ҚОНАЕВПЕН СЫРЛАСУ ҚОНАЕВПЕН СЫРЛАСУ
(«Желтоқсан эпопеясы» атты кітаптан үзінді) Желтоқсан көтерілісін зерттейтін комиссия жұмысы қарқынды жүріп жатқан кез. Негізгі мәселенің түйіні Дінмұхамед Ахметұлына барып тіреле берген соң, қадірменді... ҚОНАЕВПЕН СЫРЛАСУ

(«Желтоқсан эпопеясы» атты кітаптан үзінді)

Желтоқсан көтерілісін зерттейтін комиссия жұмысы қарқынды жүріп жатқан кез. Негізгі мәселенің түйіні Дінмұхамед Ахметұлына барып тіреле берген соң, қадірменді қариядан түсінік алу керек деп шештік. Димекеңнің сүйікті жары Зухра жеңгей дүние салған-ды. Бір халықаралық жиыннан кеш оралуыма байланысты жұртпен бірге барып көңіл айта алмағанмын.
Есікті Димекеңнің өзі ашты. Кабинетіне бастап алып кірді. Қадірменді ел ағасына орны толмас қазаның болашақ қайырын тілеп, көңіл білдірдім.
– Иә, солай болды, Мұха, – деп ағамыз терең күрсінді. – Жазмыштан озмыш жоқ екен. Жеңгеңіз-бен елу жыл, алты ай, екі күн тұрмыс құрыппын. Өткен күнге өкпе жоқ. Бір-біріміздің бетімізге жел боп келмей, ищай деспей тағдыр кешіппіз. Бірақ адам баласы жарық дүниенің қызығына тоя ма?
Үлкен кабинеттің күнбатыс жақ терезе жанына жазу столы, оның қарсы алдына Зухра жеңгеміздің үлкейтілген суреті ілініпті. Үстіне жеңіл спорт костюмін киген ағамыз аз-кем жүдегені болмаса, әлі де тың, ширақ көрінді.
– Енді осы естеліктердің ортасында жалғыз қалдым, қалқам, – деді Димекең. – Бұған да шүкірлік. Заманның жорғасын да, жортағын да көрдік. Атқамінерлердің серісімен де, перісімен де істес болдық. Бірақ қай кезде де ел мүддесін жоғары ұстауға тырысқаныма ешкім күмән келтірмес деп ойлаймын.
Асықпай отырып сырласуға аңсарым ауса да, ауыр қайғыдан айыға алмай жүрген адамды көп мазалағым келмеді. Тек өзінің Желтоқсан көтерілісі кезіндегі іс-әрекеті хақында комиссияға қысқаша түсініктеме жазып беруін өтіндім.
Кең отырып кеңесудің сәті Желтоқсан комиссиясының жұмысы аяқталғаннан едәуір уақыт кейін түсті.
Димекеңнің есте тұту қабілеті ерекше жоғары болатын. Мәселен, «1934- жылы 14-қыркүйекте» немесе «1956-жылы 21-желтоқсанда» мынадай жағдай болды, пәленбайыншы жылы пәлен айдың түгеншесі күні Қаныш Сәтбаев екеуміз Қарсақпайды араладық. Келер жылы қаңтар айының пәлені күні түс ауа Жұмабай Шаяхметов Риддерге келді деп тізбелей жөнелгенде, таң қаласың. Өйткені, өзім ол кезде өлеңдерімді 7 сағатқа дейін жатқа оқи алсам да, есепке, санға, жыл, ай, апта аттарына келгенде, нақ бір құлағымды есек теуіп кеткен адам сияқтанамын.
– Димекең кабинетінің бір бөлігін оттықтар (зажигалка) коллекциясы алып тұр. Бұл ол кісінің хоббиі екен. Өзім шылым шекпейтін болған соң ба, осы сала маған біртүрлі қызық көрініп, барлық елдер оттығының бас қосқан көрмесін тамашалап тұрғандай әсер алдым. Пистолет сипатындағы, танк пішіндес, аң, құс кескіндес оттықтарды бұрын-соңды кезіктірген емес едім. Оттықтар қасынан ұзай алмай тұрғанымды байқаған ол:
– Бұл менің бір осал жерім, – деп жұмсақ жымиды.
Сол сәтте есіме бір оқиға түсті. 1969-жылы Мәскеуде Кеңес Одағы жас жазушыларының жиыны өткен-ді. Қазақстан делегациясының құрамында оған мен де қатыстым. Беташар жиналыстан соң секция жұмысы басталатын болды. Мені әйгілі башқұрт ақыны Мұстай Кәрімнің секциясына жазған екен. Сол жиында Ирина Волубева деген ақын әйел ерекше белсенділік көрсетіп отырды. Еліміздің әр түкпірінен келген жас қаламгерлердің өлеңдері қызу талқыға түсті. Мақталғандары да, сынға алынғандары да аз емес. Мәскеуде, Кеңестер Одағының белгілі сарапшыларынан өзгеше мақтау есіту көңілімді өсірді. Үзіліс кезінде Волубева апай мені шетке шығарып алып:
– Мұхтар, сенен болашақта үлкен ақын шығатынына сенемін, – деп мені асыра мадақтады да, өзінің жеке шаруасын айтты:
– Әркімнің бір құмар ісі бар ғой. Біреулер пышақ немесе ескі ақшаның түрлерін жинайды. Кейбіреулер көне сіріңке қорабына, болмаса қаламсапқа құштар. Менің де тірнектеп жинап жүрген нәрсем бар еді. Соны табуға қол ұшын бересің бе?
Тумысымнан ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысатын жазған басым, қапелімде жақсылық жасай қойғым кеп:
– Оқасы жоқ, айтыңыз. Қайткенде де тауып беруге уәде беремін, – деп салдым.
– Олай болса, алдын ала үлкен алғыс айтамын! – деді Ирина апай қуанып. – Мәселе мынадай, мен көптен бері жолбарыс терісін жинаушы едім…
Мұны естігенде көзім атыздай болды.
– Қап, – дедім аз-кем үнсіздіктен соң. – Мәселен, Қазақстанда, Жетісу жеріндегі ең соңғы жолбарыс Балқаш көлі маңынан 1924-жылы ұсталды десе, біреулер 1940-жылы Іле өзенінің бойында оққа ұшыпты деген әңгіме айтады. Енді қайттім? Тым болмаса, қасқырдың немесе түлкінің терісін жинамағаныңыз-ай…
Енді бірде белгілі орыс жазушысы Александр Прохановпен Ауғанстаннан Мәскеуге бірге ұшып келе жаттық.
– Мұхтар, Алатау баурайында көбелектің мынадай түрі бар ма? – деп ол қойын дәптеріне көбелек түрлерін сызып көрсете бастады.
– Ойбай, мен көбелек шаруашылығынан мүлде бейхабармын, әрі оларды түстеп танып көрген адам емеспін, – деп мұңайдым.
Проханов өз коллекциясында көбелектің бірнеше жүз түрі бар екенін әңгімеледі. Тіпті Африкада бұл жәндіктің қандай түрлері өсетініне дейін санамалап берді. Егер мен оған «іздеген көбелегің біздің жерден табылады» десем, басқа шаруасының бәрін жинастырып қойып, Қазақстанға келіп көбелек ауламақшы…
Димекеңнің коллекциясы жанында сол оқиғалар еске түсіп, оттықтың әрқайсысына зер сала ұзақ тұрдым.
– Мына тізіліп тұрған әсем ыдыстарды кезінде жеңгең жинаған, – деді Димаш аға мені ілгері бастап. – Иесі кеткен соң көбі қозғаусыз қалды. Бірнеше жамағайынның баласы үйленді. Сондай тойларға шетінен таратып жатырмын.
– Димеке, – дедім мен біраз үнсіздіктен соң – өткенде сіз маған Зухра жеңгемізбен елу жыл, алты ай, екі күн тұрмыс құрғаныңызды әңгімеледіңіз. Осы адамды кездестіру арқылы сіз шын мәніндегі өзіңіз аңсаған махаббатқа жолықтым деп айта аласыз ба?
– Жеңгеңіз қайтыс болғалы бері сіздің «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, ал, махаббат таусылмайтын әңгіме» деген екі жол жырыңыз есіме жиі оралатын болды, – деп күрсінді Димекең. – Екеуміз бірге ғұмыр кешкен жарты ғасырдан астам уақыт ішінде бірімізден біріміздің зеріккен кезімізді есіме түсіре алмадым. Әйелдердің көпшілігі «Күйеу – өз меншігім, қайда барар дейсің» деген салғырт ойға бой бұрады. «Болашақ жарыма мінезімнің, ой-санамның озық қырларын көрсетейін» деген қыз кезгі талпыныс пен ізденіс тоқырауға ұшырап, тұрмыстың, тіршіліктің күнделікті күйбеңі алға шығады. Әйел ғұмырындағы бір кезгі махаббатқа деген құлшынысты жер ететін, батпаққа батыратын осы менмендік сезім. Күйеуінің санасына сана қосуда, оның ажырамас досына айналу жолында әйел ылғи да ізденіс үстінде жүруі шарт. Ізденуден, іштей толғанудан қалған әйел – әйел емес. Әрине, еркек тарапынан да оған үлкен дейгейдегі жауап сезімнің болуын ешкім жоққа шығармайды. Осы талаптар биігінен қарағанда Зухра жеңгеңіздің бүкіл өмірі ізденіспен өтті деп айта аламын. Мысалы, ол дүние-мүлікке қызықпайтын. Бұл жағынан да екеуміздің арамызда өзгеше бір ұқсастық бой көрсетті. Оны ерекше қуандыратын сыйлық – кітап еді. Мәскеуге, тіпті облыс орталықтарына барғанымда міндетті түрде оған кітап ала келуді дәстүрге айналдырғанмын. Әрине, кітап болғанда да қазіргі жүрдім-бардым оқиғаға құрылған бостекі туындылар емес, ғаламдық, рухани пайым-парасат деңгейінде ой толғайтын туындылар. Оқып шыға салысымен маған айтып беретін. Кейбір күрделі ойларды екеуміз бірге талдайтынбыз. Тіпті сіздің Қорлан сыйлаған жүзікті 51 жыл бойы қолына тағып келіп, о дүниеге де өзімен бірге әкеткен Естай ақын туралы жырыңызды ол теледидар арқылы берілген кешіңізден ұғып, маған таңдана айтып берген еді. Жоғарыда мен мысалға келтірген «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, Ал, махаббат таусылмайтын әңгіме» деген екі жол өлеңіңіздің төңірегінде де екеуміз ұзақ әңгіме өрбіткенбіз. Өзінің сүйген жарын қанаттандыруға, парасат, сана биігіне шақыруға бағытталған ізденіс тоқталған шақта, махаббатқа бастар жол жабылатынына көзімді айқын жеткізген сол жеңгеңіз еді. Сізге тағы бір сырымды ашайын. Зухрамен жарты ғасырдан астам жұбайлық ғұмыр кешсек те арамызда бала болмады. Тағдырдың бұл тәлкегі жанымызға қатты батқанын да жасырмаймын. Бірде әулетіміздің ақылман қариялары жиналып: «Димаш, келіннің ерекше жақсы адам екенін білеміз. Ата дәстүрге жүгінсек, өзің сияқты атпал азаматтан ұрпақ алып қалмау елдігімізге сын. Тіпті Мұхамед пайғамбар да осы салада үлгі көрсетпеді ме? Бәлкім, бұған келін де қарсы болмас!» – деді. Рас, Зухра да қариялардың ұсынысын қолдады. Өзім көнбедім. Себебі, мен үшін Зухра сияқты әйел жалғанда біреу ғана. Сондықтан оның маған деген шексіз махаббатына көлеңке түсіргеннен гөрі, тағдырдың пешенемізге жазғанына мойын ұсынуды әлдеқайда жеңіл санадым. Сол жеңгеңіз өлерінен бір жеті бұрын маған екі өтініш жасап еді. Оның бірі – еліміздегі киелі орындарға, әулиелерге зиярат етіп шығу болатын. Оған денсаулығы шыдас бермей, көз жұмды. Кейіннен біз менің дәрігерім Ахат Әминұлы, рухтас інім Серік Әбдірайымұлы үшеуміз Газ-24 мәшинесіне мініп, Жамбыл облысын-
дағы Айша бибіден бастап, сіздің туған өлкеңіздегі Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бәйдібек баба, Домалақ ана, Зеріп ана, Ташкенттегі Төле би, қайтар жолда Меркідегі Сыпатай батыр кесенелеріне бас иіп, дұға оқыдық. Жеңгеңіздің бір өтінішін солай орындадық. Екінші өтініші мынау еді: «Жарты ғасырдан астам рухымыз, ой-санамыз бір-бірімізге деген іңкәрліктен, ізгіліктен ажыраған емес. Ендеше мәңгілік сапарда да бір топырақ аясынан табылсақ қайтеді?» Менің өтінішім бойынша Кеңсай зиратындағы жеңгеңіз жатқан моланың қасынан маған да орын қалдырылды. Енді шамалы уақыттан кейін ағаңызды ылғи да сол жерден табасыз!
– О дүниеге командировкаға кету жағына әзірге асықпағаныңыз жөн болар еді, – деп әзілдедім мен. – Біздің қазақтың қариялары тоқсан жасқа келгенде – Тоқсанбайлар, жүзге келгенде – Жүзбайлар тудырмады ма? Ол жасқа дейін сізге әлі жиырма жылдай уақыт бар емес пе?
– Солайы солай ғой. Бірақ… – деп Димекең бір сәт үнсіз қалды.
Бұйда бұру:

Кейінгі жылдары мен Димаш аға мен Зухра жеңгейдің бір-біріне деген өзгеше сезімі жайлы өлең жаздым. Ол өлең мынау:

ҚОНАЕВТЫҢ ДАРА МАХАББАТЫ   және   сезім сана биіктігі туралы толғаныс

«Өмір рухсыз шалқымасын,
Пенделікке уақыт айтар өкімін.
Мен Зухрамен жарты ғасыр
Және алты ай екі күн,
Бірге ғұмыр кешіппін.
Неге қазір мұң торлап тұр көзімді?
Ұқтым одан жан адамнан ұғынбаған сезімді.
Тағдыр жазған несіп бұл.
Ешкімнен де естімеген іңкәр, асыл сөзімді
Тек Зухрадан есіттім.
Енді бүгін сол күндерден қалды не?
«Жұбайлар бар әңгімесі таусылған,
Ал, махаббат таусылмайтын әңгіме!»
Осы қос жол жырыңыздың мағынасы жөнінде,
Сенім жалғап сенімге,
Ой мен сана бірлестігін негізге ап,
Жарысқандай егіз сезім, егіз бақ,
Жаздың әсем, айшуақты кешінде,
Бір түн бойы ой толғасқан сәттеріміз есімде.
О, керемет, арамызда бір таусылмай әңгіме,
Жалғыз тұлпар сырласым боп, қалып қойды ол мәңгіге! –
Деп сыр шертті бірде маған Дінмұхамед Қонаев,
Өз жарына деген дара сағынышы молайып.

«Махаббат ол – екі адамның сезім, пайым биігіне шығуы,
Сол биікте тұрып және бірін-бірі ұғуы.
Тұла бойы ізгіліктен өрілген,
Болмысыма шетсіз-шексіз берілген,
Жаратылған адам еді ол менің ғана бағыма!»
Деп Димекең жанарына жас үйірді тағы да.

Кейде мұңсыз төзімді де,
Шолақ, қызба сезімді де,
Махаббат деп мадақтаймыз, және соған сенеміз.
Тойға ұласқан үйленудің бәрін де,
Жұбайлыққа үйренудің бәрін де,
Нағыз егіз махаббатпен шатастырып келеміз.
Солай ғұмыр кешкен талай әжеміз бен атамыз.
Тіпті ұрпақ өрбітуді махаббат деп жатамыз…

Зор ақырған дауысымен селт еткізер даланы,
Есектер де сүп-сүйкімді қодық туа алады.
Әр жыл сайын бірнеше лақ тудырады текелер,
Теке сезім қандай жеке сезімменен өтелер?
Биік сана жоқ жердегі істің бәрі доғал ғой.
Әрі оларды махаббатпен шатастыру обал ғой.
Иә, махаббат неге жиі айналады елеске,
Талпынғанның бәрі неге шыға алмайды белеске?
Шын махаббат екі дара, екі іңкәр жүректің,
Шырқау сана биігінде жолығуы емес пе?!
Шырқау сана биігінде жан шындығы қалбырап,
Теңін таппай, жалғыз жүрген тұлғалар да бар бірақ…

Өзге тірлік, негізінен, бос еліктеу, алқыныс,
Бірін-бірі қолдау, алдау, ізденіс пен талпыныс.
Сағым қосып сағымға,
Рух даңқының құлдыраған шағында,
Қайсар, шыншыл талпыныстың өзі, әрине, жарқын іс.
Махаббатты мақсат тұту – адами өр салтымыз,
Онсыз біздер жай пендеміз, мүгедекпіз, жартымыз.
Махаббат ол – миллиондардың арманының алаңы,
Әркім оған өз намысын, өз тағдырын салады.
Көп адамның үміттері, талғамдары жаралы,
Сезім, сана шыңдарына кім шарықтай алады?..
……………………………………………………………………
«Махаббат тек дара, ұлы адамдарда болады»,
Деген сенім мәңгілікке өзгеріссіз қалады…

– Енді мен сізге жинаған қару-жарағымды көрсетейін, – деді Димекең. – Бұлардың да түр-түрі бұрын менде көп болатын. Ара-тұра қол тигенде бой жазып, аңға шығып тұрушы ем. Өзіңіз білесіз, соңғы кездері оны да сан-саққа жүгіртушілер табылды. Сосын біразын өткізіп жібердім. Қаласаңыз, осы мылтықтардың бірін сізге сыйлайын…
– Рахмет Димеке, – дедім мен. – Психологиям ақындық гуманизм ауқымына шектеліп, онша дамымай қалған сияқты. Аң, құсқа, жалпы кез келген тіршілік иесіне қарсы мылтық кезей алмаймын. Бұл салада мен тіпті Хемингуэйдың өзін түсінбеймін. Әрі ол сезімімді жұрттан жасырын ұстауға тырысамын. Сондықтан бұл мылтықтың осы орнында тұра бергені дұрыс…
– Ендеше, мына оттықтардың бірін ұсынсам ше?
– Бопразға, түтін шаруашылығына да мүлде жоқпын, Димеке…
Кейіннен өкініп қалдым. Үлкен адамның көңілін қайтармай, ескерткішке бір оттығын ала салуым керек еді…
Есіме Американың Джорджиа штатындағы Атланта қаласына барғаным түсті. Онда Америка-ның 39-шы президенті Джеймс Картерге арналған президенттік орталық жұмыс істейді екен. Картер қызметтен әлдеқашан кетсе де, халықтың оны әлі құрмет тұтатынын бірден-ақ аңғарасыз. Түрлі фотосуреттер жиынтығы алыстан көз тартады. Орталық қызметкерлері Картердің жетістігі мынадай еді, кемшілігі анадай-тын деп тайға таңба басқандай етіп, салыстырмалы мәліметтерді алдыңызға жайып салады.
Бір қызығы, сол Картермен кейін Алматыда, Американың Қазақстандағы Елшісінің кабинетінде таныстық. Ой өрісі кең, парасатты адам екен. Мені ақын ретінде сырттай білетін болып шықты. Өзінің де анда-санда өлең жазатынын айтты. Тіпті менің екі-үш өлеңімді ағылшын тіліне аударуға құлшыныс танытты. Ол уәдесін орындады ма, жоқ па, білмеймін, қайтып жолымыз түйіспеді… Менің айтайын дегенім басқа еді. Өркениетті елдерде ел басшысы орнынан түссе, оның жақсы жағын да, жаман жағын да ұмыттырмайтын осындай орталықтар бар. Мысалы, АҚШ тұрғындарының көбі Рузвельтті мақтан тұтып, Трумэннің ақымақтығын ылғи да ажуа ғып жүреді…
Қонаевпен бірнеше дүркін жолыға, сырласа келе түйгенім – оның Қазақстан тарихындағы кездейсоқ қайраткер еместігі. Ауыз әдебиетіне сұңғылалығы, ұлтымыздың тарихына, салт-санасы мен дәстүріне жетіктігі басы бүтін бөлек әңгіме. Содан шығар, халықтың ол кісіге деген құрмет, ықыласы да өзгеше еді.

АҢДАТПА:

Әлімжан ҚҰРТАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының 2005-2009 жылдардағы әкімі, техника ғылымдарының докторы:
Әр үлкен басшының ел арасында, кейде көп жылдарға созылып, ұзақ пікір таласынан өтіп барып қана қалыптасатын бедел-парқы болады. Ал жағымпаздықтың мазмұны басқа. Әрі оның күлкілі табиғаты тез аңғарылады. Жағымпаздық індеті қазіргі қазақтың ұлттық психологиясын жаулап алғаны рас. Әсіресе оған рухсыздау адам тез мойынсынады. Халқымыз бұл жағынан да бірінші орынды шаппай алатын дәрежеде.
Мектеп оқушысы кезімде Қонаевқа қатысты ауыл адамының таңғажайып қарекеті мен сеніміне куә болғаным бар.
Дінмұхамед Ахметұлы «Жаңа Шілік» ауылына келіп, жүгерішілер бригадасын аралаған-ды. Егіс басында жүргендермен арқын-жарқын әңгімелесіп ұзақ тұрған, олармен бірге қымыз ішкен. Шыңғыс хан нояндарына 6 ай бойы қарсы тұрған Отырар қаһармандығы жайлы өзі білетін бір қызықты әңгіменің тиегін ағытқан. Кетер кезінде егіс басындағылармен қоштасып, әрқайсысының жеке-жеке қолын қысқан. Сол кезде Құралай Иімбетов деген ағамыз Қонаевпен қоштасқан оң қолын қолтығына қысқан бойы үйіне қарай шабады. Ондағы ойы Қонаев ұстаған қолмен ұлының басынан сипау. Үлкен адамның елге деген махаббатының ұшқыны баласына өтер ме екен деген үміт. Күн ыстықта су терге түсіп үйіне әзер жетсе, түс қайта оқитын баласы мектепке күндегіден ерте кетіп қалыпты. Мектепке бара жатқан жолда ауыл адамдары, тіпті ішінде ағайын-туысқандары да бар, амандаспақ боп қол ұсынса бұл оларға сол қолын созып өте шығады. Мектепке келсе сабақ басталып кеткен екен. Мұғалімнен баласын сұрап алып, шетке шығарып, Қонаевпен қоштасқан қолын ұлының басына қойып, ұзақ тұрыпты…
Міне, сол кездегі қарапайым халық өкілінің Қонаевқа деген боямасыз көңіл, ниетінің бір көрінісі.

Бауыржан БАЙМҰХАНОВ, “Беймар-ойл” компаниясының Бас директоры:
«Мен ол кезде Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы – Заманбек Нұрқаділовтың кеңесшісі болып қызмет істейтінмін. Зәкең мені шақыртып алып: «Кеше түнде Дінмұхаммед Қонаев ағамыздың ауласындағы жеке «Волга» автокөлігінің радиосы мен магнитофонын біреулер ұрлап әкетіпті. Ұрылардың түк таппағандай, енді Қонаевқа тиісе бастағанын қарашы. Сондықтан сендерге тапсырма – бір күннің ішінде ол кісіге гараж салып беріңдер» деді.
Мен «Алмаатагорстрой» құрылыс компания-сының директоры Игорь Мильграмды ертіп, гараж салатын орынды белгіледік. Апай-топай қимылдап, бір түнде гараждың басын қарайттық. Келесі күні Дінмұхаммед Қонаев ағамызға Заманбек Нұрқаділов гараждың кілтін апарып берді.
Заманбек ағамыз Димаш Ахметұлына ерекше құрметпен қарайтын. Бір күні Димекеңнің үйіндегі тоңазытқыш істемей қалыпты. Зухра жеңгеміз «Казторгоборудование» мекемесінің директоры Хохловқа телефон соғып: «Тоңазытқышымызды жөндеп бересіздер ме?» – деп өтініш жасапты. Сонда Хохлов: «Қонаевтың жұбайы болсаң қайтейін. Күйеуіңнің дәурені әлдеқашан өтіп кетті. Енді маған Қонаевтан қарапайым үй сыпырушы әлдеқайда биік» деп, Зухра Шәріпқызының намысына тиетін, одан өзге де ауыр-ауыр сөздер айтыпты. Мұны естігенде, Нұрқаділов орнынан тұрып кетіп, бөлмесінде ары-бері жүрді де, өзіне тез арада Хохловты алып келуді бұйырды. Аз уақыттан соң бөлмесіне кінәлі мысықтай жалтақ-жалтақ қараумен енген Хохловқа Зәкең: «Қонаевтың іскерлігі арқасында Қазақстанда бой көтерген қырық қаланы айтпай-ақ қояйын. Осы Алматы қаласы үшін оның қаншама тер төккенін ұмыту азаматтыққа жата ма?! Біріншіден, Зухра Шәріпқызынан бөспелік, рухсыздық сөзің үшін кешірім сұрайсың. Екіншіден, тоңазытқышын бір сағаттың ішінде жөндеп бересің. Бұл тапсырмам орындалмаса, екі сағаттан кейін жұмыстан кетесің. Осы екі талаптың қайсысын орындайсың?» – деп, Хохловқа тесіле қарағанда, ол: «Біріншісін, біріншісін… Оғаш мінезім үшін Зухра Шәріпқызынан да, Сізден де кешірім сұраймын» – деді, басын төмен иіп.»
Димекең өзінің кемел басшыға тән парасатымен, ғажап кішіпейілділігімен және замана ағымына үндесемін деп жіберген кейбір кемшіліктерімен де қоса ескерілуге, ардақталуға тиісті саяси тұлға екені даусыз.

* * *

ҚОНАЕВ ҰЛАҒАТЫ: «Лұқман хакім төсек тартып, басты құбылаға беріп жатқан кезі екен. Жарыместеу жалғыз ұлдан қайран жоқ деп, дүниеден күдер үзген тұста баласы:
– Уа, әке, сізді Алты Алаш құлақ асқан ғұлама дейді. Жалпақ жұртқа жайылған аталы сөзіңіздің бірін маған қимағандай не білгеніңіз бар? Әкеден балаға малы емес, өсиеті мұраға қалмайтын ба еді? – демей ме баяғы.
Есті сөз шыға қояр деп ойламаған хакім өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуанып, ақтық демін жинап, былай депті:
– Балам, бозыңды қасыңнан тастама, бұл бір. Екінші – жеген наның тәтті болсын. Үшінші – әр қалада үйің болсын. Төртінші, күнде үйлен, үйленгенің қыз болсын… – депті де үзіліп кете барыпты.
Содан бейбақ ұл әкесі жұптап айтқан төрт ауыз сөздің түйінін тарқата алмай, хакімнің жылын берген соң әкесімен үзеңгілес әрі сырлас болған қарияға келіпті. Әлгі өсиеттің мәнін сұрапты деседі. Сонда әлгі қария ағыл-тегіл босап: «Беу, жарықтығым-ай, айтқан-ақ екенсің-ау… Жә, жалғыз саған ғана емес, елдің ертеңіне – барша жасқа қалдырған ғибраты екен. Жеті жұрт түгел жиылсын, солардың алдында айтып берейін», – дейді.
Қарт сөзінде тұрып, көкірек көзі ашық, кісіменен ісі бар деген жастар түгел жиналған жерде Лұқман хакімнің жоғарыдағы сөзін былай таратып берді дейді.
– «Бозыңды қасыңнан тастама» дегені – көргені де көп, көңілге түйгені де мол, ердің намысын, елдің қамын ойлаған ақылгөйің болсын дегені;
– «Жеген наның тәтті болсын» дегені – «атың барда желіп жүріп жер таны, малың барда шашып жүріп ел таны» дегендей, дос-жараның көп болса, соғұрлым өрісің кең, өмірің сонымен мәнді дегені;
– «Күнде үйлен, үйленгенің қыз болсын» дегені – алған жарыңды қыздай күт, сүйгеніңмен сүйініш табасың, сыйластығың артса, қасыңдағы қосағың қыздан бетер болады дегені».

Ұлағатты жазып алған халықаралық Д.А.Қонаев
қорының вице-президенті Серік Әбдірайымұлы

Бірде біздің үйде Дінмұхамед Ахметұлымен мазмұнды кеш өткіздік. Мен оған өзімнің жаңа өлеңдерімді оқыдым. Үлкен ұлым Қуаныштан өрбіген Елқанат атты тұңғыш немерем тәй-тәй бас-қан қалпы қайта-қайта Димекеңнің мойнына асылумен болды.
Шай үстінде Димекең анамнан:
– Жеңеше, неше балаңыз бар? – деп сұрады.
– Рухани балам үшеу. Үлкені Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі мына Мұхтар Шаханов, – деді анам.
– Бәрекелді, жеңеше. Қазақтың үш мықтысын дүниеге бір өзіңіз өрбіткен екенсіз ғой, – деп әзілдеді Димекең.
Анам марқұм 13 құрсақ көтерген, менен өңге перзенттерінің бәрін қара жер қойнауына берген, әйтсе де үміт-сенімін маған ғана артып, рухын құлатпаған, қайсар әрі шектен тыс мейірімді адам еді. Шымкентте тұрғанымызда Шәмші Қалдаяқов анда-санда өз үйіне қонып жүретіні болмаса, негізінен, біздің жанұяның бір адамы сияқтанып кеткен-ді. Ал Төлеген Айбергеновтің әр келуі анам үшін үлкен мереке болатын. Қазақтың осы екі дара перзенті де менің анама өздерінің туған анасындай еркеледі. Сондықтан да анам оларды өз перзенттерінің қатарына қосып алған-ды.
– Шәмші Қалдаяқовқа менің құрметім ерекше, — деді Димекең. – Қайбір жылы маған Нұрғиса Тілендиев келген екен. Әңгіме арасында оған Шәмшіні тауып, маған жолықтыруын өтіндім…
– Иә, Нұрғиса аға біздің үйге, маған телефон соққан. Сіз шақырып жатыр дегенді естіген соң, Шәкеңнің киімдерін ретке келтіріп Алматыға аттандырғанбыз. Қаланың орталығынан үш бөлмелі үй бергізіпсіз және әндер жинағын шығаруды баспаға міндеттепсіз. Сізге ерекше ризалық сезіммен оралды, – дедім мен.
– Талантқа қол ұшын беру кез келген билік адамының азаматтық міндеті, – деді Димаш Ахметұлы. – Төлеген Айбергеновті тым кеш, көзі өтіп кеткеннен соң ғана білдім. Той туралы бір тамаша өлеңі бар ғой. Үзіндісін жатқа оқи аласыз ба?
Мен тақпақтата жөнелдім:

«Бір тойым болатыны сөзсіз менің…
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ, бірақ…
Ешкімді де билетпей қайтармаймын.
Онда ортаға тасталар ұран сондай,
Қайта алмайды қартың да бір ән салмай.
Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,
Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам…
Мен өзім де ән салам түн ауғанша,
Менің жаным бұл күнге құмар қанша.
Жығылған палуанға да бәйге берем,
Адалдығы сезіліп тұрар болса…»

– Тамаша! – деп қол соқты Димекең. – Билігім жүріп тұрған кезеңде осы ақынға және Сізге инедей сәулем түспегеніне өкінемін… Және Сіздің тағы бір өтінішіңізді ескермей, көңіліңізді қалдырған болуым мүмкін. Мәскеуден Евтушенко келіп, Ленин сарайында Сіздің поэзия кешіңізді жүргізер кезде менімен жолығып әңгімелеспек болғансыздар… Бірақ менің көмекшім Дүйсетай…
– Білемін, – дедім жұлып алғандай. – Сол тұста Сіздің көмекшіңіз Дүйсетай Бекежанов әлдекімдердің ықпалына еріп, мені және Евтушенконы Сізбен жолықтырмауға күш салды. Енді тағдырдың мына қызығына қараңыз. Желтоқсан оқиғасынан кейін Колбин және оның жандайшаптары Сізге көтерілісті ұйымдастырушы деген айдар тағып, абақтыға қамауға жұмыстанды. Ол мақсатты орындау үшін бірінші кезекте Сіздің жақтасыңыз әрі құдаңыз Асанбай Асқаровты Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушылардың бірі деген айдармен абақтыға тоғытты. Сосын Асқаровты қинау, азаптау арқылы Дүйсетай Бекежановқа 5 мың сом ақша және «Ориент» маркалы алтын сағатты пәре ретінде ұсындым деген қағаз жаздырып алып, көмекшіңізді темір торға отырғызды ғой. Егер Дүйсетай сатқындық мінез байқатқанда, Сізді түрме терезесінен телміртуге толық мүмкіндік туатын еді. Бірақ, менің ұғымымша, ол бұл арада азаматтық мінез көрсетті. Бір рет Сіз мені үйіңізге қонаққа шақырғансыз. Өзіңіз тұратын үйдің бірінші қабатында бір қарт ана күтіп тұр екен. Ол өзін Дүйсетайдың анасымын деп таныстырып, көзіне жас алды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі ретінде жазықсыз сотталған баласын ақтауға қол ұшын беруімді өтінді. Кейіннен Дүйсетайдың қолымен жазылған 12 парақ қағазды маған өзіңіз әкеп бердіңіз. Мен сол хатты Горбачевтың жеке өзіне табыс еттім және мұның елеулі дейгейдегі әділетсіздік екенін Бас хатшыға шама-шарқымша айтып жеткіздім. КСРО Бас прокурорына да депутаттық сауал жолдадым. Бұл мәселеге менен басқа да бір-екі адам араласты ғой деймін. Бірақ менің сауалым оң нәтиже беріп, ақталып шыққан Дүйсетай бауырымыз маған қысыла, ыңғайсыздана келіп, көзіне жас ірке отырып алғысын айтты, өзінің мен туралы біреулердің пікіріне ерген оғаш істеріне, пенделік кедергілеріне шын жүректен кешірім сұрады. Оның бұл мінезіне мен де ризалық білдірдім. Түрмеде әбден денсаулығын тұралатып алғанға ұқсайды. Көп ұзамай о дүниелік боп кетті. Мұны таратып айтып отырған себебім, кейде біздің пенделік ағаттықтарымызды көзіміздің тірісінде өмірдің өзі қолма-қол түзетіп отыратыны ғажап емес пе?
– Мұха, егер ағымнан жарылсам, мен де қазір мүлде басқа Қонаевпын, – деп күрсінді ол. – Тағдырымды қоршаған адамдардың көбі елдік мүдде емес, өзіңіз жиі айтатындай, жай қарын мүддесі мен мансап, даңқ үшін ғана жүргеніне көзім жетті. Кезінде солардың әрқайсысына сағаттап, күндеп, айлап уақытымды жібергенім есіме түскенде, өзімді аяп кетемін. Енді билік мына ағаңнан мәңгілікке теріс айналды. Еншімде ойлану, толғану, өкіну, бармақ тістеу ғана қалғандай.Санамның анық жеткен жері мынау: үлкен билік басында шектен тыс көп отыру үлкен әділетсіздік тудырады екен. Жан-жағыңдағы адамдарды зерттеу, тану түйсігің шегеріліп, өзіңе-өзіңнің сын көзбен қарауың әлсірей бастайды. Сөйтіп, үлкен қателіктерге баруыңыз да әбден мүмкін. Айналаңызды көзбояушы – табынушылар, жағымпаздар шоғыры қоршап алады. Билік тұғырында көп отырғандықтан кейбір пенделік ағымдарға жол беріп алғанымды тағы да мойындауға мәжбүрмін.
Мен Жұмекен Нәжімеденовтың бір шумақ жырын жатқа оқыдым:

«Байлық деген немене, сараңдық па деп қалам,
Жайған қолға тоқтамай, жұмған қолға тоқтаған.
Бақыт деген немене, сұлу қыз ба деп қалам,
Әр жігітпен бір билеп, бір жігітке тоқтаған…»

– Ғажап жыр екен, – деп сүйсінді Димекең. – Бұл Шәмшінің «Менің Қазақстаным» атты әнінің сөзін жазған жігіт қой?
– Иә, өмірден ерте кетіп қалды. Азаматтығына найза бойламайтын дара парасат иесі еді…
Жұмекен ағамен менің інілік қарым-қатынасым жас ақын кезімде-ақ басталған-ды. Шымкент облыстық комсомол комитеті жанындағы жастардың шығармашылық кеңесін басқарып жүрген кезім болатын. Өзім өлеңдерін жатқа оқитын қазақтың үш қанатты ақынын – Тұманбай Молдағалиевті, Қадыр Мырзалиевті, Жұмекен Нәжімеденовты Қазақстан
Ленин комсомолы сыйлығына Шымкент облыстық комсомол комитеті және оның Қалаубек Тұрсынқұлов деген әдебиетті ерекше қадір тұтатын хатшысы арқылы ұсындырдым. Лауреаттыққа кандидаттардың өмірбаяны, шығармашылығындағы ерекшеліктерін талдаған толып жатқан қағаздарды өзім арнайы Алматыға келіп, авторлармен жолығып толтыруыма, толықтыруыма тура келді. Әрине, олар аталмыш сыйлықты кештеу болса да менің қолғабысымсыз да иеленер еді. Бірақ ол тұста ақын, жазушы дер кезінде сыйлыққа ұсынылмаса, қанша жерден дарынды болғанымен, назардан тыс қалып қоя беретін. Осы үш ағам бірінен соң бірі комсомол сыйлығын иеленгенде, жүрегім жарыла қуанғандардың бірі өзім едім. Жұмекен ағам да риясыз шын пейілімді танып, лауреат атанғаннан кейін, Алматыға келгенімде анама сәлемдемеге күміс білезік беріп жіберген. Соны анам ұзақ жылдар бойына қолынан тастамай жүрді.
Әңгімеден әңгіме туындап мен Димекеңе өз өмірімдегі Жұмекен Нәжімеденовке байланысты бір оқиғаны баяндап бердім. Ұзын-ырғасы мынау еді:
«Ол кезде мен Қазақ КСР Баспа және полиграфия комитетінде әдебиет және оқу-методика бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейтінмін. Қарамағымда бес адам бар, соның бірі Жұмекен Нәжімеденов. Ал менің үстімнен қарайтын бастық – бас редактор Әрібек деген кісі, жер барып хабарламасын, марқұм өте мазасыз адам еді. Көбіне таңертеңгі сағат 9-да екінші қабаттағы баспалдақ қасында, қолына қалам, қағазын алып, қызметкерлерін бақылап тұрар еді. Кім сәл кешіксе, жиналысқа салатын. Түстен кейін тағы бір тексереді. Кейде Жұмекен аға бір шаруасы болып: «Мұхтар, ана пәлеңнен өзің бір амалын тауып құтқарарсың, мен көп кешікпей келемін», – деп сұранып кетеді. Қас қылғандай, артынша бас редактор кіріп келіп, жұмыс істеп отырған жұртты көзімен бір шолып шығады да: «Жұмекен қайда?» – дейді. Неге екенін білмедім, өзі ылғи іштей Жұмекеңе өшігулі жүретін.
Мен пәлендей мән бермегенсіп:
– Есік алдында бопраз тартып жүрген шығар, – деймін.
Ол жалма-жан қабырғада ілулі тұрған қызметкерлердің сырт киімдерін тексере бастайды. Мына Дүкенбай Досжановтың, мына сенің, мына Марал Ысқақбаевтың, мына Шаудем Отарбакиевтің пальтосы… Жұмекеннің киімі көрінбейді ғой. Ым… Түсінікті… Ақынға ақын қорған деген осы…
Сосын бөлмесіне шақырып алып мені ірейді.
Мені бөлім меңгерушісі ретінде кейде 5 минут сайын, кейде 10-15 минут сайын өзіне шақыратын. Бір күні бастығым әр шақырған сайын алдымдағы ақ қағазға бір таяқ сызықша қалдырып отырдым. Жұмыс аяғында санадым. Сонда мені бір күнде 33 рет шақырған екен. Жұмекен аға: «Осы жасыма дейін қанша бастықтың қарамағында жұмыс істеппін. Бірақ мынадай азапты ешкімнен көрген емеспін», – дейтін. Жұмекеңнің пікіріне бәріміз қосылатынбыз: «Біз де мұндай садисті көрген емеспіз». Ақырында Жұмекең мектеп баспасына ауысты. Мен де өз еркіммен жұмыстан кеттім. Бірақ ол көп уақыт кейін болған жағдай…
Әр айдың 18-күні әлгі бастығымыздан Респуб-ликалық Авторлар қоғамына барып, қаламақы алып қайту үшін сұранамыз. Мәселен, Жұмекеңнің Шәмшімен бірлесіп жазған «Менің Қазақ-станым» сияқты бүкіл ел жігерлене шырқайтын өлеңі бар ғой. Сондай әнге айналған өлеңдер түрлі концерттерде, мейрамханаларда орындалса, одан біз сияқты ақындарға да қаламақы түсетін. Менің де әнге айналған өлеңдерім жетерлік еді. Мәселен, «Әкеме», «Арыс жағасында», «Кешікпей келем деп ең», «Ақ бантик» деген сияқты… Сосын өзімнің де әндерім бар ғой. Қысқасы, ай сайын 100-150 сом «көлденең табыс» тауып тұратынбыз.
Әрібек біз оралған соң бөлмесіне шақырып: «Қанша алдыңдар?» деп сұрайды. Біз қаламақымыздың көлемін айтсақ:
– Сендерге рахат қой, үш-төрт шумақ өлеңді сүйкей саласыңдар да, ақшаны күреп ала бересіңдер. Ал мен болсам, мына том-том қолжазбаларды мұнда қарағаным аздай, үйіме әкетіп оқимын. Сондағы айлығым сендердің көлденең табыстарыңнан сәл ғана жоғары, – деп налиды.
Бірде мен күйіп кетіп:
– Бізді нақ бір Үкіметті тонап жүрген адамдай көресіз ғой. Қаламақымызды бетімізге қайта-қайта салық қып баса бергенше, өзіңіз де «Менің Қазақстаным» немесе «Арыс жағасында» сияқты үш-төрт шумақ өлеңді сүйкей салмайсыз ба? Сонда қаламақы алуға бірге барып тұрар едік, – дедім.
«Жалын» баспасына «Сенім патшалығы» атты өлеңдер, балладалар, поэмалар жинағымды өткізгенмін. Редакторлыққа Жүсіп Қыдыров деген ақынды бекіткен екен. Жасы менен шамалы үлкендеу болғандықтан, оның үстінде кезінде «Лениншіл жас» газетінде қатар жұмыс істегендіктен, «ағалап» сыйлайтын адамым еді. Жинағым туралы бірнеше парақ рецензия әзірлепті. Тек 7, 8, 11, 15 буынмен жазылған өлеңдерімді ғана қалдырып, буын санын мойындамай, біресе асып, біресе кейін шегініп кететін өлеңдерімнің бәріне «Жарамайды» деп бұрыштама соғыпты. Кей өлең жолдарының тұсына өз жанынан қосып, қалай жазудың да үлгісін көрсетіп қойған. Бір жол жырымды біреуге өзгертіп көрмеген сорлы басым мына еркінсуді көргенде қаным басыма шапшыды. Жүкең сұрыптаған «жарамайтын» жырлардың арасында «Ғашықтық ғаламаты», «Нарынқұм зауалы», «Жігерлендіру» секілді сол кезгі жастар жатқа айтып жүрген туындылар да бар болатын… Сөйтіп, кітап бір жыл кейінге ысырылды.
– Жүке, – дедім мен де ашуға булығып. – Егер өз поэзиямды осы талап-тілегіңіздің ауқымында ғана құрар болсам, онда Сіздің деңгейіңіздегі ақындардың ғана қатарын толықтыруым мүмкін еді. Сондықтан бұл сыныңызды қабылдамай алмаймын…
– Сен не деп тұрсың? Бұл менің ғана емес, баспа директорының да пікірі. Директорлығын былай қойғанда, ол кісі белгілі ақын емес пе? – деп Жүсіп аға ашуланды.
Мен де айтқанымнан қайтпадым. Қатты қызып кетіп, екеуінің ақындық намысына тиер сөздердің бірінен соң бірін тізбектеп жібердім.
Көп ұзамай өзім қызмет ететін комитеттің төрағасы Шериаздан Елеукенов шақырды. Бардым. Шай ішіп отыр екен. Маған да шай алдырды. «Мынаны оқышы», — деп алдыма үш парақ қағазды ысырып қойды. Жүсіп ағамның менің үстімнен жазған арызы екен. Арызында екеуміздің арамызда болған әңгімені, өзінің де, баспа директорының да ар-намысына тиер сөз айтқанымды тәптіштеп келтіріпті.
– Тіпті мен бұдан да ауыр сөз айтып едім, Жүсіп ағаға рахмет, жұмсартып жазыпты, – дедім мен комитет төрағасына. – Хатта көрсетілгеннің бәрі айна қатесіз шындық. Солай деп намыстарына тигенім рас… Және сол пікірімді өзгертпеймін. Егер оларды жақтайтын болсаңыз, сізге де өкпем жоқ. Осы кабинетіңізде отырып, жұмыстан кетуге арыз жазып беремін…
Шәкең хатшы қызы арқылы Жұмекен Нәжімеденовты шақырды. Жүсіп Қыдыровтың хатын оған да оқытты.
– Осы үш ақынның тайталасына төртінші әрі мойындалмаған классик ақын ретінде қандай төрелік айтасың? Кітаптың тағдырын шешер кесімді сөзді саған беріп отырмын, – деді оған Шериаздан Рүстемұлы.
– Жүсіпті де, баспа директорын да мен адам, азамат ретінде сыйлаймын. Екеуімен де жақсы қатынастамын, – деді Жұмекең едәуір толғанысқа түсіп. – Әрине, Мұхтар қызбалау… Көп жағдайда бетің бар, жүзің бар демей тікесінен қойып қалады. Әйтпесе ана екеуінің орташа ақын екенін сыншы ретінде сіз де біліп отырсыз… Онысын бетіне баспай-ақ, мәселені түзеуге, оң бағытқа бұруға әбден болушы еді. Олардың басты кінәсі – поэзиядағы жаңаша ізденісті бағалай алмағандығы. Шіке, мені мұнда қызметке шақырған да өзге емес, сіз өзіңіз едіңіз. Қолымды жүрегіме қойып тұрып айтайын, егер Мұхтардың ана екі ақын кедергі жасап, шығарғысы келмей отырған кітабындағы «Ғашықтық ғаламаты», «12-3=?», «Отырар қаһармандығы», «Нарынқұм зауалы» сияқты тағы үш-төрт жаңа дүние жазған болсам, о дүниеге қиналмай-ақ кете берер едім…Д.Қонаев М.Шахановтың немересі Елқанаттың тұсауын кескен сәттен кейін
Бәлкім, Жұмекең менің кітабым жарыққа кедергісіз шықсын деген ниетпен асыра мақтап жібер-ген болар. Әйтсе де, екі оттың ортасында қалған аға ақынның іні қаламдасына деген қамқорлығы көзіме жас үйірді.
Елеукенов орнынан тұрып, бөлмеде ерсілі-қарсылы жүрді де, үстеліне барып отырды. Хатшы қызына тапсырма беріп, баспа директорын қостырды да, былай деді:
– Біріншіден, ақынның үстінен ақынның арыз жазуы жақсы мінез емес – рухани құлдырау, 37-ші жылды еске салады; екіншіден, Шахановтың «Сенім патшалығы» атты жинағының бір өлеңіне тимей, тіпті үтірін де өзгертпей сол күйінде жариялатасың; үшіншіден, кітаптың редакторлығынан Қыдыровты алып тастап, орнына басқа редактор тағайындайсың; төртіншіден, кітапты 25 мың данамен шығарасың! Бітті!
Сонымен кітап редакторлығына қыздар қауымын жарып шығып келе жатқан жас ақын Күләш Ахметова бекітілді. Екі-үш айдан соң жинақ оқырмандар қолына тиді. Белгілі режиссер Райымбек Сейтіметов кітаптағы «Сенім патшалығы» атты драманы қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасына қойды. Жинаққа өз басым бұрын-соңды алып көрмеген мол қаламақы берді. Оның бір бөлігіне «жигули» автокөлігін сатып алдым. Тағдырыма елеулі өзгеріс енді. Өз қолым өз аузыма жетіп, баспа комитетіндегі қызметтен өз еркіммен шығармашылық жұмысқа шығып кеттім. Осындай қадамға бет бұруыма тікелей себепкер екі адамға – Жұмекен Нәжімеденовке және сол кезеңде мойындалмаған классик ақынның талғамына риясыз сенген комитет төрағасы, қазақтың белгілі сыншысы Шериаздан Елеукеновке қарыздар едім. Әрі сол кітапқа енген бірнеше өлең, балладаларым орыс және шет мемлекеттердің тілдеріне аударылып, жаңа абырой биігіне көтерілдім. Ол кезде КОКП Орталық комитеті Саяси Бюро мүшелері 70-80-нен асқан сақырлаған шалдар болатын. «Соларды ажуалап отыр» деп «Огонек» журналының бас редакторы Сафроновтың, поэманы орыс тіліне аударған Евтушенкоға ерегісіп, жасырын арыз түсіруіне орай «12-3=?» атты поэмам КСРО-ның бас идеологы Сусловтың жазасына іліге жаздады. Мені ол тұзақтан құтқарған КОКП Орталық комитеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі Воронов екені кейін мәлім болды… Жалпы, бұл кітап соқтықпалы, соқпақты ақындық өнер жолындағы менің жаңа бағытым, жаңа бетбұрысым еді.
Ол кезде баспаларда қалыптасқан дәстүр бойынша кітап авторы сол кітаптың шығуына қолғабыс тигізген редакторды, бөлім бастығын, тағы да сол мекемедегі өзге тілектестерді міндетті түрде мейрамханаға алып баратын. Мен де солай еттім. Жүсіп Қыдыров ағам «Жалын» баспасы поэзия бөлімінің меңгерушісі Еслам Зікібаев арқылы өткендегі ісіне кешірім сұрап, сәлем айтқан екен, оны да арамызға қосып алдық. Бұрынғы өкпенің ізі де қалмағандай. Бұл да Жұмекен ағаның ісі, үгіті екенін бірден ішім сезді. Жүсіп аға арамызда ештеңе болмағандай арсаңдап келіп, бетімнен сүйіп, кешірім өтінді. Содан бұрынғы қалпымызға түсіп, марқұммен қашан басы жерге тигенше сыйласып жүрдік.
Міне, «Жақсыдан – шарапат» деген осы болар.
Димекең Жұмекенге байланысты әңгімеме ерекше ден қойып тыңдады. Әсіресе Әрібектің сырт киімдерімізді тексеретін және Жұмекен екеуміздің қаламақы алатынымызды қызғанатын жеріне келгенде көзінен жас аққанша күлді…
Бір кезде анам мені ымдап көрші бөлмеге шақыр-ды да:
– Елқанаттың тұсауын Димекеңе кестіріп алмаймыз ба? – деді.
– Өткенде моңғолдың тұңғыш ғарышкері Гуррагча мен атақты орыс ақыны Андрей Вознесенскийге кестіріп едік қой. Ұмытып қалғансыз ба? Олардың әрқайсысы бір-бір елдің бетке тұтар тұлғалары емес пе?
– Егер Елқанатқа ұлттық мүдде жұғысты болсын десек, оның тұсауын Димекеңе де кестіргеннен ұтпасақ ұтылмаймыз ғой. Мүмкін, бәрінің ниет-тілек қоспасынан перзентіміз дара тұлға болып өсер. Қарсы болмай-ақ қойшы. Гүлжан екеуміз бәрін әзірлеп қойдық, – деді анам қиылып.
– Жарайды.
Сөйтіп, Димекеңе Елқанаттың тұсауын қайта кестірдік.
Сол немеремнің бойы қазір екі метрге таяп қалды. Өз ана тілінде оқып тәлім алды. Бой жағынан Димекеңді қуып жетті. Болашақта ой жағынан да кенже қалмас деген үмітім бар.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жолаушы

Жолаушы

Қыркүйек 30, 2015 0 260

ОРДА

ОРДА

Қыркүйек 30, 2015 0 291

САБАҚТАСТЫҚ САРЫНЫ

САБАҚТАСТЫҚ САРЫНЫ

Қыркүйек 30, 2015 0 318