«ӨНЕР – ӨМІРДІҢ  КЕҢ ТЫНЫСЫ» «ӨНЕР – ӨМІРДІҢ  КЕҢ ТЫНЫСЫ»
Алтынбай МҰСА, «Алтын Алма» ансамблінің көркемдік жетекшісі: – Алдымен оқырмандары-мызға отбасыңыз туралы айтып берсеңіз? Жанұялық ансамбльді қай кезде құрдыңыздар? – Өмірдегі жұбайым бала-ларымның анасы... «ӨНЕР – ӨМІРДІҢ  КЕҢ ТЫНЫСЫ»

Алтынбай МҰСА,
«Алтын Алма» ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Алдымен оқырмандары-мызға отбасыңыз туралы айтып берсеңіз? Жанұялық ансамбльді қай кезде құрдыңыздар?

– Өмірдегі жұбайым бала-ларымның анасы – Алмагүл Баттаққызы, Ақмола облысы, Қорғалжын ауданының тумасы. Әсем, Іңкәр, Нұрай қыздарымыз, Сұңқар деген ұлымыз бар. Өзімнің туған жерім – Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы. Әсем – кішкентайынан өте зерек, әннің табиғатын жетік біледі, кез-келген аспапта ойнай алады, Қаржы академиясының түлегі. Іңкәр – қазірде Қазақ Ұлттық өнер академиясының «музыка мамандығы» бойынша 4-ші курста оқып жатыр.
2014 жылы Италияда өткен «Fiestalino milenio» халықаралық байқауында ІІ дәрежелі диплом иеленді. Ұлттық домбырамызбен римдіктерді тебірентіп, көк туымызды желбіретіп қайтқан болатын.
Сұңқар – мектептен тыс, қосымша домбыра сыныбын бітірген, домбыра мен бас гитарада жақсы ойнайды. Қазіргі таңда дизайн саласында студент атанды.
Кенже қызымыз Нұрай 2-ші сыныпта оқиды, қосымша фортепиано, гимнастика, би, вокал үйірмелеріне барады.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тұғыры» атты республикалық байқауда ән салып ІІ дәрежелі диплом алды. Қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановтың 75 жылдығына орй өткен «Ғұмырдария» атты шығармашылық кеште автордың «Рух пен Тіл» әнін орындады.
Ансамбльді құру туралы арнайы жоспарымыз болмаған. Шаңырағымызға үлкен-кіші қо-нақтар, зиялы қауымдар келген кезде қолымызға аспаптар алып, әндерге сүйемелдеу жасап, өзіміз де айтып жүретін едік. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген халқымыздың мағыналы сөзінде айтылғандай балаларым да бізге, қонақтарға қосылып, өз өнерлерін көрсетуге ынтық болатын.
Келе-келе қызығушылығымыз артып,әрбір ән мен күйден шабыт алып, келе-келе ансамбльдің құрылғанын өзімізде аңғармаппыз. «Алтын Алма» атауы айтып тұрғандай жұбайымыз екеуміздің есіміміздің бірігуінен құралған ұғым. Өмірде де, өнерде де бір жүре отырып, қазақтың өнерін, отбасы құндылықтарын сақтау, насихаттауды мақсат тұттық.
Ұл-қыздарымызға ақыл-кеңе-сімізбен қоса, өнер арқылы да тәлім беріп келе жатырмыз деген ойдамын. Негізі, балаларым кішкентайынан түрлі мерекелерде ән салып, жүлделі болып жүрген.

алтынбек-1

– Репертуарларыңызда қанша ән-күй бар? Таңдауды кім жасайды?

–Музыка деген құдіреттің күші шексіз ғой. Жаның жабырқап, көңілің құлазып отырғанда күш-жігерді оятып, рух беретін әуен тыңдасаң серпіліп шыға келесің. Болмаса балалықты, еркелікті, бақытты сәттерді ойда-жоқта қайтадан еске салатын да әсем әндер болады.
Бірақ ән мен оның сөзі ерекше үйлесім тапқан кезде ғана бірбүтін дүниеге айналады, жүректерге жол тартады.Әннің тыңдаушысын ұйытатындай көркемдік жағына да назар аударамыз. Репертуарымызда қазіргі уақытта 20-ға жуық әр түрлі жанрларда жазылған ән-күйлеріміз бар. Таңдауды бәріміз, ақылдаса отырып шешім қабылдаймыз! Негізі, бізбен қосымша өнердегі жолдас-ағаларым бірі – баянист болса, енді бірі – гитарист, әуенді өңдейтін, әрлейтін байланыстағы достарымыз бар.

– Әнжинақ шығару туралы жоспарларыңыз бар шығар?

– Үйімізде шығармашылықпен айналысуға мүмкіндігіміз болсын деген оймен студия аштық. Іңкәр қызым сол студиядағы музыкалық қажетті бағдарламаларды толық меңгерген. Осы себептен ән жазу, таспаға шығару аса қиын дүние емес, қолда тұрған нәрсе десек те болады. Дегенмен, әнжинаққа жаңа әндер енгізіп, сұрыптап барып, жазуға кірісу керек деп ойлаймын! Уақыт – енші…

– Жастарға өнерлі, көпба-лалы отбасыларды насихаттау мақсатында өтіп тұратын іс-шараларға шақырту алып тұрасыздар ма?

– Қалалық әкімшілік тарапынан өткізілетін іс-шараларға әрине қатысамыз. Біз халқымыздың өнерін ұлықтасақ, сол өнер бізді халық құрметіне бөлеп отыр. Республикамызға танымал басшылық қызметтегі жандардан бөлек өнер мен мәдениет биігіне шыққан жандармен де өнердің арқасында жақындастық.
Кез келген жерде, отбасы – ошақ қасында, ағайын-туыс арасында, көпшіліктің ортасында болсын отбасы құндылықтарын, қазақы тәрбиені насихаттап отыруды өзімізге парыз санаймыз. Мерекелерден тыс, ақын-жазушыларымыздың кештерінде, этно-мәдени орталықтарымен қоса, ассамблеялардан шақырту аламыз.
Бұл шақыртулар мен кезде-сулердің барлығы біз үшін тек өнер көрсетіп қана қою емес, барған жердегі зиялы қауым өкілдерінен, өнер, білім-ғылым майталмандарымен танысып, араласып, олардың да жетістіктеріне қуанып қайту болып табылады.

Балаларыңыз өнерді таңдай ма, әлде басқа мамандыққа бет бұра ма?

– Өнер – біздің хоббиіміз. Мамандықпен бірге, өнерді де қоса алуды мақсат деп санаймыз. Әдемілікті көріп, сезіп қана қоймай, сол сәттерді сазгер мен ақын ерекше сезімталдықпен көркем туындыға айналдырады. Олар кейбір жағдайда өз туындыларын өздері орындамайды. Автор мен әнді тыңдарманға таныстыратын, жақындастыратын әншілер қауымы сондықтан да халықтың құрметіне бөленеді.
Ал біздің отбасымызда «тек өнер жолын таңдайсың, сен – әнші, сен – сазгер боласың» деген қатып қалған қағида жоқ.
Өнер – өмірдің кең тынысы. Өнерді өміріне серік еткен жанның досы да, сырласы да көбірек болады. Өнер атаулының қай түрі болмасын адам жанын ізгілікке жетелейді. Кемел бабалардың келешегіне қалдырған өнерін балаларым да серік етіп келе жатқанына іштей қуанып та, марқайып та жүремін.
– Ұлан-байтақ өлкеміздегі елді мекендерді аралап, шалғайда тұрып жатқан ағайындарға өнер көрсете алдыңыздар ма?

– Қыр баласының қай-қайсысы болмасын әнге, әуенге әуес болып тұрады. Ауылда өткен балалық шағымызда той-жиында ести қалған әрбір әнді көкейге түйіп, жүрекке сақтап өстік. Бұл жағдай қазір де солай жалғасын тауып жатқанына елге барған кездерде көзіміз жетіп, қуанып жатамыз. Сондықтан ағайындарға әр қыдырып барған сайын өзімізбен қоса, аспаптарымызды алып баруды әдетке айналдырғанбыз. Балаларымызбенен мәре-сәре болып, әндетіп, көңіл көтеріп, кішігірім болса да тойлатып қайтамыз.

Алтынбай-2

– «Ердің жасы – елуге» келіп жатыр екенсіз. Құтты болсын. Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Жалпы өмірде істеп жүрген нәрселерім көп. Жоғары айтқанымдай, өнер – біздің күнделікті демалысымыз, жанымызды жай, көңілімізді шат етіп, ұйыстыратын құмарлық.
Тек өнер саласында емес, сыртта да еңбекпен көрініп жүреміз. 1989 жылы еңбек жолымды Целиноградсельмаш зауытының №3 цехында жұмысшы болып бастадым. Зауыт жұмысының ауырлығына қарамай «Тіл және мәдениет» қоғамына ерікті болып қабылданып, қаланы «қазақыландыру» үшін жүргізілген жұмыстарға көмегімді тигіздім. 1990 жылы Қазақ ССР-нің құрылғанына 70 жыл толу мерекесіне орай өткен қалалық ақындар айтысында бас жүлденің иегері болдым. 1991 жылы Тәуелсіздігіміздің алдында Бөгенбай батырдың 300 жылдығына арналған ақындар айтысында 3 орын алдым.
Целиноград атауын Ақмолаға өзгерту кезінде атқарылған істердің де жанынан табылып, қолдан келген шаралардың барлығын жасадым. 1999-2002 жылдары мемлекеттік филармонияда әкімші болып қызмет атқардым. Мемлекеттік тілімізді тұғырына қондырып, қолданыс өрісін кеңейту жолында ерекше еңбек еткен Мұхтар Шаханов сынды ағалардың бастамалары мен іс-шараларына тілектес, ниеттес болдым. Тәуелсіздік тұсында мәдениет пен тілді өркендетуге жасаған азды-көпті еңбектеріміз еленіп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан «Мәдениет қайраткері» марапатын алдым.
Тәуелсіздік тұсындағы дағдарыс пен жұмыссыздық талай мекемені шайқалтып, отбасыларды ауылдан қалаға тентіретіп жіберді. Осы кезеңде қарап отырмай, көпшілік үрке қарап отырған сауда саласына бет бұрдым. Халыққа қажет деген заттарды тасып, сауданың да оңай еместігін түсініп, ақырындап көзін таба бастадым.
Қазіргі уақытта өткен өмір жолындағы барлық қолдан келгенше атқарған істердің барлығының өзінің қайтарымы мен пайдасы болатынына көзім жетті. Кәсіпкерлік пен өнерді де қоса алып жүру – бір-біріне еш кедергісін тигізген емес. Өнерімізді өркендетуге көп мүмкіндік осы кәсіпкерлігімізден түскен табыстан болғаны да жасырын емес.
Жақында туған ауылға барып қарашаңырақты салдым. Алдағы уақыттарға еншілеп отырған жоспарлар баршылық. Уақыты келгенде, пісіп-толғанда орындала жатар. Басты мақсат – отбасылық өнерді, балаларымыздың өнерін әрі қарай шыңдау.

– Өткен шаққа көз жүгіртіп, өнерге деген құлшынысыңыздың қалай басталғанын еске ала кетсеңіз? Кімдерді үлгі тұттыңыз?

– Ес білгелі, өнерге жақын болып, оны жақсы көріп өстім. Сол себепті өнерде ойып тұрып орын алған аға-әпкелеріміздің барлығын үлгі етіп, әрқайсысын ерекше мақтан тұттық. Ол кезде бағдарламалар аз болатын, бар-жоғы бір-екі арна ғана. Елдің бәрі көретін терме, айтыстарды үзбей көретінбіз.
М.Шаханов, Т.Молдағалиев сияқты талантты ақындардың өлеңдерін естіп, іздеп тауып, жаттап жарысатынбыз. Ш.Қалдаяқов, Ә.Бейсеуов, Н.Тілендиевтің, С.Бай-терековтің әндерін айтып өстік. Осы аталған кісілерді үлгі тұтып жүрдік!
Қазіргі уақытта да қаншама өнер адамдары мен зиялы қауым өкілдері отбасымызға келіп, дастарханымыздан дәм татып, өнерімізге өз бағаларын беріп жатыр. М.Шаханов, Қ.Бегманов, С.Ғаббасов, К.Әмірбек, М.Төре, Қ.Ахметжанов, Д.Қамзабекұлы, Е.Әнуарбек,З.Қабылдинов, Қ.Салғарин,С.Тұрғынбеков, Қ.Иса, Ж.Шымшықов, И.Елекеев, Т.Әбдірайымов,О.Жәлелұлы т.б. ағаларымыз қонақта болып, балаларымыздың өнеріне өз баталарын беріп кетті. Бізден кейінгі буын – балаларымыз осындай елінің қамын ойлаған үлкен жүректі азаматтарды үлгі тұтып, тілектерін естіп өсіп келеді.

– Қазіргі жастардың ұлт-тық музыкаға, ән-күйге деген құрметі қандай деңгейде деп ойлайсыз?

– Қазіргі уақыт – ғаламтордың заманы. Үйде ала алмаған тәрбиені ғаламтордан іздейді. Жеңіл әнге әуестік жастар бойында «зың-зың», «дың-дың»-дардың тез тарап, рейтингтері көтеріліп бара жатқандарын қоса айтқанда, ұлттық музыка алшақтап бара жатқанын байқаймыз. Дегенмен, бәрін бірдей деуден аулақпын.
Қазір тек танымал болуды мақсат ету бірінші орынға шықты. Осыдан келіп, кездейсоқ адамдар сазын да, өлеңін де өзі жазып, өзі орындаушысы болып шыға келеді. Компьютермен өңделген даусына еліріп тұрып билеп, бейне баян түсіреді де ғаламтор желілеріне сала қояды, телеарналарға ұсынады.
Халықтың барлығында музы-калық білім жоқ. Сондықтан жеңіл ән мен сөздер тізбегі хит болады да шығады. Бұл өнер емес қой. Бұл деңгей де, сапа да, білім де емес. Міне, осындай маңызды себептер мен салдардан соң: өнер, музыка, ән саласында жүретін адам кәсіби білім алмайынша болмайды деп ойлаймын.
«Сөз түзелді, тыңдаушы,
сен де түзел,
Сендерге де келейін енді аяңдап» – деп Абай айтқандай, тыңдармандарға, жалпы халыққа талғам қалыптастыру қажет шығар.

– Той-думан әндері талап-талғамды құрдымға апара жатқан жоқ па?

– Әр әннің өз аудиториясы, айтылатын мінбері, орны болады. Әннің мән-мағынасы мен құдіреті түсінілетін ортада ғана шырқалғаны жөн. Опералық, патриоттық сезімге толы әндерді тойда шырқамайсыз, «Қызыл өрік», «Құдаша», «Тойбастар» сияқты желдірме әндерді үлкен сахналарда айта алмайсыз.
Қашаннан бері қазақтың қазынасы – той. Сол тойға сұраныс дәрежесінде әдемі би қимылдарына лайықтап әні мен сөзін жазу керек шығар. Бұл жағдайды солай ғана ысыруға болады деп ойлаймын. Жеңіл-желпі әндердің барлығының ғұмыры ары кетсе 5-6 ай ғана болатынына көзіміз жетті.
Олар өз кезегінде бірден ұмытылып қала береді екен. Ал халықтың дәстүрлі ән бұлағынан бастау алған өшпес туындылар қазақ бар жерде айтылмай қалмайды.

– «Отан – отбасынан бас-талады», «Отбасы – шағын мемлекет» демекші, ұлттық салт-дәстүр мен өнерді ұлықтаған, адамгершілік қасиет-терді жоғары бағалайтын шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін.
Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан –
Жанна Иманқұл

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *