ӨРКЕНИЕТКЕ ӨРІС АШҚАН ЕСКЕРТКІШТЕР ӨРКЕНИЕТКЕ ӨРІС АШҚАН ЕСКЕРТКІШТЕР
Еліміз егемендігін алғалы сәулет өнері де қарқынды дамуда. Назарларыңызға тәуелсіздік жылдарында салынған республикамыздың танымал архитектура ескерткіштері туралы деректерді ұсынамыз. Ақ Орда резиденциясы – Қазақстан... ӨРКЕНИЕТКЕ ӨРІС АШҚАН ЕСКЕРТКІШТЕР

Еліміз егемендігін алғалы сәулет өнері де қарқынды дамуда. Назарларыңызға тәуелсіздік жылдарында салынған республикамыздың танымал архитектура ескерткіштері туралы деректерді ұсынамыз.
Ақ Орда резиденциясы – Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясы. Ресми ашылуы 2004ж. желтоқсанның 24 күні өтті. Шатырсүмбіні қоса есептегендегі биіктік 80 м. Ғимарат жер бетінде 5 және жер астындағы 2 қабаттан тұрады. Жер бетіндегі 1-қабаттың биіктігі 10 м., қалған қабаттардың биіктігі 5 м.
Бәйтерек. Есіл өзенінің сол жағалауында бой көтерген зәулім «Бәйтеректің» биіктігі 97 м (Астана қаласының елорда статусына ие болған жылға байланысты таңдалған). Құрылыс 2002 жылдың 30 тамыз күні бітті. «Бәйтерек» нысаны үш бөліктен тұрады; жер асты бөлігі ұлттың тамыр жаюы, ал одан кейінгілері өркендеу кезеңдерінің нышандарын білдіреді.
Үкімет үйі Қазақстан Республикасы Үкіметінің бас әкімшілік ғимараты болып табылады. Ғимарат құрылысы 2005 жылдың шілде айында аяқталды. 2005 жылдың қыркүйек айында ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі Үкімет үйі ғимаратына қоныстанды.
Парламент Мәжілісінің ғимараты Астананың сол жағалауында орналасқан. 2004 жылы іргесі қаланған сәулет өнерінің аумағы 26 800 шаршы метр.
Министрліктер үйі Орынбор көшесінің бойында орналасқан. 2007 жылы салынды. Бұл ұзындығы бір километрге созылған дөңес ғимарат. Министрліктер мемлекеттік басқарманың тиісті саласына басшылықты жүзеге асырушы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары болып саналады
2008 жылдың 15 желтоқсанында мемлекеттік ресми іс-шараларды, форумдарды, мәжілістерді, кездесулерді өткізу орны болып табылатын Тәуелсіздік Сарайы ашылды. Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы болуына орай 1-2 желтоқсанда Тәуелсіздік сарайында ЕҚЫҰ саммиті өтті. Жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған жыл сайынғы Астана экономикалық форумы, Еуразиялық медиафорумда Тәуелсіздік сарайында өткізіледі. Тәуелсіздік сарайында 2014 жылдың 29 мамырында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері қол қойды.
Пирамида іспетті етіп тұрғызылған сарай 2006 жылы 2 қыркүйекте салтанатты түрде ашылды. «Бейбітшілік және Келісім Сарайын» салу ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтің идеясы. Пирамида әртүрлі діндердің, этностар мен мәдениеттің бірлік белгісі, халық пен елдің ашықтық белгісі болды. Дәстүрлі дін және конфессия басшыларының басқосуларын өткізу үшін пирамиданың жоғарғы жағында Қазақстан байрағының ұлттық түсімен әшекейленген 200 орындықты зал орналасқан.
«Қазақ елі» монументі 2009 жылы ашылды. Ақ мәрмәрдан жасалған монумент-тің биіктігі – 91 метр. Бұл Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдың белгісі. Ал оның басындағы алтын түстес бояумен әрленген алып құс – Самұрық Қазақ-станның тыныштығын «күзетеді» дегенді білдіреді.
«Мәңгілік ел» қақпасы тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында ашылды (2011 ж). Сәулет нысанының биіктігі де сәйкесінше 20 метр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев қақпаның ашылу салтанатында: «Біз бұл тамаша Жасампаздық қақпасын біздің еңбегіміздің, біздің табыстарымыздың белгісі ретінде, болашаққа өтудегі белгіміз ретінде тұрғыздық. Қақпа біздің жас, әсем елордамыз – Астананың тағы бір символына айналатын болады. Біздің береке-бірлігіміз, біздің достығымыз, біздің көпұлтты мемлекетіміздегі өзара сенім бізді үлкен жеңістерге жеткізді. Біз бүгін осы жерге ұлы мерекені – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту үшін келіп тұрмыз. Мен барлығыңызды осы мерекемен құттықтаймын. Халқымызға жақсылық, бақыт, әрбір отбасына амандық тілеймін! Қазақстан жасасын! Тәуелсіздік жасасын! Қазақстандықтардың бірлігі жасасын! Мерекелеріңізбен!», — деген екен.
2013 жылдың желтоқсан айында әлемге әйгілі архитектор Норман Фостердың туындысы «Назарбаев орталығы» ашылды. Тоғыз қабатты ғимараттың ауданы 28 мың шаршы метр. Кітапхана қоры 460 мың бірлікке есептелген. Елбасы ашылу салтанатында осы орталықта тәуелсіздік алу жолындағы тарихымыз, әлемдік экономика және саясат зерттеледі; жастар тіл меңгеріп, жаңа ғылымдар саласында білім ала алатынын айтты.
Бүгінгі таңда «Атамекен» Қазақстан картасы елорда тұрғындары мен қала қонақтарының ең көп келетін мәдени орындарының бірі.
«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен 2001 жылдың 8 қыркүйегіндеашылды. Қазақстанның қалалары, ғимараттары, ескерткіштері кішірейтілген үлгімен жасалып, 1,7 гектар жерге сыйдырылған.
Тәуелсіздік монументі — 1996 жылы Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуы құрметіне биік обелиск түрінде тұрғызылған монумент. Оның биіктігі 28 метрге жетеді. Оның үстіңгі жағындағы қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде оң қолында қыран құсы, сол қолында садағы, белінде қанжары мен асынып алған қорамсағындағы сауыт, бұзар алтынға малынған жебелері бар дулығалы жас сарбаздың құрыштай мығым бітім-тұлғасы (биіктігі 6 м, ал салмағы 4 т) аса айбарлы кейіппен, тәуелсіздіктің монументі беріктігі мен ауқымдылығын айқын аңғартады.
2006 жылы Алматы қаласында «Желтоқсан оқиғаларының» 20 жылдығына байланысты «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші бой көтерді.
ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту аясында Павлодар қаласында 2011 жылы ескерткіш орнатты. Биіктігі 40 метр ту тұғыры классикалық нақышта салынған колоннадамен қатар тұрғызылды.
Осы жылдың қараша айында Қызылорда облысының Жосалы кентінде «Мәңгілік ел»монументі бой көтерді. Ашылу салтанатында: «Бүгінгі кездесуіміз ерекше. Себебі кеше ғана Астанада ұлтымыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа «Нұрлы жол» атты тарихи Жолдауын жария етті. Елбасы өз Жолдауында «Мәңгілік ел» берік идеясын сонау көне түркі заманнан бастау алған философиялық категория «мәңгілік» ұғымымен сәтті ұштастыра отырып, мемлекетіміздің, дамуымыздың темірқазығын белгіледі. Ал бүгін Жосалы кентін абаттандыру ісі осындай үлкен идеологиямен ұштастырылып отыр. Бұл алаңның халық рухының серпілісіне, әсіресе жастардың тәрбиесіне ықпалы орасан зор деп есептеймін», — деді аймақ басшысы.
Ендігі кезекте сізге елімізде ашылған президент саябақтары туралы баяндаймыз. «Бейбітшілік және Келісім Сарайынының» маңында орналасқан Президент саябағы 2008 жылдың шілдеайында ашылды. Жалпы ауданы 830 мың шаршы метр саябақта 27 мың ағаш, 16 мың бұта және 30 фонтан орын алды.
ҚР Бірінші Президенті атындағы саябағы — дендропаркі Алматы қаласы Бостандық ауданының Навои және әл-Фараби көшелер қиылысында орналасқан. Дендропактің жалпы аумағы 73 га құрайды. Саябақ аумағында 2001 жылы ҚР Бірінші Президенті Н.Назарбаевтың өз қолымен отырғызған емен ағашы өсіп тұр. Саябақтың кіре беріс ортасында қала ішіндегі ең үлкен кешкісін сәлем шашып, әуен шығаратын су бұрқақ орын алған. Оңтүстік беткейінде алты сарқырамалы тобпен мөлдір таза суымен кіші сарқырамалары бар.
2011 жылы 11 қарашада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Қазақстан» монументалды-сәулет компазициясының ашылу салтанаты болды. Ескерткіш қола, гранит және мәрмәр тастан бүркіт тәріздес құйылған. Ескерткіш ортасында Бірінші Президент бейнесі кескінделген. Ал бүркіттің қанатында Алматы және Астана қаласының символы орын алған. Ескерткіште еліміздің тарихи және сәулет өнерінің маңызды бейнелері көрсетілген.
«Тәуелсіздік» саябағы Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ашылған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі салтанатты түрде ашқан саябақ қаланың Қабанбай батыр көшесіндегі төбенің жазығында орын тепкен. Саябақтың триумфті – 15 метрлік қақпасын аттаған тұста, 1991 жылдан – күні бүгінге дейінгі елімізде орын алған тарихи маңызды оқиғалар тасқа қашалып жазылған. Көлемі 5,8 гектар алқапты құрайтын аумаққа “Ел бірлігі” монументі орналасып, “Тәуелсіздік шежіресі” аллеясы салынды.
Тараз қаласындағы ҚР Тұңғыш президент саябағы шахардың басты сәулет ғимараттарының бірі.
Ақтөбе қаласының орталық саябағы – ҚР Тұңғыш Президент саябағы. Аумағы 42 гектар демалыс орнында Қазақстан бойынша ең ұзын ту тұғыры орналасқан (91 м).

Әзірлеген –
Айгүл Шерниязова

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *