеріммен өткізейін деген шешімге келдім. Жайнамазымды жинап, тәсбімен бірге дорбама салып, осында түнейтінімді ұстазға айту үшін орнымнан тұрсам, ақ көбелектерім төбемнен үш рет айналып ұшып ғайып болып кетті.
Тұрған жерімде қазықпен қағып қойғандай қадалып тұрмын, көзімнен ыстық жас ағып тұр, кеудемдегі өксік, кәдімгі кішкентай балалық шақтағыдай тоқтаусыз ыршып-ыршып шығуда… «Көбелектерім… Ақ көбелектерім. Көбелектерім ұшып кетті» дей берем. «Көбелектерім, менің көбелектерім» десем бүгінгі күнге дейін көзіме жас келеді. Сол ғажап әлемге қайта ораламын. Сол сағынышты сәттер мен үшін аса қымбатты, өте әсерлі. Сол ақ көбелектеріммен қайта қауышуды армандаймын. Бұл қасиетті де нұрлы Мекке-Мәдинаға деген мәңгі сағыныш шығар, сондықтан Алла Тағаладан осы жерге қайта-қайта баруды үнемі тілеп жүрем.
Әкем Меккенің тарихын сағаттап айтатын. Бұл қаланы Аллаһ тағала құрметті қала етті. Меккенің үлкен бір ерекшелігі – бұл қала періштелермен қоршалған. Ол туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хадисінде айтқан. «Дажал – Мекке мен Мәдина қалаларына кіре алмайды… Оның шекараларында періштелер сап түзеп күзетіп тұрады» деп айтатын.
«Менің арманым, қажылық сапырында қара тасты сүюді Аллам саған да нәсіп етсін. Қара тас – жәннаттан түскен. Білесің бе, қиямет күні – Аллаһ тағала қара тасқа көретін көз, сөйлейтін тіл беріп, бұрынғы көрінісіне қайтарады. Сонда қара тас Қағбаны зиярат еткен мұсылмандар үшін куәлік етеді. Егер нәсіп болса, қара тасқа жақындау мүмкіндігін ізде, оны сүй» дейтін Әкем.
Қоштасу қажылығымызда маған нәсіп болып, қара тасты сүю мүмкіндігі берілді. Қоштасу тәуебін өтеген соң ұзақ дұға тіледік. Бұл жерде сұраған тілектер қабыл болатынын ұстаз Аманкелді қажы айтып, Әкемнің сөзін растады. Лайым солай болғай.
Жол бойы Әкемнің қайталап айтып отыратын «Екі дүниенің жақсылығын бер, бізді от азабынан сақта!» деген дұғасын іштей қайталап келем… Періште «Әмин» десін!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *