ӨЗІМ НӘЗІК БОЛҒАНЫММЕН, ҰЛТЫМ – ДҮР! ӨЗІМ НӘЗІК БОЛҒАНЫММЕН, ҰЛТЫМ – ДҮР!
Жазира Бақаева 1976 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Шалкөде ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің түлегі Сүйінбейтін жерде неге сүйіндім, Иілмейтін... ӨЗІМ НӘЗІК БОЛҒАНЫММЕН, ҰЛТЫМ – ДҮР!

Жазира Бақаева

1976 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Шалкөде ауылында туған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,

журналистика факультетінің түлегі
Сүйінбейтін жерде неге сүйіндім,
Иілмейтін жерде неге иілдім?!
Ібіліспен ірге қосқан заманға,
Күйіндік-ау, күйіндім…

Саналының сарқыт болмай кеңесі,
Жалған достың жалтартқандай егесі.
Әккі мұңды әдірем қып кетіп ем,
Жерге жетті жетесіздің төбесі…

Иә, сөздің қадалса да жебесі,
Иә, жердің сөгілсе де көбесі.
Ізгіліктің иінінде отырып,
Үндемей-ақ қалатының неге осы?..

Жанды арбаған қаласам да күн-тауды,
Жан сырымның болды
іргесі қымтаулы.
Жан айқайым естілмейді, өйткені,
Жан жүрегім құрсаулы.

***
Жүректен жауған жыр-жаңбыр,
Жаныма жылы сыр қалдыр.
Өртеніп кетпей тұрғанда,
Өмірімді өзің нұрландыр.

Жалғанда жалған, жалған – дүр,
Жаушыдай мені қамдандыр.
Адасып қалмай тұрғанда,
Арман күндермен алдандыр.
Ақ адалдығым Ай жандыр,
Кеудеме мейрім жайландыр.
Үзіліп кетпей тұрғанда,
Үлбір үмітке байландыр.

Сағым күн сауық сайран құр,
Мұңымды еле ой – қалбыр.
Құлдырап кетпей тұрғанда,
Құл санам қайта ойландыр…

***
Өзім нәзік болғаныммен,
Ұлтым – дүр!
Ішім оттай жанғанымен –
Сыртым нұр!
Қазақтықтан,
Ғажап-құттан айрылмай,
Сауық-думан ортасында ғұрпым жүр…

Өзім әлсіз болғаныммен,
Сертім нық!
Ай алыстау қонғанымен,
Жер кіндік!
Дала жырдан,
Сана нұрдан сән құрып,
Ақ әлемге сіңіп барады еркіндік…

Өзім ұяң болғаныммен,
Көркім құт!
Өмір ғазал болғанымен,
Көр – шындық!
Әр, ақ таңның,
Жаратқанның сыйымен,
Күмбірлеген күй сазындай шертілдік…

Көңіл алаң,
Бірақ, әлі сөнбес Күн.
Өзгеге де, өмірге де селбестім.
Уақыт – емші…
Бақыт – елші
Ендеше,
Соқыр ғалам,
Сен өлтірмей
Өкініштен өлмеспін!

***
Оның да жаны жабырқау,
Менің де жаным құрсаулы.
Құс қанат дүние самырқау,
Қаламайтындай шырқауды.

Арбалған көзге ақ сағым,
Кіріптар күйінде тоңды әне.
Ойладым бірақ таппадым,
Аңсағаны оның сонда не?

Періште кейіпті пішінде,
Пенделер алдында имендім.
Тек соны күйретпеу үшін де,
Батылдау болуды үйрендім…

Өзгере беремін қашанғы,
Келеңсіз күйіндей ғаріптің.
Жә, қойшы бәрі де жасанды,
Жалықтым!..

***
Таңғы шықтай мөлдір тілекпен,
Сезіміңді қайтем нұр өпкен,
Арманы асқақ адалым-ау,
Тәтті мұң боп тамған жүректен.

Қыран құсым көкте самғаған,
Жыр әнімсің көңіл аулаған.
Тәлейі бақ тағдырласым-ау,
Тектілігің жанды баураған.

Айтылмайтын мәңгі жан сырым,
Жүрегіңнің сүйем жарқылын.
Жарық күннің жағалауында,
Жанымда бол асыл алтыным.

Жақұт нұрдан жаралған жаным,
Жасын жырдан нәр алған бағым.
Баяны жоқ мынау жалғанда,
Орындалсын бар армандарың.

Таңғы шықтай мөлдір тілекпен,
Сезіміңді қайтем нұр өпкен.
Арманы асқақ ақ адалым-ау,
Тәтті мұң боп тамған жүректен!

***
Ойға тыным,
Жанға маза бермеген,
Бақ боп қонып,
Сор боп сөзге ермеген.
Нән ғұмырда жүрегімді тербеген.
Сен не деген,
Құдіретті ең – зерлі өлең!

Көңіл тербеп,
Көкірегімде көктеген,
Өмір сыйлап, өзегімнен теппеген.
Тағдырыма тұмар таққан текті өлең,
Сен не деген,
Мәртебелі мектеп ең!

Оттай лаулап,
Жанарымнан өшпеген,
Көктей қаулап
Көлеңкеге көшпеген.
Балаусадай бедер жерге өспеген,
Сен не деген,
Өркен едің – есті өлең!

Пәк сезімнен нәр алам-ау сірә мен,
Ой-санамды жаулап алды бір әуен…
Хақ тағалам қасиетін түсірді,
Ақ шағалаң болып ұштым жыр-әлем!

***
Даңқтыны да,
Дауылпаз соғып,
дабыра салғанды да көрдім
Дәл бүгін.
Өзімшіл кеуде, өнерін көрсетті,
Өктем боп.Жасынды пиғылдан жалыққаным сонша
Қарап отырып қалғыдым,
Бірақ ұйықтап та кеткем жоқ…
Кеше,
Жұлдызы сөгілген әлемнің ішіне түнедім.
Жартыкеш Айдың ұшар басында
Мұңым қонақтап.
Бүгін күймелі Күннің астында
Отырып алып күлемін,
Удың өзін сорпа ішкендей сораптап…

Әлі күнге үміт үзбей келгенмін,
«Әркімнің жүрегінде бар еді ғой» – деп
Құдайы.
Неге екенін тәкаппар пенделіктен-ақ,
Іздей бергенмін,
Ардың бейнесін шынайы…

…Көрдім!
Жанарында тұрды от ұшқындап.
Құдды бір,
Тау мен тасты қопаратындай бекініп.
Неге екенін бірақ,
Күле береді мысқылдап
Өкініштісі сол болды,
Оның да,
Өмірді сүйетіндігі – Өтірік!

***
Жазмыштан жалтарған жоқ жырым әлі,
Жырым әлі,
Мөп-мөлдір тұнық ары!
Мизамның шуағындай шыққа қонып,
Ғибратты ғұмырдан сыр ұғады…
Содан соң,
Самаладай нұрды айналып,
Көк зеңгір көкірегіне тығылады.
Біресе, буда-буда бұлтқа енеді,
Біресе уыстайды шұғыланы…

Жалын жыр!
Жүрегімнің жебеушісі,
Сөнбеген сағынышымның ғұмыр әні.
…Кеше де, Ай кезбедей көз ілмеп ең,
Кірігің айқаспады-ау бүгін әлі.
Жансебіл,
Жан-арының жалғыз күйін,
Жымқырып кетер деп пе ең ұры-қары.
Жыр ғұмыр!
Қызырлы үйдің Айқабағы,
Неліктен бастан бағың тайғанады.
Жаныңды жалқы етті ме жағымпаздың,
Құлқынның қамын ғана ойлағаны.

Қайырсыздар,
Жасады-ау құстан – балық.
Досың таба етті ме?
Дұшпан қылып…
Жыр-ғұмыр-ау, сен әлі сезбедің бе?
Сезімі жоқ боларын Мыстан-ғаріп…

Кездерің аз,
Құлпырып қызыққа ерген,
Құшағыңда гүл де жоқ үзіп-терген.
Жолдорбасын асынған жолаушыдай,
Жолмен ғана жүресің сызып берген…

Жыр ғұмыр,
Мұз ғұмырды жібіте көр!

***
Құшағы дархан даладан,
Бақытқа баршын балаған.
Жердегі барлық мейірім,
Анадан ғана таралған.

Аналар Күннің шуағы,
Аналар Жердің жұмағы.
Бақытты жанның барлығы,
Анадан ғана туады.

Аналар Айдың сыңары,
Аналар Көктің тұмары.
Аналар өсіп жайқалған,
Мәңгілік бақтың Шынары.

Жайнаған көрпе құрағы,
Аналар үйдің шырағы.
Махаббаттың да ең ұлы,
Анада ғана тұрағы.

Арманға тұрар жол сілтеп,
Басына бақыт қонсын деп.
Алладан сен де тілгін,
Алладан мен де тіледім,
Аналар аман болсын деп!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *