АУДАНЫМЫЗДЫҢ   ӘЛІМСАҚТАН   БҮГІНГЕ  ДЕЙІНГІ  ТАРИХЫ АУДАНЫМЫЗДЫҢ   ӘЛІМСАҚТАН   БҮГІНГЕ  ДЕЙІНГІ  ТАРИХЫ
Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы, тарихшы, Қазақстан педагогика академиясының профессоры Қазығұрт ауданына – 90 жыл Осыдан 90 жыл бұрын, яғни 1928 жылдың 15 наурызында Қазақ автономиялық... АУДАНЫМЫЗДЫҢ   ӘЛІМСАҚТАН   БҮГІНГЕ  ДЕЙІНГІ  ТАРИХЫ

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
жазушы, тарихшы,

Қазақстан педагогика академиясының профессоры

Қазығұрт ауданына – 90 жыл

Осыдан 90 жыл бұрын, яғни 1928 жылдың 15 наурызында Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасы орталық атқару комитеті президиумының шешімімен бүкіл Қазақстан аумағындағы губерниялар таратылып, олардың орнына округтер құрылды. Ал губерния құрамындағы уездер аудандарға айналдырылды. Бұрынғы Сырдария губерниясы Сырдария және Қызылорда болып, екі округке бөлінді. Сырдария округіне қазіргі Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстары кірді. Оған 21 аудан, 3 қала, 567 ауылдық кеңестер қарады. Соның бірі – Қаратас ауданы. Қаратас – Қазығұрт ауданының бірінші атауы. Біз осы атаулы датаға орай ауданымыздың сонау көне заманнан күні бүгінге дейінгі тарихын жазбалап шығуды мақсатымызға алдық. Бір ескерте кететін жәйт – бұл мақалада аудан көлемінде бұрынғы замандардағы іске асқан, ғасырлар аралығындағы кезең-кезеңдерде орын алған, сондай-ақ бұрын еш жерде жарияланбаған және қазіргі көпшіліктін жадынан ұмыт бола бастаған нақты тарихи оқиғаларды, мәлімет-мағлұматтарды тізбелеп беруді де жөн көрдік.
Кез келген есті адам өзінің туған өлкесінің тарихын білуі міндет. Бұл жайында Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да баса айтылып, осы тұрғыда Қазақстан азаматтарының бірталай жұмыс атқаруы керектігі үлкен мәселе ретінде көтерілген еді. Әсіресе аталмыш мақаладағы «Туған жерге туың тік», «Туған жерге тағзым», «Тарихи сананы жаңғырту» бағарламаларына байланысты айтылған ойлар өлке тарихымен шұғылданатын зерттеушілердің бұдан былайғы жерде бұрынғыдан да кең көлемде жұмыс жасауына мол мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар халқының өткен тарихына қызығатын әрбір адамға өзінің туған жерінің, өскен ортасы мен кіндік тамған аймағының, сондай-ақ ауылы мен қала-ауданының тарихи сырларын кеңінен зерттеп, жазбалауына да барынша жол ашты. Соған орай біз де өз кезегінде осы бағытта тереңірек жұмыс жасауды қолға алдық.
Адамзат ес біліп, жазу-сызу өнерін меңгергелі бергі заманнан ауданымыздың шегінде талай-талай тарихи уақиғалар өткен. Кезінде сондай уақиғалардың көпшілігі қағаз бетіне түсіп, бізге мұра боп жеткен. Біз көп жылдан бері сондай мұралардың зерттеушісі болдық әрі сондай жәдігер дүниелерді қайтадан жарыққа шығарып, көпшілікке таныстырып та жүрміз. Қолдарыңыздағы кітап та сондай ізденістердің нәтижесінде туған еңбек. Біз бұл жолғы еңбегімізді ауданымыздың құрылғанының 90 жылдығына арнадық та, Қазығұрт өңірінде әлімсақтан күні бүгінге дейін өткен тарихқа азды-көпті қалам тарттық.
Әлбетте, мұнда әрбір тарих уақиға баса мән беріп, оларды егжей-тегжейлі жазғанымыз жоқ. Тек әрбір тарихи уақиғаға нақты әрі қысқаша түрде шолу жасап өттік. Былайша айтқанда, аудан тарихына жалпылама шолу жасап шықтық. Әйтпесе, өңірімізде өткен әрбір тарихи уақиғаның өзіне осы кітапқа парапар бір еңбек арнауға болатыны аян. Десек те, осы еңбектің өзінен туған өлке тарихына қызығатын әрбір адам өткен ғасырлардың талай сырларына қанып, бағзы замандар мен бергі кезеңдердің талай белгісіз жәйттарына қанығары кәдік.
Бұл еңбекте аудан көлемінде сонау түркілер заманында, кейінгі Шыңғыс пен Ақсақ темір дәуірінде, одан соңғы Қазақ Хандығы уақытында қандай қадау-қадау уақиғалар өткенін тарихи деректер арқылы дәлелдей жаздық. Бұлардан соңғы қалмақ шапқыншылығы, қазақ-қырғыз қақтығысы, Қоқан басқыншылығы және орыс отаршылдығы кезеңдерінде іске асқан қызықты һәм қасіретті уақиғаларды, орыс поселкаларының өңірімізде қай кезден бастап орныққанын құжаттар бойынша тасқа бастық.
Қоқан басқыншылығы мен орыс отары кезіндегі датқалықтар мен датқалар, болыстықтар мен болыстар тарихына да қалам тарттық. Аудан жерінде қанша датқалық, қанша болыстықтар пен болыстар болды деген сұрақтар да әркімді қызықтырары аян. Міне, бұл еңбекті оқыған кез келген оқырман аталмыш сұрақтардың барлығына қанағаттарлықтай жауап ала алады деген ойдамыз.
Дегенмен біз бұл еңбегімізде ауданымызда соңғы тоқсан жыл ішінде өткен, іске асқан өзгерістер мен тарихи уақиғаларды көбірек тізбектеп жазуға мән бердік. Өйткені көңілімізде таяу тарихты білмей тұрып, арғы тарихты ұғыну мүмкін емес дегендей пиғыл тұрды. Оның үстіне тарихшы мамандар болмаса, көп жұрт күні кеше ғана өткен уақиғалар мен қоғамдық-саяси өзгерістерді, айналада қандай үкіметтік басқару құрылымдарының жүйелері болғанын ұмытып қалып жатады. Мысалы, қазіргі жастары алпыс-жетпісті жағалаған кез келген кісіден өзі туылған, жұмыс істеген, өмір сүрген ауданында «осыдан отыз жыл бұрын қанша колхоз, қанша совхоз болды, оларда қанша ферма, қанша бригада бар еді, бригадалар мен фермаларда қанша мал бағылушы еді, қанша га егістік болатын?» деп сұрай қалсаңыз, бірден нақты жауап бере қоюы екіталай.
Сондықтан да, осы жазбада ауданымызда колхоз-совхоздар құрылысы мен олардың өсіп-өркендеуі кезеңдерін, оларда қанша мал, қанша га егістік болғанын баса жаздық. Ауылдық кеңестердің қызметтері қандай екенін және олардың атаулары қалай өзгеріп, қай уақытта көбейіп, қай уақытта бір-біріне қосылып азайып отырғанын да назардан тыс қалдырмадық.
Бүінде жұрт жадынан мүлде ұмыт болған МТС-тар тарихын біршама қозғадық. Жол, көпір құрылыстарын, телеграф, байланыс, пошта қызметтерінің қай уақыттан бері дамығанын сөз еттік. Бәрінен бұрын оқу жүйесінің қалыптасу кезеңі мен мектептердің, сондай-ақ алғашқы фельдшерлік пункттер мен кейінгі заманға орайғы ауруханалардың қашаннан пайда болғанын архивтік документтерге сүйене жазып шықтық.
Біздің барлық жазбамыз нақты архивтік құжаттарға негізделіп жазылды. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында орын алған зұлмат кезеңдерде аудан жұртшылығының қандай күйде болғанын, 1917-78 жылдардағы атақты «Жылантақыр» жұтында, 1928 жылғы байларды тәркілеу науқанында, 1931-33 жылдардағы ашаршылық нәубеті мен 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде қанша жерлесіміздің опат кетіп, қаншасының жапа шеккенін нақты құжаттар бойынша жазбаладық.
«Ер етігімен су кешкен» заман – Ұлы Отан соғысы уақытында ауданнан қанша азаматтың майданға аттанып, олардың қаншасы соғыс даласында қалғанын, қаншасының елге оралғанын нақтылып кестеледік.
Мәдениет саласы да зерттеу нысанымыздан шет қалған жоқ. Ауданнның мәдени жетістіктерін көрсетумен бірге, жерлестеріміз болып табылатын өнер, ғылым, әдебиет майталмандарының да аттарын атап шықтық. Бұл тұрғыда біздің аудан өз дарындыларымен мақтанатындай дәрежеде екенін көрсеттік.
Тоқсан жыл ішінде ауданды басқарған азаматтардың қызмет жылдары мен аты-жөндерін де толық көрсеттік. Мұны анықтау да, талай жыл архивтік документтерді ақтарудың арқасында келген жетістік.
Сонымен, құрметті оқырман, аудан тарихына жасалған қысқаша шолу қолдарыңызда. Өткен ғасырлардағы уақиғалардың ешқайсысы да, назарымыздан қалмасыншы деп шұқшия еңбектенсек те, бәрібір, жазбамызға ілікпей қалған біраз тарихтың бар екенін сезінеміз. Ондай олқылық болса, Сіздерден алдын-ала кешірім сұраймыз. Ал, бұл кітаптың ішінде керектеріңізге жарайтын мәліметтер болса, мархабат, алыңыз да, кәдеңізге жаратыңыз!

ҚАЗЫҒҰРТ ЖЕРІ – КӨНЕ ЖҰРТТАР МЕКЕНІ

Аудан жұртшылығының есінде болса, 2002 жылы белгілі жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың жетекшілігімен «Қазығұрт» атты энциклопедия шыққан. Сол еңбекте Қазығұрт ауданының ескі тарихы біршама баяндалған. Рас, сол энциклопедияда жазылғандай, біздің өлке ықылым замандарда іске асқан түрлі уақиғаларға куә болған жер. Қазақ халқының арғы тегі болып саналатын көне тайпалардың ата қонысы, бергі ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған қасиетті мекені. Сонымен қатар шығыс пен батысты жалғастырған әйгілі көне Жібек Жолының күре тамыр даңғылы өткен жер. Бұдан басқа көне жазбалардың оңтүстік аймағына қатысты қандайда бір деректерінен шет қалмайтын Келес өзенінің тарихи мәні жарты әлемге жайылған, ал оның бойындағы Казгерт, Шарапхана, Тұрбат сынды ескілікті қоныстар көне замандардағы біздің өлкенің даңқын көкке көтерген шаһарлар. Исі мұсылманға белгілі Қазығұрт тауының даңқының өзі неге тұрарлық деңіз. Қалай десек те, Қазығұрт өңірі құшағына талай жұмбақ һәм белгілі сырларды сыйдырған өлке екені даусыз. Дегенмен біз атаған энциклопедия осындай тарихи сырлардың бәрін ашып жаза алмағаны ақиқат әрі ол анықтамадан сырт қалған дүниелер қаншама. Әлбетте, ондай дүниелердің барлығын бір шығармаға қамту да мүмкін емес қой. Сондықтан да, біз осы жазбамыздың басын алдымен сол энциклопедияда мүлде аталмаған, тіпті, көпшілік жұрт күнде көріп жүрсе де, терең тарихына мән бере бермейтін, қазіргі күндері аудан аймағының бірнеше жерлерінде тұрған базбір ескерткіштердің сыры мен ғасырлар безбенінде болып өткен қадау-қадау тарихи оқиғаларға шолу жасап өтуден бастамақпыз.
Алдымен жаңағы айтқан ескерткіштеріміздің қандай жәді-герлер екені жайында айтып өтелік. Олар – көненің көзіндей болып өзен-су жағаларында, сондай-ақ биік қырлар етегіндегі сай табандарында бір қалыппен әлі бұзылмай тұрған төбе-ескерткіштер. Зер салған адам олардың бір кездері қолдан үйіліп, әдейі жасалған төбелер екенін бірден аңғарар еді. Алайда көпшілік жұрт бұлардың қай заманда және қай уақытта, сондай-ақ қандай мақсатта тұрғызылғаны жайына көңіл аудара бермейді. Көнекөз қарттардан олар туралы сұрасаң, «ілгеріде ата-бабаларымыз бұл төбелерді алыстан келе жатқан жауды көріп отыру үшін тұрғызған екен» деген болымсыз жауап береді. Бірақ осылай жауап беретіндер сол төбелердің жанында үлкен таулар мен табиғаттың өзі жаратқан биік жоталар тұрғанда ата-бабаларымыз оларды сай табандарында неге тұрғызып әуре болған деген қисынды уәж төңірегенде ойламайды. Негізі, қазақ жерінде жау қарайтын жасанды қарауылтөбелер өте көп. Ал ондай мақсатта тұрғызылған жасанды төбелер көбіне жазық далаларда орналасқан. Біздің облыстың жерінде ондай төбелер Ордабасы, Арыс, Отырар, т. б. сияқты далалы аудандардың жерінде мол. Ал біздің аудандағы өзен-су жағасындағы жасанды төбелердің сыры тіпті басқада. Оларды өлкемізді осыдан үш және екі мың жылдай бұрын мекендеген Сақ-Үйсін тайпалары тұрғызған. Әр тайпаның көсемі өзі отырған жанға жайлы, желден ық немесе ыстықта салқын болып келетін өзен-су жағаларына биік төбелер тұрғызып, сонда отбасымен отырған, керек кезде ел мәселесін шешкен. Былайша айтқанда, ондай төбелер ру-тайпа билеушілерінің резиденциясы қызметін атқарған.
Мұндай жасанды төбелер ру-тайпа билеушілерінің ордасы болумен қатар басқа да қызмет атқарған. Мәселен, Қаржан ауылының шығыс жағындағы ашық далада орналасқан жеті төбе Сақ және Үйсін-Қаңлы жұртының үлкен бір тайпасы шоғырланып отырған мекені немесе басқаларға үстем, билеуші тайпаның орталығы екенін білдіру үшін арнайы тұрғызылған төбелер. Мұндай жерлерде тайпалардың ең мықты билеуші-көсемдері отырған. Бұл жеті төбе Алматы жеріндегі Алтын адам табылған Бесшатыр оба-төбелеріне өте ұқсас. Ертедегі Сақ және Үйсін-Қаңлы көсемдері өмірден өткенде артында қалған ұрпақтары олардың мәйіттерін алтын-күмістерге орап, сондай төбелердің түбіне жерлеген. Мұндай дәстүр сол заманның көсемдерін мына өмірде өзгеден биік болғанын және ана дүниеде де басқадан артық, сол үшін де өлігі оқшау биік төбе түбінде жатуы керек деген ұғыммен байланыстырылған. Мұндай төбелер түбіне тайпа көсемдерімен бірге олардың кейінгі ұрпақтары да жерленген. Былайша айтқанда, бір төбе әлдеқандай көсемнің отбасылық моласы болған. Кейбірі әулеттік молаға да айналған. Орыстар біздің өлкемізді отарлап келгенде мұндай төбелерді тонап, молаларды бүлдіріп, мәйіттерді шашып, ондағы талай қазыналарды алып кеткен.
Қазығұрт ауданы жерінде өзен-су жағалары мен сай табандарында орналасқан төбелердің саны – осы жеті төбені қосып санағанда жиырмадан асады. Олардың көрнектілері Келес өзенінің Жаңабазар тарапындағы бірнеше тұсында, Көкібел маңында, Тұрбат жолында, Алтынтөбе ауылында, Қазығұрт етегінде көзге әдемі көрініп тұр. (Бұлардың көбі қазір ауыл молаларына айналып кеткен). Міне, көне ғасырлардың жанды куәсі ретінде бұзылмай тұрған осынау төбелер – біздің ауданның жері көне ата-бабаларымыз болып саналатын тайпалардың байырғы түп-қазақ мекені екенін дәлелдеп тұр. Бір айта кетерлігі, өз уақытысында бұл төбелер өте биік болып тұрғызылған. Содан бері өткен сандаған ғасырлар ішінде әбден шөгіп, қазіргі қалыпқа түскен. Олар сонда да биік, өздерінің әу бастағы қалпынан онша өзгере қоймаған. Шіркін-ай, көкейімізде көптен жүрген бір арман – күндердің күнінде арнайы зерттеушілер шығып, осы төбелердің өн-бойларына тұнған құпияларды ашса ғой…
Қазығұрт өңірі Сақ, Үйсін, Қаңлы сияқты көне тайпалар заманынан кейін әр кезеңде бірін-бірі алмастырған әр түрі ұлыстар мен қағанаттардың иелігінде болды. Бір кезде бұл жерді атақты Ғұн жұртының бір сілемі Ақ Ғұндар, яғни эфталиттер жайлады. 552 жылы Түркі қағанаты құрылған кезде ежелгі Үйсін-Қаңлы жұртынан тараған тайпалар одағы болып табылатын «он оқ» рулары тұрды. Он оқ өзара «бес Дулу» (Дулат) және «Бес Нүшибе» болып бөлінді және бұлар Түркі қағанатының негізін құрады. 603-704 жылдар аралығында Батыс Түркі жұртының орталық мекені болды. Одан кейін Қазығұрт маңайын Түргеш (704-756 ж. ж.), Қарлұқ (756-940 ж. ж.), Қарахан (942-1210 ж. ж.) қағанаттары иеленді. Бұл қағанаттардың аттары өздерінің билік кезеңдеріне орай өзгеріп отырғанымен, құрамындағы ру-тайпалар одағы өзгерген жоқ. Олар сол баяғы Үйсін-Қаңлы одақтарынан таралған ру-тайпалар болды.

БІЗДІҢ ӨЛКЕ ТАЛАЙ СЫРҒА КУӘ БОЛҒАН ӨҢІР

1210 жылдан кейін бұл өңір бір мезет Батыс Лияу патшалығы мен Хорезм билеушілерінің билігіне өтті. Ұзамай мұнда Шыңғыс ханның қаһарлы әскерлері жетті. Олар Бұқар мен Самарқан тарабына бара жатқанда тура Қазығұрт етегін басып өтті. Шарапхана мен Тұрбат бекеттерінде аялдап, алдағы соғыс барысына талдау жасады және осында біраз күн аялдады. Шыңғыс хан Орта Азия мен қазіргі Қазақстанның жерін тұтас иемденгенде Қазығұрт маңайы Шыңғыс ханның екінші баласы Шағатайдың атымен аталған ұлыстың құрамына кірді. 1222-1370 жылдар аралығында өмір сүрген Шағатай ұлысының ордасы біресе Ташкентте, біресе Бұқара мен Самарқанда болды.
Сол кезде бұрынғы Жібек жолының күре тамыры атанған Ташкент пен Сайрам аралығындағы жол Шағатай ұлысын сонау алыстағы монғол астанасы Қарақорыммен байланыстырып тұратын маңызды қызмет атқарды. Жібек Жолы дәуірі кезіндегі Ташкент пен Сайрам аралығындағы керуендер аялдап, демалатын бекеттер, яғни керуенсарайлар содан бастап Қарақорым мен Шағатай ұлысын жалғайтын екі еларалық байланыс қызметін атқарды.
Сол кезде әр бекетте алысқа хабар апаратын жаушылар үшін арнайы аттар бағылып, қосалқы шабармандар тобы дайын отырды. Мысалы, Ташкенттен Қарақорымға шұғыл хабарды жеткізуге шыққан шабармандар қосарланған атпен бір тоқтамай қазіргі Дербісек ауылында болған бекетке дейін шауып келген. Бұларды ол жерде басқа шабармандар ауыстырып, олар Ортабекетке (қазіргі Қазығұрт кенті) дейін жүйткіп келген. Ортабекетте ауыстырылған аттар пен шабармандар Шарапхана бекетіне бір-ақ келіп тоқтаған. Шарапханадан шауып шыққандар қазіргі Рабатқа (бұрынғы Фогелево) бір сағат уақытта жеткен.
Ары қарай шабармандар осындай бекеттер арқылы жолдарын жалғастырып кете берген. Көне дәуірдегі Жібек Жолы бойындағы керуендер аялдайтын, ал Шағатай заманынан бері шұғыл байланыс рөлін атқарған осынау бекеттердің мұндай қызметтері – кейінгі Ақсақ Темір мен оның ұрпақтары билігі кезінде де, Қазақ Хандығы тұсында да, қалмақ басқыншылығы уақытында да, Қоқан хандығының басқыншылық кезеңінде де, оңтүстік өңірі орыс отарына түскен мезетте де, тіпті, пойыз жол қатынасы мен телеграф желілері жетілген ХХ ғасырдың басына дейін жалғасты.
Бір анығы, ислам діні де бүкіл қазаққа Оңтүстік жері, нақтысы Қазығұрт өлкесі арқылы тарады. Ислам дінін таратушылар Саманидтер мен Соғды жұрты, сонымен бірге көнедегі Қаңлы-Үйсін ұлысынан тарап шыққан тайпалар және Оғыздар жайлайтын Орта Азия жеріне VIII ғасырдың алғашқы ширегінде келе бастады. Әлбетте, жаңа діннің негізін салушылар өз наным-сенімін басқа жұртқа ендіру барысында күш пен басқыншылыққа жол берген. Сол сияқты Орта Азияға ислам дінін алғаш таратушылар өз үгіт насихаттарымен бірге қылыш-найзаларын да сүйретіп келген. Соған орай Самарқан, Бұқара, Ташкент, Қазығұрт төңірегіндегі жергілікті халық пен арабтар арасында біраз уақытқа созылған соғыстар жүреді.
Осы кезде бар тараптан кемеліне келіп тұрған қытай елі Түргеш қағанатының әлсірегенін пайдаланып, Орта Азияға ислам дінін таратуды көздеген арабтардың алдын орау мақсатында Сыр бойындағы елдерге шабуыл жасайды және 749 жылы Ташкентті жаулайды. Ташкенттің Бағатұр атты билеушісі қытайдың үстемдігін мойындайды. Дегенмен қытайлар оны өлім жазасына кеседі. Осыған ашуланған Бағатұрдың баласы Хорасанда жатқан арабтардан көмек сұрайды әрі жауды жеңген жағдайда Ташкент (оның ішінде Қазығұрт маңайы да бар) айналасындағы соғды жұрты болсын, түркі елі болсын, бірден ислам дінін қабылдайды деп уәде береді.
Кешікпей Ташкентке арабтардың Әбу Мүсілім бастаған көп жасағы келеді. Олар Ташкенттен қытайларды алғашқы шайқаста-ақ ысырып тастайды. Бұл жаққа әу баста Сайрам мен Қазығұрт етегі арқылы келген қытайлар шегініс жасаған қайтар жолдарында да Келесті жағалап, қазіргі Қазығұрт кенті жұрған жазықпен Шарапхананы басып өтіп, Тараз бен Талас жаққа кетеді. Бұдан кейін тарихта айқын мәлім болғанындай, арабтар мен қытайлардың соңғы шайқасы 751 жылы Талас өзенінің жоғарғы жағасындағы көне Атлах қаласы маңында өтеді. Қытайдың 100 мың әскерінің 50 мыңы ажал құшқан осынау ұлы қырғында арабтарға соғдылар мен түркілер жасақтары көп көмек көрсетеді. Міне, осы жылдан бастап, біздің өлкеде ислам діні берік орнықты және Алаш даласына мұсылмандық қағидаттар келді. Содан бастап ислам ілімін таратушылардың дені осы біздің Қазығұрт жері арқылы Түркістан мен Отырар, Тараз бен Арқа, Еділ мен Қазан жеріне өтті.
Қазығұрт өңірінде VIII-XIҮ ғасырлар аралығында небір мұсылман ғұламалары өмір сүрді. Олар дін ілімі арқылы жергілікті халықтың рухани байлығын арттырып, өмірге жаңа көзқарас пен білім әкелді. Тұрбат пен Қазығұрт тауы етегіндегі түрлі әулиелік орындар сол замандардағы ата-бабаларымыздың дүниетанымын мүлде өзгерткен ғұламалардан қалған белгілер екенінде ешкімнің дауы болмаса керек. Қысқасын айтқанда, дүниедегі ең беделді діннің бірі – исламның шығыс пен пен батысты жайлаған түркілік жұртқа кең таралуына Қазығұрт өлкесі, осылайша, айрықша маңыз атқарды.
XIV ғасырдың екінші жартысында мұнда Мәуреннаһрды билеген Ақсақ Темірдің үстемдігі жүре бастады. 1360 жылдары қазіргі Өзбекстан, тәәжікстан мен Тркікменстан жерінің бәрін жаулап, өз алдына әмірлік құрған Ақсақ Темір 1365 жылы Ташкент пен Қазығұрттың шығыс жағын иеленіп отырған Моғолстан ханы Ілияс Қожаға қарсы соғыс бастайды. Ақсақ Темір алдымен Ілияс Қожаның Ташкенттегі әскерін талқандайды. Шайқастан аман қалған Моғолстан әскері Қазығұртқа қарай шегінеді де, Келес бойымен жүріп отырып, бүгінгі Шарапхана ауылы тұрған жазыққа келіп аялдайды. Ол кезде Шарапхана жүзге тарта тұрғыны бар бекет болатын. Мұнда оларға Сайрам жақтан Ілияс Қожа хан бастап келген отыз мыңдық әскер қосылады. Сөйтіп, саны қырық мыңға жуықтаған Моғолстан әскері осы жерде арттан қуып келген Темір әскерлерін қарсылайды.
Мезгіл – қара күздің кезі екен. Шайқас бас-аяғы бес күнге созылады. Бірақ шайқастың үшінші күні азаннан қатты нөсер құяды. Сол нөсер тоқтамай екі күн жауады. Нөсермен бірге шайқас та тоқтамайды. Нөсерден Келес пен Жіңішке және ол уақытта ағыны мол Талдыбұлақ суы тасиды. Мыңдаған атты әскер арпалысқан жазықтың бір жағынан – аттар тұяғынан, бір жағынан – тасыған өзендер суынан, бір жағынан – нөсер жауынның тасқынынан миы шығып, жер беті сұмдық батпаққа айналады. Тарихта «Батпақтағы шайқас» деген атпен қалған осынау шайқаста Темір әскері санының аздығынан жеңіліп, Сырдарияға қарай қашады.
Содан әбден күш жинап, әмірлік тақты берік иеленген Ақсақ Темір ХV ғасырдың үшінші ширегінің өн-бойында Қазығұрт, Арыс, Сайрам, Қаратау, жиып айтқанда, Түркістан өлкесін жайлаған моғолстандықтарға әлденеше рет шабуыл жасайды және бұл жорықтарының бәрі сәтті өтеді. Жорығының басын Ташкент пен Шыршық жерінен бастаған ол, барлық шеруін (кейде қиян-кескі майдандарын) Келес бойы мен Қазығұрт етегі арқылы жүргізіп отырды. Өйткені Қазығұрт етегінен басқа оның Түркістан өлкесіне баратын тікелей жолы жоқ-ты.
Міне, уақыт шаңына көміліп ұмытылған, соның кесірінен бүгінгі көпшіліктің жад-санасында қалмаған тарихи ақиқаттардың бір парасы осындай.

ҚАЗЫҒҰРТ – ҚАЗАҚ ЖҰРТЫНЫҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ

Тағы бір талассыз ақиқат – Қазақ Хандығы орнаған уақыттан бастап, ұлысымыздың ордасының іргеленуі мен кеңеюі және түбі мен тегі тамырлас алаштық тайпалардың бір тудың астына бірігіп, жеке ел болу жолындағы тұңғыш күрестері, елдік мүдде тұрғысында жасаған алғашқы қадамдары, иә, бабаларымыздың Қазақ болып ұйымдасу мұратындағы барлық әрекеттері – осы оңтүстіктен, нақты айтқанда, Қазығұрт өңірінен бастау алған. Нанбасаңыз, тағы тарихқа қараңыз. 1456 жылы Керей мен Жәнібек іргесін көтерген Қазақ Хандығы шартты түрде оңтүстік өңіріне жататын Шу бойында құрылды. Бұл кезде Қазығұрт аумағы Ташкентпен қатар біресе Шағатай ұлысынан бөлініп шыққан Моғолстан хандарының құзырында біресе Ақсақ Темір әулетінің билеушілерінің қол астында болатын. Бірақ Қазығұрт пен Ташкент маңының халқы қазақтың ежелгі тайпалары болып саналатын Қаңлы, Шанышқылы, Дулат, Сіргелі сияқты бірлестіктерге жататын рулардан тұратын. Ал бұл тайпалардың Шу-Талас тарапында тұратын жарым-жартысы Керей-Жәнібек көтерген ұлыстың құрамына әу баста-ақ кіріп қойған болатын. Енді шыққан тегі Алаш болып табылатын басқа тараптағы ру-тайпалар да жаңадан ірге көтерген Қазақ Хандығының төңірегіне топтасуға жол іздей бастайды. Соған байланысты Керей мен Жәнібек 1470 жылдары Сыр бойындағы және Түркістан, Қазығұрт, Сайрам өңіріндегі қандастарды Қазақ Ордасына қосып алуға кіріседі. Ұзамай бұл ұлы мұрат та іске асады. Алайда…
Қашанда жаңадан ірге көтерген бір елдің мықты бір мемлекетке айналып, жеке халық боп ұйысып кетуінің қиын болғанын кәрі тарих бізге талай оқытқан. Сондай қиындықты Қазақ Хандығы да бастан кешкен. Тілі мен ділі, түрі мен діні бір қандастарды бір Ордаға ұйыстыру жолында Керей мен Жәнібектен бастап, Бұрындық, Қасым, Момыш, Тайыр, Тоғым, Бұйдаш, Хақназар, Тәуекел, Есім сынды хандардың бәрі күндерін ат үстіндегі жорықта өткізді. Бір ғажабы, осы хандардың бәрінің сыртқы жаулармен соғысы алдымен біздің оңтүстік өлкесінен, оның ішінде тағы да Қазығұрт маңынан бастау алған.
Бір туған қандастарды бір тудың астына біріктіруде Керей мен Жәнібектен кейін ең алғаш әрі үлкен іс атқарған – Бұрындық хан. Оның кезінде Мұхеммед Шәйбани Орта Азиядағы Темір әулетінің билігін жойып, осы өлкеде өз билігін нығайтқан және Қазақ Еліне басты дұшпанға айналған. Шәйбани сонымен бірге Ташкент айналасын да өзіне қаратқан. Ол енді Ташкенттен асып, қазақ даласын жаулауды мақсаттайды. 1486 жылы Бұрындық бастаған қазақ қолы мен Шәйбанидің соңына ерген қалың әскер Келес жағасындағы қазіргі Қақпақ пен Айнатас, Қызылқия тұсындағы жазықта беттеседі. Үш күнгі ұрыстан соң қазақтар үстем түсіп, Шәйбани қолы Сырдарияның бас жағына қарай тықсырылып кетеді. Бірақ Бұрындық Ташкентке шабуылдамайды. Келестің аяққы тұсына дейінгі жерді қазаққа қаратып, өзі Шу бойына қайтады.
Қазақ жерін жаулап алудан үмітін үзбеген Шәйбани бұдан кейін Түркістан тарапқа бірнеше мәрте шабуылдайды. Бір шабуылында ол Түркістаннан асып, Ұлытауға дейін жетеді. Бірақ 1510 жылы Қасым сұлтаннан қирай жеңіледі. Аталмыш жеңілістен соң Шәйбани ұлысының күні сөнуге тиісті-тін. Жоқ, қазақ даласына сұғына енген оның жорықшы қолы талқандалғанымен, Мәуреннаһр жерінде Шәйбанидің сан мыңдағын жұрты, берік қамалды шаһарлары, бақайшағына дейін мұздай қаруланған мықты әскері бар еді. Сондықтан да, ендігі жерде Шәйбанидің тағын иеленген ұрпақтары қазаққа кегі қатқан жауға айналуы керек-ті. Расында, солай болды да. Бұдан кейін де талай жыл қазақ хандары мен өзбек билеушілерінің арасында Ташкент, Сайрам, Түркістан жері үшін талай-талай соғыстар өтті. Ал Қазығұрт өңірі бұл соғыстардың бірде-бірінен шет қалған жоқ. Бір анығы, Шәйбанидың да, оның ұрпақтарының да қазақ даласына жасаған жорықтарының бәрі Ташкент маңайынан басталып, Келес жағасы мен Қазығұрт етегі арқылы өткен. Осыдан кейін сол кезеңдерде өлкемізде қандай аласапыран шайқастардың болғанын, Ташкент пен Шымкент аралығындағы жазық бойымен неше мыңдаған лек-лек әскерлердің өтіп бара жатқанын бір сәт көз алдыңызға келтіріп көріңізші. Сонда өлкеміздің қандай тарихи уақиғалардың куәсі болғанына көзіңіз бірден-ақ жетер еді.
1511 жылы Қазақ Ордасының тағына Алаш жұртының ұлы хандарының бірі Қасым отырды. Қасым хан таққа жайғасқан уақытта Сайрам мен мен Ташкент аралығындағы өлке Шәйбани ұрпақтарының қолына өткен кез- тұғын. Қасым хан ылғи Алаш рулары жайлаған осы өлкені қайтадан Қазақ Хандығының құрамына қосып алуды ұйғарады. Осы мақсатпен 1513 шәйбанидтер уысында тұрған Сайрамды алады, Ташкентке шабуыл жасайды. Бірақ бұ жолы Ташкентті ала алмайды. Бәлкім уақыт тапшы болды, бәлкім елдің басқа бір шетіне жау тиді, қалайда да ол шақта Қасым ханның Өзбек хандығынан басқа да жаулары жеткілікті еді. Тарихи деректер тап сол уақытта Жайық бойындағы ноғайлар қазаққа кауіп төндіріп, ел шетіне тигенін растайды. Осы себепті Қасым хан Ташкент маңындағы әскерді батысқа бұрса керек. Қайткенде де, Ташкент сол жолы шәйбанидтердің қолында қала берген. Ал соғыс басында Түркістан беттен аттанған Қасым қолы Сайрамды алғаннан кейін Ташкентке тура біздің ауданның үстінен өткен. Демек. Қазығұрт жерінде ел аузында «Қасымханның қасқа жолы» деген сөз қалдырған ұлы хан Қасымның да айқын ізі қалған.
Қасымнан кейін таққа отырған Тайырдың он жылдық хандық ғұмырында да Келес бойы қантөгістен арылмапты. Жоғарыда аталған екі хандық мәуелі оңтүстік және ондағы шұрайлы аймақ, шырайлы мекенді иелену үшін жанталасып баққан. Өзбек хандығы Түркістан-Қаратау мен Ташкент арасындағы кең алапты бауырына басып қалу үшін күрессе, қазақ билеушілері мұндағы киелі қоныстармен қатар, Алаш белінен тараған қандастарды қатарға қосып алу мұратындағы мүдде үшін күрескен. Дегенмен күрес ылғи итжығыспен өтіпті.
Қазақ тарихында кезінде арнайы зерттеліп, зерделенбеген соң, тасқа түсіп том-том кітап болып жазылмаған соң, кино болып түсірілмеген соң ел есінде қалмаған айрықша оқиғалар өте көп. Бұндай оқиғалар ата-бабаларымыздың ерлік пен өрлікке толы жалынды жолдарын, қастерлі де мерейлі жылдарын көрсететіні анық. Өкініштісі, арамызда тап сол заманның зерттеушілері аз. Болған күннің өзінде белгілі бір шеңберден, бұрын айтылып жүрген тар ауқымды қалыптан шыға алмайды. Ондайлар тарих жазу үшін дерекпен бірге қисын да керек екенін еске алмайды немесе оған өрелері жетпейді. Болмаса, болып жатқан оқиғаның қай тұстан басталып, қай жерде аяқталғанын аңғаруға, соларды ашып жазуға батылдары жетпейді. Мәселен, 1456 жылы құрылып, Кенесары хан өлтірілген 1847 жылға дейін Қазақ Хандығы өмір сүрді десек, осы екі аралықтағы 391 жылдың ішінде қазақ жазған еш болмаса жиырма-отыз жылды бейбіт өткізбепті. Ылғи жан-жақтан анталаған жаудан, қорғанып, сырттан соққан дұшпанмен алысып күн өткізіпті. Қазақ өз жері, өз намысы үшін қай жылда, қай айда және қанша рет соғысқанын ешкім дәл айтып бере алмайды. Өйткені жоғарыда аталған уақыт ішінде ірісі бар, майдасы бар, мыңдаған соғыстар болған. Десек те, осылардың ең айтулы, ел үшін аса маңызы болған дегендерін нақты жазу – бүгінгі тарихшылардың міндеті. Және де сондай маңызды соғыстарға жорыққа шыққан мыңдаған шеріктердің қай жермен жүріп өткенін, шайқастардың тап қай жерде іске асқанын ашып көрсету де – сол зерттеушілер атқарар жүк. Осы орайда Қазығұрт өңіріне байланысты баса мән беріп, айтып кететін тағы бір елеулі оқиға бар.

ҚАЗЫҒҰРТТА ҰЛЫ
ХАНДАРДЫҢ ІЗІ ҚАЛҒАН

ХVI ғасырдың алғашқы жартысында қазақ елін төрт тараптан бірдей жау қысқан. Санамаласақ, шығыстан – жоңғар, батыстан – ноғай, оңтүстіктен – Бұқар-Өзбек, шығыс-оңтүстіктен Моғолстан. 1533 жылы таққа жайғасқан Тоғымға дейінгі хандардың бәрі қайтпас бөрідей осы төрт жаумен алысып өткен. 1537 жылы Бұқар-Өзбек ханы Убайдулла мен Моғолстан ханы Әбдірашид берік одақ жасасып, Қазақ хандығын жер бетінен құртып жіберуге уағдаластық етіседі. Тоғым хан бұларға қарсы қазақ-қырғыздың біріккен қолымен қарсы жүреді. Екі тарап 1537 жылдың 27 шілдесінде Ыстықкөлдің шығыс бетіндегі Сантас деген жерде жолығысады. Ұрыс екі күнге созылып, қазақ-қырғыз қолы түгелімен қырғын табады, солармен бірге Тоғым хан да және оның тоғыз ұлы да ашал құшады.
Осы соғыстан кейін шартарапқа «қазақ халқы жер бетінен жойылыпты» жеген хабар тарайды. Бірақ бұл жалған хабар еді. Өйткені қазақ ол уақытта әлі мол еді, жері де кең еді… Ал біздің сонау Ыстықкөл жағысында өткен алапат соғысты айтып отырған себебіміз – Бұқар-Өзбек ханы Убайдулла аталмыш шайқастан қайтар жолда Алатауды жағалап, Сайрамды баса, тура Қазығұрт етегінен өтеді. Өткенде жай өтпейді, мұндағы өзіне бағынбай, анда-санда Қазақ хандығына қосылу үшін бас көтеріп, ұрыс салып жүрген руларды қырып, бірнеше жүздеген жігіт-қыздардарды құл мен күңдікке, мыңдаған мал-мүліктерді олжаға алып кетеді. Аталмыш қырғында ауданымызда тұратын бүгінгі ұрпақтардың қаншама ата-бабалары шейіт кетті, қаншасы шерменде күйде жет елдің жетегіне ілесті деңіз. Иә, бүгінгі саналы замандас ойлаңыз, бұл қасірет – бұрынғы ғасырларда ата-бабаларымыз көрген көп зұлматтың бері ғана.
Тоғымнан кейін ел тізгінін ұстаған Ахмет хан да бір рет Ташкентке жорық жасапты. Одан кейін хан болған Бұйдаш та Бұқар ханының әскерімен екі рет Келестің орта тұсында соғысады һәм сондай шайқастың бірінде қаза табады. Бұйдаш қаза болғанда, оның орнын Хақназар хан басады. Хақназардың уақытында Бұқар хандығынан тәуелсіздік алған Ташкент уәлаятын Баба Сұлтан деген шәйбанид билеп тұрған. 1537 жылғы Сантастағы қырғыннан кейін Қаратаудың оңтүстік жағындағы шаһарлар мен далаларда қазақ рулары тұрса да, түгелімен Бұқар хандығының қол астына өткен болатын. Одан Ташкент уәлаяты бөлініп шыққан. Ал Ташкент уәлаятына Шымқала мен Сайрамды қосқанда, қазақтың Қаратауға дейінгі жері қараған. Ал Түркістан, Сауран, Отырар сынды қалалар Бұқар хандығының қол астында болатын.
Хақназар да осы өңірлерді қазаққа қаратуды ойлайды. Бұл кезде Бұқарды атақты Абдолла хан билеп тұрған. Хақназар Бұқарға қарсы бірлесіп соғыспақ болып, Ташкент билеушісі Баба Сұлтанмен шарт жасасады. Бірақ Баба Сұлтан шешуші сәтте опасыздық көрсетіп, Келес бойында тігілген Хақназардың шатырына тұтқиылдан шабуылдап, ханды өлтіреді. Тарихшылар Хақназар ханның өлтірілген жері жайында әлі талас үстінде. Бірі – оның шатыры Ташкент түбінде тігілген десе, бірі – Келестің аяғына таман тұста болған дейді. Енді бірі – ол шатырын Шыршық жағасына тіккен еді дейді. Тағы бірі – шатыр Келестің орта тұсына тілген деген уәж айтады. Негізі соңғы тұжырым дұрыс. Көптеген деректерді салыстыра қарағанда Хақназар өлтірілген кезде оның шатыры Келестің орта шеніне таман, нақтысы, қазіргі Ақжар мен Қызылқияның аралық тұсында болған. Демек, өз заманында теңдесі жоқ қолбасшы, көреген хан атанған Хақназар атамыздың соңғы демі өзіміздің аудан шегінде үзілген. Бұл мезгіл – 1580 жылдың күз айы болатын.
Баба Сұлтан Хақназарды өлтірген соң арқаланып, негізгі тұрғындары қазақ, бірақ Бұқар билігіне қарайтын Түркістан мен Сауранды жаулайды. Хақназардан кейін билікке жеткен Шығай Баба Сұлтанға қарсы күресте Бұқар ханы Абдолламен бітім жасасып, аяусыз күрес бастайды. Бұл ұрыста қазақ қолын Шығайдың ұлы Тәуекел сұлтан бастайды. Ол 1582 жылы Түркістан түбінде Баба Сұлтанның әскерін тас-талқан етеді. Өзін Ұлытауға дейін қуып барап, басын алады. Баба Сұлтан Түркістан тарапты бетке алғанда оның Ташкенттен шыққан әскері алдымен Келес бойымен жүріп, кейін Қазығұрт белі арқылы Ордабасы тауы мен Арыс өзеніне қарай асқан.
1583 жылы Шығайдың орнын – кейінгі орыс отары мен совет кезінде айырылғанымыз бар, қолдан шыққаны бар, жалпы, сол уақытта қазақ жері атанған аймақтың бәрін, ал қазіргі Қазақстанның тұтас аумағын Алаш баласына қаратуға өлшеусіз үлес қосқан, сол жолда кенеусіз ұрыс, жойқын соғыстар өткізген Тәуекел басады. Ол таққа жеткен күннен бастап-ақ Қазақ Ордасы қайта күшіне міне бастайды. Ол да, алдымен қалайда Ташкент аумағын қазаққа қаратып, іргеге бір тыным бермейтін Бұқар хандығын жуасытуды ойлайды. Бұл тұрғыдағы оның ойы – біреудің жерін сырттан соғып, жаулап алу емес-тұғын, сол маңдағы қандас жұрттың өз бауыры көтерген Ордаға қосыламын деген арман-мұратын іске асыруға ұмтылған әрекеті еді.
Тәуекел сұлтан кезінде Баба Сұлтанның әскерін жеңіп өзін өлтіргенімен, Түркістан, Сауран, Отырар қалалары, Сырдарияның ұзына-бойындағы қалың тоғайлы екі жақ жағасы мен Қаратау, Сайрам, Шымқала, Қазығұрт маңайы Бұқар хандығының қол астында қала берген-ді. Тәуекел таққа отыра салысымен, Хақназар ханның алмағайып қазасынан соң уыстан шығып кеткен осы киелі де құт мекенді қайтарып алуды ойлайды. Әлбетте, бұл уақытта замандастары екінші Ақсақ Темір атандырған Абдола хан билеген Бұқар хандығынан аталмыш аймақтарды қайтарып алу оңай емес еді. Алайда, Тәуекел ел мүддесі, қазақ намысы үшін қатерлі іске бел буады. 1586 жылы сан мыңдаған Аламан ерткен Тәуекел Сайрамдағы Бұқар әскерлерін Ташкент түбіндегі бүгінгі Ызаарыққа дейін тырқырата қуып тығады. Бұл шайқаста Шымқаланың шығыс-түстік тарапындағы жазық даламен шегінген Бұқар әскері Қазығұрттың етегімен жүріп отырып, жол-жолдағы қазақ ауылдарын қан қақсатып өтеді.
Тәуекел алғашқы ұрыстағы осы жеңісін қанағат тұтып әрі әзірше қазақ қолының қуат-күшінің кем екенін аңдап, келешек мұрат жолындағы жоспарларын нақты анықтап алуды ойлап, Арқаға қарай кетеді. Артынша Бұқар әскері қайтадан Сайрамға дейінгі далаға келіп орнығады. Бірақ оның жаңағы жорығынан күш алып, арқаланған Келес, Ташкент, Шахрухиа (Тойтөбе) өңіріндегі қазақтар 1588 жылы түп көтеріліп, осындағы Абдолла әскерлерін талқандайды. Бұдан құлақтанған Арқа жатқан Тәуекел оларға дер кезінде көмекші әскер жібере алмайды. Есесіне, Бұқар жақтан тез жеткен Абдолланың қандықол әскерлері көтерілісшілерді қан-жоса қылып басады. Ташкент, Тойтөбе маңайындағы қырғында айтпай-ақ қоялық, ал біздің аймақта мыңдаған адамның бастарын шауып, Келеске ағызады, Тұрбат, Шарапхана бекеттерінің кіре берісінде жүздеген адамды дарға асады және тірі қалғандарға үрей туғызу үшін он күн бойы дардағы өліктерді босатпай, салбыратып қояды.
Арада он жыл өткенде күші кемеліне келген және жан-жақтағы ахуалды әбден таразыға салып байыптаған, тек жеңістен басқаны мақсат етпеген Тәуекел тоқсан мың қолмен Ташкентке қарай жылжиды. Тағы да Сайрамды басып, Қазығұрт етегі арқылы Шарапхана, Ортабекеттен өткен осынау құдіретті қол, жолында кездескен Бұқар әскерлерін оп-оңай таптап, Ташкенттен асады. Осы жерде Тәуекелді Абдолланың жүз мыңдық қолы қарсылайды. Екі күнгі шайқаста Тәуекел қырық жыл бойы жеңілуді білмеген Абдолланың осы таңдаулы әскерін тас-талқан етеді. Мұны естіген Абдолла күйіктен өледі. Ал Тәуекел Самарқанды басып, Бұқар қаласына таяйды. Бірақ Бұқар түбіндегі соғыста қатты жараланып, әскеріне кейін қайтуды бұйырады.
Тәуекел сол жарақаттан жазыла алмай, 1598 жылдың күзінде Ташкент маңында көз жұмады. Бірақ оның жеңісінен кейін Сырдың екі жағасы, Ташкент, Ходжент, Түркістан, Сайрам, Отырар қалаларының бәрі қазақ құзырына өтеді.
Осымен Қазақ-Бұқар жауласуы бітсе керек-ті. Бірақ Тәуекелдің орнын басқан Есім ханның алдына бүкіл Орта Азияға абыройы артқан пір Бахауиддин Нақышбандиді ертіп келіп, бітім сұраған Бұқар билеушілері ұзамай уәделерін бұзып, тағы қазақ қалаларына шабуыл жасайды. Содан тағы бақандай жиырма бір жылға созылған Қазақ-Бұқар соғысының екінші кезеңі басталады. Жиырма бір жылдың ішінде арада үлкен-үлкен жеті соғыс болады. Алдыңғы алтауы итжығыс өткенімен, соңғы жетінші майданда Есім хан зор жеңіске жетеді. Сөйтіп, оңтүстік тараптағы шекара берік бекиді.
Осынау ұлы жеңістен соң қазақ халқы тыншып, өрлеу мен дамудың жолына түсіп, бейбіт заманның рахатын көріп, жайдары да жадыраңқы күн, мамыражай күй кешумен дәурен сүруі қажет-ті. Алайда, баста айтқанымыздай, қазақ жазғанға Жаратқан ондай бақытты жазбапты. Түстік бір мезет тыншығанымен, шығыстағы жоңғар барақат таппаған. Біресе Жетісуға, біресе Зайсанға шабады. Осыған байланысты Есім ханның ендігі күрестері біздің аймақтан тыс жерде өрбіп жатады. Алайда, оның бір кезде оңтүстікті қайта-қайта басқан атының тұяғы, осы жерді, нақтысы Қазығұрт етегін бір арпалысты оқиғаға байланысты тағы басуына тура келеді. Иә, аласапыран заманда хан атының тұяғы қай жерді баспас дерсің. Десек те, бұл жолы қазаққа жау сырттан емес, өз ішінен келеді.

ТАШКЕНТ ҮШІН КҮРЕС ТЕ
ҚАЗЫҒҰРТТАН БАСТАЛҒАН

Тәуекелдің ұлы жорығынан кейін Ташкент пен оның маңайындағы шаһарларға қазақтан шыққан төрелер билік жасай бастайды. Ташкентке Жалым сұлтанның ұлы Тұрсын хан иелік етеді. 1627 жылдың басында Есім хан күллі Алаштан жасақ топтап, Моғолстан тарапындағы мазасыз көрші қалмақтарды жуасыту мақсатында жорыққа аттанады. Тап сол уақытта осыдан бірер жыл бұрын Ташкентте өз атынан теңге шығарып, Сырдың бас жағындағы шаһарларға өзіне табын адамдардан билеушілер қойып, өлкеде жеке басының құзырын арттыруға кіріскен Тұрсын хан Шарапхана арқылы өтетін жолмен Шымқала, Сайрамға жетіп, басып алады. Одан соң Түркістанды басады. Мұндағы қандастарға зорлық көрсетіп, Есім ханның билігін емес, өзінің билігін мойындауды пәрмендейді. Қарсылық танытқан би-батырларды қатаң жазаға тартады, көнбеген қара халықты қойдай бауыздайды, қысқасы, өз ағайын-тумасы болып табылатын Алаш баласына жат жұрттық жау тәрізді ойран салады. Оның бұл әрекеті – Қазақ Хандығынан бөлініп, өз алдына жеке Ташкент хандығын құрғысы келетінінің белгісі-тұғын.
Бірақ отау ішінен бөтен үй тіккісі келіп, өз қандасына дұшпандық танытқан опасыздың әрекеті алға баспақ емес. Тұрсынның бұл ісінен дер кезінде хабардар болған Есім хан, қалмақ жорығынан бас тартып, дереу оңтүстікке жетеді. Тұрсын да оны лайықты қарсыламақ болып, бар әскерін соғысқа дайындайды. Есімнің қалың қолы Түлкібастан асып, Иірсу асуы арқылы бүгінгі Төлеби ауданындағы Қаратөбе ауылының түстігіндегі жазыққа келіп ат басын іркиді. Тұрсын хан әскері қарама-қарсы беттегі Балдыберек пен Сайрамсудың ортасындағы тегісте сап түзейді. Екі арада ешқандай да бейбіт келіссөз жайындағы әңгіме де, батырлар арасындағы жекпе-жек те болмайды. Өз бауырының сатқындығына қаны қарая ашуланған Есім хан әскерінің арты алдыңғыларымен қосылған заматта Қаратөбе үстінен соғысты бастауға рұқсат іспеттес белгі – даңғыра шалдырады. (Осы жер кейін Даңғыра шалды деген атпен аталып кетті).
Содан тек қазақтардан тұратын екі жақтың жауынгерлері өзара аяусыз ұрысқа кіріседі. Қанша дегенмен қолбасшылық дарыны мен қарымы күшті Есім хан бірте-бірте Тұрсын қолын кейін тықсыра бастайды. Ажалдан бас сауғалап, Ташкентке қарай қашқан Тұрсын ханның соңынан топ-топ әскерлері ілеседі. Тұрсынның өзі Ташкентке Қазығұрттың алдындағы Ақбура жотасы арқылы Келес, Тұрбат, Қақпақты баса өтіп қашса, әскерлерінің бір бөлігі оның соңынан, ал бір бөлігі Қазығұрттың сыртын айналып, Көкібел, Қаржан, Шыршық арқылы қашады. Ташкентке барып тығылған Тұрсын бәрібір ажалдан құтылмайды. Есім оны қолға түсірген соң бірден өлім жазасына кеседі. Иә, бұрындары Қазығұрт өңірі өз төсінде қазақтардың жатжұрттықтармен алысқан сансыз шайқастарын өткерсе, осы жолы Тұрсын тәрізді сатқын төренің кесірінен бауыр-бауырмен қырқысқан соғысты да өткеріпті. Әлбетте, бұл мақаланың міндеті – жоғарыда жазылған тарихи оқиғалар мен соғыстарға баға беріп, олардың астарын талдау емес, тек солардың өз өлкемізде қалай және қай уақытта өткені жайында оқырманды хабардар ету еді. Десек те, Қазақ Хандығы бастан өткерген барлық ірі оқиғалардың Қазығұрт өңірімен тікелей байланысты болуы – біздің ауданымыздың бұрынғы тарихының өте бай һәм қастерлі екенін білдіреді.

ҚАЗЫҒҰРТ ӨҢІРІНІҢ
ҚАЛМАҚ ШАПҚЫНШЫЛЫҒЫ
КЕЗІНДЕГІ АХУАЛЫ

Әрине, Қазығұрт өңірінің Қазақ Хандығымен және тұтас қазақ халқымен тарихи байланысы атылмыш оқиғалармен шектеліп қалмайды. Қазақ тарихында ең көп айтылған және ең көп жазылған, тіпті, осы күнде жауыр тақырыпқа айналған, сонымен бірге көп жарнамалғаны соншалық, бүгінгі ұрпақтың санасына ілгеріде атам қазаққа олардан басқа жау болмаған сияқты ұғым сіңген қазақ-қалмақ соғысының басты оқиғаларының біразы да біздің өлкеде өткен. Әрине, екі ғасырдан астам уақытқа созылған бұл соғыс қазақ жадына мәңгілік сіңбегенде қайтсін. Оның үстіне кешегі совет кезінде біздің қазақтың өткен тарихы тек қазақ-қалмақ соғысына ғана байланыстырылып оқытылғаны да бұған үлкен ықпал.
Негізі, бұл қазақ-қалмақ жау-ластығы 1520 жылдардан басталып, ара-тұра ғана үзілістермен 1758 жылға дейін жалғасты. Бірақ сонау Қасым ханнан бастап, 1652 жылы майданда қаза тапқан Жәңгір ханға дейін қазақтар қалмақтарға еш дес бермеген. 1681 жылға дейін олар қазақтың жерін жаулап, бір пұшпақ жерін де иелігіне ала алмаған. Міне, осы жылы екі халық арасындағы екі жүз жылдық соғыстың жаңа кезеңі басталады. Тәуке ханның таққа отырғанына бір жыл толған 1681 жылы айрықша қуатқа жеткен қалмақ ұлысының ханы Қалдан-Бошықты жолындағының бәрін жапырып, Жетісуды жаулайды. Одан соң сол екпінмен Шу-Таластан асып, Арысқа жетеді, қазақтың қалың жиынтық ортасы Сайрамды қоршайды. Осылайша, қалмақ аяғы бірінші рет оңтүстік жеріне тиеді.
Қазақ-қалмақ соғысы біздің тарихта қаншалықты көп жазылды дегенімен, оның кейбір тұстары әлі де көмескі күйі зертелінбей жатыр. Мәселен, олардың оңтүстікке жасаған жорықтары мен осындағы халыққа әкелген зардаптары, сондай-ақ қай жылы оңтүстіктің қай тарапын жаулады, Ташкент пен Келес бойына қай уақытта келді деген сұрақтардың басы әлі ашық күйде қалуда. Жалпы, қазақтың тарихи ғылымында оңтүстік тарихы өте аз зерттелінген. Солардың ең маңыздыларының бірі – осы Сайрам соғысы. Қалмақтар 1681-84 жылдар аралығында Сайрамға төрт рет шабуыл жасайды. Алдыңғы үш рет шабуылда қамалды ала алмағанымен, осы өңірден мыңдаған мал-мүлік олжалап, сансыз адамдарды айдап кетеді. Төртінші шабуылды Қалданның інісі, болашақта қазақтың басына зор қауіп төндірген хан болған Сыбан Раптан бастайды. Ол бірнеше зеңбіректерінің күшімен қамалды тас-талқан қылады, қарсыласқан қазақтарды мыңдап қырады. Өзбек тарихшысы Асат Сапиевтың жазбасына ден қойсақ, осы соғыста қазақ ханы Тәуке көрінбеген, шайқасқа тек жергілікті қазақ батырлары бас болған. Сайрамды талқандаған қалмақтар Қазығұрт тауынан асып, Келес бойына дейін келеді. Бұрынғы әдеттерінше мұндағы жұртты да ұлардай шулатып, мал-мүліктен мол олжа әкетеді.
Қалмақтар бұл жылдары Жетісу жерін толық иемденіп алса да, осы жолғы соғыста қазақтың басқа жерлерін иелену мақсатында емес, тек олжа үшін шапқан болатын. Өйткені олар осы уақытта қытаймен соғысып жатқан әрі бар күшін соған жұмсау үстінде-тұғын. Ал қазақ жеріне келген Қалдан әскерінің оннан бір бөлігі ғана болатын.
Осыдан кейін жоңғар бақандай он үш жыл қазаққа тиіспейді. 1697 жылы кезекті рет бір шабуыл жасайды. Бұ жолы қазақтар олардың беттерін бір қайтарғанға ұқсайды. Одан соң 1710 жылға дейін құба қалмақ тағы тым-тырыс жатады. Бірақ қазаққа тиіспеді демесең, осы уақыт аралығында жоңғар қытаймен қырқысумен болған. Содан арада сегіз жыл өткенде 1718 жылы қазаққа тағы тиіседі де, Қаратау етегіндегі ел-жұрты қырып келіп, Қазығұрт өңіріндегі руларды да қан қақсатып кетеді.
Бұл уақытта қазақтың ханы Болат еді. Болат оңтүстік жерін жапырған жауға еш қарсылық танытпай, тым-тырыс отыра береді. Одан бұрынғы ел аузында әз-Тәуке деген атпен қалған Тәуке хан да іргедегі қалмақтың әрекетін аңдамайды, ол шапса, лайықты қарсылық көрсетпейді.
Ол хандық құрған отыз бес жыл ішінде қазақ бұрынғы хандардың кезіндегідей бірде-бір мерейлі жеңіске жетпепті. Тарихқа әйтпесе былай болар еді деген үкім жүрмейді, бірақ та кейінгі ұрпақ өткен тарихты таразылауға құқылы. Осыған сайсақ, отыз бес жыл ішінде қайта-қайта шапқан жаудың аңысын аңдамай, оның келешектегі жоспарын сараламай күн кешкен сол кездегі қазақ билеушілері ара кідік болған бейбіт кезеңдерге тоқмейілсіп, бір күндік тыныштыққа барақат тауып, екі күн бейбітшілікке мойынсұнып, қамсыз, ойсыз отыра берген бе дерсің. Әйтпесе, қыр астында қарулы жасағы, сойылды аламаны ат үстінде дайын отырған, кез келген уақытта жота асып, су кешіп келіп қалуы ықтимал дұшпанның ой-ниетін байқауға, іс-әрекетін бақылауға неге сонша немқұрайлылық танытқан.
Бүгінгі ұрпақтың бәріне белгілі жәйт – қалмақтың біздің далаға ең жойқын шабуылы 1723 жылдың ортасына таман іске асты. Қазақтың азып-тозып құты қашқан, екісінің бірі өліп, Ақтабан шұбырындыға түскен кезі осы тұс. Қалмақ бұл жолы Алаш даласына бұрынғыдай мал-мүлік олжалау үшін аттанып келген жоқ, қытаймен өткерген көп жылғы соғыстан соң жері тарылғаны себепті жаңа қоныс иелену мақсатымен бізге шабуылдаған. Шабуыл барысында ол кері қайтуды ойламаған, қай жерді басса, сонда орнықпаққа бекінген.
Ақтабан шұбырынды кезеңінде Іле-Балқаш, Шу-Талас, Қаратау алабынан Сырдария мен Ташкент тарапқа босқан жұрт Қазығұрт етегін шаң қылған. Қалмақтардың 1723 жылғы шабуылының негізгі бағытына зер салсақ, алдымен олар Алатау мен Сарысу аралығындағы оңтүстік алапты басқан. Содан соң Түркістан мен Сайрам арасындағы руларды шауып, Шыршыққа дейін барған. Осылайша, түбі Ойрат болып табылатын қысық көзді дұшпан Қазығұрт етегіне алғаш 1723 жылы келген.
Біздің тарихшылар 1923-24 жылдардағы Ақтабан шұбырындыдан кейін қалмақ қолдары оңтүстіктің қай тарапына ұйысып отырды деген сұраққа әлі назар салмай жүр. Ақиқатында жоңғарлар қазақтарды Ақтабан шұбырындыға түсіріп, Шыршыққа дейін түре қуғанымен кері қайтып,Түлкібас жақта шоғырлана отырған. Ал негізгі күші Әулиета маңы мен Жетісуға қайтып орныққан. Осыны пайдаланған қазақ билеушілері ес жиып, 1726 жылы Ордабасыдағы атақты жиынды өткізген. Әйтпесе, жаудың жиынтық күші Қазығұрт пен Арыстың бойында отырған болса, қазақтардың бұлай жиналуына мүмкіндік берер ме еді.
Негізінде, қалмақтардың Қазығұрт пен Келес маңайына орнығуы 1729 жылдары орын алған. 1728 жылы Бұланты өзені бойындағы ұрыста бір рет жеңілген қалмақ артынша дереу ес жиып, қазақтар шоғырланып отырған Ташкентті жаулап алуға кіріседі. Содан әскери күштерін Ташкентке жақын маңайға орнықтыра бастайды. 1729 жылы Ташкентті алғаш рет жаулайды да, шаһарда отырмай Келес бойы мен Қазығұрт етегіне келіп, шоғыр-шоғыр болып отырады. Тайшылары мен әскербасылары баяғы Сақ-Үйсіндерден қалған жасанды төбелерді мекендейді. Осындай төбелерді кешегі қариялардың «Қалмақ отырған төбе». «Қалмақ төбе» деп атап жүргендерінің себебі осы. Мысалы, Атбұлақ ауылының жоғарғы тұсындағы жота басында қалмақтардан қалған зынданның орны бар. Мұндай зынданның орны Алтынтөбедегі төбенің түбінде, Тұрбат маңындағы Қаратас шоқысында да жатыр. Қалдан Сереннің әскері Ташкентті 1735 жылы тағы шауып, 1739 жылға дейін құзырында ұстайды. Осы жылы қазақтар шаһарды қайта қайтарып алады. Ұзамай қалмақтар тағы басады. Содан 1745 жылы Төле би бастаған қазақтар оны басқыншыдан біржолата тазартады.
Міне, осы жылдардағы шай-қастардың бәріне – Ташкентке барарда да, Ташкенттен шегінгенде де – қалмақ қосындары тура Қазығұрт ауданының жерін басып өткен. 1745 жылдың күзінде Сары Мәнжі тайшы қалмақтармен қазақтардың Төле би мен Бердіқожа батыр басқарған аламандар Шарапхананың батыс бетіндегі жазықта шайқасқа түскен. Осы шайқастан кейін жоңғарлар Келес бойынан түпкілікті қуылған.
Осы тұста бір айта кететін жәйт, базбір зерттеушілер мен жазушылар Төле би алғашқыда Ташкент билігене қалмақ ханы Қалдан Сереннің арқасында жеткен деп жазып жүр. Анығында, Төле би Ташкентке Қалдан Сереннің келісімімен би болып, осы үшін оған көп мөлшерде салық салып тұрған дейді. Осынау ертегіге парапар қисынсыз әңгімені ойлап табушылардың ниетінің астарында, біріншіден, Төле бидің абыройын төмендету жатқан болса, екіншіден, оңтүстіктегі қалмақ шапқыншылығы тарихынан мақұрым қалған сауатсыздықтың белгісі жатыр. Ақиқатында, Қалдан Серен мен Төле бидің арасында Ташкент үшін ешқандай келісім болған емес. 1924-25 жылдарда қалмақтар Ташкент түбінен қайтып кетіп, Түлкібас жаққа шоғырлана отырған. 1926 жыл үш жүздің би-батырлары, сарбаз-аламандары Ордабасы тауында алаңсыз жиналып жүргені де – осы маңда қалмақтардың болмағаны себепті іске асқан. Әйтпесе, баста айтқанымдай, қалмақтар сол жылдары Ташкент пен Қазығұрт маңында, Арыс жағасында отырса, қазақтардың Ордабасыда бас қосуына мүмкіндік берер ме еді. Бұл кезде Төле би Қазығұрт етегінде отырған. Ал ол Ташкентке қалмақтардың кезекті бірр шабуылынан кейін, нақтысы 1729 жылға таман барған. Осыдан кейін, жоғарыда жазғанымыздай, қазақтар мен қалмақтар арасында Ташкент үшін талай шайқас болған.
Иә, қадірлі оқырман, көне тарих қойнауына осылай көз салсақ, қазақ тарихына қатысты қандайда бір оқиғалар болмасын, Қазығұрт төңірегінен айналып өтпегенін көреміз. Расында, Қазығұрт маңайы ел отыруға ыңғайлы мекен болумен қатар, ары-бері жорық жасаған басқыншылардың да, сол бсқыншыларды түре қуған жеңімпаздардың да, бейбіт кезеңде алысқа тартқан көп аттының да, көлденең өткен көк аттының да жолы болыпты. Өйткені жорыққа шыққан әскер елсізбен емес, халық жиын отырған тау етегі мен өзен жағасына жақын маңды жаулай отырып алға жылжиды.
Одан қалса, сапар барысында күн ыстықта жанға жайлы салқын табиғаты бар сулы аймақты, күн суықта желден ық, бораннан пана болатын тұсты таңдайды. Басқыншыны қуған әскер де осы жолмен жүрері хақ. Қазығұрт өлкесі осы талаптардың бәріне лайықты аймақ болғаны даусыз.

ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ҚАҚТЫҒЫСЫНЫҢ ДА ДЕНІ ҚАЗЫҒҰРТ ЖЕРІНДЕ ӨТКЕН

Иә, айта берсек, бұрынға замандарда аудан көлемінде болып өткен, бірақ әлі тарихи сырлары ашылмаған деректер өте көп. Біздің туған өлке тарихын зерттеу бұрыннан шұғылданып келе жатқан тақырыбымыз болатын. Дегенмен бұрындары ол туралы жалпылай жазып кететінбіз. Ал бұл жолы сол әдетімізден арылуды жөн санадық және де жоғарыдағыдай тәсілмен әр кезеңдегі өткен оқиғаларға қысқаша болса да тиянақты мағлұмат беріп кетуді мақсаттадық.
Бір ескерте кететін жәйт – біз жоғарыда Қазығұрт өлкесінің күллі қазақ тарихына байланысты тұстарын ғана атап өттік. Енді қалмақ соғысынан кейінгі оқиғаларды қозғау барысында Оңтүстік Қазақстан жері мен тікелей өз ауданымызға қатысты тарихты сөз етсек пе дейміз. Соған орай соңғы екі-екі жарым ғасыр аралығында тек өзіміздің өлкемізде өткен қызғылықты әрі зұлматты тарихи оқиғаларды әңгімелекпіз. Әрине, осынау тарихты ақтарып шығудың өзі де ауыр тақырып. Әрі мұнда біз бұрын ешбір жазбаларда, газет-журналдарда, кітаптарда, жалпы көпшілікті тарайтын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбаған, осы күнге дейін архивтер қоймалары мен кітапханалардағы сирек қолжазбалар қорларында сақталып келген жалпы жұрт үшін тосын мәліметтерді жазбаламақпыз.
Қалмақтан кейін ата-бабаларымыз бірнеше жыл бойы көрші қырғыздармен қырқысқан. Бұл тарих кешегі совет үкіметі тұсында халықтар достығына зиян келтіреді деген себеппен айтылмай келді. Бірақ тарих болған күйінде жазылмағы ләзім. Сонымен бірге тарихқа ешкімнің үстемдігі жүрмеуі тиіс әрі ол мейлінше шынайы зерттелмегі, болған күйінде жазылмағы ләзім. Негізі, қазақ-қырғыздың жаулығы жерімізден қалмақ кетпей тұрған 1740 жылдардың басында Ташкент төңірегінде басталған.
Кейін осы жаулық ұлғайып, арты үлкен жанжалға ұласады. Оның басты себебі мынау: ол кезде оң қанат, сол қанат және ішілік болып үш жілікке бөлінетін қырғыздардың барлығы тау арасын жайлайтын. Уақыт өте, олар мал жайылымы мен егіс егуге, сондай-ақ кең тынысты өмір сүру үшін байтақ алапты, кең жазиралы далада қоныстану керектігін ұғынады. Осындай мұқтаждықтан қырғыз би-манаптары қалмақ шапқыншылығынан біржолата азат етілген, сонымен қатар босап қалған қазақ даласының бірқатар өңірлерін иемденіп алуға ниеттенеді.
Сөйтіп, атам заманнан қазақ жері боп келе жатқан алапқа ауыз салады. Анықтап айтқанда, Ферғана жазығының солтүстік-шығысы мен Шатқал тауларының шығыс бетінде тұратын қырғыздың Адығын, Тағай, Мұңқыш бірлестіктеріне жататын рулары Ташкент пен Шымкенттің шығыс, оңтүстік аймақтары мен Қазығұрт, Түлкібас, Қаратау етегіндегі жазық беткейлерді иеленіп алуға, ал Ыстықкөл жақтағы Сары, Құсшы сияқты ірі тайпаларға жататын рулар Алматының іргесін, Іленің Балқашқа құятын тұсының сол жағын, осы күнгі Жамбыл облысының Алатау бетке қарайтын аудандары орналасқан өңірлерге еге боп қалуға ұмтылады.
Содан қырғыздар аталған жерлерді иемденіп қалу үшін «бұл аймақтар бұрынғы біздің жеріміз» деп етекке түсе бастайды. Түскенде жай түспейді, қазаққа найза кетеріп, қылыш сілтеп, ат ойнақтатып түседі. Ақтабан шұбырындыдан кейін қатарлары сиреген, кезінде қалмақтан ығысып, жат жер ауып кеткен көптеген тума-тумаластары әлі атамекенге қайтып үлгермеген, осы себепті бұрын ел жиын отырған жерлерінің көбісі бос тұрған Ұлы жүз рулары алғашқыда қатты сасып, оларға лайықты тойтарыс бере алмайды. Бірқатары батыс тараптағы бос жатқан жерге ығысады. Бірқатары шамаларынша әскер топтап, шапқыншыға қарсы тұрады. Содан екі ел арасында қалмақ соғысы кезіндегідей 30-40 мың қол шығарып соғысқандай үлкен майдан болмаса да, жер дауы, құн дауы үшін арты бітіспестей ірілі-ұсақты шайқас басталады.
Осы қақтығыстың тарихына қырғыз шежірешілері мен жазбагерлері де көбірек ден қойып, бірталай хатқа түскен мұралар қалдырған. Мысалы, тау арасы жұртының атақты шежірешісі Алымбет Ақылбекұлының «Қырғыз руларының чығышы», Б.Солтоноевтің «Қызыл қырғыз тарихы», С.Закировтын «Қырғыз санжырасы», Т.Чорокегин, К.Молдоқасымовтың «Қырғыздардың байырғы заманнан тартып, бүгінгі күнге шейінгі тарихы», С.Аттокуровтың «Қырғыздар ХҮІІІ-қылымда» сияқты еңбектері мен өзіміздің Мәшһүр Жүсіп пен М.Тынышпаевтың көне деректерге қатысты шығармаларында, сондай-ақ біздің М.Мағауин, Ү.Бүркітбаева, А.Махаева сынды жазушы, ғалымдарымыздың, сонымен қатар Ф.Киреев, Г.Супруненко, Т.Андреев тәрізді орыс ориенталистерінің зерттеу мақалаларында аталмыш соғыс жайында көптеген мағлұматтар мен нақты деректер келтіріледі.
Бір ескертетін нәрсе, қырғыздың бұрынғы һәм кейінгі жазбагерлері аталмыш қақтығысқа себеп болған жер таласы мәселесін сөз еткенде, қазақтың байырғы аймақтарының көбісін Манас ұрпақтарының көне иелігі еді деп көрсетеді. Осы қақтығыс біздің аудан жерін де кеңінен қамтыған. 1750-70 жылдар аралығында қырғыздың Садыр манабы (кейін өзін хан жариялаған) мен бас биі Жайылдың жұмсауымен һәм қолпаштауымен Бөлекбай, Тұрлыбай, Кебек сияқты батырлардың қолдары Қазығұрт, Өгем етегіндегі, Келес, Бадам бойындағы қазақтарға талай рет қырғын салады. Бұл кезеңдерде қалмақ соғысынан кейін жұрты азайған, неше жылғы аласапыранның зардабынан әбден қалжырап, әлі барынша ес жия алмаған қазақтар қатты жапа шегеді. Қазығұрт ауданының жерінде сол басқыншылықтың куәсі болып сақталып қалған талай тарихи орындар бар. Сондай-ақ аталмыш қақтығыстар хақында ел жадынан ұмытылмаған бірталай әңгімелер бар. Мысалы, Қосмола мен Анды-Қарақыз, Көкібел төңірегіндегі айтылатын көне әңгімелер осы қазақ-қырғыз соғысы кезінде іске асқан оқиғаларға байланысты шыққан.
Қырғыздарға 1760 жылдары әбден күшейген Қоқан хандығы қатты болысады. 1765 жылы Абылай сұлтан Ташкенте келіп, Піскент түбінде біріккен қырғыз-қоқан қолын талқандайды. Қоқан сол жылдары қазаққа қайта тиіспейді, бірақ қырғыз бұрынғыдан құтырынып, қазаққа қайта-қайта өршелене шабады. Ақыры осы соғысқа Абылай ханның да араласуына тура келіп, екі жақтың қақтығысын түпкілікті шешуге кіріседі. Ол 1779 жылдың көктемі ортасында Ташкентке жетіп, шаһар биі Қожамжарды, бас батыр Бердіқожаны және басқа да батырларды жинап, қырғызды біржолата тыныштандырмақты жоспарлайды. Содан Ташкенттен мықты қол жасақтаған Абылай ғаскерді үш топқа бөліп, Әулиеата тарабына жолға шығады. Сол кезде қырғыз ханы Садыр мол әскерімен Әулиеатаны иеленіп отырған еді. Сол аттаныста Абылай тура біздің ауданның жерін басып өтеді.
Бұл туралы Ташкент, Ходженд, Ферғана уәлаяттарындағы халықтардың, әсіресе Шыршық, Келес бойындағы қазақтардың ХVII ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басына дейінгі тарихын кестелеп жазған, Орта Азия Мемлекеттік университетіне түсуге үш рет талап қылса да, «діншіл» деген айыппен қабылданбай қойған, 1928 жылы 35 жасында Шыршықта әлдекімдер у беріп өлтірген, өз кезінде қызыл өкіметтің оқымыстылары тарапынан тарихшы деп танылмаса да, біз үшін аса құнды мәліметтер қалдырған Асат Сапиевтің «Ходженд уәлаяты: қазақтар һәм тәжіктер» атты кітабында нақты деректер қалдырған. Ол жазады: «Абылай хан болып танылған уақыттан сегіз жыл өткенде ( Абылай 1771 жылы хан болып сайланған) Ташкенттен қырғыздарды басуға аттанды. Шаһардан шыққан бетте Шарболат (Шарбұлақ) суының жағасында қалың әскерімен бір күн аялдады. Одан соң Шарапхананың шығыс жағымен Келестен өтіп, (Қазіргі Аманкелді ауылының тұсы) Қазығұрт етегіндегі Ақбура суының үстіңгі жазығы арқылы Сайрам жаққа бет алды…»
Сол жылы күзде Абылай бастаған қазақтар Меркенің үстінде қырғыздарды жеңіп, 88 жастағы Жайыл атты биінен бастап, бас көтерер көсемдерінің бәрін жазалайды. Осынау оқиға өткен жер – «Жайыл қырғыны» деген атпен тарихта қалған. Осыдан соң Абылай қырғыздың тірі қалған би-манаптарымен екі елдің шекарасын айқындайды. Айқындалған сол шекара күні кешеге дейін өзгерген жоқ-ты, бірақ қандай себебі барын кім білсін, тәуелсіздік жылдары Қордай мен Алматы арасындағы жолдың шығыс жағындағы ұлан-ғайыр алап түгелімен Қырғызстанға беріліп кетіпті.
Қазақ пен қырғыз жауластығы аталмыш «Жайыл қырғынынан» кейін мүлде тоқтауы тиіс еді. Алайда, Жайыл мен басқа бауырларының өлімінінің кегін ұмытпаған қырғыз батырлары содан кейін де қазақ ауылдарын шабуды тоқтатпайды. Бір батыры қасына жиырма-отыз қарулы жігіт алып, таудан асып түседі де, қамсыз отырған қазақ ауылдарын қапыда бассалып, адамдарының өлтіргенін өлтіріп, өлтірмегенін сабалап, малдарын қуып кетіп отырады. Өз кезегінде қазақ батырлары да шама-шарқынша қол жинап, оқтын-оқтын қырғыз айылдарын шауып тұрады. Қазақтың Сәмен, Жауғаш, Бердіқожа Ақпан сынды атақты батырлары осы қырғыз шапқыншыларының қолынан қаза тапты. Осынау алма-кезек қырқыс екі елді Қоқан хандығы басып алған соң да тоқтамады. Қырғыздар тек 1847 жылы Кенесары ханды өлтірген соң ғана қазақты шабуды тоқтатты. Әлбетте, Кенесарының өлтірілуінің басқа себептері де көп, дегенмен қырғыздар оны өлтіру арқылы баяғыда Абылайда кеткен кектерін қайтарып барып тыншыды деген қауесет те бар ел арасында.
Осылайша, екі халық ортасындағы ірілі-ұсақты шайқастармен қатар, ауыл арасындағы кикілжің тұрғысындағы майда-шүйде шапқындарды қосып есептесек, қазақ-қырғыз арасы жүз жылдан аса қырғиқабақ қатынаспен өтіпті. Өкініштісі, ел арасында бұ туралы мол әңгіме бола тұра, арнайы жазылып, зерттелінбегеннен кейін – XVIII ғасырдың орта шеніне бастап, XIX ортасына дейін Алатаудың етегінен бастап, Балқаш, Үшалматы, Шу-Сарысу, Созақ, Қазығұрт, Келес аралығын қамтыған осынау қақтығыс жайы бүгінгі көпшіліктің жадында қалмаған.

ЖҮНІСҚОЖА ШАПҚЫНШЫЛЫҒЫНЫҢ ЗҰЛМАТЫ

Бұған қоса, оңтүстіктің өткенінде елеулі ізі бар, бірақ бұл да уақытында айтылмаған, жазылмаған соң жаңа ұрпақтың есінен ұмыт болған тағы екі үлкен тарихи оқиға бар. Оның бірі – 1784 жылдан 1807 жылға дейін Ташкент уәлаятын жеке құзырында ұстаған Жүнісқожа билігі, енді бірі – шығысы – Ұзынағаш, солтүстігі – Сарысу, батысы – Арал жеріне дейін жаулаған Қоқан басқыншылығы.
Ташкент шаһары сонау Тәуекел хан заманынан бері қазаққа қарап келген. VXIII ғасырдың бел ортасында оның билігі Төле биге көшті. Төле би қайтыс болғанда оның орнын кіші ұлы Қожамжар басты. 1780 жылдары Ташкент – Бесағаш, Шайхантәуір, Себзар, Көкше болып, төрт билеушісі бар төрт орамға бөлініп кетеді. Ұзамай төрт билеушінің арасында шаһар билігі үшін күрес басталады. Қоқан бектігімен және бұқарлықтармен жақсы тіл табысып, солардан көмек алған Шайхантәуір билеушісі Жүнісқожа бірте-бірте үстемдікке жете бастайды. Көкше биелушісі Қожамжар жан-жақтағы қазақтарды жиып, онымен ұзақ жыл күреске түседі. Бірақ бір-бірін жеңе алмайды. Ақыры 1798 жылы Шыршық бойында екеуінің арасында шешуші шайқас өтеді. Қоқаннан мол қару мен жасақ алған Жүнісқожа осы жолы Қожамжар жақтастарын қирата жеңеді. Қашқан қазақтарды Қазығұрт етегіне дейін өкшелей қуып келеді де, шайқаста оқ пен сойылдан аман қалғандарды қолға түсіріп, Тұрбат етегіндегі сайға әкеліп жинайды. Осында бәрінің бастарын кесіп бір шұқанаққа, денелерін басқа бір шұқанаққа тастайды. Ал Шыршық бойында қолға түскендердің бастарын тау қылып үйгізіп, отқа жақтырады. Бұл қырғын ескі тарихта «Қазақ қырғыны» деген атпен аталған болатын. Алайда қазақ тарихшылары бұл ұрысқа ден қоймағандықтан, ол туралы жазыла да, айтыла да бермейді. Тіпті елеусіз мағлұмат ретінде қазақ жадынан тіптен ұмытылды. Ал кейінгі өзбек тарихы мұны «Жүнісқожа жеңісі» деген атпен жазбаларына кіргізіп, Жүнісқожа мен өзбекті асыра мақтап жүр. Мақтанғандары сондай, Жүнісқожаның өзбек емес, бір кездері Төле бидің табанын жалаған қызметшісі болғанын, арғы тегі ұйғырға сіңген қожа екенін де естеріне алмайды.
Көрші елдің тарихшылары осындай айқын ақиқаттан аттап кетіп, өткен ғасырларда өз өкілдері жазған тарихи шындықты елемей кетеді. Бәлкім әдейі елемейді. Әйтпесе, Жүнісқожа қазақпен өзбек мүддесі үшін күрескен емес. Өзбек тарихшысы Салық Ташканди бұл жайында анық жазған. Ол Ташкентті билеген кезде оның құзырындағы уәлаятқа қазақтың Шымқала, Сайрам, Созақ, Түркістан өңірлері тегіс қараған. Ақиқаты – ол осы өңірлерді жаулап алған. Сөйтіп, нағыз өзбек хандықтары болып табылатын Қоқанмен де, Бұқармен де, Хиуамен де текетіреске түскен. Оның қарақазандар деп аталған әскері сапында өзбектер де, сарттар да, қазақтар да, ұйғыр мен қашғарлықтар да, тәжік-түрікмендер де, құрамалар да болды. Жүнісқожада тек бір ұлттың мерейін үстем етем деген ой да болмаған. Ол өз құзырындағы халықтың қайсысы болмасын, аямай қанаған. Әсіресе қазақ даласындағы жұртты түрлі салықтармен қан қақсатқан. Пирдауи атты өзбек жазбагерінің жазуы бойынша, бірде салықты уақтылы төлей алмаған Тұрбат пен Шарбұлақ қазақтары ішінен бас көтерер елу шақты еркектерді жинап алып, үш күн бойы мұздай Келес суына батырып қорлаған. Төртінші күні бәрінің аяқ- қолдарын байлап, су түбіне тұншықтырып өлтірген.
1800 жылдан бастап, бір кездері өзіне қазақтарды жеңуге көмектескен Қоқан бектігімен шарпыса бастайды. 1801 жылы Жүнісқожаны қоқандықтар бір шайқастан соң бүгінгі Қақпақ ауылының жанында қуалап жүріп ұстайды да, сақал-мұртын түгел күйдіріп, мұсылман үшін масқара өліммен өлтіреді. Ал оның бар қылмысын ақтап алып, өз хандары еткісі келген өзбек тарихшылары Жүнісқожаны туберкулезден өлген деген өтірік ақпарат шығарып алған.
Оның орнын басқан үлкен ұлы Мұхамедқожа да өзбек хандықтарымен қырқысып өтеді. Оны да қоқандық өзбектер өлтіреді. Одан кейін Ташкент билігін қолға алған екінші ұлы Сұлтанқожаға 1806 жылы Қапланбектің қазақтары ажал құштырады. Жүнісқожа уәлаятының соңғы билеушісі – үшінші ұл Хамитқожаның билігі бір жылға да бармайды. 1807 жылдың басында Ташкентті Қоқан бегі Әлім жаулап алады. Әлім Ташкентті алған күні Сұлтанқожаны дарға астырып, өзін Қоқан ханымын деп жариялайды. Содан былай Қоқан бектігі хандық деп аталады.

ҚОҚАН БАСҚЫНШЫЛЫҒЫНЫҢ ЗАРДАПТАРЫ

Бұлан кейінгі оңтүстік тарихы Қоқан хандығына қатысты өрбиді. Қазақ-қырғыз қақтығысы бізге уақытында оқытылмағаны себепті осыған дейін белгісіз болып келсе, Қоқан хандығының да оңтүстіктегі үш облысқа жасаған шабуылы, билігі, жаулап тұрған уақытта қазаққа көрсеткен қысымы, жалпы, осы кезеңнің тарихы да көпшілік үшін күңгірт. Десе де, бұл хандықтың бізге жасаған шабуылы, билік кезіндегі Алаш баласына көрсеткен залымдығы, оларға қарсы бірнеше рет көтеріліске шыққан қазақ батырларының күрестері туралы нақты деректер көптеп қалса да, бар кілтипан – осы тарихты оқытпаған кешегі советтік идеологияда жатты. Соған қарамастан, 1970-80 жылдары Қоқан басқаншылығы жайында біраз зерттеу мақалалар жарыққа шықты, бірақ олар сол кездегі саясатқа орайластырылып, шындықтан мүлде аулақ тәртіппен жазылды.
Баста жазғанымыздай, тарих болған күйінде жазылмағы ләзім. Әлім ханның қазақ даласына басып алудағы ойы – бұрынғы барлық жаулаушылардың ой-пиғылымен астасқан жоспармен жүзеге асқан. Яғни, қазақ жерін басыбайлы жаулау. Мұны архивтік деректер былай растайды: «Әлім хан езіне бағынышты бектерге пәрмендеді: «Тәшкән — дүниенің төрт бұрышынан керуендер ағылып келетін кәттә сауда шаһары. Тәшкән саудагерлері мен базарларында алтын көп. Қайтсек те, оны құзырымызға алуымыз керек! Ал Шымқала, Түркістан, Әулиеата, Созақ қазақтарында мал көп. Қазақ малдары да біздің хандықтың байлығы болуы ләзім. Тәшкеннен соң қайтсек те, қазақ даласын басу міндет. Алда ұзақ сапар тұр. Ғаскерді дайындаңдар!» («Қоқан хандығына қатысты жазбалар тізімі», Папка 3).
Расында, Әлім ханның басты мақсаты – орыс отаршылдығынан әзірше аман тұрған әрі бір орталық билігі жоқ, бытыраңқы күйде өмір сүріп жатқан оңтүстік қазақтарының жерін Қоқанға түпкілікті қаратуды ойлаған. Оған қоса, сол кездегі саясатты жақсы білген ол, біздің оңтүстік өлкемізді батыс және солтүстік тараптан сұғына еніп келе жатқан орыс ортаршылдарына бермеуді ойлады.
Әлім хан мақсатына жетпек ниетпен хыжраның 1223 жылының аяғында, біздіңше 1808 жылдың сүмбіле (тамыз) айының ортасында Ташкентте әскеріне қосымша күш қосып, 13 зеңбіректі, 4 мың мылтықты, бас-аяғы он жеті мыңды құраған ләшкерге өзі бас болып, Дешті-Қыпшақ даласына қарай шеру тартады. Оның жолында алғашқы кездескен үлкен қазақ қыстақтары — Тұрбат пен Шарапхана еді. Қамсыз жатқан бұл қыстақтардың жұрты шаңдатып келген 17 мындық қолға түк те істей алмай, Әлімнің құзырына бас иеді.
Қоқандық әскер Шарапханаға жеткенде ары қарай жорығын жалғастырмай, осы жерде екі ай аялдайды Бір аттаныспен кез келген қала-қамалдарды басып алуға бекінген Әлім Шарапханада неліктен мұншалықты уақыт аялдаған себебін мен ұзақ уақыт зерттедім. Ақыры мұның жауабын Асат Сапиевтің кітабынан таптым. Ондағы жазу бойынша оның мәнісі былай екен: «Әлім хан маған қарсылық көрсететін қазақтар жоқ деп, Тәшкәннен бейқам аттанды. Хақиқатында Келес суына жеткенше қазақтар тарапынан шыққан ғаскер де, шерік де көрінбеді. Аяңмен үш күн жүріп, кеш түсе Келестің орта тұсындағы Қақпақ деген жерге аяқ басқанда, тау жақтан шыға келген 500-600-дей қазақ аламандары ғаскердің оң бүйіріне тап берді.
Шабуылдарының шапшаңдығы сондай тез болды, қоқандық шеріктер мылтық, найзаларын көтеріп үлгергенше, ғаскердің бір шетін қиратып тастап, қайтадан тау арасына кіріп кетті. Осыдан кейін Әлім сақтана жүріп, Тұрбат пен Шарапхананы бағындырды. Ләкін бұ қышлақтарға жеткенше де, қазақтың әлгіндей топтары біресе қамыс арасынан, біресе жыра тасасынан шыға келіп, қоқандықтардың берекесін кетірді. Мұндайды күтпеген Әлім Шарапханада аялдауға ықырар қылды. Ләкін қарап жатпады, қазақтарды қорқытпаққа айла тапты. Шарапхана қыстағының жоғарғы жағынан өзіне арнайы қамал салдырып, күнде арғы жақтағы Шымқала, Түркістан, Әулиеата, Түлкібас тарапына шабармандар аттандырып, қала хәкімдері мен қазақ сұлтандарына, би-байбатшаларына: «Аяғыма келіп жығылыңдар, маған бағыныштықтарыңды білдіріп, көп дүние-мүлік, мал айдап келіңдер. Мен мұсылманмын, сендерге қамқор боламын. Өйтпесеңдер арғы жақтарыңда төніп тұрған доңыз етін жегіш, түрегеп тұрып дәрет алатын, адам қанын су орнына ішетін түрі бөтен кәпір-орыстар сендерді басып алып, тұқымдарыңды тұздай құртады. Әгәрки бейбіт келіп, құзырыма өтпесеңдер, мен сендерді орыс-кәпірден бұрын жаулап аламын.
Әр он еркектің үшеуін дарға асамын, екеуінің басын кесемін, екеуінің бұтына қыл бұрау салып, әтек қыламын, қалған үшеуінің бір-бір қүлақтарын кесіп, өмірбақи құл етемін. Қатын-қыздарыңның бәрі сарбаздарыма қатын, күң болады» — деп пәрмен айтты.
Ләкін қазақтар хан дәргейіне келіп бас ұрмады. Ашуланған хан Шарапхана маңындағы қазақтардың күніне жиырма шақтысының басы мен қол-аяқтарын кесіп, олардың жаншошытарлық өлі денелерін ат-есектерге өңгеріп, ауыл-ауылдарға жіберді. Дала қазақтары ержүрек екен. Бұған да шошымады. Хан алдына келмей қойды. Ашудан жынданардай халге түскен Әлім хан ләшкерін көтеріп, Шымқалаға қарай аттанды…»
Шымқаланы бетке алған Қоқан ләшкерi Қазығұрт белiнен асқанда жан-жақтағы сай-жыраларда жасырынып тұрған Елек төре, сіргелі Назар, Тайлақ, шегір Ақпан, қоңырат Алтай батырлар, Сейіт ахун батырлар бастаған екі мыңдық қазақ қолы оларға тағы тарпа бас салады. Жайбарақат келе жатқан дұшпан ләшкерi тез ес жиып, мылтықтарына жармасады. Ылғи шоқпар-найзамен, садақ және құс ататын шитi мылтықтармен қаруланған қазақтар жақсы қаруы бар қоқандықтарды жайпап салмаса да, қатарларын бiраз селдiретiп, шегiнiп кетедi. Қазақ батырларының қылығына ызаланған Әлiм хан осы соғыста өлгендер мен жараланғандарына да қарамай, Шымқалаға қарай асығыс жүредi. Бiр күннен кейiн Бадам жағасындағы Қасқа жотасына келiп тоқтайды. Дәл осы кезде бұларға Ташкенттен жеткен жеті зеңбiрегi бар тағы үш мыңдық қосымша ләшкер келiп қосылады.
Қоқандықтардың әрі қарайғы жорығы қалай өрбігенін талдау – бұл мақаланың міндеті емес. Дегенмен 1808 жылдың қазан айының 23 күні Шымқаланы алған қоқандықтар ұзамай бүгінгі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының жерін түгелдей және Алматы облысының Ұзынағашқа дейін алабын жаулайды.
Міне, қоқандықтардың алғашқы шабуылына ұшыраған Қазығұрт өлкесі еді және оның ең қатал зұлымдығы мен залымдығын тартқан біздің ауданның ескілікті тұрғындары болды. Алғашқы соғыста осында жасаған ата-бабаларымыздың қаншасы қырылды, қаншасы жан бағудың қамымен солардың құлына айналды – ол жағы беймәлім. Бұл турасында бірде-бір дерек жоқ. Қолға түскені – со заманда қазақтардың жыл сайын қоқандықтарға қандай һәм қанша салық төлегені туралы деректер. Расында, қазаққа жасаған 55 жыл билігі ішінде қоқандықтардың Алаш баласына көрсетпегені жоқ. Олардың залымдығы қалмақ қаталдығынан он есе асып түскен. Қазақты малдан бетер тірідей қорлағаны өз алдына, бабаларымыздың басына салықтың неше түрін салған ғой.
Әлім ханнан кейін таққа отырған Омар хан 1814 жылы қазақтарға салынатын салық түрлерін бекітті. Ол – зекет, қараж, садақа, үшір боп, негізгі төрт тармақтан тұрды. Зекет – адам мал-мүлік салығы бойынша үш бапқа, қараж – астық пен жер, отын-шөп, пұл салығы бойынша бес бапқа, садақа – мешіт пен медреселер салығына арналған екі бапқа, үшір – шаһар даруға-хәкімдері мен әскер ісі салығына байланысты үш бапқа бөлінді. Ең қасіреттісі – Омар хан қазақтарға қыз салығын да енгізген. Бұл салықты 1842 жылы Шералы хан жойған. Сонда 1814 жылдан 1842 жылға дейінгі аралықта қаншама мыңдаған апаларымыз жаттың қармағында кетті деңіз. Ал 53 жыл бойы төленген мал-мүлік салығына қанша миллиондаған төрт түлік пен зат-бұйымдардың кеткенін ешкім есептеп шығара алмас…
Қоқандықтардың қазақ даласына енгізген ең үлкен жаңалығы – біздің өлкеде алғаш рет үкіметтік-әкімшілік құрылым жасады. Бұрын қазақтар рулық жүйемен, ру басқарған хан-сұлтандар мен би-батырлардың қарауында болып, солардың құзырымен өмір сүрсе, Қоқан даламызға шаһарлық һәм датқалық билікті енгізді. Ол жаулаған қазақ даласында ірілі-ұсақты жиырмадан аса шаһар болатын. Шаһарлардың басшылығына үлкен-кішісіне қарай ұлты өзбек-сарттан шыққан даруғалар мен хәкімдер тағайындалды. Шаһарларға датқалықтар қарады. Біздің ауданның Келестің Шарапхана тұсына дейінгі оң жағы, яғни солтүстік аумағы Шымқала даруғасына, Шарапханадан түстікке қарайғы бөлігі Ташкент құшбегісіне қарады. Аудан жері Шарапхана және Тұрбат деген екі датқалықтан тұрды. (Бір ескертетің жәйт –Тұрбат датқалығына қазіргі Сарыағаштың Дербісек, Жібек Жолы ауылдары, Шарапхана датқалығына бүгінде Шымкентке қарап кеткен Ақтас ауылы кірген).
Бір датқалыққа бірнеше ауылдар қарады. Анықтап айтқанда, Шарапхана датқалығына бұрынғы Коммунизм және Күйік совхоздарының және Карл Маркс колхозының жері түгелімен кірген. Ал Тұрбатқа кеңес кезіндегі Ленин, Қызылтаң, Ә.Науаи, Қарабау, Алтынтөбе және Сарыағаш ауданының Тельман, Ленин козхоз-совхоздарының аумағы кірді. Датқалықты билейтін датқа шені қазіргі аудан әкімдерінің дәрежесіне жақындау болған. Жалпы алғанда, Қоқанның 55 жыл билігі кезінде қазақ даласында 39 датқалық болыпты, оларды 82 датқа басқарған. Датқалардың міндетіне – хандық мүддесіне орай жұмыс істеу, салықты дер кезінде жинау, ел ішіндегі тәртіпті қадағалау, керек кезде ханға жергілікті жігіттерден жасақ жинап беру сынды жұмыстар кірді. Жалпы, датқа деген Қоқан ханының қазақ даласындағы сенімді өкілі, жер-жердегі бұйда ұстар қызметкері еді. Бірақ Қоқан билеушілерінің қазаққа көрсеткен қысымдарына шыдамаған кейбір батыр да намысшыл датқалар хандыққа қарсы өмір бойы күресіп өтті. Бұлардың қатарында келестік Пошан, шарапханалық Сәбек, көкібелдік Тұрта датқалар, қазығұрттық Дауыл, Қожамжар билер бар еді.
Қазығұрт ауданы жерінен өтетін ескі Шымкент-Ташкент тас жолы Қоқан хандығының Әулиеата мен Ақмешіт (Қызылорда) жақтағы иеліктерін жалғайтын қатынас жолдың рөлін атқарды. Қоқан кезінде бұрынғы Ортабекет Шұқырбекет аталды. (Мәнісі – шұқырлау жерде орналасқан бекет). Шұқырбекет Қазығұрт кентіндегі бұрынғы аудандық аурухананың өзен жағындағы жазыққа орналасыпты. Соған орай бұл ауыл орыс отарына дейінгі уақытта Шұқырбекет аталды. Қоқанның Беклербек деген бегі 1815 жылы Рабаттағы ескі керуен сарайдың орнына жаңа бекет салғызады. Содан былай ол ауыл 1891 жылға дейін Беклербек Рабаты (кейде жай ғана Рабат) деп аталады.
XIX ғасырдың орта шеніне таман бағыс Марқабай датқаның бастауымен ерте заманнан тау жағалай мал айдайтын саудагерлер мен алысқа кіре-керуен тартқан көшшілердің Келестің бас жағындағы жолы бойынан үлкен мал базары ашылады. Бұл сауда орны кейін малмен қатар әртүрлі бұйымдар мен заттар да сатылатын базарға айналады. 1850 жылдары базар маңына үлкен қазақ ауылы ірге тебеді және базарға Қоқан хәкімдері сіргелі Қалдақ деген кісіні қожайын тағайындайды. Содан бастап, бұл жер «Жаңабазар» деген атауға ие болады. Артынша осы маңнан мешіт салынып, оның қасынан бала оқытатын кішкене медіресе ашылады.
Медресе демекші, біздің аудан жеріндегі ескіше оқытатын ең ескі мектеп он сегізінші ғасырдың басында Тұрбатта ашылыпты. Алайда көп ұзамай бұл жерді қалмақтар жаулап алуына байланысты мектеп уақытша жабылған. Кейін Қоқан кезінде бұл мектеп қайта ашылған.

ОТАРШЫЛДЫҚТЫҢ
БАСТАЛУЫ

1808 жылы Қазығұрт жері өз төсінде Шымқалаға қарай жол тартқан Қоқан қолының дүбірін өткерсе, 1864 жылы сол хандықтың орыстардан қашқан аламандарының айқай-сүреңге басып, Ташкент жаққа шегінген жөңкілін тағы көрді. Мұндай жөңку мен сапырылыс патшалы Ресейдің Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азиядағы өзбек хандықтарын басып алуға бағытталған басқыншылығына байланысты орын алды. 1864 жылы көктемде генерал Черняев бастаған 1200 адамдық орыс әскері Әулиеата, Меркі, Қордай бекіністерін қалпақпен ұрып алғандай, оп-оңай басты. Сөйтіп Шымқалаға таяды. Бұл кезде Ақмешіттен (Ақмешітті орыстар 1853 жылы жаулап алып, оған Перовск деген ат берген болатын) шығып, аз уақытта Жаңақорған, Созақ, Түркістанды жаулаған Веревкиннің он зеңбірегі бар 800 адамдық отряды да күнгей жақтан Шымқалаға жақындады. Екі отряд Арыс жағасында түйісіп, 20 қыркүйек күні Шамқалаға шабуыл жасады.
Осы күні Әлімқұл бастаған 15 мыңдық қоқандық аламандар Черняев отрядымен қала үшін күреске түсті. Бірақ бар болғаны екі мың ғана солдаты бар орыс отрядына Әлімқұл 15 мың сарбаздары төтеп бере алмады. Орыстардың жиырмаға жуық зеңбірегі қаланы төпеп бергенде, қоқандық қалың әскердің быт-шыты шығып, аман қалғандары Бадамға қарай қаша жөнелді.
Оларға қамал ішіндегі аламандар қосылды. Сөйтіп орыс отрядтары 1964 жылдың 22 қыркүйек күні Шымқаланы жаулады.
Ал қоқандықтар сол қашқаннан бір тоқтамай, Шарапханаға келіп бір-ақ аялдады. Әлімқұл мұнда өзінің соңынан жеткен аламандарының бас-аяғын жиып, баяғы Әлім хан салдырған сарай маңында үлкен жиын өткізді. Жиында көтерілген басты мәселе орыс отаршылдарын қайта қуып шығуға арналады және Ташкенттен көмекке қол алдырып, Шымқалаға қайта шабуылдау жоспары қарастырылады. Бірақ бұл жиынның шешімі туралы дер кезінде хабарланған Черняев қазан айының басында Шымқаладағы отрядты дереу көтеріп, қоқандық әскердің шоғырланып отырған жері – Шарапханаға суыт аттанады.
Олардың Қазығұрт беліне жақындағанын естіген Әлімқұл тағы да қорқақтық танытып, жауды Ташкент түбінде қарсылайық деген оймен түстікке қарай жылдам жылжиды. Осы сапарда қоқандықтар бүгінгі Қазығұрт кенті, Қызылқия, Айнатас ауылдары орналасқан жердің шаңын шығарып, Келес бойымен қашады. Ал Чернияев қазанның 7-сі күні Шарапханаға жетеді де, мұндағы Әлім ханның салдырған сарайын зеңбірекпен атқылап жермен-жексен етеді (Оның төртбұрышты қирандысы Жіңішкенің ауылының бас жағында әлі жатыр).
Мемлекеттiк нышаны қарабайыр, ал үкiметтiк жүйесi қатаң да орнықты болмаған, барлық саясаты зұлымдық пиғылға ұласқан Қоқан хандығы қазақтарға өзiнiң 55 жылдық басқыншылық кезеңiнде көп зардап шектiрдi. Орта ғасырға тән зұлымдық әрекеттi көп ұстанған ол хандық қазақтың демографиялық, әлеуметтiк мәселелерiне көп зиян келтiрдi.
Өздерi қырып салған қандастарымыздың орнына Ферғана, Наманған, Марғұлан өңiрлерiндегi қышлақтар тұрғындарын Шымқала, Сайрам, Түркiстан, Иқан, Әулиеата, Созақ қалаларына көшiрiп, жатжұрттықтардың урбанизациясын қолдан жасады. Орта ғасырлық мешеулiктен арылмай, хаостық тұрпатта өмiр сүрдi. Бұл хандық қазақ жерiн түстiгiндегi туыс елi – Бұқардан, солтүстiгiнен жылжып келе жатқан орыс отаршылдарынан қызғанып, өзiмiздiң бауырымызға мәңгiлiк басып аламыз деп ойлаған.
Алайда, қаруы жойқын орыс отаршылдары келгенде қамқор боламын деген қазақ даласын бiр жыл да қорғап тұра алмай, қайта өзi күйреудiң жолына түстi.
Біз осы мақалаламызда бір елдің намысына тиіп, болмаса, біреулердің өтірік тарих жасамақ болған ниеттеріне қарсы дау айтудан аулақпыз. Жоғарыда көрші ел тарихшыларының Жүнісқожа атты қанішерді өзбек деп дәріптеп, өз аталарына көрсеткен залымдығын елемей, соңғы кездері оның со заманда атқарған істеріне оң баға беріп жүргенін айттық. Сол көршілер енді Қоқан хандығын да мақтап, оның жасаған басқыншылығын басқа қырынан дәріптеп жүр. Айтуларынша, Жүнісқожа мен Қоқан хандығы Қазақстанның оңтүстігін жауламапты, тек орыс отарынан құтқармаққа әрекеттеніпті және Қоқан басқан өңір бұрыннан Бұқар хандығына қараған өзбек жерлері екен. Олар осылайша тарихты көпе-көрнеу бұрмалап, өз жастарына оқытып жүр. Мұның барлығының астарында Қазақстанның оңтүстігіне жататын үш облыстың бәрінің территориясы баяғы өзбектікі деген жалалы пиғыл жатыр. Сонымен бірге болашақта өзбектер аталған жерлерді қайта иемдену керек деген пасық әрі жымысқы ойлары да жоқ емес… Міне, біздің бүгінгі ұрпақ осындай жалған деректерді жоққа шығарып, зымиян жоспарлардың тас-талқанын шығарулары үшін өткен тарихтың шын болмысын терең білулері шарт…
Тақырыбымызға оралайық, Асат Сапиевтің жазбасы бойынша, Шарапханадан өткен Черняев отряды тек Келесті жағалап жүріп отырып, сол жылдың қазанның 20-сында Ташкентке шабуылдаған. Бірақ бұл жолы шаһарды ала алмайды да, келген ізімен Шымқалаға қайтады. Орыс отряды осы жорығында өз жолдарында бірде-бір жергілікті қазақтарды кездестіре алмайды. Өйткені орыс келе жатыр дегенді естіген жол-жолдағы ауылдардың қазақтары тауға немесе батыс беттегі жазық далаларға қашып кеткен.
Қыс бойы тынығып, әл жинаған және әскери қуаты мен қару-жарағын арттырған Черняев 1865 жылдың жазына таман Ташкентке тағы жорыққа шығады. Тағы да зеңбіректер мен ауыр қаруларын сүйретіп, Қазығұрт жерімен өтеді. Сол жылдың 16 маусым күні ол Ташкентті, 1866 жылы Жызақты орыс иелігіне қаратады. Осылайша, біздің өңір 1865 жылы орыс отарының құзырына біржолата кіреді.

ӨЛКЕМІЗДЕ УЕЗДЕР МЕН
БОЛЫСТЫҚТАРДЫҢ ҚҰРЫЛУЫ

Патшалы Ресей басқыншылары 1865 жылы орталығы Шымкент қаласы болған Түркістан облысын құрады. Алты айдан кейін орыс билігі Ташкент қаласына көшті және жаулаушылардың алғашқы қалың легі сонда орнықты. 1867 жылы орталығы Ташкент болған Түркістан генарал-губернаторлығы, осы жылдың 11 шілдесінде оның құрамындағы Сырдария және Жетісу облыстары құрылады. (Алғашқыда оған Сырдария және Жетісу облыстары ғана қараған. Кейін құрамына Самарқан, Ферғана, Закаспий облыстары кірді. Осы аумақтар сол шақтағы ресми документтерде «Түркістан өлкесі» атанды). Отаршылдар облыстарды уездерге бөлді. Бір уездге бүгінгі бірнеше аудандардың жері кірді. Сырдария облысы – Құрама, Ходженд, Шымкент, Жызақ, Әулиеата, Қазалы, Перовск (Қызылорда) болып, жеті уездге бөлінеді.
Қазығұрт ауданының аумағы Құрама уездінің құрамына енеді. Құрама уезі қазіргі Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтарал және Өзбекстанның алты ауданының жерін қамтыды. Аумағы 54, 616 шаршы шақырым. Бір ескертетін жәйт – совет кезінде біздің ауданға қараған «Күйік», Жданов, «Шанақ» совхоздарының аумағы, яғни Қазығұрт белінің солтүстік жағы Шымкент уезіне берілді. (Уезд аумағы 42 000 шаршы шақырым). 1867 жылы уездерді өз ішінде болыстықтарға бөліп, жер-жерде болыс сайлау тәртібі жүргізілді. (Тағы бір айта кететін нәрсе – уездер мен болыстықтар тарихы оқулықтардан шет қалған және қазіргі буынның жадында тіпті сақталмаған). Алғашқыда әр болыстықтың аумағы, бүгінгі тілмен айтқанда, екі-үш ауыл әкімшіліктерінің (яғни совет кезіндегі екі-үш колхоздың) жеріне парапар болды. 1968 жылы Құрама уезі жиырма болыстыққа бөлінді. Сол жылы Қазығұрт аймағын қамтыған Ақжар және Шарапхана болыстықтары құрылды. Ал Шымкент уезіне қараған аумақтан Қазығұрт болыстығы пайда болды. 1883 жылы Құрама уезіндегі болыстықтардың саны көбейтіліп, 24-ке жетті. Қазығұрт болыстығынан Ақтас болыстығы (Бұрынғы «Күйік» совхозының батыс бөлігін және «Шанақ», Жданов совхоздарының жерін түгел қамтыған) бөлініп шықты.
Болыстық орталықтары 1870-1890 жылдары Тұрбатта, Шарапханада, Атбұлақта, Айкөлде болды. Ақжар болыстығына Ақжар, Аққұм, Ағанай, Азатбасы, Дербісек, Жоғары, Жақын Кәпірзада, Қақпақ, Қараша, Тұрбат. Тасқұлақ, Ортабекет, Шарбұлақ, Ызаарық, Ұясу; Шарапхана болыстығына Шарапхана, Алтынтөбе, Бақа, Бағаналы, Бұлбұл, Жартытөбе, Жаңабазар, Жылыбұлақ, Жігірген, Жүзімдік, Көкібел, Қаржан, Талдыбұлақ, Суықбұлақ, Темір, Майлыошақ, Үшата; Қазығұрт болыстығына Атбұлақ, Әңгірата, Ащы, Қарақия, Қаратөбе, Мейрам-Ана, Ортабұлақ, Текесу 1, Текесу 2, Тоғыс, Көзата, Шілтер; Ақтас болыстығына Адамтас, Айкөл, Ақтас, Әулиебұлақ, Шанақ, Сауыршы, Сырлы, Темірші, Қызылдала, Шот, Шағыр ауылдары біріктірілді.
Біздің қолымызда 1968 жылдан 1917 жылға дейінгі сайланған болыстар мен билердің, ауыл старшындарының толық тізімдері бар. Бұларды неше жыл бойы архив ақтарып, жинастырып шықтық. Әр болыс сайлау жылында уезд бастықтары өткен сайлау жөнінде генерал-губернаторға рапорт дайындап отырған. Сол рапорттарда сайланған болыс пен болыстық биінің және оларға кандидат кісілердің, сондай-ақ ауыл билері мен старшындарының аты-жөндері толық жазылған.
1886 жылы Александр үшінші патшаның «Түркістан өлкесін қайта құру туралы Ереже» атты бұйрығына орай Құрама уезді Ташкент уезді болып өзгертіледі. Ал Ходжент уезді Самарқан облысына беріледі. Ташкент уезді орталығының кеңсесі Ташкент іргесіндегі Көктеректе орнығады. 1889 жылы Ташкент уезді халқының саны 396, 487 адам, оның ішінде 68 проценті қазақ, ал Шымкент уезінде 392, 327 адам, оның 94 проценті қазақ. Ақжар болыстығында сол жылы 4611 адам, Шарапхана болыстығында 4976 адам, Қазығұрт болыстығында 5385 адам, Ақтас болыстығында 4300 адам тіркелген. Тұрбаттағы аз ғана өзбектерді есептемегенде, бұл болыстықтардың тұрғындары түгелімен қазақтар болатын.
1898 жылы Ташкент уезіндегі болыстықтар саны ұлғайып, 26-ға жетеді. Шарапхана және Ақжар болыстықтарының адам саны артуына байланысты екеуінің жерінен «Кіші жетісу» болыстығы бөлініп шығады. (Патша уақытында мұсылман адамдар арабша жазып қалдырған документтерде бұл болыстық «Кіші Жетісу» деп нақты көрсетіледі. Ал орысша документтердің кейбірінде «Малая Джетысуйская», ал кейбірінде жәй ғана «Джетысуйская» жеп жазылған. Оған бұрынғы «Коммунизм», «Алтынтөбе» совхоздарының және «Қарабау» тұқым шаруашылығының аумағы кірген). Оның орталығы Ұясуда орын тебеді. Мұнымен қоса, Ақжардың тағы біраз жері жаңадан пайда болған Сыдық болыстығына беріледі. 1914 жылы Сыдық болыстығы тарап, аумағы Алтын мен Болат болыстықтарына бөлініп беріледі.
Дерек үшін айта кетейік, болыстықтардың атауы әр аймақтағы жер-су атауларына байланысты шыққан болса, «Кіші Жетісу» атауы белгілі бір жердің жалпы табиғат ерекшелігіне орай қалыптасқан. Ел аузында мынадай бір аңыз бар: «Ертеде Асан қайғы атамыз желмаясымен Жерұйық іздеп жүргенде Келес өзенінің бас жағына тоқтап, бір қоныпты. Сонда осы өлкенің ғажайып табиғатына және тау етегінен төменге қарай қатарласа ағып жатқан Көкібел, Қызылата, Жүзімдік, Жігірген, Ұя, Қаржан, Тұрбат суларының мөлдірлігіне қарап тұрып: «Алатау етегінде жер жаннаты саналатын Жетісу біреу ме десем, екеу екен. Шығыстағысы – үлкені, мынаусы – кішісі екен ғой» деген екен. Содан сол аймақ әсем көрінісі мен әлгі жеті өзеніне байланысты «Кіші Жетісу» аталып кетіпті».
Кім біледі, бұл аңыздың түбінде де бір ақиқат бар шығар. Қалай дегенмен де, «Кіші Жетісудың» табиғаты керемет. Мұндай ғажайып атауды біз кеше ғана, нақтысы, совет кезінде ұмыттық. Әйтпесе, ол атау 1930 жылдарға дейін сақталып келген.
1885-95 жылдары аралығында Қазығұрт белінің етегінде және Келес бойында алғашқы орыс һәм батыстық жұрт келімсектерінің алғашқы селолары пайда болады. Негізі, біздің ауданның аумағына келген келімсектердің көпшілігі Екатеринбургтен ауған меннонит немістері-тұғын. Бұлар XVIII ғасырдың басында Пруссиядан Еділ бойына ауып келген. Одан соң христиан дінінің «молокан» ағымын ұстанған орыстар келеді. Жалпы, мұнда таза орыстар аз келген. Патша үкіметі 1885 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан жеріне көбіне Ресей жерін жайлаған украиндар мен белорустарды, орыс тілі мен өмір салтын ұстанған поляктарды, немістерді, еврейлерді көбірек аударды. Солардың қатарында сандары аз болса да, өз елінде күнін көре алмай жүрген орыс мұжықтарын да айдады.
Меннонит немістері 1887 жылы Келес бойында Степное (Ақжар), Константиновка (Дербісек), Кауфманское (Қапланбек), Джери (бұрынғы Крупская) селоларын орнатады.
Сол жылы Беглербек Рабатына орныққан жиырма бес үйлі немістер, ол селоға 1891 жылы Ташкенттен дәрі-дәрмек алып келе жатып, Қазығұрт белінде күймесімен аунап кетіп ажал тапқан туыстары фельдшер Карл Фогелдің құрметіне орай Фогелево деген атауды қалыптастырады. 1890 жылы Шарапханаға он тоғыз үй меннонит пен он үш үйлі орыс орналастырылады.
1891 жылы Шұқырбекетке Кавказдан ауған отыз отбасылы «молокандар» ауып келді. «Молокандардың» басқа орыстардан айырмашылығы – олар шошқа етін жемейді және христиандардың жексенбі күні шіркеуге жиналатын салтын һәм басқа да біраз дәстүрлерін ұстанбайды. Бұлармен бірге мұнда Тамбовтан келген алты таза орыс отбасы орнығады. Осы «молокандар» егін салып, мал бағулары үшін Ташкент уездінің бастығынан Келес бойындағы қазақтарға қарасты жерлерден жүздеген десятина жер сұрап жазған өтініштері архивте сақталып қалған. Уезд бастығы олардың өтініштерін демде орындаған. 1891 жылдан кейін «Молокандар селосы» атанған Шұқырбекет – 1909 жылы Алексеевка деп аталады.
Оңтүстік жеріне ауып келген келімсектердің барлығы ұлтына, дініне қарамай, ақ патшаның саясатын жақтаған, жергілікті орыс билігін қуаттаған топ болды. Оларға Түркістан өлкесінің басшылары жақсы жерлерден орын беріп, жағдайларын жасады. Өздерін жергілікті халық – қазақтардан жоғары санауды үйретті. Қай кезде де, шеттен ауып келіп, бөтен жұрттың ортасына орныққан халық өзара ұйымшыл келетіні белгілі. Мұнда орныққан келімсектер де, орыс билігі жолында жандарын бәске тігіп, қазақтармен керісіп қалған жағдайда ұйымдаса кетіп, ақ патша ұлықтарына жақтасып отырды.
Әрі орыс билігі селолардың абыройлы, батыл деген адамдарына тегін қару таратты және қазақтардан қалаған жерлерін тартып алуларына рұқсат берді. (Келес бойын жайлаған келімсектер мұндай жанкештіліктерін 1916 жылғы Ұлт Азаттық көтеріліс кезінде ашық әрі қатаң түрде көрсетті).
Отаршылдар осылайша өз сөздерін сөйлейтін келімсектерді әлімсақтан ірі қалалар арасын жалғайтын жол бойындағы бекеттерге әдейі орналастырады. Орыс отарынан кейін бұл бекеттер қалааралық пошта мен өзара әскери байланыс жасайтын орындарға айналады.
Генерал-губернаторлықтың орталығы Ташкенттен шыққан бұйрық-өкімдердің барлығы осы бекеттер арқылы облыс орталықтары мен уездерге жеткізіледі. Орысша мұндай жолдар мен бекеттер «почтовый тракт» деп аталады. Осындай маңызы бар жолдар бойы мен шұрайлы да сулы тұстарға келімсектерді орналастыру арқылы патша жендеттері жергілікті халықты құнарлы жерлерден айырып, тау қуыстары мен тастақты жыра-сайларға ысырады.
Ташкент архивіндегі мәліметтер бойынша, 1897 жылы Ташкент уезінің халық саны 448 493 адамға жетті. (Оның 249 915 еркек, 198 578 әйел). Олардың 206 105-і қазақ, 100 мың 630-ы өзбек, 108 765-і сарт пен құрама (яғни бұлардың жартысы қазақ), 4531-і тәжік, 17 510-ы орыс, 2921-і украин мен белорусь, 2616-ы татар, 2214-і поляк, 1465-і еврей, 1062-і неміс, 613-і парсы халықтарынан тұрыпты.
Ал аталмыш архивтің тағы бір дерегінше, Ташқазақ уездінің халқының саны 1907 жылы 309 151 адамға кеміген болса, 1910 жылы 1897 жылғы санақтан жүз мыңнан аса адамға азайып, 337 882 адамды құраған. Уезд тұрғындарының түтін саны 61 433 деп көрсетіліпті.
Осы жерде соғыссыз, майдансыз өткен он үш жылда адам саны өсудің орнына неге кеміген деген сұрақ туындайды. Біздіңше, соңғы санақ дұрыс жүргізілмеген сияқты, бәлкім, емес бөлімі жалпылай санды көрсете салуы да ықтимал. Қалай дегенде де, технологиясы озық осы заманның өзінде халық санағы дәлме-дәл нақты шықпай жатқанда, компьютері мен арнайы аппараттары жоқ ол кездегі санақ тұра жүреді деу өте әбестік. Сондықтан да, патшалы Ресей кезінде жүргізілген санақты нақты деп қабылдауға болмас, сірә. Дегенмен олар халық санын дәл болмаса да, нақты санға жуықтатып жүргізе алғандары даусыз.
Түркістан өлкесін билеген орыс шенеуніктері жыл сайын әр облыстың экономикасына, тыныс-тіршілігіне, ауа-райына, халқының әл-ауқатына, егін мен мал шаруашылығына, өнеркесіп пен қол өнердің дамуына, өлкедегі мұсылман жұрттарының этнографиясы мен ауыз әдебиетіне, ертедегі һәм кейінгі құрылыс нысандарына, өзен-су атауларына, жалпы, табиғи ерекшеліктер мен өмірдің барлық салаларына қатысты деректер-мәліметтерді жинастырып, «Шолу» кітаптарын шығарып отырған. Мысалы, «Обзор Сыр-Дарыньской области» деген шолу кітап 1868 жылдан 1914 жылға дейін әр жылы шығып отырған. Сондай-ақ әр жылдары статистикалық комитеттің мәліметтері де жеке-жеке кітап болып шығып тұрған. Оның үстіне 1868 жылдан 1917 жылға дейінгі аралықта патша отаршылдарының жазбегерлері жазып, Ташкенттен шығарған кітаптар мен газет-журналдардағы мақалалар жиыстырылған «Туркестанский сборник» деген арнайы томдар жинақтары шыққан. (Соңғы үш томы 1939 жылы құрастырылған). «Туркестанский сборниктің» жалпы саны 594 том. Біз осы аталған кітаптардың бәрімен неше жыл бойы танысып шыққанбыз.
Бұлардан басқа Түркістан өлкелік статистикалық комитет 1891 және 1911 жылы халық санағына қатысты біз үшін аса маңызды болып табылатын екі жинақ шығарған. Бұл кітаптарда уездерге қарасты барлық болыстықтардың және сол болыстықтарға қараған ауылдардың аттары нақты берілген. Содан соң аталмыш ауылдарда қанша еркек, қанша әйел бар екені жазылған.

ХХ ҒАСЫР БАСЫНДА ҚАЗЫҒҰРТ
ЖЕРІНДЕГІ ХАЛЫҚ САНЫ

Осы мақаламызда 1891 жылғы шыққан кітаптың мәліметтерін беруді жөн санамадық, өйткені бұлай етсек, жазбамыз ұзарып кетеді. Алайда 1911 жылы жарық көрген еңбекте Қазығұрт ауданы көлеміндегі бұрынғы болыстықтар мен ауылдарда халық саны қандай деңгейде көрсетілгені жайындағы деректерді нақты жазбалап кетпекпіз. Бұл кезде болыстықтардағы ауылдар мен халықтардың сандары өскен. Сондай-ақ болыстық шекаралары да өзгерген. Бұрын бір үлкендеу ауылдың көлеңкесінде қалып, аттары жазбаға түспей жүрген кіші ауылдар мен кыстақ-мекендер түгілімен құжатқа түсіп, әрқайсысының тұрғын сандары белгіленген. 1911 жылы Түркістан өлкесінің орталығы – Ташкентте 69 565 еуропалық, 164 724 мұсылман тұрған. 1911 жылғы қарай 26 болыстықтың басын біріктірген Ташкент уезіне біздің аудан жерінен – Ақжар, Шарапхана, «Кіші Жетісу» атты үш болыстық қараған.
1911 жылы Ташкенттен шыққан «Список населенных мест Сыр-Дарыньской области» деген хронологиялық жинақтың көрсетуінше, Ақжар болыстығына мына ауылдар қараған және оларда мына сандағы отбасылар мен адамдар тұрған:
Кәпірзадада 145,
Итөлген 1-де 135,
Айнатаста 50,
Қызылқияда 155,
Шарбұлақта 260,
Қарабауда 140,
Ащыбұлақта 100,
Молалы 120,
Джериде 60,
Амансайда 20,
Көктөбеде 170,
Итөлген 2-де 74,
Қақпақта 200,
Көктебеде 120,
Қосқызылда 140,
Базарбайбұлақта 90,
Тұрбатта 48,
Жоғары Тұрбатта 80,
Төменгі Тұрбатта 190,
Тасқұлақта 150,
Жаскешуде 190,
Ортабұлақта 100,
Қапланбекте 90,
Қожаханда 200 отбасы болған.
Осы ауылдарда 2572 түтін қазақ, 80 түтін еуропалық, 360 түтін сарт тұрған. (Кітапта әр ауылда қанша еркек, қанша әйел бар екені көрсетілген. Біз олардың бәрін санамалап отыруды дұрыс көрмедік). Болыстық бойынша еркектер саны – 10350, әйелдер саны – 9095, барлығы – 19 445 адам.
«Кіші Жетісу» болыстығына қараған ауылдар:
Алтында 280,
Қызқұдықта 70,
Күрішбұлақта 65,
Құларықта 30,
Күбіқұдықта 30,
Бақада 25,
Шынарда 400,
Ащықарабауда 60,
Қаржанда 300,
Ащыда 70,
Тасқұдықта 30,
Жартыда 180,
Жартытөбеде 120,
Жоғарғы Үшбұлақта 100,
Төменгі Үшбұлақта 150,
Тақымдықта 37,
Қарабастаута 50,
Майтөбеде 150,
Жаңабазарда 120,
Қайнарда 42,
Көктәндіатада 100,
Тесіктөбеде 200,
Сұқсұқатада 70,
Мырзакелдіде 56,
Қатқанащыда 24,
Жалпақта 100,
Доңызтарақта 80,
Қарабастау 2-де 37,
Мансаратада 60,
Суықбұлақта 90,
Қарағашбұлақта 30,
Әділбұлақта 20,
Сейітбұлақта 30,
Адамтаста 13 отбасы.
Болыстық бойынша, қазақтардың түтін саны – 3209, сарттар – 20 түтін. Еркектер – 8420, әйелдер – 7475, барлығы – 15895 адам.
Шарапхана болыстығына қараған ауылдар:
Шарапханада 310,
Көжетоқтыда 80,
Жәнібекте 50,
Жиделіде 25,
Текшеліде 25,
Кемербастауда 100,
Сынтаста 80,
Жылыбұлақ 1-де 80,
Қотанбұлақта 30,
Ботабайбұлақта 50,
Айқожада 10,
Нұрлыбайбұлақта 43,
Қызылбұлақта 100,
Жылыбұлақ 2-де 118,
Құланаянда 82,
Жүзімдікте 227,
Ұяда 150,
Қызылбұлақ 2-де 160,
Сауапта 64,
Қаржан 2-де 190,
Ақпарақта 106,
Қарабауда 120,
Қалақта 109,
Қаржан 3-те 103.
Көкібелде 40 отбасы.
Болыстық бойынша, 2452 түтін қазақ, 10 түтін сарт, 57 түтін еуропалық. Еркектер – 8715, әйелдер – 7313, барлығы – 16 028 адам.
Сонда 1910 жылдары ауданы-мыздың аумағында қанша халық болды? Мұны нақтылау үшін бұрынғы Шымкент уездінің Қазығұрт, Ақтас болыстықтарына қараған, кейінгі совет кезінде Қаратас-Қазығұрт ауданының құрамына кірген «Күйік», «Шанақ» Жданов атындағы совхоздардың жерінде сол кезде қанша халық болғанын анықтауға тиіспіз. Ол үшін тағы да жаңағы кітаптағы мәліметтерге сүйенуімізге тура келеді. 1910 жылдары Қазығұрт болыстығына қараған ауылдардың ішінде қазір біздің ауданға тек Атбұлақ пен оның маңайындағы кіші-гірім ауылдар мен еуропалықтар тұрған Рабат және Ақтас болыстығының оңтүстік аймағына жатқан бірталай елді-мекендер қарайды. 1911 жылы Атбұлақта (жан-жағындағы майда ауылдарды қосып есептегенде) 177 еркек, 164 әйел болыпты. Рабатта 37 еркек, 39 әйел, Ақтас болыстығының Қазығұрт ауданына кірген ауылдарда 2100 еркек, 1917 әйел тіркеліпті. Жоғарыдағы үш болыстық пен осы аталған ауылдардың тұрғындарын қосып есептесек, 1910 жылдары Қазығұрт ауданы аумағында 55 726 адам тұрған. Мұның 53 мыңдайын таза қазақтар деп есептесек, бұл сан – ол заман үшін көңіл тоғайтарлықтай көрсеткіш екені даусыз. (Осыдан жүз жылдан аса уақыт бұрын аудан көлемінде 53 мың болған қазақ – қазіргі күні ол саннан төрт-бес есеге өсіп, 250 мыңнан асуы керек-ті. Бірақ қазақ әртүрлі себептермен шартты тұрғыдағы өсімге ілеспей қалыпты Аудан халқының саны бүгінде 109 мыңның шамасында).

БАЙЛАНЫС ЖЕЛІСІНІҢ
ДАМУЫ

Қазығұрт жеріне алғашқы заманға сай байланыс желісі 1931 жылы келген. Негізі, Ташкент пен Шымкентті, Әулиеатаны, Алматыны жалғайтын телеграф бағаналары 1915 жылы біздің ауданның жерін қақ жара тартылған. Бірақ ол кезде Алексеевада оның арнайы байланыс телеграф торабы болмаған. Совет үкіметінің алғашқы жылдарында да морзе әріптері арқылы жұмыс жасайтын телеграф байланысы жоғарыда аталған қалаларды жалғастырып тұрған. 1920 жылдардың басында біздің өңірде телеграф байланысының маңызды жетістігі фототелеграфикалық желі іске қосылады. 1931 жылы Шымкент-Ташкент төте темір жолының құрылысы басталуына байланысты Қаратас ауданының орталығында жан-жақтан хабар алатын және хабар таратып отыратын телеграф торабы ашылады. Бұл торап, жоғарыда айтқанымыздай, ауданымызға алғаш келген заманға сай байланыс желісі болатын.
Жан-жаққа хат-хабар жіберетін, жан-жақтан қабылдайтын сонымен қатар посылкалар жөнелтетін пошта қызметі аудан көлемінде 1922 жылдан жұмыс істей бастаған. Жаңа айтылған телеграф торабы да осы поштаға қараған. Қызметі жылдан-жылға өсіп, кеңейген аудандық пошта 1933 жылдан еліміздің кез келген түкпіріне телеграмма жолдай алатын дәрежеге жетеді. Енді байланыс қызметінің барлық түрі осы пошта арқылы жүреді. 1937 жылы Ленинскідегі пошта жанынан аудан орталығын Шымкентпен тікелей жалғайтын алғашқы коммутатор орталығы ашылып, телефон желісі іске қосылды. Алғашқыда телефон нүктесі төрт жерге орнатылады, яғни төрт нөмір іске қосылады. Олар – аупарком хатшысында, ауатком төрағасында және аудандық НКВД бастығы мен аудандық прокурорда болады.
1940 жылға таман Жаңабазарда, Сембіде, Шарапханада, Шарбұлақта, Энгельсте, Фогелевода пошта нүктелері ашылды. 1960 жылдардың ішінде аудандағы пошталардың саны өсіп, көптеген елді-мекендерде телекоммутаторлар орнатылды, телефон байланысы пайда болды. Кейінгі он жылдыққа ауданда 26 байланыс бөлімшесі, 14 АТС, 14 радиоторабы ашылды. Радио демекші, сым арқылы хабар тарататын радио толқыны аудан орталығына 1940 жылдардың басында келді. 1970 жылдардың басында ол аудандағы бүкіл ауылдарды қамтыды. 1973 жылы Қазығұрт телемұнарасы пайдалануға берілді.
1953-57 жылдары ауданымыздың ірі-ірі ауылдарын бір-біріне жалғайтын жолдарға құры шағал төгілген қара тас жол төселді. 1962 жылы Шымкент-Ташкент жолы асфальтпен көмкеріліп, аудан жерінде алған рет заманға сай жол пайда болды. 1969-73 жылдары аудан орталығынан Жаңабазар, Монтайтас, Тұрбат, «Қызылтаң» бағытына асфальт салынды. 1990 жылға дейін аудандағы ауылдарға баратын негізгі және күре жолдардың дерлігі асфальттанып біткен еді.

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ
ЖӘНЕ МТС-тар ТАРИХЫ

Бүкіл қазақ елін ашаршылық жайлап, миллиондаған адам қырылып жатқан кезде, нақтысы, 1932 жылы қаңтарда КСРО компартиясының орталық комитеті Қазақстанда облыстар құру туралы шешім қабылдайды. Ақпан айында өткен ҚазАКСР ОАК VIII сессиясы бұл шешімді мақұлдап, ел аумағында алты – Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы облыстары құрылады деп жариялайды. Біз жоғарыда айтып өткен уақиғалардың көпшілігі Оңтүстік Қазақстан облысы құрылған соң іске асты.
Бастапқыда Оңтүстік Қазақстан облысының құрамына 19 аудан болған еді, ал 1936 жылға дейін олардың саны 26-ға жетті. Аудандар бір-біріне қосылып, бір аудандар жабылып немесе енді бірі қайта ашылып жатқан осынау кезеңде Қаратас ауданының шекарасы еш өзгеріссіз тұрады. Тек колхоздардың аумақтары ғана өзгеріске ұшырайды, 1937 жылға қарай аудандағы 69 колхоздардың біраздары бір-біріне қосылып, шаруашылық саны 53-ке түседі. «Күйік» совхозының құрамына тағы бір ферма болып, Аманкелді бөлімшесі кіреді.
1930 жылдардың бас кезіндегі қиын кезеңдерде орын алған осынау өзгерістермен бірге бүгінгі ұрпақтың жадынан шығып кеткен, ал өз кезінде аудан-аудандарда дүркіреген ұйым атанған тағы бір мекеме ашылған. Ол Машина-трактор станциясы (МТС) деп аталған. МТС-тар КСРО-да колхоздар құрылымы өркендей бастағанда пайда болған кәсіпорын. КСРО-дағы алғашқы колхоз-совхоздардың өз меншігінде трактор, комбайн, машина сияқты техникалар болмаған. Бір аудандағы әлденше колхозға бір МТС техникалары қызмет көрсеткен. КСРО-да алғаш рет 1928 жылы иелігінде 10 тракторы бар Шевченко МТС-ы ашылған (Одесса облысы). Қазақстанда алғашқы МТС 1929 жылы Гурев округінде пайда болған.
МТС дегеніміз, аты айтып тұрғандай – трактор, машина, комбайн, тырма, сеялка сияқты техникалар жиналған мекеме. МТС-тар колхоз-совхоздармен келісім-шарт жасасып, солардың жерін жыртады, егіндерін егіп, шөптерін орады. Жалпы алғанда, шаруашылықтың техникамен атқарылатын барлық жұмыстарын істеп беретін, өз алдарына директоры мен партия ұйымы бар кәсіпорын. МТС-тарда техникалардың мынадай түрлері болыпты: СТЗ, ХТЗ, Универсал, СТЗ НАТИ, ЧТЗ лигроиндық, ЧТЗ газгенераторлы, СТЗ НАТИ газгенераторлы тракторлар, 15 футтық, 20 футтық және Солтүстік атты комбайндар. Бұлардың қандай тракторлар мен комбайндар екенін бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Көпшілігінің нақты нұсқалары Мәскеу, Санкт-Петербург, Ташкент, Владивосток, Новосибирск музейлерінде сақтаулы. Шымкентте Қазыбек би көшесі бойында орналасқан облыстық Пушкин атындағы кітапхананың алдында ескерткіш ретінде бір ХТЗ тракторы тұр.
Біздің облыста МТС-тар 1932 жылдың басында құрылады. Ауданымыздағы алғаш МТС Шарапханада 1932 жылдың 1 қаңтарында ашылыпты. Қаратас МТС-ы атанған бұл кәсіпорынның алғашқы директоры Евгений Слепцов. Шымкент архивінде осы МТС-тың 1937 жылғы жылдық есебі сақталып қалған. Сондағы мәліметте Қаратас МТС-ы 25 колхозға қызмет көрсеткені жазылған және сол колхоздардың тізімдері де толық берілген. Сол колхоздардың да аттарын атай кетейік: Бақабұлақ, Бірлік, Талдыбұлақ, Сталин, Жұмысшы, Үшбұлақ, Карл Маркс, Жаңатұрмыс, Ерназаров, Каганович, Бейнеткеш, Үлгілі, Жаңажол, Жылыбұлақ, Айнатас, Жігірген, Қызылдихан, Шақпақтөбе, Молотов, Майбұлақ, Қызылата, Тілектес, Қызылту, Жаңаталап, Социал, Көкібел.
25 колхоздағы үйлердің саны 2845 екені де жазулы тұр. МТС меншігінде сол уақытта 25 ХТЗ тракторы, 19 комбайн. 33 сеялка, 44 тырма, 21 соқа, 385 жылқы, 102 түйе болыпты. МТС 15 693 га егіс даласын, оның ішінде 13 286 га астық алқабын, 27 га картоп, 480 га мақта егетін жерді өңдеген және дайын өнімдерін жинаған. МТС-та бастығынан бастап кеңсе қызметкерлерін, тракторшыларды, комбайншыларды, ат-түйе бағатын және олармен жұмыс істейтін қатардағы еңбеккерлерді, техника жөндеушілер мен слесарьларды, тағы басқа да шаруамен айналысатын жұмысшыларды қосып есептегенде, барлығы 170 адам жұмыс істеген.
Қаратас ауданында екінші болып ашылған Тұрбат МТС-ы 1937 жылдың 15 наурызынан жұмыс істей бастаған. Директоры Әдіходжаев. Ол – Қызыл Октябрь, Шынар, Қаракемер, Ұя, «Күйік», Қызылбұлақ, Красный партизан, Аққұм, 1-ші Май, 9-шы январь, Тұрбат, Еңбек, Өндіріс, Қызыл Әскер, Алғабас, Қаржан сияқты 15 колхоз бен бір совхозға қызмет көрсетіпті. Оның 1938 жылғы жылдық есебіндегі деректерде 15 колхозда 2779 үй бар екен. МТС- та 28 трактор, 22 комбайн, 20 сеялка, 27 тырма, 40 соқа, 327 жылқы, 186 түйе болыпты. Ол қызмет көрсететін жалпы егістік көлемі 9975 га. Оның ішінде 9365 га арпа-бидай, 4 га картоп, 105 мақта, 815 сафлор алқаптары. Жұмыскерлер саны 155.
Үшінші МТС Ленин селосында 1938 жылдың 25 наурызында ашылған. 1940 жылғы жылдық есебінің дерегінде оның қызмет көрсететін колхоздарының саны – 13. Олар – Ленин, Қарабау, Өрнек, Крупская, Комсомол, Энгельс, Жаңашарбақ, Амансай, Куйбышев, Ворошилов, Қосағаш, Карл Либкнехт, Екінші Ынтымақ. Колхоздарда 1577 үй бар. МТС-та 28 трактор, 27 комбайн, 37 сеялка, 41 тырма, 505 жылқы, 289 түйе болған. 13 колхоздың егіс алқабы 13 956 га. Оның 12 379 га астық егетін жер. Картоп 30 га, мақта 146 га жерге егілген. Жұмысшылар саны 151 адам.
Кезінде МТС директорлары мен партия ұйымдары хатшыларының құқық-құзыры аудандық партия комитетінің бірінші хатшыларымен бірдей болған. Бүкіл КСРО бойынша отыз жылға жуық жұмыс жасаған МТС-тар 1958 жылы таратылған. Техникаларының бәрі колхоз-совхоздарға сатылған. Бүгінде егде қариялар болмаса, 1950 жылдан бері туылғандар МТС жайлы біле бермейді.
Олардың бір кездері атқарған жұмыстары да, аттары да уақыт шаңына көміліп, тарихқа айналған.

ЕГЕМЕНДІКТЕН КЕЙІНГІ ӨЗГЕРІСТЕР

1991 жылы Совет үкіметінің ыдырауына байланысты бұрын бір одақтың туы астына қараған республикалар өз алдарына егемендік алып, жеке-жеке мемлекет болды. Солардың қатарында Қазақстан да өз алдына дербес ел атанды. Осыған орай ел ішіндегі үкіметтік және басқару құрылымдар өзгере бастады. Алдымен партияның орталық комитеті, одан кейін облыстық аудандық комитеттер таратылады. 1991 жылдың қыркүйегінде коммунистік партия аудан көлемінде өз өкілеттігін тоқтатады. Осыған дейін аудандық партия комитеті 85 партия ұйымынан, дәлірек айтқанда, 10 партком, 64 цкхтық партия ұйымы, 52 партия тобынан тұрған. Бұл ұйымдардағы коммуннистердің саны 2553 адамды құрап, оның 1558-і шаруашылықтарда, 48-і өнеркәсіпте, 63-і құрылыста, 128-і трранспортта, 12-і байланыста, 102-і саудада, 641-і әр түрлі жұмыстарда істеген. Коммунистердің 123-і аудандық кеңеске, 562-і ауылдық кеңестерге депутат сайланған. 2553 коммуністтің 520-ы әйелдер болған.
1991 жылдың көкек пен қыркүйек айлары аралығында аудандық партия комитетінің хатшылығы мен атқару комитеті төралығы бір қызметке біріктіріліп, бұл қызметті Молдабай Ілиясов атқарады. Сол жылдың қыркүйегінде билеуші рөлінен айырылған коммунистік партияның ісін жалғастырушы ретінде социалистік партия құрылады. Социалистік партия коммунистік партия сияқты бар тарапта өкілеттігін жүргізе алмаса да, өліп бара жатқан партия билігін қайта тірілтуге жанталасып бақты.
Немесе оның атын өшірмеуге тырысты. Оның аудандағы алғашқы хатшысы болып, Алтынбек Кәттебеков сайланады. Бірақ бір жылдан кейін бүкіл республика бойынша басқарудың әкімшілік жүйесі енгізіледі. Осы кезден бастап, кеңес жұмысы мен атқару комитетінің орнына кеңейтілген құқықпен әкімшілік жүйе құрылады. Ауданның алғашқы әкімі Ғалымжан Жұмжаев.
Тәуелсіз Қазақстан үкіметі 1992 жылдың басындағы өтпелі кезеңдердегі жергілікті билік органдарының өкілеттілігі мен жүйелері өзгеруіне байланысты «ҚР өтпелі кезеңде ҚазКСР Конституциясының кейбір ережелерінің әсерін тоқтата тұру» жөнінде Заң қабылдады. Осыған орай халық депутаттары Ленин аудандық кеңесі, яғни атқару комитеті мен оның бөлімдері, ауатком жанындағы комиссиялар таратылды. ААтқару комитетінің орнына Ленин аудандық кеңесі мемлекеттік биліктегі басқарушы орган ретінде бір жылдай қызмет жасады. Ауылдық кеңестердің жұмыстарын үйлестірді, әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың жүзеге асуын қадағалады.
1993 жылы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Жергілікті кеңес-тердің өкілеттігін шұғыл тоқтату туралы» заңына сәйкес аудандық кеңес пен аудан көлеміндегі барлық ауылдық кеңестер өз жұмыстарын тоқтатты. Осы жылдан бастап бұрынғы аудандық кеңестің орнына аудандық мәслихат құрылды.
Аудандық мәслихаттың алғашқы сайлауы 1994 жылдың 7 наурыз күні өтті. Онда 23 сайлау округінен 23 депутат аудандық мәслихатқа 5 жыл мерзімге депутат болып сайланды. Мәслихаттың алғашқы хатшысы болып, Молдабай Ілиясов сайланды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде бұрын орыс отарының басымдығымен орысша аталып кеткен жер-су атауларын қазақшалау жұмыстары қолға алынды. Осыған сәйкес 1991 жылдың 23 шілдесі күні Фогеллево – Рабат, Қаратас ауылдық кеңесіне қарайтын Киров – Майлыошақ, Карл Маркс – Махамбет, 1993 жылдың 4 мамырында Ленин ауданы – Қазығұрт ауданы, Ленинск – Қазығұрт кенті, Қызылтаң – Қақпақ, Қаратас – Шарапхана ауылы болып өзгертілді.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің 1994 жылдың 5 қаңтарындағы қаулысына орай өз құрамында бірнеше елді мекендерді қамтитын селолық кеңестердің шекараларында мынадай 11 селолық округтер құрылды: Алтынтөбе, Жаңабазар, Қазығұрт, Қақпақ, Қарабау, Қаратау, Қызылқия, Рабат, Тұрбат, Шанақ, Шарбұлақ. Селолық округтердің жұмыс ауқымы бұрынғы ауылдық кеңестердің жұмысына қарағанда едәуір кеңейтілді.
2001 жылдан Қазығұрт ауданында – Алтынтөбе, Жаңабазар, Қазығұрт, Қарабау, Қақпақ, Көкібел, Рабат, Тұрбат, Шарбұлақ, Шарапхана, Шанақ сияқты 12 ауылдық округ болды. Соңғы жылдары бұларға жаңадан ашылған Жігірген ауыл округі қосылды. Рабат – Қарақозы Әбдәлиев, Көкібел – Сабыр Рахимов ауыл округі болып өзгертілді. Сонымен, бүгінде ауданда мынадай ауыл округтері жұмыс істейді.
1.Алтынтөбе ауылдық округі (Алтынтөбе, Аққұм, Бірінші Мамыр, Қаржан, Қосағаш, Қайшылы ауылдары қарайды);
2.Жаңабазар ауылдық округі (Жаңабазар, Жылыбұлақ, Жаңажол, Жаңаталап, Жеңіс, Қарабастау, Қожамберді, Тілектес, Үлгілі, Бейнеткеш, Сарыүйсін), әкімі Асқар Ақжолов;
3.Жігірген ауылдық округі (Жігірген, Айнатас, Қызылдихан, Қызылбұлақ, Тесіктөбе, Шақпақ, Өгем), әкімі Баратбай Үсіпов;
4. Қақпақ ауылдық округі (Қақпақ), әкімі Ержан Шорабаев;
5. Қазығұрт ауылдық округі (Қазығұрт), әкімі Қайрат Садықов;
6. Қарабау ауылдық округі (Жаңатұрмыс, Үшбұлақ, Сынтас, Жұмысшы, Қарабау), әкімі Асан Төлешов;
7.Қызылқия ауылдық округі (Тұғыртас, Айнатас, Қызылқия, Ынталы, Қызылсеңгір), әкімі Асан Нүсенов;
8. С. Рахимов ауылдық округі (Көкібел, Қызылата, Майбұлақ), әкімі Сапарбек Мақұлбаев;
9. Қ. Әбдәлиев ауылдық округі (Атбұлақ, Аманкелді, Ақпан, Ащы, Еңбекші, Жаңаталап, Қызылдала, Мәмбет, Рабат), әкімі Оразтан Қазыбаев;
10. Тұрбат ауылдық округі (Еңбек, Қызылдихан, Өндіріс, Тұрбат, Келес лесхозы), әкімі Сәкен Атымтаев;
11. Шарапхана ауылдық округі (Бақабұлақ, Жіңішке, Махамбет, Майлыошақ, Талдыбұлақ, Шарапхана), әкімі Асқат Қуатбаев;
12. Шанақ ауылдық округі (Ақжар, Ескі Шанақ, Шанақ станциясы, Шанақ, Ызабұлақ), әкімі Ерген Жорабаев;
13.Шарбұлақ ауылдық округі (Ақбастау, Шарбұлақ), әкімі Есімхан Исақұлов.

АУДАНДЫ БАСҚАРҒАН
АЗАМАТТАР

Осы жерде аудан құрылғалы бері аудандық партия комитеті мен атқару комитетін басқарған кісілердің тізімдерін де тізбелеп кеткеніміз жөн сияқты. Адан алғаш құрылған кезде оны партиялық деңгейде басқарған адамды жауапты хатшы деген. Ауданымыздың алғашқы жауапты хатшысы болып, 1928 жылдың 9 наурызында Серікбай Қырғызбаев деген кісі тағайындалған. Ол 1929 жылдың 1-ші мамырына дейін осы қызметте болған. Одан кейінгі жауапты хатшылар:
Төлеген Дәленов (1929-31),
Қабанбай Нұрметов (1931-32),
Тазабек Мұхаммедияров (1932-33),
Хамза Ақсартов (1933-34),
Григорий Широзян (1934-37),
(1936 жылы ауданды басқаратын кісілерден «жауапты хатшы» деген лауазым алынып тасталынып, олар жәй ғана хатшы атанған).
Ерғали Төлегенов (1937-38),
Арқабай Рысқұлов (1938-40),
Исматулла Қалықұлов (1940-42),
Қайдар Сәтібеков (1942-44),
Сапарбек Серікбаев (1944-48),
(1947 жылдан ауданды басқаратын кісілер аупарткомның бірінші хатшылары деп атала бастады).
Омадияр Адамбаев (1948-50),
Тоян Көкенов (1950),
Сыпабек Пазылбеков (1950-52),
Садық Дүйсебаев (1952-57),
Құсаыйн Бекішев (1957-62),
Сәлім Бегімбетов (1962-65),
Александр Борданов (1965-67),
Қалыбек Манасов (1967-75),
Нұртаза Ысмайылов (1975-82),
Тұрғанбек Жұманов (1982-85),
Жолдыбай Төлеев (1985-87),
Махамббет Пернебеков (1987-90).
Бақтияр Садықов (1990-91).

1928 жылдан аудандық атқару комитетінің төрағалары болғандар:
Тұрапбай Исабеков (1928-29),
Қанат Жанболатов (1930-32),
Ысақ Әлжанов (1932),
Керімбай Ысанов (1932-34),
Тәжібай Құлбаев (1934-35),
Ысқақ Әсімов (1935-36),
Қилыбай Көсеубаев (1936-37),
Ысқақ Әсімов (1937-39),
Жамал Өскенбаев (1939-40),
Сәлкен Нұрсйітов (1940-42),
Әшім Мырзақожаев (1942-44),
Шаяхмет Ақмурзин (1944-50),
Тілеуімбет Бейсенбаев (1950-52),
Көпейбек Бәйекенов (1952-56),
Әлі Датқаев (1956-61),
Рахила Мустафина (1961-62),
Мухлиса Шакирова (1962-66)
Мәулен Жолымбеков (1966-1972),
Қаражан Әбіләзімов (1973-83),
Қуаныш Айтаханов (1983-87),
Тойым Жүнісов (1987-89),
Молдабай Ілиясов (1987-1993).
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін аудан әкімі болғандар:
Ғалымжан Жұмжаев (1992-95),
Әбдібақыт Мақұлбаев (1995-98),
Тілләбек Мұсабаев (1998-2000),
Әли Бектаев (2000- 2002),
Әбумүтәліп Көбеев (2002-2006),
Нұржан Әжметов (2006-2009),
Тұманбек Әлиев (2009-2012),
Болатбек Қыстауов (2012-2016),
2016 жылдан бері Төлеген Телғараев.
Мәслихат хатшылары:
Молдабай Ілиясов (1993-99),
Зұлфия Орманова (1999-2006),
Аманбай Омаров (2006-2012),
Мұхтар Момынов (2012-2016),
2016 жылдан Өрісбай Көпеев.

Қазір аудандық мәслихат – Мұхтар Момынов, Аманбай Тасай, Нұрлыбақыт Мақұлбаев, Сәкен Сманов, Сейдулла Сеңгірбаев, Тілләбек Мұсабаев, Бижігіт Қалдаров, Мүсілім Тұранов, Саян Батырбеков, Арын Қалшабеков, Ерғали Аманқұлов, Есболат Нысанбекұлы, Самат Тұрғараев, Әбілқасым Қожахан, Әбілахан Жылқыбаев және хатшыны қосып есептегенде 16 депутаттан тұрады (Мәслихат аппаратының басшысы Болат Омаров).
Ал аудан әкімінің аппараты әкімнің үш орынбасары (Тайбек Қалымбетов, Серік Тұрсынқұлов, Серік Нұрманов) мен Ұйымдастыру-инспекторлық (басшысы Бақытжан Ілиясов), Персоналды басқару жөніндегі (басшысы Балжан Түбай), Әкімшілік (басшысы Құрбан Керім), Жалпы (басшысы Әбдіжәліл Жамалбек), Заң (басшысы Дархан Күлімов), Ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету моноторингі (басшысы Болат Момынов) сияқты алты бөлімшеден тұрады.
Ауданда 11 дербес бөлім бар. Тізіп айтсақ: Ауылшаруашылығы және жер қатынастары (басшысы Сәбит Әлсейітов), білім (басшысы Асан Үйсімбаев), Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар (басшысы Әймен Өсербаев), Кәсіпкерлік (басшысы Аян Көшкінбай), Экономика және қаржы (басшысы Мұрат Сапиев), Мәдениет және тілдерді дамыту (басшысы Әбубәкір Жаншуақов), Құрылыс, сәулет және қала құрылысы (басшысы Әсілбек Баймұрзаев), Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары (басшысы Бақберген Құралбаев), Денешынықтыру және спорт (басшысы Құралбек Бұқаров), Ішкі саясат (басшысы Абай Серкебаев), Ветеринария бөлімдері.
Қазіргі күндері бұлардан бөлек аудан халқына Сәулет және архитектура, Жер инспекциясы, Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс, Халықты жұмыспен қамтамасыз ету, Электр жүйесі, Жол бөлімі сияқты бөлімдер, Санэпидстанция, Жолаушыларды тасымалдау кәсіпорны, Жолдарды көгалдандыру, Транспортты пайдалану колоннасы, Өгем орман шаруашылығы, Малдәрігерлік, Аумақтық басқарма, Өлкетану мұражайы, Халық банкі сияқты мекемелер қызмет көрсетеді.
Аудан жерінде бұрынғы ғасырларда осындай қадау-қадау тарихи уақиғалар өткен. Осы жазбадан көргендеріңіздей, қазақ халқы өз алдына тәуелсіздік алғанша қаншама зұлматты замандарды бастан өткеріп, бүгінгі күнге аман-сау жетіпті. Қанша қиыншылық көрсе де, жер бетінен жойылып кетпей, күресіп бағыпты. Дегенмен кешегі совет үкіметін қаншалықты жамандасақ та, 1950 жылдардан кейін қазақ халқы өркениет пен заманауи білімге ілесіп, одақтағы басқа халықтармен қай тараптан болса да, теңесе бастапты. Бірақ халқымызға шын бақыт тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана келгені ақиқат.
Осындай тарихты да, бұрын айтуға тыйым салынған небір ащы да ақиқат, нақты да шын деректерді де біз осы тәуелсіздіктің арқасында жазып отырмыз. Ендеше, біздің халықты тек жақсылықтарға ғана жеткізетін тәуелсіздігімізге шүкір дей отырып, барлықтарыңызды ауданымыздың 90 жылдық мерекесімен құттықтаймыз! Бүгінгі жасап отырған осы тірлігіміз де – ертеңгі тарих.
Адамзат бар да, тарих та жалғаса берері кәдік. Олай болса, еліміздің әр өңірінің 100, 150, 200 жылдық, тіпті, одан да көп жылдық тарихын тойлана берсін!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *