Менің Əуезовім Менің Əуезовім

Менің Əуезовім

14.06.2018 0 2 538

Назерке Масек 11-сынып оқушысы, Республикалық пәндік олимпиаданың (2017, 2018), Республикалық Қ.Бітібаева атындағы олимпиаданың І орын иегері; Республикалық Абай оқуларының, Мұқағали оқуларының, Әуезов оқуларының, «Ақберен» сайысының жеңімпазы... Менің Əуезовім

Назерке Масек

11-сынып оқушысы, Республикалық пәндік олимпиаданың (2017, 2018), Республикалық Қ.Бітібаева атындағы
олимпиаданың І орын иегері; Республикалық Абай оқуларының, Мұқағали оқуларының, Әуезов оқуларының,

«Ақберен» сайысының жеңімпазы

Менің Əуезовім… Мектептің кең дəлізімен аяңдап, жан-жағымды барлап келе жатып, жоғарыда ілінген портретке көзім түсті. Əуезов портреті. Əне біртүрлі өшпеген от секілді əдемі көздер. «Жалтыр төбеден тайғанай сусып барып самайға ұйлығып қалған — оң шекеде бір уыс, сол шекеде бір уыс, шөкім-шөкім көкала бұлт тəрізді көк мамық шаш» (З.Қабдолов). Сарыарқаның даласындай кең, Каспийдің суындай таза, əжімсіз «Сократ маңдай». Дəл осы маңдайы ғана Əуезовтің бар қайғы-қасіретінен, «тартқан бейнет, өткен жасынан» хабар беріп тұрғандай. Дəл осы маңдайдан кеше Мұхтар дүние келген Бөрілі, ақылшы атасы Əуез, тіпті, Ұлы Абай да маған көз салып тұрған секілді. Бір сəт маған сол əжімсіз маңдайдан тағдыр қатпарына толы, теңсіздіктің ызғарлы лебі үнемі есіп тұрған, екі жастың қуанышына да, ажалына да куə болған «Еңлік-Кебек» тығылған жартас, сықырлаған сары аязда «Қорғансыздың күнін» кешіп, əке қабірін құшақтап құлаған Ғазизаның жансыз бейнесі, əпжыланмен алыса-алыса əл дəрмені құрып, қаралы түнекте қалқиып отырған «Қаралы сұлу» Қаракөз көрінгендей болды. Ал сол ашық маңдайдан жоғары біткен бұйра шаш «Қилы заманның» тұсында қазақтарға төнген қара бұлтты елестетті… Оның ашық маңдайы маған ақиқат айнасындай көрінді. Бұл айна маған бейне Мүрсейіт жазбасынан Абай өлеңдерін таңдайы тақылдап оқитын бала Мұхтарды, ертерек есейіп есті болған дана Мұхтарды, «Еңлік-Кебекті» жазып «ескішіл» атанған Мұхтарды, «Қаралы сұлудан» соң ұлтшыл, «Қилы заманнан» соң алашордашыл аталып кетіп туған жерінен қудаланған жалғыз Мұхтарды, əлі ел есінен кетпей жүрген Мəңгілік Мұхтарды, менің Əуезовімді əлсін-əлсін көрсететіндей.
Менің Əуезовім… Дархан дала сынды даңғаза маңдайына қолымды тигізейін деп, əрі тірі бейнесін көру мен үшін тек арман болып қалатын ұлылықтың үлгісін жүрегіммен сезінбек болып портретке қол создым. Қолым жетпеді. Барынша тырыстым, бəрібір жетпеді. Сонда ғана Менің Əуезовімнің менен əлдеқайда биікте екенін түсіндім. Тіпті портретіне де қолым жетпегеніне қарағанда мен əлдеқайда төменде болуым керек. Мен енді оған жақындай бергім келді…
Қазақ үшін, күллі əлем үшін, барша оқырман үшін, мен үшін де Əуезов — Абай да, ал Абай — Əуезов. Əуезовтің аппақ ашық маңдайынан көзімді сəл оңға жылжытқанда, Абайдың қошқылдау, қатпарлы, кең маңдайын көрдім. Қос алып. Екеуін Алланың өзі мəңгі бірге жаратқандай. Екеуінде бір анадан туған бір жұмыртқадан жаралған егіздерде де болмайтын үндестік бар. Гəп Əуезовтің сөзінде жатыр. Шіркін, Əуезов сөзі! Абайдан Мұхтарды, Тоғжаннан Кəмилəні көрсететін де сол сөздер. Əуезовке Абайдан мұраға қалған асыл сөздер… Мұхтар 1897 жылы туылды, ал Əуезов 1904 жылы ұлы сəуле сөніп, алып бəйтерек құлағанда пайда болған жас бүршік еді. Ол Абайдың ұлы мұратын жалғастыру үшін туылғандай… Абайдың өңінен сабырдың ізі, Əуезовтің жүзінен бақыттың елесі ұшқындайды. Соған қарағанда Абай өзінің жұмбағын шешкен бір адам болса да табылғанына сабырлы, ал Мұхтар өмірінің жартысын арнаған ұлы ұстазының жанынан табылғанына бақытты тəрізді. Қос алыптың суретіне қайта үңіллім. Өлең сөздің құдіретіндей Абай, Абайдың құдіретіндей Əуезов. Шіркін, менің де портретім осындай кең дəліздің бірінде болашақта қос алыппен жапсарлас ілінер ме еді? Əуезовке тағы да қол создым. Ең үлкен арманым орындалғанша созылған қолымды қайта жинамақ емеспін!
Портретке алысырақ тұрып көз салдым. Оның мығым да кең денесі, үлкендеу басы мені тағы да Əуезов əлеміне жетелей жөнелді. Тап қазір ол кербез кермиық үнімен маған əлдене дейтін секілді… Аяқтарын нығыз әрі ақырын басып, əне, маған келе жатыр. Менің қиялымдағы Əуезовім осындай. Мұхтардың кез-келген портретінде және талай оқып, тамсанған шығармаларының әрқайсысында Менің Əуезовім бар. Иә, Менің Əуезовім!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *