ТУҒАН ЖЕР– ТҰҒЫРЫҢ ТУҒАН ЖЕР– ТҰҒЫРЫҢ
Қаныбек ЖҰМАШЕВ, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы болашақта Қазақстан қоғамының рухани дамуы қай... ТУҒАН ЖЕР– ТҰҒЫРЫҢ

Қаныбек ЖҰМАШЕВ,
Қазақстан Республикасы
білім беру ісінің үздігі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы болашақта Қазақстан қоғамының рухани дамуы қай бағыттарда болуы жайлы ойлары және ұсынған жоспарлары халықтың көңілінен шықты, көпшілік тарапынан қолдау тапты. Осы бағдарламалық мақаладағы айтылған тың бастамаларды өмірге тезірек енгізудің тетіктерін бекіту үшін Ұлттық комиссия құрылды. Негізгі бағыттар бойынша сарапшылық топтар қыруар қызмет атқаруда, олар Елбасы айтқан ойларды қоғамымызда мәңгі тұрақтайтын өміршең дәстүрге айналдырудың жолдарын қарастыруда.
Яғни, барша қазақстандықтың күтіп отырған «рухани бағдаршамы» қандай болмақ деген сауал осы ұлттық комиссияның әрбір мүшесін, әлбетте, толғандырады. Жалпы, бұл мақаладағы барлық сөйлемдердің үштен біріне жуығы тікелей өскелең ұрпаққа қатысты: жастардың дүниетанымына, тәрбиесіне, біліміне, бәсекеге қабілеттілігіне. Ел- басы былай дейді: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы». Батыстың ғылымы және заманауи технологиясымен қатар, олардың дүниетанымы, адамгершілік ұстанымдарының да біздің қоғамымызға дендеп кіріп жатқаны белгілі.
Сондықтан мемлекеттің өсіп-өркендеуінде тек қана материалдық игіліктер жеткіліксіз болады. Әсіресе, әлемдік деңгейде жаһандану үрдісіне қарсы тұру оңай емес. Біздің еліміз сияқты халқы аз, әрі саяси егемендікке жақын¬да ғана ие болған мемлекеттер өзінің ұлттық-рухани ерекшеліктерін сақтай отырып қана ұлттың, елдің тәуелсіздігін баян- ды ете алатыны анық. Осы тұрғыдан қарағанда, Елбасы өз мақаласында ғылыми-техникалық прогрестің озық үлгілерін меңгерген келешек ұрпақ өзінің рухани дамуында қандай басыңқы бағыттарға назар аудару керек екендігін нақты көрсетіп берді.
Президент өз ойын одан әрі өрбіте келе, бірнеше бағ-дарламаларды жүзеге асыру қажеттігін айтты, әсіресе, «Туған жер» бағдарламасының орны ерекше болмақ. Отанды сүю кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен бастау алады. «Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде? Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деп жазады Президент Н.Назарбаев. Осы орайда «Туған жер» бағдарламасының өзінің діттеген мақсатына жетуі үшін, қазақстандық қоғамда жаңа руха¬ни дәстүрді қалыптастыруы үшін ке¬лесі ұсыныстар маңызды деп ойлаймын. Орта білім берудің барлық деңгейіне арналған «Өлкетану негіздері» («Основы регионопознания») Кешенді жоспары әзірленуі қажет-ақ, сәйкесінше, әр аймақта өңірлік жол карталары дайындалады.
Бұл кешенді жоспар әр өңірдегі туризмді дамытуға бағытталған ұтымды жобалар мен маршруттарды да қамтитын болады. Жалпы, бұл кешенді жоспар екі бағытты көздеуі керек: Тәрбие беру және оқу үрдісі. Тәрбие беруде әртүрлі үйірмелер, экскурсиялар, саяхаттар ұйымдастыру, танымдық сайыстар өткізу көзделсе, оқу үрдісі бойынша үш пәннің оқу бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет етіледі: қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, география.
Ендеше, әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық. Қазақ әдебиеті пәні бойынша: сол аймақтың белгілі жазушылары мен ақындарының туындылары оқытылуы керек. Қазақ әдебиеті пәні мектептерде 5-11 сыныптарда оқытылады және оқушылар барлығы 544 сағат ана тіліндегі әдебиеттің маржан туындыларымен сусындайды, ал соның ішінен 126 сағаттан (айына 2 сағат, әр сыныпта бір оқу жылында 18 сағат) аспайтын көлемі жергілікті, сол аймақтың жазушылары мен ақындарының туындыларына берілуі тиіс. Ол үшін өңірлерде білім басқармалары жанынан арнайы комиссиялар құрылып, әдеби туындыларды іріктеу қажет. Осылайша іріктелген, талаптарға сәйкес келетін туындылар бағдарламаға енгізіліп, Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Өрлеу» АҚ-тың аймақтық филиалдарының әдістемелік кеңестерінде бекітілгеннен кейін ғана мектептерге пайдалану үшін жолданады. Мұндай қадамдар ашықтықты, шынайылықты қамтамасыз етеді және көпшілікке белгілі, танымал жергілікті ақын-жазушылардың туындыларын ғана мектепте оқытуға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, орыс тілді сыныптарда «Казахская литература» деген пәнге де жергілікті қаламгерлер туындыларын енгізу қажеттілігін ескерген жөн.
Қазақстан тарихы пәні бойынша: сол өлкенің тарихы мен халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері туралы дәрістер беру. 5-11 сыныптар аралығында оқушылар барлығы 476 сағат Қазақстан тарихының қыр-сырын меңгереді, ал соның ішінде 91 сағаттан кем емес (айына 1 сағат, әр сыныпта бір оқу жылында 9 сағат + 4 сағат мұражайда, барлығы 13 сағат) көлемі өлкенің тарихы мен белгілі тұлғаларына арналуы тиіс. Облыстық білім басқармасы тарапынан құрылған арнайы комиссия (тарихшы мамандардан) өңір тарихын әр сыныпта оқыту бағдарламасының жобасын жасақтайды. Дайындалған жоба Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының сараптамасынан өтуі тиіс, содан кейін «Өрлеу» АҚ-тың аймақтық филиалдарының әдістемелік орталықтарында бекітіліп, мектептерге пайдалану үшін жолданады. Мұндай қадамдар арқылы бір ауылдың ғана емес, жалпы сол өңірдің, еліміздің саяси-әлеуметтік дамуына әсер еткен тарихи оқиғалар мен тұлғаларды ғана мектеп қабырғасында оқытуға мүмкін болатыны сөзсіз. Мектепте Қазақстан тарихы, қазақтың ежелгі, орта ғасыр, жаңа және қазіргі заманғы тарихы ретінде шартты түрде бөлініп оқытылады. Осы орайда, Қазақ хандығының құрылғанына дейінгі тарихи кезеңнің әр өңірдегі баяндалуы ру-тайпалық сипатқа қарай ауып кетпеуі, сонымен қатар, жалпы тарихи оқиғаларды бір жақты интерпретациялауға жол берілмеуі қадағалануы қажет. Ал қазіргі заманғы тарихта өңірдің, оның азаматтарының Қазақстан тәуелсіздігінің нығаюына, баянды болуына қосқан үлесі сабақталғаны абзал. Сол кезде ғана оқушының өз өңіріне деген сүйіспеншілігі, туған жеріне деген мақтанышы еселене бермек. Сондықтан бұл қызмет ғылыми ұстаным мен парасаттылықты қажет етеді. Жергілікті биліктен осы мәселе төңірегінде үлкен жауапкершілік күтіледі. География пәні: сол өңірдің табиғаты, ауа райы ерекшелігі, флорасы мен фаунасы, шикізат қоры, өндірісі оқытылуы қажет. Бұл пән 6-11 сыныптарда барлығы 340 сағат көлемінде оқытылады. Жергілікті компонент ретінде әр сыныпқа жылына 9 сағат-тан (қыркүйек-мамыр айлары) бөлінсе, барлығы кемінде 54 сағатты құрайды. Бұл әрине, жеткіліксіз, дегенменде табиғат аясында өткізілетін экскурсиялар мен өндіріс орындарымен танысуларды факультативтер есебінен жүргізуге әбден болар еді. «Туған жер» бағдарламасы аясында жоғарыда аталған үш пәнді мектепте оқыту стандарттарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен ғана жүзеге асырылады. Бұл істегі басты локомотив – осы министрлік.
Өлкетанудың компоненттері мектепте міндетті түрде пәндік деңгейде оқытылуы тиіс. Елбасы өз мақаласының алғашқы жолдарында былай дейді: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады». «Туған жер» бағдарламасы – Президент ұсынып отырған рухани жаңғырудың өзегі, себебі, ол еліміздің болашағы – жастар үшін рухани дамудың бағдаршамы іспеттес. Бұл бағдарламаның тұжырымдамалық негізгі мұраты – туған өлкені, жерді, ауылды қастерлеу арқылы елін сүюге, жалғыз Отанымыз – Қазақстанды сүюге тәрбиелеу. Сондықтан, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы және география пәндері негізінде әр өлкенің әдебиеті, тарихы, қайталанбас табиғаты мектепте оқытылып, оқушылардың білімі шыңдалып, бағалануы тиіс. Ал факультативтік сабақтары есебінен жүргізілетін танымдық экскурсиялар мен мұражайларға, тарихи ескерткіштерге саяхаттар теориялық білімді толықтыру үшін ғана қолданылуы керек. Ойлап қарасақ, математиканың төрт негізгі амалдарынан басқа тригонометриялық функцияларды меңгерген, физикада Архимед, Ом заңдарын, химиялық өңдеудің қағидаттарын өмірде еркін қолдана білетін адамды «техникалық көзі ашық» деуге болатын болса, ал санамыздың ісімізден қаншалықты озып жүргенін мұражай мен тарихи орындарға саяхаттар ұйымдастырумен бағалаудың тиімділігі қандай болмақ? Әр оқушының өзі туған өлкесін қаншалықты білетініне мектеп қабырғасында қойылатын баға – оның рухани келбеті үшін алғашқы емтихан болмақ, ондағы алған үздік бағасына келешекте күтіп тұрған заман сынағына лайықты төтеп беруінің кепілі деп қарауымыз керек.
Ендеше, мектепте өлкетану компоненттері білім стандарттарына еніп, міндетті оқытылып және әр оқушының білімі жыл сайын бағалануы тиіс. Президенттің тапсырмасына сәйкес көршілес өңірлер өзара араласып, шаруашылықтарымен танысып, мәдениет күндерін өткізуді жолға қойып келеді. Осындай күндер аясында делегациялар құрамына оқушылар мен жастарды да қосып, өлкенің белгілі ақын-жазушылары шығармаларымен, тарихымен, қайталан-бас табиғатымен таныстыруды да өңірде болу бағдарламасына енгізген абзал. Бұл өзара қарым-қатынастың тиімділігін, келешекте беретін «мультипликативті эффектісін» еселеп арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз. Елбасы ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасы жан-жақты дайындалып, тиімді жүзеге асырылатын болса, ол әлбетте, қоғамда жаңа рухани дәстүрді қалыптастырады және келешекте әуелі елім дейтін, нағыз отаншыл, ұлтжанды, бәсекеге қабілетті ұрпақтың өсіп-жетілетініне кәміл сенеміз.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *