Беу, Алматым, бақыттылар мекені… Беу, Алматым, бақыттылар мекені…
Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН 1995 жылы Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласында туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің түлегі. Ар ма, Күзім! Жеттің бе жайдарлы жаз... Беу, Алматым, бақыттылар мекені…

Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН
1995 жылы Түркістан облысы,
Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласында туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің түлегі.

Ар ма, Күзім!

Жеттің бе жайдарлы жаз жалғап ізін?!
Келдің бе күңіреніп мұңмен бірге,
Табиғаттың арқалап ар, намысын.

Қара тұман,
Қабат бұлттың су сырғып қанатынан
келіп қалды. Ендігі жер сағынды
Көрпеңді сары алтын жалатылған.

Жел еседі,
«Күзде бұлай болады..» ел өсегі..
Жапырақ жер құшады, мына саған,
Табиғаттың бардайын берешегі.

Жаңылыстым,
Мен мұңның тұнығынан қанып іштім.
Қалықтап жерге қонған әр жапырақ,
Бір белгісі екен ғой сағыныштың.

Жаңылмасын,
Адамның адамдығы тарылмасын.
Күз — емшісі болшы сен сағыныштың,
Үмітсіз ешкім бірді сағынбасын.

Күз – серігім.
Жүрегін ару жаулап жүз серінің,
Осы күзде иманын серік етіп,
Жігіттер ақтасыншы қыз сенімін.
Арыз бен Парыз

«Тағдыр сынға душар етті не түрлі,
Досым көп пе?!
Әй, досымнан бөтен көп.
Аңғал басым ойлап қалған секілді,
«Достың бәрі адал, сертке бекем» деп.

«Таққа міндім», түзегендей көпшікті,
Шапан жауып ағайын жүр секеңдеп.
Төмен түстім, ойым қата боп шықты,
Туысқанның бәрі жомарт екен деп.

Тау қопардым бір жан үшін, үркімей,
Жүргеннен соң арқа сүйер көкем боп.
Ісім түсті…жиырылды кірпідей,
«Қап, қолымнан келмейтін іс екен» деп.

Адалдыққа жан жетпеген, жетем деп…
Еш сыныңды елеместен өтем деп…
Жолдас болдым жалғыздықты мекендеп,
Кеттім сосын өз-өзіме бөтен боп…» –
– деп, жолаушы тұтандырды білтесін,
Мұңын шағып, қара сөзден от өрмек.

«Дос, туысың, көкеңнен не күтесің?
Мен де дейін, өзіңе сен, ет еңбек».
Жылы жаптым солай қазан қақпағын,
Мұңлықтың мұңы жұғып кетер деп.
Мен де білмен, бірге бәлкім жақпадым,
Қорықпаймын кетеді деп бөтен боп.
Жанды берген Жаратқан хақ мені алдан,
Жарылқайды, шаң-тозаңдай секем жоқ.

Жырды берді Тәңір маған «сен Арман –
Татулықтың іргетасын көтер», — деп.
Елі болса еміренер ерім деп,
Мен бір білсем дарымайды батырға оқ.
Құшақ қайда, жүйіткейін тебіндеп,
О, Адамзат біріңнің де жатың жоқ.
Жатсың деуге менің-дағы хақым жоқ.
Аталарды іздеймін…

Қарайламай жасыңа, атағыңа,
Бақ дариды деуші еді баталыға.
Аталарды іздеймін бата берер,
Немересін байлаған сақалына,
Шөбересін ораған шапанына.

Ата көрген ұрпақпын, кейде осыған,
Қуанамын, әжемнің қимасынан.
Атамменен өткізген әрбір күнім,
Мың есе, қызық, түрік киносынан.

Шақырып ап жанына дейтін отыр,
Бір көзі көрмей қалған шолақ соқыр.
Бес уақыт бойы сол шал дамыл көрмей,
Жайнамазға жығылып намаз оқыр.

Мен отырам жанында ойын іздеп,
Өтірік құламай-ақ қойыңыз, деп.
Ауылдың молда шалы болғандықтан,
Екеуміздің жиын мен тойымыз көп.

Марқұм атам, өсиет айтатұғын,
Дінсіздерден деп маған байқа күнім.
Соқыр шалды есімде вечерлерге,
Бір өзім алып барып қайтатыным.

Жолай маған айтатын өсиетін,
Жыраулардың жырларын бас иетін.
Қазақ деген халықтың ұлылығын,
Ұғындырған сол шал-ау қасиетін.

Ерте танып ұлы елдің батырларын,
Жаттап өстім таңдаулы ақындарын.
Мұсылман болып іштен туылғанмен,
Исламға шал арқылы жақындадым.
Соқыр шалдың ауызын жиі аңдыдым,
Көп тыңдадым, содан ба ұяңдығым.
Шарап пенен темекі, нас дегеннің,
Тоқтамастан айтатын зияндығын.

Айтпасам болмас кештің қызықтарын,
Менсінбестен ауылдың бұзықтарын.
Шалдардың сандырағын тыңдайтынмын,
Балдардың ойынына қызықпадым.

Сол сандырақ баланы, адам етті,
Соқыр шал білмей өтті самолетті.
Жылқы жайын айтатын өңкей шалдар,
Бұл күнгі шал жылқыны талақ етті.

Кемпірлердің айтатын қыз кездерін,
Қысып қойып қулары бір көздерін.
«Иман Жүсіп далада қалып қойды
Он қыз алып қаштым» деп бір кездері.

Елдің жайы, жер жайы сөз болатын,
Ер жайы да сол жерде қозғалады.
Жаманшылық жақсыға өзгеретін,
Етке қарай беттейтін кез келетін.

Сирақ еді-ау, әу, бастан сыбағамыз,
Талай шалға сол жерде сыналамыз.
«Таңдайың тақылдаған ақын бол» деп,
Таңдай берер, қуана құп аламыз.

Шалдар солай балдарды бақылайды,
Бата беріп өсірер, ақыл айтып.
Осы күнгі мың шалың жиналса да,
Бұрынғының біріне татымайды.

Айқайлатып сөйлетер құлағына,
Дәрет суын құйғызар құманына.
Аталарды іздеймін бата берер,
Төзіп өткен тағдырдың сынағына,
Немересін ораған тымағына.
Кешкі ауыл

Ауыл кеші…
Бұлт көшеді қоңырқай,
Бозбала тұр табиғатқа таңырқай.
Көкжиегі батыс жақтың қып-қызыл,
Жанып біткен қозапая шоғындай.
Ұясына күн де батып барады,
Қонақ жігіт бозбала тұр қалалық.
Бозбала тұр табиғатқа таңданып,
Ай, жұлдызға көзін алмай қадалып.
Ай, жұлдызы бөлек дейді қаладан,
Бозбала тұр туылғандай жаңадан.
Ауыл халқы таңқалдырды,-дейді ол,
Шеттерінен қолбастайтын абадан.
Қой маңырап, бала-шаға шуылдап,
Шырылдауық шегірткелер шырылдап.
Бір жүректің мұңлы сазын еске сап,
Көк трактор жер жыртуда дырылдап.

Ауыл кеші…
Еңбекқор жүр қыбырлап,
Кеш қарайып, батуда күн жымыңдап.
Құрбақаның жағаласып үнімен,
Қос келіншек өсек айтар сыбырлап.
Бір-бірінен сыр жасырып, сыр ұрлап.
Маң-маң басып мал келуде өрістен,
Шаршаңқырап шаруа жүр егісте.
Тарам-тарам тұт ағашы түбінде,
Қос ғашық тұр құшақтасқан, өбіскен.
Серт байласқан, түсініскен, келіскен.
Кәрі кемпір үй маңында жүн түткен,
Құсбегі жүр жағаласып бүркітпен.
Бар тіршілік тыным алар ауылда,
Ай сығалап қарағанда түндіктен.
Солдат келді борыш өтеп, кім күткен.
Анау шешей қуып барады баласын,
Мына бір ұл өзі сондай жанашыр,
Сиыр сауған жеңгесіне қолғабыс,
Болып тұр-ау, бұзау ұстап қарасып.
Бір топ ұл жүр қанталапай таласып.
Бақташы жүр күтіп-баптап бақшасын,
Почташы тұр санамалап ақшасын.
Шалдар отыр елдің жайын сөз қылып,
Әрлі-берлі ұзатумен шақшасын.

Ауыл кеші…
Бұлт көшеді қоңырқай,
Бозбала тұр бір ауылға таңырқай.
Көкжиегі батыс жақтың қып-қызыл,
Жанып біткен қозапая шоғындай.
Ардың сөзі

Мен өлгенде… көп нәрсе өзгереді,
Өзгереді бәрін де көз көреді.
Жібектен қымбат тұрар бөз дегенің,
Батырдан биік тұрар ез дегенің.
Жалғанның пұл болады көздегені,
Бетпердемен жүреді өз дегенің.
Ана болып клубтың кезбелері,
Сүйектен өтпей қалар сөз келелі.
Адамдар бірін-бірі түсінбейтін,
Ала-шұбар кер заман кез келеді.
Күйдіріп бара жатыр келіп қалған,
Сол заманды ешкімнің сезбегені.
Кім маған орын берсе жүрегінен,
Сақтап қалам бәрінен сөз беремін.
Ғайып болсам дүние өзгереді,
Айып неден ақылды көз көреді.

***
Мен өлгенде дүние астан-кестен болады,
Оңбағандар оңады, солмағандар солады,
Сол заманның талабы сорлағандар қалады,
Досың пасық болады, жасың жасық болады,
Еркек еркекке, әйел-әйелге ғашық болады,
Адамдар шектен асып барады,
Бір күні жерді аспан басып қалады,
Жүгермек уақыт-ай қашып барады.
Мен өлгенде адамдар адасады жолынан,
Шәй ішеді келіні енесінің қолынан,
Жын-ойнақпен алмасады қоңыр ән,
Еріп кетер ел нәпсінің соңынан.
Кінә, күнә үсті-үсті қосылған,
Жан көрмейсің тосылған да шошынған.
Ей, адамдар ғайып болсам мен бір күн,
Иман атты сұраңдар шын досымнан…
Бақыттылар мекені

Беу, Алматым,
Суретіңді сұлу сөзбен салмақпын,
Жан жарасын төрт тармақпен таңбақпын.
Мен көргенмін ғашықтарын сан бақтың,
Мен көргенмін өнерпазын арбаттың.
Мен не көрдім, сен де көрдің, ел көрді,
Көру үшін талай алып келгенді.
Сен мен едің әуел бастан, мен сенмін,
Талай арман құшағыңда тербелді.
Көрді де өпті, келді-кетті алыптар,
Қыран да анау биігінде қалықтар.
Алаңғасар заман, ғасыр, уақыттар,
Өтсін мені өзіңменен алып қал.
Ақ бас қауым, Алатауың қорғаның,
Баурайында тарпаңың мен торпағың.
Сені тастап кетпеймін-ау, сен мені
Сұм ажалға табыстар деп қорқамын.
Беу, Алматым, кермиығым, қылықтым,
Қадіріңді жатыр дейсің біліп кім?
Ару болсаң қолаң шашы төгілген,
Саған ғашық мен бір сері жігітпін.
Эйфель атты мұнараға беттеген,
Адамдарды шақырады Көктөбең.
Джомалонгма аласарар, әлемде,
Көктөбеден биік нүкте жоқ дер ем.
Беу, Алматым, бақыттылар мекені,
Қыз-Жігіттің жоқ-ау саған бөтені.
Жырға толған құшағы мен етегі,
Ағыл-төгіл ақындар да жетеді.
Белгілі де болған шығар жанымның,
Саған неге құштар, ынтық екені.
Сүйем сені, бақыттылар мекені…
Ақжайықтың xаншасы…

Тәтті ме едің?!
Сен сондай тәтті едің,
Мойыныма оралып ақ білегің.
Шашың көрпе, мен ерке сығаладым,
Қасыңды көлегейлеп жатты меңің.

Арман ба едің?!
Сен сондай арман едің,
Жаhандағы жан едің жаннан керім.
Нәзіктігің қылындай кірпігіңнің,
Әлсіздігің бастауы бар бәленің.

Періште ме ең?!
Сен… Сен… Сен… Періште едің,
Көріскенім тағдырдан, өбіскенім
өзімнен. Бәрі-бәрі өзімізден,
Бал шарабын бақыттың неге ішпедім?!
Бал шарабын бақыттың неге ішпедің?!

Сезім бе едің?!
Сен сондай сезім едің,
Бойыңнан мін таппадым. Көзіңде — Күн.
Кете алмадың баз кешіп, кете алмадым
Тиесілі біздерге сезім жолын!

«Көктем ғой» деп жүруші ем,
Күз де ме едің?
Іздегенім үмітім үзбегенім.
Көздегенім болады өз дегенім,
Қандай қиын xалымды сезбегенің?!
Қандай едің?!
Болмағай қиын xалың!
Қандай едің?!
Ұйқымды жиі ұрладың.
Ақ Жайықтан көрінді әппақ сағым,
Ақ Жайықтың xаншасы бұйырмадың…
Мен болғанмен серісі жиырманың,
Бұйырмадың… қайтейін, бұйырмадың …

Жүректегі АЙ

Менмұндалап қолын бұлғап мақпал түн,
Мазалады. Сері болып аттандым.
Түн әлемін түнегінен арылтып,
Нұрын шашып шығып келе жатқан кім?!

«Ай»дейді ме? Көк аспанның ғашығы,
Аспан анау қызғаншақ-ау асылы.
Көлденең көз көрмесін деп аспанға,
Түн жамылып Ай шығады жасырын.

Қолаң шашты, құралай көз құрбым-ау,
Сезім есті, кейде ессіз жындылау.
Тулайды кеп түйіссе деп көзбен-көз,
Сағынышты еселейді түн мынау.

Түннен таптым, түн силады жайлылық,
Сен кезіктің болды барлық қайғы ұмыт.
Бал сезімнің шәрбатына мас болдым,
Бақыт тілеп жатыр бізге Ай күліп.

Көңілім көр жаңа жауған ақ қардан,
Сөзім-сезім, жырым-сырым ақтарған.
Маxаббатым жүрегіме қатталған,
Шақырады екеумізді тәтті арман.

Сағыну ма?
Мұңсызды да мұңайтар,
Сағындырма, сезімдермен түн ойнар.
Елден ерек мені сүйген, мен сүйген,
Жүрегімнің аспанында бір Ай бар.
Оны сен деп кім ойлар…

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *