АРМАНДАР – ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТЕДІ АРМАНДАР – ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТЕДІ
Аяжан Төре Сүйінбай атындағы №143 мектеп-лицейінің 3 «Г» сынып оқушысы, Республикалық балаларға арналған «Біз әлемнің балаларымыз» атты шығармашылық байқауының жүлдегері Біз бейбіт, тыныш, тәуелсіз,... АРМАНДАР – ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТЕДІ

Аяжан Төре

Сүйінбай атындағы №143 мектеп-лицейінің 3 «Г» сынып оқушысы,
Республикалық балаларға арналған «Біз әлемнің балаларымыз» атты
шығармашылық байқауының жүлдегері

Біз бейбіт, тыныш, тәуелсіз, дамып жатқан елде өмір сүріп жатырмыз. Отаным – Қазақстаным әлемдегі ең бай, қазыналы, табиғаты көркем, жері кең ғажап өлке. Мен өз Отанымды мақтан тұтамын. Оның тарихын, тілін, ән-күйін, жырын жақсы көремін. Ақылды, дана бабаларымыз айтқан өсиеттерді бойыма сіңіруге тырысамын. Қазақстандағы барлық баланың білім алуға, түрлі үйірмелерге баруына мүмкіндігі бар. Өз Отанымда алаңсыз өмір сүріп жатқанда барлық әлемде, жер шарының барлық түкпірінде дәл біздің еліміздегідей бейбіт өмір шығар деп ойлайтынмын.
Бірақ көптеген елдерде соғыс жүріп жатқаны туралы ғаламтор жаңалықтарынан оқыдым. Сирия, Ауғанстан сияқты елдердегі балаларға жаным ашыды. Теледидардағы жаңалықтардан топырақпен араласқан нан қоқымын теріп жеп отырған екі баланы көрген күні қатты қиналдым. Мен оларға ешқандай көмек бере алмайтыныма қынжылдым. Қиын жағдайда ең алдымен қиналатын қорғансыз, кішкентай балалар ғой. Ата-анасынан, ата-әжесінен, аға-әпкелерінен айрылған барлық балалардың тілегі – отбасымен қайта табысу. Соғыс жасап жатқан үлкен адамдар ең алдымен сәбилердің жағдайын ойлаңыздаршы. Жер ананың үстінде ешқандай үлкен болсын, кіші болсын соғыс болмасын! Ештеңеден қорықпай, жарқын өмір сүру үшін ең басты нәрсе – бейбітшілік.
Ал Африкадағы балалар аштық пен шөлге күн сайын, сағат сайын шыдауға мәжбүр. Күн өте қатты ысығанда өзендер мен сулар да тартылып, егін өспей қалатын Африка балалары соғыс болмаса да шөл мен аштықтан көз жұмады екен. Шіркін, оларды тамаққа тойдырып, таза сумен шөлдерін қандырсам ғой деп көп ойлаймын. Бұны жалғыз өзім жасай алмаймын. Әлемдегі барлық елдің адамдары, басшылар оларға ақша жинап, көптеген құдықтар орнатып берсе қандай керемет болмақ. Олар егін, жеміс, мал өсіріп қарындарын тойғызып, шөлдемес еді. Балалар мектепке барып, білім алып бақытты болар еді.
Менің Отанымда мұндай қиын жағдайлар жоқ. Жеріміз құнарлы, өзен-көл теңіздеріміз, құдықтарымыз көп. Жемістің сан түрі өседі. Әрбір үйде су ағып тұр. Бұрынғы кезеңдерде батыр бабаларымыз түрлі жаулармен соғысып, бізге өте үлкен жерді мұраға қалдырды. Сол жерде түрлі ұлт өкілдері тату өмір сүріп, өсіп жатыр. Қазақстанның атын әлемдегі көптеген ел біледі, сыйлайды. Бұл біздің елімізді басқарып отырған мықты басшылардың еңбегінің жемісі деп санаймын.
Бірақ біздің елімізде кейбір балаларға қатысты қиын жағдайлар бар екен. Бұл жағдайды білген кезде мен 1-ші сыныпта оқып жүрдім. Менің отбасым, әке-шешем, ата-әжем туыстарым бар. Олардың барлығын жақсы көремін, сыйлаймын, тіпті аз уақыт көрмесем сағына бастаймын. Менің білген қиын жағдайым – ата-анасы, туысқандары жоқ жетім балалар еді. Әкесі немесе анасы жоқ бала болатынын бұған дейін білмеген болатынмын. Біз анам екеуміз наурыз мерекесінің алдында жетім балалар үйіне аздаған сыйлықтарымызды апардық. Осы кезде анам маған көп нәрсені түсіндірді.
Ол балалардың кейбіреулерінің ата-аналары көлік апатынан, аурудан қайтыс болған т.б. екен. Ал біреулерінің ата-анасы оларды тастап кетіпті. «Тастап кеткені қалай?», «қайда тастап кеткен?», «біреулер тауып алғанша әбден қорыққан шығар» деген ойлар келіп, жылап жібере жаздадым. Мен «ата-аналарын сағынып, тосып, ешкімге көрсетпей жылап та алатын балалардың барлығының армандары орындалсыншы, ата-аналары қайтып келсінші» деп тілек тіледім.
Отан анамыз жетім балаларды өз қамқорлығына алып, қарындарын ашқызбай, киімдерін кигізіп, мектепте оқытып бағып отыр. Бірақ олардың еркелететін анасы, ақыл айтатын әкесі, аймалайтын ата-әжесі жоқ! Соғыс, аштық, шөл сияқты қиын жағдайлар жоқ бейбіт жерімізде кішкентай балаларды жылатып тастап кеткен үлкен адамдарды түсіне де, кешіре де алмаймын. Тек менің Отанымда ғана емес, бүкіл жер бетінде жетім балалар саны азайса, мүлде болмаса, барлық баланың арманы еш кедергісіз орындалса екен!
Мен білетін балаларға қатысты қиын, күрделі жайттар осылар. Бұл жағдайлардың барлығын шешіп, жер бетіндегі кез-келген бала жыламайтын, қорықпайтын, отбасынан ажырамайтын өмір жасау қолымыздан келетініне сенемін. Қазір біз кішкентай болғандықтан, тек армандау ғана қолымыздан келеді. Барлық адамға жақсылық жасауды, жер шарын аралап саяхат жасауды, үлкен табысқа жетуді де армандаймын. Бұндай армандарым өте көп.
Бірақ бүкіл әлемдегі балалардың жыламауы, бейбіт, бақытты өмір сүруі менің ең үлкен арман-тілегім. Мен сияқты армандайтын балалар да, аға-әпкелер, атаанала, ата-әжелер де өте көп шығар. Арманымыз орындалу үшін қандай қиындық болса да қарсы тұрып, әлемді өзгертеміз.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *