ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ҚАЗАҚ БАПКЕРЛЕРІ ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ҚАЗАҚ БАПКЕРЛЕРІ
Қыдырбек Рысбек Б.Бұлқышев атындағы Қазақстан Жастар Одағы және С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтардың лауреаты, спорт тарихшысы БАУЫРЖАН ТАХАУОВ Кейінгі 8-9 жыл көлемінде республиканың параволейболын, яғни, отырып... ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ҚАЗАҚ БАПКЕРЛЕРІ

Қыдырбек Рысбек

Б.Бұлқышев атындағы Қазақстан
Жастар Одағы және С.Бердіқұлов
атындағы сыйлықтардың лауреаты,
спорт тарихшысы

БАУЫРЖАН ТАХАУОВ

Бауыржан Тахауов

Кейінгі 8-9 жыл көлемінде республиканың параволейболын, яғни, отырып ойнайтын волейболды әлемдік деңгейге шығарған Бауыржан Тахауовты отандық спорттың мамандары ғана емес, Азия мен Еуропаның осы саладағы майталмандары жақсы біледі.Себебі, Бауыржан бастаған ұжым дүние жүзіндегі азулы құраманың бірінен саналады. Биылғы әлем чемпионатында негізі атыраулықтардан жасақталған Қазақ елінің ұлттық құрамасы Олимпиада ойындары мен әлем біріншілігінің жүлдегері Германия, ХХ ғасырдың ортасында параволейболдың негізін қалаған Голландия (голландиялықтар Еуропадағы белді құраманың бірі), әлем кубогының жеңімпазы, Еуропа чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Хорватия секілді мықты құрамалардан басым түсіп, тоғызыншы орынға табан тіреді.
Бес құрылық бойынша 78 мемлекетте параволейбол федерациялары жұмыс істейтінін ескерсек, Бауыржан жігіттерінің бұл биігін ұзақ жылғы жанкешті еңбектің, жүйелі ізденістің нәтижесі деп білгеніміз абзал.
Енді Бауыржан Тахауов баптайтын Қазақстан параволейбол құрамасының басты нәтижелеріне тоқталайық:
2009 жыл. Дүние жүзінің жастар арасындағы чемпионаты. Иран. Қазақстан құрамасы – қола жүлдегер.
2010 жыл. «Б» дивизионы бойынша ересектер арасындағы әлем чемпионаты. АҚШ. Қазақстан құрамасы – алтын медаль.
2012 жыл. Ересектер арасындағы әлем кубогы. Египет. Қазақстан құрамасы – төртінші орын.
2014 жыл. Азия құрлығының лицензиялық іріктеу турнирі. Иран. Қазақстан құрамасы – күміс жүлдегер.
2014 жыл. Параазия ойындары. Оңтүстік Корея. Қазақстан құрамасы – төртінші орын.
2016 жыл. Лицензиялық әлем кубогы. Қытай. Қазақстан құрамасы – қола жүлдегер.
2017 жыл. Азия чемпионаты. Қытай. Қазақстан құрамасы – күміс жүлдегер.
Бұл – республика құрамасының халықаралық деңгейде қол жеткізген белестері болса, Тахауов жаттықтыратын Атырау облысының командасы 2010 жылдан бері параволейболдан Қазақстан чемпионатының алтын медалін ешкімге ұстатқан жоқ. Республика біріншілігінде 10-11 аймақтың волейболшылары күш сынасады.
…Бауыржанның параволейболға келуінің өзі – тағдырдың сынағы. 1990 жылы күзде Маңғышлақ теміржол стансасындағы түнгі кезекшілік кезінде оң аяғы поездың астында қалып, тізеден кесілді. Сол апат кезінде оң бармағынан да айырылып қалды. Жиырмадан жаңа асқан жігітке бұл жағдай оңай соққан жоқ. Содан бір күні Алланың қалауымен отырып ойнайтын волейболшыларға қосылды. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар азамат шеберлігін шыңдай келе Қазақстан құрамасынан орын тепті. Ал қазақ құрамасының сол тұстағы бас бапкері – бір кездегі даңқты волейболшы, 1966 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 1965 жылғы әлем кубогының жеңімпазы, 1967 жылғы Еуропа чемпионы Жәнібек Сауранбаев болатын. Сауранбаев тізгінін ұстаған Қазақстан параволейбол құрамасы 1994,1998 жылдардағы Паразиада ойындарының жеңімпазы. Тоқсан сегізінші жылғы олжалы ойындарға Бауыржан да қатысты. Осы жеңістен кейін Тахауовқа «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы берілді. Құрамында Бауыржан ойнаған Қазақстан құрамасы 2002 жылғы Паразиада ойындарында күміс жүлдеге ие болды. Жәнібек Сауранбаевтай саңлақтан тәлім алған Бауыржан Тахауов ойыншы ретінде ғана шыңдалып қойған жоқ, бірнеше жыл бойы осы ойынның тереңіне бойлап, қыр-сырына қаныға түсті. Ұлттық құрамадағы жылдар Тахауов үшін есею әрі жетілу мектебі болды.
1998 жылы Бауыржан Бақытұлы Маңғыстаудан Ақтөбеге көшті. Ақтөбеге орналасқан бойда қалалық, облыстық мүгедектер қоғамына, мүмкіндігі шектеулі адамдарға құжат беретін арнайы мекемелерге барып жүріп, отырып ойнайтын волейбол командасын жасақтауға кірісті. Бұл айтуға ғана оңай. Ол кезде параволейболдың насихаты жоққа тән. Тіпті жұрттың басым көпшілігі осындай спорт түрі бар екенін білмейтін де еді. Бауыржан «ойынға жарайды-ау» деген адамдарды үйлеріне іздеп баратын. Бір барғанда көне қойса, жақсы. Көнбесе, телефон соғып, үмітін үзбей қайта барады. Талай жігіттің әуелі ата-анасымен ақылдасып, сосын өзінің тілін тапты. Ойыншы іздеп Ақтөбенің базарын да аралады. Сөйтіп жүріп қара қазандай қайнап жатқан қоғамнан оқшауланып, өмірден баз кешкен талай азаматты спорт залына ертіп әкелді.
Жаттығатын орын – орта мектептің спорт залы. Оны да директормен келісіп, шешіп алған. Ал волейбол алаңы түрегеп тұрған адамға теп-тегіс. Бірақ жамбасымен жер сызып ойнайтын адамға басқаша . Кей жерінің шегесі қаламның ұшындай боп қылтиып тұрады. Кей жерінің тақтайы жаңқасы шығып, кедір-бұдыр боп жатады. Бүгін сатып алған спорттық трико бір айдан кейін жамбасы әр жерден тесіліп, киюге жарамай қалуы мүмкін. Бауыржан мен командасы тістеніп жүріп, бәріне төзді.
Бауыржан кей ойыншыны көлігімен жаттығуға әкеп, қайтарда үйіне апарып салып жүрді. Ай соңынан ай, жыл артынан жылдар ауысты. Бауыржан негізін қалап, бабына келтіре баптаған Ақтөбе волейболшылары Қазақстан чемпионатында үшінші орынға табан тіреді. Осы жеңіспен жергілікті параволейболшылардың өрісі кеңейіп, қадамы ұзара түсті. Ұзамай Тахауов жігіттері республика чемпионатында топ жарды.
Атам қазақ: «Ораза, намаз – тоқтықта» деп, бекер айтпаған. Қалалық спорт бөлімі команда бапкерінің жалақысын дұрыс шешіп бере алмаған соң Бауыржан 2002 жылы Атыраудың шақыруын қабыл алды. Мұны естіген Ақтөбе қаласының әкімі Елеусін Сағындықов спорт басшысының екі аяғын бір етікке тығыпты. Атырау облыстық спорт басқармасының басшысы Қазбек Иманғалиев Бауыржанды басқармаға қызметке тағайындады. Тахауов көңілі сүйген волейболынан қол үзген жоқ.
Бірнеше айдан кейін бапкер қызметіне ауысып, Атырауда параволейбол федерациясын құрды. Тағы да ойыншы іздеу, тағы да тынымсыз шапқылау басталды. Ол кезде параволейболшылар қазіргідей өкіметтен жалақы алмайды. Бауыржанда жігіттерін алдағы күндерге үміттендіре отырып, қайраудан басқа жол жоқ еді. Жігіттер де шыдап бақты. Бір жағынан ақ тер, көк тер боп волейбол ойнау – үйде қамалып, торығып отырғаннан әлдеқайда жақсы. Уақыт өте келе спортшылар бір-біріне бауыр басып, ынтымағы жарасқан, арқауы берік ұжымға айналды.
2005 жылы Бауыржан Тахауов баптаған Атырау командасы Қазақстан біріншілігінің қола медаліне қол жеткізді. 2007 жылы Б.Тахауов Атырау облыстық әкімдігінің алқалы жиынында мүгедектер спортын клубтық жүйе арқылы дамытуға болатынын шегелей айтып, нәтижесінде республикадағы алғашқы спорт клубы өмірге келді. 2009 жылы негізі атыраулықтардан тұратын Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатының қола медалін ұтып алды.
Осы жеңістен кейін Атырау облысының әкімдігі Бауыржанның клубына спорт ғимаратын тұрғызып берді. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Қазақстандағы тұңғыш дербес спорт ғимараты болатын.
2015 жылы республикалық мүмкіндігі шектеулі жандарға арнал-ған орталықтың басшысы ретінде Атырауға, спорт клубына әдейі барып қайттым. Бауыржан Тахауов – клуб директоры. Спорттың бірнеше түрін қамтыған ұжымның тірлігі қайнап жатыр екен. Сол жолы Бауыржан мен оның командасының параволейболдың тереңіне бойлап, ғылыми сорабына түскен ұжым екеніне көзім жетті. Клубтың видео орталығы – шағын аналитикалық лаборатория тәрізді. Бір кезде видеокамерасын жанынан тастамай, ойын, жаттығуларды ерінбей таспаға тартқан Бауыржан Тахауовтың қазір қолы ұзарған. Клубта спорттың 13 түрінен 260-тай спортшы бар. 2016 жылы атыраулық паратаэквондошы Нұрлан Донбаев әлем чемпионы атанса, дзюдошы Әнуар Сариев пен жүзуші Ержан Сәлімгереев әр жылдары әлем кубогының жүлделерін жеңіп алды. Ал 2018 жылғы Паразиада ойындарына Атыраудан 20-дан аса спортшы бара жатыр.
«Ақтөбеде волейболға бейім бір бала жайлы естіп, үйіне бардым, – дейді Бауыржан сонау бір жылдардың әңгімесін қайта жаңғыртып. – Тоғызыншы қабатта тұрады екен. Сымбатты келген сары бала. Әке-шешесімен, баланың өзімен сөйлестім. Содан баланы жаттығуға машинамен алып кетіп, үйіне апарып жүрдім. Бір күні жаттығудан келсек, есік алдында бұрын көріп жүрген екі бала тұр. «Неге тұрсыңдар?» десем, «Досымызды 9-қабатқа көтеріп шығарамыз», дейді». Сол жерде шәкіртіме: «Бүгіннен бастап 9-қабатқа балдағыңа сүйеніп өзің шығасың!» – деп, қатты талап қойдым. Бала амалсыз көнді. Біраздан кейін әлгі шәкіртім балдақтың көмегімен үш-төрт сатыны бір-ақ аттайтын жағдайға жетті. Бір күні әкесі жылап отырып, былай деді: «Волейбол ойнағалы бері балам ширады. Бұрын таяқ тастам жерге бізге сүйеніп баратын. Саған көп рахмет!..» Қазір сол шәкіртім білдей бизнесмен…»
Бауыржан Тахауов баптайтын Қазақстан параволейбол ұлттық құрамасымен де таныстыра өтелік. Олар: Берік Ізмағанбетов, Жанғали Сүйеуов, Қуаныш Тәжіков, Александр Демеуов, Бауыржан Сартаев, Нұртау Мұхамбетқалиев, Расул Иманғалиев, Ақылбек Шикібаев, Тұрлан Қаратаев, Ерік Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов, Пердебай Намұратов, Ерлан Битеміров, Алмат Манабаев, Ернар Мәтеуов.

ЖЕКСЕНБАЙ САЛАМАТОВ

Жексенбай Саламатов
Бұл кісіні көптен білемін. Самбо мен дзюдоның бапкерлік қамытын мойнына ілгеніне биыл отыз жеті жыл толыпты. Күреске бауыр басып қалғаны сонша, екі апта үйде байыз тауып отыра алмайды. Тер иісі сіңген спорт залы екінші отаны тәрізді. Ал күн сайын шәкірттерінің қара терімен суарылатын боз кілем Жәкең үшін өз үйінің көрпе-жастығындай мамық, көзіне сондай ыстық. Кілем үстінде дүркірей шауып, жанын сала арпалысатын қарадомалақ балаларды сағынған кезде кептелісі жүйкеңді жонатын бір сағаттық ұзын жолды елең қылмастан сөмкесін иығына іліп, тартып отырады. Ұзақтан бері қатар жүрген әріптестерін көргенде жүзі алабұртып, жанары от шашып шыға келеді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жексенбай Саламатовтың күреске деген ынтық көңілін бірауыз сөзбен осылай бейнелеуге тырыстық. Енді Жексенбай бапкердің соңында тарих боп, жеңіс боп өрілген жылдарды, спорт шежіресіне тіркелген елеулі тұстарды хатқа түсіріп көрейік.
Спорттағы жолын қарапайым жаттықтырушыдан бастаған Жексенбай Саламатов 1991-1994 жылдары самбодан Қазақстанның әйелдер құрамасының тізгінін ұстады. Бұл – азаттық таңы жаңа атқан өліара кез болатын. Жексенбай Нұрлыбайұлы баптаған құрама тәуелсіз жас мемлекеттің намысы үшін аянып қалған жоқ. Сол тұста аты дүркірей шыққан Айсара Керімбекова 1992 жылы Азия чемпионатында топ жарып, әлем чемпионатының күміс медалін кеудесіне жарқырата тақса, еліктің лағындай ғана Гүлнар Ысқақова 1993,1994 жылдары жастар арасындағы әлем және Азия біріншілігін қатар ұтып алды. Ал Валентина Камсулева 1991 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып, 1994 жылғы Азия біріншілігінде алтыннан алқа тақты. Саламатовтың құрыш білек қыздары 1992 жылы Алматыда өткен әлем кубогы бәсекесінде командалық үшінші орынға табан тіреді.
1994 жылы Алматыдағы Азия чемпионатында бас бапкер Жексенбай Саламатовтың шәкірттері тарихи ерлік жасады. Бұл сайыста Гүлнар Ысқақова, Сәуле Ғабдуллина, Валентина Камсулева, Людмила Симутина Азияның алтын тұғырына шықса, қазақ құрамасы командалық есепте бас бәйгеге ие болды. Сол тұста жоғарыдағы мықтылармен бірге Мәншүк Дәулеткереева, Айсұлу Жайәкішева, Евгения Богунова секілді балуан қыздар қалың жанкүйердің көзайымына айналды. Осы жылы Қазақстанның жастар құрамасы әлем чемпионатында командалық екінші тұғырдан көрінді.
1995-1999 жылдары Жексенбай Нұрлыбайұлы дзюдо күресінен республика жастар құрамасының аға тренері қызметін атқарды. 1995 жылы ТМД спартакиадасында Қазақстанның жастар құрамасы Ресей дзюдошыларын ғана алға салып, командалық екінші орынды ұтып алды. 1998 жылы Мәскеуде өткен дүниежүзілік жасөспірімдер ойындарында Ерлан Сләмбаев чемпион атанса, 1998 жылғы Азия біріншілігінен қазақ құрамасының алты бірдей спортшысы медальмен оралды. Осы кезеңде жастар командасы сапында күрес майданына түскен талай бозбала уақыт өте келе ұлттық құрамадан орын тепті.
Сол көкөрім ұландарды баптап, қайрай жүріп Жексенбай Саламатов қырықтың қырқасына шыққан еді. Нағыз қамал бұзатын шақ. 1999 жылы республика спортының басшылары Жексенбай Нұрлыбайұлын дзюдодан ересектер құрамасының аға бапкері қызметіне тағайындады. Саламатов бұл міндетті 2008 жылға дейін атқарды. Дзюдоның отымен кіріп, күлімен шыққан Манарбек Таутанов және атақты балуан Бостан Жаңбырбаев бас бапкер болған тұста Жәкең құраманың бел қайысар жүгін бауырларымен иықтаса қабақ шытпай арқалады. «Сабыр түбі – сары алтын». «Еңбек түбі – зейнет». Талдықорғанның Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында Саят Құдайбергенов кішкентайынан күреске баулып, жетінші сыныпта қолына әкеп тапсырған шәкірті Асхат Жеткеев 2001 жылы республика дзюдошыларынан бірінші болып әлем чемпионатының қола медалін, 2008 жылы Олимпиада ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алды. 2001 жылғы дүниежүзілік біріншілікте ақтөбелік саңлақ Асхат Шахаров та үшінші орынды олжалап, бүтін елдің мерейін бір көтеріп тастаған еді. Жәкең құраманың аға тренері болған тұста қазақ балуандары Азия ойындары мен құрылық чемпионаттарынан құр қол қайтқан жоқ.
Енді әңгіме арнасын Жексенбай Саламатовтың әлемдік деңгейде атой салған шәкірті Асхат Жеткеевке қарай бұралық.

АСХАТ ЖЕТКЕЕВ – Пекин олимпиадасының күміс, әлем чемпионатының қола жүлдегері (2008, 2001). Азияның үш дүркін чемпионы (2004, 2005, 2008). Азия ойындарының үш мәрте қола жүлдегері (2002, 2006).

Асхат Жеткеев
Асхат Алматыдағы Қаркен Ахметұлы атындағы спорт интернатына оқуға түскенде бойы сырықтай, арықша келген бала болатын. Салмағы 57 келі. Кейбір балалар тәрізді шолжаң емес. Өтірікке жаны қас. Тәрбиелі, шаруаға тиянақты. Жаттығу десе, жанығып тұрады. Жексенбай ұстаз тізгінін тартпаса, тоқтауы қиын. Тағы бір ерекшелігі, өзге спортшылар түнде қала қызығына еліктесе, Асхат сағат он, он бірде тас бүркеніп жатып қалады екен. Құдай аузына салған шығар: интернатта жүріп «Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері боламын», дегенді ешкімнен жасқанбай ашық айтатын.
Саламатов бойға біткен сабырлы мінезімен Асхатты асықпай, иін қандыра баптады. Күн сайын толысып, жетіліп келе жатқан бозбалаға салмақ «қуғызған» жоқ. 78-79 келі тартатын Асхатты 81 келі салмақта белдестірді. Ал шәкіртінің бойына ет бітіп, 87-88 келі болғанда 90 келіге салды. Асхат жастықтың буымен «артық салмақтан арылып, өзімнен жеңіл жігіттермен тайталасып көрейін», деген. Ұстазы көнбеді. Уақыт сырғып өтіп жатты. Асхаттың қатарластары жастар арасындағы Азия, әлем чемпионаттарынан жүлде әкеле бастады. Жәкең болса, асығар емес. Бірақ, «Сен Қазақстанды, Азияны ұта қоймадың», деп баланы жазғырған жоқ. Екі тізгін, бір шылбырды бірде қатты, бірде тең ұстаған бойда шәкірті екеуінің маңдайы жарқырайтын мерейлі сәтті көнтерлі күймен күте білді. Асхат жастар арасындағы екі әлем чемпионатынан құр қол қайтқанда да көңіліне тиетін сөз айтқан жоқ.
Асхат балуан құдды арда емген құлын тәрізді аяғына нық тұратын деңгейге жетті. Бапкер мен балуан 2000 жылы олимпиада қарсаңындағы Қазақстан чемпионатына 100 келіде күресуге тәуекел етті. Себебі, 90 келіде Серік Шәкімовтың дәурені жүріп тұрған. Ал Асхат бар болғаны – 89 келі. Содан салмақ өлшер алдында ол қарны қампайғанша су ішіп, тоқсан келіден асты.Сөйтіп, 19 жасында республиканы ұтып, Сидней олимпиадасында бағын сынады. Бапкері де, өзі де жүлде ауылы алыс екенін сезген. Жәкең шәкіртінің әлі шикілеу екеніне күмән келтірген жоқ. Әйтсе де, жер жаһандағы ең дүбірлі додаға кіріп, ширыға түскенін теріс көрмеді.
Қамшы салдырмай тағы төрт жыл өте шықты. Афины олимпиадасы қарсаңындағы Азия чемпионатында Асхат Жеткеев тұңғыш рет алтын медальға қол жеткізді. 23 жастағы балуанның қарымына риза болған республика спортының басшылары олимпиаданың ашылу салтанатында ту ұстау мәртебесін Жеткеевке тапсырды. Тұтас бір елдің байрағын жер шарының көз алдында көтеріп шыққан Асхат татамиде еркін көсіле алған жоқ. Бұйырғаны – жетінші орын. Бұл сәтсіздік Асхатты сең соққандай қылды. «Аға, күресті доғарамын!» деді Алматыға жеткен бойда. «Асықпа, ауылға бар, балық аулап, сейілдеп қайт», деді Жексен ағасы. Асхат ауылдан көңілді оралды. «Аға, келесі олимпиадаға тәуекел! Алла қаласа,сізге бір медаль әперуге уәде беремін!» Жексен бапкердің жон арқасы оқыс шым ете қалды.
2008 жылғы Азия чемпионатында моңғол мықтысы Тувшинбаяр Найданның қолын қайыра тартып, тыпырлатып тастаған Асхат Жеткеев олимпиада финалында Найданға есе жіберіп қойды. Әйтсе де, Қазақстан дзюдошыларына бұйырған жалғыз медаль Жексен мен Асхатты ғана емес, қалың жанкүйерді қуанышқа бөледі. Саламатовтың шәкірті – Асхат Жеткеев Қазақ елінің атынан олимпиада медалін жеңіп алған алғашқы дзюдошы ретінде спорт тарихына тіркелді.

НҰРБОЛ СҮЛЕЙМЕОВ – дзюдо күресінен Азия ойындарының қола жүлдегері (1998), Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Нұрболдың алғашқы жаттықтырушысы Сайлау Жұмашев. Сүлейменов спорт интернатында, Жексенбай Саламатовтың қол астында 15-16 жасынан жаттыға бастады. Ол ақыл-айласын алға салып белдесетін балуан. Епті, әбжіл спортшы. Қарсыластың құрсауынан сытылып шығуға өте шебер. Күрес техникасын жақсы меңгерген. Жексенбай Саламатов, Алексей Атаев, Александр Патокин тәрізді білікті мамандардан тәлім алған Нұрбол Сүлейменов қазіргі таңда Қазақ еліндегі мықты жаттықтырушылардың бірі. Жәкеңнің тағы бір шәкірті Ерлан Алпысбаев жастар арасында Совет Одағының чемпионы.
… Шәкірті олимпиада дүлдүлдерінің қатарына қосылып, ел алдындағы мәртебесі өскен Жексен бапкер бұрынғы қарапайым қалпына қылау түсірмеді.
2012-2016 жылдар бедерінде Жексенбай Саламатов дзюдо күресінен республиканың әйелдер құрамасына басшылық жасады. Бас бапкер Саламатовтың командасы 2016 жылғы Азия чемпионатында Жапония құрамасынан кейін командалық екінші орынды жеңіп алса, осы сында Мәриям Ордабаева мен Гүлжан Исанова жанкүйер қауымның ықыласына бөленді. Біздің қыздар командалардың бетпе-бет айқасында үшінші тұғырдан көрінді.
–«Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас», деп аталарымыз бекер айтпаған, – дейді Жексенбай аға. – Бапкер ретінде белгілі бір белестерге жетуіме командалас әріптестерім мен сыйлас азаматтардың көмегі аз болған жоқ. Бауыржан Жаналин, Михаил Шепетюк, Николай Потапеня секілді белгілі күрес мамандары және республикалық «Динамо» қоғамы төрағасының орынбасары Асқар Омарқұлов, басқа да азаматтар ортақ іске барынша атсалысты. Ел азаматтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ынтымақты тірлік қана берекелі болмақ.
Кілем… айқас! Сырт көзге жұмсақ көрінетін Жексен аға кілең қыннан суырылған қылыштай өткір жандардың ұстазы. Бұл кісінің ішінде біз білмейтін жанартау бар-ау, сірә!
ҚАНАТ ЖАҚСЫБАЕВ

К-Жаксыбаев
Әуелі шаршы алаңда шиыршық ата жарқылдап, сосын бапкер ретінде бағы жанған азаматтың бірі – Қанат Жақсыбаев. Оңқай асықтай ғана жұқалтаң жігіт сонау жетпісінші жылдардың орта шенінен бастап рингте армансыз сілтеген саңлақтарымыздың бірі. Ал Қанаттың жаттықтырушысы кім десеңіз, туған ағасы Есіркеп Қамайұлы.
Есіркеп қыранға тұғыр болар еменнің иір бұтағындай қасқиған ердің өзі еді. Ескеңнің совет империясының рингін дауылдай шайқаған оғыландарын көнекөз жанкүйерлер ұмыта қоймаған шығар: Берік Нұрмағанбетов – жасөспірімдер арасындағы Совет Одағының чемпионы, одақтың 1981 жылғы ересектер чемпионатының қола жүлдегері, Совет Одағы кубогының жеңімпазы (1978); Жұматай Түсіпов – Совет Одағының бозбалалар біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы, одақтың ересектер чемпионатының екі мәрте қола жүлдегері (1982,1983); Боранқұл Нұрпейісов – Совет Одағының бозбалалар біріншілігінің қола жүлдегері, одақтың қарулы күштер чемпионатының екі дүркін жеңімпазы (1979,1980), Совет Одағы универсиадасының екі мәрте чемпионы (1981,1984); Қанат Жақсыбаев – Совет Одағының «Спартак» қоғамы біріншілігінің бес мәрте чемпионы, одақтың қарулы күштер чемпионатының жеңімпазы (1975), 1979 жылғы совет чемпионатының қола жүлдегері. Есіркеп бапкердің жекпе-жек десе, екі көзі от боп жанатын басқа да шәкірттері аз емес. Әйтсе де, жаттықтырушылық білігі ағасынан кем соқпаған Қанат Қамайұлы жайлы әңгімені әрі қарай сабақтағанды жөн санадық.
Есіркеп ағасына еліктеп бокс қолғабын киген Қанаттың бапкерлік қызметтегі абыройын көтерген екі шәкіртін мұқым қазақ біледі. Аркадий Топаев пен Нұрлан Қалыбаев. Екеуі де кезінде Совет Одағының ұлттық құрамасына енді. Екеуі де алаш жұртына танымал былғары қолғап шеберлері.
АРКАДИЙ ТОПАЕВ – әлем кубогының иесі (1994), Азия чемпионы (1994), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) чемпионатының күміс жүлдегері, ТМД кубогының жеңімпазы (1992), Азия ойындарының (1994) және Азия чемпионатының (1997) күміс жүлдегері.

Аркадий Топаев
Аркадий Қанат Жақсыбаевтың қарамағында жетінші сыныптан бастап жаттыға бастады. Күні кеше ауылда алаңсыз асыр салған шымыр бала енді күнұзақ бокс залынан шықпайтын болды. Қанат ағасының талабы күшті. Бұрынғыдай бұлғақтауға, бұра тартуға шама жоқ. 1986 жылы 15 жасар Аркадий Совет Одағының жасөспірімдер біріншілігінде жеке-дара шығып, спорт шеберінің күміс жетонын омырауына тақты. Он бесінде бокстан Совет Одағының спорт шебері атану өте сирек кездесетін жағдай.
Топаев бұдан кейін де одақтың жасөспірімдер біріншілігін ұтып алды. Ал он сегізге толған жылы оны аяқ астынан әскерге шақырды. Қырсыққанда спортшылар тобына емес, теміржолшы жауынгерлерге қосып жіберді. Бұл жағдай Қанаттың жанына қатты батты. Тоқсаныншы жылы Украинаның Луцк қаласындағы одақ чемпионатының дастарханы үстінде Мәскеудегі ЦСКА-ның бас жаттықтырушысы Виктор Ульянич «чемпион қазақ көрінбейді ғой» деп, әріптестеріне сұраулы жүзбен жағалай қараған. Сол кезде Киселев деген жаттықтырушы Қанатты көрсетіп: «Топаевтың жаттықтырушысы ортамызда отыр», дейді. Содан Жақсыбаев пен Ульяничтің әңгімесі жарасып, көп ұзамай Аркадий Қазақстанға, әскери клубқа ауысады. Сөйтіп, Қанат бапкердің тілегі қабыл болып, Топаев күрек пен қайла ұстаған қара жұмыстан құтылып, бокс қолғабын қайта киді.
…1992 жылдың қысында 20 жастағы Аркадий Топаев совет өкіметінің мұрагері – ТМД чемпионатының күміс медалін жеңіп алды. Финалда одақ чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Совет Одағы кубогының жеңімпазы, 25 жастағы ресейлік Сергей Самойловты ұтпаса, ұтылған жоқ. Бірақ жеңіс Самойловқа бұйырды.
Cол жылы көктемде совет құрамасының бапкерлер алқасы Барселона олимпиадасына мықтыларды іріктеу үшін Иваново қаласында іріктеу жарысын ұйымдастырды. Аркадий Топаев әлем чемпионы, Еуропаның үш мәрте жеңімпазы Исраил Акопкохянмен болған айқаста нағыз хас шеберге тән қимыл көрсетті. Қанат Қамайұлы бәсеке алында: «Акопкохянға тізгінді беріп қойма. Бір ұмтылғанда төрт-бес соққы жаса, әрі қарай ес жиғызбай тағы соққы жаудыр, екі ұмтылысың нәтижесіз болғанның өзінде жібін үзбей тағы түйдектетіп ұрсаң, Исраилдың қорғанысы сыр береді», деді. Топаев ұстазының тапсырмасын қапысыз орындап шықты. Бес төреші де жеңісті бірауыздан Аркадийге берді.
Шешуші сындағы қарсыласы – тағы да Сергей Самойлов. Қанат ағасы: «Сергеймен де шегінбей ұрысу керек!» деп тапсырды. Самойлов солақай. Жұдырығы зілбатпан. Талай мықтыны сол қолмен шірей ұрып, талдырып түсіргенін Аркадий жақсы біледі. Бірінші раунд тең аяқталды. Екінші раундта Топаев қарсыласын сол қолмен дәл иектен ұрып, жалпасынан түсірді. Көзіне қан толған Сергей өршелене тап берген. Екі боксшының жұдырығы автоматша сартылдай жөнелді. Самойлов Топаевтың кеудесі мен иегін солқ-солқ еткізді. Қас пен көздің арасында Аркадийдің сол қолы Сергейдің маңдайына сақ ете қалды. Самойлов еденге гүрс етіп құлады. Нокаут?.. Жоқ, анау жаны сірі неме екен! Екі қолын серт ұстап, қасқиып тұра қалды. Нокдаун!
Екеуі қайта беттескенде Қанат ағасының «Бас!» деген қарлығыңқы үні құлағына анық естілді. Аркадийдің сол қолы Сергейдің иегіне серіппедей сарт ете түсті. Самойлов рингтің қақ ортасына тізерлей шөкті. Көзінде жан жоқ тәрізді. Нокаут!
Тоқсан екінің жазы. Барселона олимпиадасы. Тұсаукесті қарсыласы – әлем чемпионы, Панамерика ойындарының екі дүркін жеңімпазы Хуан Карлос Лемус. Кубаның қара маржаны. Жасы 27-де. Жұдырығы қара тастай сойқанның өзі.
Бірінші раунд ортадан ауа Топаев Лемусті тықсырған бойда екеуі рингтің бұрышына тақаған. Осы кезде төреші «тоқта» деді. Аркадий қолын түсіріп, басын сол иығына бұра берген. Лемус қаперсіз тұрған Топаевты иектен салып жіберді. Жер-дүние шыр айналды. Әлгінде ғана бұлықсыған көңілі астаң-кестең. Осы сәт жер түбіндегі Қарағандыда теледидар алдында отырған Қанат бапкер есінен ауып қала жаздаған. Жауар бұлттай түнерген Жақсыбаев рингтегі рефериді түтіп жеуге әзір еді. Иә, рефери өрескел қателігі үшін олимпиада ойындарынан шеттетілді, бірақ одан не пайда?!
…Тоқсан төртінші жылы Аркадий Топаев тәуелсіз Қазақ елі боксшыларынан бірінші болып әлем кубогын олжалады. Әрі сол бәсекенің ең таңдаулы боксшысы ретінде мойындалды. Ал… Атланта олимпиадасы қарсаңында сары ауруға шалдықты. Содан тұсалған аттай құлашын кең жаза алмады…

НҰРЛАН ҚАЛЫБАЕВ – Совет Одағы чемпионатының күміс (1990), Азия біріншілігінің қола (1994) жүлдегері. ТМД чемпионы (1993). Нұрлан Қанат ағасының қарамағына ауысқанда небары 28 келі тартатын 13 жасар жұқа бала болатын. Бірақ рингте оның оңқай не солақай екенін тап басу қиын. Бірде оң иығын алға салып, енді бірде сол иығына иегін төсеп айқаса береді. Ойлы, сезімтал бала. Қимылы сондай мәнерлі. Сонысына сүйсінген ұстазы Қанат Нұрланды «рингтің шайыры» дейтін болды.
«Кенелейін деген жігіттің жылқы ішінде екі арғымағы тел өсер» демекші, Аркадий Топаевпен иықтаса Нұрлан Қалыбаев он алты жасында ақсұңқар құстай түледі. 1987 жылы Нұрлан Қанат ағасын арқа-жарқа ғып, Совет Одағының бозбалалар біріншілігі мен кубогын қатарынан қанжығаға байлады. Сол жылы совет құрамасы сапында социалистік елдердің Пхенянда болған «Достық» ойындарының күміс медалін еншіледі. 1988 жылы советтің бауырындағы 15 республика мен Мәскеу, Ленинград (Санкт Петербор) боксшыларынан қара үзіп шығып, Бүкілодақтық жасөспірімдер ойындарының алтын медаліне иелік етті. Сөйтіп, құрыштай берік, болаттай өткір тағы бір қазақ ұланы бокс шыңына құлаш сермеген.
Қалыбаев сол екпінмен 1990 жылы 19 жасында Совет Одағының ересектер чемпионатының күміс тұғырына табан тіреді. Сондағы Қанат бапкердің қуанышын айтып жеткізу қиын.
Келесі жылы жер шарының алтыдан бірін бауырына басқан совет империясының іргесі сөгілген. Жарты ғасыр аяғын бірде тұсау, бірде шідер қажаған қазақ спорты төрт аяғын тең басатын күнге де жетті. Нұрлан батыр әуелі Бішкектегі ТМД чемпионатында көш бастады, сосын Ирандағы Азия чемпионатының қола медалін қанағат тұтты. Әрі қарай әлем чемпионаты мен Азия ойындарында бақ сынаған. Бірақ қол созымдағы биік тұғырға табанын тигізе алмай, амалсыз кері қайтты. Терең зерделеген адамға бұл да – тағдырдың жазуы.
…Қос бірдей шәкірті әлемдік бокстың қиясына ат шалдырған Қанат Қамайұлы Пекин олимпиадасы қарсаңында, 2007 жылы ойда-жоқта үнді боксшыларын баптауға кірісті. Қарағандыдағы үнді кәсіпкерлері Жақсыбаевты арнайы Үндістанға аттандырып, Қанат бапкер ұлттық құрамадан он жігітті таңдап алды. Сол боксшылардың ішінен Вижендер Кумар 75 келі салмақта олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанса, екі спортшы бесінші орынға ие болды. Ал Жақсыбаевтан тәлім алған Динеш Кумар (81 келі) 2010 жылғы Азия ойындарында күміс медальді жеңіп алды.
Бір кезде Есіркептің былғары қолғабын ағасына білдірмей киіп алып, ауылдағы қараша үйдің бір бұрышында ауаны осқылай ұратын шынашақтай қағілез бала қазір Қарағанды спорт интернатының талапкер ұлдарын талмай баптап жүр. «Күніне алты-жеті шақырымды желе-жортып тұрамын», дейді 60-тың бел ортасынан асқан майталман бапкер. Берекелі, олжалы күндеріңіз көп болсын, Қанат аға, дейміз ақжарма көңілмен.
ҚҰДАЙБЕРГЕН АҒЫМОВ
және шәкірті, Азия чемпионы
Ғ. Қабдынасаров
Құдайберген ауылда тұрып, Олимпиада шыңына құлаш сермеген жаттықтырушы. Құдайберген үшін туған ауылынан, Жаркент топырағынан артық жер жоқ. Құдайберген тек құрғақ күштің адамы емес, боз кілемнің ойы мен қырын тани жүріп, әдебиет пен тарих ауылына ат шалдыратын сауатты маман. Ол қажет десеңіз – Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын», Ілияс Есенберлиннің «Алтын Ордасы» мен «Көшпенділерін», Бауыржан Момышұлы шығармаларын, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдарын» көкейде қайта жаңғыртып, құдды ауыл мұғалімі тәрізді аңқылдап әңгіме шертуге шебер. Ақындардан Мұқағали ағасы жүрегіне жақын. Иә, бұрындары Талдықорғанға қараған, қазір Алматы облысы аумағындағы Жаркент өңірінде грек-рим күресінің қанат жайып, дүркірей дамуына аянбай атсалысып жүрген атпал азаматтың бірі осы Құдайберген десек, асырып айтқандық емес.

Қ. Ағымов пен шәкірті, Азия чемпионы Ғ. Қабдынасаров.
Тұрпан ауылында алғаш күрес үйірмесін ашып, жүк машинасының кенебімен қапталған кілемде шәкірт шыңдай бастаған Құдайберген күндердің күнінде Алматыға, республика күресінің жетекшісі Дәулет Тұрлықановқа барды. Жай барған жоқ, қаржы тапшылығынан аудан күресінің өрісі тарылғанын, бұлай кете берсе, ауылдағы қарадомалақтардың ғана емес, өзі тәрізді мамандардың тауы шағылып, беті қайтатынын жеткізді. Дәулет екі сөзге келген жоқ: туған інісі Қуатқа Жаркентте күрес клубын ашуға тапсырма берді. Содан көп сөзге жоқ, қарымы күшті Қуат Болатұлы Жаркенттегі қараусыз қалған ғимаратты күрес орталығына айналдырып, бапкерлердің жалақысына дейін өз мойнына жүктеді. Құдайбергенді «Дәулет-Жаркент» клубының директоры әрі аға жаттықтырушы қызметіне тағайындады. Сөйтіп, 1997 жылы құйқалы, ырзықты Жаркент топырағында чемпиондар ұстаханасы өмірге келді. Бұған қоса спортшы жігіттердің табанды қимылы арқасында қаладағы № 6 мектеп интернатта спорт сыныбы, гуманитарлық-техникалық колледжде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша ақысыз бөлім ашылып, балуандардың өрісі ұзара түсті. Ендігі кезек балуандардікі еді. Құдайберген бастаған бапкерлер құлшына кірісті шаруаға. Ынта-ықылас пен табанды еңбек тоғысқан жерде жеңіс көп күттірмейді екен.
Құдайбергеннің төл шәкірті Ернар Рамазанов 1998 дүниежүзілік жасөспірімдер ойындарының күміс жүлдегері атанған сәтте Жаркент өңірі бөлек бір сезіммен дүр ете қалды. Ернардың табысы клубтағы, оның сыртындағы талай баланың намысын қайрап, арқасын қоздырды. Рамазанов 1999 жылы әлемнің жастар чемпионатында төртінші болған кезде «Дәулет-Жаркент» клубының өрендері тастүлек мінезбен асқар шыңдарға тастүйін талпына түскен. Ернар балуан Құдайбергеннің сенімін ақтап, 2008 жылы студенттер арасындағы әлем чемпионатында күміс тұғырдан көрінумен қатар, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды.
Ағымовтың тағы бір дарынды ұланы Жанкелді Әзкенов 2006 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионатын ұтып, 2007 жылы құрылық біріншілігінің қола жүлдесіне қол жеткізді. Әлем чемпионатында бесінші орын алған Жанкелді бірнеше жыл бойы өз салмағында Қазақстандағы күшті балуандардың қатарында тұрды.
Құдайберген томағасын сыпырған Бақытжан Жігербаев 1999, 2000 жылдары жастар арасындағы Азия біріншілігінің күміс, қола жүлделерін қанжығаға байлап, 2001 жылы Азияның ересектер чемпионатында төртінші сатыдан көрінді.
Дәурен Кегенбаев пен Нұрым Көбенбаев – Азияның жасөспірімдер біріншілігінің жүлдегерлері, екеуі де бозбалалар арасындағы әлем чемпионатында республика намысын қорғады. Дәурен мен Нұрым Қазақстан чемпионаттарында олжа салумен қатар, ұлттық құрамаға еніп, Жаркент балуандар мектебінің мерейін өсірген азаматтар. Иә, осындай замандастарымен жарыса еменнің иір бұтағындай тағы бір жігіт құлашты кең сермей түскен. Бұл балуанның есімі – Нұрбақыт еді.
НҰРБАҚЫТ ТЕҢІЗБАЕВ – Пекин олимпиадасының күміс жүлдегері (2008), әлем чемпионатында қола медальға ие болды (2009). Әлем (2005) және Азия (2003) кубогының жеңімпазы. Азия чемпионы (2006).

тенизбаев
Нұрбақыттың алғашқы жаттық-тырушысы – Жұмахан Тұрғанбеков. Үшарал ауылында үш-төрт жылдай жаттыққан жұдырықтай баланы сол тұстағы Панфилов ауданы прокурорының орынбасары Азамат Әзімбайұлы 1997 жылы Жаркенттегі Құдайбергеннің қолына тапсырады. Себебі, ауылда жағдай шектеулі, осыны ойлаған Азамат ағасы Нұрбақытты өз үйіне жатқызып, қаладағы ең таңдаулы мектепке орналастырды. «Баланың көзінде от бар екен, – дейді Құдайберген бапкер сол күндерді қайта жаңғыртып. – Ойлы әрі еңбекқор қасиеті бірден байқалды. Жаттығуға құлшына кірісті. Тапсырмаға тиянақты. Кілем үстінде ізденгенді ұнатады екен. Және байқағаным: алдына қойған нақты мақсаты бар. «Жақсылық аға тәрізді Олимпиаданы ұтқым келеді!», «Дәулет Тұрлықановтай әлем чемпионы болсам!» деген балауса арманын ашық айтып жүрді. Мен Нұрбақытпен әңгімелесе келе оның бұл айтқандары құр қиял, бос сөз еместігіне көзімді жеткіздім».
1999 жылы Нұрбақыт Алматыдағы Қажымұқан колледжіне ауысты. Мұнда Жәкен Шәймерденов, Қазбек Қарамуллин секілді тәжірибелі бапкерлерден тәлім алды. «Қазбек ағаның тілеулес көңіліне қатты ризамын, – дейді Құдайберген Құрманғалиұлы. – Ол кісі маған: «Адамға кейде жақсы ойлар келеді. Сол сәтінде жазып алмасаң, кейін ұстатпай кетеді. Сондықтан жақсы ойды қапы жібермей, қағазға түсіріп отыр. Журнал толтырған бір бөлек, ізденіп жазған дүние мүлде басқа», деді. Екінші айтқаны: «Баланы колледжге тапсырдым, деп Жаркентте жатып алма. Шамаң жеткенше, қасында жиі болуға тырыс. Осындағы жиындарға аралас, жарыстарға бірге бар. Сонда ғана Нұрбақытпен бірге көздеген биігіңе жетесің», деді. Ағаның сөзі көкейіме қонды. Кейде қонақ үйге ақшам жетпесе, достардың, туыстардың үйін жағалап, Алматыда – Нұрбақыттың қасында болып жүрдім»
Колледжден кейін Теңізбаев Алматыдағы олимпиадалық даярлық орталығының бас бапкері Нұрым Дүйсеновтың қол астында тер төкті. Мұнда да Құдайберген ағасы мүмкіндігінше қасынан табылатын.
Жөңкіле көшкен уақытпен жарыса Нұрбақыт та шыңдала түсті. 2003 жылы 20 жасында жастар арасында әлем чемпионы атанып, бас құрамаға нық бекіді. Қазақ елі ұлттық құрамасының бас бапкері Таңат Сағындықов Теңізбаевқа зор сенім артты.
Нұрбақытқа Пекин олимпиадасына жолдама алу тым ауыр соқты. Құдайберген отбасындағы ауыр жағдайға қарамай шәкіртімен бірге жүрді. Қым-қиғаш жарыс кезінде кешкілік Нұрбақытты далаға алып шығып, әңгіме шертеді. Бар ойы: балуан жігіт уайымға салынбасын, серпілсін, сергісін деп, Нұрбақытпен бірге қадым заманның тарихын ақтарады. Ақсақ Темір, әз Тәуке, Абылай, Кенесары хандардың басынан өткен небір оқиғалар ұстаз бен шәкірттің жан дүниесін рахатқа бөлейді. Бір сәт алдағы аласапыран айқас көңілден көшіп, балуан жігіттің көңілі байсал тапқандай болады. Содан екеуі бөлмеге келеді. Құдайберген ауылдың иісі мұрын жаратын қазы-қартасын Нұрбақыттың аузына тосады. Одан екеуі қауқылдасып отырып шәй ішеді. Құдайберген енді атақты балуандарды жырлайды. Арқалана келе қоңырқай дауысымен ән шырқайды. Осыдан кейін көзін жұмып алып, Нұрбақыттың ұйықтағанын күтеді. Не теріс қарап жатады. Ұйқы қысқанына қарамай, Нұрбақыттың көзі ілінгенше шыдап бағады. Сондағы ойы: мен ұйықтап кетіп, қатты қорылға бассам, шәкіртімнен ұйқы қашады деген қауіп.
Әне, олимпиада кілемі… Зәулім сарай толы қалың жанкүйер араның ұясындай гу-гу етеді. Қазақ құрамасының бас жаттықтырушысы Таңат Сағындықов пен Нұрбақыт сарайға ене бере балуан жігіттің назары дуылдасқан жанкүйерлерге ауды. О, ғажап! Отыз-қырық қадам қашықтағы иін тірескен адамдардың ішінен Құдайберген ағасы тура экрандағыдай, оператор бұл үшін әдейі түсіргендей зорайып, ап-анық көрінді. Мына көрініс Нұрбақыттың тұлабойын ду еткізді. Неше күн «Ағам үлгеріп жете ме екен?» деп аласұрған көңілі әп-сәтте сабасына түсті.
…Пекин олимпиадасында Теңіз-баевқа бұйырғаны – күміс медаль!
2009 жылғы әлем чемпионатында ресейлік олимпиада жеңімпазы Исламбек Албиевті бірінші кезеңде айқын ұтып алды. Екінші кезең сәл ғана басымдықпен Албиевтің пайдасына шешілсе, үшінші кезең тең аяқталды. Егер ұпай санаса, Теңізбаев жеңіп тұр. Төреші қосымша уақытта десі басым, ұпайы озық Нұрбақытқа не партерде жатып қорған немесе төрттағандағы қарсыластың ту сыртынан шабуылда, деп ұсыныс жасады. Құдайберген алыстан «партерді таңда» деп жанұшыра айқайға басқан. Бірақ Теңізбаев Албиевті өзінің төбесіне шығарып қойып күрескісі келмеді-ау, сірә, төрттағаннан бас тартты. Екеуі де қара терге малшынып, әбден сілесі қатқан. Нұрбақыт кілемге тас кенеше жабысқан Исламбекті ауната алмағаны үшін ғана шешуші ұпай кавказ жігітіне берілді. Сөйтіп, Нұрбақыт әлем чемпионатының қола медалін қанағат тұтты.
«Құдайберген аға маған туған әкемдей жақын. Ол кісі білім қуған бапкер. Бізге қазақ тарихына қатысты кітаптар оқытты. Тарихи тұлғалар туралы, өмір жайлы әңгімелері сондай тартымды. Ағамыз өмірден түйгені мол, нағыз психолог, сондай мейірбан адам». – Арқауы берік сыйластық, екеуара ынтымақ болмаса, Нұрбақыт бұлай деп, ағынан ақтарылмаған болар еді.
Ағымовтың Теңізбаевтың ізін басқан тағы бір шәкірті – 20 жастағы Ғалым Қабдынасаров. Азияның жастар чемпионатының жеңімпазы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ғалым кейінгі екі-үш жылда талай жарыстың төріне ту тігіп үлгерді. «Бапкерлік дегеніңіз өмірбойы ізденіс екен. Мына баланы зорықтырмай, көп салмақ «қуғызбай» бабымен жеткізгім келеді, – дейді Құдайберген бүкпесіз көңілмен. – Әр балуанның ерекшелігін, өзіндік табиғатын ескермесең, күре жолдан тайып кетесің…»
Осы жерде Нұрбақыттың «Жақсы бапкер қол бастаған батырлар тәрізді», деген сөзіне ықыласпен қол қойғың келеді.
НҰРЛАН АҚҮРПЕКОВ
және Бақтияр Артаев
(Афины олимпиадасынан кейін).

Бақтияр Артаевтың Олимпиада чемпионы болатынына күмәнсіз сенген, сол жолда небір тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерген екі адам болса, соның бірі, бір адам болса, соның нақ өзі Нұрлан Ақүрпеков дер едік. Нұрлан бапкер Бақтиярмен бір тумаса да, туғанынан кем емес. Артаев Афины олимпиадасының алтын тұғырына табан тіреген сәтте дуылдасқан жерлестерінің арасында екі көзінен ыстық жасы парлап бір қазақ тұрды. Сол қазақ Бақтиярды он жасынан боксқа баулыған Нұрлан бапкер еді. Енді сағымдай бұлдырап алыста қалған, көңілде үзік-үзік елесі ғана бар сол бір қимас күндерге ат басын бұрып көрейікші.

9-2
Бақтияр Артаев – олимпиада жеңімпазы (2004ж.), әлем чемпио-натының екі дүркін қола жүлдегері (2005, 2007), (69 келі). «Тоқсан төртінші жылы спорт шебері дәрежесіне қол жеткізіп, еңсем көтеріліп қалды, — дейді Нұрлан көңіліне ыстық сол күндерді еске түсіріп. – Бала кезден Серік Қонақбаев пен Серік Нұрқазовты үлгі тұттым. Сол ағалардай күшті боксшы болғым келді. Бірақ тағдырыма олардай болу жазылмаған екен. Содан өзім жетпеген биікке шәкірттерімді жеткіземін, деген нық байламға тоқтадым.
Негізгі қызметім Жамбыл гидромелиоративтік институтында мұғаліммін. Бұған қоса бір топ баланы ақысыз боксқа баули бастадым. Бір күні екі ұлын ертіп, бейтаныс кісі келді. Аты – Ғарифолла екен. «Бағанадан сыртыңнан бақылап тұрмын. Жұмысыңа қатты берілген жігіт екенсің. Қарсы болмасаң, мына екі батырды саған тапсырғалы тұрмын. Қаланың біраз жеріне бардым. Сенің тірлігің көңіліме қонып тұр. Чемпиондық арман мені де арбаған. Амал не, ауылдан ұзай алмадық. Екі баланың еті сенікі, сүйегі менікі». Бақтиярдың әкесі осылай дегенде, еңсем кәдімгідей көтеріліп қалды. Ғарекеңнің спортқа деген көңілі керемет. Біреулер баласын шыңдалсын, енді біреулер өзін қорғауға жарасын, тағы біреулер бос жүрмей, маңдайы терлеп жүрсін, деп әкеледі. Ғарифолла аға: «Осы екеуінен чемпион бапта», деп бірден кесіп айтты.
Неге екенін білмеймін, бір көргеннен Бақтиярға көңілім ауды. Бала емес пе, кейде жаттығудан кешігіп қалады. Мен болсам, ол келмей жаттығуды бастамаймын. Бір құдіретті күш мені осылай жасауға итермелеп тұратын. Бір күні Бақтияр келмей қалды. Келесі күні тағы жоқ. Сөйтсем, оның шпагатты жақсы жасайтынын көрген каратэ тренері өзіне шақырыпты. Бала емес пе, қызықтап соларға барыпты. Қолынан жетектеп, боксқа қайтардым.
Бақтияр 1997 жылы Шамалғандағы турнирді, одан кейін Қазақстан біріншілігін ұтып, Мексикадағы «Олимпиада үміттері» жарысына баратын болды. Бірақ, қол қысқа. Ғарифолла аға екеуміз жолға қаражат таппай қысылдық. Содан Ғарекең тәуекелге басты. Мені ертіп, ауылындағы ағайындарын аралады. Арқа сүйер елің осындайда керек екен. Біреу тайын, біреу тайыншасын, енді біреу қойын… берді. Біраз малды қораға қамап, ақшаға айналдыратын адам іздедік. Содан жеке кәсібі бар Өрнек ағаға бардым. Әкемнің інісі. «Мал қорада тұр. Мен кепілмін», деп едім, қажет ақшаны тауып берді. Алла жар болып, Бақтияр Мексикадан жеңіспен оралды. Енді Бақтиярға қызығушылар көбейді. Әлем чемпионы Болат Жұмаділовты баптаған Феликс Цой өзіне алғысы келді. Бермедім. Содан «Ақүрпеков бұл баланы биігіне жеткізе алмайды. Ол бар болғаны институт мұғалімі. Әрі кетсе, спорт шеберінің деңгейіне жеткізеді», деген жайсыз әңгіме тарады.
Басқа бапкерлер де Бақтиярға сыртынан қызығып, тура келуге бата алмай, сыртымыздан небір сөзді гулетті. Одан Қанат деген кәсіпкер жерлесім Алматыға, Кәрімжан Әбдірахмановқа ауыстырамыз, деп қиғылық салды. Әйтеуір, Алла сақтап, Бақтияр қасымда қалды.
Ол кезде институттың бокс залының ескірген тұстарын өзім жөндейтінмін. Бокс қолғабы мен тоспа (лапа), ұратын былғары қап жыртылып қалса, өзім жамаймын. Мұғалімдік жалақым мардымсыз. Сонда да «Олимпиада чемпионын баптасам!» деген арманымнан айныған жоқпын. Достарым бизнеске де шақырды. Бір досыма: «Бәріміз кәсіп қуып кетсек, халықтың баласын кім тәрбиелейді», дегенім бар. Сол досым кейін Бақтияр топ жарғанда осы сөзімді есіме салып, қолымды қысты.
Бақтияр кішкентайынан өзге балалардан ерекше болатын. Ол тумысынан табанды әрі жүректі жігіт. Залда балаларға Бауыржан Момышұлының «Қазақ баласы 20 жасында тарихи ерлік жасауы керек», деген сөзін жиі айтатынмын. Сосын шәкірттеріме «Олимпиада чемпионы болғыларың келсе, жаттығуға ерте келіп, кеш қайтуға тиіссіңдер», деймін. Сондай кезде Бақтиярдың жанары жарқ ете қалады. Ол жаттығудан ең соңынан шығатын. Мен кейде оны жеткізіп салып, бес-алты шақырым жерден үйге түн ішінде жаяу қайтатынмын. Сонда Ғарифолла аға: «Осы қырсық бала үшін кеш қалдың ба?» дейтін.
Кейде балаларға қосымша тапсырма жүктейсің. «Ал, батырлар, әрқайсың 100 рет отырып тұрыңдар, 100 «отжимания» жасаңдар, 100 рет ішті шыңдау керек». Балалар құлшына кіріседі де, біраздан кейін біреулері жартысын жасап, енді біразы тапсырманың 30-40 пайызын игеріп, шалдыға бастайды. Артаев шикілік жасамайды. Толық атқарады.
Екеуміз Афины олимпиадасына қым-қиғаш айқаспен зорға бардық. 21-дегі жас өрен осы жолда небір құқайға тап болды. Бұл бөлек әңгіме….Әлі есімде жартылай финалдағы екі дүркін Олимпиада чемпионы, ресейлік Олег Сайытовпен бәсеке алдында Афиныда белгілі қаламгер Жүрсін Ерманмен жолығып қалдым. «Олегпен қалай болар екен?» деді ақын ағам. «Саспаңыз, Сайытовты жеңеміз!» дедім сеніммен. «Өй, сенің аузың жақсы ғой. Анау тым тәжірибелі, өзі де бір сойқан?» «Аға, оған қарсы құрған тактикамыз бар. Уайымдамаңыз, ұтамыз». «Ә, солай ма, он алты миллион қазақтың күткені де осы ғой», дей бергенде Жүрсін ағамның көзінен бір тамшы жас ытқып кетті. Менің де тұлабойым оқыс шым етті. Шынында да мен Артаевтың Сайытовтан басым болатынына іштей сенімді едім. Олегтің бұған дейінгі жекпе-жектерін жіліктеп, талдай келе оған қарсы сайланып шықтық.
Алда – финал. Жаттығу залында кубалық Лоренсо Арагонды көріп қалдым. Әлемнің 2001, 2003 жылдардағы чемпионы. Шомбал қара бапкерінің білегін қайыстыра тоспаны гүрсілдетіп ұрып жатыр екен. Қимылы сұрапыл. Мәссаған, Бақтияр осымен айқаса ма?! Қорықпасам да, тұлабойым біртүрлі тітіркеніп кетті. Содан Бақтиярға бақайынан бастап төбесіне дейін массаж жасауға кірістім. Жүйкесіне салмақ салмайын деп ауылдың хабарын жеткіздім. «Сен жеңуге тиіссің», деп миын қажаған жоқпын. «Аға, Сайытовқа қарсы тактикаңыз өте дұрыс болды», деді Бақтияр. Шәкіртімді сергек ұстауға тырыстым. Жанығып қимылдаған жоқпыз. «Арагон оң қолмен опырып ұрады. Ол оң қолын сілтегенде сен бір жағыңа ойыса бере екі қолының арасынан сыналай тартып жібер.Осыны ұмытпа!» дедім қарсы алдына тұра қалып. «Аға, сіз тура Арагон сияқты боп кеттіңіз ғой», деп Бақтияр күліп жіберді. «Қасыңда секундант бола алмаспын. Бірақ мыңдаған адамның ішінен менің дауысымды естуге тиіссің». Бақтияр үнсіз басын изеді…»
Ертеңіне Бақтияр, Бауыржан атасы айтпақшы, тарихи ерлік жасады. Нақтылай айтсақ, Афины олимпиадасында Қазақ елі спортшыларына бұйырған жалғыз алтын медальді кеудесіне тақты. Сол күні Нұрлан мен Бақтияр ұлттық тарихтың бір кездері Жақсылық, Шәміл… ағалары із тастаған асқар белінен бір-ақ шықты.
Ғани Жайлауов – әлем чемпионатының (2011) және Азия біріншілігінің (2009) қола жүлдегері.

Г-Жайлауов

Студенттер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, (60 келі). Жайлауов 12 жасынан Нұрлан Ақүрпековтың қол астында жаттыға бастады. «2008 жылы Ғани Қазақстан чемпионатын алғаш рет ұтқанда мені құшақтап жылап жіберді, -дейді бапкері сол бір әсерлі сәтті есіне алып. — Сонда ол үшін ұлттық біріншіліктің қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Ғани Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Дүние жүзіндегі ең күшті бокс державасының бірінен саналатын Қазақ елінде топ жару біле білген адамға оңай нәрсе емес».
Ғани Жайлауов «кіші әлем чемпионаты» саналатын «Мұнайлы елдер кубогы» жарысында 2 дүркін Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы, ресейлік Алексей Тищенконы тізе бүктірсе, Қытайдағы ірі жарыста дүние жүзі чемпионы, әлемдік біріншіліктің күміс, қола жүлдегері, италиян боксшысы Доменико Валентинодан басым түсті. Сонымен қатар, 2 дүркін Олимпиада жеңімпазы, 2 мәрте әлем чемпионы, украиналық Василий Ломаченкомен тең дәрежеде айқасты. Ғани Жайлауов ұстаз еңбегін, ел үмітін ақтаған арда азаматтардың бірі.
Әбілхан Аманқұл – әлем чемпионатының күміс (2017), Азия біріншілігінің қола жүлдегері (2017), «Астана арландары» сапында жартылай кәсіпқой бокстан командалық есепте дүние жүзінің чемпионы, (75 келі). Әбілхан боксқа көкпардан келді.

Абилхан Аманкулов

Кішкентайынан Нұрлан ағасының қолында жаттығуды армандаған Әбілхан Аманқұл Ақүрпеков екі мәрте кейін қайтарғанына қарамастан 2014 жылы үшінші кезекте мақсатына қол жеткізді. Жұдырықтай кезінен білікті маман Тұрлыбек Көпжасаровтан тәлім алған Әбілханның соққысы жойқын. «Алғашында «менікі дұрыс» деп қыңырланған кездері болды. Жұдырығына сеніп, табан тіреп айқасқанды ұнататын. «Әбілхан, жастармен солай бокстасуға болады. Ал ересектермен бетпе-бет салысуға болмайды. Айла-тәсіл керек, амал керек», деп тері илегендей бабына келтірдім», дейді Нұрлан бапкер.
20 жастағы Әбілхан Аманқұл былтырғы әлем чемпионатында олимпиада және әлем чемпионы, кубалық Арлен Лопес, Олимпиада ойындарының қола, Еуропаның күміс жүлдегері, әзірбайжандық Камран Шахсуварлы, тағы басқа мықты қарсыластарынан басым түсті.
«Алдыңа келген бала – бапкерге аманат, — дейді Нұрлан бапкер. — Шәкіртіңе жасаған жақсылықты ешқашан міндетсінуге болмайды… Боксшы «салмақ қуған» кезде маған да ас батпайды… Шәкіртіңе тиген жұдырықтан есің ауып жүретін кездер болады. Кейде бала купеде, сен оған білдірмей тамбурда кетіп бара жатасың. Біз осы тірлікке бас тіккен жандармыз…»

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *