Жәннатта көрші болу… Жәннатта көрші болу…
Күлия Айдарбекова 1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданында туған. 2008-2009 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, 2009-2010 жылдары ОҚО тілдерді... Жәннатта көрші болу…

Күлия Айдарбекова
1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданында туған.
2008-2009 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет басқармасы бастығының орынбасары,

2009-2010 жылдары ОҚО тілдерді дамыту және Оңтүстік Қазақстан облыстық

Мәдениет басқармасының бастығы қызметтерін атқарған.

Жұмыс бабымен ауданға іс-шараға қатысу үшін шыққам… «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» демекші, жол бойындағы бірінші кездескен ауылдық кітапханаға тоқтадық. Абырой болғанда, оқырмандары бар екен. Кітап оқитын жастарды көрсем, ерекше қуанам. Ал қартайған шағында да кітапқа үңіліп отырған қарияларды кездестірсем, жаным рахаттанады. Оқу мен білім бар уақытта да керек екені айтпаса да түсінікті. Біздер кейінгі ұрпаққа кітап оқуды айтып емес, кітап оқуға деген махаббатты оята отырып, ізденуді, талаптануды, жақсыны білуге құмартуды өзіміз үлгі болып көрсетіп, насихаттағанымыз абзал. Іздегенімізді тек кітаптан табатынымыз да белгілі ғой. Демек, шын досың – кітап.
Кітапханаға кіргенде кітап оқитын оқырман қауымның баршылығына көзім жетіп, немерелерімен шүйіркелесіп отырған бір қарияға құрметім арта түсті. Жанына барып, сәлемдесіп, әңгімеге тарттық. Көпті көрген зиялы ақсақал күнделікті түске дейін немерелерімен кітапханаға келіп, оқу залында кітап оқып қайтады екен. Жолшыбай балаларымен оқығанын талқылап, олардың ой-пікірін біліп, жақсы әңгіме-дүкен құруды дәстүрге айналдырыпты. Немерелерінің сөз саптауы, мақал-мәтел айтуы, өз ойын еркін мысалдармен жеткізуі, жатқа жыр-дастан оқуы көңілге қуаныш сыйлады. Абыз атаның ұлы мектебінен өткен перзенттер бір қарағаннан-ақ назар аудартады, көздері жадырап, өздері де білім бұлағынан нәр алған соң, ерекше нұлы, мөлдір судай ағып тұр. Сол сәтте өзіне неліктен біздің назарымыз түскенін ұққандай:
– Егер ұлдарың нағыз Ер Жігіт болсын десеңіз, тәрбиесіне тікелей араласу керек. Тәрбие мәселесі бірінші кезекте және күнделікті өте жауапты да мағыналы шаруа. Балалардың болашағына, мінезі мен тәрбиесіне ер азамат жауапты. Әкелері жұмыс басты болған соң, бар жауапкершілікті өз мойныма алдым. Баланың өмірінде Әкенің орны бөлек қой. Сол орын еш уақытта бос болмай, үңірейіп қалмаса деп Ата деген үлкен адам тыныштық таппайды екен – деді оқырман Аға.
– Мен өз өмірімде ұлдарым мен қыздарыма үлгі бола алдым деп айта аламын. Олар үшін менен асқан батыр жоқ, менен асқан ақылды да данышпан жоқ. Перзенттерім әлі де мені бар жағынан үлгі тұтады. Бар байлығым мен абыройым – балаларымның берген бағасы мен алғысы. Ұрпағыма қаншалықты керек екенімді күнделікті есту мен сезіну – ең үлкен бақыт пен қуаныш.
– Бәрі салыстырмалы түрде бағаланады емес пе?! Алланың маған берген жеті перзенті жүрегімді жаралаған емес, ренжітіп көрмеген, үнемі менімен ақылдасып, сый-құрметтерін аямайды…
– Себебі оларға да мен кезінде тек жақсы сөзімді айтуға тырыстым, өздерін бақытты сезінуге бар жағдайды жасадым. Кезекті дүние деген осы шығар.
– Балаларымның қалай өсіп кеткенін де байқамай қалған сияқтымыз. Уақыт шіркін жүйрік, бір орында тұрмайды… Бүгінгі таңда ұлдарым мен қыздарым да өз перзенттеріне үлгі болуда, ал мен жәй ғана оларды толықтырушымын – деді мақтанышпен қарт оқырман аға.
– Балаларыңыз бен немере-шөберелеріңізді өзіңіз тәрбиелейді екенсіз, ал әжесі қайда? – деп мен де тосын сұрақ қойдым.
– Ай, қарағым-ау, ананың жұмысы көп қой. Өз басыңда бар жағдай… Әйелдің күйбелең тіршілігі, күнделікті атқаратын жұмысы көзге көрінбейді. Себебі ол күн сайын сол қажетті және қайталана беретін шаруаны атқарады. Ал бала тәрбиесі шындап келгенде, әйелдің міндеті емес… Ол әкенің тікелей парызы. Әйел қаншалықты керемет жан болса да, ол Әкенің орнын баса алмайды, оның беретін тәрбиесін бере алмайды. Әкенің асқар тау екенін бала тек қасыңызда жүріп сезіне алады. Өскенде бізден жақсы отағасы болады, ал қызыңыз да болашақ жарын дұрыс таңдай алады. Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» — деп бекер айтпаған ғой. Жанұя жанға жайлы қорған болу керек екен – деп көрегендігі бар қария өз ойын тиянақты жеткізді.
– Тек мен ғана сөйлей бергенім дұрыс болмады-ау, — деді аға.
– Сізді тыңдай бергіміз келіп тұр. Айта беріңіз, көп мәселеге тың ойлар естіп тұрмыз – дедім мен де.
– Қолы бос адамдар тыңдайтын құлақ іздейді ғой… Көргеніміз, оқығанымыз бен тоқығанымыз болған соң, білгенімізбен бөлісіп, біреуге пайдамыз тигенін көңіліміз қалайды. Үлкен адам өзінен кейінгілерге қамқоршы болғысы келіп, артыңнан ергендер сүрінбесе, жығылмаса, бізден кеткен қателікті қайталамаса екен деп тұрады.
– Тілде сүйек жоқ демекші, мен көп сөйлей бермей, Сізге де кезек берейін. Қай елдің тумасы боласыңдар? Қандай шаруамен жүрсіздер? – деп аға ақсақалдар қоятын сұрақтарды қоя бастады.
– Мен, Төле би ауданының тумасымын, Қапал Батырдың ұрпағымын деп, аты-жөнімді тағы айтып, өзімді таныстырғаным сол еді, Аға бірден:
– Қапалда Айжамал және Ұлман деген өз заманының Қыз Жібектері бар еді, естуің бар ма? — деді.
– Ия… Әрине. Олар менің әкемнің туған әпкелері. Жуырда екі әпкеміз де өмірден өткен — дедім де қасына жақындап отырдым. Оларды қайдан білетін едіңіз? — деп енді ағаны мен сұрақ астына алдым
Аға, үнсіз жерге қарап отырып қалды. Жалған дүние-ай, олар да кетті десеңші… Жатқан жері жайлы болсын Апаларыңның.
«Ай, дүние-ай, жалған-ай» деген сөздерді Аға қайталай берді. Арасында ауыр күрсініп:
– Олар да өтті десейші, енді қызық та, арман да таусылды деуге болады. Оларсыз өмірдің мағынасы қалмағандай, — деді Аға
– Мына жерде отыра бермей, үйге барайық. Балалар, қонақ келе жатыр деп әжелерің мен аналарыңа тез хабар беріңдер – деп немерелерін жүгіртіп жіберді.
Біздің басқа жоспарымыз бар екенін тыңдағысы да келмеді. Дәмнен үлкен емессіңдер деп, үйіне қарай жетеледі.
Жолда оңаша сөйлесіп бардық. Ағамыз жас кезінде Айжамал әпкеме бір көргеннен ғашық болған екен. Көңілін білдіріп хат жолдаған, бірақ ол уақытта әпкеме құда түсіп, ұзату тойын да белгілеп қойыпты. Қанша әрекеттенсе де, әпкем батаны бұза алмайтынын жеткізіп, ағаның үмітін үзіпті. Содан әйгілі Құсни-Қорланның әнін айтып жүріп, сол жолды қайталамаққа бел буған, білем. Әттеген-ай, демекші, Ұлман әпкемді де айттырып қойған екен… Қанша іздесе де Екі Сұлуға ұқсайтын қыз кездестірмепті. Бірақ Ағаның кіршіксіз таза махаббатын бағалай алған жүрегі нәзік, әппақ ару өмірлік адал жары болып, жұбайының разылығын алыпты.
Екеуі ақылдасып, тұңғыш қызының есімін Айжамал, ал екінші қызына Ұлжан деген ат қойыпты.
Өмір деген қызық қой, ерте ме, кеш пе Алла сәтін салып ұнатқан адамыңды бір жолықтырады… Айжамал әпкемді 45 жылдан кейін құдаларының тойында кездестіріпті. Бірақ қасына барып сөйлесуге батылы бармапты. Ағаның айтуынша:
– Тек сыртынан ұрланып қараумен болдым. Баяғыдай сұлу, бойы ұзын, жүрісі тік, отырысының өзі қазақ «қазықтай» деп айтатындай. Таудың көрікті аруы уақыт өтсе де, сымбаттылығын сақтапты… Қазіргі жастардың тілімен айтсақ, «Топ модель» деген сол сендердің әпкелерің. Білесің бе, телеарнадан түспейтін атақты әнші апаларыңнан да көрікті еді — деп күлімдеді. Хас сұлу деген сол қазақтың қыздары!
– Ия. Дәл солай. Әпкем 93 жасқа қарағанда өмірден сол әдемі де сұлу қалпында, ақыл-парасаты биік асыл ана, аяулы әже күйінде өмірден өтті. Ол кісі жасы келсе де көзілдіріксіз кітап оқитын. Әңгімесі де керемет еді, — дедім де Ағаға қарадым.
Ол кісінің көзінен аққан жастары жарасымды қойылған ақ сақалынан біртіндеп кеудесіне ағып барады. Селкілдеп жылағанын көріп менің де көзіме еріксіз жас үйіріліп, өзімді әрең ұстап тұрдым.
– Сіз ауырып қаласыз ғой, Аға. Мен үйіңізге дейін шығарып салайын. Дастарқанға рақмет, тығыз шаруаларым бар еді, жолымнан қалмайын деймін.
– Қазір… Қазір… Жыламаймын. Болды, жыламаймын – дейді аға енді иықтарын селкілдетіп.
– Бұл өмір бойы жүрегімнің түбінде жатқан сезіммен қоштасу ғой. Үнсіз жоқтау. Енді сол орын үңірейіп бос қалатын болды. Үміт пен қиялдың орны жараланып қалды. Енді оған ем табылмайды. Бәрі бітті… Маған осы әлемде сол кісінің бар екенін біліп жүрудің өзі жеткілікті еді… Енді жүрегіме мұң кірді десеңші… деп өзіне-өзі сөйлеп келеді.
Сол сәтте ағаның үйіне келіп жеттік. Қоштасуға асығып тұрмын. Алдымыздан әппақ әже шығып қарсы алды. Сәлемдесіп болған соң қолымды жібермей ұстап қалған. Дастарқанының төрінен орын беріп, бар дәмдісін алдыма қойып, кім екенімді сұрастырып жатыр. Аға әпкелеріме арнап құран
бағыштады. Маған көңіл айта отырып, өзін әрең жұбатып тоқтатқандай көрінді. Содан маған:
– Махмуд Қашқаридің «Алла сөзі: жетпіс, сексен, тоқсан жасқа жетсе пендем, күнәларын кешіруге уәде берем» дегені есіме түсіп тұр – деді Аға.
– Яки, әпкелерің жәннаттық! Менің ендігі арманым, сол әпкелеріңмен арғы өмірде көрші болуды сұрау, мәңгілікте жақсылардың қатарында болуды нәсіп етуін тілеу. Тәңір тілуімізді бергей деп дұға жасайық – деді аға кемпіріне қарап. Әппақ апа бізден бұрын бата жасап үлгерді.
– Сенің әпкелеріңді мен көрген емеспін, бірақ шалымның айтуы бойынша оларды мен де өте жақсы көрдім, — деді апа.
– Айжамал әпкем әкесінің жасында бақилық болды. Артында 9 ұл мен қыз қалды, жүзден аса немере-шөбере сүйді. Ұлман әпкем 11 перзенттен 54 немере, 50 шөбере көрді. Екеуі де аналық парызын адал атқарды. Елге өте сыйлы болды, әдемі қартайды. Тек жезделерімнің екеуі де ертеректе кетіп қалды – дедім мен қобалжып.
– Балалары әкелерінен ертеде айырылып, әпкелерің тағдыр тауқыметін көрген екен ғой, — деп, көзіне келген жасты сүрте бастады аға мен апа.
– Қарағым, маған айтшы Айжамалдың қыздары өзіне ұқсайды ма, сондай шырайлы ма? – деді аға.
– Әлбетте. Әсіресе, үлкені мен үшінші қыздары әпкемнен аумай қалған… Бойлары да, ойлары да, тіпті жүрген жүрісі мен ақыл-парасаттылығы, сөйлеген сөздері. Әпкемнің төрт қызы да анасының бойындағы бар жақсы қасиеттерін алған. Бәрі бір-бір елдің әдепті, ізетті, инабатты келіндері, салмақты аналары, иманды әйелдері. Елінің батасын алып өніп-өсіп отырған әулеттердің дана аналары.
– Екі әпкемнің де ұл-қыздары айрандай ұйыған, берекесі мол, тыныштығы мен жылылығы сақталған шаңырақтардың иесі, құрметті де, сыйлы азаматтары. Ең бастысы, әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен берілген тектілікті берік сақтап келе жатқан адамдар.
– Рақмет, айналайын! Өркенің өссін. Көп жаса, әпкелеріңнің жолын саған да Алла Тағала берсін. Бақытты бол! – деді Аға.
Мен біресе ағаға қарап, қайтып ол кісінің жұбайына, екеуіне кезек-кезек қараумен отырмын. Тіпті не істерімді білмедім.
– Біздің тұңғышымыз Айжамал, Алматыда тұрады. Өзі мықты дәрігер. Үлкен аурухананы ұзақ жылдан бері басқарады. Өзі бір ерекше мейірімді жан, бүкіл әулетінің жағдайын ойлап жүреді. Қайын жұртын түгел қалаға көшіріп әкелді. Барған жерінің сыйлы анасына айналды. Біз әкесі екеуміз сол қыз арқылы алғыс алумен келеміз. Еңбегін бізге де сіңірді, жыл сайынғы жақсы жерлердегі демалысымыз соның мойнында. Жарығымның қай жақсылығын тізбектеп айтайын, атына заты сай қыз ғой, — деді әппақ апа.
– Құдайға шүкір, бәрі жақсы. Ұлдарымыз да еліне елеулі, халқына қалаулы демекші, әкесі сияқты абыройлы азаматтар. Ал Ұлжантайымыз балаларымыздың ішіндегі ең еркесі. Сол қыздың соңынан 5 ұл ерді, сондықтан жолы да бөлек, өзі де дара қыз. Әкесімен күніне кемінде екі рет сөйлеседі.
Таңертең «Қайрлы таң» деп тұрады, кешке телефон арқылы ұйықтатады. Олсыз таңымыз атып, кешіміз батпайды. Еркеміз Таразда тұрады. Ол ардақты ұстаз, көп балалы аяулы ана. Екі қыз да әкесі сияқты өте ақылды және сымбатты – деді мақтанышпен апа. Сөзді әрмен қарай аға жалғастырып:
–Ұлдарымыз анасы секілді өте ұқыпты және мейірімді жандар. Шаршамайтындары да, сабырлығы да анасының ақ сүтімен берілген керемет қасиеттер. Анасынан алған ең үлкен жақсылығы, ол – адамдарды ерекше құрметтеп, сүйе алатыны – деді.
– Сіз керемет жан болған соң, мен де өмір бойы сізге лайықты болғым келіп ғұмыр кешіп келемін – деді әппақ апа, алпыс жыл отандасқан отағасына мейірлене қарап.
– Мені бақытқа бөлеген Еріме күнде алғыс айтудан жалыққан емеспін. Ризалығымды айтып үлгерейін деген ұстанымым бар. Дұрыс-бұрысын Алла біледі. Дегенмен, мені бұл дүниеде бақытқа бөлеген осы ақылды жарым, балаларымның асқар тау әкесі, немерелердің дана атасы, шөберелердің батағой бабасы, мың жасағыр құдай қосқан асыл жарым – деп апа орнынан тұрып, ағаның қос қолына маңдайын тигізіп, тағзым етті. «Мен Сізге разымын, Сіз де разы болыңыз!» — деді.
Мұндайды бұрын-соңды көрмеген біздер таңырқап, үнсіз бақылап отырмыз…
«Алла разы болсын Сізге» деп Аға кемпірінің екі қолынан кезек-кезек сүйіп, отырған орындығына жайғастырды. Бәрі шынайы. Жарасымды.
– Өзімнен бір мүшел кішкентай болғандықтан ба, жоқ өзі нәзік кішкентай болған соң ба, әлде мінезі ашық, баладай еркелігі басылмағандықтан ба мен сол ерекше бойындағы жақсы мінезін жоғалтпауына әрекеттендім, қысқа ғана ғұмырды өкінішсіз өмір сүруге тырыстық. Артыма бұрылып қарасам, ұялатын да, өкінетін де ештеңем жоқ – деді аға, маңдайындағы терді ақ орамалымен сүрте отырып.
– Ағаларың ер жеткен сәтте сол Айжамал деген Ару қызға өлердей ғашық болмағанда, ол осындай азамат болып қалыптаспас еді. Тек шын сүйген азамат басқа адамды бақытты ете алады. Ағаң сүйген қыздарды сол кісінің айтуымен мен де жақсы көрдім. Қызғанбадым. Шынымды айтам. Сол қыздардың жақсы қасиеттерін өз бойымнан табуға тырыстым. Айжамалды ақ көйлек киген күйінде көрген екен, мен де ақ киімге құмар болдым. Әппақ болайын деп күнге көп шықпадым. Сұлу болайын деп өзіме қарадым, ауыр жұмыс істемедім, тек үй шаруасы мен балаларға арнадым. Егер сол жас уақыт қайтып оралса, мен тек осы ағаларыңды таңдар едім, өмірімді осы кісіге арнар едім… Ана бір керемет әндегідей «Махаббатым да, тағдырым да Сізге арналады» — деп әппақ апамыз ағынан жарылды.
– Сонда Сіз, шынымен қызғанбағансыз ба? – деп біз қоймаймыз.
– Шын ғашықтар еш уақытта қосылмаған. Қиялын, арманын қызғанып нем бар менің?! Ағаларың Айжамалмен сөйлеспеген де ғой, тек бір хат жазған… Жауабын да алмаған. Жеңгесі арқылы бар жағдайды біліп жүрген. Қалғанының бәрі өз қиялы, өз ойы…
– Егер ағаларың сондай Аруға ғашық болмағанда, ондай ұлы сезім оянбағанда бәлкім, бәрі басқаша болар ма еді?! Сол сезімді тербеткізген қыздан айналдым! Өмірінде кездестірген сәттерге ризалығым шексіз. Бар болғанына разы болдым. Мүмкін, Айжамал болмағанда, мен де, Ағаң да осындай болмас па едік?! Бәрі мүмкін… Дегенмен, бар болғаны қуантады. Бәрімізге жақсы болды.
– Сенің келгенің де, кездескенің де бекер емес, сірә?! Бәрі тағдырдың ісі ғой. Ағаң сен арқылы әпкелерің жайлы хабардар болып қалды. Бұл кездесу енді тағы ұзақ жылдарға рухани азық болатыны сөзсіз – деді ойланып отырған әппақ апа.
– Менің жоспарлаған шаруаларым жайында қалды. Енді Сіздің ауданыңыздан қалаға шығып кетейін, бата беріңіз, болайын деп, болмай қалған жезде дедім мен. Осы уақытқа дейін өз-өзіне келе алмай отырған Ағам, «Жезде» деген сөзімді ести сала селт етіп, қайтадан өз-өзін жинақтап алды… Бәріміз бір-бірімізге мейірлене қарап, жүзіміз күлімсіреп, нұрлана шықты…
Аға қайтадан құран оқыды, бата берді…
– Мен Айжамал мен Ұлманға деп құран бағыштауға дайын емеспін. Фәниден өткендерін әлі толық санам қабылдамады. Мен үшін олар осы әлемде бар сияқты. Олар менімен бірге кетуі тиіс сияқты. Менің қиялым да, жүрегім де солай шығар. Солай бола берсін. Одан ешкім зиян шеккен жоқ. Мен үшін олар алыста жүргендей… жүре берсін…
– Ия, олар енді бұл өмірге қайтып келмейді. Біз олардың соңынан баратындармыз. Менің ендігі арманым, бар арманым – мәңгілік мекенде солар сияқты жақсылардың қатарында болу… Жәннатта көрші болуды тәңірден сұраймын – деді Аға.
– Әпкелеріңнің қолын ұстап көрмегем, ал сенің қолыңды алып сәлемдесу, бір дастарқанда дәмдес болу, үйімде қонақ ету бақыты маған бұйырған екен. Айналайын, — деп Аға қимастықпен шығарып салды.
Біз ұзап кеткенше қол бұлғап, соңымыздан қарап тұра берді…
Көрегенді кісінің ақ батасын алып, әпкелерім жайлы жақсы естеліктер естіп, жайсаң жандардың үйінен әжептеуір марқайып шықтым
Жол бойы бүгінгі сапардағы кездесудің әр сәтін тағы да електен өткізіп келем. Шыныменен, жақсымен өткізген қысқа ғана уақыт бір ғасырды тербетті, айтылған естеліктер жүрегіме жылылық сыйлады. Қазақ «Өлгендер қайтып келмейді» дейді де, артында өшпес із қалдырған және ұрпақ тәрбиелегенді өлді деп айтуға да болмайды деп айтады. Бүгін мен тағы да жақсылардың аты өшпейтініне көзім жетті.
Жақсының жақсылығын айта білетін, жақсылықты көзімен көре алатын игі жақсылар мен жайсаңдар қазақ елінде көп болса ғой шіркін!
Маған жолыққан бақ көтерген Аға басқалардан өзгеше екен, ондайды біздің халық «бір төбе», «бір туар» деп тауып айтқан екен.
Бір көргеннен ғашық болып, сол ұлы сезімді өмір бойы жүрегінде сақтап жүру – тек азаматтың азаматына ғана тән деп білем. Ондай адамға құрметім де шексіз. «Ер – атымен» демекші, кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі» екенін Ағаның ағалық қасиетті сабағы арқылы ұқтым.
Атасына тартып туған ұлдары – атасындай болса екен деп тіледім.
Арада екі-үш ай өткенде сол кітапханаға тағы соқтым… Кітапханашыдан Ағаның жағдайын білейін дегем.
Жақында Аға да өмірден өтіпті. Тәңір тілеуін қабыл етіп, жаны жәннатта болғай… Менің әпкелеріммен жәннаттта көрші болуды армандаушы еді.
Әумин. Солай болсын!

                                                      Әкеге құрмет

Әкемнің туылған күніне әдеттегідей барша туысқан жиналған. 83-ші туған күні… Неге екенін, әкемнің көңіл-күйі болмай тұр, еңсесі түсіп кеткен. Бір жетінің ішінде өзін-өзі қатты тастап жіберіпті. Онысын көрсеткісі келмей, жинақы көрінуге қанша әрекеттенсе де, нәтиже шықпады. Қуаныш сезімін білдіріп, келгендерге алғысын айтайын десе, керекті сөз таппай, күлімсірейін десе кемсеңдеп кетеді. Бір кезде көзінен ыршып түсіп жатқан моншақтай жастарды әрең тоқтатты да батасын қысқа ғана қайырып, мазасы болмай тұрғанын ескертіп, өз бөлмесіне шығып кетті. Соңынан барып кезегімен сыйлықтарын тапсырып жатқандарға да жайма шуақ шырай танытпады. «Қалың ормандай көп болып, өніп-өсіңдер» деп батасын берді де, шаршағанын, жалғыз қалып демалғысы келгенін айтып, кешірім сұрай берді… Бұрын-соңды мұндай күйде көрмегендіктен бұл жағдай бізді де қатты алаңдатты. Бізге «шын мұсылман адам, иманы мықты болса депрессияға түспейді…» деуші еді Әкешім. Ал өзіне не болған?!
Сондықтан бөлмесіне өзім кіріп, қолын ұстап, маңдайынан сүйіп едім, баладай еңкілдеп жылап жіберді. Екеуміз қосылып көз жасымызды төгіп алдық.
– Бәріңе ризамын, шырағым, — деді әкем. Туған күнді атаудың жөні жоқ еді. Маған қазір жан қайғы боп тұр. Әпкемнің жетісі кеше ғана өтті. «Жасы келген кісі, той ғой» деп ойлайтын шығарсыңдыр. Бірақ та, ол менің бауырым! Бауырдың жөні де, орны да бөлек! Ішім күйіп барады. Бүкіл ғұмырым көз алдымнан кесек-кесек болып, тура кинодағыдай өтіп барады. Тетелес әпкем болған соң, қазасы жаныма қатты батты, бейнесі көз алдымда тұр. Бір сәтке де ойымнан кетер емес, жаным сол, бір жапырақ болған, – деп әкем жоқтауын тоқтатар емес.
– Аллаға шүкір, бәріңіз ұзақ жасап келесіз. Сіздердің жастарыңызды бізге берсін. Сабырлық сақтаңыз, — деп мен жұбатуға тырыстым.
– Айтпақшы, мен бүгін, туған күнімде, таң атарда түс көрдім. Түсімде әкем, Төртбай Айдарбекұлы «Саған жаңа жай дайындап қойдым, он күн ішінде көшіп келесің» деп, асығыс ғайып боп кетті, — деді. Әкем…
Осыдан кейін екеуміз бір-бірімізге үнсіз біраз уақыт қарап отырып қалдық, мен алақанымдағы Әкемнің екі қолын қаттырақ қыса бердім. Бір кезде:
– Қарағым, сен қыз да болсаң төлбасымсың, тұла бойы тұңғышым, орның да, жөнің де, жолың да бөлек сырлас перзентімсің, әрі адал, құпия сақтай алатын досымсың, саған айтарым бар. Мұқият тыңда, тек сөзімді бөлме, көзіңе жас алма, мықты бол, — деді Әкешім.
– Мен Алланың берген ғұмырын мағыналы сүрдім. Отбасында бақытты болдым. Адал жарым, асыл Аналарыңмен 52 жыл отандастым. Ақылды ұл мен қыздардың әкесі болу бақытына бөлендім. Балдай тәтті немере мен шөбере сүйдім. Бәрі жақсы, шүкір деймін.
– Екі анадан 15 бауыр болдық, барлығы құрмет-қошемет көрсетті. Ауыл-аймақ төрінен орын берді, құда-жекжатпен сыйласып келем, ұл-қызымның рахатын бір кісідей көрдім… Тәспімнен жаңылмадым, намазымды үзбедім. Осының бәрі бір сөзбен айтсақ, бақытты ғұмыр кешкенімнің айғағы. Ал енді жоғарыдан ескерту келді, мәңгілік мекенге аттануға дайындалуым керек. Өлемін деп қорқып отырғаным жоқ. Барар жеріміз – қара жер… Алладан сұрарым алдымыз – пейіш, арқамыз – кеңіш болғай. Бәріне, бәріне, баршаңа разымын. Сендер де разы болыңдар… Егер кемшіліктерім болса кешіріңдер, — деп маңдайын екі қолыма қойды Әкешім. Маңдайы ыстық екен…
– Сіз, суықтап қалған сияқтысыз. Ыстығыңыз көтеріліп тұр, дәрігер шақырайық, — деп орнымнан тұрғалы әрекеттенгем. Әкем белгі беріп, тыңдауымды өтінді.
– Енді қашан ашық сөйлесетініміз белгісіз. Мүмкін ондай сәт болмайтын да шығар, — деді. Жүрегім суып кетті.
– Сіз, мықты болыңыз! Өзіңіз «болған іске болаттай бол» деуші едіңіз. Енді мен сізден соны өтінем. Дауысымдағы дірілді жасыруға тырыстым. Мүмкін атам он жыл деген шығар… Он жыл десе, әкеңіздің жасына дәл жетеді екенсіз, — дедім қобалжуымды баса алмай. Басқа амалым да жоқ еді.
– Он күн! Он күн қалды… Біз сияқты үлкен кісілер өмірден өткенде ел «той ғой» дейді. Осы сөзді естігенде қаншалықты ауыр болса да, сабырлық сақтап, «тәубе» деңдер. Өтінемін, шамданбаңдар. Қайта бұл дүнием құт болып, ұрпақтарым өніп-өссін, әрқайсысы үлкен, иманды, зиялы әулетке айналсын. Көп болыңдар, мықты болыңдар, ең бастысы ынтымақтарың кетпесін! – деді.
Әкем бұған дейін де күніне бірнеше рет «ынтымақтарың кетпесін» деп құлағымызға құйып отыратын. Одан артық та, кем де айта алмайтынымды түсініп тұрмын.
«Туыстық қарым-қатынасты жоғалтып алмаңдар, көңілге тиіп, нәзік жіпті үзіп жібермеңдер, бір-біріңе қамқоршы болыңдар, кешірімді болсаңдар жақсылық сендерге құштар болады. Менің ескертетінім бір-ақ нәрсе, оны өз балаларыңа да айта беруден жалықпаңдар. Туыстық қарым-қатынасты үзген адамның еш уақытта жолы болмайды. Ол адам өз теңінің, өз замандастарының ішінде абыройсыз үнемі кедейлердің қатарында жүреді. Жалғыздық пен бақытсыздыққа ұшырайды… Шіркін, бірлік пен татулыққа жететін жақсылық жоқ екенін әр адам ұқса ғой. Ең бастысы ағайын адамдар, сендер тату болыңдар, сонда ғана ас та, ат та көп болады» -деген сөздерді әрбір адам баласының санасына сіңіруге тырысса… Біраз ойланып отырды. Әлі де шаршағанын білдіргісі келмейтін сыңайда.
– Екінші менің өтінішім, ағайынның жағдайы бірдей емес екені белгілі ғой. Алла әр адамға өзі ырзық-несібесін берген, біреуге көп, біреуге аз демекші. Алла біріңді-біріңе тәуклді етпесін. Жағдайы төмен бауырды қастарыңнан қумаңдар. Қолда барыңмен бөліскендерің абзал. Қазақ атам «береген қол – алаған қолдан қайырлы» дейді, сондықтан бөліскен адамның қазынасын тәңірдің өзі еселеп толықтырады. Оны өз ғұмырлық тәжірибеме сүйеніп айта аламын, — деді Әкем.
– Азды көп өмір көрдік, сондықтан айтарым да баршылық. Дүниеқоңыз адамның асып-тасып кеткенін өз басым көргенім жоқ, жәй әншейін аз ғана мерзімге болмаса… Рахаты жоқ дүние-байлықтың аса үлкен қуанышы болмайды… Ондайда қазақ «мешкей деген жақсы ат емес» дейді. Ағайын мен көршіге қарасыңдар, олардың разылығын алыңдар, басқаны өздерің білесіңдер. Ойын жинақтап алғысы келді ме, тағы үнсіз қалды.
– Айтпақшы, ел болып пәтуә жасалды, енді жыртыс берілмейді және қаралы үйде ата-баба дәстүрі бойынша қазан көтерілмейді. Біз сексеннен асқан қария болған соң, ел «теберік» деп киген киімдерімізді әкететіні бар. Кезінде біздің әкейдің де бет орамалына дейін алып кеткен. Сүйегіміз таза болған соң, менің заттарыма да қызығушылық болады. Сондықтан жеті күндік құдайы ас берілгенде көрінетін жерге бар заттарымды жуып-шайып қойыңдар, ел-жұрт қалағанын алсын. Алған адам менен де бақытты ғұмыр кешсін, — деп Әкем бетін сипап, батасын берді. Сөйлейін деп оқталып едім, Әкем саусағымен белгі беріп, ары қарай өз ойын жалғастыра берді…
– Туған-туыстар қалағанын алып болған соң, қалғанына өздерің ие болыңдар. Тек бас киімдерімді ешкімге таратпаңдар, оны өздерің және немере-шөберелер аларсыңдар. Тақия мен бөріктер бәріне жетеді деп өзінің заттарына бір рахаттанып қарады. Алтын мен күміс заттары кімге тиесілі екенін айтып болып, қолындағы сағатты кенже інісіне беруді бұйырды.
– Енді ең жауапты шаруа, мені ақтық сапарға өз ұлдарым мен екі інім дайындасын, — деп аттарын атап шықты…
Сол сәтте ғана менің санама Әкемніңне айтқалы отырғаны жеткен сияқты болды. Е-е, шынымен-ақ бұл фәнимен қоштасқалы отыр екен ғой деген ой денемді дір еткізіп, бір түрлі арқамнан мұздай тер шығып, отырған жерімде қатып қалғандай болдым. Әкем осыны байқады да:
– Сені мықты қыз деп жүрсем, қорқақ екенсің ғой. Қой, өзіңді қолға ал. Бұл Әкеңнің бұйрығы, — деп қолдарымды алақанына салып сипап, маңдайымнан сүйді.
Сен бақытты қызсың, Әкең сенің зейнеткерлік жасыңа дейін қасыңда жүр. Ондай бақыт екінің біріне бұйырмаған. Шүкір дейік…
– Зейнеткерлікке шығуыма әлі екі жыл бар, уәде қайда, қандай асығыстық өзі? – деп едім:
– Оған менің кінәм жоқ, зейнеткерлік жасты мен ұлғайтпадым, — деп күлімсіреді.
– Алла саған өз перзенттеріңнің зейнеткерлік жасына куә болуын нәсіп етсін, — деп тағы да дұға жасады Әкешім.
– Мен бір әңгімемді аяқтамай, жаман шал сияқты басқасына өтіп кетіп жатырмын… Қыс уақытысы болғандықтан, келген адамдардың жағдайына қараңдар, ыстық тамақ пен шәй ұйымдастырыңдар. Дін өкілдерін ренжітпей, тамақты арғы үйге жасай беріңдер.
– Енді бір айтарым, мен барған жерімнен үнемі шапан киіп келетінмін. Мойныма қарыз болмасын, таратып беріңдер. Жетпесе алыңдар! Берілетін құдайы астарыңды жақсы деңгейде өткізетіндеріңе күмәнім жоқ. Енді алыста жүрген балаларыма жәймен хабар беріңдер, жолға шықсын. Көріп қалайын, разылығымды жеткізіп, батамды берейін… Арғы жаққа барғанда кемпіріме бәрін дұрыстап жеткізе алатындай болайын.
– Қарлыға Мұстафақызынан кейін мен 6 жыл, 5 ай, 10 күн өмір сүріп келемін. Тағы он күн қосылса 2 мың 364 күн болады екен… Күн санаумен келем… Сендер қанша жақсы қарағандарыңмен, сыңарың болмаған өмір жартылай қараңғы екен. Қасына ертерек баруға асығам. Сендер ренжімеңдер. Ризамын, алтындарым. Сендер де разы болыңдар.
– Қарлығамның қасында болу мен үшін үлкен арман. Мәңгілік өмір, шын өмір арғы дүние дейді ғой. Алла жәннатта бізге бірге болуды нәсіп етсін деп минут сайын сұраймын, — деді Әкем ағынан жарылып.
– Айтпақшы, Қарағым, сен маған алаңдап, қажылыққа баратын сапарыңнан қалма. Егер мүмкіндігің болса менің анама бәдәл қажылық жасап келші. Немересінің қажылығы дәрежесін өсіреді екен, — деді.
– Тапсырмаңызды бұлжытпай орындаймыз Әкетай. Сіздің бұйрығыңыз біз үшін қымбат, әрі заң. Сіз біз үшін барлық уақытта Патшасыз Әкешім, — дедім мен көмейіме тығылған сөздерді ағытып. Біздің барлық жетісігіміз сіздің разылығыңыз арқылы келген, сіздің батаңыз бен тілеуіңіз арқылы өніп-өсіп келеміз. Сіз Әке, әлемдегі ең жақсы адамсыз.
Ал енді дәрі ішіп, ұйықтаңыз, түннің бір уақыты болып қалыпты. Шаршап қаласыз, — деп інім Нұрғалиды шақырдым. Ол ұлы Димаш екеуі атасын жуындырып, жайлы төсекке жайғастырды.
Шығып бара жатқанымда егер тағы ұмытқан мәселелерім болса, Нұрғали мен Жанна келінге айтармын. Бірақ, сен ұмытпай алыста жүрген балаларға хабар бер, осы аптаның соңына дейін жетсін — деп Әкем қайта-қайта ескертті. Қоштасуымыз да қиындау болды. Әке мен баланың арасындағы қимастық сезім.Оны сөзге сыйғызып жеткізу мүмкін емес. Өзімді алдаусыратып қоямын. Мүмкін қызуы көтеріліп тұрған соң және дәрі-дәрмектің әсерінен өзін солай сезініп тұрған шығар. Осы ойдың өзі үміт ұялатады екен. Жолға шығып кеттім.
Жол бойы әкеммен арада болған әңгіме санамда сайрап келеді. Бірақ, жүрегімде қорқыныш жоқ сияқты, тыныштығы бұзылмағандай көрінеді. Ойлана-ойлана бұрын дәл осындай әңгіме болған емес еді, демек сақ болу керек екен деген тұжырымға келем. Біресе жамандық шақыруға негіз жоқ сияқты көрінеді. Қалай дегенде де Әкемнің көрген түсі сары уайымға салып қойды. «Түс оңалмай – іс оңалмайды» деуші еді. Бірақ та «түсті көруінен емес – жоруынан қорық» дегенді де бұрынғылар тегіннен-тегін айтпаған. «Жақсылыққа жорысаң – жақсылық болады» деуші еді Әкемнің өзі. Онда неге өзі жамандыққа жорыған деген сұрақ санама біздей қадалып мазалап тыныштық берер емес. Демек, Әкем түсін жамандыққа жорып, жамандыққа қарай бұрылып кетті-ау бәрі деп өзімнен-өзім сөйлесіп келем. Сансыз сұрақ… Сөйтіп келе жатып басыма сансыз сұрақты қуып таңертең жағымсыз түстің садақасын берейін деген ой түсті. Тапқырлығыма өзім де қуанып қалдым.
Таң атысымен мешітке барып садақасын беріп болып ініме телефон шалдым. Әкемнің көңіл-күйі жақсы екенін, таңғы шәйін ішіп алғанын айтып қуантып қойды. Олай болса інім мен сіңіліме хабар бермей-ақ қояйын деп шештім.
Апта бойы уайымдайтындай жағдай болған жоқ, бірақ Әкем сіңілімнің келетін күнін күнде сұраумен болды. Тіфә-тіфә, жағдайыңыз жақсы, демек өзіңіз қызыңыздың үйіне қыдырып барасыз – деп біз де қоймаймыз.
– Ай, айналайындар-ау, сендер жамандыққа қимай тұрсыңдар ғой, сенімсіздік танытып. Түсінем. Кім Әкесін қияды дейсің?! Менің бар тілегім сол алыстағылар ертерек келсе екен деген. Аттанарымда бар ет жақыным қасымда болса деймін. Иманымды Нұржан молда үйірсе, жаназамды Ахметжан имам шығарса – деп құлақ қағыс етіп қойды Әкеміз.
Сенер-сенбесімізді білмей сергелдеңге түсіп жүргенімізде жұма да келді. Кешкісін Әкемнің қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түсті… Инсульт алыпты. Бес күн комада, жан сақтау бөлімінде жатты.
Нашарлаған соң үйге алып шықтық. Алыс-жақында жүрген балалары мен бауырлары әп сәтте-ақ келіп қалды.
Мәскеуден келген сіңілім Әкешімнің қолын қысып отырып, екі бетінен кезек-кезек сүйіп, құлағына «мен келдім» деп сыбырлап еді, Әкемнің екі көзінен тарау-тарау болып көз жасы көл болып ақты. Біліп те, сезіп те, күтіп те жатыр екен…
Күлипа қолдарын кезек-кезек уқаласа, Әкем әйтеуір ебін тауып сүйікті қызының қолын қысып қояды. «Мені біліп жатыр, демек беті бері қарағаны ғой Әкемнің» деп ол да мәз-мейрам.
Үлкендер шығып кетсе болды қара шаңырақтағы төрт немересі атасының жанынан табыла қалады. Кішкентайлары Зереш пен Әмина атасы өзі үйреткен дұғаларын тоқтамай кезектесіп оқиды. Балалар дем салуды аса шеберлікпен игеріпті… Дұғаны нақышына келтіріп оқиды. Ата-әжесінің тәрбиесі бұл!
Үлкендері Болат пен Аяжан атасының аяқ-қолын уқалап, маңдай терін сүртіп, «жаным-жаным» деп асты-үстіне түсіп барады. Төртеуінің де ыстық ықыластары мен назары ерекше. «Қолдағы немерелердің жөні де, орны да бөлек» дейтін еді марқұм анам. Шынымен солай екеніне енді көзім жетіп тұр.
Немерелерінің мейірім шуағын сезінген Әкем де жүзі нұрланып, екі беті лаулап, маңдайы жіпсіп қалады. Әйтеуір өздерімен-өздері бір әлем. Жарасымды көрініс. Әр адамның арманы осы болар.
Қартайған шақта айрандай ұйып отырған алтын ұядан, тату-тәтті отбасыдан, мейірімді ұрпақтан, олардың шынайы қамқорлығынан асқан бақыт жоқ шығар. Сондай бақыт пен қамқорлыққа Әкеміз соңғы демі таусылғанша бөленді. «Бізге де осындай ақ дем бұйырсын» деп келіп-кетуші ағайын-туыс, көршілер ниет етіп жатты. Екі дүниенің абыройын берсін деген Әкеміздің дұға-тілегі қабыл болғаны осы шығар.
Әкеміздің түс көргеннен кейінгі оныншы күні де зымырап жетіп келді. Бір-бірімізге айтпағанмен, әрқайсымыз іштей қобалжып, түрлі түсініксіз жағдайға душар болғандаймыз. Кенже інім қан қысымы қатты көтеріліп, бей-жай болып ол отыр. Екінші інім табиғатынан сабырлы болғанымен, бүгін қатты қобалжып кірген-шыққандарға «бәрі Жаратушының қолында» деп жұбатумен жүр. Арасында өзі де Әкемізге қимастықпен қарап, маңдай терін сүртіп, қайта-қайта иіскеп кетеді. Арамызда көңілі бос, жаны да нәзік үлкен інім мен оның жұбайы көз жастарын төгіп-төгіп алды. Тек сіңілім ғана «бәрі жақсы болады» деген ұстанымға бек сенімділік танытуда. Қанша адам осындай жағдайдан айығып, төсектен тұрып кеткен деген мысалдарды келтіріп қояды. «Менің жүрегімде ешқандай қорқыныш жоқ, Әкем әлі де дертті жеңеді» деп отыр. Тек мен, үйдің тұңғышы болған соң, оларға білдірмей барлық дайындық шараларымен жүрмін.
Ақшам намазы жақындағанда имам Нұржан ағам да келіп қалды. Екеуміз оңаша сөйлесіп алдық. Мен Әкемнің қан қысымы төмендеп кеткенін ескерттім де, дем салуын өтіндім. Мүмкіндік болса бүгін кетпеуін сұрандым. Ауырғалы бері қасынан бір елі кетпей жатқан кенже інісі, қайта-қайта бауырының аузына зәм-зәм суын тамызып отыр. Бір кезде ол:
– Көкемнің аузынан бір керемет иіс шығады. Сіздер иіс суын сеуіп қойғансыздар ма? — деп сұрады. Біз бір-бірімізге таңдана үнсіз қарадық…
Ақшам намазын қауым болып оқыдық. Төртбай ақсақалдан тараған ұрпақ Аллаға шүкір бір ел болыпты. Намаздан соң имам «Яссин» сүресін Әкемнің жанында отырып оқыды. Мен бергі бөлмеде креслода отырғанмен, екі көзім Әкемде, бәрі бақылауымда. Бір мезетте жүрегім сыздап, қатты қысылып қалғандай болдым. Бір сәт… Бір сілкініп, шошып оянғандай болып қарасам, имам құранды бітіріп, батасын қайырып, оң қолымен Әкемнің бетін сипап, екі көзін жұмып, «Алла алдыңыздан жарылқасын» деп орнынан тұрып жатыр.
«Кетіп қалды», «көз жұмды», «бақилық болды» деген дауыстар… Жоқтау. Жылау. Мен орнымнан ыршып тұрып, дереу Әкемнің аяқтарын ұстап көріп жатырмын. Аяқтары жылы. Әлі жылы екен. Осыдан жарты сағат бұрын да жылы еді. Әлі жылы…
– Сабыр сақтаңыздар, әлі денесі жылы, әлі тірі… тірі деймін. Күтейік… деп қайталаймын, тағы қайталай беремін.
Денесі ұзақ уақыт суымай жатты. Бұл фәниден өткенде қарт кісі еді. Ал таңертең қарасақ, Әкеміз 40-50 жастағы кейіпінде өте шырайлы болып жатырекен. Нұрланып жатыр. Тәубе. Шүкір.
Күні бойы бес уақыт намазын қаза етпейтін, түнін намазбен өткізетін Әкемді Алла өзі жарылқап, дәрежесін көтерді. Жаназасына халық өте көп жиналды.
Тапсырмасының бәрін бұлжытпай орындадық. Тіпті асыра орындаған жағдайларымыз да болды. Бәрі Алланың қалауымен.
Жаназасын облыстың бас имамы Ахметжан қажы шығарды.
Қақаған қыстың қаңтарында күн де жылы болды, ешкім ештеңеден қиналмады. Жері жұмсақ екен, әдемі қазылды. Әкемнің бар ниет-тілегі орындалды. Алла алдынан жарылқасын.
«О дүниеге ешкім де жолдас боп ермейді, тек иманың ғана бірге көрге кетеді» деп айтып отыратын еді Әкем . Өніп-өскен әулетке қатысы бар барша қауым Әкемді соңғы сапарға арулап шығарып салды, солар мәңгілік жайына жайлы жайғастырды. Оларға Алла разы болсын!
Әркімге өз Әкесі – патша… Бүгін біздің патшаның тағы үңірейіп бос қалды. Қара шаңырақтағы Әке отыратын көрікті төр бір сәтте босап қалды, сәні кетіп… Бабадан кеткен дәуір, кезегімен атадан, әкеден де кете береді екен. Мүмкін содан шығар «өмір – керуен» деген ұғымның қалыптасқаны.
Бәрі құран бағыштап, бата қайырып келіп-кетіп жатыр… Тек шын жүрегімен бата беретін, елінің тілегін тілейтін, жарқын болашағын сұрайтын менің Әкем арада жоқ. Өмір – өзен деген осы екен.
Ағайын-туыстың ортасында отырып, бірақ өз қиял әлемімде жүрген менің жаныма бір жеңгем ығысып жайғасты да:
– Бикешім-ау, сен қалай ойлайсың, біздің қайынаға ол жақта абысынмен кездесті ме екен?.. Сұрағы төбеден жай түскендей әсер етті…
– Сіз өзіңіз қалай ойлайсыз? Сіз менен гөрі көбірек білесіз ғой, бір көйлекті ертерек тоздырған адамсыз, — деп мен де сұрағына сұрақпен жауап қаттым. Сол сәтте мені де осы сауал мазалап отыр еді.
– Екеуінің тіршіліктегі ғұмырына қызығумен болатын едік. Ел арасында олар Төлеген мен Жібек болып қалады. Ондай махаббат бір ғасырда бір-ақ рет кездесетін шығар. Мен білетін қайынағам аналарыңның қасына кетуге асықты ғой. Шешейді еске алып, оны айтпайтын күні болмайтын. Менің ойымша, ондай махаббат иелері – жәннаттық! — деді жеңгем.
Мен іштей «Әумин» деп тіледім. Тәтті қиялымнан айырылғым келмей.
Таңертең, әлі бәрі ұйықтап жатқанда аулаға шығып, Әкемнің дем арасында суып қалған орындығына жайғасып, көз жасыма ерік беріп, перзенті ретінде шер тарқатып, іштей жоқтап отырғанымда, қасыма әлгі жеңгемнің келіп қалғанын да байқамай қалыппын. Менімен көрісіп болып:
– Қыз деген жақсы ғой… артыңнан жоқтап жылайтын, еш уақытта ұмытпайтын, — деп құшағына алды.
– Қыз-ау, мен неге таң атпай келді дейсің бе? Мен, мен, мен… Мен қайынағам мен абысынды түсімде көрдім. Олар қол ұстасып, бір керемет бақта жүр екен. Екеуі де жасарып кетіпті. Ақ киім киген, өте сұлу, өте бақытты боп жүр… Содан қуанышым қойныма сыймай, саған айтайын деп жүгіріп келгенім ғой. Жақсы түстің сүйіншісін өзің реттерсің. Енді қайғырма, көз жасыңды сүртіп, өз балаларыңның тілеуін сұра! – деп ақ көңіл жеңгем жұбату сөзін баппен айтады.
– Сен, сен ше, түсіңде көрдің бе әке-шешеңді? – деп мені жұлқып қояды, аңқылдаған жеңгем.
– Көрмедім, — деп қысқа ғана жауап қаттым.
– Көз ілмегенсің ғой… Қыз байғұс сол ғой, елжіреп, жүрегі ауырады. Енді қайғырма. Жандары жәннатта болсын! Мен кетейін, немерелерім ұйқыдан оянса іздеп қалады. Таңғы шәйға келем ғой, — деді де асығыс кетіп қалды. Ал, менің көз алдымнан әке-шешемнің бақытты шақтары тізбектеліп өтіп жатты.
Осындай уақытта таңғы намаздан кейін, Әкем малын жайғап, Анам сүтін пісіріп, таңғы асты даярлауға кірісіп жатушы еді. Екеуінің әңгімесі таусылмайтын. Біз «Не айта бересіздер, әңгіме қайдан шыға береді?» деп сұрасақ:
– Әңгімеміз сендерсіңдер. Сендердің балдай тәтті балаларың. Сендердің жетістіктерің. Елдің жақсылығы мен қуанышы. Көрген көзге жақсылық көп қой. Соны айтамыз — дейтін Анашым. Ал Әкем болса:
– «Есту бар, білу бар, түсіну бар, қорыту бар» деген екен Ғабит Мүсірепов. Біз жай ғана орындаушымыз – деп жауап беретін еді.
Біз таңертеңнен өмірдің сабағын алдық, жақсы мен жайсаңнан – деп екеуінің ыстық құшағына еніп, қуат алып жүруші едік. Ғажап уақыт екен. Өмір әрқашан әділ ғой!
Көз алдымнан әдемі сәттерді өткізіп отырғанымда, қасыма тетелес інім келіп:
– Түнімен көз ілмедім, Әкем мен Анам болмаған соң өз үйім, өлең төсегім емес екен… Бір түрлі тоңып шықтым, — деді.
Қырық күні өтпей солай болады. Енді бәрімізге бекем болу керек. Әкеміздің өсиетін орындау перзенттік парызымыз. Ынтымағымызды сақтайық, бір-бірімізге мейіріммен қарайық – дедім де орнымнан тұрдым… Сол кезде қара шаңырақтың иесі, біздің кенжеміз Тұрғын келіп, мен орныңызға сәл отырсам бола ма? – деп рұқсат сұрады.
– Отыр, отыр, жаным… Әкеңнің орны енді сенің орның. Сол орынды жоқтатпа, өзің ие бол! Әкеміздің орнын басып, сен де абызға айнал, Ақылдым – деп біз төрт бауыр төрт жағынан шыға келіп, ата-анамыздың кенжесін құшағымызға алдық. Лайым солай болғай!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *