ОРДА ОРДА

ОРДА

30.09.2015 0 3 757

Бегaбaт ҰЗAҚОВ 1973 жылы Қарақалпақстанның Беруни ауданында дүниеге келген. Ташкент мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Шығармалары 1987 жылдан мерзімді басылымдарда жарияланып келеді. Қарақалпақстанда қазақ... ОРДА

Бегaбaт ҰЗAҚОВ

1973 жылы Қарақалпақстанның Беруни ауданында дүниеге келген. Ташкент мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Шығармалары 1987 жылдан мерзімді басылымдарда жарияланып келеді. Қарақалпақстанда қазақ тіліндегі басылымдар: «Достық үні» газетінде, «Өркен» журналында әдебиет және мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеген. Жекелеген шығармалары өзбек, қарақалпақ тіліне аударылып басылған. Қазір еркін шығармашылықта.

Асқақ ─ шағын қаланың орталық даңғылында тұратын Айбар шалдың жетінші ұлы. Кезінде дүрілдеген дүкенші болған Айбар шал дәулеттен кенде емес, алты ұлын үйлі-баранды қылып, әр түрлі қызметке орналастырған. Қара шаңырақта қалар кенжесі Айбарды әйдік қалаға жіберіп, қаржы саласында оқытқан. Теңгенің татын жалап қалған әккі шал баласы ақшаның айналасында жүрсе қор болмайтынын ертерек аңғарған. «Бал ұстағанның бармағын жалайтынын» басқа білмесе де, дүкенші кезінде ұн мен құмшекердің қабын инемен тесіп, мысқалдап дүние жинаған Айбар шал өте жақсы біледі. О бастан бәрін жоспармен жасады. Таныс-білістерді араға салып, оқуды енді ғана бітіріп келген сарыауыз баласын білдей бір банкінің қарыз беретін бөліміне бастық етіп қонжитты. Жап-жас бала қаржының құйтырқылықтарын біле қойсын ба, әкесі басты кеңесшіге айналды. Қарыз алуға келгендердің жұмысын бітірмей созбақтауды әдет қылды. Кімнің есепсіз уақыты бар дейсің? Ығыры шыққан олар шаруасын тындыру үшін мәмілеге келеді. Бұған керегі де сол, берілетін қарыздың кішкене бір пайзын сұрайды. Азғантай алғанымен ақша тиыннан құралады емес пе, күніне он адамды қабылдаса, бірталай дүниелі болады. Әкесінің айтуымен есепшот ашып қомақтылау қаржы сап қойды. Зейнет ақысын немерелерінің оқуына құюға асыққан кемпір-шалдар банкте сабылып жүреді. Зейнетақысы құрғыр да өз уақытында келе қоймайды. Сондай қысылтаяң шақта жұмыс бөлмесінен шығып, таныс кемпір-шалдардың қасына сопаңдап жетіп барады. Тілін безеп, хал-жағдай сұрайды. Олар мұны көргесін жәрдемдесуін өтініп жабыса кетеді. Бұл жолын табуға болатынын айтады. Сосын тасаға барып, өзара келісімге келеді. Тіл табысса, бұл өз есепшотындағы ақшадан айдап жібереді. Кемпір-шалдар зейнетақысын алғанда он пайыз үстемесімен әкеп береді. Қарыз төлеу мерзімі келіп қап, жалақысы кешігіп жатқандардың да осылай қажетін шығарады.
Таныс күшті ме, алде, ақша күшті ме, ол жағы Айбар шалға белгілі, айтеуір, бұл екі жылда банк төрағасының орынбасары, тағы екі жылда төрағаның өзі боп шыға келді. Оған да міне, үш жылдың жүзі болды. Мінез-құлқы өзгеріп кеткен. Баяғыдай тиын-тебен табу үшін сопаңдап кемпір-шалдардың жанына жетіп бармайды. Көрікті жұмыс бөлмесіндегі жұмсақ орынтақта маңғаздана отырады. Шаруасы барлар рұқсат сұрап әрең кіреді. Елгезек әрі қағілез бала ыңырана тіл қататын жуан қарынды жігіт ағасына ─ Асқақ Айбарұлына айналған…
Биыл жердің тоңы еріп, жылы шуақтан жіпсіген бұжыр-бұжыр денелеріне сөл біте өрік гүлдеген шақта әйдік қаладан жеткен жаңалық Айбар шалды әбігерге салды. Атам заманда өліп кеткен кемпірінің сол жақта тұратын інісі бір министрліктің құлағын ұстапты. Заматында түсер пайданың шеті шығып тұрмайтын жерге бас сұғып, шығындануды жек көретіндігінің салдарынан ара ашылып кеткен. Тиын санап айлықтан-айлыққа әрең жететін қайын жұртынан біреу шығып, жұрт сұрар деп ойламаған екен. Кемпірінің осы жалғыз інісі ғылымның соңына шам алып түсті. Әлдебір жоғары оқу орнында сабақ беретін. Құрқылтайдың ұясындай бір бөлмелі пәтеріне бара қалсаң, қара нан мен шай қоюдан басқаға жарамайтын. «Ініңнің үйінен иманды аузым сылп етпей қайтты» — деп, кемпірін талай тұқыртқан. Соның біреуге сөзі өтетіндігіне күмәнданып, балаларын оқытқанда оған қолқа салуды өзіне еп көрмей, басқалар арқылы тірлігін тындырған. Ол ақырғы рет кемпірі өлгенде автобуспен келген. Кетерінде экономикадан докторлық диссертация қорғағанын, әлдебір институтқа директор болып, елдің әлеуетін көтеретін бағдарламалар бойынша жұмыс жасап жатқанын айтқан. Ине жұтқан иттей илмиген қайнысының ұсақ ақшадай тыржым-тыржым жүзіне, жұмыртқадай жып-жылтыр басына қарап мүсіркегендіктен «байғұс-ау, ақылды болсаң әуелі өзіңді жарылқамайсың ба? Ел сенсіз де күнін көреді. Директор адам автобуспен жүре ме?» — деп ойлаған. Бірақ, қашан да ішіндегісін сыртқа шығармайтын қалпымен ізет сақтап, сәттілік тілеген. Сол қайнысы министр бопты. Аты-жөні де қызық өзінің: Шойынқара Қожабердиев. Әдетте министр деген жарықтықтың ныспы сыңғырлап тұрушы еді, мынаны айтайын десең, тіліңді сындырады. Бұрынғылар «бақ пұшықтың мұрнына, таздың басына қонады» деуші еді, атпалдай азаматтарды елемей, бұл пақырға да қонған екен, жалтыраған басына тұрақтай алмай, тайып кетпей тұрғанда бірдеңе қарпып қалу керек. Бірақ қалай?.. Пәленбай жылдан бері ат ізін салмай кеткен кәрі жездесінің тілегін орындар қояр ма екен?
Айбар шал толғанып бір-екі күн жүрді. Ақыры, ұрымтал тұста ұрып жығар әдеті үстем келіп, мүмкіндіктен айырылып қалмауға бекінді. Кемпірінің аруағын алдына тартып барса, бұлтақтай алмас. Баласына билет алдырды да, ұшаққа мініп әйдік қалаға тартты.
Бір жұмадан соң қайтып келді. Қайнысын жаңа қызметімен құттықтап, «мінгізген ат, кигізген шапаным» деп қалтасына ақша сүңгіткен шығар. Ол жағын айтпайды. Қазір ол зәулім сарайда тұрады екен. Өткен-кеткенді қозғап, самардай боп үйінде жатып алғасын бостан-босқа көк тиын шығармайтын жездесінің мінезіне сыралғы қайнысы бұйымтай сұраған болса керек. Ол жағы да қараңғы. Әйтеуір, белгілісі — бұл баласын анау-мынау емес, қалаға әкім етудің жайын сөйлескен.
Айбар шал балдарынан ақша жинап алды. Басы артық екі үйін, жамағайынға жалға беріп қойған базардың жанындағы дәу дүкенін сатты. Әкімдік орынтақтың құны көп ақша болатын көрінеді. Қолда бардың сусып бара жатқанына Айбар шал қынжылмайды, ертең Асқақжаны әкім болса, бәрінің орнын толтырарына сенімді.
– Дарылдап біреуге айтып қойып жүрмеңдер. Қазіргі әкім шалқасынан түскенде бір-ақ білсін. — деп балаларына қайта-қайта тапсырды ол. – Әлдебіреулер қимылдап қалмай тұрғанды жұмысты тындырайық.
– Жиһанға жар салып жындымыз ба? — десті балалар. — Мұндай сырды ешқашан тістен шығаруға болмайтынын түсінеміз ғой!
Бұл жолы Айбар шал үлкен баласының машинасымен кетті. Қыруар ақшаны алып қалған қайнысы «бір-екі ай күте тұрсын, тиісті адамдармен сөйлесіп қойғам, шаруаны бітті деп есептей беріңдер» деген көрінеді. Баяғы солбыраған қайнысының жалаңдап тұрғанына шал әсте таңданбады. Қызмет бабы солай ғой! Үлкен лауазымды кісі алатынын алған соң іс бітпей қайда барады?
Мамыр айының мамыражай күндерінің бірінде Асқақ Айбарұлын облыс әкімдігіне шақырды. Әкім қабылдап, жылы шырай танытты:
– Сіздің жеке ісқағазыңызбен танысып шықтым. Мемлекеттік банкте абыроймен қызмет атқарыпсыз. Еліміздің өсіп-өркендеуі үшін қаржы, экономика саласын жетік меңгерген жас мамандарды билікке тартуымыз қажет. Сіздің біліктілігіңізді ескеріп басшылық қызметке тағайындағалы отырмыз. Самал қаласының әкімі соңғы кезде жұмысты қожыратып жіберді. Соның орнына баруға қалай қарайсыз?
– Сіз лайық көрсеңіз, сеніміңізді ақтауға тырысамын. — деді Асқақ Айбарұлы басын иіп.
– Онда келістік, деп есептеймін. Сәрсенбі күні таңертең аудан әкімдігінде болыңыз. Жеке өзім барып жаңа орныңызға отырғызып кетемін.
Облыс әкімінің созған қолын ерекше ізетпен қысып қоштасқан соң Асқақ Айбарұлы сыртқа шығып, машинасына жақындағанда сырлы жымиып қойды: «Білікті маман… еңбегіңізді ескердік… Сұңқылдауын қарашы! Саясат деген осы екен ғой! Әкем Шойынқара нағашыма барып, мәселені шешіп қайтпағанда берген сәлемімді де алмас едің-ау!»…
Сәрсенбі күні кішігірім жиналыс барысында бұрынғы әкім басқа қызметке ауыстырылды да, Асқақ Айбарұлы қала әкімі боп шыға келді. Жиналыс аяқталғасын облыс әкімі мұны жаңа жұмыс бөлмесіне жеке өзі ертіп әкелді:
– Лауазым құтты болсын! – деді ол. – Мына орынтақ қайырлы боп, бұдан да биік мәртебелерге жету несіп етсін!
– Лебізіңізге рахмет! – деп қыздай сызыла қалды бұл, – Сіздің арқаңызда боп жатыр ғой бәрі! Жақсылығызды өле-өлгенше ұмытпаспын.
Мұндай сөздерді көп естіген болар, облыс әкімі ештеңе демеді.
Асқақ Айбарұлы облыс әкімінің жеке өзі жұмыс бөлмесіне бастап келгенінен әлденені ұққандай болды. Әкесі «ретін тауып, облыс әкімін риза етіп жібер, нағашым бер деп қоқаңдай көрме, тікелей үстіңнен қарайтын басшылармен жақсы болсаң, ешқашан опық жемейсің.» деген болатын. Мана әкімнің жүргізушісіне бір дипломат жібертіп үлгерген. Соны жайлап білдірудің реті кеп тұрған сияқты:
– Дастарханымыздан дәм татып кетсеңіз… – деп бастағаннан-ақ облыс әкімі сөзін бөліп жіберді:
– Оған уақыт қайда? Көрші ауданға жаңа мектептің ашылу рәсіміне бара жатырмын.
– Бір аяқ ас беріп, ризашылғымды білдіре алмағаныма өкініштімін. Уақытыңыздың тапшы екенін түсінем, – деді мұңайған сыңай танытып. Сосын біреу естіп қоятындай сыбырлады: – Жүргізушіңізге бір дипломат жіберген ем, берген шай-суымыз ретінде қабылдауыңызды өтінем.
Облыс әкімі мұны министр нағашысына сеніп, жоралғы жасамайтын шығар, деп ойлаған болу керек, дипломатты естігенде өңі жылып сала берді.
– Бекер әуре бопсыздар ғой! Біздің ешкімнен дәмеміз жоқ. Елге кішене көмегіміз тисе, қуанамыз, – деді де, Асқақ Айбарұлының арқасынан қақты, –Түсінісіп істейміз, деп ойлаймын. Жұмысың жемісті болсын!
Асқақ Айбарұлы облыс әкімін машинасына дейін шығарып салды. Аудан әкімі ығай-сығайларымен машина жанында тұрған екен. Қара түсті джип орнынан қозғалып, көрінбей кеткенше бәрі сол жерде тұрды. Бұл жаңа қызметпен жамырай құттықтап жатқандарға алғысын білдіріп, жұмыс барысында танысып, жақсы араласатын аудан әкімін бір шетке шығарды:
– Басеке, қол астыңызға келдік енді. Сізден үйренеріміз көп. Жұмыс бастамай тұрып, дастархан үстінде ақыл-кеңесіңізді алсақ…
– Сен онда үйіңе бара бер, – деді аудан әкімі. – Бүгінгі жұмыстарды реттестіріп алайын, екі сағаттан соң баруға әрекет жасаймын…

* * *

Асқақ Айбарұлы әкім болған күнінің ертесіне таңмен таласа тұрды. Кеше аудан әкімімімен болған сұхбат қиялынан кетер емес. Ол қонақасы үстінде жұмысының бұл білмейтін қырларынан хабардар етті. Әсіресе, қаладағы мекеме басшыларын жайын ерінбей тәптіштеп түсіндірді. Оның сөздерінен кімдерді орнынан қозғауға болатын-болмайтынын ұқты. Сосын әңгіме ауаны қала бюджетіне бөлінген қаржылар мен тендерге ауысты. Қаладағы жер мәселесі де сөз болды. Бірден пайда жағын ойлайтын банкир емес пе, келісіп істесе, тасы өрге домаларына көзі жетті. Аудан әкімінің ертелеу кеткені жақсы болды. Әйтпесе, қазір басы мең-зең боп тұрар еді. Салқын суға жуынып алғасын, таңғы ас ішкен болды. Бірақ, ас батпады. Жаңа қызметке масайып, көңілі тойып қалған екен.
Ол екі қабатты ғимараттың қасына кеп машинасынан түскен кезде жұмыс басталуына әлі бір сағаттай уақыт бар еді. Ғимараттың алдындағы алаңдағы сан алуан гүлдер жеңіл самалға тербеліп, мұны құттықтап жатқандай. Көңілі көтерілді. Еңкейіп, райхангүлдің бір сабағын үзіп алды да, құшырлана иіскеп, ғимарат ішіне кірді.
– Ассалаумағалейкүм! – деді отыз жастар шамасындағы балуан денелі қарауыл жігіт, – Жаңа лауазым құтты болсын!
– Рахмет.
– Сізге жұмыз бөлмеңізді ашып берейін, – деп қарауыл жігіт мұның алдына түсті.
Сәлден соң ол екінші қабатқа көтерілді. Қарауыл жігіт әуелі хатшы қыз отыратын қабылдаухананың, сосын мұның жұмыс бөлмесін ашып беріп, төменге кетті.
Жұмсақ орынтаққа жайланып отырып алған соң Асқақ Айбарұлы жұмыс бөлмесіне көз тастады: Кеше облыс әкімі жанында тұрғанда байқамапты, аумағы ат шаптырым екен ғой! Ішінде кілең Итальяндық жиһаздар… Мәссаған! Бұрынғы жұмыс бөлмесі кедейдің лашығындай екен-ау! Енді аудандық банк төрағасы мен қала әкімінің деңгейі салыстыруға келмейді ғой, жұмыс бөлмелерінде айырмашылық болмағанда қайтсін?! Әкімдік деген биліктің бір ордасы ғой. Орданың үлкен-кішісі болмайды. Белгілі бір аумақты осы ордада тұрып басқарғаннан кейін әкімнің анау-мынау ханнан несі кем?
Ол бағана кіреберісте құрдай жорғалаған қарауылды көріп, осы ғимараттың қожасы өзі екенін сезінген сәтте-ақ, тылсым қүдіреттің әсерінен қоқилана түсіп, кеудесін кере жоғарғы қабатқа көтерілген. Қазір орынтақты олай-былай бұрып, ойнап отыр. Ара-тұра терезеден сыртқа көз тастап қояды. Төменде әлдеқайда асыққан адамдар, машиналар легі қыбырлаған құмырсқалардан аумайды. Бұл үнсіз бақылап олардың бәрінен биікте отыр. Егер қолына бірдеңе алып, терезеден лақтырып жіберсе, ана құмырсқалардың барлығы мыжылып қалатын тәрізді. Ол қолына күлсалғышты ұстап алғанын байқамады. Лақтырғысы келді. Бірақ, лезде ойынан айнып қалды. Өзінің төбеден бақылап отыруға ғана жарайтынын ойлады. Құмырсқалар мыжылып қалса, еңбекті кім істейді? Олар еңбек етпесе, бақылаушы аш қалады ғой!…
Есіктің тықылдысы ойын бөліп жіберді. Қиялай ашылған есіктен бір қыздың басы көрінді:
– Кіруге бола ма?
– Кір, – деді әдемі қиялының бөлінгеніне ренжігендіктен дүңк еткізіп.
Есік білінер-білінбес нәзік бір қимылмен ашылып, ұзын бойлы, аққұба өңді қыз ертегіден шығып келе жатқан періштедей күлімсіреп кіріп келді. Тал бойынан жұпар аңқиды.
– Сәлеметсіз бе? – деді де мұның жауабын күтпей быдырлай жөнелді.- Хатшымын. Есімім – Айгүл. Кеше үлкен кісілер келгенде ешкім болмасын, деген бұйрық түскен соң сіздер келгенде ішкі саясат бөлімінде отырған едім.
– Мен, Асқақ Айбарұлымын, – деді кеше бұл қызды көрмегенін есіне алып. – Жұмыс орныңа бара бер. Жұмысқа қызметкерлер келген соң алдыма жеке-жек кіргіз.
– Мақұл, – деп хатшы қыз бұған бір қарады да, кері бұрылды.
«Әдемі қыз екен. Мүсінінде бір мін жоқ. Періштенің нақ өзі. Жоқ, бұл жерде періште неғылсын? Көзі суық екен. Пері болар», деп ойлады.
Күні бой қағаздарды тінткілеп жұмыс бөлмесінен шықпады. Әкімшілік қызметкерлері өз бөлімдеріндегі жұмыстың есебін берген болып, жеке-жеке кіріп құдайдың көп қағазын тастап кетті. Бәрінің арасында бір-бір конверт бар екен. Жұмыстан кетіп қалмаудың амалын жасап істеген қам-қарекеттері болар. Кетерінде қағаздарымен қоса папкасына тықты.
– Жұмыс күнің қалай өтті, балам? – деді кеште әкесі есік алдынан күтіп алып.
– Жақсы… – деп жауап берді түстік тамақты ішуді де ұмытып, жұмыс істегендіктен шаршағандығын білдіргісі келмей.
Үйге кірген соң конверттерді папкасынан алып, әкесіне берді.
Айбар шал шыққан шығыны қайтып келе бастағанына қуанып кетті…
Жұмыстың екінші күнінде бірен-сараң таныстар кіріп, құттықтап кеткені болмаса, қалтаға түскен ештеңе болмады. Жұрт әкім болдың екен, деп төбеңнен алтын шашпайды екен. Оның үстіне жұма болғандықтан шағымданушыларды қабылдап әбден мезі болды. Біреу үш жылдан бері үйіргелік жер телімін ала алмай жүргенін айтып ызыңдайды, біреу соқталдай төрт балам жұмыссыз отыр деп жылайды, біреу нанның бағасы көтеріліп кеткенін айтып зарласа, мыжырайған бір кемпір базардан пісте сатуға бір метр жер әпер деп дүрсе қоя берді. Жолдың жыры, свет, газ, су мәселесі… Келгеннің бәрі «Бер! Бер!», деп тұрған бәле, «Берем» дейтін біреуі жоқ. Сөзбұйдаға салып шығарып салмасаң, мұндай бәлеқорларға қатты сөйлеуге де қорқасың. Жұрттың талабы күшейіп кеткен. Барлық арманының жедел орындалғанын қалайды, жаннатта өмір сүргісі келеді. Алла тағала да әлемді алты күнде жаратқан. Сабыр қылса, жайымен болады ғой бәрі де. Бұл Харун ар-Рашид пе екен, табан астында жарылқай салатын, әлде сиқырлы шырағы бар Аладдин бе, таңғажайып жасай салатын?! Түсіну керек қой!..
Жұмыс күнін әрең аяқтап, үйіне қалжырап жетті. «Бірдеңе әкеледі-ау!» деп жалақтап алдынан шыққан әкесін көргенде кірерге тесік таппады…
Бүгін – дүйсенбі. Асқақ Айбарұлы демалыста жақсылап тыныққандықтан болар, соны серпінмен жұмысқа құлшына кірісіп, алдында үйіліп тұрған қағаздарды оқи бастады. Қаладағы мекемелердің, базарлардың, мектептердің, қысқасы, төрт адамның басы біріккен ұжым болса, бәрінің жай-күйі жайлы ақпаратқа шұқшиды.
Өмір ағысы өз арнасына түскен сынды тосын мінез байқатпайды. Мұның әкім болғанымен ешкімнің шаруасы да болмай қалды. Құттықтаушылар да сап тиылды.
Ол аппақ қағазға үңіліп шаршады білем, әріптерді, сандарды шатастыра бастады. Қағаздарды ысырып тастай салды да, қызметтік телефонды ұстауға да ерініп, айқай салды:
– Шай! Ащы қып демдеп шай әкел!
Көп өтпей хатшы қыз буы бұрқырап тұрған шайды алдына әкеп қойды да, үнсіз шығып кетті. Ыстық шайдан сораптап отырып терезеге көз тастады: Сол баяғы сабылысқан адамдар, ығы–жығы машиналар…«Тағы да сол құжынаған құмырсқалар, — деп ойлады. Жемтік табуға асығып бара жатқан болар. Дүние деген ылғи арпалыс, жанталастан тұрады. Тіпті осы кіп-кішкентай құмырсқалар да тыраштанбаса, олжасынан қағылады. Негізі, дүниедегі ең еңбекқор жәндік – құмырсқа. Өз салмағынан ауырды сүйрей жөнеледі. Тапқанын ерінбей таси береді, таси береді. Бәлкім, жаратылыстың тепе-теңдігін өз еңбекқорлығының арқасында сақтап тұрған құмырсқалар шығар?».
Шай мұны сергіте алмады. Ауыр ойлардың құрсауына түсіп, басы мең-зең боп кетті. Жандүниесінде ауытқулар орын алып жатыр. Әлденені тауып, әлденені жоғалтып жатқандай. Жоғалтқаны маңызды ма, тапқаны маңызды ма, әзірге беймағұлым. Жан мен тән үйлесімді етіп жаратылған емес пе, мұның ішкі әлеміндегі өзгерістер сыртына да әсер етіп жатқандай тұла бойы сырқырап кетті.
«Жоқ, құмырсқалар жаратылыстың тепе-теңдігін сақтай алмайды. Олар қара жұмысқа ғана бейімделген. Тапқаны ұстағанның аузында, тістегеннің қолында кетеді. Тепе-теңдікті сақтайтындар – құмырсқалардың жемтігін тартып алатындар. Егер сол тартып алатындар болмаса, құмырсқалардың жинағаны үйіліп тауға айналады. Бұл – қауіпті. Құмырсқалар өздерін таудың қожасы ретінде сезінсе, баршаны шағып бітіреді…
Міне, мен әкім болдым. Анау-мынаудың түсіне де кірмеген құзыретке иемін. Өзіме тиесілі аймақтың тепе-теңдігін сақтау менің еншіме тиген. Жоғарыда мені де құмырсқа құрлы көрмейтіндер бар. Солардың аранына жұтылып кетпеуім үшін не істеуім керек? Әрине төмендегі құмырсқалардың жиғанын жәукемдеуге тиіспін! Сонда ғана орнымды сақтай алам. Бәлкім, көтеріліп те кетермін.» Ол мың жылдық жұмбақтың шешімін тапқандай қуанып, кесе түбінде қалған шайдың соңғы тамшыларын жұтты.
Кенет көзі қабырғадағы айнаға түсіп кетті: Жұмсақ орынтақта бір мақұлық шай ішіп отыр екен. Жазбай таныды: Балалық шағында оқыған ертегі кітаптарында бейнеленген аждаһаның дәл өзі! Қорыққанынан шыңғырып жіберді. Қолындағы кесе еденге түсіп, быт-шыт болды. Орынтақтан қарғып тұрып үсті-басына назар салды. Киімдерінің орнын бұжыр-бұжыр тері иелеген. Аяқ-қолының тырнақтары сорайып тұр. Денесі бұрынғыдай тіктелмейді, сәл еңкіш тартқан. Мына сықпытын анықтап көргісі кеп айнаға қайта қарады. Басы сүйірлене түскен, азу тістері ақсиып тұр. Жарты құлаш құйрығы да бар. Бүкіл денесі аждаһаныкі болғанмен санасы өзінікі сияқты. Кәдімгі адамша ойланып тұрғанына таң қалды. Сөйлеу қабілеті жоғалмады ма екен? Тексеріп көргісі келді:
– Әй, кім бар? – деп дауыстады. Дауысы өзінікі, ап-анық естіді.
Есік ашылып, хатшы қыз кіріп келді. Құбыжыққа айналған түрін көріп, хатшы қыз талып қалар, деп ойлады. Бірақ, ол мұны көріп сескенген жоқ. Бұған жалт етіп, бір қарады да, әлденені деп күбірледі. Сосын оның тұрған жері тұманданып, өзі көрінбей қалды. Бір кезде кіп-кішкене аждаһаға айналып шыға келді де адамша тіл қатты:
– Не дейсіз, қожайын?
– Не боп жатыр? Түсінбедім. Мен кіммін? Сен кімсің?
– Алаңдамаңыз, – Асқақ Айбарұлы. Бәрі табиғи түрде боп жатыр. Жаратылыстың заңы солай. Мен хатшыңыз Айгүлмін ғой!
Түк те түсінген жоқ. Мынау не деп кетті? Сұраулы жұзбен кішкентай аждаһаға қарады:
– Сонда қалай?
Кішкентай аждаһа мұны ынтықтыра түскісі келгендей біраз ойланып тұрды да, мың жыл өмір сүрген абызша ақылгөйсіп жауап берді:
– Сіз мұнда келгелі бірінші рет бүгін шай іштіңіз. Өзіңіздің қожайын екеніңізді сезініп, өктем үн қатып, шай әкелуді бұйырдыңыз. Мен әкеліп бердім.
– Сонда сен мені шаймен уладың ба?
– Жоқ. Әдетте бұл орынтақта отырғандар ісі оңға баспай, жүйкесіне салмақ түскен кезде сергіп қалу үшін шай ішеді. Миы тынығып, шай арқылы бойына бұла күш бітіп, болашақты жоспарлайды. Сіз алғаш рет шай емес, биліктің дәмін таттыңыз.
– Ал, мына түрім не?
– Негізі, шайда да тұрған ештеңе жоқ. Басты мәселе – сіз бен біз отырған мына ордада. Бұл ордаға ерекше қабілетті адамдар иелік етеді. Әлемді ұлы күш билейді. Мына ордаға иелік еткендер күшті болу үшін мол қаржы жинауы тиіс. Күштің ара салмағын байлық белгілейді. Сол байлықты жинау үшін қожайындар Жұһаға айналады. Жұһа – аждаһаның өте мешкей түрі.
– Жұһаға айналмайтындар да бола ма?
– Әрине. Орынтаққа адал жолмен келген ізгі ниетті адамдар жұһаға айналмайды. Жалпы, билік – ақ күштер мен қара күштердің тайталасына құрылған. Кейде онысы, кейде мұнысы үстем шығып жатады.
– Сен мұның бәрін қайдан білесің?
– Бұл жерде бес жылдан бері істеймін. Хатшылық болмашы ғана қызмет болғанымен көп сырдың күәсі боласың. Біздің міндетіміз – бұл жердегі сырды көшеге шығармай, кез келген қожайынға адал қызмет ету. Бұл орда биліктің маңызды бір бөлшегі болғандықтан былай қарағанда болмашы қызметтің өзі жоқ. Мұндағылардың көбі әлдеқашан жұһаға айналып үлгерген. Тек деңгейі әр түрлі: Бірі – үлкендеу жұһа, бірі – кішкенелеу жұһа.
– Бұл жерде жұһа емес адам да бар ма?
– Бар. Ішкі саясат бөлімінің бастығы Асылзат Әділетқызы деген былық-шылықтан бойын аулақ ұстайды. Сондықтан бірнеше жылдан бері қызметі жоғарыламаған. Нәзік мәселелер талқыланған кезде оны жолатпауға тырысамыз. Ана жолы үлкен кісілер сізді жаңа орныңызға отырғызуға келгенде қыруар қағазды алдына үйіп тастап, әлдебір іс-шаралар өткізуге дайындалуы керек екенін айтып, бақылауда ұстап отырғам. Әйтпесе, көрінген басшыға шағымдана кетеді. Мұндағы кемшіліктерді жіпке тізіп, арыз жазуға да шебер.
– Ал, мен өз кейпіме ене алам ба?
– Әрине. — ол бір дана тиын ақша берді. — Мынаны аузыңызға салыңыз.
Тиынды дереу аузына тықты. Айналасын қою тұман қаптап кетті. Көзін жұмды. Буындары босап бара жатқанын сезді. Лезде жайбарақат күйге енді. Көзін ашып, алдында тұрған хатшы қызды көрді. Өзі де бұрынғы қалпында. «Уф-ф» деп орынтаққа отыра кетті. Хатшы қызға да алдындағы орындыққа отыр, деп ишарат жасады.
– Әне, бұл орданың бар сырынан хабардар болдыңыз, қожайын, – деді үнсіздікті бұзып хатшы қыз.
Бұл жағдай осылай жалғаса бере ме? – деп сұрақ берді кейінгі тағдырына қызығып.
– Иә. Жұһа кейпіне енсеңіз, сұсыңызбен қарамағыңыздағы майда жұһаларды үркітіп, көп қаржы әкелуге итермелейсіз. Кеште үйіңізге адам боп қайта бересіз.
– Мына тиынның не қасиеті бар?
– Жұһа – тойымсыз мақұлық. Темір тиынның дәмі таңдайына тиген кезде ғана нәпсі тиылады…
Асқақ Айбарұлы бүгін үйіне көңілдене қайтты. Жолына қарап мөлиіп отырған әкесіне көзін қысып қойды:
– Ертең бәрі жақсы болады!…
Ол сейсенбі күні жұмысқа кештеу келді. Хатшы қызға жымиып «біраздан соң әлгілерді… жиып алдыма кір» деді де, өзінің жұмыс бөлмесіне өтті.
Есік ашылып, топырлай кіріп келген ірілі-ұсақты жұһалар төрдегі орынтақта көзінен жалын шашып, бұлардың бәрін жұтып жіберердей ысылдап отырған дәу жұһаны көргенде бір сескеніп, сапқа тізіле қалды.
– Не бұйырасыз қожайын?
– Әміріңізді орындауға әзірміз…
Дәу жұһаның бұйрығымен ұзын столдың айналасына тізілген орындықтарға отырған майда жұһалар алдарына лақтырылған қағаздарға үңілді.
– Жақсылап көріп, көкейге түйіп алыңдар, мына қағаздарда қаланың бүкіл мекемелері, кәсіпорындары жайлы ақпарат бар. Әркім өз еншісіне тиген жерлерден бірдеңе өндіріп хатшыға әкеп тапсыруға тиіс! Табыстарыңның бес пайызы өздеріңдікі.
– Мақұл, қожайын!
– Сізге қызмет ету біз үшін бақыт!…
Майда жұһалар қағаздарын қолтықтап шығып кетті…
Әр қандай жұмыс бір жүйеге түссе, зымырап кете береді екен. Мол қаржыға қарық болды. Мекемелерден алынатын алым-салық өз жолына, асфальт төсеуге, газ, су құбырларын жүргізуге бөлінген қаржының да елеулі бөлігін қылғытып жіберді. Ұлтарақтай жерді пәлен теңгеге сатуды әдетке айналдырды. Дүкен, дәмхана құрғысы келетіндер ақшаның бетіне қарамай сатып алады. Жұмысқа алу-босату деген тағы бар. Алпыс мың адам жасайтын қаланың алты базарының қожайындарына «қала сыртына көшесіңдер» деп қыйғылықты салсаң, қомақты дүниесін көтеріп жетіп келеді. Мектеп, аурухана құрылысын тендерде ұтып алғысы келетін кәсіпорындар сауын сиырдың нақ өзі. Бұлардан басқа да түсім түсер талай жер бар. Солардың арқасында шыққан шығынын бірнеше есе етіп өтеп алды. Әкесі дән риза. Аудан, облыс әкімдеріне де, министр нағашысына да тапқан табысынан жіберіп тұрады. Жұмыста жұһа, үйінде адам боп, екі өмір сүріп жүргеніне де екі жылға жуықтады. Соңғы айларда жаман аты шығыңқырап кетті. Ана, ішкі саясат бөлімінің бастығы Асылзат Әділетқызы деген басына біткен бәле болды. Жоғарыға арыз жолдаудан жалықпайды. Келген тексерушілердің де тамағы бар емес пе, асатсаң, тыныш кетеді, әйтеуір. Сонда да жаза береді. Ымыраға келер пенде емес. Жұмсақ сөйлесең де, қатты сөйлесең де құлағына қыстырмайды. Ақыры, ығыры шыққасын жұмыс бөлмесіне шақырып, жұһа кейпінде тарпа бас салды. Қорыққаннан есі ауысып қалған байғұс жындыханадан бір-ақ шықты. Одан құтылып, сәл тынышталғандай болып еді, зәбірі өтіп кеткен болу керек, бірнеше мекеменің басшылары да бас көтере бастады. Үйіргелік жер телімін ала алмаған қайдағы біреулер де жазғыш боп алды. Жындыханада жатқан Асылзат Әділетқызы да «жұһа» деп арызды қарша боратып жатқан көрінеді. Оның арызында жазылғандай жұһа екеніне сенбесе де, жебірлігіне бола айтылған болар, деп жұрт шуылдап жүр.
Қала әкімі үшін екі жыл аз мерзім емес екен. Дүйім жұртты дүрліктіргенін білді. Жымқырылған қаржы көп, істелген жөнді жұмыс жоқ. Орынтағының қимылдап қалғаны айдан анық. Бұдан әрі отыра берсе, қалпақтай ұшуы мүмкін. Қызметі жоғарыласа ғана бұл жағдайдан сытылып кете алады.
Ол әрі ойланып, бері ойланып жағдайды әкесіне айтты. Айбар шал сөзге келместен артынып-тартынып министр қайнысы Шойынқара Қожабердиевке тартты.
Бұл әкесінің келуін тағатсыздана күтті. Әкімдікті күткенде мұндай мазасызданбаған еді. Әкім боларына нық сенімді болатын. Қазір былық-шылыққа белшесінен батқандықтан көңілі үрейге толы.
Бір жетіден соң әкесі де жетті-ау!..
– Нағашың істейтін министлікте бөлім бастығы боп істейтін болдың, балам.
Тығырықтан шығарған әкесін елжіреп құшақтай алды…
Асқақ Айбарұлы жұмыс бөлмесіне келіп, қол астындағылармен қоштасты. Әсіресе, аса ризашылықпен хатшы қыз Айгүлдің маңдайынан сүйіп қойды. Сосын сыртқа шығып, әкімдік ғимаратына соңғы рет көз тастады да, машинасын от алдырды…
Оның кеткені лезде қалаға тарады.
– Жұһа аспанға ұшып кетіпті ғой! – десті қызметі жоғарылағанына ишара етіп. Бір бәледен құтылғанына қуанған жұрт еркін тыныстай бастады.
Қала әкімінің орынтағы бірнеше күн бос тұрды.
Елеспесіз біреу әкім бопты деген хабар шықты. Әкімдік ғимараты тыншып қалған. Бұрынғыдай зіркілдеп шығып, кез келген мекемеге жалақтап жетіп келетіндердің қарасы өшкен. Алаң маңындағы көрікті ғимараттардың бірінің маңдайшасына орнатылған сағат тілдері алға жылжып, тіршілік ағысының тоқтап қалмағанынан дерек беріп тұрған сияқты. Ана орданың ішінде жаңадан пайда болған жұһа аузынан алау шашыратып, майда жұһаларды жиып ап дүрбелең салып жатқанынан жұрт әлі бейхабар еді…

ЖЕЛІК

Әдеби журналды басқарудың машақаты көп болады екен. Бұрын мемлекеттік музейдің директор орынбасары ретінде күніне сегіз сағат қалқиып отырғаным үшін жалақы ап жүргендіктен әбден енжар боп кеткен екем. «Дардай жазушысың, ескі-құсқының шаңын жұтып отыра бермей әдеби ортаға аралас» деген қатарластардың қолқасына көніп, баспа директорлығына ауысқан ақын курстасым Рахмет Әлидің орнына редактор болуға келісім бергенім үшін өкініп жүрмін. Бір жылдың ішінде қисық жиденің астында ұйықтап кап, оянған кезінде төрт сөзді ұйқастырып тақпақ шығара бастағандардан, әлдебір оқиғаны оңды-солды шатпақтап «повесть, роман» деп тартпаның үстіне тартып ұратындардан титықтап біттім. Безіп кеткім келеді. Ашу қысқанда әдеп шекарасынан шығып «Адам емес екенсің!» деп айқайласаң, «Е-е, солай болса, солай шығар» деген ой санасында жылт ете қап, түсіністік таныта кешіруі мүмкін, «Ақын емессің, жазушы емессің!» десең, жағаңа жармаса кетуден тайынбайды. Ақындық пен жазушылықтың адамдықтан жоғары болғаны ма, деп басың қатады.
Бүгінгі жұмыс күнім де әдеттегідей жүйкеге салмақ түсірер әңгімемен басталды. Орындыққа енді отыра бергенімде стол үстіндегі телефон безілдеп қоя берді. Үйдікі болса ғой, әлдеқашан үнін өшірер ем, жұмыс орныныкі болған соң амал жоқ, трубканы көтеруге міндеттісің.
– Ал-ло, – дедім самарқау ғана. Тағы қай жындысүрей жазғыш мазамды алар екен, деп жүрегім безілдеп тұр.
– Бұл Зейін Асқар деген редактор бала ма екен? – деген шіңкілдеген шалдың дауысы шықты.
«Қайдағы бала, жасым қырықтан асты» дегім келіп тұрды да, бұрқ ете қалған ашуды ақылға жеңдірдім. Сонда да дауысыма кекесін араластырдым:
– Иә, сол баламын!
– Мен Елеусіз Арқабай деген жазушы ағаңмын. Білетін боларсың?
Тас төбемнен мұздай су құйылғандай болды. Проза бөлімінде бұл жазушының жүз жиырма баспа табаққа жуық бірнеше кітаптан тұратын романының қолжазбасы жатқан болатын. Бөлім меңгерушісі «Ғайыптан тайып түрмеге түсіп кетсем, уақыт өлтіру үшін оқымасам, мына пәлені оқи алар емеспін. Өзіңіз бір қарап көрерсіз» деп мұртынан күлгенде «Мен бұл көкеңнің шатпағымен таныспын. Көлемді сылтаурат, жоспар мәселесін айт, әйтеуір, алдарқатып шығарып сал» дегем. Қайта-қайта кеп бөлім меңгерушісінің ығырын шығарған. Қасарысқан жерінен қан алмағанша тынбайтын неме екен өзі, енді міне, маған тікелей шығып тұр.
– Білеміз ғой… бұйымтайыңызды айтыңыз, – дедім тезірек құтылғым кеп.
– Журналыңа романымды бергеніме екі жылдан асты. Шығатын түрі жоқ қой!
– Енді… журнал жайын өзіңіз білесіз ғой, қолжазба тау боп үйіліп жатыр. Бәрін жариялап үлгере алмаймыз.
– Әй, бала, менің жұрттың бәрімен не шаруам бар? Атақты жазушылардың шығармаларын кезектен тыс жарияласаңдар бір жерлерің кемейіп қала ма, осы? Мен сексен жасыма дейін сексен кітап шығарған адаммын. Менімен иық теңестіре алатын кім бар? Тартпаларыңда жатқан эпопеямда бүкіл бір дәуірді бейнелеп бергем. Шығарма желісіндегі ақбас бүркіттің образы үлкен символдық мәнге ие. Соны ұқпайтын қандай кещесіңдер?
Мына байғұс өзін жүз томға жуық шығарма жазған Бальзак немесе алты күнде бір романды бітіре салатын Сименонмын, деп ойлап тұр-ау! Көкезу Бальзак көкесінің ұяты оянып кетіп, отыз екі кітабынан бас тартқанын, Сименон тәтесінің романдарын хатшы қызға айтып жаздырып қуыңқырап кеткендіктен құбылыс бола алмағанын біле ме екен өзі?
Ақбас бүркіт дейді-ау…
Қазақтың жерін түгел аралап ақбас бүркіт көрсем көзім шықсын! Ондай бүркіт солтүстік Американы мекендейтін сияқты еді. Елеусіз Арқабай шығармасына кейіпкер болайын деп біздің елге ұшып келмеген болар. Американың елтаңбасынан көріп, «Бүркіттің бәрі бір бүркіт емес пе?» деп сүйкей салған шығарсың-ау?!
– Енді ол ғасыр құйындай өтті, кетті. Көзі көрген жұртты қызықтырып жатқаны да шамалы. Бәлкім, романыңызды келер ғасырдағылар тарихи жазба ретінде қабылдап миллиондаған данамен бастырар, – дедім келемеждеп.
– Әй, сен, не деп тұрсың? Жазғаның сіріңкенің қорабының жуандығындай бес-ақ кітап, үлкен жазушылармен қалай-қалай сөйлесесің өзің?
– Қалың кітапты бет қалыңдағанда шығармасақ, әзірге ондай ниетіміз жоқ, – деп телефон тұтқасын қоя салдым.
Үлкен жазушы енді үстімнен кімге шағымданарын Құдай білсін. Ондай адамдар есесін жіберіп қарап жатпайды ғой! Тезірек әрекетке көшіп орнымнан ұшырып жіберсе, алғыс айтар едім, деген ой өтті қиялымнан.
Қызметкерлермен жаңа санының жоспарын ақылдасып боп әлдебір қолжазбаны оқып отырғанымда хатшы қыздың қарсылығына қарамастан есікті жұлқи ашып, түсі оңып кеткен джинси шалбар, кеуде тұсында бүркіттің суреті бар қара футболка киген, шашы сабалақ иттің жүніндей боп кеткен орта бойлы жігіт кірді. «Міне, саған тағы бір бүркіт!» деп қойдым ішімнен.
– Ағай, баса-көктеп кіріп кетті, – деді хатшы қыз есіктен қарап.
– Мейлі, неғыламыз енді? – дедім оны жұбатқансып.
Дудар бас жігіт ұсыныс күтпестен әкесінің үйіне келгендей алдымдағы орындыққа отыра кетті. Түнімен тойғанша сілтеген-ау, деймін, арақтың исі мүңк ете қалды.
– Ал…– дедім дудар бас жігіттен жөн сұрағандай.
– Поэзия бөліміндегілер өлеңдерімді түсінбей жатыр. Ричард Олдингтонның теориясын оқымаған. Фридрих Гёльдерлин, Стивен Крейн, Томас Элиоттың жырларын түсінде де көрмеген. Еркін өлең, ақ өлеңнің исі мұрнына да бармайды, — деп қолын сермелеп, аузынан көбік шаша еліре жөнелді ол.
– Қазақтың бар ақыны қара өлеңге жармасып жатқанда сен ақ өлең жазатын ба едің?- деп сөзін бөлдім.
– Иә. Ақынның рухы қалыпқа түспеуге тиіс. Ақ өлең – еркіндік қой! Шеңберге сыймаған ақынның азат ойын кіл тобырдан құралған қоғам түсіне бермейді, – деп, пъесадан монолог оқитындай орнынан өре түрегеп, ырғақ, ұйқастан жұрдай бірдеңені жаттан шұбырта бастады.
Айдаладағы қараусыз қалған көл сасып жатыр… дей ме-ау… Кішкене құрбақа шіріген қамыс қалдықтарымен қоректеніп алып құрбақаға айналып кетті… дей ме-ау… Құрбақа жұта-жұта көлдің суын тауысып қойды… дей ме ау… Жыланбалықтар сусыз қап өліп кетті… дей ме-ау…
– Әй, бауырым, әлгі атын атаған үлкен кісілерің дәл осындай құрбақа жайлы жаз, деп өсиет қалдырмаған шығар. Мынауыңды қалың қазақтың ортасына барып оқысаң, құрбақаңды өзіңе жұтқызып жібереді ғой! Басқа нәрсе туралы жазғаның жоқ па еді?
– Бар ғой! Шегіртке, құмырсқа, шаян, жыландар жайлы да жазғам. Федерико Лорка екеумізден айтылмаған сөз қалмаған. Жәндіктер – менің басты символдарым. Оқиын ба?
– Ойбай, оқымай-ақ қой, жетеді, – дедім тағы миымды ашытуынан қорқып. Сосын қулыққа көштім. – Біздің санамыз әлі өзің бейнелейтін жәндіктердің санасынан төмен. Сенің өлеңдеріңді түсінуге дайын емеспіз. Кезінде қоғам Артюр Рембоны да түсінбеген. Тіпті, жан досы Поль Верлен көзқарастары бір-біріне сәйкес келмей қызу тартыстың үстінде оны атып қойып, екі жылға қамалып кеткен емес пе?
– Сөйткен, сөйткен, – деп бас шұлғыды ол, – Рембоның символизмін түсінбеген ғой!
– Демек, сен де қоғамның санасы өскенше күте тұруға тиіссің. Бастысы, рухың азат болса, болды емес пе, асыл сөзіңді түсінбейтіндерге қор қылып қайтесің? Жарияланған күннің өзінде әжетханаға апарып артын сыпырып тастайды.
– Ол айтқаның да жөн-ау, ә? – деді аңтарыла қарап. Аңғалдығы басымдау екен пақырдың. Қақпанға түсіргенімді аңғардым.
– Ақ өлеңіңді бұрқырата жазып сандықтың түбіне тастай бер. Бір күні жұрт іздеп оқиды.
– Әй, қайдам, іздей қояр ма екен? Ұлылығымды ел түсінбегесін арақты көп ішем, – деп суық демін алды ол. – Бірақ, «Жауыздық гүлдерін» жазған Шарль Бодлер де елеусіз қалған жоқ. Мен әйтеуір, ондай нашақор емеспін ғой! Мені де іздер.
«Боқшасында боғы жоқ, қызының атын Маржанбике қояды» демекші, дәмесінің зорын-ай! Күлейін бе, жылайын ба?
– Мен болашақтың ақынымын! – деп орнынан тұрды да, біз сияқты пақырмен қоштасуды өзіне еп көрмей, нық қадам тастап есікке беттеді.
Уһ-һ, құтылғаным рас болсын! Не оқып отырғанымды да ұмытып қалдым ғой! Оның қарасы батқан соң хатшы қызға шәй алдырып іштім. Сосын алдымдағы қолжазбаға қайта үңілдім…
Кешке жақын қайтайын деп қабылдауханаға шыға бергенімде бір жас жігіт сап ете қалды.
– Сәлем, ағай, – деді асығыс. – Оқудан енді шығып келе жатыр ем. Әңгімемді көріп бересіз бе?
Демек, бұл жігіттің басқа кезде келуге уақыты жоқ екен ғой! Көңілін қалдырмайын, деп қабылдауханадағы бос орындыққа отыра кеттім. Жігіт компьçтерде терілген екі беттік жазбаны қолыма ұстата салды. Амалсыз оқуға тура келді.
Студент қыз бен жігіт оқудың алғашқы күні-ақ танысып, бірін- бірі ұнатып қалыпты. Сол күні кешке жігіт қызды түнгі клубқа апарып шарап ішкізіп, қайтарда саябақтың ішінде намысына тиіп қойыпты. Ертеңіне жігіт басқа қыздың ізінен кетіп, әлгі қыз еңіреп қала беріпті. Әңгіменің сыйқы осы. Мақала деуге де келмейді екен.
– Інім, жазушы болатын адам бірінші, көркем тілді игеруі тиіс. Екінші, оқиғаны сенімді етіп суреттеуі керек. Үшінші, шығарма арқылы не демекші, идеясы анық болуы шарт.
– Ой, аға, бұл әдебиеттегі телеграф тілі деген әдіспен жазылған ғой. Қазір шұбалған нәрсені ешкім оқымайды. Сондықтан өмір шындығын қысқа да нұсқа етіп суреттегем.
– Сол суреттегеніңді көре алмай тұрмыз ғой! Оқиғаны жәй баяндай салғансың. Сенімсіз. Жігіт екі беттік жазбасын қолымнан жұлып алды да, жүгіре шығып кетті. Орнымнан тұра бергенімде ұялы телефоным «шыр» ете қалды. Тағы бір жазғыш болса өшіре салайын, деп телефонға үңілдім. Менен бұрынғы редактор, курстас ақын досым Рахмет Әли екен. Телефонның тетігін бастым.
– Әй, классик, қайдасың? – деді ол сәлемдескен соң.
– Өзің тастап кеткен орында қоқысқа көміліп отырмын. Биыл газ жоқ боп қалса, қолжазбаларды жағып жылынатын шығармын.
– Әй, саған обал болған екен ғой!, – қарқылдап күлді ол.– Менің жағдайым да сенікінен мәз емес. Әдебиет қоқысханаға айналғаны қашан! Сен ғой, жаман шығарманы баспай құтыласың, мен өйте алмаймын. «Өз есебімнен шығарам» деп ақшасын арқалап кеп тұрған соң баспа деген не болса да он күнде кітабын басып, арқалатып жібереді. Уақыттың өтісімен жақсы шығармалар сараланып қалады ғой.
– Сол кез қашан келеді?
– Кім білсін? – деп әңгіменің ауанын басқа жаққа бұрды. – Біздің сүгіретші көрме өткізіп, кәрі құрлықты шалқасынан түсіріп қайтқан құсайды. Шақырып жатыр. Бір сағаттан соң жұмыс орныңнан әкетем. Ешқайда тапжылмай отыр…
Біздің суретші досымыз – Серік Айдар. Ана жолы «Еуропаның бірнеше мемлекетінде көрме өткізем» деп жүрген. Арманына жеткен екен ғой. Тіршіліктің қарбаласымен хабарласып тұруды да ұмытып кетіппіз. Өзі Рахметке хабарласпағанда жан досымыздың қуанышынан мүлде бейхабар қалады екенбіз.
Қоңырау шалып үйдегілерді ескерткен соң отырып ап, қиял әлеміне сүңгідім. Бүгін мазамды алған жазғыштар жайлы ойлай бастадым. Бұлар неге әлемді жаулап алатындай даурығады? Санасы бұлыңғырланып, сергелдеңге түсіп жүргені бойындағы желіктің әсерінен екенін неге аңғармайды?
Бір кезде Мен де осындай ма ем?
Біз ше?…

* * *

…Жазушы атым шығып кішігірім қалаға аттың қасқасындай танылып үлгергем. Берісі аудандық газетке, әрісі республикалық басылымдарға әңгімелерімді үсті-үстіне жолдап тұрам. Оннан бірі басылып шығады. Жазғандарымның тасқа басылғанын көргенде менен бақытты адам жоқ. Ел бар тірлігін ысырып тастап менің шығармаларымды оқып жатқандай көрінеді. Жазғанның жөні осы екен ғой, деп жұрттан қалмауға тырысам. Тіпті, балалар газетінде бір үлкендеу жазушының көлемді шығармасы бірнеше санда шыққанын көріп, әңгіменің төрт бетін жаза сап, «Жалғасы келесі санда» деп сол газетке айдап кеп жібергенім де бар. Редакциялардан белгілі жазушылардың қолы қойылған хат та келіп тұрады. Хаттарды мектептегі оқушыларға, мұғалімдерге аса бір мақтанышпен көрсетем. Мұғалімдер тақтаға шығарарда «Зейін Асқаров» деп шақырса, кәдімгідей марқайып қап, кеудемді кере шығам. Егерде «Асқаров Зейін», жәй ғана «Асқаров» немесе «Зейін» дей салса, бұртия қалам, жазушының аты-жөнін жөндеп айту керек қой!
Сабақтан үлгерімім өте жақсы. Көрші балалардың көбі орыс болғандықтан шүлдірлеп жүріп орысшаның да түбін түсіретін боп кеткем. Сондықтан қалалық кітапханадағы мен оқымаған кітап аз. Мұхтар Әуезов пен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әлем таныған романдарын, Әбіш Кекілбаевтың күрделі повестерін, Молдахмет Қаназовтың иірімдерге толы астарында атан түйедей салмақты ой жасырынған әңгімелерін жатқа айтып бере алам. Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкеевтерді ғой, су қылып ішіп жібергем. Распутин, Астафьев, Айтматов, Думбадзе, Булгаковтар түгілі Толстой, Достоевский, Чехов, Бальзак, Теодор Драйзер, Уильям Фолкнер, Эрнест Хемингуэй, Франц Кафка, Альбер Камю, Джон Стейнбек, Мигель Астуриас, Кнут Гамсун, Герман Гессе, Габриэль Маркес сияқты әлем әдебиеті алыптарының шығармалары да етене таныс. Тіпті, олардың неше әйелге үйленіп, қанша баласы болғанын, қалай өлгенін де білем. Белинскийден Бахтинге дейінгі сыншылардан да хабардармын. Әлемдік философтардың ой-бақшасына түсіп, жемісінен дәм татқам.
Биыл жоғарғы сыныпта оқып жатқандықтан мектепті бітіргеннен кейін қай оқуға түсерімді білмей әбден басым қатты. Филологияға барсам ба екен?.. Филология демекші… ана бір жылы көшеміздегі қоржын тамда тұратын Бисенбай шалдың баласы Айтбай тырық университет бітіріп келген ғой, костюм-шалбар киіп, мойнына галстук тағып ап, қолына дипломат ұстаған күйі ыздиып әрі өтеді, дейді, ыздиып бері өтеді, дейді. Көше басындағы шынар түбінде әңгіме-дүкен құрып отыратын шалдарға «Есенсіздер ме?» деп басын изеп, жауап күтіп тұрмастан шырт түкіріп, жөнелетін құсайды. Ақыры шыдамаған бір шал «Балам, қай оқуды бітіріп келдің?» деп сұраған ғой, Айтбай тырық жүріп бара жатқан күйі шірене «Филология» деп, көкқұтандай мойны сорайып өте шыққан екен. «Бұрын естімеген екенбіз, соған қарағанда дөкейдің оқуы шығар?», «Өмірі шыр жұқпаған тұқым еді, мына баласының арқасында қоңданатын болған екен», деп қауқылдасып қалған ғой, шалдар. Қырқүйектің бірі күні Айтбай тырық шұбырған бір топ баланың алдында велосипед мініп кетіп бара жатқан екен, дейді. Аң-таң болған шалдардың бірі «Балам, сенің әлгі пилологың не болды?» деген ғой, Айтбай тырық «Филолог деп тіл, әдебиеттен сабақ беретін мұғалімді айтады. Мектепке жұмысқа тұрдым» депті. «Бәсе, әкеңде жоқ арғымақ, шешеңде жоқ арғымақ. Қайдан болсын саған, жал бітіп, жар басынан қарғымақ?» деп шалдар көзінен жас шыққанша күлген екен. Оған барсам елдің мазағына қалармын. Журналистикада шопандардың жүз бас саулықтан неше қозы алғанын жаза беретін аудандық газеттің тілшісі, көршіміз Жұмабай Қозыбаев құсағандар оқитыны белгілі. Жазушылықтың оқуы жоқ көрінеді. Мәскеуде Максим Горький атындағы әдебиет институты болғанымен оған бару қайда? Жазушылар одағының жолдамасымен әр республикадан жылына бір-екі-ақ студент қабылдайды екен. Мен жазушылар одағы дегенді түсімде де көрген емеспін. Мықты жазушылар істейтін жер екенін ғана білем.
Басым тұнып тұрған ақыл, философияға барсам қайтеді, шығарма жазудан шаршағанда Аристотель сияқты сарбиған сақалымды сипалап, жұртқа ақыл беріп отырмаймын ба? Бұл ойға қалай жылдам келген болсам, солай айнып қалдым. Баяғының данышпандарындай ханға кеңес беру қайда, бүгінгінің философтары жоғарғы оқу орындарында сабақ береді ғой! Демек, философ дегеннің филолог Айтбай тырықтан артықшылығы шамалы. Мен иттің басына салып қалғанда жалп еткізіп құлататын жастықтай роман жазам, деп жүрмін. Ойдан-қырдан жиналған ақпақұлақтарға дәріс оқимын, деп мылжыңдап жүргенде өзімнің миым шайқалып құлап қалармын.
Ойлана-ойлана ақыры журналистикаға баратын болдым. Жұмабай Қозыбаев секілді қой-қозы, сиыр-бұзау жайлы мақала жазатындарда не шаруам бар?
Редакциялардың біріне жұмысқа тұрып алсам, басылымның тең жартысына прозамды бермеймін бе?
Мектепті бітірер сәт те келіп жетті. Аттестатты қолға алған кезде өз көзіме өзім сенбей қалдым. «4» деген баға құжынап тұр. Аудандық соттың төрағасының әліпті келтек деп білмейтін шикілсары қызы Ділназ Сабырова, мектеп директорының сабақта есінеп отыратын, үсті басы қожалақ-қожалақ боп жүретін қара қызы Сәлима Төребаева, облыстағы үлкен қызметке көтеріліп кеткен Момын Қажиевтің мектеп есігін есіне түскенде ғана ашатын баласы Еркін Қажиев медаль алып шыға келді. Қарапайым қарауыл шалдың баласы болғаным үшін маған тиесілі алтын медаль солардың бірінің қанжығасында кетті-ау, деймін. Мұндайда кімге шағымданарыңды білмейді екенсің. Сынып жетекшіміз Ғабит Самаловты іздеп ем, шу шығарын біліп әлдеқашан тайып тұрған екен. Аласұрып жүргенімде химиядан сабақ беретін, әділдігі үшін барша сыйлайтын Жолдас Ниязов ағай жолыға кетті.
– Әй, жазушы бала, ашулысың ғой, не болды?
– Ағай, мынаны қараңыз, – деп жыларман боп аттестатты қолына бердім. Аттестатқа көз жүгірткен соң оның өңі қуарып кетті.
– Сен бестен басқа баға алмаушы ең ғой, бұл жерде бір шикілік бар-ау! Анықтап көрейік, бері жүрші.
Ағайға еріп оқытушылар отыратын бөлмеге бардым. Ол бұрыштағы шкафтан біздің сыныптың журналын суырып ап парақтай бастады. Журналды түгел көріп шыққан соң жауып сыртына қарады да, көзі шақшиып кетті.
– Жүр, директорға барайық.
Төрт адым жердегі директордың бөлмесіне жетіп бардық. Бақытжан Төребаев өз бөлмесінде бітірушілер сыйлаған гүлдерді реттестіріп жатқан екен.
– Ұятың бар ма, қандай ұстазсың өзің? Асқаров алатын медалді кімге бердің? – деп шағын денелі Жолдас ағай еңгезердей директордың иегінің астына барып айқай салды.
– Оқушының алдында дөрекілік жасағаныңыз не? Сабырға келіңіз, – деді директор. – Медалді үздік оқығандарға бердік қой! Асқаровтың нашар бағалары бар шығар?
– Мен бестен басқа алып көрмегем! – дедім қалшылдап. – Аттестаттағы баға табелдегі бағаға сәйкес келмейді ғой!
Жолдас ағай қолындағы журналды столға тартып ұрды.
– Кімді ақымақ еткің келеді? Сотталып кеткің кеп жүр ме? Сынып журналын қайтадан жаздырғансың ғой! Қазір маусым айы, оқу өткен жылдың қыркүйегінде басталды. Мына сынып журналы биылғы жылдың ақпанында шыққан. Сонда алты ай бойы сынып журналы болмаған ба? Ол өтірігіңе кім сенеді? Менің бұл сыныпта сабағым бар. Қыркүйектен бастап журналға баға қойғанмын. Журналдағы жазу менікі емес. Жалпы, мына журналды бір адам қайта жазып шыққан.
Оқушының сынып журналын тексеруі әдептілік емес. Өмірімде қарап көрмегем. Ұстаздардың арамдық жасауы – жеті ұйықтасам түсіме кірген емес. Бәсе, оқытушылар бөлмесінде Жолдас ағайдың түрі бұзылып кетіп еді, осы жәйттерді анықтаған екен ғой!
Директор мүйізіне таяқ тиген бұқадай теңселіп барып, орнына сылқ етіп отыра кетті. Анау-мынау емес, қылдай қиянатқа төзе алмай шапшып шыға келетін бірбеткей мұғалім мен жазушы баланың алдында қылмысы ашылып қалғанына үрейленгені көрініп тұр. Жағымпазданбаса, істің насырға шабарын біліп турасына көшті:
– Мәселе былай ғой… Момын Қажиев зіркілдеп қоймаған соң бір ағаттық жібердік. Бұл өмір деген…Кісінің қалағаны бола бермейді екен. Түсіністік танытуларыңызды өтінем. Кешіріңіздер. Зейінжан медалсіз де оқуға түсе алатын бала ғой.
– Мынауың ағаттық емес қылмыс қой! Өз оқушыңа қиянат жасап мансабыңды сақтап қалғанша өлгенің артық емес пе? Жүзің құрысын! – деп стол үстіндегі журналды қолына алды да Жолдас ағай есікке беттеді. Мен де ізінен ердім. Дардай директордың бейшара халін көріп, ашуым тарқап кеткен сияқты.
Былай шыққасын Жолдас ағай ойласқандай маған қарады:
– Мынау бір шұбалатын шаруа болды ғой! Қазір тура сотқа барып арыздансақ, жеңіп шығарымыз анық. Бірақ, сот шешімін шығартып, қайта аттестат алам дегеніңше, оқуға кешігіп кетпес пе екенсің?
– Ағай, медалі құрысын! Соған бола бас ауыртып қайтем? Оқуға кете берейін.
– Көңіліңде реніш қап кететін болды-ау, — деді Жолдас ағай тебіреніп. – Бұл өмірде әлі талай әділетсіздік кезігер. Жүнжімегенің де дұрыс.
Жолдас ағай мектеп ауласынан шығарып салды.
– Айналайын, Зейінжан, алаңдамай оқуға түсуге дайындала бер, – деп құшақтап арқамнан қақты. – Үлкен жазушы болуға тырыс. Сонда осындай әділетсіздіктерді қоғамға паш етесің.
Ағайдың жанарындағы жасты байқап, елжіреп кеттім. Көңілімнің босағанын көрсетпеу үшін тез қоштасып, үйге қарай жүгіре жөнелдім….
Мінездеме, анықтама алу, суретке түсу деген шаруаларға екі–үш күн кетті. Құжаттарымды тап-тұйнақтай етіп дайындаған соң бір сөмкеге кітаптарымды, бір сөмкеге киімдерімді салып, жинап жүрген қаламақымды жолға жұмсармын деп, әкейдің берген ақшасын сөмкенің астарына тіктіріп ап, бас қалаға баратын автобусқа отырдым.
Бір тәуліктен соң өзім әлі көрмеген бірақ, ылғи түсіме кіретін арман қалаға келіп жеттік. Автобустардың арасымен екі сөмкемді әрең көтеріп, мықшыңдап бара жатсам «Әй, абитуриентпісің?» деген дауысты естіп тоқтадым. Өзім сияқты екі сөмке көтерген орта бойлы қара жігіт пен иығына сөмкесін асып, қағазға оралған қабырғаға ілінетін айнаның үлкендігіндей бірдеңені көтеріп алған инеліктей ілмиген, көзәйнекті аққұбаша жігітке көзім түсті.
– Өзіміз де солай ойлаған ек, мынадай ауыр сөмкелерді абитуриенттен басқа кім көтеруші еді? – деді алдымен жеткен аққұбаша жігіт. – біз де оқуға түскелі келе жатырмыз. Менің есімім – Серікболсын. Суретшімін.
– Танысқаныма қуаныштымын, – дедім ізет танытып.
Қара жігіт сөмкелерін жерге қойып, аяғымнан басыма дейін тінте қарап шықты да, маңғаздана қол созды:
– Мен ақын Рахмет Әлиевпін!
Тәкаппарлығы шымбайыма батып кетті. Кіммен сөйлесіп тұрғанын білмейді-ау, байғұс! Пушкин тіріліп бұйра басын кекшитіп жанымнан өтсе де, желпілдей қоймаспын! Менсінбеген сыңай білдіріп көзімнің қиығын салдым да, қолымның ұшын тигіздім:
– Мен жазушы Зейін Асқаровпын!
Ақын күлімдеп сала берді:
– Түрің таныс сияқты, газеттен суретіңді көрген екем ғой!
Бұдан әрі сөзіміз жарасып кетті. Қай жерден екеніміз, қай орнына құжат тапсыратынымыз жайлы сұрастық. Бұл екеуі менен сәл бұрын ғана танысқан танысыпты. Серікболсын осындағы көркемөнер училищесін бітіріп соң ауылында біраз тынығып институтқа түсуге келген бойы екен. Рахмет екеуміз бір жерге барады екенбіз.
– Жігіттер, – деді Серікболсын тілдей қағазға мекенжайын жазып беріп, – Менің пәтерім бар. Бір жалғызбасты кемпірдің үйінде тұрам. Шығармашылық адамдарының бірге болғаны жақсы ғой, құжаттарыңды өткізген соң маған келіңдер.
Менің баратын жерім жоқ. Тәуекел, деп келе бергем. Баспана мәселесінің табан астында шешілгеніне қуанғаным соншалық, сөзге келместен бас шұлғып көне кеттім. Рахметтің жағдайы да менікінен мәз емес пе, әлде шығармашылық адамдарымен бірге болғысы келді ме, ол да келісімін берді.
Не дегенмен осында үш жыл оқыған емес пе, Серікболсын бұл жерді бес саусағындай біледі екен. Бізге журналистика факультетінің қай жерде екенін тәптіштеп түсіндіріп, студенттер қалашығына баратын автобусқа отырғызып жіберді.
Университеттің бас корпусын оңай таптық. Құжатты соның жанындағы корпуста қабылдап жатқан екен. Құжаттарға қоса газет-журналда шыққан шығармаларымызды қиып ап жапсырған альбомды да тапсырдық. Бір жетіден соң шығармашылық конкурс болады екен. Содан өтсек қана емтиханға қатыса алады екенбіз. Бірақ, одан қаймығып тұрған біз жоқ, дәл қазір университеттің студенті атанғандай жымыңдап тұрмыз.
Университеттен шыққан соң желкемізден ауыр жүк түскендей боп зымырадық. Қолымыздағы сөмкелердің ауырлығы білінер емес. Жолай дүкеннен азық-түлік алып автобусқа отырдық. Серікболсын берген мекенжайға жетіп алсақ, бүгінгі шаруаның табысты аяқталғаны.
Жарты сағаттай жүрген соң автобустан түсіп, тоғыз қабатты үйге келдік. Лифт істемей тұр екен. Жетінші қабатқа баспалдақпен әрең шығып қоңырауды бастық. Есікті Серікболсын ашты.
– Келдіңдер ме? – деп ішке бастады ол.
Кіреберіске аяқ киімімізді шешіп, залға өттік.
– Қиялилардың мекеніне қош келдіңдер! – деп қос қолын жайды Серікболсын. – Бұрын кілең суретші тұрушы ек, енді ақын-жазушымыз да бар.
– Ілтипатыңа рахмет, – деп бас иіп күлдік біз.
– Тамақ дайын болам дегенше жуынып-шайынып алыңдар, – деді Серікболсын.
Біз сөмкеміздегі азық-түлікті алып бердік. Серікболсын тоңазытқышқа салып қойды. Рахмет екеуміз кезектесіп ваннаға түскен соң Серікболсынның дайындаған тамағына отырдық.
– Қожайынымыз Нәзира апай мен оқыған училищенің жатақханасында вахтер боп істейді. Бағана жұмысқа кеткен. Ертең келеді. Бүгін өзіміз қожайынбыз.
– Мына көжең дәмді екен, — деді Рахмет.
– Осында келіп үйренген өнеріміз ғой! — деп күлді Серікболсын.
Жолсоқты боп әбден қалжыраған екенбіз. Тамақты ішіп бола сала ұйқыға кеттік.
Ертеңіне Нәзира апаймен танысып, пәтерақы мәселесін келісіп алдық. Жақсы әйел екен, аса көп сұраған жоқ. Тәртіпсіздік жасамасақ, оқуды бітіргенше тұра беруімізге болады екен.
Серікболсын әлдеқайда кетті. Рахмет екеуміз бір-біріміздің жазғандарымызды көрдік.
– Әй, Толстой болуға шамалысып қапсың ғой, – деп күлді Рахмет. – Мынаның бәрін қалай жазып үлгердің?
– Алтыншы сыныптан бергі шатпағым ғой.
Рахметтің тәп-тәуір өлеңдері бар екен. Тілі таза, ұйқастары сыңғырлап тұр. Бірақ, мұндай өлеңдері аз да, үш жолдық, бес жолдық және шұбалған ұйқассыз бірдеңелері көбірек. Соңғыларына түсінбедім. Өлеңге ұқсаңқырамайды.
– Мыналар не?
– Жапонша үш жолдық өлең хокку немесе хайку, бес жолдық өлең танка деп аталады. Ана ұйқасы жоқтары ақ өлең деген нәрсе.
– Сонда бұларды кәдімгідей ұйқаспен жазуға болмай ма?
– Кәдімгідейіңді бар ақын жазып жүр. Біздің поэзияға ерекшелік, жаңалық қажет. Сондықтан әлемдік өлең формаларын пайдаланып жүрмін.
– Солай ма? — дедім. – Реформатор екенсің ғой!
– Неге сенің әңгімелеріңде баяндау, суреттеу көп? Сөйлемдерің күрделі, оқиғалар баяу өрбиді әрі табиғи емес сияқты.
– Модернизм, постмодернизм, сюрреализм деген әдістермен жазылған.
– Ә — ә, – деді ол. – Детектив жазғаныңда оқырманың көп болар еді.
– Детектив – оқиғаны қызықтаудан басқаны білмейтін ойы саяз адамдарға арналған жанр…
Шығармашылық конкурстан аман–есен өттік.
Мен жатып алып Кафқа, Борхес, Камю шығармаларын оқимын. Рахмет те өлең кітаптармен әуре. Бір күні Серікболсын менің әдеби шығарма оқып жатқанымды көріп, басын шайқады.
– Қайдағы бір романды оқып уақытыңды босқа шығын қылғанша, мектеп оқулықтарын қарап шығып, емтиханға дайындалмайсың ба?
– Мен де оқулықтар жоқ. Класста жүргенде оқып бітіргем. Мұнда өзіммен әлем классиктерін әкелгем.
Серікболсын ақыл-есімнің дұрыстығына күмәнданғандай көзәйнегінің үстінен бір түрлі қарады. Сосын Рахметтен сұрады:
– Сен не оқып жатсың?
Рахмет қолындағы құдайы күлшедей кітапшадан өлең оқи кетті:
«Молодые девушки
похожи лицом
на небо,
на ветер,
на облака.
Потом из них получаются
верные жены,
лица которых похожи
на дома,
на мебель,
на хозяйственные сумки.
Но их дочери
вновь похожи лицом
на небо, ветер
и весенние ручейки».
– Бұл Арво Метс деген ақынның верлибрі.
– Әй, Метс оқуға түсіре қоймайтын шығар, емтиханға дайындалмайсың ба?
– Бұл жерге дайын болған соң келгем.
– Әйтеуір бірінші емтиханнан-ақ жалп ете қап жүрмеңдер…
Емтихандардың бәрін сәтті тапсырдық. Оқу басталғанша үйге барып қайтуға уақытымыз жетеді. Бірақ, Рахмет екеуміз осында қалып газет-журналдарға жазғандарымызды береміз, деп шештік. Үйге хат жолдап күздік, қыстың киімдерімізді пошта арқылы жіберуін өтіндік. Оқулықтан бас көтермейтін Серікболсын да оқуға түскен соң елге кетпейтін болды.
Біраз редакцияны шарладық. Кейбір газеттерде шыға бастадық. Серікболсын әлдекімдердің заказы бойынша суретін сызып беріп, ақша тауып жүр.
Оқу да басталды. Жан-жақтан жиналған өңшең жазғыш сабақтан қолы босаса, қызылкеңірдек боп тартысады да жатады. Едәуір танылып қалғаны Рахмет екеуміз болғандықтан өзімізді салмақты ұстап, оқшаулау жүреміз. Көрінгенмен айтысып, аузымызды ауыртқымыз келмейді. Бізге Серікболсын да жетеді. Бара-бара оның сырына қаныға түстік. Ылғи әдемі қыздардың суретін сызады. Кейбіреулерін тіпті жалаңаш қалпында бейнелейді. Оның айтуынша, әлемнің сұлулығы қыздардың бейнесінде екен.
– Сурет дегеннің астарында терең ой жатады, дейтін сияқты еді, – дейді Рахмет.
– Сонда жалаңаш қыздардың бейнесінен қандай өнеге аламыз?
– Табиғи сұлулықтан ләззат аласың.
– Ол енді натурализм ғой, – деймін мен. – Ондай әдіс атам заманда қолданыстан шығып кеткен жоқ па?
– Жалаңаш қыздардың бейнесін ғана жасамаймын ғой, киім кигендері де бар.
– Тұлпарлар, қырандар дегендей… басқа образдарды бейнелесең де болады ғой! – деп қосыла кетеді Рахмет.
– Сендер сурет деген нәрсені мүлде түсінбейсіңдер, – дейді Серікболсын.– Мона Лизаның суретіне қараңдаршы, қандай кемшілігі бар? Суреттің жетістігі де сол кемшілігінде.
– Екеуміз Леонардо да Винчидің картинасына үңіліп кемшілік іздейміз.
– Осы Мона Лиза мен Джоконда бір әйел ме? – деп сыбырлаймын Рахметке.
– Ит біліп пе?
Біздің сыбырымызды естіп қойған Серікболсын кәдімгідей ашуланады.
– Соны да білмей тұрып сурет жайлы пікір айтқыларың келеді. Суреттегі әйел – Ритратто ди Мона Лиза дель Джоконда.
– Е-е, Джоконда деген фамилиясы екен ғой, – деп қылжақтаймыз екеуміз, – Есімі шығар, деп жүрсек.
Біз картинадан кемшілік таба алмағасын Серікболсын кісімсиді:
– Мона Лизаның қасы жоқ. Әне, сол нәрсе жымиысының сырын ашып тұр. Италияда қайтыс болған күйеуінің әлдебір мерекесінен соң жесірінің қасы алып тасталатын болған. Бұл әйелдің басы бостығының белгісі. Жүзінде лып ете қалған қуаныш бар.
– Мона Лиза күйеуінен құтылғанына қуанып тұр ма?
– Онда жақсы әйел емес екен ғой, – деп екеуміз екеуміз жарыса оны тығырыққа тіремекші боламыз.
– Бұл еркіндікті сезінгендіктен рух қатпарынан атылып шыққан бір сәттік қуаныш. Көзіне қарасаңдаршы, мұң тұнып тұр ғой! Қуаныш пен мұңның қатарласа қалқып шығуын бейнелеу Леонардо да Винчидің ғана қолынан келген. Екінші болжам, Мона Лиза – Леонардо да Винчидің өзі. Міне, суретшінің өзіне жақсылап қарап алыңдар. Енді лупа арқылы Мона Лизаны көріңдер.
– Расында да лупаны Мона Лизаның бір бетіне апарсаң, Леонардо да Винчи көрініп тұрғандай болады екен.
– Дұрыс қой, бірақ, сенен басқа Мона Лизаға күні бойы телміріп отыратын адам жоқ шығар. Оның орнына Қыз Жібек, Баян сұлулардың портретін жасасаңшы, – деп мүсіркей қарайды Рахмет.
– Ана жалаңаш қыздарың өте анайы нәрсе емес пе? Сұлулықтың сырлы болғаны жақсы. Леонардо да Винчи де Мона Лизаны киімімен бейнелеген. Қазақ қыздарының әдемілігі де киімнің артында тұрса ынтықтыра түседі, – деп бағыт-бағдар берем мен Серікболсынға. – Еліміздің ғажап табиғатының суретін салсаң да болады. Мен Орал Таңсықбаевтың картиналарын көргем. «Таудағы күз», «Туған өлке», «Өрік гүлдегенде», «Тақиятас», «Ыстықкөл ақшамы» деген пейзаждарындағы мың құбылған бояудан назарыңды ала алмай қаласың.
– Енді, әркімнің өз ұстанған бағыты бар, – деп Серікболсын Мона Лизаның суретін жасайтын сияқты өз білгенінен қалмайды.
Бірінші курсты бітіруге шамаласып қалғанда Рахмет екеуміз фамилиямыздағы жалғауды алып тастап, басылымдарда Рахмет Әли, Зейін Асқар боп шыға бастадық. «Қай бірі есімім, қай бірі тегім екені белгісіз боп қалады» деп шырылдағанына қарамастан Серікболсын Айдарғалиевті «…болсын» мен «…ғалиевтен» арылуға көндірдік. Серік Айдар деген әдемі естіледі ғой! Италиялық ұлы суретшілердің салақұлаш аты-жөнін толық атап жүрген кім бар?
Жазғы демалыста үйге баратын болдық-ау, деп қуанып отырғанымызда Серік жабыса кетті:
– Қайдағы үй? Ел көріңдер, жер көріңдер. Мен сендерді ауылға ап кетем. Бір аптадан соң қайтып, демалыста шығармашылықтың көкесін танытамыз.
– Мынауың да жөн екен, – деді Рахмет. – Оқу-оқу деп жарытып ештеңе жаза алмап ек, басылым біткенді шығармаға көміп тастаймыз.
Бұл ой маған да мақұл түсті.
Серік суреттерін алып, біз газет-журналдарда жарияланған шығармаларымыз сөмкеге сүңгітіп жолға шықтық.
– Айтпақшы, сендерге ауылдағы өзімнің Мона Лизамды көрсетем. Құдайберген деген қойшының қызы Айсұлумен мектепте бірге оқығанбыз. Менің бүкіл шығармашылығымның арқауы соның бейнесі, – деді Серік автобуста арқасында отырған екеумізге бұрыла қарап.
– Әй, мынау сол қыздың да жалаңаш бейнесін салып жүрген болмасын, – деп құлағыма сыбырлады Рахмет.
– Өйтсе суретімен тұмсығына ұрар…
Кешке таман Серіктің ауылына келіп жеттік. Ата-анасы, іні-қарындастары хан келгендей қуана қарсы алды. Досымыз сегіз ағайынды екен. Бәріміз дастархан басына жиылып, қаймақ қатқан қою қара шәйді сіміріп отырмыз. Жолда әбден ашырқап қалғандықтан ба, әлде үнемі шалақұрсақ боп жүргендіктен бе жұмсақ тоқаш, таба наннан бас алар емеспіз. Жаңа ғана сойылған бағлан қозының қуырдағы келген кезде көзіміз жайнап кетті.
– Аға, Тоқтарбай тракторшының үлкен баласы Рахымжан Айсұлуға үйленіп жатыр. Ендігі тойы басталып та кеткен шығар, – деді шетте отырған жеті–сігіз жастағы тақырбас бала.
– Үніңді өшір! – деп шешесі шымшып алды.
– Не? – деп Серік қарғып тұрып есікке ұмтылды.
– Ойбай, қайда барасың? – деді шешесі.
– Ұстаңдар тойды бұзып жүрмесін, – деді әкесі.
Өре тұрып қуа жөнелдік. Серік музыка шығып жатқан жаққа қарай зымырап барады. Жеткізер емес. Інілері кейініректе қап кетті. Рахмет екуміз ізінен ырсылдай жүгіріп келеміз.
– Қуыр… дақ қап кетті-ау, – деді Рахмет алқына жүгіріп бара жатып.
– Өзі қуыр…дақ боп кет… песін. Тезі…рек жүгір.
Серік қара үзіп кетті. Той боп жатқан жерге ентіге жеткенімізде есінен ауысқан адамдай өкіріп бір топ жігітпен жағаласып жүрген. Біреуі өңменіне салып кеп жібергенде өзі бір жаққа, көзәйнегі бір жаққа ұшып түсті. Рахмет әлгіні бір теуіп қалпақтай ұшырды. Мен біреуінің тұмсығына баспен салдым. Қым-қуыт. Екеуміз ортада қалдық. Күшене жұдырық жұмсаймыз, тебеміз. Бізге де соққылар қарша жауып жатыр. Денемнің сау жері қалмаған сияқты. Рахметтің де бет-аузы қанға боялған.
Өліспей берісетін түріміз жоқ. Бір-бірімізге арқамызды тақап ап қарсы келгенге қол-аяқты оңды-солды сермеп жатырмыз. Бәрібір ұзақ шыдас берер қауқарымыз қалмаған еді. Бес-алты жігіт араға киліге кіріп бізге болыса кетті. Қырғын төбелес басталды. Кім кімді ұрып жатқанын да біліп болмай қалды. Бір кезде музыканың үні өшіп, нөпір халық үстімізге жапырылып келді. Төбелесіп жүрген жігіттерді еңселей-еңселей сүйреп әкетіп жатыр. Екеуміз аяқтың үстінде әрең тұрмыз. Қарулы қолдар мені қапсыра құшақтап алды да трактордың тіркемесіне лақтыра салды. Рахмет те тіркемеге дүңк ете түсті. Қапталымызда Серік ыңырсып жатыр.
– Балдарды үйге апарып таста, мен, мен Тоқтарбаймен сөйлесіп барам, – деген Серіктің әкесінің дауысы шықты.
Серіктің інілері тіркемеге мініп алды.
Үйге жеткен соң тіркемеден ыңқылдап әрең түстік. Серікті інілері түсіріп алды.
Бет-аузымыздың қанын жуып, алба-жұлбасы шыққан киімдерімізді ауыстырған соң күп боп ісіп кеткен жерлерімізге одеколон сүртіп, кішілеу бөлмеде жата қалдық…
Таңертең кештеу тұрдық. Үн-түнсіз жуынып-шайынған соң Серік көзәйнексіз көздері жыпылықтап залға бастады.
Дастарханның үсті толып тұр. Үшеуіміз түгілі отыз адамға да жетеді. Жайғасып отыра бергенімізде «Аға, достарыңыз келді» деп есіктен қарады кешегі елді дүрліктірген тақырбас бала. Серік шығып кетті.
– Бағлан қозының өз майына піскен қуырдағынан жеп отыр, – дедім Рахметке, – Тағы бұйырмай қап жүрер.
– Оған шама қайда? – деді Рахмет.
Күлейін десем, ісіп кеткен еріндерім икемге келер емес.
Жиырма шақты қыз-жігіт кірді. Түрімізден қысылып төмен қарап амандастық. Бәрі есімдерін айтып шықты. Серіктің сыныптастары екен. Біз де мыңқылдап өзімізді таныстырдық.
– Қаладан келген зиялы қауыммен бірге Айсулудың қырғынына қатысып, тарихқа енетін болыппыз ғой, – деді біреуі күліп.
Жалт қарасам, жүзіне жарақат түскен екен. Тағы бірнешеуінің түрі адам қарағысыз. «Кеше бізге көмектескен осылар екен ғой» деп ойладым.
– Жігіттің басында ондай-ондай боп тұрады, – деп отырыс тізгінін қолына алды Жандос деген жігіт. – Танысқанымыздың құрметіне бес грамм алып қоялық.
Қыздар «тархун» мен «лимонад» құйылған кеселерді қолына алды.
Анда-санда ұрттап тұратынымыз болмаса, біздің ішкілікке үйірсектігіміз шамалы. Амалсыз арақ толы кесені қолма ұстадым.
– Ал, енді Зейін бауырым, өзің бірдеңе деп жібер, – деді Жандос. – Жазушының лебізін есту біз үшін бақыт.
– Осында отырған баршаға бақыт тілеймін. Арманның асқарына жетуді несіп етсін. Таныстығымыз достыққа ұлассын! – деп қысқа қайырдым.
– Мұндай сөзге ішпеу ұят, – деді Жандос.– Қане, үй иесі, өзің «Қош бол, Айсұлу! Қош бол, Мона Лиза!» деп бастап бер. Аман болсаң, әлі талай Айсұлуға жолығасың.
Барша жеңіл күліп қойды. Мұндағылар Серіктің бар сырына қанық-ау, деймін.
Серік жалындырып отырмастан қағып салды. Басқамыз да қарап қалмадық.
Мұнан соң Рахметтің сөзіне алып қойдық. Екі қыз лебізін білдірді. Сосын магнитофон қойылып, залдың босаға жағында би басталды. Үш қыз суырыла шығып Серік, Рахмет және мені биге шақырды. Расы, мұндайды күтпеп ем. Қонақ деп бізді сыйлағандығы болса керек.
Би біткен соң қыздар біздің жазғандарымызды сұрады. Серік сөмкемізден газет-журналдарды әкеп берді. Сұңқақ бойлы бір қыз саңқылдап Рахметтің өлеңдерін оқыды. Бәрі күліп жіберді:
– Мынау тіпті өлеңге ұқсамайды ғой!
– Ұйқасы қайда кеткен?
– Айтар ойы тым күңгірт екен…
Рахмет қара терге малшынып, төмен қарап отыр. Араша түскен болдым:
– Бұл ақ өлең деген. Ұйқассыз жазылады.
– Сонда ол өлеңнің баласы ма, шаласы ма? – деді Жандос.
Сөйлей алмай қалдым.
Кезек маған келді. Жаңағы қыз «Жалғыз адам» деген бес беттік әңгімемді судырата жөнелді. Бір беттен асқан соң балалар өзара әңгімеге кірісіп кетті. Қыздар әдеп сақтағандықтан тыңдап отыр-ау, деймін. Әңгіме өзімнің де құлағыма түрпідей тие бастады. Үлкен қаладағы биік ғимараттың жоғарғы қабатындағы бір бөлмелі пәтерде тұратын адам ешкіммен араласпай ойланады да отырады. Қоғамнан, адамдардан безген. Дүние көзіне түрме сияқты елестейді. Әңгіме біткенде сұрақтың астында қалдым.
– Бұл адам тамақ ішіп, жемей ме?
– Дүниеден безгенде қайда бармақшы?
– Адам деп атала салғанымен ұлты, жынысы, жас не кәрі екені белгісіз. Орнына мысықты қойып ойларын берсең де болмай ма?
– Жалғыздықтан құтылғысы келсе, адамдардың қасына бармай ма?
Өмірімде біреуге әңгіме оқып берген емеспін. Әңгімелерімді біреудің оқығанын тыңдап та көрмегем. Ойларымның аяғы жерге тимей жеті қабат аспанның жоғарысында қалықтап жүргенін сезе бастағандаймын. Қаптаған сұраққа жауап бере алар емеспін.
– Сендерді әжептәуір ақын, жазушы шығар, деп ойласақ, жазғандарың мына біздің Серік салатын жалаңаш қыздың суретінен артық емес екен ғой, – деп Жандос баршаны қыран-топан күлкіге батырды.
– Олай деме, ұят болады. Әлі екеуі де жас емес пе, ізденсе мықты қаламгер боп кетеді, – деді шығармаларымызды оқыған қыз. – Суреттерің әдемі шығыпты. Бара-бара шығармаларың да әдемі боп кетер.
Жер жарылмады, мен кіріп кетпедім. Ешқашан мұндай сын естімегем. Айналама қарай алар емеспін. Рахметтің қандай күйде отырғанын құдай білсін!
Біраз отырған соң бәрі қайтатынын айтып, қолымызды қысып қоштасты.
– Ащылау айтылған сөздерге ренжімеңдер. Түсінігіміздің жеткен жері осы.
– Қайтіп жазуды өздерің білесіңдер ғой!
– Біз сендерді мақтан тұтамыз. Енді іздеп оқимыз.
– Әрбіріміздің үйімізде қонақ болыңдар…
Оларды шығарып салған соң дастарханда тұрған арақтан кесені толтыра құйып ап сімірдім.
– Біреуі шығармаң жақсы екен, деп айтпады-ау! Жазушымын, деп кеудеге соғып, босқа желігіп жүрген екенмін ғой! Қарапайым халық қабылдай алмаған әңгіменің кімге керегі бар?
– Мені айтсаңшы, – деді Рахмет. – Қара ормандай қара өлеңі бар елге ақ өлеңді оқытам деп, арам тер боппын…
Сол күні өлгенше арақ ішіп, түнімен өзімізді жазғырдық. Таңертең оны-мұны сылтауратып үшеуміз қайта жолға шықтық…

* * *

Сағатыма қарап қойдым. Рахмет айтқан уақытында жететін болса әлі он минут бар.
Адам басқалардың ескертпелерін тыңдап қорытынды шығарса, қор болмайды екен. Құр желікке еріп даурыға берсең, алысқа бармауың анық. Неғұрлым тез бойдағы желіктен арылсаң, өзіңе өзгенің көзімен қарай білесің. Айналаңа ненің қажет екенін ұғасың. Шығармашылық адамы үшін басқа бір елдің қаңсығын таңсық көріп жетегінде кету – қасірет.
Мен баяғыда Серіктің ауылынан қайтқан соң бүкіл жазғандарымды өртеп, бәрін қайтадан бастағам. Өз елімнің жанына үңіліп қуанышын, қайғысын көрдім. Осы кезге дейін соны ұғынықты етіп жазуға тырысып келем. Модернизм мен үшін сол сапардан сәннен қалған. Қазір тіпті, қандай «…измде» жазатынымды да білмеймін. Бастысы, шығармаларымды айналамдағылар ұнатса болды.
Рахмет жанынан тастамайтын ақ өлеңшілердің «Белый квадрат» деген жинағын сол сапардан соң қайта қолына алғанын көрмедім. Жыраулық поэзиядағы ырғақ, саз, ұйқас, сөздің жасындай жарқылдауын қайта жаңғыртты. Қазір бетке ұстар ақындардың бірі.
Серік сонда пәтерімізге жеткенше жақ ашпады. Жаралы жаны шырқырап жатқанын сезіп келеміз.
– Айсұлу қыздардан хат беріп жіберген екен, – деді пәтерге келіп үнсіз отырған кезімізде.. – Өз еркімен күйеуге шығыпты. Қияли суретшіні қайтсін?…
«Әшейінде ауыз жаппас, ретті жерде сөз таппас». Мұндай жағдай басымыздан өтпеген. Не деп жұбатарымызды білмедік.
Қыз біткеннің суреті қоқысқа кетті. Мона Лизаны да көрмейтін болдық. Бір айдан соң ғана қылқаламын қолына алды. Қиялымызға да кіріп шықпаған картиналар дүниеге келе бастады…
– Әй, ұйықтап қалған жоқпысың? – деп Рахмет иығымнан қақты.
Терең ойдың құрсауына еніп, оның келгенін байқамай қалған екем. Орнымнан тұрып оны бауырыма бастым.
– Аманбысың?
– Шүкір, – деді ол. – Жолай сұраса берерміз. Кеттік.
– Баруын барармыз-ау, ол алдымызға тосап қоймас па екен? – Бес-алты жыл бұрынғы оқиғаны есіне салдым.
Ауырыңқырап дәрігерге барсам, «таңертең дәретіңізді әкеліңіз, тексеріп көреміз», деп қайтарып жіберген еді. Содан Рахметке «машинаңмен апаршы» – деп өтініш жасадым. Ол «Ертең Серік те анализ тапсыруға барады. Екеуіңді де апарайын» деді. Рахметтің машинасымен Серіктің үйіне бардық. Әйелі таңғы ас әзірлеп жатқан екен. Рахмет «Сендердің қамыңды ойлап құлқын сәріден тұрып ештеңе ішпедім» деп дастархан басына отыра кетті. Жұмсақ нанды жуан-жуан сындырып түрлі тосапқа басып жеп өліп барады. Серік екеуміз дәрігерге баратын болғандықтан нәр татпай сілекейіміз шұбырып, көзіміз жылтырап қарап отырдық. Оның қарны тойғасын қозғалдық. Серік дәреті салынған кішкене банкіні алып шықты. Менікі машинада тұр. Шипаханаға барғасын мен бірінші анализ тапсырып, машинаға келіп отырдым.Серік ұзақ қалып кетті. Рахмет «Жұмыстан кешігетін болдым. Тез барып әкелейін» деп ішке кіріп кеттіп еді, көп өтпей ытып шықты. Алақанымен аузын басып алған. Қасыма лоқсып әрең жетті. Сұрастырып білсем, дәрігердің есігінің алдында мөлиіп тұрған Серікке «Нағып тұрсың?» деген екен, «Дәрігер мына есікті іліп кетіп қалыпты. Соны күтіп тұрмын. Әйелім тосап жабатын еді, банкімді әкетпесем болмайды» депті…
Рахмет редакцияның ішін жаңғыртып ұзақ күлді. Сосын беторамалымен көзін сүртті:
– Тосап қойса өзіне жегіземіз. Кәрі құрлықтан бізге атап әкелгені бар шығар.
Екеуміз редакциядан шықтық…

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *