Өңірлерді  дамытудың басты жолы –  моноқалалар Өңірлерді  дамытудың басты жолы –  моноқалалар
Моноқалаларды дамыту – тек өңірлердегі əлеуметтік, экономикалық мəселелердің шешілуіне ғана емес, ең бастысы, өндірістік күштерді орналастыру мəселелерін де шешуге мүмкіндік береді. Моноқалаларды дамыту арқылы... Өңірлерді  дамытудың басты жолы –  моноқалалар

Моноқалаларды дамыту – тек өңірлердегі əлеуметтік, экономикалық мəселелердің шешілуіне ғана емес, ең бастысы, өндірістік күштерді орналастыру мəселелерін де шешуге мүмкіндік береді. Моноқалаларды дамыту арқылы тұрақты дамудың үш негізгі мақсатына қол жеткізуге болады: экономиканың тиімділігі,əлеуметтік тепе-теңдік жəне қоршаған ортаның тұрақтылығы. Себебі Қазақстандағы өндірістік күштер мен еңбек күшінің оннан бірі осы қалаларда орналасқан.
Қазақстанда жоғары деңгейде ұйымдастырылған урбандалған зоналардың болмауы (заманауи қалалық инфрақұрылымдардың шоғырлануы, ақпарат каналдары, елді мекендердегі экологиялық қолайлы өмір т.б.) болашақ ресурстардың, яғни біліктілігі жоғары, мобильді жұмыс күшінің, инновациялық технологиялардың, ақпарат көздерінің шоғырлануына кедергі келтіруде. Осыған байланысты 2012 жылдың 25 мамырында Үкіметте «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» қабылданды. Аталған бағдарлама бойынша, моноқала дегеніміз – бұл бір немесе бірнеше (көп емес) қала құраушы, бір бейінді жəне шикізаттық бағыттағы қаланың экономикалық жəне əлеуметтік жағдайын айқындайтын кəсiпорындарда еңбекке жарамды халықтың жəне өнеркəсіп өндірісінің негізгі бөлігі (20 пайыздан астамы) шоғырландырылған қала. Моноқалалар санатына тұрғындарының саны 10 мыңнан 200 мыңға дейін адамы бар:
1) қаланың негізінен өңдеу секторының
қала құраушы кəсіпорындарының өнеркəсіп өндірісінің көлемі жалпы қалалық өндіріс көлемінің 20 пайыздан астамын құрайтын (мономамандандыру);
2) қаланың қала құраушы кəсіпорындарында жұмыспен қамтыл-ған халықтың 20 пайыздан астамы жұмыс істейтін;
3) қала құраушы кəсіпорындары жартылай істейтін немесе мүлдем істемейтін өлшемдердің бірімен сипатталатын қалалар кіреді [1]. Бағдарламаның бір артықшылығы – жүзеге асуы тиіс мерзім аралығында дамытылуы тиіс қалалар санының оңтайлы мөлшері таңдалып алынған. Себебі мұндай қысқа уақыт Қазақстандағы моноқалаларды дамыту жəне оларда өндірістік күштерді шоғырландыру мəселелері аралығында республикадағы барлық 87 қаланың дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес болар еді.
Моноқалаларды дамыту аймақтардың өзіндік ұйымдастырылуына, ресурстарын тиімді іске асыруына, экономикалық өсу зоналарының қалыптасуына, ұзақ мерзімді дамуда барлық инфрақұрылымдардың жақсаруына жағдай жасайды.
Қазақстандағы өндірістік күштерді шоғырландырудағы ең басты мəселе – елдің аймақтары түрлі деңгейде дамыған, экономикалық, əлеуметтік даму деңгейлеріндені алшақтық күн санап өсуде. Кеңестік дəуірдегі жəне өтпелі кезеңдегі Қазақстанның аймақтық саясатында теңестіруші қағида басым болды. Алайда
əлемдік тəжірибе көрсеткендей, экономикалық дамуды ынталандыру арқылы аймақтарды теңестіру нəтиже бермейді. Мемлекет емес, бизнес бəсекелік қабілеті бар аймақтарды таңдайды. Өз таңдауында ол масштаб əсеріне (агломерациялар), алшақ емес экономикалық қашықтық (тиімді орналасу), даму кедергілерін азайтатын жақсы институттар, жоғары дамыған адам капиталына сүйенеді [2]. Сондықтан моноқалаларды дамыту бағдарламасының басты мақсаты – аймақтардағы экономикалық тіршілікті белсендіру, яғни тек ірі өндіруші ғана емес, өңдеуші шағын жəне орта бизнестің де аймақтарға баруына жағдай жасау болуы тиіс. Қазақстанда түрлі бағдарламалар жасауда əлі де ескі жүйенің қалдықтары кездесіп отыратынын мойындауымыз керек. Себебі еліміздегі шағын қалаларды дамыту əлі де ескі өндіріс түрлерін дамытуға негізделген.
Мұны жоғарыда аталған бағдарламадан дакөруге болады. Мысалы, бағдарламада өңдеуші сала бойынша 27 моноқаланың тек алтауы дамытылады, олар: химия өнеркəсібі бойынша – Серебрянск, металлургия бойынша – Ақсу, Жезқазған, Сəтпаев, Теміртау, машина жасау бойынша – Степногорск. Жəне бір моноқала – Курчатов ғылыми-эксперименталдық орталық ретінде танылған. Ал бағдарламаға енген басқа 21 моноқаланың барлығы да өндіруші өнеркəсіп орындары жұмыс істейтін қалалар болып табылады [1].
Атақты америкалық əлеуметтанушы Э. Тоффлер өзінің «Үшінші толқын» еңбегінде «Ақпарат пен білім басты стратегиялық ресурстарға айналуда. Бұл, ең біріншіден, өндірістік күштерді аумақтық орналастырудағы күрделі өзгерістерге алып келеді. Егер индустриалдыққа дейінгі дəуірде қалалар сауда жолдарының түйісу нүктелерінде пайда болса, индустриалдық дəуірде – шикізат пен энергия көздері маңында, ал постиндустриалдық дəуірде – ғылыми орталықтар мен ірі зерттеушілік орталықтарының маңында орналасады» [3, 257-б.] деген болатын.
Бұған бір дəлел – АҚШ-тағы Кремний алқабы. Сондықтан ел аймақтарындағы күрделенген əлеуметтік, экономикалық мəселелердің шешімін табу үшін тек ескі өндіріс түрлерін дамытуға басымдық беру аз, аймақтық қалаларда, əсіресе шағын қалаларда шын мəнінде инновациялық болып табылатын өнім түрлерін шығаруды жəне осы талапқа сай адам капиталын аймақтарда қалыптастыруды қазірден қолға алу қажет.
Моноқалаларды дамыту бағдар-ламасында бұл мəселе аз қозғалған. Бұл қалалардағы өндіріс орындарында жұмыс істейтін мамандарды даярлаудағы басымдық облыс орталықтарындағы жоғарғы оқу орындарына берілген. Ал моноқалаларда жаңа оқу орнын ашу тек Текелі қаласында (Ағахан университеті)шетелдік демеушілердің көмегімен жүзеге асатын сыңайлыжəне қай салада маманданатыны əлі белгісіз.
Қазақстандағы моноқалалардың негізгі қордаланған мəселелерін мынадай үш топқа біріктіруге болады:

1. Экономикалық мəселелер:
– Негізгі қала құраушы кəсіпорындардың жұмысының тоқтауы немесе оған қауіп төнуі (өндіруші кəсіпорындардың кен орындарының тозуы, бəсекеге қабілетсіз өнім);
– қала экономикасының төмен деңгейде əртараптануы;
– қала тұрғындарының қала құраушы кəсіпорындардан жоғары деңгейдегі тəуелділігі;
– қала бюджетінің қала құраушы негізгі кəсіпорыннан түсетін салықтардан тəуелді болуы.

2. Əлеуметтік мəселелер:
– жұмыссыздық пен өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейінің жоғары болуы;
– көптеген моноқалалардағы халықтың табыс деңгейінің төмен болуы;
– халық санының азаюы;
– əлеуметтік тұрақсыздықтардың өсуі.
3. Өмірлік маңызы бар инфрақұрылымдар мəселесі:
– инженерлік жəне əлеуметтік инфрақұрылымдардың тозуы;
– моноқалалардың аумағындағы экологиялық мəселелердің ушығуы.
Бір айта кетерлігі, моноқалалардың көпшілігінде жылу жəне су жүйелері, электр, байланыс желілерінің тозығы жеткен.
Бұл мəселелердің барлығы əр аймақтағы моноқалаларды өз ерекшеліктері бойынша дамыту арқылы шешілуі тиіс. Көріп отырғанымыздай, моноқалалардан халықтың ірі қалаларға қарай көшуі тұрақты жұмыс орнының жоқтығынан, осыған байланысты əлеуметтік жағдайдың өршуінен болып отыр. Тіпті, тұрақты жұмыс жасап тұрған кəсіпорындары бар қалалардың өзінде де халықтың басқа жаққа қоныс аудару тенденциясы байқалады. Бұл, өз кезегінде, осы қалалардағы экологиялық жағдайдың төмендігі мен жұмыс орындарының тозығы жетіп, бүгінгі күн талаптарына сай келмеуімен, сондай-ақ шет аймақтардағы жалақының төмендігі мен уақытында төленбеуі мəселелерімен түсіндіріледі.
Моноқалалардың жағдайын жақ-сарту үшін тек сол қаланың өзі емес, сонымен қатар моноқалалар үшін негізгі мəдени жəне əлеуметтік орталық болып табылатын облыс орталықтары мен негізгі азық-түлік пен жұмыс күшінің көзі болып табылатын елді-мекендерді де дамыту қажет. Əсіресе, соңғыларының даму болашағы ешқандай бағдарламамен толыққанды қарастырылмауда. Моноқалалардың маңындағы елді-мекендер де осы қалалармен бірге дамудың кешенді бағдарламасына қосылса, еліміздің кеңістіктік дамуындағы, өндірістік күштерді тиімді шоғырландырудағы көптеген түйіткілді мəселелер өз шешімін табар еді.

Əдебиеттер:

1.Моноқалаларды дамытудың 2012-
2020 жылдарға арналған бағдарламасы. – ҚР Индустрия жəне жаңа технологиялар министрлігі. – Астана, 2012.
2. Бопиева Ж.К. Планирование пространственного развития в Республике Казахстан. – www.aef.kz/upload/iblock/78f/_eu.xc.%20u2x.doc.
3. Тоффлер Э. Третья Волна. – М.: ООО «Фирма «Издательство ACT», 2010. – 257 с.

М.Ғ.Тəжібекова,
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Қазақстан, Алматы қ.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *