ҰСТАЗ ҒИБРАТЫ ҰСТАЗ ҒИБРАТЫ

ҰСТАЗ ҒИБРАТЫ

16.10.2018 0 2 024

Әбсаттар қажы Дербісәлі Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі ҚР Жоғары мектеп ҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қазақстан... ҰСТАЗ ҒИБРАТЫ

Әбсаттар қажы Дербісәлі

Р.Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының директоры,
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының
корреспондент мүшесі
ҚР Жоғары мектеп ҒА-ның академигі,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Қазақстан ғана емес, көптеген шетелдерде де кезінде менен дәріс алған дипломат шәкірттерім ұшырасып жатады. Оларды тіпті қазір де Алматы және өзге де шаһарларда кездестірем. Ілтипатпен сәлем береді. Мен де құрметпен сәлемдерін аламын. Кезінде шәкірттерім болғандар арасынан кейбірінің беделді, үлкен мекемелер тұтқасын ұстап жүргендерін көрсем, олардың бір кездері жастықпен жасаған балалықтары да есіме түсіп еріксіз жымиямын. Реті келгенде менен олар сіз мынандай биік белеске қалай жеттіңіз? Оңай болған жоқ шығар, немесе «ерекше талант иесі болдыңыз ба?» деп сұрап жатады.
– Иә, мен де жас, мен де шәкірт болдым. Мені өңшең жақсы адамдар ортасы, солардың ыстық ықыласы тәрбиеледі. Соларға мен де ұқсағым келді. Солардан үйренуге тырыстым. Солардан тағлым алдым деймін.
– Айтыңызшы олар кімдер еді деседі шәкірттерім.
– Айтайын, неге айтпасқа…
1969 жылдың күзі. Филология факультетін жаңа ғана тәмамдап, әрі қарай іргелі білім алуды аңсап жүрген мені Институттың Ғалымдар Кеңесі Қазақ КСРО Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасына жіберді.
Екі қабылдау емтиханын ойдағыдай тапсырдым. Енді мамандық бойынша соңғы пән ғана қалған еді. Кенеттен мені институт директоры профессор Мүслім Базарбаевқа шақырды. Біршама сұхбаттасқан соң ол жоғары оқу орнында алған мамандығымды ауыстыруымды ұсынғанда таңғалдым. Профессор Республика Үкіметі шығыс тілдері мен әдебиеті бойынша қазақстандық мамандарды даярлауға тапсырма бергендігін айтты. Ұсыныстың мені қызықтырғаны сонша, алғашында қуанғаннан айтарға сөз таппай қалдым. Бұрын КСРО астанасын ешқашан көрмеген жас жігіт, енді сонау Мәскеуде бірнеше жыл тұрып оқуы және алда күтіп тұрғанын елестетіп көріңізші!
Бала кезінде «Мың бір түн» ертегілерін оқымаған кім бар?! Бағдад, Каир, Шам, сұлтан сарайлары, халифа Һарун ар-Рашидтың басынан кешкен қызықты хикаяларға толы түндері… Анам Мейрамкүл шығыс елдері ертегілерін жиі айтатын, ал бәрін қағып алатын жас баланың жады мәңгілік оны сақтап қалды. Бәлки, содан да болар, Кеңес одағы астанасына барып, араб тілін үйренуге келісімімді бірден бердім. Әлбетте, ол кезде болашақта Азия, Африка, Таяу және Орта Шығыс жұрттарына, қалаларына баратыным, корольдер, президенттер, премьер-министрлер, шейхтер, әмірлер, министр, жазушылар және ақындарымен жүздесем деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес-ті. Ал бұл күндері олардың тарихы, әдебиеті мен мәдениеті туралы мақалалар мен кітаптар жазудамын.
Сонымен абыржуды артқа тастап, келісімімді бердім. Осы кезге дейін қалай болғаны есімде жоқ, келісуін келіскеніммен, соңыра Алматыдан алыста ауылда жалғыз қалған анамның жағдайы қалай болмақ деген ой меңдеп алды. Профессор М.Базарбаев ұсынысты қабыл алғаныма риза болды ма, яки институттың қызыл дипломы әсер етті ме, білмедім, әйтеуір кандидатурам жедел құпталды. Үйдегі шаруаларды тындырған соң, қазан айында қай жерде тұратыным, бұдан былайғы тағдырымның не боларынан хабарсыз мен, Мәскеуге аттанып кеттім.
КСРО ҒА Шығыстану институты Мәскеудің қақ ортасындағы Армян өткелінде екен. Оны қиналмай тез-ақ таптым. Сәулетімен таңқалдырған ғимараттар, ерсілі-қарсылы жүйткіген автобустар, трамвайлар мен троллейбустарды басып өзған автомобильдері, адамы көп көшелерді аралап келем. Кейбір тарихи үйлерге ілінген мемориалдық тақталарда көрсетілгендей, баяғыда осы көшемен ұлы орыс ақыны А.С. Пушкин, А.С.Грибоедов, Н.В. Гоголь, М.Горький, В.В. Маяковский, С. Есенин, қазақтың біртуар азаматтары Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов және т.б жүрген. Енді «міне, сондай жерлермен мен де жүремін-ау» дейтін іштей.
Шығыстану институтының тарихы мол-ды. Ол XIX ғасыр басында құрылған. Әуелде Лазарев шығыс тілдері институты, кейіннен Азия халықтары институты аталған. Ал өткен ғасырдың 60-жылдары КСРО ҒА Шығыстану институты деп өзгертіліпті. Оны ұзақ жылдар бойы академик Б.Г. Ғафуров басқарып келеді екен.
Алдын ала айта кетерім, Мәскеуге бар ынта-ықыласымен беріле құладым. Оның айрықша аурасын, өзімді қабылдаған мәдени және ғылыми орда мен атақты ғалымдар ортасын жақсы көріп кеттім.
Институтқа Азия мен Африка елдерінен қонақтар көп келеді екен. Олардың ішінде бұрын өзім ешқашан көрмеген Елбасылары, Премьер-Министрлер, министрлер, елшілер, дипломаттар, аса көрнекті ғалымдар да болды. Таяу Шығыс елдерінің ғалымдары да кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғап жататын. Шығыс елдерінің проблемалары бойынша халықаралық конференциялар да өтіп тұратын.
Енді — осындай тарихи жерде ауылдан келген жігіт те оқитын болады-ау деймін. Аспирантура бөлімінің меңгерушісі М.П.Барановтың мені жылы шыраймен қабылдағаны, қазір де көңілімде сайрап тұр. Менімен жай ғана тәкаппарлықсыз сөйлесе келе ол: “алдымен екі жылдық тағлымдамадан (стажировкадан) өтіңіз, сонан кейін аспирантураға түссеңіз жөн болар” деп кеңес берді. Келістім. Шынында да, пәленбай шақырым жол жүріп келіп, енді кері қайтам ба?
Оқуға сәл кешігіңкіреп келгендіктен Мәскеудегі академия жатақханасынан бірден орын табыла қоймады. Сол себепті оның Мәскеу облысындағы филиалына жолдама берілді. Ұмытпасам, ол жерге Курск вокзалынан электричкаға отырып, Салтыковская станциясына дейін жетуге болатын.
Ол жерде бір-екі айдай тұрдым. Содан соң М.П. Барановқа қайта бардым. Ол уәдесінде тұрып, ұзамай қаладағы жатақханалардың біріне орналастырды. Айтпақшы Мәскеуге келген соң, бірер аптадан кейін профессор Юрий Николаевич Завадовскиймен таныстырылдым. Көрнекті шығыстанушы ғалым, беделді арабист Юрий Николаевичпен ұшыраса отырып, тағдыр маған осындай аса интеллигент, мейірбан, жан-жақты эрудициялы, өте парасатты кісінің ұзақ жылдар шәкірті болуды сый етеді деп кім ойлапты?! Осылардың бәрі де Алла Тағаланың қалауымен болғаны анық.
Юрий Николаевич отбасым, оқуым, болашақ жоспарым туралы сұрады. Сұхбаттан соң маған аптасына үш мәрте араб тілінен дәріс беріп тұруға келісім берді. Сондай-ақ оның ұсынуымен профессорлар А.А. Ковалев пен Г.Ш. Шарбатовтың “Учебник арабского языка” атты кітабын тауып алып, оқып-үйренуге кірістім. Бір қызығы – араб тілінің мені үйіріп әкеткені соншалық, оны қиналмай, қуана-қуана үйрене бердім. Электричкамен келіп те, қайтып бара жатып та, бар уақытты араб тілін үйрене беруге арнадым. Сөздерді, грамматиканы жаттаумен болдым, нәтижесінде еңбегім зая кеткен жоқ. Юрий Николаевичтің менің тіл үйренудегі жетістігіме риза болғандығы білініп тұрды, ол бойыма қуат бітіріп, табандылыққа баулыды.
Кейіннен ол институт директоры, академик Б.Г.Ғафуров (1908-1977) арқылы М.Ломоносов атындағы ММУ жанындағы, директоры профессор А.А.Ковалев (жоғарыда аты аталған араб тілі оқулығы авторларының бірі) Азия және Африка елдері институтының араб тілі сабағына қатысуыма да рұқсат алып берді.
Күндер жылжып өте берді. Бірде, сабақтан кейін ол мені үйіне шақырды. Метромен «Новые Черемушки» станциясына дейін бардым да, одан әрі жаяу архитектор Власов көшесіне жеттім. Юрий Николаевич әйелі Наталья Алексеевна, кішкентай қызы Зоямен бір бөлмелі пәтерде тұрады екен. Жастықтан болу керек, әуелде үлкен де атақты ғалымның кішкентай пәтерде тұрып жатқанына таң қалдым. Бас бөлме кітаптарға толы. Олардың көпшілігі араб және француз тілдерінде еді.
Айтпақшы, Юрий Николаевич болмысының сонылығы, оның барлық қырынан, тіпті, шет тілін оқытуынан да көрініп тұратын. 5 жасар қызына француз тілін үйрететіні әлі есімде. Алдымен ол кішкентай карточкаларға саналуан жануарлардың суретін салады. Сосын үй ішіне оларды шашып тастайды да Зоядан французша: «Керік қайда?» деп сұрайды. Зоя сәл-пәл ойлана келе, керікті тауып береді. Өзіме бұл әдіс қызықты көрінді, Зояның есінде осы сабақтар күні бүгіндері бар ма, жоқ па білмеймін…
Зоя демекші, Юрий Николаевич қолы тимеген кездері, анда-санда кішкентай Зояны бақшадан алуды өтініп те тұратын. Оның бұнысы маған сенгендігі ғой деп ойлаймын.
Сонан соң да ұстазымның үйінде болып жүрдім. Кейде, Юрий Николаевичтің пәтерінен қайын енесі Зоя Михайловнаны да көретінмін. Оның өзін ұстауы, кісімен сөйлесуі дворяндардан шыққандығын білдіріп тұратын. Менің Қазақстаннан келгенімді естіген ол маған ерекше ықылас білдірді, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қазақстанның бір ауылындағы қазақ жанұясы Зоя Михайловнаны паналатып, ауру-сырқау, аштықтан аман алып қалған екен. Сол себепті ол қазақ халқына деген шынайы ризашылығын білдіріп отыратын.
Юрий Николаевич өзі туралы көп айта бермейтін. Әйтсе де оны Қазақстан, қазақ халқының тарихы, мәдениеті қызықтыратын. Мен халқымыздың тарихы жайлы да орайы келсе әңгімелейтінмін. Қазақ халқының бір бөлігі орта ғасырларда отырықшы, енді бір бөлігі көшпелі болған, ал мәдениетіміз ислам өркениеті және мәдениетімен тығыз байланысты дейтінмін. Бірақ, қазақтың көптеген мәдениет және әдебиет қайраткерлері 30-жылдары жазаланды. Сібірге айдалды, одан қайтқандары жоқтың қасы. Халқымыздың ислам мәдениетін және араб әбжадын қабылдағанына мың жылдан асты. Әсіресе, орта ғасырларда, көптеген жазба жәдігерлер араб тілінде жазылды. Бірақ Шығыс мәдениеті білгірлерінің көпшілігі жойылды және қазір де араб әліпбиін білетіндердің өзі арпа ішіндегі бір бидайдай деймін әңгіме үстінде.
Юрий Николаевич Орта Азия мен Қазақстан үшін шығыстанушы – арабист мамандар дайындауға көп еңбек сіңірді. Осы сала бойынша бүгіндері Орта Азиялық көптеген белгілі ғалымдар, Мәскеудің аталмыш институтында тікелей оның жетекшілігімен ғылыммен айналысты.
Меніммен бірге Өзбекстаннан біраз жас жігіттер оқыды. Олардың кейбірі Ю.Н. Завадовскийдің шәкірті болды. Бұл – әкесі Орта Азия мен Қазақстанның да бас мүфтиі болған Зияуитдин қари Бабаханов (1908-1982) дүние салған соң бас мүфтий болған Шамсуддин Бабаханов (1937-2003) еді. 90-жылдары Өзбекстан егемендік алған соң Шамсутдин досым Мысыр, одан соң Сауд Арабиясына Өзбекстанның елшісі етіп жіберілді.
Өзбекстан Ғылым академиясының болашақ академигі, Ташкент Шығыстану институтының ректоры, бұрындары жұртқа беймәлім Нематулла Ибрагимовке де Ю.Н. Завадовский жетекшілік етті. [Н. Ибрагимов. Путешествие Ибн Баттуты как источник по истории Средней Азии. Канд. диссертация. М. 1975].
Юрий Николаевичтің Польшада әскери, дворян жанұясында туғанын, сосын отбасысының қазан төңкерісінен кейін Францияға көшіп, ұзақ уақыт Парижде тұрғанын, Мәскеуге менен бұрынырақ келген осы жігіттерден естідім. Ол атақты Сорбонна университетінің шығыс бөлімін тәмамдап, Бағдат пен Каирде француз дипломаты қызметін атқарыпты. Сосын 50-жылдары Прагаға көшіп келіп университетте оқытушы болған.
КСРО-ға қайтып оралған соң ол Ташкентке жіберілген. Онда Мауараннаһрлық ортағасырлық ғалымдардың жазба мұрасын араб тілінен аударып, зерделеуге үлес қосыпты. Атап айтқанда, Юрий Николаевич Завадовский Әбу Әли ибн Синаның (980-1037) «Дәрігерлік ғылым қағидаларын», Әбу Райхан әл-Бирунидің (973-1048) «Таңдамалы туындыларын» орыс тіліне тәржімалауға қатысқан. Қазақ ғалымдары А.Х. Қасымжанов (1931-2000), Е.Д. Харенко, Б.Я. Ошеровичтер аударып, баспаға дайындаған Әбу Насыр әл-Фарабидің «Философиялық трактаттарын» редакциялаған.
1975 жылы Б. Ғафуров пен А. Қасымжанов бірлесіп жазған «Әл-Фараби в истории культура. М., 1975, 180 бет» атты еңбектері Мәскеуде жарыққа шықты. Оны Фарабитануға қосылған үлес деуге әбден болады.
Юрий Николаевичтің Мағриб араб елдерінің тілі мен әдебиетін зерделеуге де қосқан үлесі зор. Ол көптеген құнды еңбектер жазды. Олардың кейбірін атап кетейін: «Арабские диалекты Магриба», М.,1962; «Берберский язык», М.,1967; Абу Али ибн Сина «Жизнь и творчество» (тәжік-парсы және араб дереккөздері бойынша), Душанбе,1980 және т.б.
Юрий Николаевич алдымен Мағриб араб елдерінің диалектілері мен бербер тілінің білгірі болатын, оған таңданатыны жоқ, өйткені ол өмірінің он жылын Алжир, Марокко мен Тунисте өткізген. 1966 жылы қорғаған докторлық диссертациясы Солтүстік Африканың араб диалектілеріне арналған. Оның іргелі, академиялық дайындығы батыснумидиялық (мавритандық, батысливиялық, мазезилиялық) жазу-дың кілтін ашуына мүмкіндік берді. Мұрасының маңызды бөлігін жоғарыда айтылғандай Әбу Насыр әл-Фараби, Ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни тәрізді ғұламалардың орыс тіліндегі аудармасы құрайды.
Ол ауқымы кең лингвист және семитолог еді. Өз мақалаларын орыс және ана тіліндей болып кеткен француз тілінде де жазды. Ол араб тілін жетік білгендіктен, ұстазымыз оның көркемдігін шәкірттеріне де жеткізуге тырысты. Бүгінде әлемнің үш жүз миллиондай тұрғыны сөйлейтін, осы ежелгі тілді үйренуге, зерделеуге мені де тарта білді. Маған өз сезімі мен ойларын жеткізетін аса бай мүмкіндіктерін ашқан қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін түпнұсқадан оқуға тартты. Сол себепті Юрий Николаевичке айтар алғысымның шеті мен шегі жоқ.
Ю.Н.Завадовский Ресейлік көптеген жас ғалымдар: С.Х.Камилев, В.С. Скоробогатов, Э.Н.Мишкуровтардың да [С.Х.Кямилев. Марокканский диалект арабского языка. М., 1966; В.С. Скоробогатов. Алжирская народная поэзия. М., 1987; Э.Н. Мишкуров. Система глагола в алжирском диалекте арабского языка. М., 1973] ғылыми жетекшісі болды. Ұстазымның арқасында акад. М.А. Коростовцев (1900-1980), И.И. Конрад (1891-1970), проф. Г.Ш. Шарбатов (1924-2006) және басқа шығыстанушы ғалымдармен таныстым. В.А. Завадовский әрқашан «Анечка» деп атайтын Анна Белованы (1933 ж. туған) ерекше құрметтейтін. Кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғау кезінде ұстазымның оппонент ретіндегі сөйлеген сөздерін тыңдау құрметіне де ие болып жүрдім.
Сөйтіп Мәскеуде оқыған жылдары ұстазыммен тығыз қатынаста болдым. Ол менің орта ғасырлық Отырардан (Фарабтан) шыққан ғалым, әрі ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидың (870-950) шығармашылығымен әуестенуіме де себепші болды. Әбу Насыр әл-Фарабиге Орта Азия республикалары ғалымдары таласты. Әбу Насыр әл-Фарабидың отаны қазақ жері екендігін академик Б. Ғафуровке Ю.Н. Завадовский жиі айтатын. Әл-Фараби жайлы ауқымды материал жинаған Ю.Н.Завадовскийдің мәскеулік шығыстанушыларға, атап айтқанда, Шығыстану институтының директоры, академик Б.Г.Ғафуровқа әсері зор болды. Халықаралық конференцияларда әл-Фарабидың өмірі мен шығармашылығы туралы жасаған баяндамаларында академик Б. Ғафуров Әбу Насыр әл-Фарабиді қазіргі Қазақстанның оңтүстігін мекендеген түркі тайпасынан шыққан деп отыратын. Оның уәжді бұл сөздері өзгелердің әл-Фарабиге таласуын саябырсытты.
1975 жылдың мамырында, ішінде мен де бар Отырарға барған Мәскеудің ғылыми экспедициясы әлі есімде. Делегация құрамында Юрий Николаевичтың Ленинградтық ұлы Николай және күйеу баласы суретші Валентин Волков та болды. Отырар ислам әлеміне тек Әбу Насыр әл-Фарабиды ғана емес, сондай-ақ Әбу Насыр Ибраһим әл-Жауһари әл-Фараби (? – 1008), Исхак әл-Фараби (? – 961) және басқа да көптеген көрнекті ғұламаларды берді. ХІІІ ғасырдың бірінші жартысында Шыңғыс хан бастаған моңғол басқыншылары Отырарды қиратып, жермен-жексен етті, оның орнында күні бүгіндері ескі қаланың орны жатыр.
Делегацияның негізгі бөлігі Мәс-кеуден Ташкентке ұшып келді. Ол жерден оларды бұрынғы В.И.Ленин атындағы ТашГУ-дің оқытушысы, араб тілінің мұғалімі, 1975 жылы «Араб тілінің Чад диалектісі» тақырыбында 1975 ж. кандидаттық диссертация қорғаған Ю.Н. Завадовскийдің шәкірті Қабыл Насыров (1935-1986) машинасымен күтіп алып, әрі қарай Оңтүстік Қазақстанға бет алды. Содан Темірлан селосы арқылы Отырарға барар жолда бір үйге (Қоғам ауылы болса керек) түнедік. Халқымыздың игі дәстүріне сай, үй иелері жылы қабылдап, қонақжайлық танытты. Түннің бір әлетінде бірақ ойламаған жерден Николай ауырып қалды. Юрий Николаевич баласын уайымдап, байыз таппады. Тек таң ата ұлының жағдайы жақсарған кезде ғана ол екі сағаттай көз шырымын алды.
Бұл оның балаларына деген шынайы әкелік сезімін білдіретін жалғыз оқиға емес. Ол әрқашан шамасына қарай олардың туындаған мәселелерін шешуге тырысатын. Мәселен, француз филологиясынан кандидаттық қорғаған қызы Светланаға қолдау көрсетіп, «жанкүйер» болу үшін, Мәскеудің бір шетінен екіншісіне аттандық. Сағатына дейін есептеулі, жұмысбастылығына қарамастан, ол балалары үшін қашанда уақыт табатын!
Экспедициямызға қайтып оралайын. Юрий Николаевич Отырардың қираған орнымен танысты. Моңғолдар қиратқан шаһардың қыш-құмыраларының сынықтарын көрді. Ол Отырар тарихына шынайы қызығушылық танытты. Ал қираған қаланың тарихы туралы мұражай қызметкері марқұм Асантай Әлімов жан-жақты айтып берді.
Асантай демекші, осы бір инабатты, Отырар жәдігерліктеріне көзінің қарашығындай қараған жанның маған Мароккода оқып жүрген жылдары хат жазып тұрғаны есімде. Мен де оны жауапсыз қалдырған жоқпын. Ол хаттардың кейбірі күні бүгіндері Отырар мұражайында сақтаулы деседі.
Сонымен Отырардан қайтар жолымыз тағы даТемірлан ауылы арқылы өтті. Осы жерде 1405 жылы Қытайға аттанған Ақсақ Темір қайтыс болған. Юрий Николаевич оны да жақсы білетін болып шықты. Темірлан дегеннен шығады, Юрий Николаевич жол-жөнекей Отырар (Фараб) өлкесінде бірқатар кенттердің, әсіресе олардың Арыс өзені бойында болғанын, олар жайлы тарихи жазба деректерде мағлұматтар кездесетінін айтты.
Арада біраз жыл өткен соң менің зерттеулерім ұстаз сөздерінің растығын дәлелдеді.
Ұзамай Шымкент қаласына келдік. Ол кезде анам екі жасар немересі Ербол екеуі осы қалада 2 бөлмелі пәтерде тұратын. Сонда кідірдік. Жолдан шаршаған Юрий Николаевич келе сала жантая кетті, бәріміз ұйқысын бұзбауға тырыстық.
Ертеңіне мыңжылдық тарихы бар, тағы бір көне қала – Исфиджаб-әл-Байда-Сайрамға, одан соң алыстағы тау қойнауына жақын жердегі Подгорноеға деген ауылға бардық. Онда біздің бір танысымыз тұратын. Подгорноеден жақын маңнан Ақсу өзені ағуда. Бұл жерлердің сөйтіп табиғаты тамаша көркем екен. Валентин этюднигін қолға алды, Юрий Николаевич те қалыспай, бірнеше сурет салып, мені тағы да қайран қалдырды. «Суретті жақсы салатыныңызды білмеппін» деп өзіне де айттым. Осы жерде оның өмірбаянының тағы бір беймәлім парағы ашылды. Ұстазым Париждегі өмірінен бір оқиғаны айтып берді. Гимназияны тәмамдағанда, ата-анасы оның әрі қарай білімін қай жерде, қандай жоғары оқу орнында жалғастыратынын, қандай мамандықты таңдау керектігі жайлы ақылдасыпты. Ұстазым жас кезінен суретші болуға бейімділік танытқан. Бірақ, Парижде тұратын белгілі орыс суретші эмигранты, өкінішке қарай атын ұмытыппын, жас шәкірт таңдауын құптамаған. Қазір кескіндеме асырамайды деген ол, жас шәкірттің ата-анасына Ю.Н. Завадовскийдің дипломат болғанын жөн көріпті. Сол үшін Сорбонна университетіне түссін депті…
Қайтарда Сайрам шаһарын біраз араладық. Жол шетіндегі шағын кесенеге тоқтадық. Ол Байзауи атты кісінің зиратына қойылған екен. Юрий Николаевич таңғалды:
– Ойпырмай, атақты әл-Байдауи//Байзауи Сайрамда жерленген екен ғой. Жазба деректерде Әбу Саъд (Саид) Насыр ад-дин Абдуллаһ бин Омар бин Мұхаммед бин Әли аш-Ширази әл-Байдауи//Байзауидің (?-1292) Ирандағы Ширазда қайтыс болғаны, сонда жерленгені айтылған деді.
Кейінірек жазба деректерді қарасам Байдауи//Байзауи атты қасиетті Құранға тафсир жасаған атақты ғалым, шынында да Иранда, Ширазда дафін етілген.
Жалпы орта ғасырларда әуелде Исфиджаб (парсыша ақ қала), сонан соң Мадинату-л әл-байда (арабша ақ қала), кейінірек Сайрам деп аталған осы бір тарихи қаладан көктеген ғалымдар, ойшылдар шыққан.
Сол себепті Сайрамнан біз кесенесін кездестірген әл-Байдауи//әл-Байзауи қазақ жерінің Байзауи//Сайрамынан шыққан көп ғалымдардың бірі ме екен?!
Өзбекстандық ғалым Нәсіреддин Назаров 2016 жылдың 20 қаңтарында (№13) «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Лақайлар» атты мақаласында Сайрамдағы біз көрген кесенені «Есенқожа, яғни қазы Байзауидікі» дей отырып, Есенқожаның (Қазы Байзауидың) лақайлардың түркі халықтарының үлкен руының бірі екендігін айтыпты.
Десе де ақиқатын әрине бір Алла біледі.
Жалпы Исфиджабтан 12, Мадинат әл-Байдадан 7, Сайрамнан 10 ойшыл шыққан.
Сайрамға қайтып оралайық.
Сайрам қазақ жеріндегі мәдени, рухани да орталықтардың бірі еді. Шаһарда мешіттер мен медреселер, керуен сарайлар, төрт қақпа болғандығы айтылады. Исфиджабтың ерте кезден-ақ Таяу және Орта Шығыс елдерімен қарым-қатынасы тұрақты болған. Сайрамнан көптеген ойшыл ғалымдар, руханият саласының өкілдері шықты дедім. Олардың еңбектері күні бүгінге дейін әлемнің түрлі кітапханалары мен қолжазбаларына шашырап кеткен. Менің зерттеулерім Исфиджаб-Мадинату-л байда-Сайрамнан жоға-рыда айтылғандай отызға жуық кемеңгерлердің шыққандығын көрсетіп отыр. Қаланы ХІХ ғасырда Ресей басып алуға әрекеттенгенде жергілікті жұрттың қатты қарсылық көрсеткені жайлы анам да айтып отыратын.
Әр көктем сайын Юрий Николаевич денсаулығы жараса Орта Азияға, бірде Душанбе, бірде Ташкентке іссапарға шығатын. Сол жерлердің университеттерінде лекция оқитын. Анда-санда ол жаққа ұшақпен барғанымен, қайтарда негізінен пойызбен оралатын. Іс-сапарынан мол әсер алып қайтатын және оны Мәскеуде қалған біз шыдамсыздана күтетінбіз.
Ұстазымның кітапқұмар екендігін айтпасам, әңгімем толық болмас. Қай жерге барса да ол шығыстану бойынша басылымдардың түр-түрін сатып алып, маған еуропа елдеріндегі таныстарына жіберуді тапсыратын. Ол да шетелдік достары жіберген бандерольды ашқан кезде, өзіне өте керек құнды кітаптарды көріп, балаша қуанатын. Оның жылдар бойы жинаған кітаптарының сан жоқ-ты. Бүкіл байлығы да сол кітаптар-тын. Бірнеше жылдан соң (1972) Юрий Николаевичтың отбасы кооператив арқылы пәтер алды. Островитянов көшесіндегі үш бөлмелі жаңа пәтерге көшкен кезде, шәкірттері мен көмекшілер болып, оның бай кітапханасын жаңа мекеніне көшірісуге қол ұшын бердік.
Осыған байланысты тағы бір жайт есіме оралып отыр. Кітап толы қораптарды тасып жүргенде, бірінің арасынан уақыт өте сарғайған ескі фото сусып жерге түсті. Біз епетейсіздігіміз үшін кешірім сұрадық. Ол фотосуретті алып, тесіле қарады да, суреттегі кісінің әкесі екендігін айтты.
Фотода әсем сәйгүліктердегі екі адам амандасу үшін біріне-бірі қолдарын созуда. Олардың бірі, – деді ұстазым, – менің әкем – полковник Николай Осипович Завадовский, ал екіншісі – Ресей империясының патшасы Николай ІІ. Фотосурет 1909 жылы Санкт-Петербург түбіндегі Красное поледе түсірілсе керек.
Сол жылы Николай Осиповичті патша Польшадағы Ресей әскери қосындарының қолбасшысы етіп жіберген. Сол себепті, жанұясы да сонда көшіп барған. Юрий Николаевичтің Польшада туылуының себебі де содан. Одан бері қанша уақыт өтті. Өмір-ай десеңізші…
Аса сирек болатын демалыс кезінде Юрий Николаевич Мәскеу маңындағы орманда серуендейтін. Ондай кезде мен де жанынан табылатынмын. Әңгімеге ортақ тақырып әрқашан да таусылмайтын. Мен үшін арабшамды, шығыстану ғылымы бойынша білігімді кемеліне жеткізуге мүмкіндік туатыны өзінен өзі түсінікті.
Юрий Николаевич маған Ресей тарихының көптеген парақтарын ашты. Бірде екеуміз жұбайы Наталья Алексееваның туыстары тұратын тарихи Бородиноға барғанымыз есімде. Сол сапар Бородино шайқасы өткен жерді біраз араладық.
Бородино Можайск қаласы маңында. Шайқас болған жер үлкен алаң. Оңтүстік жағынан теміржол өтіп жатыр. Алаңның шеті орман. Экскурсовод осында болған қырғын соғыс жайлы әңгімеледі. Иә, 1812 жылы дәл осы жерде Бонопарт Напалеон бастаған француз армиясы мен Кутузов басшылығындағы орыс әскерлері арасында қиян-кескі ұрыс болған. Әйтсе де француздар жеңіске жетіп, орыстар Мәскеуге шегінуге мәжбүр болғаны белгілі.
1941 жылы дәл осы жерде тағы бір шайқас болды. Генерал Панфилов бастаған даңқты 28 гвардия дивизиясының жауынгерлері Мәскеуді қорғап, неміс фашистеріне қарсы тұрды. Ол жайлы Кеңес Одағының батыры, академик Мәлік Ғабдуллин ағамыздың «Майдан очерктерінде» (Алматы, 1959) жақсы баяндалған. Осы Бородинода Төлеген Тоқтаров қаза тапқан. Ол жайлы Юрий Николаевичке тәптіштеп айтып бердім.
“Бородино арқылы Старая Руссаға қарай бірнеше жақсы тас жолдар өтеді” деп жазған Мәлік ағамыз. Біз Бородинодағы гарнизондарды жоюмен жаңағы жолдарды қолға алсақ, жауға күшті қысым жасаймыз.
Жау бұл жолдарды пайдалана алмайды, бұл жолдар арқылы қоршауда қалған бөлімдеріне азық-түлік, қару-жарақ, әскер жібере алмайтын болады. Міне, жағдай осындай. Осы Бородинодағы гарнизонды жою міндетін екінші батальонға және сендерге тапсырып отырмын. Селоны бүгін сағат түнгі екіде алуымыз керек. Түсінікті ме?…” депті командирлердің бірі. Әрі қарай да баяндайын.
“Бородиноның солтүстік-батыс жағын ала, саймен жүріп келеміз. Әрі-беріден соң Бородиноға да жеттік. Жай шолып қарап едік, жаудың бекінісі күншығыс және оңтүстік жаққа қарай жасалынғанын, жаудың тылы сонша мықты емес екендігін байқадық.
Түн іші жым-жырт. Біз Бородиноға да еніп қалдық. Жаудың әскері землянкаларда екенін айқындадық. Әрбір үйдің алдында аяғына саломнан жасалған пима киіп фрицтер қарауылда тұр. Ақ халатты автоматчиктерді олар байқамай да қалды. Автоматчиктер қолдарына сапысын алып іске кірісті. Бородиноның батыс жағында жаудың зеңбіректері тұр екен, оны автоматчиктер тартып алды. Батареяны қорғап тұрған фашистерден тірі қалғаны жоқ.
Жау қаннен-қаперсіз жағдайда жатқанда басталған бұл соғыс көпке созылған жоқ. Біз ендігі күшімізді әрбір үйге бекінген жауға қарсы жұмсадық. Бірақ жау бізді біліп қойды…
– Ананы қара, ананы қара! – деген Жұмажанның даусына жалт қарасам, қыраттың Бородиноға қарай құламасында қырылып жатқан немістер. Кейбіреулері құрбақаша тырбаңдап кейін кетіп барады. Бұл жағдайды көрген біздің жігіттер автоматтарының тиегін ағытып жіберді. Бірақ, олардың үлесіне аз ғана неміс қалған еді. Өйткені, әлгінде ғана Гундиловичтың бұйрығын естіген Төлеген жалғыз өзі 40 неміске аттанған екен. Ол сол 40 тың 36 ын жайратып салыпты…
1942 жылдың 9 февралы.
Түнгі сағат 23 тен асып барады. Кішкене үйдің ішінде жауынгер жолдастардың арасында отырмыз. Осы минутта бәрімізде үлкен қайғы бар еді. Соловьев екеумізді қоршап отырған автоматчиктер ауыр күрсінеді.
– Шіркін, тамаша ер еді-ау.
– Қыз мінезді, ақ көңіл, сыпайы жігіт еді…
– Әй, ондай ұл аз шығар…
Бұл сөздердің бәрі де Төлеген туралы айтылып отыр. Автоматчиктердің жақсы досы, майдандас бауыры Төлеген ерлік өліммен қаза болды. Оның өліміне бүкіл жолдастары күйінішті, жылап отырғандар да бар. Бағанағы кезде Соловьев екеуміз де жылап алғанбыз. Бірақ бұл жақсылық ырым емес, өлген адам жылауды керек етпейді, оның өлімі үшін жаудан кек алуды, бекінуді, қайрат жинап, жауға қарсы аттануды керек етеді, дедім жігіттерге.
Осы отырған майдандас достардың көз алдында Төлегеннің ерлік өлім картинасы тұрған секілді. Оның өлімі былай болған еді.
…Төлеген атыстың қызуына түсіп кетті. Ол өзінің сол жағынан 20 метрдей жерде абайсызда келіп қалған неміс офицерін көріп қалды. Төлеген бұқпантайлап келген офицерді атып салды. Ол оның соңғы оғы еді. Офицер екі аяғынан жаралы болып, кейін қарай жылжи берді.
– Жұмажан, менде оқ бітті. Әкел оқ, — дейді Төлеген. Бірақ Жұмажанда артық оқ жоқ, оның өзі соңғы оғын атып жатқан. Төлеген оғы біткен соң жанындағы гранатасын лақтыруға ыңғайланып орнынан тұра бергенде, жаудың үлкен калибрлі пулеметінен автылған оқ Төлегеннің ішінен келіп тиді. Оқ оның ішін жарып, шегі шұбалтып кетті. Ақ қар қызыл қанға боялды. Жұмажан Төлегеннің жанына барып оның жарасын тануға көмектесейін деп еді
– Оқ керек. Ана жауды мен жараладым, ол кетіп барады, өлтіру керек оны, — деп айғай салды Төлеген.
– Жаралы болдың, кейін қайт…
Төлеген үшін, жолдастар! – деп айғай салып жібергенімді білмей де қалдым. Барлық автоматчиктер, батальон жігіттері орындарынан атып тұрып, автоматтан да, пулеметтен де сатырлата оқ жаудырды. Уралаған қатты дауыстар шығып кетті. Мұны артиллеристер мен минометчиктер де қолдады… Сол-ақ екен жау кейін шегіне жөнелді. Төлеген үшін әлденеше ондаған неміс қырылды.
Жаудың шабуылы тойтыралған соң Төлегеннің сүйегі Бородиноның күншығыс жақ шетіндегі төбеге жерленді.”
Мәлік Ғабдуллин осылай жазған.
Дубосекова шайқасы жайлы сондай-ақ Александр Бектің «Волоколомск тас жолы» және Бауыржан Момышұлының естеліктері мен түрлі жазбаларынан оқуға болатындықтан, бұл жерде оған тоқталмай-ақ қояйын.
Кештетіп Бородинодан Мәскеуге оралдық.
Оқу жылдары (1970-1975) әр күз сайын, Мәскеу түбіндегі Волоколамск ауданына картоп жинауға баратынбыз. Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстандық жерлестерімнен құраланған атақты генерал Панфилов дивизиясы Дубосеково разъезінде ержүректілікпен неміс-фашист шап-қыншыларымен соғысып, Мәскеуді қорғауда күші тең емес ұрыста қаза болған жердің картошкасын талай жыл тердік.
Бірде Дубосекованы арнайы араладым. Мәскеуден шыққан электричка бірер минут осы разъезде аялдайды екен. Разъезд атақты шайқас өткен теміржолдан сәл бәсеңдеу жерде. Темір жолдың оңтүстігі қаптаған қалың орман. Разъезден солтүстік жағындағы белеске көтерілген соң жазықтау жер басталады. Одан әрі жүрсеңіз бір шақырымдай жерден Волоколамск қаласынан шыққан тас жол Шығыс жақтағы Мәскеуге қарай жетелеп барады.
Мен көргенде 70-80 жылдары Дубосеково шайқасы болған жерде ирелеңдей қазылған окоптардан басқа ештеңе жоқ болатын. Соңғы рет өткен ғасырдың 80-жылдары онда болғанымда әлігі окоптар маңына 28 панфиловшылардың биік мүсіндері қойылыпты. Волоколамск тас жолымен Мәскеуге бет алған танкілерді жерлестеріміз атқылаған соң, олар бұрылып келіп окоптардағы жауынгерлерді таптап кеткісі келген. Оған кім жол берсін бе?…
Волоколамск тас жолы арқылы ары-бері түрлі көліктер жүйткіп жатыр. Сол жолға түстім де батысты бетке алдым. Біраздан кейін Волоколомск қаласына жеттім…
Қаланы біраз араладым. Жан-жағын қоршаған қалың орманнан жиі босаған патрондар мен босаған снаряд гильзалары жат ұшырасады. Менің Қазақстаннан екенімді білген жергілікті халық та құрметпен қарап, риза болып жататын. Қаһарман панфиловшылардың ерлігін жайлы Юрий Николаевичке айтқанымда, ол француз Қарсыласу қозғалысының қатысушысы ретінде көңілі босап қалатын.
Сонымен уақыт өте берді, екі жылға созылған тағылымдамам аяқталып, қажетті емтихандарды тапсырғаннан соң, аспирантураның күндізгі бөліміне түстім. Юрий Николаевич аз зерттелген «Марокко әдебиеті» тақырыбын ұсынды. Ол кезде Кеңес Одағында бұл тақырып бойынша зерттеулер жоқтың қасы болатын. 1975 жылы Юрий Николаевичтің ұсынысы, академик Б.Ғафуровтың қолдауымен диссертацияға материал жинау үшін Мароккоға жіберілдім.
Сапар алдында ол Марокко астанасы Рабатта тұратын ұстазы, француз ғалымы Жорж Колэнды бара сала тауып, сәлем беруді тапсырды. Ол Марокко диалектісінің білгірі Жорж Колэнді жиі еске алатын. Бірақ Рабатқа бара онымен бірден ұшырасудың сәті түсе қоймады. Әйтсе де Юрий Николаевичтің тағы бір байырғы танысы, профессор Мұхаммад ал-Фасимен таныстым. Мен таңдаған тақырып бойынша оның берген ақыл-кеңестері үшін осы адамға да әрқашан алғысым шексіз. Ұзамай Жорж Колэннің Францияда қайтыс болғанын естідім.
Марокко керемет ел. Оны музей ел десе де болғандай. Тарихы өте бай. Елдің қиыр Солтүстігіндегі Атлант мұхиты мен Жерорта теңізінің қосылған жеріндегі Гибралтар бұғазына барып тұрдым. Касабланка, Мекнес, Фес қалаларының да өзіндік тарихы, ерекшеліктері бар.
Мароккадан оралғаннан соң, жинаған деректерімді қорытып, өңдеп, кандидаттық диссертациямды ойдағыдай қорғадым. Сосын елге оралуыма байланысты ғылыми жетекшіммен жолымыз айырылып кетті. Мен Қазақ КСР Ғылым академиясы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына ғылыми қызметкері болып қабылдандым. Бірақ, Мәскеуге барған сайын ұстазыммен жолыға кетуді борышым деп білетінмін.
1977 жылы ҚазМУ-дің филология факультетінің жанынан араб бөлімін ұйымдастыру мақсатында С.М. Киров (қазір әл-Фараби) атындағы Қазақ Мемлекеттік университетіне қызметке шақырылдым. Әуелі араб тілі бөлімін, сонан соң шығыс филологиясы кафедрасын, одан кейін, қазірде де бар шығыстану факультетін аштым. Содан 1977-1997 жылдары жиырма жылдай сонда ұстаздық еттім. 1997-2000 жылдары Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшілігінің кеңесшісі ретінде дипломатия саласына да өз үлесімді қостым. Бірақ, ғылымнан ешқашан қол үзген емеспін.
Докторантураны алғашында аз-Зайтуна университетінде (Тунис Араб Республикасы), сосын шығыстану ғылымында алғашқы қадам жасаған Мәскеудегі Шығыстану институтында жалғастырдым.
Ұстазым Юрий Николаевич, жоғарыда айтылғандай шығыстанушы арабист ретінде қалыптасуымда маңызды, зор рөл атқарды. Осы күндері ғылымға баулыған басқа да ұстаздарым – академик Е.П. Челышев, проф. С.В. Прожогина, профессорлар Г.Ш. Шарбатов, М.Н. Османов, Б.Я. Шидфар, Д.С. Комиссаров, И.В. Стеблева, А.Б. Куделин, С.Н. Утургаури, Д.И. Онаева (Мәскеу қазағы) филология ғылымдарының кандидаттары Г.Ф.Гирс, А.А.Айзенштейн, С.Х.Кямилев, Б.В.Чуков және де басқа Мәскеулік ұстаздарым мен әріптестерімді ризашылықпен сағына еске түсіріп отырамын. Олардың біразының көзі тірі, кейбірі қайтыс болып кетті.
Юрий Николаевич ақын сөзімен айтсақ өз борышын (лепірме сөз бен сөз саптасынан қашатын) «парасат, ізгілік, өшпесті егу» деп білетін орыстың интеллигент ғалымының бейнесін бойына жинақтаған асыл адам еді. Оның ғылыми өмірі мағыналы да, мазмұнды болды. Бұл жағынан ол Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Ленинград құрсауда қалғанда қақаған аязда мұздап қалған кабинеттеріне келіп, қолжазбаларды тәртіпке келтіріп, оларды сыз бен жойылудан сақтау үшін, кітаптарды қауіпсіз жерлерге көшіріп, тілім нанды бөліп жеп, еңбектерін жазып, болашақты ойлаған бұрынғы мектеп шығыстанушыларына (В.В. Бартольд (1860-1930), И.Ю. Крачковский (1883-1957), К.Г. Залеман (1899-1916) және басқаларға) ұқсас болатын. Соғыс жылдарында Ю.Н. Завадовский азаматтық борышын басқа жақта, француз Қарсыласуы қозғалысы қатарында атқарды. Ол ерлігін жария етіп мақтанбайтын, соғыс жайлы сирек айтатын. Дегенмен, Германия жаулап алған елдерде, Еуропаның қақ ортасында жүріп фашистерге қарсы күрескен адамдарға қанша батылдық, жанқиярлық қажет болғанын түсінетінбіз.
Ұлы ізашарлары – бұрынғы мектеп ғалымдары тәрізді ол, идеологиялық конъюнктурадан тыс, атақ-сыйлықтан қашық, бейхабар адамға түсініксіз әуені мен жарасымын тапқан Мағриб араб диалектілерін, Азияның көне тілдерін зерделеуге жанымен берілген адам-ды. Оның қаламынан шыққанның барлығы да классикалық, осы сөздің шын мағынасындағы ғылым болатын. Осы салада Кеңес кеңістігінде оған тең келер оқымыстылар аздау-ды, оған Ленин, не Сталин сыйлығы да берілген жоқ, ол оны керек те қылмайтын. Оның Шығыс халқының сирек тілдеріне деген қызығушылығы, өзі тапқан асыл қазыналарды шәкірттері мен әріптестерімен бөлісіп, басқалардың игілігіне айналдыруға деген ықыласы, құлшынысы көңілінде оттай маздап, сайрап тұрды. Әдетте, тұлға интеллектуалдық жағынан ұлық болған сайын, өмірде қарапайым да кішік келетіні белгілі ғой.
Юрий Николаевич тап осындай адам-ды. Ол дандайсу, тәкаппарлық, бәлсіну, кеудемсоқтық, өз басының үстемдігі тәрізді түсініктерден мүлдем аулақ-тын. Керісінше, шәкірттері мен оны жақсы білетіндердің барлығы да профессордың айрықша әңгімешілдігі, өз білгенін шәкірттеріне де егуге тырысушылығы, жан жылулығы, демократияшылдығы, кішіпейілділігі туралы жиі айтатын. Ол бізге кемеңгер ақылғой әкеміздей көрінетін.
Бірде, Юрий Николаевич мені Институтта, түрі казказдыққа ұқсас бір жас әйелмен таныстырды. Әңгімелестік. Ол Алжирдің француз тілді әдебиетімен айналысқысы келетіндігін айтты. Кейіннен де онымен институтта аракідік жүздесіп жүрдік. Бір күні, Юрий Николаевич маған сыбырлап: «Әбсаттар, оның кім екенін білесің бе?» – деді.
– Жоқ.
– Бұл, Сталиннің немересі.
– Сол Сталиннің тап өзінің?!
– Иә, оның аты-жөні – Джугашвили Галина Яковлевна. Енді ол әріптесің болады. Менің жетекшілігіммен Алжир әдебиетін зерделейді. Ол сырттай оқитын аспирантураға түсті.
Галина институтқа сирек келетін. Бірде одан:
– Неге Алжир әдебиетін таңдадыңыз? – деп сұрадым.
– Өйткені мен Алжирде тұрдым. Жолдасым алжирлік. Мұсылман, – деді ол.
Соңғы сөздерді ақырын айтты. Бұл түсінікті де. Заман сондай-тын.
Галина араб тілін білмейтін. Есесіне, француз тіліне жүйрік еді. Кезінде Алжир Францияның отарына айналғандықтан, ел тым «французданып» кеткен-ді, сондықтан бұл елде біраз француз тілді ақындар мен жазушылар дүниеге келді. Көп кісілерден Юрий Николаевичтің тек француз ғана емес, сондай-ақ ағылшын тілін де керім меңгеріп, сөйлейтінін естідім. Иә, ұстазым Юрий Николаевич осындай әмбебап кісі болатын.
Галина бірнеше жылдан кейін кандидаттық диссертациясын ойда-ғыдай қорғады. Соңыра оны жеке кітап етіп шығарды (Джугашвили Г.Я. Алжирский франкоязычный роман. М., 1976).
Қазір мен көп нәрсеге бүгінгі күн тұрғысынан басқаша қараймын. «Үлкенді алыстан қараған жақсы» демекші, ұстазымды тек сүйсінген жастық шақтағы ұғым тұрғысынан ғана емес, өмірлік тәжірибем, оған басқаша тарихи және саяси қарау тұрғысынан бағалаймын. Оның түздік зерттеушінің еңбекті көп талап ететін жұмысы, азаматтық табандылығы мен шыдамдылығы, дарынының мәрттігі және ізгілігімен қатар, академиялық эрудициясы мен ой-өрісі, ойлау батылдығы мен сонылығын енді түсінудемін.
Бүгінгі менің Қазақстаным әлем қоғамдастығынан ойып орын алған тәуелсіз ел. Арасында 140 этнос пен ұлт адамдары бар қазақстандықтарға өзі таңдаған жолға түсуіне ешкім кедергі келтірмейді. Ол таңдаған өзара сыйластық пен толеранттық – мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерілген.
Қазақстан мұсылмандары өздерінің бірнеше съездерінде 2000, 2005, 2010 жылдары мені, арабист ғалымды, исламтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик дипломатқа құрмет білдіріп, дінбасы, басқаша айтқанда, Бас мүфтиі етіп сайлады. Солай болса да мен әрқашан ардақты ұстазым Ю.Н.Завадовскийді ризашылықпен әрдайым еске түсіріп отырамын. Ол исламды қадір тұтатын, Отырарда болғанымызда бір кісінің өтініші бойынша, Қасиетті Құранның бір сүресін жатқа оқып бергені әлі есімде.
1979 жылы Мәскеуден Алматыға Юрий Николаевичтің мезгілсіз қайтыс болғаны туралы жеделхат келді. Оны жерлеуге бара алмағаныма күні бүгінге дейін өкінемін. Әйтсе де бірнеше жылдан соң Мәскеуге жолым түскенде Юрий Николаевичтің отбасына кіріп шықтым. Мені мектепте оқитын қызымен бірге тұрып жатқан жұбайы Наталья Алексеевна қарсы алды. Зоя Михайловна да қайтыс болып кетіпті. Аса құрметтейтін ұстазымның қай жерде жерленгенін көрсетуін өтіндім. Бейітке, Юрий Николаевич жерленген зиратқа бардық. Түнеріңкі күз еді. Жауынның сіркіреп тұрғаны есімде. Ұмытылмас ұстаз қабіріне гүл қойып, оны еске түсірдік.
Наталья Алексеевна түсіне Юрий Николаевичтің жиі кіретінін айтты. Ол кейде: «Мені жиірек естеріңе алыңдар, әйтпесе тоңа берем» дейді екен. Сонан кейін Алматыға қайтып кеттім. Өкінішке орай соңыра тағы да Мәскеуге барып, Юрий Николаевичтің жақындарына жолығуға мүмкіндік болмады. Біраз уақыттан кейін Наталья Алексеевнаның да қайтыс болыпты.
2009 жылдың күзінде бір кездегі 4-5 жасар, қазір елуге тақап қалған Зоя телефонмен хабарласты. Юрий Николаевичтің 100 жылдығына арнап естелік кітап дайындалып жатқанын айтып, мақала жазып беруімді өтінді. Мен оған Юрий Николаевич Завадовский туралы естелік жазып, оны «Ұстаз ғибраты» деп атаймын деп уәде бердім. Уәдемді қуана-қуана орындап отырмын.
Кітап 2014 жылы жарыққа шықты. [В поисках утраченного Востока. Ю.Н. Завадовский. Очерк жизни и творчества. Автобиографический роман. Москва 2014, 510 бет. Ішінде менің де аталмыш естелігім бар. Шейх Абсаттар хаджи Дербисали. Слово о моем учителе. Приложение 6, стр. 475-485].
Қазір де көптеген елдердің діни және саяси басшыларымен, қоғам қайраткерлерімен де кездесіп тұрамын, Токио, Сеул, Нью-Дели, Сингапур, Куала, Лумпур, Колумбия, Нью-Йорк, Оңтүстік Колифорния, Лос-Анджелес университеттерінде, сондай-ақ, Джавархалал Неру атындағы (Үндістан), Толедо (Испания), Пешавар (Пакістан), Тегеран (Иран) университеттерінде дәріс оқып, Германияның Бундестагында, Египет, Кипр, Қытай, Греция, Малайзия және басқа да жұрттарда болған халықаралық түрлі конференцияларда баяндамалар жасап тұрам. Араб тілінің Халықаралық Академиясының (Египет) академигі, Малайзия университетінің, Қазақстанның 14 мемлекеттік уни-верситетінің құрметті профессоры болып сайландым. Отаным, құдай берген елім, бүкіл әлемде Орта Азиядағы мемлекеттер арасындағы көшбасшы Қазақстанға келген көптеген мемлекет және дін қайраткерлерін, түрлі ғалымдарды Алматы мен Астанада қабылдап тұрам
…Асылында, ұстазы шәкірттері арқылы білінеді, танылады деген халық сөзі әділ айтылған. Бүгінде мен араларынан дарынды ғалымдар, ғылым кандидаттары мен докторлар, министрлер мен төтенше және өкілетті елшілер шыққан көптеген шығыстанушылар дайындаған, самайына ақ кірген профессормын. Ұстазым ардақты Юрий Николаевичым тәрізді, мені де түлектерім дегенде бойымды кернеген мақтаныш сезімі билеп алады. Ұстаздан асқан ештеңе жоқ! Соған қарамастан, ақын сөзін қайталағым келіп тұр: «Ұстаз, алдыңа келіп бас иіп, тәжім етуге рұқсат ет*…».
Егер шәкірттерімнің бірі мен туралы дәл осылай десе, иә, мен өз міндетімді орындап, бекер жер басып жүрмеген екенмін деп есептейтін боламын.
______________________________
* Бұл тіркес А.А.Некрасовтың
«Медвежья охота» (1968) деген
кітабынан алынды.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *