САБАҚТАСТЫҚ САРЫНЫ САБАҚТАСТЫҚ САРЫНЫ
Мұхтар ШАЙХЫ Әдебиет зерттеуші, ҚР БҒМ М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері. Әдеби-танымдық, ғылыми-көпшілкке арналған мақалалары республикалық және мерзімді баспасөздерде жарияланған.... САБАҚТАСТЫҚ САРЫНЫ

Мұхтар ШАЙХЫ

Әдебиет зерттеуші, ҚР БҒМ М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері. Әдеби-танымдық, ғылыми-көпшілкке арналған мақалалары республикалық және мерзімді баспасөздерде жарияланған. ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

Түркі-парсы халықтарына ортақ ақын-шайырлар
шығармашылығы хақында

Өткен ғасырдың 1981 жылы шыққан «Қазақ фольклорының типологиясы» атты ұжымдық монографияда: «Әртүрлі жанр ескерткіштерін бір-бірімен салыстыра қарау, олардың ортақ сарындарын, ұқсас үндестігін тарихи-типологиялық тұрғыдан қарастыру қызғылықты. Біріншіден – халықтардың туыстығына, тектестігіне байланысты көрінетін тарихи-генетикалық ұқсастық. Екіншіден – ел мен елдің тарихи-мәдени қарым-қатынасы арқылы таралатын ұқсас, үндес сюжеттер: бұған Шығыс сюжетіне негізделген, көршілес Орта Азия халықтары тарапынан ауысқан романдық эпос үлгілерін мысалға келтірсек жеткілікті. Үшіншіден – халықтардың шаруашылық, тұрмыстық кәсібінің қоғамдық дамуының біркелкі болып келуінен туындайтын тарихи-типологиялық сарындастық», – деген жүйелі пікірлер кездеседі. Осы пікірлерді ескере отырып, түркі халықтарының рухани мәдениеті мен әсем әдебиетінің бір-бірімен тектес, тағдырлас бағытта дамығандығын, ұқсас, сарындас, үндес қалыпта өзара түйісетіндігін бағамдай аламыз. Соған орай, өз ұстанымдарымыз бен пайымды пікірлерімізді де жинақтап беруді жөн көріп отырмыз.
Атаи Мәулена Шеих Құсайын – ХҮ ғасырдың І ширегінде өмір сүрген түріктілдес халықтардың ортақ ақыны. Кейбір тарихи деректердің айтуынша, Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам жерінде дүниеге келіп, Самарқандта қызмет атқарған. Өз дәуірінің терең білімді оқымыстысы болған. Бізге дейін Атаи ақынның «Диуан» атты өлеңдер жинағы (260) туынды жеткен. Бұл жинақтың түпнұсқасы Санкт-Петербургтегі Шығыстану институтының сирек қолжазба қорында сақталған. Атаидың табиғат, махаббат, сұлулық т.б., түрлі тақырыптардағы ғазал жырлары өзбек тіліне аударылып бірнеше мәрте жарық көрген.
Атаи – ортағасырлық түркі әдебиетінің көшбасшыларының бірі, күллі түркі жұртына ортақ бірегей ақын. Ол туралы алғаш зерттеген ХХ ғасырдың басында, яғни, (1880-1938) жылдар аралығында өмір сүрген шығыстанушы, түрколог ғалым А.Н.Самойлович. Ол: «Азия мұражайында уақытша сақталған қолжазбалар арасында бұрыш жақтары терімен қапталған, арнайы картоннан жасалған қаптамаға салынған жинақ табылды. Қаптама сыртында «Диуани Шайхзада» деген жазу бар», – деп көпшілікке жариялайды. Соған қоса, ғалым Атаи шығармаларын көптеген ғазалдардан тұратынын айта келіп, тақырыптық ерекшеліктеріне кеңінен тоқталады. Кейбір тарихи деректерге қарағанда, Атаи – Қ.А.Иассауидің тікелей ұрпақтары болып келеді. Бұл туралы белгілі өзбек ғалымы, академик Ғафур Ғұлам: «Атаи арғы тегі жағынан бір-екі ата Қожа Ахмет Иасауиге барып тіреледі. Ақынның әкесі Исмаил мен немере ағасы Ибраһим атаның қабірі Ташкенттің солтүстік жағында орналасқан. Ақын солтүстік Түркістанның Шымкент, Сайрам, Отырар өлкесінде туылып, кейіннен ер жеткен соң ілім, мағрифат, ақиқат жолын іздеп Гератқа барып сонда тұрақтаған. Ол кісі Шахрух пен Ұлықбек дәуірінде өмір сүрген, шығармашылығы сонда өткен», – деген мәлімет келтіреді. Ендеше, ақынның өлең жазудағы үлгісі, шығыстық сарын бағытының ұқсастығы, ерекшелігі түркілік идеямен ұштасып жатқандығы заңды құбылыс екеніне ешбір дау жоқ. Маулана шейх Хұсайн Атаи Хорасан билеушісі Хұсейин Байқара сұлтанның заманында өмір сүріп, оның саяси қуғындау салдарынан Балх қаласында қайтыс болды деген тарихи деректер де айтылады.
Тағылымы мол, қазыналы ежелгі әдебиет тарихында, Қайта өрлеу дәуірі (Ренессанс) деген үлкен кезең бар. Осы кезеңді ғалымдар түрлі мақсатта жан-жақты пікірлермен талқылайды. Мәселен, В.И.Жирмунский: «Заманның алдын-ала жағдайында, бізге белгілі болғандай, феодалдық қатынастар құлап, буржуазиялық даму тенденциялары жаңа ішкі қоғамның қайта өрлеуіне әсер бере бастады, сол ХҮ ғасырдың ІІ жартысында Орта Азияда қайта өрлеу кезеңінің негізін салған, классикалық түркі әдебиетінің өкілдері болды». Біздіңше, осы Қайта өрлеу (ренессанс) дәуірі кезеңінде басталған түрлі әдеби ағымдар өзге де түркілік әдебиеттің ортақ өкілдері М.Атаи, Ә.Науаи, М.Х.Дулати, О.Имани т.б., шығармашылықтарына жаңашыл реңк беріп, өзгеше үдеріс әкелген рухани кезең болып табылады. Ежелгі дәуір әдебиетінің тарихын тереңірек зерттеген, халқымыздың филолог ғалымы А.Қыраубаева: «ХІІІ-ХҮ ғасырларда, яғни Алтын Орда тұсында Қайта өрлеу (ренессанс) идеясы түгелдей жойылып кеткен жоқ. Сонау әл-Фарабиден жалғасып келе жатқан гуманизм арнасы ХІҮ ғасырдағы түркі әдебиетінде де көрінді. Шығыс Ренессансының ХҮ ғасырдағы көрнекті өкілдері – Маулена Атаи, Әлішер Науаилар халықтың қарапайым тілінде трактаттар жазып, сол тілде әдеби мұралар қалдырған» – деп атап көрсетеді. Талғамды айтылған тұжырымды ескерсек, ортағасырлық түркілік мәдениет пен әдебиеттің әлемінен ойып орын алған М.Атаи, Ә.Науаи, О.Имани адамзаттық ізгілік пен даналықтың, имандылық пен парасаттың, нақыл мен ғибраттың, ақыл мен ардың жүгін көтерген ғибратты ғұламалар саналады.
Әлішер Науаи – ХҮ ғасырдың (1441-1501) жылдар аралғында өмір сүрген түркі халықтарының ортақ ұлы шайыры, ойшыл, мемлекет қайраткері. Ол небәрі 15 жасында араб, түркі, парсы тілдерін еркін меңгерген. Науаи өз дәуірінің әдеби дәстүрі бойынша бірқатар өлеңдерін парсы тілінде жазған. Негізінен түркі тілінің әдеби тіл бола алатынын іс жүзінде дәлелдеу үшін ескі өзбектер тілінде де көлемді еңбектер қалдырған. Ғиратта, Мешхедте, Самархандта оқып, өзінен бұрынғы Фирдоуси, Хожа Хафиз, Низами, Физули, Сағди, Лутфи, Атаи, Жәми т.б ақын-шайырлардың шығармашылығы арқылы тәлім алып, ағартушылық-танымдық көзқарасын қалыптастырады.
Әлішер Науаи терең білімінің арқасында Сұлтан Хусейн атты билеушінің тұсында бас уәзір қызметіне дейін көтеріледі. Ә.Науаи осы қызметте болғанда, Герат қаласында кітапханалар, мешіттер мен медреселер, шипагерлік орталықтар және сол сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандар көптеп бой көтерген екен. Белгілі ирантанушы ғалым Е.Э.Бертельс: «Ақсақ Темірге қараған өлке мәдениетінің өрге басуына тікелей басшылық еткен Науаи өз тілін, мейлі жүз құбылған күрделі метафора болсын немесе нақтылы ғылыми еңбек болсын, әдебиеттің күрделі талабына төтеп бере алатынына жұртшылықтың көзін жеткізуді мұрат тұтты», – деп жазады. Сол тұрғыдан келгенде, Науаи ақын өлең құрылысы, аруз уәзін туралы «Мезонул-авзон» деп аталатын әдеби-теориялық мәні зор еңбегін жазды. Бұдан кейін ақын дидактикалық-философиялық бағыттағы «Құстар тілі», «Көңілдердің сүйгені», «Пайғамбарлар мен әкімдердің тарихы», «Мұсылмандардың нұры» сияқты т.б., ғажайып туындыларын дүниеге әкелді. Жалпы, Әлішер Науаиды әлемге мәшһүр еткен кітабы «Хазоинул маони (Ойлар қазынасы) атты өлеңдер жинағы». Соған қоса, ең үздік шығармалары бес дастаннан тұратын атақты «Хамсасы» («Бестік») екені мәлім. Бұл шығармалар ғасырлар өткен сайын ешқашан мәнін жоймайтын құнды еңбектер болып саналады.
Ә.Науаидың шығармалары қазақ тілінде тұңғыш рет 1948 жылы «Таңдамалы шығармалар» деген атпен Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен  басылып шықты (көлемі 220 бет). Сол алғысөзде М.Әуезов: «Ғиратта ХҮ ғасырдың орта кезі білім-өнердің бірталай өрістеген дәуірі еді. Иран, араб-парсы әдебиетінің мәдени әсерін ала отырып, Лутфи, Атаи, Сакаки сияқты ақындар бастаған өзбек тілінің көркем поэзиясы өркендеді. Сол ХҮ ғасырдың 70-жылдарында Ә.Науаи де жарқырай көрінді». Академик жазушының осы пікірін ескерсек, бұл тұста жалғыз өзбек әдебиеті емес, күллі түркі жұртының классикалық әдебиетінің өркендегеніне көз жеткіземіз. ХХ ғасырдың 1965 жылы атақты шайырдың «Ғазалдар» кітабы жарық көрді. Ал, 2008 жылы шыққан «Ескендір қорғанына» (көлемі 404 бет)  алғысөзін академик Р.Бердібаев жазса, ақын Н.Айтұлы аударған осы аттас дастанмен бірге Қалижан Бекхожин тәржімалаған ғазалдары енген. Әлішердің өлеңдерін әр жылдарда Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин, Ө.Тұрманжанов, Қ.Көпішев, Қ.Шаңғытбаев, Ж.Сыздықов, Ғ.Қайырбеков, С.Жиенбаев, Қ.Мырзалиев, Қ.Жұмағалиев, т.б. ақындар қазақ тіліне аударған.
ХХ ғасырдың 1950 жылы өзбек жазушысы М.Айбектің «Науаи» романының қазақша аудар-масына жазған алғысөзінде академик М.Әуезов: «Науаидың ғұламалығы, жеке адамға деген мейір-
бандығы, адамды қоғам деңгейге дейін көтеру-дегі еңбек пен еңбек тәрбиесін, тәрбиенің адам-
гершілік, ақыл-ой, саяси бағдарламасын қоғам өмірімен байланыстыра білуі, адам өмірі еңбекке негізделуі қажет деген Науаидың үлкен өсиеті», –деген еді. Шындығында, Ә.Науаи шығармашылығы сан-салалы, жүйелі тараулардан бағыт алатын Шығыстың рухани ілімінің аса көрінісі.
Ғабдирахим әл-Бұлғари Отыз Имани – ХҮІІІ ғасырдың (1754-1834) жылдары өмір сүрген түркілерге ортақ татар халқының ұлы ақыны, филолог-педагог, дін қайраткері. Отыз Имани Қазан губерниясының Чистопольск ауданында дүниеге келген. Кейбір энциклопедиялық деректерде, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам жерінде туған деп те көрсетіледі. «Уалид Қарғалы» медресесінде білім алған ол, 1788 жылы Бұхараға отбасымен көшіп келеді. «Магок-и-аттар» атты Бұхара мешітінің имамы қызметінде болған. Ауғаныстан мен Орта Азия жерлерінің Самарқанд, Балх, Қабұл, Герат, Қандығар, Насаф қалаларымен қоса, Орта Азияның өзге де жерлерін аралап жүріп, халыққа білім, ғылым таратқан өз дәуірінің ірі діни ағартушысы болған.
Ғабдирахим әл-Бұлғари Отыз Имани – ХҮІІІ ғасырдың 1754 жылы Бұлғар жерінде дүние есігін ашады. Әл-Булғари Отыз Имани жетім болып өседі. Оның әкесі Ғұсман ибн Сэрмек пен анасы Ғафифа қарапайым шаруалар болған екен. Кейін, әкесі өлгесін анасы «Утыз Имян» (Тридцать дубов) аталатын ауылында тұратын өз туыстарына көшіп келеді. Содан ақынның (бүркеншік есімі Бұлғар жерінде осы ауылдың атымен аталып кетеді. Нағашы атасының тәрбиесінде өскен Ғабдирахим әл-Бұлғари Отыз Имани үш жасқа келгенде анасынан айырылып, кедейлік күйін кешіп өседі. Жастайынан әділдік пен шындықтың жақтаушысы бола білген ақын өзінің адамдық болмысын шариғат заңдары арқылы ұстануды дұрыс деп шешіп, ислам қағидаларына сай көзқарастарын қалыптастырады.
Ислам дінін ғылым ретінде қарастырған әл-Булғари Отыз Имани ақын мұсылмандық «фикх» ілімі арқылы көптеген шәкірттерін тәрбиелей отыра, исламға жат өзге діни-философиялық ағымдарға қарсылық білдіріп, «Отыз-Имани доктринасын» жазды. Ол көптеген прозалық және ғылыми шығармаларын араб, түрік және парсы тілдерінде дүниеге әкелді. Отыз Имани – Шығыстың атақты ғұлама ғалымдары мен ойшылдары Руми, әл-Хорасани, Сағди, Хафиз, Софы Аллаяр т.б, әдеби еңбектерін түрік тілдеріне аударған. Соған қоса, ол өз дәуірінің атақты ірі жазушысы болған. Бұл туралы әдебиет зерттеуші, татар ғалымы Ә.М.Шарипов: «Ғабдирахим Отыз Имани татар халқының ұлы ақыны, әрі жазушысы, әділет жақтаушысы және діни қайраткері», – деп жазады. Отыз Имани «Гавариф-әз-заман» (Замана сыйы), «Мөһиммат әз-заман» (Заманның басты мәселелері), «Тәрзинел-әфкяр фи нәсаихел-әхияр» (Таза ойлар арқылы келген рақымды өсиеттер) т.б., атаулы еңбектердің авторы.
Ортағасырлық түркі әдебиетінің поэзиясында «нәзирашылдық», «жәдитшілдік» т.б., түрлі әдеби поэзиялық ағымдары арқылы жоғарыда аталған ақын-шайырлар түгелдей дерлік мәжіліс кештерінде «рубаяттар», «бәйіттер», «ғазал» жанрлары бойынша көркем әдеби мұраларын жазып, халыққа насихаттап отырды. «Бәйіт – екі жолды өлең болса, ал ғазал – 9, 10 бәйіттен тұратын жыр үлгісі. Ол жанр ретінде, Араб поэзиясында ҮІІІ-ІХ ғасырдан бастап қалыптасқан. Ғазалдың шеберлері – Хафиз, Сағди т.б., ақындар», – дейді әдебиетші ғалым Б.Кенжебаев. Демек, «ғазал» жанры сонау ертеден басталған поэзиялық нұсқадағы өлең ырғағы. Төменде, ақын-шайырлардың өз еңбектерінен алынған шығармаларынан үзінділер келтіре отыра, олардың арасындағы рухани-әдеби байланысты типологиялық тұрғыдан салыстырып көрелік. Және де, олардың өмірі мен шығармашылығын жоғарыда қысқаша сөз еттік, ендігі кезекте, кейінгіге қалдырған әдеби жазба мұраларының көркемдік мазмұны мен сюжеттік желісіне, тақырыптық ерекшелігі мен идеясына, кейіпкерлер әлемі мен шығыстық мотивтерінің ұқсастықтарына тоқталып көрелік.
Ортағасырлық түркі әдебиетіндегі шоқтығы биік, даралығы мен дарыны бөлек ақын-шайырлардың ішіндегі оқ бойы озық тұратыны – Атаи ақын. Оның поэзиясы пәлсапаға толы, жасаған жыр үлгілері шебер, мазмұны терең, мұңлы махаббат пен ғадауатқа құрылған. Әсіресе, діни-мұсылмандық көзқарасы шығармаларынан айқын көрінеді:

Сол пендеге қашанда Жаратушым рас алаң,
Шеберлігі оның мысалы жоқтан
барды жасаған.
Миғраж түні хақ Алла ашып оған мың бір кен,
«Қаба қаусайн одағы» бар екенін білдірген.
Пәк дінімнен айырма біткенінше соңғы дем,
Иман белбеу тағайын беліме орап он білем.
«Алла үшін!» деп істелер Атаидың барша ісі,
Пайғамбарым Мұхаммед екі әлемнің жаршысы! – деп, абыз шайыр Жаратушы ұлы Алланың бар екеніне, Мұхаммед ғ.с.у. пайғамбардың үмметті екеніне ислам дінінің таза да, пәк екендігіне шүбәсіз сене келе:

Хақ Алладан бір саған «сүйікті ет»
деп тіледім,
Саған алып ұшады кеудемдегі жүрегім ­­ – деп түйіндей келе, назирашылдық сарынмен былай үн қатады:

Екі гүл бар мен өсірген бақта ана,
Бірі-балдай, екіншісі пәк дара.
немесе:
Бірі оятар шаттық пенен күлкіні,
Ал, бірінің найза сынды кірпігі.
Біреуінің туған айдай қастары,
Екіншісі-ашық түннің аспаны.
Тек…Атаи асырғанмен елден ой,
Бар болғаны қатардағы пенде ғой, – деп ақын өзінің жұмыр басты пенде екенін де мойындайды. Осындай діни-ағартушылық бағыттағы және имандылық тақырыбындағы ғазал жанрындағы жырлар Әлішер Науаи, О.Имани шығармаларында да жиі кездеседі. Бұл дегеніңіз ХҮ ғасырдағы түркілік әдебиетке ортақ ақын-шайырлардың арасындағы бұлжымас дәстүр сабақтастығы екені анық. Тұрлауы көп тіршілік талқысын, ғашықтық пен сүйіспеншіліктің машахатын өз жырына арқау еткен Атаи ақын:

Керек емес сенсіз жан мен тіршілік,
Алла кешірсін, айырылу дерті мен тіршілік.
Жақұт ернің мен тік сымбатың,
Сыйлайды мәңгілік суы мен тіршілік.
Атаи өлді, сізге бақи болсын,
Жаһанда мәңгілік жан мен тіршілік, – дей келе, тіршіліктегі жан мен тәннің өзара үйлесімділігін, бүкіл тіршілік атаулы ұлы Жаратқанның құзырын-да болатынын баян етіп, адамзатты сендіреді.
Немесе ақын:
Ей, ойың мәңгілік сырлас һәм жолдасым менің,
Қайда болса аяғың сонда болар басым менің.
Таппасам қауышуыңды ол Нұх өмірі маған,
Топан суындай басар әлемді көз жасым менің, – дей келе, пенделік көз жасының жер бетін басқан топан судай таситынын, ыза мен ымыраның арасында Нұх пайғамбардың өміріндей күй кешетінін мазасыздана жыр етеді.

Ей Құдай, мейірім жаса ол жан әлемім
көңіліне,
Бір әсер қылар менің зар еңіреуімнің көңіліне.
Қайғы дерт тауында азап тартқаным
Фарһадтай,
Болмады мәлім сол дәмді аузым көңіліне.
Осы ғазалдардың мазмұнына ұқсас шығыстық сарындар Ә.Науаи мен О.Имани ақындардың поэзиясында жиі ұшырасады. Мәселен, шығыстық кез-келген поэма-дастандардағы Фархад, Жүсіп, Мәжнүн бейнесін өз өлеңдеріне арқау еткен парсылық, не түркілік ақын-шайырлардың көбісінің жазу, жырлау әсерлері әртүрлі нұсқада көрінеді. Ол жөнінде ғалым Ө.Күмісбаев: «Фархад образы – оның барлық белгілеріне қарағанда халық өкілі ретінде көрінеді. Ол асқан шебер, қаймықпайтын тәуелсіз, адал және адамгершілігі күшті адам. Оның зор денесі мен адам айтқысыз күші асқан батыр бейнесіне ұқсайды». Яғни, Шығыс поэзиясындағы Фархад, Мәжнүн, Жүсіп бейнелері – асқан батырлықтың, ерлік пен өрліктің, еңбек пен адамгершіліктің, ғашықтық пен махаббаттың жиынтық бейнесі. Бояуы қанық, басы бүтін Фархад, Мәжнүн, Жүсіп бейнелерін ортақ үлгіге кейіпкер ретінде алған түркі классикалық әдебиетінің ақыны Ә.Науаи:

О, достым, сен, сұрап білші,
иесінен дүние бақтың, –
Құр азаптан бар ма басқа,
бір жемісі махаббаттың?
Ей, Науаи! Мүскін едім,
сұрамады-ау халімді тек,
Шерлі Мәжнүн өзін сүйген,
әлі қаңғып жүр ме екен –
деп азапты да, азалы махаббат құрбанына айнал-ғанын айтса, сол ғашықтық пен сұлулық әлемінің мұң-зарын, қайғы-шерін тартқандығы Атаи ақын мен Имани шығармашылығында жиі кездеседі, ал, ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген О.Имани ақын:

Машақаты көп махаббаттың соңы рахат,
Келтірді ар мен жанның сәнін ғафу Рахмат.
Қилы мехнаттың соңында рахаты бар,
Жүсіптей ала алмайды ешкім ғибрат, – деп, дінді адал қабылдап, оны меңгерген Жүсіп пайғамбардың тұлғалық ерекшелігін айта отыра, одан ғибрат, тәлім алудың жолын көрсетсе, аталған адамзаттың оның ішінде, мұсылман әлемінің берекесіне айналып, тірегі болған риясыз таза, көркем де, құнды Ислам дінінің тигізген мол септігін сөз еткен М.Атаи ақын:

Мұратым орындалмасын әсте лайық,
Әр уақыт шықпа маңғаз жүзіңе сайып.
Түспесін Ислам ішінде салтын салып,
Тәу етемін, жүзіңе мың мәрте қайырылып, – десе,
Ә.Науаи болса:
Мен ойладым ғашық дінім,
сарғайдым ғой сансыз ойлап,
Онда сабыр шектен асқан,
шыдамы жоқ мен бір бейбақ.
Құранымды құшамын деп,
үміт еттім арманым зор,
Уа, мұсылман, айтшы кім бар,
мен сияқты арманы мол? – дейді.
Ал, О.Имани ақын болса:

Тамам болды Құдайдың қалауымен,
Бұл қалау Болғаридің қолыменен.
Кемелді болды берген нәрселерден,
Әсәххы болды барлық нұсқалардан.
Жазам деген кісілер жазар мұнан,
Күллі әлем нәр алады асыл ислам діннен.
Мұның қадірін біліп, алып жазалар,
Бітірдім бұл кітапты өзім үшін,
Өзімнен қалған соңғы әулетім үшін.
Тағы да жазар мың мұсылман мұқтаж қылса,
Оқимын иә жазайын деп тілек қылса, – деген жыр жауһарымен Ислам дінінің көркейіп өсуін, мұсылмандық міндеттердің адал жолмен атқарылуын, тақуалық пен тазалық, дегдарлық пен тектіліктің тамаша көріністерін суреттейді, әрі ислам дініне деген шынайы көзқарастарын қалыптастырады. Адами жаратылыстың құндылығы саналатын діни-пәлсапалық тұжырымдар, адамзаттық ақыл-ойдың кемелденуі мен рухани-ағартушылық бағыттың дамуына көп әсер етті. Міне, ХҮ-ХІІІ ғасырлардағы түркі-парсы ақын-шайырларының поэзиясындағы әр алуан бірегей ұқсастық, ішінара үндес сарындастықтары төгіле көрінеді.
Жоғарыда айтылып отырған Қайта өрлеу (Ренессанс) дәуірінің заңғар ақын-шайырлары, түркі классикалық әдебиетінің ірі тұлғалары М.Атаи мен Әлішер Науаилар болып табылса, О.Имани ақын ХҮІІІ ғасырдағы солардың рухани ілім жолын жалғастырған нақ ізбасары, әрі жоқтаушысы, яки, шығыстық сарын бағытында жырлаған бірден-бір ақын болып саналады. Мәселен, Ә.Науаидың «Ескендір қорғаны» атты дастанында:

Қаламмен кім тірілтсе бұрынғыны,
Сырылар кереметтің шымылдығы.
Билепті жер жүзінің дүйім елін,
Төрт әулет тұтқасы боп дүниенің. – деп басталатын дастанында жер бетінің үштен бір бөлігіне әмірін жүргізген Ескендір патшаның бітім-болмысын, оның жүргізген саясатын, ерлік пен батырлығын суреттей келе:

Тағдырдың тартуындай асыл текті,
Ескендір аз уақытта өсіп жеттті.
Тәңірі адамзаттан артық еткен,
Жайылып шартарапқа даңқы кеткен.
Қойды да Ескендір деп оның атын,
Жасады мұрагерлік салтанатын.
Парсылар бұл аңызға қанық еді,
Соларға түп-төркіні анық еді.
Әлемде екі Ескендір болыпты-мыс,
Екеуі толған айдай толыпты-мыс.
Әзелден данышпандар даңқ асырған,
Сөз сөйлеп бұрынғы өткен сан ғасырдан.
Жалғанда Жәми еді абыз ақын,
Бұл жайды айтса майын тамызатын
Тарихтың тереңіне менде үңілдім,
Ескендір құпиясын енді білдім, – деп жырласа, өзімен қатарлас, бірақ, әрі ұстазы, әрі досы саналатын Әбдірахман Жәми ақын «Ескендірдің даналық кітабы» туындысында:

Дүниені жауламаққа Ескендір,
Құпияны білемін деп ескен бір.
Оңай емес жарық жасау далаға,
Тап болады бір ғажайып қалаға.
Қызық екен бұл қаланың тәртібі,
Әкімі де ханы да жоқ артығы.
Еңбек десе сезілмеген тарлығы,
Жер үстінен табылып тұр барлығы – деп толғанады, ал халқымыздың жаңа жазба әдебиетінің негізін салушы, данышпын ақын Абай бабамыздың да шығыстық сарынының сүрлеу жолымен жырлаған «Ескендір-Зұлқарнайын» поэмасында былайша көрінеді:

Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары – оған мекен.
Филип патша баласы, ер көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.
Филип өлді, Ескендір патша болды.
Атағы талай жерге оның жетті,
Жердің жүзін алуға талап етті – дейді.

Бұл арада ақын-шайырлардың атақты патша Ескендір бейнесін жасауда, оның түрлі елдерге жаугершілікпен жасаған жорықтары, ерлік рухтағы іс-әрекеттері, атақ даңқының әлемге таралуын көркемдеп жазуда, өзара мазмұнды сюжеттер арқылы эпостық жыр үлгісінде бір-біріне ұқсап, ал, жырлауда стильдік ерекшеліктері сан алуан шеберлік жыр үлгісінде көрінеді.
Бұл дегеніңіз – шығыстың «нәзирашылдық» дәстүрінің анық бір көрінісі деп толық айта аламыз. 2008 жылы шыққан Ә.Науаи туралы кітапта әдебиет зерттеуші ғалым, академик Р.Бердібай: «Шығыс поэзиясында Ескендір Зұлқарнайынға арналған шығармалар мол. Солардың ішіндегі ең даңқтылары Фердоуси, Низами қаламынан туған. Ә.Науаидың ұстазы, әрі досы Ә.Жәмидің дастаны да кеңінен мәлім. Қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін салған ұлы Абайдың Ескендір тақырыбына баруы да кездейсоқ емес. Бұл бір жағынан шығыстағы Ескендірнаме дәстүрін жалғастыру ниетінен туса, ең негізгі себеп көне дәуір қаһармандарының өміріндегі істерді көрсету арқылы қауымға ғибрат, кеңес айту тілегіне саяды. Қалай болған күнде де Ескендірнаме замандар бойында талай шайырдың жарыса жазған, өздерінің билік, парасат, көркемдік дарын деңгейін сынға салатын тұрақты тақырыптарының біріне айналған» – деп тұжырымдайды. Яғни, шайырдың ғазал жазудағы шығыстық сарыны ұлтымыздың абыз ақыны Абайдың поэзиясында да жалғасын тапқандығын нақтылайды. Сонымен бірге, Ә.Науаи өзінің ғасыр алды өмір сүрген шайыр ұстаздары Жәми, Низамилерге ұқсап жыр үлгісін жасағандығын, солардың ізімен дастандары мен хәмсаларын жазғандығын көрсетеді. Мысалға, ақынның:

Сенің көзің бейне ажал қадалған жан
болады мерт,
Бірақ маған көз салмадың,
жалынсам да мың-сан рет.
Өз көшеңнен қусаң мені,
қайда қашып қаңғырамын,
Жат қораға жасырынып,
бір өзіңді зар қыламын.
Кесе сынса ағар шарап,
ішінде бір тамшы қалмас,
Бейне сондай қан саулайды,
қайғы таспен жарылған бас. – деп, ғашық жарға деген сырлы сезімін ақындықпен жеткізсе, махаббат пен ғашықтықтың арасын, жан жүрегінің жарасын Атаи ақын:

Сенсіз, ей мәңгілік суының ерні нетейін мен?
Өртенді айырылудың отында жан
нетейін мен?
Ей, сүйкімді перісің, неткен ғажап
адамзатсың,
Қай-қайдағы бар жан, көңілді жолдасысың.
Кірпіктеріңнің оғы жаралаған жүрегімді,
Бір қарап-ақ көз ұшымен жазар майысың.
Еһ қайғы, егер өлтірсең Атаиды жазықсыз,
Нетсін, не десін, сүйіктісінің қайғысысың – деген, асқан шайырлық талғаммен асыра жырлайды. Тағы да, академик Р.Бердібаев: «Шайырдың шығармаларынан оның ақыл мен сезім, қайратты қатар ұстаған, өмірдегі ізгілік пен пәктікке, сұлулық пен биіктікке қол созған, харамдық пен надандықтан, зорлық пен қорлықтан түңіле білген, парасатты, сезімтал, зерек адам болғаны елестейді. Науаи ғазалдарындағы басты сарын – адал достық, махаббатты мадақтау, достық, адам өміріндегі мазмұн мен жарастыққа толтыру қажеттігіне үндеу», – деп баға береді. Соған қоса, шайырлардың түрлі тақырыптағы ғазалдары жанрлық ерекшелігі жағынан, әрі тақырыптық аясы жағынан өте кең ауқымда жырланады.

Не ғажап бар мен зар етсем,
пендесі үшін бұл жаһанның?
Қайғысы көп қайғы артынан,
осы күнгі барша жанның.
Деме нәзік, деме қатал, пенде солай,
онда сөз жоқ,
Нәзік болса ол да аз ғой, қатал болса
қаптаған көп.
Бұл фәнидің пендесінен,
қайғы тартар көк күмбезі. – дей жырлай келген шайыр фәни мен бақидың, пенделік пен кенделіктің бір-бірімен астасып жатқандығын даралап түсіндіреді.

Науаи ақын:
Бейне жұлдыз басқандайын,
майысып тұр көктің төсі.
Маңдайына ол ғаламның,
зорлық әрпі сызылмаған,
Мүмкін оның қиял қабы,
қиянатпен бұзылмаған.
Үшпу дүние болса осындай,
ол асыл зат жұпар шашқан,
Бар сұлудан дүниедегі,
жүз мәртәба дидары асқан.
Таңғажайып перизатым,
нұр жүзінде қап-қара мең,
Ақ қағазға жазған хатқа,
қоя қойған ноқатпен тең.
Көзім түсті қолаң шашқа,
аузына нұр төгілген, — десе,

Атаи ақын:
Қан болды көңіл ажырасуы бірлә,
Күйді жаным ынтызарлығы бірлә.
Бұрымың серігі жамал мүлкін,
Алдың көзің келісімі бірлә.
Ғашықтыққа қара басым ағарды,
Бір қарамады көз қарасы бірлә.
Ғашыққа опа жасасаңыз бірақ,
Қайғы-қасіреті жоқ, жарағы бірлә.

Имани ақын:
Не ғажап бар махаббатқа,
болса денем күйретілген.
Ғашық оты тиді басқа, жатыр денем
күл-көмір боп,
Бейне шырақ білтесіндей,
ширатылған қып-қызыл шоқ.
Жардың салған жарасына,
алаулатып таңба соқтым.
Болды шипа сол жарама,
күйдіргені тиген оттың, – деп, өзара бір-бірімен астасып, насихат жасасып, ғашықтық, махаббат ғазалдарын төгілдіре жырлап мұңдасады. Мысалға, тағы да Науаи ақын:

Дидарың мен наз беліңе құмар гүл мен
жас құрма ағаш,
Біреуінің жүрегінде оқ, біреуінің көзі қан-жас.
Сенің аяң бір пейіш қой,
жетпес оған Иран бағы.
Сен желпінсең тәжім етер,
райхан гүлдер ұжмақтағы.
Аузыңа зар, ерніңе зар, нұрды
аңсаған жан жүрегім,
Бірі жұпар, бірі гауһар,
құрбан саған қан жүрегім.
Ашылмаған бір жауқазын,
десең болар бүл жүректі,
Сыртында қан, ішінде дерт,
ол тұңғиық қасіретті.
– десе,

Атаи ақын:
Меңдерің Хотанның хош иісі не жан
нүктесі, бегім,
Иектерің Иран гүлі, не Ризуан бағы, бегім.
Жақұт тамшы шарабыңнан адамзат жан табар,
Айып емес сұрамақ, ол тіршілік суы ма, бегім?
Ел мені бұрымың ілгегімен бір сәт
ғұмыр секілді,
Айырылуың себебінен хәлім мазасыз бегім, – деп, шайырлар қиялындағы ұжмақ пен пейіштің бақтары боп саналатын Иран мен Ризуанның әсемдік келбетін ерекше шабытқа қосып толғанса, төрткүл дүниеге есімі аңызға айналған ұлы ойшылы, шығыстың бір жұлдызы Омар Хаямның ізімен Науаи ақын:

Уа, сахи, шарапты толтыра құй, кепті қаным,
Қаңсыған көкірегім төкті жалын.
Сергиін сәуле жұтып мен-дағы бір,
Жүйкеме жұпар сеуіп болған ығыр.
Кел жыршы, бөле тағы мұңлы әсерге,
Ақырғы айтарымды тыңда сенде.
Тербеші тәтті әуенмен маужыратып,
Тапқандай тыныстайын мәңгі бақыт., — дейді,

Омар Хаям шайыр:
Жақсы дейді біреулер хор мен жұмақ,
Жүзімнің суы тәуір білсең бірақ.
Өз қолыңмен аласың несиеге,
Дабылды естігеннен соның хош–ақ.
Суға толы көзені пақырлар да сімірген,
Шахтың көзі ділінен жасалыпты білем мен.
Кесе толы шарапта армандар бар шайқалған,
Оттай жанып бір кезде еріндер бар сүйілген. – десе,

Атаи ақын:
Шарап іш, құлақ сал игілер көзіндей азат ол,
Ұстама ат, тон үшін бұл тоғыз сарай міндетін.
Пақырлық ішінде патшалар бар әскер
тағымен,
Ұрады жұмақтықтар көкте олардың кезегін.
Ей, кеңпейілділік даулаған барша
атақ-даңқ үшін,
Кел, шарапхана есігінде көргін байқұстар
жігерін. – деп, ыдыс толы шарап ләззаты арқылы рахат дәмін татқандығын, алайда, дүниеуи тіршіліктің жалғандығын, жұмақ пен дозақтың арасындағы шарап ішудің адами болмыстан адастыратын алдамшылық қасиеттерін жария ету арқылы, тура, адамшылыққа алып барар хақиқат жолдарын өздерінше іздестіреді.
Жалпы алғанда, М.Атаи мен Ә.Науаи туынды-ларына қарағанда, Отыз Имани шығармалары бұған дейін қазақ тілінде жарық көрмеген. Оның өлеңдерінің тек қана, орыс, татар тілінде ғана жарияланған нұсқаларын жолықтырдық. Соған орай, Татарстанның Қазан қаласында 1986 жылы түрколог ғалым М.Усмановтың редакциясымен шыққан Ғабдрахим Утыз-Имяни ал-Болғаридың «Шигырьләр поэмалар» атты таңдамалылар жинағынан үзінділерді хал-қадірімізше қазақшаға аударып ұсынуға тырыстық. Өзіміз жасаған қысқаша аудармалар кей тұстардағы қысқартулар арқылы жарияланды.
Түбі бір, түркі жұртының ортақ тұлғасы, ислам дінінің насихатшысы, аңыз тұлғалы ақын Ахмет Иүгінекидің «Аллаға мінәжат» атты өлеңінде:

Ей, Алла! Көп мінәжат етем саған,
Ең әуел рақымың мен аңсаған.
Мақтауға лайықты тіл жете ме,
Төгейін тіл өнерін, жар бер маған.
Ұшқан құс, жүгірген аң — барлығы да,
Паш етер сені «бар» деп жөн бар соған.
Әр істе білемісің, мың дәлел бар,
Табады сол дәлелді ой барлаған.
Бар қылды жаратты да мені жоқтан,
Жоқ етер Алла тағы бар қылмақтан.
Тәуба қыл, шәк келтіріп, желік қумай,
Тұрғанда өзің өлмей оттан сақтан, – деп, ұлы Жаратушыға риясыз тәуба етіп, мінәжат қылуды сырлы сезіммен жеткізсе, ал, әрі сопы, әрі ақын құл Қожа Ахмет Иассауи ақын:

Мінажат еттім, міскін Қожа Ахмет,
Иә, Алла, бар пендеңе қыл рахмет.
Ғарып Ахмет сөзі әр кез көнермес,
Егер жер астына түссе шірімес.
Және мансұқ болып ол қар болмас,
Оқыған пенделер дертті болмас.
Үнемі дұғада болса бар мұсылман,
Өлер кезде беріледі нұр иман.
Менің хикметтерім Алладан пәрман,
Оқып ұққанға бар мағынасы Құран, – деп жырласа, дәл осы шығыстық ойшылдық сарынмен О.Имани ақында «Мінәжат» өлеңінде былай жалғасады:
Сол төрт нәрсені Құдайым,
Жалбарынып сенен сұраймын.
Бірі – жәннат, бірі – құрмет,
Бірі – нығмет, бірі – иман.
Сол төрт нәрсені аңсап:
Бірі – ғылым, бірі – амал,
Бірі – саулық, бірі – аман.
Иллаһым, өтінем сенен.
Айырма бізді Илаһым,
Сол ізгі төрт Кітабыңнан:
Бірі – Інжіл, бірі –Таурат,
Бірі – Забұр, бірі – Құран – дей келе, адамзаттың ізгілік жолына арналып, Алланың құдіретімен көктен түскен қасиетті төрт кітаптың сыр-сипатын айта келе, бүкіл тіршілік атаулының он сегіз мың ғаламның иесі бір Аллаға мінәжат етуін насихаттаған ақын-шайырлар «сопылық» ілімнің шеңберінде бір-бірімен сарындасып, үндесе жыр үлгілерін жасайды.
Ал, енді түркі халықтарының ішіндегі «сопылық-тақуалық» ілім бағытында қалам тербеп, әдеби-танымдық мұралар қалдырған ақын-шайырлар да есеп жоқ. Жалпы, Тұран даласындағы құл Қожа Ахмет Иассауиден бастау алған «сопылық» діни ілімнің әсерімен көптеген ғазалдары мен тракттаттарын дүниеге әкелген ақын-шайырлардың жырлары ұлттық әдебиетімізде көптеп кездеседі. Соған қоса, осы сопылық ілім туралы: «Сопылық – ҮІІІ ғасырлардағы (Араб, Сирия мен Ирак өлкесінің) шығыс халифаттарындағы Ислам дінінің ішіндегі өркен жайған діни-тақуалық ілімі. Осы ілімнің негізінде, араб, парсы, түркі халықтарының мұсылмандыққа діни сенімділігі артып, оның ішінде сопылық ілім бағыты да жетілдірілді»–дейді, орыстың шығыстанушы, әрі арабтанушы ғалым И.М.Фильштинский. Осы тұрғыдан келгенде, парсыда – Хафиз, Фирдоуси, Низамилар болса, түркіде – М.Атаи, Ә.Науаи, О.Имани ақын-шайырлардың мұсылмандық сенім жетегінде ғұмыр кешкенін, сопылық ілімді жетілдіруші ірі тұлғалар екенін, төмендегі жыр жолдарынан көре аламыз:

Жүрер ем бұл жаһанда қылып сайран,
Өмірдің хош ішінде, есен-аман.
Тамағым тоқ, көңілім қайғысы жоқ,
Жаһанда толды досым, дұшпаным жоқ.
Не қарармын есебі өткен күнімнен,
Не қам етермін және мұндай бәлемнен?
Не қасірет барына, бұл хал заманда?
Өмірім бұл – ертелі-кеш аманда.
Қымбатылардың сұхбатында ерте мен кеш,
Бұл заман шуылынан, хасіретім еш.
Саяхаттай сапарым ғұмырға жетті,
Мінезім мұсылманшылыққа бекем етті
– дей келе, ұлы Жаратушы хаққа сенудің түрлі жолдарын баян етіп отырса, әрі қарай Атаи ақын:

Ей, көңіл ұста, сол қырағылар мілләтін,
Көзге ілмейді үрейден Сүлеймен мүлкәтін
Егер аспан айқайыңа жетпесе, Атаи кел тіле,
Хақ тағаладан Мұхаммед Жуки сұлтан дәулетін, – деп,
бір Алладан пайғамбарымыз Мұхаммедтің сахилығын, тақуалық қасиеттері мен бақ-дәулетінің әр пендеге жеткізілуін арман етеді. Ал, парсының ғұлама ойшылы, Хафиз ақын Хақ-тағала құдіретке құлай, барынша жалбарына жылай сенуді:
Дертім болса, пана болшы құдірет,
Алыс кеткен өзіңнен арманым сол құдірет.
Қаражүрек жандардың ниетінен сақташы,
Зұлымдықтан әмәнда аман сақта құдірет.
Саған ғашық жандарға пана болшы құдірет,
Қансорғысы келетін кәпірлер бар қайтейін,
Мұсылмандар өзіңнен қуат алсын құдірет,
Хафиз, сенің күндерің, түндерің де осылай,
Жалын болып, жанам да жас төгемін құдірет – деп, шайырлық ерекше емеурінмен жырласа, сол түрде, сол бағытта Имани ақында былайша сөз болады:

Тарапты нұры хақтың бір тарапқа,
Айды білмес шығарсаңда, нұрлы Хаққа.
Көрініп тұр Құдай ақысы көздерінде,
Қабыл етпес неше оқысаң, шариғат сөздерінде.
Хақтың сұхбаты да анық қатал,
Жолыққанда сәлем де, сұра ма ахуал!
Насихатқа кетерміз екі тарап,
Бүкіл істер шариғатқа хилап.
Мұсылмандық ісін білмей әрқашан,
Онан да мүсәпір жақсы талғасаң.
Көріп-табар ем, досты-жарым,
Қызыға шарладым бүкіл өлкені.
Тәрік, еттім де бұл өлкені,
Жолықтым бір ғажайып дүниеге, – деген ақын, әр пенде өз өмірін сопылықпен, тақуалықпен өткізу қажеттігін айта отырып, ол үшін дүрбелең дүниені кезіп, тәрік етуді мансұқ етеді. Халықты қараңғылықтан жарыққа шығаруды, ілім, ғылым жолын қасиетті Ислам дінінің ізгі әсерлері арқылы іздеуді мұрат еткен әрі ағартушы, әрі ақын Имани тағы да:

Сұралады әрбірінен хүкімі ислам, –
Иман, әдеп бастау алар ықыластан.
Жалғасқан ақырына сиқыр дәмі,
Соңында қылу құрмет парызымды.
Жиған дүние-мүлкімен қансын қарны.
Тәберік затты салмай қиынға сен,
Танып алу үшін, пенделікті бойыңа сен.
Қашан келер саған расында сопылығың,
Ерер саған жамандық, күпірлігің.
Бұл жалған істі қой, ей, бауырым,
Өзіңнің айыбыңа жаппа тәуірін, – деп, рухани тазалық пен тақуалық ұғымы сопылық ілімінен бастау алатын қайнар бұлақ екенін көрсетеді. Сонымен бірге, Имани ақынның поэзиялық кітабында қоғам өмірінің әлеуметтік, экономикалық және мәдени көріністеріне қатысты көптеген деректер қамтылған. Мұндай кітаптардың ең таңдаулылары Ислам ғұламалары әл-Бухари, Мүслим, Әбу Дауд, ибн-Мәжаһ, әт-Тирмизи және ән-Нәсаилер, А.Иүгінеки, Қ.Иассауи т.б., құрастырған жинақтар болып табылады. Жалпы, ескі дереккөздердің қатарына Құран аяттары уахи болып түсірілу себептері туралы тақырыптар да жатады. Осы тақырыптарды насихаттау бағытында О.Имани да біраз еңбектенген ақын, әрі ғалым. Мұндағы айрықша өзгешелік – жеңіл баяндалуында, тарихи оқиғалардың рет ретімен сипатталуында және кейбір жайттардың айқынырақ көрсетілуінде болып табылады. Бұрынғы тарихи дереккөздерге және осы заманғы зерттеу материалдарына негізделген осындай өмір тарихтарды жасау үрдісі біздің заманымызда да жалғасын табуда.
Оқырманның назарына ұсынылып отырған татар ғалымдарының ұйымдастыруымен шыққан Габдрахим Утыз-Имяни ал-Булғаридың «Шигырьләр поэмалар» кітабы тарихи нақтылығымен және тақырыпты толық аша білу деңгейімен ерекшеленеді. Бұл кітап – ақын поэзиясының бір сәтте тереңдігімен және жеңілдігімен ғана емес, мүмкін болатын барлық қоспалар мен ойдан шығарулардан таза болуымен ерекшеленеді. Бұдан тыс, бұл кітаптың ерекшелігі – оның кез келген ізденуші мен оқырманға діни тұрғыдан іздеген нәрсесін табуға көмектесе алатындығы, өйткені ол өзінің құрамына көптеген қызықты әрі көпшілікке аса танымал емес поэзиясымен, ислам мәдениетіне қызығушылық танытатын барша оқырманға арналған тамаша сыйлық бола алатындай еңбек екенін айтқымыз келеді.
Түркі халықтарына ортақ ұлы ақын-шайырлар мен араб-парсы ғұламалары мәдениеті арасындағы әдеби байланыс, топтан оза шабатын терең толғаныстарының айрықша келбеттері ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан түркілік идеяның шеңберінде өрлеген рухани бабалар мұрасы атадан балаға берілуі табиғи заңдылық деп білеміз.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Бертельс Е.Э. История персидско-таджиксой литературы. – Москва: Наука. 1960. – с.206
2. Бертельс Е.Э. Избранные труды. – Москва: Наука. 1965.– с.558
3. Пропп В.Я. Поэтика фольклора. – Москва: Лабиринт. 1998. – с.352
4. Жирмунский В.М. Сравнительные литера-туроведение. – Ленинград: Наука. 1979. – с.495
5.Литература Востока в средние века.– Москва: Издательство Московского университета. 1970. – с. 463
6. Брагинский В.И. Проблемы типологии средневековых литератур Востока. – Москва: Наука. 1991.– с.387
7. Гумилев Л.Н. Древные тюрки. – Москва: Наука. 1967.– с.504
8. Әуезов М.О. Әр жылдар ойлары. – Алматы: Ғылым. 1962. – 360 б.
9. Әуезов М.О. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ғылым. 1991. – 240 б.
10.Кенжебаев Б. Жылдар жемісі. – Алматы: Ғылым. 1973. – 288 б.
11.Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. – Алматы: Жазушы. 1986. – 400 б.
12.Қоңыратбаев Ә. Көне мәдениет жазбалары. – Алматы: 1994.– 352 б.
13. Бердібаев Р. Гүлстанның бұлбұлдары. – Алматы: Жазушы. 1970. – 240 б.
14.Сүйінішәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы, –Алматы: Санат. 2006. – 998 б.
15. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. – Алматы: Ана тілі. 1991.–
16. Жолдасбеков М. Асыл арналар. – Алматы: Жазушы. 1986. – 352 б.
17. Қасқабасов С. ХҮ-ХҮІІІ ғасырдағы қазақ әдебиеті. – Алматы: ӘӨИ. 2005. – 64 б.
19. Қыраубаева А. Ғасырлар мұрасы. – Алматы: Ғылым. 1988. – 302 б.
20. Күмісбаев Ө. Иран әдебиетінің тарихы. – Алматы: Қазақ университеті. 2009. – 272 б.
21. Габдрахим Утыз-Имяни ал-Булгари. Шигырьлар поэмалар. – Казань: 1986. – с. 378
22. Науаи Ә. Ғазалдар. – Алматы: Жазушы. 1968. – 41 б.
23. Науаи Ә. Ескендір қорғаны, ғазалдар. – Алматы. Аударма. 2008. – 402 б.
24. Әдеби жәдігерліктер. Т.17. – Алматы. Таймас баспа үйі. 2012. – 412 б.
25. Әдеби жәдігерліктер. Т. 6. – Алматы: Таймас баспа үйі. 2012. – 418 б.
26. Жеменей И. Мұхаммед Хайдар Дулати. Зерде. – Алматы: 2007. – 380 б.
27. Шарипов А.М. Славный сын татарского народа. Журнал «Филес» Казань: 2004 г. с.14-15.
28. Қазақ фольклорының типологиясы. – Алматы: Ғылым. 1981. – 308 б.
29. Қазыналы Оңтүстік. 42-кітап. – Алматы: Нұрлы әлем. 2012. – 365 б.
30. Иассауи Қ.А. Диуани хикмет. – Алматы: Жазушы. 2007. – 312 б

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *