ҚЫЗ ЖЫЛАҒАН ТҮН ҚЫЗ ЖЫЛАҒАН ТҮН

ҚЫЗ ЖЫЛАҒАН ТҮН

16.10.2018 0 3 058

Сабырбек ОЛЖАБАЙ Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, 10 кітаптың авторы. Ғ.Мүсірепов және С.Адамбеков атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты. Қарашаның қап-қараңғы суық түні. Сансыз жұлдыздарды... ҚЫЗ ЖЫЛАҒАН ТҮН

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, 10 кітаптың авторы.
Ғ.Мүсірепов және С.Адамбеков атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты.

Қарашаның қап-қараңғы суық түні. Сансыз жұлдыздарды аспан қарақшысы ұрлап кеткендей. Көк күмбезін қою бұлт торлаған. Жапырағынан жұрдай болған тал-теректерді зәрлі жел жұлқылай түседі. Бір-біріне қажалған бұтақтар қорқынышты үн шығарады. Қасқырдың алыстан ұлығаны құлаққа талып жетеді.
Олар үшеу еді. Жорыққа шығар алдындағы батылдық үшін ащы судан тартып-тартып алған. Сонда да олар бүрсеңдеп келеді. Біреу арттарынан қуып келе жатқандай соңдарына жалтақ-жалтақ қарайды. Түн жамылып жортқан үшеуге қарайғанның барлығы жау болып көрінеді. Үркектеп келе жатқаннан соң ба, жиі сүрінеді. Алдарынан қарауытып қабірстан көрінгенде бұрынғы қорқу-қорқу ма, үстерінен біреу мұздай су құйып жібергендей тұла бойлары қалш-қалш етті. Олар шеткерек тұрған бір мазараттың ішіне кіріп, қойындағыларын суырды. Кесене іші кәдімгідей ықтасын екен. Бойлары жылынғандай болды. Босаған бөтелкені отырған жерлеріне тастай салды.
Үшеуі айналасын тағы да шолып шықты. Көздеріне бөтен ештеңе түспеді. Бүгжеңдеген үшеу жер бауырлап кетіп бара жатты.

* * *

Криминалды полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Кенже Өмірзақов қатты ашулы екен. Жедел уәкілдер түгел жиналғанда ол өзінен-өзі түтігіп отыр еді. «Тағы не болып қалды екен?» деп өз ойларымен өздері алысып отырған шұғыл қызмет өкілдері басшыларының сөзін тосты.
– Қаратөбедегі қабірстанда сұмдық оқиға орын алды. Әлдекімдер жаңа ғана көмілген мәйітті ұрлап кеткен. О заман да бұ заман мәйіт кімге керек? Егер оның алтын тістері, басқа да бұйымдары керек болса, керектісін ғана алып кетпей ме? Өлікте несі бар? Менің түсінбей отырғаным осы жәйт. Қазір мазар басында шұғыл оперативті топ жұмыс істеп жатыр.
Қабірстан қарауылы ештеңе білмейді. Ол түнде жаураған соң сыртқа шықпаған. Ешқандай дауыс та естімеген. Криминалистер із кесіп көрді. Аяқтарына киіз байпақ киіп алған ба, бәтеңкенің не етіктің бүдірі де түспеген. Соған қарағанда олар бұл жорыққа мұқият дайындалған болып шықты. Із жолға дейін барады да шорт үзіледі. Осы жерде оларды көлікті адам күтіп тұрса керек. Әрі-бері ағылған мыңдаған машинаның қайсысы екенін кім біледі. Иттер де осы жерге келгенде иіс жоғалтып, айналсоқтады да қалды. Ендігі үміт сендерде. Осы іс ашылғанша бізде тыныштық болмайды, — деді полиция полковнигі.
Бәрі де үнсіз қалды. Мазардың қоршауын ұрлағандар кезіккен. Ана бір жылдары екі-үш алқаш өлгендердің тісін қағып, сатып жүрген жерлерінде қолға түсті. Мынау адам баласы естімеген сұмдық қой. Өлген адамның мүшелері трансплантациялауға келмейді. Сонда өлікті олар не үшін ұрлады? Із кесушілер осы сұраққа жауап таппай отырды.
– Жедел іздестіру тобын құрамыз. Іздестіру, тергеу дәл қазірден басталады, — деп Кенже Өмірзақов қарамағындағыларға шұғыл тапсырма берді. – Жинақталған деректерді, болжамдарды әр сағат сайын генералға баяндап отыруымыз керек, — деп тағы пысықтады.
…Мәйіт жуырда ғана қаза тапқан жас жігіттікі болып шықты. Әкесі мен шешесі «баламыз онсыз да қандықол қарақшылардың қолынан қаза тауып еді, енді сүйегіне де маза бермегені несі?» деп қатты қайғырды. Анасы талып қалды. Оған «жедел жәрдем» шақыртылды.
Бұл жағдайда олардан жауап алу мүмкін емес еді. Сондықтан жабыққан жандарды жұбатып, жедел уәкілдер кері қайтты. «Қаныпезерлерді қалайда құрықтаймыз» деп уәде берді.
– Мынау бір қиын түйін болды-ау, қылмыскерлерді құрықтау оңай болмас, — деп аға жедел уәкіл Болатбек әріптестеріне сөз тастады.
– Иә, мұның бір кілтипаны бар. Мәйітті бостан-босқа ұрламайды, — деді тергеуші, полиция майоры Алмас.
Қырсыққанда қасақана өлтірілген жігіттің қазасы кімнен болғаны да ашылмай қалған. Әке-шешесі өлген ұлдарына эксгумация жасатудан ада-күде бас тартқан. Жедел уәкілдер оны бау ішінде өліп жатқан жерінен тапқан. Оның жүрек және бүйрек тұсына пышақ сұғылғаны белгілі болған. Дәрігермен қалай келіскенін кім білген, оны моргтен алып, үйіне бір күн түнетіп, ертесіне жер қойнауына табыс етіпті.
Тергеушілер қабірстан күзетшісінен тағы да сұрап көрмек болды. Ол кешегі жауабын тағы қайталады. Өзі қорқып қалған ба, тым бұйығыланып алыпты. Жақ ашпайды.
– Түнімен шошып ұйықтай алмай шықтым. Кешегі ұрланған мәйіт терезеден сығалап тұрғандай болды да тұрды. Құрысын, жұмыс табылмай кетсе де осы жерден кетпесем бе? — деп күбірледі.
– Біз сізді кінәлағымыз жоқ. Мынадай қара суықта үлкен қабірстанды түні бойы аралап жүре алмайсыз ғой. Оның үстіне мәйітті ұрлайды деп ойламағаныңыз да белгілі. Дегенмен, жіптің бір ұшы шығып қала ма деп келіп отырмыз. Әлденені білсеңіз, бізге хабарласыңыз, — деп Болатбек оған телефонын жазып қалдырды.
Олар машинаға беттегенде Абдурахман «тоқтай тұрыңыздаршы» дегендей белгі берді.
– Айтпақшы, осыдан бір аптадай бұрын ба, қатарынан екі-үш күн бір қыз осы мазардың басына келіп жылап тұрды. Әр келген сайын гүл қалдырып кететін еді, — деді күзетші Абдурахман.
– Сол қызды көрсеңіз таныр ма едіңіз? – деп Болатбек сұрақ қойды.
– Жоқ танымас едім. Өйткені, үнемі орамалымен бетін бүркеп алып жүрді. Оның үстіне қызды алыстан көрдім, — деді күзетші.
– Алыстан көрсеңіз оның жылап тұрғанын қалай білдіңіз? — деп тергеуші қайыра сұрады.
– Көздерін қайта-қайта сүртіп тұрды емес пе? Шығып бара жатқанда да иықтары дірілдеп бара жатты, — деді күзетші.
– Қыз тағы да келетіндей болса бізге хабар беріңіз, — деді Алмас.
– Осындағы сұмдықты естіген бе, содан бері ізім-қайым жоқ болып кетті ғой, — деді Абдурахман.
– Япыр-ай, осы қызды табар ма еді? — деп қалды Болатбек.
– Қайтыс болған жігіттің әкесімен қайта сөйлесу керек. Ұлы үйленгелі жүрген қызын үйіне әкеліп көрсетуі мүмкін ғой, — деді Алмас.
– Бәлкім, бәленің бәрі осы қызда болмасын, — деп жедел уәкіл, полиция капитаны Жанкелді күмән айтты.
Олар қаралы үйге келгенде Жанайдар сыртта жүр екен. Үй іргесіне келіп тоқтаған автокөлікті көрген соң «көңіл айтуға келген әлдекімдер шығар» деп ойлаған болар, дауыстап балаларын шақырды. Формадағы жігіттерді көріп, есік алдындағы орындыққа отырды.
– Көке, ренжімеңіз, бізге қылмысты ашу керек. Мазаламағанымыз жөн еді, бірақ көп жәйтті білгіміз келеді. Онсыз қылмыс ашылмайды ғой, — деді криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Болатбек.
– Түсінемін,- деді Жанайдар.
Іштегі қатпар-қатпар мұңы мен зарын ақтара алмай құмығып жүр ме, кім білсін, әке иықтары солқылдап жылап жіберді. Жедел уәкілдер мен тергеушілер оны әзер жұбатты. Үйден Жанайдардың қызы шығып, әкесінің қолына су құйды. Жанайдар беті-қолын жуып, көзін сүртті.
– Көке, ұлыңыз үйленгелі жүр ме еді? – деп сұрады Алмас.
– Иә, қызықшылығын енді көреміз бе дегенде…
Шерлі жүрек тағы да шыдай алмады. Келгендер әкенің өз-өзіне келуін тосты.
– Болашақ келініңізді үйге әкеліп таныстырмады ма? – деп сұрады Болатбек.
– Әне-міне үйге әкеліп таныстырамын деп жүрген.
– Қыздың атын білмейсіз бе?
– Соны сұрамаппын. Бәлкім, қыздар білер.
– Көке, қызыңызбен сөйлесіп көрсек, қарсы емессіз бе?
– Е, несіне қарсы болайын.
Майра тым ұялшақ қыз екен. Бәлкім, формадағы полицейлерді көрген соң қымсынған шығар.
– Болашақ жеңешеңнің аты кім еді? – деп сұрады Болатбек.
– Гүлжауһар!
– Әдемі ат екен! Ол қай ауданның қызы еді? Қайда оқиды? Мүмкін жұмыс істейтін шығар?
Сұрақтардың көп болғаны соншалық, Майра қайсысына жауап берерін білмей сасқалақтап қалды.
– Қай ауданның қызы екенін білмеймін. Бірақ, университеттің соңғы курсында оқиды.
– Қай университет?
– Мемлекеттік университет.
– Бізде мемлекеттік университет көп қой, соның қайсысы?
– Білмеймін. Маған солай деген.
– Қандай мамандық бойынша оқушы еді?
– Ағатайым «жеңешең оқуды бітірген соң әдебиетші болады» деп еді.
Майраның есіне ағасы түсті ме, жылап жіберді. Қос қолымен бетін басқан күйі үйіне кіріп кетті.
Оларға бұдан артық тұру ыңғайсыз көрінді. Жанайдар қарияға рахмет айтып, жолға шықты.
– Осы біздің қалада қанша университет бар? – деп сұрады Болатбек былай шыға.
– Жалпы, 8-9 университет барын білемін. Соның үшеуі ғана мемлекеттік болса керек, — деді Алмас.
– Ендеше, сол үш университетті түгел аралап шығамыз. Гүлжауһар атты қыз көп емес шығар, — деді Болатбек.

* * *

Алмас пен Болатбек филология факультетіндегі бірнеше қызбен танысты. Алайда, Гүлжауһар аттты қызды ешкім білмейтін болып шықты. Сонда Майра өтірік айтқан ба? Бәлкім, қыздың есімін дұрыс айтпаған шығар. Бірақ, бұлай болуы мүмкін емес. Майра не үшін өтірік айтады?
Университет ауласында бір топ студент кетіп бара жатты. Олардың қайсысына барып «сен Гүлжауһарды танисың ба?» деп сұрарсың. «Мынауың жынды шығар» демесіне кім кепіл? Осылай тұрғанда университет ғимаратынан екі қыз шықты. Екеуі де таныс сияқты. Иә, мана филология факультетінде болғанда осы екі қыз да «білмейміз» деп иықтарын қушитқан. Енді сол екі қыз күліп, әлденені әңгімелеп келеді. Курткаларының жағасын көтеріп, әр қызға бір қарап тұрған екі жігітті қыздар қалай көрмесін.
– Ағай, іздеген қызыңызды әлі таппай тұрсыз ба? — деп қызыл курткалы студент қыз Алмасқа қарады.
– Иә, таба алмай тұрмыз.
– Қиын болған екен. Сірә, ол қыз сізге атын жалған айтқан ғой, — деп жанындағы ұзынша бойлы бойжеткен жымиып күлді, – қазіргінің қыздары сондай, абайламасаңыз, алдап кетеді.
Екі жігіт оларға не дерін білмей, сасқалақтады. Алданып қалған адам болмас үшін екі қызды сөзге тартты. Төртеуі аялдап біраз жерге дейін барды. Кеше қар жауған. Айнала аппақ нұрға шомылып тұр. Ескерткіштің түбінде екі қыз бір-біріне қар атысып, ойнап жүр. Бұтақтарына қар қонақтаған ағаштар ажарланып кеткендей. Ауа тұнық. Төңірек тап-таза. Сыңғырлаған күлкілер ауада ілініп қалғандай. Осындай әсерден де шығар, төртеуінің әңгімесі жараса кетті. Олар «Меруерт» кафесіне барып кірді.
– Қане, қыздар не ішеміз? – деп сұрады Болатбек.
– Бізге бір шыны кофе болса жетеді, — деді Мереке.
– Бәлкім, тәттіге тапсырыс берерміз, — деді Алмас.
Екі қыз бір-біріне қарады. Жігіттер олардың қарсылығына қарамастан түрлі тәттілер, тамаққа тапсырыс берді.
– Бекер әуре болдыңыздар, — деді Айару.
– Оқасы жоқ, таныс-біліс бола отырайық, — деп Болатбек әңгіме бастады.
Әңгімеден әңгіме туындап, олар кафеде отырыңқырап қалды. Жастық шіркінді қойсаңшы, бұрын бірін-бірі білмесе де аздаған әзіл-қалжыңнан соң сөздері жарасып сала берді. Екі бойжеткен келесі жылы университетті бітіретіндерін, содан соң алда үлкен өмір күтіп тұрғанын айтып өтті.
– Үлкен өмір ішіне тұрмыс құру, отбасы бақыты да кіреді ғой. Бұл жағы қалай еді сіздерде? — деп сұрап қалды Болатбек.
– Иә, ағайлар, сөз байласқан адамдарымыз бар. Жаңа сіздердің өтініштеріңізді жерге тастай алмадық. «Үлкен қызметте жүрген үлкен ағалар ғой, шорши бермейік» деп ойладық. Диплом қолға тиісімен алып кетеміз деген адамдарымыз бар, — деді Мереке.
– Әйткенмен, Баршынға қиын болды, — деп қалды Айару.
– Иә, оған не болды? – деп екі жігіт елеңдесіп қалды.
– Ол да бізбен бірге диплом алатын еді. Жуырда уәделескен жігітін қанішер біреулер пышақтап өлтіріп кетті. Жылап-жылап әл-дәрмені қалмады. Екі көзі бұлаудай болып ісіп кетті. Сонысына қарамастан Күмісбектің басына барып тұрды. Өткенде түнімен жылап шықты да ауылына кетті. Оған біреулер доқ көрсететін сияқты, — деді Мереке.
Болатбек пен Алмас бір-біріне жалт қарады. Олардың іздеп жүрген Гүлжауһарлары осы болмасын. Екі қыз да бұлардың елең ете қалғандарын аса бір сезімталдықпен біліп қалды.
«Неге айттық мұны» дегендей үрпиісті.
– Ол қыз қай ауданнан келіп еді. Толық есімі осы ма? – деп Болатбек бастырмалата сұрады.
– Бірінші курста есімінің алдында «Нұр» ма, «Гүл» ме, бір қосымшасы бар сияқты еді. Кейін тек «Баршын» деп кеттік қой, — деді Айару.
– Қай ауданның қызы еді? – деп Болатбек қайтара сұрады.
– Шалғайдағы Шарболат ауданының қызы. Ауылының аты – Бесқұдық. Былтыр туған күнінде барлығымызды ауылына шақырған. Әкесі мен шешесі жақсы кісілер екен. Бізді жақсылап күтті, — деді Айару.
Олар қыздарды кафеден соң шығарып салды да департаментке келді. Кенже Өмірзақов екеуінің әкелген хабарына аса қуанған жоқ.
– Оны бір қыздың өлтіруі мүмкін емес. Өлтірген күнде де мәйітін қазып алып ұрлап кетпейді, — деді.
Кенже өз бөлмесінде әрі-бері жүріп, ұзақ ойланды.
– Қисынға сиятын ешнәрсе де құрыққа ілінген жоқ. Қылмысты ашудың орнына жігіттіктерің ұстап, қыздармен қыдырып жүрсіңдер, — деп екі жедел уәкілге қаһарлана қарады.

* * *

Екінші топ қабірстан басын ұзақ торыған. Христиандардың «Ата-аналарды еске алу күні» деген салт-дәстүрі бар. Бұл күні олар әке-шешелерінің қабірі басына келіп, тазалық жұмыстарымен айналысады. Қорымның қоршауын түзеп, сырлайды. Қабір басына шыққан шөп-шаламды жұлып, оның орнына өздері әкелген гүлді қалдырады. «Біз кеткен соң олардың әруақтары осы тамақ пен арақты ішеді» деп сенеді. Міне, осындай айтулы күндерден соң моланы аралап, тегін тамақ пен араққа қарық болатындар да бар. Бет-ауыздары домбығып ісінген осындай бірнеше адам кейпіндегі бейбақтар ұсталғанымен, олардың мұндай сорақылыққа баратындары табылмады. Полицейлер тіпті оларға арақ та беріп көрді. Бірақ, көр қазып, мәйіт ұрлады дейтіндей қаныпезер анықталмады. Содан тергеп-тергеп, бұл бейшараларды босатқан. Олар ештеңе білмейтін болып шықты.

* * *

Болатбек пен Алмас ақыры Бесқұдыққа баратын болды. Жер шалғай еді. Таңертең шыққан олар түс қайта Бесқұдыққа зорға жетті. Шағын ғана ауыл. Әркім өз тіршілігімен әуре. Шеткерек бір үйдің жанында жүрген жігіттен Гүлбаршын деген қыздың үйін сұрап еді, ол мұндай қызды танымайтын болып шықты. «Екі жүз елу шақырым жерден борандатып жеткенде еңбегіміз еш кетпесе болар еді» деп ойлаған олар автокөліктерімен ілгері жүрді.
Мектеп маңында бір топ мұғалім жиналып тұр екен. Сабақ біткен соң үйлеріне қайтар алдында кәкір-шүкір әңгімеге ілесіп, аялдап қалған сияқты. Ауыр сөмке арқалаған бір топ оқушы бірімен-бірі жұлқыласып ойнап барады. Баламысың деген, олар ойынға тояр ма?
– Бір білсе осы мұғалімдер біледі. Сұрастырып көрелік, — деді Алмас.
Олар мұғалімдердің жанына келіп, көлікті кідіртті. Бейтаныс жігіттерді көріп, ұстаздар бұларға таңдана қарады.
– Ассалаумағалейкум! — деп екі жігіт оларға қолдарын созды.
– Иә, қайдан келесіңдер? — деді жергілікті жігіттер амандық-саулықтан соң.
– Біз полициядан едік, — деп Болатбек шындығына көшті.
Мұғалімдер Гүлбаршынның үйін білетін болып шықты.
– Арғы көшедегі қызыл шатырлы үй, — деп жол сілтеп жіберді.
Бөгде көлік, бейтаныс жігітті көргенде Гүлбаршынның әкесі көздері шапыраштанып кетті. Сірә, қызы бар шындықты әке-шешесіне жайып салған болар.
– Қыз үйде. Оны қайтпексіңдер? – деді өзін Жомарт деп таныстырған кісі.
– Ағасы, аздаған әңгіме бар. Сосын кейін қайтамыз, — деп екеуі үйге кіруге рұқсат сұрады.
Баршын көпке дейін булығып, сыр ашпады. Екеуінің екі жақтап үгіт-насихат жүргізгені зая кететін сияқты. Олар әкесі қасында отырғанда Гүлбаршынның сыр ашпайтынын ұғынды. Сосын Алмас үй иесін сыртқа шақырды. Болатбек оңаша қалған сәтті пайдаланып, сыр суыртпақтады.

* * *

Жасұлан мен Гүлбаршын екінші курста оқып жүргенде танысты. Студенттер арасында әдемі бір әдеби кеш өтіп жатқан еді. Міне, сонда Жасұлан өз өлеңдерін оқыды. Өлеңдері өзекке от салатындай отты екен. Гүлбаршын ақын жігітке қарап қалды. Ол да бұл кеште аянған жоқ. Қыз кешті жүргізушілердің бірі еді. Кеш соңы биге ұласты. Екеуі бірін-бірі тауып алып, ұзақ биледі.
Осы кездесу жүректерге шоқ тастады. Екеуі кездеспесе тұра алмайтын халге жетті. Жасұлан көршілес университетте оқиды екен. Осыншама уақыт кездеспей жүргендеріне екеуі де қайран қалды. Ақыры диплом алған күні шаңырақ көтеруге серттесті.
Олар күн сайын кездесіп жүрді. Әр кездескен сайын Жасұлан оған жаңа өлеңдерін оқиды. Сөйтіп жүріп Гүлбаршын сыншы болып алды. Сүйгенінің жырларын екеулеп талқылайды.
Бас айналдырған бақытты күндер осылай жалғаса берер ме еді, араларына озбыр Оңласбек келіп килікпегенде. Ол да Гүлбаршынға ғашық болып қалыпты. Бірақ, Гүлбаршын оны емес, Жасұланды сүйеді. Соны айтып көріп еді, Оңласбек тыңдамайтындай сыңай байқатты. «Көнбесең көресің» деп дөңайбат көрсетті. Оның бұлай қоқыраңдауының да өзіндік сыры бар еді. Өйткені, оның әкесі облыстағы ықпалды басшының бірі болатын. Байлығы жетіп-артылады. Оңласбек қызға біресе «Тойота», біресе «Джиппен» келіп жүрді. Бірақ, бойжеткеннің жүрегі байлыққа жібімеді. Оны үстіне Оңласбек бір сүйкімсіз жан. Дөрекі. Әкесінің қызметі мен байлығына сенетін шығар, өзін тым еркін ұстайды. Қызды байлықпен қызықтырып, өзіне қаратып алатынына аса сенімді. Әйтсе де Гүлбаршынның жүрегі тек Жасұлан деп соқты. Озбыр жігіттен екеуі де жырақ жүруге тырысты.
Оңласбек қыз жолына көлденең тұруын қоймады. Қыздың көзінше Жасұланды талай таяққа да жықты. Сонда да Жасұлан сүйгенінен бас тартпады. Қайта қызды бұрынғыдан да жақсы көрді. Сезіміне селкеу түсірмеген сүйгеніне деген ризашылығы басым еді. Олар бір-біріне ынтыққан сайын Оңласбек аяқтарына орағытыла берді. Тіпті, сабаққа барудан қалды.
Сол күні олар кешке бірге тамақтанғысы келген. Ай сүттей жарық еді. Қала көшелерінде самаладай жарқыраған шамдар көңілді шартарапқа ала қашады. Гүлбаршын Жасұланды қолтықтап алды. Екеуі алдағы арман күндер туралы айтып келе жатты. Бақытты еді-ау, қос жүрек!
Кенет бағана басындағы шам сарт етіп сөне қалды. Оны біреу атып сындырғандай еді. Сөйткенше болған жоқ қараңғылықтан үш жігіт шыға келді де Жасұланға жақындай берді.
– Қызға тиіспеңдер. Жігіт болсаңдар жекпе-жекке шығайық, — деді Жасұлан.
Олар дүлей күш еді. Пышақ жарқ ете қалды. Гүлбаршынның тізелері қалтырап, өзіне бағынбай бара жатты. Әлден соң көзін ашқанда қансырап жатқан сүйгенін көрді. Көшеге жүгіріп шығып, адамдардан көмек сұрады. «Жедел жәрдем» дәрігерлері Жасұланның білегін ұстап көрді де бастарын шайқады.
Гүлбаршын талып құлады.

* * *
Бірде Жасұланның қабірі басына барып жылап-жылап қайтып келе жатыр едім, алдымнан Оңласбек шыға келмесі бар ма. «Қайдан келесің?» деп сұрады ол ызбарлана. Жасұланның басына барып келе жатқанымды бүккенім жоқ. «Енді оның оралмайтынын білмейсің бе?» деп кекетті ол. «Бұдан былай осы маңайдан көретін болсам оңдырмаймын» деп тағы сес көрсетті. Мен бәрібір қабір басына баруды тоқтатпадым. Өйткені, бір күн бармай қалсам, Жасұлан жалғызсырағандай, маған өкпелейтіндей сезінуші едім. Іштегі барлық мұң-зарымды соған ақтарып, жеңілдеп қалатынмын. Оңласбектің озбырлығына қарамастан, Жасұланыма тағы да бардым. Қайтар жолда әлгі дүлей күтіп алды. Көздері құтырған қасқырдікіндей қанталап кеткен. Тістерін қайрап, сықыр-сықыр еткізгенде зәрем ұшты. «Жаны жәннатта жүрген Жасұланыңды және жоқтап келесің бе?» деді түкірігі шашырап. Мен үндемедім. Ол мені нұқып қалды. Онсыз да қалтырап тұрған мен құлауға шақ қалдым. Бірақ, қорыққанымды сездірмеуге тырыстым. «Мен саған ескертпеп пе едім» деді оңбаған. «Нені?» дедім білмегенсіп. «Мына молаға қайтып келме деп» деді ол. «Онда сенің не шаруаң бар?» дедім жындысүлейге. Ол мені көлігіне күштеп мінгізді. Әлдебір жерге келгенде көліктен түсіріп, үлкен зәулім үйге кіргізді. Қасындағы қасқырдай-қасқырдай жігіттер қозғалуыма мұрша бермеді. Бір бөлмеге әкеліп қамап тастады. Олар бильярд ойнады, арақ ішті. Бәрін есітіп жатырмын. Әлден соң оларға бір топ қыздар қосылды. Небір сұмдықты сезіп, есітіп жаттым. Бір кезде әлгі қорқаулардың бірі: «Оңке, мына аруыңды да бүктей салмайсың ба?» деді. Мені айтып тұрғанын біліп, тұла бойым түршікті. Қорыққанымнан денем дір-дір етті. Оңласбектің дауысын таныдым. «Мен ол қызды сүйемін. Ертең не арғы күні үйіме келін қылып түсіремін. Мынадай жерде оны зорлағым жоқ» деді. «Бұл айуанға күйеуге тигенше асылып өле салайын» деп ойладым. Бірақ, бөлмеден шыға алмадым. Таңертең есікті әлгі оңбағанның өзі ашты. Олар отырған бөлме түтін мен арақтың иісінен әбден сасып, иістеніп кетіпті. Ол маған кофе алдырды. «Сабағыма барып келейін, не айтсаң да еркіңдемін» дедім. Басқа амалым да жоқ еді. Ол мені университетке өзінің көлігімен жеткізіп салды.
«Осы жерде күт. Бір сағаттан соң шығамын» дедім. «Егер айтқан уақытта шықпасаң, түндегі қыздардың кебін киесің» деді әлгі сойқан. Өмірімнің түнекке айналып бара жатқанын сездім. Басқа университетте сыныптас қызым бар еді, соған «такси ұстап тез жет» деп қоңырау шалдым. Университеттің басқа есігінен шығып, тура ауылға тарттық. Соңымнан іздеп келіп сойқан салады ма деп қорқып жүрдім. Ауылды таппады ма, әлде басқадай себеп болды ма, білмеймін, ол іздеп келмеді. Бәлкім «диплом үшін университетке бір келер» деп күтіп жүрген шығар, – деп Гүлбаршын сыр ақтарды.
Болатбек пен Алмас қалың ойға шомды. Бұл не деген бассыздық? Оны тоқтататын күш жоқ па?
Тиісті құжаттарға қол қойдырған соң екеуі қалаға қайтты. Ертесіне ізшілер департаментке келді. Криминалды полиция басқармасының екінші шұғыл жасағы адамдарға қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топты құрықтапты. Олар бірнеше эпизод бойынша айыпталып отыр. «Шефтің бұйрығымен жазықсыз бір жігітті де жайратып кеткенбіз. Қасында бір өрімдей қыз бар еді» дегенді айтыпты. Қылмыстық топ басшысын қыспаққа алғанда үлкен кісінің ұлының есімін атаған. Бірақ, облыстық прокуратура да, облыстық сот та Оңласбекті тұтқындауға санкция беруге тайсақтады.
– Бұл іс те ашылмай қалмаса жарар еді, — деп басқарма бастығы күйіп-пісті.
Кенже қызметтік бөлмесінде әрі-бері теңселіп жүрді де қойды. Темекі тұтатып, түтінін құшырлана сорды. Басқа-басқа өлік ұрланған соң, сөз жатады ма, осы жантүршігерлік іс министрлікке дейін жеткен. «Қылмыскерді тез табыңдар» деген бұйрық сағат сайын дегбірді алады.
Алмас пен Болатбек Бесқұдыққа бастықтың рұқсатынсыз тағы да тартып кетті. Сорлы қыз үйден шығудан қалыпты. Жүзі құп-қу болып кеткен. Сүзектен тұрған адамдай дел-сал. Екі жағы суалып, екі иығы қушиып, жүдеп кетіпті.
Жедел уәкілдер жергілікті тұрғындардан «ауылда бейсауыт жүрген жан көздеріңе түспеді ме?» деп сұрастырып көрді. Екі күн болыпты ауылға бір шетелдік автокөлік келіп, күні бойы Жомарт қарияның үйінің маңында қаңтарылып тұрады екен. Ал, қалай ымырт үйрілді, солай қалаға қайтатын көрінеді. Бұлар сол көлікті күтпекші болды. Олар ауылда бекерден-бекер торуылдап жүрген жоқ.
Ақыры күткен көлік те көрінді. Шетелдік қымбат көлік ауыл ішін асықпай аралап шықты да Досымбай қарттың қорасынан өте бере кілт тоқтады. Одан әрі Жомарттың үйі қашық емес еді. Алмас пен Болатбек ауылдағылардан «Жигули» автокөлігін сұрап алды да «Джипке» жақындай түсті. Салондағылар құдалыққа келгендей арқа-жарқа. Қолдарында бір-бір рюмке.
Азаматтық формадағы полицейлер автомашинаға тақап келіп, есікті ұрді.
– Не керек-ей, саған? – деп еңгезердей біреуі дүрсе қоя берді.
– Есікті ашыңызшы, сөйлесейік, — деді Алмас.
– О, әңгіме бар дейді. Ол қандай әңгіме? — деп әлгі еңгезердей жігіт көліктен түсті.
Осы кезде Болатбек оның қолын қайырып үлгерді. Өзі жүдә қарулы неме екен, қолына кісенді әрең дегенде салды.
Іште тағы екі жігіт отыр екен. Сырттағы арпалысты көрген олар да сыртқа атып-атып шықты.
– Қолдарыңды көтеріңдер! Атамын! — деп Болатбек алдарына пистолет кезеніп тұра қалды.
«Джиптен» түскен екеу қолдарын белдеріне апара берді де тұрып қалды. Жергілікті учаскелік полиция инспекторы Данияр екеуінің беліндегі пистолетті суырып-суырып алды. Көліктің артқы жүк салғышынан әскери атыс қаруы табылды.
– Бесқұдыққа не үшін бардыңдар? – деп сұрады оларды департаментке әкелген соң.
Үшеуі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Таудан аң аулайық деп едік» деуден жаңылмайды.
– Жарайды, — деп келісті Болатбек, – онда заңсыз қару ұстап жүргендерің үшін бәрібір сотталасыңдар.
– Бұл үшеуін үш камераға апарып тық, әуселесін сосын көреміз, — деді Кенже.
Ертесіне ұсталғандардың бірі өздерін «шефтің» жұмсағанын мойындады. «Қызды қалай да қалаға бір тал шашын түсірмей, аман-есен жеткізіңдер. Арғы жағын өзім білемін» депті шефтері. Алғашқысында батырсынған қалған екеуі де «қыз ұрлауға барғанбыз» деп түсінік берді. Олардың әлі де әлеуетті бір күшке сеніп жүргендері сөздерінен де, жүріс-тұрыстарынан да аңғарылатын еді.
– Оңласбектің екі қылмыстық тобы құрықталды. Прокурор мен сот төрағасы енді қандай себеп ойлап табар екен? – деп Кенже әріптестеріне қарады.
Сол күні департамент бастығына анықталған жәйтті түгел баяндады.
– Ұсталғандар ана кісінің ұлын атағысы жоқ. «Бәрін өзіміз істедік» деп бет бақтырмай отыр. Енді не істеуіміз керек? – деп Кенже полиция генерал-майорына сұраулы жүзбен қарады.
– Ол оңбағанды қылмыс үстінде ұстағаннан басқа амал жоқ. Оның әкесінің құрығы ұзын. Сондықтан да прокурор да, сот төрағасы да тайсақтап отыр, — деді департамент бастығы.

* * *
– Бұлай шашыла бермеуші едің, сірә, қанжығаң майланып қалған секілді ғой. Тиын санап жүретін тіленші едің, мына шалқуыңа қарағанда жерден жеті қоян тауып алған сияқтысың, — деп Құттық бөтелкесіне бір көзін сығырайтып сынай қарады.
Бекбай бөтелкелесінің «тіленші» деп кемсітіп отырғанын көңіліне алған жоқ. Алуға қақысы да жоқ еді. Оның көрінгеннен жиырма тиын, отыз тиын сұрап жүретінін бәрі біледі. Бекбай атына «қайыршы» деген тіркес қосылғаны қашан. Өзінде жібі түзу киім де жоқ. Алқа-салқасы шыққан ескі-құсқы күпәйке, бұзаушығы айналған жыртық-жыртық бәтеңке, май сіңген малақай басынан қысы-жазы түспейді. Жаз бойы қай жерге жетіп құласа, сонда түнеп шығады. Ал, қыста иесіз үйлерді, жертөлені паналайды. Үсті-басы сасып кеткен, одан адамдар сырт айналып өтеді.
Енді, міне, сол Бекбай қайыршы достарын арақпен сыйлап отыр. «Ішіңдер, жеңдер, бүгінгі «спонсорларың» менмін», — деп қалды көкірегін ұрғыштап.
– Әй, Бекбай, сен сатушымен бір есептесіп қойшы осы. Қазір теңгең жетпей қалып, бізді сорлатарсың, — деп Салқынбек күдік айтты.
Бұл сөз Бекбайдың шымбайына батып кетті-ау, сірә, тыржың ете қалды. Сосын кір-кір көйлегінің төс қалтасынан мың теңгелік, бес жүз теңгеліктерді алып көрсетті. Өмірінде қалтасына екі жүз теңгелік түсіп көрмеген Салқынбек пен Құттық аңтарылды да қалды. Көздерінде «мынау қалай байып кеткен, ей» деген сауал бар. Бөтелкелестер біріне-бірі көзінің астымен қарап қойды. Бір-біріне көз қысты. Мұнысы «мына мақауды сарқып ішейік» дегендегісі еді.
Олардың «дастарханында» арзанқол арақ тұрды, бірер туралған нан, аздаған қияр мен пияз жатты. Осының өзі бұлар үшін орасан байлық еді. Біріне бірі «алып қой», «жарайсың», «осындайда ішпегенде қайда ішеміз» деп отырғанда үшеуінің де есін есек теуіп кетті. Енді естерін есек тепкен соң қойсын ба, бірімен бірі сөз жарыстырып, мықтымси бастады. Кімді қалай ұрып жыққандарын, бұрын қандай қызмет атқарғандарын, ойрандалған отбасыларын айтып, сүт пісірімдей уақыт бөсті. Жалқы рет пайдаланатын стаканмен тағы бір-бірден тастап алғанда көз алдары тұмандана бастады.
– Беке, бәлсінбесеңізші, мына байлық қайдан келді? – деп сұрады Салқынбек бөтелкелесінің бұрандалары босай бастағанын біліп.
– Ты-ы-ы-с! Тісімізден шығармаймыз деп ант-су ішсеңдер айтайын, — деді Бекбай.
– Ойбай-ау, досымыздың жан сырын жалпақ жұртқа жариялап, бізді жын ұрып кетті дейсің бе?
– Онда тыңдаңдар. Бұл өте құпия.
«Құпия» деген сөзді есітіп Құттық пен Салқынбек оған тақала түсті. Бекбай стакандарға жағалай арақ құйып шықты.
–Сен негізі мықты жігітсің. Атыңның өзі неге тұрады? «Бексің» әрі «байсың». Мұндай есіммен адам деген үнемі осылай жомарт болуы керек қой, — деп Құттық оның қолтығына су бүрікті. Ащы судың тепкісі оның онсыз да құрғай бастаған миын мең-зең еткізіп тұр еді. Ол енді сақтықты, «қожайынға» берген сертін жадынан шығарып алды. Әзәзіл арақ оның өмір бойы ойлауға да қорқатын қылмысын өз аузынан айтқызды. Ол қылмысын ерлік жасағандай мақтаныш сезіммен бастады.
– Бір ақымақ біздің әрқайсымызға 50 мың теңгеден берді. Біз үшеу едік. Қаратөбеден әлдекімнің мәйітін қазып алып, басқа қабірстанға апарып көміп тастауымыз керек. Ол бір алыстау ауыл. Моласы бір шоқыда. Мұнда қанша адам жерленгенін біліп жатқан ешкім жоқ. Қойшы сонымен аспанды бұлт бүркеп тұрған қою қараңғыда жолға шықтық. Мәйітті алып шығу аса қиын болған жоқ, бірақ оны басқа қорымға қоюға қатты қиналдық. Өйткені, қара суықта көр қазу оңайға түскен жоқ, — деп Бекбай бір стакан арақты өңешіне тастап жіберді.
– Өлікті бір моладан екіншісіне ауыстырудың не қажеті болды сонда? – деп Салқынбек таңданды.
– Оны мен қайдан білейін. Теңгесін төледі, біз тапсырманы тастай етіп тындырдық. Енді сол олжаны сендермен бөлісіп отырмын, — деп Бекбай қоңырайып қойды.
– Осы бізге неге сондай табысты жұмыс табылмайды екен? Өткенде бір бай үйіне апарып, екі апта жұмыс істетті. Белден бел қалмады. Сондағы бергені үш мың теңге ғана, әрқайсымызға. Қазір ғой адамдар сараң болып барады. Қысты күні қар сұрасаң бермейді-ау, бермейді, — деп Құттық өз-өзінен күйіп-пісті.
Сосын жартылай босаған бөтелкеден стаканына толтыра арақ құйды да жанындағыларға «ал» деместен, бір өзі тартып жіберді. Артынша Салқынбек пен Бекбай стакандарға қол салды.
Бөтелке ішіндегі арақ сарқылған еді. Салқынбек пен Құттық «тағы да әкелер ме екен?» деп Бекбайға қарағыштады. Аяқтарынан әзер тұрса да тағы да ішкілері бар.
– Енді бір бөтелке болса, қатып кетер еді, — деді Құттық.
– Теңге таусылды, — деп Бекбай қыпақтады.
– Әй, сен жаңа ғана қожайыннан 50 мың теңге алдым деп едің ғой. Мына «самопалдарға» әрі кетсе мың, мың жарым теңге кеткен шығар. Қалған ақша қайда? – деп Салқынбек сұрланып орнынан атып тұрды.
– Қарыздарыма бердім, — деп Бекбай оңай құтылып кеткісі келді.
– Өтірікті соқпа. Жаныңның барында қалғанын шығар қалтаңнан, — деп Құттық та құтырынып шыға келді.
Бекбай тұра қашпақ еді, бөтелкеге шалынып құлады. Дәрменсіз дүмбілездер ауыздарынан ақ ит кіріп, қара ит шығып, бірін-бірі балағаттап, ұмар-жұмар алыса кетті. Кімді кім ұрып жатқанын біліп болмайды. Салқынбектің қолына бөтелке ілікті. Ол Бекбайдың басынан бөтелкемен аямай салып қалды. Маңдайы қарс айрылған Бекбай көзі аларып талып қалды.
– Ойбай өлтірді!
– Мына қанішерлер бірін-бірі түтіп жей ме, қайтеді?!
– Полиция шақырыңдар!
Тәлтіректеген үшеу алысқа ұзай алмады. Әлден соң олар жол-патрульдік полциясының қолына түсті.

* * *
Салқынбек сарнап отыр. Ол өзінің кім болғанын, қалай қаңғыбастыққа ұрынғанын жасырған жоқ. Төбелестің неден басталғанын да бүкпеді. Сөйтіп отырып Бекбайдың арам ақшаны қалай тапқанын да айтып қойды.
Тергеуші Бекбайды өзіне шақырды. Үстінен күлімсі иіс шығатын оның қасында отыру мүмкін емес. Тергеуші Ержан сонда да шыдап бақты. Күдіктіден жауап алып, хаттамаға қол қойдырды.
Ертесіне жедел уәкілдер, тергеушілер, криминилаистер Бекбай көрсеткен қабірстанға келді. Олар жерді терең қаза алмапты. Марқұмның денесін топырақ басып қалыпты. Жер салқын болғандықтан шығар, мәйіт бұзыла қоймапты. Мешіттен имам шақыртылды. Жасұланның әкесі Жанайдардың жүрегі шыдас бермеді. Оны «жедел жәрдем» машинасымен ауруханаға жөнелтті. Мәйіт қайта жер қойнауына тапсырылды.
Бекбай арқылы серіктері де құрықталды. Олар да маскүнем біреулер болып шықты. Жора дегені «жұмсаған адамды танымаймын» деді.
– Міне, бұл Оңласбектің үшінші қылмыстық тобы. Азғын неме кімдермен сыбайлас болмаған, — деп Кенже кіжінді.
– Енді неге қарап отырмыз? — деді Болатбек шыдамсызданып.
– Ол қорқауды құрықтайтын күн де алыс емес, — деді Кенже.
– Қазір барып ұстап әкелсек қайтеді? – деді Алмас.
– Ықпалды топтың қылмысты ашуға кедергі келтіретінін ұмытпа. Олар қарап отырады дейсің бе, ертең-ақ үстіңнен арыз айдайды. Түрлі тосқауыл ұйымдастырады. Қылмыстық іс құрамынан үлкен кісінің ұлын алдырып тастайды.
Бұған олардың шамасы жетеді. Біз іс қозғағанмен, сотта ақтап алулары мүмкін. Сондықтан әліптің артын бағалық. Үш тобы да құрықталған ол енді жаралы жыртқыштай ешнәрседен тайынбайды, — деп Кенже әріптестерін сабырға шақырды.
– «Ат жаманы жолда қалдырады, жолдас жаманы жолда қалдырады» деген осы. Адам деген осындай азғындарды жолдас етеді ме? Енді, міне, озбыр Оңласбектің «бандиттері» бірінен соң бірі әшкереленіп жатыр. Әттең, билік менің қолыма тисе ғой, қанша жерден әкесі мықты болса да баласын ұстап әкеліп, сазайын берер едім, — деді Алмас ызадан жарылардай.
– Жазаны тағайындайтын сен емес, сот. Сондықтан істі бұлтара алмастай етіп соңына дейін жеткізуіміз керек, — деді Кенже.
Жиналғандар тегіс осы түйінді сөзді мақұлдағандай үнсіз қалды.
– Үнсіздік келіскендіктің белгісі. Қане, іске кіріселік, — деп Кенже орнынан тұрды.

* * *
Жаңа жыл қарсаңы еді. Желтоқсанның соңғы күндері ұлпа қар үсті-үстіне жауып, жол біткенді жауып тастады. Қалада көлік кептелісі көбейді. Түн болса да ызғарлы. Көше бойындағы ағаштарға дейін шам іліп тастаған. Жол бойы қойылған жасанды шыршалар да қала түніне ерекше бір сұлулық қосады. Мереке қарсаңы болғандықтан да түні бойы жастар қыдырыстап жүреді. Қалалықтар таяп қалған жаңа жылды қарсы алу қарбаласында. Төңіректегі тартымдылық пен әсемдік, ғажап көріністер, сұлулықтан да шығар-ау, тұнжырап бара жатқан адам таппайсыз. Бірақ, жұртшылықтың барлығы шаттыққа шомылып жүрген шапағатты сәттер мен үмітті күндерде алаңдап жүрген осындай бір шоғыр қызметкерлер де бар. Олар – полицейлер. Үш бірдей қылмысты топ құрықталғанымен, қылмыстық істі сотқа өткізуге деректер әлі де жеткіліксіз.
Үш бірдей қылмыстық істі біріктіруге әлі де айғақты деректер керек. Оның үстіне осы қылмыстық істі жабуға тағы біреулер мүдделі сияқты. Құрығы ұзын көрінбейтін кісі кім? Оңласбектің әкесі тағы кімді байлап алған? Бұлар да жұмбақ. Жыл соңында ашылмаған қылмыстың көбейіп кетуі сақшыларға сын.
…Сабылысқа толы сарсаңды күндердің бірі еді. Полиция кезекшісіне «Тамаша» мейрамханасында атыс болып, бір адамды өлтіріп, екіншісін жаралап, қарақшы қашып кетті» деген шұғыл хабар түсті. Кенже бастаған шұғыл топ оқиға орнына келгенде жұрт үрпиісіп тұр екен. Кеудесінен оқ тиген жігіт шалқасынан жатыр. Жараланғаны әлсін-әлсін ыңыранып қояды. Ізшілер жиналғандардан осы қылмыстық оқиғаны кімдердің көргенін сұрастыруға кірісіп те кетті.
– Мен машинаның номерін жазып алдым, — деді мейрамхана күзетшісі.
Кенже барлық бекетке машина номерін хабарлады. Ішіндегі адамдардың қарулы екенін ескертті.
Ауруханаға барған жедел уәкілдер жаралы жігіттен жауап алып үлгерді. Ол ықпалды кісінің ұлын атаған. Ерегіс өзара келіспеушіліктен туындапты.
Қымбат көлік мінген қылмыстық топты «Арлан» арнайы жасағы Қордай асуында құрықтады.
* * *

Тергеуші алдында Оңласбек отыр. Божбан қараның көздері мұншалықты зәрлі болар ма? Бұжыр беттеріндегі түгіне дейін тікірейіп кетіпті. Қолындағы кісені болмаса тергеушіні екі бүктеп, тепкілеп тастағысы бар.
– Иә, айта бер, — деді тергеуші.
– Айтатын түгі де жоқ. Осыларың үшін өкінесіңдер әлі. Бәріңді де аяғыма жығып, жалындырамын, — деді күдікті гүр ете түсіп.
Алдында адам емес, аю отырған сияқты. Бірақ, аюға намаз үйреткен таяқ емес пе еді? Қазір ғой, күдіктіні ұрып-соғып мойындатуға жол берілмейді. Мұндайда жедел уәкілдің, тергеушінің терең тәжірибесі керек.
– Сонымен, Оңласбек мырза, Гүлбаршынды не үшін өлтірдіңіз? – деп тергеуші жорта сұрақ қойды.
Оңласбек аюдай ақырып, кісенді үзіп жібере жаздады. Басымен қабырғаны соққанда цемент сылақ опырылып түсті.
–Оны өлтірген мен емес. Мен оны сүйемін ғой, қалайша өлтірмекпін? Тергеуші мырза, мені тым болмаса бір күнге босатыңызшы, Гүлбаршынды өлтірген адамның басын кесіп әкеліп алдыңызға тастайын, — деді ол.
– Сіз оны сүйеді екенсіз ғой, — деп қойды тергеуші.
– Жанымнан артық көремін.
– Ендеше оның жігітін неге өлтірдің?
– Бәріне өзі кінәлі. «Оның жанына жолама» деп қаншама рет ескерттім, тыңдамады.
Ашу үстінде күдікті қылмысын өзі мойындады. Болатбекке ары қарай суыртпақтап сыр тарту қиынға соқпады.
– Жасұланның мәйітін неге ұрлаттың? – деді тергеуші.
–Түбінде бір тұтқындалатынымды түйсігім сыбырлады да тұрды. Менің жұмсаған адамдарым бірінен бірі ұстала берген соң өзімше қулық ойладым. Егер қорымнан мәйіт табылмаса, демек, қылмыс та жоқ деп ойладым. Оның үстіне Гүлбаршынның меңіреу молаға бара беруі маған ұнамады. Ашық қалған моланы көріп көңілі суысын деп ойладым. Сосын оны байлықпен өзіме қарату оңай деп санағанмын. Оны да біреу өлтіріп кетіпті ғой. Енді маған мына өмірде ешқандай мағына қалған жоқ. Өмір сүргім келмейді. Сұрағыңызды қоя беріңіз, тергеуші мырза. Бәрін де мойындаймын, — деп еңгезердей жігіт еңкілдеп жылады.
Тергеуші оны мұқият тыңдады.

* * *

Кенже түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмады. Оның ойы отызға, қиялы қырыққа бөлінді. «Қылмыскерлер құрықталды, іс осымен бітті» деуге әлі ерте сияқтанды да тұрды. Прокурор неше түрлі кедергілер келтірсе қайтпек? Қызмет бабында білместен біреудің аяғын басып кетсе, ертеңгі карьерасына кедергі келтірушілер көбейеді. Дұшпан арттырады. Мұның соңы қызметпен қоштасуға әкеліп соқтырады. Былтыр ма әлде алдыңғы жылы ма екен, өзінің жекеменшік автокөлігімен адам қағып, оған көмектесу орнына қашып кеткен бір қылмыскерді құрықтаған. Оны сотқа дейін жеткізу ақырет болды. Өйткені, «ана жері анықталмаған», «мына жері дұрыс сараланбаған» деген желеумен іс басқармаға бірнеше рет кері қайтарылды. Ақырында Кенже мен прокурор арасында алауыздық туындады. Сөйтсе, әлгі адам қағып өлтірген қылмыскердің әкесі аспанды тіремесе де, облысқа сөзі өтетін ықпалдылардың бірі екен. Мұндай «кландармен» килігісу түбінде жақсылыққа ұрындырмайды. Ақырында адамы өлген жақтан кешірім алып, істі қысқартып тынды. Мұндай жағдайлар аракідік кездесіп қалады. Бүгінде құрығы ұзындар көбейген заман. Астанаға дейін алашапқын болатын ағайындар әлі де көп. Олар қылмыскерлерді құтқарып қана тыншыса басыңдағы бөркіңді аспанға атасың ғой, істі жүргізген, оған қол қойғандардың барлығына ата-бабаларынан қалған кегі бардай өшіге келеді. Сосын қыбын тауып сүріндіруге бел шеше кіріседі. Кенженің де талай әріптесі осындай кекшілдердің құрбаны болды. Бір басқарманың бастығына пара алды деген жала жауып, соттатып та жіберді.
Тегі, қылмысты ашық жасайтындардан көзге көрінбей қақпан құратындар әлдеқайда қауіпті. Қардың, шөп-шаламның астына жасырынған қақпан сияқты олар байқамай қабады. Тістерінің өткір болатыны соншалық, оңайлықпен босатпайды. Қақпанның шаппасын қайырып, аяғыңды босатып алғаныңмен жарасы жуық маңда жазылмайды. Жара орны сыздап, ұзақ уақыт мазаңды қашырады.
«Оңласбектің әкесі ана бір кісімен етене араласады екен» деген сөз желдей гулеп, барлық басқармаларды сумаңдап аралап жүр. Бұл жәйттен департамент басшысы да хабардар сияқты. Бірақ, әзірге «істі жылы жауып қоя салсаңшы» деген рай білдірген жоқ. Тірі адам болса бірсәрі, өлікті ұрлау оқиғасы министрлікке дейін жеткен соң қылмыстық істі соңына дейін жеткізу керек.
– Иә, соңына дейін жеткізу керек, — деп дауыстап жібергенін Кенже өзі де байқамай қалды.
Кірпікке тіреу қойылған соң ұйқыдан маза қашатынын біліп, төсегінен тұрды. Темекісін тұтатып, холлға өтті. Одан әрі ас бөлмесіне өтіп, тоңазытқышты ашып көрді. «Сарыағаш» минералды суынан стаканға құйып ішті де, темекісін құшырлана сорды.
Оның орынынан тұрып кеткенін Рабиға да сезсе керек, халатын киіп соңынан келді.
– Ұйқыңыз келмей жүр-ау, шамасы. Қатты шаршағандықтан болар, — деп күйеуінің иығына костюм жапты.
Рабиға өзінен жеті жас кіші. Келін болып түскелі күйеуіне «сен» деп көрмепті. Қашан да «сіз» деп сызылып тұрғаны. Кейде қылмыс ашылмай, түнімен жүретін кездері болады ғой, мұндайда Рабиға кештетіп келген күйеуінің алдына тамағын әкеліп қояды да жымиып бетіне қарап отырады. «Неге кешіктің?» деп сұрақтың астына алмапты. Жары болып не істеп, не қойып жүргенін бір рет те сұраған емес. Кенженің келгеніне қуанғандай өңіне бір сүйкімді шырай ойнап шыға келеді де күлімсіреп жүріп ас-суын әзірлейді. Міне, тағы да сол әдетімен түн ұйқысын бөліп, күйеуіне қамқор болып отыр.
– Сен жата бер, мен қазір темекімді тартып болып барамын, — деді Кенже.
Рабиға күйеуін көзімен аймалай қарады да жатын бөлмесіне кетті.
«Оңласбектің барлық қылмыстарын біріктіріп, дереу сотқа өткізу керек» деп түйді ішінен. «Не де болса енді көріп алайын» деп іштей бекінді.

* * *

– Баяндауға рұқсат етіңіз, генерал-майор мырза!
Криминалды полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Кенже сымдай тартылды. Департамент бастығы оған «отыр» деп орындық ұсынды.
– Біраз кедергілер болатынын білгенмін. Дегенмен, бәріне төтеп бердік. Оңласбектің әкесі де мықты екен. Астанаға дейін барып, бізді біраз дүрліктірді ғой, — деді департамент бастығы Арман Шуақбайұлы.
– Өмір деген қызық. Оның асау толқындарына түскен жан оңайлықпен жағаға шыға алмайды. Бірақ, әділдік қашан да жеңеді екен. Жолымызда қанша кедергі болса да істі аяқтадық, — деді Кенже.
– Әділдік адамдарға сенім сыйлайды. Ол қашан да жеңіп шығады, — деді полиция генерал-майоры.
Департамент бастығы терезе алдына барып сыртқа қарады. Далада қар борап тұр. Бір топ бала боранға қарамай шанамен сырғанап жүр. Көше бойларындағы ағаштар бірін-бірі сабалап, бебеу қағады.
– Ана қыздың жағдайы қалай болды? — деп сұрады генерал-майор.
– Гүлбаршын ба?
– Иә, сол қызды айтамын.
– Жігіті өліп, өзі Оңласбек басқаратын қылмыстық топтан қатты қорқып қалғаннан соң ба, қалаға келуден қаймықты. Оңласбектің ұсталып, тергеуде жатқанын айтсақ, «оның бандасы бәрібір маған тыныштық бермейді» дейді. Қыздың әке-шешесі де шошынып қалыпты. «Қызымыз диплом алмаса алмай-ақ қойсын, бізге тірі жүргені керек» деп алғашында қалаға жіберуден бас тартты. Енді алты айдай ғана қалғанда университетті тастап кету обал ғой. Зорға дегенде көндірдік. Қазір сабағында. Хабарласып тұрамыз, — деді Кенже.
– Иә, бұл бір игілікті іс болған екен. Керек болса ол қызға көмек берейік, — деді Арман Шуақбайұлы.
– Қазір оған ең керегі қауіпсіздігі. Қатты қорқып қалыпты. Екі-үш күндей пәтері алдына күзетші қойдық. Бүгінде ептеп үйренейін деді. Сабаққа өзі келіп-кетіп жүр, — деді Кенже.
– Оған қарайғанның барлығы жау көрінеді. Бойы үйренгенше әлі де көмек беріп тұрыңдар. Учаскелік полиция инспекторлары кешке ол тұратын ауданға барып, өздерінің осында екенін сездіріп кетіп жүрсін. Әрине, пәтеріне бару ыңғайсыздық тудырады. Көше бойлап өткеннің өзі қыз үшін үлкен демеу ғой, — деп Арман сағатына қарады.
– Жақында олардың соты болады. Қызды куә ретінде судья шақыратын шығар, — деді Болатбек.
– Заңның аты – заң. Біз оларға куәні шақырма дей алмаймыз ғой, — деді бастық.
– Байғұс қыздың жүрегі жарылатын болды ғой, — деп күрсінді Болатбек.
– Енді амал қанша. Айтпақшы, оған психолог қыздарды жіберіңіздер. Ертең сотта өзін-өзі ұстай алуы, болған жәйтті болғандай баяндап беруі үшін де оған әзірден дайындық керек шығар, — деді бастық.
– Психолог қыздар пәтеріне барып тұрса да болады, — деді Кенже.
– Рас-ау, қызға қыз барып тұрса сөкеттігі жоқ, — деді Арман.
Олар тағы бір қылмыстық іс бойынша кеңесті де тарқасты.

* * *
Бірнеше эпизодтан тұратын қылмыстық істі судья ұзақ қарады. «Тамаша» кафесінде жараланған жігіт жауабын бернеше рет түрлендіріп бақты. Тергеуші алдында берген жауабынан жалтарғандар да көп еді. Қылмыстық топтың мүшелері Оңласбекті атағысы келмеді. Прокурор да соның ыңғайына жығылатын тәрізді. Өткенде кафедегі атыста куәгер Оңласбектің қолынан пистолет көргендерін, оның екі жігітті атып кеткенін жазып берген-ді. Енді Мұқан «атқан мен едім» деп отыр. Мәйіт ұрлағандар сол алғашқы жауабында қалды. Маскүнем, қайыршы болғанымен, олар мәрттік жасады. «Бізді осылай жасауға мына кісі жұмсады» деп Оңласбекті көрсетті.
Судья соңғы сөзін оқыды. Бір топ қылмыскерді он бес жылға кесті. Біреулері жеті жылға сотталды. Ал, Оңласбекке келгенде басын тауға да, тасқа да соқты. Ақыры оны да он бес жылға бас бостандығынан айырды.
– Судья адал жігіт екен. Әлдекімдердің ықпалынан қорқады ма деп едім, қылмыскерлердің барлығына әділ жаза тағайындады, — деді Кенже әріптестеріне.
– Әкесі «бәрібір бұл істі бұздырамын. Аппеляциялық шағым жазамын» деп жүр дейді ғой, — деді Алмас.
– Қанша жерден мықты болғанмен, баласын жауапкершіліктен құтқара алмады. Әділдік бар екен, — деді Болатбек.
–Жігіттер, мына біздің иығымыздағы погонымыз сол әділдік үшін күреске арналған. Әділдікке жете алмасақ, оны өзіміз орната алмасақ несіне заң орнында қызмет істеп жүрміз. Жалпы, әділдік бар жерде құдіретті күш те бар. Сол құдіретті күш – адалдық деп те аталады, — деді Кенже.
– Гүлбаршын ше? Ол қыздың жайы не болды өзі? — деп қалды Алмас.
– Психолог қыздар оның сот алдында қалай сөйлегенін айтып келді. Тайсалмапты. Болған жәйтті қаз-қалпында айтып беріпті. Оңласбек қыз сот процесі өтіп жатқан бөлмеге кіріп келгенде орнынан атып тұрып қаққан қазықтай қалшиып қалыпты. Ол қызды өліп қалдыға санаса керек. Сол «өліп қалған» қыз оның қылмыстарын баяндап шыққанда екі қолымен басын ұстап отырып қалыпты. Гүлбаршынға қарап тісін сықырлатып, оған өшпенділікпен қарапты деседі. Бірақ Гүлбаршын бұл жолы одан қорқа қоймапты, — деді Болатбек.
– Япырай, қайсар қыз екен-ау, — деп сүйсінді Кенже.
– Сол қайсар қызыңыз сот процесінен соң пәтеріне келіп ағыл-тегіл жылады дейді психологтар, — деді Алмас.
– Қайтсін-ай енді. Кеудесіне өксік, кек, өкініш, қайғы-мұң тұнып қалған ғой, — деді Кенже.
– Бұл бір қыз жылаған күн екен-ау, — деді үнемі әдеби сөйлеуге тырысатын Болатбек.
– Иә, біз қаракөз қыздарымызды жылатпауымыз керек. Қыздардың қайғыдан жылағанының соңы осы Гүлбаршын болсын, — деді Кенже.
Олар кеңестен кеш шықты. Ақша қар жапалақтап жауып тұр екен. Ауа тынық. Айналадан кіршіксіз тазалық аңғарылады.
Ертең Жаңа жыл еді…

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *