Журналист болғым келеді Журналист болғым келеді
Арайлым Алмасханқызы  11-сынып оқушысы Республикалық ғылыми жобалар жарысының, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен «Ұлан» газетінің ұйымдастыруымен өткен Республикалық «Журналист болғың келе ме?» сайысының І орын иегері;... Журналист болғым келеді

Арайлым Алмасханқызы 

11-сынып оқушысы Республикалық ғылыми жобалар жарысының, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен «Ұлан» газетінің ұйымдастыруымен өткен Республикалық «Журналист болғың келе ме?» сайысының І орын иегері;
Республикалық Ілияс оқуларының, Мағжан оқуларының, Республикалық Қ.Бітібаева атындағы олимпиаданың жеңімпазы

– Менің де қызым теледидардан осылай сұп-сұлу боп сөйлеп отыратын болады, – деді күлген күйі, көгілдір экраннан көзін алмай, жаңалықтарға жәутеңдеп отырған жеті жасар қызын алдына алған әкесі. Сондағы әке үмітінің бала көңілімен жалғасы жеті жастағы сәбидің періште пейілінен он жетіге аяқ басқан бозбала қыздың үлкен арманына айналарын кім білген?!
Жеті-сегіз жас шамасындағы еркелігі тентектікке татитын әкесінің жекеменшік қызы… Осы уақыттан бастап алғаш өлең шығара бастадым. Әдетте, бұл жастағы балалардың тырнақалды туындылары «Анама», «Әкеме» деп басталса, менікінің басы «Қара қозым, ақ лағым», «Мысығым мен күшігім» болды. Үсті-басы ақ шаң мен қара топырақтан көрінбейтін ойын баласы келе сала, ақ парақты қолына алып, түсініксіз бірдеңелелерді шимайлай беретін (жазу жолын сол кезден-ақ таңдап қойғанмын-ау, шамасы). Теледидардан үзбей беретін бүгінгі халық жауыр болған түрік, кәріс, үнді телехикаяларындағы актерлермен таласа-тармаса, жарысып сөйлейтін едім.
Жаңалықтар ретін де қалдырмай көремін. Кішкентай қыздың кішкене жүрегіндегі сол күнгі бала арман – әдемі киім киіп алып, көк экранның ішінде сөйлеп отыру.
Он үш-он төрт жасар жас қайыңдай бой түзеп келе жатқан жас жеткіншек… Әдебиетке қатысы бар жарыс, шара атаулыдан қалмаймын. Шындығында, сабақты жақсы оқып кетуімнің өзі әдебиеттен басталды. Бірінші, екінші сыныптарда оқуға деген қызығушылығым мүлдем болмады. Таңғы жетіде тәтті ұйқымды бұзып, сабаққа бару мен үшін тым ауыр жұмыс болып көрінетін. Қызының ұйқысын менен бетер қимайтын әкем: «Бүгін бармай-ақ ұйықтай берсінші», — десе де, анам мен әпкем екеуі екі жақтан жұлқылап оятып, орнымнан әрең дегенде тұрғызып алатын. Сабаққа кетті деген атым болмаса, сабақ үстінде де бағанағы қанбай қалған тәтті ұйқымды жалғастыра беретінмін. Үшінші сынып оқып жүрген кезімде Ана тілі сабағынан өлең жаттауға берді. Сонда өмірімде алғаш рет өз еркіммен сол өлеңді жатқа айттым. Содан бері оқуға деген ынтам аяқ астынан ашыла кетті. Мұғалімдерім менің өлең оқығанымды ұнатып, әр түрлі оқуларға жетектеп жүріп қатыстыра бастады. Жетінші сыныпты аяқтаған жылы журналист боламын деген асыл арманымды қуып, армандар қаласы атанған Алматының баурайындағы хакім Абай атамыздың аты берілген қара шаңыраққа келіп құжаттарымды тапсырдым.
Сондағы емтихан уақытымен тұспа-тұс келген бір оқиға бүкіл арманымның күл-талқанын шығарғандай болды. Әкең жол апатына түсті деген суық хабар бала жүрекке қанжардай қадалды. Оқу да, бала арман да жайына қалды. Тезірек әкемнің жанынан табылып, аман-сау екендігіне өзім барып көз жеткізгім келді. Сондағы әкемнің телефон тұтқасының ар жағынан айтқан: «Балам, мен аманмын. Маған келмей-ақ қой. Өзің таңдап, қалап келген оқуға қайтсең де түсуің керек. Әлі-ақ мені теледидардан көріп мақтанып отыратын боласыздар деп уәде етіп едің ғой, сол сөзіңді орындап, анаң екеуміздің үмітімізді ақта», — деген сөздерінен кейін дүниеге қайта келгендей болдым.
Әкемнің «Саған сенемін» деген екі ауыз сөзі мені қайта тірілтіп, жалын жаныма одан әрі өз отын үрлей түсті. Қазақ қызына тән қайсар мінез мені сол жылдың күзінде дарындық оқушы атандырды. Республика көлеміндегі оқуларға, жарыстарға, олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды алдым. Бұл күндері қаламым ширай түсті. Өлеңдерім республикалық басылымдарда жарық көре бастады. (Оның алдында бесінші сыныпқа дейін шығарған біршама өлеңдерім кішкене кітапша болып басылып шыққан). Көрген-білгендерімді жазуға, өз ойыммен бөлісуге құлшынып тұратынмын. Әділет-сіздіктің, қоғамдағы теңсіздіктің шешілуіне үлес қосқым келді. Менің алдыға қойған айқын мақсатым қоғамдағы олқылықтардың шынайы бет-бейнесін көрсететін жай емес, жауынгер журналист атану болды.
Осы уақыт аралығында өзімді дебат саласының шыны мен сыны қайнаған қазанында да сынап көрдім. Сүлеймен Демирел университетінің «Сөзсемсер» дебат клубына қарайтын мектебіміздің «Дарын» дебат клубы құрамында бір жылға жуық ойнадым. Бір байқағаным – бүгінгі күннің белді журналистері өз кезінде дебат алаңының мықты майталмандары болған. Менің де журналистік жолға баруым, әрі дебат ойнауым бекер емес шығар, сірә?!
Он бірінші сынып… ҰБТ… Болашақ… Таңдау… Талапкерлердің ойы сан-саққа жүгіретін сәт. Бірі пәнді оңай деп, енді бірі мамандығының алар ақысы көп десе, ал енді біреулері қай пәнді таңдап, қай мамандыққа түсерін білмей, дал болатын уақыт. Ал мен үшін мамандық таңдау тіптен қиынға түспеді. Себебі мен он бір жыл бойы арманыма адал болып келдім. Иә, «Мен мамандық таңдауда қателесіп жатқан жоқпын ба?» деген сан қилы сұрақтар менің жанымды да қара құрттай жеп, тынышымды ұрлаған түндер, дегбірімді қашырған күндер болды. Алайда, менің журналистикаға деген махаббатым кесел сұрақтардың соңғы әрі нақты жауаптарын дайындап тұрды. Өзімді журналистикадан басқа салада елестету мүмкін емес, әрі қисынсыз екен. Журналистиканың талай өткір тілді, ұшқыр ойлы, тегеурінді түлектерін түлеткен киелі орданың студенті атану – мендегі мақсат. Журналистика факультеті құдды маған құшағын айқара ашып, өзіне шақыратындай. Мен де саған асықпын, болашағым! Он бір жылдық мақсатым, адастырмашы! Баланың ақ көңіліндей кіршіксіз пәк арманым, әкем жаққан үміт отын сөндіре көрме!
Мен әлі жарқ етемін,
Ант етемін!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *